ТҰЛҒАЛАР ТІРШІЛІГІ – УАҚЫТ КЕЛБЕТІ
немесе Сергей Харченконың «Лица времен XII-XXI вв.» атты
тарихи-публицистикалық кітабы туралы ой-толғам
Биыл Москваның «Торгсервис» баспасынан облыстық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы Сергей Харченконың тарихи-публицистикалық кітабы 2000 дана таралыммен жарық көрді. Автор туындының кіріспесінде былай деп жазады: «Эта книга – плод многолетнего чтения, размышлений и раздумий. О нашей истории, об известных ее личностях, их достижениях и потерях, о следах изчезнувших лиц, времен и цивилизации, связывающих нас новыми противопоставлениями добра и зла, побед и порожений, правды и лжи, любви и ненависти».
«Салиму Мендыбаеву – пусть наша память будет продолжением Истории. С уважением С.Харченко, июль, 2013 год» деп қолтаңба жазып, сыйлаған 28 баспа табақ, 500 беттей кітапты бір демде оқып, зердеден өткіздім десем артық болмас. Енді осы туындыдан алған әсерімді «Қостанай таңының» оқырмандарымен бөлісуге асығып отырмын.
Ең біріншіден айтарым, кітаптың басталуы да, аяқталуы да тосын. Онда келтірілген мысалдар тарихи әдебиеттен, күнделікті баспасөзден бұрыннан белгілі жайт болса да автордың пайымдауында оларға жаңаша сипат беріледі. Біз кітапты оқи отырып, Шыңғыс ханның, Конфуцийдің, Ақсақ Темірдің, Керей мен Жәнібектің, Бұрындық ханның, Қасым ханның, Хақназар ханның, Есім ханның, Тәуке ханның, Әбілхайыр мен Жолбарыс ханның, Абылай хан мен Уәли ханның, бейбітшілікті аңсаған Кенесары ханның, Қожа Ахмет Иасауидің және де басқа ұлы дала дарабоздарының болмысына, олар өмір сүрген уақыт тұңғиығына үңілеміз. Жалпы кітаптан автордың қазақ тарихын терең білетінін аңғарамыз.
Австрия Императоры Елизавета құпиялары да тарихи дәлдік және нақтылы деректер арқылы паш етіледі. Ал кітаптың соңғы алтыншы тарауы Сіз бен бізді бүгінгі күннің проблемаларына алып келеді. Атап айтсақ, Украинаның ең бір көрнекті қоғам және мемлекет қайраткеріне айналған Юлия Тимошенко тағдырына ортақтасып, осынау қайыспас қайраткер әйелдің ішкі жан дүниесі мен әрекет-істеріне жете бойлап, ойға батасың, өзіңше қорытынды жасайсың.
Осы мақаланың басында мен кітаптың басталуы да аяқталуы да тосын деген ойды текке айтқан жоқпын. Ойлап қараңызшы, бүкіл әлем таныған Шыңғыс хан мен Украйна лидері Юлия Тимошенко арасында қандай байланыс бар? XII ғасырда өмір сүрген әлемді билеуші мен XXI ғасырда өмір сүріп жатқан біздің замандасымызға ортақ қандай қасиеттер бар? Оны автор кітап аннотациясында былайша түсіндіреді: «...все эпохи, все поколения людей имеют своих героев. Они хронологически не связаны и противоречивы. А в глазах ряда историков, писателей и журналистов, возможно, и вовсе не положительные личности. Но все они имеют нечто общее: они представители своего времени, которого сделало их известными и знаменитыми. Тем интереснее и поучительнее для читателя их жизнь, оставившая свой след в истории человечества».
Иә, әрбір тарихи кезең өз тұлғасын тудырады. Сол тұлғалар өз дәуірінің мазмұнын ашады. Өткенді біліп, одан сабақ алып, ой елегінен өткізу – алдағы уақытта қателікті қайталамаудың кепілі.
Кітапта жазылған өз заманның өр тұлғаларының өмірбаянында ұқсастық, тегінде туыстық, көзқарасында толиранттық жоқ, бұлар әр дәуірде өмір кешкен әр түрлі жандар. Оларды бір-бірімен байланыстырып тұрған жалғыз-ақ жайт бар, ол – алға қойған мақсатқа жетудегі табандылық, өз замандастары мен тұстастарына мүлде ұқсамайтын мінез-құлық. Міне, дәл осы қасиеттер олардың тарихтағы орнын айқындаса керек.
Автор тарихты жақсы біледі. Оны Шыңғыс хан туралы пайымы айқын көрсетеді. Академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен 1996 жылы Алматының «Атамұра» баспасынан шыққан, «Қазақстан тарихының» 1 томында былай деп жазылған: «XII ғасырдың аяғы – XIII ғасырдың басында Орталық Азия мен Қазақстан далаларындағы саяси жағдай күшті көшпелі тайпалар одағы билеушілерінің арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы күрестің күшеюімен сипатталады. Осы күрестің барысында монғол тайпасының өкілі Темучин (Шыңғыс-хан) Орталық Азия тайпаларын біріктірді, сөйтіп ол Орталық Азия даласындағы ең құдіретті жаулап алушыға айналды. Керейіттер ханының наймандармен, монғол тілдес татар және меркіт тайпаларымен соғыстарыңда Темучиннің атағы шыға бастады, ол соғыстарға Ван-ханның вассалы ретінде болашақ Шыңғыс-хан белсене қатысты.
Темучин керейіттер мен наймандар ұлыстарының билеушілерін талқандаған кезде ол Орталық Азия далаларындағы бірден-бір құдіретті қолбасшыға айналып, мұны саяси тұрғыдан баянды етті. 1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің сағасында Темучинді жақтайтын көшпелі шонжарлардың құрылтайы өткізіліп, сонда ол тоғыз құйрық қыл байланған қасиетті ақ ту желбіреген жағдайда салтанатты түрде ұлы хан деп жарияланды. Сонымен бірге құрылтай Темучинге Шыңғыс-хан атағын бекітіп берді, бұл оның өз есімінің орнын басты. Темучин – Шыңғыс-хан былай деп мәлімдеді: «Мен... түрлі мемлекетті ақиқат жолына бағыттап, халықтарды өзімнің біртұтас билігіме қараттым». Мүмкін, ол Батыс пен Шығысқа жасаған жорықтарының нәтижесінде өзінің қандай шыңдарға шығатынын білмеген де болар, атап айтқанда, қашқан наймандар мен меркіттерді қуалай отырып, оларды 1208 жылы Ертіс жағалауында екінші рет талқандады.
Бірлесіп қимылдаған меркіттер мен наймандар тобын 1209 жылы ұйғыр идиқұты (билеушісі) өз иелігіне өтуге әрекет жасаған кезінде тас-талқан етті. Соның салдарынан олардың жолдары екі айрылды.
Талқандалудан аман қалған найман тайпаларын Күшлік-хан Жетісудағы қарақытайлар иелігіне әкетті, ал меркіттер Орталық Қазақстан далаларындағы қыпшақтарға қашты. Наймандардың едәуір бөлігімен Жетісуға ығысқан Күшлік-хан онда қалыптасқан күрделі жағдайды пайдаланып қалуға тырысты».
Сергей Харченко осындай тарихи деректерді келтіре отырып Шыңғыс хан туралы қазіргі кездегі қоғамдық пікірді де зерделейді. Бұл ретте ол тек орыс тіліндегі деректерді ғана емес, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Шыңғыс хан және оның заманы» сияқты қазақ тілінде шыққан еңбектерінен де мысал келтіріп, айтар ойын құжаттармен қуаттай түседі.
Қазақ мемлекетінің іргетасын тап осы төре тұқымының өкілдері қалағаны белгілі. «Қазақ қоғамындағы жоғары мәртебе иесі сұлтандар, яғни Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтар – шыңғысзадалар болды» – деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында. Олай болса, шыңғысзадалар қазақ қоғамындағы ең бір ықпалды күшке айналғаны жасырын емес. Әрбір шыңғысзада Шыңғыс хан ұрпақтарының қай әулетіне жататынына қарамастан монғол империясының дәстүрі мүмкіндігінше сақталған жердің бәрінде хан тағына таласуға құқылы болды.
1471 жылы Қазақ халқының құрылуы Қазақстан тарихы үшін белесті кезең еді. Бұл оқиғаның саяси және қоғамдық мән-маңызы қазақ хандығының Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығында жатыр. Оны өздерінен бұрын өткендер немесе тарихи бабалар емес, қазіргі бар түркі халқы құрды.
1459 жылы Жетісуға жай ғана жекеленген тайпалар тобы емес, Жәнібек пен Керей ұлысының халқын құрайтын рулар мен тайпалардың бірлестігі бөлініп, көшіп келді. «Олар жай бір саяси топ қана емес, құрама бірлестік типтес субэтникалық қауымдастық болатын», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп Жәнібек пен Керейдің 1466 жылы қазақ мемлекеттігін құруына жағдай жасалды.
Біздің қазақ халқының тарихында сол заманнан жеткен үш заң ескерткіші бар, олар аңыз бойынша Қасым мен Есім хандардың есімдеріне байланысты айтылатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы».
Кітап авторы осынау ірі тұлғалар туралы тарихи деректерді іріктеп, өз оқырманына қызықты қылып жеткізеді.
Кітаптағы басқа да қазақ хандары туралы жазылған очерктер дарқан дала ұлдарының бейнесін жақсы ашады.
Қазақ халқының тарихында Кенесары ханның алатын орны ерекше. Ол Абылайдың немересі, бүкіл ұстанымында өзінің даңқты атасына ұқсауға тырысқан. Тіпті ұраны да «Абылай» еді. 1841 жылы қыркүйекте қазақ руларының өкілдері Кенесарыны ақ киізге отырғызып, хан сайлайды. Ол хан сайланған соң Қоқандағы қандастарын босатуға әрекет жасайды. Кене хан шын мәнінде өз қандастарының мүддесін ойлап, олардың бостандығын аңсаған, осы жолда қандай да болмасын қиыншылықтан қайыспай, қарсы тұрған тұлға.
Кешегі Кеңес Үкіметі тұсында Кенесары ханға деген көзқарас тым өзгеше еді. Оны мына бір мысалдан-ақ көруге болады.
1952 жылы «Қазақ ССР тарихы» кітабының жаңа редакциясын басқарған Ілияс Омаровқа «буржуазияшыл ұлтшылдардың Кенесары ханды мақтауына жол берді» деген айып тағылды. Тарихшы Е.Бекмахановпен бірге итжеккенге айдалып кету қаупі туды. Ал москвалық тарихшы, академик Анна Панкратованың 1949 жылы 27 казанда Ілекеңе жазған хаты бар еді. Онда әлемге әйгілі оқымысты былай депті: «Бірқатар тарихшылар арасында тарихи ақиқатқа қарамастан, қазақ халқының тарихын сүмірейтіп көрсетуге тырысушылық бар. Осыған ұқсас тарихи жағдайда бой көрсеткен грузин патшасы немесе өзбек ханы неліктен озық ойлы қайраткер саналып, ал қазақтар Абылайды не Кенесары Қасымовты қаралауға тиістігін мен мүлде түсінбеймін. Мен қазақ тарихының осы аса көрнекті тұлғаларына баға беруде ешқандай жағдайда да тарихи шындыққа кереғар жолға түсе алмаймын». Егер Ілекеңдер қара басы мен мансабын күйттеген жан болса, осы құжатты көлденең тартып, Панкратова сияқты ғұламаның беделіне сүйеніп, жөнсіз жазадан құтылып та кетер еді. Ал Ілекең болса, тірі жанға тіс жармады, тек ауру меңдеп, жарық дүниемен қоштасар сәтте ғана былай деп ашылыпты: «Тарих мәселелерін өзімнен көп білетін әрі «Қазақ ССР тарихына» басты шығарушы болған көрнекті орыс тарихшыларын мен ыңғайсыз жағдайға қалдырмадым... Өйткені қателікті мен өз мойныма алдым ғой. Демек, аман қалу үшін домалақ арыз жазып, ақталудың оңай жолын іздеген емеспін...».
Ал тәуелсіздіктің арқасында бүгіндер Кенесары ханды өз елі бостандық үшін күрескен қайраткер, қас дұшпанға қарсы тұрған нағыз батыр, тарихи тұлға деп біледі. С.Харченко өз кітабында да баһадүр бабамыздың еңбегін дәл осы тұрғыдан көрсетеді.
Енді осы туындының авторы туралы бірер сөз. Қазақстан тыңының дүркіреп тұрған тұсы. Сонау Украинадан жүрек қалауымен Қазақстанға келген Харченко талай істің басын қайырады. Әскер қатарында болады. Құрылысшы-тас қалаушы болып, талай ғимараттар салады, комсомол жетекшісі болып сайланады. Облыстық партия комитетінде істейді. Баяғы бала жастағы арманы алға жетелеп, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірді. Тағы оқыды, кандидаттық диссертация қорғады, тағы оқиды, докторлық диссертация жазып, оны Москвада сәтті қорғайды. Ол бүгіндер социология ғылымының докторы, профессор, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінде "Редакциялық менеджмент" пәнінен дәріс оқиды. Өйткені профессор Харченко осы саладағы ең бір білікті мамандардың бірі, теорияны тәжірибеге айналдырып, мүлдем жаңа сипаттағы редакция құрған, ақпарат айдынында ақ кемедей жарқыраған, бәсекелестікке қабілетті, оқырмандары мол газетке басшылық жасап отырған жан.
Әңгіме болып отырған туынды сол журналист-ғылымның тоғызыншы кітабы, шығармашылық ғылыми жұмыста алған үлкен бір белесі, оқырманын тарихты жаңаша зерделеуге бастайтын болмысы бөлек баян.
МӘНШҮК ЖАҚҚАН МӘҢГІЛІК ОТ
Батыр қыздың бейнесі Қостанай сахнасында тұңғыш сомдалды
Халқымыздың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы сценарийін А.Михалков-Кончаловский жазып, режиссер М.Бегалин түсірген "Мәншүк туралы жыр" атты әдемі кино бар. Онда аяулы Мәншүк рөлін әлемге әйгілі Наталья Орынбасарова сомдаған еді.
Әдебиетте біздің ақын апамыз, Қазақстанның халық жазушысы, бар қазақтың анасы атанған, келер жылы туғанына жүз жыл толатын Мәриям Хакімжанова жазған "Мәншүк" атты поэманың орны ерекше. Бұл мәңгілік туынды 1945 жылы, Ұлы Жеңістен кейін іле-шала жеке кітап болып басылып шықты. Поэма 1947 жылы орыс тіліне аударылып, жарияланды. Апамыз осы дастаны бойынша телесценарий жазып, оның 1963 жылы телеэкраннан көрсетілгені де белгілі.
Ал сахнада Мәншүк бейнесі тұңғыш рет Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында сомдалып отыр. Ә дегеннен айта кетейік, қаһарман қыздың рөлінде ойнаған талантты қарындасымыз Зәмзәгүл Балтабаева Мәншүк бейнесін өте шебер, көңілге қонымды, жүректі тебірентерліктей етіп жасады.
Оның Мәншүгі жүрегі нәзік, Отанға адал, әзілге ұста, ән мен биге құштар, аяулы әжесі мен ана орнына ана болған Әмина апасына жан теңгермейтін, туған жердің қадір-қасиетін жан дүниесімен ұғатын, достыққа берік, сезімі мен сенімі мөлдір бойжеткен.
Ол болашаққа сенеді. Ол әділдікке сенеді. Ол Отанына сенеді. Сол Отаны үшін жан қиюға бар.
Соғысқа барамын, жаудан кек аламын деп әжесіне (ҚР еңбек сіңірген артисі Шахарбанум Есенқұлова) сыр ашқанда көпті көрген кейуана "Әкеңді халық жауы" деп, жанын қиған ел үшін бе?" деп айтып қалады. Бойжеткен қыз сонда "Әкем үшін, сен үшін, Отан үшін кек аламын" деп өжет мінез танытады. "Менің Әкем халық жауы емес, ол жалған сөз", деп шорт кеседі.
– Әжетай, Отанды біз қорғамасақ, кім қорғайды, бер тілегімді, – деп қарт әжені де иліктіреді. – Келген соң дәрігер болып, өзіңді емдеп аламын, – деп еркелейді.
...Поезд зулап келеді. Майданға бет алған Қазақстанның кең даласының бір бекетіне аялдаған поездан түскен, әскери киім киген Мәншүктің туған жер туралы монологы жүрек толқытады.
Зәмзәгүл – Мәншүк Ақ Жайығын асқақтатады, туып-өскен ел туралы толғанады. Сол құт мекеннің бір уыс топырағын орамалға түйіп, жол қабына салады. Алтын ұя, асқар белмен қоштасу элегиясындай ән қалықтайды.
Жалпы осы қойылымның режиссері, мәдениет қайраткері Қайыпберген Есенқұлов спектакльдің негізгі қазығы Мәншүк рөліне Зәмзәгүлді таңдап, оның талантын ұштай түскен. Расында да, біз білетін Зәмзәгүл нағыз шебер, қас талант – домбырасы да безілдеп тұр, әні де асқақ, биі де қонымды, дауысы да ашық, көзі де өткір, өзі де өткір...
Режиссер – театрдың жүрегі, қойылым тағдыры соның ізденісі мен шеберлігіне, актерлерді таңдай біліп, біртұтас ансамбль жасай білуінде десек, нағыз өнердің қайсар адамы Қайыпберген Есенқұлов бұл мақсатына толық жеткен. Спектакльдің прологы мен эпилогы арасындағы өтіп жатқан сан алуан оқиғалар бір-бірімен жымдасып, тас бұлақтың сылдырындай келісім тауып, бір-бірінен ажырамас біртұтас дүние болып шыққан. Спектакльдің өн бойында кездесіп отыратын әдемі әзіл, айтыс, өлең-жыр, би – бәрі де аяулы Мәншүк бейнесін ажарлай түсуге қызмет етеді.
Шабуыл алдындағы әр ұлт өкілдерінің жарасымды әзілі де режиссердің тың табысы. Әртүрлі ұлт өкілдерінің пулеметші Мәншүкке қамқорлығы да Ұлы Отан соғысы кезіндегі патриотизм мен интернационализм көрінісі. Мәншүктің шабуыл алдында партия қатарына кіру көрінісі де сенімді әрі әсерлі. Жауынгерлердің гармоньды қолға алып, асқақтата салған әні қандай. Ал Мәншүктің әуелеткен "Угай-ай" әнінен де қан майданда жүрген қаршадай қыздын нәзік жүрегінің лүпілін сезгендей боласың.
Соғыстың аты – соғыс. Күнде қайғы, күнде қырғын. Мәншүк те, оның майдандас достары да талай боздақтардың қазасын көрді. Мәншүк айтады: "егер олай-пұлай болып кетсем, бәрібір мен Жеңістің анасы, кейінгі туар Жеңіс пен Жеңіскүлдердің апасы болып қаламын".
Әкесі Ахметпен бірге Саратовта бірге оқыған полковник майдан даласында, ыңғи ерлермен бірге толарсақтан саз кешіп, өліммен күн сайын бетпе-бет кездесіп жүрген Мәншүкті танып, тыныштау жерге, штабқа ауыстырмақ болады. Өжет қыз пәтуалы уәж айтып, полковникке (Мейрам Жапаров) де көнбейді.
Жаралы болып, қансырап жатса да Дмитрийді (Берік Төкенов) оққа жұмсап, пулеметін сақылдатады. Жау ұшақтары бомба тастап, жан тәсілім етерде туған жерден ала шыққан бір уыс топырағын құшады қайсар қыз...
Қойылымдағы басқа да рольдерде ойнаған актерлер Гүлмира Уәлиева (Ана), Шара Мүсілова (Әмина), Қонысбек Бегайдаров (Комбат), Айбол Шәкіржанов (Төлеу), Бақытжан Таңатқанұлы (Ыбырайым), Әлімхан Мырзахан (Өзбек), Самат Алтай (Татар), Архат Уәлиев (Терентий), Қабдол-Мәжит Иманов (Капитан), Қонысбек Бегайдаров (Ахмет), Аяжан Балтабаева (Кішкентай қыз), Ажар Шәкіржанова, Толқын Баубекова (Мәншүктің құрбылары) Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойына арналып қойылған "Мәншүк" балладасының сәтті шығуына өз үлестерін қосқан.
Сахнаны безендіру, суреткерлік шешім табуда қоюшы-суретші Маралбек Нұрмахановтың ізденістері көңілге қонымды-ақ. Қойылымды музыкамен көркемдеу, дыбыстық эффект жағы да келісті.
Тұтастай алғанда Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры "Мәншүк" патриоттық қойылымы арқылы өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол, кемелденген, қандай да болмасын күрделі міндетті нағыз өнерге берілген адамдардың табандылығы, төзімі және терең ізденісі арқылы шеше алатын, ортақ мақсатқа келгенде тас-түйін жұмылып, тау қопара алатын шынайы кәсіби ұжым екенін тағы да бір дәлелдеді. Көрермендерін риза етті, қуантты, толқытты. Бар қазақтың анасы – Мәриям апаның поэмасы негізінде Ұлы Жеңістің анасы – Мәншүк бейнесін сахнаға әкелді.
Осы арада айта кететін ерекше бір маңызды мәселе бар. Ақын Хакімжанованың "Мәншүгі" – драма емес. Оны сахнаға шығару үшін осы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жәнібекова қарындасымыздың режиссер, актерлермен ақылдаса отырып жасаған еңбегін ерлік деп бағалау парыз. Шын мәнінде, Айгүл ақын апасының поэмасының ізін сақтай отырып, тамаша драма жазып шыққан. Құдай біледі деп айтайын, егер Мәриям апамыз тірі болып, осы спектакльді тамашаласа Мәншүгін тірілткен Зәмзәгүл мен оған сахналық өмір берген Айгүлін де құшағына қысып, маңдайынан сүйіп, ақ батасын берер еді. Мәриям апамыз жоқ, бірақ оның көзін көрген, сөзін естіп, батасын алған адам ретінде осы сөздерді құдай біздің аузымызға салып тұрған шығар.
Өкінішке қарай, театрдың сыртына ілінген жарнамада да, қойылым бағдарламасында да сол Айгүл Жәнібекова қарындасымыздың есімі көрсетілмепті. Бұл оғаштықты алдағы қойылымдарда түзеу керек, керек қана емес, міндет. Шығармашылық жұмыстың этикасы, өмірде де, өнерде де кеуде соқпаған, қашан да бір қалыптан танбай, ала жіпті аттамай, адал да абыройлы ғұмыр кешкен аяулы Мәриям апа рухы алдындағы жауапкершілік те осыны талап етеді.
Ендігі тілек – сахнадағы Мәншүктің ғұмыры ұзақ болғай. Ол үшін рухани байлығымыздың бір шаңырағы, киелі орын – театрымызды қолдайық. Кешегі сахнаның нағыз сәні Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров сынды ұлы актерлер шыққан Қостанай топырағындағы театрды өгейсітпей, өз үйімізге айналдырайық. Әр қойылымын асыға күтіп, өзіміз де барайық, қонағымызды да қасымызға қосып алайық.
Театр киімілгіштен ғана басталмай, ол бәлкім, Сіз бен біздің осындай киелі өнер ордасына деген патша көңілімізден де басталатын шығар.
Әрқашан аман жүздесейік, театрда кездесейік, ағайын.
Көрермен пікірі
Ақылбек Шаяхмет,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы, ақын.
Мәриям анамыздың "Мәншүк" поэмасының кезінде цензураға ұшырап, хандарымыз бен батырларымызға қатысты талай шумақтарының алынып тасталғаны бар. Мына спектакльде сол бабаларымыздың рухы сезіледі. Махамбеттің "Ереуіл атқа ер салмай" деп басталатын асқақ жыры Мәншүктің аузымен айтылып, ұрпақ сабақтастығын паш етеді.
СҰҢҒЫЛА СЫРЛАР, ЖАМПОЗ ЖЫРЛАР
Хамитбек Мұсабаевтың ақындығы туралы бірер сөз
Қаламгер атанып, сөз өнері мен баспасөз саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқандықтан туған әдебиетіміздің хал-ахуалын үнемі назарда ұстап отыру – бұлжымас әдетіме айналып кетті десем, ешкім бекер дей қоймас. Қазір біздің облысымызда да біраз ақын-жазушылар еңбек етуде. Әрқайсысының өз қолтаңбасы бар. Осы қаламгерлер арасында шығармашылық еңбегі жемісті болса да, 6-7 жинақ шығарса да өзінің лайықты бағасын әлі алмаған бір ақын бар. Ол – Хамитбек Мұсабаев. Өткен, 2005 жылдың аяғында оның белгілі меценат Жұмағали Құрмансейітовтің демеушілігімен мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген "Наркескен" деп аталатын өлеңдер мен поэмалар кітабын оқып шыққаннан кейін осындай қорытындыға келдім. Көлемі 500 бетке жуық бұл кітап үлкен-үлкен 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге ақынның әр алуан тақырыпқа жазылған лирикалық өлеңдері, "Тұлғалар" деп аталатын екінші бөлімге Аяз би мен Жиренше шешеннен бастап Қалибек Деріпсалдинге дейінгі аралықтағы Алаш қайраткерлері мен өнер шеберлері туралы жүрекжарды жырлары топтастырылған. Ал, үшінші бөлімде қаламгердің 11 поэмасы берілген.
"Наркескенді" бас алмастан бір күн ішінде оқып шығып, ғажайып әсерге бөлендім. Хамитбектің дүниетанымы, білім, ой, дарын, тіл байлығы қалыптасқан қолтаңбасы сүйсіндірді. Өлеңдерінің мазмұны да, мағыналық маңызы да терең әрі өмірдің өзіндей алуан тақырыпты қамтиды. Ақынның көркемдік әлемі ойыма Жүсіпбек Аймауытовтың "Мағжанның ақындығы туралы" деген мақаласын түсірді. Жүсекеңнің Мағжан өлеңдерінің астарын зерделей келіп: "Мағжан нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны. Ұлт ақыны" – дейтіні бар емес пе?! Оның осы сөзін Хамитбек шығармашылығы туралы да қайталап айтуға болады. Хамитбек те күйшіл, сыршыл, нәзік сезімдерді толқытқыш, тебіренгіш. Осы кітаптың Алғысөзінің тақырыбын "Тәуелсіздік жыршысы немесе Алашшыл ақын" – деп көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлы бекер жазбаған. Шынында да Хамитбек Тәуелсіздігімізді асқақтата жырлап жүрген ақын. Ақынды ақыннан артық кім таныған?! Секең Хамитбектің өзіндік ерекшеліктерін дәл көрсеткен: "Сөз өнерінің қадір-қасиетін жанымен ұққан ақын інімнің "Наркескен" кітабына Алғысөз жазу барысында оның көп оқып, көп ізденетінін және ақындық еңбегінің жемісті екенін біліп, қаламдас ағасы ретінде қатты қуандым. Әдетте өлең жазушы көп те, шын ақын аз. Хамитбек – ақын. Ақын болғанда өлең-жырларынан көркемдіктің қуаты мен мұңдалап тұрған ақпа-төкпе ақын. Қуаныштысы Хамитбекте жүректің отымен жазылған өлеңдер көп. Соңымызда осындай дарынды ақындардың келе жатқаны үшін қуана білуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да оған өлеңде бағың жансын, бауырым! – деп ақ тілегімді білдіремін" – дейді С.Тұрғынбекұлы ағынан жарылып. Ақын кітабының бірінші бөлімі:
"Шыным да, барлық сырым да,
Ұятым менен арым да,
Шаттығым менен зарым да,
Бәрі де бәрі – жырымда!! – деген бір шумақ эпиграфпен ашылған. Ал беташар бөлім "Тәуелсіздік толғауы" деген тамаша жырмен басталған. Бұл толғау:
Ел болып шырқар – Басты Әнім,
Ел болып жырлар – Дастаным,
Бір өзің десем артық па,
Тәуелсіз Қазақстаным! – деген жан тербер жолдардан басталып, егемендігіміздің қандай құрбандықтармен келгені және оны қадірлеу туралы үлкен әлеуметтік ой тастайды, қоғамдық пікір түйдіреді. Сол сияқты осы бөлімдегі "Туған жермен сырласу", "Қайталанбас енді екінші", "Анама хат", "Бәсіре", "Өмірбаян", "Балалық шақты аңсау", "Найзағай", "Жүк", "Досқа сыр", "Раушанға", "Түн қандай ғажап, ай қандай", "Махаббат жыры", "Қазақ тілі", "Құранкәрім”, "Аруақ", "Мағжанмен мақұлдасу", "Тәттіғұл-Тоқсанбай қажылар кесенесі" деп аталатын өлеңдер де салмақты, салиқалы туындылар.
Ал, "Мағжанмен мақұлдасуын" – тебіренбей, көкірегің күңіренбей оқу қиын. Бұл жырдағы – XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы запыран-зар қобыз үніндей кеудеңді қарс айырады. Өлеңнің мазмұнын қара сөзбен қайталап айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан оны оқырман өз көзімен өткеріп, оқығаны абзал. Енді бір алуан өлең "Теріс бұтақ топтамасы," деп аталады. Мұнда А.Имановтың, оның туған жері Теріскенсай мен Дулығалының, анасы Қалампырдың, нағашы атасы Бердікей ишандардың, ағасы Көшімбек бидің, жазушы Бақыт Имановтың, жан ақынның бейнелері жырмен қашалып жасалған. Бұл өлеңдер – кеңестік дәуірдегідей жалған мадақ даңғаза дақпыртқа емес, шынайы шындықпен шырайландырылған. Халық батыры Аманкелдінің өмірдегі болмысы боямасыз кестеленген. Ал, "Біз жылымық жылдарда туғандармыз" деген өлең – ақынның ғана емес, бәріміздің жан сырымыз секілді. Түгел оқиық:
Біз – "жылымық жылдарда" туғандармыз,
"Тоқыраудың" – балаларымыз.
Түнектің бәрін – қуғандармыз,
Жазылар емес сонда да жараларымыз?!
Біз – социализмді арқандап,
"Халық жауларын" – құндатқандармыз!
Қызыл империяны – талқандап,
Тәуелсіздікті орнатқандармыз!
"Желтоқсан-86-ның" –
Тозағына жанып-күйгендерміз!
Кемеңгер қазақ халқының –
Қасіретті тарихын сүйгендерміз!
Бұхар жырау мен Абай, Мұхтарды –
Жүректе жаттағандармыз!
Ахмет, Мағжан, Міржақыптарды
Соттағандарды,
Ар алдында – соттағандармыз!!!
Экономикада – күнін кешіп қара шаруаның,
Нарықта – кіріптар болып тосылғандармыз.
Саясатта – "АЛАШТЫҢ", "АЛАШОРДАНЬІҢ"
Арманын жүзеге асырғандармыз!!!
Біз – қалайтын жоғары ұшқанды,
Тайқымас табанды ұрпақпыз.
300 жыл бодан болған Қазақстанды –
Жерұйыққа айналдырмақпыз!!!
Мұндағы айтылған ойлар – тұтас қазақ ұлтының қазіргі күндері мұраты мен мақсаты, тілегі мен ниеті. Бұл кітапта философиялық ой-түйіндерге толы өлеңдер көп. Қайсысын алсаңыз да қалыптасқан ақындық сыршыл қолтаңбаны, шыңдалған шеберлікті, кең тынысты көресіз. Осы өлеңнің жалғасы іспетті "Тағдыры үшін Қазақстанның" деп аталатын шап-шағын, бірақ қорғасын құйған сақадай шып-шымыр жыр бәріміздің ортақ тілегімізді аңдатып тұр. Мұны да түгел оқып көрейік:
Көре алмайтын ала дұшпанның,
Көзіне шыбын үймелетемін.
Тағдыры үшін Қазақстанның –
Дүниені дөңгелетемін!!!
Тәуелсіздікке жеткелі қолым,
Досымды да ұқтым, қасымды да ұқтым!!
Әлем таныған соқталы Елім,
Жолыңа сенің басымды тіктім!
...Гүл егіп қырқа-қыраттарыма,
Көргендер көзін алмастай етем!
Алдымда тұрған мұраттарыма,
Адалдан тілеп, жауласпай жетем.
Бабамнан қалған ардақты Отан,
Кеше гөр, болса білместігімді.
Сақтай алмасам не дейді жаһан,
Оп-оңай келген дербестігімді!!!
Ойлы жыр. Арлы жыр. Ақынның ана тіліміз туралы өлеңдері де өзекті өртеп жүрген ортақ өкінішті толғайды. Міне, сол ақиқат.
Ботасы өлсе – бозінген де боздайды,
Оты сөнсе – ошақ қалай маздайды?
Ана тілім, ертеңіңді ойласам,
Шыбын жаным шығып кете жаздайды.
Хамитбектің ақындық өнерді тануы мен бағалауы жоғары:
Ақында – кейде ақылдан сезім басым,
Сенсең де, сенбесең де – осы расым.
Кеудемді өлең кернеп кеткен кезде,
Мен де – Абай,
Мен де – Мағжан,
Мен де – Қасым!!! – десе, біз бұған толық сенеміз. Мұндай алапат сезімді әрбір шын ақын басынан кешіреді. Немесе оның келесі бір өлеңіндегі:
Нағыз ақын – болу керек Құдайдай,
Шұғыласы әлемге ортақ – Күн, Айдай.
Асан Қайғы, Бұхар жырау, Махамбет,
Мағжан, Қасым, Сырбай, Олжас, Абайдай, – дегеніне де шүбәсіз иланасыз. Кітаптағы туған жер, туған ел, Отан, махаббат туралы өлеңдер де сәтті шыққан. Атап айтқанда, "Қасиетті Батпаққарам-ай", "Жыңғылды өткелі", "Қоңыраулы", "Жыланшық", "Ахаңның Ақкөлі", "Біз бақытты бола алмаймыз Торғайсыз", "Торғай қаласы", "Түркістан", "Бардым Ұлытауыма", "Жиделі", "Айналайын, Айырқұм", "Өзің ғой маған", "Сүйем мен де Хамаңша", "Алғашқы уыз махаббат", "Қазақ әйелі" деген жырларда ақынның мөлдір сезімі, кіршіксіз көңілі, елі мен жеріне деген перзенттік махаббаты оттай маздап, ыстық жалынымен шарпиды.
Ақын жырларының мазмұны терең, формасы мол. Онда екі жол, төрт жол, жиырма-отыз жолдан ұйқасатын өлеңдер бар. Мысалы:
Құс кетті.
Қыс кетті.
***
Данышпан – сен, ақымақ па басқалар,
Азаматтар жоқ па – елге ес болар?!
Жексұрын ба – бәрі жайсыз қасқалар,
Өмір сүріп жүр ме әлде босқа олар? – деген өлеңдер басынан аяғына дейін бірыңғай екі жол, төрт жолдан шебер ұйқасқан. Екі жол ұйқас бұрын бар ғой. Ал бірыңғай төрт жолдан ұйқасқан өлеңді бірінші рет оқып отырмыз. Бұл әдебиетімізге Хамитбек әкелген жаңалық. Оның шеберлігін танытатын бір өлеңі "Кейде" деп аталады. Бұл өлеңнің әр жолындағы барлық сөздер ұйқасқан. Байқап қараңыз:
Кейде – шалқар көлдеймін,
Кейде – салқар белдеймін.
Кейде – аққан селдеймін,
Кейде – соққан желдеймін, – деп осылайша жалғаса береді.
Хамитбек кешегі қанды сұрапыл соғыстан кейін туса да, оның зар-запыранын басынан кешірмесе де бұл тақырыпты көп жырлап жүрген ақындарымыздың да бірі. "Қайталанбасын енді екінші" деген өлеңінде:
Жазылса да жараның мыңы,
Есте – соғыстың үні.
1941-ші жылғы 22 маусым –
Тарихтың қаралы күні, – деп адамзатқа үн қатады. Сол сияқты "Кештік бастан біз де соғыс зардабын" деп аталатын топтамасы, "Волховқа мен де барамын" және "Тоққұлының Садығы" деп аталатын жырларында соғыс салған қайғы-қасірет, мұң-нала шынайы баяндалады. Әсіресе "Тоққұлұлының Садығы" деген өлеңінде соғыстан кейінгі халық қасіреті мен қуанышы, ұлттық рух болмысы қанық бояумен бедерленген. Садықтың тоғыз ағасы соғыстан оралмайды. Елге келген соң ол тоғыз жеңгесінің өзін күтіп отырғанын көреді. Сүт фермасында сауыншы болып істейтін олар қайнылары Садықты сағынысып қарсы алады. Ал Садық сүт фермасына завферма болып орналасады. Өзінің де екі әйелі бар ол жеңгелеріне әмеңгерлік жасайды. Өмірге сәбилер келеді. Оларды ағаларының аттарына жаздырады. Қамқор болады.
Жоспарды артық орындап жылда-жылда,
Сүт фермасы – жарыста жүрді алда.
Ең ғажабы сауыншы тоғыз жеңге,
Сүйді Садық ағадан қыз да, ұл да.
Өсті бірге сәбилер қол ұстасып,
Сыры ұштасып,
Жүректе жыры ұштасып.
Тату болып абысын бәрі
Жатты үйде,
Фермада ырыс тасып.
Бір ауыл боп бірлікті, ынтымақты,
Сүт бұлағы фермада әр күн ақты.
Тоғыз аға үйінің Сәкең солай,
Өшірмеді шырағын қайта жақты.
Жылдар өтті,
Өмірден Сәкең де өтті,
Бір адамдай тер төгіп, еңбек етті.
Жалғыз өзі он үйге тұтқа болып,
Кетті қосып қатарға бір әулетті.
Бұл нағыз қаны тамып тұрған шындық. Соғыстан кейінгі талай қазақ ауылында болған оқиға. Бірақ Кеңестік дәуірде айтылмады. Айтуға мүмкіндік берілмеді. Ақын өмірдің осы шындығынан әдемі жыр тудырған.
"Наркескеннің" екінші бөлімі "Тұлғалар" деп аталады. Мұнда жоғарыда айтқанымыздай Аязбиден бастап бүгінгі өз замандастарымыздың да тұлғалары көркем бейнеленген. Әрқайсысының өмірдегі өз болмыс-бітімі дәл сомдалған. Мысалы, өзіміз талай көрген, ғажайып әңгімелерін сүйсіне тыңдаған Ахмет Әбіқаев туралы өлең осынау сан қырлы өнер шеберлерінің бейнесін қаз-қалпында көрсеткен. Бұл өлеңді үзіп-жұлмай тұтас берген жөн болар еді. Газет беті көтермейтіндіктен екі-үш шумақпен шектелейік:
Өтсе де өмірі – Торғайдың даласында,
Тарих жүзген том-том боп санасында
Ахметхандай ақиық енді қайтып,
Туар ма екен, қазақтың баласында?!
Көмейінен ұшқандай көкала үйрек,
Ахметхандай асылдар туар сирек.
Торғай тасып жататын арнасында,
Ол әніне салғанда "Он екі ирек".
Тектілік бар – түбінде, түбірінде,
Зор тұлғасы – тұр сайрап көңілімде.
Сегіз емес,
Сенсеңіз сексен қырлы –
Ондай дарын көрмедім өмірімде!!!
Кітаптың үшінші бөліміндегі 11 поэманың бәрі де үлкен толғаныстан туған. "Қаншеңгел" поэмасының арқауы – Ахмет Байтұрсыновтың соңғы күндері. Бұл оқырманның жан дүниесін қозғайтын, бір де күйіндіріп, бір де сүйіндіріп, баурап алатын психологиялық поэма. Ақын Ахаңның ой ағысын, күңіренген ащы күйігін өзіне сай лайықты формамен, жан тербер сөздермен ашып салған. Поэманы құйқа тамырың шымырламай оқу мүмкін емес.
Ойсоқты болып – қатты ғой басым,
Көзімнен көл боп – ақты ғой жасым.
Сергелдең кешіп, сарғайып санам,
Төбемнен тура түсті ғой жасын.
Өзіңе аян – өмірім, ісім,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам...
Өзегім күйіп, өртенеді ішім.
Көбейген шақта сақалдың ағы,
Кетті ғой тайып ағаңның бағы.
Темір құрсаулы түрмеге мынау,
Төртінші рет мен қамалдым тағы.
Ана сүтімен ақындық дарып,
Жыр жазып едім, отырмын налып.
"Халық жауы" боп – қасірет шеккен,
Бүгінде, енді мен де бір ғаріп.
Дамылдап бір сәт таба алмай тағат,
Кеттім, – деп япыр-ау, қай жерден ағат??
Түсесің ойға иір де шиыр...
Елестеп көзге – мақсат пен мұрат.
Жегенім – желім, ішкенім ірің,
Түсінер түбі, Алашым – пірім.
Басты кінә боп тағылды-ау маған,
Сүйгенім туған ұлтымның тілін!
Бола ма – сұмдық дәл мұнан өткен,
Сталин заңы шықты ғой шектен.
Жауапты орында безбүйрек жандар,
Аяуды білмес, мейірімсіз неткен.
Тегінде бәрін алған ғой таңдап,
Қол қойдырады азаптап... зорлап.
Сенбейді айтқан сөзіңе адал,
Мазақ қылады табалап қорлап.
Ахаң туралы бұл поэманы 1991 жылы Торғайдың Ақкөліндегі мәжілісте академик З.Қабдоловтың, үлкен жазушы Ә.Кекілбаевтың, көрнекті ақын С.Тұрғынбекұлының жоғары бағалағанын жақсы білеміз. Осы таяуда 60 жасқа толған тойына келгенінде Серіктің: "Ахаң туралы біз жазбаған поэманы Хамитбек жазды, өте жақсы жазды және сонау Ахаң ақталған 1988 жылы жазды. Бұл әдебиетімізге қосылған үлкен үлес. Ахаң туралы мұндай тамаша поэма әлі күнге жазылған жоқ", – дегенін аманкелділіктер оның өз аузынан тағы бір естіді.
Оның бұл сөзінің зәредей жалғандығы жоқ. Мұндай пікірді ақынның кітабына енген кез-келген поэмасы туралы айтуға болады. Мысалы "Міржақыптың соңғы монологі", "Он жеті ер", "Абылай хан мен Бұхар жырау", "Қойлыбайдың қоштасу күйі", "Бәйге немесе тұлпар тағдыры", "Шақшақ Жәнібек", "Тәуелсіз Қазақстаным", "Мұхтардың монологі", "Ғазиз қажы", "Нұрсұлтан Назарбаев" поэмалары туралы да. Бұлардың көркемдік кестесі, көтерген жүгі бірінен-бірі өтеді. Жазылу формасы да әр түрлі. Тілі бай, ойы терең. Ақын Президентіміз Н.Назарбаев туралы әуелі бірнеше қысқа өлеңдер жазып барып, ақыры үлкен поэмаға қол артқан және бұл туынды ана тіліміздің бар ажар-бояуымен әдіптеліп, сұңғыла сырлар ағытқан. Хамитбек талантының табиғатын, бітім-болмысын, лирикалық нәзік тынысы мен эпикалық кең құлашын егіз қатар танытқан шығармалары – осы 11 поэмасы. Бұларда табиғат көріністері, адамдар жанының сұлулығы күй сияқты шертіледі. Ақынның тілінің көркемдігі мен байлығы, шешендігі мен айтқыштығы көзге түседі. Жақұт та жампоз жырлар ағытқан сұңғыла сырлар жүректі әлдилейді.
Шынымды айтсам, "Наркескенді" оқып шыққан соң кеудеме нұр құйылғандай әсерге бөлендім. Хамитбектің үлкен ақын екендігін таныдым. "Наркескен" – Хамитбекті облысымыздың маңдайалды ақындарының бірі дәрежесіне жеткізген нысаналы кітап. Мұндай кітаптар өмірге күнде келе бермейді. Қаламдас ақиық ақынымыздың үлкен табысына ел болып бірге қуанайық дегім келеді. Сол сияқты осындай сүбелі кітапты шығарып берген меценат Жұмағали Құрмансейітовке айтар алғысымыз мол. Әдебиетіміздің осындай үлкен жанашырлары көбейе берсін дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |