Үлкен қан айналу шеңбері. Дененің алдыңғы бөліміне (басы мен аяқтарына) сол жақ құлақшадан шыққан қолқаның оң жақ доғасының тарамдары болып табылатын ұйқы және бұғанаасты артериясымен таза артериялық қан келеді.
Денесінің қалған бөлімдері аралас қанмен жабдықталған. Қолқаның оң және сол жақ доғалары жүрекке қарай иіле өзара қосылып, тақ арқа қолқасын түзеді. Одан әртурлі мүшелерге көп санды қантамырлар тарамдалады. Дененің артқы аяқтары мен құйрық бөліміне арқа қолқасынан ірі артериялар-мықын және құйрық артериялары қан алып барады.
28-Сурет. Кесірткенің ішкі құрылысы.
1-жүрек қарыншасы, 2-жүректін сол жақ құлақшасы, 3-өкпе, 4-көкбауыр, 5-бауыр, 6-өңеш,7-қарын, 8-аш ішек, 9-клоака, 10-бүйрек, 11-қуық, 12-тұқым жолы, 13-арқа қолқасы, 14-тұқым безі, 15-ұйқы артериясы, 16-кеңірдек, 17-ұйқы безі, 18-ұйқы безінің жолы.
Вена қандары бас бөлімінен қос яремдық венаға жиналады. Оларға дененің алдыңғы аяқтарынан бұғанаасты венасы келіп қосылады. Осылай веноздық синусқа келіп құятын жұп алдыңғы қуыс венасы құралады.
Ал тұлғаның артқы бөлімінен қан екі жолмен жүреді. Бірінші жол – қан артқы аяқтары мен құйрықтан бүйректің қақпа венасы арқылы капиллярлар жүйесіне келіп бүйректің қақпа жүйесін құрайды. Қан бүйректен шығарда жұп бүйрек венасына жиналып, содан соң өзара қосыла, бір артқы қуыс венасын түзеді. Екінші жол - дененің артқы бөлімінен шығатын ірі жұп мықын веналары өзара қосылып, қанды бауырға апаратын тақ құрсақ венасын түзеді. Ішектен шыққан бірнеше веналар қосылып, бауырдың тақ қақпа венасын құрайды. Ол бауырға кіреберісінде құрсақ венасымен қосылады. Одан ары бұл ортақ қан тамыр қақпа жүйесін құрап, бауырдың капилярлар жүйесіне тарамдалады. Бұл жерден қан артқы қуыс венасына құятын қысқа бауыр венасына жиналады. Ал артқы қуыс венасы қанды веноздық синусқа алып барып құяды. Сонымен бірге рептилилердің көкбауыры немесе талағы болады.
Нерв жүйесі. Рептилилердің орталық нерв жүйесі ми көлемінің үлкендігі және алдыңғы ми жарты шарларының дамуымен сипатталады. Ми жарты шарларының ми сұр затынан тұратын қыртысы болады. Бұл қыртыс жақсы жетілмеген. Сондықтан да алдыңғы мидың көп бөлігі жолақты денеден тұрады. Аралық ми мен орталық ми жақсы жетілген. Қозғалу тәсілдерінің күрделенуіне байланысты мишық жақсы дамыған. Амфибимен салыстырғанда рептилилердің вертикаль бағытта айқын иін жасайтын сопақша мидың көлемі үлкен болып келеді. Омыртқа жотасының ұзарып келуі мен құйрық бөлімінің дамуына байланысты рептилилердің жұлыны да ұзын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |