Ші бет беттен Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 1.77 Mb.
бет2/12
Дата09.06.2016
өлшемі1.77 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Жарақат қабырғасының ажырауы (hiatus). Бұл белгі тері астындағы бұлшық еттердің ұзынынан немесе көлденеңінен жарақаттануына байланысты аз немесе көп болуы мүмкін. Бұлшық еттер ұзынынан жараланғанда жарақаттың ауызы көп ажырамайды, ал көлденеңінде — ажырауы жақсы байқалады. Сол сияқты буын аймақтарында орналасқан жарақаттардың, қалың бұлшық ет жарақаттарының да аузы кең болады, жарақат қабырғасы жақсы ажырайды. Ауызы кең жарақаттардың ластануы көбірек болады, сондықтан жазылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Мұндай жарақаттарды емдегенде жартылай тігіп жиектерін жақындату керек. Тесілген жарақаттарда жарақат қабырғасының ажырауы байқалмайды. Жарақат аузы тез бітеліп, анаэробты инфекцияның даму қаупі бар.

Механикалық жарақаттарың, оның ішінде ашық механикалық жарақаттың бір белгісі – жарақаттық қабыну (inflammatio). Бұл организмнің жарақаттқа жергілікті жауабы – реакциясы. Оны біз арнайы қарастырамыз.

Қан ағу (haemorrhagia). Ашық механикалық жарақаттың негізгі бір белгісі — қан ағу. Оның төмендегідей түрлерін ажыратады: сыртқы және ішкі, жараланған тамырларына қарай артериялық, веналық, капиллярлық, және аралас. Уақытына қарай алғашқы, қайталанған немесе қайта пайда болған қан ағу. Кейде аррозионды қан ағысты бөлек айтады. Мұнда қан қан тамыры қабырғасынан немесе бір мүшелердің сыртынан шым – шымдап шығып тұрады.

Уақытқа байланысты қанағуды алғашқы және қайталаған қан ағу деп бөледі. Жарақат пайда болған сәтте басталған қан ағуды алғашқы қан ағу дейді. Алғашқы қан ағу тоқтатқаннан кейін, жарақат қайта қанауы мүмкін. Ол қайталанған қан ағу делінеді. Қайталап қан ағудың өзі екі түрге бөлінеді. Біріншісі ерте қайталап қан ағу. Ол жараланғаннан кейін бірнеше сағат немесе екі тәулік ішінде пайда болады. Яғни қан түйіршіктерімен тамыр өзегі бітеліп қалып, қан тоқтағаннан кейін біраз уақыттан соң, қан қысымы көтерілгенде тығын орнынан қозғалып кетіп, қайталап қан ағу басталады. Ерте қайталап қан ағу жарақаттардағы микробтар жарақатты іріңдеткенде пайда болады. Ал қан ағудың кеш қайталап пайда болу себебінің бірі - жарақаттың іріңдеуі. Ірің қан тамырының өзегін балқытып жібергендіктен немесе тамырдың ішіндегі қан түйіршіктерінен пайда болған тромб балқып қайтадан қан ағу басталады. Кеш қайталап қан ағу операциядан кейін үшінші күні немесе бірнеше жетіден қейін басталуы мүмкін. Қайталап қанаудың себептері көп, солардың кейбірі:

а) операция кезінде жарақаттанған қан тамырының толық байланбауы;

е) қан қысымының күрт өзгеріп, жоғарылап кетуі;

б) қан ұюы жетіспегендіктен;

в) жарақаттардағы кұрғап, қатып қалған таңғышты қалай болса солай жұлып алу;

г) жарақаттанған қан тамырына тұрған тромбтың жарақаттарға анаэробтық микробтардың енуі салдарынан іруі, шіруі, езілуі;

ж) жарақаттың ішінде бөгде заттар: тас, темір, ағаш қалуы және олар қан тамырының қабырғасын тесіп жіберуі.

Қайталап қан ағудың бір түрі - септикалық қан ағу. Организм сепсиске ұшыраған жағдайда кездеседі. Оған себеп — қан тамырларының дегенерацияға ұшырауы, вазо - конструкторлардың жартылай салдануы (парез), организмде тромбокиназа қорытылуының азаюы.

Дене сыртына аққан қанды сыртқы қан ағу дейді. Қан ағудың сыртқы түрін анықтау қиын емес. Ағып тұрған қанды көрген мал дәрігері қай қан тамырының жарақатқа ұшырағанын біледі. Сыртқы қан ағу жараланған сәтте пайда болып, дененің сыртына ағып, көзге айқын көрінеді.

Ал қан ағудың ішкі, әсіресе жасырын түрін анықтау оңайға түспейді. Ішкі жасырын қан ағудың сырт белгісі болмайды да, қанап тұрған тамырды болжап білу, анықтау қиын. Ішкі қан ағу дененің сыртынан қарағанда көрінбейді. Қан ұлпа арасына, дененің табиғи қуыстарына (буын, кеуде, құрсақ т.б.) жиналады, сондықтан оларды ұлпа аралық және қуысқа қан ағу деп бөледі. Егер қан буын қуысына ағып жиналса оны гемартроз, кеуде (көкірек) қуысына жиналса оны гематоракс деп қуыстың атына сәйкес атайды. Пальпация жасап, басып көргенде, анықтауға болатын жерлерге қан құйылған, сол жердің көлемі ұлғайып, ісік пайда болады - мұны гематома дейді. Көлеміне байланысты гематоманың бірнеше түрі болады. Терінің әр жерінде нүкте сияқты құйылған қанды - петехия, тері жолақтарын, қан едәуір мөлшерде құйылып көгерген жерді — экхимоз, көлемділеу жайылып, шеттері көрінбейтін белгісіз құйылуды — суггилат деп атайды. Гематома үлкен болса, ол астында қалған қан тамырын басып, қысып тастайды, содан қан жүрмей қалады да, сол ісіктің төменгі жағын басып қараса, тамыр соғуы жоғалып кетеді. Қан ісігінің бетіндегі тері не көгереді, не бозарып, сүп- суық болып тұрады. Қан ісігі бар жердегі зардап қатты болғандықтан ауру мал шыдай алмай ыңқылдап жатады.

Қан ісігі жараланған қан тамырының өзегімен қатынасып тұрса, тамырдың әр соғуына орай қан ісігі де солқылдап тұрғанын байқауға болады. Уақытында, яғни дер кезінде көмек көрсетілмесе, осындай ісік қан тамырды басып, қысып тастайды да, ісіктен төмен жердегі ұлпаларға қорек зат, оттегі келмегендіктен өледі, жансызданады.

Осындай жасырын қан ағудан мал әлсірейді, қан қысымы төмендеп, қан тамырының соғысы жиілейді. Көрінетін кілегей қабықтары бозарыңқы болады, демікпе байқалады, мал теңселіп айдауға жүргісі келмей, жатуға тырысады.

Жасырын қан ағуда ауру малдың жалпы клиникалық белгілерімен жорамалдап отырып, арнайы бақылау әдістерімен ғана қанаған жерді анықтайды.

Қан ағудың себебін, түрін анықтау үшін, ауру малдың мәліметтерін жинайды, аурудың белгілері, организмнің жалпы жағдайы зерттеледі, сонан соң қарау, тыңдау, лабораториялық және рентген сәулесіне салу әдістерін қолдана отырып, арнайы қосымша бақылау жүргізу диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі. Ауру жануар қан құсса, құсықтың түріне көңіл бөлген жөн. Мысалы, қызыл қанның түсі өзгермей түссе - өңештен қан ағып тұр, қан күреңденіп, қарақоңыр тартып түссе – қан асқазан ағып тұр, ал құсықтағы қан қып-қызыл боп, көбіктеніп түссе - ол өкпеден акқан қан деп есептеледі. Нәжісін, және артқы аналь тесігінен қып-қызыл қан ақса тік ішек қан тамырыңан қан кеткен деп, тік ішектен қаракүрең, өзгерілген қан ақса, ол ұлтабар немесе ішектің басқа белімдерінде жарақат немесе қатерлі ісік бар деген сезікке келтіреді. Осындай ауру малға арнайы қосымша зерттеулер жүргізу қажет.

Артериялық қан ағу малдар үшін өте қатерлі. Себебі, қысқа уақыт ішінде қан тоқтату шаралары қолданылмаса, мал көп қан жоғалтып, қансырайды. Артериялық тамыр жараланғанда, қан атқылап, шапшып ағады. Қанның түсі-шымқай қызыл. Қан ағу көп уақытқа созылса, қан шапшуы әлсірей бастайды. Қан тамырдың қиылған өзегінің бірінен (орталык жағы), кейде қиылған өзегінің екі жағынан да ағуы мүмкін. Мысалы: малдың күре тамыры жараланса, қан қиылған тамырдың екі шетінен де шапшып ағады.

Веналық қан ағу. Вена қан тамыры жараланса, қан шапшымай жайлап, біркелкі ағады, түсі қоңыр қызыл. Қан жараланған тамырдың тек төменгі шетінен ғана ағады. Жүрекке жақын, кеуде қуыстарындағы вена қан тамыры жараланса, қауіпті жағдай тууы мүмкін. Яғни жараланған тамырға ауа кіріп, ауа эмболиясы атты жағдай туып, мал өлімге шалдығуы ықтимал. Сол себептен кеуде төңірегіндегі жарақатты тез арада матамен жауып, кеудеге ауа кіруін болдырмау керек. Кіші веналық қан тамырлары жараланғанда қан ағуы өз бетімен тоқтайды немесе жараланған аяқты көтерсе, қан тоқтату үшін соның өзі жеткілікті.

Капиллярлық қан ағу — деп ұп-ұсақ артерия мен қан тамырлардың (қылтамырлар) ең жіңішке бөліктерінен аққан қанды айтады. Жараланған жердің ұлпаларынан қан ағып тұрады. Қан ұю процесі нашарламаса, қанағу өз бетімен тоқайды.

Паренхималык, қан ағу дегеніміз — паренхималық органдар (бауыр, көк бауыр, өкпе) жараланғанда пайда болады. Бұл капиллярлық қанағуа ұқсас, бірақта өте қатерлі, себебі, бұл ағзалардағы ұсақ қан тамырларының өзегі өздігінен жабылмайды. Сондықтан қан тоқтату қиынға түседі. Қанап тұрған бауырды операция кезінде қара ет, фасция, фибриндік пленкалармен жауып, тығындап, қан тоқтату әрекетін жасаса, өкпенің жараланған жерін тігеді, қазір арнайы өзі кілейленетін гупка тығындарпайдаланылады. Ал көк бауырды операция кезінде алып тастайды.

Анатомиялық қанағудан басқа қанағуды топтастырсақ, механикалық қанағу (жаралану, жарақаттану себептерінен), тамыр қабырғаларының әртүрлі ауру себептерінен өзгеруі, қан құю процестерінің өзгеруінен, сыртқы атмосфералық қысымының азаюы не ұлғаюы, фосфор, бензол сияқты химиялық заттармен улану сияқты әртүрлі себептерден қанағу пайда болатынын айтқан жөн.

Ашық механикалық жарақаттарды емдеу. Жарақатты емдеуде қолданылатын шараның бірі, жарақатты зиянды әсерден қорғап, оның жазылуына қолайлы жағдай туғызуға бейімдеу. Ондай шаралар неғұрлым ерте және тиянақты жасалса, соғүрлым ол нетижелі болады. Жарақатты емдеу әдістері оның пайда болған уақытына, инфекция түсіп асқынуына қарай әр түрлі болады.

Жаңадан пайда болған жарақатты емдеу. Кездейсоқ, аяқ астынан пайда болған жеңіл, ашық жарақаттарға ем көрсетер алдында қосымша ластамауға әрекет жасау керек. Ағып тұрған қан болса, оны таза, стерильді дәкемен сүртіп, 5% йодтың спиртті ерітіндісін қайнаған сумен екі есе сұйылтып, соған шыланған мақта – мәрлі тампонды жарақатқа қойып, қысып таңғыш салу керек. Жарақат жеңіл, беткейлі, қан ағу аз болса оны өңдеуге септо – спрей, монклавит - 1 немесе антисептикалық ұнтақтар ақ стрептоцид, йодоформ қолданады. Таңғыш салу міндетті емес. Жарақат үлкен және терең болса жарақаттың айналасын, қуысын тазартып, жоғарыда аталған антибактериалдық дәрілердің бірімен өңдеп, шеттері бір-біріне беттестіріп тігіледі. Қазір бұл мақсатта жібек, капрон жіптермен қоса көпмақсатты, сіңіп кететін, полиамидті «Поликон» жібі қолданылады. Оны «сіңіп кететін» (сіңу уақыты 180 – 240 күн) және сіңбейтін жіп ретінде де қолдануға болады. Оған антибиотик сіңірілген, сондықтан тігіс айналасы іріңдемейді. Соған байланысты оны барлық ұлпаларды, теріні, бұлшық еттерді, сіңірді, қан тамырларын, ішкі үлпершек (паренхималы) ағзаларды тігуге қолдануға болады.

Жарақатты емдегенде оның кезеңдеріне қарай ем қолданады. Жарақатты емдеуің бірінші кезеңіндегі емдеу қағидалары (принциптері):

1. жарақатқа тыныштық беру;

2. орталық жүйке жүйесін артық ауырсыну сезімдерінен сақтау;

3. жарақатты өлі еттен және экссудаттан тазару;

4. инфекцияға қарсы өңдеу;

5. организмнің ауруға қарсыласу қабілетін жоғарлату.

Жарақатты емдеудің екінші кезендегі қағидалар (принциптер):

1. жарақата тыныштықпен бірге өлшемді қозғалыс беру;

2. грануляцияны тітіркенуден, жарақаттардан қорғау;

3. грануляция, эпителийзация және тыртықтану процесстеріне әсер ету;

4. эпителийзация процесстерін жеделдету;

5. неғүрлым жарақаттың орнында тыртықтың аз қалуына әрекет жасау;

Осы қағидаларды іске асыру үшін төменгі ем әдістері қолданылады:

1. механикалық емдеу әдістері;

2. физикалық емдеу әдістері;

3. химиялық емдеу әдістері;

4. биологиялық емдеу әдістері;

5. патогенетикалық емдеу әдістері.

Бұл емдеу әдістердің кейбіреулері арнайы бөлімдерде толық қарастырылатын болады.

Жарақатты механикалық әдіспен емдеу. Бұған жарақаттың айналасын механикалық тазалау және хирургиялық өңдеу әдістері жатады.

Жарақаттың айналасын механикалық тазалауда алдымен жарақаттың бетін стерильді дәкемен жабауып, оның төңірегіндегі жүндерін қырқып, қажет болса 0,1% марганец қышқылды калидің, фурацилинің ертіндісімен тазалап жуу керек. Құрғатып, йодталған спиртпен немесе 0,5% мүсәтір қышқылымен, теріні өңдеп, майынан тампон таза болғанша тазартады. Осыдан кейін 5% йод тұнбасымен, септо – спреймен немесе монклавит – 1 ерітінділерінің бірімен өңдеп, жарақаттың бетін ашады. Жарақаттың бетін ластанған қоқымнан тазартады, жоғарыда аталған антисептикалық ерітінділермен жуып шаяды. Осыдан кейін хирургиялық өндеуге кіріседі.

Жарақатты хирургиялық жолмен өндеу. Ғалымардың деректері бойынша (Чаруковский, Фридрих, Б.В.Огаев) жарақаттарға енген микробтар 6 - 12 сағат онша залалын тигізбейді, сондықтан осы уақытта жарақаттың бетін тазартып, залалсыздандырып, тігіп тастауға болады. Жарақаттарды хирургиялық өндеу оның пайда болған уақытына қарай әр түрлі болады. Уақыт мерзіміне, әдістеріне қарай хирургиялық өңдеудің бірнеші түрлері бар.

Алғашқы хирургиялық өңдеу өткізілетін мерзім уақытына қарай төменгі түрлерге бөлінеді:

а) ерте мерзімде өңдеу — 6 - 12 сағат ішінде.,

б) мезгілінен кейін өңдеу — 12 - 24 сағат ішінде.,

в) кеш мерзімде өңдеу - 36 сағаттан кейін.

Ерте мезгілде еңдеу өте нәтижелі. Өйткені көрсетілген уақыт ішінде жарақаттарға енген микробтар организмге өзінің зияндығын әлі тигізе алмайды, соңдықтан мұндай жарақаттарды тазартып, залалсызандырғаннан кейін тігуге болады.

Мерзімінен кейін өткізілген өңдеуде жарақат қабырғаларына микробтар еніп, өзінің уытын таратып, зияндылығын тигізе бастайды, да жарақатты тігуге болмайды.

Кеш мерзімдегі өңдеу жарақаттың асқынған кезінде жасалады. Сондықтан онда хирургиялық өңдеу күрделі түрде өткізіледі, жарақаттың өлі еттері кейде онымен бірге жанды еттері де сылынады.

Осындай алғашқы хирургиялық өндеу жасалғаннан кейін екінші рет өндеу жасауға тура келсе. оны екінші хирургиялық өңдеу дейді. Хирургиялық өңдеу төменгі әдістерді қолданып жасасалады:

а) тілу;


б) жартылай сылу;

в) толық сылу.



Тілу - жарақаттың ауызын кеңейту, қосымша ашу. Ол жарақаттың аузы тар болып, ірің шығуына бөгет болса, жарақаттағы бөгде заттарды алу мақсатында және анаэробты инфекция қауіпі болған кезде жасалады. Операция жасар алдында жарақаттың төңірегін 0,5% новокаинмен жансыздандырады.

Жартылай сылу — жарақатты өлі еттерден тазарту. Мұнда жоғарғыдай жарақаттың айналасын жансыздандырғаннан кейін қайшы, скалъпелъ және пинцет қолданып, жарақаттың қуысындағы, қабырғаларындағы өлі еттерін сылып тазарту керек. Өлі еттердің белгілері: түсі сұрғылт немесе қарайып кеткен, кейде езіліп тұрады, ауырсынбайды. Өлі еттерді айыру үшін 0,5-1% бромтимол бояуы немесе метилен бояуы пайдаланылады. Олардың әсерінен өлі еттер қою жасыл түске боялады. Осындай өндеуден кейін антисептикалық ерітінділер және ұнтақтар пайдаланып залалсыздандырған соң, жарақаттың ауызын жартылай тігуге болады.

Жарақатты толық сылу. Бұл әдіс кездейсоқ, ұзақ жазылмай жүрген, өліеттенген жарақаттарды емдегенде қолданылады. Мұнда жарақаттың өлі еттермен қоса оның қабырғасынан, түбінен жанды еттерді сылып алады. Осыдан кейін жарақаттың қуысы толық өлі еттен, іріңнен тазарып жаңарады. Мұндай жарақатты тігіп емдеуге болады. Бұл әдісті көп қолданбайды, оны қолданатын жағдайлар — жарақат өліеттеніп ұзақ жазылмаса, ұзақ жазылмайтын ойылым жарақаттарда (жауыр), жарақат соғыс уландыру заттарымен ластанғанда, сіреспе ауыруына қауіп төнгенде жасалады. Операцияны жарақаттың төңірегін жансыздандырып, қуысына йодталған спиртке шыланған тампонды тығып, жарақаттың сылынған жерін ластамай жасау керек.

Жарақатт физикалық әдіспен өндеу. Бұл емнің мәні жарақаттың қуысындағы сұйықтықты әр түрлі жолдармен сыртқа тартып алу, ішке сіңіртпеу, жарақатты микробтардан және уыттардан тазарту. Ол үшін дымқылды өзіне тартатын заттар қолданылады. Олар: дәке, әр түрлі құрғатқыштар (дәкелі түтікше), орта тұздардың гипертоникалық ерітінділері, дымқыл тартқыш ұнтақтар (көмір, гипс).

Жарақатты ашық және жабық әдістермен емдеу қолданылады.

Жарақатты жабық әдіспен емдеу. Жарақатты жабық әдіспен емдеуде жарақаттың бетін дәкемен таңады немесе өзі жабысатын пленкамен (лейкопластыр) жабады. Жабық емнің артықшылығы, жарақат қосымша жарақаттанбайды және ластанбайды. Кемшілігі - ірің еркін сыртқа ақпай, ауа, күн сәулесінің әсері болмайды. Анаэробты микроорганизмдердің өсіп - өнуіне жағдай туады. Бұл әдіспен көбіне жаңадан пайда болған, асептикалық, операциялық жарақаттарды емдейді. Жарақат механикалық, хирургиялық, химиялық жолмен өңделіп, қажет болса тігілген соң оған асептикалық таңғыш салынады. Қазір жарақатты тігу үшін әдеттегі жібек, кетгут жіптердің орнына әнбебап «Поликон» жібі ұсынылған. Ал жарақатты таңу үшін әдеттегі дәке (бинт) орнына созылғыш, ауа өткізгіш және өзі жабысып, байлауды қажет етпейтін «Вет – флекс» дәкесі қолданысқа енгізілуде. Ал жарақатта ірің, сарысу болса жарақатты жартылай жабық әдіспен емдеу қолданылады. Онда дәкені (бинт) иректетіп жарақаттың қуысына бостау, тығыздамай толтырады. Қалған сыртқы ұшын жарақаттың қуысынан шығарып бекітіп қояды. Жарақаттағы сұйықтық (сары су, ірің) дәкеге сіңіп ол толық суланғаннан кейін сыртқы ұшынан ақырындап сыртқа тамшылап ағады. Оны ауыстырып тұрады. Осылай жарақаттың қуысын құрғатады. Бұны дәкелі құрғатқыш - дренаж дейді. Осымен қатар түтікше құрғатқышты да пайдаланады. Мұнда жан-жағынан тесілген резеңке түгікшені жарақаттың қуысын қояды. Осы тесіктері бар жерін жарақат қуысына енгізіп, келесі ұшын сыртқа шығарып бекітеді. Түтіктің ұшынан ірің ағызып жарақатты құрғатады. Бұл құрғатқышты жиі ауыстырып тұрмаса ол тез бітеліп қалады. Ашық емнің артықшылығы — іріңнің еркін сыртқа ағуына жағдай бар, сыртқы ауа, күн сәулесі жарақаттың жазылуына жақсы әсер етеді. Жоғарғы айтылған құрғатқыштарды қолданғанда онымен бірге Вишневский, ихтиол майларын, ас тұзының 20% гипертоникалық ерітіндісін қолдануға болады. Жоғарғы пайызды тұзды су ұлпа аралық сұйықтықты өзіне тартып құрғатқыш ретінде әсер етеді.

Жарақатты ашық әдіспен емдеу. Жарақатты ашық әдіспен емдегенде жарақатқа тігіс салынбайды, бетін дәкемен таңбайды. Ашық әдіспен емдеудің артықшылығы, сарысу, ірің еркін сыртқа ағып, ауа, күн сәулесі жарақаттың жазылуына оң әсер етеді. Анаэробты микроорганизмдердің өсіп - өнуіне жағдай тумайды. Кемшілігі - жарақат қосымша жарақаттануы және ластануы мүмкін. Бұл әдіспен көбіне ескі, инфекция түсіп асқынған жарақаттарды емдейді. Жарақат механикалық, хирургиялық, химиялық жолмен өңделіп, септо - спрей, чеми – спрей, монклавит – 1, Вишневскидің, Конковтың майлары және тағы басқа антибактериалдық дәрі – дәрмектер қолданылып емделеді. Жарақатты ашық әдіспен емдеудің бір тәсілі ретінде малдардың бақайлары жаппай жарақаттанып, инфекция түсіп асқынғанда (некробактериоз) оларды дезинфекциялық дәрілер толтырылған астаулардан өткізу арқылы емдеу қолданысқа енгізілген. Бұл мақсатта шаруашылықта 5% феносмолин ерітіндісі қолданылып, өте жақсы нәтиже алынды.

Жарқатты химиялық жолмен емдеу. Бұл емнің мәні - жарақаттың айналасын және қуысын антисептикалық және бактериостатикалық қасиеттері бар химиялық заттармен өңдеу. Негізінен жарақаттың гидратация (сулы қабыну) кезеңінде қолданады. Гидратация кезеңінде жарақатта қышқылдық басым болады (РН 6,3-5,5), ол өліеттердің ферментолизін үдетеді, лейкоциттердің қырылуына, жанды еттенуіне, осмос қысымының көтерілуіне әсер етеді, сондықтан сырттан дәрі арқылы қышқылдықты төмеңдетіп, жарақат процессін қалыпқа келтіру керек.

Сілтілі терапия. Мұнда кеңінен гипертоникалық және сілтілі дәрі ерітінділерін қолданды. 4-5% натрий гидрокарбонаты (РН 8,3 - 6,83); 0,52 - 2% амония гидрокарбонаты (РН - 7,7); орта тұздардың гипертоникалық ерітіңділері (РН 8 - 8,8); 5% сабынды су және сабын көбігі (РН - 10,0); 2% хлорамин ерітіндісі (РН - 7,5); Б.М.Оливков сұйықтығы (Nаtrіі саrbоnаtеs 4,0; Аgnаl destibi 80,0; sol. iodispiritupsi 5% - 20,0; Маgnеsіі sulfatis — 80,0; іlусеrіnі 280,0; іnfusі folicrum Digitalis ex 3,0 (6,0) -180,0) жақсы нәтиже береді. Бұл ерітінділердің негізгі есері жарақаттың қуысын іріңнен тазартады, қышқылдықтың зиянды әсерін жояды, жергілікті қан айналысын жақсартады, регенерацияның дамуына жағдай жасайды және сонымен бірге антисептикалық әсері де бар.

Қышқылды терапия. Бұл ем аэробты, әсіресе анаэробты инфекцияның дамуына қарсы қолданылады. Олар: 3% сутегінің асқын тотығы, 2% хлороцид, 0,5 - 1% калий перманганат ерітінділері, салицил қышқылы.

3% сутегінің асқын тотығы, салицил қышқылы (Ишмухамедов Г.А, Аухадиев Т.А., Хафизова Г.Х., Ильясов Б.К.) жарақатты іріңнен және өліеттен жақсы тазартады, оның бактерияларға қарсы әсері де өте жоғары.



Қолдану әдісі. Ескі, өліеттенген жарақаттарға механикалық және хирургаялық өндеу жасағанда оның қуысын 3% сутегі асқын тотығымен жуып шаяды, құрғатады, сонан соң салицил қышқылын ұнтақ түріңде қолданады.

Жарақаттың куысын, тері, бұлшық ет арасындағы қалталарын мол етіп салицил қышқылы ұнтағымен толтырады, дәкемен таңып байлайды. 2-3 күннен кейін жарақаттың бетін механикалық жолмен тазартып, 3% сутегі тотығымен шаяды. Осылай 1 - 2 рет емдеген жарақат толық тазарып, беті гранулды ұлпамен қаптала бастайды.

Анаэробты инфекциямен асқынған жарақатты емдеуде М.В.Плахотин ұсынған күрделі ерітінді қолдану жақсы нәтиже береді - Сhогаmini - 280,0(40,0); Natrii chloride 200,0, Kaii permanganates 10,0; Agba dest - 2000,0.

Жарақатты тау - кен минералы шунгиттен дайындалған маймен емдеу. Қазіргі кезде медицина және мал дәрігерлігі саласында шунгит минералын зерттеу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Шунгит суы адам және мал ағзасына, әсіресе асқазан - ішек ауруларына, аллерия, зат алмасудың бұзылуына шипасы бар екені анықталған. 1999 жылы Қазастанда Алматы обылысының Көксу ауданында шунгит бары анықталған. Осыған байланысты Қазақ ұлттық аграрлық университетінің "Акушерлік және хирургия" кафедрасында экспериментальдық жолмен "Ветшунгит" майы жасалды. Жан — жақты зерттеу нәтижесінде авторлар төмендегідей қорытындыға келді: Ветшунгит препараты барлық зерттелген жануарларда аллергиялы реакциялар тудырмайды. Жарақатты тез жазып, іріңнен тез тазартады, қабынуға қарсы әсер етіп, иммуноқуаттандырады, түйіршікті ұлпаның өсуін жылдамдатады және антибактериальды қасиеті бар. Алынған майдың құрамы күрделі емес және өзіндік құны төмен. (Абдулла А.А..Наметов А.М., Ильясов Б.К., ,2006)

Новокайнді терапия. Новокаин емі патогенетикалық емнің бір түріне жатады. Оның емдік әсері өте күрделі, әлі толық анықталмаған, бүгінгі күні новокаиннің зерттелген, анықталған қасиеттеріне тоқталайық. Жүйке жүйесінің организмінің қызметіне жан-жақты қатысы бары белгілі. Оның ішінде ұлпалар мен ағзаларға трофикалық әсері өте маңызды. Бұл жүйке жүйесінің симпатикалық бөлімінде басым болады. Осы бөлімнің импульсі арқылы ұлпаларда физика - химиялық өзгерістер байқалады — сыртқы әсерге жауабы жеделдейді, қозғалыс қабілеті жоғарылайды және тағы басқа әсерлер.

Вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің қызметтері қалыпты жағдайда бір - біріне сәйкес болу керек. Ал организмге күшті және өте күшті тітіркендіргіштің әсерінен жүйкенің белгілі бір жері парабиозға шалдығады.

Жүйкенің осыңдай жерінен импульс экстра және интра рецепторлармен жүйке орталығына және қайтадан кері өтпейді. Ал паработикалық аумақ жағдайы көп уақытқа созылса, ол өз зияндық әсерін тигізеді: орталық жүйке жүйесінен шеткейлік жүйкеге трофикалық әсері бәсеңдейді, осымен қатар патологиялық ошақта дистрофиялық процесстер үдеп, өршелене түседі. Осындай жағдайда антипаработикалық препараттар қолданып жүйке жүйесінің қызметін қалыпқа келтіру қажет. Осындай препараттардың бірі — новокаин.

Новокаинді ем ретінде 0,25-0,5% ерітіндісін пайдаланады, оның қасиеттері:

1. Новокаин қан тамырларының жүйкелеріне әсер етіп (симпатикалық бөліміне) олардың вазоконструкторлары босайды, осыған байланысты қан тамырлары кеңейіп қан айналысы жақсарады.

2. 0,25-0,5% новокаин әлсіз тітіркендіргіштік әсерімен парабиоз жағдайды жояды, сол жердегі процесстерді қалпына келтіреді.

3. Қанның сары суы және ұлпа ферменттерінің әсерімен новокаин ыдырайды, диэтиламиноэтанол және парааминобензол қышқылын (ПАБҚ) бөлінеді. ПАБҚ гистаминнің әсерін жояды, қабыну процессін бәсеңдетеді: диэтиламиноэтанол қан тамырын кеңейтіп қан айналысын жақсартады.

Осындай қасиеттерін пайдаланып ем ретінде новокаин тежеулерін қолданады.

Ошақты қабынуларда, ашық жарақат, соғылу, іріңді қабынудың алғашқы кезеңінде — қысқа новокаин тежеуін қолданады. Мұнда новокаин ерітіндісін қабынған ошақты айналдыра жан - жағына, түбіне жібереді. Қабыну процесстері малдың аяқтарының тізе немесе тілерсек буынына дейінгі аумақта кездессе циркулярлы тежеу әдісін қолдану керек. Мойын вагосимпатикалық тежеуін көкірек қабырғасы зақымдалғанда (пневмоторакс, гемоторакс) қолданады. Жұлдызша түйінінің тежеуі малдың кеуделік аяқатырының жарақаттарында қолданылады. В.В.Мосин бойынша жасалатын үштік жүйкелердің және симпатикалық бағананың эпиплевральдық тежеуін құрсақ қуысына (лапоротомия) операция жасағанда, перитонитте, жамбастың, аяқтардың жарақаттарында қолданылады.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет