Сакен Жунисов. Акан сери. Екинши китап



Pdf көрінісі
бет3/4
Дата21.12.2023
өлшемі2.18 Mb.
#487334
1   2   3   4
Ақан сері. II

ҮШІНШІ БӨЛІМ
КЕҢ ДАЛА, ТАР ДҮНИЕ.
Намаз бен мешіт жетім – оқылмаса,
Дəріске білсін қайдан отырмаса.
Екінші, бұл дүниеде əйел жетім,
Кезінде теңін тауып қосылмаса.
Ер жетім – ақылсыздан əйел алса,
Отырып от басында тақымдаса.
Aт жетім – ерен жүйрік шабылмаса,
Бойынан ащы тері алынбаса.
Құс жетім – ерте түлек салынбаса,
Салатын саятшысы табылмаса.
Сахара, жайлау жетім, көлдер жетім
– Қасына мұнарланып ел қонбаса.
Таусылған кірер үй жоқ – кəрі жетім
Жарасар тең құрбысы табылмаса.
Оныншы, бұл дүниеде ғалым жетім


– Құр босқа алтын сөзі алынбаса.
Тағы да, он бірінші, қалам жетім
– Жазатын ерлері оның табылмаса.
Тағы да, он екінші, қағаз жетім,
Айшықты, алтын сөздер жазылмаса,
Бəрінен, он үшінші, қазақ жетім,
Қорқақтап жан-жағына алаңдаса.
Ақан сері
1
Қонысынан айырылған Ақан cepi Қорамсаның ескі қыстауы
Қисықағашта Ыбанмен тіршілік етті.
Болыс Нұртазаның қиянатына қанша қаны қайнаса да, еш жерге
қайтып бармады, ешкімге шағынбады. Беті қайтып, тауы шағылған
сері кімге барсын: "Қарға қарғаның көзін шұқымайды". Тек соңғы
күндері ғана тағы бір үміт оты жылтырағандай болды. Бұл екі арада
Нұртаза шар таласында өтпей, Шалқарға Ақанның құдалары
Баялының Жанболаты болыс сайланған. Апасын ұзатқан жерге
өзімсініп те, əрі үлкендік мінезбен де ə дегенде дігірді сала келгенде,
құдасының ширатыла отырып ақыл айтқансығаны-ақ батып кетті.
– Ау, Ақан, осы туысқа да, жатқа да айғайыңды сала, тілінді
жұмсай келесің. Не өткізіп қойғаның бар. Шешен тіл, сұлу əніңнен де
не пайда таптың. Ылғи достан да, басқадан да өзіңе дұшпан, жау
көбейткеннен басқа, мысқалдай септігін көрдің бе? Жеріңді берген мен
емес, ана Нұртаза. Ол да қайтсін. Ақ патшадан мықты боп па. Казак-
орыстарға, переселендерге жер керек деді. Ертең алам десе, өз
қонысымызды да беріп жүре береміз, ақ патшаның құрығы ұзын, оған
кім қарсы келеді. Өле алмай жүргеміз жоқ. Енді ол қонысыңнан саған


бұлт жуық. Одан да ақылға көш. Тұрам десең, біздің ауылда тұр.
Ешкім қумайды. Қазақ жерінің бəрі бір емес пе.
– Е, бораннан қорғалаған суық торғайдай бүрісіп, енді күлімсі
қолтығымның астына кір, сасық қорамның астына тығыл демекпісің.
Қолыңа билік тимей булығып-ақ жүр екенсің. Жарайды, сенен қайыр
тілегенше, Алладан қайыр тілегенім артық шығар. Өңкей қарғыбау
таққан болыстар біріңнің аузыңды бірің жалаған ұялас иттер
сияқтысыңдар-ау. Құдайдың кең жері жетпегендей алақандай менің ата
мекеніме құрық салған Нұртазаны сен де жақтайын деген екенсің.
Менің қонысымды алыңдар деген патша болса, оның да тұқымын... –
деп, дəрменсіз Ақан кіжініп тұра бергенде Жанболат құдасының сөзіне
ашуланған жоқ.
– Сері аға, сəл бөгелші, – деп байсалды отырып, соңғы ақылын
айтты. – Мейлі, мені не деп кұстаналасаң да, не деп балағаттасаң да
көтерем. Бірақ, байқа, қорқытқаным емес, дос боп, туыс боп
ескерткенім – бүгінде жұрт сөз көтеруден қалған. Қазір заң билеген
патша заманы кірді ауылымызға. Егер жерімді даулаймын деп,
көрінгенге барып аптығар болсаң, біреу болмаса біреу: "ақ патсаның
сиясатына қарсы, патса ағзамына қарсы понт шығарып жүр", - деп
түртіп жіберуден тайынбайды. Қазір жұрт қанына қарайған. Əгəр,
ондай сөз туа қалса, мен де қарап отыра алмаймын. Ақ патсаға айтқан
əлгі сөзіңді мен ғана естиін, артық, артық сөз, қайтып ал, қалған
ғұмырың абақтыда шірімесін десең, ғадеттенбе ол сөзге, Алла
сақтасын! Жəне бұрын да сөзге іліккен адамсыз...
– Ə, енді мені де ит жеккенге айдатамын десейші. Қолың жеткен
екен айға!
– Не десең де, cepi аға, мейлің. Мен жасырмаймын, патса
адамымын, соған берілген екенмін, оның дегені деген. Адалы сол, –
бір Шөбектен тараған бауырым Мəмбетəліні де ертең арашалай
алмаймын. Ол да арыстан айға шауып мерт болыптының кебін киіп
жүр, – деп аузын жиғанша болмады, болыс үйіне ұры итше жылмаң
етіп песір Караганов кірді.


Бұл – Ақанның қонысы Қараталға түскен Комаровкада тұратын
казак. Жанболаттың письмоводитель Түз елі песір дейді. Келгелі қазақ
сөзін шала араластырып сөйлеп үйренген бұл секілді песірлер басқа
болыстарда да бар. Бастарына бір-бірден "құт" қонған. Орысша
сауатсыз болыстардың іс-қағазын жүргізетін осылар. Мөр болыста да,
қалам песірде. Көзіне жылтыраған пенсіне таққан қара бешпентті
Караганов:
– Аман, господин волостной управитель, – деп сəлемдесіп, Ақанға
ұрлана қарап еді, Жанболат осы арада өз билігін бір көрсетіп қалғысы
келді ме;
– А, айта отыр, айта бер, бұл адам өзіміздің ағайын, тамыр, – деп
шала орысшалап песірдің қолындағы жуан сөмкесіне қарады.
– Дела көп, господин управитель, уездной начальник көп делалар
сұрайды. Əсіресе əлгі Сердалин Мамбетали... – деп сөзінің аяғын
жұтып қойды.
– Бұл да бір лаң болды ғой, қане əкел диалаларды, – деп, болыс
қолын соза бергенде, паңсыған құдасына оқты көзін қадай қараған
Ақан:
– Қалай, песір Караганов, менің жерім жақсы ма, астарыңнан су
шыққан жоқ па? – деді де, əрі қарай не айтарын білмей тығылып, үнсіз
шығып кетті.
Сол жолы Беғалының үлкен ұлы Ерғалиға ұзатқан апасы Айша
Ақанның шылбырына оралып, баяғы қыз күніндегісіндей інісін
еркелетіп:
– Ақанжан, басқаға билігім жүрмесе де, күйеуіме билігім жүреді.
Ана иесіз қорада екеуден екеу қалайша күн кешіп, өмір сүресіңдер.
Одан да менің қолымда бол, Шөбек əулетінің байлығы Ыбанжан
екеуіңнен кемімейді. Ризық жетеді. Бастарыңа жеке үй салдырып
берем, – деп, жалынса да, Ақан илікпеді. "Сендердің босағаларында
отырып, байдың итаяғынан сарқыт ішерім жоқ" деп айтқысы келсе де,


күні біреуге қараған, жолы жіңішке апасының көңілін жасытқысы
келмеді.
– Жо-оқ, мен үшін қам жемей-ақ. Ел бар емес пе, күн көру деген де
сөз болып па, – деп өтірік күлген болды.
Шынында осы екі жыл Ақан үшін тамұқтай көрінді. Алғашқы
жылы айдаладағы иесіз қораға кейбір көңілі жақын адамдар анда-
санда əдейілеп жолаушылап келуші еді, кейін азая келе мүлдем
тиылды. Мұхаммет пен Рамазанның бала-шағасы да қатынауды қойды.
Бар қайғыдан құсаланған Ақан ұлы Ыбанмен ғана қалың қарағай
бауырындағы ескі қыстауды мекендеп, жұрт көзінен таса жеке өмір
кешті. Жаз жайлауда да бұрынғы салтанатпен қалған сері тірі пендеге
көрінбей, сол қораның астында жабайы адамдарша жалғыздық
тауқыметін үнсіз тартты.
Сол жалғыздық əсері ме, əлде серінің дінге сенбесе де, пірге
сенетіндігінен бе, кейінгі кезде кеш түссе-ақ өз-өзінен елегізіп,
қайсыбір түндерді ұйқысыз өткізетін болды. Ежелден Қисық ағаш
маңы жын-шайтан ұялаған орын деп, ел ішінде талай үрейлі əңгімелер
айтылатын еді. Бала кезінде естіген сол əңгімелер енді осынау жалғыз
құлазып қалған шақта қайта есіне түсіп, мазасы кете бастаған сияқты.
Ондай түндерде қалың ағаш бауырындағы шөккен нардай жапырылған
жалғыз жер үйдің пеш мойындары гуілдеп, тыста тоғай іші ызындап,
ауыл шуынан жырақ, ел тіршілігінен керең жерде құлағы бітіп
шыңылдап шығады. Мүлдем зерігіп, іші пысқан Ақан амалсыздан екі-
үш рет Ыбан мен көрші ауылдарға қоналқылап, түнделете қайтқанда
өз үйінің терезесінен от көрген. Алыстан жылтыраған жарық қасына
таяй бергенде өлусіреп барып сөніп қалады. Есік-терезесі үңірейген
иесіз қора төңірегінде тырс еткен дыбыс естілмейді. Бəрі жым-жылас
жоқ боп кетеді. Ақан алыстан көрінген шырақ па дейін десе, оның
қисынын таба алмай басы дал болады. Шырақ əулие атанған
адамдардың зиратында жағылады деуші еді. Қараша үйде не əулиелік
бар. Cepi "мүмкін, менің көзіме солай көрінген шығар" деп соңғы
жолы Ыбанмен ымдасып еді, ол да өз үйінде жанған отты көріп келеді
екен. Бірақ, мақау бала, дүниеде жын-шайтан болады дегеннен бихабар
еді, ештеме түсінбей əкесіне қарағыштай берген. Өзі де жарымжан


баланың ойына қорқыныш салмайын деп, Ақан енді отты елемеген
болып, Ыбанын үрейлендірмей, сонымен аяқсыз қалдырған.
Соңғы кезде ел арасында "Ақан сері Қисық ағашта жын-
шайтандармен бірге тұрады екен, баласы екеуі де қағындыға
шалдығыпты" деген өсек дүр ете қалды. Бірде, Баратай ауылының бір
ақсақалы, серінің отты көзінен көзін алмай, үрейлене тұрып ақыл
айтқан:
– Қарағым Ақан, ренжи көрме, халық айтса, қалпы айтпайды, –
анау Қисық ағашта жападан-жалғыз қалай тұрасың. Жын иектеп алған
дейді ғой өзіңді. Ай, атамзаманнан бері сол ара сайтан-сапалақтың
мекені еді. Талай жолаушыны сол арада жын соққанын құлағымызбен
естіп ек. Оның үстіне ол жеркепені əкең тастап кеткелі не заман. Иесіз
үйді содан бері жындар ордасымен басып, иемденіп алған шығар-ау.
Қарағым-ау, сол арадан неге қоныс аудармайсың, басыңды шыр
айналдырып алғаннан сау ма?! Қарағым, жаным ашығасын айтам,
битке өкпелеп тоныңды отқа салма, қайтейін, жалғыз-жарым жүріп
қор болмасын деп, бір-екі көйлек бұрын тоздырған үлкендігім бар,
айыл ғып айтамын. Апырай, шырағым-ай, көзіңнің жанары өзгеріп
кеткен екен!
Шалдың сөзін үнсіз тыңдаған Ақан:
– Е, қария, осы күнгі ағайынның достығынан, жын-шайтанның
достығы артығырақ көрінеді, оларды ренжітіп қайда барам, – де
қалжыңға аударған. – Көзім жын қаққан есалаң адамның көзі сияқты
шығар, ə?
Қаншама қалжыңға басса да, осы сөзден соң серінің де бойы
түршігіп, іштегі үрей үдей түскендей еді.
2
Соңғы екі жұмада тынымсыз соққан дауыл жазғы даланың да,
адамның да мазасын алып тұр. Таң ата теріскейден шығып соқса, түсте
құбылып шығыстан соғады. Көшпелі бұлт бірде оңға, бірде солға
жөңкіліп, қуалаған жел бағытымен ығып, дөңбекшіп, аунап жүр.


Жаз мерзімінде Көкше даласында күзгі қара дауылдай ұлитын
мұндай желді күндер жиі ұшырайды. Кей жылдары сұрқай дала күзге
дейін желден айықпай, ақыры сүмбіленің қалың жауынына барып
ұласады.
Қатты жел тұрғалы көл бетінен жыртыла айырылатын құстар да
сап болған. Анда-санда қалбаң ойнап қоға арасынан көтерілген некен-
саяқ қарақұс, ителгілер, немесе маңайдағы басқа көлдерден тобымен,
сыпылдай ұшып Қоскөлге соғар шүрегейлер болмаса, аққу, қаздар
қалың 
қамыс 
арасындағы 
ықтасын 
айдындардан 
шықпай,
балапандарымен күн ұзын балдыр сүзеді. Көп ұшып мекен
ауыстырмайтын сүңгуір қасқалдақтар кемер соғып толқынданып
жатқан жағаға таяу саяз жерлерге дейін келіп, көл түбінің саз
балшығын сылпылдатып, құрт-құмырсқа, су қоңыздарын тереді.
Мұндай күндері Ақан мен Ыбан құс салмайтын. Қанша дабыл
қағып үркіткенмен, желден қорқар жеңіл құстар қамыс басынан
жоғары биіктемей, көл бетін жанай ұшып, бір арадан екінші араға
орын ауыстыра береді, не көлдің қалың ортасына тереңдей кіріп,
мүлдем көрінбей қояды. Желді күндері тұзаққа түскен құстарды ғана
алмаса, қаршығаны мұндай қара дауылдарда аспанға ұшыру қауіп.
Ақан ұлын ертіп, күн ұзақ көл жағалап келген. Екі барылдауық
қоңыр үйрек пен бір сұқсыр түсіпті тұзақтарына. Жел тұрғалы
Көкжеңдетін құсқа сала алмай, көптен бері сорпа-судан тарыққан əке
мен бала қуанысып, қос ішінде екі жақта құстардың жүнін жұлып
отыр еді, Ақанның көзі көлдің арғы қабағынан осылай қарай лекіткен
үш салт аттыға түсті. Екеуінің иығында мылтықтары шошаяды. "Бұлар
түнеукүнгі казак-орыстар-ау. Тағы да не боп қалды? Жүрістері тым
суыт екен", – деп үрейленген Ақан тысқа шықпай қостың есігінен
қарап отыр.
Үш аттылы жақындағанда, ортадағы жорғасын тайпалтқан қазақты
жазбай таныды. Ат үстінде сырықтай боп серейген бұрынғы болыс
Нұртазаның ақи поштабайы Жəнібек. Екі жағынан қапталдай
шоқытып, су жорғаға зорға ілесіп, өздері де шоқырақтай түскен
түнеугілерден басқа мұртты казактар екен.


– Кім бар қоста. Шық бері! – деп айғай салды. Іштен дыбыс
білінбеген соң, атын тебіне түсіп қостың есігінен кəрі терекше иіле
беріп қарады да тағы елеуреді. – Қаңырап бос қалған ба, ішіңді
ұрайын, мұның адамы қайда? Ау, кім бар іште?!
Ақан тысқа шықты:
– Иə, не боп қалды соншама бөрігетіндей? Амандық-саулық жоқ...
– Е, амансың ба? Амандасуға уақыт болып түр ма? Қане жүр, сені
ұлықтар күтіп отыр.
– Қайдағы ұлық?
– Сұрама, барған соң көресің. Ана қырдың астында жандарал, ояз,
майырлар жатыр. Болыстар бар. Сенің қаршығаң бар дейді, соны
көрмекші, тез алып шық та, жүр. Бол, күтетін уақыт жоқ.
– Оязың не? Қаршығаң не? Аптықпай, жөніңді айтшы, жарқыным.
– Жөн дейтін не жөн керек. Айтпадым ба, қаршығаң керек,
қаршығаң. Көреміз дейді. Құсқа саламыз дейді. Ғұмырында қаршыға
көрмепті.
– Əй, Жəнібек, құсқа саламызың не? Осындай күні қаршығаға қай
атаң құс ілдіріпті. Не айтып тұрсың?
– Ата-матаны қайтесің, оны ана дөкейлерге айт, маған сені алып
кел деді, шаруа сол, қане, құсыңды ал да тез жүр,деп поштабай
қасындағыларға қарап еді, олар да: "Не, көнбей тұр ма? Не істейік", –
дегендей көздері шатынап, аттарын тебіне, жақындай түсті. –
Айтқандай дабылыңды ұмытпа. Қане тез, көп күтетін уақыт жоқ.
"Апырай, мұның айтып тұрғаны Көкжендет-ау? Мыналардың келісіне
қарағанда, алмай кетпейтін сыңайлары бар. Бармаса, күш көрсетері
көрініп тұр. Поштабай ымдап қалса-ақ болды, əмір күтіп тұрған ана екі
əскер қазір бас салып, жұлмалап, ұлықтардың алдына жаяу апарудан
тайынбайды. Көкжеңдетке қызығып, алып кетпекші ме! Онда,
тұрымтайды апарсам қайтеді? Ана ел ұлықтары "қаршыға орнына


тұрымтай əкелдің кімді мазақ еткің келді?" – деп, ояз алдында тағы
масқаралап, дүрелеп кетсе, не істемекпін. Қой, не де болса күтіп
алдым" деп іштей толқыған Ақан көкбестісін ерттеп, Ыбанға
əлденелерді ымдап түсіндіріп, Көкжендетті қолына қондырып жүріп
кетті.
Қостан төрт-бес шақырым жерде, – генерал Лосевекийді
төңіректеген көп ұлық, станица атамандары, ояз Коновалов бастаған
қазақ болыстары. Қоскөлдің ығындағы шоқ ағаштардың бауырына
аттарын доғарған.
Көп ішіс, көп əңгіме арасында аңшылық саятшылық сөз болып,
аңға, құсқа салатын бүркіт, қаршыға, тұрымтай, қырғи жайында көп
əңгіме тыңдаған генерал осы маңда, жалғыз қоста қаршығасы бар
біреудің тұратынын естіп, оны тез осында алып келуді бұйырған.
Ақанның атын айтпаса да, оның "Көкжендет" дейтін қаршығасының
барын айтқан Нұртаза.
Қазір Нұртазаның екі езуі екі құлағында.
Биыл болыстыққа сайланбай, əкесі өлгендей қан жұтып жатып
алғаны қайда? Бір жылдың ішінде кəдімгідей таралып, жүдеп, көңілі
ойсырап, жасып қалып еді. Оның үстіне мына елге жеткен жұт бұған
да жетіп, малынан шашау шыға бастаған. Ол аз дегендей аш ауылдар
бұрынғы барымта емес, енді өзді-өзіне ауыз салып, бардың малын жоқ
жалмаған кесапат кер заман туған. Малы бар басқалардан көрі ұры
зауалын көп тартқан – осы Нұртаза. Болыстықтан қағылған жанды
басынғандай, жығылғанға жұдырық – Нұртазаның малын ұрылар көп
талады. Алғашқыда есігінде жүрген жарлы-жақыбайлар оларға қарсы
тұрып бағып еді, ақыры олар да беттемейтін болған. Биыл бір
жылқышысы мен жамағайыны Ыдырысты қазір елге атышулы
қарақшы жалғыз көз атып, жаралап кеткелі ұрылардың соңынан қууға
ешкімнің жүрегі дауаламайды. Арасына бір апта, əрі кетсе екі апта
салып соғар жалғыз көз жылқыға келсе-ақ болды, аз жылқышы
қостарына кіріп, қашан ол кеткенше ін түбіне кірген суырларша бас
сауғалап жатып алады. жалғыз көз үнемі қасында жүретін аузы-
мұрнын таңып алар қапсағай серігі екеуі жылқыларды өз малындай


аралап, союға жарайды-ау дегендерін алдарына салып айдап, кете
барады. Бұдан артық қорлық бар ма?!
Сүлейменнің естімейтіні жер астында. Күз айында мұрагер
Николай Алексеевичтің тəж кию-салтанатына байланысты ел аралап
шыққан генерал Лосевский Көкше жерінде жүргенін естісімен інісіне
ақыл айтқан. "Қырғыз-қайсақ елін басқару тəртібінде жаңа заң
шығыпты. Ол заңда болыс сайлаумен ғана емес, енді генерал-
губернатордың өз ықыласымен-ақ сайлаусыз тағайындалатын
болыпты". Бұған сенерін де, сенбесін де білмей əрі дағдарып, əрі
үзілген жіпті қайта жалғауға болатынына үміттеніп, көзі алақтаған
інісіне Сүлеймен "Дала уалаяты" газетін ұсынған. Нұртаза араб
əрпімен қазақша аударылған беттерінен таба алмай, орысша бетін інісі
қайта-қайта ежелегенде, жүрегі жарылардай қуанған.
– Енді, – деді Сүлеймен, – болыстықтан əлі де үмітің болса,
Лосевскийдің ел аралауы тегін емес, осының аузын алып қал. Ол
генерал-губернатордың өзіне мақтап барса, тағы да таққа қондым дей
бер.
– Шіркін-ай, ондай күн енді қайта туа ма, шіркін-ай... а Құдай бере
гөр тілеуімді, – деп, сол күні ақ сарбас шалған.
Лосевский аштыққа ұшыраған қазақ ауылдарына көзінің қырын да
салған жоқ, казак-орыс станицаларын аралады. Кейінгі жылдары
егіндері шықпай, шықса, қара бұлттай қаптап, мың, миллиондап
тобымен ұшар атбас шегірткелер жым-жылас жайпап кетіп, əсіресе 91-
жылы тақыр қоянның жұтына ұшыраған хуторларда болып, казактарға
коронация алдында тағы да көп жерлерді кескізіп берді. Жандаралдың
жүрген жолын аңдыған Нұртаза ақыры қыбын тапты. Ескі досы,
Арықбалық станицасының атаманы, урядник Федор Тютин бір күні
Лосевскийді маңындағы көп адамдарымен Нұртаза үйіне қонаққа
əкелді. "Берген перде бұзады" демекші, бергенді кім жек көрсін, ас та
ток тағам, мол арақтың қызуымен шалқып отырған байсалды
жандарал да жеңілтек мінезбен Нұртазаның жауырынан қағып:
– Тегінде, сіз болыстыққа жаралған адамсыз, өңіңізден ел
басқаратын адамның нышаны ғана көрініп тұрады, мəселеңізді қайта


қарау керек екен, – деп қалған.
Əбден зығыры қайнап, істер амалы болмай, төбесіне ойнақтатып
қойған жалғыз көз ұры жайын айтып, оған ерген басқа, ұрылардың ел
ішіндегі бұзақылықтарын баяндағанда, Лосевский:
– Ондайлардың көзін құрту керек. Оларға мылтықты кім беріп жүр,
осы күнге дейін бұларыңыз қалай?деп Коноваловқа зілсіз қарағанда,
бұрын Нұртаза қанша шағынып, көмек сұраса да, көңіл бұрмай жүрген
Тютин мен вахмистр Воронкин екеуі оязды арашалағандай, оның
алдын орап жарыса сөйлеген:
– Ваше высокопревосходительство, біз қырғыздардың ісіне көп
араласпаған соң, мұндай ұрылардың қылығын естімеп ек, ертеңнен
бастап олардың көзін құртқызайын!
– Біздің екі-үш казак жетеді. Мылтық атудың қалай екенін
үйретейік ондай найсаптарға, – деп Тютиннің сөзін Воронкин
қостаған.
Қазақ болыстары жоғарғы жақтан орыс ұлықтары келсе, елдің жай-
күйін баяндап, халқына мысқалдай пайда тиер сөз айтуға, көмек
сұрауға олақ болса да, қонағасы беріп, қарсы алып, шығарып салуға
шебер-ақ. Қазір де, Лосевский Омбыға кетер күні, Көкшенің бар
болыстары жиналып, қол қусырып шығарып салу қамында. Киіз үй
мен ағаш үйден жалыққан генералды соңғы рет Қоскөлдің бауырында,
далада отырып, дастарқан жайып қоштасып қалмақ. Бұл отырыстары
сол жолаяқ. Түнеугіден бері Нұртаза болыс болмаса да, жанамалап
қалмай жүр. Үйіндегі мол қонақасыдан соң, қазақ дəстүрі деп ат
мінгізіп, орамал тонға жарамаса да жолға жарайды дейтін салтпен
Омбыдағы замандастың сыбағасы деп шайы орамалға түйген бір десте
ақшаны қалтасына салған Кемелұлына генерал да жылы қарап,
көбінесе сонымен шүйіркелеседі...
Ақан жолда келе жатып есерсоқ Жəнібектің əлі де тауы
шағылмаған əпербақан қылығына қайран қалды.


– Апырмай, заман аумалы-төкпелі деген ып-рас, кеше ғана Ақан
cepi атанған ел тұздығы едің, бүгінде Қоскөлдің жағасында шошайып
қалған күйген томардайсың. Байғұстар-ау, айдалада аштан өлмей
қайтып тірлік жасап жатырсың. Мына қаршығаның қанатына қарап
отырсыңдар-ау. Ертең қыс түскенде немді қорек қыласыңдар,
сорлылар-ау, – деп, жайдан-жай тиіскен Жəнібекке Сері жауап беру
орнына, оған қарсы сұрақ қойды.
– Осы сен, Нұртаза болыстықтан алынғанда, поштабайлықтан
қағылмап па едің?!
Кеңірдегін керікше созып, маңғаздана қалған Жəнібек бұл сөздің
мысқылды астарын онша ұқпай, ат үстінде бір жамбастап, Ақанға
үзеңгі қағыстыра жақындады:
– Əлгі, атаңа нəлет, сенің құдаң Жанболат па, болыс болысымен
менің орныма аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен өз жұрағатын қойған
жоқ па? Жəкенді əлі-ақ өзі шақыртып алады. Мендей поштабайды табу
оңай боп па... Бірақ, оның шақырғанына Жəкең енді барса игі етті, –
деп, ат үстінен иіліп, қатарласа сары желіп келе жатқан казак-орыстар
естіп қоймасын дегендей серінің құлақ тұсынан сыбырлады. Аузынан
самогон иісі мүңкиді. Нұрекең ана Айыртаудың көксауының орнына
болыс болмақ. Мына жандарал сол үшін келіпті.
– Сайлау өткізбек пе?
– Қайдағы сайлау?.. Осы қараңғы қазаққа сайлау не керек, өңкей
кісі қадырын білмейтін жə-ə-əмен надандарды адам санатына қосу... –
Жəнібек өзі-өзінен тарқылдап күлді де, тез доғарып, əлдекімге
кіжінгендей қамшысын білемдеді, – Тұра тұр, ертең-ақ сыбағаларыңды
берермін!..
Ақан "есер поштабаймен сөз таластырып, есіл сөзді қор ғып
қайтем" деп, енді сөйлеспеске бекіп еді, бірақ мынаның үрлеген
қуықша жарылардай кеуіп, осынша мақтануы айтқызбасқа қоймады:
– Осы сенің атыңды əке-шешең неге Жəнібек деп қойды екен?


– Қайдан білейін.
– Қазақта он жеті Жəнібек өткен. Соның ханы ма, батыры ма екен
тілегендері.
– Батыры шығар.
– Е, онда сен поштабайлықтан басқаны ойламайтының қалай?
– Қазір батырыңнан поштабайың артық емес пе?
– Дұрыс-дұрыс, ендеше мен айтайын – ата-анаңның тілеуі дұрыс,
Құдай тағала көз жасын иген екен. Ертеде бүкіл үш жүзге мағлұм
Жəнібек деген шабарман болған, – деді Ақан өтірік.
– Ə—ə?! – Жəнібек шын иланды.
– Ақ сүтін көкке сауып тілеген анаңның, сақалынан сорасы ағып
еңіреп, намазға жығылып, құлшылық еткен əкеңнің тілеуін Хақ тағала
шын берген екен. Тура сол Жəнібек шабарманнан айнымайсың. Бар
мінез, бар қылығың сойып қаптағандай!
Мына сөзге масаттанған шала мас Жəнібек ат үстінен Ақанға иіліп:
– Қандай болыпты, айтыңызшы?! Ел естісін, осындайда ақын деген
өлеңге қосып айта жүрмей ме? – деп қолқа салды.
– Ол – Жəнібек, – деді Ақан атының басын тежеп, – тыңда. Сосын
өзің жаярсың елге. Ол Жəнібек – халық үстінен күн көрген, ұлықтар
ұлыса бірге ұлып, бөрі болған, айтақтаса, далақтап шабар алаңғасар ит
болған, жазықсыз жандарды дүрелеп, қанын сүлікше сорған нағыз
сұржылан, əпербақан, кеппе, қуыс кеуде, есалаң, зердесіз, миғүла
болыпты!
Ақан атын тебініп жүріп кетті. Жəнібек жерге кірген қазықтай ат
үстінде сорайып, мəңгіріп тұрып қалды...
Ақандар Қоскөлден əрірек шоқ ағаштың бауырына жеткенде бала
қайындардың ығындағы көгалда отырған ұлықтар арасындағы


казактар дауылды күндей гуілдегі, əнге басып жатқан. Бірнеше
дауыспен қосыла салған əдемі əнді бұзып, барылдаған, гүжілдеген
жосықсыз дауыстар да естіледі. Араққа, қымызға тойған Лосевский де,
оның аузына қарап, түсінбесе де, қазақ болыстары да əн ырғағына
төтеден қосылып, дар-дар деді. Ағаш бауырына төсеген төрт-бес кілем
үстінде шашылған – сүйретпе шынылар, шала мүжілген жампас,
тоқпақ жілік, қабырғалар, көзі үңірейген қой бастары. Түймелері
ағытылған алмақ-салмақ, қайсыбірі көйлекшең, жалаң аяқ етпелеген
урядниктер, бір жанпастап қисайып, енді бірі бір тізерлеп жүгініп
қызмет еткен болыстар да – қалай болса солай шашылған сүйек-саяқ,
ішілген шөлмектер сияқты.
Поштабай Ақанды қызылдың екінші жақ бауырыншы көп
тарантастардың қасына əкелді де:
–Осы арада күте тұр, – деп бұлардың келісіне мəн бермеген
қонақтарға қарай жаяу тартты.
Бұл жерде де əн. Ағаш тасасында жеке сауық құрған қызыл
лампасты казактар өздерінше ішіп, ұлықтардан бөлек думандатып
жатыр. Өгіз су ішсе, бұзау мұз жалайдының кері.
Анадайда, алаңқайда тұсаулы көп ат. Бытырай жайылып жүр.
Ақан тарантастардың бірінің доңғалағына атын байлап, арба
жақтауына сүйеніп тұрып қалды.
Жəнібек сол кеткеннен мол кетті. Мастарға Ақанның керегі
болмады ма, əлде ақи көз самогонге сүңгіп тұншығып жатыр ма, жуық
арада келе қоймады. Көкжендетін бауырына қысып, қанатынан,
мойнынан сипалаған серінің зығыры қайнады. Еліріп, есіргендердің
өзін шақыртып алып, енді керексіз еткендеріне назааланып, еріккеннің
ермегіне айналған дəрменсіз халіне налып, жымын білдірмей кетіп
қалғысы да келді. «Қой не де болса шыдайын, соңымнан қуып жетіп
мерт қылса, кім мені жоқтайды, Ыбанымның күні не болмақ" деген
сері селк еткендей басын көтеріп, қазақтарға мойнын бұрды. Олар дүр
етіп тобымен ұшқан қырғауылдардай бəрі қосыла əнге басты. Ана
ұлықтар жақтағыдай емес, мына жас казактардың əндері бір бөлек.


Ақан құмарта тыңдады. Бірнеше дауыспен көтере салған əн дала төсін
тербеген самалдай, ағаш басын теңсеген желдей. Кейде көк жүзінде
қалықтаған айдай жеке дауысты біреу жалғыз шырқаса жан-жағынан
жөңкілген аласапыран бұлттай басқалары іле-шала қосыла
жөнелгенде, қара жер солқылдап, бірге дірілдегендей болады. Бар
табиғат, бар тіршілік мағынасын, көп дауыспен көп мағына білдірген
үнділігіне қайран ақынның тұла бойы шымырлап, əнші жүрегі əнмен
бірге соққандай ұйып отыр.
"Соберемтесь мы, казаченьки,
Во единый во кружок,
Запоемте мы, казаченьки,
Песню нову про себя.
Хорошо житье казаченькам,
Только служба тяжела,
Ходя наедимся, стоя выпимся"...
деп, бір-біріне сүйене қисайып, қылыш қынаптарын құшақтай
жатқан казактар əнінде жастық серпін де, сырлы мұң да бар. Cepi əн
сөзіне де құлақ түріп отыр. Енді бірде қайғылы, зарлы əн айтылғанда,
ақын жүрегі де елжіреп, шымырлағандай болды:
"Погасло солнце за горой,
Сидит казачки у дверей.
Она дети и горько плачет,
И льются слезы из очей"...
"Апырай, – деді Ақан іштей, – мына казак-орыстарың тек
жамбасына салақтатып қылыш таққан əумесер, ұр да жық
əпербақандар ма десем, тұла бойы тұнып тұрған өнерлі жұрт екен-ау...


Қару-жарақ асынып, қалағанын істеп, еркін жүрген ессіз есіріктер ме
десем, бұларда да мұң мен зар, қайғы мен қасірет бар екен-ау. Қайран
əн,не деген құдіреттісің, алысты жақындатып, жатты бауыр ететін, тілі
мен дініне түсінбейтін елдің бар жаратылыс бітімін, қуанышы мен
шерін айтып, зердеге құйып берер не деген бар ғаламға ортақ шежіре
ең". Бұрын, Омбыда, жəрмеңкелерде жиналған казактардың аузынан:
"Мы давно сжились с степями
И давно привыкли к ним,
Перед дикими ордами,
Мы не в первый раз стоим".
сияқты өркөкіректеу əндерін ғана құлағы шалып, жүре тыңдайтын
Ақанға казактардың мына əндері көп ой салды...
Анда-санда өзара қалжыңдасып қойып, казактар тағы да бір көп
дауысты əнге қосыла бергенде, дауыстары кілт үзілді. Үстіндегі
мундирін жүре түймелеген вахмистр Воронкин ырғала басып келе
жатыр еді, көзі шалып қалған əншілер орындарынан атып-атып тұрды.
Атаман əлденені айтып, бұйырғандай болды – казактар сырттағы
аттарға қарай жүгірісті.
– Əй, Ақан, – деді, ақынның ту сыртынан поштабай. Бағанағыдай
емес, екі көзі екі жаққа атысып мүлдем шапыраштанып кетіпті. Аяғын
шалыс басып, теңселіп тұр. – Жүр, ша-шақырып жатыр... Тез, тез...
бассаңшы аятынды, с-сені... ш-шақырад деймін!
Ықылық ата тойынған ақи көздің соңынан аяғына тас байлағандай,
Ақан зорға ілбіді.
Қолына қондырған қаршығасы бар cepi келгенде, болыстар
бойларын түзей отырып, урядниктердің бірі киімдерін киіп, енді бірі
етіктерін шұлғауланып жатқан. Ақанмен ешкім сəлемдескен жоқ.
Нұртазаның тізесіне басын салып, шалқасынан түскен Лосевский ғана
төбесінен қарады:


– Ə-ə, охотник, отыр, отыр! Тамақ беріңдер, самогон, кумыс...
Тізе бүкпей өңкей мастарға тесіле қадалған Ақан:
– Рахмет, тамақ ішкемін, – деді салғырт қана.
Құдасының жүзіне қарауға именгендей, орнында бүгежектеп,
басын көтермеген Кенжеболат поштабайға:
– Əй, Жəнібек, қымыз құйсаңшы Ақанға. Ана бір бұзылмаған
жамбасты тартсаңшы алдына, – деп еді, ақи көз, ықылық атқаны
күлгенге ұқсап, тілі күрмеле ақшаң етті:
– Немене, о-ол, бала ма, қо-қолы бар құйып ішсін. Ана ту-туралған
ет те бір жеуге же-жетеді.
– Өй, сараң неме, байдың асын байғұс қызғанады, – деп тізесіндегі
Лосевскийдің шашын сипап, əлдилеген баладай генералды аялаған
Нұртаза Ақанға жаны ашығандай жұмсақ сөйлеп, шымшып алды. –
Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны. Құйсайшы қымызды, жұтқан
жұтамас деп, жұтаған еліңнің бір жұтқанына ындының тарыла қалады-
ау, көзіңнің ішін,.. ақи неме!
– Ə-ə, Нұртаза, ықыласыңа рахмет. Жұтқан жұтамаса, мен де жұтап
жүргем жоқ, жұтып жүрмін. Қоскөл аман болсын, жерімнің суы да
маған бал. Ал, елім жұтады деп қайғырмай-ақ қой, өзің жұтамасаң
болғаны да, шаруашылығың жаман көрінбейді...
– Ойпырмой, екеуің бір-біріңді көрмегелі көп болған-ау,
сағынысып қалыпсыңдар-ау, – деп Азынабай шарпысқан сөзді
қалжыңға айналдырды.
– Қонақтар аттанған соң-ақ құшақтасып сүйісетін уақыт табылар.
Əй, бауырлар-ай, шыдамай жатырсыңдар, шыдамсыздарым-ай.
– Тоқта, тоқтай қал! – деп Коновалов Ақанға талаураған көзін
сығырайта қадады. – Осы мен сені бір жерде көрген сияқтымын.


– Е, бұл өзіңізге өлең шығаратын, ұлы мəртебелі мұрагер алдында
полтайт ететін понтар емес пе!
Нұртаза сөзіне құлақ қойған Лосевский атып тұруды ыңғайсыз
көріп, басын созалаң көтерді. Қалың бурыл сақалды өңі қуаң тартқан,
көзі өткір адамға генерал қабағының астынан сынай қарап, мелшиіп
отырып қалды.
– М-да... Мен ол жолы көре алмай қалып едім сол ақын, дала ж-
жауынгері осы ма еді, – деп Лосевский сөзінің соңғы жағын тістене
сөйлеп, бұрын-сонды көрмеген түз тағысына қарағандай сүзілді.
Арақтан зеңгіген басын сілкіп-сілкіп, көзін бір жұмып, бір ашады.
Мəртебелі генералдың əр қимылын бағып, ол не істесе соны істеп,
ол не ішсе соны ішіп, енді сыпыра масайған казак, қазақ ұлықтары
Ақанды жаңа көргендей бəрі де қызыл көздерін Лосевскийше серіге
қадады. Өңкей есіріп алған қорқау қасқырлар жан-жағынан анталап
қамағандай, есірік мастардың мына қылығынан Ақан қорланып,
намыстан жарылардай болса да, көпке топырақ шашуға батылы
бармады. Артына дейін қызып алған күштілерге ұрынбай, өздері
соқтығар болса, барынша кішірейіп, уытты сөзді қалжыңға
алмастыруды ойлады.
Лосевский мундирін түймеленіп отырып:
– Өзің орысша да білетін көрінесің, сонда ұлы мəртебелі
Цесаревичке не деп жүрсің өз аузыңмен айтшы, – деп, енді жүзі сол
жібігендей жымиып, сөйте тұра ақынды қақпақылға алып
келемеждегендей, жұртты бір күлдіріп алайын деген сыңаймен ащы
мысқылдады. – Мұрагерге біраз ақыл айтыпты деседі. Көне, өз
аузыңмен айтшы, бізге де біраз ақыл керек боп жүр.
Отырғандар ду күлді.
– Қазір сені Петербургтағылар іздеу салып жатқан көрінеді. Сізді
патша ағзамына ақылгөйші кеңесшілікке алып кетсе, біздің күніміз не
болады, сорлап қаламыз-ау! – деп, ащы мысқылмен кекетіп, арақ


қызуымен жоқ сөзді көйіткен генералды қолпаштап, қарқылдай күлген
казак-орыс атамандары да шаужайдан алып жатыр:
– Əйтсе де күзде болар коронацияға ала барыңыз!
– Иə, ұлы мəртебелі патшамызға біраз ақыл-кеңес беріп қайтсын!
– Қой, онда мұны мемлекеттік кеңесші етіп алып қалар да, қайтып
көре алмаспыз, ух-хо-хо!
– Ваше высокопревосходительство, бұл қырғызды онда
Петербургқа жібермеудің қамын жасау керек, хохо-хо!
– Бізге де ақылшы адам керек емес пе, айырылым қалмайық, ах-ха-
ха!
– Бəсе бұл қырғыздан ақыл шығады, шығады...
Санасыз болыстар да қосыла күліп, кеңкілдесіп қалды. Əсіресе
Нұртаза мəз. Сөз астарын жетік ұғынатын, кейінгі кезде ұлық,
чиновник атаулының қазақ шонжарларын кекете, мұқата сөйлейтін
мазағына іштей күйініп жүретін, бір басына зымияндығы да жетерлік
Азынабай ғана сараң жымиып.
– Тақсырлар, бүгінгі айтқан Көкжендет дейтін құс анау. Енді, күн
кешкірмей, қызығын көрмейміз бе,деп, əңгіме бетін басқаға аударып
еді, Ақанды танығаннан бері тістеніп, жеп жіберердей оқты көзін
қадап, тынысы тарылып ытырынып отырған Коновалов ағаш бұтағына
ілген сыңар шұлғауының қағын ызалана үгіп:
– Қане, айтпайсың ба, бəлденбей. Аузыңа су ұрттап алғаннан
саумысың? Сенен не айтқаныңды сұрап отырған жоқ па его
высокопревосходительство! – деп, Ақанға зіркілдеді. – Маған айтпай-
ақ қой. Қажет болса, өзіме алдырып айтқызармын. Асықпа, сөйлерсің
менің алдымда да, сөйлетермін!
Зығыры қайнаған Ақан іштегі ашуын сездірмей, ұлықтардың
мысқылына əжуамен жауап бергісі келді. Мəмбетəлінің орыс


достарының ішінде Горбуновтың сөзі қатты ұнап, жадына тоқып алған
еді. Патша мұрагеріне айта алмай қалған бұл сөзді кейін ел арасына да
жая алмай, құнды жеріне жұмсай алмай жүретін. Тап осы тұста
Горбуновтың сөзімен қылжақбас генералды мұзға отырғызбақты
ойлады.
– Мұрагерге не айтқаным бəріңізге де аян емес пе, қайбір жібі түзу
сөз сөйледі дейсіздер, менікі əшейін сандырақ қой! Нұртазаның
тілімен айтқанда, əшейін, құр полтайт!
Жұрт тағы да ду күлді.Нұртазаның екі шекесіне қан теуіп,
қызарақтады.
– Да, сонда не полтайт еттің, біз де естиік, – деп урядиик Тютин
гүрілдеп, күлкіден сөзін зорға құрады.
– Не полтайт болсын, орыс, қазақ ұлықтарының кұрттан ақша-пара
алатынын, елді қанайтынын айтып полтайт еттім, – деп, езулері
жиылмай отырған мырзалар күлкіден лезде тиылып, сұрлана
бастағанда, Ақан сөз сыңайын бүгінгі халге тіреп, одан сайын үдете
түсті. – Ел ашығып, жұтқа ұшырап, орыс мұжықтарының егіні
шықпай, қазақ сорлылардың малы жұтап, титан қырылып жатқанда, ел
əкімдері – қаптесерлер, егеу құйрық кірістер шошала, клетте қалған
соңғы қаптарының түбін тесіп, ісі түсіп алдына келген жанның
алдымен қалтасын тінтіп, дорбасын айналдырып, тазалaп жібереді
дедім. Сөйтсем, пара, ұрлық, қанау, тонаусыз күнелту мүмкін емес,
менікі бос сөз полтайт екен!
–Неге полтайт! – деп бұл сұрақты қалай қойғанын да аңғармай
Коновалов тағы да зірк етті.
"Пара" дегенде Нұртаза Лосевскийге қарағыштап, өзінің пара
бергеніне мəз болғандай, күлімдеп отырған. Енді соны тағы да есіне
салайын дегендей, мастықпен жосықсыз былжырады:
–Сен немене, пара бергендерді көріп тұрмысың, қазақ пара
бермейді, сыйлайды, қонағасы береді, ат мінгізіп, шапан жабады.


Ақан Нұртазаға көз қиығын да салмай, Лосевский мен Коновалов
жаққа күлімсірей қарап, Горбуновтың сөзін айнытпай айтып берді:
– Сіздер бұрын да естіген боларсыздар: Бірінші Николай патшаға
бір жандарм былай деген екен:
– Николай бірінші Патшаға?
– Жандарм?
" Ну, ну?
– "Ұлы мəртебелі император, бүкіл Ресей империисында екі-ақ
губернатор пара алмайды: біреуі – Нилендік Радищев; өйткені ол
əкесінің абұйырын сақтайды, екіншісі – киевтік Фрундуклей – өйткені
ол шылқыған бай" депті.
Лосевский төбесіне мұздай су құйып жібергендей тітіркеніп кетті.
Орысша сөйлеген ақыннан бұрын казак даласында айтылмаған
мынадай сорақы сөзді естіп, ол сөздің шыққан жерін, үйретуші
төркінін ойлағанда, мастығынан айыққандай болды. Не дерін білмей
Ақанның жүзіне көзін сығырайта, сүзіле қарағанда, сері анада
Новиковтан естіген бір сөзін тағы да көлденең тартып, одан сайын
есінен тандыра түсті:
– Орыста Карамзин деген ақын болыпты. Біреу содан "Россияда ең
жиі болатын хал-ахуалды бір сөзбен айтып бере алар ма едіңіз?"
дегенде, ол былай депті: "Крадут!"...Ұлы орыс жерін осындай ұрлық,
парақорлық жайлағанда, қазақ даласындағы жымқырманы айтуым
əшейін полтайт екен! – деп Ақан өзінің "балалығын" ажуалағандай
мысқылмен күлгенде, орыс ұлықтары қостамады, ұқпаса да, орыс
ұлықтарының жүзінен секем алған кейбір болыстар үнсіз тымырайып
сұрлана түсті.
– Аттар дайын! - деп, осы сəтті күткендей сыртта бата алмай тұрған
жас казак шпоры сылдырлап өкшесін тық еткізді.


Лосевскийдің аузына қараған ұлықтар үнсіз. Аспаннан жай түсіп,
біреуі қаза болғандай түнереді. Əлден уақытта барып генерал:
– Полтайт, полтайт! – деп, зығырлана қайталап отырып, өз-өзінен
қарқылдап кеп күлгенде, бəрі де тарқ етіп қосыла жарылды. Даланы
басына көтере күлген топ орындарынан қопарыла тұрып, бір-бірімен
сыңғыр-сыңғыр еткізіп кесе, шыны аяқ соғыстырып, көмейлеріне
сылқылдатып 
арақ, 
самогон 
құйды. 
Асыққандықтан 
ба,
масыққандықтан ба, əлде тойынғандықтан ба, езулерінен аққан
ішімдік семіз бұғақтарымен сорғалап, тамақтарымен жорғалап, ашық
омырауларынан іштеріне құйылып жатыр. Аяқ, табақта тураусыз
үйілген жамбас, жілік, омыртқалардың кез келгенін түрегеп тұрған
қалыптарында алып, ауыздарын толтыра бір асап, дастарқанға қайта
лақтырады. Ұртындағы жемін жей алмай толғап, қайсыбірі түйіліп
ықылық атса, енді бірі шала шайнаған сілекейлі етті ағаш бауырына
қарай түкіріп, кекіреді. Мол жемтік, көп өлексенің үстінен түсіп
мелдегінен келген құзғындар сияқты, немесе тамақтап əкелген көп
қойды апанда талапайлап жеп, ойнақ салған үйірлі қасқырлар секілді.
"Не деген лас, не деген жеркенішті еді!" – Жүрегі лоблыған Ақанның
қабақ шытқаннан басқаға дəрмені жоқ...
* * *
Бұлар ұзыны алты, көлденеңі екі шақырымдай Қоскөлдің ық жақ
жиегін жағалап ұзақ жүрді.
Кешке қарай күн бұрынғыдан да желдетіп, қара дауыл шақырып
тұр. Жиектегі қамыс-құрақтар, белуарынан су кешкен қара қоғалар
желден жапырылып, сыбызғының неше түрлі əніне басып, суылдайды,
ысылдайды, ысқырады. Қаршыға салар бірде-бір бейсауат құс жоқ.
Адал құстың бəрі көл ортасындағы айдындарға кеткен.
Сəн-салтанатпен ырғала басқан салт аттылардың беттерін жел
қағып, кəдімгідей мастықтарынан айыға бастаған сияқты. Енді бəрі де
Ақан мен Коноваловтың ортасында өртекеше орғи басқан қара көк
арғымақтағы Лосевскийге қашан қаршыға қызығын көрсеткенше асық.


Əлден уақытта теріскей беттен екі-үш шүрегей суылдай ұшып,
тура бұлардың үстіне төніп келіп, қаршығалы құсбегіні жаңа
көргендей шошып, жалт беріп, көлге қарай құйылғанда:
– Жібер, жібер! – деп, генаралдың да, Коноваловтьщ да жан
дауыстары шыққан. Арттағылар да лекітіп, қатарласа беріп:
– Неге жібермейсің?!
– Неге салмадың?! – деп əкімдердің алдында жəмпеңдесі, Ақанның
жан-жағынан шығып, жан алқымға алды:
– Оу, сендер бала боп кеттіңдер ме? Желді күні қаңғырған
шүрегейге қай атаң қаршыға салыпты? – деп, қазақ ұлықтарына Ақан
зекіп тастады.
Нұртаза бір топ казактарды, арасына Жəнібекті қосып, Ақанның
қолындағы дабылымен көлдің жел жақ өтіне жіберген. Ат үстінде
олай-бұлай тырағайлап шауып, қолдарын көкке жая айғайлап, сірімен
қаптаған дабылды торсылдата қағып, даланы бастарына көтеріп, құр
далақтап жүр. Жиекке жақын қоғалардың бауырында, толқынды
жағаларда балдыр сүзген қасқалдақтар бұларды анадайдан көріп,
қамыс арасына қарай сүңгісе, дабылдан үріккен басқа құстар көлдің
терең тұсынан ұшып, аса биіктемей, қайта төмендеп, орын ауыстыра
береді.
Осындай дабылдың, айғай-шудың кезінде көлдің тап ортасынан
бері қарай бір топ қоңыр үйрек ұшып еді:
– Ал, жібер, жібер!
– Не де болса жібер!
– Сал құсыңды, ұшыр! Қашанғы салпақтаймыз, – деп салтаттылар
тегіс айғайлап еді, Ақан Көкжендеттің басынан, бетегесінен
алақанымен сипап:


– Болмайды, болмайды! Көл ортасында жүрген құсқа салатын мені
жын ұрып па! – деп, аналарды мазақтағандай өз-өзінен қарқылдап
тұрып күлді.
– Лосевский де, Коновалов та бағанадан бері Ақан cepi
қаршығасын жібермей, əдейі қыңырлыққа басып келе жатқандай көріп,
мына қылығын ұнатпай тізгіндерін оқыс тартып тұра қалып еді, мұны
аңғарған Нұртаза мен урядник Тютин аттарын омыраулата Ақанның
екі жағынан кимелей келіп қаршығаға салды қолды. Қанатынан,
құйрығынан жұлған адамдардың шеңгелінде талапайға түскен
Көкжендет жүні бұрқырап, шыр-шыр етеді. Кеудесіне қысып, бой
бермеген Ақан, қанаты далақтаған құсының басы жұлынар болған соң,
барып, қоя берді.
– Немене, соншама, жə-ə-ман бір құсты əлдеқандай қылатының,
сенен басқа адам құс сала алмайды деппедің, көрейін қазір, – деп
Нұртаза үлкен бір алыс-жұлыстан шыққандай ентігіп, қаршығаның
қанатын далақтата көтеріп, аспанға қарап, алақ-жұлақ етеді.
Көкжендет, байғұс, ересек адамдардың мұндай жат мінезін қайдан
ұқсын, ол да Нұртаза құсап, мойнын жан-жағына қылқита созып,
биіктен көрінер жем іздеп, өткір имек тұмсығын тақылдатып, көзі
ақшаң-ақшаң етеді.
– Екеуің жаңа жарастыңдар. Көк жендет пен қара жендет! – деп
дəрменсіз Ақан зығыры қайнап, мырс-мырс еткенде, қосыла күлген
Азынабай мен Жанбота ояздың көзінен жасқанғандай ықтасындап,
қалталарынан шақшаларын алды.
Мастығынан шала айығып, ат үстінде қаздиған Лосевский өзін
құрмет еткісі келіп жанталасып, ақын қолындағы тоқпақтай құсқа
балаша жармасып жұлқыласқан Тютин мен Кемелевтің озбырлығын
жуып-шайып:
– Сіз тым құсжанды екенсіз. Əлде біздің құсқұмарлығымызды
ұнатпай келемісіз? – деп Ақанға қарады. Əне, ана бір құс көл бетінде
бағанадан бері ұшып жүр, желді күні ұшпаса, құс қалай қорек етпек.
Жаратылыс, ол жаратылыс!


Көл бетінде нажағайдай жарқылдап, əрлі-берлі оқтай зулап жүрген
лашын еді.
– Сіз дұрыс аңғарыпсыз, ол құс бағанадан бері жүр, – деп, Ақан
енді ғұмырында бірінші рет жат қолда талпынған Көкжендетіне
қарамай, көңілі бұзылып, өзімен сыпайы сөйлесе бастаған генералға
ілтипатпен жауап берді. – Ол құстың аты, – қазақша Лашын. Ол жемін
осындай аласапыран желді күні аңдитын – жел құсы. Қаршыға сияқты
аспандағы құсқа атылмайды, желді күні көл бетінде қалбаң ойнап
көтерілер некен-саяқ жемін көз ілестірмей қағып, сол екпінімен
жағаға, құрғаққа жетіп құлап жəукемдейтін алғыр құс. – Ақан көп
сөзін тілі жетпей қалған тұста қол қимылымен, жетік ыммен
ұғындырады. – Халық құстың осындай қасиетіне, ұшатын мерзіміне,
жүретін мекеніне қарай жел құсы, дауыл құсы, жауын құсы, көктем,
күз, қыс құсы, таң құсы, түн құсы, тау құсы, көл құсы, боз, құрақ, тал
құстары деп бөледі. Мəселен жұмыртқасын інге салатын, жерде
жаратылар итала қазды жер құсына, ауыл, елді мекенге ұя салар айыр
құйрық үй қарлығашын ел құсына жатқызады. Егер осындай
қасиеттерін елемей жұмсаған құс та, аты жыртқыш демесеңіз, жеміне
түсе алмайтын сорлы бейбақ болмақ.
Лосевский көл бетіне, Ақан жүзіне таңырқай қарап, атақты құсбегі,
саятшыдан көп нəрсе сұрап, ұзақ тұрып қалған. Ақан тілі орысша
айтуға жетік келмесе де, құс аттарын баяндап, қаршыға, қырғи,
күшігендердің, аңға салар ірі бүркіт қасиеттерін қадари халінше
түсіндірді.
Лосевскийді аузына қаратып ұйытқан Ақан енді Қоскөлге бетін
бұрды:
– Мархаббатты тақсыр, егер осы көлге күн мен түнде, жылдың əр
мерзімінде келсеңіз, неше бір қызықты көрер едіңіз. Бұл да бір –
қайнаған өмір. Бір қызығы суға қона алмай, үстінде айналған
жыртқыш құстардың еті жеуге жарамайтын сасық, арам болады да, көл
бетіне қонақтар момын құстар адал болады. Əйтеуір, арамдар
адалдарының етін қыбын тауып, амалдап жеп жатады, – деп сөзінің
аяғын екі ұшты етіп күлген Ақан маңындағы ұлықтарға қарады. –
Мархаббатты тақсыр, ғапу етіңіз, жыртқыштары – осы тіршіліктегі


əкімдерге ұқсайды да, жуас, момындарды, хақысы, есесі кеткендері –
қарашаға ұқсайды. Қараңызшы, мына төңірегіңіздегі урядник, болыс,
стражниктеріңізге, билерге...
– Генерал Ақанға көңіл бұрған соң, амалсыз жел өтінде тұрып,
қалған ұлықтар, айтылар сөздің сыңайын болжап, ыңғайсыздана
жөткірінді.
– Мына болыстарыңыз көл үстінен күн көрген тұйғындардай ел
үстінен күн көрген адамдар емес пе?
Лосевскийдің де іші мүздап кетті. Əйтсе де, көзі қызара қанталаған
Коноваловқа онысын сездірмей күліп, Ақан сөзін қалжыңға
айналдырған болды. Генерал бүйтіп тұрғанда, басқаларға не жорық,
олар да енді ештеме сезбегендей, елемегендей ыржалақтап күле береді.
– Та-ак, сонда мына урядниктер кімге ұқсайды?
– Егер дала аңына баласақ, ұсақ аңдарды қуып салып, біреудің
жылы, дайын ініне зорлықпен кіретін қарсақтар сияқты ғой...
– Жо-о-оқ! Құсқа балап айтыңыз.
– Онда қарақұстардың ұясын тартып алатын ителгілер, – деп Ақан
сəл ойланып, күлімсіреді де:
– Бұлар қазақ жеріне алыс жерден келген құстар ғой. Шыққан
тегіне қарағанда, қаршыға мен тұйғынның арасынан жаратылған
тұнжыр сияқты. Ал жүрген жүріс, қылған əрекетіне қарағанда... бір
орыс жолдасым айтып еді, шеруші альбатрос деген құс бар екен. Сол
сияқты қайда дауыл, сойқан болса, сонда жүреді. Өзі жүз жыл
жасайтын қарақұс, алпыс-жетпіс жыл жасайтын қарғалардай емес,
бар-жоғы қырық жас əлхалдап өмір сүреді. Ал қазіргі күйлеріне
қарасаң, ауылдың тауығын ұрлайтын қарақұстар сияқты.
Лосевский мына дала ақынының, дала ойшылының сөзіне екінші
рет қайран қалды. Іштей ойланып, тас жұтқандай үнсіз қылғынып
тұрып қалды. "Странствующий альбатрос?" – казактар – патша


үкіметінің жасақшылары, қайда жіберсе сонда көшіп жүретін
авангарды, аванпосты. Ермактар! Ал, дауыл, сойқан болса, – Степан
Разиндер, Пугачевтар шықпақ па бұлардан? көп жасамайтыны қалай?
Қазір патша үкіметінің отарлау кезі Жетісу жаққа түскелі осы
Көкшетау, Қызылжар өңіріндегі казактардың көбі крестьян-шаруаға
айналып, көпшілігі үкіметтен алатын бұрынғы қаражаттарынан
айырылып, ұсақтап, ауыл, село маңын қарауылдайтын қарақұстардың
күніне көшпеді ме? Мына ақын дəл айтты-ау! Шығыс халқының
астарлы сөзінде қашанда терең мəн жатады. Салыстыруға, теңеуге
шебер халық!"
Урядниктер "біз – альбатростармыз" деп мəз.
– Ей, ақын, сонда мына киргиздің жуан билері, мына
месқарындары кім? – деп, Тютин қасындағы Бекболат бидің қампиған
қарнынан ұзын қолқамшымен түртіп, қарқылдады. Ақын қабағын
шыта қарады да, өз айтар сөзіне өзі күліп жіберді:
– Бұларды, – жалпы билерді, қазақ бұрын ел ішіндегі əділ қазыға,
ел арасына кесімді сөз айтатын елшіге бағалап, тілінен май тамған құс
патшасы аққуға, үні бір көлден екінші көлге жетер қазға теңейтін.
Қазір бұлардың да қолынан билік, тілінен береке кетіп жүнжімеді ме?
Бұлар да бүгінде ұрлыққа-қарлыққа басыпты. Түк алмадым, түк
көрмедім деп, күндіз көздерін жыпылықтатып, қарны қампиып
бұтаққа қалғып, түнде ұрлық жасайтын жапалақтар ғой. Ал ана ағаш
арасында қалған, болыстардың атын ерттеп, арбасын жегіп беріп
жүрген ауылнайлар мен поштабай, шабармандар да өздерінше
жегіштер, олар тышқан аулаған, ауыл арасында тышқаншылаған кез
құйрық, күйкентайлар!
Азнабайлар мен Жанботалар "оларды да құр қалдырмадың əйтеуір"
десіп, ішек-сілелері қата күліп, əлгі құстардың атын зорға аударып,
жасқаншақтай тұрып, көзін ала беріп Коноваловты иектерімен нұсқап
ымдайды.
Маңындағыларға сездірмей сараң күлген Лосевский де олардың
меңзегенін байқап қалып, қызып алған ақынды қыздыра түсті:


– Жарайды, əйтеуір айтқан соң, бəрін айт, мына уездной начальник,
статский советник Коновалов кім? – деп еді, атының басын бұрып,
кете беруге генералдан қаймыққан ояз, жымиып күлген болды. Күлкі
емес, жай əшейін күлкінің ырымы. Сойған қарсақтай ерні ыржиғанда,
мұрты тікірейеді, түлкі бетінің ұшы күлгенде, азу тістері ұртында
айқасып, жағы бүлкілдейді. Тістеніп тұр.
Ақан енді қалған мықтыларын бір-ақ қосайын дегендей
генералдың өзін де іле кетті:
– А-а, сіздер ірі құссыздар ғой. Ел үстінен биіктен қарайтын
бүркітсіздер. Жемнің үлкеніне, семізіне тандап түсетін "қырансыздар".
Его блогородие ояздың кейбір мінезі күнде жемін шашып жейтін
былапыт құладынға да ұқсайды. Құрт-құмырсқамен қоса, кейде ұсақ
құстарды да жүндеп жеп қоятын мешкей тағанаққа да ұқсайды.
Лосевский:
– Қалай, қалай? – деп, сырт жағынан келіп бағанадан бері Ақанның
бөгеліп барып, қазақшалап кетер тұстарын орысшалап тұрған тілмаш
Карагановқа бұрылды.
Караганов та тағанақ пен құладының атын таба алмай қиналып:
– Ваше высокопревосходитьство, куладун... – род хищней птицы,
вроде кречет, или орел-стервятник, – дей салды.
– Ал енді, аяулы Ақ патшамыз, көзіміз көрмеген ертегіде естіген
Самұрық құс! – дегенде, бəрі күлкісін тиып тына қалды. – Оның екі
басы болады. Отырғанда дүниенің төртбұрышын тінте сүзіп, ұшқанда
екі басын екі жағына қайырып ұшады. Суылдай ұшқанда, жарты
əлемге жетер қанатынан теңіз, өзен, көл атаулыға қар аралас қан
жауады. Таңдаған жемін, жерік жемін айшылық жерден алып,
ешкімнің көзіне көрінбей, қия-қия жартастардың, адам аяғы
баспайтын мəңгі мұз, құзарлы шатқалдардың ішін қанды көз
балапандарымен қанаттарын желпіп, ойнақ салып жүріп қан сасытты.
Оның тамақтанғаны – ойын, ойыны – нөсер!


Бүкіл құстың, аң атаулының көз жасынан жиналған нөсер!
Желді-желкемді далада бір арада көп аялдап тоңғандікі ме, ақын
сөзінің салқын лебі ме, Лосевский іші қалтырап, тұлабойы тоңазып,
дірілдеп кетті.
– Қайттық енді, болмас, қаршығаның қызығын көре алмадық, –
деп,Ақан сөзінің соңын аяқсыз, ескерусіз қалдырып, қаракөгін
ойнақтатқан генерал алға түсе берді.
Кейде шоқытып, кейде атын аяңдатқан Лосевскийдің ыңғайымен
алдына бір елі түспей, соңынан ерген көп ұлық енді үнсіз. Бəрі де қан
жұтқандай, терең ойда. Генерал да ойда: "Егер киргиз-кайсак орыс
оқуын оқып, орыс білгенін білсе, араларынан шыққан мынадай
ақындары бар елден өз сойқандары, өз декабристері, өз
халықшылдары шықпасына кім кепіл! Жо-оқ бұларды орысша
басқарып, киргизше сөйлетіп қою керек. Тіл үйренді дегенше-ақ
беттен алып тұра келетін не деген ауа жайылған ел... Өз алдына
державасы жоқ, мемлекеттік аппараты жоқ ел бағынудың, бойсұнудың
да не екенін дұрыс түсіне алмайды екен-ау!.. Мейлі, ін түбінде жатып
қыңсылаған дала андарында не қуат бар, адамға түсініксіз тілмен
қыңсылайды да қояды".
Лосевскийдің жабырқаңқы көңілін қалай көтермекті ойлап, құс
салдыра алмағанына, қызық көрсете алмағанына қынжылған Нұртаза:
—Əй, мырзалар, мына қаршығаны қақпа салып, жандаралдың
күймесіне тастайық. Омбыға жеткенше, əйтеуір бір құс көрінер
аспанда, салсын, қызығын көрсін, – деп маңындағыларға ат үстінен
айғайлап еді, Азнабай:
– Қой, өліп қалмай ма... бабы болмаған соң... – деп қабақ шытты.
– Əй, Нұртаза, əкел Көкжендетті, ойыншық еткің келген екен. –
Ақан Нұртазаға қатарласа қолын созып еді, анау қаршығаны екінші
қолына ауыстырып, атын тебініп, Коноваловтың қатарына жетті:


– Немене мəртебелі жандаралдан жаман құсыңды аяйын деген
екенсің. Өзіңе ақша керек пе, ақша. Қаншаға сатасың? Төлеймін
ақшасын. Жандаралдың бір көрген қызығы неге тұрады.
Нұртазаның сөзін басқалары да қолдап кетті.
– Е-е, бұл базар емес қой, құс сататын...
– Алсын-алсын жандарал...
– Жолда қызығын көрсін, – деп соңындағылар да алда үнсіз
жортқан генералға естірте, əулекілене айғайлады. Жамбасында сарала
қылышы салаңдаған урядник Тютин серіге жанаса келіп, көзін
ақшандата қарады. "Бермесең, зорлықпен аламыз, немді қыласың?!"
деген сес бар жүзінде. Ұлықтардың мына қиянатына қорланған
Ақанның көз алдына, қанаты далбаңдап, қап ішінде аласұрып жатқан
құсы, айдалада аспанға ұшырып, қаңғып, адасып қалған мүсəпір
Көкжендеті түсті. Түнеукүні Қаратайды атып өлтірген жолы, казак-
орыстар Ақанның екі мылтығының бірін жасаулы, жасаусыз, оқ-
дəрілермен қоса алып кеткен еді. Енді Көкжендетінен айырылса...
Ыбанына не деп бармақ? Жоқ, намысшыл Ақан бұл жағын ұлықтарға
айтып, кішірейгісі келмеді. "Алырым-ай иесіз түзде, көл жағасында
күнелткен пенденің де мазасын алып тыныш отырғызбағандары-ау
бұлардың. Қайда барып, қайда сіңіп, бұлардың көз алдынан кетіп
тіршілік етерсің?!"
– Қаз, қаз!
– Əне, қаздар-қаздар! – деп шу еткен жұрт аттарының басын тежеп,
аспанға қарасып тұра қалды. Жабырқаған Ақан көңілін сергітейін
дегендей, ойда жоқ жерде, сонау аспан төрінде бір топ қаз тізіліп ұшып
келеді. Көкжиектегі таңдай-таңдай бұлт арасымен қатқан күннің
алқызыл шапағына малынған қаздардың бауыры жосамен бояғандай
қып-қызыл. Аспанға шалқалай қараған салт аттылардың көзі қаздарда.
Анда-санда қиқулап, əлде бір алыс сапардан шеру тартқан қаздар өткір
желді қақ айырып, бұлардың үстіне де таяп қалды. Тап астынан ажал
оғындай атылар қаршығаны қайдан білсін. Нұртаза қолындағы көптен


құсқа салмай зеріккен Көкжендет те енді дүр сілкініп, қиқулаған қаз
дауысына елеңдеп, басын көтеріп, көзі шегірейіп алақ-жұлақ етеді.
– Жібер, жібер?
– Бол енді, жібер!
Тықыршыған ат үстіндегі адамдар да бір шоғыр қарғаларша
шулайды.
Құстың бабын да, мінезін де білмейтін жат адамдардың қолында
ертең мазақ өліммен өлер Көкжендеттің ендігі азаттығына Ақан да
қуанғандай:
– Жібер, жібер, тəуекел! – деп, қосыла айғайлай беріп, аһ ұрды. –
Балақбау шыжым! Қап əттеген-ай!
Ақанның соңғы сөзін ешкім аңғарған жоқ. Нұртаза бұл кезде
шиқылдап, жүні дүрдиіп, ызалы талпынған қаршығаны толғай беріп,
аспанға атқан. Сонда барып Ақанның да, басқаларының да көзі шалып
қалды: Көкжендеттің қысқа балақ бауы шалқып, шыжым бірге кетті.
Тоқсан толғап, шірене тартқан жебелі садақ оғындай құнжия
атылған Көкжендет сонау көз көрім биіктен алыстағы көлге қарай
төмендей берген қаздардың тап астына зымыраған бойы жетіп-ақ
барды. Қас қағымда тура алдынан қадалар ажал оғын көріп қалған
қаздар қаңқ-қаңқ етіп, қайта көтерілгенше болған жоқ, булығып ұшқан
құстың бірнешеуін қатарымен көз ілестірмей түйіп түсірер əккі
қаршыға орта тұсындағы біреуінің дəл топшасынан ұрып өтті. Қаңқ
еткен бейшара аспанға далбалақтап қайтып көтеріле алмай, төмен
қарай сорғалап келеді. Қызыл ала қаздар аласапыран, далақтап,
жұптары ажырап быт-шыт болды. Нағыз қан майдан. Жалт бұрылып,
найзағайдың оғындай жарқылдап кеп, Көкжендет тағы бірінің
қапысын тауып ұрып өтті. Тағы бірі төмен сорғалап, далбалақтап
келеді. Аспанда шашылған қаздар да жан-жаққа безіп, бет-бетімен
ыдырап, қиқулай жөнелген. Əбден қызып алған қаршыға енді аспанға
қайқаң етіп тік көтерілген қаздың соңынан бұрыла салғанша болмады,
əлсіреген қанаты жазыла беріп, аспан төрінде өз-өзінен қалбаң ойнады.


Қайта түзеліп, егескендей болған жеңіл Көкжендетті қатты жел ыққа
қарай қақпақылдап, алып кетті. Енді түзелмесіне көзі жеткен қаршыға
жел бағытымен ығып, төмен қарай, алыстағы тоғайларға қарай
сорғалай жөнелді.
Қанаттары қайырыла, бөтегесімен дүрс-дүрс құлап, жан-дəрменде
қайта тұрып, далбалақтап жатқан қаздарға қарай ұлықтар екіге бөлініп,
тасырлата шауып барады.
Аттардың тұяғынан дүңкілдеген жердей алып-ұшып дүрсілдеген
жүрегі кеудесіне сыймай Көкбестісін тебінген Ақан Көкжендетінің
соңынан айғайлап, тоғай жаққа қарай құйындай ұшты.
"Шыжымына оралып, итжемеде өлетін болды-ау", – деп,
Көкжендетін аяған Сері: "Бопым, Бопымдап" шақырып, көрінген тоғай
құсының шаңқылдаған даусына елегізіп жүре-жүре, тас қараңғы
орманға қалай бойлай кіргенін де аңғармады.
Жел тынып, маужыраған жылы түнде алыстан алаулай жанған биік
оттар көрінген. Көкше жерінде көшіп жүрген қалың сығандар кеші
екен...
3
Күн əлгінде ғана батып, қызыл шапағы əлі тарқамаған кешкі
бейуақ, ала көлеңке шақ.
Ақан үш тағанға ілген бақыр астына кебу қайың тұтатып, үйрек
етін асып отырған. Ыбан əкесінің иығын жұлмалап, тоғай жақты
нұсқады. Көзінде үрей. Ақан баласы нұсқаған жаққа қарап еді, қалың
ағаш бауырынан жалғыз қарайған көрінеді. Малға да, аттылы адамға
да ұқсамайды. Ақан ұзақ қарап отырып жобалады – жаяу жүргінші
екен. Ілбіп келеді. Ара-тұра бойы кішірейіп, бір түп шоқшадай болып,
шоқшиып отырады. Əлден уақытта қайта тұрып, қайта жылжиды.
Дауыс жетер шақырым жердегі тоғайдан шыққалы қаншама уақыт
өтті. Қыбыр-қыбыр етіп жете алар емес. Далаға ымырт түсіп, қою
қараңғылық бүркеген сайын бұлдырап барып, мүлдем жоғалды. Тастай
қараңғы түн біржола жұтып қойғандай, көзден таса болды.


Ыбан əкесінің иығынан тартып, тағы да ыммен сұрады: "Кім ол?
Қайда кетті? Осында келе ме?"
Ақан иығын қозғап, "кім екенін қайдан білейін, қайыршы шығар",
деп иініне дорба салған адамның кейпін көрсетіп, тіленшілерше
алақанын жайды. "Қазір осында келеді, отты көрді ғой" деп, иегімен
лаулаған отты меңзеп, сұқ саусағымен жерді түрткіледі".
"Апыр-ай, бұл кім болды екен? Аштық зардабынан əлі құтылмаған
бұл қай бейбақ? Жұрт жаз шыға томарлар мен бықыған көл атаулыны
аралап, жұмыртқа алып, құс аулап сəл көтерілмеп пе еді? Қыс
қаһарынан қысылып, əлі айықпаған бұл қай байғұс?" деп отқа қайың
бұтақтарын тастап отырып ойға қалды.
Қара бақыр сақырлап қайнап жатыр. Ақан қолына майлық алып,
ағаш қақпағын көтере бергенде Ыбан əкесін бас салып, үрейленіп,
артына тығылды. Қолынан қақпақты түсіріп ала жаздаған Ақан,
бақырды жартылай жауып, қараңғылыққа үңілгенде, отқа қарап
үңірейген біреуді көрді. Жақындауға қорыққандай, не айдалада тамақ
пісірген екі еркекке таңырқағандай мелшиіп тұр. Көзі үйрене келе
анық байқады, сақал-шашы аққудай, үсті жалба-жұлба мойнында
дорбасы бар, жалаң аяқ қайыршы.
– Бүгім əй, кімсің өзің? – деп Ақан да үрейлене сұрады.
– Қы-қы-қыдыр-мын, – деді бейсауат дауысы қарлыға.
– Қайдағы Қыдыр? Маған баяғыда Қыдыр бір рет қонып, аян
берген соның салаутынан жалғыз қалдым, енді жанымды ала келген
əзірейіл шығарсың? – дегенде үні біткен қайыршы кемсендеп.
– Ақ Ақан, Ақ-а-ан-жан! – деп, ұмтыла бергенде мосы астындағы
қайың шытыр етіп, шоқ ұшып еді, анау "Алла!" деп отыра кетті.
"Ay, мынау мені білетін біреу болды ғой, таныды". Ақан ұшып
тұрып қайыршыны демеп, тұрғызайын деп еді, ол сіңірі тартылған
адамдай аяғы серейіп жатып алды. Өрім-өрім шапанынан тартып отқа
қарай сүйрелеп еді, іріп тұрған киім қолға ілікпей дар-дар айырыла


берді. Қолтығының астынан алып сүйреген Ақан, өлген текедей
дырылдатып əкеп шай қайнатқан жер ошақтың қасына жеткізді де, қос
түбінде жатқан ер-тоқымға Ыбанды жұмсап, басына жастандырды.
Ақан от сəулесінде өңі қуарып, талмаусырап жатқан арық адамның
жүзіне ұзақ қарап отырып, зорға шырамытты. Кезбе Құсайын – атақты
Су Құсайын. Екі бетінің ұшы қызарып, көкшіл көзі ойнақшып отырып
əңгімені судай сапырып, ертегілерге өз жанынан қосып қойып,
мəнерлеп көсілетін жылмақай жанның жүзі адам танығысыз өзгеріпті.
Бітиіп кеткен көздің алды қалталанған ісік. Беті де күлтілдеп тұр.
Аштықтан басы ice бастаған екен. Енді бірер күннен соң ісік тұла
бойына жайылғалы тұр. Ісік май табанға жетіп, адам жүруге
жарамағанда, сарғайып өледі деуші еді.
Сері жалма-жан үйрек сорпасын тостағанға құйып, суытып, ағаш
қасықпен Құсайынның аузына тамызды.
Əуелі езуінен аққан жылы сорпа там-тұмдап көмейіне де кетсе
керек, Су Құсайын кезерген ернін қимылдатып тамсанды. Ақан екі-үш
қасық майсыз жеңіл сорпаны жөрмелете құйғанда, енді бір тамшысын
ағызбайын 
дегендей, 
аш 
байғұс 
торғайдың 
қызылшақа
балапандарынша аузын арандай ашып, өзеурей түсті. Бұдан соң
кеңірдегі тарсылдап жұта берді, жұта берді.
– Болады енді, ішіңді айдап кетер, – деп Ақан қасықты тартып
алғанда:
– Ө.өліп, өліп барам жұ-жұтқыз-шы, алда риза, алда, алда,—деп
көзін ашқан Су Құсайынның денесіне қайтадан жан бітіп, тірілейін
деді. Енді сөзге айналдырмақшы болған Ақан:
– Оу, Су-Құсайынбысың, қайдан жүрсің? – легенде, қолындағы
қасыққа ұмтылған ол, бəрін кейін айтам дегендей, басын изей берді.
– Ай, өле алмай жүріп, суайттығыңды қоймайсың-ау. "Қыдырмын"
дейді. Сүйекпен бірге біткен əдет көрге бірге кетеді-ау, деп Ақан
күлгенде, су Құсайын да езу тартып жымиған болды:


– Ақанжан, с-сені танымай қ-қалды-ым.
– Е, бөтен біреу болса, Қыдырмын деп алдап, қонағасысын жеп
кетпекшісің ғой. Бірақ, сенің бармағыңнан танымай ма, Қыдырдың бас
бармағы буынсыз, сүйек болмайды, деуші еді, қане көрейікші, – деп
күлген сері үйректің бір бұтын қолына ұстата салды, – Мə, мынаны
шамаң келсе же. Бүгінше осы жетеді.
Бабымен піскен семіз үйрек етін аузына салып, тісін батыра жеуге
жағының шамасы келмеген Су Құсайын қомағайлана сорып, анда-
санда мылжыңдап жатып ұйықтап кетті...
Ертеңінде күн арқан бойы көтерілген екен. Ақан орнынан тұрып,
көлге жуынып, шай қойды, ішінде еті бар сорпаны жылытты. Су
Құсайын кешегі жатқан жерден тапжылмапты. Күн қыздырғандікі ме,
аш өзекке түсті ме, маңдайынан шып-шып тер шығып, езуінен сілекей
ағып жатыр. Анда-санда киімінің кезкелген жыртығына қолын сұғып
жіберіп, дыр-дыр қасынады. Сояудай боп өскен тырнақ осқылаған
тамағының асты қып-қызыл, кей тұсын жаралап, сойып кетіпті.
Буы шыға бастаған үйрек етінің исі барды ма мұрнына, Су
Құсайын бір-екі рет мұрнын тартқылап, мазасыздана қышынды да,
ерден басын көтерді. Кешегідей емес, əжептəуір əлденіп қалыпты.
Ширақ тұрып үш аяқ ошаққа жақындады.
– Ақанжан, мен бір сұрапыл түс көрдім, – қолын денесінен
айырмай, тұла бойында өші бардай тыр-тыр қасынғанын жақтырмаған
Ақан қабағын шытынып.
– Өзі сүйегіне ілініп əрең тұрған терің жыртылды ғой, байғұс-ау,
қойсаңшы бір мезгіл, – деп еді, анау:
– Е, Ақанжан, əлгі ақ жорғалар ғой, аштық бір жағынан сорса,
бұлар бір жағынан сорып, қанымды ішіп болды. Ана бақырыңды
ошақтан алып мосыңа іле тұршы, көйлек-көншегімді мына отыңа бір
қарсалап алайын. Сосын шайың бар ма, таңдайым кеберсіп, өліп
барам.


Ақан қолын сілтеді.
– Əрі отыр онда, əрі отыр.
– Осы маңда, Ақанжан, құмырсқаның илеуі бар ма, Ay мынау
Ыбанжан ба, өзі дардай азамат боп қалыпты-ау, тіпə-тіпə, – деп қостан
маужырап шыққан ұйқылы-ояу Ыбанға қарады. – Бұл манды түгел
шарлаған шығар-ау, балалар бəрін біледі, осы маңда құмырсқаның
илеуі бар ма? – деп енді Ыбанға қарап, қолымен төмпешік жасап,
саусақтарын үстімен жорғалатты.
– Оны қайтейін деп едің?
– Оу, Ақанжан, сен білмеген жер астында ғой, əйтсе де
құмырсқаның бір кереметін айтайын, əуелі бір кесе шəй берші қайнап
қалыпты ғой, – деп тағы да қышынып, шаршап-шалдығып келе жатып,
ай далада ұйықтап қалыппын. Үстім жыбыр-жыбыр еткенге, ояна
келсем, қойны-қоншым құжынаған құмырсқа. Жан таласып атып
тұрып, қағындым-сағындым. Не керек биенің бір сауымын безектеп,
əрең тауыстым-ау. Содан, жолға түсіп тағы жүріп кеттім, айтқандай
неге жаяу қалғанымды айтпағанда екем ғой. Ақанжан-ау, Құдай ұрып,
жалғыз атымнан айырылдым ғой. Бұл қу кедейлік...
– Жəрəйді, кейін айтарсың əлгі құмырсқалар не болды?
– Не болсын, бəрі түсіп-түсіп, бет-бетімен зым-зия кетті. Адамды
шақпайтын қара құмырсқа ғой.
– Бары сол ма?
– Жо-жо қызығы бар тұра тұр. Содан, саған өтірік, маған шын,
батыр-ау, бұл не болды, не болды деймін: денем бір түрлі жеңілейіп,
өзіме қанат біткендей көңілденіп, қара жолға табаным бір тиіп, бір
тимей ұшып келем. Құр атқа мінсем, мұндай масайрамаспын.
– Иə, не бопты?


– Ақанжан-ау, əлі түсінбедің бе? Бұрын қолтығымнан
ышқырымнан кетпейтін қолым босап, қышыну дегенді білмеймін
сөйтсем, рас айтам, өзіме-өзім сенбей, кейін ешкім жоқ қой деп,
айдалада киімдерді шешіп те қарадым.Аллаң кімге тисін, қарағым-ау,
киімімде, тіпті қырық жамау, шоқпыт-шоқпыт тігісінде ырымға бір ақ
жорға жоқ.
– Иə, олар қайда кетіпті?
– Əлгі құмырсқалар бір-бірден үлестіріп алып кетіпті.
Ақан жаңа түсініп, қарқылдап тұрып күлді. Көптен күлгені осы
шығар, ішегі түйілгенше күлді. Ыбан ғана түкке түсінбей, жаутаңдай
береді.
– Ақанжан, күлме, күлме бір өтірігі жоқ. Оған көзім жетті ғой.
Кейін тағы бір көбейгенде, əдейі іздеп құмырсқаның илеуін тауып
алып, "ап бəлем" деп əуелі көйлегімді сосын дамбалымды тастай
бердім. Айналайындар, құжынып кеп бас салды. Құдай-ау, мерзімін
біліп алайын деп айналасы екі ауыз өлең айттым ыңылдап.
Ұмытпасам, "Екі жиренді" айттым-ау деймін. Баппен айтылатын
айшықты əн болғанмен, екі ауыздың аты екі ауыз ғой. Өлеңді
аяқтасымен енді бір корейін деп, көйлегімді таяқшамен суырып алып
қағып-қағып жіберіп қарасам, ой шіркін деген, бір жерінде
жорғабайлардың аласы да, құласы да жоқ.
Жоқ деймін-ау, əлгі мөлдіреген жабысқақ сіркеге дейін жоқ – құлан
таза.
– Олар бір кетсе, қайдан шыға береді, ар жағында өзің салақсың
ғой, Құдайдың суы, сақардың сабыны бар емес пе, қартайған сайын не
боп кеткенсің, бір басыңа құнтың жоқ, – деп Ақан енді кейи сөйледі.
Баяғыда бірге жүргенде мұнтаздай едің, сабының да қалтаңнан
түспейтін...
– Ойбой, Ақанжан, қазір сабын түгілі бас қайғы боп кеткен жоқ па.
Бұл жарықтықтар адам арыған сайын шыға беретін көрінеді. Бұлар да
басынады-ау.


– Қой енді, қайдағы сылтауды айтпай?
– Тұра тұр, сенбесең тағы бір қызық айтайын. Биыл аштықта
жұтап, сонау Теке жағының бір ауылы түгел қырылып қалыпты.
– He дейді?
– Е-е, əлі естімеген екенсің ғой. Əңгіме көп əлі. Тамақ ішіп əлденіп
алайын, сосын бəрін айтам. Ана кептірген үйректерің бар көрінеді,
көбірек салмадың ба, басын да тастамай сал, құстың басын жеген адам
қалтақ бас боп кетеді деуші еді. Əшейін, тоқтықта мыжыған былшыл
екен. Иə, не айтып отыр ем...
– Жарайды, жетті енді, – деп Ақан тыжырынып, Ыбанмен
ымдасты: қолымен сандықтың нұсқасын, киіп отырған көйлегін, басқа
киімдерін көрсетіп, қосқа жұмсап жіберді, – Ал, Қыдыр ақсақал, қане
шешін, түгел шешін, тыр жалаңаш.
– Ұқтым түтініңнен, – деп жымыңдады Су Құсайын, – киім
бермексің ғой, мыналарымды онда орап алайын ба?
– Ол шоқпыттарыңды қайтпексің, енді иығыңа кайта ілуге жарар
деймісің, оның үстіне... отқа таста, содан соң көлге барып жуын...
– Қой, Ақанжан, обал да одан да көлдің жағасына тастайын да.
– Немене, көлді ластайын деп пе едің. Таста қане, шеш тез.
Ыбан көнелеу болса да, тап-таза ақ көйлек-дамбал, ескілеу шапан,
балағының оқасы жырымдалып тоза бастаған шалбар алып шыққанда,
Су Құсайын қуана шешініп, өз жыртығын отқа тастарда қимай тұрып
қалды.
– Таста, таста. Ана бұтыңдағыны да таста.
Қабырғасы арса-арса, омыртқалары шодырайып қу сүйегі қалған
Су-Құсайын дамбалын шешпей, Ыбанға жалтақтап қарай берді:
– Ұят болады-ау баладан, көрініп қалады-ау!


– Немене, балада жоқ дедің бе. Шеш, шеш, тез отқа таста.
– Бары бар-ау, бірақ менікі елде-күнде жоқ неме... – деп
қыбыжықтай берген Су Құсайын шынын айтты, – Ақанжан, айта
алмай тұр едім – жарық едім.
Қайдағы жарық, қой сылтауды, көлге бəрібір жібермеймін
сорғалатып... Қашаннан бері жарық болып жүрсің.
Сенбейсің, Ақанжан? Кеше өзің көрмедің бе ошақтағы қайың
шатыр еткенде жарығым туспеді ме... Қазір елдің бəрі біліп алған.
Қайсыбір еріккен байлардың қатындары үйлеріне барсам əңгіме
сұраған боп, қазандық аузына шақырып, көзімді ала бере отқа түз
тастай береді. Аллаң көзге тимесін, түз шытыр-шытыр ете қалғанда...
Үйбай-ай, тіпті есіме алсам жаным шығып кете жаздайды. Үйбай-ай,
не болды, тағы түспесе игі еді... түйіліп қалғаны несі... Ойбо-ой,
Ақанжан, əңгіме көп, бұл мұндардың менен аяғаны бар ма. Тұра тұр,
қалай сорлап қалғанымды айтайын, мұны тірі пенде білмейді, мені
аясаң аузыңнан шығара көрме. Баяғы барымтадан соң əлгі Нұртаза
болыс...
Жарайды-жарайды, оны кейін айтарсың. Əуелі көлге барып жуын,
тазалан, сосын шашынды алып берем, тырнағыңды ал сояудай
қылмай, мына күйіңмен тамаққа отыру обал. Қане, тез, дамбалыңды
таста! – деп Ақан сөзді көбейтіп кеткен Су Құсайынға сəл қатқыл
үнмен əмір ете сөйледі де, "Ыбанжан, əрі қарап тұршы" деп ымдады.
Теріс қарап тұра беруге шыдамаған Ыбан көз қиығы Су Құсайынға
түскенде, сақылдап кеп күлді. Бетпердесі бұзылып, өлгенше күлді.
Саңырау адам өз даусын өзі естімейді. Ыржалаңдап ішегін тарта,
қиқылдап, бақылдап күлген ұлын аяған Ақан "бар, көлге ба, сабын ала
бар" деп ымдады.
– Жарайды, созбалай бермей, бар енді көлге.
Аппақ сақалын самал үрлеп Қоскөлге беттеген тыржалаңаш Су
Құсайынның ту сыртынан қарап қалған Cepi, өз-өзінен мұңайып,
шерлі ойға кетті: "Терісі етіне жабысып, омыртқалары шодырайған


қарт, буын-буыны сыртылдап, зорға жылжыған көтерем текедей. Қатты
жел тұрса, қираң етіп құлағалы барады. Қушиып, əжімденген кəрі
құйрығы да бүрісіп, бір тал етсіз қабырғасы ыржың-ыржың етеді.
Алдында кесе көлденең шыбық жатса сүрініп, омақаса түсетін сияқты.
Қайран, қазағым-ай, қолың кең, ырысың мол, жерің жаннат-ау. Əттең
бір жұт дауылы соғып кетсе, қиралаңдап қалатын Су Құсайын
секілдісің-ау. Өлгенің өліп, қалғаның қалып, аузың аққа тисе,
кешегіңді бүгін ұмытып кетер не деген жайбарақат халықсың. Жатып
ішіп, жалқау жылжуға үйренген, төтеден келер қияметқайым,
қысастық пен қиянат болса, құдайдың жазуы деп, көнбістікке төселген
не деген терісі кең салғырт жұртпыз"...
4
Он шақты күннің ішінде құс етіне аузы жарыған Су Құсайын
кəдімгідей тыңайып, қоңайып қалды. Қоскөлді жағалап, тұзақ құрып,
тұрымтайға құс ілдіріп, Ыбанмен ілесіп жүруге жарады. Ақ жарқын
қарттың қосылғанына Ыбан да мəз. Отыра қалған жерде балаға неше
түрлі ертегілерді судай сапырып айтқан болады. Ыммен сөйлеуге
шорқақ шалдың бұрынғы ертегілерді бұзып айтып, жанынан қосып
мəнерлегеніне Ақан да ішек-сілесі қата күледі. жалғыз көзді диюды
көрсеткенде, бір көзін басып, маңдайын шұқып, тұздай көзін
бақырайта қадағанда Ыбан шынында да қорқынышты дəу алдында
отырғандай үрейленеді. Енді дию мен батырдың алысқан жерін
көрсеткенде, өзін-өзі жұлмалап кеп бір аяғымен екінші аяғынан шалып
жығып, көгалда бір бие сауым домалайды. Біресе дəу үстіне шығады,
Не керек, қара терге түсіп, өз жанын өзі жұлып жеп, əбден зорыққанда
барып, молдасоқына ентігіп ентігіп отырды да, аспандағы күнді
нұсқап, он саусағын көрсетеді. Онысы – "он күн, он түн алысты"
дегені Ыбан мұндайда сұрақ қойғыш-ақ. Алақанын жағына төсеп,
көзін жұмады, аузын ашып, қарнын көрсетеді. Онысы – "сонда олар
ұйықтамай ма, тамақ ішпей ме?" дегені, Тамақсау Су Құсайын ас
туралы сөз қозғала қалса, қосқа қарай жөнеледі.
"Ой-бой, əңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді, ертегімен
отырып, тамақты ұмытып кетіппіз-ау" деп, шөген астына от жаға
бастайды.


Екі жылдай ұлымен ыммен ұғынысып, анда-санда кездескен
адамдармен болмаса, тілмен сөйлесуді ұмыта бастаған Ақан Су
Құсайын келгелі шешіле сөйлеп, бой жасаған адамдардай бір серпіліп
қалып еді, не керек бір күннің ішінде қарт сабындай бұзылды. Түн
баласына кірпік ілмей, ұйқысыз мазаланып шыққан Су Құсайын таң
алдында ғана қор ете қалып, сандырақтап сөйлей бастады. Əлдекіммен
ұрысқандай, өзі айтатын дəумен алысқандай аунақшып, дөңбекшіп,
анда-санда қиқылдап, демі біткендей қырылдап жатты да, бір мезетте
баж етіп оянып, орнынан атып тұрды. Жан жағын сипалақтап, бірдеме
іздегендей біраз əуре болды да, көрпесін қымтана түсіп қос
бұрышындағы кебежеге арқа сүйей отырды. Бозарған таңның сəулесі
түскеннен бе, немесе əлденеден зəресі ұшып қорқып отыр ма, өңі де
боп-боз болып, құты қашып, аятты шұбырта береді. Көзін саңылаулай
ашып, енді, қайтер екен деп ұзақ бақылап жатқан Ақан күн шыға
басын көтерді.
– Ақанжан-ай, жаман түс көріп, жаным қиналғаны. Апырым-ай
тамағым кебісіп барады, шай қайнатып ішпесем, – деп көзі удай ашып,
жағы суалған Су Құсайын орнынан тұрды.
Кептірген жидек жапырағынан қайнатқан ыстық шайды маңдайы
жіпсіп, сораптап отырып:
– Түсімде марқұм əкемді, əжемді көрдім. Жарық тық əкем жерден
алып, жерге салды. Неше жыл ел ақтап, тентіреп жүріп, маған бір
келіп кетсең нем кететін еді. Мұсылманшылықты ұмытқаның ғой деп,
төне түсті де, жалғыз көзді дəу боп кетті. Əжем сақылдап күліп,
тамағымнан ала түсті.Тырнақтары саусылдаған жез тырнақ боп, бүрді-
ай келіп... Аруақтар жебеп жүр ғой, солардың басына барып құран
оқымасам, енді менде маза болмас деп, Су Құсайын көрмеген түсін
көргендей етіп соққанда, оның өтірік айтқандағы жаси қалатын
көзінен, əр қимылынан андап қалатын Ақан тапжылтпады:
– Қашаннан бері дұғашыл, құраншыл болғансың. Əжең түгілі
шешемді де, əкемді де көре алмай кішкентайымнан жетім қалыппын
дейтінің қайда? Көрмеген əжеңді, қалай тани қойдың?


– Апырым-ай, Ақанжан-ай, біреудің өтірігін де жазбай танитын
сиқырың бар ма, немене, – деп Су Құсайын Серіге көзінің астымын
ұрлана қарады. Мына гүрінде Ақаннан да жасқанып, үркіп отырған
адамның сыңайы байқалады. – Ақанжан-ау, сенімен ендігі қалған
жасымда бірге тұра беруге бармын. Аздап сергіп келейін деп ем.
Жүріп қалған табан жыбырлап, аяғым ұйи берді. Жəне де құс етінен
шығайын дедім бе. Ел аралап, құрт-мұрт, ірімшік деген сияқты
бірдемелер алып келуіме де...
– Əй, құсеке, есіңде болсын, бұл арадан кетсең қайтып келме
демеймін. Бірақ, Ақан мен Ыбан үшін ешкімнен қайыр сұрамай-ақ
қой. Барам десең жолың ашық, бірақ бізді мүсіркеме.
Су Құсайын Ақанның зілмен айтқан сөзінен жасқанып қалды.
– Жо-оқ, Ақанжан кеше өлейін деп келгенде, тірілтіп алған сенен
кетіп кімнің босағасына телмірер дейсің. Əшейін... – деп
күлімжігеннен басқа қайырып сөз айта алмады.
Шынында да кеше ел ақтап, жұтқа ұшыраған ауыл-ауылды аралап,
өзі жұтап отырған жұрттан аузы жарып ештеме іше алмай, баспана
көрмей айдалада жалғыз кезіп, беті көнектей ісіп өлім қалына
келгенде, осы Ақан емес пе еді тірі алып қалған. Енді тойғасын жонын
бірақ беріп кетпекші ме. Өзі де жарым көңіл Серіні тастап, көңілі
марқайған адал жанның ренішін қалай арқалай кетпек. Қол үшін
берген адамға алғысы ма ол. Су Құсайын осыны ойлаған еді. Енді, не
болса да Ақанға серік, ешқайда кетпеске бекінген.
Бірақ... Су Құсайында маза жоқ, ұйқы қашты. Бұрын көл жағалап
ұзақ жүргенде бір шаршамайтын жел аяқ, енді аяқ астында кəрілігін
сылтау ғып Қоскөл жаққа баспайды. Бара қалса, əлденеден үрейленіп,
алақтап, мазасы кетеді, күн еңкеймей қосқа қарай безеді.
Бір түннің ішінде өзгерген Су Құсайынның мына қылығын Ақан
алғашқыда сезбеген, кейін ұқты.
Сол түні күні бойы отын əкеп, құс аулап бес-алты үйрек етін
қақтап, Қараторғайды тояттандырып, жаңа жерошақ қазып көп шаруа


тындырып кешкі астан соң ертерек жатып қалған бұлар, көп уақытқа
дейін қос ішінде əңгіме құрды. Су Құсайын биылғы аштыққа
ұшыраған елдің мүшкіл жайын, көрген-білгендерін айтып, ақыры
бүгін, көп жүргендікі ме, жарығы түсе жаздап үрейленгенін сөз етіп,
неден мүгедек болғанын ұзақ əңгімелеген. Ақан үнсіз тыңдап жатыр.
– Содан, – деді, баяғы Нұртаза барымталаған жылқыларды қалай
көріп, ақи поштабайдың қалай алып келгенін түгел бақайшақтап
айтқан Су Құсайын, – "болыстың тамақ бер" дегені "таяқ бер" дегені
екен. Жəнібек Нұртазалар отырған үйден шығысымен қашып кетпесін
дегендей оң қолынан қарыстыра ұстап алды да, ат шаптырым қараңғы
қораның ішімен дедектете жөнелді. Бықырлаған көп ашаның арасымен
имиіп алып тартқанда бір соқтықпайтынын қайтерсің. Қатар келе
жатқан мен қақ ашаға басымды талай соғып, көзім алды жарқ етіп қан
қақсадым. Маңдайым ағашқа соғылғанда-ақ шодырайып ісіп шыға
келді. Сол қолыммен сипап, жан даусым шықса да, ақи поштабай
қарар емес, дырылдата сүйреп, қораның бір қалтарысына əкелді.
Төбеде тесік бар-ау дедім. Даладан ала сəуле түскендей бозамық
тартады. Əлде көзім үйренгендікі ме, жүрегім су ете қалды: екі адам
алдымыздан қараң етіп шыға келгендей болды. "Əу, қайда əкелдің, не
істейін деп тұрсыңдар" деп дауысым дірілдеп, жалбарынғанымша
болған жоқ, əлгілер базардағы қасапшыларша бас салып үстіме міне
түсті де, киім-кешегімді сыпырып алып, тыр жалаңаш қалдырды. "Əу
бұларың не, қарғаларым-ау" деуге ғана тілім келді, қалай жалп етіп
құлағанымды білмеймін, тепкінің астында қалдым. Ыңқ-ыңқ етіп,
басымды қорғаштай бердім. Бір кезде тап шаптың тұсынан біреуінің
аяғы сарт ете қалғанда, есім ауып кетті... Содан қай мезгіл екенін
білмеймін, екі қарым талып, тынысым тарылып барады. Көзімді
ашсам, Құдай-ау мұндай да қиянат болады екен-ау, алдында қайда
тұрғанымды түсіне алмадым. Сөйтсем, əлгі жауыздар тепкінің астына
алғаны аздай, екі білезігімнен қыл арқанмен байлап, тыржалаңаш
қалпымда қораның мəткесіне асып қойыпты. Кəдуілгі, терісін іреп
түсіріп, екі қолдан ілген бауыздалған өлі қой сияқтымын. Əйтеуір бір
жақсысы, басым орнында, тұлабойымда жан жоқ. Тілім түкке келмей
қырылдасам керек, сол-ақ екен, тура жауырын ортам-ау деймін, қамшы
ма, шыбық па, осып-осып жібереді. Бірдеме деп ұрсатын сияқты,


бірдеме сұрайтын сияқты. Оны түсінер ес қайда?! Тағы да талып,
ұйықтап кеткендей болдым.
Су Құсайын көрген тауқыметі қайта есіне түсіп, күрсініп, ұзақ
үнсіз жатты да, қайта жалғады.
– Содан, не керек, бір малайының үйінде жатқанымды бір-ақ
білдім. Тұлабойым көтертпейді. Қай жерім ауырып, қай жерімнің
сырқырағанын да айыра алмадым. Əйтеуір он екі мүшемде сау қалған
жер жоқ-ау деп жорамалдаймын. Нұртазаның бір-екі күңдері кезекпен
келіп, аузыма су тамызып, нəр татырады. Сөз түсінеді-ау деген шаққа
жетсем керек, бір күні солаң етіп ақи Поштабай келді. Қолында бүктеп
ұстаған қамшы, алдымда жүрелей отырып, қамшысын селтеңдетіп
зекіп, ұрсып отыр. Қорқытып отыр. "Əй, суайт, кеше өлтіре салайын
деп едім, аядым. Ал, есінде болсын. Сен Қызылжар жағында ешқандай
ала жылқы да, құла жылқы да көрген жоқсың. Егер бұдан былай тірі
жанға ондай өтірігіңді айтар болсаң, шыбын жаныңмен қоштаса бер.
Түсіндің бе, ай, сілімтік неме!" деп, төніп-төніп қояды. "Түсіндім, енді
аузымнан шықса кəпір өтейін!" деп жалынып, жылап та жібердім-ау
деймін. Əйтеуір ол жолы қамшы жұмсамай кетті-ау. Содан, екі айдай
малай үйінде ешкімге көрінбей, далаға дəретке кіріп шығып қана
жатып, ақыры кеттім-ау. Кетерде тағы ескертті. "Егер осы үйде
көргеніңді тісіңнен шығарар болсаң, мүрдем кетесің" деп нығарлап
жіберді. Ноғала көз шабдарым, екі айдың ішінде ыңыршағы айналып,
əбден арып, зорығыпты. Не істегендерін кім білсін. көп ұзамай серігім
өлді... Тепкінің астына алғанда, көк етім жыртылып, бір тамыры үзіліп
кетсе керек. Ақанжан-ай, аузымнан шығып отырғаны осы, қайтейін
жарық боп қалдым... Өлімге бойсұну оңай емес екен, содан бері
талтаңдап, шатқаяқтап жаяу ел кезіп күнелтіп жүрмін. Қайтейін кімге
шағынайын, кімге əлім келеді. Бар болғаны содан бері, андап
сөйлейтін жасқаншақ, қор адам менмін!
Су Құсайын қараңғыда көзінен аққан жасын жұтып үнсіз жатты.
Ақан да үнсіз.
– Не деген айуандар еді, – дегеннен басқа ештеме айтпады. Іштей
тынып жатыр-ау.


Осылайша екеуі де "дем алайық енді" дегендей сөзді доғарып
ұйқыға ене берген еді, көл жақтан сыңсыған он естілді. Су Құсайын,
алдында, ұйқысыраған аққу үні ме деп еді...
Айдаладағы көл тіршілігі де қызық қой. Кейде түн ортасында
қамыс ішінен неше сырлы үн естіледі. Көл күрсінеді, көл жылайды,
көл сыбырлайды, көл күледі. Күн бата ұйқыға енетін құстар кей
түндері тым-тырыс бұйықса, қайсыбір түндері мазасызданып шығады.
Алдымен ащы шаңқ ететін қызғыш. Оған қосыла терең көлдің орта
тұсынан қаңқылдайтын қаз даусы естіледі де, əлденеге таласқандай
үйірлі қаздар бақ-шақ болады. Содан кейінгі көл ішінің шуы қызық.
Бар-бар еткен қоңыр үйрек, қырқылдаған қасқалдақ, тобымен ұшып
қашан қайта қонғанша шиқ-шиқ етер өгіз шағала, қара бас шағалалар
қосылып, Қоскөлді бастарына көтереді. Тегі, əлденеден үркетін болар-
ау. Бұларға қосылмай өз бетінше əндететіндер көлдің қоғасы мол,
саяздау, қорыстау жағалауларындағы мың-мың көлбақа. Кеш түсісімен
тамақтары бүлкілдеп құрылдап жатқандары. Кейде тап қостың үстінен
бақылдаған ешкі құсап, жерге қарай құлдилаған тауқұдірет қанатының
дыбысы естілсе, түн баласына өзінше жылқы айдап мəз болатын
жылқышы ысқырығы, тұмсығын тақылдатып жарбаңдайтын жапалақ,
қалың кəде арасынан "бытпылдық-бытпылдық, қайда барсам,
бытпылдық" деп, таң атқанша жағы тынбай сайрайтын бөдене, қалың
тоғай жаққа қырқ-қырқ етіп ұшып бара жатқан тарғақ үндері қою
түнді жаз əніне бөлейді. Күндіз ұйықтап, түнде жортатын қосаяқ,
қарсақтар да қос түбіне, жер ошақта сөне бастаған қоламтаға таяп,
шиқ етіп, ішін тартып тұра қашады. Анда-санда тоғай жақтан қосыла
ұлыған қасқырлардың да ішегіңді суырардай созған зары естіледі.
Бұл жолы əн салған адам даусы. Адам даусы болғанда сызылып
шыққан қыз дауысын Су Құсайын жазбай таныды. Батыр-ау қандай
он? Айдалада, көл жағасында жападан-жалғыз жүрген неғылған қыз?
Жалма-жан орнынан тұрып қараңғыда Ақан алас-күлес киініп жатыр.
Су Құсайын демін ішінен алып, қыбыр етпеді. "Қайда барасың?" деп
сұрауға оқтала берген шалдың өз-өзінен үні біткендей, даусы
шықпады.


Ақан қос ішінен аяғының ұшымен басып тысқа шығысымен, Су
Құсайын да буын-буыны сыртылдап, қисалаңдай орнынан тұрды. Сері
көлге жүгіре басып, жарық ай асында бұлдырап кетіп барады. Су
Құсайын жерошақ отынан аулағырақ тұрып тың тыңдады. Əлден
уақытта сыңғырлап күлген қыз күлкісі мен қоңыр дауысты Ақан үні
қосыла естілгенде, Су Құсайынның жүрегі мүздап қоя берді. Зəресі
ұшып буын-буыны ұйып тəлтіректеп, қалай қосқа кіргенін білмеді.
Жүрегі кеудесіне сыймай атша тулап, дүрсілдеп, қалың көрпемен
басын тұмшалап бүркеп алды, көрпеден шыққан аяғын да бауырына
тығып, бүк түсіп жатып қалды.
"Шынымен рас болғаны ма, рас болғаны ма?" деп таң атқанша
ұйықтай алмай, ойлаумен басы қатты.
Былтыр "Ақан сері əкесі Қорамсаның ескі жұртында жын-
шайтандармен қосылып өлең айтып, солармен жын-ойнақ салады
екен" деп жұрт жағасын ұстаса, биыл, атығай, қарауыл ауылдары
"Ақан сері Қоскөлдің жағасында су перісінің қыздарымен түні бойы
сауық құрады екен, адам сыйқы жоқ дейді өзінде, əбден азынып,
перілердің арбауына түсіп кетіпті" деп дүңк-дүңк өсек қылып еді.
Апыр-ау өсек емес, шын болғаны ма? Əлгі сыңсып əн салған,
сылқылдап күлген пері қызы емей, немене? Бəсе, əні де адам үніне
келмейтін су түбінен шыққандай шымырлаған бірдеме еді?
Таң ата келген Ақан үнсіз жатып қалған Ертеңінде көзі қызарып
тұрған серінің шүңірейіп кеткен суық көзіне қарай алмай, көңіліне
келер деп ештеме сұрай алмай Су Құсайынның мазасызданғаны сол
еді. Содан бері ұйқысы қашып, қараңғы қоста көзін жұмса-ақ
айналасында жез тырнақтары салдырлаған қолтығынан қып-қызыл
өкпелері көрінген, құйрық жағы балық тақылеттес, қап-қара төгілген
шаштарының əр талы таспадай ирелеңдеген су жыландар, тұла
бойынан шырыш исі аңқыған өңкей пері қыздары қаптап, көзі іліне
берсе-ақ үстіне қонжиып басып алады да, демін шығармай
қылғындырады. Шалдың аппақ шашын өріп, кейде жабылып кеп
қытықтайды. Мұны да арбап, қосып алмақшы-ау араларына.
Пері қызына Ақанның арбалғанына екі-үш күннен соң Су
Құсайынның көзі əбден жетті. Күндіз шаршағанын, шалдығын


сылтауратып қоста жалғыз қалатын Су Құсайын аздап мызғып алатын,
сонда да күндізгі ұйқы түндегідей болмай, кеш түссе-ақ от басында
отырып мүлги береді. Осылайша қалғып-шүлғып, қашан тамақ
піскенше көржерді əңгімелеп отырған.
Көл ұйқыда. Қамыс басын тебер самал да жоқ. Дүние тым-тырыс.
Алысырақта қаудан арасынан бөдене бытпылдықтайды. Алысырақта
оттаған тұсаулы Көкбесті ара тұра пысқырады. Қып-қызыл ай туды. Ол
да дүниеге жарығын пысқырады. Қып-қызыл ай туды. Ол да дүниеге
жарығын төгіп, көк күмбезге үнсіз жылжып, көтеріліп келеді. Тоғай
тасасында қызыл ай алаулағанда қалың ағаш өртеніп жанып жатқандай
болып еді. Енді көтерілген сайын қайыңдардың ақбалтырларына шейін
көрініп, биік ағаштар жербауырлап төмендей берді. Қамысты көлдің
ашық айдындары да ай сəулесіне шағылып, жалтылдай бастады.
Бұлар алдарына жаңа ғана ас қойып, шөгендегі шəй суылдап
қайнай бастағанда, көлдің тоғай жақ қырқасынан ат дүбірі естілгендей
болып еді, Ақан да, Су Құсайын да елең етті. Артынша-ақ, əнеукүнгі
таныс əн естілді. Шалға естіртпейін дегендей Ақан дабырлай сөйлеп,
əлде не қисынсыз сөздерді айтып, əн аяқталғанда Су Құсайынға қарап:
– Сендер тамақ ішіп жата беріңдер. Көкбесті ұзап кетті білем.
Кейінгі кезде қасқырлардың ұлығаны жақыннан естіліп жүр, жарып
тастап масқара болармын. Сосын, көл жағалап, біраз серуендемесем
жүрегім де біртүрлі өрекпіп тұр, деп орнынан тұрып, ширақ адымдап
кете барды.
Су Құсайында зəре жоқ. Мақау Ыбан ғана ештеме түсінбеді ме,
əкесінен қайда барасың деп сұраған да жоқ. Шөгенді оттан алып,
құманға шай салып жатыр. Су Құсайын біраздан соң жүрегін басып,
үйрек етін жеген болды, сораптап шай ішті. Содан соң сыр тарғайын
дегендей, Ыбанға қарап, ыммен сөйлесті:
– Ақан қайда кетті? Көлде не бар? – дегенді зорға түсіндірді.
Ыбан əуелі жымыңдады да, бір кезде ыржалақтап, даусы шығып
оқыс күлді. Тегі бұл да бұрын көрген-ау! Басын сипап, төгілген шашты
көрсетіп, төсіне қос жұдырығын түйіп, ұзақ күлді, тағы бірдемелерді


ымдап, аузын томпайтып, көзін бақырайтып отырды да, қолын сермеп,
томсырая қалды. Су Құсайын соңғы ымын ұқпаса да, жəй нобайына
түсініп, Ыбанның қорықпай, жайбарақат айтқанына бойы үйреніп,
үрейін басайын деді. "оу, осы мен несіне сонша қорқам, Құдай алатын
жанын өзі алады" деп батылданған Су Құсайын тамақ ішіп болған соң,
Ыбанмен тағы ымдасты. "Жүр, соңынан барайық" деп еді, анау ыммен,
"жоқ əкем ұрсады. Мен айтты демеңіз, ренжиді. Мейлі жүре берсін"
деп, қосқа кіріп, жатып қалды.
Су Құсайын көп ойланды, көп толғанды Ақыры, "қой, сақалды
басыммен неден қорқамын, бер жағынан барып қарайын, мүмкін пері
қызы деп жүргенім, көрші ауылдардағы бір келіншек шығар серіге өзі
іздеп келіп жүрген" деп, жүрегін тоқтатып, түнеугүнгі дорба ілген
қисық таяғын алып, Ақан кеткен жаққа тартты.
Үстіне Ақан берген жеңіл шапанын жамылған Су Құсайын кəрі
буындары сыртылдап ұзақ жүрді. Көл жиегіне жақындауға қорқып,
алыстан орағытқан ол, əлден уақытта Қоскөлдің бешпенттің
қолтығындай иіліп келген тұсына жеткенде дем алып, отырды. Бұл ара
қамыссыз жалтыр. Түнеукүні құс аулап келе жатып, Ақанмен бірге осы
арада суға шомылған. Мөп-мөлдір судың астында бір түйір балшық
жоқ, таңдайланған құм қайрақ. Кісі бойламайтын тереңге сүңгіп,
үйрекше малтыған сері, əріректегі қалың қоғажайға дейін барып, су
бетінде ойнақ салған еді.
Бұл уақытта ай биіктеп, дала сүттей жарықтанған. Су Құсайын
орнынан тұра берем дегенде, қалың қоғажайдан сыңғырлап күлген қыз
даусы, оған қосылған Ақан даусы шықты. Төбесіне мұздай су құйып
жібергендей шошып, Су Құсайын қалай қиралаң етіп, қисая кеткенін
білмеді. Тұла бойы дірілдеп барады. Етпеттей жатқан бойы су бетінен
көзін алмады.
Бір кезде қоға жақтан айдынға қарай дабырласа малтып, бірін-бірі
қуған екі бас қылтыңдап шыға берді. Жиекке қарай жылжып келеді. Су
Құсайынның тырп етерге мұршасы жоқ, зəре-құты қалмай жүрегі
алқымына тығылды. Көрер көз ғана сау сияқты, басқа мүшесінде жан
жоқ.


Көлдегі екеу жағаға жақындады. Құрғаққа шықпады. Екеуі де əу
дескендей қатар сүңгіді де, белуардан келетін тұсқа жеткенде су
астынан қатар шыға келді.
Су Құсайынның маңдайынан суық тер шықты: Алдымен сопаң етіп
су астынан қылт еткен пері қызын анық көрді. Дірілдеген қос анарына
дейін көрінген пері қызының иығын жапқан қалың шашы жартылай
бетін бүркеп, ай сəулесіне шағылысқан, аппақ жоны ақ сазандай
жалтырайды. Тап қасынан шыға келген Ақан да əлде нелерді жарыса
айтып, еркін күліп, бас салды. Екеуі де бір-біріне жыланша оратылып,
аймаласқанда Су Құсайынның көзі бұлдырап, жасаурап кетті. Су
бетінде енді екеу емес, бірнеше пері қыздары қаптап, бəрі қосыла
шулағандай құлағы шыңылдаған қарт, жан жөрменде қалай бұрылып,
қосқа қарай жөнелгенін білмеді. Буын-буыны талып тəлтіректеп, аяғын
басын тік тұра алмады маңдайымен жер сүзе бірде құлап, бірде басын
зорға көтеріп, аллалап, еңбектеп келеді.
Жүрегі жарылғандай қорыққан Су Құсайын тағы да жарығы түсіп,
қанша жер еңбектегенін де білмеді. Əлден уақытта тап төбесінен ат
пысқырып қалғанда барып, басын көтерген. Екі-үш адым жерде айыл-
тұрманы ай сəулесіне жарқылдаған, сүліктей, биік қара арғымақ тұр.
Еңбектеген адамнан үркіп, осқырынып, танауы пыр-пыр етеді. "Ат боп
келіп, алдымнан ойқастаған пері ғой" деп, аят оқуға мұршасы келмеген
Су Құсайын талықсып құлай берді...


Бұл күні Ақанның түсі келмеді. Ұйықтамағандікі ме, пері қызымен
түні бойы ессіз көлде ойнақ салғандікі ме,екі көзі қанталап өңі қуарып,
қос ішінде шалқасынан түсіп ұзақ жатып алды. Көзі ілініп
ұйықтамайды да, тек дөңбекшіп, анда-санда уһілеп, күрсінетін сияқты.
Бір түнде апсоққандай жүдеген серіге Су Құсайын да батып ештеме
айта алмай перілердің арбауына түсіп қор болған асыл азаматты аяп,
іштей қынжылады.
Күн сəскеден ауа Ыбан қос ішінде шай жасаған, Ақан басын
көтеріп дастарқанға жайғасты. Күн желкемдеу еді, сыпың етіп
тобымен тартар тұрымтайды бүгін құсқа салған жоқ. Саятшылықтан
баяғыда қалған Қараторғай анда-санда есіне өзінің бүркіт екендігі
түскендей, қалғып отырып тұмсығын тақылдатады.
– Ал, Ақанжан, – деді шайға қанған Су Құсайын ақын өңіне тура
қарай алмай, – қоңданып алған соң жонын сыртқа берді деп сөкпессің.
Рас, түнеукүні өлуге бет бұрып ем, енді Құдайға шүкір, сендерді
кездестіріп жаман атқа жал бітті... Жал біткен емей немене, енді
бүгінде бұл арадан кетейін деп отырмын. Ақанжан, қимаймын
қайтейін, лұқсат болса... жүрейін...
Ақан бүгін кəдімгідей шөгіп қалғандай құныса түсіп, бір-ақ шыны
аяқ шай ішіп, жағы суалып, үнсіз отырған. Көпке дейін Су Құсайынға
жауап қатпады. Əлден уақытта барып, дүр сілкінген қырандай еңсесін
көтеріп, өткір көзін мейманына тура қадады. Су Құсайын суық көзден
именгендей күйбеңдеп:
– Ақанжан, рахмет саған, не айтайын, енді-енді, – деп, күлімжи
берді.
– Құсеке, – деді Ақан. Дауысында қажыған белгі бар. – Жолың
болсын, лұқсат. Жол түсе қалса, анда-санда бір соғып кетерсің. Ал, не
бұйымтайың бар?
– Жаным-ау, менде не бұйымтай болсын. Ештеме... Мен мұнда
бұйымтай сұрай келіппін бе...


– Құсеке, жасың болса біраз жерге келді. Оның үстіне атыңнан
айырылып қалған екенсің. Сен ана Көкбестіні мініп кет.
– Көкбестіні? – Су Құсайын шошып оянғандай, басын көтеріп
алды.
– Иə, одан басқа қолдан келер жоқ. Жаяу жалпылап қалай күн
кешпексің. Ал Көкбестіні.
– Жаным-ау өзің, өзің жаяу қалмақпысың. Ақанжан, рахмет, алда
риза болсын мендей бейбақты мүсіркегеніңе, алда риза болсын, атама,
атама. Сен жаяу қалып, мен атқа мінгенде кімге тығын болам...
– Менің жаяу қалғанымды қайтейін деп едің. Енді Ыбан екеуміз
Көкбестіге мінгестік не, жаяу жүрдік не.
– Ойпырым-ай, Ақанжан-ай!
– Ал, жүрер болсаң айтқаным сол. Көкбесті сенікі, онсыз лұқсат
жоқ.
Су Құсайын қуанғаннан, əрі серінің айдалада жаяу қалар ертеңгі
күнін ойлағаннан балаша кемсеңдеп жыларманға келді.
– О не дегенің, Ақанжан! Сенің жоқ-жітікті аяйтын жаныңды.
Ашық қол серілігіңді айдай əлем біледі. Бірақ, айналайын. Қазір, бəрін
түсінем, түсінем, – деп көзіне жас алды.
Ақан енді Ыбанға ымдады. Көкбестіні əкеп, ертте деген белгі берді.
– Кеше Қаратайыңды да көз алдында өлтіріп кетті! Қайтейін,
қарағым, саған деген Құдай тағаланың зауалы даяр тұрады! Енді
Көкбестіңді мен əкетпекпін бе!? Ойпырмай, қалай болды, қалай болды,
қалай ғана жаяу қалмақсың? – деп Су Құсайын көзіне жас алып, шын
егілді.
Түнеукүні Ақан Қаратайдың қалай өлгенін айтып, қоңыр үнмен
Қаратайына шығарған мұңды əнін салғанда, Су Құсайынның жүрегі
езілгендей болып еді.


– Ақанжан; "Қаратайды" бір айтып берші. Саған салар қолқам да,
бұйымтайым да сол болсын, ел арасына əніңді ала кетейін, сені көрдім
дегенде, жаңа əніңді алдарына тартайын. Бір рет тым-құрымаса.
Су Құсайын орнынан ширақ тұрып, жүк аяқ үстінде сүйеулі қоңыр
домбыраны алып, Ақанның қолына ұсынды.
Күндіз ыстық, кешке қапырық тар қостың астында бабы болмай,
шанағы қаңсып, шегі кеуіп тоза бастаған құнтсыз домбыраны алдына
өңгерген Ақан қолына оқтау ұстағандай. Əнге зауқы келмей,
ықылассыз отырып қалды. Топ алдында, қыз ойнақ, ойын сауықта
делебесі қозып алған ақын жұрттың көтермелей салған айғайына
арқалы жүйрікше көсіліп, таң атқанша əн салудан жалықпаушы еді-ау.
Айтқан сайын даусы ашылып, қоңыр қаздың үніндей жұмсақ, қою үн
барқыттай жұмсарып, майда самалдай есер-ау. Не бір айшықты,
құбылмалы əнді айтқанда да бір мүдірмей, əннің əр қалтарысы,
бұлтарысында үні бір сынбай жас тобылғыдай майысып, неше
бұратылар еді-ау.
Соңғы екі-үш жылдан бері сері əннен қалып бара ма қалай.
Айдалада жалғыз зарлап, бақсыдай сарнап отыруды лайық көрмей ме,
тым құрымаса əке өнерін тыңдап селт етер, үйреніп алып əке мұрасын
əрі жалғар Ыбанында да естір құлақ, айтар тіл жоқ, домбыраны қолға
алмай тыңдаушысы жоқ қажетсіз тұл əннен безетін сияқты. Ұзақ
жылдар көмейде бітеліп, көкіректе ұйыған əн түнеукүні ғана ашылған
бұлақтай лақ ете қалып еді. Онда да бұрынғыдай сұлу қыз, көркем
жігіт, жастық базарына арналған назды əн емес, жүрек түкпірінен
шымырлап шығып, көзден жылап аққан ащы жастай қайғылы, кей
тұсы булыққан ызамен төгілген кекшіл, əрі зарлы əн еді. Ол əн
ойламаған жерден тез шықты. Ақын көкірегінде тез жатталып та
қалды. Оған себеп болған – соңғы жүйрігі Қаратай еді. От басындағы
бір түнде Су Құсайынға Қаратай жайын күрсіне баяндап, əнді
домбыраға қоспай, отты көсей отырып, ыңылдап айтқан. Су
Құсайынның қолқалап отырғаны сол əн.
Ыбан кісенмен ұзай алмай, жақында оттаған Көкбестіні əкеп,
пəуескенің артқы доңғалағына байлап, ерттеп жатыр. Əке əмірін екі
қайыртпай орындайтын тілалғыш, тəрбиелі бала қайда барасың деп


сұраған да жоқ, арба шатырының астындағы Ақанның сері кезінің
белгісіндей күміс ер-тоқымды ат үстіне салып, биік Көкбестінің
астынан еңкейіп өтіп, айылын да шірене тартып, жуас малдың
мойнын, əкесі құсап, алақанымен анда-санда қағып қояды. Оқпанына
дейін күміс шегелер қағылған, тоқымы қызыл атанымен тасталған
жеңіл ер-тоқым Қаратайдың ер-тоқымы еді. Ол өлгелі Ыбан Көкбестіге
салатын болған. Ақан үнсіз қарап отырып, ыңылдап əн айтты:
"Қаратай қолға түсіп арандадың,
Сұйылып жал-құйрығың тарамданды.
Халқыңды қабырғалап қашсаң-дағы,
Айырып бір мұсылман ала алмады". -
дегенде, ақын көзіне мөлтілдеп жас кеп қалды.
Бұдан əрі көз жасына ие бола алмаймын да деп қорыққандай өннің
келесі қайырымында қомданып аруақтана түсіп, ызамен ашына айтты.
"Бұл күнде қайран ием қайда екен деп,
Жаудырап бота көзің алаңдады"...
Орыс пенен қазақтың алдым несін?!
Тəңір берген əркімнің несібесін"...
Ақан əн айтып отыр, көз алдында Қаратай. Үйреншікті мекеніне
қайта-қайта оралып жүріп биыл шілдеде Ахмет сайының
қырқасындағы казактардың егістігі үстінен өткенде ұсталған Қаратай.
Қамшының астында ауыр жұмыста арыған Қаратай... Қапысын тауып
ауыл-ауылды сағалай қашқанда, соңынан үш казак-орыс кешке дейін
қуып, əбден ұстай алмаған соң, атып өлтірген Қаратай... Маңдайынан
қан, жас сорғалаған қайран Қаратай...
5


Ақан шырылдаған дауыстан көзін ашып алды. Шырылдап жүрген
кəрі бүркіт Қараторғай екен. Қалың ой тұманына қамалған Ақан үнсіз.
Қараторғай қос үстінен тағы да шырылдап етті. Тағы...
Бұл жолы қанатымен қосты жанап өтті. Қайтып жоламады. "Қона
алмай жүр-ау. Қайран Қараторғайдың қазір не қуаты бар. Шүйкедей
боп шүмиген кəрі қыранда күйкентайдың əліндей əл жоқ шығар-ау. құс
та адам сияқты:
Қартайғанда алдымен көз жанары тайып, ытқым толар темірдей
бұлшықтары босап, сіңірлі еттері болжырай берді. Бойдан қуат кеткен
соң жып-жылтыр жүні де сəулеленіп, үрпиіп бояуы қашады екен. Биыл
бұрынғыдай жып-жылмағай түлеген де жоқ. Күзге жейін өлі
жүндерінің өзі түсіп болмады. Өлі жүн түсудің орнына қанаты
тарамданып, құйрық қауырсыны сұйылып, сыптырықтай шөмиіп
қалды".
Домаланған томағасыз бүркіт күн ұзын есік алдындағы
жерошақтың төңірегінде сүйек-саяқты шұқылап, сауысқанша секектеп
жүреді де, кейде жарықтан қорғалағандай, қостың қараңғы
бұрышындағы қол сандықтың артына тығылып жатып алады. Қос
қанатын керіп жібергенде құлаш жетпейтін Қараторғайдың сандық пен
қостың жапсарына қысқа қанаты қайырыла түсіп қыстырылып
жатқанын көргенде, Ақан ескі досын аяп, əрі назаланып, жарыққа
алып шығады.
Бүгін де сырттағы қара пəуескенің ернеуіне қондырып қойған.
Бүркіт тас түлек кезіндегідей зерігіп, қайрақ тұмсығын тақылдатып,
талпынбайды. Бұрын шырқау биікте – көк зеңгерде қалықтап жүріп
жер бетіндегі түймедейді жазбай танитын қыран көзді Қараторғай енді
тап алдындағыны шырамыта алмайтын айран көз қариядай жерге
қайта-қайта үңіліп, мойнын созады да, пəуескеден секіріп түсуге
жақындағандай саусақ араларын бұжырмақ күс басқан əлсіз
тұяқтарымен арба жақтауын барынша сағымдай түсіп, мүлгіп отырып
қалады. Оты сөнген жасық көзі бір ашылып, бір жұмылып қалғып
кетеді де, əлден уақытта құлап бара жатқандай, өз өзінен шошып
оянады. Басын самарқау көтеріп, бір араға қарап, мəңгіріп отырады да
қайта қалғиды.


Өз денесін өзі көтеріп ұша алмай мүсəпір болған құсты қанатын
жазып бір сергісін деп, Ақан бүгін де күндегісінше арба жақтауынан
алып, толғап-толғап тұрып аспанға атқан. Еріксіз талпынып, қанатын
далақтай қағып, ауаны қарманып қалған бүркіт заматта көкке
көтерілді. Аса шырқамаса да, бір қауым аспанға биіктеген Қараторғай
қанатын жазып жіберіп, қара құсша қалықтап айнала берді. Бұл да
күндегі əдеті. Кеш түсе төмендеп, қосқа қайта оралады.
"Қазір қанаты талып қонғысы келіп жүр-ау. Бірақ қонуға қорқып,
жүрегі шайлыққан құс шыр-шыр етіп бір-екі төніп келді де, қайта
көтеріліп кетті-ау, тегі".
Арада сүт пісіріп уақыт өтті. Ақан үнсіз жатыр. Сонау бір жастық
шағында Əлібек берген қыранымен өткізген серілік жылдар алыстағы
сағымдай тағы да көңілі құлазып, жабырқағандай болды. Көңілінде
көптен бері ұмытылған əн ырғағы жүруші еді. Бүркіттің шырылын
естігенде тағы да есіне түсті. Бірақ бас-аяғы жоқ, əшейін бір есірік
болмашы əуресі ғана:
"...Бишара, шырылдайсың жерге қонбай..." – дейді де əн ырғағы
үзіле береді. Бұл жолы да қанатты құстай қалықтаған баяу мұңды əуен
шым-шымдап əншінің көкірегіне ұялай бергендей болып еді, тағы да
басы бірікпей алыстап кетті. Құлағына ызындап келген əн сарыны əлде
біреулерден тыңдаған, бұрын айтылған бөтен адамның еншісіндей
естіледі де, өз жүрегі селт етпейді. Бірақ, əн мүлдем із-түзсіз жоғалып
та кетпейді, түнгі жарғанаттың желпігеніндей анда-санда көкірек
тұсынан бір жалт етіп жанай өтіп, қалжақтағандай əуреге салады.
"...бишара, шырылдайсың жерге қонбай..."
Ақан ыза болды. Мағынасыз, қажетсіз күйікті əннің басынан
шықпай қойғанына, өзінің құтыла алмағанына күйінеді. Жоқ жерде
жапан түзде, не келмей, не қоймай мазасын алған кəрі досына
ызаланады.
Аядай қоста ішіне шоқ түскендей əн күйігінен дөңбекшіп, əуре
болған ақын құлағына бір кезде шаңқ еткен қыран үні келді. Тура
Қараторғайы 
ұшып 
жүрген 
аспан 
тұсынан 
естілді. 
Тура


Қараторғайының бабында жүрген жас шағындағы сұңқар үні. Күзгі
мөлдір аспанды тіліп түскендей ашық, өктем үн. Ақан орнынан қалай
тіліп түскендей ашық, өктем үн. Ақан орнынан қалай атып тұрып,
сыртқа ұмтылғанын білмеді. Көңілінде бір қуаныш, бір қорқыныш.
Қуанышы кəрі досының соңғы рет қыранша көк аспанда жар салғаны
болса, қорқынышы – шын қыран дүниемен қоштасарда, иесімен
бақылдасарда бір шаңқ етер еді де, қайтып көзге түспес еді.
Жоқ, бұл жолғы шаңқылдаған басқа құс болды. Ақан ашық аспанға
шалқая қарап еді, өз Қараторғайының қасына зуылдап келіп,
қанатымен сипап өтіп, қайқая көтерілген бөтен ұшқыр құсты көрді:
"Тірнек қыран-ау, тегі. Ерігіп келген тағы қыран-ау, тегі".
Қараторғайдың жас күніндегісіндей қос қанатын сарт еткізіп, жебелі
оқтай суылдап төмен құлдилайды да, заматта қайқаң етіп қайта
көтеріледі. Мөлдір аспан бетіндегі қара меңдей көз ұшында ұзап
кеткен тірнек соңынан өзінің əлсіздігіне назаланғандай Қараторғай да
бар күшін салып самғай берді...
Күн талмау түс. Күзгі дала желсіз. Қоскөлдің беті тымық.
"Жайылымнан қайтқан құстар Қоғалы көлдің орта тұсындағы
айдындарда 
балдыр 
сүзіп 
жүр-ау, 
дыбыстары 
естілмейді".
Қауырсынданған саяқ балапандарды аңдыған екі-үш кезқұйрық,
құладындар ғана көл бетінде қалықтап əріректе болымсыз айналады.
Көлдің бергі жиегінде Ыбан отыр. Жалаңаш арқасы жалтырап,
изең-изең етеді. "Кір жуып отыр-ау байғұс бала". Ақан аяндап ұлының
ту сыртынан келіп тоқтады. Мақау Ыбан əкесінің келгенін сезбеді. Көл
жиегінде сабағы сола бастаған өлеңнің үстінде кірлер жатыр:
Ақанның, Ыбанның бірер көйлегі, ескі шайы көрпе.
Ыбан кең астаудағы таза судан шедренмен тыстаған қалың көрпені
шығарып отыр. Жүзі жадау, көңілі солғын баланың қимылы да енжар.
Шидей арық қолының қалың көрпені бұрауға əлі жетпейді. Ақан үнсіз
келіп көрпенің бір жақ шетін ұстады. Екеулеп ауыр көрпені бұрай
бастады.
Ақан қостан шыққанда көлдің арғы басын айналған бір топ
жолаушыларды көзі шалған: Екі-үш жадағай трəшпеңке мен күймелі


арба. Маңында он шақты салт атты. Қалың көдемен жортқан
жүргіншілерді жолдан адасқан біреулер ғой деп, мəн бермеген. Енді
олар көлді жағалай келіп, жақын қабақта көліктерін доғарып жатыр.
Күймеден түскен үшеу осылай қарай беттеді. Бірі əйел, бірі еркек.
Қастарында төрт-бес жасар бала. "Апыр-ай, бұлар Ақанды
танымайтын, немесе жын-пері жайлаған жерді білмейтін жат жердің
адамдары болды ғой. Əйтпесе есі ауысқан серінің маңына аттарын
доғарып, қасына жуымақ түгілі, "бастан құлақ садаға", – деп, кесірлі
жердің кесапатынан қашар еді-ау..."
Ақан кейінгі кезде көп нəрсеге өзін жазықты санап жұрт көзінен
тасаланып, жасырынып жүрген айыпты жандай жолаушы атаулымен
кездесуден қорғалайтын Мылқау бала, тілсіз даламен ғана ыммен
сөйлесуге əбден төселген, соған еті де үйренген. "Ассалаумағалейкум!"
– деп жолаушы сəлем бергенде де, көрпені бұраған күйі басын
көтерген жоқ. Көптен естімеген адам даусынан шіміркенгендей болды.
– Лұқсат болса, қостарыңыздан ауыз су алып, түстеніп кетсек деп
ек? – деген əйел даусы шыққанда тұла бойы мүздап қоя берді.
"Таныс дауыс. Апыр-ай кімнің үні. Осы, жақында тіпті кеше ғана,
күнде-күнде естіп жүрген дауыс сияқты. Не деген жақын, таныс дауыс.
Кім, кім болды?"
Ақан басын көтеріп алғанда, қолындағы суы тамшылаған көне
көрпедей өңі қуқыл тартып бозара берді. Жеңіл шапан сыртынан ақ
торғын шəлінің шашағын төгілте тастаған сымбатты келіншек те
қарсы алдынан меңіреу аруақ шыққандай сілейіп тұрып қалды. Екінші
жолаушы да тілі күрмелгендей келіншекке бір, бет-аузын сақал-мұрт
басқан боп-боз Ақанға бір үнсіз қарай береді.
– Ақан аға... сіз... сіз бе едіңіз? – дегенде дірілдеп, тығылып
шыққан үнмен бірге, екі түйір жас та келіншектің көзінен ытып кетті.
Бұл Ақтоқты еді. Бір кезде қауызы жаңа ашылған гүл кезінде
алғашқы махаббатының бесігіндей тербеген серісі, қасына ерткен сал-
серілерімен ел ішінің көркі, бар қазақтың атақты ұлы болған, кейде


асқақ, кейде тəкаппар, тамақты талғaп ішіп, киімді тандап киетін,
үстіне қылшық жұқтырмайтын мұнтаздай кінəз Ақанды, жігіттің
жігіті, ардагер Ақанды айдалада көрпе жуып, жүдеп отырғанында
кездестіремін деп ойлап па? Сақал-мұрты өскен, екі иіні төмен түскен
серіні, анадан жетім, құлақтан, тілден ада бишара Ыбанды көргенде,
Ақтоқтының көңілі босап кетті. Көз жасын көрсетпей, өзіне үрейлене
қараған үш-төрт жасар баласының екі иығынан ұстап:
– Жайлаутай, құлыным, сəлем бер ағаңа. Бұл Ақан ағаң, – деп
серіге қарай демеп жіберді де, өзі Ыбанның келіп маңдайынан сүйді.
Жолаушы да иіліп, Ақанға қол берген. Бұл Жалмұқан еді.
"Неге бұл үшеуі үнсіз қалды? Неге Ақтоқты жылады? Бұлар
туысқан адамдар ма? Əлде Жалмұқан мен Актоқты жапан түзде кір
жуған екі жетімді аяды ма? Əлде бұлар бір-біріне кінəлі адамдар ма?
Неге?.." Ол арасы көп нəрседен марқұм мылқау Ыбан мен адам басына
түсер сан алуан тағдыр дегеннен əлі бихабар сəби Жайлауға ғана
жұмбақ. Бөтен əйел маңдайынан мейірлене сүйгенде, туған əже
мейірін көрсе де, ана құшағын көрмеген Ыбанның тамыр-тамырына
жаңа бір ыстық қан жүгіріп, тұла бойын əлдебір жат əрі жақын жылы
леп шарпып өткендей болды. Тілі шыққалы үлкенге сəлем бергізіп
үйреткен Жайлау бұрын көрмеген жат адамға "Ассалаумағалейкум,
ата" деп қолын беріп, "Өркенің өссін, үлкен азамат бол!" деп сақалды
ата шашынан иіскеп, алдына алғанда, жүзі жылы адамды жатырқамай,
бұрыннан білетін жақынындай мойнынан құшақтады.
Үнсіздікті бұзған Жалмұқан:
– Ал мен жігіттерге барып, қазан көтертейін. Жүр, Жайлаужан, –
деп өзінен айнымаған қызылшырайлы қыз тақылеттес ұлын ертіп,
жолаушыларға беттеді. Сүйкімді бала əкесінің соңынан томпаңдап
барады.
Ақан да үнсіз қалмады:
– Біз де қарайған қос емеспіз бе, Ыбанжан, – деп енді баласына
ымдап еді, ол да əкесіне саусақтарын, ернін қимылдатып, тілін
шығарып, бірдеме деді. Ақан да басын шұлғып, əлденелерді нұсқап,


Ыбанша тез "сөйледі". Онысы "кептірген құс еттерін бақырға тегіс сал,
аз болса, тұрымтайыңмен көл жағалап кел, мүмкін, тұзағыңа да
бірдеме түскен шығар" деген сөздер еді.
Актоқты екі білегін түрініп жіберіп, жез шылапшынды алдына
алған.
– Тағы да киімдеріңіз бар ма, – деп жуылмаған кірлерді таза суға
салып, бұзаушықтай ғана домаланған қара сабынның жұдырықтай
таусыншағымен жуа бастады...
Сонау бір жылдары қашан бір-бірімен кездескенше асығып,
амалын тауып жеке жерде ұшыраса қалса, сағынышпен құшақтасып,
ұзақ тұрып қалатын ғашық жандар қазір үнсіз. Қанша жақын отырса
да, аралары қандай алшақ. Арада неше бір жылдар, неше бір ойлы,
мұңды жылдар өтпеді? Əттең, бір көрісіп, іштегі шерді тағы бір
ақтарар ма еді деп, екеуі де нелер ұйқысыз, мазасыз түндерді
өткізбеді?
Енді, міне, екеуі жеке қалып, оңаша отырғанда ауызға оңтайлы
сөздің түспейтіні қалай? Ғашықтықтың аяғы жасықтыққа соққаны ма?
Əлде жастары жетіп, болары болып, бояуы сіңген, тоқтаған шақтың
нышаны ма бұл? Ендігі ақтарар сырда, шығарар шерде не мəн бер?
Одан не келiп, не кетпек? – əлде, осыны ойлап отыр ма?..
Ат шалдырып қана кетеміз деген жолаушылар кешке қалды. Ақан
серіні көрген Жалмұқан от ала келген көрші-қолаңдай болмайын деп
жолға алып шыққан ту қойды сойдырып, арба артына таңулы
сабалардың бірін қос басына жеткізген.
Көптен адам көрмей зеріккен Ыбан да мына жолаушылардың ат
басын тірегеніне мəз болып, əкесі айтқан соң қара күйменің ішіндегі
тұрымтайын алып, екі-үш жігітпен көл жағалап кеткен. Қоскөлдің
қалың қамысына кіріп дабыл қаққанда, жайбарақат жүзген бір топ
үйрек дүрліге үркіп, аспанға көтерілген. Жіңішке шыжымынан
босатып қоя берген тұрымтай құнжиып алып атылған да, шыбжықай
ұшқыр шүрегейлердің бауырына шалқалай зуылдап кіріп, екі-үшеуін
көз ілестірмей тобығынан түйіп түсірген. Бір бие сауымда бес-алты


үйректі олжалап келген Ыбан мен қасына ерген жігіттер құстарды
ілезде жүндеп, жеке шөгенге тоғытып та жіберген еді.
Жалмұқанның атқосшылары бұрынғы танымал Құлмақтар емес,
кейін ер жеткен қылқандай жастар. Бұлар – Ақан мен Актоқты жайын
еміс-еміс құлақтары шалғаны болмаса, əңгімелеп айта алмайтын,
ақынның өзін көрмеген, естігені болмаса, cepi əнін ауылында шырқап
сала алмайтын кейінгі лек. Олардың көбірек білетіні жапан дүзде
жынданған Ақан, пері қыздарымен көл жиегінде түнде қыдырып,
сауық құратын Ақан.
Қос басында тамақ үстінде Ақанға ұрлана қарап, үнсіз үрейленіп
отырғандары да содан. "Ақанның жыны қай жерінде, басын
айналдырған пері қайда ұялаған? – деп, оның бойынан өрескел ештеме
сезбеген жастар: "Шіркін-ай, бір əнін өз аузынан тыңдар ма еді"деп
қолқа салғысы кеп тықыршыса да, бата алмайды.
Төмен қарап, терең ойда түнеріп отырған Ақанға Жалмұқан да бата
алмай, бір-екі оқталып қойып еді, көп қалауын түсінген Ақтоқты ғана
сорпа сапырып отырып:
– Ақан аға, мына жігіттерді білмейтін боларсыз. Кейінгі өскен,
ауыл жастары. Сізді бұрын көрмеген балалар. Қайсыбірі естігеніне
еріп, даурықпа лақапты ғана теріп жүрген далақпайлар. Бұларға да не
жорық, – деп түптен тартып, елдегі алып-қашпа өсекшілерге тигізе,
серіні арашалай сөйледі де, ақынға қолқа салды: – Жақсы əн, жылы
лебіз естімегелі не заман. Мына балалар да көзімен көріп, құлағымен
естіген соң айта жүрер бір лебізіңді тыңдағымыз келеді.
Ақан басын көтеріп алып, Ақтоқтыға бұрылды. Сөзіне, өңіне
қарағанда, бұрынғы аққудың көгілдіріндей Ақтоқты емес, соңынан
балапандарын ерткен мамыр қаздай толықсыған кексе Ақтоқты.
Кейінгілерге билік, өнеге айтуға жеткен сабырлы ана. Ал үніне
қарағанда, тура қыз күніндегі қалпындай, серісіне қиылып: "Мен үшін,
маған арнап бір əн айтыңызшы", – деп отырған баяғы назды Ақтоқты.
Ұзатылар жолғыдай: "Бір əнін айтса екен, жат жерге жылы қымтап ала
кетер едім, тым құрмаса, сол да дəтке қуат, дертке дауа", – деп отырған
Ақтоқты.


Ақан толқып кетті. Ақтоқты үнімен бірге өзін мазалап жүрген əн
ырғағы қайта құйылды көкірегіне: "Қараторғай... Қараторғай, ұштың
зорға-ай..."
Ақын көңілін түсінгендей бүгін ұзақ қалықтаған қыраны да осы
кезде тура қосқа қарай бұрыла салған еді.
– Мына қарақұсты қара, тура осында келе жатыр.
– Əй, мынаның есі дұрыс па?! – деп жігіттер бүркітке қарағанша
болған жоқ, Қараторғай жер бауырлай келіп, шыр-шыр етті де, қайта
көтеріліп кетті. Тағы да бұрылды. Тағы да бауыры бетегеге тиер-тимес
боп жерді сипап өте берді де, алғашқыдан ащырақ шырылдап, тағы
көтеріліп кетті. Бұл жолы тым биікке шығып, қалықтап жүр.
– Ана қара, ана қара, - деді тағы да бір жігіт,бауыры жылт-жылт
етеді.
– Ой, Алла-ай! – десті бəрі де.
Бұл кезде күн қызара батып бара жатқан. Қараторғайдың көкала
қанатының астына түскен күн шапағы жылт-жылт етеді, қызыл-жасыл
меруерттей құлпырады.
– Ол маржан ғой, маржан!деді Ақан.
– Мар-жа-ан? – десті жігіттер таңырқап.
– Иə, маржан, Қараторғайымның əр қауырсынында бір-бір
маржан,деді Ақан күрсініп. Бүгін құсының ұзақ ұшқанынан өзі де
қорқып еді. Соңғы ұшуың болар деп секем алып, үрейленген.
Жорамалы дұрыс келді. Бір күнде бірнеше рет аңға салып, ұзақ
ұшырғанда бір бусанбайтын Қараторғай ғұмырында бірінші рет қара
терге түскен екен. Топшысының астында маржандай құлпырып күнге
шағылысқан тер тамшылары екенін құсбегі иесі жазбай таныды. Бірақ
ақын көзі тер демеді, маржан деді. Жас қыранмен бəсекеге түсіп, бүгін
барын салған қарт қыранның соңғы терін Ақан маржанға балады.


– Қараторғай деймісіз?! – деп ақынға бұрылған Жалмұқан тағы да
аспанға қарады. – Бұл баяғы Əлібектен алатын қыраныңыз емес пе?
Мен де қызыл көріп айналып жүрген қарақұс па деп ем. Қалай
кішірейіп кеткен?!
– "Ат арыса тулақ, жігіт арыса – аруақ" демеуші ме еді? Ал құс
арыса, жарғақ екен. Қараторғайдың қартайған, тозған шағы ғой, – деді
Ақан. – Жаңа қона алмай шырылдап жүрген жоқ па.
– Қона алмай деймісіз?
– Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады дегенді естімеп пе ең.
Қараторғайдың құйрығында қазір бір тұтам қауырсын жоқ. Құйрығы
жоқ құстың тиянағы жоқ. Құйрықсыз Қараторғай жерге кеп екпінімен
ұрғанда, кеудесімен соғылып, тоңқалаң асып, неше домалап түседі.
Содан зəразап болып қалған. Жерден тиянақ таба алмаған адам да
қонақтай алмаған құс сияқты ғой, – деп Ақан тағы күрсінді.
Актоқты да көзі жаудырап Ақанға бір, Қараторғайға бір қарай
берді.
Күн батып кетті. Осы кезде қалықтап жүрген қыран да қатты бір
шаңқ етті. Бұл жолғы шаңқылдаған Қараторғай екенін таныған Ақан
орнынан айғайлай ұшып тұрды.
– Кетті, кетті! Қайран Қараторғай! Қош, қалқам Қараторғай-ай-ай!
– деп Ақан екі қолын аспанға көтергенде, жолаушылар да үрейленіп,
өре түрегелді. Ымыртта айқайлаған Ақанды олар жыны ұстай бастаған
шығар деп, жамандыққа жорыған еді.
Қараторғай тағы бір шаңқ етті де, алыстаған Көкшені бетке алып,
тұңғиық аспанға сүңги жөнелді.
– Домбыра, домбырамды əкеліңдерші, жүкаяқтың үстінде, – деп
домбырасына жұмсаған Ақанның көңілі бұзыла берді, – Кетті, кетті!
Қараторғай енді жоқ. Қайран кішкентайыңнан қолымда өскен
қыраным! Қай қияға барып соғылар екенсің. Бақыл бол, бақыл, бақыл!


Жақсы ит те өлімтігін көрсетпейді. Сен шын қырансың,
Қараторғайым! Жарайды, бақыл!
Қас қарайып барады. Желсіз мақпал түн Көкше жерін баяу бүркеп
келеді. Қос ішекті баяу шертіп уілдеген сері əлден уақытта барып
мақпал түндей жұмсақ, қоңыр үнмен құстай қалқыған жаңа, жібек əнді
толқыта салды:
"Ба-а-ра-ады, Қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып..."—
деп екі жолды ұзақ, қалқыта созды да, ендігі екі жолды бөгеліп
барып қайта жалғады.
"Бірге өскен кішкентайдан қарағым-ай,
Айрылдым қапияда сенен нағып?!
Қараторғай,
ұштың зорға-ай,
Бишара-ай, шырылдайсың
жерге қонбай!"
Кешқұрым майда самал тербеген Қоскөлдің толқынындай жұмсақ
əрі тұңғиық "Қараторғай" əні қырандай қалықтап, Көкше даласынан
бүкіл қазақ жеріне қанат қағып бара жатқандай. Əр буынын соза
тебірене салғанда қанаты талмайтын жеңіл, сырлы əн тұла бойды
шым-шымдап шымырлатып, қорғасындай балқытады. Тобылғыдай
майысқан əн ырғағында бауыр басқан досынан, ғашық болған
сүйгенінен қапияда айрылған, ұсынған қол, ұмсынған жүрек жетпей,
амалсыз артында қалған тірі пенденің арманы, бүгінде алқыны
басылып, жастық қызығымен қоштасқан мұңы бар. Сол мұң, сол
шердің уһілеген қалтарысында қолынан ұшып кеткен арманының
азаттығына, еркіндігіне деген тілек, достық ниет те бар. Түн қата жол
шеккен жолаушылар сазды əннің əр нақышынан, Ақан үнінен осыны


сезді. Күйме ішінде көкірегін кере аһ ұрып, ана жылғы ұзатылған
сапардағысындай іштей үнсіз егілген Ақтоқты көл басында, тым-
тырыс мүлгіген мылқау далада мылқау баласымен жападан-жалғыз
торығып қалған серіні серпілтер ештеме айта алмады. Іштей тебіреніп
барады: "Ел еркесінің, ел сұлуының əрқайсысын əнге қосып,
ұмытылмас дұғадай тəмəм жұртқа жаттатып, əрқайсысының өлмес
атын қалдырған ақынға бұлар не сый тартты?! Қайғысына қайғы,
мұңына мұң жамағаннан басқа, тым құрмаса, бір сəт қуанта алар,
жұбата алар дəрмендері де жоқ екен-ау. Дос-жараны, сүйгені мен
сүйінгені сиреген сайын, сері əні де сұйылып, суалмаса нетті. Əне,
ақын жанына медеу тұтқан, жастықтың, серіліктің бір белгісі –
Қараторғай да Ақанынан біржола кетті. Əн туғызар серіде енді не
қалды? Қайран Ақан аға! Асыл аға! Оқшау жаратылған, дара біткен
дарынды аға! Енді көрем бе, көрмеймін бе? Кергенде менен не дəрмен?
Бар қолымнан келері – "Қараторғайыңды" ертең-ақ елге таратармын.
Жақсы əніңді жақсы əншіге ғана еншілікке беруші ең ғой. Ол
достарың да жоқ қасыңда. Мына əніңді енді мен еншілейін. Бір түйірін
бұзбай жеткізейін жұртыңа. Бұзбаймын. Мен айтпаймын, жүрегім"
айтады əніңді. "Жүрек алдамайды, жүрек жаңылмайды" деуші едің
ғой, Ақан аға. Баламның баласына үйретермін əніңді. Ендігі қолдан
келері осы ғана, Ақан аға!" – Ақтоқты жүрегімен əн салып келеді. Əн
салған сайын көзінен жас парлап келеді.
Жалмұқан тобы өз салтанатымен ұзап барады: сері арманы
Ақтоқтымен қоса, ақын жүрегін жарып шыққан "Қараторғайын" да
бірге ала кетті...
Қарт қыран тас түнекте қалай жылдам ұшқанын білмеді. Əлденеге
асыққандай кəрі жүрек алып-ұшып самғап келеді. Қанша жер ұшты?
Білген жоқ. Сап-салқын аспан төрінде жалғыз өзі. Бүгін көкірегі
ашылып, баяғы тас түлек шағындағы қуаты бойына қайта оралғандай.
Қыран көзіне де баяғы қырағылық біткендей. Күлге аунаған
түйелердей өркеш-өркеш сұлаған қара қыраттардың талайынан көктей
өтіп, ай туа Көкшеге жетті. Тап астында қалың қарағайға көмілген тау
жоталары, кемерін баяу соққан терең айдын көлдер жатыр. Найза басы
состиған Оқжетпес көрінді. Сары ауыз балапан күнінде тұмсығын
дамылсыз тақылдатып, осындай шыңның жақпарында талай рет анасы


берер жемді қомағайлана күтіп жататын еді-ау. Беліне арқан байлаған
адам баласы өрмелеп жетіп, осындай қия тастан өзін қапқа салып
əкетпеді ме? Мүмкін, мұның туған мекені де осы Оқжетпес шығар.
Қараторғай енді осы Оқжетпесті айналып ұша берді. Айналған
сайын биіктеп барады. Биіктеген сайын күзгі аспан ысқаяқ тартып,
бойын сергіте түседі. Əлден уақытта сонау төменде тізіліп ұшқан бір
топ тырнаны көзі шалды. Анда-санда көш басындағы ата тырна бір
қиқу салып, соңындағылар қосыла əндетіп, алысқа – жылы мекенге
бастап барады. "Қайран тіршілік, əн екенсің ғой!"
Қараторғай тағы да жалғыз. Қайрақ маңдайы айға шағылысып
жалтыраған Оқжетпес те жалғыз. Басқа шындардан оқшау.
Қыран шаршағанын жаңа ұқты. Шын қартайғанына енді көзі жетті.
Бұдан əрі биіктеуге топшысы талып, басы айналатынын сезді.
Енді бір кезде жүрегі өрекпіген бүркіт шаңқ етіп, ақтық күшін
жиып алды. Қос қанаты шатыр-шұтыр етіп, ауаны дар айырып, темен
қарай тас қияға тура құлдилады. Кəрі көзден жас парлап, маңдайымен
суылдаған желді қақ жарып, салмақты сүйрік тастай сорғалаған қыран
соңғы рет тіршілік əнін салғандай зымырап, тас қияға кеп қалай
соғылғанын да білмеді...
6
Бейуақта Қоскөлді жағалап, қас қарайғанша жүрген Ақан өз-өзінен
құлазып, қара қосқа жақындай бергенде басын көтерген. Денесі
мүздап, шошып кетті. Жер ошақтың алдында қалың сақал басқан, беті
шоқ сəулесіне қызарған еңгезердей біреу от көсеп отыр. Аузында
түтіні будақтаған трубка. Ақан жақындап келе таныды. Салуаның
əкесі, тобыр көсемі қарт сыған.
Жүзі жабырқаңқы қарт амандықтан соң:
– Балаңыз ұйықтап жатыр-ау, тегі, менің келгенімді сезбеді, – деп
жұмсақ сөйлеп, əлденеден сезіктенгендей не көмейіне айтар сөзі


тірелгендей Ақан жүзіне қарай алмай, жер ошаққа қайың сындырып
салды.
– Ол бала ояу болса да естімейді... Түнделетіп жай жүрсіз бе?
Қарт сыған басын көтеріп, Ақанға сынағандай қарады. Жылы қой
көзінің жанарында жылтылдаған жас бар сияқты. Əлде кəріліктікі ме?
– Жай жүруші ме едім. Салуа саған кетсе, менде ұйқы да, маза да
жоқ. Ол шыққанда соңынан бірге шығамын, алыстан бақылап, алыстан
күзетемін. Ол қайтқанда соңынан бірге қайтамын. Содан болар, бізді
бір жаққа бірге кетті деп ешкім сезіктенбеуші еді. Енді кейінгі кезде...
– Шал трубкасын сорып, отқа қарады, – Қызымның саған деген
пиғылын алғашқы кездескен түнде-ақ сезіп ем. Қайтейін, бетінен
қалай қағамын... Ол да кінəлі емес... Сонау бір жылғы қыста,
Сүлейменнің ауылында қыстаған жылы бұрын да қазақшаны жатық
сөйлейтін қызым қазақ əндерін де тамаша айтатын болды... Сенің
өлеңдеріңді түгел біледі. Саған бір көргеннен құлай берілгені де содан
шығар. Құсыңнан айрылып келіп, менің қызымды таптың.
Қарт əлденеге мұңайып, үнсіз отырып қалды. Ақан жер ошақ
үстіне үш таған мосы құрып, шəйнек іліп еді, ол "əуре болма" дегендей
басын шайқады. Ақан ештеме демеді, əңгіме соңын күтті.
– Қызыма ағымнан жарылып, бəрін айтар едім... Жоқ, ол болмайды.
Бізде де өз заңымыз, салтымыз бар. Оны бұзуға... жоқ, болмайды.
Жəне де антым бар...
Шал əлденені айтуға оқталып, Ақаннан қаймыққандай тағы да
біраз үнсіз отырды да, отқа тесіле қараған күйі:
– Ендігі айтпағым... Ақан, сен қызымды мазалама. Бəрібір екеуің
бір-біріңе қосыла алмайсыңдар. Тағдыр солай... Соңғы кезде біздің
адамдар Салуаның түнгі жүрісінен секем алған сияқты. Біле тұра
ескертпей, екеуің де мерт болсаң, обалдарыңа қалар жайым жоқ.
Онымды ата аруағы кешпейді. Енді келсе, осыны айтарсың. Менің
аузым бармайды... Жақында кетеміз... Алысқа кетеміз... Мүлдем...


– Қайдағы ол алыс жер? – деді Ақан басын көтеріп, əлденеге
елегізгендей. – Салуа алыс жолға шығатындарын айтса да, қайда
барарын айтпап еді. Тегі, білмейтін де шығар.
– О-о, ол өте алыс. Бұл арадан тым қашық. Неше жылда жетеріміз
белгісіз... Əйтеуір, жетеміз. – Шал енді əлденеге қуанғандай көзі
күлімдеп, отты көсеп, трубкасын тұтатты, – Англия деген жерді естуің
бар ма? Ол да Ресей сияқты үлкен ел болса керек. Сонда Эплби деген
шаһар бар. Сол шаһарда жылда, сендерше айтқанда, отамалы айының
соңғы сембісінде, керемет жəрмеңке өтеді, кереметі сол, тек қана
шеруші сығандар жəрмеңкесі. Осындағы Қоянды, Атбасар
жəрмеңкелеріндей... Жо-оқ, одан, қайда-а, үлкен болса керек. Бүкіл
жер-жерден, əр елден ағылған сығандар. Оны көрген аталарымыз бұл
дүниеде арманымыз жоқ деуші еді. Бір жұма бойы ашық аспан
астында, жасыл көгал, ақ мəрмəр тастардың үстінде ойын-сауық
құрып, түнеген адамдардың неше түрлі əнге салып, би билеп, бөшке-
бөшке шарап ішіп, айтыс, керіс, əңгіме, кеңес құрып, бір-біріне таңсық
заттарын айырбастап алмастырып, болмаса сатып, саф алтын ағылшын
теңгесі – северендар күн астында жарқылдап, қолдан-қолға көшіп,
ойнақшыған арғымақтарын бəске тігіп өткізген күндеріне не жетсін!
"Солардың ішінде өзін бөтен санар Салуаның есінен туған жері
кетер ме? Есіне Қоскөл түскенде құлазып, екі көзі жаудырайды-ау!" –
Ақан үнсіз күрсінді.
– Біздер еркін ұшқан азат құстар сияқтымыз. Түсінбегендер бізді
қаңғыбастар, кезбелер дейді. Түсінгендер табиғат адамдары, табиғат
пендесі, азат жандар дейді.
– Егер бүкіл адамзат дүние жүзін шарлап сіздерше... босып жүре
берсе, не болар еді?
– А, онда жақсы болар еді. – Сыған шалының көзі жайнап кетті. –
Ахо, сен ойлашы: аспандағы күн де, ай да біреу. Адамзаттың бəріне
ортақ. Ал жер де біреу. Бірақ неге ортақ емес. Ана байлар малы
көбейген сайын, ындыны тарылып, жұмыр жерді құшағы жеткенше
бауырына басып, ала бергісі келеді, ала бергісі келеді. Егер қолы
жетсе, айды да, күнді де қара жердей бөлшектеп, иемденіп алар еді! Ал


біз жер де, ағаш та, су да, тау мен тас та – бəрі-бəрі ортақ болса екен,
адам баласы бар қызығын, игілігін бірдей көрсе дейміз. Сол себепті
бізге шекара, тосқауыл, бөгет керек емес. Жердің о шеті мен бұл
шетіне шеру тартып, кезе бермекпіз. Бізде басы артық дүние-мүлік,
мал да болмайды. Басы артық дүние нəпсіге жеңдіреді, қомағайлыққа,
мешкейлікке жетелейді.
– Онда сол азаматтықтарыңыздың қасында алдау, арбау, айла мен
ұрлықтың қатар жүретіні қалай? – Ақанның да көзі шоқтана қалды.
Жүзіндегі күлкі табы бірден сейіліп, томсырайған қарт, əлдекімнен
өшін алғандай трубкасын саусақтарының арасында мытып-мытып
үнсіз отырды да, шоғы сөнер-сөнбесте күректей алақанының аясына
салып, торс-торс ұрғылап күлін түсірді.
– Қазақтар өз ішінен шыққан алаяқ қуларын, алдауыш
өтірікшілерін сыған дейді. – Қазақ арасында көп жүрген шал мүлт
жібермеді. – Бірақ олардың бір білмейтіні – сыған сығанды алдамайды,
басқаны алдайды. Өйткені сыған оларды алдамаса да, бəрібір олар
бірін бірі алдайды. Сол себепті əлгі күнді, жерді қызғанған
арамзаларды біз де алдаймыз. Бұл – тіршілік амалы. Би мен əн –
жаратылыс сыйлаған біздің қуанышымыз жəне күнкөрісіміз. Егер
бүгін қамшының астына алып үйретпесе, ертең тұрмыс қамшысының
астына өздері түсіп, өле-өлгенше құтыла алмайды. Өйткені айналамыз
толған ай мен күнді бөлісуге құштар əлгіндей ынсапсыз жандар... Бұл
дүниеде бос жер, иесіз көл, азат табиғат барда – сыған да бар. Дүние
жер бөліске түсіп, өзен мен таудың, тоғай мен сайдың иесі шығып,
қожасы табылып, дүние тарылған күні сыған да өледі, азат көш,
табиғат бал ал ары да өшеді...
– Ал азаттықтың қасында тағы да қиянаттың қоңсы қонуы қалай?
– Ол қандай қиянат? Біз адамды алдасақ та, қиянат етпейміз. Ал
біздің алдау, шындап келгенде, қасіретке ұшыратпайтын, баланы, тіпті
өз баланды алдағанмен ғана барабар.
Қарт тұнжырап отырып қалды. От алауында жүзі балбұл жанса да,
қабағы түсіп кеткен көңілсіз шалдың қолына Ақан шай құйған


шыныаяқ ұстатты. Шайды қыл жұтқандай сораптап зорға ішкен қарт
енді, қинала отырып, байсалды, салқын сөзге көшті:
– Сен шын жігітсің ғой, Ахон!
– Солай сияқты!
– Ендеше, сөзінде тұрады деп сенемін. Екеуіміздің арамызда
қалсын. Кейін айтсаң да, қазір айтпа Салуаға!..
– Енді көріспейміз біз Салуа екеуіміз.
– Жарайды онда... – деді де, қарт сыған ұзақ толғап, бұдан жиырма
жыл өткен оқиғаны кеше көргендей етіп айта бастады: Ендік пен
Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың қасіреттеріндей Жетісу жағындағы
бір елде үлкен дау болды. Екі елдің атысып-шабысатын, бүліншілікке
ұшырап, қан төгіске барысатын дауы. Осы дау аяғы кінəлі жақтың көп
малмен қоса жесір орнына кішкентай сəби қызды төлеуімен бітімге
келеді. Сыған шалдың жігіт ағасы кезі. Əлгі сəбиді даулап алған бір
елдің байы бұлармен жылқы,ол-пұл айырбастасып тұрады екен.
Тек сыған жігіттің астындағы сүлік қара арғымаққа қызығып,
қолына түсіре алмай жүреді екен. Ақыры жаңағы титімдей бейбақты
арғымаққа айырбастайды. – Ол жауласқан елдің сағын сындырайын,
сығандарға беріп жібердім деп елге таратып, мазақ отына күйдірейін
деген кекпен билігіндегі қызды маған берді. Мен, шынымды айтайын,
біріншіден, əйелімнен бала көрген жоқ едім, балалы болайын,
екіншіден, даумен, ашумен алған байдың босағасында қашан келін боп
бой жеткенше қорлық көрер сəбиді қасіреттен босатып, азат етейін
дедім... Сəби қыздың тілі жаңа шыққан кез еді. Атына зорға тілі келеді.
Сəлуа дейді атын. Біз Салуа деп кеттік. Бақсам, аты Сəруар болса
керек. Сүйтіп, Салуаны тобыр көсемінің алдында өз дінімізге,
салтымызға түсіріп, енді оның қазақ қызы екенін тісімізден
шығармасқа ант алдық. Содан бері жиырма жыл өтті. Жиырма жыл
бойы қазақ, өзбек жерінде көшіп жүрміз... Салуаның өңі болмаса,
жүріс-тұрысы, он салып, мың бұратылып билеуі, тіпті, бар мінезі
сыған қызынан бір айнымайды. Жас жігіттер қызығады. Олардың көбі


Салуаның біздің көшке қалай келгенінен бейхабар. Ал білетін ата-
аналары оған қосқысы келмейді. Бірақ себебін де айта алмайды.
Шал мұңайып, құнысып отырып қалды. Ақан да үнсіз. Бұл əңгімені
Салуаның өз аузынан алғаш танысқан түні, қыз мұны Қоскөлге дейін
шығарып салған күні естіген. Ол да бір өлмеші кемпірдің аузынан
естіген екен. Өзінің қазақ қызы екенін білгелі құсаға түсіп жүргенін
айтып егіліп еді.
– Сонда, азаттық беремін деп, өзіңізді де, Салуаны да азапқа
салуыңыз қалай?
– ...Иə, бұл азапты қашанғы арқалап жүрер екем?! Салуа болса
биыл жиырма екіде. Қиын, қиын!.. Бірақ... антымды аттай алмаймын,
ешкім де ол құпияны аша алмайды. Ашса – мерт болады... Біздің бар
бірлік, берекеміздің өзі құпия сақтай алатын, айтқан сөзде, алған антта
тұра алатын беріктігімізде... Дұрыс айтасың, біздің азаттығымыз
қаталдықтан жаралған. Жаратылысы солай! Бар табиғат атаулы
солай!!.
Сыған шал бұл арадан кетерде Сері қара пəуеске мен шілиясына
дейін күмістеткен қамыт-сайманды сыйға тартып еді, анау тегіннен
тегін берген мұнша қымбат дүниені алуға тартыншақтап:
– Қойыңыз, Ахан, мен бұл араға сый ала келгем жоқ, мұңдаса
келгемін, – деп жүруге ыңғайланған.
– Қария, бұл сізге емес, Салуаға тартуым, шет жерде жүргенде
туған жерін, даласын əманда есіне түсірер! Егер сіз алмасаңыз, өзім
жеткізіп беремін! – деген соң, атының ерін алып, мойнына қамыт
кигізді шал. Көкбестінің қамыт-сайманы құйып қойғандай шақ екен...
Ақыраптың суығы түскен кезі еді бұл. Кеш болса-ақ қамыс бастары
қырауытып, Қоскөл беттен ызғар еседі. құс атаулыда жаздағыдай маза
жоқ. Түн баласына қаңқылдап, шаңқылдап, барылдап, күркілдеп, неше
түрлі үнмен көлді басына көтеріп шығады. Күзге қарай қауырсындары
қатайып, мамық жүндері жабағыдай ұйысып, мамырлаған семіз құстар
қыстың тақап қалғанын сезіп, сəл майдан арылайын дегендей


қанаттарын қайта-қайта көл үстінде шапақтай қағып, топшыларын жиі
жазып, алыс жолға қам жасайды. Алды кетіп жатыр. Қайсыбірі жылы
жаққа күндіз ұшса, қайсыбірі түнде ұшады. Құстар əні ұя салып,
балапандарын шығарып, өргізген, жетілдірген, өздері де бұрыннан
қарақанаттанып өскен жерлерімен қоштасу əні. Құстар да балдырын
сүзген қоғалы көлдерін, айдынында жүзген кəусар суларын қимай,
түні бойы күрсініп шығады, туған мекенімен қоштасып, жылап
шығады.
Ақан жер ошақтағы шалқыған оттың жел жақ өтінде құстың
қайғылы, мұңды əнін осылайша тыңдап, əр дыбысты, əр сыбдырды
өзінше жорамалдап отырғанда, Қоскөл беттен өз аяулысының үнін
естіп, шошып оянғандай болды. Жылы жаққа ұшар көп құстың
даусының ішінен осы бір үнді – домбырасының жалғыз ішегінің соңғы
үзілер сəттегі үніндей қайғылы, мұңды үнін іздегелі қашан, күткелі
қашан. Енді үзілер-ау, енді бітеді-ау деп, жүрегі бір ысып, бір суып,
қорқынышпен үрейлене күтуші еді...
Иə, Ақанның да өз аяулысымен қоштасар сəті келген шығар.
Қоскөл жақтан əнмен асығыс белгі берген айдалада табысқан
соңғы ақ құсы, түнде шығар "көл перісі" Салуа еді. Көкжендетінен
айрылған жолы алаулаған от төңірегіндегі түнгі азаттық əнін салып,
табиғат жырын жырлаған, көгалда ойнақ салған еркін көкқұтандардай
майыса, жарыса дөңгелеп, шаттық биін билеген сығандар көшінде
кездестірген, көктемнің хош иісті бір шоқ қоңырау гүлдеріндей ырғала
жайқалған, дала қыздарының ішінде жауқазындай желбіреп,
қызғалдақтай үлбіреген Салуа еді. Содан бері ашық аспандай мінезі
жарқын, құшырлана құшқаны, аймалап сүйгені самалдай түнгі
айдында қос мықыны ырғалып, қос анары дірілдеп, жас талдай
бұралған сұлу мүсінді, аппақ тəнінен қымсынбай, қара шашын иығына
сілкіп тастап, су шашып ойнағаны күміс жауын астындағы ақ
қайыңдай, бар жаратылыс, бар бітімі табиғаттың өзіндей Салуаның бір
келгені мың келгенге, бір табысқаны мың табысқанға бергісіз еді-ау.
Енді бақса, бұл да жыл құсындай, жыл маусымындай болғаны-ау!
Міне, күз келді. Жайнаған жаздың соңғы күнімен, жадыраған
жастықтың соңғы белгісімен қоштасар сəт жеткен шығар.


Бұрын көл жиегіне жан ұшыратын Ақанға бұл екі ара қазір
ортасынан омырылып түсер өткелдей көрінді.
Бұрын мақпал түндей үйреншікті қара арғымағын қырқаға бос
жіберетін Салуа атының жалынан сипап, мұңайып тұрған. Анадайдан
Ақанның қарасы көрінгенде, қара бұлттан шыққан толық айдай, қара
бұйра шашының арасынан ақша маңдайы жарқ етіп, ұшып келеді. Келе
серісін құшақтап, тұрып қалды. Серігімен, жерімен қоштасқан
сыбырлауық аққудай аппақ мойнын иіп, үнсіз күрсінеді. Ақан да
мұңмен аймалап, қыз бетін бетіне басып еді, қорғасындай ыстық көз
жасы тиді. Сері Салуаның көзінен сүйіп, қыз қайғысын жұтқандай
ыстық жасты жұта берді...
– Ал Ақан аға, кетейін, қоштасуға... қош айтысуға келдім... Ертең
жүреміз... Ауамыз басқа жаққа. Енді көрісеміз бе, көріспейміз бе, – деп
Салуа даусын қыстыға шығарып, екі иіні селкілдеп жылады. Бұрын
мұңайып, жабығып көрмеген, далада еркін өскен ерке қыздың бұлай
егілуін Ақанның түңғыш көруі. Қалай жұбатарын білмеді. "Бірге
болайық, кетейік, не көрсек те, бірге көрейік", – деп жастық
шағындағы жігіттік əуенмен бұрын бір айтқаны бар-ды. Онда Салуа:
"Жоқ, Ақан аға, əкемдей болған адамның намысына қалай қанжар
саламын. Антымды аттай алмаймын. Осы жүрісім де бір басыма
жетеді. Енді мені де, өзіңізді де жасытпаңыз. Татулықпен
айрылысармыз", – деп, қайтып ол туралы айтқызбаған.
Салуа басын оқыс көтеріп алды. Ұмытып қалмайын дегендей,
Ақанның жүзіне қараңғыда тесіле ұзақ қарап тұрды да, қайта бас
салып құшақтады:
– Ал қош, Ақан аға. Енді кетпесем, бір пəлеге ұшырап қалармыз.
Андағылар секем алып жүр соңғы кезде. Қош, аға. Арманымнан
арылдым. Қайда жүрсем де, туған жерім де, сол жердің серісі де мəңгі
жадымда жүрер. Бұдан басқа қолымнан келмеді... Кеше гөр, Ақан аға,
қош!
Салуа Ақан құшағынан босап, қараңғыға сүңги жөнелді. Бос
жүрген атын шақырған ысқырығы алыстан естілді де, іле дүңкілдеген
ат тұяғы ұзай берді.


Ақан ештеме дей алмай, үнсіз тұрып қалды. Жабырқап,
жалғызсырап тұр. Əп-сəтте айнала-төңірек құлазығандай құр сүлдері
тұр. Айлы түндерде балаша ойнап шомылатын асты құм қайрақ мына
айдын түбі жоқ тұңғиықтай үңірейіп жатыр. Талай сыр шертісіп,
əңгіме-дүкен құрып, қосылып əн салып, аунап-қунаған, масаты дала
шаңы бұрқыраған тақыр жердей. Еріндерден бал жұтқан лəззəтті
шақтарды жұрт көзінен бүркеген көгілдір аспан салқын, суық.
Кішкентайынан сыған шалы бауырына басқан Сəруарды да
қараңғы түн біржола жұтып қойған сияқты.
7
Тас түнек. Дала тым-тырыс.
Қос босағасындағы оюлы сүйек асадалдың үстінде жылтыраған
май шамның өлусіреген əлсіз жарығы маңынан аспайды. Қостың
бұрыш-бұрышы үңірейген қараңғы. Суық қостың бұрышындай
үңірейіп киімшең Ақан отыр. Майы таусылған сығырайманың жылан
тіліндей болмашы қимылдаған қара түтін отына қарап мүлгиді. Анда-
санда шытыр-шытыр еткен шам сөніп барады. Ақан ара-тұра орнынан
тұрып, басы күйе-күйе боп өше бастаған шуда жіптің бауырына
қаздың жұқа тоң майын жылжытады. Жалғыз шырақ шытырлап барып
қайта маздайды.
Ақанның құлағы сыртта. Бағана ұялы қараша қаздар бір-бірімен
сөйлескендей ұзақ қаңқылдасқан. Содан соң жым болды. Тегі, ұзақ
жолдың алдында ұйықтап отыр-ау.
Ақан бір кезде басын көтеріп алды. Қос көрпенің астында жатқан
Ыбан əлсіз қыңсыды. Не жылаған емес, не жалбарынып жалынған
емес, адам түсініксіз бір дыбыспен қиналған мылқау бала аязда табаны
тоңып қыңсылаған жетім күшіктей ұзақ ыңырсып жатты да, əлден
уақытта біреумен таласқандай өршелене-өршелене, былдырлап,
мағынасыз бірдемелерді өрекпіп айтып кетті. "Биссмилла, биссмилла!"
деп аузынан əлдекімге сиынған сөздің қалай шыққанын білмей ұлына
ұмтылған Ақан, өз-өзінен аузы жыбырлап, аят оқыды. Əкесінің күбірін
естімесе де, бұған ерегіскендей, назаланғандай болған Ыбан көрпесін


серпіп тастап, шошып оянды. Ақан ұлының қос иінінен басып
жатқызам десе де, ауру бала тырмысып көнбейді, – екі қолымен ауаны
қарманып, көзі алақтап, сандырақтай береді.
– Құлыным, жатшы, жатшы, қазір, қазір, – дегеннен басқа Ақанда
дəрмен жоқ. Денесі оттай күйген мылқау бала сөз ұқсын ба. Ыммен
түсіндірерлік те жер емес. Қараңғы қос ішінде үстіндегі киімін
жұлмалап жанталасқан Ыбанда оны байқар ес те, ақыл да жоқ. Не
істерін білмей сасқан сырқат баланы біресе кеудесіне басып, біресе
көрпемен қымтап, "қазір, қазір" дей береді.
Май шам соңғы рет шытыр-шытыр етіп тұрды да, ұйқыға
маужырап жұмыла бастаған үкінің көзінше кілбиіп барып біржола
сөнді.
Ұзақ сандырақтап қиналған Ыбан əкесінің бауырында отырып,
түннің бір уағында маңдайы жіпсіп, мəңгіріп ұйықтап кетті. Ыстыққа
шыдамай, үсті-басын жұлмалап шешіп, жалаңаштанған ұлын қайтадан
көрпе астына тыққан Ақан енді өзі де шешініп, қатар жатты. Көрдей
қараңғы қос ішінде шошымалы болар деп Ыбанын бауырына қыса
түседі.
Ыбан төсек тартып жатқалы бір жұма. Күздің қара суығында көл
маңында ертелі-кеш жүгіріп құс аулаған бала бір күнде ұшып
жығылды. Табанынан сыз өтіп, өкпесіне суық тиді ме, алғашқыда тық-
тық жөтеліп, екінші күні қалшылдап тоңып, дір-дір етіп көрпе астынан
шықпады. Бірауық бойын үскірік алғандай қалтыраса, бірауық тұла
бойы күйіп-жанып, үстіне жапқан көрпе, киімді лақтырып, аласұрады.
Тегі, безгек болса керек.
Бұл екі арада Құдай Тағаланың күні де күрт өзгерді. Аспан астын
қалың бұлт бүркеп, күннің көзі бір шықпады. Қоскөлдің жиегіндегі
бопанын ұшырған сидам қамыс, өңі қашып, өле бастаған бала құрақ,
кей тұсы қопаға айналған қалың қарақоға, тіпті саяз жердегі
қырматаздың шашындай селдір қияққа дейін қара желмен ысылдап, əр
түбі бір-бір жыланша қайқаңдап айбат шегетін сияқты. Жел күшейген
сайын, көлдің əуені де күшейіп, саз сарынға, сарын сарыуайымға


ауысқандай түн баласына тынбай суылдаған Қоскөл таң атқанша
талмай мың-мың қобызын сарнатып, сыбызғысын ойнап шығады.
Келе-келе күз даласына қыс ызғары да иектеп кірді. Бірде
қарашаның қара дауылы соқса, бірде жел басылып, қыламықтап қар
жауады. Əу дескендей бір түннің ішінде үйрек атаулы зым-зия жоқ
болды. Қиқулап өтер қаз, тырнаның үні де естілмейді. Түнделетіп
ұшар қорқақ оқпақ қана анда-санда қос маңынан бір шыр етіп дыбыс
шығарар еді, енді олар да жылы мекенге кетіп болса керек. Көл беті бір
күннің ішінде жылан жалағандай тазаланды да, күзгі дала үңірейіп,
қаңырап қалды. Бір кезде Қоянды, Атбасар жəрмеңкелеріндей
қайнаған тіршілік мекені Қоскөл қазір базары тарқап, орны ғана
қалған тақыр жұрттай.
Ақан ауру баласын қос ішінде жалғыз тастай алмай, түнеукүні жел
қақтырып кептіріп алған екі-үш үйректің етін бақырға қайнатып,
өзінше сорпа-суан жасап, үнемдеп, күнде ұлына ыстық ұрттататын. Ол
да бітті. Амалы құрыған əке, сырқат ұлын қымтап, "көрпеңді ашпа,
құлыным, шыда" деп ыммен ақыл айтып, ұзақ айтып, ұзақ күнге көл
жағалады. Қанатты құстан кездескен қызғыш пен бір-екі шəукілдек.
Бір жері қатып, бір жері қатпай ақсақ ойылған суды тізесінен кешіп,
Ақан жиілете тұзақ құрған қара қоғаны күн кешкіргенше аралады. Бір
де бір іліккен құс жоқ. Тұзақтар бос жатыр.
Батпақты шұқылап, басы қалтақ-қалтақ етіп алдынан кескестей
берген екі шəукілдек əбден əуреге салды. Бұрын қасына кеп қонса,
елемейтін еді, енді осы екеуінің бірін қолға түсірудің шарасын қалай
ойласа да таппады. Тымақпен ұрып алар жерде шəукілдеп отырады да,
ұзын бишікті сілтей бергенде жып етіп ұшып кетеді. Алысқа
ұзамайды, таңдайланып жарылған көл жиегінің батпағына тағы
қонады. Шидей аяғы тыпың-тыпың етіп адамға қарсы жорғалайды.
Басын қисайтып, тарыдай көзін төңкеріп атақты аңшының мына
қылығына таңырқағандай ұзақ қарайды. Қарайды да, "туһ шайтан!"
дегендей шиық етіп, жеңіл көтеріледі.
Жұдырықтай шəукілдектің осынша мазағына, өзінің дəрменсіздігне
күйінген Ақан қосқа кіріп, қосауызын алып шықты. Мылтық үңгісінде
бір-ақ оқ. Дəрісі, қорғасыны таусылған аңшы, соңғы оғын əлденеге


қажет боп қалар дегендей, жұмсауға қимай, сақтап жүретін. Анда-
санда сүртіп, майлап қоятын баяғы Ұрқиясының күміс беренін
оқтанған Ақан шəукілдекке тағы келді. Бұрын мылтық дегенді
көрмеген шəукілдек сескенген жоқ, таяқ деп ойлады. Үңірейген
мылтық аузы өзіне төнгенде де үріккен жоқ. Басын қисайтып отыра
берді. Ақан ұзақ көздеп, титімдей құсты өлтіруге қимай тұрды да,
сорпасыз жатқан Ыбаны есіне түскенде: "Қанды басың бері тарт, сенде
жазық жоқ, менде азық жоқ", – деп дəу дуадақты не түйеқұсты
атқандай басып салды. Басып салды да, Ақан қатты өкінді. Көптен
мылтық үнін естімеген көлдің беті жаңғырығып, қоғалардың
бауырында мүлгіген некен-саяқ қарақұстар мен кезқұйрық,
құладыңдар қалбаң ойнап аспанға шықты. Əр тұстан "ойбай" деп
көтерілген жесір қызғыштар шаңқ етіп, даланы басына көтерді. Жаңа
ғана басы қалтақтап отырған шəукілдек атамзаманда өлгендей қанаты
қайырылып, батпаққа басы кіріп жатыр. Қасқырға арнап жасалған оқ
қойсын ба, титімдей құстың мылжа-мылжасын шығарыпты.
Ақанның өкінгені бұл да емес.
Жаңа мылтық даусы шыққанда алыстан – көлдің орта тұсынан
шошынған қаздардың қаңқылы естілген. "Қап, əттеген-ай, жалғыз
оқты солардың біріне жұмсасам етті", – деп өкініп еді.
Сол күні түн қатты суытты. Беті қаймақшып кілегейлене бастаған
көлдің едəуір жері түні бойы қатып шықты. Ертеңінде адам көтерер
мұзбен қамыс-қамысты тасанала жүрген Ақан Қоскөлдің орта тұсына
дейін барды. Кісі бойламайтын терең айдын толқынданып жатыр.
Қатпапты. Бетінде бір ұя қараша қаз отыр. Ық жағынан келіп, алыстан
қамыс ішінде аңдыған адамды олар сезген жоқ. Толқынмен жылжып,
мұз жиегіне қарай топтана жақындайды да, қайтадан айдынға қарай
жүзеді.
Мұндай ғажапты Ақанның түңғыш көруі. Бүкіл құс атаулы жылы
жаққа ұшып кеткенде, мына бір ұя қарашаның əлі жүргенін алғаш
түсінбеп еді, кейін мұның тамаша сырына көзі жетіп, қайран қалды.
Қаздар жазғы күнгідей балдыр сүзіп, жүрген жоқ. Ұябасармен бірге
жүзген балапандар ірі ата қазды шыр айналып, мойындарын айқастыра
алмағандай не көріскендей болады. Ата қаз құйрық мойнын иіп,


мұңайғандай үнсіз отырады да, балапандарының арқасына басын
салып, баяу ғана қиқаң етіп, мұңын шаққандай болады.
Құсбегі Ақан жазбай таныды. Ата қаздың бір қанаты қайырылып
қалыпты. Бұл – жаз басында тұйғынмен айқасып, топшысы сынатын
баяғы қараша қаз. Балапандары үшін жан беріп, жан алысқан бейбақ.
Сыңар қанатпен ұша алмай, өз ұясымен жылы мекенге бара алмай,
міне, енді мұзға айналған суық көлде жалғыз қалып бара жатқан
дəрменсіз, мүгедек құс. Айдыны тарылып, жан-жағынан мұз құрсау
қысып, құрсаулаған сайын, өз балапандарынан тірідей айрылып,
түздегі көлде жападан-жалғыз өлетінін сезген құс екеш, құстың да
қайғысы адам қайғысындай.
Көз байлана тасадан шыға берген Ақан қамыс ішіне қайта
жасырынды: оқыстан дауыл соққандай не лашын тигендей бақ-шақ
болған қаздар жаппай қаңқылдап, бəрі ата қазды ортаға алып,
қанаттарын қағып шапақтап, иесіз көлді бастарына көтерісті. Қоста
қалған ауру баласына асығып, тықыршыған Ақан не де болса мына
ғаламаттың соңын күтейін, не болар екен деп, айдыннан көз алмай,
бұға түседі.
Əлден уақытта сол қаңқыл, сол дабырмен дүрліге ұшқан қаздар
аспанға бір-ақ көтерілді. Іркіс-тіркіс бірінің соңынан бірі ұшқан
ұяластарының соңында қалып бара жатқан ата қаз алғашқыда мəңгіріп
отыр еді, биіктей беріп, қатар түзей тізілген қаздарды көргенде, бір
қаңқ етіп, жан ұшыра су бетімен жүгіріп, өз екпінімен аспанға сəл
көтеріле берді де, бір жағына ауып, суға жалп етті. Ұялы қаздар болса,
мұны көріп, ұзай алмай, аталарын қимай, көл бетін шыр айналып жүр.
Жанталасқан ата қаз жалғыз қанатымен су сабалап, айдынның оң
жағына бір, сол жағына бір ұмтылып, кеудесімен омақаса құлайды.
"Ала кетіңдер, қалдырмаңдар, балапандарым", – деп, сыңар қолын
көтеpiп жалбарынған мүгедек жандай қаңқылдаған мүсəпір ата қаздың
халін көргенде, Ақанның да іш-бауыры елжірегендей болды. Бағана
осы қазды колға түсіріп, балама бір сорпа етермін деген ойдан да
безгендей...
Енді тас қараңғы қос ішінде баласын құшақтап жатқан Ақан сол
ата қазды тағы ойлады: "Бəрібір мұз астында қалып өледі, одан да су


қатқанда ұстап алып, Ыбанға нəр етейін. Қаз майынан қараңғыда
жатқан ауру баланың басына шырақ жағайын. Мүмкін, қаз
сорпасының шипасы тиер. Аяғын басып, əлденіп, жүруге жарар".
Ыбан мен Ақан нəр татпағалы екінші күн. "Ұялы қаздар əлі кеткен
жоқ. Ата қазды қимай, айдынға қайта қонған. Бірақ бəрібір кетеді.
Сағат сайын жан-жағынан көк мұз қысып, су отауы тарылып келеді".
Бүгін намаздыгер кезінде Ыбан əжептəуір сергіп, ыстығы басылған
секілді еді. Қалтыратқан безгек зардабынан айыққан сияқтанған. Ақан
бұған іштей қуанып, жол қамына кірісіп еді, ауру бала қайғысына
қайғы жамағандай болды. Əкесіне мұңая қарап жатып, көрпеден қолын
шығарып: "Ағатай, тамақ ішкім келеді, қарным ашты, тамақ, бірдеме
берші", – деп ыммен айтып, өз туған əкесіне жалынып қыңқылдайды.
Ақанның екі беті оттай күйді. Жалғыз ұлының əл үстінде жатып
сұраған тілегін орындай алмай телмірткенін ойлағанда, тірлігінде
көрген бір құсадан мына құсаның запыраны ащы секілді. Жер басып
келген өз ғұмырына, пенде боп көрген тіршілігіне налыды.
Өз баласына тура қарауға жүзі шыдамай, теріс айналған əке
қасіретін сырқат үстінде жатып мылқау Ыбан ұқты. Қайтып дəрменсіз
əкені мазаламады. Қолынан түк келмейтін сорлы əкенің жарасын
тырнап, қайта қажамады. Үнсіз, қимылсыз бүк түсіп жата берді. Безгек
арасындағы толастай аз уақыт ес кірген шағында, бейбақ əкені аяған
кезіндегі мұңын да көрсетпей, іргеге қарап бүркеніп алыпты.
Енді, міне, ұзақ сандырақтап, денесі оттай қызып əлсіреген
баланың ас сұрауға да мұршасы жоқ. Майы таусылған жалғыз
шырақтай оты сықсиып барып, мүлдем өшпесе неғылсын.
Ақан ұлын бауырына қыса түсті. Арық Ыбанның ыстық тəні əке
құшағын күйдіріп барады. Айдалада жалғыз ұлынан, ендігі тірлігінің
белгісі Ыбанынан айырылып қалам ба деп зəресі ұшқан Ақан енді өзі
бір ессіз сандыраққа түскендей, іштей күбірлеп əлдекіммен
сөйлескендей, əлдекімнен кешу сұрағандай, əлдекіммен салғыласып,
салысқандай ара-тұра даусы да шығып жатты: "О, Жасаған, ендігі
көрсетпегенің осы ма еді. Бұл ақыры ма, əлде тағы да бар ма маған
арнаған азабың? Тым құрмаса, мазақтамай, азаптасаң етті. Неден


жаздым? Алдыма əкеп қолақпандай қорлығыңды кесе-көлденең
тастардай не жазыппын? Біреуге қиянат етіп, жамандық еккен күнім
болып па еді? Басқа білмесе де, өзіңе аян еді ғой. Ат жалын тартып
мінгелі қыр соңымнан қалмадың. Бір Бəтиманы азсынғандай, жаңа
көрген аяулы Ұрқиямды – оны əкеттің суық көріңе сүйреп. Артыма
ерген көзімнің қарашығындай алтын Əйбергенімді тағы жұттың, ажал
оғыңмен бір-ақ түйреп. Неден ғана маған дегенде қомағай боп кеттің?!
Сүйгенімді бір əкетесің қолымнан, жүйрігімді бір əкетесің жолымнан.
Серік-достарымды да қағасың оңымнан, солымнан. Ағайынды араз
ғып, аталасты жау, қоңсыласты дұшпан етіп салып қойдың соңымнан.
Неден ғана менің алдымнан өңкей бір ішуге жарамас лай су, өткел
бермес терең, сүрлеу түспес жыңғыл шыға береді?! Таңдайыма əн ғана
емес, зар қосып берген екенсің, көкірегіме күй ғана емес, у да
араластырып берген екенсің. Одан да керең, сақау етіп неге
жаратпадың?! Сұлудың түсін, жақсының атын атамай, қанатты, азатты
тірлікті жырламай жүре беретін ем ғой! Неге ғана дүмбілез, топас,
қатыгез етіп жаратпадың?! Нəзікті үзіп, түзуді сындырып, жұрттың көз
жасынан сусын ішіп, қайғы-қасіретінен шекпен пішіп, шен тағып жүре
беретін!.. Неге ғана кеще, миғұла етпедің?! Ақты қара, қараны ақ деп,
құйрықты жал, адамды мал деп, бүгінім мен ертеңімді, күнім мен
түнімді айырмай күн кешетін; неге ғана жынды, нақұрыс етпедің?!
Жақсы мен жаманды, жұмсақ пен қаттыны сезбей жүре беретін; неге
ғана cepi етіп жараттың, сері етерің бар, құнымды түсіріп, пері етер
сергелдең заманыңды неге алдымнан кесе-көлденең тарттың?! Неге,
неге жараттың?! Хақ Тағала, сенің бар ұсқының, жаратылысың осы
ма? Көрер көз беріп – тіршілігіңді бұлдыратып, көз майын таусар
болсаң, безенген тіл беріп – безбүйрек беттер мен күрмеуі көп
шылбырың мен шынжырыңды қосарлап тосар болсаң алдыма! Несіне
əуре болдың? Пəндеңнің кеудесіне жан, зердесіне ақыл бергенде,
ғұмыр бойы шегер қасірет пен шерді, маңдайынан арылмас сорды,
көкірегіне айықпас зарды шегелеп-ақ берген екенсің. Жо-оқ, сен шебер
екенсің, шебер Құдай. Шебер екенсің!..
Қаңқылдаған қаздар дауысынан Ақан көзін ашып алды. Шедрен
көрпе ұстаған есік тұсынан бозамық сəуле көрінеді. Таң ағара бастаған
екен. Тегі, қар қалың жауып тұрса керек, таңның атысы бөлек...
Ұйқысы шайдай ашылған Сері қаздар даусына құлақ түріп ұзақ жатты.


Қарашалар бұл жолы бірінен бірі даусын асырардай қатты
қаңқылдап, жақтары сембеді. Əлден уақытта барып ұялы қаз қосыла
қаңқылдап, аспанға көтерілді. Ақан бəрін көзбен көргендей анық
аңғарып жатыр. Қиқуды сала қоштасып, көл бетін екі-үш рет айналған
қарашалар бір мезетте қатар түзеп тізіліп, жылы жаққа қарай бір-ақ
тартты... Дауыстары біразға дейін естіліп тұрды да, əлсіреп барып
түпсіз аспанға сіңіп, біржола үзілді. Кешегідей қанатымен көл сабалап
қала берген жалғыз қаздың тынымсыз даусы тұла бойды түршіктіреді:
"Қаз да жылайды, қаз да жалбарынады екен. Қайран тіршілік-ай,
үлпілдеген сары балапандарын қорғаймын деп арашаға түсіп, қанаты
қайрылған ата қазды қауырсынданып, қанаттанып ер жеткен үйірі,
кішкентайынан бауыр басып жұптасқан ұябасары енді тастап кетті.
Жапалақтап қар саулаған құла түздегі суық көлде тағдырға тапсырып,
жалғыз қалдырды. Не істесін? бұл да бір дəрменсіздік, бұл да бір
өзінше тіршілік желісі. Біреу өледі, біреу келеді өмірге.
Бірақ қалай өледі? Өлудің де өлуі бар-ау! Ана жыл құсының өлімі
не деген қорлық өлім. Жан сарайы сау, жемсауы бүтін қарашаны қазір
көзін бақырайтып қойып көк мұз қысып келеді. Асықпайды. Шағатын
жыланша айналасынан қоршап, баяу жылжып жақындай береді.
Бауырымен басқан құс мекені су көлемі бірте-бірте тарылып, алдымен
мамық төсін, құйрық қауырсындарын мұз сірестіріп, қатырады да,
жұмсақ қызыл табанына жетіп, содан қос аяқтан ұстап, тапжылтпастай
етіп тұсайды. Мейірімсіз, дүлей көк мұз осылайша жүрегіне дейін
жетіп, болат тұяқтарымен үнсіз сығымдай береді, сығымдай береді,
қашан тірі қаз бауырлап қатқанша тоқтамайды"...
Ақанның тұла бойы түршігіп, енді қаз емес, айдыны тарылған суат
орнындай ғана суда, көк мұз ортасында өзі отырғандай қалтырады.
"Апыр-ай, мына дүлей тіршілік те көк мұздай тасбауыр екен-ау.
Мейірімі түспесе, сенің көктем əкелген жыл құсындай жаңа
тіршілігіңе, қанатынды жазып, көк жүзінде еркін қалықтап ұшар
азаттық тілегіңе құлақ асып, аямайтын, қапылыста сүрінер болсаң,
омақаса құлағанша қара жерге нұқи беретін қаражүрек қатыгез екен-
ау".


Жапан түзде ақ қар астында шошитын жалғыз қос та қазір қараша
қаз сияқты. Жапалақтап жауған ұлпа қар да асықпайды, бүркей береді,
баса береді. Ақ боранымен орап алып, ақыры бүтіндей сылай салады.
"Жоқ, кету керек. Тез кету керек бұл арадан. Тіршілікке қарсы
шабар адам баласында дəрмен жоқ. Тек оның ыңғайына қисаю керек.
құс екеш, күс та жылы мекендеріне кетті. Туған жерін, өскен елін
тастап кетті. Сонда ауру баламен Ақан қайда бармақ? Кімге сыймақ?
Ағайындарға барып суық босағасынан орын сұрамақ па? Ағайын
дейтін қай ағайын қалды? Бүгін бір жақсылық етсе, ертең құлағыңнан
өле-өлгенше міндетсіп кергір қиқу қалмайды. "Өлейін деп жатқан
өлексені тірілтіп алдым, жынданған еселаңды сауықтырып, қатарға
қостым" дейтін намысқа тиер қаңқу қалмайды соңынан. Сонымен,
біреудің қолына қарап кіріптар боп, қас-қабағына қарап, мүсəпір
халмен өлмешінің күнін көріп, итқорлықпен тіршілік ету ғана қалғаны
ма? Апырай, намыс, намыс қайда?! Əттең, намысқа шабар қазір не
қалды? Қара қоста, айдалада өлейін деп жатқан жанның намыс несін
алған! Бəрінен де Ыбанжанға обал-ау. Тіршілікке бүйтіп келмесе етті.
Дүниеге келтірген əке баласынан ала алмаған өші бардай қор, мазақ
өлімге тіреп, көз алдында аяусыз көмбек пе?! Жоқ, соңғы рет азаматша
серпіліп, сақтау керек баланы. Қаз да балапанын қорғап, қанатынан
қайрылды-ау. Адамның құс құрлы болмағаны ма?".
Жалғыз қараша қаз түні бойы қаңқылдай-қаңқылдай шаршады ма
екен, əлде тіршіліктен енді күдер үзді ме екен, тағдырына
мойынсұнып, төніп қалған өлімді мойындағандай анда-санда бір қиқ
етіп, əлсіз үн қатады. "Сау қанатының астына басын тығып бұйығып,
жыландай жылжып жақындаған өлімді сабырмен күтіп жатыр-ау".
Ыбан тағы да ыңырсыды. Əкесінің төсін аймалап, бір-екі
иіскелегендей болды да, қолтығына мұрнын тығып, бұйыға түсті.
Анда-санда тамсанады. Іштегі қызулы аптап таңдайын кептіріп,
шөлдеп жатыр-ау. Əттең, тіл жоқ сұрарға. Екінші күн аш жатқан бала
енді əкеден ештеме сұрамасқа бекінген де сияқты.
Ақан бауырындағы ұлын мазаламай, ақырын тұрып, бақырашпен
су алмаққа көрпесін кеудесінен жылжыта беріп еді, қолына дым
білінді. Алақанымен ақырын ғана сүртті. Шалқалай жатқанда сақалын


бойлай ағып, Ыбанын қысқан ыстық кеудесіне құйылған өзінің көз
жасы екен...
Таң ата жауған саулама қар түске дейін Көкше даласын ақ ұлпаға
бөктіріп, көміп тастапты. Əлі жапалақтап қар жауып тұр. Желсіз,
тымық далада тырс еткен дыбыс естілмейді. Дала меңіреу. Қоскөлдің
қырқасында шошайған жалғыз қостан шыққан жалғыз адам ізі тізеден
келер омбы қарды оппылап, шығыс жақ беткейдегі тоғайға қарай
шұбатылып барады.
Бұл – үнсіз мүлгіген реңсіз мылқау далада мылқау баласын
арқалап, отыз жыл жолдас болған əн серігі – домбырасын, саятшы,
серілік белгісі – мылтығын жапан түзде жалғыз шошайған қара қоста
қалдырып, адуынды жастық шағымен, орны толмас арманымен, туып-
өскен мекенімен үнсіз қоштасып, алыстағы сағымдай елестеген
бұлдыр тіршілікті бетке алған Ақан...


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет