О. Бөкейдің «Қар қызындағы» кей тұжырымдар «Сайтан көпір» повесінде аңғарылмай қоймайды. Туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі — Аспанның мына монологына назар аударайық:
«Адамнан өткен қаскөй не бар екен мына жалғанда: ендеше, табиғатқа біздерден өгей ешкім де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға үстемдігімізді жүргіземіз. Əттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл əлемдегі жан-жануарлар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой. Мен сонда сол аң-құсқа қосылып, қарсы аттанар едім». Кейіпкердің осы толғанысы көркем туындының жүлгесіндегі философиялық ойдың тірегі ретінде алынады.
«Сайтан көпірде» адам рухының мəңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Адам зауал шақ — өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да
«Сайтан көпірден» өту шаруашылық мақсаттардан гөрі, ішкі рухын сынау үшін керек. «Əркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек». Сайтан көпірден өту дегеніміз — өлімге тым-тым жақын келу немесе өмірмен қоштасу. Бұл тұста А. Камюдің айтқанымен келісеміз. Атақты жазушы: «Дело в том, что у нас нет опыта смерти. Испытанным, в полном смысле слова, является лишь то, что пережито, осознанно. У нас есть опыт смерти других, но это всего лишь суррогат, он поверхностен и не слиш- ком нас убеждает», — деп жазғаны бар-тын [3; 231].
Аспан да «өліп-тірілуді» басынан кешіргеннен кейін өзгеріп сала бергендей, айнала дүниеге, адамдарға деген, өзіне деген көзқарасының көкжиегі кеңігендей. «Бəрібір, Алатай мен ауылды жалғайтын жалғыз дəнекерші – «Сайтан көпірдің» амандығын тілейді. Енді сол қасіретке толы жалғыз көпірден ол айырылды. Əне, быт-шыт болып, қармен қоймалжыңдаған Қаба өзенінің əр тұсында ағып барады. Тек қана сорайып-сорайып ағаш бағандары ғана қалған. Енді кісі өлімі бол- майды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол – «Сайтан көпір» емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алатай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойы- нан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады». Оның ойынша, адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке, биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді.
Кеңістік пен уақыт, құбылыстар мен қозғалыстар сырын адамның субъективті болмысына сүйене отырып қарастыратын экзистенциалистік дүние қабылдау заңдылықтары О. Бөкейдің көркемдік-философиялық танымына əсер еткенін Аспан, Аман бейнелері дəлелдей түседі. Сонымен қатар, шығармадағы философиялық тұжырымдардың жасалуында, осы негізгі шарттарды айқындауда абстракциялы символ-бейнелердің де орны айрықша. Повестегі АНАУ, АЙҚАЙ, ЖАҢҒЫРЫҚ көркем образдық дəрежеге жеткен. Шығармадағы негізгі тартыс кейіпкерлердің жан əлемінде десек, осы тартыстардың катализаторы — символ бейнелер.
Символдың бірталай артықшылықтары да жоқ емес. Символды қолдана отырып, олар туралы тəптіштеп көрсету де керегі аз. Мəселен, Оралханның қолданған АНАУЫ ешқандай түсіндірмені тілемейді. Өйткені халық жадында АНАУларға қандай мінездер тəн екені айдан анық. Жазушы осы бейнелерді тəсілдік қолданысқа алып, өзінің орталық кейіпкерлерін ашу үшін, философиялық ойдың бет-бағдарын көрсету үшін пайдаланады.
О.Бөкей үлкен философиялық проблема – жатсынуды да айналып өтпегенін аңғарамыз. Мұндай ой бізге оның тырнақалды туындыларына үңілгенде келеді. Соның бірі — қаламгердің үздік шығармаларынан саналатын «Қамшыгер» əңгімесі. Əңгіме экспозициясы М.Əуезовтің «Қорғансыздың күніне» ұқсас. Арқалық тауының сұсты табиғаты мен Ғазизаның тұрағы бейнеленуі сұрқай тіршіліктің, суық əлемнің суретін берсе, Садақбайдың мекені де елеусіз қалғандай, жалғыздық пен жетімдіктің күйін шертеді. «Түйе тастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген-ді. Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ: тек ұзын сонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің маңынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсіз. Өне бойы өгейсіп, мынау жер-жаһанда аласталып, алыста қалғандай: үн-түнсіз ағараңдайтын шалғайдан».
Шығарманың сюжеті өрбуге тиісті кеңістікте көңілге суықтық ұялататын экспрессивтік суретпен беру бұл тұста автордың көркемдік мақсатымен орайлас алынады, характер ашудағы маңызды компонент ретінде қолданылады. Түйетас пен оның ығын тасалаған жалғыз үй, аңырап соққан аңызақтың бəрі Садақбайдың мазасыз, шексіз жалғызсыраған тірлігінің белгісіндей.
«Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім қайдасың деді ме, тіршілікті мынау қолындағы қамшысының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын, əрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме? Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты, аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр». Бұл — Садақбайдың кешкен өмірінің ешкіммен жұғыса алмай жападан-жалғыз жортқан күйі өте барғанын ойлап күйзелгені-тұғын. Ол — өзінің адамдар ортасынан жатсынып кетуінің сырын ұға алмай дал болып, қамшыдан басқа сүйенері табылмай, тұңғиықтан келіп тұңғиыққа аттанған пенде. Əңгіме Садақбайдың қарысып қалған қолындағы қамшымен бірге жерленуі арқылы шешім табуы кейіпкер бойындағы шетін күйзелісті берудегі көркемдік амал.
Жатсыну мəселесінде жазушының позициясын толықтай əйгілеген алғашқы шығармаларының бірі — «Мұзтау» повесі. О.Бөкей мұнда өзінің айнымас тақырыбы — кеңістік пен жалғыздық мəселесін негізгі нысана етіп алады да, көркемдік құралдарды осы екі ұғымның аясында топтастырады.
Кеңістік пен индивид арасындағы қарым-қатынасқа үңілу барысында жазушының негізгі идеялық тұғыры — антропологиялық көзқарас, яғни адамның əуелгі табиғи болмысы, алғашқы негізі жайлы тұжырымы бой көтереді. Ақтан — адамдардың қауымдық тірлігінен, бірлескен өмір салтынан саналы түрде жатсынған кейіпкер. Оның пайымдауынша, нағыз ақиқат пен шексіз тазалық табиғатта ғана қалған «кей сəттерде Ақтан əлі табиғаттан толық бөлініп шықпаған əрекет иесі ретінде əсер қалдыратыны» сондықтан.
Жеке адамды жеке құндылық деп қарайтын жазушы адам, қандай да болмасын қоғамдық ортада өзінің осы субъективті қасиетін жоғалтады деген экзистенциалистік бағыт ұстайды. Яғни, адам қоғамдық ортада шексіз еркіндігінен айрылып, ассимиляцияланып кетуі мүмкін. Ақтанның ауылдан іргесін аулақ салуының мəнісі — қоғамдық ортаның əу бастан рухани теңсіздікте болатыны. «Кісі аяғы басып, қолы тимеген дүниенің бəрі киелі» деп санайтын Ақтанды ойға қалдыратыны, есеңгірететіні адамдардың мына өмірді өткінші деп қабылдамайтындығы, яғни абсурдтығын сезіне алмайтындығы. Ақтан өз тағдырын қоршаудан қашып шыққан бұғымен ұқсастыратын эпизод та автор идеясының детальмен меңзелгені. Ақтанның осы бір мінезінің төркінінде не жатыр? Қаламгер бұл сауалға жауапты Ақтанға мүлде қарама-қарсы алынған образ — Қанның аузына салады: «Білем, саған өлім де қорқынышты емес; байлық, мансап, атақ-даңқ та қызықтырмайды. Өткеніңе өкінбейсің, ертеңіңнен үміттенбейсің. Адам боп қуанған да, пенде боп жылаған да емессің-ау деймін. Иə, сен қола дəуірінің бүткіл психологиясын жиғансың. Сондықтан да əлемдегі еш нəрсе таңдандырмай, еліктірмей, бойындағы барлық адамдық қасиеттің қаймағы шетінемей, бүлінбеген таза жəне табиғаттың өзіндей өміршең. Бірақ ондай тым сезімтал, ақжүрек адамның қазіргі ғасырға керегі жоқ».
Автор образдың психологиялық құбылысын, ішкі тайталастарын беруде өзінше тəсіл таңдайды. Ол — осы тұлғаның жан əлемінде Ақтан мен Аңшы болып айтысады. О. Бөкей кейіпкеріндегі ішкі
«Меннің» дағдарысы оның «өзін-өзі» таңдау процесінің аяқталып, тоқтамға келмегенін айғақтайды. Ақтанның бойындағы Ақтан — тұлғаның детерменделген қыры да, Аңшы — тұлғаның жатсынған қыры. «Ішкі» Ақтан: «Сенің қателігің сол — халық ғасырлар бойы ойлап тапқан өмір сүру тəсілінен шығындап шығып, өз бетіңше лағып кеткің келеді. Бойыңда барлық күш-қуат бола тұра, өзің де байыбына бара алмаған жалғыз пəлсапаның шылауында тентіреп жүрсің. Баяғыда-ақ орталыққа көшіп барып, адамдарға бұдан əлдеқайда пайдалы іспен шұғылдансаң.
Аңшы: Пайдалы іс деген не? Түсіндірші маған. Меніңше, дүниедегі ең пайдалы іс сол — дүниеге жалғыз-ақ рет келіп жан тапсыратын адамдарға қиянат жасамау. Егер орталыққа көшіп барсаң, сөз жоқ, өзімізге дұшпан табар едік».
Еріктің («Атау-кере») бойында Ақтандікінен («Мұзтау») бөлек Қоңқайлық («Қар қызы») жатсыну бар. Еріктің томырық мінезі, аса қатыгездігі мен будан аралар жағдайын салыстыра отырып, суреткер метафоралық параллельге барады. Жазушының қозғайтыны тағы да адамның табиғи тазалығы. Еріктің жанашырлықтан ада, селт етпес қаталдығына іштей мүжілетін Нүрке кемпір баласының африкалық аралармен əуестенуінен қатты тіксінеді. Демек, Нүрке кемпір Еріктің болмысындағы мейірімнің неден өшкенін сезеді. Өйткені будан арадан өсіп-өнген ұрпақ пен Еріктің əрекетінде дүбəра тіршілік түйсіктері бар. Ерік — адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі болатынын мүлде жоққа шығаратын жан. Адами сезімдер оған жат, тіпті өзін Айнаға үйленуін өміріндегі шалыс басқан қадамы деп шешіп қойған. Жазушының Ерікке берген мінездемелерінің астарында Ара-символдың орны ұлғая түседі.
«Атау-кере» повесінің композициялық түзілісіндегі Таған мен адам көзінен таса тіршілік еткен Шал желісінің жазушы философиялық ойындағы өзекті айқындау үшін мəн-маңызы үлкен. Шалдың өгей тұрмысы бүгінгі заман тірлігімен мүлде қабыспайтын үңгірдегі мекені, тіпті тұрмыс заттарының саналы адамзаттың алғашқы қауымында дүниеге келгендей əсер қалдыратыны жазушының түпкі байламынан сыр тартады. Бұрынғы дəуірдің жəдігеріндей көрінетін Шалдың мекені — үңгірге орналасқан үй, ондағы Қазақстанның екі қиырынан арнайы əкеліп бауырына басқан екі жетім — Қозы мен Баянның жайын О. Бөкей ерекше мəн бере суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |