Секция: Қазақ тілі мен әдебиеті


І ТАРАУ. Б.МОМЫШҰЛЫ ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ



бет2/6
Дата03.12.2022
өлшемі260 Kb.
#466330
1   2   3   4   5   6
гылыми жоба

І ТАРАУ. Б.МОМЫШҰЛЫ ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ.
1.1.Б. МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨСИЕТІ ӨМІРШЕҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ
Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә. Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке ауаткомның хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады. 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббатың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды.
Бауыржан Момышұлының адами портретін ол туралы айтылған пікірлер де айқындай түседі. Олардың кейбіріне құлақ түрсек. «Бауыржан Момышұлының ел ұғымында толымды, жинақы, тұтас бейнесі қалыптасқан. Бұл - соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі. Оған енді жазушы Момышұлы деген атақты қосқанда алуан қырлы алып тұлғаның өзі шыға келер еді» (Тахауи Ахтанов). «Мен қазақтардың арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін. Бәлкім, таппайтын да шығармын» (Дмитрий Снегин).
Ежелден келе жатқан қазақтың халықтық мақал-мəтелдері –дидактикалық əдебиеттің көркемдік негізі. Мақал-мəтелдер – фольклордағы дидактикалық ғибрат үлгілері. Б. Момышұлының мақал-мəтелдері қазақтың халық ауыз əдебиетінің үлгісінде қалыптасқан. Бауыржан Момышұлының қаламынан туған мақал-мəтелдерінде, нақыл сөздерінде əрбір сөз тіркесінде терең мағына бар. Оларды өсиеті өміршең нағыз нақыл сөз бен мақал-мəтелдер десек қателеспейміз. Б. Момышұлының (Орталық мемлекеттік мұрағаттың жеке қорында №1432) жүз жиырма үштен астам мақал-мəтелдері бар. Мақал-мəтелдің табиғаты жайлы фольклорист ғалым Б. Адамбаев былай дейді: «Мақал-мəтелдер – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенінен, бастан кешкен уақиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы, табиғатта, өмірде үнемі қайталанып тұратын уақиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» [8]. Ендеше Бауыржан Момьшұлының мақалдары да құрғақ жерде пайда болған нəрсіз, сөлсіз, əйтуір ұйқастыра салған үйлесім тапқан бос сөздер жиынтығы емес. Ол – ойдан, толғаныстан, өмірлік тəжірибеден, көңілді селт еткізер бір сəттік құбылыстан туған, халық даналығының мəйегінен қанып шыққан жанды сөз. Оны біз əдебиетші ғалым академик Р. Бердібаевтың ойымен келтірсек: «Əйгілі қолбасшы И.В. Панфилов «Өткір сөз бен үшкір найза батыл шабуылда біріне-бірі көмек болады» деп текке айтпаса керек. Василий Клочковтың «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген ұлағатты сөзі сияқты Бауыржан Момышұлының да қанатты сөздері майданда кең тарағаны мəлім» [9]. Жалпы Бауыржан Момышұлы тудырған əр мақалдың өзіндік бір тарихы бар.
«Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп Асанқайғы айтқандай, іште жатқан ой түбінде сыртқа шықпай ма?! Ол жай шықпай, алып таудың астында талай жылдар, ғасырлар бойы жиналған ыстық лавадай бар күшіне лықсып шығып, бар қысымымен бұрқ ете қалады. Ондай өткір сөздің қызуы, оты күшті болады. Міне, Бауыржан Момышұлының да ойы осындай ыстық қордаланған сезімдерге толы болып келеді. Сонымен бірге ол тұнық та терең, сабырлы да байсалды сөз асылы, ұрпақтан-ұрпаққа қалатын, ұлағатты ұстаздың сыйындай нақыл сөздер. Бұл жайында Бауыржан Момышұлының соңғы он жыл өмірінде бір болған зайыбы Ж. Егембердиева «Өмірінің өзі дастан» атты естелік роман эссесінде: «Баукең – жазушы ғана емес, ақын адам, қазақ халқының бай мақал-мəтелдерін, фольклорын, өткен-кеткен тарихын терең білетін зерделі, зерек, өзі қанатты мақал-мəтел жазып кеткен білімдар, ғұлама да» [Ж. Егембердева 1990 : 319] деп жазады.
Халқымыздың мақал-мəтелдері өзіміздің тəжірибемізден алған қорытындыларымыз найза мен оқ сияқты қолымыздағы жарақ болып, бізді кезінде қаруландырып, көңілімізге əжептəуір тірек болып отырды» [Бауыржан батыр 1991:3] деген еді Бауыржан Момышұлы.
Мақал-мəтелдерді жастайынан жаттап, халық педагогикасын жадына сақтап өскен Бауыржан Момышұлы ұлттық тəрбиеге де көп көңіл аударған. Бауыржан Момышұлы бата-тілекке де ерекше көңіл бөлген. Ол «Москва үшін шайқас» романының «Ақ бата – ізгі тілек» деген тарауында жау қоршауынан құтқарылған Мəскеу түбіндегі бір селода қалың елдің алдында қарт ана Вика апайдың жауынгерлер мен оның командирі Бауыржанға: «Қош бол, балам! Жаратқан жар болсын! деген батасы жеңіске дем беруші болды. «Баталы құл арымас!» «Жаным – арымның садағасы» деген ата дəстүрін ұстап, өлім қаупіне бас байлап, соғысқа еніп кеттік. Ар кіндігі Мəскеу артымызда «Жол болсын» деп қол бұлғап тұрғандай болды, - деу арқылы ел тілегі ерді өлімнен сақтайды, «Көп тілеуі – көл». Сондай-ақ «Бата» атты əңгімесінде, туған аулына келіп, ынтымағы кеткен елді, қадірі жоқ кемпір-шалды, берекесіз, бейбастақ келін мен қызды, дөрекі, масаң бозбаланы көріп ызаланған Баукең дастарханаға ас қайырып, үй иесіне бата бергенде де, бұрынғы халықтық бата-тілекті қайта жаңғыртып, «Я, құдай, дозақтың отынан сақта, қаңғыған оқтан сақта, парақор соттан сақта, кірлі сумен жуыстан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта, қапажүрек батылдан сақта, көкдолы қатыннан сақта, колхозды жеген бастықтан сақта, намды басқан кесірден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта, татымсыз тұзыңнан сақта, ұятсыз қызыңнан сақта, жастарында əдеп жоқ, өлгенінде бəтуа жоқ құр айғай, шат-шəлекей даңнан сақта!» [Бауыржан батыр 1991:308] депті. Бата беруі тұнып тұрған тəлім, өзіндік үлгі-өнеге, өлмес, ескірмес өсиет. «Баукең шығыс, батыс елдерінің көне заманнан осы жаңа заманға дейінгі ойшыл философтарының біршама еңбектерін оқып, бойына сіңіре білген, өзінің де өмірге деген философиялық ой-пікірі бар, тұжырымы терең психолог, философ кісі» [Ж. Егембердева 1990:319] дейді жазушы Ж.Егембердиева. Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері құнарлы ойдың құнды қазынасы екендігі даусыз. Елдің ерлігі, ердің ерлігі сыналған сұрапыл жылдардан жеткен сол нақыл сөздерде қазір де халыққа керек, келешекке қажет дүниелер молынан кездеседі. Өйткені аталарымыз бен əкелеріміз біздің ашық аспан аясында бейбіт тіршілік етуіміз үшін от кешіп Отанды қорғады. Өмірді сүйіп, өліммен белдесті, жеңісті жақындатып өздері құрбан болды. Ендеше сол күндерден жеткен Бауыржан Момышұлынан қалған ұлағатты сөзді ұмытпау əрқайсымыздың борышымыз. Бауыржан Момышұлының бойындағы ізгі қасиетттердің қалыптасу негізі халқымыздың гүлге қонып бал іздеген арадай сан ғасырлар бойы жинақтаған əдет-ғұрып, салт-сана, тəлім-тəрбие дəстүрі мен іштей түлеп сұрыпталған рухани мəдениетінде жатыр. Б. Момышұлы: «Халқымыздың мақал-мəтелдері, өздеріміздің тəжірибеден алған қорытындыларымыз найза мен оқ сияқты қолымыздағы жарық болып бізді кезінде қаруландырып, көңілімізге əжептəуір тірек болып отырды. Дұрысы – жəрдемдесті...» [Бауыржан батыр 1991:86] Бауыржан Момышұлының Орталық мемлекеттік мұрағатта (ҚРОММ, 1432. Қор. 2-тізімдеме. 45-іс. 7 б.) сақталған «Офицердің майдан дəптерінен» атты жинағындағы «Нақыл сөздерде» жауынгер жазушы, ақын Б. Момышұлы Ұлы Отан соғысының отты жылдарында офицердің майдан дəптеріне сарбаз солдаттармен күні-түні бірге болғанда кеңесе, ақылдаса жүріп, ой-пікірін тұжырымдаған, жинақталып ой-елегінен өткізген, көкейіндегі ой көркінен туған нақыл сөздерді қойын дəптеріне тіркеп отырған. Бауыржан Момышұлының бүгінгі таңда ел арасына тарап кеткен нақыл сөздерінің тəрбиелік мəні орасан зор. Əсіресе: «Тексізден тезек артық. Тəрбие – таза ниет атасы. Тəрбиелі тəртіптің құлы. Тəртіпті – елдің ұлы. Бақаның бағынан сұңқардың соры артық. Ежелден ел тілегі – ер тілегі, Адал ұл ер боп шықса – ел тірегі т.б. [Бауыржан батыр 1991:182].
Жауынгер жазушының нақыл сөздері – келешек ұрпаққа үлгі мұра. Əсіресе Б. Момышұлының соғыс дəуірінде насихат-жырының арқауы етіп, фəни дүниенің жалт етіп өте шығатын қас қағымдық кезеңін мағыналы да мəнді өткізу ұлағатын алға тартады. Насихат өлеңінде ақынның лирикалық серпілісінен тыңдаушысына қарата тебірене толғауы – адамдарды оптимизмге, рухани құлшынысқа шақырады.
Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Əр адам біле бермес сөздің парқын...
Ақын – өзінің рухани болмысымен (үнемі ішкі жан дүниесімен) үнемі сұхбаттаса жүретін психологиялық сыры күрделі тұлға. Б. Момышұлының ақындығының лирикалық сыршылдығы насихат өлеңдерінде де байқалады. Жауынгер ақынның нақыл, насихаты ақын тұлғасының шығармашылық болмысы. Өлеңдері мен нақыл сөздері жауынгерлер жүрегіне, халқының жүрегіне ұялаған туындылар.
Кім кетпес ажал жетіп тағдыр болса,
Өмірге ар мен намыс қолқа салса.
Мəңгілік өмір жасап өлмегені –
Батырдың ел аузында аты қалса.
Ақын – мақтаншақ, мансапқор, қорқақ «данышпансынған» адамдардың бет-бейнесін де өлең сөздерінде айқындай түседі.
Мақтанбағын мас болып,
Абырой алсаң табысқа.
Қоян болма тығылып,
Жау көргенде қамысқа.
Б. Момышұлының нақыл, насихат өлеңдері – дидактикалық поэзиядағы негізгі арнаны құрайтын туындылар. Фольклор мен Шығыс əдебиеттерінде кең өрістеген халықтық тəлім-тəрбие сарындары (ерлікке, батырлыққа, адамгершілікке баулитын) Бауыржанның ақындық поэзиясында кең өріс алған. Академик З. Ахметов: «Нақыл өлең – ғибраты, тағлым берерлік мəні бар, ойды ықшамды, ұғымды түрде жеткізетін, өткір нақышты сөздерге негізделетін терме жырлар, өлеңдер» [Əдебиеттану терминдерінің сөздігі 1996 : 146] дейді. Б. Момышұлының майдан төрінде туған бірнеше толғаулары «Тырнақтап жинап əр жерден», «Ана тілін ардақта», «Толғау», «Қайран сегіз» т.б. отты өлеңдеріндегі ойлар жүйесі философиялық тереңдіктерімен адамды баурайды. Адамзаттың адамгершілік қасиетін жоғары бағалап, не істесе де ақылмен билік етіп, əділдіктің құлы бол дейді.
...Əділдікке құл болып, кең толғанып, көп ойлап,
Ақылыңмен билік ет, түсініп, сезіп тармағын...
Б. Момышұлы өлеңдерінің құндылығы сол бүгінгі егеменді еліміздің азаматтарына еліңе, халқыңа, мемлекетіңе адал қызмет ет деп үндейді.
Менікі емес деп түсінбе
Өкіметтің дүниесін.
Ол сенікі, апаңдікі, ағаңдікі,
Бекерге ол күймесін, - немесе Ел еңбегін қадірлемеген – ер емес, - дейді. Ақын елін, халқын, Отанын шын сүйген азаматтардың болашағынан көп үміт күтеді. Отаншылдық рухқа тəрбиелейді. Ерлік – ер жігіттің батырлығын көрсетеді. Ақынның нақыл сөздерінің тақырыбы сан алуан. Оның тектілікке, намысшылдыққа, ерлікке, əділдікке, отаншылдыққа, ана тілін сүюге, тəртіптілікке, ақылдылыққа, адамгершілікке уағыздайтын нақыл сөздері мол. Əсіресе біздің ғылыми зерттеу тақырыбымыздың өзгесіне айналып отырған негізгі мəселе: жауынгер ақынның ерлік пен өрлікке үндейтін нақыл сөздері – егеменді, тəуелсіз еліміздің туын нығайтуға, жастарды ұлы ерлікке, батырлыққа, ұлттық рухқа, Отанын қорғауға тəрбиелейтін ұлы дүниелер. Қолына қаруы мен қаламын қатар ұстаған жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы, əскер қатарына шақырылғаннан бастап-ақ, өзінің офицерлік күнделік дəптерін мұқият жүргізген. Əрине жазушының ақындық таланты ерте жастан-ақ танылғаны тарихи шындық. Осы талантын жауынгер жазушы Ұлы Отан соғысы дəуірінде «найзадан қол босағанда», толғанып, ой елегінен өткізген тұжырымды сөздің мəйегін қағаз бетіне түсіріп отырған. Б. Момышұлының бұл ұлағатты ісі – ұрпаққа сарқылмас мұра, ұлы қазына жастардың қолға ұстайтын шамшырағы. Ақын:
Ақыл айтар мезгілде,
Мың жасаған шалдай бол.
Қатал болар мезгілде,
Шатырлаған жайдай бол, -
- десе, енді бірде:
Мейірім түсер мезгілде,
Ағарып атқан таңдай бол.
Жауды бөгер кезеңде,
Көлденең жатқан ордай бол, – дейді.
Ақылды, парасатты, мейірімді болу əрбір жастың (адамның) міндеті мен парызы. «Ақыл айтар мезгілде», «мың жасаған шалдай бол», «жауды бөгер кезеңде», «көлденең жатқан ордай бол», адамдық пен батырлықты ақын қатар қояды. Қазақтың халықтық мақал-мəтелдері – дидактикалық əдебиеттің көркемдік негізі. Халқымыздың ертеден дамып келе жатқан көркем əдебиетімен сусындаған Бауыржан Момышұлы мақал-мəтелдерді көркем əдеби туындыларында кеңінен пайдаланды. Ақын – Ұлы Отан соғысы жылдарында өмір тəжірибесінен жинақтаған ойларын адамзатқа ортақ тағылым атаулыны ғибратшыл ой өрімдерімен өрнектейтін парасат иесі. Жан дүниесіндегі ізгіліктен қуат алған, жамандықтан жабыққан көңіл-күйін ғибратшыл ойлы талпынысқа айналдырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет