Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте тусті. Күйген иіс көтерілді



бет21/29
Дата02.01.2022
өлшемі369.83 Kb.
#453865
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29
Жібек жолы. Дүкенбай Досжан

АЛТЫНШЫ САРЫН

"Көріскенше күн жақсы болсын".

Жер кіндігін жайлаған маңғұл ұлысының қаһарлы қағаны Шыңғысханның көгілдір Керуен бойындағы ордасы Қарақорымнан Дешті-Қыпшақ еліне екінші мәрте елші керуен шықты. Керуенді үш күншілік жерге дейін шығарып салған Юсую Канканың өз әріптесіне айтқан сөзі әлгі еді. Қатерлі сапарға басын тігіп, неғайбіл істің куәсі болуға жол алған төрт жүз елу кісінің көкейіндегі ойы да осы. Көктемнің жылбысқы жолымен мұнша жұрттың не мақсатпен шатқаяқтап жосылғаның қаған мен керуенбасы Омар қожадан өзге ешкім білмеді. "Көріскенше күн жақсы болсын". Бұл керуенші пақырларың бейне жорықтағы батырдың хабарын күткен асыл арудай: не, тамыр ұстаған тәуіптің аузын баққан саржамбас арудай жақсы күнді күнін үйренген. Бал ашып шақырған, жерік асындай сағынған. Домалақ жердің үстін тыныштық кезгелі көп болған жоқ-ты. Ұлы Жібек жолының бойымен керуен тізбегі әлі шұбап жатқан. Әйтсе де мұхит суының дүлей шақырып көтерілер көзіндей ішін тартқан сұрапылдың суық лебі сезіле бастаған. Сол шаншу леп ерте тұрған елгезек жанды тітіркендіруші еді. Елін ойлаған батырдың ұйқысын бөлетін еді. Ұлы жол да қазыналы шеруді емес, қан жоса сабылысты күтетін тәрізді.

Осындай аламан алды қысас күндердің бірінде Қарақорымнан быжынап шыққан керуен жол бойғы елді жаман шошытты. Шошытқан тырна тізбектің молдығы емес, суыт жүрісі еді. Бес жүз түйелік керуен әуелі түстікке, сосын батысқа бұрылып апта жүргенде көлік сауырын сабалаған көдірең көде сиреп барып Ұлы Жібек жолына қосылған. Сапаршылардың жиһазы мол, салтанаты көз тартады. Ұзына жолдың сүреңсіз сұрқына қызылды-жасылды рең қосып, бейне шұбалған от кең қиырмен ақырын жүзіп келе жатқандай еді. Бас түйе мен келесі қос қоспақта үш бірдей күміс балахана теңселеді. Алдыңғы балаханада бетіне жел тимеген маңғұл қызы бар, ол керуенбасының жолбикесі , келесі түйелерде күтуші күндер — олардағы кілең құйын етек сұлулар. Қоналқыға жетіп, түйелер тізе бүккенше әйелдер көп көзіне түспейді. Таудың сараман тасындай боз қоспақтар бірінің құйрығына бірі тіркеліп, байыппен, баппен ырғала шерулейді. Түйе сайын қос тең, тең ішінде нендей қазына бары беймәлім, әйтеуір көліктің белін езіп қайқаң қақтырады. Жүк үсті түкті кілеммен жабылған. Әр тұста жел қағып, күн жеген аспаз, кірекеш, түйекеш, құл, құтанның басы қылтылдайды.

Керуенбасы - Отырар тумасы Омар қожа деген. Жұмыр басын сан қатерге тігіп жүріп қағанның сеніміне өткен жаужүрек жан. Жебе жетер бойы ілгері келеді, астыңда жал-құйрығы төгілген қыпшақ тұлпары, тізгінің сүзіп соңындағы тізбектелген сәумендеген малаяқ пақырлардан озып-ақ кеткісі бар. Иесі жібермейді. Омар қырыққа енді шыққан, алып денелі, аса нұсқалы, көрікті кісі еді. Оның үстіне басындағы ақ жібек сәлдесі реңін ашып, кере қарыс маңдайы мен қою қасын айқындай түседі. Қыр мұрынды, шоқша сақалды, жанары өткір. Бетке айтар тік мінез. Берілсе құлай сүйеді, кетіссе морт сынады. Жарғақ шалбары ақ жем, көптен бері аттан түспегені байқалады.

Оң жағында кеспектей жуан Хаммаль Мераги келеді, артына қарар болса тұтас денесімен бұрылады. Ел бүлдірген дүрегей жан. Омардың естуінше осы жасына дейін төрт патшаның сеніміне кіріп, тоғыз мәрте елшілікке жүріпті, бірер батырдың басын жұтыпты. Қай ру-ұлыстан шыққаны белгісіз. Онысын тіс жарып ешкімге айтпайды, сонысына қарамай қалпағының ішіне нан піскен мақтаншақ. Осы сапарға жүз кісіге татырлық айла-амалы үшін алып шыққан. Алыстан көрінген жолаушының атқа отырысынан пиғылын таниды; жиегіндегі шөп басына қонған шаңынан кімдер жүріп өткенің қапысыз біледі; аспандағы қыранның қанат қағысынан жел бағытын айырады; қоналқыны күншілік жерден бағдарлайды. Жібек жолының бойымен бүлкектеген бөрі мінез жан.

Бұлардан кейінде, керуен қатарында қара жорғасын аяңдатып Пақыриддин Дизеки келеді, қыпшақ салтымен жеңіл киінген, аяғында рақтиян етік, бұтыңда жарғақ шалбар, кеудесінде жалаң шекпен, басында елтірі бөрік. Алтын ыдыстай таза кісі, қалтасынан аршадан жонған тіс шұқығышы түспейді. Оқығаны мол, тілі майда, сыпайы. Екі бетінің нұры тамып, шырайланып тұрады. Қоржынынан қағазы, қауырсыны, дәуіті қалмайды. Жібек жолы туралы кітап жазғалы біраз болды. Бұл сапардың хатшылығына меркіттердің Хара-Хото қаласынан келіп қосылған. Жолға көнбіс, ертеден қара кешке бәйітін айтып, сазын ыңылдап, көзін жартылай жұмып бүлкілдейді де отырады.

Керуеннің бел ортасында сауыт-сайманы сыңғырап келе жатқан Амин ад-дин Хереви батыр. Заты тәжік, діңі мұсылман. Отызға жаңа жеткен шағы. Жебе тартуға, найза салуға айтуы жоқ шебер, осы керуеннің бетке ұстар қалқаны. Жүз кісіге қаймықпай қарсы шыға беретін жаужүрек, арқасы бар адуын. Дулығасының астынан әлі күн жеп қараймаған қылша мойны көрінеді, сапар соңы Отырарға жеткенше құрым киіздей көңірсуі хақ.

Жылымық кез. Түстіктен жылы еспе жел өтіп жонның қарын әкетіпті. Ауа таң асқан сүттей кіршіксіз таза. Қиырдан қорғасындай ауыр нөсер бұлты көрінеді, жер бауырлай жылжып - терістікке көшіп жатыр. Жібек жолының өн бойы қозға түскен сәмбі талдай былқылдай бастапты, ат шашасынан сазға батып, түйе қамыр басқандай қайқаң-қайқаң етеді, Жібек жолы көне жыр секілді.

Әуезі ілкіден басталып, жолаушыны терең тебірентер мәслихатымен баурайды. Сүрлеудің терістік жақ жиегі ылғи алағат, ақтаңдақ. Бұл батысқа шерулеген керуеннің көптігінен, жосқынның молдығынан енді түстік жақ ернеуіне көк шөп тебіндей бастапты, бұл батыстағы Хорезм, Дешті-Қыпшақ, Киев ұлыстарынан келіп жетер керуеннің сиреуі, үзіле бастауы болатын. Жол сырына қанық кісінің батыс пен шығыс арасындағы селқос мінез, шалыс саясатты сүрлеу сүлдесінен тануы оңай. Ирелең, бұралаңы мол сартап жол көз сүрінтер қиырға дейін жыланша жылжып кетіп жатады. Бейне молданың оқуына ұшырап жан кешкен, еті ағып, қаңқасы ғана қалған жылан ба дерсің. Сол өлі жылан қырдың қабырғасын, белдің белін орай түсіп, қияға қайқаңдап, тау мен өзеннің аңғарын жағалай сырғиды да отырады. Шөлге ілінсе құмның қойнауын қырағаттайды. Тақырға шықса ақбөкеннің соңына ілескен құйын іспетті көкжиекке жеткенше тіке жосиды. Нуға кірсе мың бұлқып, шығар жол іздей бұратылады кеп. Жол — жыланның аунап түсіп, кейде тапа-тал түсте көз жаздырып кететін кезі де болады. Онда керуенші пақырлар әр қыраттың басына үйген мола тастарды бетке ұстайды. Бет алған бағытта тас не тау болмаса, қиырдың әр тұсына балбал қондырады. Балбалды зергер ұсталар тастан қашап жасайды. Ілкі жолаушының келер күнге түйе жетелеп жетер буынға арнап қалдырған тілсіз мұрасы бұл.



Ұлы Жібек жолының ұзына бойы "күншілік" не, фарсаң деген көлік жүрісімен өлшенетін. Сол белгіні медеу тұтқан кәнігі кірекештер қоналқыдан таң бозынан бас көтерер еді. Тіздеулі қалған түйелерді әкеледі, шөгереді, қомдайды, жүк артады. Содан соң қос басына жүгінісе кетіп, азынап, ұлып тұрған аш қарынға ел қондырады. Керуенбасы Омар қожа серіктерін жаныңа алып оқшау отырады. Күзгі құндыздай жоны жылтыраған күрең местен дөнен қымыз жұтады, Қойдың сүбесін жеп, жал қайзайды. Жолбике мен күтуші күң күндіз ұйықтап, түнде еркек жаныңа жатып үйренген; әлгідегі таң әлетіне дейінгі созылған махаббат ләззатына мас болып басы зеңгіп, асқа тәбеті шаппайды. Саумалға ірімшік жібітіп жеген болады. Күн көрінген қылдырықтай тамағынан әзер өтеді. Кірекештер құнан қымыздың қойыртпағын жеп, құрт талмап, меске жолай құйып алған салқын суды ішеді. Таза ауада кәусардан еркін сімірген судың өзі шипа. Сосын тырна тізбек керуен жол алады. Күн тырмысып әуелі қара құсты қыздырады, тас төбеге жетіп самайдан тер ағызады,, түйе шабынан ақ көбік көрінеді, кірекештің киіз қалпағы ернеуінде ирек сағым ойнайды. Бас мәңгіріп, көз қарауытады. Бақана пердесін де үп етіп шайқап өтер леп болмайды. Керуен түс кезінде көлік шөгермейді, өйтсе, түйенің сіңірі тартылады; ыстық күнде жүкті түсіріп, кері тиеу ғазауаттың ісі. Кірекеш біткенді тұралатар тырақы жұмыс. Кәнігі жолаушылар күн ауа ғана дамылдайды, көлікті отқа қойып, аз-кем мызғиды, аяғын созып, жүйкені жеген ырғаң жүрісті ұмытқысы келеді. Туған жер, ұмыт өлке осындайда ойға оралады. "Бәтір-ау, менен өзге жұрт қатынының қасында, балаларының ортасында омалып отырып-ақ күнелтеді. Күнелтеді емес-ау, құртқа тойған қарғаша талтаңдап жүріп ғұмыр кешеді. Ертең не пәлеге ұшырап қалам-ау деп түнімен тізесін құшақтап дірілдемейді. Біз ғой, кірекеш деген пақырың, пақыры несі, тас маңдай байғұстың бұралқы иттей жат жерді кезіп, көрінгенге телміріп жүргеніміз. Нақа бір әкеден қалған байлықты базарға салғандай делдалмен кергілесеміз, ұрымен пергілесеміз, жол бойғы сүркіл бейнет неге тұрады. Ай жүресің, жыл жүресің, ырғаңдап келе жатып ұйықтайсың, алдыңа қойған асты да теңселіп отырып қылғытасың, ырғаңмен ән саласың, ырғаңмен армандайсың. Қыранша қалықтаған асқақ қиялың бір күні жүйке жеген ырғаңбай әләулайдан, пәс ойдан әрі аспайды. Сондай бір сұрқыл сапардан оралып, әйелімен жеке қалғанда жаман қысылғаны бар, ол: "батыр-ау, белі кеткен түйедей ырғаңыңа жол болсын", — деген. Сонда байқаған: отырса да, тұрса да, жүрсе де, тіпті жар төсегіне қисайса да тіршілігі ырғаңнан артпайды екен. Сұмдық шошынып, жағасын ұстаған. Кірекеш болғанша батпақ илеп итқора салған кеш ілгері деп түйген. Осы сапар аман оралса түйені желкесінің шұқыры керсін, құтылады, тіпті болмаса қашып жоғалады"... Кірекешті Керуенбасының ақырған үні селт еткізді, тыпың етіп орнынан тұрды, ә дегенше-ақ жерде жатқан зіл теңді лып еткізіп арқалай жөнелгенің білді, білсе де өзін-өзі тоқтата алмады. Қолы да, белі де, сирағы да мұныкі емес, керуен басынікі секілді; қалай бұйырса солай жұмылады. Кідіргісі көп көрді, ерік күші жетпеді, қашан жүк түгел артылып, қоспақтар тізіліп жолға шыққанша өзін-өзі кідіртер құдіреті болмады. Сосын бір түйенің мойныңа жармасты, иіріне аяғын қойып, өркешке тырмысты, қос өркештің арасына жайғасқанда барып уһ деп жан шақырды. Күтуші күң мен жолбике қыздың көрген күні кірекешпен салыстырғанда жұмаққа пара-пар еді. Олар күні бойғы жүріске бейіл бере балахана ішінде ұйықтайды, қоналқыға жеткенде барып бас көтеріп маңына қарайды, ас ішеді, сыланып-таранады, бар арманы - қожаларына ұнау, солардың көңілінен шығу. Ұзақ жүріске шыдамай шаршап, не жапан түзден жалығып елірме болған жолбикені керуенбасы жолай сатып та кетеді. Ондай күйге ұшыраған қыздың күні қараң.

Жібек жолы Жетісу үстінен өткенде жолаушыларды көп қажытты. Қолдың саласындай болып тулап ағып жатқан өзендер жиі ұшырасты, еткел іздеп жоғарылы-төмен сырғып, жүріп қалады. Оның үстіне жолбарыс, қабылан жортқан жымы кеп, қоналқыда шетке шыққан түйені жарып кетіп жатады. Қалың елдің сұғанақ көзі және бар. Күзетші қолы жоқ, жиһазы мол керуенді тонап алуға дәмегөйлер де табылар. Содан Омар қожа Жетісу жеріне келгенде Жібек жолының сырт тармағын қалады, бұл тармақ Іле бойының сол жағасын қырағаттап барып шағыл құмды кешіп өтетін, содан Талас бойының Бала сағын, Орта сағын, Бас сағын атты үш шаһарына жеткенше қопалы даламен жүретін, ақ шағыл шөлейтті кезетін.

Керуен Бас сағынға сегіз фарсаң жер қалғанда дүлей дауылға ұшырады. Бұлт Ақыраш теңізі жақтан көтерілген. Әп-сәтте маңай қара түнекке айналып, азынады да кетті. Түйелер төрт тағандап тұрып алды, боздап, жер тарпыды. Дереу дөңгелетіп шөгеруге бұйырды. Ортасына балахананы түсірді, аттарды қаңтарды, шетке теңді үйді. Осы жанталас әрекеттен байқамапты, ұлыған жел сұрапыл жауынға ұласты, жаңбыр емес бұршақ болар деп жорамалдаған. Омар сәлдесінен әлде бір жылбысқы мақұлықты алып лақтырып жіберді, лақтырғаны қайыра ұшып кеп бетіне тигендей сезілді. Балахана ішіндегі қыздар құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырды кеп. Кірекештер мен түйекештер дүрлікті, аттар үрікті, керуенді үрей жайлады. Батыр емес пе, ен әуелі Амин ад-дин Хереви сезді, сезіп қана қоймай, екі-үш мақұлықты езіп алды. "Омеке, аспаннан бақа жауып тұр", деді қатты дауыстап. Екі арыс онсыз да дүрлігіп жүрген жұртты шошытпайық десті, нардың ығына жайғаспақ еді, отырар жерде мұндар мақұлық быжынап жүр, бас түйені паналады. Омар ойындағы күдігін жасырмады: жаманшылыққа көрінбесе игі еді. Батыр жұбату айтты: "Омеке, тәуекелге бел будық. Бір түйені шалып тәңірден бата сұрасақ қайтеді? Әбден арыған көлік онсыз да жүкті ауырлап келе жатқан жоқ па, Омеке? Мұндай сұмдықты бұрын-сонды естігенің бар ма? Жоқ, Омеке, жолымыз болмас деп ойлаймын. Кеше ымырт үйіріле байқаған шығарсын, алдымызды жолбарыс кесіп өтті ғой".

Дүлей жел батыр мен керуенбасының сөзін үзіп-жұлқып әредік есіттіреді. Бақа жауыны сүт пісірім мезгілге созылды. Соңынан құм суырды, ішін тартып жел ышқынды, жолаушылардың азан-қазан сүреңі басыла берді. Бұлт өте дауыл басылды. Батыс жақтан қан қызыл болып батып бара жатқан күн табағы көрінді. Жосаға малып алған қалқан секілді. Ілініп тұрды-тұрды да тұңғиыққа батып жоғалды. Омар қожа енді байқады, жұрттың бәрінің түсі күреңітіп етіпті, әлем-жәлем, жаңағы қан қызыл күннің түсіне соншама ұқсас. Ішінен тәубасын атады. Кірекештерге жүк тиеуге жарлық жасады. Табан асты былқылдаған жаман жерден іңір үйірілмей тезірек аттанғысы келді.

Балаханадағы қыздар естен танып жатыр екен. Ах шатырды түйе үстіне қайта қондырып, қайқаңға жетелеп шыққанда барып дыбыстары шығып, ақырын дауыстап көмекке шақыра бастады. Керуенбасы жолаған жоқ өзгелері балаханаға рұқсатсыз бас сұға алмайды. Жүк олпы-солпы тиелген бе, ауып түсе берді, түйелерде дәрмен жоқ, көзін тозаң тұтып, тәлтірек қағады. Жібек жолының бойында жатқан Қаңлылардың Бас сағын атты сәулетті шаһарына жете алмайтының Омар қожа енді сезді. Өзегі өртене өкінді. "Әттеген-ай, жол торыған ұрыға жем болып жүрмесек жарар еді", деп қауіп ойлады. Айдың ескісі, әзірге тумайды. Өстіп кете берсе түйелердің табаның алдыратын, жықпылы мол сексеуіл тоғайының ішіне енді де кетті, неде болса кідіргені жөн. Әзер деп ашықтау алаң таңдады, бақа жауған жоннан ұзап шыққаныңа қуанды. Түйелерді қайыра шөгеріп, жүкті түсірді. Ортаға от жағуды ойлады. Бір кірекешті сексеуілге жұмсады, бұл баяғы жылы ошағын сағынып, мәңгүрт болуға айналған байғұс еді. Анадай жердегі түп сексеуілге барды да патырлатып бұта сындыра бастады. Кенет жан даусы шықты. Жігіттер дүрлігіп солай қарай жүгірді. Әлгінің даусы жер астынан шыққандай аса зәрлі естілді.

— Жігіттер, мені бір пәле кеудемнен орап алды. Құтқара көріңдер, - деді. Үні ыңырсып барып басылды.

Кірекештер ағаш басына шүберек орап дереу от қойды да, әлгі бейшара құлаған жерге тақады. Жығылып жатқан жолдасын көрді.

— Жігіттер, жақындай көрмеңдер! Аяқ бассаңдар темір құрсау қыса түседі. Тынысым тарылып барады. Кірекештің үні үзіліп кетті. Жаныңда жанды мақұлық байқалмайды.

— Пақыриддин жарықтықты шақырыңдар!

— Сол кісі көрсін!

— Әулиенің тұяғы ғой садағаң кетейін!

Шекпенінің етегін беліне буып Пақыриддин жетті. Анадай жерде сіңірленіп біткен бір түп сексеуіл. Сексеуіл түбінде кірекеш жатыр. Кермеге салған терідей сіресіпті де қалыпты, қимылсыз, өліп кеткенге ұқсайды. Қарт ғұлама жарықты жоғарырақ көтеруге жарлық етті, жақындаған жоқ. Денесімен тітіркеніп дірілдеп кетті. Кірекештің кеуде тұсында жеңді білектей жуан белдікті көрді. Әлгі белдік жарыққа шағылысып жылт-жылт етеді. Күбірлеп әзер айтты.

— Сексеуілдің иесі бар екен ғой. Түбінде жатқан айғыр жылан жігітті орап алыпты. Оның басын таппасақ өлтіре алмаймыз.

— Астапыралла, неткен үлкен мақұлық еді!

— Шақпағаныңа қайранмын!

— Жарықты көбейтіп қоршайықшы! Сексеуіл түбінен әлсіз үн тағы шықты. Жылжыған тобыр қалт кідірді.

— Жақындай көрмендер... кеудемді сығып барады!

Пақыриддин жігіттерге тоқтау салды.

— Тақамаңдар! Өлтіріп алармыз.

Осылайша жолаушы біткен жолдасын жыланнан қалай айырып алуды ойлады. Сексеуілге от қоюға болмайды, кірекешті қоса мерт етеді. Амин ад-дин Хереви садағын алып көздеп те көрді, басын шайқап, жебені адырнадан қайта алды. "Жыланның кеудені ораған ортан белінен өзге жері көрінбейді, жебе мақұлықты шаншып өтіп кісіні мерт етеді. Бастан тимеген жебе бәрібір өлтіре алмайды",— деді. Жігіттер жыланның басын іздеп жақындай түседі, кірекештің жан даусы шығады. "Қадам бассаңдар сыға түседі, жоламаңдар" деп безек қағады. Жұрт тағы кідіреді. Сарсаңға түскен мезетте Пақыриддин ақыл берді. "Таңға дейін күтелік. Жылан бәрібір алдырмайды", деді. Керуеншілер кері тайқып түйелерінің қасына кетті.

Жылан ораған кірекеш түннің бір уағына дейін жолдастарымен дауыстап сөйлесіп жатты. Кеудесін езген салмақтың азайғаның айтады. Алыста тірі жетім боп қалған балалары мен тірі жесір әйелін әңгімелейді, солардың қамы үшін қаңғырып жүргенің айтады. Таң әлетінде Пақыриддиннің көзі ілініп кеткен екен. Қалғымауға тырысып-ақ отыр еді, көп күнгі жосқын жүріс, одан бергі ұшырасқан қорқынышты оқиғалар титықтатып кеткен секілді, аз ғана уақыт тәтті ұйқыға шомды. Түс көріпті. Маңайдың бәрі құлаққа ұрған танадай тынши қалыпты. Тіпті түйелердің күйіс қайырғаны, аттардың пысқырғаны да білінбейді. Айналасында пырдай болып шашылып ұйықтап жатқан кірекеш, түйекештердің де тыныстағаны сезілмейді. Серейіп қатып қалған секілді. Тыныштық та сұмдық қорқынышты болады екен. Жансыз суреттің ортасында тұрғандай сезініп, көмейі көтеріліп, қатты да қалды. Дыбыс шығаруға дәрмені болмай, тынысы тарылып, шошып оянды. Жастанып жатқан ерден басын жұлып алды, әлдеқайда алыстан бозторғайдың әлсіз шырылы естіледі, оның да бірте-бірте үні өшті. Орнынан атып тұрып маңайына қарады, әлгідегі түсінде көргендей, жігіттердің бәрі шашылып ұйықтап жатыр екен. Ортадағы үлкен балахананың жібек шілтері түсірулі, дір етіп қозғалмайды. Жүгіріп түнде жылан ораған кірекеш жатқан жерге жақындады. Әлгіде ғана сарнап сөйлесіп жатқан бейшара сұлық қалыпты. Жүрегі жаманшылықты сезіп жаншыла соқты. Ештеңеден сескенбей ғаріп жанға жетіп келді, түндегі қайыс белбеудей кеудесін қысып жатқан алып жылан ізім-ғайым жоғалыпты, жігіт арыстай боп жан кешіп жатыр. Қолынан ұстап көтеріп еді, шекпенінің қолтығынан үңірейген ойықты көрді, түнде жыланның бас сұққан жері осы! Амин ад-диннің үшкір жебесінен қорғалап залым мақұлық басын кірекештің қолтығына жасырыпты.

Дүрлігіс басталды, болған істі көзімен көріп жағасын ұстады. Түнімен ғаріп жанның халін біліп, анадайдан сауалдасып шыққан кірекеш күңірене дауыс салды. Жоқтау айтып жаман ырымға бастады. Жұрт шейіт болған бейбақты арулап жерледі.

Жібек жолының бойында тағы бір төмпешік пайда болды. Енді қашан жел үріп, құм басып қалғанша өткен-кеткеннің көңілін аударып, көзін тартып жатқаны.

Бас сағын шаһары ат шаптырым жерде екен. Керуен көтеріле тізіліп, аяқ жағы жолға шыққанша алғы түйедегілер алыстан шағаладай болып шүпірлеген қала күмбездерін көріп қуанысты. Шаһар әсіресе атқан таңмен сәулеттеніп кетеді екен. Ат шаптырым аумағын қос сақина қорған орайтын. Сыртқысы көне балшық дуал. Ішкісі саңғыраған аққыштан өрілген аса биік қабырғалы қорған. Әр жерінде үңірейген, оқпаны байқалады. Сол биіктің қақпаға тақау бетінде айқыш-ұйқыш сызық, шұбар ала дақ көзге ұрады. Бұл бір кездегі қанқұйлы соғыстың ізі еді. Омар қожа лекіп келе жатқан керуенді жанынан өткізіп, соңын тосты. Амин ад-дин Хереви атарласа берген. Бір түрлі жүдеп, түтігіп кетіпті, түндегі оқиғаның әсері батыр жаның қатты қозғаған. Керуенбасы серігіне сауал қойды.

— Садақ тартар болсақ, жебең сонау қорған басындағы күзетшіні қағып түсіре алар ма? Батыр биікті дәл мөлшерледі.

— Маңғұл жебесі желді ғой, жетуін жетер-ақ, бірақ кіреуке киген кісіні ала алмас. Мұндайда жақынға ұшса да тиген жерін қақыратып кететін қыпшақ садағына не жетсін?!

Батыр керуенбасының неге мұндай сауал қойғаның түсінбеді.

Елші керуен тәспінің тасындай сорғып келіп қаланың терістік жағындағы аумақты Керуен сарайға бұйда тартты. Тырандай жайғасып жатқан. Үлкен әулінің іші жиһанкез жолаушыға лықа толған. Сарқырап ағып жатқан тас бұлақтың екі жағасына текемет жайып жіберіп, малдас құрып, мәслихаттасып, ас-суын ішіп, демалып жатқандар қаншама. Енді біреулер меймандос шаһарға тоң-торыс өкпелегендей түйесін жадылап, жүгін артып, жолға шыққалы жатыр. Әулінің төрі базарға айналған. Теңін ашып, дүние-мүлкін жарқырата жайып, көзді қызықтырады. Жұрт қызылды-жасылды жібекке, пүлішке, масатыға, батсайыға; алтын, күміс зергерлік бұйымға: жақұт, дүр, маржан, гауһар, зухра секілді асыл тастарға сұғына, ынтыға қарайды. Көргенінің өзі дәтке қуат секілді. Білегі бураның саныңдай күл мен үкінің қауырсыныңдай үлпілдеген қыз сатып, көңілі күпті боп, тоңайған саудагер керуен арасымен ток бөріше бүлкілдейді. Жемтіктес делдалды жұрт арасынан ә дегеннен-ақ жыға танып алады, әуелі ымдасады, сыбырласады, сосын құнжың етіп қол соғады; бұл келіскені, кетіссе — ала көзімен ішіп-жеп, көрге түскен шек өрместей болып ажырасады. Соңынан айбарақтап топырақ шашады.

Омар қожа жаныңа Хаммаль Мерагиді алып қала әміршісіне сый тартуға жөнелді. Дәстүр солай. Жөн білер, салт таныр текті жолаушылар шаһар әміршісіне әманда тарту-таралғы апарады. Сұхбаттасып, әлей болсын айтады. Ақсақал, қарасақал әмбилердің алдынан өтеді. Сонда ғана Бас сағын қаласынан абыроймен аттанары айғақ. Сарандық қып сый тартпаған керуенбасыны әмірші жек көреді: жек көрді дегенше бәле жабысты дей бер, түйеңнің жүгі ауғыш болады, ілгері басқан аяғың кері кеткендей жүрісің өнбейді, жолай "аударыспақ ойналық" деп жұлынып шыққан жол-тосарлар көбейеді: қойшы, әйтеуір, ішірткі ішкендей ішің қабысып күр қол қаларың анық. Осыны ілкіден сезген Омар қожа Бас сағынның әміршісіне өзінің нақ сүйер жолбикесін әкетті, алдыңа тамылжытып апарып, сұлудың бетіндегі пердесін ашып жібергенде әлгі адамның көзі ақшаңдап кетпесіне кім кепіл. Әрі жолбике жолдағы сүркіл бейнеттен бе, әлде қорықты ма, Іле тоғайынан өткен күннен бастап айкезбе ауруына ұшыраған. Түнемесіне, ай туса-ақ төсегінен тұрып кетеді, содан түйелердің өркешіне өрмелеп, жолды жағалап жырқылдап жүргені, ай батқанда бағып орныңа келіп жатады. Омар келесі ай тумай тұрғанда құтылайын деді ме, әйтеуір, керуен тізе бүкпей жатып жәудіреген ақтамақ сұлуды жетелей жөнелген.

Күн еңкейе керуенбасы қосқа қайта келген. Пай-пай, қызара бөртіп алған, ықылық атады, тарыдан салған уытты, бозаға сылқия тойғаны көрініп тұр. Келді де керуенді жолға шығаруға жарлық етті. Топыр басталды. Құрысқан белін жазып, шағын шайлада қауырсының сусылдатып, сапарнамасын көшіріп отырған Пақыриддин Дизеки жаман қапаланды. Қапаланбай қайтсін, дамыл жоқ қой, дамыл жоқ; кірекештердің мойны қамшы сабындай болып сорайып кетті, түйекештер екі-үш күннен бері көз ілмеген. Енді ғой түйенің жадысына қоса таңып тастамаса жүре алмайды, қалғып келе жатып жығылуы хақ. Әлгіде ғана жұртқа тамақ істеп берген аспаз табаққа енді ғана қолды сала берген-ді. Қожасы әңгірлеп әкетіп барады. Бұл әңгірлек жұрт құсап, жолай кезіккен шаһарға қонса қайтеді, көліктерін тынықтырса, кірекештерін ұйықтатса қайтеді? Жоқ... қасақана кері жүреді. Жүкті түсіріп, енді тырайған шағында "жүреміз" дейді. Содан күн астыңда көңірсіп кете барғаның. Күн ауып, дала салқын тартады. Көліктің жүрісі енді өнеді. Сонда "қонамыз" дейді. Қоналқыда тыныштық берсе жақсы екен-ау; "түйені әрі айда, бері айда!.. Отты түнімен жағып отыр!.. Күзетке тұр! Көз ілме!.. Қырды шолып қайт!.. Ac пісір!.. Дәрет алатын су жылыт!.. Жайнамазды әкел!.. Құманды әпер!. Түйені қайыр!.." Осындай жарлық сандырақ секілденіп бір тынбайды. Күтуші құлдардың қу сүйегі қалады, құлағың қайсы деп сұрасаң көзін көрсетеді. Түнемесіне жер бауырлап жолбикесіне барып, өңкеңдеген даусы аттарды өлеңдетер, ұят жоқсауығын құрар, сайрандар. Осыны ойлап қой Пақыриддин Дизекидің зығырданы қайнайды, "мұншама кері кеткір зәнталақ жолаушыға жолдас қылған қай құдай" деп налиды. Әңгірлектің алдынан шықты.

— Уа, батыр, күн болса батып барады. Жүргіншінің жолы қиын, алдымызда Таластың тауы жатыр. Көлікті тынықтырып алмаса қасудан аса алмайды, кірекештің"белі кеткен, күтушінің өңіне ұйқы тепкен.

— Түйенің арқасында отырып-ақ ұйықтайды. Уақыт тығыз, жол ұзақ, - дейді әңгірлек.

— Жау қуып бара ма түге, әлде бұл шаһардан су шықты ма?

— Онда не әкеңнің құны бар?! Қауырсыныңды қолтығыңа қыс та томпаңдап жолға түс. Әйтпесе асқабақтай басынды қоржыныңа салып беремін!

Зиялы жан жаман жүдейді. Әкіреңдекпен айтысып абырой таппасын және біледі, ол нәкәсқа қылышпен кісі шабу деген жолбикенің қойныңа барғаннан да оңай. Айтты бітті. Кірекештер құрақ ұшып жүріп жүк артты, түйені бұйдалап, бір-біріне іркес-тіркес тізіп, керуен жолға түсті.Жетісу пұшпағының қара барқын кең жазирасы жетім керуенді демде жұтып әкетті. Аяқ астыңдағы Жібек жолы әзер-әзер білінеді. Жол тауып келе жатқан Хаммаль Мерагидің тапқырлығы. Жүріс суыт. Омар қожаның керуенді мұнша неге сүркілге салғаны белгісіз, әйтеуір жай жүріс емес бұл. Әрәдік артына қайрылып: "түйеден ауып түскеніңді жарып кетем", деп айқайлап қояды. Жан шошытар жаман сөздер айтады.

Зиялы ғұлама Пақыриддин Дизеки амалдың жоқтығынан ілесіп келеді, мана-ақ ат құйрығын кесісер еді, әңгүдік керуенбасымен кетісер еді; артыңда, айшылық жол кейінде қалған балаларының қамын ойлады. Солардың көз жасынан қорықты. Мына Омар қожадай қайратты жігітті туған жерден айырып, осыншама бейнетке жазып, қайқаңдатып қойған Шыңғысхан қаһары мұны таппас деймісің. Ертесіне дүниенің қай қуысына тығылса да құрығы жетер. Бұғалықтап тұрып сауалдасар. "Үмбетім, неге опасыздық еттің? Алған жолдан неге қайттың",— дер. Сонда ғой Омар қожадай сұм ажыратып алар деймісің, "қайта шоқ-шоқ айтып, арыстанның аузына итере түсер. Содан қорқады. Кесірім айдалада, Хара-Хото шаңының арасында іңгәлап қалған балаларыма тиіп кетпесін дейді.

Өстіп күңіреніп келе жатқанда асуға ілікті. Қия жартастан қылдап ету қиынға түсті, сол қол жағы биік жартас, он тізенің астыңда шыңырау құзар, аяқты шалыс бассаң-ақ шыңырауға құлағаның. Омар қожа түйелерді бір-бірлеп жетелеп жүруге жарлық етті. Арқа тұстан ай туды. Бұл да болса жолаушыға үлкен медет екен, аяқ астына қарап, андай басуға септесті. Тас терлей бастады, мұны Пақыриддин Дизеки жарға сүйенген сол алақанынан сезді. Енді не де болса алғы түйенің соңынан тырмысып қалмауы керек, кідірсе-ақ төмендегі құзарға қарайсың, өйтсең басың айналып жүре береді. Тізесінің сары суы бар еді, дірілдей бастады, алдыңда бара жатқан кірекештің ауыр тынысын естіді. Байқұс ыңқылдайды, ыңырсиды. Омар қожаның "жарып тастаймын" деген қоқан-лоқысы құлақ жарады. Ауырып келе жатқан кірекеш шыдамады білем.

— Жарып таста!— деп айқайлап жіберді,— Жарып таста!

— Жарып тастаймын!— деп керуен басынан Омар ақырды. Кірекеш тістене ыңырсиды.

— Жарып таста... лағнет... бүйтіп сүрген өмірді ит жесін...

Керуен кідіріп қалды. Омар тап қазір қия жолмен қырға тырмысқан керуенді сыналап кірекешке келе алмас еді. Зығырданы қайнап не қыларын білмей тұр. Ашу-ызадан өрт болып қан түкіреді. Бара-бара ақылға, тоқтамға келе бастады, өстіп жүріп күллі керуенді опат қыларын білді. Зорыққан көшті қорқытып та, жалынып та көрді, ештеме өндіре алмады.

— Мәңгі бастар өңшең! Жетесіздер, құнсыздар! Сендердің жолында алтын басымды аяққа теңеп мен жүремін. Миғүлалар!

Құйрықтарыңа үскі сұққанша ештемені сезбей бересіңдер. Әлгі қаңлының қаласынан жедел кетпегенде қандарың су боп ағатын еді. Құның әлдеқашан төленген, өтелген, жалғыз бақыр динарға да тұрмайды. Отырарға жетпей дамылдауға хақымыз жоқ! Көр соқыр кещелер өңшең! Осы жолда қаған жарлығын орындай алмасақ туған жерді қайтып табандарың баспайды.

Керуен сүлесоқ ілби бастады. Омардың әлгідей ашынып айтқан сөзінен емес, Пақыриддин Дизекидің қол септігінен еді. Ғұлама шал анадайда жер бауырлап жылап жатқан еңгезердей кірекешке барған, басын көтерген. Бейшара жігіттің көзінен қажыған, қарайған, мысы құрыған адамда ғана болатын сұмдық сөзді оқыды. Ол сөз өзегіне күрт түскен дімкәс жанның жанарында болушы еді. Сол сөзді ауыр жараланып, ақтық рет бақұлдасқан батырдың көз шарасынан көруші еді. Кірекештен соны оқыды. Ажал атты от көзді аждаһаны, екі басты жаналғышты көрді. Көрді де сұмдық шошынып, кірекешті қолтығынан сүйеді. Демеп орнынан тұрғызды, тоқтау айтып, жұбатты. Кірекешті ілбітіп әкеліп қатарға қосты. Жазмыштың жібіндей етіп қолына бұйданы ұстатқан.

Керуен асудан асып желі азынаған жон үстіне дамылдаған. Омардың ашуы тарқады білем, ешкімді жарған да, шапқан да жоқ, түйелерді шөгеруге жарлық етті де, тас ығына оранып жатып қалды. Жұрт түнімен ызғып шықты. Ызғымай қайтсін, ерте көктемнің ысқырған желі аш құрсақ, дәрмені аз, арық топты дірдектетсін кеп. Әрі-беріден соң кеңтерлі түйелерің боздап кетті. Аттар шұрқырай кісінесіп тізгінді үзе жаздады. Таң селбелеп атқанда керуен қайта қозғалды.

Жібек жолы көгілдір ылдиға құлияды екен. Атқан таңның нұрымен жон үсті, одан арғы адырлар, көкжиекпен ернеулескен мидай жазық пердесін ысырған қыл қалам суретіндей елес берді. Пақыриддин Дизеки қарап тұрып қайран қалды. Қыпшақ жері мұнша сұлу деп бұрын-соңды ойламаған еді. Күн сәулесінің өзі көркем дүниенің бетімен сылаңдай сырғитын секілді. Сағым ба, мұнар ма дерсің, шындығында екеуі де емес, шексіз қиырдың үстімен сайрандаған сұлулық қана еді. Сол сұлулық тау-таудың арасымен сынаптай сырғыған өзен иірімінде еді. Сол сұлулық кеудеңді керіп бара жатқан кіршіксіз ауада еді. Жазыққа бірегей өң беріп барқыт түгіндей боп қылтиып келе жатқан көк шөпте еді. Шуда бұлттың ойқастап жөңкілуінде еді. Жолаушыны күткен ауыл қариясындай әр жерде қарауытқан балбал тастың бедерінде болатын. Әлгідегі күллі әдемілік, әсемдік аяқ астыңда жүз бұралып, тынбай толқып Отырар жеріне әкеле жатқан Жібек жолында еді. Жібек жолы жүрген сайын жолаушының ет жақын бауырыңдай болып етене жақындасып, сырласып, сыйласып кетеді. Керуеншінің Ұлы жолды түсінде көріп, өңінде аңсап жүретіні тегін емес; әлгі сұлулықты, елдің қасиетін, туған жердің тәттілігін сездіретін де, тұщынатын да осы жол екен. Ұзақ жолдан қажып келген жолаушының үйіне бұрылар мезетінде көлігінен түсе салып Ұлы жолдың жиегін құшақтап жылайтыны содан болар. Көпке дейін әулісінен аттап шықпай қаңтарылып қалған саудагердің ақыр соңында керуен тартып, осы Ұлы сорапқа қайыра келіп қосылғанда түйесінен домалап түсіп ақ шаңнан тәу ететіні содан шығар. Жібек жолының айтылмаған дәстүрі, жырланбаған жыры мол, алыс-жақынды көріп үйренген кәнігі жолаушы әманда оған арнап құрбандық шалады. Сөйтіп бас түйесінің тізесін қандайды. Артқы көліктің мойныңа туған жердің топырағын тұмар қып байлап қояды. Аман-есен қайтып оралуға дәм жазсын деп бата жасайды. Мұның бәрі Жібек жолымен керуен тартып келе жатқан зиялы жанның ойлағаны еді.

Елші керуен Қарақорымнан шыққаныңа аттай ай толғанда ежелгі қыпшақтың ту тігіп, орда тіккен қасиетті мекені Қараспан тауына ілікті. Тақтайдай жазықтың үстінде жасыл барқытқа оранған айбарлы биік еді. Қарсы алдынан нұсқаланып шыға келгенде керуенбасы Омар шыдай алмады. Көңілі босап, атын борбайлап шаба жөнелді. Көз жасын ешкімге көрсетпеуге тырысты. Iші-бауырың ащы бір өксік буы п, запыран тастағандай боп қопарыла солықтады. Ат жалына жатып алды. Тезі қатты, морт мінез жанды қорытпаға салғандай еріткен туған жердің сағынышы еді.

"Омарға сыпалықты тастатқан, елшілікке айдаған қай сор десеңші".

Дүниедегі ең тәтті түйсік туған жердің топырағынан бас алады екен. Реніш, өкпе, наз, қуаныш, іңкәрлік, ашу, жолда көшкен кер бейнет, бәрі-бәрі нарт таудың нұсқасын көргенде, кіршіксіз таза ауасын жұтқанда ұмытылып жүре берді. Күллісі қосылып, сағыныш атты лүпілдеген сезімге ұласты. Қараспан тауы дала мұхитында жүзген алып кеме секілді еді.

Таянған сайын шоктығы көтеріліп, басы биіктеп айбарлана түсті, көгілдір мұнары сейіліп, тасы да, бұтасы да, жырасы да сымбатты кеменің сан бөлшегіндей елес берді. "Неткен ыстық ең, туған жер!" деп Омар дауыстап жіберді. "Ойхой, заман-ай, төсегінде шалжайып жатқызбай, сұқ итше сүмеңдетіп қойдың-ау. Адамның басы алланың добы деген, менің басым қағанның қаңбағы болды ғой. Қалай жұмсаса солай ығып домалана берем. Өстіп домаланып жүріп сүйегім қай сайда шашылар екен. Тыныш үй, жылы төсек бұйырмады. Бұтымның ақжем, құйрығымның тулақ болғаның елемей ай жүремін, жыл жүремін, әйтеуір әміршінің жарлығын орындап қайтамын. Қаһан түшкіріп қалса, мен "жәрәкім алла" деймін. Жанқияр еңбегімді ескерусіз тастамас, Отырардай бір шаһардың қожасы етер".

Осы үмітке малданып Омар әжептеуір көтеріліп қалды. Ат тізгінің тартып, еңсесін жинап отырды. Соңында бүлкектеп келе жатқан керуенді тосты.

Жаңа байқады, арасында жүргенде білмейді екен, қарсы алдынан қарағанда көз алдыңа сұмдық сурет ашылды. Түйелер әбден арыған, мойындары қылқыңдап, тапырақтай басады. Кірекештер де қажыған білем, көлік үстіне тік отырмай, имиіп, бүгіліп, жады ағашқа таңып қойған дорбадай салақтайды. Кейбірі жантайып жатып алыпты. Әуен бе, ән бе, танауларымен ыңырси күңіренеді. Күн қақтап, жел өткен жүздері отқа ұстаған қаңылтырдай. Жақтарына шыбын тайып жығылғандай. "Мына түрімізден жұрт шошынар" деп ойлады керуенбасы. "Осы күйімізбен Отырарға кірсек қой, қала датқасы тең иық болып сөйлесу түгілі есігінен қаратпас. Қаһарлы қағанның жарлығын жеткізу мұң болар содан. Керуенді бірер күн тынықтырып алған жөн-ау".

Қараспан тауының қолтығын кеулеп барып бұйда тартты. Түйелерді шөгеріп-шөгеріп, жүгін түсіріп, отқа жіберді. Күң мен құл ас қамына кірісті. Аяқ асты былқ-былқ етеді. Жусан жаңа бүр жара бастапты, жұпар иісі танауды қытықтайды. Омар сыз жерге шекпенің төсеп тастап шалжиып жата кетті. Буын-буыны босап, созылып, серейді де қалды. Жан рахатына шомды. Жілігіне қорғасын құйғандай зіл тартып, жүйкесі шымырлады. Тас төбеде, зеңгір көкте ноқаттай болып қыран қалықтайды. Қос қанатын жайып жіберіп жаймен айналады, паң, тәкаппар.

Қара жерде тырайып жатқан өзінің қаншама қайраттымын, қаншама еркінмін, ермін десе де қыранмен салыстырғанда екі аяқты; жол шандатып, қара жерді мезі етуден аспайтын пенде ғана екенің түсінді. Пенде болғанда да егін салып жер көгертіп жүрген диқан емес, қыш құйып ымырат тұрғызған зергер ұста емес, әншейін ғана ел-елдің арасына сөз тасыған, әміршінің "алып кел, барып келі", түйенің соры. Өзіндей ақылды жігіттің соры. Қираттым, жапырдым деп өрекпіп жүргені пендешілік қана. Әркімнің-ақ қолынан келетін іс. Бұл кеудесі аяққаптай, алдынан құл мен күң өтіп көрмеген Омарың, Омекенің ешқашан да сол пендешілік атты күйкі өмірден аттап өтіп, дүниенің бетіне өрлікпен тура қарай алмайды, кең аршындай алмайды. Өз бетінше соқпақ сала алмайды. Жұмыр басты жұрт, жұрт болғанда да миы ашып, мәңгүрт болуға айналған, сөз тасыған, жансыздық еткен елші деген қу аяқ кезбелердің ізімен кетеді ғой. Сөйтіп кісілік қалпын қор етіп өтеді, өшеді. Жібек жолының үстінде шаңы ғана қалады.

Осы ойдан Омардың тынысы тарылып, жанарына жыланкөзденіп жас тұрды. Кеудесін диірмен тасы езгендей сезілді. Туған жердің жас жусаның жастанып жатып, қымыздай салқын, шәрбат ауасын сіміріп жатып жан кешіп кеткісі келді. Шейіт өлімді қалады. Күллі денесін жер тартып, ет жүрегі бәсеңси лүпіл қақты.

Өстіп шалжайып жатып шынымен жан кешсе қайтер еді? Соңынан кім жоқтау айтып, күңірене дауыс салар еді? Елші керуен түйе басын Керлен бойына қайта бұрар ма еді? Құдіретті қаған он көзіндей болған батыр серігін жоқтап бармағын шайнар ма екен? Пәлі-ай деген. Бармақ тістеп күйінетін қағандық өрсең-ау, күйінбек түгілі мұртынан күлер, "мандайын тасқа соққанша туралап тарта беретін бәтшағар еді, өзіне де сол керек" дер. Керуеннің де қалыбы қисаймас, жүгін теңдеп, көлігін ондап алып бүлкектей Отырарға тартар. Ешкім де өліміне қабырға қайыстырмас. Бір бұтаның түбіне жүзін жасыра салар. Әне бір жүйкесі тозған, асудан өткенде жерді құшып жылаған кірекеш: "Омекең о дүниеге аттанып кетіпті дегенді естігенде жүрегі жарыла қуанар. Ол ғана емес, осындағы арып-ашып, тозған, шаршаған кірекештің күллісі іштерінен тәуба айтып: "қызыл көз, құрығы қатты пәледен құтқарғаныңа мың шүкіршілік" деп қутыңдап қалар. Жымыңдасып, ыржыңдасып керуендегі асыл қазынаны бөлісер, сөйтіп көзді ашып-жұмғанша тоз-тоз боп жоғалар.

Шалқасынан жатқан Омардың жанарына қалықтап ұшқан қыран шалынды. Енді аңғарды, қыран манадан бері өзінің тас төбесіне шүйліге ұшып жүр екен. Құзғын емес, ер адамның басын айналып бәле шақыратын. Қанаты асыл, қайраты қатты, сері мінез түз тағысының мына тосын ұшуына жөн болсын. Асыл қыран аспанда жүріп-ақ екі аяқтының ойын танушы еді ғой. Ендеше дәл солай! Қауырсыны сусылдаған сері мінез, асыл қыран туған жердің төсіне жата кетіп, қилы қиялға шомған Омардың ойын оқып жүр. Шаршаған, шалдыққан жерлесінің бойына әл қосып, жүйкесіне жігер бергісі келгені.

Кеудесіне қыран күшінің шымырлап құйылып жатқаның сезінді. Сезінген сайын өмір дәмі таңдайына тәттілене түсті, тымырына қосымша бүлкіл қосылды, бойымен қызу жүгірді, сүйек-сүйегіне дейін сыздап, қайратқа толды.

Жібек жолының шаңы болғалы жатқан жігітке қыран күші сұмдық әсер етті.

Керуенбасы орнынан қарғып тұрды.

— Түйені әкел! Жазыла! Құмандағы суды жылт! Қосты жық! Отты сөндір! Тендерді түйеге арт! Сусын ішіп ал! Күндер балаханаға кірсін. Кірекеш, бұйда тарт! Хаммаль Мераги, жолды бағдарла! Керуенді баста!

Керуендегі жолаушылардың жарлықтан құлағы тұнды. Сары бүлкек басталды. Елші керуен тырнадай тізіліп келіп Ұлы сорапқа қосылды. Бұл тұстағы Жібек жолы бейне түкті кілемдей бұйра жусанды кең алапты арқадан осып өткен қамшы ізіндей ұзынша кесіп өтетін. Қиыр таусыла қоймайтын. Әйтсе де түйе табаның қаққан тас, ілгері басқан аяғын кері жіберген құм, тірсекті ұратын жықпылды жынысы жоқ; үлпілдеп жатқан күрең топырақты шашадан кешіп тартатын да отыратын. Қыпшақ. даласының кеңдігін керуеншілер енді сезінді. Бұл кеңістік төсін жайлаған жұртқа да мол мінез берген екен, көз ұшынан әрәдік көрініп қалатын жылқышы ауыл, ауыл маңындағы желіде тәспінің тасындай тізілген құлын, үйездеген жылқы, қоңыраулатып салған ән: күллісі мына табан астыңда керіліп жатқан кер далаға соншама ұқсас. Соншама мінездес. Кісілерінің үйі қоңыр, мінезі орнықты, қимылы жай. Бойы бұлақ басына біткен дарақтай биік, ұсқынды, нұсқалы, кілең көз тояттар сұлу жандар. Жел қағып, күн өткен жүзі қара торы келеді. Aт жалында ойнайтын шабандоз, құйынмен жарысқан жел аяқ бәйгешіл, найза ұшымен саршұнақ түйреген найзагер, қарақұрым жауға қаймықпай кірген жаугер: үстінен күні-түні ағылып өтіп жататын дүниелі керуенге сұғын қадамайды, көлігін торымайды. "Дешті-Қыпшақ жерінде керуен тоналыпты-мыс", дегенді Омар өз басы ешқашан естімеген. Талай мәрте Жібек жолының бойында жорыққа аттанған жарақты қолға ұшырасты, бірақ олардан титтей де залал көрмеген. Әуелде қарсы алдынан қаптап шыға келген қолдан жама-а-ан сескенетін, ә дегенше-ақ әлгі самаладай жігіттер тұсынан саусылдап өте шығатын, содан жүрегі орныңа түсіп, жағасын ұстайтын. Қыпшақ қолының мәрттігіне қайран қалатын. Маңғұл сарбазына кезіксе ғой, әлдеқашан талапайы шығып тоналар еді, түйеден де, жиһаздан да айрылып, жол үстінде аш бөріше ұлып қалар еді. Маңғұл жерімен өткен керуеннің қаһанның таңбалы қайрақ тасын алып, шыбын жаның шүберекке түйіп жүретіні содан, қайрақ тасты көрсетсең ғана жанкешті зұлматтар ештемеңе тимейді, боқтап-бұралап, нақа құны кеткендей кейіп, кіжініп жөніңе жоғалады. Жаныңды қағанның қайрақ тасы құтқарады.

Керуен Қараспан тауынан шығып күн жүргенде алыстан Отырар шаһарының дабысы сарындап жете бастады. Құлаққа өмір шуылы құйылды. Жібек жолымен қарсы ұшырасқан керуен тізбегі көбейді. Кілең мол дүниенің қазаныңа малып алғандай алпыншақ-салпыншақ, қызылды-жасылды аламан жолаушылар.

Жол әлденеше тармаққа бөлінді. Бейне көне Інжу үгіз өзенінің теңізге құяр кезінде сан тарауға бөлініп, етегі кең жайылып, үлкен аймақты қамтитын асау мінезін елестетті. Шұғыл түстікке бет алып, Шаш шаһарына кетіп жатқан Кіші Жібек жолы: терістікке бұрылған Күміс жол — Қара таудың етегін бөктерлеп барып Күмістінің асуынан асады. Сөйтеді де Шуды жағалап келе жатқан Жау жолына қосылады, содан тіке терістікке тартады. Сарысу өзенің өрлеп барып, Сарыарқаны көктеп өтетін әйгілі Хан жолына айналады. Қазіргі елші керуеннің сорғып келе жатқан бұтағы Бас Жібек жолының Отырарға бет алған ақтабан сорабы еді. Сорап жүрген сайын біресе онға, біресе солға бұрылып бейне Інжу үгіз өзенінің кең қолтықты, көп қойнаулы, терең иірімді ағысындай бекініске, қалашыққа, сарайшыққа соға бастады. Соққан сайын сақырлап қайнап жатқан жойқын тіршілік толқыныңа ілесіп, жүрісін жылдамдата түсті. Көліктің аяғына жел бітті. Кірекештер мойның созып, әлсін-әлі көкжиекке тігіліп, атағы жер жарған Отырар шаһарын көруге асықты. Шаршап-шалдыққан жол бейнетін тарс естен шығарды.

Отырар тоқсан жолдың торабында дүм-дүниені жалмап жұтып жатқан тартпа шүңейтті, иірім ағыс іспетті еді. Иірім тым алыстан байқалмайтын. Сыр ашпайтын. Күншілік жер қалды дегенше-ақ керуеншілердің аяғы тасқаяқтай тоғысады, арбауға түскен торғайдай болады. Тартпа шүңейттің күші сезіле бастайды. Сол күштің дің өзекті ортасына тақаған сайын жүректі қозғап, көңілді өрекпітер әлдебір қасиетті әсері сезілетін. Сол сезім күшейе түседі, бара-бара тұла бойды шымырлатар тағатсыздыққа тірейді. Сәл дыбысқа елігесің, сәл дүбірге желігесің. Маңайың қызық әңгімеге толады. "Мына керуен кеше Отырардың Қан Базарынан шығыпты?" "Шіркіннің жасауы көздің жауып алады тегі!" "Балаханадағы үр қызы ма дерсің! Екі аяқтыдан да соншама сұлулар туады ә!" "Алақаныңа салып қойып бетіне қарап отыратын сурет қой!" "Мына бекіністің қарауыл мұнарасы неткен биік еді, басына шығудың өзі мұң болар!" "Жолдың өзі далиып кеңіп бара жатқан жоқ па?!" Осындай гу-гу таңданыстар құлаққа дамылсыз жетеді. Иірімнің аяғыңды тартып, шыр көбелек айналдырып үйіріп әкетіп бара жатқаның байқайсың. Тартса, тарта түссе екен дейсің. Осы шақта ешқашан керуеннің басын басқа бағытқа бұрып әкете алмас едің. Күшің жетпес еді оған. Даңқты шаһарды көруге ынтығар едің. Бар болмысыңды иірімнің ырқына бересің.

— Отырар! Отырар! - деп керуен басында бара жатқан Хаммаль Мераги айқайлап жіберді. Жұрт елең ете түсті. Керуенді жай соғып өткендей болды. Қалт кідірістеп қалды.

— Отырар! Отырар!

Керуендегілердің тап қазіргі көңіл-күйі дүниені толқынымен тербеп жатқан мұхит шетіне шығуға зар болған теңізшідей еді. Көкжиекпен астасқан телегей көзді жеп, жанды жалықтырады. Талай тау толқынның астыңда қалып қоя жаздайды. Дүлеймен алысып жанталасады. Енді бірде желкен діңгегінде тұрған қарауыл-теңізші қуаныштан жүрегі жарыла жаздап "жер! жер!" деп айқайлар еді. Көкжиекті қолымен нұсқар еді. Дала мұхитын ай бойы кешіп келе жатқан керуеншілер дәл сондай әсерге бөленді. Жолбасшы Хаммаль Мерагидің сөзі сұмдық шаттандырды.

Арқа тұстан күн көтеріліп келе жатыр еді. Шаһар таңғы аппақ нұрға малынып көзді қарықтырды. Әуелі көкті шаншыған ақшыл мұнаралар шалынды. Сосын сал жігіттің үкілі бөркіндей болып көркем күмбездер көтерілді. Күмбез бүйіріне күн нұры шағылысып жалт-жұлт етеді, жақұт тасын орнатқан сәукеледей құбылады. Сосын мәрмәр тұғырға тұрғызған хан ордасы Күмбез Сарай бой көрсетті. Бояуы ақшыл. Айбары алыстан айқындалып, бедер-белдеуі быжырқайлана берді. Қолдың саласындай көшелер: ондағы сәнді сарай, медресе, гүртхана, күшхана, базар, кешен, жәдігер, дің үй, тасболат там, мешіт, ымырат үй, керуен сарай, әуіз, қылует — күллісі көз алдынан қалқып өткенде керуеншілер таңдай қағып, "аһ" ұрысты. Өмірінде мұндай салтанатты көрмегендігін айтты. Тамсанып, таңданысты. Әсіресе Омардың ішін өртеген шаһардың сыртын тұтас орап жатқан зәулім биік қыш қорған еді. "Мұндай да биік қорған болады екен-ау", деп саның соқты. "Басында қарауыл қараған сарбазға ешбір жебе жете алмас. Қақпасының өзі шым шойыннан, қарасаң қалпағың түсердей! Заңғар ғой, ғазауат қой! Тас атқыш тақылдақ түгілі зымыранмен атып ала алмассың!" Керуенбасы өз-өзінен күңіреніп бей-жай күйге түскені.

Енді аңғарды, қорған ішіндегі салтанатты сурет алыстан қарағанда ғана, күн арқан бойы көтерілгенде ғана айқын көрінеді екен. Содан бірте-бірте мұнарға батып, берідегі дуалға бойтасалай береді. Шаһар ішін қорған көлегейлейді. Жолаушы жақындаған сайын қарсы алдыңда бедірейіп безерген қыш қабырғаның өзі ғана қалады. Өңгесі жоқ болып кетеді. Омар бұл сырға сұмдық таңырқады.

"Құданың құдіреті, шаһар іші алыстан алақанға салғандай бадырайып тұрып, тақағанда ызым-ғайып жоғалатыны қалай? Жын жұтты ма? Киелі жер деп естігенім ұшқары сөз болмады. Іші тола кітап ашып, жұлдыз санаған қияли дегені рас екен!"

Омар Отырар ұсталарының жер бедері ілімін аса терең білетінің, шаһарды сол ілімнің күшімен құбылтып салғаның сезбеді.

Отырарға ат шаптырым жер қалғанда лекіп келе жатқан керуенді кідіртті. Жібек жолының жиегіне шығуға жарлық етті. Бұл тұстың түгі тықырланып, жері тұяқшиір тақырға айналыпты. Кірекештер күллі түйені шөгерді. Серіктері аттан түсті.

Омар Ұлы жолмен қоштасу рәсімін жасамақшы болды.

Керуенбасы, сосын кірекеш, түйекеш, құл-құтан түгел түйені тасалап іш дәрет алды. Жуынып-шайынды. Керуеннің бас жағында көсіліп шөгіп жатқан қара нардың алдыңа жайнамаз жайылды. Қара нардың алдыңда ақ қозының жүнінен басылған шаңқан текемет. Керуенбасы кебісін шешіп шетіне шықты, қос қолын кеудесіне ұстап сүмпиіп тұра қалды. Өзге жұрт жол жиегін қаздай тізіліп тізерлесе кетті. Омар құранның "Жол" атты жиырма екінші сүресін қоңыр мақаммен дауыстап оқи жөнелді. Төбе құйқаны шымырлатқан сұңқыл үн құлпыра құйқылжыды. Бұл қоштасу әні секілді мұңды бір сүре еді. Ұйып тыңдап отырған жұрт көзіне жас алды.

Жібек жолымен қоштасу қиын.

Ұлы Жол жолаушының анасы іспетті. Алысқа аттанса тілеулесі, жақында жүрсе сырласы. Тағдырдың біз білмеген көп бұралаңына салып сүркілдетер, алыс-жақынмен табыстырар, шаршатар. Адам атаның қолынан жетелеп жүріп өсірген батагөй ақылшысы бұл. Қол қусырып қарсы алар досқа да, жол тосып аңдысқан қарақшыға да бірге жолығады, бәлені де, жаланы да қосыла көреді. Жолы жаман жолаушы өтсе дағы бұл сорапқа сор ат жамалады. "Ауыр жол"'деп аулақтайды. Тіпті "жау жолы", "бөрі жатағы", "қарақшы соқпағы" деген үрей туғызар аттар дүниеге келеді. Осының бәрі жүріп өткен жолаушыдан. Ақылгөй ана оны да көтереді: төсінен жортып, шаң қаптырып кететін кезбе мен саудагерді ұлыңдай сүйеді, арқасында аунатып еркелетеді. Көз көріп, құлақ естімеген елге адастырмай апарып, игі жақсымен таныстырар, жекжат етер. Жол болмаса туған жердің ыстық демін, тәтті дәмін, жақсы-жаманың парықтай алар ма екенсің; жат өлкеде жүріп сағыныш атты құдіретті тұщына алар ма екенсің; кейінгі буынға әз сөзіңді қалдыра алар ма екенсің; қайдағы сөз! Қайдағы құдірет! Жолсыз өткен тіршілігің көрмәдік, көзсіз күнкөріс-дағы. Жібек жолынсыз қара қазақтың алтын ордасы, торқа болар топырағы, салтанаты, сәні — Ұлы Отырар дүниеге келмес еді..

Омардың қоңыр даусы дірілдеп бұзылып кетті. Еңкейіп, жайнамаз шетінен бір шөкім топырақ алды. Маңдайына басып тәу етті, көз жасымен шылады. Көп уақыт дәмдес-тұздас болған, өткен өмірінің жолдасы, ілгергі үмітінің тілекшісі бек жолына жүрек алғысын білдіріп, қайыр-қош айтысты.

Керуен Жібек жолымен жылап қоштасты. Соңына қимасындай қарай-қарай кетті.

Омар шаһарға елшілікке Хаммалъ Мераги мен Амин аддин Херевиді аттандырды. Қала әміршісіне тарту жөнелтіп, салауат білдірді, шаһарға кіруге пұрсат сұрады. Пұрсат келсе: осыншама кісіні нешеме күнгі бейнетке жегіп, сүркілге салған, басын қатерге тіккен жарлықты орындамақшы. Ол жарлық — қағанның құқы — қыпшақ қолының саның, жарақ күшін, шаһардың әлсіз жерін білу: сұрапыл тасқынның алдыңда тұрған Отырардай тас қамалдың іргесін сөгу еді.

Жансыздыққа жол алған.

Шаһар әміршісінің "кіруге пұрсат" деген қос ауыз сөзі түс әлетінде келіп жетті. Ұзын керуен құлдилап кеп қаланың Алтын қақпасынан құйылды. Қақпаға еніп бара жатып елші Омар еріксіз артына бұрылған. Неге екені белгісіз Жібек жолы қан түстеніп қалып барады екен. Ет жүрегі дір етті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет