Сакен Жунисов. Акан сери. Екинши китап



Pdf көрінісі
бет1/4
Дата21.12.2023
өлшемі2.18 Mb.
#487334
  1   2   3   4
Ақан сері. II



БІРІНШІ БӨЛІМ
БАРЫМТА ЛАҢЫ. АЙЫП-АЙБАНА
"Су шықпас қазғанменен тay басынан,
Қазақтың дay кетпейді сау басынан..."
Ақан сері
1
Жан ұшырып көкке қарғыған асау торы тізгіні босасымен
шылбыры шұбатылып, қым-қуыт аласапыраннан сытылып шыға берді.
Оң жақ санын соққан зілдей денеден үркіп, айдалаға тұра шапты. Бір-
екі рет мөңкіп қалып, шабына тиген тұлыптай құбыжықты сарт-сұрт
тепкілеп, құйындай ұшты. Сүйретілген дене қалар емес, бұлғаң-бұлғаң
етіп ербеңдеп келеді. Жамбасына тиген сойыл орны да тыз-тыз етеді.
Мұндай сұмдықты торбестінің тумысында бірінші көруі.
Желді түн еді. Күндіз көліктерін жиі шалдырып, ағашты, сайлы
жерлермен тасалана жортқан салт аттылар екі-үш күндей бұлаң
құйрықпен отырып, бұрын көрмеген айдын көлдің ық жағына
түнделете жеткен.
Тор ат екі күннен бері пайда болған үстіндегі адамды танымайды,
түстеп те көрген жоқ. Төртбақтау келген қапсағай жігіт үзеңгіге аяқ
артқан сайын көзінің қиығымен осқырына қарап, шыр көбелек
айналып, беліне сылқ етіп ауыр дене қонар-қонбаста жұла тартатын.
Үйретілгелі жылқышылар бір-екі мінгені болмаса, жаздай табында құр
жүрген оқтаудай шайпау торы алақашпа асаулығына басып, оқтай
атылар еді. Бірақ үстіндегі адамның қарулы қолы тізгінді іле жинап
алып сірестіре тартқанда, еріксіз көндігіп, бүлкекке түседі. Біраз жер
жүрген соң арыны басылып, бет-аузын түк басқан ызбарлы қара шал


мінген есік пен төрдей ұзын шабдармен қатарласа жортады. Оң
жағында жеңіл сойылдарын сүйреткен екі жігіт күнұзын қалмайды.
Бастарын қоңыр шытпен шарт байлап алған алпамсадай ірі, иықты
жігіттердің атта отырыстары да келісті. Қос айылмен тартып,
құйысқандаған ер үстіне жабыстырып құйып тастағандай. Жолушылар
əдеттегі жылқышылардай əн салып, ысқырып, не дабырлап
сөйлеспейді де. Ат белінен түскенде ғана тасалау жерге ықтағандай аз
тыныстап, күбірлескендері болмаса, ұзақ күнге үнсіз жортады.
Бұлар үшінші түні бейуақта айдын көлге тұмсық тіреген кең
жылғада, қалың көделі қабақта шашыла жусаған мыңғырған
жылқының үстінен шыққан. Неге екені белгісіз, астындағы
шабдарының төрт тұяғын да тағалайтын аттай тізесіне қойып, киіз бе,
шүберек пе əйтеуір жем дорбадай бірдемемен шашасына дейін орап,
қылғындыра шандып түннің бір уағында жалғыз кеткен қара шал
жылқыларды алыстан торауылдаған жігіттерге бір бие сауымдай
мезгілден соң қайта оралып, олармен ұзақ кеңесті. Содан соң аяңмен
ғана сыбдырсыз келіп, əр тұстан бөліне түскен жолаушылар үйір-үйір
бейғам жылқыны алдарына салып айдай бастады. Алғашқыда,
тосыннан кезіккен бөтен мал баласына торбесті анадайдан кісінегісі де
келіп еді. Бағана кешкі мезгілде тұмсығына кигізген тұмылдырық
жағын аштырмады. Танауы желбіреп, оқырынып, пысқыра бастағанда,
үстіндегі адам тізгінді оқыс жұлқып-жұлқып қалып, ауыздықпен екі
езуінің жанын шығарды.
Алдарына салып сыбдырсыз айдаған көп жылқы алғашқыда жүре
оттап, жайбарақат жылжи берген... Əлден уақытта шетке қағылып
саяқсыған бірлі-екілі бедеу биелер бастарын көтеріп, "осы бізді
мезгілсіз уақытта қай құдай мазалады, қайда жосып барамыз" дегендей
елеңдеп, құлақтарын қайшылап, артта қалған басқа қостың
жылқыларына алыстан қарап, тың-тыңдағандай үнсіз мелшиіп тұрып
қалды. Біраз жер жүрген соң, салтаттылар жылқының əр тұсынан
бөлініп, жеппелете айдап, қыса түсіп еді, үйір-үйір жылқы əр жерде
шошына ошарылып, бір-біріне белгі бергендей оқырына бастады.
Басын қайта-қайта көтеріп, əлде неден сезіктенгендей əлсін-əлсін жер
тарпып, ойқастай берген жал-құйрығы төгілген биік ала айғыр бір
кезде қарсы тұра қалып кісінеп жіберді. Мезгілсіз уақытта тосын


шыққан қуатты үннен түнгі дала дүр сілкінгендей, бүкіл сай-сала,
жыра, жылғалар жаңғырықты. Тағы да қалың көдені тамырына дейін
қопара тарпып-тарпып қалған айғыр ішін тартып, ышқына арқырады
да, құлағын қайшылап, қаздиып, ұзақ күтті. Тек алыста қалған
жылқылардың талып жеткен кісінесін естігесін барып танауына дейін
түскен қалың кекілін желпіп тастап, көстеңдеп, үйірін қабырғалай
соғып кейін бұруға қарекет етті. Соңынан тықсыра айдаған сойылды
адамдардан қаймыққан үйірі қайыру бермеп еді, құйрықтай мойнын
ата қаздай соза ұмтылып, екі-үш биенің сауырынан, шоқтығынан сақ-
сақ етіп қыршып өтті. Желмаядай жайқандай желіп, жалқұйрығы
желк-желк еткен ашулы айғыр əп-сəтте үйірлі жылқыны қым-қуыт
бытыратып, шашып жіберді. Жасамалы көсем айғырға қосыла
кісінеген басқа үйірдің айғырлары да бұл кезде жер тарпып тықырши
бастаған еді.
Тастай қараңғыда жалғыз тарыны көретін жылқы баласы көздері
шатынап, тосынан пайда болған мына жат адамдардың қимылынан
секем алып, бір сұмдықтың болғанын енді сезген сияқты. Бір-біріне
үрке қарап, əр тұстан кісінейді. Торбесті бəрін көріп келеді. Салт
аттылар да енді бытырай жөңкілген жылқыларға сойыл сілтеп, иіріп,
қуып берді. Бірақ, əшейінде қайыруға көнбеген əккі қашағандарды
"аһай!" деп, айбармен жөнге түсіретін жылқышылардай емес, мына
жортушыларда сес бар да, үн жоқ.
Қара шал салып ұрып ала айғырдың қасына жақындамай,
алдаусыратып, алыстан орағытып, жанамалай беріп еді, ерғашты
айғыр маңына жуытпады. Енді бір кезде, түнгі бейтаныстың пиғылына
əбден көзі жеткендей, жылқылардың ара-арасымен жылысып, мезетін
күткен айғыр оқыс үркіп, бір мөңкіп кейін қарай тұра шапты. Бар
жылқы дүрлігіп, дүрсілдете шапқан көсем айғырдың соңынан бұрыла
бергенше болған жоқ, аршынды шабдарын ұшыртқан жерден
нажағайдай зу етіп, құрық мойынға оқ жыландай тəп етті. Қара шал
білегіне орап алған шалманы сірестіре саумалай тартқанда қапыда
қолға түскен ашулы айғыр құрғаққа шығып қалған жайындай мойнын
бұрап-бұрап тулады. Көкке қарғыған ала айғыр ызалы үнмен ышқына
кісінеп, құлшына шыңғырды.


Бұдан арғысы торбестіге өң мен түстей. Соңдарынан түнгі даланы
бөріктіре "аттандаған" адам даусы шығып, бұлар үріккен малды
қаумалай қуып қалың тоғайға ене бергенде, жер солқылдата шапқан
қуғыншылар да жеткен. Қарасы төрт-бес адам. Көлденеңдей ұстаған
жеңіл сойыл, құрықтарын ғана көзі шалып қалды. Опыр-топыр, ойран-
асыр болды да кетті. Сатыр-сұтыр сойыл, құрық үні. Аттан өкіре
құлаған адам даусы. Бұл да қуғыншыларға қарсы ұмтылған. Əлде
шоқпар, əлде сойыл жамбасына сақ етіп тиіп еді, жан ұшырып, шыр
көбелек айналып, қайта бұрылғанша болған жоқ, үстіндегі иесі бір
жамбастай ауып, аударыла берді.
Тізгіні бос қалған торбесті өз бетімен шапқылап кете барды. Оң
жағынан басқан зілдей тұлыпқа да бұрылып қарауға мұршасы келмеді.
Зəресі ұшып үріккен бойы, айдалаға лағып, тасырлата шапты.
Алғашқыда басы айналып, ел бағытын да аңғармай қайда келе
жатқанын білмеді. Əйтеуір соңынан көп құбыжық қуғандай
жанұшырып, бар шабысқа салды. Əлгі аласапыраннан қанша жер
ұзағанын да жылқы баласы мөлшерлеген жоқ. Қияқ жалы су-су етіп, өз
дүбірінен өзі шошып құйғытып келеді. Гулеген желден басқа бөтен
сыбыс жоғын сезіп, кейде сары желіспен жортақтаса да, жаңағы
арттағы сұмдық қайта есіне түсіп қолына көлденеңдей сойыл, құрық
ұстаған қорқынышты жат адамдар соңынан қалмай өкшелеп қуғандай
елеңдеп, тағы да үркеді. Бауырыңдағы салбаңдаған құбыжық та қалар
емес.
Əлден уақытта қарақұрым тартқан он шақты киіз үйлі ауылды ес
көріп бұрыла тартып еді, қарсы алдынан ере шыққан маң төбеттер
қатарласа тақымдап, ұзақ қуды. Ұйқыдағы ауылдан шыққан тірі жан
көрінбейді.
Əбден қара терге малынып, титықтаған торы таң ата бүлкекке
түсіп, айдаладағы бір елсіз томарға тірілген. Көзін тер басып,
шатқаяқтаған асау сенделіп, қатты болдырыпты. Мал баспаған
көкорайлы томар суына құныға бас қоя бере оң жағына көз тастаған
бейғам торы үркіп шоқ басқандай екінші жаққа шоршып түсті.
Үзеңгіде аяғы қалған адамның жансыз денесі бауырына қарай бұлғаң
етті.


Түске қарай жүре оттап бара жатқан ат бауырында салбаңдаған
өлікті сонадайдан көрген өгізді қойшы қуа түсіп қала берді. Қатарласа
жанамалап өгізінен түскен адамды маңына жуытпай, тор ат болымсыз
бүлкекпен алға озған. Астындағы шабан көлігін де, алдындағы жүз
қаралы қойын да айдалаға тастаған қойшы өз көзімен көрген жан
түршігерлік қайғылы халді еліне жеткізгенше, бір аттап, бір тоқтап
қыбырлаған торы ат қалың ағаштың тасасына түсіп, ұзап та кетті.
Бұл сұмдықты лезде естіген ауыл-ауылдың бас көтерер азаматтары
аттарына қонып, өлік сүйреткен торының бағытымен жан-жақты шола
шауып, топтала түсті.
Күздің қара суық желді күнінде қалың тоғайдың қуыс-қуысын
тінте сүзіп:
— Кім болды екен?
— Сорлап қалды-ау үй-іші!
— Қай елдің азаматы?— десіп бір-бірінен сұрасып, ақыры
Жаңбыршы ауылының қотанында жиналған топ адамның үстінен
шыққан. Қарасы он шақты үйлі шағын ауылдың жұпыны жер
кепелеріне жүгіре-жүгіре ұмтылған қатын-қалаш, бала-шаға топырлап
бір араға шоғырлана қалыпты. Жаңбыршы ақсақалдың үйінің алды
үйме-жүйме.
Ауыл шетіне дейін екпіндете жеткен аттылар, қаралы үйге
жақындай бере тізгіндерін тежеп, жиырма-отыз сажын жерден
аттарынан түсіп, жаяулап келді.
Бұл кезде өлікті үзеңгіден босатып алған. Астына бір қолтықтай
өлең шөп төсеп, зерендей домалақ таспен кеудесін бастырып, сұлатып
қойыпты. Беті жабулы.
— Бұл кім?
— Кім? — десіп, қалай көңіл айтудың да қыбын таба алмай,
мойындарын соза жеткен аттылар қол қамшыларын тастап, бір


тізерлеп отыра-отыра кетісті. Мəйіт басында қу жақ, ақ шал
Жаңбыршы жүгініп, құран оқып отыр. Қайғылы өліммен қазасы
жеткен белгісіз жанға "Иманды болсын!" деп соңғы батасын қайырып,
бетін сипады. Сонда барып, арыстай боп жатқан қойын-қоншы
баттасқан қан, киімі өрім-өрім мəйітке анадайдан үрейлене қарап
тұрған əйелдер жағы жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп сыңси
бастады. Көкірекке сыймай лықсып тұрған аяныш шері біреуінен
ықылық атып шығуы мұң екен, қайсыбір кемпірлер үн салып, дауыс
қылып, күзгі дала əп-сəтте боздаған үнмен күңіреніп кетті. Жалаң аяқ,
жалаң бас балалар да көздері шарасынан шыға шошынып,
шешелерінің жел үрлеген жаулығына, етектеріне жармасып,
бауырларына тығыла түскен. Жаңбыршы ақ сақалы желбіреп басын
көтеріп алды да, салқын ғана:
— Барыңдар. Үйлеріңе барыңдар, тараңдар, — деп, қысқа
қайырып, бала-шаға тараған соң, мəйіттің бетін ашты.
— Танисыңдар ма? Қараңдаршы, мүмкін киімінен айырарсыңдар,
— деп іші қалтырап, дірілдеген Жаңбыршы басы төмен салбырап,
жүгінген қалпы үнсіз отырып қалды.
Басының мылжа-мылжасы шыққан мəйіттің ұсқынсыз жүзі жан
түршігерлік. Тұла бойы тұлыптай ісіп кеткен бейтаныс жанды ешкім
танымай бір-біріне қарасқанда Жаңбыршы өлік бетін қайта жапты.
Енді бəрі үнсіз келіп, үйден алысырақ орнатқан жуан мама ағашқа
байлаулы торы аттың алды-артына шығып, ұзақ қарасты. Қара терге
малынған торының үсті-басы ақ айран. Қос тілерсегіне дейін саулаған
ащы тердің соры ақ жолақтанып, жел өтінде кеуіп қалыпты. Тегі жаз
бойы мінілмеген құр ат болса керек, жаясы төңкерулі қазандай, ұзақ,
үрдіс шабыстан титықтап, əрі барынша қатты шошынып үріккен
малдың қолтығына ғана анда-санда жыбырлап, дірілдегені болмаса,
құлағы салбырап, салмағын төрт аяғына бірдей салып мүлгіп тұр.
Аттанар жақ қара санына басқан көмескі көз таңбаға тесіле қарап, бұл
— жалпы арғындардың таңбасы екенін ажыратқанмен əркім өзінше əр
жорамал айтып, қай елдің меншікті малы екенін тап басып танитын
ешкім шықпады. Айыл-тұрманы берік, жеңіл қозықұйрық ерден бір
белгі тауып айыру қиын.


— Бұл маңның жылқысына ұқсамайды.
— Тегі алыс жақтан жүрген жолаушы болса керек.
— Əлде көкпар тартысып жүріп жығылды ма екен бейбақ?!
— Қой, онда басқа көкпаршылар соншама көз жазып қалмаса керек
еді ғой.
— Қасқыр қуып келе жатып жазым болды ма?
— Мына қара қатқақта кім қасқыр қуушы еді, ессіз біреу болмаса...
— Е, кім біледі, жолда кездесіп қалса...
— Не де болса бұл тегін адам емес. Мұнда бір гəп бар: аттан
құлайтын кісінің сиқы көрінбейді, — дескеннен басқа, дөп басып
сəуегейлік айта қоюға ешкімнің батылы бармайтын секілді. Өлім жолы
ауыр. Жорамал айтып жобалап, нобайлап тон пішу бұл арада
ыңғайсыз.
Бұл ауыл — керей, қарауылмен шет пұшпақтай қоңсылас араласып
жатқан қанжығалылар. Жаңбыршы — осы төңіректе қоныс тепкен
қанжығалылар ішіндегі қадірлі ақсақал. Алдында шағын ғана малы
бар қарабайыр орта шаруа. Қақ-соқта жұмысы жоқ, ел ішінің ағайын
арасының татулығын тəубе етіп, үйлі-баранды болып енші алған
ұлдарының тілегін тілеп, құдай берген ризықты бойына құт санап
отырған, мұсылмандық жолына берік жан. Ауылына келген құдайы
қонақты қол қусырып қарсы алар қазақшылық жолдан таймайтын
пірадар тап осы жолы сең соққандай ұзақ ойда отырды да, аузынан
шығар аталы сөзді күткен ел адамдарына қарап үн қатты:
— Ал, жарандар, енді не отырыс бар. Ауылымыздың тұсына келіп
қазасы жеткен мəйітті телміртіп қойғанымыз жарамас. Бұл да
Мұхамбеттің үммəті, құдайдың құлы, сүйегін жуып, жаназасын
шығарайық. Осы маңнан молла шақырыңдар. Менің бір ғана қиналып
отырғаным — апаш-құпаш көме салғанымыздың реті қалай болар


екен? Топырағы өз жерінен бұйырғаны дұрыс емес пе. Не айтасыңдар,
қосар ақылдарың бар ма? — деп төңірегіндегілерге қарады.
— Елін тауып, сонда жерленгені дұрыс шығар.
— Дұрысы сол. Елін табу керек.
— Иə, иə, жылқы баласы — жершіл. Мына атын бос қоя берсек,
өзі-ақ алып барар, — десті, бағанадан осы ойды іштей толғатқан жұрт.
— Менің ойым да сол. Бірақ... — деді Жаңбыршы сəл ойланып, —
Тағы да бір тығырық, анау аттың түрін өздерің көрдіңдер. Мүттем
зорығып, сенделіп тұр. Оның үстіне қатты шошынып, мəңгіріп қалған
түрі бар. Есі шығып үріккен мал қай жаққа лағып адасып кеткенін де
білмеуі мүмкін. Бір-екі күн тынықтырып ес жиғызып, содан соң
алдарыңа сап қуа айдасаңдар өз табынына — үйреншікті мекеніне
алып баруы ықтимал. Оған дейін мəйіт шыдай ма? Қазірдің өзінде
кеудесі көтеріліп кеткен: Сүйретпеге салып жүруіміз құдай алдында
күнə, өлікке обал. Бұл маңда мұзы бар шыңырау құдық та жоқ,
амалдай тұратын.
Жұрт ойланып қалды. Қазалы жайды естіп тұс-тұстан келіп жатқан
адам қарасы көбейіп, отырғандардың отауы қалыңдай түсті. Көптің
аты көп. Ұзақ ойланып, талай амалды жөнсіз долбарлағандардың
ішінен бір жас жігіт тосын ақыл айтты:
— Жəке, осы былтыр қайтқан Ожан серіні ту-ту Қожа жасауы дей
ме, соның зиратына апарып жерлепті ғой. Марқұмның сүйегін қалай
иістендірмей, бүлдірмей жеткізді екен?
— Əлгі сері Ожан ба?
— Сол, сол! Өзі де, марқұм, қасиетті адам екен-ау. Көзінің тірісінде
жоқ-жітікке малын таратып беріпті дейді. Сонда көп малды таратып
бергенше, ылғи күн батып, қас қарайып кете берсе керек. Сонда, жұрт:
"Ожанның малы таратуға жеткенде, құдайдың күні қарай тұруға
жетпеді" дейтін көрінеді! Сонау əулиелердің қасына апарса
апарғандай-ақ серің ғой!


— Ойпырым-ай, мен де естіп ем, өзі кемі айшылық жер шығар-ау!
— Оу, қожа жасауы дегенің қай жасау, қай қожа?
— Қай қожа екенін қайдан білейін, көп қожаның бірі шығар.
— Ə-əй, мұның айтып тұрғаны Түркістандағы Хожа-Жассауғи
зираты да!
— Е, солай демейсің бе?
Оны Əулие Əзірет Сұлтан Зираты дейтіндері қайда?
— Е, онда Абылай мен Қаз дауысты Қазыбектің де сүйектері
жатыр, — десіп, əркім шала-шарпы естіген, білгендерін сөз қыла
бастап еді:
— Иə, сөзіңнің жаны бар, — деп, Жаңбыршы кеукеулеп кеткен
жұртты басты. — Ол Ожанды жылқының терісімен қаптап апарды
деседі, өзім естігенім болмаса, көрмеген ісім.
— Апыр-ай, қаптағанда қалай, тұлып қып тігетін шығар-ау!
— Иə, сүйтетін көрінеді. Ол үшін жаңа сойған жылқы терісі керек.
Соған орап, ауа кірмейтіндей етіп таспамен бітеу тігіп, сыртын қара
маймен майлап тастайтын көрінеді.
— Онда жылқының есебін қалай табамыз, соғым кезі де емес.
— Жылқыны бірдеме етерміз-ау ортамыздан шығарсақ та, - деп
Жаңбыршы соңғы кесімін айтты. — Не де болса бүгінгі түн
асықпайық. Муфтахты алдырайық, көпті көрген қария, əрі
мұсылмандық рəсімді білетін адам.
2
Айғай-сүреңмен Ерейменнің бауырына аттан салып құйғытып
жеткен жылқышылар астағыларды дүрліктіріп жіберді. Үш жүз үйдің
астынан бөріге шыққан қалың жұрт күздің қара дауылында сабалай


соққан жауынға қарамастан етектері жалпылдап, паң Нұрмағанбеттің
үйіне қарай илеуіне қайтқан құмырсқадай əр тұстан жөңкіле жүгірісті.
Аттан домалай түскен жылқышыларды үлгергендері тез қаумалап,
қайсыбірі апшысын қуырып жұлқылап жатыр. Қотандана қалған
қалың жұрттың арасынан сыналап өте алмай, үрейлі хабар əкелген
жылқышылардың сөзін ести алмағандар сырттай айналып, бірінің
иығын бірі жұлып, тартқылап, ортаға кимелеп, бірінен-бірі сұрайды.
Құлақтарын тосып, алға ұмтылып:
— Не боп қалды?
— Мен қайдан білейін.
— Не айтып жатыр?
— Мен де өзіңдей, ести алмай тұрған жоқпын ба?
— Даурықпаңдар, естиік, — деп жұрт қотанды бастарына көтерді.
Басын ақ шытпен таңып алған бала жігіт қалың құрсаудан сытыла
шығып Нұрмағанбет үйіне беттегенде, өндіршектеген қалың жұрт та
солай қарай лап қойды.
Бұл кезде паңның ақ үйінде астарына атлас көрпелерді қабат-қабат
көпірте салған Ферофонтов, Измаиловтар анда-санда кəрлен шыны
аяқпен ішімдікті жұтып қойып, Ақмола шонжарларымен бірге
нөкердің қызығына кенеліп, рахат бір бейғам тіршілікте отырған. У-шу
даңғазамен жүз-жүз нөпір басып келіп қалғанда қарташылар бастарын
көтеріп алды. Жез мұрты дip-дip еткен Измаилов атып тұрып, киіз үй
бұрышындағы сүйек төсек үстінде жатқан қылышын қалай бас
салғанын байқамай қалды. Жауырынды, кеудесі алға шығыңқы сұлу
мүсінді Ферофонтов есік жаққа қасқая қарап, қасын кере түсіп,
сабырлы отыр. Тек ағытулы мундирінің түймелерін сала бастағанда
салалы саусақтары болымсыз дірілдегендей болды, Анна Ивановна
əлденеден үрейленгендей екі оязға алма-кезек жаутаңдай береді,
қолындағы қартын топтай ұстап, қасқалдақ кеудесіне қыса түскен.
Советник Күшенұлы Тұрлыбек пен Ақмола дуан басы Сандыбайұлы
Ерден ғана қадірлі қонақтары алдында тұрып кетуге ыңғайсызданып,


дегбірсіздене берді. Жаратысылында асықпайтын Паң Нұрмағанбет
алтын көзілдірігінің үстінен есік жаққа сүзе қарап, орнынан ырғалып
тұрғанша қалың жұрт та есікке тірелген. Есікті жұлқа ашып, үйге кіре
жүрелей құлаған жігіт:
— Барымта, барымта! Қара басып... — дей бергенде:
— Доғар, ұлығатсыз неме! — деп зекіген Нұрамағанбет есіктен иін
тіресе сығылысқан артындағыларды арқасымен жауып тұра қалған
шонжарларға да қолымен "шегініңдер" деген сұсты белгі берді.
Басын таңған кір орамалдың қалың қатқан тұсын сипалап, не
істерін білмей, өзіне төнген иесіне төменнен жаутаңдап, үрке қараған
түбіт мұрт, бүйрек бет балаң жігіт аузы ашылып, көзі жыпылық
қағады. Мұрты едірейген қызыл лампасты сотник қазақ-орыс
есіктегілерді қаға-маға ішке үрейлене кіріп, қалшия қалды. Ояздан
бұйрық күтіп, жамбасындағы қылыш қынабын қыса түседі.
— Ваша блогородие, мырзалар, Анна Ивановна, ғафу етіңіздер,
лұқсат болса, мына адамдардың мəн-жайын біліп қайтайын,- деп, Паң
Нұрмағанбет сызыла тұрып, оқалы шапанын жамылды.
— Что случилось? — деп Ферофонтов Күшенұлына бұрылғанда:
— А, старая болезнь! — деп қазақша "барымтаны" түсінетін
Измаилов қайта жайғасты.
— Зəре-құтыңыз қалмады, осынша сужүрек болармысыз.
Қимылыңыз қоянның көжегін елестетеді екен,- деп Ферофонтов қатты
қалжыңдағанда:
— Сіздің де саусақтарыңыз безгекпен ауырған адамның мүшкіл
халін елестетеді екен, — деп, ояздың қимылын аңдап қалған Анна
Ивановна жұбайын арашалады.
— Ол - нерв, Анна Ивановна, осындай артық шу естісем
Петроградтағы юнкерлік кезім есіме түседі. Бұл тобыр нервыны
тоздырады ғой, солай емес пе, Турлубек Кушенович!


— Əлбəттə, əлбəттə! Тобыр деген үріккен қой сияқты, бірі үріксе,
бəрі бірін-бірі басып, өлтіргенше тоқтамайды, — деп, Күшенұлы
сырттағылардың келісін жуып-шайған болды.
Паң Нұрмағанбет қатты жел кеулеген желбегей шапанын
қаусырынып, жауыннан қорғаламай басын тік ұстап, бар паңдық
қалпымен көрші киіз үйге кіргенше екі жағынан алма кезек шығып,
бөденеше жорғалаған жылқышыға лəм деп тіл қатпады. Астың басы-
қасында жүрген керейдің атақты бай, шонжарлары мен Батыраш кірді
ішке. Сыртта бата алмай іркілгендердің біразы көрші киіз үйлердің
ығына паналап, өзара гу-гу. Ұлы жүз, кіші жүз азашылар əдеп сақтап,
араларынан бірер жастарын жібергенмен, бұл жақтан еш хабар ала
алмай тықыршып, қонақ үйлеріне бір кіріп, бір шығып, алыстан құлақ
түреді.
Барымтаны ғана құлағы шалып қалғандар жылқышылар əкелген
хабарды долбармен неше саққа жүгіртіп, өзді-өзі əуре. "Бірі "Ақанмен
кеткен əншілер шығар, еш аламыз деп мал барымталаған", "онымен
қайда барады, ертең-ақ тауып алмай ма" десе, енді бірі "оның реті
келмес, Ақан ондай іске бармаса керек, тегі ел жағынан болған қимыл
бұл", "кім біледі, мүлдем басқа жақтан келген ұрылар шығар. Ac беріп
жатқан елдің бейғам тұсын аңдыған бөтен қаскөйлер болар", "Мүмкін
ауып келген сығандардың бірі болмасын" десіп, əркім өзінше
нобаймен соғады.
Бұл кезде киіз үй ішіндегілер де апанға əкеп тоқты домалатқан
қызылкөз бөрілерше жылқышы жігітті созбайлап жатқан.
— Жылқыны талап кетті, ағатай-ау, біздің жазығымыз жоқ, бар
кінəміз ұйықтап қалыппыз, — деп əлгі бүйрек бет ақтала бастап еді,
маңдайында ат тепкен айшық таңбасы бар екінші жылқышы бала:
— Ұйықтамағанда не істейтін едің, ал, қуып жеттік, сонда не
қайрат қылдық,— деп, оң иығын ұстап қабағын шытынып, жарасын
ауырсынған сыңай білдірді,— Бəрімізді допша атқан жақ па. Оң
иығым шығып кетіпті. Сүйегі де сынса керек.


— Сүйегің сынса осынша жерден салт келерсің жаман қатты. Ұры
көрмек түгіл қасқыр көрсең бұтыңа жіберетін неме... Одан да, кімдер
өзі, қайдан келген жауыздар, — деп Мəті шал бас салды. — Біздің мал
аман ба екен?! Ақкөлдің оң қабағында біраз жылқым бар еді.
— Сіздің жылқыны адам түгіл қасқыр да жемейді, несіне
уайымдайсыз, — деп Нұрмағанбет ұнатпай, тойтарып тастады.— Əй,
сен өзің былжырамай, екеуің жарыспай, біреуің ғана айтшы.
— Шынында əуелі біліп алайық. Басынан бастап айтшы.
Асыққанмен пайда жоқ. Əуелі, ағайындар, кім екенін жобасынан болса
да білейік. Сосын, көрерміз, қайда құтылар дейсің. Жердің тесігіне
кіріп кетсе де табамыз... — деп жұртты өзіне қарата сөйлеген Жанбота
мықтылық көрсетті.
— Жоба-моба!.. Əй, осы, керейлер, сендер-ақ өтірік аңғал бола
қалады екенсіңдер. Бұдан бес күн бұрын кеткен Ақандардың ісі екенін
түсінбей отырған шығарсыңдар. Одан да намыс, жігерлерің болса,
қуғын салмайсыңдар ма? Басқа не əңгіме керек. Мыжыған сөз неме
керек!
— Батыраш, сен де кішкене сабыр ет. Біліп алғанның, естігеннің
артығы жоқ. Ешкім айып салып жатқан жоқ қой. Несіне сен... Сенің
малың емес ұрланған, несіне қимаң қышиды? — деп Дəулен
Батырашты шымшып қалғанда, ор Батыраш гүр ете түсті.
— Өй, алжыған неме, менің малымда не шаруаң бар? Менің
малыма адамның да, құдайдың да тісі батпайды. Көрейін кəне
əуселесін, біреу шашау шығарсын. Жаман керейлер деп отырсың ба
басындырып қоятын? Кет əрі, күл болмасаңдар, бұл болыңдар, — деп
одыраңдап, айғайын сала түрегелді, — Əй, жігіттер, кетеміз,
қамданыңдар, жетті жатуымыз!
Əркімге бір жаутаңдап, айыпты жандай сасқалақтаған жас жігіт
аузынан сөзі түсіп, зорға сөйлеп отыр:
— Түн желкем болатын. Басқа балалар қоста ұйықтап жатқан...
Мен күзеттемін де. Мен де жусаған жылқы шетінде ұйықтап жатқам...


— Өй, қара бассын сені.
— Мыңқылдамай дұрыстап айтсаңшы.
— Содан бір мезетте оянып кеттім... Жоқ, оянған жоқпын. Түсімде
құлағыма шұрқырап кісінеген айғыр даусы келді. Ояна келсем,
шынында да алыстан кісінеген айғыр даусы екен...
— Айғыр даусын қайдан тани қойдың?
— Кейін білдім. Ала айғыр екен кісінеген. Содан көңілім біртүрлі
түйіткілденіп, жылқыларды араласам, көзіме азайып қалған сияқты
көрінді. Содан... содан ала айғырдың үйірін іздесем — жоқ. Үшті-
күйлі жоқ. Құла айғырдың да, жирен айғырдың да, тағы ана кіші ала
айғырдың да үйірлері...
— Өй, ант атқыр, өзің не оттап отырсың? Мен жоғалтып келгенің
көп болса жиырма-отыз жылқы шығар десем, не қоздатып отырсың?
— деп Паң Нұрмағанбет əр сөзін сағыз шайнағандай созып түнере
түсті.
— Мынауың шынында да туындатып келеді ғой. Өй, өзі қанша мал
жоқ, — деп, Жанбота сөзінің аяғын зорға күтіп, жылқышыға төнді.
— Айттым ғой. Қарасы бес жүзден асады.
— Бес жүзің не, одан да асады, - деді екінші бала.
— Мəссаған, керек болса!
— Оу, мынау нағыз жаудың ісі ғой, жаудың ісі.
— Аямай талаған неғылған жауыздар!
Отырғандар орталарына жай түскендей болды.
— Өй, сорлы, сендерді сонда не қара басты, неғып ұйықтап
жүрсіңдер қыруар малды тік көтеріп айдап кеткенше?


— Мүмкін жын көтеріп əкеткен шығар? Шын қара басқан екен
сендерді!
— Жоқ, бізді қара басқанда... қара басқанда... түгел... мүлдем
басқан жоқ. Біз соңынан бардық.
— Иə, иə, соныңды айтшы тезірек.
— Мен басқа қостағыларды оятып, бəріміз жылқыларды араладық.
Рас екен. Жылқының көбі жоқ. Содан жосылып жатқан ізді түн ішінде
зорға тауып, соның бағытымен шапқылап, қудық. Содан... Содан қай
жерде жеттік-ай? — Ол қасындағы серігіне бұрылды.
— Қай жерді білеміз... Əлгі, былтыр жидек теретін сайдың арғы
қыры емес пе.
Болыс Мұса шыдай алмай тарқ етіп күліп жіберді.
— Нұреке, жылқышыларың да өңкей сұрып қой тегі.
Нұрмағанбет көзілдірігін ызалана сүртіп отырған:
— Бəрі де жаудың малындай көріп, далаға тастап кеткен жоқ па?
Өңкей мəлпектерді қалдырып, өлікті тірілтіп алатыннан жаман бəрі
осында келіпті. Осыдан мал табылмасын... Иə, содан кейін...
— Сосын... сосын малдың қарасын көргенде, аузымнан қалай
шыққанын білмеймін "аттан, аттан!" деп, құрығымды көтере
ұмтылдым. Өзім... бір түрлі, даусымнан қорқып кеттім. Содан... ешкім
жоқ сияқты еді. Қайдан шыққанын қайдам... шамасы... қанша-ей...
— Қаптаған адам ғой, əйтеуір.
— Иə, жан-жағымыздан қара құртша қаптаған қол қамап алды.
Содан... сарт-сұрт соғысып кеттік.
— Əп, бəрекелді, мыналарың дəл Қобыландының қызылбастармен
соғысындай ғой, — деп, Мұса мысқылдап қойды.


Өзі де сөзінен жаңылып, береке-құты қашып отырған бүйрек бет
одан сайын ыңқылдап-сыңқылдап қалып еді, мал иелері кейіп:
— Түһ, Мұсеке, бала боп кеттің бе? Қалжыңның орны емес қой,
біреу малынан айырылып жатса...
— Е-е, белі ауырмағанның, балтыры сыздамас, — деп ренжіп еді.
— Енді, мал ұрланды деп қан жұтайық па. "Мал айдаса жаудікі,
ысқырса желдікі". Мына Алпамыс, Қобыландыларың сөйлемеске
қойып отыр ма? Жəрəйді, айта бер, содан көк сүңгіні қалай сүңгітіп,
алдаспанды қалай сермедің? — деп, Мұса бүйрекбетке қарады.
— Содан... көзім алды жарқ етіп, мен де аттан жалп еттім,
бүйрекбет серігіне бұрылды.
— Мен қайдан білейін, аттан есім ауып құлағам жоқ па.
— Содан... көзім алды жарқ етіп, мен де аттан жалп еттім.
— Өй, сабаздарың-ай сол! Бүйтпесеңдер Қабанбайдың тұқымы
болармысыңдар? - деп, Мұса тағы кеңкілдеп күлді.
— Əй, өздері қай жердің ұрылары екен, білдіңдер ме? — деп Төлке
балаларының бірі бүйірден қосылып еді, бүйрекбет мəз боп
ыржалақтап күлді:
— Қайдан білейік, біздің құлағымызға сыбырлады дейсіз бе, перді-
перді де кетті.
— Өй, с-санасыз, неменеге жетісіп ыржиясыңдар? Білдің бе
дегенде, бет-жүзін, нобайын көріп қалдыңдар ма, тым құрымаса кеп
ұрының бірін тани алмадыңдар ма?..
— Біз түнде көретін жапалақ дедіңіз бе, — деп, бағанағыдай емес,
еті үйрене бастаған бүйрекбет "тауып айттым-ау" дегендей өз сөзіне
мəз боп қылжалаққа басты. Бұдан əрі екі бала "бары осы — бітірген
шаруамыз" дегендей, бір-біріне қарап отырып қалды.


— Оу, иттің ғана балалары, бары сол ма, — деп анадайдан біреу
кіжініп еді, бүйрек бет сұрланып, енді ашуға басты:
— Сіз олай əкеге тиіспеңіз. Əкемде не жұмысыңыз бар? Тіліңізді
тарта сөйлеңіз өзіңіздікі болса! Əйтпесе!..
Мұса бұл жолы қарқылдап тұрып күлді:
— Бəсе, ұрыларға кеткен өшіңді осы ағаларыңнан ал, осыларды
жайратшы, бə-ə-ле-м-дерді бір...
Жанбота ақыра түрегелді:
— Өй, иттен жаратылған немелер! Бұл шіріктердің шамшылына не
берерсіңдер. Ал, мені қиратып ал! О несі екен-ай! Əй, иттен туған
күшіктер, бары сол ма, əрі қарай не болды, айтпайсыңдар ма? Бұл өзі
қашан болған сойқан?! Жақтарың қарысып қалды ма?! — Енді...
ұрысып... айтқызбайсыздар... бұдан үш күн бұрын болған.
— Үш күн! Содан бері қайда жүрсіңдер. Қап, ендігі ұрылар
қарасын үзіп кетті-ау! — деп Мəті бай санын шапалақтап, əйелдерше
ойбайын салды.
— Енді... хабарласуға болмаса қайтеміз. Бəріміз айдалада атсыз
жаяу қалдық. Оның үстіне мен күні бойы миым аузыма түсіп, есімнен
танып жаттым.
— Шылтынайдың баласының жіліншігін үзіп жіберіпті. Бəрімізден
гөрі қуат көрсетіп, көп айқасқан сол еді. Ұзынтұра Бестайдың
тобығынан ұрып ұршықша айналдырып түсіріпті,— деп екінші
жылқышы ұрыларға айызы қанғандай əңгімені зорға доғарды.
— Əй, сонда Көбен қайда жүр, Көбен? Сендерге бас боп сол өзі
қалып еді ғой, — деп есік жақта жүрелеп отырған дəу қара жігіт
қаймыға үн қатты. — Ол жөпшеңді ұры-қарыға оңайлықпен алдыра
қоймаушы еді. Оған не болды?!
Екі бала да томсырая қалды. Бүйрекбет басы салбырап:


— Ол тілге келмей жатыр, аузынан қара қан ағып...— деп соңғы
сөзін жыламсырап жұтып қойды. — Бізге оны... əзір... айтпай-ақ
қойыңдар деп еді...
— Не дейді?! Көбенге бой бермеген соң... қоя бер, мына ұрыларың
онда тегін ұры емес. Ойпырым-ай, мынау сайланып келген жырыңды,
алпауыт немелер ғой...
Ac аяғы осылайша демде сұйылды. Малы ұрланып, намысқа
булығып, қабағы түскен керей жұртының ассуын енді салтанат етер
жай қалмады. Үш жүзден келген азашылар жүру қамына кірісіп,
көліктерін дайындай бастады.
Түні бойы ел азаматтарын жиып, кеңес құрып, ақыл қосқан Паң
Нұрмағанбеттер таң қылаң бере отыз қаралы қарулы жігіттерді атқа
қондырды.
Қарсы беттен сабалай соққан мұздай қара жауында сойыл
сүйреткен салт атты қуғыншылар мал ұрлаған жерді бетке алып, суыт
жүріп кетті.
3
Жаңбыршы ауылындағы белгісіз мəйітті туған жеріне, өз мекеніне
апара алмады. Сол күні кеште көрші ауылдан жеткен қарт молла
Муфтах шариғат ехтамынан, құран сүрелерінен мол-мол шағадат
келтіріп, "бұл фани жалғаннан көз жұмған пахирдың сүйегін
тентіретіп ел ақтату обал ғана емес, тірілерге күнə", — деп, жұрттың
зəресін ұшырды.
— Сүйретпеге салып жылқы баласы осында əкелген екен. Ол мал
емес пе, қайдан білсін. Не де болса, сол мал екеш малдың өзі ауылға
əкеп жеткізгенде, оны танымаймыз, білмейміз деп, қашыртқыға
салғандай, ауыл қотанынан алапестей аластау — мұсылман баласына
жат қылық. Құдай мұнымызды кешірмейді. Пенденің ажалы қайда
жетсе, көрі де сол арада қазылмақ. Ажалды көрден күпіршілік еткен
Қорқыт та құтылмаған. Жазмыштан озмыш жоқ. Мұсылман баласы
екен, бұл ара да өз топырағы. Егер үзеңгіден сыпырылып түсіп,


айдалада — қу мекенде көмусіз қалып, қарға-құзғынға жем болса
қайтер еді. Мұсылман қауымының ішіне келіп отыр. Оған да
шүкіршілік. Мүсəпірдің мəйітін телміртпей, өз жоралғысымен жөнелту
— тірілердің құдай алдындағы парызы!— деп, ел жүгінерлік ақылды
сөздер айтқанда, елін тауып апарамыз деп байбаламға келгендер біраз
уəж айтып, молланы иліктірмек болды.
— Моллеке, қарауылдағы Ожан серіні, атақты Қазбек сынды
адамдардың сүйегін қастерлеп, ту-ту алыстағы қожа Жасауғидің
зиратына неге тасыған? Ал мұның елі көп болса екі-үш күншілік жер
шығар, ел-жұрты көрсін, — дегендерге молла шамырқанып ұрсып
тастады.
- Сендер не айтып отырсыңдар? Қай рəсім, қай тəртіпке сүйеніп
отырсыңдар? Құдай салған ақ жол біреу-ақ: Ожандар болса өз үйінде,
өлең төсегінде ақ өліммен Алладан иман тілеп, тілі кəлимаға келіп көз
жұмған жандар. Олардың соңғы тілеуі де сол Хожа Яссауидың зираты
шығар. Онда неге оның тілегін орындамасқа. Ол — аманат. Ал бұл
болса, жапан түзде белгісіз өліммен өлген бейшара. Жаугершілік
тұсында елі, жұрты үшін ата жауымен айқасып, пəлен төбенің үстінде,
пəлен жыраның ішінде шаһит болғандардың да сүйегін, сөрелі үй
болмаған күнде, жеріне тасымайтын. Иманын айтып, əуел баста Алла
Тағала лаухилға жазған сол араға жер томпайтатын. Мəгəркім,
мəйіттің тəнін сасытып, тұлыптай сүйретіп əкетем десеңдер, менің
бұған араласым жоқ. Құдай пендесін мазақ етер, күнəһəр болар жайым
жоқ, шырақтарым. Онда өз еріктерің! Мені араластырмаңдар!..
Бұзылмастай етіп мүмиялап берер ем, əттең пайғамбардың қасиетті
мүмия суы жоқ қолымда.
Өздері шақыртқан дін иесіне бұдан əрі ешкім қарсы бола алмады.
"Жасағанның жазуы солай. Топырағын осы арадан бұйыртқан екен хақ
тағала. Елі, иесі табылса, осы араға келіп те басына құран оқыр. Бұл да
кəпір моласы емес, мұсылман моласы" десіп, бəтуаға келген
Жаңбыршы ауылы бір дөнен қоймен жаназасын шығарып, мəйітті
ақыретке орап, шоқ ағаштың бауырындағы көп зираттың шетіне
жерледі. Кейін белгісіз болып қалмасын деп, басына қаққан ағашқа
тақтай шегелеп, оның бетіне "Қазасы жетіп, топырағы осы арадан


бұйырған құдай пендесі" деп, темірмен күйдірген жазу жазылды. Не
аты-жөні жоқ, дəуір айналдырып анықтаған жасы жоқ белгісіз
бейбақтың моласы осылайша жат жерден бұйырды. Сары топырағы
жел үрлеген жас қабыр қоңыр күздің көлеңкелі, жаңбырлы мазасыз
шағында, алабота, қурай басқан төрт құлақты көп зираттардың
тасасында елеусіз қала берді. Адам баласының алдынан төтеден келер
тағдыр дегеніңнің, айтпай жетер ажал тұзағының бұл да бір түрі
шығар...
Екі күннің ішінде бабына келіп тыңайып қалған торбестінің
жүгенін үшінші күні басынан сыпырып, ноқтамен жайдақ жіберді.
Байлаулы тұрған жерінде ұзын бишікпен біраз шықпыртып, шошытып
алып, бос қоя берген торбесті əуелі ышқынып тұра шауып, ауыл
шетіне шыққан соң, құлағын қайшылап, танауы желбіреп басын
көтеріп тұрып, үйірін іздегендей қатты кісінеген. Əлден уақытта жан-
жағына алақтап, мекенін дұрыс бағдарлай алмай жалғыз құлазыған
жануар əлдененің исін сезгендей жалбарына арқырап, терістікке қарай
қаз мойнын созып, тұра тартқан. Алыстан, шоқ-шоқ ағаштардың
саңлау-саңлауынан бақылаған үш жігіт, торбесті бағытын түзеп алған
соң, соңынан қуып берді.
Жылқы малынан есті жануар жоқ-ау, сірə. Мың-мың шақырым
жердегі тау мен тастың арасына, ит мұрны өтпейтін жыңғылдың ішіне,
не жал-жал болып сусып, күні-түні көшіп жататын сапаның сары
даласы — сары құмға əкеп тастасаң да, өз үйірін тауып алатын
жолшыл мал. Исінен біле ме, əлде жер бағдарын тұяғымен сезетін
құдіреті бар ма, əйтеуір əуре−сарсаңға түсіп, біраз жаңылса да, ақыры
көп адастырмай мекеніне жеткізетініне түз елі əбден кəнігі.
Күзгі тұманды бозамық таңда еліне бет түзеген торбесті артынан
ерген қуғыншылардан да үрікті ме, жерге басын бір салмастан, кешке
дейін дамылсыз жортты. Кең сахарада шашыла қонған ауыл-
ауылдардың арасынан сыналай өтіп, жолда кездескен қос-қос
жылқыларға да бұрылмастан, жат жерлерден айнала өтіп, үрдіс жүріп
келеді.
Қашан бойы үйреніп, еркіндігін сезінгенше маңына жуымай
шақырым жерден қара үзбей сары желдірген жігіттер де торбестіні


ықтиярымен жіберген. "Менің бойымды көріп отырыңдар" дегендей
торбесті де шоқ ағаштарға, сай, жыраға жоламай, қайда алаңқай, қайда
жазық болса солай қарай бұрыла салып, жігіттердің сыңайын
түсінгендей алыстан көрініп барады.
Жаугершілік, қуғын-сүргінді көрмесе де, жарты тіршілігі ат үстінде
өтетін ауыл жігіттері күнұзынғы жортуылға қыңқ етер емес. Тек түс
өлетінде ғана ат белінен түсіп, қанжығаға байлаған торсықтың аузын
ашып, шайқалған саумалды сіміріп-сіміріп алған. Бұлардың
аялдағанын көз қиығымен аңғарған торбесті де бұл кезде бүлкекке,
одан аяңға түсіп, көденің шашағын жүре шалып, жан-жағына алақтай
берген. Соңындағылар аттарына мінгенде, қайтадан елеңдеп тағы да
жылы орнынан қуылған қырдың түлкісіндей айдалада жорта жөнелді.
Күн кешкіре күзгі сұйық тұман сейілді де, жел тынып, жылы
жаңбыр себеледі. Алдан кең өзек кезікті. Қалың шалғында шашасы
суланып, əрі-беріден соң жылтыраған тұяққа батпақ жабыса
бастағанда торбесті қалың ізге түсті. Аяңмен жайбарақат жылжыған
жылқы тұяғының шұбатылған ізі емес, қатты қуғын көріп, топырлай
жортқан малдың жосылған ізі. Бұдан екі үш күн бұрын түскен ізді
торбесті əр жерде шашыла түскен жылқы қиынан-ақ айырып келеді.
Жасынан ат құлағында ойнап өскен қыр қазақтары да тосын
кездескескен іздің тегін емесін торбестіден кем түсінген жоқ.
Ақшам кезінде ені тар ағынсыз қара өзенге тірелген торбесті қалай
оқыранып қалғанын да аңғармады. Келе, суға бас қойды. Көз қиығы
арттағыларда. Тұщы, дəмді судан бүйірі шыққанша қана ішіп, басын
көтере бергенше, соңындағылар да жетті. Басқа жаққа бұлтара алмай
қалған торы сасқалақтап, тереңге қойып кетті. Бір-екі аттағанда-ақ
құлама екен, кеудесімен балдырлы суға күмп берген ат басы қалтақтап
жүзе жөнелді.
Бұл уақытта көз байлана бастаған. Жарғабақтау, тайғанақ жағаға
əупірімдеп шыққан торы ат дүр сілкініп алып, жылыстай тартты. Шөлі
қанып, кəдімгідей тыңайып қалыпты. Соңындағылардан құтылып
кетудің сəті түскен сияқты. Қап-қара боп түн қараңғылығы бүркеген
терістік аспанын бетке алып, торбесті қалай шоқырақтап кеткенін де
байқамады. Артынан тасырлата шапқан ат тұяғы естілгенде, бұл да


тұмсығын соза түсіп көсіле тартты. Таңертеңнен бері неге осылай
қашпаған? Арттағылардың аттары болдырған ба, жай əншейін жаман
жабылар ма — ə дегенде-ақ сытылып шыға берген торбестіге жету
былай тұрсын, далақтап алыста қалып қойды. Құтылған деген осы
шығар?
Жоқ, мына біреуі кім тағы? Қолында бауы шұбатылған құрық, тап
іргеден шыға салып ұшыртып келеді. Торбесті жалт беріп екінші жаққа
бұлтаң етті. Қайта оңға, қайта солға... Өзінің қашағандығына салып
қалай жалтарса да, мына төтеден қосылған біреу өкшелеп қалар емес.
Бар пəрменімен шапқан торы бір кезде оқыс тоқтап, кері бұрылып еді,
құрық ұстаған неме зу етіп өте шығып, қайта жалт бұрылды.
Нажағайдың оғындай зуылдап, сып етіп тағы жеткен əккі неме,
мүлдем құтылтар емес. Торбесті енді дəрменсіздігін сезіп, басын
кекжеңдетіп іштегі су сылқ-сылқ етіп жалтара берді, жалтара берді.
Сүйткенше болған жоқ, құрық та түсті мойнына. Бұл кезде кешеден
бері соңында салпақтаған екеу де жеткен еді.
Күзгі дала лезде сұрқай тартып, қас қарайды. Алыстан маңылдай
үрген иттердің даусы келеді құлаққа. Сол тұстан жалғыз от
жылтырайды. Торбестіге құрық салған осы маңның жылқышысы еді.
Жолаушыларды бастап, сары желдіріп от көрінген жаққа беттеді. Ала
мойын қара иттер алдынан шəуілдеп шығып, иесін таныған соң,
қатарласа жарысып, шағын қосқа дейін бірге келді.
Бұл — қалың керей жайлаған ауылдың атығай-қарауылдармен
жапсарлас жігі екен. Жылқышылар да керейлер. Алыстан ат сабылтқан
жолаушылардан ешкім өзеуреп мəн-жайды сұраған жоқ. Бұлар не
шаруамен жүргенін, қашаған торының соңынан ілесіп, белгісіз
марқұмның елін іздеп келе жатқандарын айтқанда да ешкім ештеме
демеді.
Жолаушылар аттарын кісендеп қара қостан қонағасы жеп болған
соң барып, тар қостың төрінде жастыққа шынтақтай түсіп,
тыңқылдатып домбыра тартып жатқан қызыл көз шал малдасын құра
жайғасып отырды да, сөзге кірісті:


— Ал, жігіттер, бəріміз алаштың азаматтарымыз, бөтендігіміз жоқ,
қоңсы отырған қанжығалы екенсіңдер. Мұсылмандық жолымен,
адамгершілік ізбен кетіп бара жатыр екенсіңдер. Сапарларың оң
болсын. Марқұмның елін тауып, көмген жерін хабарлауларын —
құдайға қарағандықтарың. Жөн іс... Бірақ қой... сол айдалада ат
бауырында өлген адамның неден жазым болғанын білмейсіңдер, кім
екенін де, немен жүріп өлгенін де білмейсіңдер?..
— Əрине білмейміз.
— Қайдан білейік.
— Əйтеуір мына торбесті еліне апарар деген далбасамен келеміз.
— Ат елін тапса, иесі де оңай табылмай ма? — десіп
қанжығалылар жамыраса жауап қатып еді, семіз шал теректен ойған
домбырасын қайтадан алып, баяу шертіп, құнжиып отырып алды. Сөз
соңын күтпей жарыса сөйлегеніне қысылған жігіттер бір-біріне үнсіз
қарасты. Енді əліптің артын күтейік дегендей екеуі де жым болды.
— Оларың дұрыс қой, ат иесін табарсыңдар-ау, — деген шал
домбыраның қоңыр сазына қосыла күңірене отырып, тағы сөйледі.
— Осыдан үш-төрт күн бұрын осы жайлаудың тұсынан намаздыгер
кезінде мың қаралы жылқы өтті. Топырлата айдап, сартылдата қуып
бара жатқан үш-төрт-ақ адам. Жайлау ауыстырып, жер таңдаған кейпі
көрінбейді. Қара қосқа қайырылған да жоқ. Жөн біліп қалайық деп
соңдарынан баламды жіберіп ем, əлгілердің бірі артта бөгеліп, оны
тосқауылдапты. Қолында сойыл дейді. Ниеті жаманға ұқсайды. Балам
қасына баруға бата алмай, кері бұрылыпты.
Өткен таңда, тағы да сойыл сүйретіп, шоқпар көтерген отыз шақты
жасанған керей жігіттері осы қостан қымыз ішіп аттанды.
Қуғыншылар екен. Қанша бұлтаққа салып, тоғай-тоғайдың арасымен,
өзенді, көлді кешіп өтіп жаңылдырса да, көп жылқының ізінен адаспай
келе жатқан əккі ізшілердің де сұсы жаман. Анада көп жылқы айдап
өткендер барымташылар екен де, мына қарулы қол қуғыншылар болып
шықты. Айдалған кімнің малы, қуғыншылар кім — онша ашып айтқан


жоқ. Олар жасырған соң, мен де онша ашылған жоқ. Нобайына
қарағанда айдалған да бір байдың малы, барымташылар да бір байдың
ұрылары. Нем бар оған араласып, екі қошқар таласса, ортасында
шыбын боп өлер жайым жоқ. Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір
сөз. Жобаларыңа қарағанда, қақ-соқта жұмысы жоқ момын елдің
азаматтарына ұқсайсыңдар. Қосақ арасында бос кетіп, текке күйіп
жүрмеңдер. Момын адам қашанда жақсылық етем деп басына пəле
тілеп алады. Аттан құлап өлген адамдарың жаңағы барымташылардың
бірі боп шықпасын.
Қанжығалылар мына жанды сөзден үрейленейін деді. Ай далада
өлген марқұмның елін тауып, тым құрмаса қазасы жетіп жерленген
моласын айтып, сыйлы қайтамыз ба деген жігіттер енді жоқ жерде
басымыз дауға қала ма деп, тықырши бастады.
— Оу, ақсақал, сонда, бұл өлген адам барымташы болса, басқа
жолдастары оны айдалада қалдырып неге кетеді? Тауып алмай ма?
Артында бақандай бірі кісі белгі боп қалса, оның несі ұрылар? Ертең-
ақ ұры арты ашылмай ма? — деп қанжығалы жігіттің бірі өз тұспалын
айтып еді.
— Солайы-солай-ау, бірақ ол марқұмның мəйітін ат бауырынан
алыпсыңдар. Тегі үлкен айқас, ұрыста сойыл тиіп құлаған адам болар.
Оның қайда лағып, аттың қайда əкеткенін көрді дейсің бе. Ұрлық
күндіз емес, түнде жасалады. Көз жазып қалған да... Əйтеуір не де
болса, сақ болыңдар дегенім ғой. Жолдарыңнан қайт деп отырғам жоқ.
Реті келсе, марқұмның еліне тереңдеп кірмей, шет жағынан ғана құдай
аманатын жасап кетерсіңдер дегенім де. Кісі өлімін дабырайтып, бүкіл
жұртты даңғазалап қайтесіңдер дегенім де. Жай кісі өлімі емес, даулы
өлім, құны мен қыжыңы көп өлім дегенім де... Айтпады демеңдер, тап
мына барымтаның түрі жаман. Бұл кедей-кепшіктің тоқты-торымын,
не аз шаруалы адамның үйірлі жылқысын қуып кететін ел арасындағы
ұсақ ұрлық емес. Мыңдап айдатып алдырар белді шонжарлардың
мықты барымтасы. Мұнда сұмдық қана емес, жаулық та бар. Оның
арты ашынған кекке, алынар өшке айналмақ. Не де болса, ел басына
түсер лаң болмақ, — деп шал домбырасын қостың іргесіне сүйей
салды...


Қанжығалы жігіттері келесі күндері торбестіні аса қыспай көз
көрім жерден бақылап, еркіне жіберген. Кешегідей емес торы ат кей
тұста ұйпаланған күзгі қауданға жабыса оттап, томарлы көлшіктерден
қана ішіп, жайбарақат жылжуға айналды. Анда-санда ғана жат жерде
көрген тауқыметі есіне түсіп кеткендей, елең етіп басын оқыс көтеріп
алады да, жалғызсырап кісінейді. Содан соң көп уақытқа дейін
тынымсыз жортып, ұзақ жолдың біразын ұтады.
Жігіттер жолда тағы да екі қонып, төртінші күнгі тынымсыз
жүріспен Қарауыл елінің қалың қонысы Мезгіл болысының жеріне
іліккен. Бұл күні екіндіден былай олар еш жерде түстенбестен, кешке
дейін үрдіс жортып кетті. Оған себеп болған алдымен дала бөрісі.
Бұлар анда-санда тырбық шілік өскен тоғайсыз жазыққа шыққан
соң, соңғы кездескен бір шоқ қызылдың бауырында аттарын
шалдырып, жолда түнеген жерде торсыққа құйып алған қымыздарын
ішіп, бел жазып отырған. Бұлардың бөгелгенін көріп торбесті де аз
тынымдап бетегеден жұлып жеп, оттай бастаған. Əлден уақытта
жігіттердің бірі:
- Ау, жақын жерде ел бар ма? Ана қара, тор аттың алдында ит жүр,
— деді. Əлде күземге көшкен елдің жұртында қалған бұралқы ма екен?
Жігіттер торбесті жаққа қарады. Құйрығы шұбатылған ит аттың
алдына шығып, тоңқалаң асып құлайды. Шалқалап жатып, атты
ойынға шақырғандай еркелейді. Енді бірде дəл тұмсығына жақындап
келіп, оқыс жалт бұрылып, тұра қашты. Алыстан жүгіріп келіп жата
қалады. Тышқаншылағандай етпеттеп түсіп, қыбырсыз жатады да,
көкке қарғып, тағы домалайды.
— Əй, мынау неғылған зеріккен ит? Мынауың бұралқы емес, ойын
іздеген қарны тоқ неме ғой. Түлкі емес пе.
— Қайдағы түлкі?!
— Мүмкін жынданған ит шығар?


— Онда атпен ойнап не шаруасы бар? Бір кезде ат тұмсығына
жақындай-жақындай келіп жата қалып, етпеттей жылжып еді, торы ат
үркіп артын бұрды. Ит те қарғып түсіп, алдына шықты. Ат тағы
бұрылды, анау енді құйрығын бұлғап, алдына жүгіре береді. Торбесті
шырқ айнала берді. Тура айналмаға шалдыққандай бір орында
ұршықша иіріледі.
— Мəссаған! — деді жігіттердің бірі үрейленіп, — мынауың ит
емес, қасқыр ғой, ана қара тұмсығына қарғиын деп жүр.
Жігіттер шідерлеулі аттарына жүгірісіп лезде қиқуды сала тұра
шапты. Айдаланы бастарына көтеріп, аузына түскен сөзді айтып
айғайлаған адам даусынан шошыған қасқыр құлағын жымитып алып
зытып берді. Басы айналған торы ат алғашқыда қарсы қарап мəңгіріп
тұрып қалды да, өзіне қарай тасырлата шапқан салтаттылардан теріс
бұрылып, бұрынғы бағытымен желе шауып кете барды.
— Ана қара, ана қара!
Алыста шошайған үш-төрт түп шидің бауырынан өре түрегелген
бес-алты қасқыр оң қолдағы қырға қарай сөлеңдей жөнелді. Жаңағы
бөлтірік маңайда адам жоқ па деп, əдейі жіберген үйірлі қасқырлардың
жансызы екен. Енді аз кешіккенде, торы аттың қарнын ақтарып
салатын еді...
Бұдан əрі аялдау болмады. Бесіндіге таяу сіркіреп жауын
басталған. Бара-бара үдей түсті де, іңірге қарай кəдімгі күздің қара
жауынына айналып, төпеп кетті. Жігіттер торы атпен құйрық тістесе
соңынан бір елі қалмай cap желдіріп келеді.
Көкше жерінің ойдым-ойдым қайың, теректі тоғайлары жиі
ұшырай бастады. Жүре келе қалыңдап, қылқанды қарағай араласқан
жынысқа айналып кетті. Торы аттан сол алыстаса, мүлдем көз жазып
айырылып қалу кəдік.
Осылайша бұлар қара жауын астында түні бойы жүрді.


Не деген елсіз жатқан кең жер. Не оңнан, не солдан бір елдің оты
жылтырасайшы. Үңірейген меңіреу ағаш ішінде төпелей жауған жауын
сырылы мен желге гуілдеген, суылдаған тоғай үнінен басқа тырс еткен
бөтен дыбыс естілмейді. Аспан көзге түртсең көрінбейтін қараңғы.
Тоғай іші одан бетер үрейлі - су тамшылаған ескі там сияқты.
Ойда жоқта азап шеккен жігіттер үнсіз.
Қазір бұлардан тұра шауып қашып құтыларлық торы атта да əл
жоқ, қуып жетіп ұстап аларлық басқа аттарда да шама жоқ. Шашасына
дейін батқан қара балшықтан титықтаған жылқылар жыныс-
жыныстың арасымен зорға сүйретіліп келеді.
Түн ортасынан ауа аттар мүлдем болдырды.
4
Өңкей əлекедей жаланған, "мен атайын, сен тұр" дейтін қарулы
жігіттер жылқы ұрлаған жерден тың аттарды ауыстырып, ізге түскен.
Бəрінің қабағы қатулы, ең қадірлі бабаларының асын беріп, құдай
жолында ақ намазға ұйығандай болған керей жұртын басынып, малға
қол сұққан белгісіз ұрыларды қуып жетсе, табан аузында жүндей
түтетін ордалы қасқырлар сияқты. Əсіресе Көбеннің өлімі былай да
зығырданы қайнап келген жігіттерді бұрынғыдан бетер ашындырып,
шиыршық атқызды.
Бұдан төрт күн бұрын ұрылардың соққысынан аттан құлап
мертіккен жылқышы, бұлар жеткенде қан құсудан тиылып, ұзақ азап
шегіп, жаны қиналып, ықылық атып жатыр екен. Тілге де келе алмады,
барымташылардың жобасын бір білсе дала сырына кəнігі осы
жылқышы білер деген үміт үзілді. Тым құрыса ымға да келмей, көзі
алақтап, аузы ақсиып, беті қисалаңдап жатып жан тəсілім еткені-ақ
аянышты. Отыз жылдай Сағынайдың малын баққан жалшы Көбен,
иесінің асына да шақырылмай, не ауылда жатқан қараша үйіне де жете
алмай, жұлыны үзіліп, жылқы ішінде, қара қоста о дүниеге сапар
шекті. Тұлабойы тырысып, қайта көсіле берген Көбеннің аузынан:
"Аһ, дүние-ай" деген ышқынған үн шықты да, сақылдаған сары аязда
жалаң қол жүретін жылқышының бүркіттің уысындай күсті алақаны


дірілдеп барып, жұмырығы, қарысып қалды. Соңғы рет азаппен,
қасіретпен өткен тағдырдың алқымынан алды ма, əлде оқыста кеткен
балуанның қапыда ұрған жауының тамағынан қылғындырғаны ма
екен, кім білсін. Басында отырған керей жігіттерінің де жұдырығы
Көбеннің жұдырығымен бірге түйіліп, бəрі де аттарына ащы кекпен
кеп мінген.
Жол бастаушы — осы төңірекке əйгілі ізші шал Жайық. Етек-жеңі
кең көсілген қазақ даласының адам аяғы баспаған, мал тұмсығы
тимеген қалың жынысты тоғайлары, тірі пенде көрмеген сай-сала,
ыңғыл-жыңғылы да сонша көп. Тарам-тарам іздер, табанына көп
шығып, қазылып қалған көне жолдар, сүрлеулер қисапсыз көп. Кəсібі
мал болған тұз елі шаруа соңында айдалада, қу мекенде айсыз қараңғы
түндерде, түтеген борандарда жалғыз кезіп, адаспай шығуға
машықтанған. Солардың ішінде алабөтен көзі қырағы, бір көрген
белгіні ғұмыры ұмытпай тап басатын жаратылысы бөлек ерекше
жандар болады. Оны ізшіл, жолшыл жан деп ел мадақ етеді.
Жайықтың атын шығарған көп атағының бірі — осы өнері.
Жылқылары ұрланған жуандар бұл шалды түнеугі астағы мінезі үшін
жек көріп, сазайын тартқызамыз деп зығырданы қайнап қалса да,
мынадай қысыл таяңда өткенді елемеген болып, қуғыншы жігіттерге
жолда Жайықты ала кетуді тапсырған еді. Құлагер өлімінен соң астан
реніш, қайғымен кеткен қарт, ел азаматтарының қайсыбірі қиыла
сұрап, қайсыбірі дігір салып тұрған соң, ерден кетсе де, елден
кетпейтін қаралы əйелдерше, көлденең тартқан атқа амалсыз қонған.
— Əй, балалар, қайыр сұрап тентіреп кетсем де, енді
Нұрмағанбеттің жүзін қайтып көрмеспін, Ақан серідей алтын азаматқа
қасірет еккен қиянатшыл елге ермеспін деп ем, қайтейін, сендер де
ауыздықтарыңды қарш-қарш шайнап, бой бермей тұр екенсіңдер.
Əлденеге ұрынып, əлдекімді қан қақсатып, жазықсызды зар
еңіретпесеңдер екен. Не де болса ақыл керек. Аптықпаңдар. Ұры ізі
қайда кетер дейсіңдер, табылар, бірақ мені тыңдап іс қылсаңдар
барамын, ал ақыл алдына ашу-кекті салсаңдар, беттеріңнен
жарылқасын. Онда өздерің бара беріңдер. Бəрің де тұтанғалы тұр
екенсіңдер. Байқаңдар! — деп, біраз ойдың ұшығын сездіріп,
жігіттердің сөзін алған соң барып зорға иліккен.


Қуғыншылар шынында да құтырған иттер сияқты. Паң
Нұрмағанбеттің, Мəті, Дəуленнің аңға салатын тазылардай жылмаң
қаққан ұры жігіттері. Бұлар талай барымтаны, талай түнгі жорықты
бастарынан өткерген əккілер. Бұл жолы асқа келген үш байдың ерке,
тентек баукеспелерінің басын əдейі қосып, он-оннан сұрыптап жіберіп
отыр. Шаш ал десең, бас алатын қаныпезер ұрылар қазір ат үстінде
тыныш отыра алмай, өңкей жүйрік аттармен жарысқа, не аңға
шыққандай жайраң қағып, жұтынып келеді. Іштерінде Жайықтан
басқа, ел ағасы боп қалған Мəтінің елулердегі ұлы Тасемен бар.
Жайық ізші болғанда, бұл — басшы. Жылқышылардан алғандары —
асқа хабар жеткізетін бүйрекбет бала Жайнақ қана.
Ақкөлдің қырқасынан елең-алаңда шыққан қуғыншылар көп
жылқының тұяғы шиырлап, кей тұсын қазып, ойрандап кеткен ашық
даламен, терістікке қарай шоқытып, мыңдап көшетін дала киіктерінің
жолындай жосылған қалың ізге түсіп алған алған соң, лекіте жөнелген.
Сызды ауада, күздің тұманды күніне буланған қалың қау дымданып,
бір-біріне жабысып, тұяқ астында жаншылған қалпында бастарын
көтере алмай, шүлен қойдың жүніндей езіліп жатыр. Екі-үш жүз
сажындай жер жабағыдай ұйысып, жосылған мал ізін айқын танытады.
Кей тұсында айдауға көнбей қиыстай тартқан жылқы тұяқтары да
шашыла түсіп, көп ізге қайта ойысып, қосылады. Бара-бара із ені
тарылып шұбырған іздер біріне-бірі үймелей, қосыла бастаған еді.
Сосын тағы да далиып, жан-жаққа бытыраған тұяқтар көбейіп кетті.
Қазылып, шаңы шығып жатқан тұстарға келгенде:
- Ə, мына бір түс біздің жылқышылардың қуып жеткен тұсы екен,
жігіттер, айнала шауып, осы араны бір шолып алайықшы, ұрылардан
қалған белгі болмас па екен,— деп, Жайық қуғыншыларды жан-жаққа
жөнелтті.
Тың аттармен шоқыта шауып, маңайды шолып, сүзіп шыққан
жігіттердің қайсыбірі аттан түсіп əлденелерді тауып алған сияқты еді.
Сынған сойыл, бауы шұбатылып қолдан ұшқан құрық, бүлдіргісі
үзілген қамшы екен. Жайық қарт бəрін де жиып алып, айналдыра
қарап, ұрылардан бір белгі іздегендей еді, бүйрек бет Жайнақ бұларды
қолмен қойғандай таныды. Бəрі — өз жылқышыларының заттары


болып шықты. Барымташылардан қалған бір-ақ белгі — ескі пұшпақ
бөрік. Жиегі қақ айырылған бөріктің бір жақ сары-ала пұшпағы
қызылала қан. Бір ғажабы ат тұяғына басылмаған, ойран-топан боп
жатқан жерден шеткері бір шоқ қалың ерменнің арасына түскен. Сол
арамен жеке дара кеткен жалғыз ат ізі сайрап жатыр. Бəрін қадағалай
қарап таңдайын қаққан Жайық:
— Ғаж-а-ап! — деді. Қуғыншылардың көзі Жайықта.— Бұлар
онша əккі ұрылар емес сияқты. Тойға баратындай басына мына бөрікті
киюін қарашы. Шын ұрылар бүйтпесе керек етті. Ал қан не? Жеке дара
шауып, өзі қайда кеткен. Мүлдем лағып кетіпті. Түсінсем бұйырмасын.
— Ə, мүмкін бұл ертеден жатқан бөрік шығар, — деп, əлгі
бүйрекбет білгішсініп еді.
— Жоқ, мына аттың ізі — ескірмеген жаңа із. Мына қан да əлі
қабыршақтанып түсе қоймаған, жақындағы қан. Қан қатса күнге,
желге кеуіп жарылып кетер еді. Жəне де барымташы болмаса,
айдалада басын жарып ап жүрген неғылған жан,— деп, Жайық қарт
бөрікті де қанжығасындағы қоржынға салып алды...
Бұдан əрі қуғыншылар із кесіп онша əуре болған жоқ, сайрап
жатқан барымташылар жолымен салдыртты да отырды. "Бұл талаққа
салып табынды үйір-үйірімен бөліп, бытырлатып əкетіп, келіскен бір
межеде жан-жақтан қосылатын айлакер ұрылардай емес, бұлар
арттағы ел қашан хабарласып соңынан қуғанша жерді ұтуға асыққан
немелер екен" деп, Жайық жігіттерді аттан да түсірмей, кешке дейін
жортты.
Сұрқай бұлт жөңкіле көшкен күзгі күннің өткір желі қарсы беттен
шығып ап, ызыңдап соқса да, жауынның жаумағанына қуанған қарт
сойылды топты асықтырып келеді. Қара жауын төпелей бір жауса,
көзді аштырмай із ұшығынан айырылып қалулары да кəдік. Ең
болмағанда көздерін жерден алмай, жүрістері өнімсіз болар еді.
Бұлар алғашқы күні көп жерді ұтып тастады. Таңсəріден тамақ
ішпеген жігіттер ат белінен түсіп тынықпаса да ешқайсысы ши
шығармай үнсіз келеді. Күн тұманданғандай бозамық тартып, аспан


бетін торлаған бұлт бауырына көлеңке түскендей дала қара
қошқылданған кешкі мезгілде тың аттар да сыр бере бастады.
Алғашқыдағыдай лекітіп, ала-ала қашып, бір-бірінен жарыса озған
аттардың көбі босаңсып, құйрық-жалы салбырап, бүлікке түскен.
Шоқ-шоқ бала қайың өскен қызылдың ара-арасымен ирелеңдей
шұбатылған топ көз байлана бере ағаш бауырында сонадайдан
көрінген малға лап қойысты. Қайың түбінде тұрған ала байтал екен.
Өзіне қарай ұмтылған көп аттылыны көргенде жарықтық басын
көтеріп алып, жалбарынғандай оқыранып қоя берді. Алдында жатқан
əлденені тұмсығымен түртіп, иіскелегендей болады. Аттан домалай
түсіп, тізгінін қасындағы біреуге ұстата салған Жайық байталдың
қасына келгенде, құлағын жымитқан қызғаншақ мал шойнаң етіп
артымен бұрылады... "Тебемін, жолама" дегендей сес көрсеткені.
Алдында адамды ес көріп еді.
— Ой, ант атқыр қайтеді, "қулық — құлын жанды" демекші,
қарашы патшағардың қызғаншағын, — деп, қамшысымен жасқап,
қорқытқан Жайық байталдың алдында буы бұрқырап жатқан
қағанақты бас салды. Қулық жаңа құлындаған екен. қағанақты
қолымен жалма-жан жыртып, жарып жібергенде, құлынның тұмсығы
көрінді. Құлын жансыз, тұяқ серпіп тыпырлап қимылдамайды. Қарт
құлынның тұмсығын шаранадан тазартып аузынан үрлеп еді, оған да
қозғала қоятын құлын жоқ.
— Өліп қалыпты, шала туған ғой, обал-ай,— деп Жайық белін
жазғанда Тасемен басқа жігіттерге:
— Аттарыңды біраз тынықтырып, сарғытып алыңдар.
— Ия, қызылмай боп өлер.
— Əрине, семіз тоқ аттар емес пе, қара өкпе боп қалуы да ықтимал,
— дескен қуғыншылар аттан дүрсілдетіп түсе бастады.
— Əй, жылқышы бала, кім еді атың? Қайдансың?


— Ə, Сарытоқаш па, беті жаңа піскен бауырсақтай боп тұр ғой, —
деп бір қылжақпас қағытқанда.
— Менің бетім қарындарың ашқасын сары тоқаш та, бауырсақ та
боп көрінеді ғой, — деп келгелі ала байталдың қасында тұрған бүйрек
бет Жайнақ жігіттерге бұрылды.
— E, қарын ашса сенің бетің тоқаш емес, бір табақ ет боп та
көрінер, — деп тағы бір жігіт қарқылдап тұрып күледі.
— Əй, Сарытоқаш, — деді Тасемен жұрттың қалжыңына қабақ
шыта тұрып, — мына байталды білемісің, танимысың?
— Е, танығанда қандай. Біздің үш қоста екі мың жылқы бар, əр
тұяғының түр-түсіне, қыл-қыбырына дейін білем. Ол түгілі сіздердің
малдарыңызды, Дəуағамның жеті мың жылқысының қылаңы,
барандарын жазбай танимын. Мені сонша... — деп шұбырта жөнелген
Жайнақты ат соғып қажып, ашулы тұрған Тасемен ақырып тоқтатты.
— Жетті, ділмарсымай! Мен сенен Дəуағаң мен біздің малды сұрап
тұрғам жоқ, мына баланы білемісің?!
— Білемін дедім ғой. Енді соны айтып келе жатқан жоқпын ба.
Əуелі, есіңізде болсын, мен Сарытоқаш та, бауырсақ та емеспін. Менің
атым, азан шақырып, құлағыма үш рет айғайлап қойған атым —
Жайнақ. Жетті басынуларың. Мен де адаммын. Қажетім жоқ екен, осы
арадан кері бұрыламын.
— Қап мынаны қайтейін, сасық күзенше шақылдауын қарашы
беттен алып, құдай тағала, басқа жылқышыларды тастап, осыны қосып
берген құдіретіңнен айналайын, — деп, Тасемен кейігенде басқа
жігіттер күліп тұрды. — Иттің қиы дəрі болса Дарияға...
— Басқа жылқышыларды қосқанда олар немді бітіреді, не ұрыны
танымайды, не бір ұрған сойылдан қалмайды, — деп, Жайнақ тағы
тықылдап, шұбырта бастап еді, арт жағында тұрған қарагүжбөн жігіт
құлын жарғақ киген тап жауырын ортасынан қолқамшымен тарс
еткізіп тартып қалды:


— Жетті енді, мұндай жаман күлген сайын құтыра түседі. Айт
айтатын болсаң, əйтпесе қазір шықшытыңды айырамын.
— Енді... енді, — деп арқасына қамшы өтіп, қайқаң еткен Жайнақ
кемсеңдеп қалды, — таныдым дедім ғой.
Бұл — байталында айғырдан шыққан қулық. Əуелі ақбақай жирен
айғырдан шығып еді, содан ала айғыр қызығып, бұзып кеткен. Содан,
ақыры ешкімге билетпей, буаз қылды ғой, сен қызғанып тұрсың ба?
Жігіттер ду күлді.
— Шақарын қараш, шақарын, тілі мірдің оғындай!— деп, қамшы
сілтеген қара жігіт те тісінің арасынан еріксіз күлді.
— Бəсе, бағытымыз дұрыс екен. Мына байғұс жүрісті көтере алмай
қолау боп қалған ба десем, жамбасы сыныпты. Сойыл тиген ғой.
Қиралаңдап ере алмаған соң тастап кеткен екен. Бірер ай ерте
құлындағаны да содан болар, — деп Жайық карт Тасеменге бұрылды
да, ымырт түскен далаға қарақошқыл аспанға қарады. — Бұдан əрі
енді жүре алмаймыз. Із көрінбейді екен. Байқайсыздар ма, жел
тынғанын. Мұның арты жауынға айналмаса неғылсын.
— Сонда далада түнемекпіз бе?
— Қарын да аша бастады.
— Ештеме етпейді, Сағынай аталарыңның асында тойған
жоқсыңдар ма, тоқтықтарың əлі тарқаған жоқ шығар, — деп қараң-
құраң етіп үйірілген топқа Жайық сынай қарады. — Тамақ іздейтін
қонаққа келе жатыр ма еңдер.
— Ау, Жəке, аттарды тынықтырып, суарып таң асырып дегендей...
— Жарайды, осы маңда ауыл бар ма, ана шеттегі жуан қайыңның
біріне шығып, жан-жаққа көз салыңдар. От көрінер ме екен.
Ұмытпасам, мына оң жақ өкпе тұста қанжығалылардың бір-екі ауылы
болатын...


Сарыарқаның ұзыны мен көлденеңін айқыш-ұйқыш кезіп, талай
шарлап, көп жерлердің өзен, көл, тау-тасы түгіл, кіші-гірім сай
жыраларына дейін, тіпті асыра айтқанда əр бұтасы мен шұқанағын
жатқа білетін Жайық қарт жаңылмапты. Бес шақырымдай жерде он
шақты үйлі ауыл бар екен...
Жігіттер оннан бестен бөлініп, жайлауға шыға алмай ауыл
төңірегінің отымен отыратын шағын елдің жер кепелеріне түнеп
шықты.
Бұл елдің айтуына қарағанда да қуғыншылардың бағыты дұрыс
екен. Таң намазына тұрып, тысқа шыққан бір-екі шалдың, жол жүріп
келген бір ересек адамның алыстан көргені сол - бұдан үш-төрт күн
бұрын бағанағы шоқ ағаштардың тұсынан көп мал өтіпті. Жайлау, не
қоныс ауыстырып, əлде күземге ерте беттеген шаруаның қимылы емес,
қара құртша қаптаған көп жылқыны топырлата айдап, асыққан
біреулердің суық, үрдіс жүрісіне ұқсайды. Тасемен мен Жайық мұны
көрген адамдардан ежіктеп, барымташылардың түр-түсін, жалпы
нобайын сұрап, суыртпақтап тартса да, бұдан басқа ештеме біле
алмады. Қайдан білсін. Шынында да ауыл тұсын айнала өтіп елді
мекенге соқпай, мидай дала, елсізбен жүретін ұрылар із-түзін
оңайлықпен танытсын ба. Егер білген күнде де екі елдің арасына түсіп,
басын бəлеге байлап қайтсін. Аз ауыл ұрыларды əңгіме еткеннен гөрі,
керей жігіттерінен Құлагер жайын кете-кеткенше сұраумен болды.
Кеше ел аралап қайтқан адам Сағынай асындағы сұмдықты айтып
келгенде, бəрі жағаларын ұстап, қазақ жұртында бұрын-соңды
естімеген мұндай хайуандық иесі кім екенін біле алмай, ұзақ түнде бас
қосқандар əңгімені əр саққа жүгіртіп, əркім өзінше жорамалдап тон
пішкен. Дастарқанын жайып, бір қора қуғыншы керейлерге барын
төгіп отырып та Құлагер өлімінен жібі түзу сөз ести алмай қала берді...
Келесі екі күн қуғыншылар үшін ең ауыр жол болды. Түнде біраз
құйған қара жауын ашылыпты да, қарауыл еліне қарай қалыңдай
түскен тоғай ішін қалың тұман сіресіп басып алыпты. Салқын ақ
бұлттай соқыр тұманның арасымен жылжыған топтың жүрісі
маңдымады. Көшіп кеткен, қоныс аударған талай елдің жұртымен
өткен мал ізі көбейіп, ескі, жаңа тұяқ орындарын айыру оңайға


соқпады. Жан-жаққа бытыраған көп жылқының тура бағытын тап
басып таба алмай, отыз жігіт отыз жаққа шолғыншылап, із кесіп əуре
болды. Жайық қарт атынан талай түсіп, мал қиына дейін зер салып,
ізшіл, жолшыл сұңғылалығымен ғана жаңылмай келеді...
Көкше еліне тереңдей кірген сайын тарам-тарам бөлініп, əр жаққа
із тастап, қайта қосылып, қайта ажырасып бұлталаққа салған
барымташылардың бағытынан көп адасып, көп жаңылған топ,
төртінші күні зорға дегенде Мезгіл болысының қалың қарауыл
жайлаған тұсына іліккен.
Бұл маңда оңнан да, солдан да ауылдар жиі ұшырай бастады.
Қалың қарағайлы, кейде қайың мен терек аралас тоғайдың
қалтарысынан шыға келсе, анадайдан түтіні шұбатылған елдің қарасы
көрініп, тіпті кейде жер ошақта маздаған қой қиының иісі келеді
мұрынға. Сонда да жосылған із бұл ауылдардың біріне соқпайды. Ең
жақындағаны қозы көш жерден, не ит даусы талып естілер жерден
жырақ өтеді.
Көз байлана бастаған кез еді. Тұман сейіліп, қатты жел тұрған.
Сабағы дымданған күзгі боздың түбін суыра үрлеген жел арты қара
дауылға айналды. Жаңбырға суланған қаңбақтар ымыртта жөңкіген
мал құсап, тоңқаңдап, ербеңдеп дала кезіп, жосыла бастаған.
Əшейінде, тынық күннің өзінде сыбырласып, дауыл шақырып тұратын
ағаштар жапырағын ұшырып, ұшар бастары теңселіп, жел өтінде
зарлы гуілге салып, шулайды. Ескі ұялары желге шыдамай қалбаң
ойнап бөрікше ұшқанда, зəресі кетіп қарқылдаған қарға атаулы шырқ
айналып, тоғай үстінде қара бұлтша қаптап, өлексе көргендей даланы
басына көтерді. Əр бұтаққа қонақтаған момын қырғауылдар ғана
əткеншек тепкендей теңселген ағашпен бірге ырғалады. Дəл тұсынан
қаптаған салт аттылар өткенде де, қаратаған, сауысқандарша байбалам
салмайтын жуас құстар марғау.
Алдан кең алаң — көлемі ат шаптырымдай ағашсыз жазық кездесіп
еді, дəл орта тұсында бейғам жусаған қалың мал ұшырады. Жылқы
екен, Көлемі — екі үш қос. Із тура осы араға тірелді.


Қуғыншылар қатты желіске салып лекіте тартқанда, Жайық атын
тежеп, қолын көтерді. Тасемен де қатарласып бөгеле берген.
— Жігіттер, - деді қарт өзін айнала қоршап, ыққа алып тұра қалған
сұсты жігіттерге. Қуғыншылар із тірелген қалың жылқыны көргенде
жүректері тарсылдай соғып, қайсыбірі шоқпар, сойылдарын оңтайлай
бастапты. Жайық керейлер жайлаған Бурабай тұсынан өткен соң-ақ
қолды болған көп малдың қарауылдардан келген кер екенін
түсінгендей еді. Содан бері бұлай қарай басуға кегежесі кейін тартып,
өзінің жиендігінен ғана емес, кеше ғана Құлагері өліп, қара жердей
боп, намысқа булығып, ащы қымыздай шулығып тұрған елді
бөріктіріп, істі насырға шаптырғысы келмей, бəріне жол көрсетіп, із
қуып келе жатқан өзі болғандығына кейіп, қуғыншылардың бетін
басқа жаққа да бұрып кету ниетінде еді. Бірақ, біреуге қызмет етсе
ақырына дейін барын салып таза еңбек ететін, жаратылысында адал
жан ондай қулыққа табан аузында баса алмады. — Ал, із ұшығына
түсіп ек, ақыры түйініне де жеткен сияқтымыз. Байқаңдар, тентектік
жасап жүрмеңдер. Əуелі біліп алайық анық-қанығын. Мүмкін, мүлдем
біздің мал емес шығар. Болған күнде оны былай еркін жайып қоя
бермесе керек. Қақпанға түсірер айла емес екенін қайдан білесіңдер.
Əйтеуір сақ болыңдар. Абайлаңдар. Мұндайда тоғай арасында күтіп
жан-жағыңнан лап қояр қалың қолдың тұрмасын кім біледі.
"Шешінген судан тайынбас" деп, мəгəркім жылқы ұрлаған осы ел
болса, күтінбей бейғам отырмас.
Ат жалын тартқаннан бері байлардың барымтасымен ауызданып,
талайды зар жылатқан өз елінің мына əумесер, өркөкіректеріне соңғы
сақтықты əдейі қорқыта айтты. Оның үстіне, егер тасадан шығып шын
соқтығып қалар сайланған жұрт болса, Пандардың малы үшін қосақ
арасында кетермін деген өз қаупі де бар еді.
Сойыл сүйреткен сұсты топ аттарынан түсіп, айыл-тұрмандарын
жөндеп, аттан салар үн шықса лап қояр қанды айқасқа дайындалып
тұрды да, екі-үш аттылыны, ішінде Жайнақ бар, алда жусаған көп
малды аралап көріп қайтуға жіберді. Олар бір сүт пісірімдей уақытта
қайта оралды.
— Ештеме білінбейді.


— Бұл жатқан Нұртаза болыстың малы екен. Бұл араға кеше ғана
келіпті.
— Тіпті жылқышылары да аз. Жоғалған жылқы іздеп жүр едік
десек: "Көрген жоқпыз", "бұл жақта бейсауат жүрген мал көрмедік"
дегеннен басқа, түстерінен де ештеме аңғарылмайды. Əшейін
ештемеден хабарсыз, жайбарақат жандар...
Бұлар екіден, үштен бөлініп, қас қарайғанша жан-жақты
шолғыншылап, маңайдағы ауылдарды аралап, əркімнен сөз тартып
көріп еді, ұралаған малдан түк сыбыс естілмейді. Түннің бір уағында
қатты жауын басталған. Жел аралас қиыстай соққан нөсер, бара-бара
шелектеп құйып, күземдегі малды да бүрістіріп, сай салаға қуып
тықты. Əр тоғай бауырын паналап, мал қайғысынан бас қайғысына
түскен керейліктер, түн ортасында малмандай су боп, келіскен бір
қосқа жиналған.
— Тасемен,— деді, қос бұрышында құнысып отырған Жайық қарт.
— Мен ертең атымды тынықтырып алып, елге қайтам. Сендер
Қызылжарға дейінгі ауылдарды тұс-тұсқа бөлініп, аралаңдар. Ай,
қолды болған мал енді табылар деймісің.
— Жəке, бəріміз бірге қайтармыз. Сіздің бірге болғаныңыз жөн, —
деп еді Тасемен.
— Жоқ, мен өз міндетімді атқардым. Іздің тірелген жеріне дейін
əкелдім, ендігісіне менің қолымнан келер де жоқ, сендерге
масылдықтан басқа пайдам да жоқ,— деп Жайық алған бетінен
қайтпады...
Таң ата шырт ұйқыда жатқан керейліктер алыстан шұрқырап
Нұртазаның көп жылқысына кеп қосылған торы атты білген жоқ. Торы
ат соңынан келген қанжығалылардың белгісіз марқұмның қан-қан
киімін жылқышыларға беріп, аты-жөндерін де айтпастан болдырған
аттарын тебініп, қауіпті жерден бас сауғалап кеткендерін де сезген
жоқ.


Қаншама жол жүріп, өз үйірін тапқан торы аттың сол түні пышаққа
ілінгенін де ешкім білмеді.
5
Бұл күндері шағын қараша ауыл Қара теректің шет жағындағы
атамзаманғы ескі үйде тұратын əнші Бəтжанның жамағаты Əлиманың
кəперінде түк жоқ. Күнде ертемен сиыр сауа шыққанда жақында
жолаушылап кеткен ерін бір рет есіне алып, сонадайдан қарауытқан
қалың тоғайға шұбатылып кірер қара жолға аз уақыт көз тастар еді де,
шошала ығында күйісінен жаңылғандай пыс-пыс етіп, ыңырана түсіп
жатқан ұйқылы-ояу сиырының сауырынан алақанымен ұрып, ауыз
қорадағы қақ ашаға байлаулы бұзауын басжібімен босатып, орнынан
ырғатыла тұрған енесін идіруге жіберер еді.
Бүгін де осы əдетімен меңсіз қызыл бұзауын идіріп алды да,
қызылқасқа сиырдың жылы бауырында отырып, желіні босап суала
бастаған болбыр емшектерді созбалай берген.
Күз аспанының мазасыз шағы. Таң атып, күн шығуға жақындаса да
тұманды, сызды дала алакөлеңке. Кеше күн бата тынған жел əлі
көтеріле қоймапты. Ауада бетке жылбысқы тиер дым бар. Бұл кезде
ауыл үйдің басқа əйелдері де күпілерінің белін қаусырына байлап,
бүрсеңдеп жүріп мал сауу қамына кіріскен екен. Енді бір пысықша
кемпірлер сиырларын алдына сап өріске қарай беттеп барады.
Əлиман сиыр сауып отырып, күндегі ойға түсті: Жаздағыдай емес,
қасқа сиырдың сүті ағаш шелекке күрпілдеп құйылмайды, сыздықтап
жіңішке шұбатылады. Бұрын төрт емшегінің ұшындағы жасудай
көздерден саусақ тиер-тиместе мөлдіреген аппақ сүт ағылып, басып
қалғанда үрпіден сыр етіп атқылаушы еді. Күзде суалғанда да тап
мұндай болмайтын. Биыл бір емшегі кеткеннен бері, басқа емшектері
де қожырмақтанып, біраз сауғаннан кейін сиыр да ауырсынғандай
тықыршып орнынан қозғалақтап, құйрығымен сабалай бастайды.
Күзде қожырап сүті азайғанмен, маңызы кемімей, қайта қоюлана
түсетін сияқты еді, енді піспекпен май алу былай тұрсын, шайлықтан
артылғаннан ұйытқан қатыққа балалар жарымай жүр. Қасқа сиыр сүтті
еді, көз тиейін деді ме? Əлде қартайған да шығар-ау. Имиген мүйізінің


түбіндегі буылтықтары да көбейе бастапты. Күйіс қайырып малжаңдап
жатуынан көрі, пысылдап, ауыр ыңыранып, маужырап жататын
күндері көбейіп келеді. Ана жылы Көпес Сүлейменнен ел болып көп
сауын сиырды жалға əкелгенде, Бəтжан осы қасқа сиырды алғанына
қуанып жүретін. Содан бері неше жыл өтті: бес жыл екен-ау. Бес рет
бұзаулап, уызын ішіп, тайынша болғанша асыраған бұзауларын иесіне
аман-есен беріп отырдық-ау. Енді ғой, бес-ақ жыл қалды. Амандық
болса бес жылдан соң, қызыл қасқа сиыр басымен бұлардың иелігіне
қалады. Одан кейінгі бұзаулары да өзінікі. Апырым-ай, сонда енді
неше рет бұзаулар екен. Өзі сиыр неше жасаушы еді. Оны Бəтжан да
білмейді. Əй, Бəтжан-ай! Ел аралауға бір шықса, көпке дейін орала
қоймайды, биылғы жұртпен бірлесіп ауыл іргесінен шапқан шөбің де
əлі тасылмай далада жатыр. Оны дұрыстап шошайтып үйсең жақсы
ғой. Жауын өтіп қарайып, қызып кетпесін əлі. Əншілігінде мін жоқ-ау.
Жиын-тойларда шырқата əн салғанында ауыл келіншектерінің
арасында иығым бір көтеріліп қалады. Шаруаға да сондай болсаң ғой.
Қайтейін. Мына үйелмелі-сүйелмелі төрт-бес күшігіміз де өсіп қалды.
Ана кішкентайларында əлі жібі түзу киім де жоқ. Ертең бозқырау
түскенде далаға кіріп-шығар лыпа жоқ. Жалаңаяқ шығып, табандары
жалтырап, үйге қайта дызылдап кірген сайын, бүкіл тұлабойымды
суық темір қарып өткендей болып, көзімнен жас та ыршып кетеді.
Саған білдірмеймін. Білдіргенде сен қайдан таба қоясың. Əй, осы қу
кедейліктен қашан құтады екенбіз. Е, оңайлықпен құтылу қайда.
Маңдайға мықтап жазған ғой?! Қашан балалар есейіп, өз қолдары өз
ауыздарына жеткенше не заман. Қойшы, тəубə, тəубə.! Ақан ағай мал
беріп босатып алмағанда, Бəтжан əлі күнге дейін ана төрелердің
құлдығынан құтыла алмай, мал соңында салпақтаумен жүрер еді-ау
мына балалар ғой онда... Е, олар түгілі менің өзім, кім білсін, кімнің
етегінен ұстап кетерімді... Өй, мына бір кімнің мəлігі, сүйкенуге жер
таппағандай қараш, ,ап, а былай!"
Төбесін, шаңырақшалап, талдан өрген дөңгелек шошаланың сырт
жағынан бір малдың құйрығы көрінгендей болды. Қышымасы бар
бөтен сиыр ма сүйкеніп жатқан деп, Əлима шелегін алып орнынан
тұра бергенде, əлгі мал тағы да қозғалып, құйымшағын көрсетті.
Құйрығы да шолтаң етті. Ат екен.


"Е, бұл кімнің аты, шошаланың бауырында не ғып тұр" деп
күбірлей жүріп, шелегін есік аузына қоя салып, атқа барған Əлима
əуелі состиып тұрып қалды да, сəлден соң қуаныштан жымиып, күліп
жіберді. Сылауы түсіп, бүгілген саусақтай көрінген жалғыз талға
байлаулы Бəтжанның тайбурылы. Əлиманың алдында таңырқап
қалғаны — бурыл аттың құйрық-жалы, тіпті кекіліне дейін күзеліпті.
Бұрын үйреншікті көзге сымпиып, жараспай тұр. Əлима, "мұнысы
несі, үйде-ақ күземейтін бе еді" деді де қойды. Ердің жырымында
үлкен қоржын. Бəтжан бұл қоржынды жол шыққан сайын əсте
тастамайды, кейде жүрген жерінен бидай, тары, балаларға
ағайындардан сəлем-сауқат деп, елден қисса, əн айтып тапқан ол-пұл
табысын ала келеді. Əйтпесе атадан туа жетім Бəтжанға қайдағы туыс.
Осы жолы қоржын томпиып, тарсылдап тұр. "Тегі олжалы оралған-ау.
Қайда баратынын айтпай кеткенде бір гəп бар екен ғой, бəсе!"
Əлима алғашқыда аттың ық жағына қарай жасырынып, Бəтжан бір
арада тығылып тұрған шығар деп көрінбей, қуланып еді. Бірақ, жуық
арада шыға қоятын Бəтжан жоқ. Жұрт малын өріске айдап, түгел
аяғынан тік тұрып, ауыл шетіне беттегенде, бұл да сиырына асығып:
– Бəтжан, Бəтжан, жарайды енді, тығылмай-ақ қой, — деп күліп
еді, Бəтжан жауап қатқан жоқ. Əлима үйді айнала жүгірді. Жоқ.
"Е, мұнысы несі, əлде түн ортасында келіп, ұйқыдағы балаларды
мазаламайын деп, аран ішіне жата салды ма екен?" Əлима жүгіріп
аранға барды. Онда да жоқ. "Е, аты болдырғасын аяп, тоғай
сыртындағы шөбін көріп келуге жаяу кеткен шығар. Бірақ
Қобыландының тайбурылындай деп мақтайтын буырылы ауыл
арасына болдыра қоюшы ма еді. Онда түнделетіп жүргені несі?
Бүйтпеуші еді ғой".
– Бəтжан, Бəтжан, — деп сағыныш аралас үнмен айғайлаған
Əлима: "Үйбай-ау, мал өрістен қалып қояр" деп, сиырын алдына салып
жүре берді. Қашан сиыр айдаушыларға жеткенше артына жалтақ-
жалтақ қарап барады.
Аз күн ері жолаушылап кетсе елегізіп, қоңылтақси қалатын Əлима
бурыл атты көрген соң, бұрынғыдан бетер Бəтжанын сағына түскен


сияқты. Елді жиі аралап, əн салып, көбінесе Ақан қасында көбірек
аялдап, жүріп қалатын ерінің мінезіне еті үйренсе де, оны ойламауға,
сағынбауға төселе алмай жүр. Бəтжан келген сайын бес бала бес
жақтан бассалып аяғына оралып, жабысып жатса, Əлима да дардай
боп кішкентайларынан қымсынбай мойнына асылып, құшақтап
жатқаны.
Осы жолы да өрістегі малға сиырын қосысымен жалт бұрылып
тоғай бауырындағы шөптеріне тартты. Жұрт пішендерін тасып алған.
Шабындық орнында үш шошақ шеп қана қалыпты. Бұл Бəтжандікі.
Əлима жүгіріп жүріп үшеуін де қарап шықты. Қанша қырсыз
дегенмен, Бəтжан жасынан төрелердің есігінде жалшылықта жүріп, əр
шаруаның басын бір шалып, қай жұмысқа салса да тартынуға шарасыз
жігіт көмбіс боп төселген жоқ па. Мына тап-тұйнақтай салынған
шошақтардың сол ықтиятты шаруақор адамның қолымен үйілгені
көрініп-ақ тұр. Бауырында шашылған бір көлем шөп жоқ, күннен
күнге басылып, отаулана шөккен шошақтың төбесі желге қопсымай,
суағарланып жаншыла түскен. Əлима соңғы шошақтың бүйіріне күсті
қолын ағаш жұтқышша терең сұғып жіберіп, бір уыс шөпті дудырата
жұлып алып иіскеді. Сəл дымқыл тартқан жидек жапырағы аралас
көкпеңбек жоңышқадан көктем исі мұрын жарады. "Ой аллай, – деді
іштей Əлима, — тура Бəтжанның иісі сияқты!" Жазда Бəтжан күн
батқанша қалың жоңышқада шалғы тартып, үйге келе кешкі тамағын
ұйқылы ояу қалғып-шұлғып ішетін де төсекке құлайтын. Күн ұзақ
далада ойнап, күлге аунаған тауық балапандарындай қара қожалақ
болған шитімдей балаларын жуындырып, жайғастырған соң Əлима да
тоң майға шытырлай жанған сығырайманы өшіріп, тəтті ұйқы
құшағында жатқан Бəтжанның кең кеудесіне қалың шашын төгілте
тастап, балаша еркелеп, басын сүйейтін. Сонда ерінің тұлабойынан
мына дала шөбінің жұпар иісі келетін мұрнына.
Титтей қыз күнінде байлардың атқосшысы боп жəрмеңкеден
оралған əкесі қол басындай бір шиша əтір əкелген. Сол шишаны бір
жылдай үнемдеп, гүл жапырағында мөлдіреген таңғы шықтай ғана
саусағаның басына тамызып, қос тұлымының түбіне жағатын. Мұны
көрген əкесі бірде: "Өй, қыз болмай кеткір!" деп қарқылдап тұрып
күлген. Ақыры сол шишаның түбінде қалған екі-үш тамшы иіссу


əкесінің мəйітіне бұйырған. Сүйекке түскендер мəйітті жуып, ақыретке
орап, оң жақтан шығарар кезде Əлима бойтұмардай сақтаған əтір
шишасын сарқып, соңғы тамшыларын əкесінің өлі денесіне тамызып,
соңғы көз жасын да төгіп жіберіп, өксігін баса алмай, кеудесіне
маңдайын тіреп мұсылман рəсіміне жат мінезбен өлікті құшақтап,
айырылмай ұзақ жылаған. Өмірінде бірінші көрген сол əтір иісін
қамқор əке өзімен бірге суық көрге ала кетіп еді. Тек есейіп, етек
жауып, тұрмысқа шыққаннан соң ғана Əлима сол иісті Бəтжанның
ыстық құшағынан иіскеп еді. Бəтжанның кеудесіне басын салып
маужырап жатқанда да Əлимаға осы ойлар келетін.
Кейде қаршадайынан əкеден жетім қалған, қыз болып бой түзеп бір
жібі түзу киім кие алмағаны, ақыры Ақан сынды қамқор адамның
жалшылықта жүрген əнші Бəтжанға мейірі түсіп, құлдық
тауқыметінен айырып, Əлиманың сырттан билеген бір алыс
ағайындарына қалыңын төлеп екеуін қосқаны, содан үбірлі-шүбірлі
қатардағы үй боп кеткен бақытты тұрмыстары есіне түсіп, қуаныштан
ыстық жасын Бəтжанның кеудесіне төгіп те алатын. Көбінше
Бəтжанның жүрек соғысын тыңдап жатып, қалай ұйықтап кеткенін де
білмейтін еді-ау".
Əлима үйіне таяп қалған екен, алдында, əудем жерде кетіп бара
жатқан имиген бүкір кемпір мұны тосып алды. Етікші Теміртай
шалдың жамағатын көргенде Əлиманың бойы сергіп, енді күнделікті
күйбең тіршілік есіне түсіп, ширақ адымдай түсті. Теміртай қарт
айтулы етікші болмағанмен, қатар қонған екі-үш ауылдың кедей-
кепшіктерінің ең қадірлі адамы. Жыл он екі ай бойы қыста қоржын
үйдегі жылы жарма пешке арқа сүйеп, жазда күн шуақта есік
алдындағы көгалда отырып алып, етік тігумен əлек. Көбінесе тігетіні
жаңа емес, ауыл адамдарының үлкені бар, еркек-ұрғашыларының
аяғынан түскен ескі-құсқыларын жамап-жасқап, бүтіндеп отырғаны.
"Ескі құрағанның есі кетеді" демекші, мінезі тік, жоқ нəрсеге апы
кіріп, күпі шығатын баяпар қара шалдың қасына ешкім батып
бармайды. Ұзақ жатып қалған аяқ киімдерінің жайын білуге келіп, бас
салып шаруасын айта алмай міңгірлеп, көр-жерді сылтауратып,
етікшіге көпшік тастап маймөңке сөзбен дөңгелете бастағандарды: "Əй
қарағым, еткішінің қасында отырма, сөзі тиер өзіңе, бізі тиер көзіңе"


деп, маңынан айдап салады. Одан əрі жайыңды түсіндіре бастасаң:
"Əй, кемпір, мына пахырдың көк жұлықтары қайда еді, əкел тез" дейді.
Қырық жыл отасқан кемпір шалының мінезіне қанық, екі сөзге келмей,
етегіне салған былғарысы күлімсі сасыған өңкей қиқы-шойқы
ұсқынсыз аяқ киімдерді қасына əкеп төге салады да, бұдан əрі не
боларын білсе де, іс-міс жоқ, шаруасына кете береді. Шал алдындағы
ісін былай қояды да, əлгі киімдерді біртіндеп алып құлашы кеткен
л.ерге лақтыра береді, лақтыра береді. "Бар, басымды қатырма, мен
шабан екем, жылдам тігетін Қаройдағы Досқа, Керекудегі Еске,
Қарөткелдегі Жайыққа, Қызылжардағы Мекешке апар, олар көн
етігіңді көзел етіп, көттігін көк жіппен, қонышын қызыл жіппен жиып,
жиырма жыл сықырлап, қырық жыл шиқылдап өзі жүретін етік етіп
береді" деп, атышулы етікшілердің құлағын шулатып, қуып жібереді.
Не керек, соңынан, бəрібір сол ескілерді жамап, ілдебай ғып беретін
өзі. Алдына қайта келетін жаңағы көк жұлықтарды ол танымайды да,
оның кімдікі екенін сұрап та жатпайды. Оны иесінен қайтып алатын
да, қайтып беретін де кемпірі. Ақы-бұлына келісетін де сол. Əйтеуір
қысқа жіптері күрмеуге, ұзын жіптері жөрмеуге келмейтін. Қолы қысқа
жоқ-жітіктің жыртық, жамауын бүтіндейтін осы шал.
Əлима балаларының үлкенінен түскенді кішісіне кигізіп,
Бəтжанның тозған киімдерін тарылтып, аударып, əйтеуір ілдəлдалап
кішкентайларының үстін аса жүдетпеуге тырысады. Мына кемпірге
көбірек баратын да осы ауылда өзім деп ойлайды.
– Ə, апа, тəуір, тиышсыз ба? - деп кемпірді қуып жетіп жайраңдап
амандасты.
– Мына күзіңіз қайтеді. Суытатын түрі бар-ау. Апа, жүріңіз, жаңа
қоламтаға құман тығып кетіп ем, шəй ішейік.
– Е, бəрекелді, ішсек ішейік, – деп кемпір де тез икемге келіп, екеуі
үйге тақай берген. Əлиманың жүрегі біртүрлі алып-ұшып, бағанағы
орнынан тапжылмаған бурыл атты көргенде үрейленейін деді.
– Бəтжан жолдан келген бе, əлде бір жаққа сапар шекпек пе? – деп,
атқа көзі түскен қырағы кемпір ернін сылп еткізді,– Қарағым-ау,
мынасы несі, қайдағы жаман ырымды бастап!


– О, не апа, не көрдіңіз? – деп Əлима да кемпірге сезіктене қарап
еді.
– Мына Бəтжанға не болған, жасынан жылқы бағып, көзі шыққан
қазақ баласының өзінің мініс атының сынадай сиқын алып, күзегенін
көрсем көзім шықсын,— деп, бурыл аттың қара жалын түбіне дейін
тып-типыл күзеп, қою құйрығын көтеншегінен бір сүйемдей ғана
қалдыра шолтитып, шұнақ ешкідей шорт кесіп тастағанына таңырқады
да, түйенің құмалағындай түйіп, ұшын қиған кекіліне көзі түсе
бергенде ішін тартты. – Сұмдық-ай, мынау тұлданған ат қой. Жаным-
ау, Бəтжан қайда, аман ба өзі, қарағым!
Бүкір кемпірдің айғыз-айғыз əжімді беті кең қазанға қайнатқан қою
іркіттей түгел жыбырлап, ұсқыны өзгеріп кетті. Тұлданған аттың
жайын білмесе де, қарттың жүзінен бір жаманатты сезген Əлима да
ащы дауысы шығып үйге бір кіріп, бір шығып:
– Бəтжан, Бəтжан! – деп жанұшырды. Бəтжан жоқ. Бурыл ат
оқыранды Əлиманың даусынан оянған балалардың бірі жылы
төсегінен атып тұрып: "Көке-көкелеп" қарны жалтырап сыртқа шықты.
– Бəтжан, Бəтжан қайдасың? Қайда кеттің, Бəтжан! – деп ерні
дірілдеп, кемсеңдеп, əлденеден секем алған Əлима жүгіріп барып
қанжығадағы қоржынды шешті. Оны неге шешті, неге ашты – өзі де
білмейді. Бəтжан жолаушылап келгенде қашан жырымды шешіп,
қоржынды өзі үйге кіргізбейінше Əлима ат маңына жоламайтын. Ері
келер келместе, бас салып түйе жүндегендей не əкелгенін көруге
асыққан қайсыбір қатындардың жаман ырымынан аулақ еді.
Əлима қоржынға қолын қалай салғанын да білмеді. Ішінен
Бəтжанның қан баттасқан шапаны, жұлығына дейін қан-қан етігін
суырып алғанда боп-боз боп қуарып кеткен келіншек бір-ақ рет
ықылық атып қалды да, əуелі баяу күлді. Содан соң мəңгіріп отырып,
тағы күлді. Бұл жолы көзі шарасынан шығып, бет пердесі бұзылып
сақылдап күлді. "Бəтжан, Бəтжан!" деп есі шыға елеурей күліп, қанды
шапанды бас салып өкірді. Басын көтеріп тағы күлді. Тағы өкірді.
Одан кейінгі кейпі сау адам емес, есі шығып, аяқ астында жынданған
жанның бейнесіне түскен еді.


Бұдан əрі Əлима өзінің не істеп, не қойғанын білмеді. Бүкір
кемпірдің де қосыла жылағанын, бүкіл ауыл адамы тайлы-таяғына
дейін жиналып шығып, жұрттың жайсыз тұрысынан қорыққаннан
балаларының күзгі жел өтінде ботадай боздап еңірегенін де білмеді.
Қай уақытта талықсып барып, естен танып сұлқ түскенін де білмеді.
6
Дала тіршілігінің қызығы да, бұзығы да көп, жаратылысында
ақжарқын, сауықшыл момын халықтың ел ақсақалын пір тұтып, оның
алдында именіп, ибалықпен тізгінін үлкеннің қолына берер үлгілі
рəсімі болса, бір даурықса тоқтамайтын, бір қызса тез суымайтын,
шектен шығып кетер жүгенсіз қылығы да көп.
Барымтаның қарауыл жұртының қайсысынан келгеніне көздері
анық жетпесе де, əйтеуір осы елдің ісі екенін жазбай таныған керей
жігіттерінің бір жұмадан бері қылмағаны жоқ. Ессіз жатқан есіл малға
кезіккен аш қасқырлардай бүгін бір ауылдың шаңын қақса, сол күннің
кешінде екінші ауылды тінтіп, тіміскіп, əлек-сəлегін шығарады. Кез
келген жылқышы, малшыны ұстап ап, көкпарша созбайлап, із-түзсіз
жоғалған жылқыларын қазбалай сұрап, ештеме көрмеген елдің зəре-
құтын алып, қайсыбірін соққыға жығып кетеді. Жасанған отыз жігіттің
азығы да ел үстінде, берсе қолынан, бермесе жолынан деп таңдаған
малын алып ұрып, жəукемдеп, саба-саба қымызды сарқа ішіп, бір
ауылдан түстеніп, бір ауылдан "қонағасы жеп" еркін сайрандап жүр.
Бұрын-соңды осы өлкенің тісі батып көрмеген Барақпай ауылын да
үркітіп, бір ту биесін жайратып кетіпті. Барақпай ауылы – исі атығай-
қарауылға, қала берді көршілес керей, қыпшақтарға əйгілі, атышулы
ауыл.
Алдарына салған малдары болмаса да, аса таршылық көрмей, жұрт
ризығына ортақтасып жүрген ашқарақ ел. Арғы аталары Ақмалшыдан
қалған ата дəстүрі болмаса да, қазіргі Барақпайда ат жалын тартқан
жастарынан бастап, атқа мінуге жарайтын шалдарына дейін баукеспе
ұры. Алыстан, жақыннан демей, жыл он екі айда жымын білдірмей
мал айдатып алып кəсіп еткен елге осы күнге дейін ешкім ештеме қыла
алмай келеді. Мал ұрлағанда ешкімнің шымбайына батып,


шаруашылығын ойсыратып кетпейді, бір мал, көп болса, екі мал ғана
алып, қайтып ол араға соқпайды. Мал ізін суытпай соңынан барар жан
болса, терісі түгіл сүйегін таба алмай, істі насырға шаптырса, бір
қағаберісте, не қайтар жолда сыбағасын алады. Онда да ешкімге із-
түзін білдірмейді. Содан да олар батыл, содан да олар жүрек жұтқан.
Оның үстіне кейінгі жылдары қарауыл шонжарларының қолшоқпары –
солар. Біреуге өшіксе, кек алғысы келсе, Барақпай жігіттерін жұмсап,
ұрлық артын жым-жылас етеді. Бірлі-екілі қарасы жоғалған əлсіз
адамдар Барақпай ауылының жігіттерінен қолды болғанын сезсе "онда
кетті дей бер", "шығасыға шыққан мал ғой, Құдай тағы бір жөнін
берер" деп Құдайына сыйынғаннан басқаға немесе "Алланың кəрі
ұрсын!" деп қарғап, сырттай кіжінгеннен басқаға дəрмендері жоқ.
Нұртазаның ұрыларының көбі – осы ауылдың жігіттері.
Керейлікттердің көп шұйлыққаны да содан. Əр үйді жеке-жеке аралай
жүріп сұраса да, не баласы, не кəрісінен бір түзу жауап ала алмай
ашынған қуғыншылар екі жігітін ұрып, бір малын жегеннен басқа түк
шығара алмапты. Ауыл ұрыларының көбі жортуылда, сапарда екен,
хабар тиісімен тез жиналып, керейліктердің соңынан кек алуға
аттанғалы жатқанда Нұртазадан хабар тиіп, тосылып қалған.
Алдарынан еш бөгесін, тосқауыл көрмеген қуғыншылар Көкшетау
уезінің батысын жайлаған бар болысты шарлап жүр. Əдейі соқтығуға
қара таба алмай, берісі Мезгіл, Шалқар болысынан бастап, Жыланды,
Имантау, Зеренді, Айыртау болыстарында лаң салмаған жерлері кем де
кем. Қарауыл иемденген Есілдің салалары Ақанборлық, Тайсары,
Жабай, Ақсораң, Жыланды жайлауларын күземдеріне дейін сүзіп жүр.
Ақ киік, қойлы атығайлар мекендеген Ұзынкөл, Қандыкөл, Аралаш,
Былқылдақ көлдеріне дейін бойлап, Құдайберді, Есенбай, Шоқтыбай,
Бейімбет руларының жайлаулары – Қалмакөл, Салқынкөл, Ащылы,
Жекебоқты аралап, Құлайғыр, Тоқты өзендерінің жағалауында жатқан
малдарды түгел тінтіп шықты. Бес алты жігіттерін жан-жаққа таратып,
алыстағы Қызылжар керейлеріне дейін шолғыншылатып жіберген.
Тыныш, бейғам жатқан елді қан қақсатқан есер топ екілене-екілене
түседі. Қарсы келіп, жағадан алып жағаласар жан болмағанына
ызалана түскендей. Бірақ, атойлай дақпырт салмай соңдарынан еріп,


мысықша басып жымын білдірмей алыстан іздерін аңдыған
Нұртазаның жансыздарын сезген бұлар жоқ.
Тек соңғы күндері ғана, алдында Мезгіл болысын басынып,
күшігін 
алдырған 
қасқырларша 
тап 
берген 
керейліктердің
сойқандарын естісе де, елемеген басқа болыстар өз елдеріне де шоқпар
ойната бастағанда, бастарын көтеріп, ашуға мінген.
Сүлейменнің күткені осы еді.
– Ал, Нұртаза, енді ел жинауыңа болады. Бірақ, байқа мінез
көрсетер түс бұл ара емес. Əлі де айла керек,— деп болыс інісіне кеңес
берген.
– Тағы да сайқалдық қой сенің айтарың. Қатын құсап сайқалси-
сайқалси біттім ғой.
– Бір қатынның айласы қырық есекке жүк болады. Екатерина
ұланғайыр Ресей империясында талайларды ат қып мініп, отыз
жылдай тақымында ұстаған, – деді Сүлеймен күліп. – Қатындардың
тақымын осал деме.
– Е, қатын болсаң өзің бол, атамнан аулақ!
– Мейлі, қайткенмен ақыл, айла дегенім де.
Осы сөзден соң Нұртаза бар болысқа шапқыншыларын жіберіп,
Жыландыдағы Қылышбай бидің үйіне мəжіліс құрды.
Қашанда ұйымдасып істер іс, ақылдасып шешер мəселе болса,
дүйім қарауылдың ең үлкен ақсақалы, сөзге де, ойға да кемеңгер
Қылышбайды қалыс қалдырмай, əуелі соның алдында кеңесер еді.
Түнеугүні Сағынай асына шақырылмай мазақ отына күйіп, іштей
күйініп жүрген Шоғырмақ, жас болыс Ақбұзау, Мырзалы ұрпағынан
Баялы, Сердалы, Боқанның шонжар ұлдары – Балапай, Қалақ, керей
қуғыншыларының кəріне бір-екі малы іліккен Тілеубай, Назарбайлар,
Сүтемгеннің інілері Шəлтік, Сапарлар хабар тиісімен Жыландыдағы
Қарсақ ауылына тез жеткен.


Бас-аяғы жиналып, Қылышбай сөзге құлақ түріп, кеңесерлік ықлас
білдіргенде, басқалары амандық-саулық соңынан, сойыл сүйреткен
керей жігіттерінің лаңын біраз сөз етті де енді бəтуаға келер тұста бас
қосудың себепкері Нұртаза бастады кепті.
– Қылышеке, мына мұндарды өзім бастап шақыртпасам, өздері
біліп жинала қояр түрлері жоқ. Қарауылдың бір жақ бүйірінен бөрі
тиіп, бөксеріп жатса да, жандары ашымайтын найсаптар емес пе, қайта
"шоқ-шоқ" деп отырғандары да бар шығар іштерінде, – деп, Нұртаза
қалжыңдаған боп, бірақ түсі келмей, тістене түсіп, басқа бай
болыстарға ала көзімен оқтана қарағанда:
– Нұреке, екпініңізге қарағанда қасқыр тартқан қой сияқты емессіз,
қайта жұртты жерлеп, жер жебіріне жетуге келген, ұзыннан өші бар
адамша сөйлейсіз. Қарауылдың бүйірі ғана екен ойлайтыныңыз, онда
атығайларға несіне атой салдыңыз,– деп Ақбұзау Нұртазаға бас салды.
Нұртазаны суханы сүймейтін Ақбұзаудың қарауылды ғана аузына
алған болыс сөзін іліп түскен қаршыға мінезі отырғандарға ұнаса да,
ұдықтасып шешер іске кеселін тигізері айдан-анық еді. Сөзді өршітпей
Балапай басу айтты:
– Айналайын Ақбұзау, сөзің орынды. Ашынған ызалы адам не
демейді. Өзіміз де кешелі бері керей жұртының көшемізде ы
ойнатқанына жарылып кетпей «зорға отырмыз. Нұртазаның қарауыл
деп отырғаны Атығай. Екеуі жұбы жазылмас бір ағайын емес пе. Ағай
– қарауыл намысы бір болған соң, ол екеуінің қайсысының аты ауызға
бұрын түссе сол айтылады, оны сарапқа салып қайтеміз. Өкпе
айтысуға жиналғамыз жоқ.
– Иə бұл арада айтысып-тартысатын ештеме жоқ. Мына керейлер
əбден басынды. Қайдағы жоғалған малын сылтау етіп, кешегі Сағынай
асына жұмсаған шығынын біздерден өндіріп алатындай əдейі тиісіп
отыр. Осылай тайраңдатып қоямыз ба, əлде "қасқыр тартқан артымды
иттен несін аяйын" деген қойдай бөксемізді тоса береміз бе? Олай
десеңдер, өздерің біліңдер, мейілдерің. Мен өз қамымды жасармын,
шілдің боғындай бытыраңдар ендеше атығай мен қарауылдың ездері, –
деп Нұртаза орнынан тұрып кететін адамдай қопаңдап қойды.


- Өзі қарасы қанша мал екен жоғалтқандары? – деп Балапай сөзді
жұмсарта сұрап еді, Нұртаза:
- Итім білсін, "мыңға тарта жылқы қолды болды, із осында алып
келді" деп тантитын көрінеді. Менің өзіммен сөйлескен жоқ, көздері
жетпеген соң не десін. Ал, мен, ішінде жібі түзу бір адам жоқ, өңкей
мұрнынан сорасы аққан бала-шағаға не деп барам үлкен басыммен.
Сойқандарының аяғын күтіп жата бердім.
-Нұртазаның мұнысы дұрыс. Бұлар біздің елге де көп ойранын
салып кетті. Мен де несіне "жау келділеп" жаулығымды ала жүгірейін.
Бір кесірлі есерлердің қылығы шығар деп іштен тындық. Бірақ біржола
керден кетіп болды, енді, шыдар менде де хал жоқ, – деп Шоғырмақ
қосылды. – Кəне, бір бəтуаға келейік. ай қарап отырмақпыз ба.
– Сендер ай қарамақ түгілі жұлдыз санасаңдар да мейілдерің мен
ертеңнен бастап жігіттерімді атқа қондырамын, қайтып соғар
сойқандар болса, сыбағасын бергіземін, төрімде талтаңдатып, басыма
шығара алмаймын! – Нұртаза басқа шонжарларға ызамен күйіне
қарады.
Жұрт əр тұстан тағы да кимелей, даурыға бастап еді, үнсіз отырған
Қылышбай қарт, қарағайдың діңіндей түзу, ұзын бойына лайық
саусақтары салалы қолын көтеріп, басып тастады:
– Жə, азаматтар, мына аз сотқарлардың қылығы шынында да
намысқа тиетін, шымбайға бататын ақылсыздық екен. Мұндайда
шыдамның шыдамы-ақ жетеді. Бəрі орынды. Ел ақсақалы деп маған
жиналғандарыңа Алла риза болсын. Билік айтып, кесім, жасамасам да,
байқаймын менің кеңесімді керек етіп, сонымен іс қылғыларың келеді
екен. Онда тыңдай қалыңдар, мен өз тұспалымды, өз түсінгенімді
айтайын. Ең алдымен мынаған жауап беріңдерші.
Егер керей жұртынан мыңдаған жылқы ұрланған екен, ол
Нұртазаның өрісіне дейін келген екен. Содан əрі бөтен ізді де, бөтен
малды да таба алмапты. Бұл – ел арасын бүліншілікке салып,
ұстастырудың, екі елді қырылыстырудың амалына ұқсамайтын секілді.
Мың болмаса да, біраз малы ұрланғаны рас шығар. Ендеше, ертең қазы


алдында адал болып, ар алдында таза болу үшін, қолмен істелер істі,
мойынмен көтерер шақта, тайсалмай тұрар мықты, ұялмай шығар əділ
болу үшін əуелі бір нəрсені өз арамызда анықтап, аршып алайықшы.
Кіналағаным да емес, түйткілденгенім де емес – қане, ешқайсың мал
барымталаған жоқсыңдар ма?
Қылышбай екі иығын қомдай түсіп, ұшуға ыңғайланған
жартастағы кəрі бүркітше орнынан бір ырғалып, ел жуандарына
сабырлы көзін жүгіртіп өтті. Бірі етігінің қонышын шұқылап, бірі
қолындағы шақшасына қарам, сөз тыңдап отырғандар қарттың тосын
сұрағы маңдайларына ұрғандай бастарын көтерісіп алды.


– Жоқ!
– Жоқ!
– О не дегеніңіз?
– Онда айтпаймыз ба, несін жасырамыз, – деп жамырай жауап
бергенде, ташбих тартып, Қылышбайдан көзін аудармай езуінен
сілекейі шұбырған Мұқанəлі молла да көпке қосылып:
– Жоқ, ұрлағамыз жоқ, сүбухан алла! – деп, сілекейін ішке сылп
еткізе тартып, дорба ауыздана қалды.
– Жə, сұрауым осы еді, жауабымды алдым, – деді сəлден соң барып
Қылышбай. Көз жанары онша таймағанмен, бұрынғы саңқылдаған
тап-таза ашық, сұңқар даусы жарықшақтанып, тамағында үнемі кесе
көлденең бірдеме тұрғандай жұтына беретін би, осы жолы да қайта-
қайта жөткірініп, қарлыққан үнмен ұзақсонарға түсіп сөйлеп кетті. –
Осы жасымда, ел ішінде би атанып билік айтқалы жер дауы, жесір
дауына көп араласып, талай барымта, қарымта, сыдырымта дейтұғын
ұрлықтың неше атасын алдымнан өткеріп, талайының құнын алып
беріп, кісі өлімінің де артын жайғастырып, тасығанды басып,
жасығанды көтерген күндерім болды. Сол талас, сол даулардың көбі,
көбі емес-ау, бəрі ағайын арасындағы келіспеушілік. Ол – бір шоқтан
тұтанған от қой, отты баспасаң өртке, өрт дертке айналмақ. Ағайын
дауы ата дауына, ата дауы ру дауына, ру дауы ел дауына – үш жүздің
дауына, үш жүздің дауы – қазақ дауына ұласып кетер еді. Сонда дауда
жеңетін кім, даудан жеңілетін кім? Екеуі де қазақ. Əй, қазақ-ай,
осыдан-ақ азапты шегіп келесің. Ертеде кіші жүз ішінде, көп ата,
мықты рулар шашылған тарыдай бытырап жатқан ұсақ, əлсіз табын,
тама, жағалбайлы, кердері, кереит, рамадан, тілеу руларының мазасын
алып қорлай берген соң оларды бір кіндіктен тараған ағайын етіп,
бəріне Жетіру деген аталы айдар тағып, басын біріктірген Тəуке хан
екен. Оның ниеті сүйте-сүйте елді біріктіру болар. Абылай хан үш
жүздің басын қосам деп алысып өткен жоқ па. Ай, қазақ баласы,
қосылмассың-ау. Бір бай ғана жайлап отырған Ереймен тауы үшін,
сендердің көбің жоқсың, патшаның заңы шықпай тұрған кез еді, исі


Сүйіндік пен Керей боп қырқысқан жоқ па. Наймандар мен
тобықтылар да Арқат, Шыңғыстау үшін, керей мен ағытай күні кешеге
Есіл бойына таласып, жұлқысып келмедіңдер ме. Кенесарыға қарсы
шыққан Шыңғыс төре əулетіне Сырымбетті, керейлерге Бурабай
өңірін патша ағзамы сыйға бөліп беріп еді, немді істедіңдер басқа
қазақ? Бүгін тағы да бір байдың малы ұрланған екен деп, бүкіл атығай-
қарауыл шабынып, жауға шабатындай, екі иықтарыңды жұлып жеп,
тағы да ру дауына айналдырып отырсыңдар. Мəгəркім, дау қуып, пəле-
жала іздейтіндер руын айтып ұрандап, қонысын айтып қиқулап, жерін
айтып желігіп келмесе, көлденең қазақтың ол дауда, ол жалада не
шаруасы бар? Екі адамның, көп болса екі ауылдың арасындағы қырғи-
қабақ боп, ұзаққа бармай, биікке өрлемей, тез арада-ақ бəтуаға келе
салар еді-ау. Аспаныңа кеп түйілген мына дауларыңның артында да
қатты соғар дауыл тұр. Ел арасы тағы бүлінгелі тұр. Малымыз
ұрланды деп отыз шақты əумесерін мал ізіне салып жіберіп, керей
азаматтары ана жақта сойқан соңын күтіп, олар жатыр. Із қарауыл,
атығай жұртына тірелді деп отыз сотқар сойқанды салып, ол жүр. Енді
олардың басын жарып, көзін шығарып жіберейін деп сендер қамданып
жатырсыңдар. Мұның арты дауыл емей немене? Ал, бір даудың
соңына жүзің, мыңың атойлап дүрлігуді қоятын шақтарың жетпеді
ме?! Баяғы заман келмеске кетіп барады. Елің, жұртың қазір бір
ақпатшаның ауқымына бағындың. Жұмса – жұдырығында, ашса –
алақанындасыңдар. Əділдік те соның қолында. Бағынған екенсің, енді
соның ісін істейтін уақыттарың жетпеді ме. Орыстар бір дауды
мыңның қолына бермейді екен, дауды тексеретін, ізіне түсіп, анық-
танығына көзің жеткізетін сайланған адамдары болады екен. Сол
табады, сол шешеді. Ел билеген болыстар өздерің шешіп, өздерің істі
баса алмайтыңдарың бар, сол орыстардан неге үйренбейсіңдер?
Ертеңнен қалдырмай оязға кісі жөнелтіп, мына сойқанды, ел шығынын
тез хабарлаңдар. Ана сотқарлардың алдын бөгеп сөзге кеп, еліне
қайтарыңдар. Сосынғы істі ояз шешеді. Өздерің шеше алатын түрлерің
көрінбейді. Ал, патша адамдары барымта иесін тауып ап жазаласа,
қазаққа бір сауап болар еді. Иə, атығай-қарауылдан шыққан, қазір
жасырынып бұққан ұры болса, екі елдің арасын бөлер, іргені сөгер
ондай немені сендер де жазасыз қалдырмасаңдар керек. Мені
тыңдасаңдар, ел басқарған азаматтар, ақылмен іс қылыңдар.
Даурықпаңдар, айтарым осы. Іс оңға бассын!


Қарт Қылышбай сөз соңында іштей күбірлеп отырды да, тамыры
білемденген қолын жая беріп, бетін сипады. Басқалары да іштей əумин
десіп, бата қайырысты.
Қылышбай үйінен аттанар шақта ғана Нұртаза жұртқа қарап:
– Əй, Шоғырмақ, əй Ақбұзау, бəріңе айтарым сол – Қылышекеңнің
бəтуасы – бəтуа. Ал, ана керей сотқарларын тоқтатар ер-азаматтың бір
болыстан емес, əр болыстан шыққаны жөн. Мен өзім отыз жігітімді
ертең атқа қондырамын. Сендер отыз-отыздан жігіт сайлаңдар,– деді,
Келісім осы болды...
"Отыз тістеп шыққан сөз отыз рулы елге тарайды". Түнеугі
қамжығалылар ұстаған өлік сүйреткен ат жайы екі-үш күннен соң-ақ
суылдаған желдей есіп, керейлердің құлағына тез жеткен. Айтушы кім,
таратушы кім оның түбін іздеп жатқан ешкім жоқ. Паң Нұрмағанбеттің
жігіттері естісімен Жаңбыршы аулына шауып, бар хабарды Шалқар
болысында жүрген қуғыншыларға жеткізген. Бұл кезде Бəтжан үйінің
іргесінде байлаулы тұлданған бурыл ат, қоржыннан шыққан əншінің
қан баттасқан киімін де осы төңіректегі ел құлақтанып, жан-жақтан
жұрт сабылып, елде күнде жоқ сұмдық, жұмбақ өлімнің құпиясын
шеше алмай дал болған. "Бəтжанның киімі мен аты келді, өзі жоқ.
Байғұс жетім жігіт қайда барып жоқ болып жүр? Біреулер тауып алып,
осында əкеп кеткен-ау. Кім əкелді екен? Бəтжанның сүйегі қайда? Неге
айтпай кеткен?"— адам баласы түсінбес осындай түйткілді
сұрақтардың төңірегінде неше түрлі тұспалды сөздер айтылып, ақыры
бастары қатқан жұрт: "Не де болса, кейін бір сыбыс естілер, əзір
мұсылман рəсімін бұзбайық" деп, Бəтжанның тұлданған бурыл атын
өзінің жылына жарасын деп көрші ауылдың жылқысына қосып,
орталарынан бір қара мал шалып, көп боп көтеріп, шамамен жетісін
беріп жатқанда, беттерінен түгі шыққан қаһарлы қуғыншылар да cay
етіп қотанға кірген.
Көрші ауылдардан Қара терекке келген Бəтжанның жан ашыр
достары, қазанына ас салып бермесе де тілектес боп жүретін
жамағайындары Əлимамен, бір-бірімен құшақтасып бауырымдап
жылап, ботадай боздап көрісіп жатқанда төтеден қосылған керейліктер


есі кеткен елдің зəресін ұшырып, одан сайын есеңгіретіп жіберді. Келе
ланды салып, азалы жұртқа қамшы үйіріп, қарсы тұрған қайсыбір
ақсақал-қарасақалдарды ұрып-соғып, қолма-қол мардымды жауап ала
алмаған сотқарлар Бəтжанның жетісіне асылған қазан, ошақтарды ет-
метіне аударып тастап, топалаңдай тиді.
"Аллалап" – бет-бетімен тым-тырақай қашқан кедей ауылдың жоқ-
жітіктері, қазақ тұрмысында бұрын-соңды болып көрмеген мынадай
жантүршігерлік сойқанды дүрмекке қарсы тұрар дəрмендері қайда,
суықтан қорғалап, жылы пеш саңлауларына тығылатын шілдеріктерше
жер кепелеріне сүңгіп-сүңгіп кеткен.
Екі аттасаң төріне жететін шағын бөлмеге сыймаған қуғыншылар,
қайғыдан қан жұтып есі ауған Əлиманы қораға сүйрелеп, о дүниенің
əңгір-мүңгіріндей сұрақтың астына алды. Екі көзі екі жаққа атысқан
қитар жігіт Бəтжанның пұшпақ бөркін Əлиманың бетіне тақап:
– Танисың ба, мынаны, танисың ба? Байыңның бөркі, – деп
төнгенде, қаралы келіншек қасқырлардың ортасына түскен жаралы
тоқтыдай мəңгіріп түк түсінбеді. Бір жұмадан бері есі бір кіріп, бір
шығып шалжансар күйде жатқан Əлиманың өңі де қазір адам
танығысыз еді. Аза тұтқан əйелдердің ерін жоқтап, ертелі кеш дауыс
салып жылайтын əдетін жасамаса да өз бетін өзі тырнап жосадай
қылған Əлима миғұла адам сияқты. Тырнақ сойып кеткен шиедей беті
ғана жыбырлап бүлкілдегені болмаса, көз жанарында тірлік жоқ. Қитар
көз жігіт зекіп қорқытып, Тасемен балаша алдап сұрағанда лəм
демеген Əлима қуғыншыларды əбден қажытып барып Бəтжанның
бөркін бас салды. Бас салды да иіскеді көзінен бір тамшы жас шықпай
өкірген дауыспен жылады.
– Ə, таныды, таныды, – деп керей жігіттері тағы да сұрақтың
астына алды:
– Мынау Бəтжанның бөркі ме?
– Ол қашан кетіп еді? Қасында кімдері бар еді?
– Кімнің малын ұрлауға кетті?


– Кетерінде бурыл атты мініп кетіп пе еді, əлде торы атты мініп пе
еді?
– Ол аты қайда?
– Торы ат кімдікі?
Маңындағы жат адамдарға бір сəт айнала қараған Əлима əлі де
дым түсінген жоқ. Құлағында күңіренген жат үндердің де не айтып
жатқанын білмеді. Əлден уақытта барып бөрікті бауырына басып,
сақылдап тұрып күлді. Əбден мысы құрыған ызалы керейлер Əлиманы
жұлқылап, түйміштесе де қоймады. Ауаны қарманып, көзі алақтап
күле берді. Шошалаға сүйрелеп апарып, без ашаға байлап тастағанда
да, айырылып кеткен ескі сиса көйлегінің өңірінен салбыраған
емшегін де салмастан күлкіден тиылмады. Төтеннен келген ауыр
қазадан ауруға шалдыққан Əлима тағы да есі ауып, жынды адамның
халіне түскен еді.
Бір қора еркек жабылып, лақтай əйелді сөйлете алмағанына
күйінген Тасемен:
– Мына қардың əдейі жасауын көрдің бе, бетін тырнап байын
жоқтауды білген қатынның есі шығушы ма еді. Əшейін қаярсуы да.
Еркегі өлген қай қатын жынданыпты! – деп, беті түктене қалғанда,
шомбал қара жігіт:
– Былай тұрыңдар, аюға намаз үйреткен таяқ деуші ме еді.
Қатындар тəніне таяқ тимей жөнге түспейді, мен қазір мұның тілін
шығарайын, – деп, жолындағыларын киіп-жарып, өңмендей ұмтылып
кеп, Əлиманың жағасынан жуан, быртық қолымен жұмарлай ұстады
да, көйлегін төмен қарай дар айырды. Алақанына бір түкіріп, тобылғы
сапты қамшысының бүлдіргесін білезігіне орай, жалаңаш əйелге
көтере бергенде:
– Ойбай, шығыңдар, шығыңдар!
– Аттан, аттан! – деген үрейлі үн естілді тыстан.


Ауыл сыртындағы тоғайларда тасаланған салт аттылар жан-жақтан
айғай-сүрең сап, күзгі даланы бастарына көтере дүңкілдете шауып
шыға келді де, Бəтжан үйіне қарай лап қойды. Алдарына сойыл
өңгерген, шоқпар көтерген жүз қаралы топ əп-сəтте үйді қоршап алып,
аттарына аяқ артып үлгермеген қамсыз жігіттерді келе соққының
астына алды. Қымқуыт. Əкеден, атадан жіберген балағат сөздердің
арасында, өкірген-бақырған дауыстар, сарт-сұрт сынған сойылдар.
Кімді-кім ұрып, кімді-кім домалатып түсіріп жатқаны белгісіз.
Сырттан келген қарауыл жігіттерінің біразы аттарын бос қоя беріп
қораға да қойып кетіпті. Қаракөлеңке қораның астында да қып-қызыл
төбелес. Қан майдан салып жігіттердің үні енді адам үніндей емес,
арсылдап, ырылдап таласқан иттердің, гүжілдеп, ішін тарта өкіріп
сүзіскен бұқалардың үніндей тұтасып кетті. Бір уақытта айнала соғып,
итерген, сүйкенген топтың тегеуіріне шыдай алмай, қораның тап
ортасындағы тіреуіштің қайың мəткеге кигізген ашамайы тайып
кеткенде, ескі жаппаның төбесі майыса беріп ортасына жалп етті.
Бұл кезде керей жігіттерін еңсеріп, біреуіне үшеуі жабылған
атығай-қарауылдықтар, шетінен тізіп тысқа алып шығып жатты.
Тайдай тулап қарсыласқандарын етпеттерінен салп қойып, тіземен
басып отырып, қолдарын қайырып, ноқта, жүгенмен қамшының
өрімімен байлай бастады. Енді бір тобы қора сыртында бой бермей,
шегіне ұрысып жүрген керейдің қарулы балуандарына ұмтылып, жан-
жағынан қаумалай берді...
Бəтжан үйінің маңындағы əбігер басылып, қан майдан біткен
шақта тоғай бауырынан бес-алты атты көрінген. Бұлар жігіттерін
жұмсап, өздері бұғып қалған Нұртаза, Шоғырмақ, Ақбұзау, Балапан,
Сапалар еді.
Қақ жарылып жол берген аттылардың арасымен үйдің тап алдына
шоқыта жеткен шонжарлар тізгін тартып, үзенгілеріне аяқ шірей
шалқайып, тұра-тұра қалысты. Мына сойқанды білмеген адамдардай,
əрі таңырқап, əрі кінəлағандай үнсіз түксиіп тұр. Бұлар екпіндеп
жеткенде, қызуы басылмаған жігіттер айғай-дабырдан зорға тиылып,
бəрі жуандардың ауыздарына қарасты. Соққыға жығылған, таяқ жеген
керей жігіттері жерге қарап тістенеді, байлаулы жатқандар да басын


көтермей қайсарлана түседі. Тумысында мұндай қорлықты көрмеген,
ешкімнен беті қайтып, тауы шағылмаған қайсыбір əлді жігіттердің
көзіне жас келіп, намыстан өлердей булығып барады.
– Тұрғызыңдар орындарынан жүгенсіз кеткен иттің күшіктерін, –
деп Нұртаза қарауыл жігіттеріне жарлық етті. Дала желкем болса да,
аттылардың ығында тұрғанда болыс даусы саңқылдап, əмірлі естіледі.
Бір жақсылықтың болғанын сезіп, қаралы ауыл адамдары күншуаққа
шыққан арық-тұрақтардай жасқаншақ басып, бұларға таяу жинала
бастаған. Болыс оларды қумады. Қайта, тыңдасын, естісін сөзімді
деген сыңай бар жүзінде.
Болыс əмірін естісімен, атығай-қаруыл жігіттері ордаңдап,
қорбаңдап кеп байлаулы жатқандарды ашулы аюларша жұлмалап
тұрғыза бастады. Маңдайы жарылған, мұрны бұзылған жігіттерде өң
жоқ. Ат үстінен төнген ел жуандарына тура қарамай, қабақтары түсіп,
кек тұтып тұр. Иығы шыққан, қолы сынған бір-екеуі тызалақтап,
маңына жан жуытпай айғайлап, балағаттап жатыр.
– Жібі түзу кім бар ішінде, кім бастап келген сендерді?! – деп
Нұртаза өңкей сайтанның сапалағындай боп көрінген мына ұсқынсыз
сотқарларды місе тұтпай, бұлармен сөйлесу өзінің дардай атағына,
болыс атына кір келтіретіндей менсінбей қарады.
– Əй, Нұртаза, танымай тұрсың ба, көзіңді май басып кеткен екен,
– деп Тасемен басын көтергенде, болыс таныса да танымаған
сыңаймен:
– Сен кім едің соншама мен танитындай? Жігіттер, бері қарай
шығарыңдаршы, анықтап көрейін жүзін, – деп кекесінмен күлді. –
Тілінің ащысын қарашы, жұлып алар ма еді түп орнымен.
Екі жігіт екі иығынан бүрістіре ұстап, көптің арасынан дедектетіп
Тасеменді алып шықты.
– Оу, мынау Тасемен ғой.


– Саған не болған осынша желігіп, – деп Шоғырмақ пен Балапай
қосарлана түскенде.
– Өлетін бала молаға қашады, – деп Нұртаза даланы басына көтере
гүжілдеді Ес болса, бір шайнам ақыл болса басында, жай жатқан елге
кеп соқтығар ма. Елде ала алмай жүрген не өшің бар еді? Қойға тиген
бөрідей тыныш елдің үстіне сойыл ойнатып сен кім едің?! Қара судың
да сұрауы бар, сенің жазықсыз қиянатыңды көріп, еркіңе жіберіп,
сендей қанпезерлерді талтаңдатып қоятын, бұл елде азамат жоқ, намыс
жоқ деп ойладың ба? Жо-жоқ, атығай-қарауыл елі басқаға нақақтан
ұрынбайды, басқалар ұрынған екен, оның бағасын бермей тағы да тұра
алмайды. Елді жылатып қойып, сендердің ойрандарыңды көтеріп, біз
де отыра алмаймыз, жайбарақат жата алмаймыз...
– Бəсе, бөсе!
– Ой, тілеуіңді берсін!
– Айналайын Нұртазам-ай, – ауыл адамдарының айызы қанып, бір
көтеріліп қалды.
– Əй, Тасемен! – деді тағы да Нұртаза... – Ел көрген ес білетін жігіт
деуші еді сені. Қара басқан екен сені деді... Мəті – Дəулен ұрпағының
есті азаматы сен болып, сендерді де ант ұрған екен. Қаралы үйге, бала-
шағасы зар жылап, қан жұтып отырған үйге бұл не қиғылықтарың
салған! Шаңырағын ортасына түсіретіндей бұл үй қай аталарыңның
басына қүй қазыпты. Жігіттер, мына қораның төбесін бəрің жабылып
көтеріп кетіңдер. Жетім қалған жесірге əлімжеттік еткен сендей діннен
безген иттерді қазір тізіп қойып, көк шыбықпен дүре салдырсам, кім
қолымды қағар екен? Бəрінді көгендеп, Көкшетаудың көк түрмесіне
айдасам, кім мұнымды теріс дер екен?
– Сүйтіңіз, Нұреке!
– Бұларға сол керек!
– Тартсын, сазайларын!


– Тартсын!
– Тартсын деп жұрт ду ете қалып еді, болыс қамшысын көтеріп,
басып тастады.
- Жоқ, біржолға үйтпеймін. Сотқарлық, сойқандықтарың үшін біраз
таяқ жеген екенсіңдер. Осы сыйларыңмен қайтыңдар елге. Егер
аяқтарыңды қия басып, бұл төңірекке енді бірің келер болсаң,
өздеріңнен көр. Көздеріңе көк шыбын үймелетем. Ақ патшаның
атымен мөр басып, ит жеккенге айдатам. Міне, алдарында тұрған мына
болыстар да осыны істейді. Жігіттер, аттарын əкеп беріңдер!
– Əй, Нұртаза, – деді Тасемен атын бұра берген болысқа шаңқ етіп:
– Сені тыңдадық, енді бізді де тыңдамайсың ба?! Əуелі қолымды
шешкіз, əй Нұртаза!
– Жоқ, тыңдамаймын. Сен мұнда қайбір түзу жол, мұсылман
жолымен кеп тұрсың?
– Малың таланып, азаматың өліп, елің қара жамылып жатса,
неғылған түзу жол, неғылған мұсылманшылық? Біз ата салған қасқа
жолмен келгеміз жоқ, барымташы қалдырған арам жол, ұры ізбен
келдік. Ол із сенің ауылыңа, сенің малыңа тірелді. Далада өлген мына
Бəтжанның аты да сенің жылқыңа қосылды. Бірақ торы ат бурыл атқа
айналып, торы ала жылқы Қызылжар, Түменде саудаға түсіп, сіңіп
кетті. Біз соның ақиқатына көзімізді жеткізбекпіз. Ашылады ұры арты,
ашылады!
Нұртаза қарқылдап күлді де, қамшысын бір-ақ сілтеді.
– Ашыңдар, ашыңдар. Нағыз ұрыны тапқан екенсіңдер. Ана
Сағынайдың асына жөнелткен малдарыңды да тірілтіп алыңдар. Ит не
жесе, соны құсады...
Болыстар мына жалшы-малайлармен бұдан əрі тəжкелесіп тұруды
өздеріне олқы көріп, ар санап, аттарының басын кейін бұрды. Бұл
кезде қатты төбелесте жан сауғалап үйге қашып, жүк аяқтың астына
сүңгіп кеткен түнеугі қанжығалы жігіттері де жасқана басып тысқа


шыққан. Бұларды елде тығылып жатқан жерінен керейліктер Бəтжан
үйіне желкелеп əкелген. Өздері білетін белгісіз мəйіттің киімін жазбай
таныды. Болыстар олардың сөзін де тыңдамай кетіп барады.
Шошалада бас сауғалаған бүйрек бет бала мен сепкіл бет сары жігіт те
өз адамдарына қосылды. Қызылжар жақ бетте жансыз жүріп Су
Құсайынның бір үйде шерткен əңгімесін ести сала осылай қарай
ұшып, өз жігіттеріне суық хабарды жеткізген де осы сепкіл бет еді.
Болыстар оларға да құлақ асып тағаттаған жоқ.
Шекелері қызып, алқыны əлі басылмаған жүз қаралы атығай-
қарауыл жігіттері ел жуандары кетісімен керей жігіттерін ортаға алып,
тағы да ашулы балағат сөздермен түп қиянын қалдырмай боқтап,
арқаларына біраз қамшы жаудырып, төмпештеп, дүрелеп ап қолдарын
шешті. Басы жарылып, аяқ-қолы сынған жарымжан-жаралыларын
аттарына көлденең сап, төтеннен келген қара албастылардай елден
аластап, керей жұртына қарай қуып тастады.
Ақан сері Құлагерінің қайғысымен егіліп, ел арасында ұзақ жүріп
қалды. Ақын басына түскен қасірет салмағына белдері қайысып, қайғы
жұтқан əнші-күйшілер оның қасынан бір елі қалмай, көңілін жұбатып,
тобын жазбады. Бұлар – Сағынай асының соңына қарамай, ас иесінің
рұқсатын да алмай ызамен, күйінішпен кеткен Қарқаралының
Айтпайы, 
Керекудің 
Байтұлымы, 
Баянның 
Жарылғапбердісі,
Атбасардың Қапашы, Алтай-Саратты Құлтума, Семейлік бала
Шашубай, Құлагердің өлімі сөз болып, бірақ оны өлтіруші адамды
ешкім іздемей аяқсыз қалдырған шонжарлардың ісіне кейіген қарт
ақын Орынбай да асты тастап, бұлардың соңынан жеткен.
Бұлар Сарыарқаны көктей өтіп, асықпай қоналқылана отырып,
алыста қалың қыпшақ жайлаған Торғай даласын, Тобыл бойын
аралады. Жол бойы əншілер тобы көбейіп, ақын көңілін жұбатпаққа
қосылған ел сауықшылары ат басын тіреп түсе қалған жерде ойын-
күлкі жасап, жалпақ елдің шөлін əнмен қандырып келеді. Бұрын атын
естісе де, өзін көрмеген атақты əншілерді көзбен көрген қара қауым
кəрісінен жасына дейін жапырыла күтіп, кей ауылдар қиыла сұрап,
шылбырға оралып, ақындарды екі-үш күн жібермей ұстайды.


Көп əн, көп жырдың ішінде дұғадай жаттап, құран сүресіндей
қадірлегені – "Құлагер" əні. Ақан сері жабығып, көзіне жас алып
қамықса да, ел боп қолқа салған соң əншілер Құлагерді бірінен соң
бірі айтып жұрт сұрауын орындайды. Кей жерлерде ашық, құлашты
дауыспен Айтпай ақын:
"Жел соқса, қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушы айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды-ау,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін", –
деп шырқата, шымырлата салғанда, əншілер тобы соңғы
қайырмасына,
"Беу, бөрібай-ай,
Беу керім ай-ай!"—
деп тебірене қосылғанда, бар ауыл, бар қазақ қауымы ақын
қайғысына егіліп, ақын қанатын қайырған ел ессіздігіне қарғыс
айтқандай тебіреніп, күз даласының ызындай соққан желі де ішін
тарта уһілеп, зарлағандай, ақын көңілін көтерген ұшқырын, жүйрігін
жоқтағандай болады. Естіген жұрт көзіне жас алып, əнші-күйшілермен
бірге зарлап, бірге қосылады.
Күні-түні мал соңында салпақтаған қалың елдің көкірегінде
Айтпайдың "Ардақ", "Қанапия", Қапаштың "Шалқақ кер", "Қапіре",
"Қарағым", Құлтуманың "Үш көтерме", Біржан, Орынбай, Шал, Шөже,
Нүркей, Тоғжан, Жанақтардың ұшқыр сөз, көркем, сұлу əндері мен
бірге жаңа - "Құлагер" əні ұялап, жас бала Шашубайға дейін
бойындағы барын төккен қазақ өнерпаздарының құдіретті күшіне ел
арасы толқындай шайқалады. Өз достарымен, ұстаз тұтқан
шəкірттерімен өткізген аз күн Ақанның да жабырқаған көңілін
көтеріп, көз алдында айуандықпен өлген жүйрігі де əнге, жырға
бөленгендей болды. Қазақ елі сағынай асын "Құлагер" əнімен біліп,


Құлагер өлімімен қалдырарлық белгілі еткен еді. "Құлагерге" ақын
талабының ұшқыр қанатына, шабытына қазылған көр, былайша халық
тарихының үлкен бір бетіне əнмен жазылған еді.
Ақан сері жүйрігінің өлімінен соң, қан жұтып жатып алуды лайық
көрмей, бар өнерлі топпен ел аралап, қазақ қауымындағы қараңғылық
көлеңкесін, қаралы і үндерін, ел басына төнер қиянат пен зорлық
атаулыны достарымен бірге əнмен зарлап, күймен төгіп, алды-артына
қарар жұрт көзін, – көңіл көзін тағы да аша түскен еді.
Күзгі боқырауда ғана еліне, жұртына оралған Ақан қасындағы
əнші-күйшілер тобына көңілдегі бар ықыласты алғысын айтып,
қоштасып, құшақтаса айырысып, Мөңке баламен Қараталға келді.
Сұрықсыз далада ала құйын ойнап, дауыл тербеген Қараталдың
жапырақсыз терегі мен қайыңы сидам бұтақтарымен бірін-бірі сабалап
шулап тұр. Жел кернеген ауыл көркінің де өңі қашқан – сылауы түскен
қара-қошқыл ағаш үйлер қара жауыннан белі қайысқандай əр тұста
мықшиып қалыпты. Жаз күнгідей Сарысу көлінің маңында мамырлап
жатқан қаз-үйрек те, жарыса ойнаған құлын-тай да жоқ. Милығына
шейін малақайларын бастыра киіп, шекпен, күпісінің белін қынай
пайлаған малшылар, шаруа соңында митыңдаған аз үйлі көршілер ғана
Ақан серіні көргенде əр жерде состиып, Құлагер өліміне қалай көңіл
айтудың қыбын таба алмай, имене басып қарсы алды.
Ақанның көзі алдымен Құлагерге жеке арнап салдырған Ақбалтыр
атанған қайың қораға түсті. Қаңырап бoc тұр. Тербеле басып,
салтанатпен ішіне кірер Құлагері жоқ. Қос көлге барар жол жиегінен
Құлагерге арнап қаздырған шегенді құдыққа қарады. Қасында ұзын
жіпке байланған көнек қауға домалап бос жатыр.
Қаратал бауырындағы аз ауыл көңілсіз, қабағы салыңқы. Улаған-
шулаған басқа қоныстас ауылдарда да маза жоқ. Қаулаған өсек, гу-гу
əңгіме. Құлагер өліміне жаны ашып күйзелген жұрт енді керей малын
шапқан барымтаны айтып, соңынан келген қуғыншылардың лаңын
төндіре түсіп, Бəтжанның өлімін, оның қаралы ауылындағы сұмдықты
неше саққа жүгіртіп, лепірте соғып, боратып жатқан. Бірақ, бұл əңгіме
əлі Қараталға жеткен жоқ еді. Бəтжан өлімінен Ақан əлі бейхабар.


Керейдің малы шабылыпты дегенде, ел іші алдымен Ақанды сөз
қылып еді: "Маңында топталған көп жігіттері бар дейді, ашулы, кекті
жігіттер Құлагердің өшін алып, жауыздардың жылқысын талап кеткен
екен, сол керек. Ақан да кегін жіберсін бе, намысқа булыққан ерің
салған екен шеңгелін байдың малына. Енді тауып көрсін" деп серінің
ерлігін мақтан етіп көтере сөйлеп еді, кейін керейліктер елді қасқырша
талағанда, басқаша сарнаушылар да шықты: "Бұл Ақанның жүрген
жері лаң, тиген жері – қан, өз қарабасымен кетсе бір сəрі, зауалы елге,
не жерге тимей қоймайды. Тағы да екі елдің арасын ашып,
жауықтырып қойды-ау. Тағы да іргелес отырып, бір-бірімізге қарар бет
қалмады".
Боқыраудың салқынына қарай ескі сырқаты қайталап, буын-буыны
сырқырап, тұлабойындағы сал ауруы жүрекке шауып, алқынған
Қорамса төсек тартып жатқалы бір айдай болыпты. Тамағының лепсісі
бар Жаңыл да сыбырлай сөйлеп Ақанның қайғысынан мүлдем
жүдеген. Сабырлы, ақылды ана баласын көргенде ұзақ құшақтап, үнсіз
жылап көзінің жасын төгіп-төгіп алған еді. Қайтып жыламады.
Ақанның ойсыраған көңілін одан сайын ортайтпайын деді ме, кіріп-
шығып жатқан ауыл адамдарын ақ жарқын жүзбен, күле жүріп қарсы
алады. Алыс жолдан мертігіп, жігері құм, жүрегі дым, жарымжан боп
қажып жеткен ұлының кейісті өңін көргенде сырт айналып сездірмей,
іштей күрсінгені болмаса, үнсіз түксиіп, сырқаттанған Қорамсаның да
көңілін аулап, бəйек боп жүрген қайран ана ғой. Дүниеде болып
жатқан тіршілік күйбеңінен тұрмыс тауқыметі, дау, зауал дегеннен
бейхабар, Құлагер өлімін де сезбеген мақау Ыбан ғана сүйікті бауыры
Ақан келгелі мəз. Туған əкем дей ме, əлде бауырына салған Жаңыл мен
Қорамсаның ыммен түсіндіруінше үлкен ағам дей ме, қайтсе де іші
жылы тартып, ол келгелі бетіне қан жүгіріп, отыра қалса алдынан
түспейді. Онша балажан болмаса да Ақан Алланың қаһары тиген
мейірімсіз бейбақ ұлының бетінен қақпайды.
Осы жолы Ақан шын құлазыды. Маңайдағы ауылдардан бірлі-
жарым туыстар – Малтабар, Құлтабар əулетінен жаны ашыр жандар
келіп, Құлагер өліміне көңіл айтып кеткені болмаса, мойны қашық
жерлердегі атығай-қарауылдан ешкім əлі ат ізін салған жоқ. Көңілі
қамыққан Ақанды қажытпайтын дегендері ме, ең жақын достары


Шəкей, Сұлтанмұрат, Қойкүзет, Ожымбайлар да ақынды пір тұтып,
жаңа ғана əнге баулына бастаған жастардан да ешкім əзір жоқ. Кешегі
Сағынай асы, Құлагердің Құсақ көліндегі өлімі, маңына топталған
əнші-күйшілердің жұбату сауығы, – бəрі өң мен түстей. Қаратал
бауыры өлік шыққандай қайғылы. Көрші ауылдар жағы тым-тырыс.
Көп күн жолдас болған Мөңкені еліне аттандырып, Ақан да біраз күн
тынығып алмаққа Басараласын алып, жылқы басына кетпек боп
жатқанда, Бəтжанның қайғылы қазасын естіді. Тұлабойын мұз
қарығандай тітіркеніп, айдалада, ат бауырында өлген əнші досының
бөтен елде қалған бейіті, а залы үйдің шаңырағына шоқпар ойнатқан
керей жігіттерінің жүгенсіз ойранын естігенде сері бұрынғыдан бетер
мəңгіріп қалды.
Тап осы тұста күзгі қарала, торала бұлттардай етек-жеңін жел
кеулеп, қабақтарынан қан жауған молла, қожалар жан алатын
əзірейілдерше есік алдында аттарынан түсіп жатты.
Бұл келгендер – Жəнапия, Ғабдолла имамдар мен Мұхаммедрахым,
Шəмбіл, Шəміл қожалар, Мұқанəлі, Ғабдрахман моллалар. Беліндегі
кіселерін ағытып, бастарындағы қоқырайған зүннара, қауқиған
құлақшындарын теріс айналдыра қағып, Қорамса жатқан үйдің төріне
жас шамаларымен қатар түзей отырған соң, Ақан бұлардың мына
келісін ұнатпаса да қазақ рəсімімен кіріп, сəлемдесті де, Бəтжанның
орнына барып қайтатынын айтып лұқсатпен шыға берген.
– Ақан шырақ,- деді аппақ сақалын ұрғашы тістері сынық тарақпен
тарап отырған Жəнапия, – үйіңе əдейі келгенде, қайда барасың?!
Бəтжанның өлімі демесең, сүйегін қолымен көмген ешкім жоқ,
барарсың, сен барғанмен о дүниеге сапар шеккен марқұм бұл фəниға
енді қайтып оралмайды. Біз əдейі келдік, отыр ертең де күн бар.
– Одан да Құлагердің жаназасын шығарайық, – деп Мұқанəлі де
қыстырыла кетті.
Бұлардың тағы да соқтыққалы отырған сыңайларын сезген Ақан:
– Сіздер маған көңіл айтуға келдіңіздер ме, аурудың халін білуге
келдіңіздер ме? – деп, тізесін бүкпей сауал берді.


– Екеуі де.
– Онда, əне əкей қастарыңызда. Ал, маған көңіл айтсаңыздар,
оларыңызға Алла риза болсын. Енді мен жүрейін.
– Ақан шырақ, тұра тұр. Біз ел атынан келіп отырмыз. Айтар сөз
бар, – деп, Ғабдолла да күректей сақалын салалап, қалың қаракүрең
қасы жапқан өткір көзін қадады. – Ел бүлініп жатыр тағы да. Естіген
боларсың. Онша да мұнша бір қыңқ етіп, ауырсынар, ел қаһарынан
ығар күнің бар ма екен?!
– Əй, Ақан, – деп сөзді Мұқанəлі іліп əкетті. – Елде бұзылмаған
ештеме қалмады. Қаймағы бұзылмаған - жалғыз дін, мұсылманшылық
ақ жол еді. Ол да бұзылып барады. Дін десе, дін иелерін көрсең,
тітіркене түсетін не жының бар. Кешелер ел үстінен өткен сойқанды
көзіммен кəріп келдім. Керей мен Қарауыл арасы тағы да бүлінді,
тұнығы шайқалды. Сағынай асына барма дедік, бардың. Жазаңды
тарттың. Енді Құлагерің өлген екен, елді неге дүрліктіресің? Бір ердің
құнына тұрмайтын ат үшін талай ердің қанын жүктеп кеп отырсың.
– Тоқтат əрмен тантымай! Не айтып келесің, дорба ауыз, – деп
Ақан қалшылдап кетті. – Тағы да тістеріңнің қанын жаға келген
екенсіңдер. Не айтып отырғандарың...
– Ақан шырағым, сап-сап! Біз елге тісіміздің қанын неге жағайық.
Ел сөзін естіп, мына тақалған дауды басайық, ел керден кетсе де,
діннен безбесін, мұсылман баласы бір-бірімен қырғи қабақ болмасын
деп арашалайын боп келдік, – деп еді Ғабдрахман.
– Көп мəймөңке не керек, – деп Мұқанəлі тағы қосылды. – Ертең
керек жігіттері кеп өзіңді көріп əкеткенде неге ара түспедіңдер деп
өкпелеме. Алдын-ала айтайық, ескертейік деп келдік. Керей жұртының
қыруар малын қайда айдатып тастадың? Қайда тығып тұрмақсың?!
Бəрібір бүгін бе, ертең бе, табылады. Оған дейін жұрт қырғынға
ұшырап барады. Бəтжанды қоя ұрып, сол малдарын қайта үйіріне
қосқыз. Барымта қолында өлген күнəһарлардың қазасы сенің
мойнында о дүниеге барғанда жауап берерсің, ал мына тірілерді бұлай
қырқыстырма. Бүлдіріп болдың ғой елді...


– Əй, шалдар! Алжыған шалдар! – деп Ақан бозарып тұрып,
ашумен ақырды, – Барымта малына сендердің қималарың
қышымасын. Елге, күнге жайып болған екенсіңдер. Тағы да жайындар!
Ендігі күткендерің менің ажалым екен. Барыңдар, айтыңдар, мал
иелері алар кегі болса, менен алсын. Жұртта қанша шаруасы бар?
Ұрлаған – мен! Айтыңдар, олардан келер кер болса күтіп алдым.
– Алла, алла! Субухан Алла! – деп Ғабидолла бетін басты. – Аллай,
Ақан түсің қалай өзгеріп кетті. Мына түріңмен сен қан ішерсің.
Қойыныңдағы жарыңды, соңыңнан ерген ініңді, досыңдай болған
Құлагеріңді жұтып ең, енді мына əкеңнен аулақ! Əу баста-ақ ырымың
жаман еді, жын ұялаған Ақан, Алла, Алла əкеңнен, шешеңнен аулақ!
Ақан шығып жүре берді. Ағаш төсекте шалқалай жатқан Қорамса
басын көтерген, жастыққа қайта жығылды. Шəміл қожа орнынан
тұрып сүйей беріп еді, ауру қарт сіңірлі қолымен қағып қалып қайта
көтерілді. Ауыз жақта жүрген Жаңыл жүгіріп кеп, демеді де, қос
жастықты арқасына салып, көзі қанталаған шалының өңіне үреймен
қарайды. Қос қолымен төсекті тіреген Қорамсаның жұтқыншағы əрлі-
берлі жүгіріп, алқынып отырды да, молда-қожаларға қарады:
– Ə-əй, діннен безгендер, – деді даусы қарлыға. Қонақтардың
көздері шарасынан шығып, Қорамса үстерінен бүре түсетіндей
отырған орындарында көткеншектеп шегіншектей берді. – Сендер мен
қашан өледі деп емініп келдіңдер ғой. Оған дейін маза беріңдер.
Қысылған кеудемді одан сайын қыспаңдар. Барыңдар ана жаққа.
Сендерді көрмей өлейін. Жаңыл, қазаныңа ас салып па ең, мыналар
атаукерелерін жесін де, кетсін. Жанымды алар Құдай бұларсыз-ақ
алады. Енді көрмегенім осылар болсын. Барыңдар, кетіңдер, көз
алдымнан, өңкей жан алғыштар!..
Маңдайынан тер саулап алқынған Қорамсаның тұлабойы
қалшылдап, шалқалай берді.
9
Күзгі күн таңдай-таңдай бұлттың бауырын қанға бояп ашыққа
батты да, лезде қас қарайып аспан асты дөңбекши жөнелді. Ызғырық
жел айдаған қарақошқыл бұлттар жөңкіліп көшіп жатыр. Жаз бойы


терістіктегі көз көрмеген мұзды мұхитта жиналған бұлттар қат-қабат,
иін тіресіп, жылы жақтың аспанына қарай бүктетіле аунаған əбжылан,
айдаһарлардай қаһарлана жылжып, бірін-бірі баса көктеп қуып
барады. Анда-санда сөгілген тұстан ақтаңдақ ызғарлы қар бұлттары да
көрініп қалады.
Көл-көсір биік аранға үйілген бір мая шөптің ығында тұрған
Нұртаза болыстың қалың қабағы да күзгі бұлттай түнеріп алыпты. Іші
алай-түлей. Жыландының төбе-төбелерінде жаздың шуақты күндері
құж-құж қайнап жататын шұбар жыландар бүкіл ордасымен ішіне
кіріп алып, ойнақ салып, шек-қарнын аралап жүргендей тынысы
тарылып, зығыры қайнаған болыс, күзен ішіктің түймелерін жұла-
мұла ағытып, қос өңірін ашып жібергенде ішкі бауы бырт етіп үзіліп
кетті. Сусар бөріктің астынан тер шығарып, тұлабойын қыз-қыз
қайнатып пысынатқан – тобығына түскен күзен ішіктің жылуы емес,
іште құжынап аласұрған ой жыландарының ыстық аптабы еді.
Нұртаза əлгі əзірде тоқалының үйінен шығып, ат үстінде мең-зең
боп, екі шақырымдай жердегі қойлы ауылға келген. Бір жұмадан бері
Сүлейменнен алған төрт көк арба, үш рəдуанмен шөп тасыған
жалшылары бүгін жұмыстарын бітіріп, серне жейтін күндері. Болыс
оларға жабағы сойғызған. Қазір соңғы арбаның бастырығын шешіп,
жел жақтан зəулім маяның үстіне жоңышқа шөпті əупілдей көтеріп,
айырлап лақтырып жатқандардың үні көңілді естіледі.
– Ау, бұрыш-бұрышын шығара үйіңдер.
– Желге ұшырма, қағып алсаңшы.
– Шіркін-ай, мұрын жаратын мəйек қой, жарықтық.
– Ана жақта жабағының жас еті де былқылдап пісіп жатыр-ау.
Болысекеңнің қолы кең-ау!-десіп, Нұртазаның келгенін көргендер
астына көпшік тастап естірте дабырласады.
Шынында биыл жаздың басында күн дамылсыз күркіреп, нөсерлі
жауын көз аштырмай, ойдым-ойдым шоқ ағаштардың бауыры балауса
мəйекке бөгіп, тұнып қалған. Күзге дейін басылған күпаналар мен биік


шошақтарды 
қайта 
қопарып 
артқанда 
қымыздық, 
жидек
жапырақтарының иісіне дейін жас қалпында бұрқ ете қалған. Қазір
ығында тұрған адамды мас қылғандай көкпеңбек мəйек мұрын
қытықтайды.
Бір-біріне тіркестіре доғарған көк арбалардың қасында қараңдап
мықшындап жүргендер албар маңына шашылған шөптерді
тырнауышпен жиыстырып, маяны бастыратын ұзын сырықтарды
дайындап шаруаны тындыра бастағанда жалғыз атты да жетті. Бұл –
Сүлеймен. Ағайынды екеуі бүгін жұрт көзінен аулақ, қойлы ауылда
жеке ақылдаспақ.
– Амансыңдар ма? Іске сəт! – деп шылбырынан ұстай берген
жалшыға атын жетектеткен Сүлеймен түн ішінде аспанмен таласқан
таудай көрінген маяға қарап қайырлы болсын айтты. – Апырым-ау,
биылғы шөптерің тіпті ұшан-теңіз ғой. Неше күн орақ салып едіңдер?!
– Бір-ақ айда шауып алдық. Құдай бұйыртса, тіл-көзден сақтасын,
екі жылға жететін шөп, – деп, жалшы да маяға шалқая қарады. – Ай,
бірақ, бір жылдан асыра қоймас, Нұрекеңнің малы да жарықтық,
шетінен жемқор ғой!..
Өз-өзінен шытынап тұрған Нұртаза жалшыға зекіп тастады:
– Əй, саған деген сөз жоқ. Қыстырылмай түр құйысқанға... Бар,
одан да, андағы атты байла, аналар жұмысын бітірісімен
тамақтарыңды ішіңдер де, тез тараңдар. Ертең ертемен мына
Сүлейменнің арбаларын жеткізіп беріңдер... Əй, түсіндің бе?!
– Түсіндік, Нұреке.
– Түсінсең, сол. Ал, Сүлеймен, жүр үйге кірейік.
Қарағайдан қиып салған ескі үйге қой қора, ат қора жапсарласа
тірескен. Оған жалғас шөп үйетін кең аран. Ұзындығы атшаптырым
дерлік. Бəріне іштен қатынайды. Бұл – болыстың қойлы ауылы. Мұнда
бəйбішесі мен ортаншы əйелі тұрады. Атан еркін өтерлік биік жалпақ
қақпадан кіре бере Нұртаза ішке айқай салды:


– Əй, қайсың барсың. Шам əкеліңдер, шам!
Оң жақ бүйірде есігінен от жылтыраған шошаладан бір келіншек
жыпылық шам алып шықты, қанша абыржып, асыққанмен, сəл бөгеліп
қалды. Қорада жел болмаса да, алақанымен көлегейлеген келіншек
қағыла беріп:
– Қай үйге? – деп еді.
– Шеткі қонақ үйге. Не болды бəріңе, осыншама омалып! – деп
Нұртаза оған зекіп тастады.
Бұлар қоянның жымыңдай ыңғыл-жыңғыл құжынаған көп ашалы
тақыр қораның ішінен көмескі шам жарығының астында қолдарын
алдарына созып, соқыр теке ойнағандай еппен басып, бір түкпірдегі
малайлар тұратын екі бөлмелі шағын үйге жетті. Іште май шам бар
екен. Қабырғалары күйе-күйе, еденін майлаған ауыз үйден төр бөлмеге
өте беріп, Нұртаза,
– Жəрəйді, бара бер. Ана адамдарды тамақтандырып тез
жөнелтіңдер. Біз кейін ішерміз. Өзімізден хабар болмай бұл үйге
ешкім кірмесін, – деп шешіне бастады. – Ə, айтқандай, жарығырақ
шам əкеліңдер.
Сырттан бейсауат қонақ келсе, үйге түсірмес бұрын маған хабар
беріңдер...
Жыпылық шамды алақанымен көлегейлеген күң артымен шегініп,
шығып кетісімен, бешпентінің қалтасынан алған қағазды Нұртаза
Сүлейменге ұстата берді.
Бұл – кеше Коноваловтан келген депеша еді: "Кемел ұлы Нұртаза
болыс Көкшетауға тез жететін болсын".
Бұрын амандық сұрап, саулық тілейтін, бұларға жұмсақ
Коноваловтың мына қағазы тым суық. Бұрын жүз көрісіп, ауыс-
түйіспеген жат адамдай қысқа қайырған ояздың шақыруы – қазына
тарапынан ғана болатын аяздай қарыған жарлық.


Ояздың иыр-шиыр қолы қойылған қағазды қайта-кайта ежелеп,
ежіктеп оқыған Сүлеймен қабағын түйіп:
– Мына Қанабалыңның беті жаман екен, аналарға қарай қисаймаса
игі еді, сөзі тым қырын, – деп таңдайын қақты.
–Көмейіне қанша тықсаң да жұта беретін жалмауыз емес пе.
Керейлер аузын алып қойған ғой найсаптың, – деп Нұртаза көзі
алақтап, тісін қайрады.
– Оларға бергенде жақсысың да, сəл қылдан таяр болсаң ештеме
көрмегендей мысықша көзін жұмып, шыға келмей ме. Ана песіріңнің
сөзінің жаны бар. Қанабалға да не зорлық, мүмкін оған да жоғарыдан
бір тықыр таянған шығар.
– Тықыр-мықыр! Неғылған тықыр. Осы сен де күн жаумай су
боласың да, отырасың, – деп ашуға булыққан Нұртаза Сүлейменнің
бетінен алып тастады.
– Оу, Нұртаза, сен өзің, "бөрі ашуын тырнадан алады" деп мені
жазғырғаның не. Керейлер шақырусыз қалдырды деп күшігін
алдырған қасқырдай болған өзің емеспісің. "Кек алам, мойындарын
астына келтіре бір бүктеймін, барымта, барымта" деп шыға келдің.
Бұрынғы қазағымның кең көсілетін заманы бар дедің бе. Барымта
түгілі сыдырымтаң да жүре бермейді. Қазір жұрттың көзін
бақырайтып қойып екі жеп биге шығатын сауданың заманы туды.
– Сауда-мауда! Сауданы саған бердім. Маған тізе керек.
– Қашанғы тізеге сала бересің?!
– Енді сен де осылай шығайын дедің бе. Қарақұртша қаптаған мал
көрсең, сылдыраған ақша елестеп, ата-бабаң көрден тіріліп келгендей
боласың...
– Қой, Нұртаза, атаға тіл тигізіп қайтесің. Оның не жазығы бар?
Одан да соның аруағы жебесін де.


– Сені-ақ жебесін! Ертең олай-бұлай боп кетсе, жер-ошаққа итере
салатының мен екенмін ғой. Мал көздің құрты деуші еді, сенің ішіңе
де құрт түсе бастаған екен. Бар онда көрмегенім сен боларсың. Жалғыз
өзім-ақ көтеріп алдым мойныммен. Сен-ақ жауыннан құрғақ шық. Бар,
бар! – деп Нұртаза орнынан тұрып кетті.
Сүлеймен тарпаң мінез інісінің мына қылығына ашуланарын да,
күлерін де білмей зығыры қайнап, зірк етті:
– Əй, Нұртаза, отыршы өзің бала құсамай. Не боп кеткенсің түге.
Мұндай баяпар емес ең. Онда да ақылдасайықшы. Уақыт болса қыл
кеңірдекке келді.
– He ақыл керек. Ақылшы болсаң бұрын қайда қалдың?
– Ойпырым-ау, енді, қай арада ақылыңа жарамадым? - деп
Сүлеймен ызалы күлді. -Қыруар малдың орнын бір күнде таптым.
Одан артық неғыл дейсің. Егер өрісінде өріп жүрсе ана
Нұрмағанбеттер, көшеден өткен құйындай лаңды қотаныңа кеп салар
еді, күш көрсетсең, губернаторға дейін барып өш алмай қоймас еді.
Қазір дəл басып табан тірер тиянағы болмаған соң ғана мыстары
құрып отырған жоқ па. Бірақ, əлгі, суайтың қайдан шыға келді,
"жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп, осы бір собалақ пəле
болмасын əлі.
– Ол иттің ғана баласының аузын күншығыстан келтірмедім бар
ғой! Ол қаңғыбасты іздетіп жібергелі міне бір жұма, əттең қолыма
түсті бар ғой, тура үйтіп жеймін.
– Оны бұрынырақ жеу керек еді. Енді тамағыңнан өтпейді. Бүкіл
керей боп іздеу салмай ма. Мүмкін олар сенен бұрын іздеп тауып алған
шығар əлі.
– Қап, қолыма түсті бар ғой. Көзін құрта салар ем.
– Оу, көзін құртсаң, əдейі істеді деп керейлер одан сайын бел алып
кетпей ме. Ол суайтың керейлерге іздесе таптырмайтын куə боп
отырған жоқ па. Қой, одан да оны жөнге түсіру керек.


– Жөнге?! Оған да мəймөңке керек пе?
– Мəймөңке болмаса да, істі насырға шаптырып, ушықтыра беріп
қайтесің.
Іздегенге сұраған - ауызғы бөлмеге тапырлай басып, сораң етіп ақи
көз поштабай Жəнібек кірді.
Орнынан ұшып кете жаздаған Нұртаза поштабай кірер-кірместен
үрейлене бас салды:
– Əй, ақи таптың ба?.. Əкелдің бе?
– Түу, биыл қар ерте түспесе игі еді. Даланың желі əлемет. Тура
өкпеден өтеді, – деп өз бетімен сөйлеп кірген сырықтай ұзын Жəнібек
қолындағы қамшысын, күлəпаралы шекпенін ауыз үйдегі шегелерге
бипаздана іліп, ырғалып-жырғалып жуырманда жауап бере қоймаған
соң, болыс шыдамай жағадан алды:
– Өй, ақи көзіңді!..
Қолы жағасына зорға жеткен Нұртазаға иіліп, Жəнібек құлағына
сыбырлады:
– Жəкен əкелмеуші ме еді, таптым, əкелдім.
– Е, сүйдемейсің бе? Даусыңды қаттырақ шығарсаң хандығыңнан
түсемісің, соған да сыбырлау керек пе? Кім естіп қояды деп тұрсың?
Сүлейменнен жасырамысың? – деп поштабайдың жағасынан қолын
зорға босатқан болыс шын қуанып, көңілі сабасына түскендей болды.
– Өзіңіз емес пе, үнемі сыбырлай сөйле, бұл күнде ағайын да жау
дейтін, – деп Жəнібек тағы сыбырлап, Сүлейменге ақи көзінің астымен
қулана қарады.
– Жарайсың, ақиым, жарайсың. Қай жерден таптың ол қаңғыбасты?
Жəнібек енді жөткірініп алып, қаттырақ сөйледі.


– Ізіне бір түскен соң Жəкең таппай қоя ма? Тентіреп жүріп ту-ту
Қыпшақ еліне асып кетіпті. Əшейін, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай
соғып, еріккен елді сөзге қарық қып, есіп жүр екен.
– Біз туралы да айтып жүр ме?
– Айтқанда қандай, жол бойы "қой – енді оны айта беріп қайтесің"
десем де болмайды. Күнде тоқтаған ауылда өзгертіп, құбылтып
соғады. Əй, зорға шыдап келдім-ау. Шіркін-ай.
– Сонда не дейді? – деп Нұртазаның өңі кайта суйи қалды.
– Қой, оны өз аузынан естиік те, – деді Сүлеймен. – Енді қайда
кетер дейсің. Аптықпашы өзің, батыреке.
– Өзі қайда қазір?
– Сіздің... Бəкең үйіне түсіргем... Қоян аяғын жеген неме, тағы да
ел ақтап кетпесе...
– Тез осында алып кел,- деді Нұртаза. Ана ас үйге кіріп кетпесін
қазандықты сағалаған ит неме!
Жəнібек кеткен соң Сүлеймен болыс інісіне сақтық айтты:
– Нұртаза, сен оған қазір шүйлікпе. Шыда. Еркіне жіберіп сөйлетіп
алайық. Əйтпесе, басқаша сарнауы мүмкін. Сен, əйтеуір араласпашы,
мен-ақ сөйлесейін. Уəде ме? Сосын қалай тиям десең, ерік өзіңде.
Мейлі, жүндей түтіп жіп иіресің бе, жонынан таспа тіліп қамшы
өргізесің бе!..
– Жəрəйт, жəрəйт. Сол суайттың сөзіне шыдай алсам, көрейін.
– Шыдамайтын несі бар...
Төр үйдің қаусырмалы есігі ашыла бере: "Əссəлəумоғəлəйкө-өм!"
деген Су Құсайынның сыбызғыдай үнімен қоса, шошаң етіп қос қолы
көрінді. Үнемі суланып жүретін алақанынан жеркенсе де Сүлеймен
амалсыз сəлемін алды да, Нұртаза "ə, амансың ба" деп, теріс қарап:


– Отыр, отыр, – деді. Ызалы даусы тістің арасынан сыздықтап
зорға шықты:
– Маған осы ара да болады, – деп босағадағы жүк аяққа арқа тірей
отыра кеткен Су Құсайын Нұртазаның бір үлкен шаруасын тындырып
келгендей жарты алақан насыбайды ерніне тастап жіберіп
шаңқылдаған ащы үнімен көсіле жөнелді. – Ойпырым-ай, мына
поштабайың да атжалмаңдай шұлғыған əңгір-мүңгір ғой. Екі аяғымды
бір етікке тығып, қояр да қоймай он күншілік жерден екі-ақ күнде
жеткізді. Қайран, талай ауыл жолда қалды. Қойын сойып, қолын
қусырып отырған талай жұртқа қарамадық-ау. Кепиет атар ма екен,
кепиет. Бəрі жайылып төсек, жығылып жастық боп жатыр. Қайтсін.
Шіркін, талай күн асықпай жамбастап жатып, ақ майды ауыздан
ағызатын-ақ жерлер еді. Қайтейін, болыс шақырып жатыр деген соң,
қара су теріс ағып кетсе де қарайын ба. Шабдарымды борбайлап
ұштым ғой. Ай, осы жолдан аман қалса еді, мұндай сұрқылтайды
көрмеп еді, қараөкпе болар ма екен. Мейлі, өзі де алжи бастады.
Болысекең осы жолы бір ат мінгізіп жіберетін шығар.
Ыржалақтай күліп, еркінсіген Су Құсайынның сөзі жынына тиіп,
Сүлейменге берген уəдесінен шыға алмай, Нұртаза əрең шыдап отыр.
– Қазақы атқа мінесің бе, ағаш атқа мінесің бе? – деп Жəнібек ырқ
етіп күліп еді, Сүлеймен:
– Е, еңбегің бар, мінесің ғой, мінесің. Бізді ел арасына əулие аспан
ғып көтеріп жүр дейді ғой сені, еңбегің бар, еңбегің. Сонда қалай
мақтап жүрсің? – деп жанындағы Су Құсайынға күле қарады.
– Сұрамаңыз, Сүлеке, Құдай берген тіл мен жақты аяйын ба, алты
алашқа түгел жайып келемін. Мына қарашы, тілім жауыр болды,- деп
Су Құсайын тілін шығарғанда, іш шұрылдады. – Ойбай, мына іші
құрғырдың əн салуын қарашы. Тоқ жерге келгенін бұл да сезеді, тамақ
жегісі келеді-ау, жейсің, жейсің.
Су Құсайын ішін босатып қойды.


– Тамақ та жейсің, таяқ та жейсің, – деп поштабай қарқылдап кеп
күлгенде, Нұртазаның көзі алақ етті:
– Əй, ақи, бар ана жаққа! Тамақ даярлаңдар!
"Тамақ даярлаңдар" дегенін "таяқ даярлаңдар" деп түсінген
Жəнібек екі езуі жиылмай, есікке ұмтылды. Су Құсайын бір сұмдықты
іші сезгендей тұзды көзі бозарып, жаутаңдай беріп еді:
– Нұртаза бүгін жабағы сойған, аузыңның салымы бар екен, тура
жас еттің үстінен түстің. Асықпа, – деп Сүлеймен Су Құсайынды
көңілдендіріп алды. – Ал, əңгімеңді айта отыр. Қане, өз құлағымызбен
естиікші, бізді қалай мақтап жүрсің? Əй, бірақ сен қоспасыз айт.
Сүлейменнің жүзінен мысқалдай үрей сезбеген Су Құсайын
қайтадан жадырап, жайылып сала берді.
– Шіркін Нұртазадай болыс бұл ғаламда жоқ қой. Тусаң ту.
Аузынан жалын атып тұрған жоқ па. Бүкіл керейіңнің атышулы
алашұбар шонжарларын бір-ақ күнде мықшитып, кеудесіне шыққан
жоқ па. Ақанға қанша өкпелі болғанмен, шынтуайтқа келгенде елінің
жоғын жоқтап, намысын қорғайтын, ел қамын жейтін Едіге емес пе
деп, тыңдаған жұртты бір қаратып алам да, ай қызыл тілді безеймін-ау,
жарықтықты. 
Құлагердің 
өліміне 
белі 
қайысып, 
намысқа
булыққандардың айызын қандырып, құмардан шығарам-ау, – деп, Су
Құсайын ерніндегі насыбайын сыпырып алып, ауыз жаққа атты, –
Сүлеке, осы, көп сөйлегендікі ме, əлде осы күнгі насыбай жаси
бастаған ба, əп-сəтте су татып кетеді. Сіздердікі базар насыбайы ғой,
анада бір Бұхар насыбайын атып ем өзіңізден, қол сағындық қой, дəмі
əлі аузымнан кетпейді, кеңсірікті жарып, сарайыңды ашып жібереді-ау,
шіркін!
Тұздай көзін мөлитіп алақанын жая қалған Су Құсайынның мына
еркінсуіне сабырлы Сүлейменнің де тынысы тарыла бастаған еді.
– Суайт десең, суайтсың-ау, мə, тартам десең, тарт, – деп Сүлеймен
қалтасынан мүк темекі салған оюлы жарғақ кесет алып, алдына
ытқыта тастады. – Ғұмырымда исін иіскемеген насыбайды менен


қайдан көрдің - Жəне Бұхар насыбайы. Ай, сықпыртасың-ау,
сыпыртасың. Ал, темекі шек, шеккің келсе.
– Насыбай атпайтыныңызды білем, əйтпесе үйренген шығар
дегенім ғой. Кейін бір қолым тигенде өзім ұңғыған терек үккішіме
үгіп, қалампыр араластырған насыбайға үйретем, насыбай атқан
адамның ерні сəл қалыңдайды. Əйтпесе, ерніңіз қаймыжықтай, қатын
ерін, келісіңкіремейді, – дегенде ызаға булығып, тығылып отырған
Нұртаза қарқылдап тұрып күлді. Зығыры қайнап, ұзақ күлді.
Інісінің осыншама тарқылдағанына себепкер болған суайттың
сөзіне намыстанған Сүлеймен:
– Əй, ерін-мерінді қайтесің, əуелі ана жырым-жырым өз ерніңді
түзеп алсайшы, – деп еді, Нұртазаның күлкісіне насаттанған Су
Құсайын одан сайын қопаңдап қойып, күлімдей түсті. Болыстың зəрлі
күлкісін мадаққа балады.
– Ой, Сүлеке, ғұмыры ұрғашы атаулының тамағына тиіп көрмеген
біздің ерінде не мəн бар дейсің. Ылғи ат үстінде, желдің өтінде ел
ақтап жүрген еріннен не сұрайсыз. Кейде жарадар байғұстың қаны
судай сорғалайды. Əй, поштабай, əй. Қайда кетті əлгі. Нұреке, осы
үйде қаймақ бар шығар. Е, ит басына іркіт төгіліп жатқан үйде не
болмаушы еді. Құстың сүтінен басқаның бəрі табылар-ау. Маған бір
шəй кесемен біріні қаймақ алдыра қойыңызшы, шынында ернім тілім-
тілім жарылып... ай, түн баласына удай ашып, көрер таңды көзіммен
атқызып шығатыным бар кейде. Сүлекең жақсы еске салды-ау. Əй,
поштабай! Ақи бала, қаймақ, қаймақ əкел!
Сүлейменге сөз беріп шыдап бағайын дегенмен Нұртаза осы арада
қатты үрлеген қуықтай тарс жарылды:
– Өй, ата-бұтаңның аузын... Не мыжып отырсың? Əкеңнің
беттақтайын... кімді сен кəлəкайт қылғың келеді. Əй, ақи, қайдасың!
Нұртаза күйлеген бұқаша көзі қанталап, орнынан өңмендей тұрды
да, ауыз үйде ілулі ұзын бишікті ала салып, Су Құсайынға сілтей берді.


Арашаға Сүлеймен түспегенде суылдаған сары бауыр қамшының ұзын
өрімі қаңғыбас байғұстың талша мойнына жыланша оратылатын еді.
– Қой, Нұртаза, бір ашуыңды бер маған, қой деймін!
Сүлейменді кеудесімен қаға ұмтылған Нұртаза, ағасы ұстап қалған
бишікті саумалай тартқылап жүріп, Су Құсайынды алыстан бір-екі
теуіп қалды:
– Мына иттің баласы, мені кім деп отыр, жоқтауын асырайын қазір,
дəндеген екен!
Қамшыдан жасқанған Су Құсайын жеңімен бетін қалқалай берген
де, жамаулы бешпентімен басын бүркеп, тоңқайып жатып алған. Май
құйрықтан тиген соққыны елеген жоқ, тек түйе құсша басын
қорғаштап, тұншыға сөйлеп жатыр:
– Қарағым, менің не жазығым бар? Неден жаздым? Ағатай-ай,
ағатай, не жазығым бар еді? Құдай-ай, не жазығым бар? – деп, бір
сөзді он қайталап жалынған ол, Нұртаза басылғанда барып,
бешпенттен басын шығармай, əуелі өңірінен сығалап қарады. Су
Құсайынның осы жатысы Сүлейменге жазықсыз таяқ жеп шапанның
астынан мүлəйім қараған кəрі мысықтай аянышты көрінсе Нұртазаға,
аусар баланың əкесін арқаланып, өзінен ересек баланы келемеждеп,
"енді маған неғыласың деп мазақтағанындай жынына тиді. Түк
болмағандай Су Құсайын басын көтеріп отырғанда, тағы бас салып
умаждап тастайын деп ұмтылып еді, Сүлеймен алдын орады.
– Ал, ойнасақ та біраз жерге шаптық дегендей, əй суайт, енді өзің
көп тұздықтамай тез айтшы. Не көрдің? Көп жылқың не көріп жүрген?
– Қайдағы жылқы?! Тағы неден жаздым? Батыр-ау, не сұрап
отырсыңдар? Тағы да тілімнен жазбаса, игі едім, – деп Сүлеймен
Құсайынның көкшіл көзі жыпылық атып, шын түсінбеген нышан
білдірді.
– Өй, суайт! Қап мына итті қайтейін, – деп, тағы да дызалақтап,
тістенген Нұртаза, оның аузына өзі сөз салды. – Əлгі, Қызылжар


жақтан көрген малың? Біз ұрлатқан мал?
– Е-е, – деп қайтадан ыржалақтаған Су Құсайын шақшасын алып,
өкшесіне қақты. – Ұрланған демеші, болысеке. Оның аты барымта ғой,
барымта.
– Соны айтсайшы, соны, қайдан көрдің, сорлы-ау,- деп енді
Сүлейменнің де зығыры қайнай бастады. – Тоқ етерін айтшы өзің
созбай!
– Созатын оның түгі жоқ, өздейің де оны естіп жəтқан
шыайсындай, – деп Су Құсайын соңғы "естіп жатқан шығарсыңдар"
деген сөзді аузына насыбай салып тілі күрмеле сөйлегенде, ана екеуіне
көпе-көрнеу бұзып айтқандай болды, – Əлгі, атығайдың қалың тұсы –
Ожан ауылынан шығып, намаздыгер əлетінде "Қара тоғай" деген жерге
жеткем. Алдымнан адам айтқысыз көп жылқы көрінді.
– Көп болғанда қанша? – деп Нұртаза қозғалақтап қойды.
– Енді... қарасы... қалай десем екен, əйтеуір бықыған мал. Ай,
өзіңнің малыңнан көп болмаса, аз емес-ау, Нұреке.
– Шатыпсың...
– Жарайды, сосын, – деп Сүлеймен Нұртазаны тағы орап кетті.
– ...Сосын... жылқышыларға соғып, қымыз іше кетейін деп
бұрылсам, не қос, не бастарында бір пана жоқ ағаш арасында от жағып
отырған екі-үш адам өре түрегелді. Тани кеттім. Ортасында мен
танымайтын қарасақалды бір дəу сыған отыр. Басқалары Нұреке,
өзіңнің жылқышыларың.
– Оны қайдан біле қойдың?!
– Е, оларды баяғы жалаңбұт кезінен білем. Əлгі Қарсақбай
марқұмның ұлы Тəшім, Жансақтың қырматазы Мəули...
– Болды, болды көбейтпе... Ал, жылқылар кімдікі екен?


– Ə-ə, оны да бірден тани кеттім ғой. Мына көз нені көрмеген көз.
Сіздің жылқылардың жүген-құрық тимеген шу асауларына дейін
жазбай танымаймын ба.
Су Құсайын өзінің шын білетініне масаттанғандай тілін ернінің
астына томпайта жүгіртіп, насыбайға тұшырқанғандай мұрнын қусыра
ұзақ тартты да, əңгімесін қайта жалғады.
– Ау, мына жылқылар бөтен елдікі ғой. Қайда апара жатырсыңдар
десем, малайларың бір-біріне қарасып, жаутаңдап, "қойыңыз,
қайдағыны шығармай, өзіміздің мал" деп құс қондырар емес. Зəрелері
ұшып, дегбірсіздене бастады... Сөйтіп отырып қуланған несін алған
деймін...
– Бөтен елдікі екенін қайдан айыра қойдың?
– Еһ, өңкей торы ала, қарала жылқыларды айырмай мені не қара
басыпты. Сізде ондай бір үйір де жылқы жоқ қой. Содан əлгі жерде,
торсықтан құйған бір тостақан балдай қымызды іштім де, одан өрі көп
отыра алмадым, жылқышылар "жүреміз түнделетіп", "ал іштің ғой
атаукереңді" деп, тіпті өзімді ана бір Тонтидың қара домалағы жекіп,
құйрығыма қоныс таптырмады. Үш аяқ мосыға ілген ет бүлкілдеп
қайнап жатыр еді, соны қызғанды ма? Бірақ, үйтпесе керек еді. Байдың
асын байғұс қызғанадының" кері. Шіркін далада жеген еттің дəмді
болатыны несі екен. Қанша жесең де сіңе береді-ау...
Оюлы ескі жүк аяққа жауырынын үйкеп-үйкеп қышынып, сөзді
тағы да қоздатып, көйіте жөнелген Су Құсайынды Нұртазадан
бұрынырақ Сүлеймен қақты.
– Иə, етті жей алмай кеттің? Содан соң...
– Сосын... қай жерге келіп ем... Осы, сөзімді бөлгенді əменде ит
етінен жеккөруші едім. Біреу киіп кетсе, жыным құрыстап, айтпай
қоятын да əдетім бар...
– Өй, жыныңды!..


Нұртазаның көзі шатынай қалып еді.
– Е, айтқандай... Содан, – деп, Су Құсайын іле жалғастырып кетті.
– Əйтеуір етті жегізбедіңдер ғой, бəрібір кімнің малы екенін білмей
қоймаймын деп, баpap жолымнан қиыстау бұрылып, көп жылқыны
жанамалай өттім. Тура үстінен түстім. Көз қырағы емес пе. Дəл тани
кеттім – керей жылқысы, бəрі керейлердікі.
– Қайдағы керей? Не шатып отырсың?!
– Оу, керейлерден басқада ала жылқы жоқ па екен. Бəсентиындарда
да, мына іш жақта да ондай мал көп, – деп Сүлеймен жұмсарта сұрап
еді, Нұртазаның делдиген танауынан сескеніп қалған Су Қусайын
мырс етіп күліп жіберді.
– Əй, Сүлеке-ай, мені сынағың келіп отыр-ау. Мен білмейтін жер
астында. Қарағым-ау, жылқының жамбасынан, құлағынан-ақ соқыр
адам ажыратқандай емес пе.
– Құлағында не бар екен? Атаңның басын көрдің бе?
– Аталарымыздың атам заманда қураған басы қайдан болсын.
Кəдімгі пышақпен салған ен бар. Атамыз қазақ сонау жаугершілік
заманда "Ақ найзасы болмаса, ерді қайдан танырсың, ен, таңбасы
болмаса малды қайдан танырсың?" депті ғой. Сол айтқандай əлгі
жылқылардың құлағындағы ен – керейлердің ені.
– Бұл енеңді ұрайынның еншілігіне не берерсің. Сенің қатын ала
алмай қаңсып жүргенің де тегін емес- ау, тегіңді ұрайын! – деп
Нұртаза кеңкілдеп, ызалы күлді.
– Нұреке-ау, баяғыда тесігінің бүрі жоқ бір шал аңдаусызда
артынан жел шығарып қойып, мəсісін бір-біріне үйкеп, шиқылдата
қойса керек. Сонда қу тілді біреу "оу, отағасы, ол шиқылға бұл шиқыл
ұқсамайды" депті ғой. Сол айтпақшы, ол еннің жөні бір бөлек. Менікі,
əшейін...


– Сонда керейдің ені қандай болады екен, басқанікінен өзге ме
екен?
– Нұреке, білмесеңіз айтып берейін. Өзі шынымен осы күнге дейін
білмейсіз бе, мен қалжыңдап отыр екен десем, – деп Су Құсайын
жүгініп отырды. – Мына біздің қарауылдың ені, өзіңіз білесіз, қиық ен,
атығайдікі – жүрекше ен, бəсентиындікі – солақ ен, қуандық елінікі –
кез ен, қыпшақтардікі – көбінесе ойық ен, ім-м... қаржастардікі –
байпақ ен... үшкіл ен, сыдыртпа ен, тілік ен, сота тілік ен, айшық ен
дегендері, тағы сондай таңбада да нешетүрлі бір-біріне ұқсамайтын –
белгілері болды. Мəселен, арғындардікі көз таңба, қыпшақтардікі –
қос əліп, қоңыраттардікі – босаға, ал керейлердікі – ашамайлы. Оны...
– Жəрəйді, жəрəйді көбейтпе. Ру, атаның меншікті ені болады
дегенді сенен естіп отырмын, ай найсап-ай, найсап, шімірікпейсің-ау.
А, керейлердің ені қандай болады екен?
– Керейлердікі көбінесе тесік ен, ұмытпасам ақсары-
кұрсарылардың ені осындай. Тура құлағының ортасынан дөңгелетіп
қыршып алды. Сол себепті ондай енді қыршыма ен деп те айтады.
Мұның бір жақсысы жылқының құлақ жүні іштен басып, ана-мына
көзге көріне бермейді. Кез ендей емес. Тегі айдап келгенде аңғармай
қалғансыз ғой. Жəне түн болды ма? Кейбірінің қара санында
ашамайлы кереге таңба бар екен, – деп Су Құсайын ондай таңбаны
көрмесе де жобалап соға салды. 
– Е, уақтардың да таңбасы кереге таңба, – деп Сүлеймен
жаңылдырайын деп еді.
– Білем, білем. Бірақ уақтардың аз жылқысы бұл жаққа қайдан
келсін. Солай жалтарудың не керегі нар, – деп бастырмалата түсті анау.
Нұртаза жарылып кетпей зорға шыдады.
– Ал енді олардың барымта мал екенін қайдан білдің? – деп
Сүлеймен əңгіменің соңғы суыртпағын тартты.


– Е, ол жерде ештеме түсінгем жоқ. Содан екі күн өткенсін ғой
деймін, бір ауылға келсем у да шу, гу-гу əңгіме. "Бəлем сол керек.
Құлагерді өлтірген керейлердің малын бір түнде жаудай шауыпты, кім
де болса, қарауылдың өшін оңдырмай алған екен", "у, біз де ел емеспіз
бе, неге басындырып қоямыз" деп лепіріп жүр.Сол арада барып, мына
қауға басқа сап ете қалды ғой. Анада көрген торы ала жылқы –
керейлердікі, жылқышылар – Нұрекендікі. Осыдан артық маған не
керек. Ая, өзім айдатып алғандай, айызым қанып, ел-жұртқа атыңызды
ақ патшаның атындай шығарып, даңқыңызды Əзірет Əліден кем
көтермедім. Естіген жұрттың да айызы қанды. Жүрген жерімнің бəрі
"тусаң ту, Нұртазаңның өзі аюдай ақырған ақылсыз неме екен десем,
алды-артын түсінетін, намысқа шабатын еңіреген есіл ер екен ғой" деп
отыр. Өзіңіз сұрасаңыз қыңқ етіп ауырсынбай, қоң еттерін кесіп берер
еді. Əй, не керек, бір жерлерде, керей жігіттерінің көзінше, тіпті
ертегідей ғып жосылттым-ау. Қарауылдың Құлагері үшін Нұрекең
"Керейлердің қалған жылқысын тағы да айдатып алам, пшту, немді
қылат" деп отыр, "екі күннің бірінде оны істейді, қамдана беріңдер"
деп, өздерін үркіте сөйлегенде, зəре-құттары қалмады.
Сүлеймен бұдан артық болыс інісінің шыдай алмай талағы тарс
айырыларын сезіп, сөзді доғартты.
– Жетті, жетті, енді керегі жоқ. Мақтауымызды асырған екенсің.
– Жоқ, бұл əлі бер жағы. Əлі қызығы бар, – деп тағы да Су
Құсайын өзеурей жөнеліп еді.
– Болды енді, болды. Əй, ақи, қайдасың?- деп Нұртаза да ауыз
жақта иесінен хабар күтіп дайын отырған поштабайын шақырып алды.
– Мына суайтқа тамақ беріңдер. Ашығып қалған екен. Бар, бар, жетті
дедім ғой. Қалғанын кейін айтасың. Алып бар мынаны. Аяма тамақты,
сілейте тойғызыңдар!
Тоқсан сайын Ақмола облыстық генерал-губернаторына ояз
Коновалов Көкшетау уезі бойынша істелген істер, казак
станицаларының жай-күйі, қырғыз-қайсақтардан алынған алым-салық,
көбінесе қылмыс жайлы мəлімет беретін. Жыл аяғында далалық


генерал-губернатордың өз атынан талай рет алғыс, наградалар алып
дүрсілдеп тұрған кезі еді.
Үшінші тоқсанның ақпарын көмекшісі Делазари алдына əкелгенде
Коновалов қол қоюдың орнына столды жұдырығымен ұрып, ақсақ
аяғымен қиралаң етіп орнынан қарғып тұрды.
– Қашан бұл тағылық тыйылады? Қашан бұған тыйым салынады?
Болыстар не бағып отыр? Шетінен тізіп, сақалдарын күзеу керек
надандардың. Қарындарын шартитып семіргеннен басқаны білмейді.
Өңшең күлге аунаған түйелер? – деп, ояз бөлме ішінде ерсілі-қарсылы
жүріп, өз алақанын өзі түйгілеп, зығыры қайнады. – Бізге его
высокопревосходительство генерал - губернатордың өзі талай
ескерткен. Бұл қырғыздар үшін сен күйесің. Сволочи, сволочи,
шетінен бұғаулап Сибирьге айдар ма еді... Қашанғы мына меңіреу
түкпірде осылар үшін отыра бермекпін?
Соңғы сөз аузынан қалай шығып кеткенін аңдамаған Коновалов көз
қиығын Делазариға ыңғайсыздана тастап, орнына қайта жайғасты.
Көмекші аңдамаған сыңай білдіргенімен, іштей ойланып қалды.
Өткен қыста ғана Дала губернаторы, атты əскер генералы барон
Таубеннің қолы қойылған алғыс бүкіл губернияға тараған. Онда:
"...Объявляется благодарность Кокчетавскому уездному начальнику
статскому советнику Коновалову за безнедоимочное взыскание
кибиточной подати и земского сбора с населения Кокчетавского уезда"
делінген. Осы жарлықтан соң-ақ ояздың беделі басқа ояздардан артып,
содан былай Ақмола облыстық саяси губернаторы генерал майор
Ливенцов та бұнымен көп жағдайда ақылдасатын болды. Бірде Дала
генерал-губернаторының өзі: "Жұмысыңыз ойдағыдай болса да
департамент алдында мəселе қойып, шеніңізді өсіріп, далалық
басқармаға биік дəрежелі орынға көтерем. Байқаңыз, қырғыздардағы
қылмыстың бастысы – конокрадство. Білемісіз, дала жылқысы даңқты
Сібірлік казак əскері үшін қажет құрал. Міндет – жылқы орнын
ұрлықпен кеміту емес, арзан бағамен мемлекетке сатып алу.
Қырғыздар жылқы ұрлауды бір-бірінен өш алудың құралына
айналдырған, ондай жылқылардың, шайтан білсін, мемлекетке де,
жəрмеңкеге де көрінбей, орны жым-жылас болатыны даусыз. Одан


соң, білемісіз, бүкіл қырғыз-қайсақ жеріндегі ең жылқысы көп ел осы
біздің дала губернаторетвосы. Сондықтан, бұл арадан неге жылқы
заводын ашпасқа. Асыл тұқымды жылқы казачествоға ауадай қажет.
Бұл өлкедегі жалғыз ғана атбасарлык Мейрам Жанайдаровтың жылқы
заводы бар. Бəріміз соның қолына қарап, емініп отырмақпыз ба? Кім
кімге тəуелді болу керек? Сонсоң, тағы да есіңізде болсын, қырғыз
жерінің көбі – жылқы жайылымы. Ол жылқылар базар арқылы,
айырбас арқылы, тағы басқа жолдармен азайса, қырғыз байларына кең
жер де онша қажет бола бермейді. Бірақ, тағы да ескертемін, барымта
жолымен емес...
Осы сөзден соң-ақ бұл іске Коновалов ерекше назар аударып,
қулықты болған. Осы сентябрьде өткен Тихвин, Қотыркөл
станицаларының Покров Ақан бұрлық жəрмеңкелеріне арнайы
адамдар жіберіп, қазақтардың жылқыларын жиырма-жиырма бес
сомнан арзан түсіріп, мемлекетке мыңдаған жылқы өткізген. Бұрын
мұндай тегін малды сатып алып, Томскіге апарып, кемі екі бағасына
тоғытатын атақты купец Ямщиннің де алдын орап кеткенін мақтаныш
еткен Коновалов, қиырдағы Көкшетау уезінен Омбы қаласына биік
мақсатпен баратынына шек келтірмейтін. Енді, міне мына бір
ақпардың алдынан шыға келуін қарашы.
Коновалов алдындағы "Въдомость № 13 о числъ и родъ
преступленья, совършенных въ Кокчетавскомъ уъезде" деген
мəліметке қарап, түсі сұрланып отырып қалды: "Кісі өлтіру – 5, жекпе-
жек – 7, қорқыту – 2, өрт қою – 12, əдеби мұраларды иемдену —,
құмарпаздық – 17, алаяқтық – 37, жылқылар мен ірі қараларды ұрлау –
11 (326 бас) өкімет тəртібін мойынсұнбау – 7"...
Қос саусағымен 326 деген санды ызалана дамылсыз тықылдатқан
ояз:
– Осыншама малды кім ұрлай береді, мүмкін жалған ақпар шығар,
– деді қабағын көтермей.
– Бұл – малы ұрланғандардың сотқа түскен арыздарынан алынған
ақпар. Ал, болыстық басқармаларда əлі тексерілмей жатқан ұрлық
қаншама десеңізші.


– Жетеді! – деп жазықсыз көмекшісіне зірк еткен ояз сəл үнсіз
отырып қалды да, 326 деген санды 126 деп түзеп, былғарымен
қапталған есікті иегімен нұсқады. – Ана жақта отырған тақырбастар не
шаруамен жүр екен?
– 
Білмедім. 
Өзіңізбен 
ғана 
сөйлесеміз 
дейді, 
ваше
высокоблагородие! Екі-үш күн болды, бүгін жолыға алмасақ, кетеміз,
генерал-губернаторға барып шағынамыз деп отыр. Ақмола уезінің
адамдары.
– Білем. Кірсін бəрі.
Лұқсат тиісімен ояз кеңсесіне топырлай енген өңшең шеншекпенді
қазақтар бағана сыртта Коноваловқа амандасып қалса да, тағы да
тағзым етіп, иіліп сəлем берісті. Бұлар – Паң Нұрмағанбет, Мəті,
Дəулен, Тасемен байлар мен Домбыралы, Слеті болыстары еді. Өңшең
абажадай былғары дивандарды пыс-пыс еткізіп жайласқан соң,
Коновалов алдындағы қағаздарға үңілген қалпында, басын
көтерместен:
– Шаруаларыңды біреуің ғана қысқа баянда!.. Иə, қысқа! – деп дала
тобымен жүрген қазақтарды жақтырмаған сыңай танытты.
Отырғандар ыңғайсызданып, бір-біріне үнсіз қарасты да, сөзді
орысшаға жетік Паң Нұрмағанбет бастады. Жаратылысында асықпай
əр сөзін сағыз шайнағандай баппен сөйлейтін паң əуелі алтын
жалатқан көзілдірігін алды да, шайы орамалымен шынысын ұзақ
сүртті. Одан соң төс қалтасына салып, кезіне пенсне киді. Содан соң
бешпентінің қалтасынан шынжыры шұбатылған алтын сағатын алып,
лып етіп қақпағы ашылған сағат жүзіне қарады да, асықпай қайта
орнына салды. "Көкшетау уезінің адамдары болса бүйтпес еді,
мынаның ширатылуын қарашы, тіпті сескенер түрі жоқ, менің жыныма
тигісі келіп отыр-ау, жарайды, шыдайын" деп, ыза аралас мырс еткен
Коновалов, паңның тау текеше кекжиген кейпін елемеген адамның
сыңайымен, қағаздарын мағынасыз ақтара берді. Ояздың ашулы
ұсқынын жағы мен дірілдеген саусақтарынан аңғаруға болатын еді.


Паң Нұрмағанбет те енді ештеме сезбеген адамдай, буылтық-
буылтық емен таяғының күміс балдағына алақанымен сүйеніп,
кеудесін кере, шалқалай түсіп, алыстан орағытты:
– Ваше благородие! Сіз тым асықтырып отырсыз. Ғафу етіңіз, біз
де жырақтан əдейі келгенде үш күн ұдайы биік мəртебелі хұзырыңызға
іліге алмай жүрміз. Шаруамыз асығыс бітпейтін, бір-екі ауыз сөзбен
тамамдалмайтын ауыр шаруа, ауыр! Қазақта, "асыққан – шайтан ісі"
деген сөз бар. Ғафу етіңіз, сайтанға өзімізді де. Ваше благородие, сізді
де ұқсатқымыз келмейді. Айта көрмеңіз.
Өзіне бағынышты қараңғы қара халықтан мынадай қорлықты
көрмеген, естімеген Коновалов не қарқылдап тұрып айызы қанғанша
күлерін, не айғайға салып мына қырғыздарды кеңседен айдап
шығарын білмей, зығыры қайнап, жарыларға таяу, зорға отыр.
– Біз, Ваше благородие, өзіңізді аса құрмет тұтып, шын бейіл, адал
көңіл, бар ықыласымызбен сыйлаған соң, алдыңыздан өтуді лайық
көрдік. Уезіңізде болған жүгенсіз, көргенсіз адамдардың, сіздің
қарамағыңыздағы тəртіпсіз, лұғатсыз жандардың, ұлы патша
ағзамының заңына қайшы іс істеген ұрылардың сотқарлығын, сіздің
көзіңізден 
таса 
қылмыс 
еткен 
басшысымақ 
волостной
управительдеріңіздің шеннен асқан, шектен шыққан найсаптығын айта
келдік.
Қазақтардың бірінің үстінен бірі өнімсіз дау айтып, қағаздасып
жататын қанына біткен арызшылдық, партияшылдық мінезіне əбден
қанық ояз, алғашқыда тағы сондай ұсақ дүниелердің бірі ғой деп,
тұқырайған қалпы салғырт тыңдап еді, басынан аяғына дейін орыс
үлгісімен сəнді киінген мына қазақтың орысша жатық тілмен бипаздай
сөйлеген сөзінің сыңайынан үрейленейін деді. "Аяқты қалай-қалай
тастайды. Көңнің үстінде отырып, күнге шағылысқан қара мақпал
қауырсындарына мақтанып, тамағын кеней түсіп, менмен, тəкаппар
үнмен шақыратын керенау, кердең қораздардың бірі емес, мынауың
аспанда баяу қалықтап, ұзақ айналып жүріп, сəтті кезінде құлдилай
түсіп, жеміне тырнағын бір-ақ батыратын түздің жыртқыш құсындай
ма, қалай".


– Ұлы мəртебелі Ақ патшаның заң жобасын қорғайтын, оны бұзар
кеселді жандар болса арашаға түсер əділетті заң орнына бермей тұрып,
тіпті бұл іс кейін Его высокопревосходительство генерал-губернаторға
дейін жетері хақ, əуелі, тағы қайталап айтамын. Ваше благородие,
өзіңізбен ақылдаса келдік. Сізді аттап өтуге азаматтық ар-ұжданымыз
бармады. Егер қылмыс иелері қалың қарабайыр жұрттың бірі болса,
сөз басқа, ал сіздің қол астыңыздағы ел басқарып жүрген, өзіңіз билік
берген келеңсіз адам болса, қалайша сізді айналып өтпекпіз. Егер де
сіз бұған салғырт қарар болсаңыз, амал не, ғапу етіңіз, онда қазақта бір
мақал бар – "Өз бетін аямаған кісі, басқаның бетін даладай қылады", –
жоғарырақ жерге дейін шағынбасқа əддіміз жоқ.
Паң Нұрмағанбеттің "Кто свое лицо не жалеет, чужого вообще
выцарапывает" деген добалдау аудармасының астарын түсінсе де,
алғаш естіген мақалына қоңыржай отырып, қорқыта, міңгірлей
отырып, міндірмелете сөйлеген дала мыстанының өзімшілдігіне іштей
шамданған Коновалов тағы да ызалы мырс етті.
– Сондағы айтпағыңыз не, Құдай үшін, тезірек. Ақиқатын
айтқанда, əбден зарықтырып болдыңыз. О боже!
–Айтпағымыз сол, жақын арада екі қос жылқыны сіздің уездің
адамдары ұрлап алып кетті. Барымта!
– Тағы да конокрадство! – Коноваловтың жүрегі солқ, еткендей
болды. – Екі қос жылқы? Ол қанша бас?
– Сегіз жүзден астам.
– Сегіз жүзден астам?! – Коноваловтың көзі шатынай бастады. –
Дəлірек айтқанда?
– Сегіз жүз жиырма жеті бас, тай-құнандарын қосқанда.
– Кім ұрлаған?
– Волостной управитель. Кемел ұлы Нұртаза!


– Нұрта-за-а! – Коноваловтың мысық көзі сығырайып, орнынан
тұрып кетті. "Енді волостной упраиительдер конокрадствомен
айналысатын болған ба?".. – Сонда қалай, лауазымы үлкен адам да
ұрлық жасаған ба?
– Бұл ұсақ-түйек ұрлық емес, үлкен ұрлық.
– Түсініктірек айтқанда...
– Үлкен ұрлық тек үлкен адамның ғана қолынан келеді.
– Дəлеліңіз бар ма?
– Бар. Жеткілікті. – Паң Нұрмағанбет Коноваловқа қараған күйі
босаға жақта отырған Мəтіге қол созып еді, еңкіштек келген қара шал
көк барқыт шапаны жер сызып, бүгежектей басып, қойнынан
бүктелген бір бума қағазды ұсына берді. – Барлық дəлел осында
жазылған,- деп, енді қасындағы Дəуленге берді. Ол да тура Мəтінің
шапанындай шұбатылған киімімен солбырайып тұрып, əлгі қағазды
ояздың алдына жасқаншақтай барып, сырғыта тастады. – Мал ғана
емес, үш жылқышыны ауыр жаралаған, екеуі өлім халінде. Біреуі тілге
келмей жан тапсырған. Мал ізімен қуып барған отыз жігітті Нұртаза
өзі бас болып соққының астына алған. Кейбірі қан құсып, төсек
тартып жатыр. Бəрі шағымда толық жазылған, айғақ дүниелер бар.
Өзіңіз танысыңыз. Жауабын күтеміз. Соза көрмеңіз, Ваше благородие!
Шағымның көшірмесі қолымызда əзірше заң орнына бермей, күтеміз.
Бізге сіздің шешіміңіз керек. Өз жолымызбен кек алудың жолын
білеміз. Бірақ ұлы орыс империясына бағынған ел, ескі салтты қууға
еш қақымыз жоқ...
Коновалов оюлы шалқаймасы биік емен креслоға қайта жайғасты
да, маңдайын ұстап мəңгірген адамдай үнсіз, ұзақ отырып қалды.
Қыр қазақтары Паң Нұрмағанбеттің көптен жаттап, жадында тоқып
келген мəнерлі сөзіне түсінбесе де: "Қайран жүйрігім-ай, ояздың өзін
ұйытып тастадың-ау, енді Нұртазалардың кеудесіне бір шығып,
қоянның жүрегін жұлған бүркіттей бір шоқырмыз-ау! Шіркін, жеті
жұрттың тілін де, емін де білетін жетімегім-ай" деп айыздары қанып,


бір бірінің қара санынан түртіп, шымшып, паңға бір, оязға бір
жымыңдаған керейліктер іштей мəз.
Ояз ойда отыр: "Не істеу керек. Қырғыздар ішіндегі жер, жесір
дауы, барымта сияқты ежелгі дау-дамайларды халық соттары – билер
қарауға тиіс деп, шағымдарын қайтарып тастасам ба екем? мұндай
былық іске араласып қажеті қанша? Əлде волостной управительдердің
біразын осы қылмыс үстінде отырғызып, жұдырықты батырып алсам
ба екем? Жоқ, асықпай ойлану керек, ақылдасу керек... Тағы да
конокрадство! Неткен сұмдық!" Үш жүз жиырма алтыға, енді сегіз жүз
жиырма жеті қосылды... Иə, иə, тап осы жолы беттерін біржолата
қайтарып алу қажет. Ертең генерал-губернатор естісе, не деймін. Жоқ,
бұл оңай іс емес... Əлі де ойлану керек. Мүмкін бұлардың
айтқандарының көбі жала шығар, мүмкін ұрылар белгісіз шығар,
несіне асығамын. Бұларды да еркінсітпейін. Неге сонша жаси қалдым,
мұным не?!"
– Да! – деді Коновалов басын оқыс көтеріп. – Енді неғып
отырсыңдар. Барыңдар. Шағымдарың қолымда танысамын. Барыңдар.
Хабарын көмекшіден білесіңдер. Егер жала шағыммен келсеңдер,
сендерге де оңай тимейді. Аямаймын. Ал, барыңдар, ендігі сөздің
қажеті жоқ!..
Коновалов басқа істі сырып қойып, сол күні болыс Нұртаза
Кемелұлына депеша жөнелткен. Тап сол күні кеңсесіне сексеннен
асқан қарт нотариус Радзилевичті фаэтон жіберіп, шақыртып алдырды.
Радзилевич – Көкшетау уезіне атышулы адам. Мұның бармаған
жері, істемеген мекемесі жоқ. Петербургтен Омбының далалық əскери
губернаторствосына келгелі не қызмет атқармады. Ақмола уезінде,
кейін Ақмола болыстық заң орындарында, Семейдің статистикалық
басқармасында, сот орнында талай жылдар отырып, талай орындарды
ауыстырды. Қайда істемесін, Қай уезде жүрмесін аты пара алумен
шығып келеді. Бір арада қылмысы ашыла бастаса, екінші жылы
орынға жылжып жүре беруі де оңай. Кейін жасы қартайған шағында
Көкшетау уезінде ұзақ жылдар мировой судья болып, енді отставкаға
шыққанда, нотариалдық кеңсеге ауысты. Жергілікті жұрт мұның
кішкентай бойы мен саясатқа жүйрік, жүрек жұтқандығына қарап,


бонопорт десе, енді біреулер байлығына, жылпостығына қарап, Иван
Калита дейді. Қалаға ісі түсіп келетін қазақ-орыстардың атауымен
қалталы Иван дейді. Заң жүзіне келгенде мұнан сауатты адам бұл
өлкеде аз. Əсіресе қазақ елінің əдет-ғұрпына жүйрік, оны патшалы
Россияның белгілі заң жүзіне қалай ұштастырып, даулы, қылмысты
мəселелерді қалай шешуге келгенде, шебердің шебері-ақ. Семейде
мировой судья Маковецскийдің қарамағында чиновник болып жүрген
кезінде қазақтардың бұрыннан салтына кірген дала заңының
ерекшеліктерін көп зерттеп, оның жаңа заманның жаңа заңына
қолдану жөнінде көп еңбек еткен Гросс, Леонтьев, Блектермен бірге
қызметтес болған. Осы тəжірибесінің өзі-ақ дала мəселесі жөнінде заң
орнындағы басқа қызметкерлерден оның дəрежесін биікке көтеретіні
даусыз.
Бұл өлкеде Петербургтан шығатын газет, журналдардың бірін
қалдырмай алдыратын адам да осы. Үкімет тарапынан болар жаңа заң-
жобаларының қайсыбір тұстарына көзі ашық чиновниктердің өзі жыға
түсінбей жүргенде, бір заң жөнінде жүз түрлі талдаумен түсіндірерлік
журнал мақалаларын, тіпті бағынышты дала елін басқарудағы кейбір
құпия материалдарды, қайдан қолына түсіретінін кім білсін, осы
Радзилевич алдын-ала біліп алады. Сол себепті қырғыз-қайсақ елінің
салт, рəсіміне байланысты сот, прокуратура ісінде, жоғарғы сенаттағы
ресми басшылар да мұнымен санасатын көрінеді. Осынша білімді бола
тұрып ол қоғамда өзгеріске ұшырап жатқан праволық заңға еш
жаңалық енгізіп, пайдасын тигізіп көрмеген жан. Бар білімін пара
алып, баю жолына жұмсап, дүниеге құныққан адам. Парашылдығымен
ол жас кезінде мықтап тұрып Сперанскийдің де қолына түскен. Бірақ
не керек, губернаторлар мен талай чиновниктер сот алдында
айыпталса да, бұл үстіне су жұқтырмай аман шыққан. Оған, алдымен
мұның білгірлігі себеп болса, қала берді, жұрттан жеген мол-мол
параны, қыл көпірге келгенде көмейі бар өзінен дəрежесі зорлардан
аямайтын "жомарттығы" себепші болған. Осы қасиетін біле тұра ешкім
одан іргесін аулақ ұстамайды, қайта бары болса, Радзилевичтің
өңешіне тығып, қалтасына салуға құштар сияқты. Салғысы келмеген
пенде, бəрібір, əйтеуір Көкше жерінде қылмысты болса, жылан
арбаған қояндай, оның аузына ерте ме, кеш пе, өзі келіп түседі.


Радзилевич бұл күні Коноваловпен ұзақ сөйлескен жоқ. Далада
күзгі бүрікпе жауыннан қорғалап, жабық күймемен келсе де, үстіне
плащ, аяғына калош киіп, қолынa қолшатыр ұстаған ол уезд
начальнигінің қапырықтау кабинетінде шешінбеді. Сырттай қатал,
сұсты көрінгенмен, өзінен жоғары чинді ұлықтардың қасында
жасқаншақ, отырған орнынан айырылмаудың шарасымен нешебір
адам күлерлік жағымпаздық қылықтарға да ұялмай баратын қорқақ
ояздың мінезіне қанық Радзилевич, өзі үрейлі адамды одан сайын
үрейлендіре түсті.
Коновалов Ақмола байларының шағымын қарт нотариусқа беріп,
кабинетте жеке қалдырған. Радзилевич шағыммен жорта танысқан
болды. Ояз бөлмеден шығып кетісімен көзі сығырайып, қолындағы бір
топ арызды алдына жайып салған күйі, ойланып отырып қалды. Бұдан
екі-үш күн бұрын Паң Нұрмағанбеттер Көкшетаудағы таныс
приказчигінің үйіне түнделетіп келген де, ертеңіне нотариусты жансыз
шақыртып алған. Ел бүлігі -барымта жайын, оның Нұртазалардың
тарапынан болған ұрлық екенін бар кеспімен, бұлтартпас дəлелдермен
тегіс ұғындырған соң, бір бума ақшаны қалтасына басқан Радзилевич
көп ақыл-кеңес бере отырып, ояз атына шағым жаздырған. Алдындағы
көп қағаз – сол шағым.
Коновалов қайта кіргенде қарт нотариус төбесіне қарай қашқан
сирек, майлы шашын жылтырата сипап, су тышқанның көзіндей арасы
жақын біткен айлалы, əpi аяр көзін оязға тіке қадап, əңгімеге бірден
кірісті: Мынау бұрын-сонды қырғыздарда болмаған, соңында көп
салмақ, дауы мол, талай адамдарды шырғалаңға салатын, болыс емес,
одан да жоғарыға дейін баратын қауіпті шағым екен. Шағым ғана емес,
мұнда кінəлау да бар. Жəне орынсыз деуге болмайды.
– Түсінбедім, қалайша кінəлау? – Коновалов сынай қарады.
– Түсінбейтін ештеме жоқ, одан да түсінгім келмейді деңіз.
Əйтпесе мұнда анық жазылған. Түз елінің улы Россия империясының
қалыптасқан əділ заңына бойсұнбай, əлі де өз еріктерімен кетуіне, яғни
ұлы мəртебелі Патша ағзамына түгелдей бағынбай малша жайылуына
жергілікті ұлықтар, оларды жүгенсіз ұстап отырған биік дəрежелі
чиновниктер, уезд басшылары кінəлі деп отыр. Орыс мəтелімен


айтқанда "балық басынан шіриді" дегенге мегзейді. Жоқ, мегзейді
деген сөз бұл араға келмейді, тура атқылап отыр десек, дəлірек болар.
– Сонда не істеу керек. Мүмкін осы дауды билер сотына
жолдағанымыз дұрыс шығар. Мен сізді ақылдасуға шақырып отырмын
ғой...
– Билер сотына? – Радзилевич шатпақтап сөйлеген бала сөзіне
күлгендей мырс етіп ояздың жүзіне кекесінмен қарағандай болды. –
Сіз билер сотының принципін білмеуші ме едіңіз? Оларша барымта
қылмыс емес, жазықты жазаланбайды, оның кінəсі дəлелденген күнде
айыппен құтылады. Ал, мына адамдарыңыз ондай шешімге көне ме,
көнер болса, уезд басшысына келер ме?! Жоқ, бұл – ұзақ процеске
айналатын инцидент. Ұзақ процесс үстінде талай құпиялар, тіпті
қылмыстар ашылып қалуы мүмкін.
– Қандай құпия, қандай қылмыстарды айтасыз?
– Ваше высокоблагородие, бұл арада жасырынбақ ойнаудың да,
сəби бола қалудың да түкке пайдасы жоқ. Сіз өз волостной
управительдеріңізді ұстап беруді ең қолайлы жол деп ойлаймысыз.
Мысалы, Кемеловты?
Коновалов жағы бүлкілдеп, орнынан тұрып кетті, бөлме ішін
ерсілі-қарсылы кезе бастады.
– Жəне де билер соты дегенді халық соты, немесе көне түрінде
третейский суд деп жүрміз. Оның қоғамдық шешуші ролінен гөрі,
бұқаралық жағы басым екенін білемісіз? Сперанскийдің сібір
киргиздары үшін шығарған жаңа уставтық реформасының жобасына
қарсы əрекет еткен Гутковскийдің, Валихановтың пікірлері – осы
бұқаралық соттың беделін көтеру емес пе еді. Янушкевич, Гейнстің
ұсыныстары да бұлардан онша алшақ емес-ті. Қазіргі саясат уақытша
ереже ұсынған кейбір мəселелерді іске асырып, халық сотының
қолындағы көп билікті əлсірету, сүйте тұра мүлдем жоюға бірден-бір
шаралар қолдану емес пе. Ендеше, сіздің ойыңыз – бұхаралық соттың
выборный съездің ауқымында қалу болса, патша үкіметінің билігін


нығайту деген ойға мүлдем кереғар екен. Олайша итере салудың арты,
кім білсін, неге соғарын.
Коноваловтың көзі шатынап, мұрты дірілдеп кетті:
– Сіз өзі мені кінəлап отырғаннан саумысыз?
– Ақылшы адамға керегі кімді жазғырып, кімді арашалау емес,
істің болашағын болжау. Сізге мен, Ваше высокоблагородие, əшейін,
осылай болуға тиіс деген ауа райының симптомына байланысты өз
топшылауымды ақылшы адам ретінде ғана ескертіп отырмын, ғапу
етіңіз, кеңесім ұнамаса, сіздің қабылдамауға хақыңыз бар, биік,
дəрежеңіз де оған жетеді.
– Сіз... əуелі шешініңізші, қайда асығып отырсыз, тіпті
ыстықтамайды екенсіз, пысынап кеттім, – Коновалов мундирінің
жағасын жұлмалай ағытты.
– Сіз менен гөрі жассыз ғой, Ваше высокоблагородие! Біздей
қарттар пысынау дегеннің не екенін білмейді. Жəне де, кейінгі
жылдары ревматизм деген бip жексұрын ауру мүлдем иектеп алды.
Тегі қартайғанда жылы жаққа қарай көшпесе болмас... Менімше, бұл
істе екі жақты да, мүмкіндігінше келістірген жон сияқты. Сағынаев –
оңай иліге салатын субъект емес, Ақмола, Омбыда оның биік мансап
иелерінен қолдаушылары барын есіңізден шығармағайсыз. Асығыстық
бұл арада жүрмейді: Менімше, əлгі... Кемелевтерді шақыртып
алғаныңыз жөн. Мүмкін, олардың да қосар ойы, бəлкім кінəдан арылар
себептері де болар... – Радзилевич орнынан тұра берді. – Егер артық
көрмесеңіз, олармен əңгімеде менің де қалыс қалмауым, істің алға
басуына септігін тигізер... Есіңізде болсын, қанша білгірмін дегенмен,
Ваше высокоблагородие, қырғыз даласының заңында əлі түсіне
бермейтін, қиын істі оңайлатып, оңайды қиындатып алатын
құйтырқылар көп. Дала кең, буалдыр сағым да мол, алдамшы дүниелер
өте көп, өте көп...
Коновалов тістенген қалпы Радзилевичтің ертегідегі мыстандарға
ұқсас құныстау иығына жиіркене қарап, оқты көзімен шығарып салды:
"Кəрі сұмпайы, зымиян!"


10
Жұмыс аяғында үйіне оралған Коноваловтың шектен шыға
ашуланғаны сонша, үй ішін қуырдақша қуырып, жастай қосылған
əйелі Варвараға жер ортасы жасқа келгенде ауыр-ауыр сөзбен тілі тиді.
Қазақ байларының əдісімен бөренелердің арасына мүк орнына
қалың етіп арнайы бастырған ақ киіз салған ояздың он екі бөлмелі
қарағай үйі Қопа көлінің жағасында. Бұқпаның бауырындағы ширек
гектарға жуық далиған дуал көл жиегіне сұғына түскен. Дуал
жағалауларына араластыра еккен жас шыршалар мен балапан
қайыңдар болмаса, аула іші алаңқы, кіші-гірім ипподромдай.
Коновалов қызметінен оралғанда, тура осы аланда жөкейлерше
киінген офицер ұлы Алексей теңбілкөк арғымақты үйретіп жүрген.
Ұзын шылбыр ат күтушінің қолында. Жүген-құрық тимеген шу асау
айнала қарғып, көкке шапшып, кісінейді, тіке шаншылып, қос аяқтап
ауаны тепкілеп тұрып қалады. Жеңіл былғары ер-тоқымға жабысып
алған Алексейдің қаперіне түк кірер емес, тізгінді сірестіре тартып,
"үйренесің əлі, үйретемін сені!" деп сақ-сақ күледі. Коновалов алыстан
қарап, ұлының жүректілігіне сүйсініп ұзақ тұрды. Ұлы жас кезіндегі
тап өзінен айнымайды. Бұл да талай таза қанды арабы жылқылардың
шоқтығына жабысып, неше бір асауларын үйретпеді. Георгиев
полкінде жүргенде, парад кездерінде ең алдынғы сапта, ұлы мəртебелі
императордың алдынан да салтанатпен өтіп еді-ау. Жеңіл
желпуіштерінің қалтарысынан сығалаған князь қыздарының көзіне де
талай түсіп, ойқасайтын. Кейін бір жарыста аттан құлап мертіксе
жүйрік арғымақтармен аңға шығудан қалған жоқ.
Теңбіл көк үстіндегі адамды түсіре алмаған соң, ышқына шауып,
шыркөбелек айналды. Көзі алайып, жиі пысқырып ала қашқысы келіп,
бір қырындай осқырынса да, шылбырдан табандап тартқан адам
жіберер емес. Оның үстіне сəл бас асаулық байқатса-ақ үстіңгі адам
тізгінді оқыс жұлқып қалғанда таңдайына темір трензель батып
бауырына, кейде шабына қос шпор істіктей қадалады.
Асауды əбден титықтатып бастықтырған Алексей біраз желдіртіп
алды да, аттан қарғып түсіп, арсалаңдай басып əкесіне келді.


– Қалай, батя, арғымақ ұнай ма? Сұлу емес пе?
– Тамаша екен, ұлым, – деп, үйіне көңілсіз оралған əке сол
жадырағандай болды, - бұл арғымақты қайдан алдың, бұрын көрмеген
сияқтымын? – Коновалов енді бас асауға тесіле қарап, тақымы
жыбырлап, шын құмартты. Кейде, ызалы кезде, осындай алақашпа
асауларға мініп, айдалаға тұра шабатын да, бар ашуын содан алатын.
Сол əдетіне басқысы келді.
– Біреу емес, екеу, батя. Екеуі де егіз жылқы, бір-бірінен
айнымайды. Кейін, жегіп үйретемін. Қандай сəнді жылқылар, ə?!
Киргиздар жалпы жомарт халық қой. Кім сыйлады дейсің, тапшы.
Тойға əкелген тарту.
– Қайдағы киргиз? Кім ол?
– Білемісің, батя, анада келген банкир, киргиз-милионер.
Коноваловтың жүрегі су етіп, өңі қуарып сала берді.
– Кім, кім? Сулейман Кемелов па?
– Сол, сол тап өзі. Бағана келіп кетті. Тағы да тартулары бар.
Мамам көрсетеді. Не деген жақсы адам...
– Тапқан екенсің жақсы адамды. Ох, сұмпайы! – Коновалов ақсақ
аяғымен орғи басып, үйге ұмтылды, – Бұл енді жылы інге кірген
жыландай менің үйіме еркін бауыр басып алған екен. Мұндайды
құйрығынан сүйреп шығару да оңайға түспейді.
Əкесінің артынан жаңа көргендей тосырқай қараған Алексей:
– Түк түсінбеймін! – деп екі иығын қопаң еткізіп ойға қалды:
"Қырғыздар, шынында да, табиғатында жомарт халық. Ал, олар сол
жаратылысына жазған жомарттығын істемеген күнде, тəуелді
адамдарына анда-санда сый-құрмет жасап тұрса, оның несі айып.
Қайта олар осылай жасауға тиісті. Əйтпесе несіне бағынышты.
Волостной управительдер уездной начальникке сыйлық жасаса,


олардың да соншама түсімі бар – оларға тəуелді түземдіктер аз ба?
Мұндайда онша налымаушы еді, бұған не болды. Əлде, жоғарғы
жақтан бір тықыр таянды ма? Онда тұрған не бар, оларда көмей жоқ па
екен? Мына азынаған мидай далада, түземдіктермен қатар өмір сүріп,
жақсы тұрмыста тұрмауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл – өмір заңы!.."
Алексей Коновалов биыл Омбының кадет корпусын бітіріп, дала
генерал-губернаторствосының статистикалық басқармасына қызметке
орналасқан. ауыр оқу, əскери тəртіп қажытқан жүдеулеу жігіт əке
қолында бірер ай дем алып шилануға келген. Оның үстіне ең кереметі,
келесі жазда үйленбек. Əйелінен бұл хабарды естіген ояз, алғашқыда
тулап: "Оған неғылған əйел. Əскери қызметте біраз істеп, төселсін,
əлден басын байласа өзі əлжуаз бала жүнжіп кетпей ме? Ақымақ сол,
хомут табылмай қалады деп қорқа ма. Жоқ, менен лұқсат жоқ" деп
баласымен бұл жөнінде сөйлескісі де келмеген. Ақыры əйелі күле
тұрып, кімге үйленетінін айтқанда, Коноваловтың жүрегі жарылардай
болған. Сүйтсе, баласы не деген ақылды десеңші, генерал-губернатор
канцеляриясының басшысы Ловескийдің жиеніне үйленбекші екен.
Мұны естісімен енді ояздың өзі үйлену жабдығына жедел кірісіп,
қашан генералмен құда түскенше есі шыға қуанып, тойды тез арада
өткізбесе, олар айнып кететіндей көрініп, жүрегі алып ұшқан. Өзінің
ең жақын, сенімді болыстары Нұртаза мен Азнабай, Жанботаға сəлем
жолдаған. Бүкіл Ақмола болысына қарасты, Омбы, Көкшетау
уездеріне жар салып, үлкен салтанатпен өткізер ұлы тойға
қатысыңдар, қамдана беріңдер деген хабар тиісімен ояздың
емеурінінен-ақ ішкі ойын айтқызбай түсінетін Кемелевтер бес жүз
теңгені той жабдығына жаратарсыз деп те алдын-ала жеткізген.
Жанбота мен Азнабайдан да қыруар ақша түсті. Енді міне
Сүлейменнің тағы да екі арғымақты алып келіп тұрғаны мынау. Анада
Нұртазаға Алексейдің ойын айтқаны бар-ды.
– Батя, бұл үйлену тойы – бүкіл Сибирьлік дала генерал-
губернаторствасы бұрын-сонды көрмеген үлкен той болуы керек. Ол
жалғыз мына провинциялық Көкшетауда өтпейді, бұған Ақмола
болысының, Омскі уезінің белгілі чиновниктері, Петербургтан
арнаулы қонақтap шақырылады. Тойды Омбы дуан басы – Эзет
басқарады... Бүкіл қырғыз-қайсақ даласымен жүретін экипаждың


аттарын алдын-ала дайындау керек. Əрине дала жолында,
станцияларды аралағанда бес, сегіз аттан қатap жегуге болмас, əйтсе
де, кемі əр фаэтон, повозкаларда екіден тандем, үштен арбалет жегілуі
тиіс. Бұл бip айта қалғандай көрініс болады. Той соңынан қалыңдық
екеуміз Петербург, Париж қалаларына үйлену сапарына аттанбақпыз, –
дегенін құлақ қағыс етіп, желісті, сұлу арғымақтардың қажет екенін
ескерткен.
Той жабдығына дайындалған оязда ес жоқ еді.
Мына бір сүмеңдеген Ақмола байлары қайдан тап болды. Қуаныш
үстінде жүргенде көңіл шырқын бұзуларын қарашы. Оларға
Кемелевтерді қалайша ұстап бермек. Егер, істі, кейінге қалдыра тұрса,
Сағынаевтардың беті жаман, дала генерал губернаторына дейін
шағынып, мұның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сүлейменнің де
тым жылтыңдап кеткенінде бір гəп бap екен-ау.
Коновалов үйіне қабағы қатулы кірді. Жұмыстан қажып келгенде
осылай тымырайып, мұрты салбырап көңілсіз оралатын ерінің
мінезіне қанық əйелі, ауыр, семіз, денесімен ширақ қимылдап, стол
үстіне тағамдар қоя бастаған еді, ояз гүр ете қалды:
– Сүлеймен қашан келіп кетті?
Əйелі стол жасай жүріп, ұзақ шұбырта жауап берді:
– Бағана келіп кеткен. Кешке өзің жұмыстан оралғанда тағы да
соғармын деді. Не деген жарқын жүзді кісі. Қашан көрсең бір қалпы.
Тегі ғұмырында ешкімге қабақ шытып, ренжіп көрмеген шығар.
Қартаймайтыны да содан болар, үнемі екі бетіне қан ойнап тұрғаны,
өте бір денсаулығы күшті, қайғысыз, көңілді жан. Əрине, оның үстіне
миллионер болса, тегінде басы күшті жұмыс істейтін адам!
Əне еркектердің бəрі сондай болса...
– Жетті. Саған ұнап қалған екен басурмандар!


Варвара жалт бұрылып, үлкен көк көзін жыпылықтата, күйеуіне
таңырқағандай қарады:
– Саған не болған? Мен оны жақсы дегенде...- қиқалаң етіп иығын
қозғаған əйеліне енді Коновалов зекіре сөйледі:
– Сен одан не сыйлық алып жүрсің?
– Маған емес, болашақ келінге əкелді, маған əкелсе де қой демес
ем, – деп, ойыңда ештеңе жоқ, Варвара тор жаққа еніп кетіп, су жаңа
қол сандық алып шықты. - Сен неге осыншама аптығасың?
Түсінбеймін баланың қызығына қуанар еді əке деген. Қайта, рахмет
айтпайсың ба, олар міндетті емес қой. Мына қарашы, шығыс
өрнегімен зерленген қандай сирек зат!
Варвара бетіне ою жүргізілген екі алтын білезікті стол үстіне
қойды.
– Мына сырғалар қандай əсем десеңші. Маған əкелсе, қуана-қуана
тағып жүрер ем, – деп, сандықтан алған иінді алтын сырғаларды
құлағына жапсырды. – Қарашы, жараса ма?
Ал енді мынаны қара. Бұған біздің бар байлығымыз жетпейді.
Мономахтың шапкасынан қай жері кем?
Коновалов үнсіз.
Варвара Игнатьевна сандықтан алған сəукелені күйеуіне ұсынды.
Бетіне көздің жауын аларлық неше түрлі құлпырма асыл тастар
қадаған төбесі шошақ сəукелені қолына алған Коновалов көлбақа
ұстағандай шошынып есік жаққа лақтырып жіберді.
– Енді жетпегені қалыңдықты басурманка ету ме еді. Қара бұларды,
мазақ қылғысы келген екен.
– Не қылған мазақ!
Бұл кезде үйге енген Алексей не істерін білмей тұрып қалды.
Жерде жатқан сəукелеге бір, əкеге бір қарап, тістеніп тұр.


– Саған не болды бүгін. Өз қызығыңның шырқын неге бұзасың? –
деп Варвара сəукелені жерден көтеріп алды.
– Жарайды, ертең Омбыға хабар берейік. Үйленбей-ақ қояйын, –
деп Алексей бұрқ еткенде, Коновалов өз ісінен ұялғандай, сылти
басып жатар бөлмеге қарай беттеді.
Бұл кезде, қасында Радзилевич бар, Сүлеймен де кештетіп аулаға
ене берген...
11
Əйнектерін өрнекпен оюлап, мəнерлеген шіркеу терезелеріне ұқсас
биік терезелеріне ұзын шашақты шедірен перделер ұстаған, еменнен
бұрап жасаған дəу-дəу столдарының бетіне де қалың жамылғыш
жапқан, шалқаймасы биік орындықтары да зілдей, кең кабинет іші
қапырық. Сырт киімдерін тастамай пысынап отырып іштегілер, тақия
астындағы тақырбастарынан шыпшып білінген терлерін жарты кездей
ұзын шəйі, жібек орамалдарымен жиі сүртінеді. Кейде жамыраса
сөйлеп, сөзге қонақ бермей, бірін-бірі талап, жұлып жердей ұмтыла
түссе, бірде өздері отырған ояз кеңсесінің шаңырағынан
қаймыққандай жан-жақтарына жұтына, долдана қарап, "əттең не
керек" дегендей іштей кіжінеді.
Сыртта жауын. Анда-санда гүрілдеп күн күркіреп, iле күз аспаны
шатыр-гүтір жарқ еткенде "Астағыпиралла" деп отырғандардың
көздері алақтап, қайсыбірі нажағайдан қорқып, кеудесіне жарқыраған
знагін баса қалады. Күздің мезгілсіз уақытында күркіреп, жарқылдаған
күнді қазақтар жамандық деп білсе де, іштей жақсылыққа жорып,
құдайларына сыйынады.


Бұлар барымтамен ұрланған малдарын даулай келген Ақмола
шонжарлары мен дауға іліккен Кемел ұлдары, Нұртаза, Сүлеймен.
Бұлардың сөздерін қалт жібермей маңдайын басып, қалғыған адамдай
Радзилевич отыр үнсіз.
Біреумен қатты сөзге барысқанда үлкен көздері жиі алақтап,
төндіре сөйлеп, шалқая бере қарқылдай күліп, қашанда дұшпанын
мұқата, кекете түсіп, қарсыласының қытығына тие рахаттанатын
Нұртаза мен əр сөзін нығарлап, салмақты сөйлейтін, ойлы, айлакер,
айтыса кетер шынту – айтта шешен Сүлейменнің мінезіне Радзилевич
қанық. Ал, мына отырған Ақмола шонжарларын біліңкіремейді. Олар
мұның алдына ісі түсіп бұрын келген де емес. Паң Нұрмағанбетті
Омбыда үлкен бір жиында көргені бар. Өте мəдениетті, аса сəнді
киінетін, əр қимылы орыс чиновниктеріне көбірек ұқсайтын оқыған
адамның кең сахарада мал байлығының төңірегінде ғана отырғанына
іштей таң қалады. Əр сөзін баппен, асықпай сөйлейтін, оғаш мінезі
жоқ құпия адамның ішкі дүниесі де – жұмбақ бір сыр. Əйтсе де
алғашқы көріскеннен бастап, мансабы зор ұлықтар алдында да онша
иліге бермейтін Сағынаев, атына сырттан қанықтығынан ба,
қарауылдарға 
кеткен 
өшін 
қайтармаққа 
деген 
құлшынған
құштарлықтан ба, Радзилевичтің ыңғайына көшіп, мұның көп-көп
кеңестерін бас шұлғып отырып қабыл алған. Ендігі жерде қарт
нотариустың міндеті Кемел ұлдарын да жығып бермей, екі жақты бір
бəтуаға көндіру. Ол үшін кеше Коноваловпен ақылдасып шешкен,
"ойындары" ойдағыдай өтуі қажет. Ол көп ұзамай басталады. Оған
дейін дала бөрілері бірімен-бірі таласып, біраз аптықтарын басып
алсын.
Отырғандар ділмəрсып да, долданып та шарпысқанда, сөзге қонақ
берген көнтері адамның сыңайын танытып, үнсіз тыңдаған Сүлеймен
бір кезде айлаға басып, Ұзақсонармен сиқырлыққа салды.
– Қадірменді ағайындар, бар сөздеріңді көңілге дық алсам да,
амалсыз құп алғандай таласқа барғым келмей отыр еді. Енді мені
бірауық тыңдаңдаршы. Біз ояз кеңсесіне, патша үкіметінің қасиетті
мəккəмəсіне жиналғанда билер айтысына жиналғамыз жоқ. Мəртебелі
оязға шағыммен, ғадалаттық тілей келдік. Ендеше босқа арам тер


болып, жақ-жақ боп кергілесіп, бір-біріміздің түп-тұянағымызға дейін
қазып, шаңымызды қаққаннан
келер, кетер пайда бар ма? Бəрің де қазақ жұртында «білдей-білдей
аттарың бар, ата сұраса келсе атақты жерден, сүйекті елден шыққан
текті азаматсыңдар. Біз бұлай ырылдасып жатқанда, басқа қара қауым
мұнымызды не дейді. Бір-біріміздің бетімізді жыртысқанда, ертең
жұртымыз қалай қарайды бізге. Егер мал барымталайтын біз екенбіз,
ояз арқылы зерт жүргізіңдер, оған дейін несіне таусыласыңдар.
Əгəркім, шын деп отырғандарың ертең жала боп шықса, көріспейтін
адамдар емеспіз, бағанадан бері айтқан ауыл қатындарының сөзіндей
былапыт, өнегесіз сөздеріңе ұялмайсыңдар ма?
– Мал ұрлаған ұялмай, малы ұрланған ұялсын дегенді қай атаң
айтты, Сүлеймен, – бетінен мойнына дейін қамшаудан қалған қызыл-
ала дағы бар Дəулен бай шаңқ етіп кеңірдегін созды. – Олай жалтарма
сен, бəрібір қыруар малды артыңа тығып жайбарақат жата алмайсың,
ұялған тек тұрмас деп, бұлаң құйрыққа салғаныңнан түк өнбейді, ұры
арты қуыс. Одан да ел болам, жұрт болам десең, ояз алдында бітімге
келіп, малымызды қайтар!
– Оу ақсақал-ау, бағанадан бері не айтып отырмын. Сіздің малды
барымталайтын ұзыннан өш, қысқадан кегіміз жоқ.
Жөнсіз-жосықсыз сөзді қайта-қайта несіне көңірсіте береміз.
Дəулен бай кеңірдегін созып, желпіне түсіп тағы бір ашулы сөзді
бастай бергенде, сырттан дыбырласып Жанбота мен Азынабай
болыстар кірді ішке.
Қазақтармен бас изесіп амандасып, Радзилевичпен қол алысқан қос
болыстың жағасы жайлау, шор маңдай қошқарлардың сүзіскенін
қызықтауға келген хан сарайының адамдарына ұқсап, жайраң қағады.
– Е-е, бəсе, керейлер мен қарауылдар бастарың жаңа қосылып,
мүлдем жарасып қалыпсыңдар ғой. Бəсе, бəсе, желден осылай болса
керек етті, – деп Азынабай ортадан киіп, мұқата жөнеліп еді,
отырғандар қабағынан қар жауып, тістенген қалпында бастарын


көтермеді. – Оу, еліңе жау шапқандай бұларың не, бəріңнің
беттеріңнен түк шығып, қайғы жұтып отырсыңдар ғой. А,
Нұрмағанбет, саған не болды, əкең бүгін өлгендей. Кеше ғана
қарауылдан басқа үш жүздің баласын тəмəм шақырып, əкеңнің атын
көкке көтермеп пе ең! Енді не арманың бар?
– Бəсеке десейші, – деп Нұртаза да Азынабайдың ащы əжуасына
қосыла кетті, – бүкіл қарауылды алалап, жалғыз барған бір
қарауылдың атын өлтіріп, өзін аластап жіберіп еді, енді жоғалған
малын сол кекті адамнан іздемей, шақырусыз қалған бізден тудырмақ.
Пенде алжиын десе оп-оңай екен-ау.
– Е-е, Нұртаза-ай Нұрмағанбет алжушы ма еді. Ол түгілі бір аяғы
жерде, бір аяғы көрде отырып мына Мəтекең де тіріге есесін жібермес.
Одан да аталарына ас берем деп тыраштанып жалаңбұт қалған
немелер, енді қарауылға жала жауып, артын жаппақшы десеңші...
Мейлі, көрші-қоң тату-тəтті ел едік, дегендері болсын. Қол ұшын
берейік сорлап қалған бейбақтарға, – деп Азынабай мырс-мырс күлді.
Сағынай асына шақырылмағанына өлердей күйініп жүрген болыс осы
арада азуын аямай-ақ батырды, тағы да ұлы тілін біраз түйрей түсейін
деп ақталып еді. Паң Нұрмағанбет бұған да күйе жаға сөйлеп,
тосқауыл берді:
– Əй, Азынабай қышынуға қара таба алмай зерігіп келген екенсің.
Біз зерігіп те, ерігіп те жүргеміз жоқ. Ділмарлыққа салынып, қылмыс
ізін бүркегің келеді-ау. Болмас оның, шырақ.
– Қайдағы қылмыс, пау деген сен енді несібеңді бəрімізге шашқың
келген екен...
– Бəріңнің де ым-жымың бір. Ертең беттерің ашылғанда көрерміз.
Сен де ұрының бірісің.
– Бір Тұрлыбектің өзі жетер індеріңе су құюға, ол қарағым да
бүгін-ертең келетін шығар, – деп Мəті де Нұрмағанбет сөзін қостап,
советник Күшенұлын арқаланып күш көрсетіп қалды.


– Пау деген, пау деген. Сонда мен де ұры боп шыққаным ба, – деп,
Азынабай бұл жолы өтірік күліп, Жанботаға қарады, – мыналардың
сөз саптасына болайын, өзі ақ патшаның заңында жала жапқандарға
деген айын бар ма. Болса, айтпады деме, сен куə боласың, Жанбота
куəгерім сенсің!
– Ояз келеді...
– Тынышталыңдар...
Үстінде сəнді оқалы мундир, қасына тілмаш ерткен Коновалов есік
табалдырығынан ордан өткендей кең аттап, ақсақ аяғын соза, сүйрете
басып, биік столға беттеді. Соңын ала енген қылышты пристав
босағада бөгеле берді. Қақ айырыла отырған қазақтар орындарынан
ширақ тұрып, тағзым етісті. Қашан ояз стол жанына жайғасқанға дейін
орындарына отырмай, түрегелген қалыптарынан жазбады. Орнынан
тұрмаған жалғыз Паң Нұрмағанбет қана. Жұмсақ орындықтан
құйрығын сəл көтере беріп, таяғына қос қолдап сүйенген қалпы бас
иген болды да, креслоны пыс еткізіп қайта отырды.
Ояздың қуаңдау тартқан түсі сұсты, қабағының түйілер тұсындағы
қою қасының əр қылы бұрынғыдан бетер тікірейіп кеткен сияқты. Екі
қолымен столды тірей етпелеп, болыс, байларды жаңа көргендей
көкшіл көзін сығырайта түсіп, əрқайсысын тінте, сүзе қарап Бірқауым
уақыт үнсіз отырып қалды. Қазақтар жайсыз көзден жасқанып,
төменшік тарта беріп еді. Мəті карт үйді басына көтере түшкіріп
салғанда мырс етіп бірі күліп, бірі жөткірініп жұрт қозғалақтай
бастады.
– Позор, позор, – деп. Коновалов тістене түсіп, шаңқ еткенде, Мəті
жеңімен аузын басып, ояз өзіне зекіп отырғандай зəресі ұшты. – Позор
деймін, позор! Естіп отырмысыңдар. Сендерді ұлы мəртебелі
патшаның қырғыз даласындағы сенімді адамдары дейміз. Жо-оқ,
сендер бір-біріңді жұлып жеп жатқан жыртқышсыңдар. Сендерді
көрген ел қайдан оңсын. Бет-бетімен жайылып, ойына келгендерін
істейді. Заң-жоба біледі дейтін сендердің істеп отырғандарың мынау.
Біріңнің басыңды жарып, біріңнің көзіңді шығарып отырсыңдар.
Сендерге заң ғана емес, қамшы керек, қамшы. Жанбота, Азынабай,


сендер не ғып отырсыңдар?! Кім шақырды? – Мына екі болысты жаңа
көргендей Коноваловтың көзі шатынап кетті.
– Біз... біз бір шаруамен келіп едік, мына істі білмедік, – деп
күмілжіген Жанбота қасындағы Азынабайға қарап, екеуі де
орындарынан көтеріле беріп еді, ояз қолын сілтеп, отырыңдар деген
белгі берді.
– Қайда дау, қайда ұрыс-жанжал болса, бəрің шұбап жүретін
əдеттерің. Жо-оқ, бұл əдетті тастарсыңдар, тастармыз. Сендерге уезд
начальнигінің мекемесі дүкен де, базар да емес. Ұрланған, жоғалған
затты тауып беретін полицияда емес. Ол үшін зерт орны, сот,
прокуратура бар!
– Ол орындардың барын біле тұра сізге келген себебімізді айтқан
едік, – деп, ояздың жұлқына сөйлегенін жақтырмаған Нұрмағанбеттің
де беті жыбыр ете қалды. – Егер ұнатпасаңыз, арызымызды қайтып
алып, орынды жерге жолдауға əзірміз, ғапу етіңіз, Ваше благородие!
– А, а, жо-оқ! – Ояз астыңғы ернін ызалана тістеп, шалқалай берді.
– Енді шағымды қайтарып беру! Жо- оқ, ол болмайды. Қаншама уақыт
кетіріп, сендер үшін алтын уақытты зая етіп, қаншама пайдаға
жұмсайтын уақытты... Жо-оқ, гос-сподин Сағынаев бір отряд қарулы
қолды аттандырып, жазықсыз елді жəбірлеп, одан уезд чиновниктерін,
Россия империясының ақ, адал қызметкерлерін лайлап, жала, пəле
қуып жүрген адамдар жайбарақат қалмайтын шығар! Иə, солай,
болмайтын шығар.
– Ғапу етіңіз, Ваше блогородие, біз сізді жазғырып келгеміз жоқ,
жазықсыздан таланған мына жұртымызға арашашы болсын, əділдік
ізін көрсетсін деп келдік. Бізде жала жоқ, атамаңыз, Ваше блогородие!
– Нұрмағанбет көп сөздерді ұғынбай, жігері құм боп отырып,
мылқауларына "солай емес пе" дегендей алақтап қарап еді, аналар дым
түсінбесе де, паңның сыңайын құптап, бастарын изесті.
– Жала жоқ па, Сағынаев?
– Жоқ, Ваше блогородие!


– Егер болса?
– Енді... болғанда, қалай! Бар түйткіл... жоқ, бар дəлел
Кемелевтерге ғана тіреледі!
– Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап па ең? – Нұртаза қабағының
астымен атып жібергендей оқты көзін қадады.
– Кемелев, саған сөз берілген жоқ!..
– Не дейді?
– Түсінбей қалдық, – деп Мəті мен Сілеті болысы Нұрмағанбетке
иектерін көтеріп, сақалдарын шошайтты.
– Егер жала болса, өздеріңе пəле дейді.
Коновалов қазақша өңмендей сөйлеген шалдарға сынай қарап,
бармағын тістелеп үнсіз отыр. Азынабай: "Солай ма екен,
құйрықтарыңа бір-бір шаланы қыстырып кететін шығарсыңдар"
дегендей айызы қанып, жымың-жымың етеді. Қандарын іштеріне
тартқан Нұртаза мен Сүлейменнің жүздерінде əлденеден үріккен үрей
бар. Жанбота ғана жайбырақат тыңдап, даудың арты қайда соғарын
тамашалап отыр.
– Жала-жала дегенде, Нұреке-ау, айтпаймысыз, мал ізі сайрап
жатқан жоқ па. Қызылжар, Түменге қарай айдалған жылқышыларына
дейін көрген адам бар. Одан артық не керек? – деп Тасемен араласты.
– Оның бəрі қағазда көрсетілген, білмей отыр деймісің.
– Та-ак, малынды Кемелевтер ұрлады дейік?
– Ұрлық емес, барымта деңіз, Ваше благородие!
– Один черт, неғылған барымта-барыта. Бəрібір оның аты
конокрадство. – Ұрлық! Ал, Кемелевтер неге ұрлайды. Өз малдары
жетпей ме?


– Мал көптік етпейді. Ваше благородие! Барымта - кек алудың
жолы. Өштікті көрсетеді.
– Бұл уезде Кемелевтен басқа өштерің жоқ па?
– Жоқ, – Коноваловтың қазымыр сұрақтарынан ығыр бола бастаған
Нұрмағанбет шорт кесті.
– Сіз əкеңіздің тойында... қалай деуші еді, қырғызша?..
– Ac дейді, Ваше благородие!
– Иə, сол аста сіз кімнің атын өлтірдіңіз? Ол сізше өш адам болып
табылмай ма?
– Жоқ, оның қолынан келетін шаруа емес. Жəне де оның атын
өлтіруге менің түк қатысым жоқ.
– Жар-р-айды, – Коновалов быртық саусақтарымен столды ызалана
тарсылдатып ұзақ отырды. Бəрі де үнсіз. – Ал, мен сендердің
ұрыларыңды таптым.
– Отырғандар селк етісті. Бұл сөзді алдын ала білсе де Кемелевтер
де бастарын оқыс көтеріп алды. Ендігі қылкөпір осы түс еді.
– Түсінбедім, Ваше благородие, тапқаныңыз қалай?
– Тапқан қалай болушы еді, кəдімгідей тапқан! – Коновалов есік
жақта отырған приставка иегін көтерді, ол шыға бере əлдекімге
бұйрық етіп, қайта кірді ішке. – Сол үшін он бес күн уақыт кетті. Иə,
он бес күн. Ал, сендер болсаңдар, ұры іздеудің орнына, біріңмен бірің
төбелесумен 
жүрсіңдер. 
Мен 
болсам, 
казак 
атамандарына
конокрадтарды тапқызып, осында айдап келтірдім. Қазір көресіңдер.
Бəрі тым-тырыс. Демдерін іштерінен алып: "рас па, өтірік пе, апыр-
ай, рас болса, кімдер екен?" деп есікке телміреді.
– Ойпырым-ау, бұл қалай тапты? Тегінде бұлар да жай жатпай зерт
жүргізген-ау:


– Е-е, қолында қаншама ғаскер, ояздың құрығы ұзын емес пе?
– Дегенмен иісшіл немелер-ау. Шын болса, мынау бір ғажап шаруа
екен, – десіп керейліктер өзді-өзі ұрмана сыбырласып, есікке қарай
ынтығады. Бөлме ішінің қапырығынан ба, көңілдегі қобалжудан ба,
жүрегі айнығандай басы айнала Нұртазаның маңдайынан шып-шып
тер шықты. Ін аузы қалтиған сарышұнақтай бойын тік ұстаған
Сүлеймен жүзінде түк өзгеріс жоқ, сұрланған қалпы қимылсыз отыр.
Əлден уақытта сенектің тақтай еденін дүңкілдете басқан бірнеше
аяқ дыбысы естілді де, отырғандардың тайдай тулаған жүректерін одан
сайын тулата түскендей осылай қарай жақындай түсті. Дүңк-дүңк етіп
кеп тоқтады.
Іштегілердің көздері шығып барады.
Есік ашылды. Əуелі мұрты ширатылған жандармның басы көрінді,
ар жағында ұрылар ұйығып тұр. Жандарм көзі шегірейіп оязға қарады,
ояз басын изеді. Сол кезде барып, бірінен соң бірі ішке топырлай
басып үш адам кірді. Алдымен бет-аузын түк басқан, өңі суық,
қапсағай қарт, атақты ұры Байбатыр кірді.
– Еһе, мұнда өңкей жақсы мен жайсаңдар отыр ғой.
Ассалаумағалайкү-өм! – Қолын артына ұстаған қалпы күж етті.
– Оу, сен Байбатыр ақсақалмысың, апырым-ау бұл қалай болғаны, –
деп орнынан бір тұрып, бір отырған Нұртазаның көзі бақырайып,
шымшық торғайдай шыжалақтап қалды.
– Бұл қалай болғаны, шынымен ұрлық менің болысымнан
шыққаны ма? Бұл қалай болды? Мүмкін емес...
– Тыныштал, Кемелев!
Байбатырдан соң еңгезердей балуан Ожымбай кірді. Соңында
Шəкей бар. Екі иықтарын жұлып жеген өңкей қарулы, бетті
жігіттердің бойынан қайнаған ашу, қажырлы жігер байқалады. Еркіне
жіберсең, іштегілерді баса көктеп, таптап кетердей айдынды жандар.


Айыптымыз деп жасқана басып, мүлəйім тұрған жоқ, өш алып, кектері
қайтқан үстемдікпен еңсесін көтеріп, жайраң қағады.
– Та-ак, жылқы ұрлаған сендерсіңдер ме? – деп, Коновалов
барымташыларға зекірмей, ақырмай, жай ғана жұмсақ үнмен сұрақ
қойды.
– Не дейді, маған айта ма? – деп Байбатыр ояздың қасындағы
селдір шашы кірпіше тікірейген тілмашқа иек қақты. – Əй, бала, мен
оның орысшасын түсінбеймін, шіренбей айтсаңшы, не деп отыр?
Тілмаш оязға бұрылып еді, анау басын изеді.
– Жылқы ұрлаған сендерсіңдер ме деп отыр.
– Е, біз емей ісім болады, кеше айтып ек қой, сол үшін əкелдіңдер
ме осында. Қашанғы бір сөзді мың рет езе бересіңдер. Оязыңа сөзімді
түгел жеткіз.
Енді тілмаш оязға жиі бұрылып, құлақ салып, соның айтқанын
сұрай бастады.
– Кім жұмсады жылқы ұрлауға?
– Əй, тілмаш, əуелі қолымдағы кісенді алдырсын, қолым
шешілмей, тілім шешілмейді, бізді қырып тастайды деп қорқып отыр
ма, соңымыздан қылыш асынған он-он бес иті жүрген жоқ па шұбап.
Ояздың 
лұқсатымен 
барымташылардың 
артқа 
қайрылған
қолдарындағы бұғауларын жандармның бірі сылдырлатып алды. Нағыз
керекті жауап тұсында отырғандардың шыдамы таусылып, қара
шалдың аузынан шығар сөзді қалт жібермей, құлақтарын тігіп, өрт
сөндіргендей сұрланып алыпты. Нұртаза қалтасынан жарты кез
орамалын суырып, тершіген маңдайын қайта-қайта сүтінеді.
Байбатыр жауабын одан бетер созып, əуелі бұғау қысқан жүнді
білектерін келдек саусақтарымен мытып-мытып алды да, қызыл көз
Мəтіге қарады.


– Əй, су мұрын шал, шақшаң бар ма, əкел, немене мені табан
аузында шауып алар деп отырсың ба, мұндай қоқайдың талайын
көргенбіз, тышқан аңдыған маубас кəрі мысықша жұтынуын!
Мəті ызба баулы, қоңыр ши барқыт қап шалбарының
ышқырлығына қолын терең сұғып, ішкі ұры қалтасынан күміс шақша
алып, жаутаңдай, оязға қарап еді, анау басын изеді.
Мойын шудасы желбіреген қара бурадан жасқанған үлектей
именіп, қиралаңдаған бай, жып-жылтыр жұқа мүйіз шақшасын
Байбатырдың күректей күсті алақанына тастай салып, қақпанның
шаппасынан қорыққандай қолын жылдам тартып алды.
Бір алақан насыбайды ерніне атып жіберген Байбатыр:
– Ac иесімен тəтті, əкел алақаныңды, – деп қолы қалтыраған
шалдың да əжімді болбыр алақанының аясынa бір шөкім насыбай
салып, шақша тығынып жауып, қарасаннан келген саптама етігінің
байпағына сүңгітіп жіберді.
– Өй, қарағым-ау, шақшамды... шақшамды..
Байбатыр Мəті байдың кеудесінен сол қолымен жеңіл нұқып
қалып, ештеме көрмегендей өткір көзін тілмашқа бұрды:
– Иə, жаңа жылқы алуға жұмсаған кім дедің бе?.. Кім болушы еді,
мына керейлердің жауыздығынан мерт болған қайран Құлагердің
аруағы жұмсаған, қалың қарауылдың намысы! Тағы не сұрайсың!?
– Мүмкін Нұртазалар да бар шығар жұмсағанның ішінде, – деп Паң
Нұрмағанбет көзілдірігін шешіп шынысын аузынан шыққан демімен
булап, сынай қарады.
Ояздың 
самай 
шашы 
дірілдеп, 
танауы 
делдиіп 
кетті.
Нұрмағанбетке отты көзін қадап, столды тақылдатты:
– Көлденең сөзді тоқтатыңдар.


– Əй, төрткөз неме, несіне қаярсынасың. Мен біреудің
жұмсағанымен жүретін басыбайлы құл деп отырмысың. Ұрлық – ата
кəсібім. Онда ешкімнің үлесі жоқ. Бұл жолғы ұрлық – сенің ел ардағы
Ақанға жасаған зорлығыңның қарымтасы. Түсіндің бе?
Нұртаза солқылдаған жалғыз тақтай өткелден өткендей, іштей "Уһ"
деп терең дем алды. Тілмаш оязға сыбырмен ұры сөзін аударып
отырған, Коновалов жымың етіп, бірдеме деді:
– Ал, соңғы сұрақ: Ұрланған жылқыларды қайда жібердіңдер?
– Қайда жіберуші ек. Біз мал малдайын деді деймісің, бес-алтауын
іске асырам ба деп едім, оны да тауып алдыңдар, – Байбатыр күле
тұрып, қайта түсіп суытты. – Қалғандарын Жаман түз бен Жақсы
тұздың, Қалыбектің соры жұтып қойды, содан тауып аларсыңдар.
– Сендердің де жауаптарың осы ма?
– Е, біздің жауабымыз осы болмағанда, жаңадан бірдеме ойлап
табар деймісің. – Ожымбай балуан гүр ете қалды. Шəкей басын изеді.
Барымташылар жүзінде "Керейлерде кеткен намысты бір қайтардық-
ау" деген ырзалық бар. Қолдарын қайтадан кісендеп əкете бергенде
Байбатыр кең иығымен кері бұрылды:
– Əй, тілмаш, андағы оязыңа айт, кешеден бері аш жатырмыз,
тамағын шығынданбаймын десе, билер сотына тезірек жөнелтсін.
– "Билер соты" дегенде Нұртазаның жүрегі тағы да солқ еткендей
болды.
– Ал, мырзалар, көрген шығарсыңдар ұрылардың кім екенін, – деп
сөзді жұмсақ бастаған ояз күрт өзгеріп, столды жұдырығымен қойып
қалды да, атып тұрды. Жирен мұрты дір-дір етеді. – Нұртаза Кемелев,
бұл не деген бейбастық. Болысыңда не болып жатқанынан
хабарсызсың. Қазір конокрадство үшін қандай жаза қолданылатынын
білемісің. Əрі кісі өлімі... Егер болыстық қызмет жалықтырса, немесе
қолыңнан келмейтін болса, орныңнан алуға мəжбүрмін. Сағынаев
мырза, жазықсыздан-жазықсыз Кемелевтерге жала жапқаныңыз үшін


іс қозғатуға тура келеді. Ол үшін нақақтан қараланған Кемелевтардың
арнайы арызы жетіп жатыр. Нұртаза Кемелев, сен тез арада Ақмола
уезінен, яғни Сағынаевтардың жұмсауымен келген бас бұзарлардың
аты-жөнін, олардың Көкшетау уезінің Мезгіл, Шалқар, Зеренді
болыстарының қай ауылдарында болғанын, қанша адамды дүрелеп,
қанша малды шығындағаның, сол сияқты басқа да жүгенсіздіктерін
түгел түгел бересің. Олар Көкшетау уезінің мировой сотында қаралып,
жазасын алулары жəне де шығын орны өтелуі тиіс. Сұрақтарың бар
ма?..
Паң Нұрмағамбет тұрды орнынан. Тағы да ескі əдетімен
көзілдірігін алып булай бастап еді:
– Сіздің ендігі ырғалуыңызды күтуге уақыт жоқ. Не сұрайсыз, екі-
ақ минут! – деп Коновалов күміс бауы салбыраған шойын сағатын
алып, тиегін басып қалды.
– Сіз бір нəрсені айтпай кеттіңіз, Ваше благородие! Maл ұрлаған
адамдар табылды, оныңызға мың да бір рахмет! Сіздің керемет
еңбегіңізге, іскерлігіңізге тəнті болдық. Ендігі бір көмескі қалған
жағдай барымталанған жылқыны қалай қайтарамыз. Кімнен аламыз?
– Дұрыс, түсінікті. Əлгі ұры шалдың ауылынан əкелген иесіз алты
жылқыны, егер өздеріңіз танып, куə тапсаңыздар, осы жолы аласыздар.
Олар полиция ат қорасында байлаулы тұр. Ал қалған малды іздеп,
тауып беруге біз міндетті емеспіз. Конокрадтар жылқы ұрлаған жері
бойынша Ақмола уезінің полициясына, план соң мировой сотына
табыс етіледі. Қалай тексеріп, қандай үкім шығаруды, шығын орнын
қалай толтыруды солар шешеді. Ендігі мəселе біздің, яғни Көкшетау
уезі мекемелерінің қолынан келмейді. Біз, бар болғаны, өз жеріміздегі
жаңағы айтқан тəртіпсіздіктер мен қылмыстарды заң жүзінде
айыптаймыз. – Коновалов сағат қақпағын тырс еткізіп жауып,
қалтасына салды да, аяғын сүйрете басып, кеудесін көтере ұстаған
қалпы, тəкаппар адымдап есікке беттеді.
Бөлмедегілер тым-тырыс. Əлгі ұрылардың ұсталуы, олардың
Ақмолаға айдалып, малын іздеп келген Паң Нұрмағанбеттердің мүйіз
сұраймын деп құлақтан айырылғандай күйі, Нұртазалардың да ояз


алдындағы халі, Коноваловтың бұларды жерге қаққандай зекіп кеткені
– бəрі аяқ астынан тосын болғаны сонша, дау қуғандар біразға дейін
естерін жия алмай мəңгіріп отыр.
Сыртта жауын сырылы естіледі. Тұтасқан бұлттан ба, əлде күн де
кешкіріп қалған ба, дала ала көлеңке, шатырдан саулап аққан жаңбыр
суы терезеден зорға көрінеді. Есіктен қолында су құйған шелегі, еден
жуатын шүберегі бар кемпір көрінді.
Азынабай мен Жанбота алдымен тұра бастаған. Паң Нұрмағанбет
шекесіне қолын тіреп үнсіз мүлгіген Радзилевичке: "Енді не болды,
бұл қалай болды деген дағдарыспен жұтына қарады. Əлдене деп
сөйлеуге оқтала беріп еді, ол осы бір қимылды күтіп отырғандай басын
оқыс көтеріп алып, табалдырықтан өтіп, не істерін білмей тұрып
қалған кемпірге қарады əуелі:
– Күте тұрыңыз, басқа бөлмелерді жуа беріңізші, – деп, басын иіп,
шыққан кемпірді көзімен ұзатып салды да, Нұртазаға бұрылды. –
Кемелев, Сағынаев, сіз екеуіңіз қала тұрсаңыздар екен.
Радзилевичтің бұларға не айтатыны Нұртазаға мəлім болғанмен
Нұрмағанбетке беймағлұм еді. Келгелі тажал шалды, қайта-қайта
қонақ етіп, қалтасына біраз ақша тыққан паң іс аяғы бұлай болар деп,
əрине ойламаған. "Оязды иліктірсем, бəрі сендердің пайдаларыңа
шешіледі" деп көйітіп, будақ-будақ шағым қағаздарын да өзі жазып
бергені қайда? Енді мынасы несі? Су аяғы құрдымға айналғаны ма?
Бөлмедегілер үнсіз шығып кетісімен, екі дөй төбелесіп, не
шарпысып 
қалмасын 
дегендей 
Радзилевич 
Нұртаза 
мен
Нұрмағанбеттің ортасына отырды.
– Ал, мырзалар, – деп, біреу естіп қоймасын дегендей жабық есікке
ұрлана қарап қойды. – Байқаған шығарсыздар, ойламаған жерден істің
аяғы насырға шауып кетті. Егер əлгі ұрылар ұсталмағанда, кім білсін,
басқаша шешілер ме еді қайтер еді Сіздер болсаңыздар, біреулердің
жалған сөзімен бір-біріңізді кінəлап, қандай қылмысқа барғансыздар.
Бүкіл елді дүрліктіріп, бассыздық жасағансыздар. Бұларыңызды ертең
генерал-губернатор естісе, еш құптамайды. Жо-оқ, құптамайды деген


жай сөз. Қазір "заң қатал. Россия империясы азаматына қолданылатын
шара, дала қырғыздарына да қолданылмақ. Сіз, Нұртаза, шеннен
қағылып, сіз Нұрмағанбет, жоғалған малдан, əрі абыройдан біржола
айырыласыз. Жо-оқ, ол бер жағы, сотталасыз. Джаман, джаман, сиздар
закон усинбейди, казр жақында царьдан г генной губернаторство
келген специальный закон бар. Джаман, Джаман!..
Радзилевич сөзінің соңын қазақшалап бітірді.
– Сонда қалай, мал ұрлағандар табылды. Менің шағымым жалған
емес. Ендеше ескіше би сотына салса да, ұрылар елі, яғни сол болыс
малды өсімімен қайтарып, өлген жылқыларға құн төлесе керек. Қазақ
жұртында атазаманнан бері келе жатқан, қазақша айтқанда "мойнына
қоссау, артына тіркеу" дейтін айып-айбана бар. Қызық екен, оның
орнына мен жазықты болуым керек, – деп Нұрмағанбет басын кекжең
еткізді. – Түсініксіз мүлдем түсініксіз!
– Сағынаев мырза, менің сізге жаным ашиды əрине. Бірақ
шындығын айтуға тура келеді. Егер мықты болсаңыз, ана ұрылардан
тудырып алыңыз. Олар, сөз жоқ, сотталады. Ал, сонда малды олар
қайдан тауып береді? Оған админстрация жауапты емес. Ендеше
кімнен өндіріп алмақсыз?.. Жарайды, сөзді көп созбайық, менің соңғы
кеңесім сол – ана ұрылар Ақмолаға барғанда сот үкімін сіздердің
пайдаларыңызға шешкізу қажет. Оны, əйтеуір, араласқан соң, мен
мойныма алар ем. Сіз екеуіңіздің бір-біріңізге алакөз болып,
даурығуларыңыздан түк өнбейді. Татулық керек. Сонда, Кемелов, сіз
де қиянат шекпейсіз. Сағынаев, сіз де малсыз қалмайсыз.
– Түсінбедім, оны кім төлейді! – деп Паң Нұрмағанбет көзілдірік
астынан төне қарады.
– Нұртаза төлейді.
– Қалайша мен?! – деп Нұртаза шоршып түсті.


– Секірме, Нұртаза, сенің болысында кибитка қанша көп болса, мал
да сонша көп болды. Саған келер ештеме жоқ. Егер дау аяғын тез
бітірем десеңдер, іс осылай аяқталуы шарт. Контрибуция, мырзалар,
контрибуция...
Оның бұл ұйғарымына онша түсінбесе де, екі мырза бір-біріне
үнсіз қарасып, билікті бердік дегендей Радзилевичке құлақтарын
тосты.
– Ендеше ертеңнен қалмай мен жүруім керек. Ақмоладағы заң
орнындағы достарыма тез жетуім керек.
– Бізге пұрсат беріңіз, ойланайық, деді Нұрмағанбет.
– Сіз ырғалып-жырғалғанша, іс қолға алынса, оның қайсыбір
қисық бағытын сіздердің пайдаларыңызға қайта түзегенше көп-көп
қажетті уақыттар зая кетеді. Жəне де уақыт озған сайын түрлі
инстанциялар құлақтанып, іс соғұрлым қымбаттай беруі ықтимал.
– Тым құрымаса, бір күн ойланайық, ел адамдарымен
ақылдасайын.
– Оған шыдауға болады. бірақ, ескертемін, менің де артылып
жатқан уақытым шамалы. Кəріліктікі ме, сал ауруым бар бойымда.
Тегі жылы жаққа қарай кетіп қалуым да мүмкін. Бұл істі басқа беделді
адамдардың біріне тапсыруларыңызға да болады... Айтқандай
советник Кушенов сіздерге жақын адам деседі ғой.
"Ох, мыстан, оны да біледі, мұның естімейтіні жер астында шығар"
деп, іштей тісін қайраған Нұрмағанбет:
– Жоқ, бұл төңіректе сізден басқа адамның ыңғайы келмес, – деп
Нұртазаға қарады. – Солай емес пе?
– Əлбетте, əлбетте!
– Ал онда созатын ештеме жоқ, – деп орнынан тұрған Радзилевич
босағада жатқан калошына беттеді, – Екеуіңе де айтарым сол, бұл


арада жасырудың қажеті жоқ, қанша дос дегенмен ондағы адамдарда
да ауыз бар жəне қандай ауыз, э-эх, сұрамаңдар, көмейлері кең, тым
кең олардың. Но, ештеме етпейді, сеңдердің қалталарың одан да терең,
одан да кең!..
Құныс Радзилевич қиналғаны ма, ызаланғаны ма, əйтеуір əлденеге
назаланғандай қашан калошын кигенше, басын қайта-қайта шайқап,
бөлмеден қалтақтап шыға берді.
12
Жер жобасын жақсы білетін Ақан, қасында Мөңке бар, ылғи
төтелей суыт жүріп, арада екі қонып, үшінші күні ақшамда ел орынға
отыра Қарөткелге жетті. Казак-орыстардың атауымен ел мұны Ақмола
дейді.
Сона бір жылдары Атбасар жəрмеңкесінен қайтқан сапарда жолай
түстенгені болмаса, Қарөткелге қайтып соққан жоқ еді. Ол жолы да
қала аралап, үй танитындай қайдан болсын: жəрмеңке қызуымен
думанды суытпай, маңындағы сал, серілермен, əнші-күйші,
балуандарымен Қарөткелдегі Файзолланың үйіне түскенде, қала
тұрғындары орыс-қазағына дейін жиылып, көшпелі трубадурлар,
скоморохтар келгендей тамашалап, қоршап алған. Қазіргі Ақан серінің
ойы сол Файзолланың баласы, жас əнші Ғазиздің үйіне түспек. Бірақ,
қай тұста екені есінде жоқ. Үнемі сейілмен топ құрап өскен сері,
күздің мазасыз шағында ұрлықпен жүргендей түнделетіп, жалғыз-саяқ
келермін деп те ойлап па.
Есілді бойлай қонған қала оттары жаңа көздерін ашқан
жұлдыздардай жыпыр-жыпыр етеді. Қаланың терістік жағынан кіріп,
ішіне бойлаған сайын жиі-жиі оттар енді алыстап, бір-бірінен
алшақтап шашырай берді. Бүгінгі таңда шетіне жеткізбейтіндей
қараңғыға сүңгіген бұлдыр оттар қиырдан жылтырап, жүрген сайын
ұзап барады. Күздің қара суығында қатқақ көшемен аттарын қатты
аяңдатқан жолаушылар, қаланың шет жағында алдарынан қараң етіп
үріп шыққан маң төбеттің үйіне бұрылды. Бұған дейінгі үйлердің
терезелеріне алыстан үңілген Ақан іште қараңдап жүрген адамдардың
нобайынан да, қора-қопсысынан да қазақтар емессіңдер-ау деп


жобалаған. Расында, бұл тұста осыдан көп жыл бұрын келіп орын
тепкен переселендер тұратын.
– Дəу де болса мына төбет, қазақтікі, – жылы үйге кіріп қашан
жайланғанша, бұрын қала жүзін көрмегендік пе, Ақмоланың түнгі
түрінен түңіліп, жатсынып келе жатқан Мөңке:
– Əһ, келіп қалдық па, қайдан тани қойдыңыз, Ақан аға? – деп
іздеген үйіне жеткендей қуанғанда, ұзақ үрдіс жүрістен шаршаған
баланы көңілдендірейін дегендей:
– Енді табармыз, мынау əйтеуір қазақ үйі, иттің үрдісі қазақша
екен, – деді сері қалжыңдап. – Аттың тұмсығына секіруін қарашы, тура
мұрнынан маңқылдаған Мұқанəлінің үні сияқты емес пе.
Айтқанындай, жалпиған шатырсыз жер үйден біреу итке зеки
шықты.
– Жолқұт, Жолқұт, жат! Кəһ-кəһ!
Төбет əлі де бір-екі ұмтылып, өршелене арсылдады да, жолаушы
қасына таяп барғанда, иесінің аяғына оралып еді, ол да жобасы
Мөңкедей бала екен, иттің қарғыбауынан ұстап:
– Бүгім бұл! – деп қараңғыда бейсауат адамға үңілді.
– Алыстан келе жатқан жолаушы едік, – деп Мөңке үлкен адамның
мақамымен жөн айтқанша болмады, іштен қоңыр дауысты біреу
шығып:
– Ассалаумалейкум, жол болсын! – деп таяй берді.
Оның артынан тағы біреу шықты.
– Əлей болсын, – деген Мөңкенің даусы қарлыға естілгенде соңғы
адам үніне қарағанда шал болса керек:
– Бала ма өзі, артында тағы біреуі бар ғой, – деп еңкейе қарап
тұрып қалды.


– Алыстан келе жатқан жолаушы едік, бізге Ғазиздің үйі керек еді,
– деп, Мөңке жөнін түсіндіргенше, екінші шыққан қоңыр дауыс:
– Қай Ғазиз, Ақмолада Ғазизден көп неме жоқ. Шала Ғазиз бе,
ақсақ Ғазиз бе, ұста Ғазиз бе? – деп жолаушыны баласынып
қақпақылдап күлді.
– Əнші Ғазиз, – деді Мөңке жұлып алғандай.
– Ə, əнші Ғазиз де.
– Файзекеңнің Ғазизі ме ей?! Ол есерге қашаннан бері үй бітіп еді?
Указ Файзолланың үйі демейсің бе, – деп шал Мөңкенің сөзін түзетті.
– Сен оның кімі боласың? Ана тұрған кім? Əй, берірек
жақындасаңшы, кім де болсаң кісі жемейміз...
– Бізге сол үй керек еді. Алыстан келе жатырмыз.
– Алыстан болса жеттің ғой. Тұра қал, əуелі, өзіңнің жөніңді
айтшы, қай баласың? Қайдан келесің? Ана тұрған кім? – деп,сұрақтың
астына алған шалға Мөңке де қырсыға жауап берді:
– Отағасы, сіз кімді білесіз? Менің атым Мөңке. Көкшетаудан
келемін. Сарарқаға атышулы Мөңкемін.
Ақын да, ана екеуі де оқыс күліп жіберді. Шал қаршадай баланың
тауып сөйлегеніне не дерін білмей, сөзден жығылғанын жуып-шайып:
– Е, солай демейсің бе? Атышулы Мөңкемін де. Өзіміздің атақты
Мөңке ағамыз екенсіз ғой. Онда не ғып тұрсыз, ойбай түсіңіз, қол
қусырып қарсы аламыз. Аға түсіңіз! – деп қалжақтап, бəйек
болғансыды.
– Өзің еріккен шал екенсің! – деп, Мөңке атының басын бұра беріп
еді, сəлем беріп, Ақан жақындады.
– Отағасы, шынында алыс жолдан келе жатырмыз. Егер білсеңіздер
жөн сілтеп жіберіңіздер, шаршаған баланы қажап қайтесіз, – деген
өктем сөзге шал сəл басылып:


– Қарағым, менікі жай қалжың ғой. Ай, дегенмен балаң болайын
деп тұрған бала. Өжетін қарашы. Ал, енді жолаушы болсаң, дəм айдап
бұрылған шығарсың, аттан түс, үйге кір, – деп шал жұмсара сөйледі. –
Дегенмен мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл дегендей қазақ
баласымыз ғой, ныпсың, елің кім?
Қадалған жерден қан алған мына шалдың білмей қоймасын сезген
Ақан өзін басқа адам етіп таныстырғысы келді де, табиғатында өтірік
айтып үйренбеген ауыз:
– Есімім Ақан, қарауыл боламыз, – деп қалды.
– Е-е, солай демейсің бе. Дұрыс, дұрыс, мына Көкшетау жағының
қарауылысыңдар ғой? – дей берді де, жұлып алғандай. - Ақан дедің бе?
Тұра қал, бəтір-ау, сен Ақан сері емессің бе? Жасаған-ау!
– Болсақ болармыз, – деді енді шалдың сұрағына мезі бола
бастаған Ақан. Шал даланы басына көтерді.
– Айналайын, жаным, күнім! Е, алла-тағала, бар екенсің ғой! О,
жасаған ризамын, ризамын бергеніңе. Тура менің үйіме, мына жаман
қараша үйге əкелуін қарашы. Айналайын, – деп, аттың шылбырына
оралып, оң жағына, сол жағына бір шыққан шалда ес қалмады, – Жо-
жоқ, енді ешқайда бармайсың, Файзолла үйі ешқайда қашпайды. Біздің
үйге келген қонақ ешқайда баспайды, қазір Əлекең жалғыз тоқтысын
сойып тастайды.
Сөзінің соңғы жағын қуанышпен əндетіп, атақты ақын алдында
тақпақтата жүріп, Ақанның қолтығынан демеп түсіруге айналған
шалға сері де тақпақтата жауап берді. Үй иесінің мақамына салып,
соның ұйқасымен даусын көтере тұрып:
– Отағағы-ау, бейуақыт қонақ жұрт мазалап тосыннан есік
ашпайды. Жасағанның ертең де күні бар, сыбаға ешқайда қашпайды,
ел жатпай тұрып табайық, осында Ғазиз сынды жолдас бар ед
жастайғы, сонда барып түнейік, бүгінше лұқсат беріңіз, тамақ емес,
тынығу қазір бас қайғы.


Шал сəл ойланып қалы да, тағы өлеңдетті.
– Ақанжан, сен ат басын тірегенде үйіме, əкем тіріліп келгендей
қуандым көрдегі, сендей азаматты түсіріп ала алмаса, қайда бұл
шалдың қазақшылықтан көргені, тым құрымаса төрімде тізе бүгіп,
ишаратпен кетпесең, алдыңда тұрған мына Əлтайдың имансыз боп
өлгені! – дегенде, Ақан амалсыз түсті аттан.
Ірі, қапсағай денелі Əлтай қараңғыда аюдай қорбаңдап кеп,
Ақанды құшақтап баласындай бетінен сүйді:
– Əй, Жанатай, ана ақбақайға мініп Ғазизді тез осында алып кел,
бір жаққа кетіп қалмаса ол қаңғыбас. Əй, сосын, тұра қал, Ақанның
келгенін даурықтырма. Бəрін бөріктіресің. Келгесін көреді ғой. Ал, сен
қонақтардың аттарын қадаға байла. Суысын, – деп алғашқы шыққан
балаға да бұйрық берді. – Ал, Ақанжан, əй балақай, атым Мөңке дедің
бе, жүріңдер. Молланың үйі бұл арадан, қайда-а көп жер. Мына түнде
сендер оны таба алмайсыңдар. Əй, шам шығарыңдар қораға, шам!
Əдейі күтініп, дайын тұрғандай. Біреу лезде майшам алып шықты.
Даурыға, еліре сөйлейтін Əлтай қарт Ақандарды үйге бастап кіргенде,
қораға бас сұға бере бір-біріне үйлеспейтін балықтың шырыны мен
қымыз исі мүңк ете қалды. Қораның тастай қараңғы түкпірінен
жылқының тері аралас қи исі келеді.
Қалың будан түк көрінбейтін қазандықтан, тағы бір жарма есікті
ауыз бөлмеден өтіп, төр үйге жайғаса бере, "иіліп, сыпайы амандасып,
шолпысы сылдырлап, қонақтардан ығысып өте берген жұпыны киімді
талдырмаш, ақсары бəденді қызға:
– Тегенеге құйып қымыз əкеліңдер, бауырсақ, май, ой
ыдыстарыңызды ыстық сумен қайта-қайта жуыңдар, тез, – деп
бұйрықты үсті-үстіне төндіре, жеппелете берген үй иесіне Ақан жаңа
ғана көз тоқтата қарады: Кең иықты, бар мүшесі ірі сүйекті, құйқасы
тар маңдайына екі-үш терең əжім іздері батқан, бетінде қарсаңнан
қалған дақ бар, қарабожбан адам. Жасы алпыстарды алқымдап қалса
да сақал-мұрт қоймаған. Сөйлегенде, күлгенде əлі міні құрамаған
аппақ тістері ақсия көріп еді. Күлкісі де өзінің қимылы сияқты:


сақылдап оқыс күледі де, күрт доғарып, көзінің қарашығын аударып
тастап, қайта сөйлейді. Өзінің көрген білгенін, ақтара сөйлейтін,
бүкпесіз ашық, ақжарқын, біреудің мінін көрсе де, жасырмай бетіне
айта салатын бірбет адамның лебі еседі жүзінен.
Əлтай Ақанға əлі тіктеп қараған жоқ. Оң жағында молдасоқына
отырған Мөңкеге көзінің қиығымен ұзақ қарады да, бүркіттің
тұяғындай келапардай саусақтарымен басынан бүре ұстап, үнсіз
томсырайған баланың жүзін өзіне бұрып еді, анау қолын итеріп
тастады.
– Жарайсың, болайын деп тұрған бала екен, – деп, сырттағы сөзін
қайталап, басын кекжең еткізіп, көтеріп алды. – Көзі қасқыр алатын
төбеттің көзіндей отты екен. Мынау отқа-суға салсаң да тайынбайтын,
ата кегін қуса өліспей беріспейтін нағыз жаужүрек болайын деп түр
ғой. Өзінің тұқымында батыр жоқ па еді? Əттең бойы шарқылау Өседі
ғой əлі, өседі. Мұңдай шымыр немелер қысылып-қысылып келіп, бір-
ақ жылда сырықтай боп шыға келеді. Түрі – ешкімнен қағажу көрмей
еркелікпен бұла боп өсетін борықтай жасық босбелбеу емес, жонына
ащы қамшы тиген сайын ширығып ширай түсетін көнтерлі, отқа салып
балқытып, суға салып суарып, төс балғамен ұрған сайын шыныға
түсетін болат қой.
Мөңке Əлтайды қыбыр етпей тыңдады да, сөз біткенде қасқыр
алатын төбеттердей үнсіз ғана басын бір көтеріп, түйілген қалың қабақ
астындағы отты көзімен шоқ шаша қарады да қойды.
Ақан мына ел ақсақалының кісі сынағыштығына қайран қалды.
Шынында да Мөңке биыл астан қайтқалы мүлдем өзгеріп алды. Аз
сөйлейді. Қалжыңдап, көп қажаған адам болса, үлкен-кіші демей арс
етіп бетін қайтарып тастайтын морт. Атасы Байбатыр ұсталғалы
бұрынғы бала мінезден түк қалмаған. Өзінің өңі де өзгерген.
Жымқырыңқы еріндері, шықшытқа қарай томпая бастаған қалың етті,
быттиыңқыраған екі бетінің үнемі түгі шығып, түтеп тұратын секілді.
Қымыз келді. Қоңыр, сұйық шашын қайтадан əріп, бір талын
қобыратпай екі жағына бөлген жаңағы бойжеткен сыпайы отырып
сары қымызды сапыра бастап еді:


– Əуелі Ақан ағаңа, мына Мөңкеге жастық əпер. Жан-жағына таста
көпіртіп, – деп қызын жұмсаған Əлтай. Ақанның қарсылығына
қарамай, үш-төрт жастықты қонақтардың оңы мен солына тастатты, –
Ана біреуін салма, бидайынан жүн шығып жүр. Тысы барларын сал.
Өзі кірлеу ме, дұрыстарын тандап сал. Құдай маңдайыма бір-ақ қатын
жазып, еді, көп қалың сұрамайтын мөжетопайлау кедей қызы еді.
Мұндайлар жасынан тесік өкпе боп үйренген шаруаға қылап болушы
еді, мен қайдағы бір салпы етек салағына кезігіппін. Құдайдың жазуы
сол. Алғашқыда аздап қолым да тиіп жүрді. Бəрібір, пешенесіне
жазбаған болмайды екен, Ақанжан.
Қыз бала: "Түуһ, тəте-ай" деп, даусы болар-болмас сызылып
қызарақтап қалып еді, Əлтай қарқ етіп күлді.
– Немене, шешеңнің күлді кемеш салақтығына намыстанамысың,
онда үй ішін өзің ұстамайсың ба? Ертең кетесің, сенен не қызық
көреміз, одан да пайдаңды тигізіп қал, – деп қызын одан сайын ұялтты.
– Ал, Ақанжан, қымыз іше отырып, мына бауырсақ пен майды
қарбытыңқырап жеп алыңдар, жолда ашыққан шығарсыңдар. Оу, бірақ
ет жей алмай қаларсыңдар. Ет демекші, əй, əй, мұндар мал қайда, мал,
– деп Əлтай ауыз жаққа қарай айғайлағанша болған жоқ, желкесінен,
құйымшағынан ұстап, тегене құйрық тоқтыны дедектетіп, қара мұртты
жігіт: "Ассалаумағалейкум!" деп кірді.
– Əй, қол беріп, сəлемдеспейсің бе, – деп зілсіз зекіп қалды да,
Əлтай өзінің қожанасырлығына күлді. – Ə, қолың бос емес екен ғой.
Жарайды, кейін қол берерсің. Ал, бата оқып жібер, Ақан. Əй, тоқтай
қал! Əй, ана жақтағылар тегіс келіндер. Отаудағылар, бəрің! Тез, тез.
Киім киіс, жүріс-тұрысымен де дүйім елге əйгілі Ақан сері келді
деген соң, бұл қораның ішіндегі адамдар да шала бүлініп, еркегі бар,
əйелі бар – тегіс бір киерлерін үстеріне іле қойыпты. Əлтайдан бұйрық
келісімен бəрі тор үйге кіріп, серімен сəлемдесіп, босаға жаққа отыра-
отыра кетісті. Енді не болар екен дегендей бəрі үй иесінің аужайын
бағып, қас-қабағына қарағыштайды. Келгеннен көргісі кеп ынтыққан
серіге тура қарай алмай, қысылыс тапқан сыңайы бар. Алғашқыда
мазасызданып, бір-екі, бұлқынып қалған қара мұрттың шеңгеліндегі


семіз тоқты ендігі қарсылықтан түк өнбейтініне түсініп, ол да "мұның
арты не болар екен" дегендей, көзі шам жарығына жақұтша жылтырап,
қимылсыз тұр. Əлтайдың əр қимылы да өзінің сөзі сияқты шапшаң.
Отырған қатын-қалаш, бала-шағаға дейін шетінен тізіп таныстырды
да:
– Ал енді, болды, барыңдар, алыстан қажып келген жолаушы дем
алсын, тынықсын. Тамақтарыңды тез даярлаңдар. Сен андағы қойды
тез жəукемдей ғой. Келін шырақ, əй аял, шек-қарыңды ертең
аршырсыңдар. Алдымен тездетіп қуырдақ қуыра қойыңдар, – деп қара
мұрт баласынан бастап, келінге шейін бұйрық беріп, қуып салды да,
Ақанның: "Қой соймай-ақ қойыңыздар, əуре боп қайтесіздер" дегеніне
де қарамай: – Болмайды, о не дегенің, сендей адамға бұйырған мына
тоқтының не арманы бар. Базарға шығарам деп өзін де семіртудей-ақ
семіртіп ем, сенің келуіңе көрінген екен ғой, өзі де аз күнде тез
шиланып бойына майын лезде жинап алып еді. Базары құрсын, қара
суға қарап отырғанымыз жоқ,- деп шаруа жайын да жасырмай, бар
сырын ақтара айтып қойды.
Мұнымен де болған жоқ, қонақтарына қымызды өзі сапырып беріп
отырып, жағы бір тынбады:
– Ал, Ақанжан, бұлар кім, қандай адамдар деп отырған шығарсың.
Енді жағдайымды там-тұмдап түсіндірейін. Біз – осы төңіректі
мекендеген қуандық ішінде алтай, алтай ішінде Əлке-Байдалы
боламыз. Атымыз да атамызға ұқсас Əлтай, қалаға ертеден қоныс
тепкен жатақпын. Бұрын қырда мал бағып, азбыншы малдың
сүрмесімен күн көрген кедей ауыл едік, осыдан жиырма жылдай
болды, қатты жұтқа килігіп, көп аш-арық осы қалаға аудық. Қазір
қаланың осы пұшпағында отырған сол аз алтай, енді қанатымызды кең
жайып, көбейіп келеміз. Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін
дегендей үрім-бұтақ жайып, қалқайып « үріп жатырмыз. Кəсібіміз –
мына Есілдің балығын аулау, азбыншы малды қала сыртына өргізіп,
соны талғажау ғып отырған қара табан жатақтармыз. Жаңа өзің
табалдырықты 
аттағаннан-ақ 
сезген 
шығарсың, 
осы 
үйдің
тұлабойынан, ыдыс-аяқ, төсенішінен де балық исі шығады. Таң ата
көзімізді тырнап ашқаннан осы үйдің жас-кəрісіне дейін қыбыр-


қыбыр, бірі ау жамап, пірі балық аршып, кептіріп, жаңа аяқ басқан
бала қолқабысын тигізбесе де, торсылдағын жарып, əйтеуір балық
кəсібімен көзі шыққан жандар.
Жолаушылар ат маңдайын тірегеннен бері əр нəрсені білмекке
құштар, көрінгенді қазбалап сұрауға машық жандай көрінген Əлтай
енді қонақтар үйге кірісімен өз жай-күйін ақтарыла баяндап отыр.
Ақан да енді тым-тырыс бас шұлғып, тыңдай беруден гөрі ақжарқын
шалдың сөзіне қарай əңгімеге араласқанды мақұл көрді. Жəне қала
жайын жақсы білетін адамнан көп мəн-жайға қанғысы келді.
– Əлеке, қаланың біз кірген тұсы переселендер болуы керек. Олар
қоныс тепкелі де біраз болған шығар- ау. Олардың да кəсібі
балықшылық па! – деп сұрап еді, Əлтай əңгіме отына май құйғандай,
бұрынғыдан бетер көсіле жөнелді.
– Қаланың бұл тұсындағы орыстар – осы қалаға ең алғаш келген
переселендер. Əлгі ел басқару жайында жаңа укəз қашан болып еді?..
– Алпыс сегізінші жылы емес пе еді.
– Иə, иə, бұл қарашекпендер содан бірер жылдан соң келіп, осы
арадан жер кесіп берген екен ұлықтар, лай басып, балшық соғып
қауқайтып-қауқайтып, үй тұрғызып алды. Бұл халқың ісмер халық
болады екен, тіпті еңбектеген баласына дейін таң атса қарап
отырмайды, тырбаңдап жатқаны. Тұра қал, содан... Бұлар келген
жылдың қысы қатты, боранды доңыз жылы еді, көктемде қар күрт
еріп, арнасынан буырқанып шыққан Есіл сұрапыл тасыды. Осы біз
тұрған жерлер аппақ дария болып, су үстіңде қалқып тұрдық. Əйтеуір
қолымызда сырғауыл, күні-түні күзетіп, үйлерді сеңнен аман алып
қалдық-ау. Сонда деймін-ау қыстан арып, жүдеп шыққан мына
орыстарда ұйқы жоқ, кəрі-жасына дейін салындыдан сал буып, су
жағалап, толқын айдап шетке шыққан жайылымдағы ақжем өлі
шабақтарды бөшке-бөшке етіп тұздап, жіпке тізіп қақтап, өкпек желдің
өтінде 
қабырғалары 
ыржаң-ыржаң 
етіп 
жүріп, 
тағы 
да
еңбектенгендерінің арқасында, ауыр қыстан да, көктемде жеткен
жұттан да аман шықты. Баланың баласына мирас етер өсиет: "Еңбекті
орыстан үйрен, орыстарша кəсіп қыл" деу керек.


Көпшілік жиналған үлкен жиында, мəслихат құрған жерде, ойын-
тойда болсын, əсте бір жамбастап қисаймай, не жастық, көпшікке
шынтақтамай қаққан қазықтай тік отыруға ежелден əдеттенген Ақан,
ұзақ жолда ат соғып, қанша қажып келсе де, Əлтайдың əңгімесін
жалықпай тыңдап, сыр білдірмеді. Шынында да мал ішінде, кең
жайлау, жазық далада күнелткен қыр елінің əңгімесінен, мына қала
жатақтарының əңгімесі мүлдем бөлек. Көрген қызығы, тартқан
тауқыметі, сөз етер шаруа жайы да өзгеше. Бұрын, жүрген жерде сауық
құрып, əн салып, əңгіме айтса да бар жүкті өзі атқарар Ақан, енді ел
адамына сөз беріп, соны тыңдағанда атүсті өте шығар көп жайдың
аңғарын түсіне бастағандай, жаңа бір тіршілік қарекетін ұға
бастағандай.
– Оу, Ақан шырағым, қымыз іше отырыңдар, – деп, анда-санда дəм
алдырып қояр Əлтай əлден уақытта барып, өзінің артық, көп
сөйлегенін аңғарғандай болды. – Апыр-ай, мен көп сөйлеп қойдым-ау,
мазаларыңды алғам жоқ па?
– Жо-жоқ, айта беріңіз мына қарашекпендер жайын көп біле
бермеуші едім, əңгімеңіз дəмді екен, Əлеке, – деп, сері шын құмартқан
сыңай білдірді.
– Ə, қарашекпендер деймісің? Бұлардың өзі əртүрлі болады екен.
Қарашекпендері – жаңа заңға дейінгі өз беттерімен келген босқындар
да, ал переселендер крестиəн-мұжықтар екен. Oy, мына баланың атын
кім дедің?
– Мөңке.
– Иə, Мөңке бала қалғи бастады. Ау, ұйқың келсе, ана бірсалардың
үстіне қисайып ал, тамақ піскенше не заман, саған əңгіме не керек.
Жаман шалдың əңгімесінен бір көрген түсің тəтті шығар.
– Е, отыра берсін, ұйқы қайда қашар дейсіз. Көп шалдың
ортасында бір бала отырса дана болар, көп баланың ортасында бір шал
отырса бала болар, —деп, Ақан Мөңкеге қарап еді, ол зорға шыдап
отыр екен, қорбаңдап барып, төсағаш алдына жастығын тастап, қисая
кетті.


– Ə, жарайды жатсын, жатсын, қажыған ғой. Дегенмен аты бала
емес пе, ұзақ жолды қайдан көтерсін. Ay, айтқандай, Ақанжан, сен де
шаршаған шығарсың, тамақ піскенше сен де мызғып ал, мен де бір
əңгіме десе жаным кіріп, аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін
көксоққанның өзімін. Сені шаршаттым-ау деймін. Əңгіме кейін бола
жатар, – деп Əлтай Ақанның астына тағы да көрпе салмаққа тұра беріп
еді, Ақан қайта отырғызды.
– Жоқ, Əлеке, ұйқы қайда қашар дейсіз, айта беріңіз əңгімеңізді,
дəмді екен.
– Е-е, бізде неғылған дəмді əңгіме болсын. Əншейін, келмей жатып
сені шаужайдан алмайын дегенім ғой. Біздің əңгіменің бəрі күйкі
тіршілік, күндегі күйбең шаруаның төңірегі, – деп қымызды сапырып
қойып, қайтадан сөзге кірісе бергенде, есіктен еңгезердей біреу кірді.
Əуелі маңдайшадан сары ешкінің сабалақ жүніндей бет-аузын жүн
басқан басын өткізді де, екі бүктелгендей еңкейіп, келепандай аяғымен
табалдырықты аттады. Кірмей жатып гүжілдей сөйлеп келеді:
– Альта-ай, Альтай, вот тебе на, сен үйде кумыс ішіп отырады,
рыбактар сыртта күтіп тұрады.
– Тұрса тұрады, – деп Əлтай есіктен кірген орыс шалына дүрсе қоя
берді, – Əй, нəсіліңе тартпағыр, əуелі амандық қайда, амандық?
Бұқаша гүжілдей бермей, сəлемдессеңші əуелі, мынау сен екеуміздің
əкеміздей адам!
– А, саламалейкум! Ладно, сенде қонақ бар. Рыбактардың екінші
партиясын отправить жасадым.
– Жарайды, жарайды, шаруа өлгенде бітеді. Қане, отыр, мына
араға, қой сойылып жатыр.
Табалдырыққа құйрығын қойып, дəу етігін шылғау-мылғауымен
қобырата шешіп босағаға тастаған орыс шалы Əлтаймен
қалжыңдасып, сөйлеп жүр. Қалың қабағының астында қуақы көкшіл
көзі жылтың-жылтың етеді.


– Куптен қой жемеген, жақсы, жақсы. Альтай, қалай булады, бас
жеймін или тиль жеймін?
Əлтай қарқылдап кеп күлді.
– Əй, көк соққыр, бүгін тіл де жейсің, бас та жейсің, – деп тақыр
басын сипалап күлген Əлтай Ақанға орыс сөзін түсіндіріп жатыр, –
Былтыр мына көк соққырға бір тамыры келіпті. Ертеңіне "Əлтай деген
досым бар, барайық" десе, анау: "Оһо, барсақ, барайық, қазақтар қой
сойып, бас тартады, білем, білем" деп өзеуресе керек. Мына Барыс "Е-
е, Əлтайдың жөні басқа қазақтан бір бөлек, ол бас тартпайды, кілең тіл
тартады, тіл жейсің" депті. Содан бұлар келе қалмасын ба. Екеуінің
уағдасын қайдан білейін, қақтаған балықты қаймаққа қуырып, шай
бердік. Менің сөзуарлығым қандай, екеуіне жол тимей, таң атқанша
өзім мыжып, жеке көсілсем керек. Үйлеріне кетіп бара жатып əлгі
досы Барысқа: "Ей, Борис, əлгі тілің қайда жегізетін, бас та, тіл де
жегізбеді ғой" десе, мына менің көксоққыр құрдасым: "Падажди, сен
не жегеніңді ұмыттың штоли, əлгі қазақ таң атқанша тілімен кормит
еткен жоқ па, содан артық не керек" депті.
Ақан орыс шалының тапқырлығына, Əлтай екеуінің қазақша
құрдастық жолымен қалжыңдасқан жарастығына ырза көңілмен ұзақ
рахаттана күлді.
– Ал, Ақанжан, тұра қал, енді бұл Барыс екеуміздің бірімізді-
біріміздің қалай қорқытқанымызды айтатын.
Жаңа қарашекпендер мен мұжықтар жайын сұрап едің ғой. Мына
көксоққырдың іздегенге сұраған дəл келе қалмасын көрмеймісің, – деп
Əлтай əлгінде үзілген əңгіме желісін жалғамаққа ыңғайланғанда:
– Альтай, Альтай, сен де ұмытпайды, хватит, көп айту керек емес, –
деп Ақаннан төменірек отырған гүжбан шал қарсылық білдірсе де,
Əлтай қолын бір-ак сермеді.
– Е, айтса несі бар, өтірік пе, өтің жарылса да айтамын,
тыңдамасаң балыққа кет, – деп енді бөгелместен қалжыңын
араластыра сөйлей жөнелді. – Қымыз ала отыр, əй ана жақта кім бар,


Барысқа тегене əкеліңдерші. Бұл көксоққыр жалғыз биемнің қымызын
тегенемен ішеді, жыланы бар ішінде. Иə, тұра қал, жаңа Барыс жоқта
қай тұсқа келіп ем. Иə, бұлардың жазға қалай шыққанын айттым ғой.
Біз ол кезде орыс кесе теріс қарап, бұлар қазақ десе теріс қарап
жүретін кез. Балаларымызды "құбыжық келеді, орыс келеді, жыласаң
алып кетеді" деп жүрген кез ғой. Алғашқы жылы мынадай сорақылық
болды. Біз ау құратын жерге бірер мұжықтар да барып талтақ ау
құрып, моржа тастап, өздері қармақпен күн батқанша балық аулап
жүретін. Бір күні бүкіл ау біткенде балық аз, бұрынғыдай емес. Келесі
күндері мүлдем сиреп кетті. Содан біртүрлі секем ала бастадым да,
кешқұрым мұжықтардың кəрзеңкелеріне алыстан көз тастайтын
болдым. Ақыры көзім шын жете бастады, бұл халық түске дейін
ұйықтайтын біздің қазақтай емес, монғолдарша алакөбеден көздерін
тырмалай ашып, бозторғаймен бірге оянатын халық қой. Бірде, таң
ағара, өзенге атпен барсам, əлгі екі мұжық, тағы екі-үш бала он шақты
кəрзеңке үйеме балықты қайқаңдата көтеріп дедектеп келеді.
Шүпілдеген балықтар тайдай тулап, шоршып түсіп, жол бойы
шашылып та келеді, оған да қарайтын олар жоқ, жүрістері суыт.
Сөйтсем, құйрықтарын күн қыздырғанда барып оянатын қазақтар
тұрып, өзенге барғанша бұлар ау біткенді тінтіп, түскен балықты
сыпырып алады екен. Содан бері бір күн өткен соң бір ау, екі күннен
соң үш ау жоғалды.
Ақан "əңгіме беті қалай бұрылып барады, Əлтай қалжыңдаймын
деп отырып, шындап кетпесе нығылсын" деп ыңғайсызданып, қауға
сақал Борисқа қарап еді, мізбағатын ол жоқ, бұрын талай тыңдап еті
үйренген бе, жастыққа қазақша шынтақтай түсіп, танауы делдиген
мұрнын сипап қойып, күлімсіреп тыңдайды.
– Ауы жоғалған ағайындар маған келіп, "атам қазақ біреудің
еттігіне түсіп қаймағын, шошаласында піскен асын ұрламаушы еді,
аудағы балықты ұрлаған деген не сұмдық?! Енді күн көрісіміз – аудың
өзін жоқ қылды. Не де болса, переселендерден келген сұмдық, бұларда
дін жоқ шығар, Құдайынан қорықпағандары-ау, бүйте берсе, ертең
дастарқанымыздағы асымызға дейін тартып алар. Осылай басындырып
қоямыз ба. Біз де ел, жұрт емеспіз бе. Жиналамыз. Қарумен барып,
тінтеміз" деп, тұяқтарымен жер тарпиды. Менің де зығырым қайнап


жүрген. Бірақ ашу алдын ақылға салып, тым ушықтырып алмайық деп,
əуелі пирегоуар жүргізбекші болдым. Содан, тұра қал, қасыма орысша
бір қағары бар Естайдың Жанатай деген балуан баласын ертіп, осы
Барыстың үйіне келдім. Бұл да переселендердің басшысы екенін
білетінмін. Ол кезде, бұлар Есілдің Қарөткел жақ қабағында тұрады.
Бойыма бесқаруымды салып дегендей, кездігі, оқшантайы бар күміс
кісемді тағып, беліме қылпылдаған өткір ақ балтаны қыстырып алдым.
– Рыбак емес, точно лесоруб сияқты болдың, – деп Борис бір мырс
етіп күліп қойды.
– Какой-такой лисаруп, тура баяғының батыры сияқты едім. Содан,
тұра қал, аз үйлі алтай жұрағаттар Құдайларына сыйынып, ақсарбас,
көкқасқаларын ауызбен шалып, ұйлығып қала берді. Бір жаманат
болса-ақ, айыр-күректерін алып, майдан салуға даяр тұр. Біз келсек,
мына Борис үйінде екен. Біздің қабарып кеткен, түксиген түрімізден
зəресі ұшты білем, Кісен деген əйеліне шай қойғызды.
– Да, сенен так испугался. Просто сен шай куп ішеді, мен биледі,
Ишим суы жетеді, – деп, Борис та қалжыңдап жатыр.
– Қорықпаған шығарсың жаман қатты. Тура қал, содан ашуға
булығып, тұтығып сөйлей алсамшы. Əйтеуір, Жанатай ұғындырып
жатыр. Байқаймын, Барыс Пір кішкентай қыз баланы тысқа жұмсап
жіберген. Алдымызға үлкен жез самауырды алып отырғанбыз. Мен
батыреке-ау, шайды орыстар қазақтан үйренді деп жүрсем, бұл
орыстарың атамзаманнан бері ішеді екен-ау. Самауырды да бұлар
самауыр дейді екен. Байқаймын, самауыр орталанған кезде бір
тапалтақ сақалды мұжық кірген, амандасып, босаға жақтағы сəкіге
отыра кетті. Шайға шақыру жоқ. Бұларда ол кезде ондай əдет
болмайтын, бертін үйренді ғой. Əйтеуір бізден де бірдеме жұға
бастады бұларға. Содан самауыр еңкейгенше мұжықтар келіп жатыр,
келіп жатыр. Бір кезде үй аузы-мұрнынан шыға толды.
– Ай, сунда өзің қалай құрықты айтпайсың ба?
– Е, менің жүрегімнің түгі бар дедің бе. Аздап жүрексінгенім рас.
Терезеге де бір-екі қарап қойдым, олай-бұлай болса, қалай бұзып


шығам деп. Шынымды айтсам, кірпіш шай қайнатқан шай да жүрмей
қойды. Бір кезде, мұжықтардың бас-аяғы жиналып болды-ау дегенде
мына Барыс, өзі де тура барыс сияқты ғой, тұрып алып, ай ерім-ай,
гүжілдеп кеп сөйлеп бермесін бе. Тура, атам үйінің сарала бұқасынша
басын шұлғып қойып бірдемелерді айтып, зіркілдеп жатыр.
Мұжықтарда зəре жоқ. Сонда не айттың-ай, өзің айтшы.
– Не айтамын. Бұлар да біз сияқты батрак, балалар куп, уят кайда
айттым.
– Бір кезде, əлгі кім еді, Епім деген жігіт пе еді-ай? Өзі кейінгі
кезде жоқ, бір жаққа кетіп тынды ғой. Көзі тұздай секпіл бет, жел
үрлесе жығылғалы тұрған бір жігіттің кеңірдегінен ұстап, ортаға алып
шығып, ерім-ай соны сықпасын ба. Анау қырылдап, тілі сөйлеуге зорға
келді. Басқаларында үн жоқ. Ақыры Епімді босатып, үйден шығарып
жіберді. Бір сүт пісірім уақытта келді-ау əйтеуір. Ой, Алла-ай, қолында
ау. Жиегіне өңкей топайлар тізген қазақы ау. Əйтпесе орыстарға ол
кезде аудың тартарларына салатын соншама топай қайдан келсін.
Содан, не керек, көп ұзамай татуласып кеттік. Тамыр боп кеттік. Əй,
"тамыр" деген сөз осы балықшы біздерден шыққан шығар-ау. Қазір
Құдайға шүкір, бəріміз бірігіп, осы төңіректегі орыс мұжықтары бар,
өзімізше кішігірім əртел құрдық. Бұрын аумен, қармақпен тұйтыңдап
жүретін біздер, келе-келе сүзекімен маңайдағы көлдердің балығын,
сонау Қорғалжыңға дейін сүзіп, кенеліп қалдық. Көптің аты көп емес
пе, Ақанжан. Бұл орысыңнан үйренетін нəрсе көп екен. Бұрын біздер
түгелдей шым үйде, ерінбегендер қыртыс үйде отыратын ек. Сіздер
жақтағыдай бізде ағаш үй қолы жеткен байларда болмаса, жай
жатақтарда жоқ қой. Мына Барыстар саман соғуды үйретті. Міне,
көрмейсің бе, еңсеміз көтеріліп, кең сарайдай бір-бір үйді салып
алдық. Мұны да мұжықтармен бірігіп, помыштап көтердік. Қазақта да
ұдықтасу деген болушы еді ғой. Сөйтіп, Ақанжан...
Сырттан дабырласқан дауыстар естілді де, үйге ентіге басып,
қолында сырнай Ғазиз кірді арсалаңдап.
Дар еткізіп сырнайын төсек үстіне лақтырып салған Ғазиз Ақанды
бас салып құшақтап жатыр. Ел тұрмысында көп ұшырамайтын сирек
əдетпен ұстаз ақынның, қайғылы ақынның бетін аймалап сүйді.


Қараөткелде өзін еркін ұстап, сал атанған қайратты жігіттің көзінен
аққан жас Ақанның бетіне ып-ыстық боп тиді.
Көріскен адамдай зорға ажырасқан Ғазиз қайтадан бойын жазып,
сырмаққа отырмастан оқыс мінез көрсетіп, үй иесінің жанына тиер
ауыр сөзбен, серіге тіл қатты:
– Ақан аға-ай, ойсыратып кетті-ау, атаңа нəлет алтайлар! Бұл
Батыраштың тұқымы алтайдың үйі емес пе, қайдан ғана мұнда тап
болдың. Жүрші, аға, кетейікші бұл үйден, ендігі көрмегенім жынды,
есірік алтайлар болсын.
Əлтайдың өңі қабарып, күреңіте берді.
– Ғазиз-ай, не деп кеттің?! Өзім де Ақанжан келгелі жер боп отыр
ем. Күйігіме күйік жамадың-ау. Менің і том қандай? Бір есірік алтайға,
елдігі бар мың алтай жауап бермек пе? Қарағым-ай, ауыр айттың-ау,
ауыр айттың, басым шыңылдап кетті-ау, басым! – деп, алтай абажадай
қос алақанымен шекесін сығымдап төмен тұқырая берді. – Бар, бар,
менің үйіме жоламай-ақ, қой...
– Əй, Ғазиз, отыр əуелі құйрығыңды басып, - деп, Ақанның да
даусы ащы шықты. – Мені Ақан аға деп, соңыма еріп, жолымды қуар
ұл болмақ ниетің осы ма еді. Мен сені осыған баулып па ем? Не айтып
тұрсың? Құлагерді өлтірткен алтайдың əумесері Батыраш болса, ол
қарауылға ғана салған шеңгелі ме еді. Ол өз ру, өз ағайынына да
аюандай аяусыз, алдынан кесе көлденең өтер болса, ұл, қызына да
қатыгез, қаражүрек емес пе. Батыраштың о дүлейлігі үшін қарауыл
алтайдың, алтай қарауылдың босағасын аттамасын дегенің бе? Ел
бірлігін қорғар азамат əнші ме десем... Мені аға десең мына сөзіңді
қайтып ал. Қайтып ал мына есер мінезіңді! Көрсетпе көзіме! Басыңды
иіп, үлкеннен кешірім өтін!
13
Ақанның бар сенгені - ояздың əйелі Анна Ивановна. Ер басына күн
туып, істі болғанда, серілікпен күн кешкен ақын табан тіреп барар
адам табылмағанына, ұлықтардан бір жанашыры жоқтығына жаңа көзі


жетіп, қатты налыды. Əйел де болса, жөн-жосықты түсінетін, ақ пен
қараны айыратын Анна Ивановнамен ақылдасып, оязбен тілдесудің
жолын іздеді. Қайран, бұл да бір заманның тарылғаны-ау.
Аттарын алысырақ байлап, жасыл қақпаға келген Ғазиз екеуі əуелі
ағаштан бұрап, оюлаған əшекейлі есікті итеріп еді, жабық екен. Қала
тұрмысына кəнігі
Ғазиз көлемі ағаш үзеңгідей, өріп соққан темір шығыршықты бір-
екі қағып қалды. Ауылдан арс-арс еткен овчарканың, оған қосыла
шəуілдеген кəнденнің үні естілді де, бір кезде есік тақтайынан
терезеше көз ашылып, буы бұрқыраған жып-жылтыр қасқа бас, сонан
соң манаураған қызыл бет көрінді.
– Кім керек?
– Ояз үйде ме?
– Ояс?.. "Ояс" деген не?
– Уездной начальник, миғұла?
– Жоқ, – қақпақ тарс жабылды, – Бар, орныңа бар, Джек.
Басурмандар ғой зерігіп жүрген.
– Е-е, мужық, тұра тұр. - Сүйрете басқан мұжық табанының
дыбысы естіліп барады. – Қап, мына жаман малайдың қорлығын-ай.
Ақан аға, қалтаңызда сөлкебай бар ма?
Ақан қалтасынан əмиян алып, ішінен төрт-бес күміс ақшаны
Ғазиздің алақанына төге салды.
– Ақан аға, бұл алды əлі. Қанша ақшамен келдім дедіңіз? Атай
біледі ғой, шіркін. Бұлардың аузы қимылдаса ақша, қолы қимылдаса
пара, онсыз түк өнбейді, көрмейміз бе, мына малайдың өле алмай
тұрып бəлсінуін. – Ғазиз есікті қайта тоқылдатты. Ит тағы да үрді де,
қақпақ қайта ашылып, əлгі бас тағы көрінді.


– Кетіңдер бұл арадан, жоқ дедім ғой, түсіндіңдер ме?! – Қақпақ
жабыла бергенде, Ғазиз ұстай алды да, екінші қолымен бір сөлкебайды
малайдың қолына қыстыра салды. Малай енді басын молырақ
шығарды. Сирек көкбурыл төбе шашы үрпиіп:
– Его плакоротие бұл кезде үйде отырушы ма еді, жоқ, кеңсесінен
табасыңдар, бірақ кіре алсаңдар, – деп сөзге келді.
– Жарайды, Анна Ивановна үйде ме?
Қарт малай кетік тістерін көрсетіп: "Е-е!" деп күлді. Көзі кəрі
мысықтың көзінше жанарсыз жылтырап, қаймақ дəметкендей сыңай
білдірді. Ғазиз тағы бір сөлкебайды тесіктен шығарған алақанына
қыстыра салып еді, ол артына бір қарап алды да:
– Анна Ифанофна қайда барам десе өз еркі, ерке масам емес пе,
қыдырып кеткен. Алысқа.
Қайда? – Ақан бар үмітінің жібі үзілгендей сұлқ тұрып қалды. –
Қолыңдағыны түгел берші.
–Қайда кеткен, айтсаңшы, – деп еді Ғазиз.
–Е, бұл үшінші сұрақ, – деп малай тісі кетиіп тағы жымыңдады.
–Өй, енеңді ұрайын, есіктегі итіне дейін басынады бұлардың, – деп
Ғазиз қалған үш күміс ақшаны малай есік қатпар-қатпар алақанына
сылдыратып төге салды.
–Госпота, сию минуту, шығамын, – деп көңілденген малай есік
қақпағын баппен жауып, ілгешегін ішінен ілді. Содан соң аулада
асықпай, итіне біраз ақыл, кеңес үйретіп, ұзақ күңкілдеп, сөйлесіп
жүрді де, тысқа шықты. Бауырына қысқан сабалақ жүнді кəндені бар.
Малай дегенге, Ақан үй қызметкерін орыстың шабата киген
мұжықтарындай, немесе, қазақ байларының ішінде жүретін қырық
жамаулы жалшыларындай елестетіп еді, жоқ, мынаның ұсқыны бөлек.


Киімі мұнтаздай, тіпті ана-мына кеңсе чиновниктеріндей. Мына түріне
қарағанда жаңағы тесіктен созылған қайыршы қол мұныкі емес дерсің.
Таң атпай жұтып алған карт адам алғашқыдағыдай емес, көптен
көрмеген таныстарын кездестіргендей, бұлардың арқаларынан қағып,
дуалдан əрірек тұстағы сəкіге кеп отырды. Əуелі, қалаша сəнді киінген
екі қазақтың басынан аяғына дейін бір сүзіп өтті де, бұлар сөйлесуге
тұрады екен дегендей, енді жағы сембей көйіте жөнелді:
– Анна Ифанофна, шіркін, əйел жынысынан өте сирек кездесетін
кісі ғой. Эх, біздің хосяй бақытты адам. Осындай ақылды, əрі көрікті,
өте білімдар əйелді кім ұнатпаушы еді? бұл үйге кімдер түспейді.
Сонау Петерпурктан, Омбыдан нелер атақты, үлкен чинді адамдар
келеді десеңізші, Анада Ефофысокопрефосхотительство генерал
Лосевский əйелімен, одан соң наказной атаман парон Максим
Антонофич қонып кетті. Бəрі Анна Ифанофнаға мүлəйімси қарап,
кете-кеткенше сұқтанып, көздерін алмайды. Анна Ифанофна қандай
əнші десеңізші. Түні бойы рояльға қосып романстар айтқанда, жүрегің
езіліп, біртүрлі жылағың келеді. Əрі мұңды, əрі сазды романтикалы
əндер. Анада Сібір қазақ əскерінің бірінші бөлімінің атаманы
Ефофысокопрефосходительство генерал-майор Старкоф келгенде де,
алыстан қадірлі меймандар тоқтаса, көңілденіп, ерекше құлпырып
кететін Анна Ифанофна жаңа романстар айтып, тағы да сонау
Петерпурктегі шағым есіме түсіп, түні бойы жылап алдым.
Старкофтың аса ұнатқаны сонша, сат ішінде аттанар алдында, біртүрлі
еңсесі түсіп, мұңайып отыр екен. Мені көргенде қуанып кетті. Маған
"Анна Ифанофнаны жеке алып шығыңыз, аз ғана əңгімем бар еді" деп,
тұтас полуимпериалды секіртіп тастады, əрине қожаң берсе қойныңа,
бергенді кім жек көреді, қағып алдым да, айтқанын орындадым. Сол
күні ол кетпеді. Анна Ифанофна екеуі таза арабы аттарға мініп, қала
сыртына серуенге шығып, түннің бір уағында оралды. Олар қашан
қайтып келгенше, хозяйн қатты толқып, бір арада аттан құлап жазым
болды деді ме, қайғыдан арақ іше берді. Мүмкін, қызғанатын да
шығар, ондай сұлуларды кім қызғанбайды? – Шал сарғыштау кетік
тістерін көрсете күлді де, алдына өңгерген қанден итіне қарады. Ол
қыңсылап, əлдене дəметкендей немесе ұзақ отыруға жалыққандай көзі
мүлəйімсіп, жерге түскісі келіп тырмысты. – Жо-жоқ, болмайды,


болмайды. Сені енді көзден таса қылуға болмайды. – Малай итін
бауырына қыса түсіп, басынан сипады да, енді қазақтарға бұрылды. –
Былтыр, қар еріп жатқан көктемнің алғашқы күндері еді. Хосяйннің
мунтирін тазалап, аулада күн шуақта отырғанмын. Сырттан гүрс еткен
мылтық даусы естілді. Мунтирді стулға тастай беріп, тысқа шықтым.
Тағы мылтық үні. Шаңқ еткен иттің даусы. Қарасам, хосяйн, бір топ
итті қуып, атқалы жүр. Өзі ат үстінде. Олай бір, былай шапқылап
көшенің жаман иттерін тым-тырақай қылды. Қала офыфателдері үйді-
үйлерінен шығып, таң-тамаша қарап тұр. Чосийннің қылығына мен
ұялдым.
– Е, жəй жүрген иттерде не жұмысы бар, жынданған ба? – деп
Ғазиз шалға елеуреді.
– Жо-жоқ, жынданған жоқ. Себебі бар. Мына Теттидің бойын
көрдіңдер, қандай кішкентай, бұл испандық спаниель дейтін
тұқымынан тараған өте трефняя парота, Россияда бұл парота сирек
кездеседі. Чосяйн Санк-Петерпурктан əдейі əкелген. Сол күні қалай
байқамадым, қақпа астындағы қуыстан шығып кетіпті. Аулада үлкен
немецкая овчарка бар, ол шыға алмайды. Теттидің полофая преттечка
кезі болатын. Ит деген ит емес пе. Көшеден достар тауып алып, ойнақ
салса керек. Хосяйн қызметтен опетке оралғанда, Теттидің соңынан
ерген он-онбес итті көріп, қызғаныштан көзі қанталап кетіпті.
Ақан мен Ғазиз қосыла күлді.
– Қызғанғанда, үйде ұстап отырмақ па?- Оу, мынау құйтымдай
болып алып, таудай иттермен ұйығып жүр ме, қарай гөр пəлесін, сонда
бойы тапал итті қалай енді, қалай... – деп Ғазиз ықылық ата күліп,
салпаң құлақ Тетиге сезіктене қарады.
– Бойы тапалдығына қарай ма, прирота, прирота! – деп, малай жай
ғана жымыңдап, қайта байсалдана қалды. – Содан сөгісті мен алдым.
Тетти қайдан білсін, көзі жасаурап, əбден сілесі қатып, түңде бірақ
келді. "Сені мұнда неге əкелдім, бір Теттиді аңдып отыра алмайсың,
пасурмандардың жаман иттері басынды-ау, ұят болды-ау, масқара
болды-ау" деп хосяйн шашын жұлып, қайта-қайта арақ ішіп, "жаман
иттерге қор қылдың-ау!" деп мені түні бойы ұрысты. "Вашеписо-


коротие, ит ғашықтықты білмейді, сұлулықты айырмайды, природа"
десем, одан сайын тісін шықырлатып сілкеді. Хосяйн мұның ұрғашы
екенін əуелде білмесе керек... – Малай итінің маңдайынан сипады.
– Содан кейін қалай болды, енді ылғи алдыңа өңгеріп
отырамысың?
– Жо-жоқ, үнемі емес, преттечка кездерінде ғана, жылына екі рет.
Дəл сол кезде, суық суға жиі шомылдырып, бір жұма тысқа
шығармасаң, мауқы өзі-өзінен басылып, тыныс алады.
– Ояздар малайларына итінің артына дейін андытып қояды екен-ау,
о заман-ай! – деп Ғазиз зығырлана күліп еді.
– Жарайды, иттің жыры бітпес, ал енді сіз əлі негізгі сауалымызды
айтпадыңыз: Анна Ивановна қайда кетті дедіңіз? – деп Ақан əңгіме
бетін келген шаруаларына бұрды.
– Анна Ифанофна? О-о, алысқа Петерпуркке кетті.
– Петерборға-а?!
– Жарты айдай болды. Əлі жетпеген де шығар. Жол алыс, Аральск,
одан əрі Александр темір жолымен қаншама жер. О-о алыс, тым алыс,
Оренпург, одан əрі екінші Александр жолымен Самара, Пенза, Рязань,
Москфа. Одан əрі Николаевский темір жолымен Санкт-Петерпурк!
Шіркін, Петербурк, қандай əсем, жақсы қала, сағындым, өте
сағындым, онда Эльса деген қызым бар, жалғыз қызым, Эльсам, – деп
басын шайқап отырып қалды. Қара ала спаниелдің салалы жүнінен
сипап, алыстағы баласын ойлаған мұңды көзіне жас үйірілді...
Алдында қайыршыланып, бір айтқан жауабына бір күміс тіленген
мына неміс шалын ұнатпай қалған Ақан, алыстағы қызын айтып
егілген жетім түрін көргенде, біртүрлі іш-бауыры езілгендей аяп кетті.
Анна Ивановнаның жоқтығына бар үміті үзілгендей қайғыланса да,
əмиянынан бір қағаз ақша алып, жел өтінде қалтыраған қаңбақтай
дірдектеп, басы төмен салбыраған қарттың əжімді алақанына
қыстырып, орнынан тұрды.


– Спасибо, косподин, плагатарю, плагатарен фами! Ақша алды деп
сөкпеңдер. Көп-көп ақшам болған соң, кетемін хосяйннан. Қызыма,
Эльсама кетемін. Өлер шағымда қызымды бір көрсем, арманым жоқ.
Жалғыз қызым, Эльсам!.. – деп шал кемсең қақты...
14
Соңғы үш-төрт күн ішінде Ақан ояз кеңсесінің алдында қыр қазағы
біле бермейтін нешебір сұмдықты көзімен көрді.
Жасыл сырлы атшаптырым тақтай дуалмен айналдыра қоршап
тастаған қаңылтыр шатырлы зəулім үй қол жетпейтін сағымда
мұнартқан ертегінің елесіндей. Алды құжынаған адам. Таң ата осы
араға аттысы аттылай, жаяуы жаяулай шұбырып, кең ауланың ішіндегі
көк үйге кіре алмай сендей соғылысқан қалың жұрт. Иін тірескен қос
доңғалақ қазақы арба, трашпанкелер үйме-жүйме. Шөгерген түйе,
қаңтарған аттарды, кейде шолақ бүрме тон киген қызыл лампасты жез
мұрт казак-орыстар қамшы үйіріп кейін ығыстырса, əлгіндей болмай
үріккен қойдай ошарылған үрейлі топ үнсіз келіп "жылы" орындарына
қайта жайғасады. Сеңсең малақайлы, жамаулы қалың күпілі, саптама
киген ел қазақтары, күрпілдек етік, шабата киген қауға сақал
переселен мұжықтар не деген көп. Бəрі де оязға, кеңсе чиновниктеріне
арыз, шағыммен жүрген, бір ауыз сөзін айтуға қарға адым жерге кіре
алмай жұмақтың есігінен сығалап ынтыққандай андыздаған мүсəпір
жандар. Енді жақында Омбыдан ақмола генерал-губернаторы
Линенцовтың келгенін естіген шағымшылар əр жерден андыздап,
қайтсек алдын көріп бір ауыз арызымызды айтып қалар екеміз деп
үміттеніп жүргендері мынау.
Биік 
дарбаза 
қақпаның 
екі 
босағасында 
қынабындағы
қылыштарынан айырылып қалардай сығымдап ұстаған екі казак
күнұзын орындарынан тапжылмайды. Екеуі бір-бірінен аумайды, егіз
дерсің. Тікірейген қыл мұрттары да, бір шекесіне қисайта киген
қалпақтарының астынан дудырай шыққан түйенің тізе шудасындай
шаштары, тіпті маңайына жақын барғанға тұздай көзімен шегірейе
қарап, едіреңдеп қуған долы мінездеріне дейін ұқсас. Қала əкімдері
тарантас, пəуескемен келіп, дарбазадан өте бергенде қолдарын


шекесіне апара беріп, көлік соңынан демегендей жол нұсқаған
қимылдарына дейін бір-бірінен айнымайды.
Қасында Ғазиз бен Мөңке бар, Ақан кеңсе ауласын төңіректеп,
іштен ояз көмекшісі Жайынбек шыға қоймаған соң, əр жерде
шоғырлана отырған көңілсіз көп тобырдың ара-арасымен базар
аралаған адамдай келе жатқанда, жел жақ беттен бір əн шалынды
құлағына. Ғазиз бен Мөңке де елең етісті. Əн əуелі баяу ғана сызылып,
əлдекімнің бала уатқанындай ыңылмен айтылып, көңілді қалғытарлық
бір қалыпты мұңды үнмен талмаурай естіліп еді, енді бір кез бұлардың
құлақ түріп елегенін аңғарғандай, əнші даусын қаттырақ шығара түсті.
Серінің əні "Еркем", "Апырай, мына қара дауыл желді күзде, мына ояз
кеңсесінің алдында айтылған не əн? Кім тыңдап, кім айтып отыр?"
Үніне қарағанда əн иесі жас адам сияқты. Жəне еріккеннен айтпай,
əлдекімге мұңын шаққандай ауық-ауық күрсінетін тəрізді. Бұлар көп
арбалардың ара-арасымен сыналай жүріп, əн шыққан жаққа беттеді.
Əншінің сөзі түгел естілмесе де, Ақан көңілінде сайрап келеді:
"Жастық күні, ой еркем, түседі еске,
Жез бұйдалы кер тайлақ ерер көшке.
Ата-ананың қолынан кім аттаған,
Не десең де көнесің хақтық іске".
Бұл – ел-жұртымен қоштасу сарыны бар, соңында қалар құрбы-
құрдасқа, көңіл жақын тұстасына, жүрегінде сақталар қимасына
шаққан соңғы мұңы сияқты, жат жерге еріксіз бодан боп кетіп бара
жатқан қалыңдық зары.
Ақандар əн тұсына жақындай бергенде "Еркем" күрт өзгеріп,
"Сырымбетке" ауысты. "Ау, мына əнші осында серінің жүргенін көріп,
əдейі қалжақтап отырған, не əн арқылы өткенді еске салып отырған
таныс біреу болмаса игі еді". Бұлар шөгерткен түйелі арбаның ығына
тоқтады. Əнші доңғалағы шаңырақтай қазақы арбада. Арбаның үстін
күркелеп, қолдан күйме жасалған. Тегі талдан иген болуы керек, беті
таңдайлап тоқыған ескі алашамен мұқият жабылған. Жел үрлесе іс


жалбаңдап көтерілмейтіндей əр тұсынан қайыс таспамен ілмешектеп
байлапты. Бетін ыққа бұрып қойған шағын күйме ішінде əншінің
"Сырымбетін" естігенде Ақандар бір-біріне үнсіз қарасып,
таңырқағандай бас шайқасты. Сері əнші Ғазиздің білегінен қалай
сығымдай ұстап, демін ішінен алып, тыңдай қалғанын өзі де аңғармай
тұр. Əн сарыны бұрын естімеген жаңа бір əуенмен, шерлі үнмен жүйке
тамырды шымырлатардай, жалғыздықтың зарын төккендей шым-
шымдап кіріп, тұлабойды ұйытып алып барады.
«Батыр-ау, бұл кім болды? Жападан-жалғыз əн салғаны несі?
Даусына қарағанда іші пысып еріккен адамға ұқсамайды". Ақын
шыдай алмады. Арбаны жағалап келіп, күйменің шетінен ішке сығалай
берген ақынның жүрегі солқ еткендей болды. Пері ме, періште ме,
əлде ертегінің сиқыры ма – күйме ішінде ақ қағаздай сұлу қыз отыр.
Қап-қара жібек барқыттай қою шашын жайып жіберген, жауыннан
кейінгі мөлдір мойылдай екі көз сонау аспан төрінде. Аунақшып
көшкен аласапыран күні бұлт ішінен əлдебір алыстағы арманын,
жоғалтқан асылын іздегендей қайқая біткен қалың кірпіктерін көкке
қадап, бір арадан көзін алмайды. О ғажап, үніндегі іш тырнаған қасірет
белгісінің өңінде ізі де жоқ. Жай əшейін алысқа самғаған құсынан көз
жазбайын деп сағыныш əнімен бұлт арасына тесіле қарап, жайбарақат
отырған адам бейнесі ғана. Қыз он алты, он жетілер шамасында.
Қасына таяп келген адамға қараған жоқ. Əнін аяқтағанда да
бұрылмады. Күз аспанынан көз алмай тұманды ойдан шыға
алмағандай, əлі де ұзақ тесіліп отыр. Ақанның іші мұздап кетті.
Соңынан келіп күймеге үңілген серіктеріне де ештеңе дей алмай, тек
қолымен ғана кеуделерінен кейін итеріп, əрі тұра тұрындар деген белгі
берді. Сосын қыздың мұңсыз көзінен екі түйір жас ақша беттен иегіне
қарай сорғалап бара жатқанда, іші қалтырап, бойы дірілдеген ақын,
қалай жөтеліп, белгі бергенін аңдамай қалды. Жұмбақ қыз селк етер
деп еді. Жоқ, əлгі қалпында тапжылмай тағы да үнсіз отырды да, аздан
соң сəл мойын бұрып Ақанға қарады. Қарады да шиедей ерні
кемсеңдеген сəби баланың ерніндей дірілдеп, жасқаншақтанғандай
аузына сөз түспей бөгеле берді. Сəлден соң ғана жүзінде күлкі ойнап,
аппақ мінсіз тістерін көрсете күлген ол шолпыдай сыңғырлаған нəзік
үнмен:


– Келдің бе, отыр. Ойнайсың ба? Мə, ал, – деп қара барқыт
шапанымен қымтаған қуыршағын ұсынды, – Ал, ал, тоңып қалмасын.
Ақанның тұлабойы онан сайын мүздап кетті. Аузына сөз түспей,
суықтан саусақтары қызарып, долырған қыз қолынан қолапайсыз
жасалған рабайсыз қуыршақты қалай алғанын да білмей қалды.
– Сен қайда кеттің? Келмедің ғой. Ұмыттың ба мені? – дегенде,
көзі жаудырай қараған жұмбақ қыз арба ішінде жасырынып, күтіп
отырған Ұрқиясындай болып кетті Ақанға. Жын-шайтанға, аруаққа
онша сенбесе де көптен зират басына барып, дұға оқымағанына Ұрқия
ренжіп жүр екен, мына көзге көрініп отырған соның желеп-жебеушісі
екен деп: "бісміллə-бісміллə, сухан алла, сухан алла" дегеннен басқа
аузына ештеңе түспеді. Бірақ, қыз орнында. Ақанға қарай күле түсті.
– Here бісміллə дейсің, тамақ ішкің келе ме. Кел, отыр қасыма. Мен
түсейін бе? Қазір, қазір түсейін, – деп орнынан көтеріліп қимылдай
берген қыз лезде қабақ шытып, балаша қыңқылдады,- Жіберші деймін.
Тартпашы. Ағатай, жіберші.
Қыздың толқынданған қолаң шашы бетін жауып кетті. "Біреу
артынан тартып жібермей отыр ма?" деп, күйменің артқы жағына
қараған Ақан шошына түсіп, серіктерін шақырды. Қыздың белін
қынай буған ескі кəмəр белбеуінен ілген қайыс бау арба жақтауына
күрмелген. Белінен қапсыра тартып жібермейтін сол екен.
Ғазиз бен Мөңкенің де көздері шарасынан шығып, арбаға таңылған
тоқтыдай сұлу қызға аянышпен қарай берген. Осы кезде сырттарынан
əлдекімнің жүре сөйлеп, реніш білдірген даусы шықты:
– Əй, бұларың не, адам көрмеп пе едіңдер. Мазаламаңдар! Əрі
жүріңдер!
Ақандар жазықты адамдай ыңғайсызданып, артына бұрылды.
Қырықтарға тақаған, сақал-мұрты қап-қара, көзі тура күймедегі
қыздың көзіндей, қалың кірпікті, бойы кішілеу аққұба арық жігіт екен
бұл келген. Өзінен үлкен болмаса да киім киісі, тұлғасы көп адамға
ұқсай бермейтін серіні көргенде қатқыл даусы жұмсарып:


– Отағасы, бала боп кеттіңіз бе, – деп орнынан қозғалақтаған
қыздың етегін қымтады. – Қызықпайтындай не бар мұнда?
Ақан аңдамай істеген ісіне қысылғандай сəл қызарақтап қалып еді,
Ғазиз үн қатты:
– Оу, ағайын, байқамадық. Білмеген у ішеді. Қайдан білейік. Əуелі
сəлемдесіп алайықшы. Амансың ба!
– Амансыздар ма, – деп қызды əлі де қымтап, балапанын
қанатымен қорғаштаған құстай, шашынан сипап, иығынан жылжып
арба ішіне түскен тықыр түбіт шəліні қайтадан салған жігітке Ғазиз
еркіндеу сөйлеп:
– Сəлеміңді дұрыстап бермейсің бе Ақан ағаңа, – дегенде.
– Əһ, қай Ақан? – деп ол жалт бұрылды.
– Кəдімгі дүйім елге мəшһүр болған ағамыз Ақан сері,- дегенде,
жігіт жүгіріп келіп, қалбалақтап, серінің қолын алды, – Біз ағамыздың
өлеңін естігесін бұрылып ек. Ана бала керемет айтады екен. Үні
қандай зарлы еді.
– Ə, апыр-ай, онда ғапу етіңіз... Апырым-ай, сіз бе едіңіз, Ақан аға.
Кешіріңіз... Бұрын көрмеген соң... Бəсе, жүзіңізді көргенде, əй тегін
адам емес шығар-ау деп ем... Сіздің өлеңіңізге мына қызым титтейінен
құмар, бірін қалдырмай шетінен тізіп айтушы еді, əнші еді, əнші еді
ғой, күнім, – деп жігіт сөзінің аяғын күрсініп бітірді.
– Қызым дедің бе, інішек, – деп енді мына жұмбақты білмекке шын
құмартқан Ақан жігіттің бас-аяғын сүзіп өтті. Жүдеуліктен бет сүйегі
шодырайған, сəл қушықтау болмаса, кезінде нағыз сұлу жігіт болған,
көрікті адам екені көрініп-ақ тұр.
– Иə, қызым, тұңғышым, – деді жігіт тағы күрсініп, – Ау, ағасы,
мына жетекке отыра беріңіз, көтереді, əрі ықтасын.


Жігіт қызының шашын екіге бөліп, бір жағын бостау өрді де,
маңдайынан иіскеді.
– Енді өзің өре ғой, ана ағаларыңнан ұят болады.
– Ұят бола ма? Иə, иə, ұят болады. Сосын қуыршағымның да
шашын өремін, иə, көке!
– Өре ғой, өре ғой, күнім.
Жігіт енді Ақанмен қатарласа, арбаның алдыңғы доңғалақ
шабағына арқасын тірей жүрелеп отырды да, қабақ шыта күрсінді.
– Ақан аға, менің атым Хасен, Ақмола төңірегінің қазағымыз.
Руым – қырғыз. Аз ауылды, қара шаруаның адамымын. Əкей дүние
салғалы екі жыл болды. Ана арбада отырған қызым Күлназия биыл он
жетіге келеді. Тұңғышым дедім ғой. Одан кейін үйелмелі-сүйелмелі,
алды онда, төрт ұлым бар, одан бұрынғы үшеуі қайтыс болды... – деп,
жігіт бір тоқтады.
Ақан сөзін бөлген жоқ. Қырғыз деген рудың жай-жапсарын білетін.
Аталарын талдап сұрамақ болып оқталды да, Күлназия жайын тез
естігісі келіп, ынтыға түсті. Сонау жаугершілік кезінде, ұлылы-кішілі
ел шапқыншылығы тұсында ел басына күн туып, ата баладан, бала
анадан айырылып, бет-бетімен ыдыраған босқын заманда қырғыздан
ауып келген, үрім-бұтақ жайып, қазақ боп сіңіп кеткен деседі. Енді
біреулер бұл тарихты басқаша баяндайды. Əйтеуір бұлар – сол
қырғыздар. Осы Ақмола маңында шоғырланған аз ру.
– Үш ауыл жазы-қысы байлардың, төрелердің малын бағып,
есігінде малайлықта жүріп жанымызды жалдаған момын елміз. Иə,
иə... Содан... былтыр, Жанұзақ дейтін ағайын-тумасымен бірнеше ауыл
боп күпсіп тұрған бай қайта-қайта кісі салып, осы қызымды кіші
ұлына сұрап, ақыры біраз қалың беріп алып кеткен. Сорына қарай өзі
де ақша қардай боп туған құлынымды бəрібір ұстап отыруға
болмайтынын біліп, он алтыға толар толмаста, Құдайдың жазуы ғой
деп бергем. Сөйтсем, имансыздар қызымды алдап əкеткен екен. Кіші
ұлының əйелі болатын, тоқалдыққа алғанына да амалсыз көнген бас


одан сорақысын естігенде жүрегіме шаншу қадалып, төсек тартып
жатып қалдым. Əлгі Жанұзақтың əйел ала алмай жүрген ортаншы ұлы
болатын. Құдай-ай, аузым бармайды айтуға, маңынан күлімсі иіс
шығатын жасынан ауру, тамағының асты екі құлағының түбіне дейін
күп боп, қысы жазы тесіліп ағып жүретін шіп-шикі мерез. Ер адам
қасында отырып жеркенетін бейбаққа аяусыз иттер Күлназиямды
зорлап теліпті. Содан қызым шошымалы ауруға шалдығып, оның
менсінбегеніне намыстанған бай баласы күнде ұрып-соғып, ақыры осы
халге жеткізіп тыныпты. Маған хабар келген жоқ. Келсе де менде на
қауқар... Иə-ə... енді бір тапқан сұмдығын көрмейсіздер ме, ел ішіне
"Хасеннің қызының басында дұға бар екен" деп, үшкіртіп, көшірмекші
боп, неше балгер, бақсыларды, тəуіп-мəуіптерді алдырып, баламды
көкпардай тартқылап, ішірткі ішкізіп, ауруын асқындыра түседі. Кейін
қызым тысқа шықса-ақ басы ауған жаққа тентірейтін болыпты. Биыл
жазда үйден аңдаусызда шығып кеткен Күлназия, айдаламен беті ауған
жаққа қаңғырып, бір ауылдың қабаған иттеріне таланады. Құдай
ондап, менің бір ертедегі жылқышы достарым қолыма əкеп берді...
Жəрəйді... мұнымен бітсе бір сəрі. Арада бір ай өтпей жатып, Хасеннің
қызы Жанұзақтың ұлын менсінбей үйіне кетіп қалыпты деген қауесет
тарап, бай жақ та ашуланып, намысқа шыдай алмай маған кісілерін
жіберіпті. "Оу, міне, көрмейсіңдер ме, алтын асықтай қызымды қор
қылғандарың жетпегендей, ендігі сөздеріне жөн болсын" деп,
қызымды көрсетіп едім, əлгі келгендері Құдайға қараған, жөн-
жосықты білетін ұяты бар ақсақалдар еді, сөзге тоқтап, "шынында ауру
баланы ендігі қинағандары жөн болмас, сенде не зорық, байекеңе
ұғындырармыз" деп оралып еді, тағы біреулер шабынан түрткен бе,
бұл байлардың намысшылына не бересің, одан да ана мерез ұлын
дұрыстап бақпай ма, оны солай өсірген мен деп отыр ма екен,
"қызының ауруы өтірік, аздаған ұстамасы болған, жазылған, ендігісі –
қулық" деп өңкей сотқар жігіттерін тағы жіберіпті. Құдай иіп, əйтеуір
ол жолы, қызымды жасырып қалдым, "өз қолымыздан əкеп тастаймыз,
өз аяғымен кеткен байекемнің атына таңба, қызың қайда деп əңгір-таяқ
ойнатып, мен қасарысып отырып алған соң, өзімді басқакөзге төпелеп
ұрып, қолдағы азбыншы малды "байекең берген қалыңмал, қызыңды
əкеп бергенде аласың, əйтпесе қоштаса бер" деп, сыпырып-сыйырып
кетті. Ол ол ма, осы... күні кешеге дейін менің үйімді андып торуылдап
жүрген жігіттердің жаман ниеті: – Күлназияны алып кетіп, не əлгі


мерезіне аты əйел етіп ұстау, не масқаралап ел көзінше əкеп тастау. Ау,
оған да көнер ем, обал қайда, ауруға шалдықтырып қорлағандары
аздай, енді мазақ етпек ойлары. Құдай дегенді ұмытқан бұлар.
Күлназияны ауылдағы бір жамағайын үйіне жасырып, ұстап отыр ем,
олар да қайтсын, күні-түні көз жазбай андып, ауру бағу оңай дейсіз бе.
Ақыры міне көріп отырсыздар, бір түнде қызымды қасыма алып
осында – үлкен ұлықтарға тартып бердім. Ендігі айтпағым: "Ау,
ұлықтар, əділдік болса жер бетінде, өзі сау адам да емес, ауру адам,
бұлай қорлатпаңдар, ендігі қалған өмірінде құдай сəтін салса,
жазылар, не өзінің ақ өлімімен өлер, тым құрмаса күн көрсетіңдер,
қолдарыңнан қағаз беріңдер. Ана бай тұқымы дігірлемесін, маза
берсін, қорламасын" деп, мөр бастыртып, қағаз алам ба деп ем, міне
келгелі он шақты күн болды. Осы арадан он бес шақырым ауылда
жатырмын. Мұнда танысым да жоқ, сол... таңертеңнен осы маңды
аңдимын, арызымды тыңдар бірі жоқ. Орыс ұлығына кірсем деп ем,
оның өзі түгіл, қарасын көру қиямет қайым екен. Осы еді, Ақан аға.
Ана жақта қызыл қарын жас бала не боп жатыр? Биыл тұрмыс та
жылдағыдан нашар. Тым құрмаса тырбанып, өлмешінің күнін кешіп,
Есілдің балығынан да біраз аулап, жылда кептіріп алатын кəсібім
болушы еді, соның бəрінен қағылып, шідерлеулі аттай бұрылуға
мұрша жоқ...
Ақан арызшы, шағымшылардың талайымен сөйлесіп. мұң-
мұқтаждарын естігенде өзі қуып келген істің іс қолдан ұшқан құстай
алыстап бара жатқанынан түңіліп, Ақмола жуандарының бетінен
түршігейін деді. Кездескен адаммен сəлемдессе-ақ болғаны, не
шаруамен не қасіретпен жүргенін өзі-ақ баяндай жөнелді. "Айдас
қатын мұңдас" дегендей, бір адамдай ішкі шерін ақтарды. "Осы жөн
бе", "осы да əділдік пе" десіп, қинала отырып, тартқан азап, көрген
тауқыметін айтып зар илейді. Енді бір қазақтар сұлу мұртты, келбетті
азаматтың Ақан екенін білгенде мейлінше қуанысып, бұрынғыдан
бетер жабыса түседі. Бəрі қаумалап, ортаға алып:
– Ақан шырағым, үш жүзге атың мағлұм ардагерімізсің, сенің
өнерің де, тілің де жетеді, бəріміздің атымыздан мына ұлықтарға өзің
кірсеңші.


– Бəрекелді, жолымыз болар. "Жолы болар жігіттің жеңгесі
алдынан шығады" деген, сені де, қарағым, құдайдың өзі айдап келген
шығар. Ана ояздың өзіне кірсеңші, – деп, ақыннан пана іздесе, тағы
бір қарт адам:
– Бұрын өзіміздің шіренген шонжарларға мұңымызды шағып,
барымызды айтайық деп оқталсақ та, дəтіміз бармай тайқақтай беруші
ек. Сонда да болса кей-кейде ашынған кездерде, бірер арызымызды
айтып та қалатын ек. Енді орыс ұлықтарына қарағалы, ел ішіндегі
өңездікті айтайын деп жетсек те, тіліміз жетпей, араға тілмаш саламыз.
Ана бір Жайынбек деген Пола да жөргегінен қағынған, нағыз алаяқ,
сұм ба деймін. Талайға уəде беріп, пара алып, аяғын құрдымға
айналдырып, күні түскен талай бейбақты əне-мінемен көк мұзға
отырғызып, тойтитып жүр. Мен де дəмелі едім ғой, үмітім үзілейін
деді. Əбден қажыдым. Əлде соның құр қампиған қарны болмаса,
қолынан түк келмейтін қуыс қурай ма?! Енді өзің ара ағайын болып,
мына мүсəпір мүскіндердің рахмет, сауабын алсаң. Осы тілегімді
құптай гөр, – деп, шын қиылып өтініш етіп аяғына оралды. Дүйім елге,
исі қазаққа атышулы Ақанды шын қамқор санап, ана ояздың суық
шатырлы үйіне кірсе осы кірер, көп айта алмаған əділ сөзді осы айтар,
ел шағымын осы жеткізер деп шын иланып, құдіреттей сеніп айтты.
Жел өтіне арқаларын тосып Ақанды ықтасынға ала қоршай қалған
күпілі қазақтар тоң жерде тізерлей жүгініп, қамқор ақынның аузына
қарап, үміт шырағы жанғандай, бəрі де жалына-жалбарына қалыпты.
Жұрт қалауын жерге қалдырып, көп сұрауын аяқсыз тастап көрмеген
Ақанға бұдан артық салмақ болмас. Бірден не дерін білмей тосылып,
жерге қарап отырып қалған серіні құлақ түріп, тыңдағаны болар деп
ойлаған əлгі қарт, енді, көптің шағымын айтып, іркілмей сөйлеп кетті.
– Ақан шырағым, биыл бір үлкен кəсіпке түсіп ек. Мына отырған
жігіттердің бірі Атбасар жақ беттегі, Ақмола уезіне қарасты болыстың
кедей-кепшіктері. Байғара дейтін жердің бір тамыр мұжығы биыл
елімізге келіп, жалданып, егін егуді үйретті. Былтырдан бері əр жерден
жинап-теріп, тісімізге баспай қыстай сақтаған біраз тұқым бидай мен
азбыншы тарыны үш ауылдың жарлы-жақыбайы күш біріктіріп үш
жерге сіңірдік. Содан, қысқарта айтайын, Құдай беріп, егініміз адам
айтқысыз боп шықты. Енді орып аламыз деп жүргенде, бір жақ


бүйірден қалғұтанның байы Алдоңғар деген келіп, екінші бүйірден
Атбасар уезіне қарасты Амантайдың қазақ-орыс атаманы Миқайла
деген келіп, бұл бізге кесіп берген жер, кім бұл араға егін егіп жүрген,
бəріңді жер аударамын деп зіркілдеп, ақыры екеуі екі жақтан
егініміздің қапа жармысын орып алып тынды. Ол ол ма, қалғанын
қанағат тұтып отырғанда, болыстың əпербақан шабармандары келіп,
жер салығы деген бір пəлесімен дікіңдеп, əр үйге отыз і адақтан алым-
салық салып, еттік шошаламызды тінтіп, астығымыздың тең жарымын
əлімжеттікпен тартып əкетті. Жаным-ау, ала жаздай бізге бұл жер
пəлендікі, байдікі, не ұлықтікі деген тірі пенде болмап еді. Өзі де, не
жайылымға, не шабындыққа жарамайтын ,атамзаманнан бос жатқан
қыратты жер, тіпті кей тұсы тасты шақат болатын. Əйтеуір қызыл
қарын балалардың, аш-арықтардың несібесі ме, егін қаулап шықты. Не
керек, тістің суындай маңдай термен шығарған бидай мен тары, есіл
еңбек сөйтіп қолды болды. Егіннің пісуін андып жүр екен. Амал не,
қарсыласар дəрмен жоқ, əлекедей жаланған атшабарлар мен казак-
орыстарға не қайрат қыламыз. Ə дегенде қомпылдап, нарты болған
бір-екі жігітіміз таяқ та жеп қалды... Жə, дейік, енді! "Қарағым-ау біз
де Құдайдың құлымыз, бізге де қазағымның мына ұлан қайыр
даласынан ұлтарақтай жер тиер. Соны беріңдер. Тым құрмаса келесі
жылы соны тырмалап, күнімізді көрейік" десек, құлақ асар ешкім
жоқ... Осының жөні қалай? Жаным-ау, осы дүниеге шыр етіп түскен
пенденің үлесіне тиер өз мекені, жері, туған топырағы болмаушы ма
еді. Əлде кедей-кепшікке бұйыртар топырақ моланың көртопырағы
ғана ма екен... Міне, осыны ояздың құлағына аузымыз жетсе, тіпті,
губернатордың құлағына салсақ ми деп едік. Соны жеткізе алмай
жүргеніміз мынау. Мына отырған жігіттер əлгі ауылдың бас көтерер
азаматы. Жоқ-жітіктің атынан келіп, шағымымызды айта алмай
салпақтап жүргенімізге он шақты күн болды. Осындағы атқа
мінерлердің біразына жалындық. Сөзімізді жүре тыңдайды. Андып
отырып, күнде əрқайсысының шылбырына ораламыз. Құлағына ілер
ешкім жоқ. Жылмыңдап жүретін Жайынбек те енді жонын сыртқа бере
бастады. Ал, ана губернатордың ақылшысы Күшенұлы мен дуанбасы
Ерденге қолымыз жетер емес. Анада сыртынан қарап пəуескесімен
кетіп бара жатқанын бір көргеніміз бар, олар біздермен далада
сөйлесуші ме еді тəйірі. Бізді қайтсын, – деп, атамзаманда бір дуан
елді басқарған Ерденді де əлі пір тұтқан қарт салы суға кеткендей


жерге тесіле қарап отырды да, шырт түкірді. – Ал сонда не істейміз?
Қарап отырып, бала-шағаны қалай аштан өлтіреміз? Заман болса
мынау, жылдан жылға тарылып барады. Енді, Ақан шырағым, осыған
өзің кіріс. Қол ұшын бер біздей пақырларға!
Тұрмыс тауқыметін, күн көріс азабын тартқан адамның өңі де, киім
киіс ұсқыны да бөлек-ау – тіршілік қамының ауыр салмағы екі иінін
басып, ұнжырғасын түсіріп, көркін алатын сияқты-ау. Үстеріне белін
қылдан ескен ала бас жіппен, қайсыбірі тібін белбеумен қылғындыра
буған шидем күпі, жамаулы шапан киген, бастарында тозығы жетіп
жапырайған құлынжарғақ малақай, жыртықтарынан шошайып жүн
шыққан жалба-жұлба сеңсең тымақ, үш құлақты жекей тымақ, өндері
де жүдеу, көздерінде жалыныш пен үрей белгісі ғана бар ит талағандай
өңкей аш-арық жігіттердің халі шын аянышты. Біреу жылы сөйлеп,
жылы қараса соның маңынан маңыраған жетім қозылардай
айналшақтап шықпайтын дəрменсіздік бар. Бəрінің жүзінде қазір:
"Ақан не айтар екен, біз үшін бел шешіп кірісер ме екен, шіркін-ай,
сөзімізді сөйлеп ара түсер болса қоң етімізді кесіп беруге бармыз"
деген сыңай.
Дүниеге келген пенде ұрпақсыз, жақын жұрағатсыз болмайды.
Кезінде өзін біреу мəпелеп асырап өсіріп, санатқа қосып, адам етсе, ол
қамқорлық қақысы айнала беріп өз басына да келді. Адамзат осылайша
бір-біріне сүйеу боп, тіршілікте бірінің қолынан бірі жетелеп, жетіле
бермек. Бірақ қалай жетіледі? Біреу не ішейін, не жейін дегенді есіне
де алмай, туғаннан маңдайы жарылып, рахат, тоқтық дүние кешсе,
біреу жетімдіктің, жоқтықтың тауқыметін жарық дүние қақпасын
ашқаннан тартып, жер қойнына кіргенше мазақпен азаптың неше бір
қорлық жолдарын көріп, ит тіршілікпен өмір сүреді. Мына
адамдардың ұсқынсыз бейнесінде сондай ауыр тұрмыстың ізі сайрап
тұр. Жалтақ, жасқаншақ боп өскен жігіт қазір қойнынан алтын суырып
беретін адамға емініп-жұтынғандай Ақан серінің аузына қарап,
аужайын аңдып, шын бақытқа кенелетін сəби балаларша үлкен үмітпен
отыр. Сол үміт отын бірден су сепкендей баса салсаң, ғажайып түс
көріп, маужырап, бейбіт, тыныш ұйқы құшағына шомған пенде жылы
қойнына суық мұз салғандай шошып оянып, мəңгіріп, есеңгіреп
қалмақ. Бар жақсылықты үйіп-төгіп, не алдаусыратып, сөздің артын


ұзын арқан, кең тұсауға салып уатсаң, балаша сенген ақкөңіл
жандардың алдында кешірілмес ұят арқалап, үнемі күнəһар боп
жүргенің... Ақан шын қиналды. Ақыры, мына ақсақал салған салмақты
ауырсынғандай бүкжиіңкіреп қалған сері белін жаза басын көтерді.
Maңындағыларға аянышпен мүсіркей қарады да, сөздің шынына
көшті:
– Жағдайларыңызды түсіндім, ақсақал. Зорлықшыл юрлардан
мейлінше қағажу көріп, зəбір шеккен жандар екенсіздер. Адам зердесі
оянып, заман озып, ілгерілеген сайын жақсылыққа, мейірім
шапағатына ұмтыла ма десе, бірінің аузынан бірі несібелі жемін қағып
жеп, қуантаяқ күштілер əлімжеттікпен əлсізге қиянат етіп, дала
тағысының, хайуанның əрекетіне көше бастаған. Құдайынан қорқу,
елінен, жақын-жұрағатын ұялып, ақыл айтар үлкенінен именуден кетіп
бара жатқан түсініксіз бір қауым өсіп келеді. Бұрын есесі кетіп, арын
қорғап, намысын жоқтаған жігіт жауын жекпе-жекке шақырып кегін
алар еді де, не кек жолында алысып, дұшпанының қолында өлер еді.
Тым болмағанда ит жығыспен беріспей, əйтеуір азуын көрсетіп, бір
ырылдасып қалар еді. Енді бір өңшең ел билеген көп ұлық - атқамінер,
болыс, ояздар шығып, көз алдында тұрған қиянат пен қорлықты,
əділетсіз зорлықты айтып шағынғанша жарым жасың құритын қуыс,
жыңғылы көп шатқалаң заман туыпты. Абұйырыңды жауып ұяттан
арылу үшін, бар жиған тергеніңді, үстінде бар лыпаңды əлгі ұйлыққан
қасқырлардай ұлықтарға шешіп беріп, қайтадан абұйырыңды ашып
жалаңбұт қалудан басқа жол тарыла бастапты. Ел қызығымен,
қырдағы қазы-қарта, қыз-қырқынның қызығымен жүріп, ел көшесіне
келе жатқан құйынды аңғармаппыз. Мен де, ақсақал, өздеріңіз секілді
бір ағайындарға ара түсем бе деп жүрген жанмын. Қара қауым
арасында атағымыз таудай болса да, ер басына күн туып арашаға түсер
кезде, біздей серіңізден гөрі əлгі өзіңіз айтқандай қарны қампиған
перілеріңіз артық екен. Ел қамын жер нардай еріңізден, ұлық
қолындағы атанның құмалағындай мөріңіз асып тұрған кезең келген
екен. Бұл намыс ғана емес, мына қара бұлттай түнерген сойқан
заманның сыйқынан түңілгенім, ақсақал. Қашаған малдай жалтарып
отыр екен деп сөкпеңіз, аузым жетер жерге арызыңызды айтып
көрермін. Мойныма алып, шалып жығам, қайырымсыздың мойнын
қайырып алдыңызға ием деп уəде бере алмаймын. Үмітсіз шайтан


деген, бар айтқан арызыңыз жадымда, тілім жетер жерге оны да
қалдырмай жеткізермін, – деп Ақан қасындағы серіктерімен
орындарынан тұра беріп еді, анадайда көп мұжықтардың ортасында
отырған ұйпаланған қалың сары сақалды, көзілдірікті, имиген ұзын
бойлы орыс бұлардың арасына келіп:
– Аман, тамыр! – деп Ақанға ерекше сəлем беріп "сəл бөгелді,
айтарым бар деген ишарат жасады. Отырғандар: "Аман, аман" десіп
шала сөйлеген орыспен сəлемдесіп, қарабайыр қазақтарға өктем
амандасып, еркін келген жат адамды жақтырмай қалып еді, сері қайта
отырып: "Не айтпағың бар?" дегендей бөтен адамның жүзіне сабырмен
сынай да, таңырқай да қарады. Бүкіл қойны-коншынан, қырынбаған
беттегі түксиген сояу-сояу сары қылдан темекі исі мүңкиді. Шылым
тартып машықтанбаған дала қазағының жүрегін одан сайын
лоблытайын дегендей, ұзын орыс желден ықтап, имиіп отырып,
қалтасынан алған кесеттен сүйекті, арық саусақтарымен мол шөкім
самасат алып, қағазға салды. Қағаз шетін тілімен жалап, баппен орап
отырғанда да қала тəртібімен сəнді киінген Ақанға тереңде
жылтыраған шүңірек көзін қадап, жыланша арбасқаны Ғазиздің
жынына тиді.
– Əй, мұжық, не шаруаң бар еді, айтсайшы бəлденбей, чего надо? –
деп иегін қағып, орнынан көтеріле берді. – Ақан аға, жүріңізші,
қайтесіз көрінген қара шекпеннің сөзін тыңдап.
– Отр, отр, джигит. Қайда асығады? Қайда барады?
– Əй, отырсақ отырдық қой. Енді айтпайсың ба қолыңдағы
шылымдай ширатылмай!
– Асықпа, сен видать, жақсы малай, асыққан кирак емес, – деп қара
шекпен татарша "малай" дегенді қосып, Ғазиздің жынына одан сайын
тие түсті.


– Ей, мужик, шала-шарпы бірдеме үйренген екенсің, көп
былдырламай орысша айтшы өзің, не алашағың бар бізден, - деп, таза
орысшалап сөйлеген Ғазизге орыс сұқтана қарады.
– Молодец парень, сен жакси суйлейди, но мынаулар, тушинмейдэ,
содан қазақша суйлерге кирак булады.
– Мынауларды қайтесің, – деді Ғазиз оның сөзіне салып, – мына
Ақан аға орысша сенің ана шылапшындай шлапанды теріс
айналдырады.
Ғазиздің "шлапшындай шлапанды" деген тапқырлығына Ақан мен
орыс шек-сілелері қата күлді. Темекісін тұтатқан орыс ілдірігіне
шүберек ораған бір əйнегі шытынаған көзілдірігін бір шешіп, бір киіп,
түтінге қақалып-шашалып, күлкіге жөтел араласып булығып қалды.
Аузынан темекісі де пальтосының етегіне түсіп, самасатттың қызыл
шоғын сөндіріп жанталасып жатқан орысқа, екі иіні дірілдеген ақынға
қарап түк түсінбей аузы ашылып отырған қазақтарға Ақан Ғазиз сөзін
ұғындырды.
– Əй, тапқырым-ай, аяқ астынан суырып саласың-ау. Естимісіндер,
мына Ғазиз қазақ сөзі мен орыс сөзін қалай қиюластырады.
Шылапшын мен шляпа қалай үйлесіп тұр, – деп, сері тағы да күле
түсіп, леген демей, не орысша атын атамай, шылапшынды əдейі
келтіргенін айтып, мына сақалды орыстың қалпағын орысша шляпа
дейтінін түсіндіргенде, милығына дейін баса киген жағалауы
мыжырайған шляпаға қараған қазақтар да даланы басына көтере күлді.
– Оу, мынаны шляпа деуші ме еді, мұны кім білген?
– Жəне ернеуі майысқан ескі шылапшыннан аумайды.
– Ай, Ғазиз-ай, ақыным-ай, – деп, қарқылдап кеңкілдей күліскенде
анадайда отырған басқа мұжықтар да, бұлардың жылы кейпін көріп,
"Салаймалайкум!" "Аман!" десіп, осы араға жиналып қалды. Олар да
сөздің шет жағасын естіп күліскенде, жүзі жылы тарта бастаған мына


көзілдірікті орыстың көңіліне келмесін дегендей, Ақан енді, қалжың
сөздің қалай шыққан төркінін ұғындырып, жуып-шайды.
– Мына Ғазиз деген жігіт суырып салма ақын, əнші. мұндай
тапқыр, алғыр сөздерге қазақтар ренжімейді, – дегенде: – Ого, əрине,
қазақ халқы – өте шешен халық, білем, білем жəне Ғазиз дедіңіз бе,
ақын, яғни поэт қой, болса болар, тілі удай екен, менің басымдағы
шляпаны тым құрымаса саңырауқұлаққа теңемей, шалдар дəрет
алатын шылапшынға теңеуін көрмеймісің, – деп сақалды орыс тағы
күлді.
– Менің тапқырлығым жəй əншейін бер жағы ғой. Ақан аға,
өзіңізге қалай ұқсаймын деу, құр əурешілік. Мына отырған адам бүкіл
қазаққа аты əйгілі ақын – Ақан сері. Егер бұл кісі мінеп-шенесе,
шлəпінің көкесін сонда көрер едің, – деп Ғазиз де енді Ақан жайын
бейтаныс орысқа баяндап қойды. Бұлар енді орысша сөйлесіп отыр
еді.
– Тұра тұр, тұра тұр, – деді орыс, тағы да ораған темекісін ерніне
апара беріп. – Ақан-сэре дедің бе? Сіз, Құлагердің иесі, ақын Ақан
емессіз бе?
– Иə, оны қайдан білесіз? – деп, шын таңырқаған Ақан мына қара
шекпеннің тегін адам емес екенін аңғарып, Құлагерді білетініне таң
қалды.
– Е, неге білмейік, - деді сақалды орыс темекісін тұтатып жатып. –
Қазақ жерін мекендеген екенбіз. Ол жердің өткен-кеткенін, бүгінгі хал-
ахуалын біліп отырмасақ несіне бұл арада күнелтеміз? Ұят емес пе
онда? Бүкіл қазақ жұрты жазықсыз аттың өліміне қайғырғанда, оны
естімей отыратын құлақсыз жан емеспіз ғой. Жəне мен Құлагер өлетін
Ерейментау орысымын.
Ақан сері кеше ғана серігіндей болған Құлагері есіне түскенде
жанқалтасынан Тулақ ұстаға бұйырып соққызған алтындатқан өрнекті
мүйіз шақшасын алып, қисық табан етігінің өкшесіне баяу ғана
тықылдатты. Серінің қалтасынан бұрын-соңды көрмеген алтын шақша
жарқ еткенде ауыл қазақтары да, переселен мұжықтар да таңырқасып,


көздерін алмады. Жаңағы ел мұңын шаққан қария да шақшаға
қызыққан баладай қолына алп, олай бір, бұлай бір төңкеріп,
шақшаның екінші жақ күміс бетіне қарала кавказдатып: "Ащы
насыбай – ер арқасы" дей келіп, "Майда қоңыр" өлеңінен алып,
қадымша жазған жазуды оқып:
– Паһ, паһ, қыздың баласындай ғып соққан ұстаға да болайын, елде
жоқ затты ұстаған серіге де болайын, – деп алақанына насыбай қақты.
– Жақсыны көрмек үшін, біз де көрейік, қане...
– Ақан серінің өз қолынан насыбай аттық деп жүрейік, бері қарай
жібер, – десіп ұмтылысқан жігіттер ауыл əдетімен тегіс қолдарына
алып, насыбай қағысты. Мойнын соза қараған тарғақтың
жұмыртқасындай секпіл бет бір орыс жігіт де аузындағы қолағаштай
темекісіне түкіріп, ол да алақанын созып жатыр:
– Дай, попробую!
– Өй, бұл саған асатар ет дедің бе. Мə, мə, көргеннен көз ақы алған,
пəтшағар, қайтеді! Басың айналып өлсең, жауабыңды бермеймін, –
деп, шақша қолына тиген соңғы жігіт, оның алақанына да қалған
насыбайды сілкіп беріп еді, орыс жігіті тамақ асағандай аузына бір-ақ
ұрды. Ду күлкі. Анау одан сайын күлдірейін дегендей, үнсіз
малжаңдап, шайнап отыр, шайнап отыр.
– Қой, таста. Түкір! Басың айналып, құсасың, – дегенде барып,
түкіріп етегімен тілін, ернін жанталасып сүртіп жатыр.
Бір-бірінің тілін түсінбесе де орыс, қазақ боп дуылдасып, мəз-
мейрам боп қалды.
– Ақан, – деді жұрттың күлкісі басылып, сабасына түскен соң,
темекісін будақтата тартқан орыс. Отырғандар тым-тырыс момақан
күйге түсті. – Менің атым Мəтібей. Қазақтар Мəтібей дейді. Мына
отырған бейбақтардың қайсыбірінің аты-жөнін айтайын! Бəрібір
есіңде қалмайды. Ал осы уезд начальнигінің есігін неге күзетіп


жүргені өзіңе де мағлұм шығар. Бəрі де жетіскеннен жүрген жоқ.
Шағым, арызбен келгендер.
– Иə, түсінікті шаруа ғой. Əйтсе де бұларға не жетпейді, - неден
кемсін көрген жандар? Орысқа керегі егін егетін жер. Қазақ жерінің
құнарлылығын айтқанда ауыздарының суы құриды, енді не керек? -
деп, Ақан сері мұжықтардың мұқтаждықтарын шетпұшпақтай білгісі
келді.
– Қазақтың кең сахарасынан таңдап, кесіп жер алып, үй қалап,
бақша салып, тіршілік еткен халыққа ендігі жетпейтіні не сонда? – деп
Ғазиз да қосылды.
– А, Ахан, айтқаныңның бəрі дұрыс. Дұрыс аңғарыпсың. Россиядан
осы Ақмола төңірегіне жылда переселениемен, ссылкамен жер ауып,
қаншама крестьяндар келіп жатыр. Жер алып кенеліп жатыр! – деп
енді қазақ сөзін аратұра араластырғаны болмаса орысша көсіле
сөйлеген Матвей зығырлана күлді де, темекісін жерге тастап, бақабас
етігімен қайта-қайта езгіледі.
– Бəрі дұрыс. Жері бар орыста енді не қайғы болады?
– Жо-жоқ. Мына қазақтардың көзі қара да, мына орыстардың көзі
көк. Айырмасы сол ғана. Ал, мойындарына қарашы. Көн боп кеткен.
Қылқиған арық өгіздердің мойны сияқты, айырма жоқ. Бəрінің
мойнынa салған хамуты бір. Бұлар – анадан туғанда сол ауыp хамутты
бірге ала түскендер... Жер алып жатыр дейсің. Рас, ең шұрайлы, –
өзенді, көлді, тоғайлы жерлерді мекендеп, деревнялар тұрғызып
жатыр. Бірақ, тегін келгенмен тегін қалып жатқан ақысыз жер жоқ, жеp
көлемінен алым-салық көлемі көбейіп барады. Бір етігіңмен басып
тұрар жер берсе, екінші етігіңді сол жер үшін шешіп алады. Екі етігің
сияр жер берсе, екі етігіңді де шешіп алатын заң тұрады алдында.
Патша атымен берілетін ссуда дейтін күннен күнге кеміп, тіпті
қайсыбір семьялар одан мүлдем қағылып отыр. Бірақ, патшa үкіметі ол
ссуданы мүлдем жоймайды, жаңадан келетіндерге тағы да төгеді. Онда
үлкен... саясат бар... Жарайды, бұл сендерге түсініксіз көп
қасіреттердің шет жағасы ғана... Мына мені алайықшы. маған не
жетіспейді? Соқабасты адаммын...


– Ал, иə, саған не жетпейді? Неғылған жансың? Соны айтшы, – деп
Ғазиз де ұзақ сөзден жалыққан сыңай білдіріп, əңгіме соңын асықтыра
түсті.
Осы кезде қасында екі жандарм бар, еңкіштеу мысық мұрт біреу,
арбаларды төңіректеп жайбарақат келе жатқан.
Тағы темекі алып тұтатқан Матвей оларға кезінің астымен қарап:
– Жə, басқа əңгіме айтыңдар. Ана келе жатқан барып тұрған
қаныпезер... Надзиратель, – деді.
Бұлар əңгіме бетін күрт өзгертіп, жоқ бірдемелерді сөйлесе
бастағанда, жоғалтқан заттарын іздегендей тіміскілеп, көздерімен тінте
қараған аналар, осы тұсқа келіп тұрып қалды:
– А, Новиков, сен əлі жүрмісің, кеткен жоқсың ба? – деді
надзиратель Матвейге сықсия қарап.
– Жоқ, тақсыр Ковзолов. Əлі шаруам біткен жоқ, – деді Матвей
қиналған адамның сыңайымен.
– Сенің шаруаң таусылмайды екен, қаланы сағына бересің-ау.
Тарандар, ұйлыға бермей, кеш болғанда не отырыс!..
15
Сақал-мұрты қауғадай адамнан жол бойы жөн сұрасып, жасының
отыз екіде екенін естігенде Ақан да, Ғазиз да таңырқасып, бір-біріне
үнсіз қарасқан. Қарттық жеткендей имие бастаған, өңі жүдеу, жүзі
мосқал адамның нағыз қынаптан суырған алмас қылыштай жігіттік
шақтың дер кезінде тұрғанын ойлағанда, "тегі аурулы-сырқаулы болып
тіршіліктің ауыр тауқыметін көп тартып, мезгілсіз қартайған ғой" деп
қойған.
Суға кеткен тал қармайды демекші. Патша үкіметінің жаңа заң,
тəртібіне шорқақтау Ақан мына қауға сақалдың сөз жобасынан "көп


жасап көпті көрген білгірсің-ау, мүмкін, ақыл айтарсың" деген оймен
Новиковты Əлтай үйіне бірге ала келді.
– О, қазақ үйлерін жақсы білемін. Қазақта жаттық жоқ, несі бар,
тіпті, қуаныштымын, – деп, сөзге келмей Ақандарға ерген.
Переселен Барыстармен араласып, орыстарға еті үйренген Əлтай
да мұны жатсынған жоқ. Ақан əдейі ертіп келгенін айтқанда:
– О не дегенің. Жата берсін, не ризығымызды жер дейсің, бұл да
Құдайы қонақ. Жəне ауылдан базаршылап келіп, тапжылмай жатып
алатын қазағымның қонағындай емес, шөп жейтін көлігі жоқ жаяу
қонақ екен, – деп күлген. – Тұра қал, дегенмен өзінің аузының салымы
бар екен, кеше Ғазиз əкелген қойды бүгін сойғамыз. Барыстарды да
шақырғанмын, бəріне жетеді. Əй, өзінің төбесі де тесік шығар.
Қараөткелдің орыстары қазір қазақшаңның түбін түсіреді.
– Тесік булганда, айтпагыз, унреип тур, – деп Новиков та бір
күлдіріп алған...
Жылы үйге кіріп, кең көсілген Новиковты Ақан жаңа аңғарды. Қою
кірпікті, көкшілдеу көзінің аясы кең, жайдары жүзді келбетті адамның
маңдайы да аса кең, əрі шекелі. Тұла бойындағы жастықтың белгісі
жел қақпаған əжімсіз ақ маңдайында ғана қалған сияқты.
Сөзі де орнықты, байсалды жігіт Ақаннан барымташылар жайын
тəптіштеп сұрап, ұзақ үнсіз тыңдайды. Ара-арасында сұрақтар қойып,
түсініксіз жерлерін анықтап алғысы келгендей сері əңгімесіне ынтыға
түседі. Ожымбай, Шəкей, Байбатырлардың ескі рəсіммен арандап
қалғанын, Бəтжанның мерт болғанын естіп, өткен оқиғаларды
салмақтағандай ұзақ ойда отырып сұрағаны:
– Ал сіздер барымташылар ісі кімнің қолына түскенін білдіңіздер
ме, егер тура заңға сүйенсе, бұл іс – болыстық сотта қаралуы керек. Іс
тексеріліп болды ма екен? Мұнымен болыс прокуратурасының зерт
орны айналысуы тиіс.


– Бармаған жеріміз жоқ, болыстық сотта да, мировой сотта да
болдық.
– Прокоролда да болған жоқсыңдар ма? – деп Əлтай да қостады.
– Иə, онда да болдық. Бəрі де білмейді.
– Беттері бүлк етпей, əлгі диала қарағандарына ақша алатындарын
қайтерсің, бұрын сотты итім білген бе, мен де бірдемелерді ұға
бастадым. Аюға намаз үйреткен таяқ депті ғой, əлі сұңғыла боп
шығармыз-ау, Алла бетін аулақ қылсын! – Əлтай Ақанға қарады, – Өзі
аяқтарыңнан таусылған жоқсыңдар ма, əлгі Жайынбектің тауып беріп
жүргендері...
– Оның кінəсі не, əйтеуір көмектескені де. Əр шеноуниктің
соңында төрт-бес күннен жүрген шығармыз. Сот, прокуратураңда не
деген аткөпір қағаз. Күні бойы ақтарғанда өздерінің де бастары
айналатын шығар. Қаншама уақыттары зая кетті десеңші.
– Уақыты зая кеткенде бізді аяйды деймісің, Ақан аға, бəрібір
құлқынның қамы, алтын көрсе періште жолдан таймай ма, басқа дүние
судай ағып кетсе де қарасын ба? – деп, Ғазиз кеңсе чиновниктерін
даттап қойды.
– Сонда қалай, сіздерден сол үшін ақша ала ма, жауап беруге
міндетті емес пе? – деп Новиков таңырқағандай болды.
– Пара бермесе қарайтын түрлері жоқ, əшейін шығарып салма
сөздер... "Сіздер кімі боласыңдар, ол кісіге қандай қатыстарың бар?"
деп өзімізді тергеуге ала бастайды. Содан амал не, Жайынбектің
ұғындырғанын істейміз. Көзіңді бақырайтып қойып ақшаны
қалталарына басады. Қимылдап кеткендері ақша көрінеді ғой.
– Иə, ол рас. Бирондар Россияны кеулеп барады. Енді қазақ
даласын да жайлай бастады.
– Берон дегенің кім? Ол да бір шеуноник пе? – деп Əлтай да, Борис
қарт та жамыраса сұрады.


– Бирон деген, ертеде Анна Ивановна патшаның тұсында өмір
сүрген Курляндия герцогі. Ол ең арты патшаға жолықтырғаны үшін өз
қызметкерлері – чиновниктерден пара алады екен. Кейін бүкіл
Россияның қазынасына түсіп тонаған. Халықтан недомика
жинаушыларды ол кезде бироновшылар деп атаған. Өзінің саясатына
қарсы адамдардың құлағын кесіп, мұрнын жұлып, тірідей жерге көміп
өлтіретін нағыз қаныпезер.
– Не дейді? Алла, естімеген елде көп. Бероның қазір де бар ма?
– Қайдан болсын, – Новиков жымиып күлді: император Иоанн
Антоновичтің кезінде Тобольск губерниясындағы Пельм деген жерге
ссылкаға айдалып, сонда өлген.
– Ол да айдауда өлген бе, сол керек!
– Əй, шал-ай, тынышыңа отырсаңшы, бəрін түсінем деп
отырмысың. Ертең бір өзің шығарғандай, базардағы шалдардың
ортасында, əй, сілтегің келеді-ау.
– Сілтесе несі бар. Жарайды, қоя тұршы-ай, мені тақымдай бермей.
Содан иə, қай жерге келіп едік, иə, парақорлар туралы, – деп Əлтай
ертегі тыңдап отырғандай, Новиковтың сөзін қайта жалғап жіберді.
– Қазіргі сот ісінің көбі ақшамен шешіледі, бұлар да Бирондар...
Эх, бироны...
– Оу, Мəтбай дедің бе атыңды, ондайлар қазақ ұлықтарында да,
тіпті қайсыбір қазыларда да болған. Қазақта "ұлыққа бара берме, пара
бер" деген сөз бар.
Қалай дедіңіз, қалай? деп, Новиков құлағын тоса, қайта сұрады.
– Ұлыққа бара берме, пара бер.
– Мынау тамаша айтылған сөз екен...
– Ал, Ахан, əлгі достарыңыздың осы Ақмолада екеніне анық
көздеріңіз жете ме? Ұрлық жайын анықтадыңыздар ма?


– Түрме аузына талай бардық, Жайынбекті де салып көрдік.
Жолататын емес, тіпті тамақ алдырмайды. Бар, жоғын да ешкім
айтпайды. Осында əкелгендері анық, оны Көкшетаудан білгеміз.
Новиков сəл ойланып отырып қалды.
– Менімше, мұнда бір сыр бар. Қалай деуге болады, жобамен айту
қиын. Тегі бұл істе көп жасырын құпия бар. Иə, солай!.. Сіздер,
қайткен күнде де конокрадтармен жолығуларыңыз керек. Қайткен
күнде істің жобасына қарай, қолымнан келгенше көмектесіп көрермін.
Мүмкін инатқа шағым жазу керек болар. Əрине қиын шаруа... Менің
тағы бір түсінбейтінім – ұрланған жылқылар қайда кетеді? Бəрін сорға
батыру – қисынға келмейді... Мұнда басқа, екінші, үшінші адамдардың
қатысы бар.
– Əрине, болуға тиіс. Тым құрмаса соны да біле алмадық қой.
Мүмкін бір септігі тиер ме еді, – деп күрсінді Ақан.
– Ендеше, тез арада, олармен жолығу керек.
– Əй, өзі түрменің қожасы адам ба, пері ме? Қонаққа шақырса,
келер ме екен?
– Сіздің үйге ме? Əрине, келеді. Күтіп отыр. Еһ, сіз шақырсаңыз
келмейтін ол соншама кім екен аспаннан аяғы салбырап түскен, – деп,
Ғазиз Əлтайды қолға алып, мазақтап күлді.
– Кетші əрі-ай! Сенің-ақ ойының таусылмайды екен. Немене, менің
үйімді менсінбесе сен шақыр. Əкең бір деген указнай молла. Немене,
шығынданам, ризығым кемиді деп қорқамысың, о несі-ай!
– Бұл - түрме деген де қайдан шықты, – деп Ақан екеуінің сөзін
бөлді. - Адамды тірідей қамаудан асқан қорлық бар ма дүниеде.
– Сіздерде қалай сонда, түрме болмаған ба? Шынында да Эмирлік
Бұқарадағыдай қазақ даласында түрме жоқ. "Түрме" деген сөздің өзін
"тюрьмадан" алған-ау – деп Новиков таңырқай қалды. – Шынында да
қызық екен.


– Түрме емес, қазақта абақты болған, – деді Əлтай.
– Абақты? Иə, естуім бар. Оның түрмеден айырмашылығы қандай,
оған қандай жазықтыларды қамаған?
– Итім білсін. Əзім көрмеген нəрсем. Əйтеуір абақты деп жатады
ғой.
– Білмейтінің бар, несін айтасың, шал. Абақты деген де жаңағы
түрме. Тегі соның қазақша аты болуы керек, қазақтар екеуін де
қосарлап атайды, – деп Ғазиз Əлтайды тағы мінеп тастады.
– Е, оны енді жастар, сендер білесіңдер. Иə, қазақша аты
дегеніңнің жобасы келеді. Бұл жерден сен жеңілдің енді.
Новиков "абахта, абахта" деп кең маңдайын алақанымен басып
отырды да, қарқылдап күлді:
– Ох, Абахта?! Абахта деген немістің гауфтвахта деген сөзі екен
той. Осы күнге дейін абақты дегенге мəн бермеппін. Гауфтвахты! Иə,
ол – түрменің бір түрі.
– Не дейт! Ең арты абақты да біздің сөз болмай шықты ма, ал
Файзолланың Ғазезі, жаңа білгішсініп ең. Енді не дейсің?!
– Қо-ой, гаубахты, гаубахты? Жо-жоқ, абақтыға келмейді. Абақты –
қазақ сөзі, – деп Ғазиз жеңілгісі келмей оңайлықпен жеңсік бермеді.
– Қазақта зындан деген болған. Ол, көбінесе, ертегі, қиссаларда
кездеседі. Біз көрмеген нəрсе. Тегі шыңырау құдық сияқты болса
керек. Алпамыс, Қобыланды атты ұзақ жырларда, пайғамбар,
сахабалар туралы құран сүрелерінде кездеседі, – деп Ақан сөзінің
жартысын орысшалап, жартысын қазақшалап түсіндірді.
– Сонда, қалай, шынында да қазақта түрме болмаса, қылмысты
адамдарды бұрын қалай жазалаған, өлтіре берген бе əлде? – деп
бағанадан үнсіз отырған дəу мұрын Барыс қосылды əңгімеге. Бұған
Ресей жеріндегі көне, жаңа заң, жазалау, түрме жайында Петербург


университетінде, арнаулы гимназияларда лекциялар оқыған Новиков
та құлақ түрді.
– Неге өлтіре берсін. Қазақта жазалаудың талай түрлері болған.
Негізгісі – құн. Айыпты адам құн төлейді. Ат шапан айып дейтін бар, –
деп Ақан құн, айып жайын ұзақ түсіндірді. Қалың мал, қыз төлемін,
кек алу жолдарын, ондай кезде кісі өлімімен тынатын, ат құйрығына
салатын сойқандықтарды айтты. Кейде билер соты, қазылар екі елді
дүрліктірмей, басу айтқысы келгенде, не айыптыны қорғау ниетінде
болса, "бас сынса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде" деп, мал
төлемімен, 
не 
адам 
айырбасымен 
екі 
жақты 
келістіріп,
татуластыратындарын ұқтырды. – Ал барымташыларды жазғырғанда,
жылқы ұрлаған жаққа, айып-айбана тартқызып, кейде ұрлаған,
айдалған малды "мойнына қоссау, артына тіркеу" деп, екі есе өсімімен
қайтартып, бітістіретін де болған. Қайсыбір жеңіл-желпі кінəні
жазғырғанда, айыптыны өгізге, ұлы жүз, өзбек елдерінде есекке теріс
қаратып отырғызып, бетін күйелеп, қарабет атандырып, ауыл-ауылдың
көшелерінен масқаралап өткізу дəстүрі де болатын. Мұндай кесім күні
кеше Шыңғыс төре ауылында да ұшырасқан. Шоқанның осындай
мазақты көрген əкесіне қатты ашумен сөйлеген жері де бар екен...
Ертеректе дүре салу, құлдардың құлағын кесу сияқты сұмдықтар да ел
арасында айтылады. Басыбайлы құл деудің орнына, құлақ кесті құлы
деген сонан шыққан ғой.
– Қызық екен, – деп, Ақан сері айтқан қазақ жеріндегі би
қазылардың заң-жобаларын ынтыға тыңдаған Новиков басын
шайқады, – Осы айтылғандардың көбі бұрынғы орыс елінде кездескен
айыптау – жазалар. Жаңағы есекке теріс қарату, бетке күйе жағу
дегеннің басқа ұқсас түрлері бар. Мəселен, айыпты əйелдерді
монастырьға өмірбақи қамауға алып, шашын отау, сыпырғышпен
елден аластап шығарып жіберу, солдаттардың ортасынан өткізіп дүре
салу, тістеуікпен мұрнын, ернін жұлу дегендер бір-біріне ұқсас
айыптаулар. Жуков, Салтычиха дегендерге қолданған айыптаулар.
Васильева дейтін əйелді сыпырғышпен ұрып аластау – тарихта белгілі
жайлар. Ал түрме ішінде болатын жазалар – жо-жоқ, оның жөні бір
бөлек. Ол – адам жаны түршігетін жайлар.


– Апырым-ай, ə? Түрмеге қамағанмен қоймай, тағы да оның ішінде
жазалай ма?
– Қарағым Мəтібей, сен өзің байқаймын, көпті көрген жігіт
екенсің, сақал қойысың бөлек, бəсе өзім де тегін емес деп ем, тегін
жерге қау шыға ма, ұрынбасаң дау шыға ма, тасты жерге қына, ақаулы
жерге ұра шығады дегендей қауқиған бір құшақ сақал тегін иекке
бітпесе керек, бəсе, тегін жігіт емес, нысаналы жігіт боларсың-ау деп
ем бір көргеннен...
– А, қағынғыр шал, енді қонаққа соқтықтың ба, мен де жететін едім
ғой сенің күшала тіліңе...
– Əй, тұра қал, сен де, əйтеуір, тақымдап қоймадың-ау,
Файзолланың жалғызы! Мен қай бір соқтығуды ойлап отыр дейсің,
сүйгенін шұнағым дейді, мына Мəтібейдің сөзі ұнап барады, көп
жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра депті ғой, біліп алайық, не
айыбы бар? Қарағым, осы түрме дегеніңді кім шығарған, өзі қандай
болады, көргенің бар ма? Ана Есілдің жағасында түрменің сыртқы
қоршауын көргеніміз болмаса, ішіне кірген пенде емеспіз...
– Онда сен шалды біраз қамап алатын екен...
– Ой, тіліңе шок түссін!
– Ақсақал, мен көрмеген түрме шамалы. Оның қайсыбірін
айтайын, – деп Новиков қабағын шытып, қиналып, отырып қалды. –
Сіздерден лұқсат та сұрамаппын, темекіні көп тартып жібергем жоқ
па?
– Ой, қарағым, тарта бер, өзіңе жаман болмаса болды, шылым
тартқан сайын жөтеліп, қиналып қалады екенсің. Əй, қайсың барсың,
ана түкіргішті тазалап əкелсеңдерші, – деп Əлтай ауыз бөлмеден
біреуді шақырды. – Тарта бер, күлін іргеге түсірсең де болады.
Бүгіннен қазақ қорықпайды. Жазда маса көп, жылы күзге дейін пішен
кезінде түтіннің астында міз бақпай сиырша ұйықтап шығатынбыз.
Дəнеме етпейтін. Е, айтқандай былтыр əлгі Семен шалдың пеші оңбай.
Барыс, сен білесің ғой, қыс бойы түтінге қақалып шығатынымызды,


сонда да өлгеміз жоқ. Е, əне бос қалбыр əкелді, соған сала бер. Иə,
сөзіңді бөлдім-ау... Тұра қал, бұл да бір керек əңгіме болды.
Шəкейлер қамауға алынған түрме жайын Ақанның да білгісі келіп,
жас та болса сұңғыла Новиковтың аузына қарап, қазақ даласына ене
бастаған орыс елінің жаңасы мен көнесін, күнгейі мен көлеңкесін
білмекке ынтық көңіл атой салды.
– Түрме деген қалай десем екен, қалай ұғындыруға болады, – деп
Новиков маңдайын сипап, бұл қапасты көрмеген кісілерге оның бар
сырын толық түсіндіргісі келді. Ертең ел аузына осы адамдар арқылы
түрме сыры жайылатынын ойлап, оның тарихы мəн-мазмұнын
ашығырақ жеткізуді мақсат тұтты, – Түрме, негізінде, əлгі
айтқандарыңыздай жазықты адамдарды, ел, мемлекет ішіндегі тəртіп
бұзушыларды жазалайтын орын. Ол орын кімнің қолында билік болса,
яғни мемлекет (қасында кім отырса, соның иелігінде. Ендеше, түрме –
ел билеуші əкімнің өзіне қарсы шығар адамдарды заңға бағынбайтын,
айтқанына көнбейтін "қауіпті жауларын" тұтқындайтын, соны не
өлтіріп, не енді қайтіп бас көтерместей жасататын орны. Бір сөзбен –
əкімдік құралы.
– Тұра тұршы! – деп Əлтай ақырып қалғанда отырғандар селк
етісті.
Əлтайдың қасына келіп, құлақ түбінен сыбырлаған бойжеткен
шошып кетті. Өзінің оқыс даусынан өзі к,ысылған Əлтай енді жуып-
шайып:
– Қайдан білейін, тіпті əңгіме тыңдауға пұрсат бермейді, – деп
қызына қарады. – Ал, не, не? Не айтып тұрсың?
– Əуелі шəй ішесіздер ме, əлде етті бірақ жейсіздер ме? – деп,
қызарақтаған қыз əкесіне жасқана сыбырлады.
– Тұра қал, шайды бағана ішкеміз жоқ па, бар, əңгімені бөлме,
еттеріңді асықпай əкеліңдер.


– Оу, Əлеке, əңгімені аузымызбен тыңдамаймыз ғой, атам заманда
ішкен шайды айтасың, шөлдеп отырмыз, – деп Ғазиз ауыз жаққа
айғайлады. – Əкеліңдер шайды!
– Шөлдесең ана жаққа барып іш, о несі-ей, жаман үйді қонағы
билейді.
– Əкелсин, Альтай саған жалко что ли? – деп Борис Ғазизді
қостағасын барып, Əлтай жуасып тақыр басын сипады:
– Жарайды, əкеліңдер, Ақан мен Мəтібейге қымыз əкеліңдер.
Сендерге қымыз жоқ, қысырдың қорын қалай үзем...
Новиков темекісін қомағайлана сорып, əңгімесін қайта жалғады:
– Россия патшалығында екі түрменің атағы дүние-жүзіне əйгілі.
Оның бірі – Петропавл крепості, немесе Санкт-Петербург крепость
деп аталады. 1703 жылы салдыра бастаған да, алғаш 1717 жылы
"Ревель" кемесінің жиырма екі тұтқыны, бір жылдан соң царевна
Мария Алексеевна қамауға алынған. Бұл – нағыз патша сарайының
алдында, Нева өзенінің жағасында. Содан алпыс шақырымдай жерде
тағы бір үлкен түрме - Шлиссельбург қамалы бар. Мұны халық
Петропавл қамалының туған апасы деп ажуалайды.
– Тұра қал, кейін ұмытып қалам қазір сұрап алмасам, оны түрме
демей неге крепс дейді?
– Крепость дейтіні ол осындағы Ақмола түрмесіндей емес, жатқан
бір кішігірім қала. Айнала тақтай қоршау емес, күйген қызыл
кірпіштен қалыңдығы екі метрдей етіп қалаған қамал. Ол аздай кейін
əр патшаның тұсында, əр бұрышынан қосымша қорғандар салынып,
оларға тағы да ревелин, куртин, бастион декодер қосылған. Ол
қамалдың ішінде арнаулы əскерлер, қару-жарақ, көп-көп құралдар
ұсталды. Егер сырттан іштегілерді кұтқармаққа қанша күш келсе де,
əлгі камалдағы арнаулы əскер қашан көмек келгенше, оларға төтеп
беруге тиіс.


– Крепсің, ендеше қазақша айтқанда алынбайтын қамал болды ғой.
Əлгі Ор қаласындағы крепсте, сондай қамал емес пе?
– Иə, иə, сіздің айтып отырғандарыңыз Орск крепосты шығар...
– Е-е, крепс дегеніңді жаңа түсіне бастадым, əрі қамал, əрі түрме,
қызық екен.
– Бұл түрмелерде талайлар мəңгі-бақи қамалып, соның ішінде
өлген. Тіпті не үшін тұтқындалғанын білмейтіндер де болған. Басқаны
былай қойғанда Петр I императордың баласы Алексей осы түрмеде
өлген.
– Патша баласы ма, оны кім қаматқан?
– Императордың өзі. Əкесінің ішкі-сыртқы саясатына қарсы
адамдарға қосылып, Россия тағдырына қауіп төндірген. Патша
ондайларға қайырымсыз болған. Ол өзінің əйелі Евдокияны да, өзінің
апасы царевна Софьяны да Сусанна деген атпен шашын кестіріп,
монастырьға қаматқан. Сол сияқты Екатерина императрица да өз
күйеуі Петр үшіншіні крепоста ұстап, ақыры өлтірткен.
– Тұра қал, түрме дегеніңнің өзі алдымен патшаларды қаматуға
жасалған екен-ау.
– Жо-жоқ, олай деуге... Патшаға кім қарсы шықса, соның бəрі
қамалған.
– Е-е, таққа таласу десейші, біздіңше айтқанда.
– Қазақ хандары мен сұлтандары да бірінің басын бірі жойған жоқ
па. Əбілқайырды Барак өлтірді, Айшуақұлы Жантөрені Қаратай, сол
сияқты бірінің тұқымын бірі құрту ежелден келе жатқан мирас сияқты,
кек алу, мансапқа жетудің бір жолы ғой.
– Иə, Ақан шырақ, қазақта "қардың басын қар алады ханның басын
хан алады" деген сөз бар. Ал "ханның басын қара алады" деген сөз
болды ма екен?


– Қара алған қалай? – деп Новиков қазақшалап сұрады.
– Қара деген... қалай енді...
Ақ сүйекке керағар - қара халық деген сөз.
– Сонда қара сүйек дейміз бе ей, атаңа нəлет, осы сөзді кім
шығарды екен, саудыратып сүйектерін қарағандай? Новиков басын
шайқап рахаттана күлді.
– Ақсақал, сіз ақын ғана емес тауып сөйлейтін ақылды адам да
екенсіз" "Қар алады, қар алады", – деп қайталап, Новиков тағы күлді. –
Тура тауып айттыңыз. Патшалар сондай қарлардан қатты қауіптенеді.
Мəселен, Пугачев деген адам əлгі Екатерина өлтірген Петр ІІІ-пін деп,
өзін жұртқа жария етіп, өкімет билігін қолына алмақшы болып, көп
əскер жинап, патшаға қауіп төнген соң, ақыры айламен ұстап өлтірген.
Елизавета императрицаның Разумовский дегенмен жасырын жүрісінен
туған қызбын деп, өзін мұрагер етіп жариялаған княжина Тараканова-
Владимировскаяны да қамауда өлтірген. Сондай-ақ қамал ішінде
патшамен бірге сіз айтқан қара халық өкілінің де қатар отырған кездері
болған. Мəселен əлгі Екатеринаның кезінде 16 жасар император Иоанн
Антонович қамалғанда, сол Шлиссельбург крепостында Батырша
Алиев та қамалып, соның ішінде өлтірілген.
– Оу біздің қазақ та қамалып жүр ме, мына қара, ол байғұс қайдан
қолға түсіп жүр? – деп Əлтай көзі шарасынан шығып, таңқалды.
– Ол қазақ емес, – деді Новиков, – Қамауда өлген қазақтар да бар.
Сіздер білмейсіздер ме, Вали ханның баласы Губайдулла Березовкаға,
Арынғазыға сұлтан Калуғаға жер аударылып өлген. Ондайлар өте көп.
– Е, кеше керей елін билеген Ыбырай сұлтан жұртты қырып жібере
жаздапты, талай өшіккен адамдарын ит жеккенге айдатқан деп, шалдар
айтып отыратын. Егер ондай сүркіл болмаса, ит жеккенді қазақ қайдан
білсін, – деп Ақан Новиковтың сөзіне жан бітірді.
– Ал, Батырша Алиев – шын батыр. Хан да, сұлтан да емес, өз
халқы башкирлардың мүддесін ойлап, патшаға қарсы шыққан адам.


Оны да кісендеулі қалпында, қамалдан қашпақшы болған жерде ұрып
өлтірген. Кім білсін, ол да бұғаумен екі-үш күзетшіні өлтіріпті дейді,
əлде жала ма, ол арасы белгісіз.
– Сонда, тұра қал, менің бір түсінбей отырған жайым бар. Патша
ғой не айтса соны орындатады, бар билік соның қолында. Ендеше
түрме салдырып, оған қаматып несін əуре болады, одан да басын
жойғысы келгенді қиқ дегізіп өлтіре салмай ма, баяғыда хандар
сөйтеді екен ғой.
– Əлеке, хандар да кейде қолма қол өлтіртпей, зынданда шірітіп
өлтірткен ғой, – деді Ақан. – Ол да кезінде əлеумет алдындағы бір
саясаты болса керек.
– Тура айтасыз, – деп Новиков қараңғы шалға қалай қарапайым
тілмен түсіндірерін білмей, маңдайын сипап отырып қалды. – Иə,
ақсақал, егер патша өз тарапынан бұйрық беріп өлтірте берсе,
бағынышты халық ол туралы не демейді? Жеккөрінішті болып,
астыртын ойын жария етіп алмай ма? Ол қашанда өз қолымен
өлтірмейді, біреудің қолымен өлтіртеді. Мəселен, Петр І-нің кезінде
сановниктер болса, Екатерина I – жоғары құпия совет дегенді
шығарған, ал Екатерина ІІ-нің кезінде прокуратураның беделі асты,
Александр I – болса сенаттың беделін көкке көтерді, Александр ІІ-нің
кезінен бастап жаңа "Сот уставы" бойынша" сенатқа қоса присяжные
заседательдер тағайындалады. Бірақ, соның бəрі – патша қолындағы
көсеу. Жаңағы айтқан Пугачевты халықтың көзінше басын, қол,
аяқтарын шауып өлтірген. Оны патша білмей қалған жоқ.
Тараканованы қинап, тез өлтіру үшін, айналуға келмейтін тар түрме
бөлмесінің ішіне күні-түні ер адамдардан күзет қойған Шешінсе де,
киінсе де, тіпті қандай жағдайда болмасын қасынан олар бір адым
тапжылмаған. Ақыры тамақтан да, бəрінен де қалған княжна құсадан
ауырып, тез арада жан тапсырған. Оны да күніге Екатерина біліп
отырған. Сөйте тұра əр патшаның тұсында өзінше жаңа заңдар шығып,
өздерінше түрме, сот жағдайларын жақсартқан болады. Николай І-нің
кезінде жаңа проектінің жобасы жасалса, 60-жылдары түрме
реформаларының жаңа жобасы, 1866 жылы Россиядағы түрмелерді
өзгерту туралы жаңа заң, Александр ІІ-нің кезіндегі "Сот Уставы"


бойынша сотты ашық жүргізу туралы, дүрелеуді жою туралы
реформалар, жаңа заңдар шыққан, бірақ оның бəрі қағаз жүзінде.
Мəселен Екатерина II өз қолымен жаңа түрмелердің жобасын жасаған.
Ол жоба бойынша түрмедегі адамдардың қылмысына қарай, оларға
күнде берілетін тамақ, жатар орын, киер киімдерінің жақсартылуы
тіпті ауыра қалған күнде оларға дəрі-дəрмек, кітап оқу,
денсаулықтарын сақтау жайында неше түрлі адам күлерлік
жаңалықтар енгізілген. Бірақ оның бəрі қағаз жүзінде. Ал, 1876-жылы
шыққан сотсыз бас еркінен айыру дегенді, сөз жоқ, тапжылтпай
орындайды.
– Тұра қал, сонда тағы да түсінбеймін, ол патшаларыңды кім
қыстап барады, егер айтса уəдесінде тұрмай ма. Кімнен қорқады?
– Түуһ, шал-ай, əлі дым түсінбейсің ғой, орысшаңды бір
қазағыңдай білем деп əншейінде кеудеңді қаққанда сондайсың, əлі
шала ұғыпсың ғой! – деп Ғазиз тағы да Əлтайдың аузын қақты. –
Қорықпағанда, ол да адам емес пе. Адам басы Алланың добы дейді
менің əкем. Шынында көп қорқытады, терең батырады.
– Мұның бəрін бір түнде түсіну мүмкін де емес. Сұрасын.
– Əрине! Сен жарытып түсінген шығарсың. Мен орысшаңның бір-
екі сөзін ұқсам, ар жағын өзім көкірегіммен-ақ алып кетемін.
Нанбасаң, енді бір айдан соң сұрашы, осы айтқандарыңның бəрін
қолыммен қойғандай айтып берейін. Əттең кісі аттары қиын екен. Оны
Барыс екеуміз əлі талай пысықтаймыз ғой, – деп Əлтай Барыстың
қақпақ жауырынынан қағып қойды. – Əй, сен мүлгімей түгел ұғып ал,
орыс емессің бе, əттең мен сендей тіл білсем!
– Ақсақал, сұрағаныңыз орынды, – деп Новиков сөніп қалған
темекісін тұтатты. Оның жан-жағында отырған бəсекелес державалар
бар. Олар бұл империяның ішкі, сыртқы мəселелерін аңдып отырады.
Тіпті əлгі түрме мəселесінің өзін олар көп зерттеген. Россия түрмесін
нағыз варвар-жауыздар түрмесі деп атаған. Міне, сондықтан олардың
алдында да айла, саясат керек. Мəселен, Россияның түрмелеріндегі
қаталдық туралы бүкіл Европа түрмелерін аралаған Джон Говард деген
адам көп жазған. Екатерина ІІ-нің тұсында Кокс деген ағылшын


Россия түрмелерін көріп, императрицамен ұзақ əңгімелесіп, көп
сұрақтар қойған.
– Талмау жерден қойған ғой?
– Əрине, бірақ оларды соттата алмайды. Ал, Новиков дейтін
жазушы сот, прокуратура маңындағы чиновниктердің парақорлығы,
дұрыс соттамайтын əділетсіздік, жалақорлығы туралы жазған. Сол
үшін ол да түрмеге қамалған.
– Мəселен керек болса. Тұра қал. Новиков дедің бе? Ол сенің
туысың емес пе?
– Жоқ, аттас адам. Орыста "балық басынан шіриді" деген мақал
бар, мəселен Николай I патша саяси қылмыстыларды былай қойғанда,
князь Сергей Трубецкойды басқа біреудің əйелі Жадимирскаяны алып
қашқандығы үшін түрмеге жаптырады. Үйткені ол əйелге өзі қызығып
жүреді екен.
– Е, ондай біздің елде де болған. Жанғабыл деген болыс Қылтан
деген бейбақты қорқытып, əйелінен айырып, ақыры өзі оны
тоқалдыққа алған.
Міне, осындай басынан шіріген үлкен балықты көрген, кіші
чиновник шабақтар да қайдан тыныш отырсын. Олар да əр заң
өзгерген сайын, халық үстінен байып, немесе өз дегендерін жасайды.
Лихутьев деген жол тонаушы қарашы жаза үстінде Москваның
генерал-губернаторы, князь Юсуповқа былай деген екен. "Екеуміз де
бірдей адамдармыз, бар айырмашылығымыз мен үлкен жолдың
үстінде тонайтын қарақшымын да, сен қызмет үстінде тонайтын
қарақшысың".
– Па,па, ол да бір қасқыр екен!
– Ал, түрме ішіндегі бассыздықтарды айтып тауысу мүмкін емес,
дүрелеп, не аштан қатырып, сыз бөлмеде жалаңаш тас еденге
жатқызып өлтіру, дін иелері архимандриттердің қорлығы - толып
жатыр. Мəселен Кексголым крепостында жаңағы Пугачевтың


қамаудағы қызын түрме коменданты зорлап, екі қабат етіп, ақыры
өлтіріп тынған. Николай I патша тұсында петрашевшыларды атуға
алып келіп, бəрінің басын қаппен тұмшалап байлап, мылтықтарды
көкке атып, мазақ еткен. Өлім күткен адамдардың көпшілігі бастан
ауруға шалдыққан. Олардың ішінде, осы Омбыда, Семейде айдауда
болған Достоевский, Дуров деген атақты адамдар бар. Олардың
басшысы Буталиевич-Петрашевич ұстамалы ауруға шалдығып, Енисей
өлкесінде 16 жыл айдауда жүріп, қорлықпен өлген. Патша саясатын
түсінбейтін қайсыбір сауатсыз жандардың мадақтайтыны да бар.
Алексей ІІ-ні "құтқарушы император" дейді. Рас, 61-жылғы реформа
жиырма екі миллион адамды құлдықтан құтқарды. Мұның үлкен жеңіс
екені сөзсіз. Бірақ кімнің жеңісі? Сол құлдардың, бұғаудан босау үшін
талай рет қан төгісті басынан өткерген адамдардың жеңісі. Мұның бəрі
Россия түрмелеріндегі қапастағылардың қанымен, талай дар
ағаштарымен келген жеңіс. Бірақ, шаруаның мойнынан бұғауды
алғанмен, оны аяғына салды.
– Осы бұғау дегеніңді, шаруалардың жайын ұқпай отырмын. Неге
мойнында бұғау болады, неге енді аяғыңа түседі?
Ақсақал, мына Барыс тамырыңыз сол "Раскрепощение" деген
реформадан кейін осы жаққа келген босқын немесе переселен
дейсіздер ме? Бұларды бұрын помощиктер, сіздерше байлар, мойнына
бұғау салып, қайда жетектеп, сүйреп апарамын десе ерікті болатын.
Мал сияқты сататын. Енді бұлар одан құтылды.
– Енді бұғау аяғына түсті деп отырсың ғой, құтылғаны қайсы?
– Дұрыс айтасыз. Басы бос болса, енді ешқайда бара алмайтын
тұсаулы ат сияқты. Себебі еркін жүретін жері жоқ. Басы бос болғаны
не керек, егін салатын, мал жаятын, бақша егетін жері болмаған соң.
Аяғынан кісендеулі емей немене?
– Е, қазір Ақмолаға келген орыстардың қайсыбірі жер алып, егін
салып жүрген жоқ па?
– Оны переселендер фондысы дейді. Бұларға Россияның жері де
жетер еді. Бұл жаққа жіберу – Патшалық Россияның колонизаторлық


саясаты, ақсақал. Бірақ бұл саясаттың да Патшалық империяның өз
басына сор боп тиеріне күмəн жоқ, – деп бір бəйтеректің тамырындай
жұптасып, ағайындас адамдардай болған тағдырлас тамырлар Əлтай
мен Борис қартқа Новиков көкшіл көзін сығырайта қарап, күлімсіреді
де, темекісін қомағайлана сорып, үнсіз отырып қалды.
– Е-е-е-е, – деп даусын ұзақ созған Əлтай тұрып қалған əңгімені
суытпай жалғай жөнелді.
– Тұра қал. Мен бір қызық айтайын. Былтыр Семей жағындағы
тобықтыларға, жамағайындарыма барып қайттым. Сонда бір жаңа
өлең естідім. Пошкен деген ақынының өлеңі дейді. Тегі мына
Барыстың үйіндегі орыс домбырасы бар ғой, əлгі немене еді-ей,
Барыс?
– Балалайка.
– Иə, сол балауайкамен айтатын ақын болса керек. Содан бір қу
шалдар мақал шығарып алыпты. "Орыстың Пөшкенімен бірге пөшкісі
келді" дейді. Тауып алғандарын қарашы.
– Пөшкің не? Бөшке ме? Су құятын кəдөшке? – деп Ғазиз
қарқылдап тұрып күлді, – Əй, шал, ай, Пөшкін мен бөшкенің бұл арада
қандай қисыны бар?
– Ойпырым-ай, сенде бір, əуелі түсініп алмай лағып кетесің-ау,
қарағым-ай. Бөшке деген кім бар. Пөшкі деймін. Əлгі ататын пөшкі
ше. Қазақша не деуші еді... Еһ, зеңбірек, зеңбірек.
Отырғандар ду күлді.
– Пушка деңіз, пушка деңіз, – деп Новиков таңқалды, – Қарай гөр,
не деген үйлесімді сөз. Пушкин и пушка. Дəл айтылған.
– Ал енді деймін-ау, тұра қал. Əлгі түрме жайын ойлап отырып,
көңіліме мынадай сөз келеді. Тұра қал... Ы-ым... Орыс патшасымен
бірге...


– Ақшасы келеді.
– Тұра тұршы, Ғазиз. Туһ, ойымды бұздың-ау. Орыс ұлығы келсе,
түрме салады, орыс мұжығы келсе... ы- ым...
– Мүрде салады, – деп, Ғазиз тағы да қарқылдап күлді.
– Тууһ, нағыз бейбастақ екенсің. Мүрдесі несі-ай, үй салуды қалай
айтамын, соны ұйқастыра алмауымды қарашы!
Ақан да ойланып отырған:
– Ғазиздің мүрдесін пайдалансақ, "Өлімді жер мүрдесіз болмас,
əкімді жер түрмесіз болмас!" – дегенде, Əлтай қуанып кетті:
– Міне, міне! "Ай, алмас қылышым-ай...
– Бірақ Əлеке, сіздің мұжық пен ұлықты ұйқастырғаныңызды
қалдыруға болмайды, осының төңірегінен іздеу керек, – деді Ақан өз
мақалына көңілі толмай.
Борис қарт та түнеріп, ойланып отырған, басын оқыс көтеріп алып,
төтеден қойып қалды:
– Мужик – үй, ұлық – тюрьма!
Бəрі ду күлді.
– Егер ол ұнамаса," мужик – печь, улык – меч!"
– Oһo! Жарап жатыр, Барыс ақсақал, мынауыңыз тіпті үйлесімді.
Печь – жылылық, тіршілік белгісі, мечь – суықтық, өлім белгісі, ал
қазақша қалай! – деді Ақан қабағын шытынып, көзін төңкере ойлана
қалды да, қайтадан жадырады. – Таптым, таптым!
– Мен де таптым! – деп қуанды Ғазиз.
Новиков қана қазақша ештеме ұйқастыра алмай, ақындар сайысын
қызықтап, күліп отыр.


– Ал, айта ғой, Ғазиз!
– Алдымен сіз айтыңыз, Ақан аға!
– Мен біреуін айттым ғой, бердім кезекті.
– Ендеше:
"Ұлықтар салып абақты,
Қазақтарды қамапты.
Мұжықтар келіп үй салып,
Қызықтап қазақ қарапты".
– Жақсы, жақсы, – деді Ақан, – мынауың шынында да тəуір, тəуір!
– Қой, Ғазиз шырақ, – деп Əлтай дауласа кетті. – Ақан əншейін
көңіліңе қарап айтады да, əйтпесе, мынауың мақал емес, сырнайыңа
қосылып салатын шұбатылған өлең ғой.
– Өлең болса неғыл дейсің?! Мақал төрт жолдан да, он жолдан да
келе береді.
– Қой, қарағым, он жол дегенің тіпті тук қисынға келмейді. Сондай
бөспе сөз не керек. Өлең етіп айта бер, бізге қазір керегі қысқа, доп
айтылатын мақал. Ақан серім, енді өзің айтшы, ұмытып қалған
жоқсың ба?
– Жоқ, неге ұмытайын. Бірақ бұл менің жеке шығарған мақалым
емес, сіздердің сөздеріңізді алып, қосқан қосымшам деп ұғыңыздар.
Тек қана "үй" дегенді ірге деп алдым. Үйдің төрт қабырғасы ма, əлде
өріс, көршілік ірге ме, бəріне де келетін сияқты, иə былай:
"Орыс мұжығы келсе, іргең кеңейер,
Орыс ұлығы келсе, түрмең көбейер".


– Паһ-па-паһ! Асыл ардагерім-ай. Міне – мақал! Бұдан артық не
керек? Мынау ертеңнен қалдырмай елге жаятын асыл сөз болды:
"Орыс мұжығы келсе, іргең кеңейер,
Орыс ұлығы келсе, түрмең көбейер".
– "Паһ, па-паһ! Əй еттеріңді түсіріңдер. – Əлтай ауыз жаққа айқай
салды: – Тамаққа бір тойып алып, əңгіме кебін таң атқанша шертпесек.
Айналайын-ай, Мəтбей балам-ай, қараңғы қораға келген шамдай
болдың-ау. Туһ, мына бір түрменің маңында қанша ғажап дүниелер
естідік. Ғажап-ай, ғаж-жа-а-ап!"
16
Қараңғы қораға шам алып шыққан бала сасық күзенше бет
бақтырмай шақ-шақ етеді.
– Жоқ, дедім ғой үйде, үйде жоқ Жайын ағам. Өздерің сөз
түсінбейтін нағылған адамсыңдар, о заман да бұ заман! Жоқ деген соң
жоқ!
– Үйде болмағанда оны жер жұтып кетті ме, қайда?
– Е, қайда екенін қайдан білейін... Қонаққа кеткен, – деді бала
жалтарып.
– Кімнің үйіне кетті?
– Кімнің үйін білесіңдер. Қала үлкен.
– Əй, бала, сен олай сөзді көбейтпе. Қараөткелдің бар үйі менің
алақанымда, атын айтшы, өзіміз-ақ тауып аламыз. – Ғазиз шақылдақ
балаға төне түсті.
– Атын білмеймін, бағана кешке кеткен. Тапқыш екенсіңдер өздерің
тауып алыңдар, о несі-ай, сенбейсіңдер ме. Қане есік жабамын,
қорадағы қойлар шығып кетеді. Мен тығып отыр деймісің, о несі, о
заман да бұ заман!


Ғазиз баланың міңгірлеп, асығуынан секем алып, Ақанға қарады.
– Ақан аға, не де болса үйге кіріп күтейік, əйтеуір бір келер үйіне.
– Сендерді біз бақпаймыз, жатамыз қазір. – Сөзі түйеден
түскендей.
– Жатқаны несі-ай, қызыл іңірден жататын не көрінді.
– Неғылған қызыл іңір, жермай жоқ таң атқанша отыратын. – Бала
тағы да қисынсыз бірдемелерді айтып кетті.
– Жермай жоғы көрініп тұр, барлық үйлерінде шам самаладай
жайнайды, қонақтар бар ма үйде?
– Жоқ, дедім ғой, ешкім жоқ, – деп бала шыжбалақтап сыртқы
есікті иегімен нұсқады, – қане шығыңдар, есікті жабамын. Неғылған
түсінбейтін адамсыңдар!
– Өй, мынау өзі мейманды қуатын неғылған тасбүйрек, тіпті тілі
мен жағына сүйеніп, қарашы өзін қаршадай боп, – деп Ғазиз баланы
кеудесімен соға алға ұмтылды. – Жүріңіз, Ақан аға, тап мен білсем,
Жайынбек үйде, мынаның байбалам салуына қарағанда.
Бала алдынан жүгіре шығып, жолын кес-кестеді.
– Үйге кіруге болмайды дедім ғой. Болмайды деген соң болмайды.
Айттым...
– Кет əрмен, – деп Ғазиз баланың кеудесінен нұқып қалды, –
Мынау өзі не деген жүгенсіз өскен неме, қазақ емессің ғой өзің.
– Иə, деген кірерсіңдер. Үйде үлкен қонақтар бар. Кірерсіңдер
жамаңқатты, о заман да бұ заман! – деп ызалы бала қолындағы
майшамды үрлеп сөндіре салды. – Ана босағада ит жатыр... қапса игі
еді, бəлем...
Ақан мен Ғазиз қараңғы қораны сипалап жүріп ауыз бөлмеге кіре
бергенде, алдарынан Жайынбектің өзі шықты.


– А, үйде екенсің ғой, аман ба-ай, Жайын балық, тап үстіңнен
түстік-ау, – деп Ғазиз алақанымен семіз жігіттің майлы жауырынына
сарт еткізді.
– Өй, сенің-ақ ойының таусылмайды екен жауырыннан неге
ұрасың, – деп көзілдірігі мұрнына түсіп, тершіген Жайынбек қиқаң
етіп, қонақтардың амандығын салғырт алды.
– Немене жауырыннан ұрса күшім қайтады, бағым таяды деп
тұрмысың, қатын емеспіз, жігіттің ұрғанынан ештемең кетпейді.
– Неғып түнделетіп жүрсіңдер мезгілсіз уақытта?
– Саған қонаққа келдік, қайдағы мезгілсіз уақыт.
– Дұрыс қой, дұрыс қой, – деп, жігіттік шақтары бірге өткен,
қызойнақтарды бірге атқарған адуынды Ғазизден жасқанғандай
Жайынбек міңгірлеп, кібіртіктей берді.
– Дұрыс болса, енді үйге кіргізбейсің бе қонақты?
– Ол дұрыс қой, дұрыс қой, бірақ...
– Не бірақ?!
– Үйде бір ұятты қонақтар отыр еді...
– Сонда немене, біз ұятсыз қонақтар болғанымыз ба, не айтып
тұрсың өзің, Ақан ағадан артық қай қонағың бар еді қазақта.
Жаңағы қорадағы бала бұлардың соңдарынан кіріп, сөздерін
тыңдап тұрған. Қара көлеңкеде Жайынбектің қасына барып,
көйлегінен тартып:
– Аға, мыналарды тебейін бе?! – деді.
Жайынбек қысылған жоқ:
– Бар, ана жаққа, – деді жай ғана.


Бала шекесіне қолын қойып, теріс айналып, жандармдарша тарт-
тарс басып жүріп кетті.
– Жайынбек, қалжың өз алдына, біз шаруамен жүрміз. Өзіңе белгілі
шаруа. Сені соңғы күндері ұстау қиын болып барады, – деді Ақан.
– Иə, білем... белгілі ғой, енді... ертең сөйлессек те болатын еді...
Ал тезірек айтыңдаршы.
– Өй, төрт көз, саған босағада тұрып шаруа айтатын бізді кім деп
тұрсың. Ішке кіріп, жайланып отырып айтамыз. – Ғазиз шын
шамырқанып төр үйге беттеді. – Жүріңіз, Ақан, аға, жүріңіз, көрейін
бұның қонақтарын. 
– Жарайды енді, кіріңдер, əйтеуір келген екенсіңдер... Апырмай ұят
болды-ау, ұят болды-ау, қайдан ғана уəде беріп ем, – деп Жайынбек
домаландап, соңдарынан сөйлеп келеді, – Қашан да біреуге жақсылық
етем деп, сау басқа сақина тілеп алам...
Үйде жасырынып, қазақшылық рəсімде жоқ қалалық дəстүрмен
шақырусыз қонаққа тарылған Жайынбектің мына қорлығына күйінген
Ақан теріс айналып жүре бергісі келді де, зорға шыдады. Тап осы
жолы Жайынбекті ұстаса, шаруаларының не болатынын, не
болмайтынын біржола шешіп, тіке сөйлеуге Ғазиз екеуі келіскен. Енді
босағада тұрып, ақылдасса, тағы да бір оңай сылтаулар айтып,
сүйретпеге салуға беті бүлк етпейтініне күмəн жоқ. Кіріптарлық не
істетпейді, əншейінде мына шаңыраққа шақырса да бас сұқпайтын
сері, енді басына күн түскенде тентек Ғазизбен бірге рұқсатсыз киіп-
жарып төрге өтті.
– Ассалаумағалай-кө-өм! Кеш жарық, орта толсын, – деп, жарма
есіктің табалдырығынан аттай беріп,Ғазиз алдынан Ақан серіні
өткізді.
Екі отау құрып, құс жастықтарда шынтақтай жатқан адамдар
бастарын көтерісіп: "Əй, сендер екенсіңдер ғой" дегендей қайтадан
төмен тұқырайды. Ақынды таныса да танымағандай болды ма,


бұлардың сəлемін ешкім алған жоқ. Тек орта тұстан Күшенұлы
Тұрлыбек қана қолындағы картасын араластырып жатып:
– Е, "Файзолла əкем аты, Ғазиз атым", сендерді кім шақырды?! –
деді ақын жүзіне қарамастан. Ақын жүрегі шым ете қалды. Бұл да бір
қорланған тұс. "Бұдан артық мазақ бар ма. Жо-жоқ, қайтсе де шыдау
керек". Ғазиз де қанша адуынды болса да Тұрлыбектің сөзіне
шамданған жоқ, мырс етіп күліп, қалжыңмен жауап берді:
– Тұреке, өкпеңіз орынды. Сізді Жайынбектің қатыны шақырған
ғой, бізді өзі шақырған! Бұларда ондай сорақылық бола береді.
– Е, шақырса отырыңдар, күзетшілердей қақимай! – деп, түсін
суыта қойған Тұрлыбек картасын тарата беріп босағада тұрған
Жайынбекке оқты көзін қадай қалды.
– Енді өздерің келген екенсіңдер, отырсаңдаршы үлкен кісімен
жағаласа бермей, – деп Жайынбек "мен шақырғам жоқ" дегенді
сездіре, советник алдында қипақтап, ақтала сөйледі.
– Қай жерге отырамыз, ине шаншар жер жоқ, осынша адамды
шақырармысың, – деп Ғазиз де Жайынбектің қытығына одан сайын
тие түсті.
– Онда ана жақа барыңдар, əйелдер жаққа, менің қонағымда
шаруаң қанша? – Үй иесі пышақ айналмай, зығыры қайнап шығып
кетті.
Бөлмедегілер Қарөткелдің өңшең жуантаяқ шонжарлары. Ақан
қазақтар ішінен Тұрлыбек пен Ерденді, екі-үш орыс ұлықтарының
ортасынан көкшетаулық Радзилевичті ғана таныды. Ақан ішінен:
"Мына сұм қайдан жүр бұл жақта?" деді де қойды.
Үш топқа бөлініп отауласа отырғандар картаға əбден берілген.
Жым-жырт ойнағандай қолындағы қарттарына үнсіз тесіліп, анда-
санда құпия бірдеме айтқанда қайсыбір даусын шығарады да "артық
деп қойғам жоқ па" дегендей, өз үнінен өз үркіп, көзі алақтап
басқаларына қарайды. Бұлардың бір тобы "Три листиканы", екінші


тобы "Орлянканы" ойнап отыр. Ақмола жатақтарына əлі тарамаған,
ұлықтар ғана қатты əуестеніп жүрген бұл ойындарды Ақан жақсы
біледі. Қолы да жүргіш. Бірақ, тап осы арда суқаны сүймейтін мына
шонжарлармен ойнағысы келмеді. Оң жақтағы ақ болыскей кереуеттің
қасындағы төрт аяққа отырып, үй жиһаздарына көз салды. "О, ғажап,
əр дүниеден иесінің жүзі көрініп, иесінің исі келетін секілді".
Омбы кадет корпусын тамамдаған Жайынбек басқалардай əскери
қызмет атқармай, Ақмолаға – өз еліне келген. Алғашқыда уездік
мировой судьяда тілмаш болып жүріп, кейін ояздың қол астына əрі
тілмаш, əрі көмекші болып ауысқан. Тегі бас есебін мықтап білетін
болса керек, езі қатарлы оқыған азаматтардың көбінен асып, байлығы
шалқып тұр. Жас та болса дүниенің қыбын келтіретін нағыз жылпос
жігіт. Басқа ұлықтар бір асаса, бұл екі асайды. Новиков айтқан қазақ
Бироны осы. Бар айырмашылығы Бирон тұрмысында атшының баласы
болса, Жайынбек кезінде Заманбай атанған, осы төңірекке атышулы
бидің жалғызы. Биыл Сағынай асында Ақан көргенде тап мұндай емес
еді, екі-үш жылдың ішінде бұрынғыдан да жонданып, беті шар
табақтай, қарны төңкерулі тегенедей болып, күн санап семіріп, айы-
күні жақындаған əйелдей құйымшақ тұсы жалпая қалыпты. Мына кең
отауы да семіз иесі сияқты. Дүниеге сіресіп тұр. Қала саудагерлерінде
болатын орыс жиһаздары мен төбеге дейін құс төсек, кілем, алаша,
жастықтармен тірелген төсектер, көзіне көзілдірік, үстіне фрак, басына
қазақы кестелі тақия, бұтына орысша шалбар, аяғына қонышының
шетін қайырған қисық табан етік киетін иесінің сиқындай алабажақ.
Жерге төселген кілемдер де, қатқабат түкті, түксіз кілемдер үстінде
құрақ көрпелер, сырмақ, бірсалар, шеті шығып жатқан таңдай
алашалар, қабырғаға ілінген кілемдермен қатар оюлы түс киіздер, тіпті
базар табақ кілемдері де жарысып, бір-біріне мінгесе қалған. Бəрі
көрер көзге көрмеге қойғандай. Байлық көзі осы дегендей
мақтанышпен қалай болса солай жиналған жасау біртүрлі тыныс
тарылтатындай. Бəрі дала жүзін көрмей дымданғандай сыз иісі
білінеді. Тегі дүниені бұлай ұстауда да үйдегі оқымаған келіншек емес,
оқыған үй иесінің басшылығы көрініп тұр. Кез келген жерге
к.ыстырып іле берген Жайынбектің жеке, не оязбен, басқа шен-
шекпенді адамдармен түскен суреттері "мен, мен" дегендей алыстан
сығалайды. Есіктен Жайынбек көрінді. Жүрелей отырып бір


ойыншының картасына үңілген Ғазиздің құлағына таяу келіп
сыбырлады:
– Карта ойнамаған соң мұнда не бар, ана жаққа жүріңдер. Əйелдер
күтіп отыр. Сендердің əндеріңді тыңдағысы келеді.
Тілмаштың барлыға шыққан сыбырын құлағы шалған Тұрлыбек
ытырынып қалды:
– Олар да еріге береді екен?
Ғазиз советниктің шамшыл сөзін ұнатпай, тағы да қылжақтады:
– Е-е, сіздер карта ойнап əлек, олар не ойнамақ? Ақан аға, жүріңіз,
сұлу жеңгейлермен біраз ойнақ салайық.
– Баршы, баршы, картаға мешайт қыласың, – деп, əлгі ойыншы
желкесінен төнген Ғазизге шалқая қарады. – Алла риза болсын,
баршы, жеңгейлеріңмен ойнақ салмақ түгіл қойнына барсаң да мейлің.
– Əрине, өз қатының үйде қалған соң, басқаныкін аяп қайтесің,
жомарт болсаң үйіңе жібер, – деп, қасындағы біреуі қосылды.
– Жүріңіз, Ақан аға, - деп серінің атын екінші қайталағанда барып,
танымайтын қазақ чиновниктері бастарын көтерісіп-көтерісіп алды.
– Уау, Ақан дегені Ақан сері емес пе?
– Ақан сері болса қайтейін деп едің?
– Көре алмай қалдық-ау.
– Көрімдігін берсең көрерсің, асықпа, қайда кетер дейсің. Ол да
басы, көзі бар адам! - деп Тұрлыбек Күшенұлы күшене сөйлеп, қартын
ойнай берді.
– Ақанды көргің келсе, андағы қарғаның бəлетін көр! – деп Ерден
де қиқылдай күлді.


Əйелдер отырған бөлмеге кірмес бұрын Ақан:
– Ғазиз, осы үйде ақсақал бар емес пе, қазақ рəсімімен əуелі сол
адамға сəлем беруіміз керек еді, – деп ауыз бөлмеде бөгелді.
– Иə, иə, жүріңіз. Əй, төрткөз, əкеңнің үйі қайда? Сəлем беріп
шығайық.
– Өй, сен де еріге береді екенсің. Алжып отырған төрінен көрі
жуық адам сенің сəлеміңді неғылсын. Жүріңдер, əйелдер күтіп отыр.
– Əйелдер ешқайда қашпайды, үлкенге сəлем бермеуіміз ұят-тағы.
– Қайтесіңдер, бармаңдар дедім ғой. Сөз естігілерің келіп тұр ма,
ол шал көрінгенге удай тілін жұмсайды. Құлағы керең, тоқсандағы
милау шалдан не сұрайсың, жүріңдер.
– Өй, өзің əкеңді келін құсатып шымылдықта жасырып ұстайтын
деп пе ең. О несі-ай, көргенсіз болсаң өзің көргенсіз бола бер.
– Ал, молланың баласының аузы қисайды, – деп Жайынбек
Ақандарды қора ішіндегі үлкен үйге амалсыз бастады. – Тек көп
отырмаңдар... Жаман үйді қонағы билейді деп, сендер тіпті билеп-
төсеп кеттіңдер ғой!
– Сен, қайбір бізді қонақ деп қол қусырып қарсы алып ең, ниетіңді
ұрайын!
Заманбай ақсақалдың үйі жатар орнымен қазандығы бір жалғыз
бөлме екен. Бөлме іші құлақ күйгендей ыстық. Көнелеу ақ көйлек, ақ
дамбалды қарт сығырайып жалғыз терезе жақ құбылаға бетін беріп,
тар үйдің жартысына дейін көтере салған тақтай сəкіде намаз оқып
тұр. Ақандар қазандыққа қой қиын үстемелеп қалап отырған
қызылшырайлы келіншекке сəлем берді. Ғазиз серінің құлағына:
- Бұл тоқалы, кейін алған, – деп сыбырлап қалды.
Қарт намазын оқып болды да, жайнамазын іліп, кей тұсының жүні
түсіп, тықырланған қоңыр аю терісінің үстіне молдасоқына отырды.


Заманбай десе дегендей, заманында молда болған адам екендігі
көрініп тұр, қасқая түсіп отырысы тоқсандағы шалдай емес, əлі де ат
үстінде тік отырып, ел аралап билік айтатын қуатты адамның кейпін
танытқандай. Екі айырылып кеудесін жапқан бір қара қылтанақсыз
аппақ күміс сақалы ғана ұзақ өмірдің, көне тіршіліктің белгісіндей.
Ақан жүрек тұсын алақанымен басып, тəжім ете қол берді.
Ұзын жілікті, күректей тармыс қолы мұздай екен. Өзі де ұзын
бойлы, жауырынды адамның иық сүйектері көйлек сыртынан білініп,
шодырайып тұр:
– Армысыңдар, балаларым! - деп, келгендердің сəлемін тыңдап
алғандай, сəл отырған соң барып ескіше амандасты.
– Ал енді сəлемдестіңдер, болды ма? – деп Жайынбек иек қағып
еді, қарт əлдекімді кекеткендей күлімсіреді де, қайтадан қанын ішіне
тартып, сұрлана қалды.
– Жайынбек, сен бара бер. Қонақтарың сəл тыныстасын, – деді. –
Жайынбектің қылқылдауына қарағанда, кетейік деп тұр-ау, ес білетін
көргенді азамат боларсыңдар ма. Ұлық болсаңдар да кішік екенсіңдер.
Осы үйге келістерің-ақ айтып тұр. Жайынбек мұнда жолатпаса керек
еді, тегі кеудесінен итеріп кіргенсіңдер-ау. Тісі жоқ кəрі арыстанды
көріп, жалынан бір сипап кетейін деп келдіңдер ме? Сайраған тілі ғана
қалған керең тоты құсты тыңдайын деп келдіңдер ме? Жарайды, мен
сайрайын, мүкісі жоқ тіліме, қалтқысы жоқ жүрегіме ерік берейін.
– Əне тағы да сайрады. Жарайды, шағымдарыңды шалға
айтарсыңдар, сол орындар, маған несін келгенсіңдер, – деп Жайынбек
долырып шыға беріп еді, Заманбай қарт баласының сөзін түгел
естігендей, тура үстінен түсті.
– Əй, Жайынбек, мейманыңды жасытам десең, мейманаң тасыған
екен. Көп асқанға бір тосқан. Сенің бұлдап берер асыңнан, құндап
берер жақсылығыңнан не қайыр. Үркітпе олай үркердей жұртыңды! А-
ай, бекер келгенсіңдер бұған шырақтарым, беке-ер!


Жайынбек қолын бір сілтеп кетіп қалды. Ақандар ыңғайсызданып,
есікке бір, қартқа бір жаутаңдап қарай берді.
– Жарайды, балаларым, көп ұстамаймын, күндерің түскен екен
күлдей адамға. Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарушы еді, мен
азғана ақ ниетімді айтып, ақ батамды берейін. Өлгенде артымнан
атымды шығарсын демеймін, ақ өлімді айта жүрсін, қажет болса
ғибрат алсын деймін, – деп, қарт үнсіз отырып қалды.
Жас тоқал ширақ қимылдап, атасының алдында инабат сақтаған
келіндей ыдыс дыбысын шығармай, көйлегінің сыбдырын естіртпей,
еріне ештеме айтқызбай-ақ лезде шай жасады.
Ақан сері баласымен қырғиқабақ қарттың сөзін тыңдап, себебін
білгенше құмартты. Кезінде аты осы өлкеге турашыл əділдігімен кең
жайылған бидің қартайғандағы сыңайын байқағысы келді.
– Менің бұл фəни жалғаннан кетіп, өлгеніме биыл сегіз жыл. Мына
Айшырақ қарағымның кəріп болғанына бес жыл. Өткен өміріме
өкінбеймін. Кезінде дүниені шайқап өттім десем, асылық болар,
шайқалған өмірді байқап өттім. Əділдік айтар би атандым. Мүлт
кеткен жерім болған шығар, бірақ нахақтан-нахақ қиянат етіп ұрт
кеткен жерім жоқ. Содан да шығар елімнің алдында, қалың əлеумет
жұртымның алдында тəуір атанбасам, "əй, кəпір" атанғам жоқ. Дүние,
мал жимадым, міне осы үйде не бар мына Айшырақ екеуіміздің
еншіміздің болғаны осы. Ана қабырғадағы тақыр кілем еді, текемет,
алашалар кезінде жайнап тұрған жаңа еді, əр нəрсе кезінде, бұлар да
бізбен бірге қартайып, жібі босап тозып, өңі тайып қуарып келеді.
Маған жаңа дүниеден тозығы жеткен осы көне дүниелер көш артық.
Айшырақ екеуміздің жастық шағымыздың белгісі, адал өткізген
тіршілігіміздің көзі. Бұлардың бірде-біреуін əлдекімдерді қорқытып,
не жылатып алғаным жоқ. Содан да болар, көзіме оттай ыстық. Мына
менің астымда жатқан аю терісі – бұл да қуатты жігіттік шағымның
өшпес белгісі. Көкшетау жағында, қарауылдар елінде жүрген кезімде,
бұл найсап – елді бөріктірген нысаналы аю еді. Ешкім тимей, анда-
санда ел маңына маң-маң басып келіп кетіп жүретін аю бір күні
əлденеден ызаланып, өз-өзінен ашынып, ел малына бықпырттай тиеді.
Жаугершілік заман еді, кейде тұтқиылдан атойлап аз ауылдарды


сырттай тиер жау шауып кетсе, бір жағынан осы аю малын жарып,
адамға да шаба бастапты. Ол кезде би атым жоқ, батыр атым бар еді.
Топ жігітпен барып жалғыз жекпе-жекке шығып, бір қолымда айыр,
бір қолымда кездік – қапысын тауып, аюды алдым. Кейін, сол тұстың
ағашы "Аю алған шоқы" аталып кетіпті. Міне, мына терінің менің
астыма түскеніне табаны жалпақ алпыс жыл. Қалың, қайратты жүнін
алақаныммен сипаған сайын, бойымдағы қуатым, ойымдағы жігерім
тұтанып, ел үстіне билік айтқанда қайратымнан таймаушы едім. Енді
жүні түсіп тулақ болғанда жалақ-жалақ мына аю терісіндей
қаңылшақтанып, жүні жығылған жасық жандай төмен шік тартқан бұл
бір таусылған, біткен шақ... Ау, балаларым, шай ала отырыңдар, суып
қалды ғой, – деп, Заманбай қарт шыныаяқ табағындағы шайын қолы
сəл дірілдей көтеріп, ұрттап-ұрттап алды.
– Енді қартайған, алжыған шағында жалғыз ұлымен неге айтысып,
неге шайнасады деп отырған шығарсыңдар. Рас, айтыстым, қазір одан
қалғанмын. Қазір менің ашуым, от басында құман тазалап, теріс қарап
бұртиған ұрғашының ашуындай. Балам, өздерің көрген шығарсыңдар,
мен көрмеген байлықты, мен жимаған асылды жиып отыр. Үйі аузы-
мұрнынан шығады. бірақ, балам қазақтың "мұрнынан есек құрты түсіп
тұр" деген сөзін ұқпайды. Қызғанбаймын, дүние-мүлікті жинасын.
Қайғырамын, сол дүние, қайырлы болар ма? Мен дүние қуғам жоқ
едім, бірақ қызықтадым. Мына алдарыңа келген сары самауыр, бүйірі
майысқан жез самауыр, ақ құман, кəрлен шыныаяқ – бəрі өз қолыммен
жиған дүниелер. Ең алғаш қала шығып, ең алғаш ауылға əкелген
қазаққа жаңа дүниелер. Əкем марқұм ұста еді. Соқпайтын дүниелері
болмайтын. Мен көрік басатынмын. Сонда қара терге түсіп соғатын ат
тағасын, айыл-тұрман, арба доңғалақтарына тартар шенге дейін енді
базардан, орыс қолынан, қой беріп, еш қиналмай-ақ алатын болдық.
Орыс қолынан шыққан мық шегеден бастап, дүп шегеге дейін
қызықтап жинадым. Енді осыны жасар ма екенбіз деп, біз де үйренер
ме екенбіз деп қуандым. Анау қап-қара темірі қалған ақ кереуетті де
Орынбордан ауылға əкелген мен едім. Мынау менің еңбегіммен тапқан
кереметім деп мақтан еткем жоқ, көріңдер, қолынан өнер тамған
осындай ел бар, үйреніңдер деп əкелдім. Шорманның Мұсасын білетін
боларсыңдар. Аса кемеңгер, дана адам ғой. Сол бар, шен-шекпенді көп
қазақ, атақты Саққұлақ та бар, алғаш рет Петерборға бардық. Бұл бір


үлкен хикая. Сонда елге қайтарда, Мұса бəрімізден де ақылды, дана
сөз айтты: "Петерборды көрмеген адам дүниеге келдім дегені бекер,
Петерборды көрмеген жан ертең жұмақты көрем дегені жалған".
– Мынау шынында да жақсы айтылған сөз екен, Естімеп едім, – деп
Ақан Ғазизге қарады.
– Бір артығы жоқ, рас сөз. Біз Петерборды көргенде жаңа туғандай
болдық. Көп жасадық, көп көрдік деп кеудемізді керіп, төсімізді соғып
жүрген бір дүниеге жаңа ғана көз тоқтатып қараған сəбише аузымыз
ашылып, айналамызға қарай бердік. Тоймай қарадық, түсімізде
көргендей түсінбей қарадық. Анау құйма тастардан құйған зəулім
сарайлар, өзен бойында сапырылысқан алып кемелер, мың-мың
ғаскер. Айта берсем, бүгін тауыса алмаймын. Шіркін-ай, біз де
осындай ел болар ма екенбіз деп армандадық. Алпысымда анасының
тар құрсағын жарып шыққан балам осы Жайынбек еді. Анасы бір
жылдан соң дүние салды. Бұрын ұл-қыздарым тұрмай, осы ұлым ғана
елге індет боп келетін талай өткелден аман өтіп, тірі қалды. Ендігі
қуатым, орны толмаған арманымның басшы төлі деп орыс оқуын
оқыттым. Тілмаш болып елге оралды. Келе оралымды болды. Маңына
ұлық та, байлық та оңай орала берді. Бақсам, ұлық деп жүргенім
қорлық екен де, байлық деп жүргенім ұрлық екен. Орыс оқуын оқып ел
көсегесін көгерте ме деген ұлымның ел керегесін сөгетін зұлым
екеніне көзім жетті. Шағыммен жылап келгенді жыландай шағады,
сүйеніш іздеп келгенді сүліктей сорады. Талай рет қолынан қақтым,
əкелік билігімді жүргізіп, теріс жолынан бұрдым. Жағаласпа тізгінге
деп, атадан мирас тізгінге сұм, сұғанақ қолымен жармасты. Ақыры
жеңді. Арманына жетіп жеңді. Қажып жеңілгем жоқ, бұ жолы Хақ
тағала болысты ұлыма. Он жыл болды, құлағымнан айырылдым.
Құлағы кереңнің сөзінде мерей жоқ. Құлағыңмен естіп, жүрегіңнен
өткізбей, жұртты тыңдап, ой қорытпай сөйлеген сөзінде мəн жоқ. Ол –
мылжың сөз, құнсыз сөз. Менің тірідей өлгенім осы еді. Енді кіріп-
шығар бұрынғы құрдастарым да жоқ, қай үйге барып, ұлымды
жамандайын. "Əй, қақпас" атанғанша, үйде домалап, өлім күтіп
жатқаным артық шығар. Бұрын көрші ауылдардан халімді біліп,
ағайын-жұрағат келіп-кетіп тұратын. Жайынбек оларды да тыйды.
Бойын үйретпейін дейтін шығар. Кім білсін, жаңа заманға залым бала


да керек шығар. Содан бері кісі жүзін көрмей, қолынан ас беріп,
ешкімге дəм татқыза алмай, ешқайда бара алмай, басыр боп мына
Айшырақтың да шырағы сөнді.
Заманбай ақсақал қайта құйған ыстық шайды үрлеп ішіп, ұзақ
отырды. Шайдың буы ма, əлде ойдың буы ма, жұқарған қабақ терісі
салбыраған мұңды көзінде жылтылдаған жас бар. Алысқа ұшқан
балапандарының тағдырын ойлап, шың басында үнсіз мүлгіген қарт
қыран сияқты мына алып адамнан май басар Жайынбек туды дегенде
ешкім сенбейтіндей.
Замекең басын көтеріп алды, көзі күлімдеп, тағы да сергек сөйлеп
кетті.
– Əкем марқұм қызыл шоқта беті қып-қызыл боп, ыңқ-ыңқ етіп
ауыр гүрзі балғамен темірді қамырдай илеп тұрып, тісі ақсиып күлетін
еді. Сөзге сараң адамның айта беретіні бір сөз: "Əй, Заманбай,
Заманбай, сенің заманың бай болар ма екен, заманыңның жаман байы
болар ма екенсің. Заманбай, Заманбай, Жаманбай атанбасаң жарар еді"
дейтін. Бертін ойласам, менің атымды Заманбай қойғанда, марқұм мені
заманның байы болсын демей, заманы бай болсын деген тілек тілеген
екен-ау. Мен де ұлымның атын үлкен тілекпен қойып едім. Бұл – нағыз
орыс заманында, орыс патшасының билігі жүргенде туған бала.
Бұрын Заманбайды көрмеген Ақан сері мен бұрын де, əңгімесін
тыңдамаған Ғазиз ақын, алыс-жақынды болжағыш, ойы шыңырау,
көңіл көзі жіті қартты сөзіне құмартты. Сырт қарағанда ештеңе
білінбейтін мына үйдің ішінде қандай ғажап тіршілік жатқанына
таңқалысты. Заманбай қарт үнсіз томсырайып отырған екі жігітке
тесіле қарады да, тағы да ойлаған ойларының тап үстінен түсті.
– Солай, балаларым, қызық емес пе, бір қораның астында əкелі-
балалы екі үй, үнсіз жауласқан екі үй тұрамыз. Қайсымыз жеңеміз.
Əрине, бала жеңеді. Заманбайды шабақтай жұтады. Бірден жұта
алмайды. Батыр өлексесін тамтұмдап қылғыта береді, қылғыта береді.
Мен одан да қорқып отырғам жоқ. Батыр бірлік өледі. Əттең, шіркін,
қазақ даласында жүз-жүз, мың-мың үй бар, сонда шабақтар көбеймесе
екен!..


Есіктен бағанағы шақылдақ бала кірді. Қолында сырлы аяқ.
Қонақтар жаңа аңғарды; тоғыз-ондарға келген бала тура Жайынбектің
аузынан түскеңдей. Айырмасы – бала арықтау, қағылез. Егер ойша сəл
өсіріп, семіртіп, Жайынбектің киімін киіндірсең егіздің сыңары дерлік.
Өгіз бен бұзаудың ұқсастығындай.
Бала іс-міс жоқ, бағанағы жүрісімен тарс-тұрс бағып келді де,
дөңгелек столдың үстіне аяқты сарт еткізді.
– Əй, кемпір, – деді Айшырақ шешейге, – мына кəрі жілік –
саңырау шалға, өзіңе – ана кесек ет. Ал і ендерге? – Бала екі қонаққа
қолын шығарды.
– Өй, əкеңнің, – деп Ғазиз ұмтылғанша болған жоқ, қылмаң еткен
бала есікке бір-ақ барды да, қайта бұрылды:
– Бəрібір сендерге ет жоқ, бəрін қонақтар жеп қойды, Мəһ, Мəһ! –
деп бұтын саптап, шығып кетті.
Іштегілер күлген жоқ. Қабақтарын қан жауып үнсіз қалды. Стол
үстіндегі етке де ешкім қол апарған жоқ. Əлден уақытта барып, ойда
отырған қарт:
– Жайынбектің үлкені. Аты – Майырбай. Естеріңде жүрсін, кейін
өскенде бұл баланың бетін де көресіңдер, – деді, сөзін екі-ұшты етіп.
Атасының бауырында əңгіме тыңдап, маужырап ұйықтап қалатын
момақан-бауырмал ауыл балаларындай емес, бұрын-сонды қазақ
даласында ұшырмаған, тентектігі де бір жосын жаңа немере, қала
чиновнигінің баласы Майырбайдың мінезіне Ақандар қайран...
Бұлар Заманбай ақсақалдың үйінен шығып, қараңғы қора арқылы
Жайынбектің отауына келгенде, бағанағы карташылар жағынан айғай-
шу шығып жатты.
– Тоқтай тұрыңыз...
– Жарайды енді, түсінісейік...


– Жо-жоқ! Сендермен ендігəрі карта ойнасам ба...
– Түк ұяттарың жоқ...
– Енді біздің жазығымыз не?
– Жоқ, енді бір минут аялдауға болмайды,- деп орысшалған сөздер,
абыр-дабырдан соң, есіктен жұлқынып бағанағы қап дамбалдың ызба
бауындай бауы бар пенсне таққан ұлық пен Радзилевич, олардың
шаужайына жабысып Жайынбек, Ердендер шықты.
– Киімім қайда?
– Мантомды əкел, – деп, бой бермеген ашулы қонақтар сыртқы
есікке ұмтылды.
– Біз де кетсек қайтеді! – мұндай сыйсыздықты алғаш көрген Ақан
бұдан əрі енді шыдай алмасын біліп, бұл үйден кетпекші болып еді,
Ғазиз құлағына сыбырлады.
– Ақан аға, бір рет шыдаңызшы, бұл енеңді ұрайындардың
қызығын көрейік, бір рет, жүріңіз ана жаққа кіре тұрайық, біздің неміз
кетті, – деп Ақанды жетектегендей етіп, екінші бөлмеге кірді.
Ортада орысша жасаған стол маңында отырған кілең əйелдер
бастарын көтеріп, Ақандарға сұлу-сыпайы жүзбен сызыла қарап,
еріндері жыбырлап, екі ақынның сəлемін алды да, үнсіз қылымсып,
монтия қалды. Бұл бөлменің де жасауы алабажақ, келіншектердің
киімдері де алабажақ. Мосқалдау əйелдер алақандай-алақандай қарала
кавказ қапсырмаларын таққан қызыл, жасыл барқыт камзол киген де,
бастарына бөртпе, кəріс шəдіні салған жастау келіншектердің киім-
киісі кент адамдарына ұқсайды. Үнсіз томсырая-томсырая қалған
тыныштыққа еті үйренбеген қалжыңшыл Ғазиз отырып дарға естірте
Ақан серіге қарады.
– Ақан аға, мына жеңгейлердің ұсқыны тура ана жақта жүндері
үрпиісіп, төбелесіп жатқан қораздарын да шаруасы жоқ бейғам
тауықтар сияқты екен.


Ғазиз өз сөзіне өзі рахаттана күлді. Əйелдер жағы да мырс-мырс
етіп күліп жіберді. Ақан да əйелдерге жымия қарап, тамағына оқыс
тірелген күлкісін зорға тыйды: "Шынында да мына əйелдер көк,
жасыл, қызыл қауырсынды, бөтегелі семіз тауықтарға ұқсайды".
Кеудесін кере түсіп, еңсесін көтерген жалпақ бет, танаулы жасамыс
əйел сөз есесін жібермей:
– Қайным, онда ана жақтан қашып келген сен де балапан əтешсің
бе, бізге қосылған тауықсың ба?! – и м іліп түскенде, бəрі де енді еркін
жазылып, сылқ-сылқ күлді.
– Жеңеше-ау, біздің тауық емес екенімізді көріп отырсыз ғой. Кəрі
əтештер бірінің айдарын бірі жұлып жатқанда, тауықтар жұмыртқасыз
қалмасын деп келген бөтен əтештер екеніміз рас, – деп, Ғазиз де
қалжыңаға қалжыңмен жауап беріп, Ақанға қарады, – Ақан аға, осы
шынында да бала кезімде қораздарды көп төбелестірдім. Тауықтар,
қашанда, қораздар төбелесіп жатқанда, бір ара түсіп, араласпайды,
жайбарақат жемін шұқып, жүре береді. Тегі, "қай жеңгенің менікі"
дейтін болса керек. Тауыққа заты əтештің бəрібір ғой.
– И-и, Хһəзиз, əттең інікəйім боласың, əйпəгəндə сицə яқшилап
турып, яуап биргəн булар им, – деп, сүйріктей ақ саусақтарына
саусылдата таққан жүзіктері, құлағындағы сырғасы, аузындағы
тістеріне дейін түгел алтындатқан ақсары, бəденді, аппақ жұмыр
мойынды татар келіншегі сөзге араласып, жаңағы мосқал келіншек
тағы да танаулай бергенде өрт сөндіргендей болып карташылар кірді.
Ақандарды көзіне де ілмей, столдың ең төріне, татар келіншегінің
қасындағы бос орынға өткен Тұрлыбек тұлданып, əлдекімнің жер-
жебіріне жете отырды: Орыс ұлықтары, тағы екі қазақ шенеунігі жоқ,
кетіп қалса керек:
– Тылтың-тылтың етіп жөпшендіге көнбейсің, үлкенге кішінің бір
ілтипаты деген болушы еді, жағаласып қоймайсың. Жеңіле қалсаң
хандығыңнан түсемісің, ата-бабаңның бар жиған-тергені кететіндей,
жаның шығып, өлерменденесің келіп, бастығың, төрең емес пе, оныкі
қате болса да сыйлай салсаң, содан ризығың кеми ме, беделімнен
айырыламын дедің бе!


– Тұреке, енді, "ойында өрелік, тойда төрелік жоқ" – деп, қара
бешпентті, қара мұрт жігіт бұртиып еді, Тұрлыбек қолын бір-ақ
сілтеді:
– Қой əрмен, тайталаспай. Ойында өрелік!.. Одан да ойын білмес
бала əкесінің сақалымен ойнайды десеңші. Əй, Жайынбек, құйсайшы
мыналарыңды, үнемдеп алып қалайын деп пе едің?!
Стол үстінде жартылай-жартылай қалған сүйретпе шыныдағы
арақтарды Жайынбек бұлтыңдап жүріп құя бастады.
– Сенікі расында қателік болды, – деп, Ерден де қабағын шытынды.
– Қателегі не, масқара, ұят болды, мына қазақтар кісі сыйлаудан
қалып барады екен деп кетпей ме? Жол-жобаны білмесің бар, несіне
бас қосқан жерге тыртыңдайсың! – Тұрлыбек кəрлен шыныаяққа
құйған арағын ешкімге соғыстырмай қағып салды.
– Онда кетейік, ендігəрі жоламайық, – деп əлгі зəбірленген жігіт
орнынан тұра беріп еді, Жайынбек жүгіріп келіп, иығынан басып,
ыржалақтады:
– Қой, Асылкожа, ағаңның үлкендік сөзіне...
– Енді кеттің не, кетпедің не, – Тұрлыбек əлі де тақымдай түсіп еді,
қасындағы татар əйелі араласты сөзге:
– И-и, Тұрлыбек, бір сүйлəсəң, тігі, қуп суйлəйсың житты гой,
əтəшлəр хатлі шапылдай бирмəй! Хатун-харшықлар түгіл, иркəк
битсинлəр. Ананда мына хумикнарнын иырын тың лайық, харт ойнап
ішіп алсандар, бик исіріп, тилі буп китəсіңлəр!
Ащы тілді əйеліне Тұрлыбек қарсы келе алмай:
– Иарый, иарый инді, əнкəйі! - деп, татаршалап күлгеннен басқа
қауқар жасай алмады. Басқа қазақ əйелдері үнсіз, ерінің бетінен алып
тастаған сұлу келіншекке көздерінің астымен қарасып қана қойды.


– Иə, айтпақшы, Ақан аға, ғапу етіңіз, сізді танымай қалдық, - деп
Асылқожа, енді Тұрлыбектің зілді сөзін лезде ұмытқан сыңаймен
орнынан тұрып, серінің қолын алды. – Жайынбек, домбыраң қайда,
домбыраң, осы карта жүрген жерде, парт жүрмейді, адамгершілік
партты айтам. Ақан ағаның жаңа "Құлагер" əні бар дейді, естиікші.
– Əуелі тамақ ішпей ме қонақтар, – деп, Ерден туралған семіз қой
еті, жылқының сүрі араласқан үйме табақ суыған тағамға қарады.
– Қатын-ай, қате-е-ен, сорпа, ыстық сорпа! – деп ауыз жаққа
айғайлаған Жайынбек арақтарды тағы да құя бастады. – Өлең қайда
қашар дейсіздер, əуелі тамақ алыңдаршы, шынында картаға алаң
боламыз деп түк жемепсіздер. Қымыз əкеліңдер, қымыз! Мұнда арақ
ішпейтіндер бар екен-ау. Жеңгейлерге қымыз! Əй, қатын, қайда кетіп
қалдың, қате-е-ен, естимісің!
Тұрлыбек Ақан серінің келгенін жақтырмай отырған. Оның
барымташылар ісін қуып келгенін жақсы біледі, бірақ қанша қанық
екенін біліңкіремейді. Паң Нұрмағанбеттен жансыздар келіп,
Көкшетау жағынан Радзилевич жеткен соң, сот жұмысы құпия жүріп,
бəрі ойдағыдай шешіліп жатқан. Түрмедегі барымташыларың да
жауабы оң жамбасқа келіп тұр. Тез арада бəрі бітеді. Ұрылардың
жанашыры, кейін дау қуса осы қуар деген жалғыз Ақан серіні əккі
советник ыңғайы келіп тұрғанда бір ықтырып алғысы келіп, біраз
жұтып, қызыңқыраған соң тиісе бастады.
– Ау, Ақан, Құлагер демекші, Сағынай марқұмның асында мерт
болған атыңды керейлер өлтірді деп, керей біткеннің жылқысын
айдатып алыпсың. Керейлердің түк жазығы жоқ, Құлагерді өлтірген
Батыраш деген сөз бар. Есеңді алтайлардан қайырып, керейлердің
малын өздеріне қайтарып бермейсің бе?
– Иə десейші, қыруар мал, оған керейлер неғып шыдап жатыр? –
деп, Ерден де түк білмейтін адамша таңырқай қалды.
– Шыдағанда, олар да қайтсін, арыз айтып жүрген көрінеді, мұның
аяғы Ақанға да оңай тимесе керек. Жүйрік ат ұстаймын деп басыңа


бəле тілеп алған екенсің, барымта дегеннің күні қалған шаруа, ай, арты
қиын болады-ау!
– Анада Жантастың Нұрпейісін қазақ зираты жағында белгісіз
біреу атып кетіпті, Құлагерді өлтірген сол деп, атқан қанжығалы
жігіттерінің бірі дейді. Оны да жұмсаған адам бар ғой. Ертең зерт
соңында ашылса, түбі бұл да жақсы болмас, қаншама адам
қырылысып, керей-карауыл боп сойылдасыпты деседі, осының бəрі
Ақанға төтеден киліккен кесел болмаса неғылсын! – деп Тұрлыбектің
көмейін түсінген Ерден де серіні аяғансып қалды. – Басыңа ылғи бəле
тілеп аласың-ау, Ақан шырақ!
Осы үйге келгелі тумысында мұндай қорлықты көрмеген Ақан
Тұрлыбек пен Ерденнің осынша ширатылуына зығыры қайнаса да
өзін-өзі зорға тежеп, қалжыңмен жауап берді:
– Ə, Ерден Сандыбай ұлы, Тұрлыбек керей ақсары құрсарының
таланған малына жаны ашып, қимасы қышитын шығар, ал бағаналы,
саған не жоқ? Мен болсам, екі елдің арасын біріктіріп, жігіттерді
қаматтырған кім екенін білмекке, қолымнан келсе арашашы болам деп
жүрген Құлагердің иесімін. Сен болсаң, ара ағайын, қарауыл мен
керейдің осылай қырылыстырып қоямысың? Баяғыда біліміңмен емес,
ақшаңның күшімен Шоқаннан сұлтандықты тартқандай ғып алып ең.
Содан бepi сен атқарды деген не бір əділдікті, не бір жұртыңа пайдалы
өнеріңді ести алмай-ақ барамыз. Осы тұста бір қимылдап қалмайсың
ба? Əлде қолыңнан билік кетіп пе еді?
– Не жақсылық жасау керек? Бір атым өлді деп, екі елді
қырылыстырып қойған өзің емеспісің. Жүрген жерің лаң. Осы
сендердің-ақ надандықтарың түбімізге жеріп болатын шығар, – деп
Тұрлыбек енді Ақанға ашықтан ашық ұрынды. – Егер, керек десеңдер,
ертең-ақ осы барымтаға қатысты айыбын тартқызайын. Сонда, Ақан,
сенің күнің не болар екен. Жақсылықты білмегенге əділдікпен көзіне
шұқымасаң, əсте түсінбейді. Бұл қазақ қай жақсылығыңды ұғып
жатыр, шетінен қараңғы, топас!
Сыртынан аты таудай естілетін арынды да, алғыр да, бетіне жан
келтірмейді дейтін Ақан серіге басқалары і и пай қарасты. Ақан үнсіз.


Тұрлыбек əйелдердің алдында бір желпініп, ақынды бұдан сайын
бұқтырып алғысы келді:
– Қайда жиын-той болса қаңғырып, қайда дау-жанжал болса
далақтап, аттан салып шапқаннан басқа ие білесіңдер. Біреудің
шиқанын көрсеңдер қашан соның уы шыққанша сығып, біткен жара
болса, қайтадан тырнап, соның қотырын қоздырғанша əлексіңдср.
Сағынай асына шақырусыз бармасаң түк пəле жоқ. Енді, Ақан, төле
ана Нұрмағанбеттердің жылқысын, тірілтіп ал ана төбелесте өлген
азаматтарды. Жо-оқ, қанша кешірімді десек те, шыдамның да шыдамы
бар. Ақ патшаның əділ заңы енді бұлай көп талтаңдатып қоймайтын
шығар. Мен де əділ заңның əділ кеңесшісі бола отырып, жауырды
жаба тоқымайтын шығармын. Айтпай-ақ істемек ем, мына келісің
айтпауыма қоймады. "Өлетін бала молаға қарай қашады" дейді.
– Міне, міне осы бір сөзің дұрыс, – деп қалды Ақан зорға шыдап. –
Ақмола адам тұратын қала ма десем, өлік қоятын молаға айналдырып
барады екенсіңдер. өте дұрыс айттың, тауып айттың.
– Дұрыс болмағанда Тұрекең қай жерде қисық сөйлепті, – деп, үй
иесі қосылды төтеден. Үйіне шақырған қала чиновниктері асыққа
таласқан балаларша карта ойынымен ырың-жырың айтысып кетіп
қалған соң, іштей қатты толқыған Жайынбек енді мына Ақандардың
қалған қонағының шырқын бұзғанына ашуланып, қалай соқтығарын
білмей отырған, – Тұреке, Ереке, кешіріңіздер, бүгін өзі сəтсіздеу күн
болды. Шақырған қонақтарым да, шақырмаған адамдар да
абұйырымды төгуге келген екен. Бəрін бастаған осы Асылқожа!
– Ө-ой, – деп Асылқожа да тарпа бассалды. - О несі-ей, бəрі ашуын
тырнадан алады деп, жетті ғой! "Жуас түйе жүндеуге жақсы", бұдан
былай сенің үйіңе аттап бассам Құдай төбемнен ұрсын!
– Ай, Асылқожа, сен таусылмай-ақ қой. Саған айтқан сөз, əншейін,
қызым саған айтам, келінім сен тыңданың кері. Бар сөз, бар жаманат
Ақан ағама айтылып жатыр. Қайтесің, – деп Ғазиз Тұрлыбекке қарады.
– Сіз де таусылмаңыз, біз енді қайтып бұл үйге бас сұқпаспыз. Бұл
жолы үлкен шаруамен келіп едік, сіздерді андып жүр деймісіз.


– Жарайды, шаруа-маруаны қайтесің, – Жайынбек шыжбалақтап
қалды: "Тақия тастамақ ойнаса, таздың арты қыпылдайды".
– Əйə, бус суз немə кирəк. Иыр иырлайықшы ананда. Син дə,
Турлибек, суз юкта, суз кузлатуға əуəссиң, – деп татар əйел сөзге
араласып еді, бұл жолы Күшенұлы жамағатының бетінен қақты.
– Сен немене түсініп отырсың. сөз қоздырып! Мен қайбір сөз
қоздыруға құштар дейсің, реті келген соң айтып жатырмын. Ақан, –
деп, серіге қайта шүйлікті, – ел басында отырған соң, үндемей қалуға
дəтім шыдамайды. Жақында сенің осында жүргеніңді естідім. Аядай
қалада сөз жата ма. Естідім де қынжылдым – дау қуып жүр деп
естідім. Дау емес, сенің қуып жүргенің жанжал. Жанжал емей немене,
екі елдің арасына от тастағаннан басқа сенің бұл жүрісіңнен жұртыңа
не пайда. Керей малына қарауыл жігіттері барымта жасапты. Өтірік
пе? Ақыры, "ұры арты – бір тұтам" ұсалыпты ол жігіттер. Осында
айтады. Жалған жала емес, жазықты айыптыларға ара түсем деу
хүкіметке сенбеу, өзі де алабұртқан қауымға іріткі салып, шақшадай
басты шарадай қылғаннан бөтен бұл жүрісіңнен титімдей қайыр жоқ.
Егер ол жігіттерді мал алуға жұмсамаған екенсің, онда бұл іске
араласып, не шаруаң баp. Тиісті орын тиісті жазасын береді...
Бағанадан бері сені көргеннен айтпағым осы еді. Бос қырылысты,
жанжалды қоятын уақыттарың жетпеді ме... Жəрəйді, енді осымен
доғарайық, көне, шынында да өлең айтыңдаршы. Ғазизге домбыра
əкелші, Ғазизге. Сен сырнайсыз айта алмайтын шығарсың?
– Е, сырнай да, домбыра да бар, – деп Жайынбек ауыз жаққа тағы
айғай салды. – Əй, қа-те-ен, домбыра, сырнайды əкеліңдер! Тиегі бар
ма екен өзінің. Балалар жоғалтып тастайды. Бұл үйде ешкім тартпаған
соң, домбырада құн да жоқ, əшейін келімді-кетімді қопақтарға ермек
болсын деген ілдабай.
– Домбыра келді. Ілдабай десе ілдабай. Ала сыдырылған добалдай
ешкі ішегі шұбатылған, пернелері анда-санда əр жерден бір байланған,
тиексіз, əншейін үш бұрыштап добалдай салған, əйтеуір, аты домбыра.
– Ой, Аллай, ат иесіне тартады демекші, мына домбыра тура
Жайынбектің өзі сияқты екен, – деп домбыраны алдына өңгеріп,


аударып-төңкеріп Ғазиз таңдайын қақты. – Мұны тартқан да арманда,
тартпаған да арманда!
– Бізге сол да жарайды. Сен құсап əулекіленіп ел қыдырған өлеңші
емеспіз, - деп Жайынбек ыржия күліп, самауыр түймішін берді. – Мə,
одан да тиек жаса, бос сөзді қайтесің, өлеңіңді айтсайшы, езіп ішесің
бе, үлкен кісілер сұрап отыр, əйтпесе маған көктиынға да керегі жоқ.
Дəм үстінде, əйелдер алдында ретсіз шаптығуды бойына шақ
көрмей Тұрлыбекке қалай жұмсақ отырып, қатты жауап беруді ойлаған
Ақан сері Ғазиздің қолындағы домбыраны алып, тиекті сылтауратып:
– Ғазиз, сен тиек жасағанша, мен бір əңгіме айта отырайын, – деді.
– Е-е, айт, əңгіме дегенің жөнге келеді, – деп, Ерден бұрын басынан
сөз асырмайтын Ақаннның бұлай жуасуына іштей таңырқады. Енді
əңгімені басқаға бұрғанды мақұл көрді.
– Ақан аға, сосын өлең де керек, өлең, – деген Асылқожаны:
– Иə, өлең тыңдасақ екен, – десіп, əйелдер жағы да қостады...
– Мен осында келгелі біраз уақыт өтті. Күнде жандарал кеңсесінің
алдына барамын. Жақында сол адамдардың ортасынан бір ғажап
уақиғаға кезіктім. Бұл ертегі де емес, өң мен түстің арасындай адам
сенбес, көрсең ғұмыр бақи есіңнен кетпес үлкен жыр, – деп, Ақан
домбыра шанағын сипап, іздегендей сəл бөгеліп, тұнжырап отырды да,
қоя аяқ қазақы арбада таңулы перизат Күлназияның қасіретті күйін
"Мың бір түн" хикаясындай мұңлы-зарлы əуенмен нақышына келтіре
əңгімелеп берді.
– Адам баласын мұндай да сұлу етіп жарата береді екен, сондай
сұлуға соншама қайғы да жамай береді екен. Əкесі байғұс неше күндер
бойы телміріп, есік күзетіп жүргенде, кімді іздеп жүр дейсіңдер?
Тұрлыбек, сені іздеп жүр екен.
– Мені?! – Қайғылы əңгіменің əуенімен отырған Күшенұлы шошып
кетті. Үйде отырған əйел-еркегі бар – бəрі Тұрлыбекке қарасты.


– Иə, сені, – деді де Ақан, тағы да іркілместен əңгімесін жалғап
кетті. – Одан соң көргенім өңшең жаралы жандар. Үстері жұлым-
жұлым, он екі мүшесінде сау тамтық жоқ, дала бөрісіне де, ауыл
төбеттеріне де таланған мүсəпірлер, ішке түскен шүңірейген көздер,
терісіне ілінген еттер.
"Бұл неғылған жандар" десіп, отырғандар Ақанның аузына қарап,
ұйып тыңдады. Сері əңгіме басын ертегідей бастап, біраз қызықтырып,
алған соң барып, жер дауымен жүрген, еккен егіндерінен айырылып,
əділдік қуып келген дала қазақтарының мұңын өздері айтқандай
тапжылтпай жеткізді де, əңгіме аяғын тағы да əлгідей қайырды.
– Олар кімдер іздеп жүр дейсіңдер? Тұрлыбекті! Тұрлыбек, сені
іздеп жүрген екен.
– Тағы да мені? – бұл жолы Күшенұлы орнынан шоршып кетті.
– Иə, сені, – деді тағы да Ақан.
– Ау, мені қайтеді, менде не шаруалары бар?!
– Тұрекеңді танитын болар.
– Ағайындарыңыз шығар, Тұреке, – десіп жұрт кеукеулеп келе
жатыр еді, Күшенұлы қолын бірақ сермеді.
– Неғылған таныған, əншейін қазақ болған соң алжи береді де,
əділдік керек болса, губернатор мен ояз тұрған жоқ па, мені қайтеді.
Бағанадан əлгі əңгімелерді бекер көңірсіткен жоқ екенсің, түтініңді
жаңа ұқтым, - деп, өзінің шын алданғанына қапы қалғандай, қарсы
сөзге ыңғайлананып келе жатыр еді. Ақан сері селдете құйған
нөсердей төпелеп, аузын аштырмай тастады:
– Ұқсаң – сол. Тұрлыбек, мені неге іздейді дейсің. Сені іздемегенде
кімді іздейді. Қазақ елі орыс патшасына бағынғалы қазақ даласына
жаңа тəртіппен орнаған жаңа кенттердің бірі Ақмола болса, жаңа
қауым – оқыған қауымның басы сендерсіңдер – Тұрлыбек, Жайынбек,
мына Асылқожа. Ертеңгі ұрпақ осы заманның жақсылық-


жамандығына сауалды Шоқаннан, сендерден, сендер сияқты басқа үш
жүздің орысша оқыған азаматынан сұрайды. Əттең не керек, асыл
Шоқанды ерте қудыңдар орталарыңнан. Тұрлыбек, сені əкең орыс
оқуына бергенде, ертең орысша нан сұрай алмай өліп қалар-ау деп
бермеген болар. Еліне, жеріне тығын болсын, өрісі жеткен жерге сөзі
жетпей есесі кетер ер-азаматы болса соның сүйеніші болсын деп
тілеген шығар. Бірақ, сен келгелі мені құстаналаймын деп отырып, өз
өренді, өз деңгейіңді көрсетіп алдың. Қанша жасырсаң да, аузыңды
ашсаң, көмейіңнен "керейлеген" ру ұрандап тұрады екен. Қазақтың
оқыған азаматы ма десем, керейдің ғана азаматы екенсің, қазақтың
қамқоры болуға жараған азамат па десем, керейден басқаны қорғауға
қауметің келмейтін дəрменсіз жан екенсің. Сені сыртыңнан жұрт
таудай көріп ығыңнан пана іздейді, жоқ, сен аз керейдің түтініне
қалқан болар бөріктей төбе, тақиядай ғана дөң екенсің... Жарайды
ендігісін өлеңмен айтып берейін, кейінгі жастар айта жүрер, - деп
Ақан Ғазиздің қолынан тиек алып, бырқ-бырқ еткен жарық
домбыраның құлақ күйін келтіріп, пернелерін жөндей бастады.
Тұрлыбек əйелдер алдында түңғыш рет соққы жеп, мəңгіріп қалды.
"Ақанға соқтығып не шаруам бар еді. Енді мен туралы бір ауыз өлең
шығарса, ертең-ақ мына Ғазиз елге таратады. Əнмен тарады дегенше,
бүкіл қазаққа жетті дей бер. Қайсысының аузына қақпақ боларсың. Əй,
осы ақын дегеннің бір жаман жері – не айтса, сөзі жерде қалмайды,
күн құрғатпай ел кезіп кете береді. Нем бар еді Ақанда, нем бар еді.
Енді əнмен масқараламаса жарар еді. Қалай қайырарсың қызып алған
аруақты кəпірді" деп іштей толқып, қабағы салбырап отыр.
Асылқожа көп ойланып отырып, басын шайқады:
– Ай, Жайынбек, шынында да, былай ойлап қарасақ, бүгінгі қауым,
ертеңгі қауым алдында біздің жүгіміз ауыр екен-ау. Біз ғой, карта
ойнап, арақ ішкенге мəз боп жүрміз.
– Мынау бір көптен ойда жүрген нақыл өлең еді, əзірше əні жоқ, –
деп Ақан домбыраны бір-екі шертіп-шертіп жіберіп, тақпақтай
жөнелгенде, Тұрлыбектің жүрегі су ете қалды.
"Көкқұтан монын созып қаз болмайды,


Шөл-құмайт көк шалғынды саз болмайды.
Жамандар жайда жəрдем бермек түгіл,
Тар жерде басын бақса аз болмайды,
Тұрлыбектің екі иіні түсіп, басы салбырай берді. Ақан басын
көтере түсті:
"Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,


Ел жаңылып, етегін басқан жерде,
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Жабысып қалады екен аспан жерге,
Тар жерде қолдың ұшын бергенді айтшы,
Екінің бірі мырза тасқан жерде,
Жамандар кере алмаған қылады өсек,
Лайық заманында асқан ерге.
Шапса да қанша жабы, жүйрік озад,
Болмайды кім үміті қосқан жерде.
Билер бар тер алдында тасырайған,
Жол табар кесем қайда қысқан жерде?
Тұрлыбек əлдекім төбесінен ұрайын деп келе жатқандай, бүрісіп,
бұға түсті. Жайынбек үлкен қонағынан қысылып, ақынды тоқтатпаққа
оқтала беріп, дəті бармады. Ақан болса екі иығын қомдап, отты көздері
шоқша жайнай түсті.
Жабыға тоқым салма жалы бар деп,
Жаманға басынды име малы бар деп,
Жануар деп сипайды əрбір малды,
Шошқаны кім сипайды жануар деп.
Сауысқан шықылықтап сұңқар болмас,
Мəстекті мақтағанмен тұлпар болмас,


Кей адам мал бітті деп масығады,
Бірақ та, сол жаманға іңкəр болмас,
Су шықпас қазғанменен тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді сау басынан,
Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,
Ер жігіт жаңылады тəубесінен. –
деп, жаңа туған əнсіз өлеңді мақамдап, келістіріп айтып берді де,
Ақан сері сəл үнсіз отырып қалды. Үй-ішіндегілер де, жаңа сөз, тосын
бір əңгіме бастауға себеп таба алмағандай, не арынды ақыннан
қаймыққандай томсырайып-томсырайып отыр.
– Ал, Ғазиз, енді сен бір-екі ауыз өлең айтып бер, осы үйге рахмет
айтып, жүрейік, – деп Ақан домбыраны Ғазиздың алдына тастағанда
барып əйелдер жағы:
– Иə, əн тыңдайық!
– "Құлагер" əнін тыңдағымыз келіп отыр.
– Өзіңіз айтып берсеңіз екен, - деп қолқалай жөнелді..
– Ренжи көрмеңіздер, "Құлагер" əні қатты қайғының үстінде
айтылып қалған жоқтау ғой. Енді қайтып айта алмаймын. Ол айтылған
жерде отыра да алмаймын. Ғапу етіңіздер, ол əнді тап осы Ғазиздей
салатын ешкімді білмеймін. Құсамен отырып тыңдағаным бар еді.
Содан бері бұл əнді Ғазиздің еншісіне беріп ем. Айта ғой, Ғазиз, – деп
Ақан орнынан тұрды.
– Е, сіз жалғыз шықпаңыз, – деп, Асылқожа да серімен бірге тысқа
беттеді...
Таң білініп қалған екен. Қыраулы дала бет қариды. Екеуден екеу
тысқа шығысымен, жан-жағына ұрлана қарап алған Асылқожа:


– Ақан аға, əлгілердің сыбағасын бердіңіз-ау, – деді, – Ай, айызым
қанып отырды. Тым тұшталаңдап кетіп еді. Дəл қышыған жерден
тидіңіз, орындарынан тұра алмастай ұрдыңыз. Жайынбекке бəрібір,
оған сөз өтеді деп ойламаңыз, найсап қой, ол найсап!.. Сыртыңыздан
ғашық боп, көргенше құмартып жүруші едім...
– Асылқожа, – деді Ақан, – сені мировой судьяның тілмашы деп
естідім бе?
– Иə, сондай бір болмашы қызметіміз бар.
– Онда шын сыйласаң, айтшы, бұрын кездестіре алмай-ақ қойып
ем, жəне тым кешірек естіп қалдым өзіңді, менің немен жүргеніме
көзің жетті ғой!
– Иə.
– Ендеше біздің жігіттерден не хабарың бар? Сен білуге тиіссің.
– Ақан аға!..
– Егер бүгін, бұл арада айта алмасаң, ертең бір жерде кездесейік,
уəде болсын!
– Жо-оқ, ондықтан емес, Ақан аға, көңіліңізге келмесін, бұл
жөнінен көп ештеме айта алмаймын. Себебін сұрамаңыз.
– Енді...
– Бүгін айтарым да, ертең айтарым да біреу. Тыңдаңыз... – Ақан
Асылқожаға жақындап, жабыса түсті. – Жігіттер осында – түрмеде...
Жағдайлары жақсы емес. Түрмеде екі рет сұраққа қатыстым. Əрине,
тілмаш ретінде. Жауаптары біреу-ақ "Барымта жасаған өзіміз,
жылқыны құртқан да өзіміз..." Кейбіреулердің күткені осы. Осы жауап
олардың түбіне жетеді. Шамаңыз келсе, тез арада жолығыңыз.
Ұрлатып алған сіз емессіз ғой?
– Жоқ. Арым таза.


– Ендеше, кім алдырған? Айтса, іс те созылды, жолаушының
кешіккенінен үміттен деуші ме еді... Ал, əйтпесе... жаман! Жаман!
Ақан аға! Неге жаман? Кімдер бұған араласып жүрген? Оны
сұрамаңыз. Оны тірімде айтпаймын... Айта алмаймын, Ақан аға!
Менің де бала-шағам бар, арқа сүйер ешкімім жоқ. Шет жағасын
байқадыңыз ғой. Осы арадан кеткім келеді. Тез кете алсам жарар еді...
Біздер əншейін от диірменге салатын бір түйір дəн сияқтымыз. Үге
салады. Қай ұнның, қай кебектің арасында кеткеніңді де ешкім білмей
қалады...
– Иə, түсінемін. Асылқожа.
– Бұдан артық айтар ештемем жоқ, Ақан аға. Жаңа көрдіңіз, қалай
іске алғысыз етіп жерледі мені. Жазығым – ұлықтарға əдейі
ұтылмағаным. Мені мұнда жем қылуға шақырғанын да білемін. Біреу
ұтып, біреу ұтылып жатқан заман ғой. Бар айыбың – кейде көре тұра
ұтылғың келмейді. Егер ұтылдың екенсің, ертең біреуді шырылдатып
қойып ұтуың керек... Ғапу етіңіз, енді ештеме сұрамаңыз. Ал, үйге
кірейік.
Газеті, журналы жоқ қазақ даласында ең тез тарайтын қуатты сөз –
ақын сөзі, билер сөзі. Олар айтты деген сөз, олар берген баға ауыздан
ауызға тарап, тез арада бүкіл ен даланы өрттей жайлайды. Оған
қарамайтын, оны тыңдамайтын адам жоқ. "Тіл тас жарады, тас
жармаса бас жарады" дейді халық. Жаңа ақан атқан удай сөздер ертең
ел аузына жетсе Тұрлыбекке айтыпты десе, бұл үкімнен, бұл айыптан
құтылғанша жарым-жасың құриды дей бер. Тұрлыбек кете-кеткенше
осыны ойлап, қайғырумен болды. Ақыры Ақанның ық жағынан келіп,
бұлаңқұйрық түлкі мінезге түсуді лайық көрді. Жеке бөлмеге барып,
бір парақ қағазға əлдене сөздер жазып, Жайынбектен ескі мөр
тапқызып алып басты, үстіне "Күшенұлы Тұрлыбек" деп қолын қойды.
Үйлеріне қайтар алдында мұздай киініп алған ол Ақан серіні
бағанағы карта ойнаған жеке бөлмеге жылы жүзбен, қолтықтай кіріп
жуаси сөйлеп, өткенді жуып-шайды:
– Сері, өзіңе дегенде көңілімде еш қалтқы жоқ, ел ішінде атыңды əс
көтергеннен бөтен алалық жоқ еді. Қайдан ғана бүгін əлгі бір барымта


жайын сөз еттік. Мына ақ жорға жүрген жер пəле көрінеді ғой,
көрдегіні тірілтіп, сақауды сөйлететін көрінеді. Қызыңқырап
қалыппын. Оның үстіне əлгі бір Асылқожа да ішіп алса мүлдем көзі
тұнып тіршілікті ұмытатын неме, карта үстінде орыс ұлықтарына
тиісіп, берекемізді алмады ма. "Бөрі ашуын тырнадан" деп, ашу
үстінде өзіңмен килігіп қалыппын. Қателігімді соңынан ұқтым, кеше
гөр, бір сөлекеттік өтті, көңіліңе дық ала көрме. Ортамызда жүрген
ардақты азаматымызсың, басқа біреу болса, бұлай алдынан өтпек
түгілі, қайырылып та қарамас ем...
– Ештеңе етпес, ер шекіспей, бекіспейді деген. Менің де есем онша
кете қоймаса керек. Жарайды, өтер іс өтті, енді өкпе айтысып қайтеміз.
Ал, шыныңды айтшы, барымташылар жайында не хабарың, не
жəрдемің бар, - деп, Ақан Күшенұлының көзіне тура қадала қарап еді,
анау тайдырып əкетті.
– Білмеймін, түк білсем бұйырмасын, балаларымның атымен ант-
су ішейін, жай əшейін еміс-еміс хабар. Осы бір болымсыз дау-
жанжалдан бойымды аулақ ұстайын, ағайынның біріне жақсылық
етсең, екіншісін өкпелетесің, осы жолы ешкімді маңыма жуытқым
жоқ. Ал, Ақан, бағана Хасен деген жігіттің қайғысын айттың, өзіңе
шағынған екен, міне – Тұрлыбек іш қалтасынан бүктелген қағаз алды.
– Қызының, не өзінің мазасын алар жан болса, осы қағазды көрсетсін.
Енді оған ешкім де жұғыспайтын болады, маңынан көш аулақ жүретін
болады.
– Рахмет мұныңа, – деп Ақан шын қуанып, мөр басылған қағазды
қалтасына салды.
– Ана, жер дауымен жүрген кедей-жатақтар келесі дүйсенбіде
маған жолықсын. Есіктегілерге айтып қоярмын. Өзің сұраған соң
оларға да бар жəрдемімді аямаймын, күріш арқасында күрмек деп,
олар да өзіңнің арқаңда... оны олардан жасырмаймын да.
– Мұныңа да рахмет. Елдің көз жасын исең, одан артықты кім
қажет етеді...
– Өзің сұрағасын ғана, өзің сұрағасын...


Қонақтар кетіп, жеке қалған соң, Жайынбекпен де шаруа тез
тынды.
– Ал, Жайынбек, бұдан соң саған ісім не түсер, не түспес, енді
ақырғы тілегімді орында, тез арада түрмедегілермен жолықтыра көр,
олар осында екен, анығын білдім, – деді Ақан.
– Қайдағы қияметқайымға жұмсайсыңдар, қазір түрмемен сырттан
қатынас жоқ жəне де айтып ем ғой, деп Жайынбек тағы да қипақтап
келе жатыр, Ақан Ғазизге иек қақты.
– Айтқаныңды орындадық, əрине саған құр бедел сал деп тұрған
біз жоқ... – Ғазиз төс қалтасынан ірілі-уақты көп ақшаны суырып,
жартысын Жайынбектің қолына ұстата салды. Бір-біріне жабысқан
дымқыл ақшаға жеркене қарағандай қабақ шытқан Жайынбек:
– Мынауың немене, қайыр сұрап жинағаннан саумысыңдар,
қалғанын түгел əкел, мынау не болады, – деп ақшаны мұрнына апарып
тыжырынды, – балық сасиды ғой.
Шынында да ақшадан балық шырыны шығады. Əлтай мен
Барыстың бір жұма балық сатып жинаған ақшалары.
– Əй, андағы ақша аз емес, – деп Ғазиз қалғанын бергісі келмеп еді,
Жайынбек арс ете қалды:
– Жетсе, мə, мынауыңды өзің апарып бер. Немене, мен жаныма
басып қалады деп тұрмысың, қазаққа жақсылық жасасаң осы.
Ақан Жайынбекті айнып қалар ма екен деп ойлады:
– Қой, Ғазиз, түгел бер, қажет болса, тағы да қарызданармыз, – деп,
қалған ақшаны да түгел бергізді.
– Əй, Ғазиз-ай, сараңсың-ау, ана моллекеңде ғой неше сандық ақша
бар екен. Осындайда ер-азаматтың жолына жұмсамайсың ба, – деп
Жайынбек ақшаларды тағы бір иіскеп, барқыт шалбарының қалтасына
сала салды.


– Моллекеңде жұмысың қанша, одан да енді көп салпақтата
бермей, айтқанды тез орында. Ақан аға сенің соңында жүре беретін
бала емес...
– Оны сенен сұрамаймын, орындағыш болсаң өзің орында, "Əнші
жоқ Қараөткелде менен асқан" деп шіренгенде қандайсың, қолыңнан
түк келмейді.
– Жарайды, кейін айтыса жатарсыңдар! Ал, Жайынбек, шынында
да мен осында келгелі қаншама уақыт. Ештеңе тындыра алмай жүрміз.
Бар сенгеніміз сенсің. Тым құрымаса енді бізді тезірек жолықтыр!..
– Айттым бітті. Жəкең айтпайды, айтса істейді. Бірақ неше күн
ішінде? Ол арасын ашып айту қиындау. Жасыратыны жоқ, түрмеде
қазір тура Петербургтің өзінен арнайы келген ревизия бар. Бəрбір
қыбын табамыз, ендігі хабар менен болады... Жəкең айтпайды, айтса –
бітті!
17
Таң ата Жайынбек үйінен көңілді оралған Ақандар жатақ қазақтар
мен переселен орыстар тұратын поселкеге жақындай бере шошынып,
аттарын лекіте ұмтылды.
Өңкей қару асынған бір топ салт атты казак-орыстар жасағы сол
арадан шығып, қаланың қалың тұсына беттеп барады. Жүрістері суыт,
қопаң-қопаң шоқырақтап, үздік-создық шұбатыла желіп, бұларға
бұрылмастан кетіп барады. Кейбіреуінің алдына, артына өңгерген
теңкиген бірдемелері бар. Қалың қырау басқан даладай сықырлаған
сұсты топ ауыл қотанындағы қой-қораларға түнде түсіп, бар малды
емін-еркін жайратып, күн шыға мекендеріне оралған ордалы
қасқырларға ұқсайды. Соңдарында биік қорапты арба, оларға жете
алмай, үстінде шошайған екі адамның бірі атты қамшылап-қамшылап
қояды.
Əлтай үйінің алдында орыс, қазағы бар үнсіз үйірілген
балықшылар. Пеш мойнынан түтін шыққан əр үйдің алдында бірлі-
екілі əйелдер, балалар да үнсіз состиып, салт аттылардың соңынан


қарап тұр. Кейбір терезелерден сығырайған шамның өлусіреген
жарығы көрінеді.
Ақан мен Ғазиз ат басын тірегенде ғана өңі қашып сұрланған жұрт
орындарынан қимылдай бастады. Бұл арада Əлтай да, Барыс та бар
екен. Шапаны шұбатылған Новиков та тұр.
– Жарайды, тараңдар, қайғырғанмен бола ма, қолымыздан не
келеді?! – деп гүр еткен Барыс балықшыларды үйді-үйіне таратты.
– Не боп қалды?
– Ана кеткендер кімдер? – деп, Ақан мен Ғазиз жарыса сұрап еді,
Əлтай:
– Атаңа нəлеттер талап кетті, жарайды, үйге кірген соң естірсіңдер,
талай рет жасаған озбырлықтары ғой, а Құдай тағала əйтеуір... – деп,
аттан түскендерді үйге бастады. – Түнімен кешіктіңдер, тегі бір
жақсылық болды ма, əлде...
– Жақсылықтан бір саңылау бар, ал өздеріңіз... не озбырлық тағы
да, таң атпай бұл не сабылыс, – деп Ақан сері асыға сұрап еді, Əлтай
аса саспай, қолын бір сілтеді:
– Бұл қу тіршілікте қу құлқын өлтірмей ме, өлтіргенде: ана бір жас
балықшыларымыз құнығып... Олардың да соншама бүлдіріп кеткені
шамалы... ай жарайды, аттарыңды шөпке қойындар түні бойы аш
тұрған шығар, Жайынбек қайбір көлікке жем бере қоятын қарағым.
Өздерің тамақ іштіңдер ме?
– Тамақ іштік қой. Ер тоқымын алмаңдар, қалада шаруа бар, – деп
Ақан алдынан шыққан жігіттерге ат шылбырын ұстатты...
– Ойпырым-ау, өлі төсек жинамағансыңдар ма, Кəне, енді бүгін
ұйқы жоқ. Тез жинаңдар да, шай əкеліңдер, шай! – деп Əлтай үй ішіне
əмір ете кіріп, төрге жайғасқан соң барып, жай-жапсарды түсіндірді. –
Жана өздерің де көрген шығарсыңдар, əлгі жан алғыш жандармдары,
тағы бір топ салақтаған стражниктерімен келіп, бар жатақтар мен


мына мұжықтарды талап кетті. Ана балықшылардың да жаңа келген
беті еді, қайдан сап ете қалғанын Құдай білсін, андып отырған ба, сау
ете түсіп, аяғымыздан тік тұрғызған жоқ па. Екі арба балығымызды
да... Оны қойшы, үй-үйді, қора-қопсымызға дейін тінтіп, астан-
кестенімізді шығарып бүкіл ау атаулыны, сүзекке дейін сыпырып,
сиырып алып кетті. Екі балықшы жігітке бəрін тиеткізіп, оларды да
бірге əкетті. Қамап тастамаса жарар еді.
– Иə, нағылмайсың дейді?
– Біздің боқмұрындарда да бар, – деп Барыс та қабағы түксиіп
гүрілдеді, – Ол жаққа бармаңдар, Ишимнің басқа тұсы да жетеді деп,
талай ескерткенмін, не шаруасы бар екен. Енді қарап отырып күн
көрісімізден айырылдық. Қашан қайтарғанша... ай жаман болды.
Жаман!
– Əлі ештеме ұқсам бұйырмасын, – деп Ғазиз.
– Иə, түсініктірек айтыңыздаршы, не болды? – деп Ақан да сұраған
соң барып Əлтай мен Барыс қарт жарыса сөйлеп, зорға ұғындырды.
– Біздің көрген күнімізді, Ақан шырақ, адам баласына бермесін, –
деп Əлтай бастады сөзді, – қазағымның кең сахарасындағы құжынаған
өзен-көлдің асты да құжынаған балық, бірақ: қайтерсің оның да қазір
құжынаған қожасы көп. Мына Есілдің төменгі жағындағы қолтықта
балық адам баққысыз мол. Ежелден солай. Сол араның қалың балдыры
ма, əлде тұйықтау бұрылыс болған соң ба, əйтеуір сол тұста қысы-
жазы алабұға мен мəукіл жыпырлап жатады. Сол жерді казак-орыстар
қазына тарапынан жылда бір рет күзге қарай бекітіп тастайды.
– Бекіткені қалай?
– Кəдімгідей су ішіне екі жақтан бөгет салады, балықшыларша
айтқанда өзеннің аузына ұшық салады.
– Үчуг дейді – запор, – деп Барыс та қостап қойды.


– Содан, тұра қал, ол араға ешкім ау құруға да, мор тастауға да,
тіпті қармақ салуға да қақысы жоқ. Егеp ондай адамды ұстап алса,
оған айып салады, қолындағы ауы болса, ауын, қармағы болса
қармағын тартып алады. Əлгі біздің жігіттер, соры қайнап сол тұстан
түнделетіп балық аулайды. Тегі біреу-міреу жеткізді ме, полицайлар
соны тіміскілеп біліп, аулаған балығымызды да, бəрін алып кетті.
– Оның үстіне, көптен пай төлемегенбіз, жаңадан билет тe сатып
алу керек...
– Əлгі бір құрып кеткір ақшасын да төлемегенбіз, балықшыларға
салатын салық, бəрі əйтеуір қолында билігi жоқ байғұстарды жан-
жақтан талап, жүндей беру ғой. - деп Əлтай ақша жайын айтқанда
Ақын ыңғайсызданып қалды. Осында келгелі балықшылар базардан
түсіріп, үйтіп-бүйтіп біраз ақша жинап берген. Ақан болса көзсіз
жұмсап, берекесіз шашып жүр. Тығынға жұмсаған жері жоқ. Бүгін де
Жайынбекке қанша ақша тастап кетті. "Елге оралысымен қарызға
алған ақшаларыңызды қайтарамын" дегенде, Əлтай: "Оу, Ақан шырақ,
ер мойнында қыл арқан шірімейді, саған берген дүние бір қайтар,
қайтпаса, онсыз да күн көргенбіз. Қысылма, қарағым, осындайда ер
азаматқа қол ұшын бермесек, біздің жер басып, күн көргенімізден не
пайда? Базар аман болсын, ақша табармыз. Бəрінен де өзің келген
шаруаңды реттеші, ана түрмеде сарғайған ер азаматтарды шығарып
алсаң, басқасын қойшы", – деген. Енді, бақса, балықшылар Əлтай,
Барыстың айтуымен барын қағып беріп жүр екен-ау. Өздері де ақшаға
аса тарыққан қолы қысқа мүсəпірлер.
– Сіздер өзі балық аулағанға да ақша төлейсіздер ме? – деп Ақан
ақша жайын сұрағанда, Əлтай да сөз сыңайын түсініп:
– Жо-оқ, ол ақша деген жай əншейін, азбыншы дүние. Баяғыда-ақ
төлеп тастайтын... – деп бұра тартып еді, сөз астарын онша түсінбеген
Барыс киіп кетті.
– Вот тебе не! Азбыншы дүние! Неғылған азбыншы. Оңай болса
осы уақытқа дейін неге төлеп қоймадың. Енді төрт есе етіп алады, əлі
оған көнсе, – деп аңқау қарт Ақанға салық жайын түсіндірді. – Осы бір
заң Ертіс балық кəсіпшілігінен келді білем. Өскемен, Зайсан жағында


балық аулау үш мерзімге бөлінеді екен, апрельден июльге дейін,
июльден ноябрьге, ноябрьден қайтадан апрельге дейін. Алғашқы екі
мерзімге əр балықшыдан бес сомнан, соңғы мерзімде, яғни қысты
күндері əр аудан он сомнан. Он шақты қармақшыдан бір сомнан салық
алады қазына. Сол заң үш жылдан бері бізге де орнаған. Есіл Ертіс
емес. Сонда да, қайтерсің, заңға қарсылық жоқ.
– Жарайды, Барыс, амандық болса төлерміз, тек енді шығын
көбейетін болды. Əлгі ашық ауыздардың кесірінен, оның бəрін Ақанға
несін айтасың, – деп серінің көңіліне келіп қалды ма деп қипаңдаған
Əлтайды жаңа ұққан Барыс сақалын, шашын сипалақтап, қысылып
қалды:
– Жоқ, əншейін, білсін деп жатқаным да. Əйтпесе қонақтардан
бірдеме... ақы сұрайды деймісің...
– Апырай, - деп, бұрын мұндай заң-жобадан бихабар Ақан, кең
далада еркін тіршілікпен серілік құрып, сайран салған азат жан
балықшылар тұрмысынан көп жайларға қанып, таңырқап бас
шайқады, – жер бетіндегі түрме аздай, енді су астындағы мақұлыққа
дейін бұғаулап, қамап ұстайын деген бе? Нешебір адам естімеген
ғаламаттарды көреді екенбіз-ау. "Ұшық" дедіңіздер ме? Қалай тауып
айтылған, өзен-көлдің аузындағы қотыр ұшық қой бұларыңыз, ұшық
екен?! Жұқпалы, кінəмшіл ауру болмаса нетті?!
– Да, учуг дейді, – деп, қазақша ұшықты онша түсінбеген Новиков
та қосылды. – Шынында бұл су астындағы түрме. Дұрыс айттыңыз.
Ақан.
– Түрме десе-ақ Мəтбейдің көзі қызарып тұра келеді. Ал, айтшы су
астының түрмесін, бұдан да хабарың бар ма? Сенің, білмейтінің жер
астында ма деп едім, енді оны да білем де, – жер асты не, су асты не
бəрібір, – деп Əлтай Новиковқа қарады.
– Бала кезімде ермек етіп, қармақ салғаным болмаса, күн көріс
үшін балық аулап көргем жоқ. Бірақ, балық кəсіпшілігі жайындағы
заңды біраз зерттеген кезім болған, – деп Новиков əңгімесін əріден
тартты, – Балық Россия жеріндегі ең бір тегін, тиімді байлық. Бүкіл


Ертістің ұзына бойын Омскіден бұрынғы Каряковка, Устькаминге
дейін казактардың иелігіне неге берді дейсіздер. Жалпы бар балық
шаруашылығы, əсіресе киргиз – қайсақ, Сибирь жерінде
казачествоның қолында. Бұл шаруашылықтың ең күшті дамыған жері
Урал, бұрынғы Яик өзені. Мұнда екі түрлі кəсіпшілік бар. Бірі – негізгі
теңіз шаруашылығы. Бұл – Каспий теңізінде. Екіншісі – қосымша
балықшылық кəсіп. Ол – белгілі атаманнның бақылауымен де, өз
бетімен еркін де айналысатын шаруашылық. Мына Əлтай ақсақал мен
Борис Васильевитердің кəсібі осы екінші кəсіпке жатады. Жаңағы
айтқан үчуг дегеніміз – су астына тартқан решеткалар. Оны сымнан да,
жиі талдам да, қамыстан да тоқып, мықтап бекітіп тастайды. Міне, осы
учугтар Яик өзенінің əр тұсында өткен ғасырдың орта кезіне дейін жүз
елу жыл бойына тұрған. Оны уақытша ашқызып, балық аулауға лұқсат
алу - ақшаға шаққанда өте қымбатқа түскен. Əрине, кейде еңбегі
сіңген адамдарға қазына тарапынан аз уақытқа ақысыз лұқсаттар да
болған. Гурьев қаласына тұрақтаған казактар мен Урал түбіндегі
Калмыков, Кулагин крепостарын салған казактар үшін өткен ғасырда
Оренбургтың губернаторы болған Неплюев сегіз сажыннан учугтарын
тегін ашуға учугшыларды мəжбүр еткен. Ал Гурьевтегі учугтарды əлгі
Неплюев шарт бойынша əскер қарамағына мүлдем алып берген.
Сондықтан бұл балық, шаруашылығындағы заң ертеден жолға
қойылған. Тəртіп жағынан оның жақсылық жағы да бар - əрине. Мұз
үстіндегі багренья, мұз астындағы "аханое", көктемдегі "удар",
жаздағы "жаркое", күздегі "курхай" - бəрі заңдастырылған өз тəртібі
бар қызық шаруашылық.
– Алла, айтам ба, мына Мəтвей жер астындағыны білетін нағыз
Мəді. Бұдан былай бірдемені жетік білетін адам болса Мəтвей деп
жүретін болармын, - деп Əлтай да, басқалар да Новиковтың əр саладан
білгір екеніне ден қойысты.
– Мəтвей, - деп Борис Васильевич те Новиковтың атын қазақшалап,
қалың қабағын көтерді, - сен онда бізге көмектес. Əлгі
құралдарымызды айыбын төлеп, қорыққа ау салмаймыз деп қайтарып
алуымыз керек. Уездный начальникке жетпей тұрып, полицияға
арызбен барсақ, соған дұрыстап жазатын, жөнін білетін бізде ешкім
жоқ. Бəріміз сауатсыз жандармыз, соған көмектесе гөр...


– Көмектесе көріңізі не? Одан да фельшірлігіңді тастап, арыз,
шағым жазу жұмысына біржола ауыс демейсің бе, - деп күлді Ғазиз.
– Жо-оқ, көмектесу деген - қашанда парыз емес пе адамға. Тек,
қалада енді көзге көп түсе беруім қиынырақ болар, əйтседе қашан
кеткенше... - деп Новиков ойланып қалды. - Əлгі қотыр дəрілері
табылмай қойды. Күкірт те аз. Бірі табылса, бірі жоқ.
– Матвей, - деді Ақан да, - сенің де елге орала алмай шаруа
соңында салпақтап, тықыршып жүргеніңді білеміз. Əйтсе де амалын
тауып, əлі де біраз күн жата тұрғаның теріс болмас еді. Түрмедегілерге
жолығып, жай-жапсарға қанған соң, сен бұрынғыдан да қажетсің,
ауадай қажетсің. Міне, енді мына кісілерге де септігің керек. Мүмкін,
көп арыз, көп шағымдар жазылатын шығар. Ауылыңа жеткізіп
салармыз, көзге көп түспей, осында жата тұрсаңшы.
– Қанша жатамын десең еркің, ауылыңа өзім-ақ жеткіземін, одан
қам жеме, - деп, Əлтай да Ақанды қостады. – Көрмеймісің, біздің де
ісіміз саған түсіп тұр.
Əкесінен алған азбыншы тиын-тебен мен балықшылардан алған
ақша таусылып, қалтасы қағылған Ақан сері енді көптен ойында
жүрген байламға тура бекінді.
Келгелі, жұрт көзіне көп түспей, шақырған жерге де бармай Əлтай
үйінен ешқайда шығып, не серілік құрып, не қонағасы жемеген Ақан
ояз кеңесін төңіректеген Хасен мен түнеуге жалшы-жақыбай
қазақтарға барар жолда қала шетіндегі базарды көктей өткісі келді.
Қарөткелдің тұрғындары жазда да, қыста да таң сəріден тұрып
базарға жиналуды талайдан бері əдет етіп алған. Ақан, Əлтай, Барыс,
Ғазиздер базарға жеткенде, қала халқының да қарасы қалыңдаған екен.
Кейбір тұста арасынан сыналап адам өте алмастай құж-құж қайнап,
мағынасыз сенделіп, жоғалтқан затын іздегендей əр кім əр тұста бір-
бірінің дүниесіне тесіле, күдіктене қарайтындай.
Бұларды базар шетінен кіре бере-ақ көзі шалып қалған қазақтар
аттан түспей жатып қоршап алды. Бұрын серіні көргені бар, көрмегені


бар - бəрі базаршылап келген шаруаларын тастап Ақанның соңынан
шұбырды. Сері де жұрт көрсін, білсін дегендей базар ішін түгел
аралап, əр жерде көп тұрмай жылжи берді.
Қарөткел базары – күз айларында жан-жақтан халық ағылып, екі ай
бойы басы той-думанға айналатын арқа қазақтарына əйгілі Атбасар,
Қоянды жəрмеңкелеріндей болмағанмен, жергілікті адамдардың
күнделікті қажетіне жарайтын алып-сатарлық, айырбастық орын.
Жексенбі-Азына күндері бұл ара – жай базар емес, қан базарға
айналып кетеді. Маңайдағы байлар, орта шаруасы бар малды адамдар
ет сататын сөрелерді қан сасытады. Бар кемшілігі – мұнда
жəрмеңкедегідей сатылатын дүниелердің атына, ретіне қарай бөлінген
арнаулы орындар жоқ. Мал базарының қасында ұсақ-түйек сататын
бақалшылар қоныс тепсе, оған іргелес үйіліп-үйіліп жатқан балықтар,
сұлы, бидай, тары кебектер салған теңкиген қаптар. Тіпті базардың қақ
ортасында бастырығын бос байлап қауқитып, көпірте артқан екі-үш
жарма шөп, бау-бау шілік, тақталап үйген қой қиы да саудаға түскен.
Ақандар бəрін аралап көріп, қатар тіккен екі киіз үйге беттеді. Бұл
кезде соңынан ерген ел қазақтары қалың қол сияқты шұбырып келеді.
Қысқа қарай қысыр сауып, бие сүтімен азбыншы ақша жинайтын
қала жатақтары орталарынан осы киіз үйлерді шығарып, жəрмеңке
рəсімімен күнде осында сабаларын пісетін. Əншілер кірген үйдің іші-
сырты аузы-мұрнынан шықты. Ештеме алмаса да, күнде базарға келіп,
əр жерде шоқиып отырып ел өсегін айтпаса іштері кебетін бейсауат
жүрісті қызыққұмарлардан бастап, мал сатып, ақша жиған кішігірім
саудагерлерге дейін жиналып, төрт қанат үйдің керегесін керіп жібере
жаздады.
Ал Ақан мен Ғазизге қолқа салып, домбыра алдырып, əн
айтқызамыз деп өзеуреп отырғанда, сырттан атақты Мəшһүр Жүсіп
келді. Жұрт қақ жарылып, жол берген. Жақында Керекуден келгелі
Ақан серінің осында жатқанын сырттай естіген ғұлама молла, бір
көруге зар болып, бірақ қайда екенін таба алмай қойған. Енді
Құлагерінен өлідей, достарынан тірідей айырылып жапа шеккен
ақынды құшақтап, ұзақ үнсіз көрісті.


Түске таман базардағы бар қазақ қымызшылар үйінің төңірегіне
жиналып, қыраулы күздің суығында əн-думанды аңсап, қазақтың
атышулы үш ардагері – Ақан, Мəшһүр Жүсіп, Ғазиздің бір араға бас
қоса қалуларына қуанысты.
Ақан серінің іздегені де осы еді.
– Оу, жамиғат! Сіздердің күткендеріңіз əн-өлең ғой.
–Иə, иə.
–Қолқамыз да сол!
–"Құлагерді" өз аузыңыздан естісек. Домбыра алдырамыз. қазір
келіп те қалар.
–Жоқ, біздің үйге жүріңіздер. Қонағасымыз даяр!
–Омда, - деді Ақан сері. – Келесі жұмада бас қосайық. Хабар
Əлекеңнен – Əлтай ағайдан болсын. Айтысқа Мəшһүр Жүсіпті
шақырамын. Айтысамын Мəщһүр Жүсіппен!..
Жұрт тым-тырыс. Мəшһүр Жүсіп бір қызарып, бір қуарды.
Қайғылы ақынның мына сөзі тосын естілгені шиша, өз құлағына өзі
сенбегендей, Ақанға қарап, дөңгелек сұлу сақалын салалай берді.
Серінің бұл қимылын түсінген Əлтай мен Ғазиз ғана Балық, қымыз
саудасымен базар нарқына төселген Əлтай басты енді айғайға:
–Мен Ақан серіге бəйге тігем. Қайсың барсың бəйге тігісер?!
Қайсың барсың жұлынып шығар. Бəйге, бəйге!
–Мен бармын!
–Мен тігемін!
–Бəйге емес, мен зақлет салам, зақлет!
–Мен Ақан серіге.


–Мен Мəшһүр Жүсіпке!..
–Келесі жұмада... Хабар менен болсын.
–Жинала бер!
–Сайыс келесі азанда...
– Жексембіде...
– Уəде, уəде...
Тысқа шығып атқа қонған Ақан, Мəшһүр Жүсіп, Ғазиз указ молла
Файзолланың үйін бетке алды.
– Апыр-ай, Ақан аға, түк түсінсем бұйырмасын. Бұл шақыруыңыз
жекпе-жек пе, шын өнер жарыстыру ма? Өзіңіз қалың дертте, жолдас-
жораңыз қалың өртте жүргенде бұл не айтыс. Қалайша аузым барып,
дəтім шыдап сізбен сөз таласы, өнер жарысына түсермін. Жарыста
аяушылық жоқ, айтыста айтылмайтын сөз жоқ. Қалайша сіздің
бетіңізді тырнап сөйлерге дəтім барар, – деп ат үстінде түнерген
Мəшһүр Жүсіп желден ықтап, қатты қиналды.
– Маған ақша керек! – деді Ақан жұлып алғандай.
– Түсінбедім.
– Біреу дүние базарына малын, енді бірі арын салады. Мен тірімде
бір рет əнімді салып көрейін. Құлагерім жоқ, енді өнерімді бір
салайын саудаға. – Ақан Мəшһүр Жүсіпке қанталаған өткір көзін
қадады да, ат үстінде екі иіні салбырап, сəл үнсіз отырды, сəлден соң
алғашқы қарқынынан басылып, жұмсара сөйледі. Осында келген
шаруасын, ел шонжарлары мен қала шенеуніктерінің парақор, озбыр,
сұм қылықтарын баяндап, түрмеде сарғайған достарын алып шығар
қамқоршы – дүние, ақша ғана екендігін, сол үшін жұрт алдында
сайысқа түсетінін айтып, Ғазизден гөрі Мəшһүр Жүсіптің қолайлы
екенін жасырмай, ел ішінде даналықпен аты шыққан əрі ғұлама, əрі
діншіл-білгір ақынды айтысқа шақырған себебін түсіндірді.


– Сені бұл арада айтысқа шақырғаным, көмекке шақырғаным деп
ұқ. Қол ұшын берер дос болсаң, бұрын кəсіп етпеген іске бел будым,
соған қосыл, көмегің керек, – деп, Ғазиздің əкесіне неге келе жатқанын
түгелдей баяндады... – Шешінген судан тайынбас, не болса Ғазиз
екеуміз екеулеп отырып укəз молланы иліктірсек, бір күнге ескі
мешіттің кең қорасын сұрасақ деп едік... Ақылы-пұлды айтысқа кең,
жайлы орын да керек...
– Бұларың болар ма екен, - Мəшһүр Жүсіптің қалың қабағы түсіп
ойланып келеді.
– Сонда да... Əн мен діннің сыйыспайтыны ежелден ақиқат. Əйтсе
де... Ақын тосыла беріп еді, ғұлама көңілденіп сала берді.
– Таптым, таптым, Ақан... Файзекеңнің жібитін жерін, құты түсіп
құлайтын жерін таптым: Ендігі айтыс дін айтысы болсын, сері аға.
Құран сүрелерінен пайғамбар, сахабалар тіршілігінен сөз қозғайық,
сонда мешіт те мұсылманшылық уағызымен ғибадат, фарыздармен
күңіренер. Сіз көрінбей-ақ қойыңыз, осы жолыңызды маған қисаңыз
қайтеді, Файзекеңмен мен сөйлесейін.
Ақан сері қуана құптады мұны.
– Ал, серім, онда алдыңызда үлкен сын тұр. Бұл жай айтыс емес,
бар білгірлікті сарапқа салар сын. Ел арасындағы қожа-моллаларды
айтыса кетсеңіз шоңқитып кететін ғұламалығыңызды білем. Бірақ, дін
айтысында менің осал жау еместігім өзіңізге де мағлұм шығар,
байқаңыз, айтыста аяушылық жоқ, – деп Мəшһүр Жүсіп қалжыңмен
күліп, атының басын алыстан көрінген Файзолланың көк сырлы
мешітіне бұрды...
Ақандар базарда көп айналып қалған екен. Күздің қысқа күні
ұясына таяпты. Алабажақ бұлт бүркеген құбыла жақ қара түтіндене
бықсып, жанып жатқан өрттей, бірақ өрт ыстығы емес, қар
ұшқынының бет к.арығандай ызғары білінді.
Астындағы атын лекіте жөнелген Ақан енді Күшенұлы берген
кешегі азаттық қағазбен Хасенді қашан қуантқанша асығып келеді.


Бұлар жеңіл шоқырақпен ояз кеңсесіне жете бергенде, одан əрірек
Есілдің қабағына жиналған мол шоғырды көріп, аттарының басын
ірікті. Ояз кеңсесінің алды жым-жылас. Əлгі əзірде қарулы
стражниктер арыз, шағыммен жүрген бейбақтарды дүренің астына
алып, аттысын аттылай, жаяуын жаяулай тым-тырақай қуып, бұл
маңнан айдап салғандарын бұлар əзірге білген жоқ.
Өзен жағасындағы көп тобырдың тегін жиын емес екенін сезген
Ақаңдар əлде неден күдіктеніп, енді қайтадан тебініп, үреймен
ұмтылғанда, күздің уілдеген желіне қосыла аңыраған азалы үн де жетті
құлақтарына. Есілдің құлама жарлауыттау жиегіне бұтақтарға
қонақтаған қара тағандай тізілген қалың жұрт үнсіз. Орыс, қазағы бар,
аттылы, жаяу бар – бəрі үнсіз, əлде бір сұмдыққа егіліп, қайғы жұтып
тұр. Сарнаған еркек даусы ғана жалғыз. Ақан мен Ғазиз аттарының
шылбырын шетте тұрған ауыл қазақтарына үнсіз ұстата салып, жұртты
сыналап өтіп, өзен шетіне жетті. Беті қаймақшып қатқан Есілдің бұл
тұсы шұңғыма болатын. Қабыршақ мұздар быт-шыт. Алашамен
күймелеген қазақ арба су бетінде жартылай қалқып тұр. Жегілген ат
көрінбейді.
Үсті-басы малмаңдай Хасен əйел адамдай дауыс қылып, зар еңіреп
отыр. Тізесінде Күлназия. Су сорғалаған қолаң шашы жерге
шұбатылып, ақ қағаздай қансыз өңі күз аспанына қарап, көзі тарс
жұмылған. Тəрізі – бұлт арасынан күнде іздейтін бақыт құсын ұзақ
қарап таба алмай, көзі талған соң, аз тыныстап, ұйықтап кеткендей.
Ақандар жұрттан ештеме сұрамай-ақ қайғылы хəлдің мəн-жайын
ұқты: Күнұзын ояз кеңсесінің алдында сарылып, шөліркеген ат,
қапылыста күрмеуінен босап, Есілдің құлама суына өзі келіп түсті ме?
Əлде стражниктер қамшының астына алып, қылыштың қырымен ұрып
көлік біткенді тым-тырақай қуғанда, үріккен ат шапқан бойы жар
жағалап өте беріп, арба салмағымен өзенге құлады ма? Ол арасы əзір
бимағлұм болса да, күймеде байлаулы Күлназияның көлікпен бірге
тұңғиыққа батқаны, қашан əкесі келіп, су түбінен қамар белбеуіне
байлаған қайыс бауды шешіп, босатып алғанша тынысы бітіп, мəңгі
көз жұмғаны аян.


Ақан қол қамшысына сүйеніп сызға отыра кетті. Көзінің алды
қарауытып, құлағы шыңылдап, аспан мен жер бір-біріне қарама-қарсы
шыр көбелек айналып бара жатқандай болды. Даусы қарлыға еңіреген
Хасенмен қосылып, енді бар ғалам шулап тұрғандай, ен дала, Есіл
бойы қайғылы зарға айналды. Жел ме шуылдаған, кенеттен тұрған
дауыл ма? Əйтеуір жер мен көк қосыла сарнап, арманда, қайғыда
кеткен қыршынды аза тұтқандай дауыс қылады.
Көп зар, көп шудың ішінде, қарақат көзін аспанға қадап, күймеде
əн салған Күлназияның мұңды даусы келеді құлаққа. Еміс-еміс естіліп,
алыстап, үзіліп бара жатқан жазықсыз сəбидің, күнəсіз сұлудың,
зомбылыққа да, мазақ пен қорлыққа да, ең арты суық ажалға да
бойсұнып, тірідей көнген нəзік үні:
Жастық күні, ой еркем, түседі еске,
Жез бұйдалы кер тайлақ ерер көшке,
Ата-ананың жолынан кім аттаған,
Не десең де көнесің хақтық іске.
"Əттең, не керек, тым кеш жеткен екем. Не қара басты осыншама
аялдайтын. Таңнан жетсем болмайтын ба еді, əттең-əттең" деп Ақан
кінəлі жандай, іштей егіліп, бұл дүниедегі азаптан, қорлық пен
мазақтан біржола құтылып, жаңа гүлі ашылған жастық шағымен мəңгі
қоштасқан Күлназияның торғын жүзіне қайтып қарай алмады.
18
Таң қараңғысында терезені біреу сындырып жіберердей екілене-
екілене екі-үш ұрғылады да, қақпаға қарай кетті. Жылы қорадан маңқ
етіп шығып, қақпаға жеткен ит беймезгіл жүрген адамға өршелене-
өршелене шабаланады. Бейсауат адам енді тақтай қақпаны қашан
ашқанша шыдамсызданып, жау қуғандай дүрсілдетіп əкетіп барады.
Tөp үйдегі қонақтар тегіс оянды.


– Бұл кім болды екен? – Ұйқысы сергек Ақан, əлденеден елегізіп
басын көтеріп алды да, қайтадан жастыққа шынтақтап жатып, тың
тыңдады.
Үлкен үйден дамбалшаң шыққан Əлтай, қазандықтан сықсима
шамды зорға тауып, кемпірінің кебісін іле тысқа ұмтылған. Лезде
қайта оралған ол жарма пешпен бөлінген төр үйдің есігін ашып,
ақырын сыбырлайды.
– Ақан, Ақанжан..,.
– Иə, Əлеке?..
– Ə, өзің де оянған екенсің ғой. Киініп, қораға шықшы, əлгі
Жайынбек келіп тұр, саған айтар сөзім бар дейді.
– Жайынбек?
Алас-күлес киінген Ақан серінің жүрегі дүрсілдеп қоя берді: "Түн
ішінде бұл не келіс? Апырым-ай жақсы хабар болса игі етті! бұл үйді
қайдан тауып келді? Неге соншама асығыс? Жай хабар болса күндіз
айтпас па еді? Күндіз біреу көріп қояды деп сезіктенетін шығар-ау.
Əйтсе де, тап түнде түн ұйқысын бөліп келуін де бір гəп бар, тегін
емес!" Қашан қораға шыққанша Ақанның басына шым-шытырық
үрейлі ойлар келіп, шұлғауын да орай алмай, етігіне жалаң аяғын
қоңылтаяқ сұға салды.
Жайынбектің үсті-басы қар. Селтеңдете ұстаған қол қамшысына
қарағанда, салт келсе керек. Ұйқысы қанбағандікі ме, əлде
сықсиманың əлсіз сəулесімен көлең-келегендікі ме, семіз беті одан
сайын жайылып, долырып тұр. Өзі əлдекімнен ұрланып,
жасқаншақтанып, сыбырлап сөйлейді.
– Ал, Ақан, тез киін де, түрме жаққа тез жет, – деді. Амандық жоқ,
саулық жоқ,– Менің мұнда келгенімді тістеріңнен шығара көрмеңдер,
бас екеу емес.


От ала келгендей тысқа бұрыла берген Жайынбектің білегінен
Ақан ұстай алды:
– Тұра тұр. Сонда бұл не барыс, түсініктірек айтсаңшы, – Ақанға
бірден түскен ой: -"Барымташыларды түрмеден шығарып алып қашу.
Жайынбек сабазың əйтеуір бір ерлікке белін буған екен. Тың аттарды
қайдан табамыз? Қашқанда қай жаққа əкету керек".
Жайынбек қаракөлеңке қорада "осы Ақан ба, əлде басқа ма"
дегендей, артына бұрылып, серінің бетіне төне қарады. Аузына
оңтайлы сөз түспегендей немесе Əлтайдан қаймыққандай аз
кібіртіктеп тұрды да, таңдайын қақты. Мұрнының ұшына қарай түскен
көзілдірігін түбіт биялайлы саусағымен көтеріп, тағы қарады.
– Ау, не айтып тұрсың? "Не барыс?" Түрмеге адам үшін барушы
еді. Неше күннен бері "жолықтыр,жолықтыр" деген соң, түрме
комендантын зорға дегенде көндірдім. Немене, жолыққыларың келмей
ме?
– Ойбай-ау, бұлар дайын ғой, – деп, Əлтай дегбірсізденіп, кебісін
сылп-сылп басып үйге беттеді. – Қап, тамақ, ол-пұл да əзірлемедік, аяқ
астында қарашы.
– Не тамақ керек? Тамақ ала ма екен? Ол арасын білмедім.
Айтқандай Ақан, түрменің күнбатыс жағынан кел. Түрме бастығына
кіретін есік бар! – деп, Жайынбек қақпаға қайта бұрылды.
– Таң қараңғысында мынау ғажап болды-ау, Түсінсем бұйырмасын.
– Түсінетін ештеңе жоқ, – деді шығып бара жатқан Жайынбек бетін
бұрып, – Түрме ісінің бəрі жасырын. Оның да басы екеу емес. Оны
ойлап қайтесің, ал тез келетін бол, қалып қойып, өкініп жүрме.
Айтқаным сол...
– Əлтай жекіп, шөптің қуысына қуып жіберген қара төбет маңқ
етіп далаға шыққанша сөзін екі ұшты қылып, атына қонған Жайынбек
шоқырақтата шауып кете барды.


Тыстағы хабарды Əлтай жеткізген бе, Ақан үйге кірсе, Новиков те,
Мөңке де мұздай киініп алыпты. Бөлмеге шам жағып, қазандық
маңында күйбеңдеген кемпір мен келін де түннен қалған азбыншы етті
кəкпірмен сорпадан сүзіп алып, шошалаға жүгіріп, қарбаласып жүр...
Аспанның жартысы сөгілгендей тап Ақмоланың үстінде жапалақ
қар кеше кештен бері саулап жауып тұр. Кеше ғана қарауытып жатқан
боз дала ат тізесінен келер омбы қарға бөгіп қалыпты.
Ақандар аттарын алысырақ бір қазақ үйінің алдына байлап, Есіл
өзенінің бұрылыстау тұсындағы қолтыққа салынған түрме маңына
ұрлана басып жаяу жеткенде таң да əжептəуір ағарып, төңірек көзге
іліне бастаған. Қалың қар жамылған сұсты түрме маңы тым-тырыс.
Қаңыраған бос үңгірдей тақтай қоршау ішіндегі тас қапастан ешбір үн
білінбейді. Мелшиген меңіреу.
Ақан, Əлтай, Новиков, Мөңке төртеуі бірінің ізімен бірі шұбала
жүріп, көл-көсір тақтай дуалды айналды. Жайынбек айтқан құбыла
жақтағы түрме комендантының жасырын есігіне қарай омбылап, үнсіз
жүріп келеді.
Бұлар қате айналды ма, тура түрменің кең қақпасына тіреді. Қақпа
алдында арқаларын тақтайға сүйеп, үнсіз сілейіп тұрған адамдарды
көргенде, бұлар да бастарын түйістіріп, шоғырлана қалды. Бұл араға
мына төртеуінен де бұрын келгендер – жұмбақ жандар. Төрт-бес еркек,
балаларын бауырына қысқан əйелдер. Бəрі қалың жауған қар астына
мұз боп қатып қалғандай бүрісіп-бүрісіп тұр, қыбыр етпейді.
– Бұларға аялдамайық, əрі кеттік, – деп Новиков ұзын тонымен қар
сызып өте берді.
Қар жамылған адамдар мойындарын енжар бұрып үрейлі
көздерімен шығарып салды. Бірі лəм деп үндеген жоқ.
– Отправка болады-ау тегі, – деді былай шыға Ақанға бұрылған
Новиков. - Бəсе, солай болар деп өзім де ойлап едім.


– Атправка деген не? – Əлтай түсінбей иегін көтерді. Новиков тағы
да алға түсіп омбылап барады.
– Түрмедегілерді басқа жаққа жібереді. Мынау түрме емес, əшейін
жай мал қора. Мүмкін алысқа этаппен айдаулары... Əлгі байғұстардың
қақпа күзетіп отырулары тегін емес, олар да біреулерден естіген ғой...
Да, да, таң атпай қимылдауларына қарағанда, – Новиков қарға
малтығып, сөйлеп келеді.
Комендант кеңсесінің бір қабырғасы сыртқа шығып тұр да, қалған
қабырғалары дуал ішінде. Мұның да терезелерін білектей-білектей
темірлермен керегелеп тастапты. Əлсіз шам жарығында іштегі
адамдардың ірі көлеңкелері қараңдайды. Үймен жапсырыла салған
биік ағаш мұнара бар. Тегі қарауыл тұратын орын болса керек.
Ақандар біреу-міреудің көзіне түспес үшін кеңсеге сырттан кіретін
есік алдынан жымдарын білдірмей тез өтіп, тақтай дуалдың
қалтарысына барып ықтады.
Бұл кезде дала əжептəуір жарықтанып қалған. Тұман түстес
қарақошқыл аспанда бұлт сіресіп, бағанағыдай емес, қиыршықтанған
жапалақ қар енді сирек елеуіштен түскен кебек аралас ұндай бұрқырап
ұйтқып тұр. Алыста, қала үйлерінен таңғы шақырған əтеш дауыстары
еміс-еміс естіле бастады.
Арқасын дуалға сүйеп, жүрелей отырған Новиков бірдеме деуге
оқтала бере, жағасымен аузын басып, ұзақ қылғына жөтелді. Дімкəс
адам оппа қармен ұзақ жүрісті көтере алмады ма, дауысын естіртпейін
деп, қатты булығып қалды. Сосын барып:
– Мынау... мына үй Ливенцов ревелинасы ма, əлде Таубе бастионы
ма екен? – деп ақырын мырс етті.
Новиков кездескелі оның түрме, заң жайын көп білетіндігіне
қайран қалған Ақан көптен көмейіне тірелген сөзін сұрай алмай
жүретін. Не бөтен əңгіме киіп кетеді, не тым қазбалауды қолайсыз
көретін. Осы қолы сөз ретіне қарай сұраудың қисыны келген сияқты.


– Матвей, осы сен өзі кімсің, не үшін сотталған жансың? Өзің
оқымысты адам емеспісің? – деп, Ақан да дуалға арқасын сүйеп
отырды.
– Дəл түстіңіз. – Новиков əлдекімге ыза болғандай мырс етіп,
кекесінмен күлді. – Оқымысты болғанда қандай, тура заң
оқымыстысы, яғни, қалай айтсам екем.., праволар туралы ғылым –
юрипруденция ғалымы едім. Екі жылдай Россия патшалығының
иелігіндегі түрмелерді ревизор ретінде араладым. Сондағы көрген-
білгенімді, заң қызметкерлерінің неше түрлі қылмыстарын бүкпесіз
баяндап, императордың өзіне рапорт жолдадым. Ол аздай, Петербург
университетінде, гимназияларда арнаулы лекциялар оқып, орыс жеріне
түрме салынғаннан бергі тарихын, бүгінгі хал-күйін жасырмай,
өздеріңізге шет жағасын айтқан əр патша тұсындағы сорақылықтарды
түсіндірдім. Ақыры, осы білгіштігімнің арқасында, өзім ревизия
жасаған түрмелердің сыз еденіне өкпемді төсеп, тұрақты "қонағы"
болуыма тура келді.
– Бəсе, бəсе, оқымысты адам... ой, өзім де солай шығарсың-ау деп
жүруші ем бəсе! – деді Əлтай. – Ал, біздің қазағымның жеріне қай
Құдай айдап келді, емшімін дейсің оның жайы қалай?
– Сібірде ауруға шалдыққан соң, жаны ашыған біреулер осы араға
жер аударды. Фельдшерлік деген қайбір білгіштіктен болған өнер
дейсіздер. Бұрын дəрігерлік техникумда оқығанмын. Əйтеуір, көзге
көрініп тұрған жара, ол-пұл жеңіл-желпі ауруларды емдеу, қайсыбір
дерттердің алдын алып егу ғой. Көрмейсіздер ме, осында келгелі,
уездной начальникке дейін шағым жазып, ең арты қотырдың дəрісін
ала алмай жүрмін. Ауылда балалар жаппай цынга ауруымен ауырады,
қазақша қырқұлақ деп пе едіңіздер, ал мұндағы чиновниктер оларға
дəрі-дəрмекпен көмектесу орнына, үлкен дозамен аттарын емдейді...
Əрине, олардың жаны ашып қайтсын, ол түгіл жергілікті адамдардың
балаларын оқытам деп əрекеттенген талайларды екінші жаққа
қайтадан жер аударған. Осылайша "қылмыстылар" Сібір мен қырғыз-
қайсақтың кең жерінде допша домалап, қақпақылмен күн кешпек.
– "Адамның басы – алланың добы" дейді қазақ, енді адам баласы
алланың да билігін кете бастаған-ау.


– Дұрыс айтасыз, Ақан! Бүгін сіз қолқалаған соң ғана келдім, егер
олар көріп қойса, мені де бұл арадан қоныс аудартуына сөз жоқ.
Осылардың түрі жаман, жолықтыру орнына жер аударғандарды
көрсету болып шықпасын ақыры.
– Сені мына түрінде ешкім танымайды. Тура ауыл қазағы
сияқтысың, – деп күлді Ақан.
Новиковтың үстіндегі тонды тоңасың деп Əлтай кигізген.
Шынында да мына түрінде оны ешкім тани қоюы неғайбыл.
– Тон рахат екен. Мұнымен бүкіл Сібірді жаяу аралауға болады.
– Əй, Мəтібей, осы тон ұнаса алшы! Шынында да ана бір биттің
қабығындай шенеліңмен қалай үсіп қалмай жүргенсің.
– Қойыңыз,.. мұндай тонды... – деп Матвей сасқалақтап қалды.
Ішінің жүні қалың, бойын қыз-қыз қайнатқан тон қазір Новиков үшін
алтынмен тең.
– Ал дедім ғой, бердім саған.
– Ой, рахмет, Альтай аға. Бұл жақсылығыңызды өмірімде немен
қайтарамын!
– Ал, сонда тұра қал, – деп Əлтай Новиковқа қарсы к,арап, жүрелеп
отырды да, тон туралы əңгімені енді басқаға аударды, –
Сотталғандарды айдайды дедің. Сонда қайда апарады?
– Айдайтын жер көп қой. Русь жерінде не көп – түрме көп.
—Иə, оның шет жағасын естідік. Сонда, қазақ жеріне қаншама
адамдарды жер аударды дедік. Енді бұл арадан қайда аудармақ?
– Мұндағыларды Сібірге айдауы мүмкін, немесе Орск, Омск
түрмелеріне жөнелтуі де ықтимал.
– Əлгі біздің жігіттер де бар ма екен? Қой, оларды соттамай қалай
айдамақ?


– Ақсақал-ау, сот деген оңай ғой. Осы түрме ішінде-ақ жасырын
соттай салады.
– Апырым-ай, бұл бір түсініксіз шаруа екен, ия, түсініп болмайды.
– Ана қара, біреу шықты.
– Екеу.
Бұлар орындарынан түрегелді.
Түрме бастығының кеңсесінен шыққан екеудің бірі домалаңдап
осыларға қарай келе жатыр. Жайынбек. Екі-үш адым қалғанда тілмаш
бұлардан сескенгендей кілт тоқтады. Ентелей басып Ақан барып еді
қасына:
– Оу, бала боп кеттіңдер ме? Немене тойға келгендей бəріңнің
бөріккенің? – деді.
– Ештеме етпейді. Олар сыртта күте тұрады. Ана Мөңке екеуміз
кіріп жолықсақ болады.
– Қазір. Жоқ, қазір болмайды. Кешіктіңдер мұнда үлкен адамдар
бар. Менің басым екеу емес. Ана қақпа жаққа барыңдар.
– Ол арада не істемекпіз? Жөніңді айтсаңшы дұрыстап.
Кешіккенің не?!
– Барыңдаршы сосын көрерміз ретіне қарай. Қолдан кезгенше, –
деп Жайынбек кері бұрылды. Да, қолымен дуалдың екінші басын
нұсқады, – Тез барыңдар. Қалып қоймаңдар...
– Түк түсінсем бұйырмасын...
Ақандар қар көміп тастаған бағанағы іздерінің жобасымен тағы да
омбылап, түрме қақпасына жете бергенде, есікке қарай көп адам лап
қойды. Бағанағыдай емес адам қарасы көбейген. Бəрі тақтай қақпаға
жабысып-жабысып, саңлау іздеп əлек.


– Шығарайын деп жатыр.
– Шығарды.
– Əне шықты, – деп бірі сыбырлап, бірі даурығып, дүр ете қалды.
Ақандар да қақпаға ұмтылды. Мойындарын созып, көп адамдардың
арасынан сыналап кіре алмай əлек. Иненің жасуындай тесік тапқан
адам жұмақтың есігіне қолы жеткендей өлермендене жабысады.
– Ахан, Ахан, —деген Новиковтың даусы шықты.
Новиков қақпаның тоспа жағынан, бір кемпірдің қасына
қыстырылыпты. Жеңімен тақтайды сылап тастаған қарды түсіріп, кең
саңылау тауып алған. Ақан екеуі бастарын түйістіріп сол тесіктен ішке
үңілді. Қар толастайын деген бе, іштегілердің жүздері анық көріне
бастады.
Мылтық, қылыш асынған көп салт атты казак-орыстар.
Кейбіреулері ерсілі-қарсылы шоқырақтатып, сапырылысып жүр.
Жаңағы түрме бастығының кеңсесі жағынан бір топ əскери киімді
жаяу адамдар шығып, шоғарланып тұрып қалды.
– Офицерлер шықты. Ішінде губернатор да, уезд начальнигі де бар,
деп сыбырлады Новиков аузынан темекі иісі бұрқырап.
– Не боп жатыр? Бірдеме көресіңдер ме? – деген дауысқа Ақан
бұрылып еді, Əлтай екен саңылау іздеп жүрген.
– Аздап көрінеді. Əйтеуір жақсылық емес, – Ақан Новиковпен
қайта басын түйістірді.
Əлден уақытта түрме есігінен топ-топ адамдар көрінді.
– Шықты, шықты.
– Түрмедегілерді шығарады.


– Выводят несчастных, – деген дауыстар тағы да əр жерден күбір-
күбір ете қалады. Біреу күрсініп, енді бір əйелдер сыңсып жылай
бастады.
– Тоқтаңдар, қазір бұ арадан қуылмайын десеңдер, – деген бір орыс
даусы күж етіп еді, қақпа алдында үймелеген жиын жым болды.
Мойындары салбыраған тұтқындар тұқыраңдап, ілбіп басады.
Аштан бұралған, не өлімші болып таяқ жеген адамдардай, қайсыбірі
сүрініп кетіп, алдындағы тұтқынның иығына сүйенеді. Ең алғаш
шыққан бес тұтқын тура қақпаға жақындау келіп, тоқтады. Олардың
халін жаңа аңғарған Ақанның жүрегі су етіп, даусы дірілдеп, шықты:
– Сұмдық-ай, бəрінің қол аяғын кісендеп тастапты ғой. Малдан
бетер аяқ-қолын шынжырлап бұғаулаған шын бақытсыз сормаңдай
жандарды түңғыш көрген Ақанның етбауыры елжірегенде, Новиков
бұған таңданбады.
– Бұларды осылай бес-бестен тіркеп, шынжырмен қосақтап
айдайды, – деді жайбарақат қана.
– Оу, ана біреуінің бас киімі де жоқ, басындағы шаш па, тақия ма, –
деп екінші топтағы шашын жартылай тақырлап алған ұзын бойлы
жұқа шинелдіні көргенде, Ақан шошына сыбырлады.
– Сібірге айдалатын аса қауіпті тұтқындардың шашын осылай
жартылай алады. Барған соң алса да болар еді-ау, бас киімі де жоқ екен
өзінің... Е-е, талайлары жолда үсіп өледі ғой.
– Қақпа аузындағылар енді бір-біріне басу айтудан қалып, тұншыға
жылап, күңіреніп кетті.
– Ожымбай, Ожымбай!
– Ақан қалай ышқына айғайлағанын өзі де аңғармады. Үшінші
бестікте екі иіні салбыраған биік Ожымбай алдында келеді. Оған
тіркескен тура бойымен бой еңгезердей орыс, үшінші қосақта
Байбатыр. Олар сырттағы дауысты естімеді.


– Байбатыр, Байсекең!
– Қане, қане, —деп Əлтай да бір иығымен кіріп сығалады.
—Ожымбай, Байбатыр да əбден зорыққан. Бастарын жерден
алмайды. Сақал-мұрттары беттерін жауып, адам танығысыз аянышты
түрге енген.
– Шəкей қайда екен?
– Жұрт айғайлап, əркімнің атын айтып шулап тұр.
Іштегілер бес-бестен əлі шығып жатыр. Екінші жақтан қос ат
жеккен жайдақ шаналар қатарласа берді.
Осы кезде қақпа аузындағылар дүр етіп, жан-жаққа тым-тырақай
қашты. Қоршаудың бір жақ бұрышынан шыға келген екі-үш салт атты
казактар, дырау қамшыларын кез-келгенге сілтеп, тесікке үңілгендерді
аттарының омырауымен қағып-қағып өтті. Омбы қарға етпелей
құлаған бір екі кемпір мен бала бір тұрып, бір жығылып, үйелеп
жатыр.
Ақанның білегінен ұстай жетектеп:
– Мерт боламыз, Ақан, бұлардан аяушылық күтпе, əлгі ақсақал мен
бала қайда? – деп Новиков қашықтау шығып ентігіп тұр.
Жан-жаққа бытырай шашылған жұрт əр жерде состиып-состиып,
қақпаға алыстан қарайды. Қолдарын төбесіне қойып, бас сауғалап
жүрген екі-үш адамды салт аттылар қамшының астына алып, ат
тұяғымен таптап тастайтындай шыркөбелек айналып жүр...
Шалқасынан қақпа ашылды. Іш жақтан алдымен екі салт атты
казак, одан соң шаналы тұтқындар көрінді.
Осы кезде шанаға қарай лап қойған адамдарда ес жоқ. Жылап-
сықтап, дауыс салып көзсіз ұмтылған əйелдер мен шалдарды бөгеу
оңай емес еді. Естері шыға жүгірген адамдар тұс-тұстан салт
аттылардың ара-арасымен кіріп, қайсы бірі шаналардың үстіне өкіре


құлап жатыр. Түрме алды ың да шың. Қым-қуыт. Соңғы тұтқындардың
шаналарымен қатарласа аттарын шоқырақтатқан казак-орыстардың да
естері шығып кеткен сияқты. Шырқ айналып, əлдекімді балағаттап құр
далақтап жүр.
Тізіле шыққан жеті-сегіз шана да бір-біріне жедеқабыл түйісіп,
бөгеле берді. Ақандар да жақындап, тұтқындарға таяп қалған. Осы
кезде:
– Ата-ата, – деп шырылдаған Мөңке топ ішіне қойып кетті. Мөңке
қарсы алдынан арбаңдаған биік аттың омырау тұсынан жалт бұрылып
еңкейе жүгіріп, екінші шанаға жетіп-ақ қалып еді, əттең тап желке
тұсынан тиген соққыдан мұрттай ұшты. Екінші бір ат үстінен қарғып
өтті. Мөңке орнынан ет қызуымен атып тұрып, үшінші шанаға ұмтыла
бергенде мойнына орай тиген қамшыдан көзінің оты жарқ етіп, омбы
қарға қалай омақа асқанын білмеді.
Жандəрмен "аталап", тəлтіректеп, тізерлеп тұра бергенше болған
жоқ, тағы да бір аттылы қағып өтті. Бұл жолы оңбай құлады, көз алды
қап-қараңғы болып, бүк түскен қалпы есі ауып кетті. Көп шуылдың
ішінен:
– Мөңке жан Мөңке! – деген Байбатырдың.
– Ожымбай, Шəкей! Байбатырлаған Ақан, Əлтайлардың үні
шығып:
– Ақан!
– Сері аға! – деген таныс дауыстар да қатарласып өте берді.
– Елге сəлем!
– Дұғай, дұғай сəлем! – деген көп шуылдың арасында зорға
естілген аянышты үндерді жайдақ шаналар алға қарай ұзатып əкете
берді.
Ақандар алыстан шанамен қатарласа жүгірді.


– Ақан аға, елге сəлем! Сұлтамұратқа, Сұлтамұратқа, – деген соңғы
шанадан Шəкейдің үні шығып, бұғаулы жігіт бір-екі бұлқынып бас
көрсетті. Тағы да бірдемелер айтқан сияқты, бірақ қайдан естілсін.
Жан-жағынан аттарын шоқырақтата қоршаған казак-орыс
конвойларының ортасында тұтқын шаналары қар боратып ұзап
барады. Соңынан жүгірген адамдар ір жерде сүрініп, құлап жатыр.
Гуілдеп жел тұра бастады. Түні бойы жауған ұлпа қар енді
ысылдап, терістіктен шыққан жел өтінде ұйтқи жөнелді. Əлгінде ғана
қастарынан өткен аяулы достар, көгендеулі қасіретті бейбақтар мінген
жайдақ шаналар көз ұшында қарауытып, əлден уақытта бір қыр асып
қарасы өшті.
Əр жерде состиып, алысқа қарап үнсіз мелшиген адамдарды көміп
кетердей ысқыра соққан Арқанның есірік бораны көтеріліп келеді.
Есін жиып, орнынан сүйретіле тұрған Мөңкені Ақан сүйей берді.
Қамшы тиген бір көзі мүлдем жұмылып, екіншісі қанталап кетіпті.
Далада ұйтқыған ақ боран Мөңкенің көзіне қан борандай көрінді.
Əр жерде шошайып, дəрменсіздіктен булыға жылағандар, көздері
талғанша алысқа қарап, аяулы азаматтарымен іштей қоштасып тұр...
Таң ата күндегі тіршілік қамына кіріскен қала адамдары түнгі
түрме жайдан бейхабар. Жылы қорадан қанатын сабалап алып жарыса
шақырған əтештер үні де күндегісінше əр тұстан тұншыға естіледі.
Қала сыртында селтиген жел диірмендердің жамаулы қалақтары да
сықырлай айналып, күндегі беймаза əндеріне басты.
19
Құлагер өлімінен соң іле ұстасқан қарауыл мен керей арасындағы
барымта лаңы ақырлап келгенде Көкшетау уезінің сырт жақтағы төрт
болысына ауыртпашылық болып түсті. Əсіресе əр болыста ауыл-ауыл
болып, қоныстанған қараша үйлер, оның ішінде Байбатыр, Шəкей,
Ожымбай ұрылардың алыс жұрағат, ағайын-жамағайындары, ең арты
руы бір демесе, олармен жеті атадан ғана қосылатын сегіз атаның бірі


Есенбайдың ішінде Қылды, Жаулыбай, Шоқтыбай, Шұңғырша,
Жақсылық рулары көбірек жапа шекті.
Ел ішін дүрліктіріп, мойнына мылтық, беліне қылыш асынған
əскерлерді қасына алған поштабай, ауылнайлар жұрттың екі аяғын бір
етікке тығып қуырдақша қуырып жүр.
Қараңғы елге ұлықтардың айтқанының бəрі заң, "керей елінің
ұрланған малына жазықты қарауыл жұрты түгел жиналып,
барымтаның орнын жабу керек, сот үкімі осылай" деп бас көтерер
азаматтарды жинап алып, үш үй, төрт үйдің ортасына бір-бір
жылқыдан салық айтып, үш күн пұрсат беріп, төртінші күні құтырған
бақсылардай зікір сала бастаған.
Бұрын соңды естімеген мұндай салық атын ел түсінбесе де, əйтеуір
қолы қысқа өлген адамның жетісіне, қырқына ортадан шығаратын
малдай санап, "Құдай салды, біз көндік" деп, қайсыбір ауыл
амалсыздан тез илігіп, "бəледен машайық, қашыптының" кебімен
төтеден киліккен қызыл көз пəледен құтылып жатты. Ал, қайсыбір
ауыл мал жинаушыларды анадайдан көрсе, есік-терезесін бекітіп, не
сөйлесе қалса ат-тондарын ала қашып, қашан мойындары астына
келгенше етегіне отырғызбай, бас тартады.
Осы бір сойқан, ел көрмеген сұмдық, Есембай руының қолы қысқа
кедейлері тұратын Қантай ауылында болып еді.
Бұл ауылға мал жинаушылар екі рет келіп кеткен. Екеуінде де ел
ақсақалдары "барымтаға біздің араласымыз жоқ, айыпқа берер
малымыз тағы жоқ" деп, болыс адамдарына құлақ аспай, тартысып
отырып алған.
Содан қаңтардың басында ауыл үстіне аязша сықырлап, үскірікше
соғып, бір топ қарулы жандарм cay ете қалды. Ішінде ауылнай Жəдік
пен Нұртаза болыстың поштабайы Жəнібек бар.
Келе ауыл ақсақалы Сатай қарттың үйіне "жазықтыларды" жинап
алған, ақи Жəнібек бетінен түгі шығып, істің төте жолын, бір-ақ айтты:


Ал, шалдар, осымен екі рет ауылнай келіп, ескертіп кетті. Не деген
ақпақұлақсыңдар, мал қайда, қане, ақ патшаның ғəділ заңына қарсы
болмаймын десеңдер, алдымызға қазір салыңдар. Өйтпейді екенсіңдер,
берсеңдер қолдарыңнан бермесеңдер жолдарыңнан, сендермен енді
мəймөңкелеп отыратын жай жоқ. Бар елден жиналып болды, сендер
ғана қалдыңдар.
Қарағым-ау, бізде басы артық мал қайдан болады, өлмешінің
күнімен отырған кедей-кепшікте не күй бар, – деп, Сатай карт, оған
қоса əнші Сұлтанмұраттың əкесі Байбосын да күйзеліп:
– Жəнібек балам-ау, о заман да бұ заман қайдағы жоқ айып-
айбананы сырт отырған, қатысы жоқ жарлы-жақыбай ауылына
салғандарың түк қисынға келмейді ғой, – деп шұбырта бастап еді,
поштабайдың ақи көзі ақшаң етіп атысып:
– Сонымен сендер бермейсіңдер ғой, үкіметтің заныңа
мойынсынбайсыңдар ғой, сендерде мал жоқ екен, жарайды, онда тінтіп
көрейік, – деп ауылнайға иегін қағып орнынан солаң етіп тұра берді. –
Неше жылдан бері недоймщиктерсіңдер, бəрін осы жолы сыпырып
аламыз. Қарай гөр, үндемегенге! Тінтіңдер.
–Оу, тінткенде, енді... күтіп отырған жалғыз-жырым малымыз бар,
қар қата сойып алмақшы болып отырмыз, қызылқарын жас баланың
қорегі, одан басқа не күн көріс бар.
– Қисынды, қисынсыз салықтан көз ашпайтын болдық қой,
қарашығын деп бір, рамат деп екі келесіңдер... – Қашан көрге кіргенше
осы бір недоймкерлеріңнен құтылар күн бар ма екен?! – деп, тағы да
мұң шаға бастаған ел ақсақалдарына құлақ аспай далаға азулы
жолбарысша атылған Жəнібек, қасындағы сұсты жандармдармен аз
ауылдың астан-кестеңін шығарды:
– Есенбай тұқымы обалдарың Ақанға! Сол емес іс тыныш елді
бөріктіріп, малын айдатып алған, өзі бас сауғалап көрінбей қашып
кетті, обалдарың соған, – деп əp үйге кірген сайын бір қолтық отты
тастап жүр. – Ал недоймкеден құтылмай жүрген өздерің кінəлі. Ақ
патшаның əміріне қарсы келейін деп пе еңдер!


Күн бата əр үйден жылап шыққан бала-шаға, қатын-қалаш дауыс
қылып, у-шу, даңғаза аралас шағын ауыл үсті күңіреніп кетті.
Жəнібектер жер үйлердің қора-қопсысын тінтіп, бұлай болар деп,
ойламай, бейғам отырған ауылдың мал қораларына қыста тісіне басар
аз соғымын ойықтан тартқан балықша ойнақтатып, тысқа алып шығып
жатыр. Елдің бас көтерер қарулы жігіттері жылқылардың шылбырына
оралып, "өлсек те бермейміз, аштан қырылғанша, қолдарында өлеміз"
– деп сүйретіліп, бір-екеуі Жəнібектің де жағасына қол салған.
Үйлерінен көйлекшең дірдектеп құр қол шыққан жігіттерді қарулы
жандармдар мылтық дүмімен ұрып құлатып, екі үшеуінің сырт киімін
белуарына дейін сыпырып етпетінен сұлатып салып, жұрттың көзінше
дүренің астына алды.
Поштабайдың келгенін естіген Сұлтанмұрат қан құсып төсек
тартып жатқан жерінен тұрып, күпіге оранып жеткен. Екі иінінен дем
алып, қаңтардың үскірік желіне тұншығып, жөтел буған əнші жігіт ат
үстінде сұрланып Жəнібектің салбыраған аяғын құшты:
– Əй, Жəнібек, мен... мен Сұлтанмұратпын, танымай тұрсың ба,
бұл не қылығың... жазықсыз елді жылатпа, жазықсыз Ақанды аузыңа
алмасаң етті, жазықтыны екеуміз білетін ек... Бұл не қысастығың, –
деп сөзін зорға құрады.
Əшейінде 
жөкпеншіге 
көнбейтін 
керауыз 
поштабай
Сұлтанмұраттан титімдей де именіп, ықпады. Серейген бойымен ат
үстінде иіліп келіп, өзі де желден қақалып-шашалып, құр сүлдері
тұрған əнші жігіттің күпісінің өңірінен бүре ұстап:
– Əй, көксау, мезгіліңнен бұрын өлмейін десең, кет бұл арадан.
Жалғыз əкеңді ая, ант атқыр, антың қайда берген, – деп, тісінің
арасынан сыздықтата зілмен сыбырлады да, қолын босатты. – Есінде
болсын сенің сөзің қотқа аспайды, жала, осыны ұқ!
– Сендердің де ант алғандарың қайда, сондағыларың осы ма?!
Жазықсыз елді неге жəбірлейсіңдер. Не сұмдықтарың бұларың.
Тимеңдер жұрттың малына, бар үйдің қарап отырғаны малы.


Сұлтанмұраттың қолы Жəнібектің тізесіне іліккен. Біресе
жалбарынып, біресе қорқытып бақты. Дімкəс, əлсіз жігіт поштабайды
қаймығар, илігер деп еді, жоқ, ол тізгінін оқыс тартып қалып, серейген
аяғымен кеудесінен бір теуіп, шалқасынан түсірді де:
– Қане, айдаңдар, айда кеттік, – деп атын тебініп қалды.
Бүгін-ертең соямыз деп, бала-шағасымен тегіс қуанып отырған
елдің он бес шақты соғымын екі-үшеуден топтап жетектеп, топырлата
айдаған, қиянатшыл топ кешкі ымыртта алыстап, қараңғы түнге сүңги
берді.
Қолында бос қалған ала шылбырын мойнына салған қарт Сатай
құбылаға қарап тізесімен қарға шөгіп, кəрі көзінен жас төгіп, қарғап
отыр:
– О-о, Есембай атам аруағы киелі едің, киелі едің, бабам! Аз
ұрпағыңды қара жыландар жалап кетті, киелі аруағым! Ошағымды
ойрандап, шоғыма су құйып кетті жыландар. Аруағымның киесі атсын,
көз жасы жібермесін, алдарың түнек болсын, көрем деген
қызықтарыңды көрме, аруақты елдің ұлы едік, кісіге қиянаты жоқ
момын ел едік, осынша зарлататындай неңді алдық, Нұртаза!
Азаматтарымды қорлап, дүреге жығар неден кінəлі болдық, ақсақ ояз!
Біз көрген зауалды ұл-қыздарың тартсын, қара түн бастарыңнан
арылмасын. О, Құдай бар болсаң, сорлап қалған жетім-жесіріңнің
тілегін бере көр! О, аруақ, аруақ! Есембай бабамның аруағы!..
Алыстан кісінеген, шыңғырған асау соғымдардың үні талып жетіп,
мүлдем үзілгенде, есеңгіреп, мəңгірген топ, тағы да зар еңіреп, жылап
қоя берді. Сатай қартпен қосыла қарғаған дəрменсіз жұрт, көйлектері
өрім-өрім, жон еттері дыз-дыз еткен соққыға жығылған нар жігіттер
əйелдерінің иығына асылып, көздерінен бұлбұл ұшқан жылқыларының
соңынан қарап, кəрі-жасы орындарынан тапжылмай, өлік шығарған
ауылдай зар илеп, аяз астында егіліп тұрды...
Осылайша қан қақсап, қотанына аю-қабылан тигендей жылап-
сықтап қансырап қалған Қантай ауылына Жəнібектердің сойқанынан
бір жұмадан соң, қасында Мөңке бар Ақан келді. Шынжырмен


бұғаулап этаппен алысқа айдаған достарын көзімен шығарып салып,
одан кейінгі күндері Ақмола ұлықтарынан еш хабар біле алмай, іштен
тынып, қайғымен күйзеліп оралған беті.
Түндегі ел зарынан соң, бұрынғыдан да төмендеп, кеудесі
сырылдап, тынысы тарылған Сұлтанмұрат бір мезгіл бас көтеруге
жарамай, мүлдем төсек тартып жатып алған. Ақанды көргенде сауында
уайымшыл, жаны нəзік, əрі күйрек жан, үнсіз жылап, көпке дейін сөзге
тілі оралмады. Үйде бір бейтаныс келіншек жүрген. Ақан амандасқаны
болмаса, жөн сұрасқан жоқ. Сол əйел Сұлтанмұраттың басын көтеріп,
құйрығын жаңа басқан баладай əлсіз кəріптің жан-жағын жастықпен
бітеп көрпесін қымтап кетті. Қара жігіттің өңі тозған шүберектей
бозарып, шүңірейген көз жанары сөне бастаған екен. Екі иінінен дем
алып, қайта-қайта жұтынып, төмен салбырай берген басына ие бола
алмаған Сұлтанмұратты аяп, қанша қинағысы келмегенмен, "Шəкейдің
мұны аузына алуында бір сыр бар-ау, не де болса осы бірдеме білуі
мүмкін" деген оймен Ақан терісіне ғана ілінген тірі аруақтай əнші
інісінен қалай сөз тартудың қыбын таба алмады.
Көрпеден басын алмай, төмен қараған қалпы Сұлтанмұрат
Мөңкемісің! А-ман ба? Сен де жасыңнан қайғыға... душар болдың-ау, –
деп кеудесі сырылдап, тамсанып көп отырды. – Ақан аға, жігіттер...
жігіттердің күні не болды? Арашалап... арашалап алдыңыз ба? Нұ-
Нұртаза барды ма?
– Жоқ! Сұлтанмұрат! Жігіттердің халі нашар... Сотталу қаупі бар, –
деп, Ақан ауру жігітті қажытпайын деп, бұғауда кеткендерді жасырып
қалды. – Нұртазаны неге аузыңа алдың, неге барады?.. Сұлтанмұрат,
шамаң келсе, айтшы. Бірдеме білемісің? Шəкей сəлем айтты.
– Олар сізге ештеме айтпағаны ма?..
– Жоқ, қайдан айтсын, жолыға да алмадық, – деп Ақан Шəкейдің
сəлемін қисынға келмей қалды-ау деп түзеген болды. – Шəкейді
түрмеге енгізіп бара жатқан жерде алыстан көрдік, алыстан айқайлап
сəлем жолдады саған!


– Е, е, – деп, жиі-жиі шөліркеп, сусын іздеген Сұлтанмұрат жиі
тамсанып, қорғасындай ауыр басын бір-екі изеген болды, – Олар...
олар бар сырды айта алмаған екен. Ай, айтқанмен не... ант-ант
бұзбай...
Ауру жігіт бірдеме дегісі келіп, оқталып, сөзін жұта беретін
сияқты. Ақан бұрынғыдан бетер ынтыға түсті.
Мына, ант соққыр Нұртаза, елге қырғидай тиіп... барымта...
барымта... малын жұртқа төлетіп, аш-арықты қан-қақсатып жатыр...
Кеше Есембайдан тараған... аз үйлі Қантай... аулын талап... Жі-
жігіттерін дүреге жығып кетті. Ол найсаптың адамдары "А-Ақан сері
мұны жасатқан", – деп беттері... беттері шылп етпейді. Жалғыз со-
соғымына қара... қараған ел, енді көкке қарап қалды. Біздің əкей бар,
біраз адам бай-байларға жалданып, бірдеме табу-табудың қарекетімен
кеше басы ауған жаққа тентіреп, ел-ел ақтап кетті... Оһ... Оһ...
Нұртаза... ай сол ұстатты ғой, бет-бетсіз екен. Су-сусын.
– Сұлтанмұрат сусын ішіп, жастығын төмендеттіріп, қайта жатты.
– Ша-шамам келсе, Ақан аға, өзіңізге көзім тірісінде айтып кетейін.
Барымтада бол... болмасам да... шет жағын білем... Ант ішіп ем...
айтпасқа... бірақ... бірақ, қайтейін өзіңізге ғана... Мөңке де аузы...
аузына берік болсын. Осы күні оларды же жеңу қиын... қиын...
– Сұлтанмұрат ұзақ үнсіз жатты. Барымта алдындағы оқиғаларын
кеп ойлады. "Айтсам ба екен, айтпасам ба екем" дегендей ұзақ
қиналды.
– Ол оқиға былай болған еді.
Бүкіл Сарарқаға дүңк еткен Құлагер өлімі атығай-карауыл еліне
күн құрғатпай-ақ жеткен. Қазақ дүлдүлінің қайғылы өлімімен бірге,
іле-шала Ақан серінің "бек, керім-ай бөрібай-ай" деп бебеуге салып,
зарлаған Құлагер" əні де жетті. Ащы үнмен айтылар жоқтау сарынын
тыңдағанда көзіне жас алып, тебіренбеген тірі жан қалмады. Бір апта
ел дүрлігіп, атқа мінер ер азамат ауыл арасында жалақтап, бір-біріне


хабар беріп, босқа шауып намысқа булыққанмен, істер айла, қылар
амал таба алмай қыстығып, босқа сенделген еді.
Тек үшінші тəулікте барып, қарауылдан шыққан аз топ бір-бірімен
астыртын хабарласып, жасырын жиын құрған.
Жиын, көп көзінен таса, елеусіздеу бір шоқ ағаштың бауырындағы
жылқышылар қосында өтті. Қосқа жиналғандар кілең Ақанның
жанашыр достары: Шəкей, балуан Ожымбай, əнші Сұлтанмұрат,
Бəтжан. Бұрын кеп араласпағанмен, немересін Ақанға қосып жіберетін
ұры Байбатыр да келіпті. Күн бата қасында ақикөз поштабайы бар
жарау атпен сумаң етіп Нұртаза жетті.
– Ұядай қос ішінде жас құлынның етін үнсіз жеген қайғылы
жандар, біреудің жаназасын шығарғандай көпке дейін түнеріп отырды.
Астау толы ет орталағанда барып:
– Қайран, Ақан аға, Құлагеріңнен айрылып, не күйде отыр екенсің.
Оңдырмай соқты-ау жауыздар, – деп, Шəкей булығып, көзі
жасаурағанда, басқалары да ауыр күрсінді. Кейінгі кезде көкірек ауруы
меңдеп, тық-тық жөтеле беретін Сұлтанмұрат Құлагер өліміне егіле
жылап, өзінің пір тұтатын жазықсыз ұстазына деген адам баласының
қас-көйлегіне налып, сырқат жарасы ашыла түскендей еді. Астауға
анда-санда ғана қол апарып, ашыла былбыраған жас етті əрең толғап,
жұта алмай, зілдей қайғыдан шекесі солқылдап, басын көтере алмай
отырған əнші жігіт:
– Сорлап қалды-ау, Ақан ағам, сорлап қалды-ау, аппақ көңілі
жердей болды-ау! Құлагер айналайын, серігінің бірі емес пе еді,
жылқы емес, досы еді-ау, енді серігі шер болды-ау, шерлі ағам қашан
сенің шерің тарқаған, адам баласына титімдей қиянатың жоқ асыл
ағам неден ғана сенің жолың болмайды. Неден ғана тұзаққа түсе
бересің... қыл-мойныңнан, – деп, соңғы сөзін жөтел қысып, зорға
құрады. Аузын басып, жөтелін тиям ба деген Сұлтанмұратқа көмейін
қырнап, жегі құрттай жыбырлатқан көкжөтел көнбеді. Əуелі күрк-күрк
терең жөтелген əнші əбден қысылған шақта сеңсең тұлыпқа тұншыға
құлады.


– Сұлтанмұраттың жөтеліне сəл қабақ шыта шыдамсызданған
Ожымбай ызалы аюша ауыр ырғалып қойып, гүрілдей жөткірінді.
–Əй, жігіттер, өлер Құлагер өлді. Енді жер жыла, көр жыла, орнын
толтыра алмаймыз. Кімнің белі қайыспай отыр. Бір бəтуəға келмейміз
бе, əлде қара жамылып, жоқтау айтып, қатындарша сыңси береміз бе?
Нұреке, сіздің келгеніңіз тұйыққа тірелген бізге қандай жақсы болды,
азаматтық көрсетіп отырсыз. Бұлай болар деп тап өз басым ойламап
едім, – деп, сөз соңын төрде өзінен жоғары отырған Нұртазаға бұрды.
Шынында болыс тап осы жолы мына қара табандарға өзі келмек
түгілі, сəлем де бермес деп ойлап еді. Əйтеуір қарманарға тал таба
алмай тығырыққа тірелген жігіттер амалсыздан Нұртазаның жансызы
– поштабай Жəнібекпен сөз қосқан. Сағынай асынан шақырусыз
қалған Нұртаза, "керейлердің Ақан серіге қиянатын, қарауыл жұртына
əдейі жасаған қыры деп тісін қайрап отыр" дегенді естіген соң, өзі
араласпаса да, сырттай қол ұшын берер деп дəмеленген еді. Кейінгі екі
сайлауда қатарымен болыстықты алған Нұртаза, сегіз дуанға аты
шығып, шалқып тұрған атақты шонжар, сонау Ірбіт, Қызылжар, Омбы,
Түмен саудасын Сүлеймен ағасы арқылы билеп-төстеп, бетіне жан
қаратпай тұрған алпауыт, сырттай поштабайымен ғана емес, енді өзі
келіп ақыл қосса, одан артық қуаныш бар ма.
–Беті жып-жылтыр, қою сақалды Нұртаза ала көзін төңкере.
Ожымбайға бір қарап, ет жеп болдым дегендей басын кекжең еткізіп,
шегіне отырды да, қолына майлық алды.
–Етженді саусақтарын бір-бірлеп сүртіп, семіз құлын етінің майы
жылтыраған тырнақ көбелеріне дейін баппен ұзақ тазалады. Содан соң
жас сорпа əкелген жылқышы балаға "ішпеймін" деген ишарат білдіріп,
қоңыр шибарқыт бешпентінің терең қалтасынан алған бармақтай құты
тығынын таспиық тартқандай саусағымен бипаздап бұрады да, ішінен
ұшталған көп аршаның бүрін алып, құтыны қайтадан қалтасына
салды. Ешкімге арша ұсынған жоқ. Сыртынан талай кіжінгенімен,
жүзін көргенде сұсынан тайсақтаған жігіттер онымен қатар
отырғандарына да риза сияқты. Ол табақтан басын көтергенде, бұлар
да саусақтарын жалап, дастарқаннан шегіне қалысқан. Бəрі де енді тіс
шұқыған Нұртазаның аузына қарағыштады. Қанша шыдамы таусыла


үздіккенмен, қасын кере түсіп кербезденген болысты ешқайсысы
тақымдап, асықтыруға батылы жетер емес. Қабырғасы тең болмаса да,
Ақан серінің себебімен үлкендердің ортасына көп араласып, бойы
үйреніп қалған Шəкей ғана тықыршып:
– Иə, енді не отырыс бар, бəріміз де бір мақсатпен жиналған
екенбіз, ал, Нұреке, – дегенде барып, тісін ұзақ шұқылаған Нұртаза
алғаш сөзді бастап, алыстан орағытты:
– Осы бір керей асын суханым сүймеп еді, "Ала қойды бөле
қырыққан жүнге жарымайды" демекші, қарауыл жұртын алалап
тастаған керейлер əлі сазайын талай тартар... Соған Ақан байғұстың
желегін ала жүгіріп, желкілдей қалатындай реті жоқ-ақ еді. Бірақ жел
көңілге не дауа "Шақырусыз асқа барма, желікпе дегенді қас
қылғандай көрді. Содан біреу керейдің асын аяды деді ме екен.
Маңдайына талай тисе де, ай қайтпайды-ау, қайтпайды. Ақыры міне,
ойнақтаған тайлақ от басты. Керейлер тұрмастай етіп қақ маңдайдан
оңдырмай ұрған екен, жазықсыз жануар, екі ортада, боқ басында жер
қапты, – деп, тағы да тісін шұқып отырып қалды.
Батылы жетіп сөзге қосылған тағы да Шəкей.
Солайы солай болды ғой, Нұреке. Енді ол қанша айтқанмен
келмеске кеткен шаруа. Ақанға қосылған жұртты да жібермеген
адамдар бар. Оны қайталап қайтеміз, – деп сөзді тигізе бастап еді,
қасқыр мінез Нұртаза арс етті:
– Сонда, сендер еріп барғанда Құлагерді айырып алып қалатын ба
едіңдер. Көсем салып алдында жүретін шығарсыңдар. Сөз емес сөзді
көңірсітесің!
– Шынында да кінəлəсіп қайтеміз, Шəкей. Одан да не істейміз.
Құлагердің кұны емес пе ендігі дауларымыз, – деп Бəтжан ұшыға
бастаған сөзді басты.
Құлагердің құнын! Оны қалай алмақсыңдар? Сендердің
қолдарыңнан не келмек. Керейдің кері кеткен кесапаттары құн
даулатпақ түгілі босағасынан сығалатар ма екен. Сендер де


қолымыздан бірдеме келеді, еркек кіндікпіз деп отырсыңдар-ау, – деп
жаңағы сөзге шамданып, аптығы басылмаған Нұртаза ырқ етіп күлді.
–Неге келмейді қолымыздан, шаңырағын ортасына түсіреміз.
Əттең аз боп отырған жоқпыз ба, – деп еді Ожымбай, Бəтжан да қостай
түсті:
– Нұреке, сіздің де кектеніп отырғаныңызды естідік. Бізге біраз
белді ат, сойыл көтерер біраз жігіт керек. Аржағын өзіміз білеміз.
Сіздің осылай сырттай қалқан болып отырғаныңыз да жетеді...
– Болыс көзі бақырайып, аузын толтыра тоқтық тартып, қарқылдап
күлді:
– Сендердің дəмелерің зор екен. Тіпті ойларың қайда жатыр.
Наурызбай мен Ағыбай əумесерлердің тұқымы əлі бар екен ғой. Ах-ха-
ха! Арыстан айға шауып мерт болыпты. Сендердің жиырма-отыз
сойылдарыңа бастарын жарғызып қойып қалың керей, анау ақ
патшаның адамдары ай қарап отырмақ па. Құйрықтарыңа гүрс салып,
жылқыға басқандай таңба басып, өздеріңді ит жеккенге қойша тізіп
айдайды да жібереді. Қара бұлардың дəмелерін!
Жігіттер үнсіз қалды. Аңдамай сөйлегенін əрқайсысы-ақ ұғып
отыр. Бірақ ауыздан шыққан сөз мəкрүк. Қайтып алар айла жоқ.
Расында да не айтып отыр: "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" –
керей жұртының сөлкебай таққан шонжарларына қол салған бұлар,
ертең өз болысының да жағасына жармаспай ма? Жер шұқығандай
төменшік тартып отырып қалған Байбатыр еңсесін көтеріп, көзін
сығырайта қарады:
– Ау, болыс, жігіттердікі əшейін ашынғандықтан айтылған құр
далбаса ғой. "Өз бетін аямаған, кісі бетін шиедей қыладының" кебі...
Қарауыл намысы ортақ. Біздікі намысты жібермеу, кек алу емес.
– Ə, солай жығылсаң керек етті, – деп жұмсарды Нұртаза. –
Барымта емес, Құлагер үшін қарымта десейші. Сонда не
істемексіңдер? Құр даурыққаннан басқа, қолдарыңнан не келмек. Ауыл


итінің құйрығы қайқы демекші, ауыл ішінде отырып, құр
шіренгендерің кімге дəрі?!
Ұры Байбатыр енді түксие түсіп, жүрелеп отырды:
– Ұзын сөздің қысқасы, – бір Құлагердің құнына бүкіл ақсары,
құрсары керейдің, байлығы шалқыған Мəті – Дəуленіңнің, бүкіл
Төлкеден тараған Сағынай балаларының малы жетпейді. Ақан
қайғысын, қарауыл намысын қайтарар төлемді, олардан сұрап та,
даулап та ала алмайсың. Əйтеуір жай отырып ынжық атанғанша, керей
малын барымталап, есе қайтару керек.
– Ал, жə дейік. Сонда бұған менің не көмегім керек?
– Нұреке-ау, жаңа айттық қой. Бізге сіздің бар көмегіңіз сол – тың
аттар керек. Кемі төрт-бес жігіт.
– Жігіттің де керегі жоқ, – Бəтжанның аузын қақты Байбатыр. –
Соншама, қол жинаудың қажеті не, аяққа оралғылықтан басқа. Істемей
жүрген кəсіп емес. Болысеке, бізге көмектің керегі сол – ертең айдап
келер көп жылқыны қайда жасырамыз, қайда тығамыз. Сіздің, ана
Сүлейменнің көп малына тоғытып жібермейміз бе? Бізге керегі мал
емес, намыс. Сізге де солай емес пе?
Нұртаза іштей күліп, жайраң қақты: "Мыналардың ойы жаңа-жаңа
өз ойына қарай ойысып келеді. "Малға тоғытып жіберу" дегендері ғана
үйлеспей отыр. Қыруар мал келе қалса, оны қайда тоғытады, ол арасы
Сүлеймен екеуіне мəлім. Бұл "ойыннан" ағасы алғашқыда сескеніп,
жалына қол тигізбей осқырса да, кейін сөз ыңғайына көшіп, оңай
олжадан бас тартпаған. Енді мына қолшоқпарды біраз жинап, қайрап
алу керек, ит екеш итті де қасқырға саларда жынын құстырып,
ашықтырып-ашындырып алады.
– Сонда қалай? – деді Нұртаза ыңыранып. – Сендер отты менің
қолыммен көсейсіңдер. Ертең мұның аяғы үлкен дауға ұласуы хақ.
Сонда ұрланған мал менен табылса, өмір бойы керейлермен жалғыз
жағаласып өтпекпін ғой. Тасада қалатын сендер. "Айран ішкен
құтылып, шелек жалаған тұтыладының" кері емес пе бұларың?!


– Нұреке, кімнің айран ішері, кімнің шелек жалары белгісіз? Əрине
малды тоғытқанда оны жайып салып отыру емес, бір есебін тауып
сіңіріп жіберу қолыңыздан келер деп отырмыз. Барымтаны қазақ бүгін
көріп пе. Қай ұры пайданы жанына басқан?!
– Əй, Шəкей, – деді Нұртаза. – Сөзіңнің төркіні түсінікті.
Шықбермес Шығайбайдан тор қасқасын боққасқа қылып айласын
асырған Алдаркөсе бол деп отырсың ғой. Бір қара емес мың қараға
мың Алдаркөсенің айласы да жетпес... Жарайды, шешінген судан
тайынбас, қолмен істегенді мойынмен көтерейік делік. Ал ертең
қазына жағынан зерт жүргізіліп, сендердің ізіңмен келіп, біреуіңді
құлағыңнан басып құнжитып ұстап алса, бастан құлақ садаға деп,
құлағыңды беріп кетесің бе, əлде жан сауғалап, аш құлақтан тыныш
құлақ жақсы, өзім аман болайын деп, үстіңе төнген қара бұлтты басқа
жаққа аударамысың? Жоқ, мен сендерге сенбеймін!
– Алдымен поштабайын салып, соңынан түк білмегендей өзі келіп
отырған болыстың жан жаралар мына соңғы сөзін естігенде, жігіттер
қасқыр тиген қойларша дүр ете қалды.
– О не дегеніңіз?
– Сонша бізді, бала деп отырмысыз?
– Сырға сырғанақ жігіт боларымыз бар, несіне келді дейсіз.
– Дабырламаңдар, – деп көзі алақ еткен Нұртаза быртық
саусақтарын тарбита көтеріп, жігіттерді басты. – Үй артында кісі бар.
Ана екі жылқышыдан сақ болған жөн. Олар да неге жиналғанымызды
білмейді. Кіндігі бір Сүлеймен де бұдан бейхабар. Əлден даурығып,
бөрінің артынша шуылдасаңдар, ертең ел жеткізбесе жел жеткізеді.
Ал, қылша мойным талша деп, тілдеріңді тістеп, өлімге кессе де,
сырыңды көрге бірге ала кетсең тəуекел!
– Оу, болысеке, тоқ етері сол – бұл арада сенің де, басқаның да
шашбауын көтере келгеміз жоқ. Не мəймөңке керек. Біздікі – бүкіл
қарауылдың намысы. Ақан серінің кегі. Жаңа айтпадық па, егер кім де
кім ертең тісінен шығарды бар ғой, жақыным еді, жас еді деп,


қарамаймын, тура өзім соның тілін кесіп отқа тастаймын. Ал, өз басым
мұндайдың талайын керген менің басымды қойдың басындай үйтіп
жатса да, мына тіл оны арашалаймын деп сырын айтпайды, бірге
үйтіледі, – деп, енді Нұртазаға қалың сабалақ қасының астымен, отты
көзі жайнап, тік қараған Байбатырдың жүндес білектеріне қан теуіп
шыға келді. Тұла бойы дірілдеп қоя берді. Басқалары да Байбатыр
сөзін қостағандай иықтарын қомдап-қомдап қойды. Ожымбай балуан
да күреске шығатындай аруақтанып, қалш-қалш етеді.
Енді бұдан əрі сөзді созбайлаудың қажеті жоғын сезген Нұртаза
соңғы шартын қойды. Қалтасынан ақ орамал шығарған:
– Мə, мəгəркім, ауыздан шығар болса, тілім кесілсін, антымды
бұзсам, үрім-бұтағымның қаны осы тілімнің қанындай судай асқын
деп антыңды бер, – деп, қасындағы Ожымбайға ұсынды. Ант-су ішудің
мұндай жолын білетін жігіттер бөгелген жоқ, Нұртаза айтқан созбен
ант алып, шетінен пышақтарын суырып, тілдерінен қан шығарып
бүрікті.
– Жөтеліп кеп, Сұлтанмұрат та тілін шығара берген. Байбатыр
білегінен ұстай алды.
– Əй, Сұлтанмұрат, сенің бізге масылдықтан басқа пайдаң аз. Ұры
жауы, – жөтел. Ниетіңе рахмет. Сен барымташы бола алмайсың,
көңіліңе келмесін, үйде жылы бүркеніп жатып біздің жолымызды тіле!
– Бəке-ау, о не дегеніңіз. "Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді". Мен
де бір азамат емеспін бе. Маған қарауыл намысы емес, Ақан ағаның
намысы керек. Ол қанаты қайрылып зарлап жатқанда, мен үйде
дарылдап өлең айтып жатпақпын ба, барамын, – деп қиылса да,
Байбатыр: "ұрлыққа ертпеймін" деп кесіп aйтты.
– Жарайды, Сұлтанмұрат. Расында да сен мына көкжөтеліңмен
бүкіл керейді бөріктіресің, – деп, Нұртаза босағада сыры кеткен ескі
кебежеден алдырған қатқан жарты күлшенің бір үзімін Сұлтанмұратқа
берді де, бір үзімін өзі аузына салды. – Наннан қасиетті ештеме жоқ.
Егер сыр сақтай алмасам, мені де осы дəмнің қасиеті атсын. Сен де же
ақи! – Бір үзім нанды поштабайдың қолына да ұстата салды.


Бұдан соң бұл жаппаға қайдан келгенін кім білсін, ақ орамалмен
мұқият түйіншектелген қалың құранды алып, жігіттер жаппай
кеудесіне басысты. Бұл – "Құран ұстайын" дейтін анттың белгісі еді.
Ант-су ішудің қазақтағы көне, жаңа ырымының бірін жасап,
Нұртазаның қалың жылқысынан бір-бір тың ат мінген барымташылар
сойылдарын қарына іліп: Иə, сəт!", "иə аруақ, қолдай гөр", "ақсарбас!"
деп, желкем түнде керей елін бетке ұстап жүріп кеткен...
Анда-санда жөтел қысып, көгеріп-сазарып булыға берген
Сұлтанмұрат ара-тұра үнсіз демалып, осы уақиғаның ұзын-ырғасын
қысқаша баяндап, зорға тауысты.
–Бəсе, өзім де, тегін емес-ау, қыруар мат үшті-гүйлі қайда кетеді
деп күмəнданып ем, тағы да айласын асырған екен Нұртаза. Апырым-
ай, не деген жүрегі тастан жаратылған неме еді, тым құрмаса, өзінің
қолы былыққан соң, жігіттерге арашашы болмаса да, нақақ айып
айбана төлетіп, жазықсыз елді неге жылатады. Ант-мант деп сендер де
қайдағы жоқ ата жолын ұстап, антшыл уəдешіл бола қалған
екенсіңдер... Бəсе, бəсе, жігіттерді ұстап берген Нұртаза. Оларды көз
көрмес Сібір айдаттырып жіберткен де сол, қалай жасырады ізін, – деп
Ақан болыс қолынан істелген іске жаңа ғана көзі анық жетіп, тістене
берді.
Мөңке де Сұлтанмұрат сөзін естіген сайын құнжиып, түнере
түскен. Көптен сөйлемеген бала, түнеугі қамшы тиген көзінен
сорғалаған жасын жеңімен сүртіп:
– Тірі жүрсем Нұртазадан бір кек алармын, – деді үлкен кісіше.
Осыдан қайтып лəм демеді. Қаны қата қалған Мөңке бұдан қайтып бір
жадырамады да.
– Ақан аға... түсінемін, түсі... түсіндім, – деп басын көтерместен
Сұлтанмұрат көзіне жас алды – Жігіттер қиырға айдалған екен. Иə...
кебенек киген келер-ау тірі болса... кебін, кебін киген. Бəтжан келер ме
енді. Айдалада қалды-ау. Топ-топырағы да өз елінен бұйырмады!


– Сұлтанмұрат көзінен сорғалап аққан жасы тиылғанда барып,
қайта сөйледі.
– Ақан аға, енді өз... өзіңіз арандап қалмаңызшы. Қайдан айттым.
Енді көріспеспіз. Ақан аға, сізге алда риза болсын. Сізбен өткізген
өміріме өкінбеймін. Қайран, ол бір тамаша, шуақты күндер еді-ау. Иə,
шуақты күндер. Кешу өтінемін, Ақан аға, кінəм болса, кеше көріңіз!..
– О не дегенің, Сұлтанмұрат! Осыншама... қой, қайдағы кешу,
ертең-ақ көкке ілінсең, жазылып кетесің.
– Е-е, Ақан аға! Сол көктемді ғана күтіп жатқан жоқпын ба. Келер
көктем менің тіршілігімнің де, соңғы көктемі шығар. Соған ж... жете
алам ба.
20
Күн шыға атқа қонған Ақан Сердалы ауылына қарай аяңмен келеді.
Қысқы дала көркіне көз тойғысыз. Түнімен жапалақтап жауған
ақша қар қарағай, шырша, қайың аралас тоғайлы даланы аппақ
мамықпен бүркеп, қымтап тастапты. Көгілдір аспан шұңғыма өзеннің
шыңылтыр мұзындай мөп-мөлдір. Желсіз ауада бетті байқатпай сүйер
шымшыма аяз бар.
Қарағай, қайыңға қонақтаған ауыр ұлпа қар анда-санда өз
салмағымен гүмп етіп құлағанда, бастары иілген ағаш бұтақтары
селтең етіп, селк еткендей болады. Ақ ұлпаны уыстап, салмақтап-
салмақтап тұрып тастап жіберген алыптың алақандары сияқты. Күн
көтерілген сайын тоғайлардың шығыс жақ бетіндегі сырғалы
қайыңдар бір-бірімен бəсекелескендей бастарындағы түнгі ұлпаны
түсіріп, ақ көрпесін серпіп тастап, мойны қылтиып шыға келетін
үрпекбас келіншектердей шашы дудырап таңғы жолаушыға едірейе
қарайды. Тоғай – дүр сілкініп оянған өзінше бір қалың ауыл.
Дала андары да түнгі ұйқыдан тұрып, жорта бастапты. Айқыш-
ұйқыш іздер жүрген сайын көбейіп, ақ қардың бетін шимайлай түседі.
Ескі қабықтарды аршып, қу бұтақтардың сынық басын сүйір


тұмсығымен көнек түбін ұрғылағандай дамылсыз тоқылдатқан қызыл
ала тоқылдақтар да ағаштан-ағашқа қонып сумаңдап жүр. Алақанат
сауысқандар да қалақ құйрығын жыпық еткізіп салаңдатып ит ерткен
жалғыз жолаушыға таңырқағандай таңдайын қағып-қағып қалады.
Ақан сарала атын ерттеп жатқанда қорадан ата шыққан Басараласы
қашан жолға шыққанша асығып, иесін шыр көбелек айналып,
қыңсылай берген. Неше жылдан бері аңға салмаған көрі сарала
жонданып, семіріп алыпты. Тайыншадай ірі денесі бұрынғыдан да
сомданып, арса-арса кеудесі бұқа тамақтана жалпиып, басы да үлкейе
түскен тəрізді. Кейінгі кезде қартайып, алжи бастағаны ма, əлде
жасынан қасқырға баулыған маң төбет аңсырай ма, анда-санда
аусарланып қотандағы қойға шабатын көрінеді. Бөтен елге бара жатқан
Ақан ауылдан шыға бере "қал, қал" деп бір-екі зекіп еді, иті иесінің
бұл қылығына назаланғандай аспанға əупілдей үріп, қар бората жер
тырмалап алға оза берген соң, "жəрəйді дала кезіп, біраз мауқын
бассын" деп, қайтып қумаған.
Көптен зеріккен сарыала əуелде кез келген ізді тіміскілеп, сонарға
түскен жаңа іздің иісін сезіп, біраз жерге дейін жүгірді де иесі соңынан
ермеген соң, зəбір шеккендей қыңсылап, қиып кеткен Ақанға
шоқырақтап қайта келеді. Оппа қардың астында ақ тышқандардың іні
кездессе де көптен өшін ала алмай жүрген жауын тапқандай, ызалана
тырмалап, тұмсығын тыға қорылдата тартқанда анадайда некен саяқ
жүрген ала қарға да етегін жая жалп етіп отыра кететін қара камзол, ақ
жаулықты кемпірлердей ұлпа қарға күрп етіп қонып, иттің алдына бір
қырындап секектеп жақындай түседі. Басын қисайтып, көзі алайып,
"не іздеп жатырсың-ай, қар астынан не табасың, ақымақ, ақымақ,
ақымақ" дегендей, алыстан үңілген қарғаға ыза болған сарыала
атылып кеп тұра қуады. "Көтек!" деп шошығандай, барқ еткен қарға,
"иə жетерсің жаманқатты, қояншық" дегендей қарқылдап, көкке
көтеріледі.
Бұлаңқұйрықпен үнсіз жортқан Ақанның басы салбырап, ойда
келеді. Түнеугүні Сұлтанмұраттан Нұртазаның залымдығын естігелі
зығыры қайнап, үйде тыныш жата алмаған. Қанішер болысқа барып,
дігірді салып, "өзің жұмсаған Ожымбайларды қалайша ұстап бердің,


діннен безген! Қызылқарын жас баласының, артта қалған ел-
жұртының көз жасын аясаңшы. Тым құрымаса бір рет əділдікке
жүгініп, өзің арашашы болып, қиырда жүрген жігіттерді қайтарар бір
қауметің болмағаны ма, безбүйрек!" – деп жағадан алсам ба?
Илікпейді екен, енді Нұртазаның өзіне іс қозғатып, Омбыға дала
губернаторына барсам ба екен, деп толқығанмен үйкүшік адамдай
Қараталдан қарыс қадам ұзай алмады. Қазір əке-шешесі қатарымен
төсек тартып жатыр. Қорамса биыл жығылғаннан қайтып тұрмаған.
Ұзақ науқас əлсіреткен қарт анда-санда беті бері қарағандай болып,
төсек үстінде басын көтеріп отырса, үй ішінде, келімді-кетімді адамға
мазасыз. Дала жүзін көрмей, ішқұса боп іші жарылардай зеріккен, əрі
ауру қажытып, құныстырып, шөктіріп тастаған шал баяпар. Тырс еткен
бөтен дыбысты көтере алмайтын кіді.


Қатар салған сүйек төсағашта жатқан Жаңыл шешесі биыл Ақан
Ақмолада жүргенде лепсісін емдетем деп, Шəмбіл қожадан бармақ
басындай алмас алып, сары майға езіп ішіпті. Аурудың ұшына тиген
дей ме, содан бері тамағы жұтындырмай, келе-келе ас жүрмей
қылтамаққа айналып, қара судан бөтен нəр сызбай жатқанына бір
айдай болыпты. Күннен-күнге өз өзінен таусылып, толық денелі ана
шүйкедей боп семіп барады. Тым құрымаса сөйлер тіл де жоқ.
Сыбырлап сөйлейтін Жаңыл енді одан да қалған. Əлденелерді
түсіндіріп, кейде көзінен жас сорғалап жылаушы еді. Енді көзінен жас
та шықпайды. Қу шүберектей боп, сіңіріне ілініп сөніп барады.
Əшейін, кеудеде жаны бар тірі аруақ – құр сүлдер.
Анада Сұлтанмұрат үйінен шығып, қараталға кештете жеткенде
Ақан Құлагердің қайың қорасының алдына шөккен төрт нарды көзі
шалып, тұрып қалған. Бəрінің де əлі бұрауын босатпаған, екі жағына
теңдеп артқан тай-тай ауыр жүктері бар, үсті қырау-қырау алыс
жолдан келген көш түйелері. Күзде Қорамса өзі ауырып жатып,
жылдағы əдетімен қазақтан Сүлеймен, орыс купеці Ямщин,
қызылжарлық татар саудагері Ялушин, Қарөткелдегі кірішін татар
бақалшы Юсупов, Ақмола купеці Кубриндардың біріккен сауда
керуеніне жалдамалы жігіттерін қосып, Бұхар, Самарқанға жіберген.
Шəй, қант, кептірген өрік, мейіз, қақ сияқты тəтті кемістермен қоса
көп барқыт, жібек маталарын, кілем, ол-пұл айна, тараққа дейін
əкелетін жолаушы – керуеншілердің оралған беті-ау деп ойлаған Ақан.
Солай болып шықты.
Сол түні сауда керуеннің жол азабына көп ұшырамай, бөтен
кесапаттан қалас, аман-есен оралғанына көңілі көтерілді ме, немесе
баласының əлде жазым бол май Ақмоладан қайтқан сапарына қуанды
ма, əлде, бетін аулақ қылсын, бой жасағаны ма, – Қорамса аяқ астында
сауығып, тың адамдай айығып кетті.
Сері ұлымен Жаңыл арқылы болмаса, өзі бір де бір рет жеке
отырып ақыл-кеңес беріп, не қисық ісіне ұрсып-зекіп көрмеген, іштен
тынып жүретін мінезі ауыр əке Ақанмен көп сөйлесті.
Ақанды өзі жатқан бөлмеге шақырып алған Қорамса:


– Қалай, балам, Ақмола ұлықтарының беті қалай болды, басынды
күн шалғанда қасыңнан табылар жолдас-жоралар шықты ма? – деп,
ұлын сөйлетпей, арық қолын көтеріп өз сұрағына өзі жауап бере ұзақ
сөйледі. – Білем, білем. Естіп жатырмын. Ожымбай мен Бəтжанның
қызыл қарын жас баласы шырылдап, жетім қалды-ау. Ел жуандары
сені кінəлап, екі ортада жұрт бетіне қарай алмайтындай жүзі қара етіп,
басыр елді жүндеп жатыр. Білем, сенің кінəң жоқ бұл арада. Бірақ
қалай ақтарыларсың. Барымташы жігіттердің ісін қуып бардың. Не
тындырдың? Қалтаңа салған азбыншы ақша-пұлың мұндайда құрсағы
кең, қалталы қасқырлардың аузын бір шайғанына жетті ме? Сенен гөрі
пұлы мол. Құрығы ұзындардың дегені деген боп шыққан жоқ па. Əй,
балам-ай талай рет құлақ қағыс қылдым. Заман – ақша заманы. Сенің
ақысыз, пұлсыз əнің айта жүрер əлеуметіңе, ертең ер жетер азаматыңа
керек. Тап бүгін қысылтаяң шақта сол өнеріңнің пайдасы тиді ме?
Алдында малы, қалтасында пұлы бар Сүлеймен, Нұртазалар үйінде
үндемей жамбастап жатып, үйден пəледен құтылған жоқ па? Бұрын
ақыл айтпаған, енді өлер шағында бұл алжыған əкем несіне таусылып,
несіне қиналады дерсің. Жаным ашиды саған, балам! Ел іші мені бір
бұзаудың терісімен байыған саудагер деп, қайсыбір көре алмаған іші
тар немелер кемсітіп, күстаналағысы келеді. Оған айылымды да жиғам
жоқ. Бұзау терісімен байысам, еңбегіммен байыдым. Ешкімге титтей
қиянатым болған жоқ. Елдің керегін тауып, қажетін өтегеннен басқа не
істеппін. Жұрттың малын алсам, жиған-терген дүниеме айырбастап
алдым. Ана Азнабай да Көкшетау шəріне шілік салып байыған. Күшік
ағасы да сондай. Менің адал байлығымнан сен нендей зиян шектің.
Ойнадың, күлдің, қыдырдың, жүрдің, қасыңа ерткен бозбала, қыз-
желеңді киіндірдің, ішіндірдің, бəрі менің байлығым, сенің
жомарттығың. Қолыңды қаққан жерім жоқ. Несіне қағайын, бəрі
сендер үшін жиған дүниелер. Əттең бір ғана тілімді алмадың. Ана
Сүлеймен, Нұртазалармен ит пен мысықша күнелткенше, жақын
болайық, туыстасайық дедім. Ондай шіренген балаларды сыртқа
теппей, ішіне жабысып, борсықша сора беруге қулығың жетпеді.
Құдай берген өнеріңді, көркіңді, жер жарған даңқыңды өзің қор
қылып, өзің жасытып жүрсің... Жоқ, ұлым. Таласпа. Білем, сен əлі де
көнгің келмейді. Құдай саған килігуді берген де, илігуді жазбаған.
Адалын айтасың, арбауды білмейсің. Заманыңның түлкі екенін сен
менен де артық түсінесің. Түсіне тұра ілерлік тазылық қалпың жоқ, не


алдына құрар қақпаның жоқ. Ертең менен қалар фани жалған арғы
күні сенен де қалады. Бай болып өт, кедей болып өт, бəрібір екеуіне де
бұйыратын бір жарым кез көр ғана. Бірақ, тірлігіңді ит қорлықпен
сазайынды тартып өтпеске, тірлік күйбеңің мен амалың қатар жүрсе
керек етті. Ана екі баладан қорықпаймын. Олар көптің бірі болып,
алда да емес, артта да емес, көштің тап ортасында өмір сүретін
жандар. 
Олардың 
дүние 
жинауынан 
қорықпаймын, 
дүние
қоңыздығынан қорқам. Ата балаға сыншы, ертең саған да қайырымы
жоқ, рақымсыз бола ма деп қорқам. Өзіңді аямасаң да, мына Ыбанды
ая. Тым құрымаса осы жетімсіреп, осы жыламсырамасын. Өз жөнін өзі
тауып кететін дені де cay емес, – деп қасында, ірге жағында отырған
мылқау баланың шашынан сипады, – Менің ұрпағымнан, Құдайберді
ұрпағынан қалар шын азамат осы екеуің ғана. Біріңнің тілің тым ұзын,
біріңнің тілің жоқ, – тым қысқа. Ертең екеуден екеу жеке бөлінсең
қарманарың да, қарасарың да жоқ мылқау болмағанда нең қалады.
Ақылымды аларсың, не алмассың, ата салған жол, сендерге айтып кету
Құдай алдындағы парызым. Еліңе, жұртыңа өнеріңді шаштың. Бір
мүйіз шықса саған шығатындай болды. Бірақ сол өнерің өзіңе жау боп
тиді. Енді жетер. Бос жүрісті қой, өзіңе бір тең тап, сұлуды да,
сұңқарды да құштың. Енді Ыбаныңның да жайын ойла. Бұл да ертең-
ақ, ер жетеді. Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді. Сенің
Ақан атың,байлығыңмен қатар жүрмесе, мылқау бала үйсіз, күйсіз
жетімсірер. Кім мылқауды мүсіркейді, кім мылқауды түсінеді.Дүниеге
қор боп келген бала, дүниеден қор боп өтпесін. Сен де шаруаға қыбың
жоқ, тойтиып, тақыр жерге отырып қалма. Ана менен қалар дүниені
ұста, дүкенде өзің тұрмасаң кісі жалда, үйретсең бəрі төселеді. Тілі
болмаса да Ыбанның қолынан да келеді.
Ақан бірдеме деуге оқтала беріп еді, Қорамса сөйлетпеді.
– Жоқ, Ақан! сен зерделісің, шешенсің. Сөйлесең мені жеңесің.
Бірақ одан келер маған пайда жоқ. Сенің сөзіңді өлілерге жеткізбесем,
тірілерге таратудан қалған жанмын, ертең аттанар ұзақ сапар түр
алдымда. Қажымай кетейін. Менің аяғым үзеңгіде емес, көрдің
жиегінде тұрған адаммын... Енді ана жақтағы балаларды шақыршы.
Мұхаммет пен Рамазан босаға жақта томсырайып-томсырайып отыра
кетті.


– Ал, балаларым, сөз қысқа. Тілім кəлимаға келер шақта сендерге
айтарым, тату-тəтті өтіңдер. Елге-жұртқа күлкі болмаңдар.
Мұхаммет пен Рамазан қатарынан күрсініп, жыламсыраған
балалардай, көздерін жұдырықтарымен сүрткен болды.
– Өлімге жылаған Құдай алдында күнə. Көз жастарыңмен мына
екеумізді алып қала алмайсыңдар. Ана жақта алла тағала да байбалам
салып, бізді шақырып жатыр. Тез бармай шіренгеніміз күпірлік болар.
Одан да сөз ұғыңдар. Тірімде мал құлағына ен салып, мынау сенікі,
мынау сенікі деп, еншілеріңді жіктеп бермеп едім. Енді ата жөнімен
қайсыбірін атап кетейін деп отырмын... Ақанжан, сенің мал бағуға
ыңғайың жоқ, ана төрт нардың үшеуінің жүгі сенікі. Ана үлкен
абдырадағы жүк, сандықтағы ақша сенікі. Кіші абдырадағы дүниені
Мұхаммет, Рамазан қылдай бөлі алыңдар. Дүкен Ақандікі. Сендердің
бастарыңда отауларың бар, Ақанға осы үлкен ағаш үй. Алдарыңа
салған жылқы Рамазан, Мұхаммет сендердікі. Ақанға өз жүйріктерін –
Астындағы сары ат, қара тай, Ыбан мінер көкбесті, екі құлынды бие.
Жылдағы соғымын ағаларыңа беріп отырасыңдар. Қой, ешкі бəріңе
ортақ. Керегінше кезегіңмен жаратарсыңдар. Малы көп Рамазан мен
Мұхамметке Ахмет сайы, қан жайлау. Ақанға қажет болса ескі қыстау
орны – Қисық ағаш, – деп Қорамса жастығының астынан бір топ
қағазды шығарды. – Мə, Мұхаммет, мынау жұрттың екі-үш жылғы
берешегі. Мата, қант, шай, ол-пұл алған қолы кемтар адамдардың
тізімі. Мен өлгенде қырқыма жиналған адамдарға жария етерсің. Бəрін
кешірем! Менен қалған тəбəрік, сыбаға болсын тірілерге.
Мұхаммет пен Рамазан бастарын оқыс көтеріп, бір-біріне қарасты.
Ортасынан бүктелген қалың қағаздағы шимай-шимай мол тізімді
Мұхаммет іштей ежелеп отыр.
– Əке, алда риза болсын! Жетім-жесірдің сауабы тисін! - деп Ақан
інілерінің таңырқаған кейпін ұнатпай қалды. – Қарсы болмасаңыз,
маған екі сауын бие, бір соғым қазір қажет болып тұр.
Мұхаммет пен Рамазан тағы да үдірейісе қалды.


Бұрын бұлай сұрамай өз қолы білетін Ақанның мына қылығына
Қорамсаның жаны ашығандай болды.
– Ия, ата.
– Кешегі өлген Бəтжан үйі бурыл атын марқұмның жылына сақтап
отыр. Жетім балаларының тісіне басар қызыл жоқ. Соларға соғым.
– Е, жетім-жесірдің бəріне берсең, малың шақ келе ме, деп қалды
Мұхаммет.
– Ожымбай үйінде бас көтерер адам жоқ. Соларға бір сауын бие.
– Тағы кім қалды? – деді Рамазан Ақаннан жасқаншақтана
қызарақтап.
– Тағы қалған – Сұлтанмұрат үйі. Көкірек ауруынан өлім халінде
жатыр. Соған қыстай ішетін қымыз керек. Қысыр көк биені соған
берсем деп ем.
– Е, көкірек құрт ауруының бəрін тамамдасаң, қазақта онымен
ауырмаған үй кемде-кем, – деп еді Рамазан;
– Жарайды, əкеміз көзін жұмбай тұрып таратсын бəрін, таратсын, –
деді Мұхаммет кекетіп.
– Еншіге бөлген малды менен соң иемденесіңдер, əзір менің
билігімде, - деді екі ұлына жақтырмай қараған Қорамса. – Мұхаммет,
Рамазан, ұқыптап ұстасаңдар қыруар мал балаңның баласына жетеді.
Ынсап керек. Ертең ертемен орындарыңнан тұрысымен əлгі Ақан
айтқан малдарды атаған жерлеріне өз қолдарыңмен жеткізіп беріңдер.
Тілсіз жатқан Жаңыл ақылды қосағының бəтуасына риза көңілмен
кемсеңдегендей болды. Балаларымен арыздаса алмай қиналған ана,
шалының бақылдасқанынан өзі бақылдасқандай көңілі толып, іштей
жылап жатты.
Ақан басын көтеріп алды. Оқ бойындай жердегі тоғайдан шыға
келіп қос құлағы селтиіп тұрып қалған сұр қоян жалт бұрылып зытып


берді. Басарала көбік қарды құйындай боратып қуып барады. Жаны
ышқынып зымыраған ор қоян келесі шоқ ағаштың бауырына шұғыл
бұрылып, тасаға түсіп кетті. Өз екпінімен ықтасынға түскен күртікке
омақаса құлай жаздап, қоян соңынан көрінбей кетті.
Көңілі енжар Ақан иттің соңынан ұмтылған жоқ. Бүлкілдеген ат
ыңғайымен жүріп келеді. Түтіні тік шұбатылған ауылдар көрінеді
алыстан жанай өткенде дабырлаған адам дауыстары да естіледі. Сері
ешқайсысына бұрылған жоқ. Қай ауылға барса да кінəлі жандай
бетінен басады. Керей малының төлеміне əр үйге түскен салық – қайда
барса алдынан шыға келердей көрініп, қиырда қуғында жүрген
достары да мұның кесірінен кеткендей ел қабағының ыңғайынан
жасқанады.
Жақында Омбыда оқып жүрген Сердалының баласы мəмбетəлі
елге келген. Сердалының ағасы Сералы бай жан-жаққа поштабай,
атқосшыларын шапқылатып, көңілі жақын болыс, билерді тойға
шақырған. Мəмбетəлі ауылдағы бір досын Ақанға əдейі жіберіпті.
Амандық біліп, кіріп-шыққан ел адамдарынан босай алмай
жатырмын, ренжімесін. Сері ағаны елден ерен сағындым, көргім
келеді, сөйлесіп мауқымды басайын, деп арнап шақырыпты. Келген
жігіттен Ақан кімдердің шақырғанын сұрап еді, елдің атқа мінер игі
жақсыларының ішінде Нұртаза да бар екен. Cepi енді болыс жүзін
көргенше асықты. Елді қан қақсатып бар сұрқия қаскөйлігін панасыз
жігіттердің басына төккен болыс қылығын əшкерелеп, жұрт алдында
бетін айдай етіп, жерлеуді ойлады. Сұлтанмұраттан бар шындыққа
қанған Ақан, зығырданы қайнап, не істерін білмей аласұрған ақын
бүгін бұлқынып шығып еді. Елден қасына ешкімді ерітпеді. Əке-шеше
бірдей төсек тартып, өзі достары нан тірідей, Құлагерінен өлідей
айырылып жарымжан көңілмен жүрген жан салтанатпен топ құрып
қайтсын...
Ақан оң жағына қарады. Қоян қуып кеткен Басарала бір шоқ
қызылдан шығып, иесіне қосылды. Тілі сала құлаш салақтап, ырс-ырс
етеді. Қоянға жете алмай алқынып қалған кəрі иттің тұла бойынан бу
бұрқырап, азусыз қызыл иегі көрінген қос езуінен сілекейі шұбырады.
Бұрын қарасы көрінген түлкі мен қоянды бір қыр асырмай шалып,


жəукемдей салатын Басарала қазір тап алдынан қашқан семіз қоянға
жете алмай к,ар қауып қалғанына назаланғандай, жерден басын
көтермейді. Ертіп шыққан иесінен де ұялғандай анда-санда Ақанға
көзінің қиығымен жасқана қарап, үнсіз сөлеңдеп келеді.
Сері иттің мына күйін көргенде өткен күндерін ойлап, тағы да
назаланады. Бұрын алдынан қашқан аң құтылмайтын, қуса жермен
жексен боп жұлдыздай ағып жететін алымды жүйрік тазы, жетсе бас
салып ұйпалап тастайтын мықты, əулетті сырттан Басарала
аңшылықтың көркі еді-ау. Талай мақтаулы иттердің ішінде
ұшқырлығына күші сайма-сай ерекше жаратылған құмай тазы – Ақан
серінің қуанышы еді-ау. Соңынан бос салпақтап, сөлеңдеген өнерсіз ит
еріткен жолаушыны, не малға, не жанға тірідей пайдасы жоқ, еттіке
түсіп қаймақ, сүт малшылайтын ұры ит, маңынан жүргенді балағынан
тартып, көлденең өткен салт аттының алдынан кескестеп, ат
тұмсығына қарғып арсылдайтын қабаған ит ұстаған адамдарды
мінейтін Ақан енді мына Басараласының мүсəпір халін көргенде
серілік базарының тарқай бастағанына іштей кейіді. Жүйрік аттарын
ойнақтатып, ойқастатып қысқы кеште орман тоғайларды басына
көтере он салатын сал жігіттермен беттері сары аязда шиедей
қызарып, күмістеткен айыл-тұрманы жарқылдап, дауыстары да
күмістей сыңғырлап, əзіл – қалжыңмен аппақ тістерінің сəулесі қып-
қызыл еріндеріне түсе ерке күліп, еркін жүріп, соңынан ерген
құрбылас қыз балалардың аңшылық салтанаты да келмеске кеткені-
ау... тым құрымаса, сол сал-серілікті ұстап қалар жастардың
табылмағаны ма? Əлде, адам баласы тіршілік күйбеңімен екі иіні
түсіп, күннен күнге ұсақтап бара ма?..
Ақан басын оқыс көтеріп алды. Басарала да қос құлағы тікірейіп
бір аяғын бүгіп, көтерген қалпы еңкейе берді. Жер бауырлап еңкейген
сайын құлағы жымиып, тұлабойы жиырылып, шиыршық атты. Қалың
қарағайдың бауырында жайылған бір топ елік ағаш қалтарысынан дəл
үстерінен шыға келген жолаушыға едірейе қарап, қатып қалыпты.
Басқаларынан мойны ұзындау теке танауы бырс етіп, басын бір
шұлғып қалып ата жөнелгенде, басқалары да үркіп, тұра тартты. Тап
осы жолы құтылмассыңдар-ау дегендей оқша атылған Басарала да
артын борандатып, қуып берді. қалың шұбарлардың ара-арасындағы


қары жұқа алаңқаймен қосылған еліктер үздік-создық зымырап
барады. Ит те енді барын салды.
Бұлар бір қыр асып кеткенше көз алмай қараған Ақан басын
шайқап Ералы жездесінің ауылына түстенбекке, атын бұра берді.
Бұрынғы жүрісінен қалған семіз, кəрі Басараланың еліктерге жете
алмасын көріп, басын шайқады. Бірақ, жете алмаса да, енді орта
жолдан арсалаңдап қайта қайтпайтын намысшыл итінің кешке дейін
оралмасын сезген сері "бекер-ақ алып шыққан екем, қайран арланым-
ай, қор болдың-ау" деп Басараласына жаны ашыды...
Исі қыс ішінде де мұрын жаратын шырша, самырсын аралас қалың
қарағай бауырындағы Сердалының бөренеден қиып, тақтай шатырмен
жапқан үлкен ағаш үйінің маңы жыпырлаған кəшаба, жайдақ шана,
байлаулы салт аттар. Бір кіріп, бір шығып жүрген ауыл адамдары,
жиынға үйір жыпырлаған бала, иін тірескен жастар шам жаға сауық
салып, өлең айтып, тойды қыздырып жатыр.
– Ақан келді!
– Ақан сері келді, —деген хабар қорадан жүгіріп ауыз бөлмеге,
одан төр бөлмеге жетті.
Екі қабат кілем үстіне қалыңдата жайған бітпес, бірсалар, бөстекте,
жастық, көпшікке шынтықтай түскен өңкей ел тұздығы шонжарлар,
сүйінші сұрағандай айғайлаған мына дауыстан қайсыбірі тіксініп,
қайсыбірі қайғылы серінің жүзін көрмекке мойындарын есік жаққа
бұрысып, əңгімелерін доғарды.
Алдынан қарсы шығып, ауыз үйде құшақтаса амандасқан
Мəмбетəлі серіні төр үйге өзі бастап кірді. Қазақ ауылдарында
сықсима, май шаммен отыратын алакөлеңке басқа үйлердей емес,
еңселі бөлме жап-жарық. Қобыздаған тақтай төбенің бетіндегі төрт
шығыршыққа ілінген төрт бұрыштағы аспалы жиырмасыншы шамдар
бүгінгі тойға салтанат сəулесін төккендей жарқырап, самаладай
жайнайды.


Ақан отырғандарды өткір көзімен бір шолып өтті. Тап төрде оқалы
шапан жамылып, аға сұлтан Шыңғыс отыр. Қасында еңгезердей
Қылышбай би. Орта тұста Нұртаза. Көрші керей ауылдарының да
шонжарлары бар. Қылышбайға іргелес Жанбота отыр. Мұндай той-
думанға шақырса да келмейтін Шыңғысқа арнап Ақан:
—Салаумағалайкум, – деді баяу ғана иегін көтеріп.
– Уағалайкумассалам, аманбысың, Ақан шырақ, – деп Шыңғыс
сəлемін алғанда, басқаларда аузы жыбырлап бас изескен болды. Баялы
балалары отырған жақтан ғана амандық-саулық сұраған жылы сөздер
естіліп жатты.
– Ақан аға, өтіңіз төрге, – деп, Мəмбетəлі төрді нұсқағанда.
– Иə, отырсаңшы.
– Кəне қағылыңыздар, – деп босаға жақтағы үй иелері ағайынды
Сайдалы, Сердалы қосыла ілтипат білдіріп, өздерінен сəл жоғарырақ
тұсты нұсқап, еді, Ақан сері отырғандарды баса көктеп:
– Ə, Ақанның орны сол ара, – деп билік айта қалған Шоғырмақ
болыстың тап алдына тоқтап:
– Менің орным осы ара болар, төмен қағыл, Шоғырмақ! – деп
əмірлі үн қатты. Серінің ащы тілінен қаймығатын Шоғырмақ
қызарақтап, мұрнынан міңгірлеп, домалаған семіз денесімен зорға
изендеп төмен сырғи берді.
– Жасың жас дегенім ғой. Үлкен адамды орнынан қозғағаның...
Менің қарнымдай қарның болса, көрер ем қалай жылжуды.
– Сені буаз қылған мен емес қой, – деп, Ақан отырып жатып,
тоқтығын мақтаншылық еткен байдың жуан қарнын əжуалап, ызалы
күлді. – Жасың жас дейсің. Қайбір жас сыйлап отырсыңдар. Бəрің
дəреже, шен-шекпеніңмен отырыпсыңдар. Менде шен де, шекпен де
жоқ, сонда менің орным қай ара болмақ?! 


– Сенің орның ана көрші үйлердегі бала-шағаның ортасы емес пе,
Ақан жел көңілге сол лайық, – деп Сүтемгеннің немере інісі Шалабай
қалжыңдап еді, Ақтоқтыны еске алып, оның жұртын əсте
ғайбаттағысы келмейтін сері:
– Ə, Шалабай баяғыда ұмыт болған жел көңілді айтып жел
шақырып қайтесің, сен қаңбақ та мен дауыл, соғармын да өтермін, сен
қауыз да, мен құйын ұшарсың да кетерсің! – деп, қалжыңмен жауап
беріп, аппақ тістері ақсия күлді.
Тісі ақсия күлгеннен көзі күлмеген мұңды, əрі ашулы Ақанның
мына топқа соқтыққысы келіп ізденген түрін байқаған ел жуандары
қақырынып, жөткірініп, не айтарын білмей бөгеле берді. Серінің
құдалары Бегалы балалары ғана айызы қанғандай жымың-жымың
етеді.
He қостағанын, не ұнатпаған сыңайын əсте білдірмей, үнемі қабағы
түсіп түксиіп отыратын Шыңғыс қана қалпынан тайған жоқ. төмен
тұқиып тұнжыраған қалпы:
– Ақан, шырақ, қайырын берсін Құлагеріңнің. Ат та болса,
досыңдай болған серігің еді. Жай ат емес үш жүзге мəшһүр болған
пырақ еді, – деп көңіл айтты.
– Иə, қайырын берсін!
– Ана "Құлагер" деген өлеңіңде "Сен өлсең, орның басар көк бесті
бар, болады Құдай қосса о да тұлпар" депсің ғой. Азамат өзің аман
бол, Құлагердей болмаса да, жүйрік атсыз қалмассың.
– Бара алмай жатырмыз, ренжіме Ақан, – деп көңілі түзу Бегалы
баласы Жанболат пен тағы бір-екі адам кешірім өтінгендей кішірейе
сөйлеп еді.
– Е-е, атқа көңіл айтып баратындай, ол қарауылдың қай баласы еді,
– деп Зікірия мысқылдады.


– Атқа көңіл айтпасақ та, Ақан алыс сапардан келді. Бару жөн еді,
енді осында Мəмбетəлінің тойына кездестік, мына, қарашы,
қолайсыздау екен өзі...
– Алыс сапар дейтін немене. Мына тұрған Ереймен – ел іші емес
пе. Жырақтан, жат жұрттан келген Мəмбетəлі болар ма. "Алтыдағы
бала алыстан келсе, алпыстағы шал келіп сəлем берер".
– Е, Мəмбетəлінің жөні бір басқа, – десіп, басқалар қақпақылдай
бастағанда, жаңа Құлагерін айтқанда көңілі босағандай жуасыған
Ақан қайтадан терісі құрысып, оқты көзін қадады.
– Əй, Шоғырмақ, əй Зікірия, алтыдағы бала келді деп қазақтың
алтын сөзін жасытып қайтесіңдер. Одан да ертең патша оқуын бітірер
Мəмбетəлі оқалы шапан киініп, мəртебесі биік, мансабы жоғары
болғанда, біріміз болыстықтан қағылмайық, біріміз шен-шекпеннен,
дəрежеден айырылмайық, тағымыздан, алынбайық деп, күн райын
алдын-ала болжап, жас та болса, бас болатын жігіттің артына
бұрынырақ кіріп жылы орын сайлап алайық деп жеттік десеңдерші.
Бірақ кешегі Шоқан жолын қуар Мəмбетəлі құзғындар ұя басар ін
дайындап жатпаса керек. Мəмбетəлінің астын иіскегенше, маңдайын
неге иіскемейсіңдер. Қанша оқыса да адамның арты өзгермейді, білім
басқа жиналар болар, білімдінің маңдайы емес пе еді ашылар.
Болыстар тіксініп қалды. Шарпысуға сөз таба алмаған Шоғырмақ
есе жібергісі келмей:
– Ақан, сен мүлдем бейбастақ боп барасың: Үлкенге де, кішіге де
əй, өй, сен деп зіркілдейсің. Бізді сен таптырып па ең. Сақал сыйлаудан
кеткен екенсің. Əлде, Құлагерді өлтірген біз деп отырмысың. Жетті
ғой! – деп,бір ырғалып, қабақ шытты. Сұйық шошқа сақалын да сипап
қойды.
Ақан əлі де айтыса түсіп, ашындырғысы келді жұртты. Əттең
Нұртаза үнсіз отыр... Енді оған да соқтығуды ойлады.
– Шоғырмақ, сен сақал дейсің. Аты сақалды сыйласақ сасық текені
де сыйлауымыз керек шығар. Ал "əй, сен" демесең, қазақ, "өй демесең,


өк демесең, өгіз жүрмейді" дейді. Сен десем Шыңағаңды айтқаным
емес, ана Нұртаза, сен сияқты болыстарды айтқаным. Сендер түгілі,
жақсы көретін сарала итім басараланы да сіз деп көргем жоқ.
Бағанадан жарылардай боп зорға шыдаған Жанболат осы арада
қиқылдап кеп күліп, оған екі-үш қонақ қосыла күлді.
Ақан серінің Ақмолаға барып келгенін естіген Нұртаза "сотталған
жігіттермен жолығып қалды ма екен, кім біледі, түрме бастығына
қанша пара бергенмен, бұл да аузына бірдеме тығып жолын тапқан
шығар. Онда қанша құран сыйлап дінге берік болса да, барымташылар
Ақанға бəрін айтуы мүмкін-ау" деп өзінен қуыстанып, бұл арада серіні
ашындырар сөзге барғысы келмей отырған, бірақ жаңа аты аталғанда
қаны қайнап, енді бөденедей бұғып қала алмады.
–Соншама несіне тарқылдай қалдың, Жанболат. Ақан жөн айтып
отыр. Итін сыйлайтыны рас. Қашанда жақсы ит жақсы итті сыйламай
ма.
Енді Нұртаза тобы мəз болып, рахаттана күлісті. Нұртазаның сөзге
қосылғанына Ақан қуанып отыр. Енді сөз желісін жақындатып,
арқауын салмаққа ыңғайлады.
Нұртаза дұрыс айтады. Дүйім елді баласына дейін жарылқап, түлкі
терісінен тымақ, қасқыр терісінен ішік киіндірген сарала итті
сыйламағанда, елді жалаңбұт қалдырып, қолындағысын алып, бала-
шағасын жетім, қатынын тұл еткен сендерді сыйлайын ба?! Əрине
Сарала итті артығырақ көрем сендерден.
Сөз сыңайын аңғарып шошынған Сүлеймен болыс інісінің жоқ
жерде шошаңдай қалатын шыдамсыз мінезіне күйініп, сөздің бетін
басқаға аударғысы келді. Даусын соза сөйлеп, киіп кетті.
– Баяғыда бірін-бірі танымайтын екі жолаушы жол айрығында
кездесе қалып, сəлемдескен соң, біреуінің құндыз бөркіне екіншісі
қатты қызығып, бас салып ала қашыпты. Сонда бөркінен айырылған
еңгезердей жігіт, атын бұра салып тоқпақтай жігітті тұра қуады. Анау ə
дегенде ұзап кетеді. Содан бөрікті жігіттің аты тізелі мықты болса


керек, біраздан соң бастырмалатып қуып жетіпті. Енді құтылмасын
білген жігіт атын тежеп, ыржалақтап күліп "əй, дос, ойнасақ та біраз
жерге шаптық-ау" деп бөркін ұстата беріпті. Сол айтқандай, əңгіме
неден шығып кетті. Құлагерге көңіл айтудан шықты-ау. Енді ойнасақ
та біраз жерге шаптық, тоқтасақ та болар. Құлагердің жыры бітпеді ме,
қашанғы жырлай береміз.
– Құлагердің жыры түгіл дауы да бітті ғой, одан да Сағынай асы
қалай өтті, соны айтшы, Ақан – деп екіншісі қостап еді, бағанадан ел
шарпысын аңдып, үнсіз тыңдаған Мəмбетəлі қосылды сөзге. Алыста
жүріп, қалжың мен ащы шындықты ашуға ұста халқының шеберлігін,
Ақан секілді қара қылды қақ жарар əділ ақындардың бал татыған
сөзін, мысқыл əжуасын сағынған шəкірт жаңа қызып, тұтана бастаған
əңгіме отын сөндіргісі келмеді. Тыңдай беруге құштар:
– Сүлеке, Құлагер жыры неге бітті дейсіз. Жоқ, ол жыр жаңа
басталған сияқты. Құлагер қазасының астында талай-талай жырланар,
айтылар сөздер, заман сауалы, талай зардың, талай мұңның жауабы
жатқан жоқ па. Сағынай асы қазақ сахарасындағы көп ас, көп
толқынның бірі ғана. Сол астың даңқын шығарар, атын жер жарғызып,
баладан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізер де Құлагер өлімі. Ақан
ағам салған "Құлагер" əні болмақ. Сол əн, сол зар замана əні, замана
жырындай боп, болашақ жұрттың жаңа бір қауымның құлағына жетер.
Сонда "Құлагер" əніне алғысын айтар, дүлділге ор қазып, ақын
жүрегіне қаза еккендерге қарғысын айтар ұрпақ табылар...—Жас
Мəмбетəлінің сөзі қарт Саққұлақ сөзімен айна-қатесіз бірдей. Не деген
ұқсастық?!..
Сұлу қара мұрт, қалың дөңгелек сақалды жас жігіттің кішірек,
ойлы көзінің аясы сөйлеген сайын кеңіп, қарашығынан от
ұшқындағандай аспа шамның жарығымен шағылысып жарқылдайды.
Бір сөйлесе көсіле сөйлеп, терең толғайтын сұлу, өрнекті тілмен көп
мазмұн, көп өнегелі ұлағат айтуға төселген жастың сыңайы бар. Өз
үйі, өз тойы болған соң ба, ой ұшығын тастады да, əрі қарай үндемей
тосыла берді.
Жұрт та үнсіз. Сөз желісін əрі қарай жалғап кетудің, не
Мəмбетəліге қарсы дау айтудың ретін таба алмай қыбыжықтап,


Шыңғыс пен Қылышбайға көздерінің астымен қарасады. Мұны сезген
Қылышбай етектей сақалын саумалап, жөткірінді де бір-екі ырғалып,
қомданып алды. Бұл – сөйлер кездегі ежелгі əдеті. Мына жас қаршыға
Мəмбетəлінің де қалай ұшып, кімге тырнағын салатынын түтінінен
аңғарған атақты би, енді тым-тырыс отыруды ыңғайсыз көрді. Қайтары
қайтып, қуаты кемісе де кəрі бүркіт əлі де бір қайқайып соғар əулеті
барын осы арада бір көрсеткісі келді. Ақанмен мұндай жиында үшінші
рет кездесуі. Үшеуінде де қалжыңмен отырып, шарпысып қалған.
Үшеуінде де кəрі періні жас пері сүріндіріп кетіп еді. Үйірдегі
жасамалы айғырдай өлі ешкімге билік бермеймін деп жүрген шешен
биді, сəурік айғырдай төтеден қосылған Ақан алмастай азуымен тура
шоқтықтан қыршып, шоңқитып кеткен. Үйірінен өзі кетпей, бөтеннің
қуғанына намыстанған ол, бір қапысын тауып қарымтасын
қайтарармын деп жүруші еді, енді тұспа-тұсқа жеткен сияқты.
- Ə-ə, Мəмбетəлі қарағым, елден жырақ жүріп көп нəрсенің
жүйесін, көп жайдың ретін біле бермейсің. Саған жазық жоқ, - деп
бастады сөзін Қылышбай би. Отырғандар соның аузына қарасты.
Шыңғыс қана түнерген қалпынан ауған жоқ. Ақан да басын көтермей
үпсіз тыңдады. Би сөзінен қаймығып қысылған жоқ. Өзіне қарсы
ойсыратар сөз айтыларын білсе де жайбырақат отыр. – "Құлагер əні",
"Құлагер зары" дедің, Мəмбетəлі. Егер бір адамның басындағы зарды,
бір бейбақтың бойындағы мұңды, көптің мұң-зары деп, Ақанға түскен
қайғы-қасіретті көгендеп тізіп, санай берсек, болашақ ұрпаққа
жеткізеріміз сол ғана болмақ па. Өз қарақан қара басына қайғы егіп,
уайым жамап жүрген диуана жанның есірік есер тіршілігі халқымның,
заманымның атынан садаға кетсе болмай ма. Біз ұрпағымызға
жаманымызды апарып, жақсымызды кеміп кетер ел болсақ, несіне
ұрпақ жайып, несіне түтін түтетіп, қауым қауым жұрт боп отырмыз.
Мөлдір бұлақ пен ағын суда да жел түсірген шөп-шалам бола бермек.
Ондай шөп-шалам өз-өзінен шығып қалады, не шіріп қалады, су аға
береді, оған қарап бұлақ көзі бітіп, ағын су тартылмайды. Ақан
қайғысы – елден, жұрттан жырақ жалғыздық қайғысы. Атам қазақ
айтқан – жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпайды. Өзі туған
жұртына, халық ұстаған дініне найза ала ұмтылған жігіт қашан да ер
емес, жер болмақ. Атадан безген, батадан безген жігіт көптің


қарғысына ұрынбақ. Алыстан, сапардан келіп ем дейді Ақан. Қай
жұртыңның, қай еліңнің рұқсатымен кетіп ең сол сапарға. Қайтып
келер құдығыңа түкіріп кетпеп пе ең?! Қайтып келер есігіңді қатты
серпіп кетпеп пе ең?! Ел ақсақалы, ел ырысы деп дүйім жұрт сыйлаған
менің қотанымнан өтіп бара жатып, қайырыла кетуге арланып ең.
Жауға шапса да, дауға шапса да менің босағама келіп,, ақ батамды
алмай аттанар мұсылман баласы жоқ. Менің батам ел батасы, ата
аруағының батасы, ата аруағының батасы, қыдыр дарыған елдің тілегі.
Оны аттаған жігітті ата қарғысы, бата қарғысы ұрар еді əмəнда. Сол
қарғыстың ұшы еді ғой, саған жай боп түскен. Құлагерің ғана құрбан
болды. Ана шатасқан барымташы екі-үш əумесер ғана елді лаңға
салып, ақыры қарасы өшіп тынды. Соған да тəубе. Сенің де мұсылман
боп тəубаға кеп, шаждаға маңдайыңды тигізер кезің жетті!
Қылышбай, сөз осымен бітті дегендей, бұдан ары қазымырланбай,
шалқая түсіп отырып қалды. Айызы қанған ел жуандары дуылдай
жөнелді:
– Шіркін сөз-ақ!
– Ай, жарықтық-ай!
– Шалымды жерге келсең-ақ іліп тастайсың-ау!
– Аһ, Серім-ай, омақаса құлап, тоңқалаң асқан жерің осы шығар!
Жұрттың дуылы басылғанша Ақан үндемеді, қарқылдап күліп,
еңселері көтерілген шонжарлар бір-біріне қарқыса күлімдеп, жайлана
бергенде басын оқыс көтеріп алды.
– Оу, Қылышеке, – деп сері даусы саңқ еткенде, отырғандар бұл не
айтар екен дегендей, бірі кекете, бірі таңырқап тыңдасты. – Адам
қартайғанда бір бала деуші еді, бала боп кеткенсіз бе! Тегі, сіздің
сөзіңізге қарағанда, Əзіретəлі торға түскенде, дүлділі орға түскенде де
Қылышбайдың батасын алмай кеткен ғой!
Келгелі түнеріп, жүзі бір жадырамаған жаратылысында
салқынқанды Шыңғыс осы арада екі иығы селкілдеп, төмен қараған


күйі ұзақ күлді. Босаға жақта отырған екі-үш төре, төлеңгіттер де аға
сұлтанға қосыла күліп:
– Ай, жас тарлан, жас тарлан, тауып сөйлейсің-ау.
– Қылышекеңді мертіктірдің-ау тағы.
– Өлмелі шалды аясаң етті.
– Өзі де түртіп қалсаң құлай кеткелі тұрған адамды қатты
нұқыдың-ау, батып кетті-ау, батып кетті-ау, – деп, кейінгі кезде би-
болыстарда өштері кетіп жүрген сұлтан тұқымдары Қылышбайды
мұқатып, қоймастан-қоймастан жерледі.
Ақан да қабағын түйіп ап, ұзақ шүйлікті:
– Ақ бата, ақ бата дейсіз, Қылышбай. Қай жерде ақ батаң адал бата,
түзу бата болып, еді. Сонау жылдары аға сұлтан Ыбырай ел үстіне
найзағай ойнатып, бүкіл керей-уақтың, атығай-қарауылдың, алтай-
тоқаның азаматтарын қойша қуып, шетінен ұстатып, атығайдан Жүкен
мен Қасымды, керейлік Сүлейменнің Айдаркесін ит жеккенге
айдағанда, ақ батаң жүрсе, үйіңнен ылғи дом ішіп жүрген сол
мүсəпірлерге бір сауабың тимес пе еді. Атығайдың Тəңірбергені мен
тоқаның Əтекесі сөзге, дауға түсіп салысқанда, бетіңді сыртқа бұрып,
ін түбіне қарап жатып алмап па ең. Мынау Шөбек балалары
болыстыққа таласып, итше ырылдасып келеді, қайсысына ауып,
қайсысына оң батаңды беріп жүрсің? Кеше ғана керей елі қотаныңды
құйындатқанда, ошағыңа ел жуандарын жиып алып, тағы да ақ
батамен аттандырып ең. Соның артынша-ақ екі елдің азаматы
мендуана жегендей қырылысып, түздегі жыртқыштарша бірін-бірі
талап, жаралап кетті...
– Əй, Ақан, – деп Шоғырмақ кие жөнелді. – Екі ел қырылысса тағы
да сенің соңыңа ерген ана Бəтжап марқұмның, Ожымбай, Шəкейлердің
сотқарлығынан болды. Оны кейін білдік қой.
– Жазығымыз екі елді татуластырғанымыз ба. Құлагердің кегін
алам деп есірген ана шайтан-сапалақтарыңнан неге көрмейсің. Тағы да


сенің кесірің, – деп Қылышбай да дүрсе қоя берді.
– Ə, солай ма, Қылышбай? Төріңнен көрің жуық отырып, аузың
қисаймай тағы да бар кінəні маған, менің сормаңдай достарыма үйгің
келеді. Əділ би, батагөйшіл ақсақал болсаң, əуелі шындыққа көзіңді
неге жеткізіп алмайсың?
– Неге жеткізу керек еді?
– Оны ана Нұртазадан неге сұрамайсың?
Нұртазаның көзі шатынап, кең танауы желпілдей бастады.
– Нұртазадан не сұрауым керек? Ол не біліпті?
– Солай, Қылышеке, – деді. Ақан. – Елдің ырысымын, ел тілеуімін
дейсің, егер ақ батасын берер құтым, ақ жолға сілтер үмітім десе, мына
Нұртаза, ұры Нұртаза неге айтпаған шындығын.
– Тіліңді тарта сөйле, Ақан, – деп Нұртаза ыр ете қалды.
– Мен неге тартам. Керей жылқысын бір түнде шапқызып алып,
тісіңнің қанын басқаға жақтың. Қалған қанынды ішке тартып, тағы да
пəле тілеп отырсың.
– Оу, мынау енді пəле қуғыш, жалақорлық үйренген екен.
– Қой, шырағым, Нұртаза пəленбай жылқыны барымталап алып,
қайда тығып қояды, о не сөз.
– Онда ана ұрылар айтпас па еді, қисынсыз дүниені көңірсітпе! –
деп болыстың жандайшаптары міңгірлеп еді.
– Əй, Нұртаза, ұятың бар ма бетінде?! – деп, Ақан Нұртазаға тіке
қарады.
– Қысқарт енді, жалақор ит жеккенге өзім айдалам демесең, –
Нұртаза шақшасын алып, көзі алақ-жұлақ етті. Ақан енді саңқылдап,
тоқтамастан төпелей жөнелді:


– Шалқардың теріскей бетінде, жылқышылар қосында Бəтжан,
Сұлтанмұрат, Ожымбай, Шəкей, Байбатырлармен бас қосқан сен емес
пе ең, Нұртаза. Сол түні Сұлтанмұраттан басқасы тың, белді аттарды
мініп барымтаға аттанды. Бəрі де құран ұстап, ауыздарынан
шығармасқа қанмен, нанмен,ант алды. Бəтжан сол Жолда аттан құлап
өлді. Оның өлігін сүйреткен торы ат үйірін тауып, сенің жылқыңа
келіп еді, жылқышылар көріп қалған соң, кейінгі əңгімеден қашып,
жұрт бетін Бəтжанға аударып, жаңылдырмаққа бурыл атын тұлдап, бір
түнде үйіне апарып тастаттың. Бар болысты шатпақ-шатағыңа
араластырып, Қылышбай үйіне жиылып, ертеңіне керей жігіттеріне
дүре салдырдың. Ақыры, оязбен келісіп, Ожымбайларды əскермен
алдырып, өзің тағы да бұғып қалдың. Істі Ақмолаға тайдыртып,
параны аямай беріп, жаланы ұялмай төгіп, тез арада барымташыларды
айдатып жібердің. Бұдан өткен қаскөйлік, бұдан өткен арсыздық...
–Оу, мына есеңгіреген неме, түс көрген шығар, мына үйден
қуасыңдар ма, əлде мен қуайын ба?! – деп Нұртаза дірілдеп,
қалшылдап кетті. – Енді мені былай қойып оязға пəле салайын дедің
бе? Мұныңды Коновалов естісе...
– Қой, Ақан шырақ, қисынсыз дүние.
– Тағы да екі елді арандатқың келген екен.
– Ел жаңа сабасына түсті ме дегенде, тағы қайдағы пəлені қайдан
шығардың.
– Сол қыруар мал Нұртазаның жылқысында жүрсе, керейлердің
көзі шығып кетіп пе көрмей деп, жұрт жамыраса сөйлеп кеткенде, –
Шыңғыс қана қолын көтеріп тоқтатты:
– Айтсын. Неге тыңдамайсыңдар?
– Мынау шынында да қызық екен, – деп Жанбота да сұлтанды
қостады.
– Қыруар малды жылқысына қосып қоятын Hұpтаза барымтаны
бүгін ғана жасап па, – деп Ақан болысқа тесіле қарады. – Ана,


Сүлеймен бір қос жылқы түгіл ордалы жыланыңды бір күнде көзін
тауып, есебін келтіріп сатып жіберетін əккі неме емес пе. Мал сіңді.
Түменнен, Омбыдан, Қырым мен Қытайдан тауып аларсың. Екі ел
тағы бүлінеді дейсіңдер. Керейдің де, қарауыл жуандарының да есебі
түгел, несіне бүлінеді. Бүлінген ана сорлы жетімдердің ошағы,
шаңырағы ортасына түсіп күйреген солар ғана.
Жоқ, Нұртаза қатын болмасаң жасырынба, қолыңмен істегеніңді
мойныңмен көтер. Жігіттерді қайтарып ал. Бірлі-жарым малының
сүмесіне қараған елдің бала-шағасының аузын ақтан қағып, салық
салмағымен өз жазаңды жеңілдетіп, өз қылмысыңды бүркеп,
саптаяқтың сабынан қарауыл қарап отырсың. Бетіңде титімдей
қытығың болса, қайтарып бер жазықсыз елдің малын. Үйтпейді
екенсің, қалған жасым сонымен құрыса да өзім түсем, ізденем. Əділдік
болса жеңер. Патшаға дейін шағынамын. Қуамын. Сендей арсыздың
мойнын жұлмай тоқтамаймын.
Нұртаза шыдамай айқайды сала түрегелді:
– Шығарыңдар мына есуас шайқыны! Мені осыған шақырған
екенсіңдер ғой! – деп атып тұрып, Ақанға ұмтылғанда, аспалы
жиырмасыншы шамның бірін Нұртаза төбесімен қағып өтті. Жерге
домалап түсіп, пияласы сынған шамның оты жермайға тиіп лап
еткенде, үй ішіндегілер опыр-топыр орнынан тұрып, өріп кетті. Кілем
үсті лапылдап, лаулап жанып жатыр.
– Ойбай өрт!
– Сөндіріңдер, бүктеңдер!
– Қар əкеліңдер, қар, қар!
– Далаға алып шығындар, далаға! – деп оттан шегінгендер алыстан
айқайлайды. Ауыз бөлмеден жүгіріп кірген жас малайлар отты
аяғымен тепкілеп, енді бірі жалма-жан сырттан қар уыстап əкеп,
шелектеп су құйып, жез құтысына дейін күйген шамды бір жігіт
жалаңаш қолымен ұстап қарға лақтырып, опыр-топыр болды да қалды.
Үй іші көк түтін. Бірді бір ажырату қиын.


* * *
Көп ұлықтың ортасынан еліне мұңмен аттанған Ақанды біраз
жерге дейін жалғыз Мəмбетəлі ғана шығарып салды.
Таң қараңғысы сейіліп, бозамық тарта бастапты. Түнгі аяз сорған
дала қары шыңылтырланып, ат тұяғының астында сықыр-сықыр етеді.
Кешегідей емес, жел тұрыпты. Ағаш бауырында қарды ұйтқытқан
болмашы боран, далада сырғыма бар.
– Ақан аға, – деді сəлден соң Мəмбетəлі, – сізді əдейі шақыртқан
мен едім. Бекер болған екен. Одан да өзім барып сəлем бергенім дұрыс
еді. Еркін отырып біраз мауқымды басатын ем. Қайдан ғана мына
есірік, надандардың ортасына шақырдым. Кеше көрдіңіз Ақан aға.
Ақан ат аяңымен тербеліп, қалғыған адамдай үнсіз келеді.
– Өз мекендеген тоғайынан алысты білмейтін пыр етіп тобымен
ұшып, тобымен қонатын шілдей ел азаматтарының алысқа қарап,
шалғайды ұғатын кездері болар ма екен. Əлі де баяғы пысықтық. Əлі
де өзін-өзінен аз қулықтың жылмысқы сұмдықтың төңірегінен аса
алмай жүрген қарышсыз жандар. Омырауына знак тағып, қалтасына
бармақтай мөр басқандарына мəз. Нұртазалардың менің ағаларымның
түрі анау. Қит етсе баяғы барымта, ру-ру жақ-жақ боп бірін-бірі талап
жатқан əлімжеттік пен мағынасыз кек алу, мұқату, жерлеу. Ертеңгі
тіршілігін, болашақ ұрпағының жайын ойнайтын бірі болсашы.
Серілік сергелдеңімен жүріп, ел ішінің кең-қоқырынан сіз де шыға
алмай, серпіліп салар əніңіз бен алты алашқа құлашыңызды еркін жаза
алмай басылып жүрсіз. Өзіңізге мəлім еді ғой, сөз дауымен, сырлы сөз,
өткір тілмен бетінің терісі төрт елі, соры мен содыры бес елі
шонжарлардың санасына ой дарыту инемен құдық қазғаннан ауыр.
Несіне таусылып, несіне налыдыңыз?! Аюға намаз үйреткен таяқ.
Бұларға тек таяқ қана батады. Əттең таяқ ұстар қай азаматың бар. Мал
сияқты жусаған жуас ел...
Мəмбетəлі енді əңгімені сотталған жігіттердің жайына бұрды.
Ақанның ақылдасқысы келген шаруасы да осы еді, аттың аяңымен
қатарласа отырып түнеукүні Қарөткелге барған сапарын, жолыққан


адамдарын, көрген тауқыметін, қанша жүріп бос сенделіп, түк
тындыра алмай келгенін, барымташы жігіттердің тез арада кісендеп
айдалғанын, түп-түгел қынжыла баяндады.
– Ел ішінде атымыз дардай болса да, мынадай іске келгенде
қолымыздан ештеме келмейтін бейбақ екенбіз, – деп налыды.
Бар оқиғаны үнсіз, сабырмен тыңдаған Мəмбетəлі:
– Апыр-ай, бұл бір келмеске кеткен шаруа екен, Ақан аға, – деп
үміт үзе сөйледі. – Жігіттердің аяғын жерге тигізбей тез айдауына
қарағанда бұған араласқан адамдар осал емес. Қылмысты адамдарды
Сібірге айдау тез арада шешіле қоятын іс болмаса керек еді. Ондай іс
кемінде жарты, не бір жылға дейін тексеріліп, соты ұзаққа созылса
керек еді. Тегі ұзақ тексеріс, зерт жүргізсе əлгі Нұртазалардың да арты
ашылып, тіпті Көкшетау оязы Коноваловқа дейін бір ұшығы тиер еді.
Оны бұлар да біліп отыр, жемі мен жемтігі бар адамдар, қараңғы елдің
сауатсыздығын пайдаланып, заңды бұрмалаған екен. Бірақ, заң дейтін
əлі түз еліне деген қайбір жібі түзу заң бар. Бəрі заң ұстаған адамның
билігінде тұрған жоқ па.
Ақан атының басын тежеді.
– Мəмбетəлі, шет жерде жат жұртты аралап, көп керіп, көп
түйгенің бар жаңа қауымның басысың. Түсінемін. Сөзің орынды.
Ашынған адам не істемейді.
Кеше қиырға айдалған жігіттерді қол ұшын бере алмай, көзіммен
аттандырып, қайырлы тілек тілегеннен басқа да дəрменім болмады.
Халқыма қадірлі болғанымды қайтейін, соның басына күн туғанда
арашашы боларға күші жоқ, дəрменсіз екенмін. Жаңа білдім, кеш
ұқтым. Сенен бір тілеуім бар, бүгінгі күн ақ патшаға қараған күн.
Петерборда, Омбыда өзің секілді оқымысты жастар бар, достарың бар,
не қамқорлық жасай аласың. Бəрін жазайын, бəрін айтайын тым
құрымаса ана сорлы бейбақтарды елге қайтаруға əлің жете ме? Мені
сыйласаң – осыған жəрдемдес.


– Сізге де, басқаға да жəрдемдесуге мен даярмын ғой, Ақан аға.
Əйтпесе несіне оқу қуып алыста тентіреп жүр дейсіз. Əкем мен
ағаларымның ойы белгілі. Ел жинап, тамақ берулерінде де есеп бар –
өз қарабастары үшін ғана алысты болжайтын жандар ғой. Оларға да не
кінə? Менің ойым да, мақсатым да бөлек, илансаңыз. Əттең қиырға
енді ұша алмайтын қанатсыз құс сияқты əлгі мөр ұстаған сауатсыз
надандардың ауқымында жүретін шығармын.
– Қалайша?! – Ақан тіксініп қалды.
– Оны кейін ұға жатарсыз. Естірсіз де. Той жасап мəз болған əкем
де əлі білмейді. Оны кейін айтармын, ұзақ əңгіме. Ал, жаңа өзіңіз
айтқандай, патшаға бағынған заман қазір, Бұрынғы билер билігімен
шешер шариғат жолы дегендер кесілген Оны өзіңіз де білесіз. Жаңа
заң, жаңа билік бар. Қолымнан келгенше жəрдемдесемін. Ақан аға,
өзіңіздей көріңіз. Жақында ауылыңызға барып қайтам. Сөйлесеміз,
ақылдасамыз... Асқынып біткен шаруа екен. Қарға қарғаның көзін
шұқыр дейсіз бе. Дегенмен көрерміз...
Мəмбетəлі қоштасып, кері бұрылды. Жалғызсырап қалған Ақан
көзі ашық Мəмбетəлінің сөздерін дəтке қуат санап, ұзақ оймен келеді.
Маңында үйірлі жылқыдай топтанып, сауық-сайранмен жастық
қызығын өткізген басқа жігіттердей емес, жас та болса, тоқығаны көп
Мəмбетəлінің сөзі бір бөлек тосын болмаса да, тереңнен тартады.
Апыр-ай, осындай азаматтар көбейсе ғой. Білімдінің сөзі неге теріс
болсын. Мынау ауыл төңірегінен аспайтын, əке-шешенің бауырындағы
ұл емес, ел баласы, жұрт қамқоры болайын деп тұр екен. Əттең, жаңа
бір түсініксіз, жұмбақ нəрселерді айтып кетті-ау. Қашан келер екен,
қашан жеке отырып, қашан сырласар екенбіз...
Қалың тұман ойда келе жатқан Ақанның аты оқыс елең етті. Оң
жақ қапталдағы қар жамылған ақ қайындар арасынан қараңғыдан
əлдекімдер шыға келіп, қиқуды сала ұмтылды. Таң əлі ағармаған.
Алакөлеңкеде салт аттыларды Ақан байқай да алмады, олардың
ниеттерін де аңғармады. Көп аттың дүрсіліне қызып, жұла тартқан
сары аттың тізгінін тежей бергенде, Кулагина: "Сол, сол! Ақан, Ақан!"
деген дауыстар ғана шалынған. Соңынан ызғытып жете берген жат
адамдар дырау қамшыларымен салып-салып өтті. Сері басын


қорғаштап, ердің қасына еңкейіп, ат жалын құшақтап қалды. Тізгіні
босаған сары ат ышқына шапты. Екі жағына қапталдай шығып,
қаумалай қуғандар төпелеп ұрып келеді. Қынаға бояп тіктірген сəнді
бүрме тон əуелде торс-торс етіп, қамшы білінбеп еді, енді білекті
адамдардың күшіне шыдай алмай айырылып кетсе керек, Ақанның
қыр арқасы, жауырыны тызылдап қоя берді. Жұқа құлын жарғақпен
тыстаған төрт сай түлкі тымағына да қамшы жауып, басын көтертпей
қойды.
Айыздары қанғанша төпелеген, жат адамдар енді бір кезде сары
аттың тізгінінен, шылбырынан тартып тоқтатты да, қоршап тұра
қалды. Көзін тарс жұмған Ақан басын көтергенде қысқы дала
бұлдырап, көз алды қарауытып, тук көрмеді.
– Əй, Ақан! – деп, кесе көлденеңдей тұрған адам зірк еткенде
барып бұлардың кім екенін білді. – Қазір жоқтауыңды асырып, мына
тоғайдағы оппа қарға тығып кетсем, өлігіңді кім іздеп табар екен.
Өлімтігіңді қасқыр жеп, сүйегіңді кұрт тескенде барып табар тапса.
Бірақ, біржолға тірі жіберем. Соңғы рет ескертемін, менің маңымнан
жүріп, алдымнан шығуыңның алды-арты осы болсын. Менің қолым да,
құрығымда ұзын, билігім де зор. Мына елді көрдің ғой. Қыңқ етсе
түтіп жейді. Қыңсылаған дыбысыңды ешкім естімейді. Көр, көріп ал
да, ойлан!
Намысқа булығып, қорлыққа күйген Ақан сібірлеп атқан таңда
табақтай семіз беті қуара көрінген Нұртазаға ызалы үн қатты:
– Көрдім, көрдім, Нұртаза!.. Бірақ, ел көргем жоқ. Өңкей ел итінің
күшіктерін көріп тұрмын!
Сары аттың жүгенінің ауыздық тұсынан қымтай ұстаған еңгезердей
жігіт төбеттей гүр етіп, қамшысын көтере беріп еді:
– Жарайды, жетеді. Ақылына келер! Ойлан, Ақан ойлан! Қазаң
жақын, сенің былшылыңды ешкімнің ілтипатқа алмайтынына көзің
жеткен шығар! Ескерткенім бұл! Жан керек болса, ойлан! – деді де,
Нұртаза бір топ ұяластарын ертіп, кар боратып, шауып кете барды...


Қысқы дала тым-тырыс. Ақ қардың бетінде сарбас жыландарша
ирелеңдеген алақаншық борасынның болмашы ысылынан бөтен
дыбыс жоқ. Көздің қарашығын жапқан ақ шелдей жұқа перде бұлттың
арасынан өлусіреп көрінген бозамық ай да, маңайдағы тұнжыраған
тоғайлар да мидай далада екі аяқты адамдардың неге қырқысқанын
білмейді. Бір-біріне сыбырлап айтар тіл де, жалғыз қалған адамды
жұбатар үн де жоқ. Өз тіршіліктері өзінде. Ессіз далада адам науыт
болса да қабырғасы қайысар тіршілік жоқ.
Алға жүрген сайын Ақан суықтан қалтырап денесі тоңази берді.
Өрім-өрім боп айырылған тонның өнбойынан жел кеулеп келеді.
Қамшы тиген жерлері суық өткен сайын аяз сорған қыраулы темірмен
қарығандай тітіркенеді. Сері біресе зығыры қайнап, ызақор балаша
өксіп-өксіп жылағысы келсе, біресе ит талағандай жұлым-жұлым мына
түрі көзі алдына елестегенде, жынданған адамдай айдаланы басына
көтере қарқылдап күлгісі келеді. Ызадан, намыстан булыққан ақын
көзіне жас үйірілді.
Ауыл-ауылды айналып өтіп, тасалана жортқан Ақан түс ауа үйінің
алдына кеп түсіп жатқан. Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім,
жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы
дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз
кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. Ақан қасынан өте бергенде ғана
аяныш білдіргендей жыламсырап:
– Сері аға, Басарала өлейін деп жатыр, – деді, қайнағасының
ұсқынсыз киімінің жайын сұрауға бата алмай.
– Қайда? – деді көзі қанталаған Ақан. – Оған не бопты?!
– Шошалада жатыр. Қасқыр талаған ба, бағана біреулер шанаға сап
əкеп тастады.
– Əкем мен апам қалай?
– Бірқалыпты ғой.


Қазақы арбаның доғалағымен жапқан төбесіндегі шаңырақтай
торлы тесіктен көмескі сəуле түскен шошала іші қаракөлеңке.
Сықырлауық есікті ашып, адам кіргенін сезген тұғырдағы томағалы
бүркіт Қараторғай талпынып, қайрақ тұмсығын тақылдатты. Аңға
салмай зеріккен, əрі аш екі қаршыға да шошала бұрышында
шиқылдап, дыбыс берді. Салқын жерде бүріскен жетім құстарына
Ақан бұрынғыдай үн қатқан жоқ, қараңғыға көзі үйренгесін барып қақ
ашаның түбінде, бір қолтық шөп үстінде жатқан итін тауып алды. Бас
салып Басараланы ұстаған Ақанның қолына қатқан қан білінді. Жылы
алақанымен дір-дір етіп мұздап жатқан итінің тұлабойын сипалап еді,
денесінде саутамтық жоқ. Басарала жарасын ауырлағандай
қыңсылаған болды. Құлағына дейін жырым-жырым, жерге төсеген
басын көтере алмайды. Екі көзінің сорасы ағып, жұмылып қалыпты.
Өлім халіне жеткен екен. Аттан түскесін бұрынғыдан бетер
дірдектеген Ақан үстіндегі жыртық тонын шешіп, Басаралаға жапты.
Жарасын ауыртпайын деп абайлап қымтап отырып итімен іштей
сөйлесті: "Қайран, Басарала, ажалың шынымен жеткені ме. Бекер-ақ
сені алып шыққан екем. Ажалыңнан бұрын өлетін болдың-ау.
Өлімтігіңді көрсетпей жапанда жалғыз өлгің келді ме?.. жарайды,
Басаралам, сенің жауың – дала бөрісі. Жауыңмен соңғы рет беріспей
алысқан екенсің. Жарайды, арманың жоқ, Мына мен ғой... Мен... ауыл
иттеріне таланып келген..."
Шошаланың есігі ашылып, біреу кірді ішке.
– Ақан! деді жүрелеген серінің ту сыртынан. Мұхамметтің дауысы.
"Апыр-ай, аға деуші еді, мұнысы несі, бадырайтып атын айтқаны?" –
жетті ғой, ит-құстан басқаны көремісің осы!
Ақан мойнын бұрып інісіне шошына қарады.
– Неменеге бажыраясың. Танымай отырсың ба? Əкем қысылып
жатыр, таста əрман итті.
Ақан белін жазды: "Апыр-ай, жай айтса да болатын еді ғой". Ақан
тұңғыш рет інісіне жасқаншақтап қарады.


Мұхамметтің жүзінде туыстық белгіден титімдей нышан жоқ. Жүзі
сұрланып, тістеніп тұр екен.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет