2. Саяси идеологиялар тарихы пен теориялары
Әрбір адамның іс-қимылы ойдан басталатыны баршаға мәлім. Адамзаттың саяси өмірінің дамуы да саналы адамдардың ой-пікірлеріне, ұсыныстарына, идеяларына негізделеді.Идеялардың негізгі көзі, бастауы ғалымдардың ой-пікірлері мен тұжырымдамалары. Мысалы, кезінде идея ретінде ұсынылып, кейін идеологияға, теорияға айналған Конфуцидің мемлекеттік билік пен халық арасындағы теңгергіштік заңы, Аристотельдің орташылдық, орта таптық концепциясы, Гоббстың антиэтатизм принципі, Монтескьенің билікті бөлу туралы заңы және т.б. Солардың ішінде бүкіл адамзаттың дамуына үлкен өзгерістер әкелгендері либералдық, консервативтік, реформистік, социал-демократиялық идеологиялар.
Либерализм – азаматтарға қатысты мемлекеттік және қоғамдық әртүрлі басымдықтарды жою немесе жұмсартуды мақсат ететін идеология түрі. Бұл идеологияның негізін қалаушы ағылшын философы Джон Локк. Осы ғалымныңұсынысы өз заманының қажеттілігінен туындады. ХҮІІ ғасыр адамзаттыңортағасырлық бұғаудан жаңа ғана шыға бастаған кезі еді. Адамзат тарихындаорта ғасырлар баршаға әйгілі монархияның, шексіз биліктің, тұйық ословиеның, еуропа елдеріндегі шіркеу түнегінің үстемдігінде болды. Әрбір адамның өз табиғи қабілетін іске асыру бостандығы мен мүмкіншілігі болмады.
Осылайша адамдарды мәжбүрлеу тәртібі қоғамдағы тоқыраушылық көріністерін күшейтті. Дж.Локк өзінің либералдық идеясында әрбір адам өз қабілетін іске асырмайынша, елдің дамуына өзінің үлесін қоспайынша қоғам қарқынды дами алмайды, адамдарды мемлекеттік дәстүрлі жіктеуліктен, дін құрсауының ықпалынан босату керек деп түсіндірді. Либералдық идеяны көпшілік жақтап шықты, әсіресе жаңа қалыптасып келе жатқан буржуазиялық таптың тез қабылдауының арқасында кейін идеологияға айналды. Экономика саласында нарықтық қарым-қатынас қалыптаса бастады, енді біреулері кішкене шеберхана ашса, біреулері жеке меншік жерге ие болды, сөйтіп өндіріс дамыды. 50-100 жылдан кейін осы кішкене шеберханалар ірі зауыттарға, фабрикаларға, ал кішкене бау-бақша жерлері үлкен фермерлік шаруашылыққа айналды, нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы қалыптасып жақсарды.
Қорыта келгенде, либерализм идеологиясы капитализмнің қалыптасып дамуына зор әсер етті.
ХХ ғасырдың басында либерализм идеологиясының одан әрі дамуына байланысты бұдан өзгеше саяси идеология ретінде жаңа либерализм – неолиберализм бөлініп шықты. Неолиберализм – азаматтар мен қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірін мемлекеттік реттеуге бағытталған идеялар жиынтығы. Егер осы екі идеологияны: либерализм мен неолиберализмді салыстырып қарасақ, алғашқыда бір-біріне қарама-қарсы бағыт сияқты көрінеді. Себебі,
либерализм мемлекеттік үстемдікті жұмсарту жолын талап етсе, ал
неолиберализм керісінше — мемлекеттік реттеуді күшейтуді ұсынады. Дегенмен, осы екі идеологияның арасында бітіспес қарама-қарсылық жоқ. Неолиберализм идеологиясының пайда болуы қоғамда қалыптасқан әлеуметтік жағдайлармен байланысты болатын. Либерализм ұстанымы бойынша дамушы нарықтыққатынас ең алдымен бәсекелестікке байланысты. Бәсекелестік экономиканы дамытады, бірақ бәсекелестікте адамдардың бәрі, әрине, жеңіске жетпейді, солсебепті теңсіздік күшейеді, көптеген адам күйзеліске, кедейлікке ұшырайды.
Сондықтан еркін нарықтық тетіктерді реттеу, кедейшілікпен күресу үшін
мемлекеттің араласуы, оның ролінің күшейуі тиіс. Неолиберализм идеологиясыбойынша мемлекеттің аса жауапты міндетінің бірі – нарықтық жағдайдаазаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жасау.
Либерализм идеологиясы бойынша қоғамдағы мемлекеттің басты қызметі “түнгі сақшы” сияқты болатын болса, неолиберализм жағдайында мемлекет “жалпыға бірдей игілік” міндетін атқаруы тиіс.
ХХ ғасырдың екінші жартысында капиталистік елдердегі көптеген саяси партиялар өз бағдарламаларын неолиберализм идеологиясына негіздейтін болды. Мысалы, Жапонияда 1955 жылдан бастап билік басында сол елдің ең ірі– либералдық-демократиялық партиясы қызмет етеді. Либералдар Англияның, Австрияның, Канаданың және тағы басқа елдердің саяси өмірінде өздерінің лайықты орындарын алуда. ХҮІІІ ғасырда дүние жүзінде тағы бір саяси идеология қалыптасты. Ол – консервативтік (консерватизм) идеология.
Консерватизм - қоғамда тарихи қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту идеологиясы.
ХҮІІІ ғасыр Еуропа, Америка және Азияның көптеген елдеріндегі нарықтық экономиканың дамып, капитализм қалыптасып, әлеуметтік
теңсіздіктің күшейген уақыты болды. Ол кезде еңбекшілер мен кедейлердің, жалпы жоқшылыққа ұшыраған адамдардың мүдделерін қорғауға арналған әлеуметтік қорғау жүйесі жетілген жоқ еді. Сол себепті революция ұйымдастырып, буржуазиялық тапты ығыстырып, социализм орнату қажет деген идеялар кеңінен тарала бастады.1789 жылғы Ұлы Француз революциясы бұның іс жүзіндегі дәлелі болатын. Осы саяси құбылыстарға байланысты қалыптасқан консерватизм идеологиясының негізгі мақсаты — қоғам мен мемлекетті, олардың саяси жүйелерін бұрынғы қалпында сақтап қалу болды. Консервативтік идеология – қоғамды әртүрлі кездейсоқ жағдайлардан, ретсіз реформалардан, әсіресе қатыгез, қантөгісті революциялардан сақтап қалу жолдарын ұстанды.
Консервативтік идеяны бірінші ұсынған ағылшын мемлекет қайраткері және ғалымы Эдмунд Берк болатын. Кейін бұл идеяны одан әрі зерттеп,
идеологияға айналдыруға өз үлестерін қосқан француз саясаттанушысы Жозеф де Местр (1754-1821), неміс тарихшысы, заңгері Фридрих фон Савиньи (1779- 1861), австриялық саясатшы және қоғам қайраткері Клеменс Меттерних (1773- 1859) және т.б. болды.
Консервативтік идея Еуропаның батыс, солтүстік және Азияның біраз
елдерінде мемлекеттік қолдау тауып кейін идеологияға айнала бастады. Осы
консерватизм идеологиясының басты мақсаттары: куатты мемлекет құру, саяси жүйенің, биліктің жоғарғы әлеуметтік топтың қолында болуы, тұлғаның қоғам мен мемлекетке бағынуы іс жүзінде жүзеге асып, бұл елдерді әртүрлі
кездейсоқ, ретсіз реформалардан, кенет оқиғалардан, өкіметтік төңкерістерден, шиеленістерден сақтап қалды, бейбіт жағдайда нәтижелі әлеуметтік- экономикалық қарқынды дамуға жол ашты. Консерватизм идеологиясы қоғам өмірінде әдет-ғұрып, дәстүрлер
маңызды рөл атқарады деп түсініп, оларды мызғымастай сақтап қалуды мақсат етті.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап консерватизм идеологиясының негізгі қағидаларына өзгерістер енгізіліп консервативтік ой-пікірдің басты бағыты жаңарған консерватизмге (неконсерватизмге) ауысты.
Неоконсерватизм –қоғамдағы саяси плюрализмді (әртүрлілікті) дамыту және саяси процестерді реттеу үшін мемлекеттің рөлін күшейту мақсатындағы идеология. Консерватизм идеологиясы бойынша бұрынғы және қазіргі құндылықтарды “сақтаудың” орнына “әртүрлілік” принципі ұсынылды. Не себептен консерватизм идеологиясын жаңартуға тура келді? Дәстүрді сақтау, дәстүрмен өмір сүрудің қандай кемшіліктері болуы мүмкін? Жаңа консервативтік бағытты жақтаушылардың жауабы бойынша дәстүр, тарихи қалыптасқан тәжірибе ол зор рухани құндылық. Дәстүрсіз, тарихи зердесіз халық — қоғам, мемлекет болып қалыптасуы мүмкін емес. Бірақ дәстүрдің қандай салада болмасын (рухани, ұлттық, діни, саяси) халыққа, адамға үстемдік етіп тұратын да қасиеті бар, дәстүр бұғау сияқты бостандықты, ерікті шектеп тұрады. Мысалы, адам барлық жағдайда ұлттық дәстүрлерге табынушылық етіп жүретін болса, ол ұлтшылдыққа әкеліп соғуы мүмкін.
Немесе ол адам бұлжытпай тек діни дәстүрімен өзінің өмірін шектейтін болса, ол діни фундаментализмге (діни еріксіздікке) соқтырады.
Сондықтан консерватизмнің адамдарды қолайсыз жағдайларға әкеліп соғуы өз алдына, ол халықты жалпы дүниежүзілік жетістіктерден, өркениеттен тыс қалдыруы мүмкін. Осындай көріністерге сәйкес ағылшын саясаттанушысы Джон Стюарт Милльдің: “Бір рет болса да дәстүрден шығу – ол бостандыққа тағы да бір қадам жасау” – деген қағидасының маңызы өте жоғары.
Яғни, қай салада болмасын, әртүрлілік қажет екені байқалады. ХХ ғасырдың екінші жартысында еркін нарықтық қатынастар және демократия
принциптері одан әрі дамып, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын мойындауға тура келді. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қызметтері едәуір шектеліп, меншік жекешелене түсті. Бұның бәрі неоконсерватизмге күш беріп өркениетті елдердегі орта таптың идеологиясына айналды.
Неоконсервативтіктер консервативтіктермен салыстырғанда дәстүр ұстанымынан бостандыққа ұмтылуға шақырып, қоғам өміріндегі әртүрлілік нәтижелі бағыт деп есептейді.
Неоконсерватизм идеологиясының негізгі мақсаты – саяси, экономикалық, рухани реформаларға жол ашу, сол арқылы қоғамның дамуына әсер ету. Неоконсерватизм идеологиясын дамытуға көптеген ғалымдар мен саяси қайраткерлер қатысты.
ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында неоконсервативтік идеяларды ұстанған Германия канцлері Отто фон Бисмарк, Ұлыбритания премьер-министрі Ллойд Джордж болатын. ХХ ғасырдағы бұл идеологияның жүзеге асырылуына зор үлес қосқандар белгілі саясатшыЗбигнев Бжезински, АҚШ президенті Рональд Рейган, Англияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер, Германияның бұрынғы канцлері Гельмут Коль және т.б. Консерватизм мен неоконсерватизмнің идеология ретіндегі маңызды нәтижесі — Англиядағы, АҚШ-тағы және Германиядағы консервативтік партия өкілдерінің мемлекеттік билік басына келуі болатын. Келесі саяси идеология – марксизм идеологиясы. Марксизм дегеніміз қарулы төңкеріс арқылы қанаушы таптарды, жеке меншікті жойып, социализм және коммунизм құрып, қоғамдағы әлеуметтік теңдік орнату мақсатындағы идеология.
Бұл идеологияға негіз болған жоғарыда айтылған неміс ойшылы, ғалымы К.Маркстың(1818-1883) идеясы. Оның идеясы бойынша, «таптық қоғамда әділеттік жоқ, байлар, капиталистер, фермерлер — қарапайым жұмысшыларға, шаруаларға қанаушылық жасайды, олардың еңбегін толық төлемейді, соның арқасында өздері байиды. Бұл жағдай әлеуметтік экономика саласында орын алса, ал саяси салада әділеттілік, демократия жоқ. Билік басында отырғандардың бәрі байлар. Халықтық сайлауға қалай бақылау қойылса да – бәрі бір билікке байлар ғана келеді. Соңында қоғам олигархиядан шыға алмайды». «Осындай әділетсіз жағдайдан жұмысшыларды, шаруаларды, жалпы қарапайым еңбекшілерді құтқару, оларға саяси және әлеуметтік теңдік алып беру үшін, социалистік революция арқылы биліктің басындағы олигархтарды жойып, қоғамды буржуазиялық мемлекеттен босатып, жеке меншікті құртып, меншіктің мемлекеттік ғана түрін қалыптастырып, социализм, содан кейін коммунизм орнату керек. Осындай қоғамда ғана жан-жақты дамыған, еркін адам қалыптастыруға мүмкіншілік туады» -деп есептеді К.Маркс.
Маркстік идеяны іске асыру үшін, яғни, бұл идеяны идеологияға айналдыру үшін орасан зор белсенділікпен күрес жүргізген саяси топ –Ресейдегі 1898 жылы ұйымдастырылған Ресей социал-демократиялық жұмысшылар партиясы (РСДЖП) еді. 1917 жылғы қазан айында В.И.Лениннің басқаруымен осы партия революция арқылы билікке келіп, бүкіл Кеңес Одағында марксистік(коммунистік) идеологияны орнатты. Бірақ күшпен енгізілген идеологияжыл бойы өз мақсатына жете алмады, себебі экономика саласындағы жеке меншік жойылғаннан кейін қоғам тоқырауға ұшырады. Бұл саяси оқиға идеологияның бәрі бірдей сәтті бола бермейтінін дәлелдейтін бұкіл әлемдік тарихи сабақ болып саналады.
К.Маркстің ең үлкен қателігі – «капитализмнің өзін-өзі дамытуға мүмкіншілігі жоқ» — деген қағидасы болатын.
Бұған қарсы Еуропаның батыс елдерінде, соның ішінде әсіресе Германияда ХХ ғасырдың басында марксизмді қайта қарап, оған өзгерістер енгізу мақсатымен реформистік идеялар ұсынылды. Бұл идеялар саяси ғылымдареформизм болып аталады. Реформизм дегеніміз -эволюциялық даму,реформалар және әлеуметтік-саяси модернизация арқылы қоғамдағы тұрақтылықты сақтау идеологиясы.
Реформизм идеологиясы үш бағытқа бөлінеді, олар: эволюция, реформа және модернизация. Осы үш бағыттың арнайы аталуының өзі – революция идеясына қарсылық білдіру үшін қажет болды.
Реформистік идеологияның негізін қалаушы — неміс саяси қайраткері Эдуард Бернштейн(1850-1932). Бұл саясатшы реформизм туралы идеяларын “Социализмнің алғы шарттары және социал-демократияның мақсаты” деген еңбегінде ұсынады. Э.Бернштейннің реформизм идеологиясына келу жолы қиын да күрделі болатын. Ол өзі саясат жолын марксизмнен бастаған еді.
Марксшыл Ф.Энгельстің серігі болып, екеуі Германияда 1869 жылы құрылған социал-демократиялық жұмысшылар партиясының жетекшілер құрамындаболды. Марксистік идеяларды таратқаны үшін Э.Бернштейн өз елінен жер аударылып біраз жылдар Швейцария, Англияда тұрады. Әсіресе Англияда болған уақытында Э.Бернштейн либерализм идеологиясымен терең танысады. Соның әсерінен саясатшының марксистік көзқарасы күрт өзгеріп, жоқшылық мәселелерді шешудің басқа да жолдары бар екенін байқады. Э.Бернштейн өзінің кейінгі жаңа көзқарасында кедейлердің, жұмысшылар мен шаруалардың әлеуметтік жағдайын тек революция, социализм жолы арқылы ғана емес, оны реформалар арқылы да шешуге болатынын дәлелдейді. «Таптық, саяси теңдік орнату жолы міндетті түрде капитализмді құлату емес, себебі капитализмнің реформалар арқылы кедейшілікпен күресуге мүмкіншіліктері толығымен бар, кедейлердің жағдайын жақсартам деп байларды құртып жіберу – ол да әділетсіздіктің бір түрі» деп қорытындылайды. Ол «дұрысы буржуазиялық тапқа қарсы күресу емес, қоғамдағы кедейшілікті азайту үшін күресуі керек» деген қағиданы таратты. Яғни, Э.Бернштейн марксистік идеологиядан бас тартып реформизм идеологиясын берік ұстаным етті. Э.Бернштейн өз еліне, Германияға қайтып келгеннен кейін, Германия социал-демократиялық жұмысшылар партиясы (ГСДЖ) ыдырап, үш топқа бөлініп кетті. Э.Бернштейн енді тек ғана реформизм көзқарасын қолдайтын топтың жетекшісі болды. Кейін осы реформистік идеяға сүйенген социал-демократиялық партиялар Еуропа елдеріндегі реформизм идеологиясының дамытушысы, халыққа таратушысы болды. Сонымен, біз әлемде кең тараған идеологиялардың негізгі түрлерін қарастырдық. Идеология қоғам өміріндегі зор қозғаушы күш екені ақиқат. Сондықтан идеологияны тудыратын себептерге аса мұқияттылықпен қарап, идеологияны таңдай білу жоғары білімді, аса жауапкершілікті қажет етеді. Негізінен жалпықоғамдық идеологияның көзі халық болуға тиіс екенін есте ұстау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |