Көп психотерапевтер қақтығыс себебі ретінде де, қарым-қатынастағы қиыншылықтар ретінде де отбасы коммуникациясының бұзылуын атап көресетеді. (Эйдемиллер Э.Г., Юстицкий В.В., 1990; Сатир В., 2000).
Э.Г. Эйдемиллер және В.В. Юстицкий отабасы коммуникациясының «кәдімгі бұзылуларының» бірнеше түрін бөледі.
-
«Ауытқыған коммуникациялар» ата-ана сөзінің бұрмалануы, бір жақты коммуникацияға бейімділік (диалогтың орнына монолог), көздік контактінің болмауы (сөйлеу барысында отбасы мүшелері бір-біріне қарамайды) сияқты көптеген қатынастың бұзылуларын қамтиды. Сонымен қатар, қарым-қатынастың үзілуі де тән, яғни сөйлеп тұрған адам тілдесіп тұрғанын ұмытып кетіп арқасымен қарап, басқа шаруамен айналыса бастайды.
-
«Қосалқы байланыс» - «әдеттен тыс коммуникацияның» түрлілігі – коммуникациялық канал бойынша бір уақытта бірін бірі жоққа шығаратын екі хабарлама жіберіліп және әр қайсысы ақиқат ретінде қабылдануы тиіс болғанда пайда болады. «Әдеттен тыс коммуникацияның» қарапайым мысалы - әңгімелесуші оқып отырған газетадан көз алмай тұрып, оған бірдеме өте қызықты екенін айтады.
-
Р. Лэинг «жасырын коммуникация» түсінігін қарама-қайшы пікірлер және отбасы ішіндегі конфликтер бар коммуникация әдістерін сипаттау үшін енгізген. Отбасының бір мүшесі екіншісі айтып және сезіп отырған мазмұнды растайды, бірақ солай ете тұра оның ұсынған интерпретациясын қабылдамайды. Мысалы, балаға өзін нашар сезініп наразылық білдіргенде ата-аналары келесі түрде жауап береді: «Сенде бәрі бар, сен былай айтпауға тиістісің. Сен қайрымсызсың». Хабарлама мағынасы ата-ананың тынышытығы үшін өте бұрмаланып ақпараттық рөлі нөлге теңеседі.
Отбасылық өмір барысында ерлі-зайыптылар бір-біріне төзімді қарайды. Бұл отбасындағы конфилктерге әсер етеді, олар көптеген сұрақтар бойынша көзқарастарының сәйкес келмегендігіне көнеді. (Егидес А.П., 1987; Сысенко В.А., 1989).
Ажырасу үрдістерінің мәліметтері бойынша ажырасу түрткілерін зертеу әр бір автордың өзіндік классификациясын құруға алып келді. Түрткі дегеніміз ол ажырасудың әртүрлі жағдайлары және себептері.
Түрткілердің маңыздылығы мен саны қатты өзгеріп отырады. Ажырасудың түрткілерінің классификациясының бір үлгісі (Юркевич Н.Г., 1970):
-
Мінездің сәйкеспеуі;
-
Ерлі-зайыптылық адалдықтың сақталмауы;
-
Ата-анамен жаман қарым-қатынас (ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы);
-
Ішімдікке салыну (алкоголизм);
-
Некеге махаббатсыз және ойланбастан отыра салу;
-
Жұбайлардың біреуінің ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы.
Ата-ананың ажырасуының балаға әсері
Көптеген шетелдік және отандық психологтардың ойынша, эмоционалды сау баланың қалыптасуы оның екі ата-анамен де толық араласуына тікелей байланысты. Ажырасқа ата-аналардың балаларының 90% ажырасу туралы біліп, ауру және қорқыныш сезімімен қосарласқан қысқа мерзімі шок сезімін сезінеді екен. Американдық зерттеушілердің (Добсон Д., Николи А., 1995) мәліметтері бойынша, әкелердің 50% ажырасқаннан кейін 3 жылдан кейін балаларына баруды доғарады. Жартыға жуық балалар өзін тастанды және шектетілген болып сезінеді. Өздерін 1,5 жылдан кейін бақытсыз сезіндің бе, әлде 5 жылдан кейін бақытсыз сезіндің бе деген сұраққа балалардың 37% 5 жылдан кейін деп жауап берген екен.
Бәрімізге белгілідей, біраз уақыт әкесімен араласпаған ұл бала әрекеттің «әйелдік» типін қабылдайды, немесе барлық әйелдікке қарсы болып, анасы бойына дарытуға тырысқанның бәріне қарсы болады. Әкесіз өскен балалардың көбісі басқаларға қарағанда азырақ жетілген және аз мақсатқа ұмтылған болады, олар өздерін қауіпсіздікте сезінбейді, инициативалары аз және салмақты емес, оларда аяушылық сезімі қиын дамиды, әкелік міндеттерді оларға орындау да қиынырақ.
Әкесіз өскен қыздардың ер адам туралы түсініктері дұрыс қалыптаспайды, кейін оларға өз күйеулерін және ұлдарын түсіну және ананың рөлін орындау қиынға соғады. Әкенің қызына деген махаббаты оның өзіндік сансының, өзіне деген сенімділігінің дамуына, өзінің әйелдік бейнесін қалыптастырыруда өте маңызды.
Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі Қазақстанда төрт миллионнан аса отбасы бар. «Отбасы – шағын мемлекет…». Елімізде қаншама шағын мемлекет барын өзіңіз ойлап көріңіз енді. Сол «шағын мемлекеттердің» рухани-әлеуметтік жағдайының жай-күйін ой елегінен тағы бір өткізіп алыңыз. Бұлай деуіміздің себебі, отбасы мәселесін зерттеп жүрген кез келген сала ғалымдарының сөзіне құлақ ассаңыз, заманауи отбасының дағдарыста тұрғанын мәселе қылып көтереді. Және бұл Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Заманауи отбасының жай-күйі қазір көптеген елде талқыланып жатқаны біз айтпай-ақ белгілі. Бұл жағына тереңдемей-ақ қоялық. Отбасы құлдыраса не тұр, ең әуелі адам, қоғам аман болсын деуге де болар еді. Олай айтсақ, қатты қателесетін түріміз бар. Қоғамның бастауы – отбасы деген пікірмен келіспейтін жан жоқ шығар. Адамзаттың дамуында отбасының қомақты рөлін жоққа шығару тіптен ұят. Ол аз десеңіз, сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның қалыптасуына үлкен серпін берген де осы отбасы екенін мамандардың өзі мойындайды. Міне, осы әлеуметтік институтты жоғалтар болсақ, не боларын болжаудың өзі қиын. Бұлай қауіп айтуымыздың себебі – отбасы әлеуметтік институт ретінде құлдырап, өз рөлінен алшақтап барады. Бұл да біздің сөз емес. Мамандардың ескертуі. Ең әуелі, отбасы институты деген не? Қарапайым ғана сөзбен түсіндірсек, Жер бетінде мемлекет, білім, армия, керек десеңіз, нарықтық қарым-қатынастар пайда болмай-тұрып-ақ, ең алғашқы болып құрылған, адамзаттық қоғамның қалыптасуына, дамуына үлкен ықпал еткен ежелгі әлеуметтік институт – отбасы деп аталады. Көңілімізге медеу болатыны – 2009 жылғы жалпыхалықтық санақ нәтижесіне сенсек, 1999 жылғымен салыстырғанда отбасылардың саны 13,8%-ға өскен екен. Өкініштісі, отбасындағы орташа адам саны 3,5 адамға қысқарған. ҚР Статистика агенттігінің ақпаратында «Екі адамнан тұратын отбасы – 30,1%, үш адамнан құралған отбасы – 26,7%, төрт адамнан құралған отбасы – 22,2%. Бес адамнан құралған отбасы бар болғаны – 11,7%, алты адамнан құралған отбасы – 5,6%, жеті адамнан құралған отбасы – 1,9%. 8 – 10 адамнан құралған отбасының мөлшері тіптен аз, бар болғаны – 0,2%» екені көрсетілген. Бүгінгі күннің ағымы қоғамдағы отбасының рөлiн өзгертіп қана қоймай, отбасының қызмет аясын, сипатын, мазмұнын да өзгеріске ұшыратқан. Қазір ата-аналардың қызмет аясы отбасылық шаруашылықты жүргiзумен ғана шектелiп отырған шаңырақтар кездеседі. Тәрбие негізінен балабақша, білім беру мекемелерінің шаруасы дейтіндер де бар. Ол аз десеңіз, БАҚ арқылы кең көлемде насихатталып жатқан шетелдiк мәдениеттiң әсерін қосып қойыңыз. Өмірдің шындығын ата-анасынан естіп, отбасынан көрмеген бала теледидарға сенбегенде қайтпек? Міне, осы себептерге байланысты отбасы деген ұғымның өзі «заманына орай» өзгеріске түскен, «түзету мен толықтырулар» енгізілген. Бір ғана мысал, осы күні ажырасу мен толық емес отбасы – қалыпты дүние есебінде қарастырыла береді. «Бұрынырақта…» деп алысқа көз жүгіртпей-ақ қоялық, біздің бала күнімізде ауылда бірлі-жарым ажырасу оқиғаларын көзбен көргеніміз рас, бірақ ол өте бір ұят нәрсе секілді болып көрінетін. «Ажырасу» деген сөз, сыбырлап қана айтылатын. Осы күні ше? «Бұлай жүре берсең, жынданып кетерсің» деп, қызымды үйге әкеліп алдым»… «Кім ажыраспай жатыр дейсің, ең әуелі жан амандығы керек»… «Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды»… «Ары кетсе қызы қайтып келді дер», «Күйеуге тимей жүрген қыз көп, соның біреуін қайта ала саларсың»… Қазіргілер дауысын анық шығарып, нығырлап айтады. Дауысты қойшы, «ажырасу – ұят» деген сезімді айтсаңызшы. Жалғызілікті отбасы мүшесіне біздің қоғамның еті үйренген. Әкесіз өсуге бейімделген бала да бар. Әйел өзінің ұлын, не қызын жалғыз өзі дүниеге әкеліп (некесіз), асырап бағуы (ажырасу) ұят саналмайды. Қазақта «шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Мұндай тәрбие көрген қыз баланың болашақтағы әдеп-қылығының қандай болмағын айтып жату артықтық етер. Ал жалғызілікті әйелдің перзенті ұл бала болса ше? Күндердің күнінде ол бала ержетіп, шаңырақ көтергісі келмей ме? Ал қазақта – «келін қайын ененің топырағынан». Яғни, бала өз анасына ұқсас әйел алса, ол келін де жалғыз өмір сүргісі келмесіне кім кепіл? Әрине, сөзіміз шындыққа сәйкес келмеуі де мүмкін… Дініміз ажырасуға мүлдем болмайды демейді. Мұсылмандықта ерекше бір жағдайларда, тығырықтан шығар басқа жол қалмағанда ажырасуға рұқсат берілген. Үлкен себептердің кесірінен шаңырағын шайқалтып алған жүрегі жаралы жандардың жан жарасын тырнағымыз келмейді. Біздің тілге тиек етіп отырған себептеріміз басқа. Бүгінгі қоғамда әйелдердің өзімшілдігі байқалады. Себебі, заманауи әйел ер-азаматпен бір деңгейде жұмыс істеп, кіріс кіргізуге қабілетті. Бұл әйелді қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан тәуелсіз ете түспек. Нарық заңы да – осы. Ер-азаматтардың да мәселесі оңып тұрғаны шамалы: «Қыз – табылады!»… Міне, осындай өзімшілдік меңдеген қоғамда ер мен әйелдің бір-бірін түсініп, бір-бірінің ығына жығылып, айтқанына көнуі, бір-бірінің сөзіне құлақ асуы, отбасы мүшелерінің ортақ шаңырақ астында бірігуі жылы қарым-қатынас орнатуы – күрделі мәселеге айналып кеткендей. Нарықтық қатынастар да баланы өмірге әкеле бергенше, мансап қуу керек екенін айтады. Ал демографтар ата-ана дәнекері – бала саны азайғанын мәселе қылып көтеруде. Егер осы бір мәселенің шешімін қазірден таппасақ, болашақ қазақ үшін отбасы – өз құндылығын жоғалтып қана қоймай, ұлттық көбеміздің сөгілуіне де түрткі болары сөзсіз. Оның үстіне, адамның жан басына шаққанда ажырасу көрсеткіші ең жоғарғы үш ел байырғы посткеңестік мемлекеттер: Ресей, Белорусия, Украина екенін естен шығармаған жөн. Иә, тегі өзге болса да, дәл осы мемлекеттермен біз бір идеология аясында өмір кешкенбіз. Жетпіс жыл бойы болашақты бірге жоспарлағанбыз. Мұны да естен шығармаған абзал. Өткен ғасырдың 50 жылдары Қазақстанда некеге тұрған 100 жұптың біреуі ғана ажырасқан екен. Одан бері неке бұзу әдеті көбеймесе, кемімегені белгілі: 1960 жылдары 30 отбасының – біреуі; 1970 жылдары әрбір алты отбасының бірі; 1980 төрт отбасының бірі; ал 1990 жылдары үш отбасының бірі ажырасып тынғанын мамандар дерек қылады. Неге ажырасады? Себеп көп. Әлеуметтік, экономикалық, пікір алуандығы… «Үй-жоқ, күй жоқ, тұрақты кіріс көзі жоқ, сосын ажырасып кеттім» дейтін себеп айтатындар көп. Бірақ ажырасқаннан қалтасына алтын-күміс сауылдап құйылып жатқанын тағы байқамадық. Яғни,біздіңше, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығы неке бұзу фактісінің айқын бір себебі емес. Тіпті, аузынан ақ май ақтарылып жатқан Батыс елдерін мысалға алайықшы. Қайта «тамағы тоқтық, көйлегі көктік» – ажырасудың басты көрсеткіші ме деген ойға қаласың. Қандай себеп айтсақ та, бүгінгі жастар ажырасудан үрікпейтінін атап көрсеткіміз келеді. Ажырасқан деген сөз қазір қорлық емес. Жәй, «көлігін сатып жіберіп, басқа көлік алғалы жүр екен» деген сияқты. (Мұншама сұрықсыз салыстырма жасағанымыз үшін, отбасын үлкен құндылық ретінде бағалайтындардан кешірім сұраймыз). Жастар отбасын жоғалтып алудан қорықпайды, себебі отбасын қайта-қайта құра беруге болады ғой. Өзімшілдіктің бастауы осы. Рухани кедейленген, өзімшілдігі асқынған адам ғұмыр бойы өзін бір ғана адамға байлап қойғысы жоқ, оған ғұмыр бойы адал болып өтті дегенге қазір ешкім сенбейді. Ажырасудың бір себебі – маскүнемдік пен нашақорлық деседі. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, отбасының шырқы дәл осы себеппен көбірек бұзылатын көрінеді. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы (баспананың болмауы) – 41%, жас жұбайлардың отбасылық өмірге әлі де болса дайын болмауы – 31%, тұрмыстық жағдайының төмендігі – 29%, туыстар арасындағы түсініспеушілік – 18%, нәрестенің болмауы – 10%… Әйтеуір, ажырасудың себебі көп, ажыраспаудың себебі жоқ. Түсіну, сыйластық, жақсы көру – бүгінгі қоғам үшін алыстап бара жатқандай көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |