Саяси партиялар және партиялық жүйелер



жүктеу 0.79 Mb.
бет2/5
Дата12.06.2016
өлшемі0.79 Mb.
1   2   3   4   5

Бұқаралық партияда оны үнемі жақтап дауыс беретін сайлаушылары, мүшелері, белсенділері көп болады. бірақ олардың ресми мүшелері болмайды. Партбилет алып, мүшелік жарна төлемейді. Мысалы, мұндайларға АҚШ-тың республикалық және демократиялық партиялары, Англия лейбористер партиясы т.б.

60 жылдардың аяғында жоғарыда аты аталған Ла Паломбараның көрсеткен екі партиясынан басқа әмбебап партиялар (универсалдық немесе сайлаушылар партиясы) деген үшінші түрін бөліп шығарды. Олардың ерекшелігі – партияның мүше санын емес, сайлаушылар санын көбейтуге тырысуда. Онда әлеуметтік, этникалық, діни және т.б. өзгешеліктеріне мән берілмейді. Мұндай партиялардың саны соңғы жылдары Еуропа мен Америка елдерінде тез етек алуда.

Саяси жүйедегі рөлі мен іштей ұйымдасуына байланысты саяси партияларды төрт түрге топтастырады:

1) Авангардтық партиялар (лениндік тұжырымдама). Олардың ұйымы жоғары орталықтанумен сипатталады, өзінің барлық мүшелерінен партияның жұмысына белсенді қатынасуын талап етеді. Мысалы, Үндістанның ұлттық конгресс партиясы, бұрынғы СОКП;

2) Сайлаушылар партиясы. Олардың негізгі мақсаты үміткерлердің саулау алдындағы науқанын ұйымдастыру: қаржы жинау, үгіт жүргізу, т.т. Оларда тұрақты мүшелік, идеологиялық негіз, ұйымдық құрылым жоқ. Мысалы, АҚШ-тағы республикалық және демократиялық партиялар. Сондықтан американдық азамат «Мен демократиялық партияның мүшесімін» демейді, «Мен демократтар үшін дауыс беремін» дейді;

3) Парламенттік партия. Ол негізгі екі қызметті атқарады: сайлауға дайындалу және парламетке бақылау жасау. Мәселелерді алдын ала талқылап, қабылданатын шешімдерді сәйкестеу, келістіру үшін партиялар парламенттер мен муниципалитеттерде (жергілікті өзін өзі басқару органы) жіктер (фракциялар) жасайды. Премьер-Министрдің кандидатурасы мен үкімет құрамы парламенттегі көпшілікке байланысты. Мысалы, Германияда, Италияда, Ұлыбританияда,францияда солай;

4) Қауымдастық партиялар. Ол адамдарды белгілі бір саяси жолды ұстанғандығына қарай емес, ортақ көзқарас, ұқсас мүдделеріне орай өзара қатынасып, маңызды мәселелерді талқылау үшін біріктіріледі. Мысала, оларға «Жасылдар» партиясы, балаларды, малдарды, жануарларды қорғау партиялары, соғысқа, ядролық қаруға қарсы қозғалыстар жатады.

Идеологиялық негіздеріне байлансты партияларды оңшыл және солшыл деп бөледі. Оңшылдар деп – жеке меншікті сақтайтын күшті мемлекетті жақтаушыларды айтады. Солшылдар деп – қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерүшін күресіп, еңбекші халықтың мүддесін қорғаушыларды айтады. Сонымен саяси идеологиясына қарай партияларды 5 түрге жүйелеп жүр:

1) Коммунистік партиялармен солшыл радикалдық бағыттағы партиялар. Олар К.Маркстің ілімін басшылыққа алады. Жеке меншіксіз, тапсыз қоғам құруға тырысады. Басқа партиялар коммунистік партияның басқарушы рөлін мойындауы керек. Мысалы, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, бұрынғы КСРО. Батыста мұндай партиялардың айтарлықтай салмағы жоқ;

2) Социал-демократиялық (немесе социалистік, лейбористік) партиялар. Олар қазіргі капиталистік қоғамды еңбекші халықтың мүддесіне сай ұдайы реформалап, өзгертіп отыруға тырысады. Олардың басты құндылықтары: бостандық, әділеттілік, ынтымақтастық, теңдік. Оған жататындар: Австрияның, Германияның, Швецияның социал-демократиялық партиялары, Ұлыбританияның лейбористік партиясы және т.б.

Қазіргі кезде адамзатты айнала қоршаған орта күннен-күнге нашарлап, азып-тозып бара жатқаны баршаға аян. Сондықтан Еуропада социал-демократтардың әлеуметтік және экологиялық жаңынан жаңарған индустриялық мәдениеттілік орнатпақ та ойлары бар;

3) Буржуазиялық-демократиялық партиялар. Олар ХIX ғасырда Еуропа мен Солтүстік Америкада бір кезде пайда болды. мынандай принциптерді басшылыққа алады: қоғамда билік үшін әрқашан ашық күрес жүруі керек, өкіметке жалпыға бірдей сайлау арқылы жету, парламентте көршілік дауыс алған партия немесе партиялық бірлестік өкіметті билейді, басқарушы партияға қарсы үздіксіз ашық оппозиция жұмыс істейді. Заң алдында бәрінің де тең болғанын, сөз, баспасөз, жиналыстар бостандығын қалайды. Мысалы, Германияның еркін демократиялық партиясы, Ұлыбританияның социал-либералдық партиясы және т.б.;

4) Консервативтік партиялар. Негізінен ірі буржуазияның мүддесін қорғайды. Әлеуметтік теңсіздікті сақтағысы келеді, адамдық және азаматтық ар-намыс, плюрализм, ынтымақтастықты жақтайды. Мысалы, АҚШ-тың республикалық партиясы, Германияның Христиандық-әлеуметтік одағы мен Христиандық-демократиялық одағының блогы, Ұлыбританияның консервативтік партиясы, т.т.;

5) Фашистік партиялар. Олар жеке мүддеден мемлеттік мүдденің басым болғанын, басқаруда қатаң орталықтандыруды, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуді қалайды. Ұлтшылдықты уағыздайды. Бұл тоталитарлық немесе авторитарлық жүйеге жол ашады. Фашистік партиялар кезінде Германия мен Италияда болған. Бірақ сол елдерде және т.б. жаңарған неофашистік ұйымдардың пайда болуы сақтандырады.

Партиялардың басты идеологиялық бағытына қарай революциялық, реформистік, консервативтік, реакциялық деп те бөліп жүр.

Революциялық партиялар қоғамдық өмірді түбегейлі өзгертуге тырысады.

Реформистік партиялар қоғамда маңызды өзгерістер жасамақ, бірақ оның негізгі құрылысын сақтап қалмақ.

Консервативтік партиялар қазіргі әлеуметтік өмірдің негізгі сипат, ерекшеліктерін тұрақты сақтап қалмақ.

Реакциялық партиялар – қоғам дамуындағы өтіп кеткен формацияларға не дәуірлерге қайтып оралуды көксеушілер.

Қандай саяси тәртіпті қолдануына байланысты партиялар келесіге болып жіктеледі:

1) Демократиялық партиялар - басқа партияларға төзімділікпен, түсіністікпен қарайды, пікір алалығын жақтайды. Идеологиялық факторға онша мән бермейді;

2) Тоталитарлық партиялар – керісінше, саяси жүйенің басқа элементтерін өзіне бағындыруға тырысады. Әсіресе идеологияланған, қатаң тәртіпке негізделген бірпартиялық жүйе құруға тырысады;

3) Авторитарлық партиялар - әдетте, дамып келе жатқан елдерде пайда болады және отаршылыққа қарсы бағытталады. Олардың көбі ең алдымен өз елдерінің саяси және экономикалық тәуелсіздігі, әлеуметтік прогресі үшін күреседі. Өз әрекеттерінде көбінесе күшке сүйенеді.

Саяси өмірдегі алатын орны, билікті жүзеге асыруға қатысына қарай саяси партиялар билеуші және оппозициялық (латынның «қарсы қою» деген сөзінен шыққан) болып бөлінеді.



Билеуші партиялар - қолдарына мемлекеттік билік тигендіктен оларға бүкіл қоғам дамуының басты бағыттары мен сипатын айқындауға мүмкіндік туады. Яғни, олар басқа партиялардың үстінен билікке ие болады.

Оппозициялық партия – олар басқарушы партияның саясатын сын көзбен бағалайды. Қоғамның даму бағдарламасын жасайды, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарға өздерінің көз қарастарын білдіреді. Қарсыластық қасиет тән.

Жұмыс істеу жағдайына, заңның рұқсат етуіне байланысты партияларды ресми, жартылай ресми, құпия немесе бейресми деп жіктейді:

1) Ресми партия - қоғамдық-саяси өмірге қатынасуына заң жүзінде рұқсат етілген, мемлекеттік тіркеуден өткен. Ол жұмысын ашық жүргізеді;

2) Жартылай ресми партиялар - формалды түрде рұқсат етілген. Біраз жағдайларда партияға сырттай мойындаған сыңай білдіріп, шын мәнінде, жұмысына шек қойып, кедергілер жасалады;

3) Құпия немесе бейресми партия - заң бойынша тыйым салынып, жұмысын астыртын, жасырын жүргізеді. Әдетте олар үстемдік етіп отырған құрылысты күшпен өзгертуді мақсат етіп қояды. Егер құпия партияны халық шынымен қолдап, беделі зор болса, оны ресми мойындамағанымен жұмысын тоқтата алмайды. Оның айғақтығын құпия жағдайда жүріп отаршылдыққа қарсы қажырлы күрес жүргізген көптеген ұлт-азаттық партиялардың даму жолынан байқауға болады.

Келесі партиялардың түрлерің белгілеуге болады.



Доктриналық партиялар өз жұмысын негізінен социалистік, діни немесе ұлттық идеологияларға негіздейді. Осыған байланысты Батыс Еуропада партиялар християндық-демократиялық және антиклерерикалдық болып бөлінеді. (Италияның республикалық және социалистік партиялары). Діни партиялар Азия, Африка елдерінде кең тараған. Кейінгі кездегі ұлттық бірігулердің нәтижесінде ұлттық партиялардың өріс алып отырғаны белгілі.

Мүдделер партиясы негізінен белгілі бір топтардың немес нақтылы бір аймақтағы халықтың мүдделеріне негізделіп жұмыс істейтін партия. Бұлар өз мақсаттарына мемлкеттік органдарға өз өкілдерін сайлау арқылы жетіп отырады. Мысалы. Нидерландтың фермерлік партиясы Бельгияның біріккен әйелдер партиясы, Желтоқсан партиясы.

Біздің саяси ғылымда саяси партияларды оның таптық мәніне қарай түрлерге бөледі. Саяси партияларды жіктеудің тағы бір өлшемдік негізі – ол олардың негізделетін басқару принциптері, мәселен, ұжымдық басқару принципі, көсемге негізделген принцпі, харизматикалық басқару принципі. Бұл жағдайда билік толығымен саяси көсемнің қолына шоғырланады. Ол оның беделіне және сіңірген еңбегіне байланысты болады.

Қорыта келгенде, жоғарыда көрсетілген партия түрлері бірін – бірі жоққа шығармайды. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болып, ауысып отырады.
Партиялық жүйенің түрлері

Саяси процестерге қатысуға және мемлекеттік органдарды қалыптастыруға нақтылы мүмкіндіктері бар партиялар жинақтап келгенде қоғамның партия жүйесін құрайды. Партия жүйесінің құрылымы әдетте елдегі қалыптасқан тарихи дәстүрлер, оның әлеуметтік– экономикалық даму сипаты, коғамның саяси сауаттылығының кемелділігінің деңгейі, оның саяси саналылығы мен мәдениеті, әлеуметтік күштердің өзара арақатынасы, ұлттық құрамы, халықтың дінге сену дәрежесі арқылы анықталады.

Сайып келгенде, қоғамдағы партия жұйесі - ол өзара қарым–қатынасы мемлекеттік билік үшін тең бәсеке немесе біріккен күресі арқылы көрініп отыратын партиялардың жиынтығын білдіреді.

Билік үшін күреске қатысып жүрген саяси партиялардың саны жағынан олар көппартиялық, екіпартиялық және бірпартиялық болып топтастырылады.



Көппартиялық деп мемлекеттік билік үшін күрес барысында бірнеше саяси партиялардың әр түрлі мүдделері мен пікір алалығын пайдалана отырып басқаруын айтады. Онда үш және одан артық партия қатысады. Бұл – адамзаттың қоғамдық басқаруда ойлап тапқан өркениетті түрі. Бұл құрылым қазір әлемнің отыздан астам мемлекеттерінде жұмыс істейді.

Көппартиялы жүйенің сипаттамасы мынада: мұнда әрбір партия сайлауда көпшілік қолдауына ие болу үшін сол партияның идеялық-саяси бағытын бұқараға білдіруге тырысады. Осылайша халықты өздеріне сендіру арқылы басқа партиялардың қисындарын жоққа шығарады. Осыған тән басқа бір сипаттамасы азаматтардың саяси қолдауына ие болуға ұмтылған саяси субъектілердің неғұрлым көп болуы. Бұл плюралистік демократияның негізін жасайды. Саяси мәселелер баспасөзде жан-жақты жарык, көреді.

Дегенмен, орыстың белгілі саясатшысы Б.Чечерин айтқандай, көппартиялықтың өзіндік жағымды және жағымсыз жақтары бар. Жағымды жақтарына жататындары – онда саяси мәселелер жан жақты қаралады. Кемшіліктерді кешірмейтін оппозициалық партиялардың болуы үкіметті тиімді жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Бюрократияның өрістенуіне тежеу салынады. Партияны тәртіпке шақырады. Билік басына кездейсоқ емес нағыз дарынды адамдардың келуіне мүмкіндік тудырады. Ұнамсыз жағына жататындар - өмірдегі көп мәселелерге өз партиясының тұрғысынан ғана қарайды. Бар ойы қарсы партияны жеңуге арналып, ол жолда алдау-арбау, өсек-өтірік сияқты жат қылықтар мен тәсілдер пайдаланып жатады. Дегенмен, қазіргі таңда көппартиялық саяси өмірдің тәуір жетілген түрінің бірі болып танылады және тек демократиялық елдерге тән. Ондайларға Австрия, Бельгия, Дания, Недерландыдағы көппартиялықты жатқызуға болады.

Екіпартиялық жүйеде (бипартизм) басқа да кішігірім партиялар болуы мүмкін, бірақ билік үшін нағыз бәсекелестік ең ірі екі партияның арасында жүреді. Мұнда жалпыға бірдей тікелей сайлау екі партияның бірі өзінен өзі автоматты түрде парламентте көпшілік орынды қамтамасыз етеді. Ол Министрлер Кабинетінің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Себебі, ол үкіметті заң бойынша көрсетілген мерзімі біткенше қызметін атқаруына мүмкіндік береді. Ол мемлекет басшысын сайлауға жіберілген қаржыны да үнемдейді. Өйткені ол орынға сайлауда жеңіске жеткен партияның серкесі ие болады. Бипартиялық көппартиялықтағы сияқты өзінің жіберген қателіктерін бірге билеген басқа партияларға аудара салмайды. Саяси күреске басқа да партиялар араласады. Бірақ, әдетте, олар шешуші рөл атқармайды және жеңіске жетерлік мүмкіндіктері де жоқ. Дегенмен, мұндай жүйенің өміршендігін аты аталған елдердің өмірі дәлелдеп отыр.

Дүниежүзілік тәжірибеде екі партиялы жүйенің екі түрі бар. Біріншісі – классикалық түрі. Мұнда басты партияларды сайлаушылардың басым көпшілігі қолдайды. Мұндай жүйеге Ұлыбритания мен АҚШ – тағы партия жүйесін жатқызуға болады. Екі партиялы жүйенің екінші түрі ұсақ саяси партиялардың маңызының артуымен байланысты. Мәселен, Канада мен Австрияда «үшінші» париялар белгілі бір деңгейде потенциалды саяси күш ретінде өздерін көрсете алуына жағдайы бар. Олар қоғамда альтернативтік күш бола алады.



Бірпартиялық жүйе өзінен басқа, әсіресе бәсекелес партияларды болдырмайды. Ол тоталитарлық және авторитарлық қоғамдарға тән. Мұндай тәртіпте басқарушы партия бақылаушы және сынаушы оппозициалық партиялардың жоқтығын пайдаланып, саяси билікті бүтіндей қолына алып, басқа мемлекеттік органдарды ығыстырады. Ондай партия бұрын КСРО-да болды, қазір Қытай,КХДР,Кубада бар.

Демек, партиялық жүйе әр түрлі болады. Сондықтан солардың ішінде ең тәуірі, тиімдісі қайсысы деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған бірыңғай кесіп жауап беру, бір үлгіні ұсыну дұрыстыққа жатпайды. Әйтсе де партиялық бірлестіктердің тиімділігіне жалпы өлшеуіш боларлық жағдайлар мыналар. Олар халықтың әлеуметтік мүдделері мен мұқтаждықтарын бірінші сезініп, қамтамасыз етуге тырысуы ләзім. партия арқала шешімдер қабылдағанда азаматардың барынша мол қажеттіліктерін қамту. Үкімет бағытын сын көзбен түзету және басқарушы топтың жұмысына демократиялық бақылау жасау және т.с.с.

Саяси партиялардың ішінде фракциялар (латын тілінен аударғанда «бөлшектену,бөлектену») болуы мүмкін. Бұл сөз екі мағынада қолданылады:

1) бір партияның парламентте, мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда өздерінің саяси нұсқау, мақсаттарын ұйымшылдықпен жүргізу үшін құрған ұйым;

2) бір партияның ішінде өзіндік бағыты, құрылысы, тәртібі бар, бірақ сол партияның қатарынан шықпаған мүшелердің бөлігі. Мұндай жағдай азшылықтың құқы бұрмаланған кезде дүниеге келуі мүмкін. Әдетте, ол өтпелі кезеңдерде пайда болады және ұзаққа созылмайды.

Мемлекеттік билікті жүзеге асыру үшін партиялар коалиция (латынның «бірлестік») құруы мүмкін. Коалиция деп жалпы мақсатқа жету үшін партиялардың жасаған бірлігін айтады. Оның мынадай түрлері бар:

1) парламентке қатысатын партиялардың ешқайсысы өз алдына бөлек, дербес басқара алмайтындай жағдайда құралған көппартиялық коалиция;

2) екі күшті партияның әр қайсысы өкіметті өз қолына алып билей алатындай жағдайда екіпартиялық коалиция орнайды. Мұндайда бір партия парламентте көпшілік дауыс ала алады да, екіншісі оппозицияда болады. Егер екеуінің де парламенттегі орны тең болса, үкіметті құру үшін басқа кішірек партиямен келісімге келуге мәжбүр болады. Мұндайды түрін өзгерткен екіпартиялық коалиция дейді.

3) билік үшін бәсеке екі партия одағының арасында болса, оны екі блоктық коалиция дейді. Мұндай коалиция әсіресе Францияға тән. Онда президенттік, парламенттік, кантондық сайлаулар кезінде екі блок құрылады. Оң блокқа гольдықтар, жискарлықтар (Францияның бұрынғы президенттері Де Голь мен Жискар де Эстеннің фамилияларынан шыққан), т.т. кіреді, сол блокқа социалистер, коммунистер, солшыл радикалдар жатады.

4) Егер дербес партия ұзақ уақыт (20-30 жыл бойы) билік етсе, оны басымдық коалициясы дейді. Мысалы, Швеция социял-демократиялық партиясы 1932 жылдан 1976 жылға дейін, содан кейін 1982 жылдан осы уақытқа дейін билік басында. Жапонияда либералдық-демократиялық партия 1955 жылдан бері өкімет басында келеді.

Саяси партиялардың жұмысы әдетте құқықпен немесе конституциямен реттеледі, себебі, олардың жұмысы саяси жүйенің принциптері мен мақсаттарына қайшы келмеуі керек. Оларға жататындар: қоғамдық өмірде партияның орнын конституциялық жолмен рұқсат ету; саяси жүйеде пратияның жұмыс істеу жаңдайын белгілеу; сайлау жүйесінің жұмысына партиялардың қатысуы; мемлекеттік өкімет органдарында партиялардың өкілдік ету тәсілдері; мемлекеттік бюджеттен партиялардың қызметін қаржыландыру. Бірқатар Батыс елдерінде (Германия, Италия, Швеция, т.б.) 60-70 жылдардан бастап саяси партиялар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Кейбір елдерде заң бойынша саяси партиялардың сайлау науқанына арнайы қаржы бөлінеді.

Бірқатар елдердің (Германия, Үндістан, Ұлыбритания, Франция) заңдарында радио мен теледидарды кеңінен пайдалануға мол құқық берілген. Мұның бәрі сайлау науқанында және т.б. жұмыс бабында партияларға тең жағдай қамтамасыз етілгендігі деп саналады.

Итальян сасаттанушысы Дж. Сартори партия жүйесін жіктеуде негізгі партиялармен бірге барлық басқа да партиялардың қамтылуының қажеттілігін жақтайды. Қандай партиялар партия жүйесін анықтауы керектігі жөнінде ол мынадай екі сапалық белгілерді көрсетеді:

1) ұсақ партиялардың коалициялық потенциалына қарай, яғни, егер партия кез келген басқарушы көшілікке тиімсіз болса, ондай партия партия жүйесіне кірмейді;

2) «қауіптілік потенциалы», яғни, тұрақты оппозициядағы партиялар басқарушы партияның бәсекелесу тәсілдерін қаншалықты дәрежеде жетілдіруге мәжбүр етеді, соған байланысты олар партия жүйесніде ескерілуі керек. осы өлшемдерге негізделе отырып, Дж. Сартори партия жүйесін жеті тұрге бөледі:

1) бірпартиялы (Албания, КХДР);

2) гегемониялық статусқа ие болған партиясы бар жүйе (Мексика);

3) доминантты партиялы жүйе (Жапония);

4) екіпартиялы жүйе (АҚШ);

5) бірқалыпты орташа шектелген плюралистік жүйе (Бельгия);

6) тым полярлық немесе радикалдық сипаттағы плюралистік жүйе (Италия);

7) атомдандырылған жүйе (Малайзия), яғни идеялық тұрғыдан бір – біріне тым ұқсамайтын партиялар жүйесі.

Ресейлік ғалым В. Евдокимов партия жүйесін талдай отырып, өз типологиясын ұсынады. Ол партия жүйесін мынадай түрлерге бөледі: полярландырылмаған кооалицилық жұйе; полярландырылған коалициялық жүйе; бір партия үстемдік ететін жүйе; екі партия үстемдік құрған жүйе.

Бір партия ұстемдік ететін жүйе қазіргі Жапония, Швеция, Норвегияға тән құбылыс. Мұндай партиялық жүйеде сайлауда бір партия жеңіске жетеді де парламенттегі депутаттық мандаттың басып көпшілігіне ие болады.

Екі партия үстемдік құратын партия жүйесіне АШҚ–ты, Ұлыбританияны, Канаданы жатқызуға болады. Мәселен, АҚШ–та президенттік орынға және конгресстегі орындарға Республикалық және Демократиялық партиялардың өкілдері таласып отырады. Мұндай партиялық жұйелердің қалыптасуында қоғамның әлеуметтік құрылымы, әрекет ететін заң жұйесі, ең алдымен сайлау туралы заңдар, сондай–ақ, әлеуметтік–мәдени дәстүрлі үлкен рөл атқарады. Мәселен, егер қоғамда дамыған шаруалар тобы болмаса, онда аграрлық партиялар қалыптаспайды. Ал орта шаруалар айұындаушы рөл атқаратын елде доминантты жағдайда болатын партияның қалыптасуына алғышарттар жасалады.

Қоғамдағы әрекет етіп отырған заңдар жүйесі де партия жүйесінің түріне, сипатына ықпал етуі мүмкін. Мәселен, кейбір партиялардың әрекетін шектеп, оппозициялық партиялардың сайлау процесіне қатысуына тиым салып, ал бейресми партияларға заң тұрғысына қысым жасауы мүмкін. Сайлау жүйесінің мажоритарлық түрі жағдайдағы елде, әдетте, екі партиялы немесе бір партия доминаттық статусқа ие болатын партия жүйесі қалыптасады.

Экономикалық көп уклатты, әртүрлі әлеуметтік, ұлттық, діни және т.б. мүдделер кеңістігі өмір сүретін қоғамда негізінен көппартиялы жүйенің қалыптасуына алғышарттар пайда болады. Бірақ мұндай тенденция барлық жағдайда іске аса бермеуі мүмкін.

Бүгінгі дүниежүзілік тәжірибе немесе тенденциялар қоғамның демократиялық жолмен дамуының тиімді түрінің бірі – көппартиялы жүйе болатындығын көрсетуде. Дегенмен, ғалымдардың арасында қандай партиялық жүйенің тиімділігі жөнінде пікірталас тууда. Мәселен, Сартори көппартиялы жүйенің болуы саяси жүйені қиындата түсуі мүмкін және мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіруі ықтимал дейтін пікірді айтады. Ал Ньюмен көппартиялы жұйені жақтайды және тағы бақа елдердің тәжірибесі үстем партиясы болатын кқппартиялы жұйенің қтымдылығын көрсетуде. Нидерланд, Дания, Бельгия, Аустрия елдерінің тәжірибесі ешқандай доминаттық партияларсыз–ақ көппартиялы жүйенің тиімділігінің куәсі болып отыр.

Қорыта келгенде қай партиялық жүйенің тиімділігін анықтайтын тұрақты өлшемнің әлі жоқ екендігін айтуға болады.
3 Тақырып. Қазақстандағы саяси партиялар
Жоспар:

1) ХХ ғасырдың басындағы саяси партиялар;

2) Егемен Қазақстанның партиялардың қалыптасуы;

3) Қазіргі ресми тіркелген партиялар.


ХХ ғасырдың басындағы саяси партиялар

XX ғасырдың басында Қазақстанның экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайы ауырлап кетті. Ресейдің отаршылдық езгісі күшейе берді, одан қоныс аударған қоныс аударушылар қазақтың шырайлы жерлерін тартып алуын көбейтті, халықтың жағдайы төмендей түсті. Сондықтан қазақтың зиялылары тығырықтан шығудың жолын іздеді. Алғашында олар үміттерін Ресейдің кадет партиясына артты. 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында А.Бөкехановтың бастауымен Қазақстанның 5 облысының «Делегаттар съезі» шақырылды. Онда кадет партиясының бөлімі (филиалы) құрылып, сол партияның бағдарламасын қабылдады. Бірақ кадеттер болсын, Уақытша үкімет болсын 1917 жылдың ақпан революциясынан кейін де біздің өңіріміздегі ұлттық, аграрлық және т.б. мәселелерді шешуге тырыспады. Ал қазақтардың өзін-өзі билеуі немесе автономиясы туралы сөз де қозғалмады. Осының бәрі А.Бөкейханов кадет партиясынан шығып, жаңа «Алаш» партиясын құруға мәжбүр етті. Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 256-санында арнайы мақала шықты.

Бірінші бүкілқазақтық съезд Орынборда 1917 жылы шілденің 21-26 арасында өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Бірақ делегаттар басты назарды ұлттық автономия, жер, Құрылтай жиналысын дайындау және қазақтың саяси партиясын құру мәселелеріне аударды.

1917 жылы 21 қазанда «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы басылып шықты. Оның ең маңызды баптарына мыналар жатады: Ресей демократиялық федеративтік респуплика, ал оған кіретін мемлекеттер тәуелсіз болуы керек; Ресей республикасында дініне, шыққан тегіне, жынысына қарамай бәрі де тең; онда теңдік, жеке адамның дербес құқылығы, сөз, баспасөз, одақтар еркіндігі қолданылады; дін мемлекеттен бөлінеді, барлық діндер тең, қазақтардың өзіндік муфтиаты болуы керек; билік пен сот әр халақтың ерекшелігіне сай құрылуы, би мен қазы жергілікті халықтың тілін білуі тиіс, барлық оқу орындарында ақысыз білім және ол барлық адамдардың игілігі болуы керек және басқалар.

1917 жылы желтоқсан айының бас кезінде Орынборда екінші жалпықазақтың съезі шақырылды. Онда Алашорда үкіметі құрылды. Басшысы болып А.Бөкейханов сайланды. Бірақ ол үкіметтің өмірі қысқа болды да, мақсатына жете алмады. 1918 жылы қарашада Алашорда үкіметі кеңестік әскерлердің күшімен талқандалды, «Алаш» партиясының басшылары мен мүшелері репрессияға ұшырады.

«Алаш» партиясы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері (Григорьев, Пахмурный, Сармурзин) бұрынғы коммунистік идеологияның тұрғысынан оны «буржуазиялық-ұлтшыл) партия ретінде қарайды. Екіншілері ( Қозыбаев, Қойгелдиев) оны ұлттық-демократиялық партия деп санайды. Шынында да, алаштықтар капитализмді құру немесе тек таза ұлттық мемлекетті орнатуды өздеріне бағдарламалық мұрат етіп қойған жоқ. Олар саяси еркіндікті аңсады, өркениетті адамгаршілікті қоғам құрғылары келді.

Сондай-ақ, Қазақстанда 1917 жылдың күзінде «Алаш» партиясына қарсы солшыл революциялық – демократиялық ағымның бір бөлігі «Үш жүз» атты Қырғыз социалистік партиясын құрады. Ол 1918 жылы қаңтарда Кеңес өкіметін таныды. Оның төрағасы Айтпенов Мұқан, орынбасары Тоғысов Күлбай, хатшысы Қабеков Ысқақ болды. Кейінірек оның басшылығы Тоғысовтың қолына көшеді. Партия 1917 жылы желтоқсанда Петропавлда «Үш жүз» атты газет шығарады.

1917 жылы наурызда Қазақстанның оңтүстік облыстарында «Шура-и-Исламия» партиясы құрылды. Осы партияның негізгі бағыты исламділік (исламизм) пен түріктік (тюркизм) болды. Ислам ұстаушылары «таза исламды» жақтады, ал тюркизмның жақтаушылары модернизм мен прагматизммен ерекшеленді.

1917 жылы маусымда «Шура-и-Исламия» партиясының «таза ислам» жақтаушылары бөлініп өз «Шура-и-Исламия» партиясың құрды. Олардың негізгі мақсаты мұсылман және шариат қағидалардың негізінде мұсылмандардың заңды құқықтарын іске асыру.

1918 жылы 1 қаңтарда Семейде большевиктердің партия ұйымы құрылды. Ал Кеңес өкіметі кезіндегі, көпшілікке белгілі, жалғыз басқарушы партия СОКП болды.

1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет