Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет23/25
Дата24.04.2016
өлшемі1.57 Mb.
#78178
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

"Тосамыз әр хатыңды,

Сағындың Алматыңды.

Ғылымға айырбастап

Ақындық мандатыңды.

Сағындың достарыңды,

Сағындың "тостарыңды".

Айта жүр біздерге де

Секе, сен жоспарыңды", – деп әзіл өлең жазыпты. Әзіл де болса, шындыққа жанасатын секілді. Өйткені, сіз, қазір периферияда жүрсіз.

Кезінде қоян-қолтық араласқан, сыйласқан, шығармашылық байланыста болған әдеби ортаны, тіпті, өнер өлкесіне, әдебиетке қанат қақтырған сұлу қала – Алматыңызды сағынбайсыз ба?

– Алматыда 36 жыл тұрыппын. Әрине, аз емес. Жастық шағым сонда өтті.

Елге бармай болмас деп,

Жатам бір-ақ уыс боп.

Алматыда жолдас көп,

Туған жерде туыс көп, – деп өлеңдетуші едім, енді:

Атыңды жүрдім Ту қылып,

Алтындым, гүлдім, Қостанай!

Өзіңде тағдыр тудырып,

Өзіңе қайыра қосқаны-ай! – деймін. Бала кездегі бірге оқыған достарыма қосылдым. Алматымен жиі хабарласып тұрамын. Сағынған сәтте "Сағындым Алматымды" ыңылдаймын. Алматыда балаларым тұрады, Көктөбесінде аяулы Анам жатыр, алаңдатады, әрине... Бірақ өкініш жоқ.

Қалам ұстағандардың бір бақыты – бір-бірінің амандығын газет-журналдарда шыққан шығармаларынан біліп отырады. Әдеби ортамен жазған мақалаларым мен өлеңдерім жалғап жатыр.

Көп ақын "Өлеңім – өмірбаяным" дейді, Сіз ше?

Өлеңде өмірбаяның болатыны рас. Дегенмен, ол өміріңнің дәл өзі емес! Поэзия – бейнелі, бедерлі, әсерлі, әсем, асыл сөз, "сөздің патшасы" (Абай). Тіршілік күйбеңі басқа, онда үнемі көтеріңкі көңіл, пафос, сұлулық бола бермейді.

Журналистика мен публицистика жалпы алғанда бір ұғым болып саналғанымен, журналистика – күнделікті газет жұмысы да, публицистика – қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғайтын әрі көркем дүние ғой. Сол сияқты тіршілік пен өмірдің де айырмашылығы бар деп ойлаймын. Тіршілік – күнделікті күйбең тірлік те, өмір – айналаңмен араласу, еліңе қызмет ету, халық қамын ойлау, елге пайдалы болу, әр күніңді мәнді, мағыналы өткізу, арман-мақсатыңның жолында тер төгіп, соған талпыну, жету... Сонда ғана өмір сүрдім деуге болады. "Мал өмір сүрді" демейміз ғой. Адам өмір сүрді дейміз. Адамның малдан айырмашылығы – санасы мен екі колы. Әйтпесе, Абай айтқан "аузын буған бір қап..." Өмір сүрдім деп жігермен батыл, ауыз толтырып айтарлық ғұмыр кешкенге не жетсін?!

Өлең – сол өмір сүріп жүрген кездеріңнің бедері болар.

Қазір не жазып жүрсіз? Филология ғылымдарының кандидаты, доцентсіз, докторлық тақырып алған жоқсыз ба?

– Бірі – "...деген екен", 150 беттей, екіншісі – "Ең жақын кім адамға?", 300 беттей, балаларға арналған өлеңдер, үшіншісі – "Алтынсариннің айналасындағы адамдар", 300 беттей, төртіншісі – "Сағындым Алматымды", екі жүздей ән мәтіні, бесіншісі – "Қазақ ақын публицистерінің ерекшелігі", 200 беттей – бес жинағым баспаға дайын тұр. Докторлық тақырыбым да осы "Қазақ ақын публицистерінің ерекшелігі"... Ғұмыр жетсе көрерміз...

ЖУРНАЛИСТИКА ТЕК ҚАНА МАМАНДЫҚ ЕМЕС,

ОЛ – ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

«Жас өркен – Қостанай» журналы Бас редакторының орынбасары,

белгілі журналист Серік Шайман осылай дейді
Серік Әбішұлы, біздің Қостанайда қазақ басылымдары саусақпен санарлықтай ғой. Соның арасында соңғы жылдары оқырман көңілінен шығып, өзіндік бағыт-бағдарын айқындағаны осы өздерің шығарып отырған «Жас өркен –Қостанай» журналы. Бұл басылым қай уақыттан бері шығады, ұйымдастырушысы кім? Не себептен «Жас өркен – Қостанай» деп аталады? Журналдың мұқабасында А.Байтұрсыновтың суреті неге тұр? Осы сауалдарға жауап бере отырсақ.

– Нарық қыспағының «естен тандыру» процесі әлі айықпаған 2003 жылы мынау орыс тілді Қостанайда 35 бет болып толық қазақ тілінде шығатын түрлі-түсті бояулы журналды ақпараттар бәйгесіне қосу – асырып айтқанда көзжұмбайлық, сыпайлап айтқанда тәуекел қайығына үміт арту сияқты болашағы белгісіз, бұлыңғыр әрекет еді. Бір таңқаларлығы сол – тілді қолдану ортасының шектеулі болуына қарамастан «Жас өркен –Қостанай» атауымен дүниеге келген осы журнал тоқтап қалмай үзіліссіз шығып келеді. Жай ғана шығып қоймай, мазмұны жақсарып, полиграфиялық безендірілуі жетілдіріліп оқырмандардың сенімі мен сүйіспеншілігіне бөленуде. Оған бірнеше фактор себеп болғандай, журналда кәсіби шеберлігі жоғары, өз мамандығының шеберлері жұмыс істейді. Олар оқырман сұранысына қажетті материалдарды сұрыптап, саралап бере білді. Сөйтіп олардың журналға деген қызығушылығын арттырды. Екіншіден университет басшылығы осы журналды шығару идеясын қолдап, оның материалдық жағынан мұқтаждық көрмеуіне тікелей жағдай жасап келеді. Сол тұрғыдан алғанда алғашқы санынан бастап журналдың жолы болды.

«Журналдың бірінші бетінде Ахаң суреті неге тұр»? Ойлантатын сауал. Өйткені Ахаң бейнесін кез-келген басылым өзінің мұқабасына сала алмайды. Ол үшін мықты себебі мен дәлелі болуы керек. Ал біздің Ахаң бейнесін журнал тақырыбының жанына қоятын себебіміз мынау. Журналдың меншік иесі, әрі құрылтайшысы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті. Бұл бір. Екіншіден журналдың негізгі ұстанған бағыты Ахметтану және Алаш арыстарының өмірі мен қызметін зерделеу, танымдық, тағылымдық мақалалар жариялау, жастар шығармашылығын қолдау, әдеби-мәдени еңбектерді жариялау.

Журналдың дербес басылым ретінде 2003 жылдың 28 қаңтарында Ахаңның туған күні құрметіне алғашқы саны жарық көрді. Тұңғыш редакторы Қостанай өңіріне, одан қалды Қазақстанға белгілі журналист Байтұрсын Ілияс болды. Амал не, ол журналдың алты санына редактор ретінде қол қойып жетінші саны дайындалып жатқанда дүниеден озып жүре берді. Марқұмның жаны жәнатта болсын, таяуда қайтқанына бес жыл толды. Міне, содан бері журнал менің жауапкершілігімде. Материал іздеп табу, редакциялау, авторлармен байланыс жасау, макеттеп безендіру, былайша айтқанда бүкіл жұмыс процесі менің мойнымда.

Бас редактор, редакция алқасы бар емес пе?

– Иә, ол рас, алқа мүшелерінен, менеджер мен беттеушіден ұдайы көмек болады. Ал Бас редактор бізде негізгі бағыттарды ғана айқындайды.

Ал енді журналдың «Жас өркен – Қостанай» аталуы себебіне келсек, бұл символикалық атау. Жас өркен – жаңадан себілген ұрықтан өнген өскін, ол тарамдалып, жайылып қалың шалғынға айналмай ма? Ырымға жақсы. Қазақтың өз алдына ел болған жаңа ғасырында жаңа ұрпақ пен аға ұрпақтың арасындағы сабақтастықтың себепшісі болсын деп осылай атадық та, оған Қостанай сөзін қостық. Қостанай туған жеріміздің, өлкеміздің атауы.

Журналды қолына алған кез-келген адам оның қай жердің басылымы екенін айтпай-ақ түсінеді.

Журнал қайда, қалай таратылады?

– Ең алдымен өз облысымызда, сонан соң сыртқы жерлерге кетеді. Біздің «Қазпоштамен» келісім-шартымыз бар, журнал республикалық каталогқа енгізілген. Міне, менің алдымда «Қазпоштаның бақылау-сұрыптау таблицасы жатыр. Ондағы дерек бойынша “Жас өркеннің” Ақмола облысының Есіл, Қима, Жарқайың, Қорғалжын аудандарында, Астана қаласында, Атырау облысының Миялы, Қарағанды облысының Ақтоғай, Ақсу-Аюлы, Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз сол сияқты еліміздің басқа да қазақы елді-мекенінде оқырмандары бар. Журнал өз облысымызда болса да, болмаса да тарайды. Мұның сыртында журналды Алматыдағы орталық кітапхана, Байтұрсынов мұражайы, Евразия университеті, Президент аппараты, Үкімет үйі, Парламент, республикалық мұражай орталығы, жиырма бес жоғары оқу орыны, тағы басқалар алады.

Серік, енді өзің жайлы, шығармашылығың туралы айта кетсең?

– Менің қолыма қалам ұстағаныма қырық жылдан асты. Жасым алпысқа келді. Мақтанғаным емес, журналист ретінде облыста, одан тысқары жерде мені бірталай адамдар біледі деп ойлаймын. Оған себеп, өзің білесің, мен кезінде «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетінің осы Қостанай-Торғай облыстарындағы меншікті тілшісі болып біраз жыл қызмет істедім. Сол кезде Алматыдағы баспалардан шыққан ұжымдық жинақтарда талай очерк-әңгімелерім жарияланды. Ұзын саны елу шақты әңгімелерім, жүз елуге жуық очерктерім бар. Мен оларды қарадүрсін емес, әдеби нормаға сәйкестеп еркін стилмен жазатынмын. Содан да олар жақсы оқылатын, жақсы әсер қалдыратын. Бұл «Лениншіл жастың» мектебі еді. Өзің білесің біздің жас кезімізде облыстық газет журналистің аяқ-қолын байлап, ресмилік пен сүреңсіздікке, қасаңдыққа итермелей беретін еді ғой.

Мен ешкашан алдыма жазушы болам деп мақсат қойған адам емеспін. Қазір де өзімді жазушы деп есептемеймін. Әңгімені еріккеннен, өзі келіп құйылып тұрғаннан кейін жазатынмын. Мен туа біткен журналистпін және кәсіби журналистпін. Бұл кәсіпті бала кезімнен, мектепте оқып жүргенде сүйіп, таңдап алдым.

Сол кездегі бірер оқиғаны айтып берейін. Торғайда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте интернат болатын. Жетім-жесір, алыстағы малшылардың балалары сонда жатып оқитын. Біздің әкей жылқышы болды да, ұдай елдің шетінде, желдің өтінде көшіп-қонып жүретін. Мен 7-10 класта сол интернатта жаттым. Мынау Станислава Щегельская, Юрий Богамаз, Тойшыбек Шүкіров, Сұлтанбек Ысқақов, Қарасай Тұрғанбеков бәріміз қатар оқыдық. Интернаттың қара нанын жеп өстік. Айтайын дегенім интернаттың асханасының бір бұрышында отырып алып, бұрқыратып мақала, суреттеме, очерктерді жаза берем. Олар аудандық «Жаңа өмір», Алматыдағы «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», Целиноградтағы «Тың өлкесі», сияқты газеттерде жарияланып жатады. Ол кезде қаламақы деген болады. Ай сайын 50-60 сом ақша келеді. Соның біразын Алматыда оқып жатқан ағама салып жіберем. Студент үшін ол көп ақша, ағам мәз. Әлі күнге дейін жыр ғып айтып жүреді.

Екінші бір жәйт, мектеп бітіріп жатқан жылы бір әңгіме жазып, оған бір үйдің үш қызын кейіпкер қылып алдым. Мазмұны қазір есімде жоқ, әйтеуір махаббат жайлы болу керек. Құдай атқанда қыздардың атын өзгертпей тұп-тура қалпында алыппын. Қыздар жылап, әкесі намыстанып, сол күнгі газетке қол қойған редактордың орынбасары Әмірхан Абдуллин райкомның бюросында сөгіс алып, масқара болған.

Саған не істеді?

– Не істеуші еді, мен баламын, менен не сұраныс. Алды-артыма қарамай Алматыға тартып отырдым. Міне, қазір 40 жылдан асты сол кеткеннен мол кеттім, мен Торғайда тұрып, не жұмыс істеген емеспін.

Жаңағы қыздар қазір бар ма?

– Бар, бәрі де сұлу әдемі әйел. Мені көргенде баяғы бізді жазған «жүгірмек» осы деп өздері мәз болады.

Жалпы журналистика мамандық емес, жүрек қалауы. Мамандығың физик, немесе агроном болып-ақ жүрегіңде «сәуле» болса жақсы журналист бола аласың. Университеттің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітіріп жүз жол мақаланы терлеп-тепшіп әрең жазатын журналистсымақты да көрдік. Құдай сондайдан сақтасын. Ұлы Абай сөз өнері дертпен тең деп тегін айтпаған. Жазу пешенесіне жазылмаған адамның оқып журналист болам деуі – қасірет.

Мен Жанкелдин ауданында туғанмын ғой. Біз оны киелі, қасиетті Торғай дейміз. Оның ақындық, журналистік мектебі бөлек. Өйткені ол Қостанай сияқты тыңның эпицентрі, орыстандырудың орталығы болмаған жер. Қазақы салт-дәстүр, әуезді ана тіл онда әлі күнге дейін қаймағы бұзылмай сақталған. Бозбала кезімде менің Сапабек Әсіпов, Сабыржан Шүкіров, Бекболат Әдетов, Тәшім Хұсайынов сияқты керемет ұстаздарым болды. Мен мектепте оқып жүргенімде-ақ солардың тәрбиесін көрдім, үлгі алдым. Соларға еліктеп алғашқы мақалаларымды, очерктерімді, әңгімелерімді жаздым. Соларды және кейінгі жылдарда жазғандарымды жинақтап «Қайрылып, артқа қарадым...», «Жылдар, ойлар» деген екі кітап шығардым.

Серік Әбішұлы, қазір жігіт ағасы дерлік жасқа келдің. Өткен өмірге өкініш, әттеген-ай дегендер болады...

– Сәке, айтпақ ойыңды түсіндім. Бұл мәселеге егер қызметтік тұрғыдан келсек өкініш жоқ. Қызмет қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ дегендей. Мен Арқалықта осы Сергей Кулагиннің тұсында оның баспасөз хатшысы; Жақан Қосабаевтың тұсында – облыстық газеттің Бас редакторы; Виталий Брынкиннің тұсында – телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқардым. 1997 жылы облыс жабылып, осы Қостанайға келдім. Облыстық теледидар директорының орынбасары, Бас редактор қызметін атқардым. Қостанай теледидарына тұңғыш рет «1800 секунд», «Апта» деген апталық ақпараттық сараптау бағдарламаларын енгіздім. Көрермендердің бұл бағдарламаларды аса жылы қабылдағаны өзіңе мәлім. Ол кезде басшылардың сөзбен «сойып салып» қарап отыратынбыз. Халыққа мұндай шындықты айту ұнайтын. Қазір ондай батылдық бар ма, жоқ па білмеймін. Мен өзім «көкжәшікті» көп қарамаймын, көзім ауырады.

Қазіргі қызметімді мен ешқандай қомсынбаймын, барға қанағат. Мен үшін ең бастысы – өзім сүйетін мамандық бойынша жұмыс істеу. Егер мені бір сауда-саттық мекемесіне апарып бастық қып қойса, өкініштің көкесі сол болар еді...

Бүгін мақтанатын күн ғой, мақтаныңқырап айтайын. Мен Торғайдан шыққан тұңғыш облыстық газеттің редакторымын, тұңғыш Америка Құрама Штатында болып Атланта олимпиадасынан үш бөлімді телефильм түсірген журналистпін, Баспасөз министрі Құл-Мұхаммед қол қойған Құрмет грамотасын алған торғайлық тұңғыш қаламгермін. (Мен бұл жерде Торғай деп Жанкелдин ауданын айтып отырмын).

Міне, осының бәрі бойға – қуат, ойға – азық. Адам баласында ашкөздене бермей тәуба, қанағат деген болуы керек. Өмір өлшеулі, бәрібір бүкіл қызметті атқарып, бүкіл байлықты иемдене алмайсың. Бұрынғы ата-бабаларымыздың барға – қанағат, жоққа – салауат деуі сондықтан.



V ТАРАУ
РЕЦЕНЗИЯЛАР

«ҚАЙРАН АТАМ ҚОЙЫЛҒАН,

АХМЕТ ӘУЛИЕ ҚАСЫНА...»

Түркістанда мәңгілік тыныстаған баһадүр бабалар туралы

тарихи-танымдық кітап жарық көрді
Қазақ халқының тарихындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдардың ерлік шежіресін баян еткен «Тұмарымыз – Түркістан» атты тарихи публицистикалық жинақ Қостанайда «Центрум» баспаханасынан жарық көрді. Онда туған жердің тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншылығына қарсы жан беріп, жан алысқан шайқастарда ел намысын алаулатқан баһадүр бабалар туралы сөз болады. Ұлт тарихынан ерекше орын алатын сондай тоғыз бабамыздың сүйегі бүгіндер қасиетті Түркістанда, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жатыр. Ұлт даңқының пантеоны саналатын осы Әзірет-Сұлтан мемлекеттік қорық-мұражайы халқымыздың ерекше тәу етіп, қастер тұтатын мекені. Сол қасиетті топырақ Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мерген Бабасұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Шобан Жаманқұлұлы, Айтбай Аткелтірұлы, Мадияр Жауғаштыұлы сияқты тоғыз бірдей асыл ұлын өз құшағына алған.

Тарихтан белгілі, XVIII ғасырдың басында қазақтың үш жүзі дербес хандықтарға айналып, әрқайсысының өз хандары болды. Осы сәттен бастап қазақ хандықтары ішкі саяси жағдайдың ушығуына байланысты талай қиындықтарды бастан кешті. Билікке таласушылық, сұлтандардың алауыздығы халық бірлігіне нұқсан келтірді, осындай берекесіздікті қазақтың кең байтақ даласына көз тіккен көршілер пайдаланып қалуға тырысты. Еділ қалмақтары, Жайық пен Сібір казактары, Ресей империясына қарайтын башқұрттар, оңтүстіктен орта азиялық хандар көз алартты. Бірақ ең басты қауіп Шығыстан – әскери-феодалдық Жоңғар хандығынан келді.

Жоңғарлардың Қазақстанға шабуылы XV ғасырда басталған-ды. Олар XVI ғасырдың басында қазақтардан жеңіліп, Тәуекел ханның қол астында қалды.

Ал XVII ғасырдың басында Тәуке хан қазақ мемлекеттілігін нығайтты, ол «Жеті жарғы» атанған құқықтық нормалар жиынтығын жасаудың бастамашы қайраткерлерінің бірі болды. Бұл аса маңызды құжат феодалдық құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылыс негіздерінің принциптерін айқындаған сол кезеңнің Ата Заңы еді.

XVII ғасырдың аяғында қазақтар жоңғарлардың жойқын шабуылдарынан қайғы-қасіретке ұшырады. Бұл уақыт қазақ халқының тарихына «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен кірген нағыз қасіретті кезең еді. «Елім-айлап» күңіреген үлкен-кішінің зары сай-сүйекті сырқыратты. Халқымыз үшін сол ән ішкі шерді төккен, болашаққа деген үкілі үміт артқан нағыз реквием еді. Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының экономикалық және саяси өмірінің быт-шытын шығарды, ұлтымыз орасан зор материалдық және адами шығын шекті.

Халқымыздың басына туған қара күн үш жүздің күш біріктіруін талап етті, сөйтіп халқымыз біртұтас, тас-түйін жұдырық болып жұмылып, жоңғарларға қақырата соққы берді, мұның өзі олардың әлемдік аренадан ел ретінде жойылып кетуіне әкеп соқтырды.

Ел тәуелсіздігі жолындағы күреске басқа да ел қорғандары, баһадүр бабалармен қатар Қостанай-Торғай өңірінен шыққан біз жоғарыда атын атаған тоғыз бірдей тұлғамыз да қатысып, асқан ерлік көрсетіп еді. Олардың сол ерлігі, ұлт азаттығы жолындағы күресі талай жырға арқау болды. Мысалы, Бұқар жыраудың:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Ормандай көп орта жүз

Содан шықты төрт тірек, деп жырлауы тегінен-тегін емес-ті. Ал Тәтіқара ақын былай дейді:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.

Алдынан су, артынан жау қысқанда,

Ерлігі ер жігіттің осындайда.

Абайдың тапсырмасымен «Сабалақ» атты поэма жазған Көкбай ақын Жәнібек батырды былайша суреттейді:

Шақшақ Жәнібек қазақтың білімдісі,

Өзі ер, әрі тақуа, молда кісі.

Сол уақытта қазақтың бірден қойған,

Ақсақал, ел ағасы, ырымдысы.

Бертін келе Сырбай Мәуленов:

Әруақтанып айтатын атын адам,

Шақшақұлы Жәнібек – батыр бабам, деп жырлады.

Қарабалуан Алдиярұлы туралы да ел аузындағы жырлар аз емес:

Қарабалуан, Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Өлі де болсаң тірісің,

Өз атамның бірісің,

Қысылғанда, сыйынатын пірімсің...

Ахмет Байтұрсынов «Бата» деген өлеңінде былай деп жазды:

Қарабалуан, Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Тұлға болып артына,

Бір тиянақ қазық еді.

Мағжан Жұмабаев:

Қаздауысты Қазыбек,

Қарабалуан, Жәнібек,

Жалғанда тумас ер еді, деп тебіренді.

Нұрқан Ахметбеков:

Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,

Шақшақтың шөбересі асыл тектен.

Қалмақты қонысынан қойдай қуып,

Халқы үшін қабырғадан қанын төккен.

Қасында Қаракерей Қабанбайы,

Жауырыншы жауды болжай біліп шеттен,

Жолдасы Қарабалуан, Күрен шешен,

Әйтеке, табын Сәрке, тама Есеттен, – деп төгілтті.

«Бекбаулыны жоқтау» атты жырдан:

Алты алаш жиналған,

Жан бабаның асына.

Қайран атам қойылған,

Ахмет әулие қасына.

Әлібек батырдың айтқаны:

Атың жақсы болса,

Тіршілікте мінген пырағың.

Балаң жақсы болса,

Жанып тұрған шырағың.

Әйелің жақсы болса,

Досың маңыңа жиналып,

Рахаттанар қонағың.

Машһүр Жүсіп Көпеев «Даналарға» деген өлеңінде былай дейді:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Алдабек, Айтбай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,

Әйтеке, Қаздауысты Қазбектен.

Оларды бек сыйлаған үш жүз жалпы,

Дана деп бағалаған қазақ халқы.

Жақсыны құрметпенен қадірлеген,

Ежелден ел-жұртымның ата салты.

Айтбай батырдың Абылайдың баласы Қасымға айтқаны:

Руым Қанжығалы,

Аткелтірдің ішінен.

Атым Айтбай, батырмын.

Өз бетіммен келген жоқ,

Хан сайла деп шақырдың.

Тамақ асырап жүргем жоқ,

Сайлауға келіп жатырмын.

Ел басшысы батырға

Болмай жатып ақырдың.

Жылқысын алып бес рет,

Қамалын бұзып неше рет,

Қалмаққа мен тіземді батырдым

Сен кегін алғың келе ме бізден,

Нағашың қалмақ кәпірдің...

Сол Айтбай батырдың Абылайға айтқаны:

...Сайламаймын хан қылып,

Қасым деген балаңды.

Хан болғанмен айырмас,

Жақсы менен жаманды.

Айырып төре бере алмас,

Адал менен арамды.

Сен сүйіп, қатын қылғанмен

Оның нағашы жұрты харам-ды...

Міне, біз сөз етіп отырған дулығалы дала перзенттері туралы ел аузындағы осындай жырлар аз емес. Солардың кейбіреулерімен және бабалар туралы деректі-тағылымды материалдармен осы кітаптан танысуға болады. Сонымен бірге «Тұмарымыз Түркістанда» осынау рухани астанаға әр кездері сапар шеккен жандардың жол жазбалары да топтастырылған.

Кітапта Әуесхан Жүсіпұлының, Сұлтанғали Оспановтың, Әкімбек Қабденовтың, Қабылахат Сейдахметтің, марқұм Ертай қажы Исламұлының, Сағындық Досмағамбетовтың, Әбіт Оразбайұлының, Қайсар Әлімнің және осы жолдар авторының тарихи очерктері жарияланған.

Серікбай Шаймағамбетов, Тарғын Әбенұлы, Ғұмар Ахметчин, Есенгелді Сүйінов, Арыстанбай Досжанов және басқа авторлардың материалдары кітап көркін аша түседі.

Бір айта кететін жайт, осы жинаққа енген шығармалардың бәрі де кезінде облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарияланған еді. Сондықтан да кітап «Қостанай таңының» кітапханасы сериясымен жарық көрді. Бұл туынды осы бастаманың алғашқы қарлығашы. Таяуда осы сериямен «Біздің елдің жігіттері» атты очерктер жинағы да жарық көрмекші.

«Тұмарымыз Түркістан» кітабына қызығушылық танытқан туысқандар болса, осы жарияланым авторымен хабарласуына болады. Телефоны 54-84-44 (қызмет), 54-27-70 (пәтер).



ТҰЛҒАНЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ –

МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ШЫҢЫ

Журналист-ғалым Сергей Харченконың жаңа кітабы туралы ой


Биыл Москваның "Зебра Е" баспасынан "Казахстан: от суверенитета к мировой конкурентоспособности" атты 35 баспа табақтық кітап жарық көрді. Оның авторы социология ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, профессор, облыстық "Костанайские новости" газетінің директор-бас редакторы Сергей Харченко.

Қазіргі таңдағы жаһандану жағдайында мемлекеттер мен ұлттық компаниялар арасындағы қарым-қатынаста олардың бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі көрсеткіштері ерекше мәнге ие болады. Кітап авторы мұрағат деректеріне, ғылыми және мерзімді баспасөздегі жарияланымдарға сүйене отырып, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы әлемдік бәсекелестікке тартқан жолын ой елегінен өткізіп, зерделеп, зерттейді. Бұл ретте экономика мен әлеуметтік саланы дамытудың басты бағыттарына назар аударады.

Бір айта кетерлігі, автор Қазақстанның осынау ізденіс жолындағы кездестірген қиыншылықтарын да айналып өтпей, ашық көрсетеді, еліміздің және Елбасымыздың одан шығу жолында жасаған іс-қимылын, жұмсаған күш-жігерін нақтылы деректерге сүйене отырып, паш етеді. Бес тараудан тұратын бұл тәуелсіз еліміздің жылнамасы дерлік іргелі еңбек автордың ұзақ жылдар бойғы зерттеулерінің, күнделікті ой-толғанымының және журналист-ғалым ретіндегі түйін-түйсігінің тамаша жемісі.

Кітаптың мазмұнына, оның негізгі идеясына тоқталар болсақ, ол Қазақстанның егемендік алғаннан күні бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы, әлемдік бәсекелестікке бағыт ұстаған елдің тыныс-тіршілігі, ізденістері мен бастамалары. Осы арада кітаптың негізгі тарауларының тақырыбын атап өтсек те көп жайтқа қанық боламыз. Олар: "Тәуелсіздікті арман етіп", "Жанталаса қаруланудан ядролық қарусыз мемлекетке", "Диалог және өзара іс-қимыл", "Бейбітшілік пен келісім елі", "Жекешелендіру", "Аграрлық сектор: ауыл мен село не көрмеді?", "Бәсекеге қабілетті өндіріс-саяси тәуелсіздікті нығайтудың басты элементі", "Денсаулық сақтау Қазақстанның басты бағыты", "Білімді ұлт үшін", "Мәдени мұра ұлт тарихы", "Бәсекеге қабілетті тұлға мемлекеттіліктің шыңы" және басқалары.

Бұл ғылыми еңбектің кай тарауына тоқталар болсақ та, Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанның даму, кемелдену кезеңдері өткен күндермен салыстыра отыра баяндалады. Ең бастысы елдегі қоғамдық және ұлтаралық келісім мәселесіне үнемі көңіл бөлініп, көп ұлтты егемен Қазақстанның іргетасының берік болуы үшін Елбасының жасаған іс-қимылы, ізденісі мен табандылығы нақты мысалдар, құжаттар арқылы көрсетіледі.

Біздің елдің ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бейбітшілік сүйгіш, тәуелсіз Қазақстанның ең бір іргелі қадамы болды. Мұның өзі күні кешелер ғана Вашингтонда өткен ядролық қаруға қарсы жаһандық саммитте өте жоғары баға алды, біздің Елбасы ядролық қарусыз әлем құру жолындағы көшбасшы қайраткерлердің бірі ретінде аталды. Ал мұндай тарихи шешім қабылдау оңай шаруа емес еді. 1947 жылы тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылған Семей ядролық сынақ полигонының жақтаушылары да аз болған жоқ. Ал сол полигон Қазақ еліне қаншама қайғы-қасірет әкелді. Күні бүгінге дейін оның зардабын тартып жүрген жандар аз емес.

Автор ядролық қарусыз әлем құрудағы Қазақстан бастамаларын нақтылы мысалдармен дәлелді өреді. "Невада-Семей" антиядролық қозғалысына ерекше жоғары баға береді.

Бүгін Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік саласы дамыған, рухани келісім мен бейбітшілік салтанат құрған, әлемдік бәсекеде өз орнын алатын іргелі елге айналды. Қазақстан дамудың өзіндік жолына түсті. Оны бүкіл әлемдегі мүйізі қарағайдай саясатшылардың бәрі де баяғыда мойындады. Бірақ сырттай қарағандағы сол бір үйлесімді келісімнің қаншалықты қиыншылықпен, ізденіспен, әлемдік тәжірибені сараптап, жүзеге асырумен келгенін екінің бірі біле де бермес. Кітап авторы, міне, осынау өзекті мәселені нақтылы мысалдар келтіре отырып, ой елегінен өткізіп, сараптап, сыни тұрғыда алға тартады. Жекешелендіру, мемлекет иелігінен алу кезіндегі жіберілген кемшіліктер де айтылады. Өндірісті модернизациялау, ауыл мен селодағы реформалардың барысы бәрі де ғалымның зерделеуінен өтіп, жан-жақты талданады. Салыстырмалы мониторинг жасалады. Бұрынғы Одақ кезіндегі экономикалық байланыстардың үзілуі, жаңа жүйенің қалыптаспаған өлара шақтағы Елбасының батыл да тәуекелді қимылы туралы автор байыпты жазады, деректер мен дәйектерді молынан келтіреді.

Сол бір сыналар тұста саясаттың жетегінде кетпей экономика мәселелерін алдыңғы қатарға қоюы, орта және шағын бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға жол ашуы Елбасының дана саясатының көрінісі болса керек. Дәл сол бір сәтте оның осынау шешімдеріне күмәнмен қарағандардың бәрі де бүгін Тұңғыш Президент шешімінің қаншалықты дұрыс болғанын мақтанышпен айтады.

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі қол жеткізген табысын бүгіндер бүкіл әлемдік қауымдастық мойындады. Ал еліміздің Президенті сол әлемдегі маңдай алды лидерлердің қатарынан орын алды. Оның әлеуметтік салада жасаған реформалары да ел мүддесінен туған қадамдар еді. Соның арқасында Қазақстанның денсаулық сақтаудағы, білім берудегі, мәдениеттегі табыстары кімді болса да бейжай қалдырмайды. Бұл жөнінде осы кітап авторы ерекше толғаныспен, нақтылы деректер келтіре отыра сыр сабақтайды. "Мәдени мұра" туралы айта келіп, қазақ халқының сол бай мұрасының тарихына, оның қазіргі қоғамдағы алар рөліне тоқталады.

Бәсекеге қабілеттілік ол елдегі әр адамның біліміне, өмір сапасына, жан-жақты кемелденуіне байланысты десек, осы кітап авторы Қазақстанда жан-жақты жетілген тұлға қалыптастыру жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы терең зерттеу жүргізеді. Ой түйіп, пәтуәлі пікір қорытады. Тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттіліктің шыңы. Автордың бұл туралы жазған мақалалары мен әртүрлі басылымдарға берген сұхбаттары кітаптың соңғы сөзі ретінде жеке тарауға топтастырылған.

Бұл ғылыми-сараптамалық кітапты Қазақстан тәуелсіздігінің шежіресі, біздің осы тәуелсіз еліміздің энциклопедиясы десе де болғандай.

Кітапқа пікір жазған Ресей ғылым академиясының мүше корреспонденті, философия ғылымының докторы Ж.Т.Тощенко, тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, экономика ғылымының докторы, профессор Л.Л.Рыбаковский, тарих ғылымының докторы Е.А.Әбіл сияқты білікті ғалымдардың да осындай пікірде болғаны анық.

Сөз соңында айтарымыз, журналист-ғалым Сергей Харченконың бұл кітабы Тәуелсіз Қазақстанның тәжірибесі мен таңдаған жолын, бәсекеге қабілетті тұлғаның қалыптасу сатыларынан сындарлы сыр шертіп, мұқият зерттеп, толымды түйін жасаған, оқырманына берері мол құнды да ойлы еңбек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет