Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет13/19
Дата13.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
#133863
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

Сыйласаңшы көш маған.

Көшпен бірге барайын,

Балаларды туайын.

Көк тиын да алмайын,

Берсең болды тамаққа.

Ей, керуен, ах, керуен,

Ей, Ауған, ей Ауған...

Ия, деп ойлады Арсен Саманчин, осынау көңілге тимес ауыл әзілдері сендер үшін басқаша мәнге ие болып, трагедиялық ауыз әдебиеті жанрына айналмаса игі болар еді...

Және де қазірше бәрі ойдағыдай болса да, бірақ өздігінен қалтарыста бұғып жатқан, осы маңдағылар үшін адам есітіп, көз көрмеген қауіпке қарамастан, Елестің “таңғажайып” (өзі үшін осылайша ұғынды) пайда болуы және бұл қаншама дәмі–татуы жоқ болғанымен, бір көргеннен, сол сәтте – ақ оған ғашық болғанын Арсен Саманчин ұзаққа созылған жалғыздық оның жанын жегідей жеп, жан баласы мекен етпейтін шөл даладай құр сүлдері қалған шақта тағдырдың өзіне көрсеткен ерекше белгісі ретінде қабылдады. Сол күндегі оқиғадан ол үшін шынында да сақтандыра алған кездесу деп бағалады. Ал оның ауылдастары үшін осынау көріністе көзге түсетін ешнәрсе де байқалмады, олар бұған көз қиығын да салған жоқ, оған бір мысқал да мән бермеді. Елес бұл жерде әпкесінің үйінде әрдайым болатын, олар үшін бөтен емес–ті, көрші қонған Төменауыл елді мекенінде тұратын (Сібірдегі Тюмень өлкесінің мағынасы да осы сөзден шыққан–ау деп ойлады).

Өзінің немере ағасы–сақалды шеф Бектұрмен аңшылық істерді талқылаған Арсен тап қазір көшеге шығып, Елесті шақырып, оның қолынан ұстап, әпкесінің ауласына дейін бірге жүгіріп, “Ниваға” мініп, онымен өз әлеміне, ол үшін де өзге емес, өз жері, өлең төсегіне кетіп қалуды қолдан келмесе де шындап ойлағысы келді. Және де өзі үшін бір таңқаларлығы–Айдана да, оның сұмпайы шефі Курчал да неге екені белгісіз бір сәтке ұмытылды, санадан өшті, оларды ойлауға себеп те қалмады... Табынатындар да солғын тартып, дұшпандар да көлеңкеге ысырылатын болғаны–ау...

Егер де шынында да, екеуі Елеспен бір қалаға бара қалғанда құшаққа сыймайтын әуен мен от шашқан әлемнің толқынында мейілінше тербетілер еді, қандай бақыт болар еді десеңші! Бірақ нағашы ағасына берген, сол үшін мұнда арнайы келген туыстық борышты, уәдені не етпек? Жо–жоқ, ешқайда, бір қадам да басқа жаққа аттауға болмайды. Бұған қоса анау Тастанауған мен шетелдік кепілге алынғандарға әзірленген үңгірді айтсаңшы. Қазірше бұл қауіп – қатер ғана, бірақ оның соңы не болмақ? Не істеу керек? Ешкімнің де бұнымен ісі жоқ... Егерде білгенде ше...

* * *

Алайда жалғыздықтан және үрейден сергелдеңге түсіп, күйзеле күңіреніп, мазасы қашып, азапты шеккен біреу бар еді. Ол Үзеңгілес асуы түбіндегі Жолбарыс болатын. Соңғы күндері бұл жерде көздеріне биноклді тақап бір нәрсеге үңіле қарап және айналадағы тау атаулысы кернейден дауыс шығарғанда дүр сілкінетіндей қабілеті бар қандай да бір салт аттылар жиі–жиі көріне бастады. Мінеки, қазір де үшеуі аттарымен желіп келді. Олар тағы да бір нәрсені сығалай қарап, бір – бірімен үн қатысты... Ал ол бір жаққа тығылудың орнына орасан зор басын шұлғып, құйрығын арқасынан көтере жалына жейін жеткізе ешқайда кетпеді... Аттылардың бұны байқап қалғанын, өзара бір–бірімен “қазан бас, құйрықты” деп атайтынын Жолбарыс білер ме еді? Әнеки, анау әлі де сол жерде айналсоқтап жүргенін қарашы дегенін...



Және де Жолбарыс сол кезде қарлығыңқы дауыспен күңіренді: “Неге, неге, сендер бұл жердесіңдер? Сендерге мұнда не бар? Бөгет болмаңдар, жақында таулардың быт-шыты шығады, сендерге де жақсы болмайды...” деп.

Кешке жақын Арсен Саманчиннің шыдамы қалай дегенде де түгесілді, ол Елеспен ұзаққа кетіп, оңаша болғанды қалады. Шефпен әңгіме барысында кешкі мезгіл бір қарағанда бос болатындығы анықталды, ал табан аудармай осы жерден бір елі кетпейтін уақыт және аудармашылық жұмыс келесі күннен басталмақ екен. Дайындық тобы мен кинооператорларды қарсы алу үшін Әулиеата аэропортына олар ертелеп аттанбақ. Ал тағы да бір күннен кейін араб ханзадаларының өздері келмек. Әңгімені бүге–шігесіне дейін келісіп, оның барлығын Арсен блокнотына түртіп алды да, есікке қарай шыға бастағанда Тастанауған қуып жетті:



  • Тыңда, Арсен, егерде сен кетсең, есте тұт, саған күні ертең атыңды жетелеп әкеледі, сол кезде қарындасыңның ауласынан табылатын бол. Қай кезде болса да ат даяр болсын...

  • Жарайды, әкеле берсін. Мен атқа біраз мініп көрдім.

  • Саған қаруды қашан әкеліп берсін? Винтовка керек, сен тағы да пистолетті сұраған ең, ол да болады, автомат та береміз. Және де өзіміз айтқан дауыс күшейткіш те болады.

  • Ең жақсысы бүгін емес, ертең әкелгені дұрыс. Кешке, сағат алтыларға таман болғаны абзал. Сол кезде біздер шефпен бірге Әулиеатадан ораламыз. Және де қаруды маған қолма – қол тапсырсын.

  • Әрине, қолма – қол. Шефтің тапсырмасымен тілхат арқылы ғана. Ал сен қалай деп ойлап ең? Ия, Арсен, және де ең бастысын айтайын. Жүрші, шеткерірек баралық.

Олар бұрыштың арғы жағына өтіп, ол жерде арлы – берлі жүре бастады.

  • Ал ендігісі, ең бастысы, - деп Тастанауған сөзін бастады, - қазір біздер екі жаққа кетеміз, содан соң тауда, Молатаста жолығамыз. Сен сол жерге ханзадалармен бірге келесің, біздер ол жерде жайғасып үлгереміз. Ол жердің бәрін кезіп, шың құздарға шығып, кейде атпен, кейде жаяу жүріп дегендей көру керек. Бірақ мен өзімнің шеті қызыл түспен көмкерілген әскери фуражканы, Ауғанстаннан қалған белгімді киген сәттен бастап, ол жөнінде саған айтқанмын, қандай бұйрық болады, соның бәрін орындайсың. Ұмытпағайсың: бастағы фуражка – бұл бұйрық.

Арсен Саманчиннің құлағы шыңылдап кетті, қаны басына шапты:

  • Тыңда, сен ойланшы: сен не істемексің! Тоқта, әлі де кеш емес.

  • Саған не болған! Осынау арам термен табылған жиырма миллионды біздің бақташылар үшін аянасың ба?

  • Бөлісудің жөні бұлай болмаса керек.

  • Ия, сонда революция, реформа, және де кім қаншасын жымқырып алу арқылы болу керек демекпісің. Соларды күтіп отыруым керек екен де!

  • Ал сенің қалауыңның өзі не, білесің бе, бұл–теракт. Түсінсеңші, ең болмағанда!

  • Мейлі, болса болсын. Біздер өз үлесімізді аламыз.

  • Қазір сөз жарыстырмалық. Сенің ойға алғаныңның бәрі баршамыз үшін ақырзаман. Олардың өз күзетшілері бар, қан төгілуі мүмкін.

  • Алаң болма, қандай жағдай болса да, біздер саған қол тигізбейміз, егер де сен біздің айтқанымызды ағылшынша аударып берсең.

  • Мен өзімді ойлап тұрған жоқпын. Айтсам ба әлде айтпасам ба. Тыңда! Сені дуэльге шақырмақ емеспін.

  • Дуэль ме, болса болсын! Сен бізді анау жаһанданудың үлесінен қағуға әзірсің бе?

  • Тағы да бастадың ба? Жаһандануды өз жайына тыныш қой, тіпті, сенікі өзіңше дұрыс болса да.

  • Жарайды, осылайша болса, Арсен сен өз жайыңды, ал мен өз жөнімді ойлайын. Әлі де уақыт бар. Бақандай үш күн. Менің фуражкам даяр. Қазірше сау бол, кездескенше. Тастанауған кетіп бара жатып, кері бұрылып, желкесіндегі шашын салалап, сөзіне сөз жалғастырды: - Мен білемін сенің көңіл–күйіңнің жай–жапсарын, қазірде біздер бүкіл ауыл–аймақ есітетіндей бір–бірімізді былапыт сөздермен сөксек, жеңілдеп қалар ек. Бірақ сен де ойлан, менің күпті көңілімді. Суға батып өлгің келеді, бірақ өмір сүруге тиіссің. Өмір сүрсең де өмір сүргендей бақуат болу керек, анау жындай есіргендердің біздің үстімізде ойнақтағаны жетер енді! Балалардың мектепке киер ешнәрсесі жоқ, кедейшілік жайлаған, қалада сендер бомждар деп атайтындар секілді бақташы болып сандалып жүрміз. Сендер газеттерде артын жалап жүрген дұшпандар біліп қойсын, құлақтарына құйып алсын: біздер ендігіде оларды, бай – батшаларды алқымынан аламыз!

  • Және де сен фуражкамен келсең болғаны, сөйтіп, бәрін де тұқыртып ұстасаң, іс шешіледі демексің бе? Қайта оның орнына сау басыңа дау қосылады... Сен дүниеге басқа көзбен қарап тұрсың.

  • Мейлі, көзі де, дауы да құрысын... Ал фуражка менің басымда болады!

  • Ең алдымен, басыңа киер алдында ойлан.

  • Оны сен ойла. Мейлі, қазірше.

Өзара түсіністік пен келісімді таба алмай, одан бетер көңілдері күпті болып, жандары беймаза халде екі жаққа тарқасты. Алайда олар ішкі түйсікпен өзара тұйыққа тірелгендерін алдын–ала білді, сонау Тянь–Шань тауының түкпірінде, қойнауларда, қалың жынысты ормандар мен алқаптарда тіршілік ететін қар барыстары да еріксіз түрде басып алу акциясына қатысушылардың бірі болуы мүмкін екендігін, сол жердегі күтілген оқиғаның немен бітетіндігін күні бұрын сезінді. Бірақ ойлау мен топшылау қасиеті дарыса да, бұл жөнінде қар барыстары қайдан білсін?

Дегенмен, дәл осылар жөнінде Арсен Саманчиннің де ойына ешнәрсе кіріп шықпады. Бәлкім, жалт еткен қиялға беріліп, өзімен-өзі қалғанда ол өзін жеңіл, терең және жайдары сезінді, бейнебір сол бір сәтте қатері мол шыңыраудан жер бетіне шыға келгендей және жаңадан бір нәрсеге рахаттанып ынтыққандай бой жазды. Бірақ махаббат осыншама кенеттен, себеп–салдарсыз, әп–сәтте пайда бола ала ма? Немесе бұл терактіге қатысушылардың бірі ретінде оған төбеден төнген қауіп–қатерден жанын арылтпақ болған тағдырдың қол ұшын берген жедел жәрдемі ме екен?

Ал Елес оның болмысында не болып жатқанын білгендей оны күтіп, өзі–ақ терезеден үн қақты:


  • Мен мұндамын, Арсен!

Оған осы ғана қажет еді. Қас–қабағынан–ақ бірін–бірі түсініп, олар бірден шешім қабылдады, қазір ол әпкесінің үйіне барады, ал Арсен “Ниваға” мініп, ауласына жақындайды және екеуі біргелікте әлдеқайда ұзаққа, бас ауған жаққа, серуендеуге, бірге болуға сапар шегеді. Ең қуаныштысы–ол Арсеннің көңілін бөлісті. Арсен аулаға жеткенде Елес дайын еді, ол үйден күлімсіреп шықты, арқасында рюкзагі, қолында гитарасы және иығына жамылған пүліш одеалы бар–ды.

Және де олар қатарласа отырып жүріп кетті, әрқашанғыдай бір–біріне жанарларын қадап, толықси балқыған бақытты сезінді. Өзінің нақсүйер “Нивасы” оларды бақыттан шалқыған өмір жолымен жүйткіте жөнелді және де барша әлем әдеттегінше болғанымен, қарапайым көзге білінбес өзгеше күйге енді. Олар осыны сезініп сүйіспеншілікке бөленді, таңырқады. Осынау көгілдір әлемде бәрі сиқырымен арбады, бейнебір кескіндеме суретіне әртүрлі нүктеден жарық жіберіп, ондағы бейнелерге жан бітірмекші болғанындай жарқырап сәуле шашты.

Асып–тасыған бақытқа мас болып, олар үлкендерше емес, өйткені, Елес жиырма бесте, ал Арсен отыздың арғы жағында еді, жақсылықты да, зұлымдықты да көбірек татып, үйлену тойларын өткізіп, айқай–ұйқай мен ажырасу сәттерін де бастан кешіп үлгерген–ді, ал қазірде өткеннен мүлдем арылып, жаңа өмірге келген жандардай сезініп жан–жағына балғын балаларша таңдана қарады. Олар бейғам бозбала мен бойжеткендей махаббат құмарлығы баураған күйден өзге ешнәрсені қаперлеріне алмады. Бұл құр бос қиял немесе өзін-өзі алдау емес–ті, тек бір–ақ рет тағдырдың сыйға тартқан рух пен тәннің шайдай ашылған ләззатты сәті еді. Және де көзге көрінер нәрсенің бәрі де, жақыннан да, ұзақтан да, жоталар мен жан жадыратар алқаптар да, күн мен өзен де, дөңгелек астындағы жайылып төсек болған теп–тегіс жол да сол бір сағатта ұлы әрі жанға жайлы болғандықтан, екеуі бір–бірінен ажырамай бастары ауған жаққа зымырап бара жатты. Және де жанында отырып, нәзіктіктің сәулесін таратқан Елеске қарап, Арсен Саманчин өзінше ой қорытты, егер де махаббат сезімі қос тараптан болса, онда адамдар тағдырын қарауылға алатын өмірдің ең биік әділдігі, мінеки, осында ғана. Романтизм трагедиясыз бейдауа, сондықтан да алдамшы деп есептелінеді. Бұл бос сөз, себебі романтизмде дүниені қабылдаудың өзгеше типі бар: күн де басқаша, аспан да бөлек, бәлкім «жеті қабат көк» дегеніміз осы болар, тіпті, төңіректе қанат қағып, түр-түсімен көз тойдырған көбелектер де өзгеше реңде. Бірақ осынау басқаша әлемді жаныңмен сезіну қасиеті тек қана сүйе білетіндерге ғана дарыған. Махаббат – жанның таңғы сәулелі сәті деп тектен – текке айтылмаған.

Арсен бейнебір иығынан ауыр жүк түскендей сезінді, бұл қалайша болғанына өзі де таңданды. Айданаға бола жын–пері Эрташ Курчалға соншама ренжіп, өзін-өзі жеп, соншалықты жек көріп, ә... Тастанауғанның өктем де қанқұйлы ойларының құрсауында басыбайлы қалып қойғанын айтсаңшы... Кенеттен, бәрін де, Елеске дейінгінің бәрін ұмытып, әп–сәтте оның өз өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналғанын қарасаңшы. Мүмкін оны жардың жағасынан кері әкетіп, құтқару үшін Елесті әдейі жоғарыдан жіберген де болар.

Елес оның ақынжанды көңіл күйін сөзсіз бөлісіп, бақыттан мас болып және оған ешқандай өкінбестен үн қатты:


  • Қарашы, Арсен, мынау таулар менің махаббатымды күтумен болады, сондықтан да бұл жерге мен жиі келемін. Мен де күтумен ғұмыр кештім, бірақ дәл осылайша болады деп сенген жоқ ем... Өйткені, мұнда осы, тауларда әлігі Мәңгілік қалыңдық үнемі кезіп жүреді деген сенім бар, бұны ауылдағылар жыр етіп айтады.

  • Айтпашы, Елес, әйтпесе, көз жасым көл болады!

  • Оу, рульді қаттырақ ұста! – деп шаттана күлді ол. – Қандай жақсы бірге келе жатқанымыз!

Егер де ғашық жандар бақытты болса, онда олардың өмірінде бұған дейін не болғандығы көк тиын. Бәрі де жоққа шығарылады және беті жабылып, нүктесі қойылған іс құжаттары секілді мұрағатқа табысталады, өйткені, өмір жаңаша басталады, жаңадан есептелінеді деп ойлады Арсен. Әйтеуір, көз тимесін де!

Алайда ол осынау идеализмге мейірленіп, құмары қанғанымен, ара–арасында бақытқа трагедияның тынымсыз халдегі қырағы көзі мізбақпай бақылайды–ау деген ой ұялады. Содан да болар, алаңсыз бақыттың болмайтындығы. Мінеки, қазір де оған әзілі жоқ беймаза күй аракідік қайта оралды: араб ханзадаларына не болар екен? Егерде Тастанауған оларды шынында да кепілдікке алса ше? Оны әлі райынан қайтаруға әрекеттеніп көремін, көнбесе, не істемекпін? Автоматты қолға алып, (шеф Бектұр әлігінде оған да автомат беруге уәде еткен–ді) қорғауға белді бекем буам ба? Басып алушыларды атып тастап, өзін де атпақ па? Барлық уақытта да кедейлер, ал олар миллион есе көп, байларды көңілдеріне қабылдамайды, оларды жек көреді. Бірақ, мінеки, парадокс–бәрі де сонымен бірге миллиардер болғысы келеді. Дегенмен, әртүрлі ойлауға болады, бірақ не істеу керек, қайтпек керек? Біздің бәріміз бір арқанға байланғанбыз. Тасауғанның адамдары ешнәрсе жоғалтпайды, олар өздерін бандитше тұтуда. Бәріне де барады, бас айналарлық ақша үшін. Қаһарларына мінген. Аңдардың жыртқыштығы табиғатынан дерсің. Ал олардыкі, қылмыстан. Тастанауған айтқандай, күтпе, қатып ұстап қал, әлі де кеш емес! Ех, сайтан алғыр, бұрынғы досы – кластағы Ауғаннан жыртқыш аң секілді оралды, ал қазірде жаһандануды жек көреді, кім болса да төбесін оюға даяр. Тіпу, саған! Ұмыт бәрін, бәріне түкір!.. Өзгеше өмір кенеттен айналымға еніп кетті, ол үшін сол күн жаңа айшықты сәтке ие болды.



Алғашқыда олар ауыл шетіне орналасқан жалғыз ғана жергілікті жағар май құю орнында болды, мұнда Елестің және бір әпкесі тұратын, осы жерге ол сауда–саттық тірліктерімен жүрген кезеңдерде жиі келетін. “Ниваға” май құйып, олар одан әрі зымырай жөнелді. Жолға шыға салысымен Арсен Саманчин қала трассасы бағытына таулар арасымен жүргендей етіп машинаны шұғыл бұрды. Тежегішті басты, бірер минөтке тоқтады және үн-түнсіз ойға берілді.

  • Не болды, Арсен? – деп қызыға сұрады Елес. – Біздер сол жаққа барамыз ба?

Ол үндемеді, кейінірек басын шайқады, күлді және оның көзіне тіке қарап, әлде әзілі ме, әлде шыны ма:

  • Егер де сен қарсы болмасаң, Елес, мен сені қалаға апарғым келеді! – деді.

  • Әне саған?

  • Ия, сені баяғы замандағыдай ұрлап әкеткім келеді. Қалай ойлайсың?

  • Не үшін?

  • Біз бірге болсақ деймін.

  • Журналист–ұрлаушы! Сонда мен өзімнің гитараммен бірге ұрланған екенмін де? – деп Елес шаттана күлді. – Тамаша! Арман – ақ! Онда руліңді басқара бер! Әйтпесе, машина білмей тұр қайда қарай жол бастарын!

  • Онда келістік, ә? Бірақ қазірше тауда өз қалауымызша осында бола тұралық, - деді де Арсен Саманчин “Ниваны” жақын маңдағы қойнауға, өзен жанындағы шалғынға қарай шалт бұрды.

Ал одан ары бәрі де кино кадрындағыдай сәттерді еске түсірді. Олар құдай берген жерге лезде–ақ жетті.Әп–сәтте–ақ жайғасты, машинадағы гитараны алуды да ұмытпады. Күн де осы аралықта кешкі ымыртқа үйіріле бастады, таулар арасын бозғылт көк түс орады, алғашқы салқын ауа жерге түсті. Жаз өзінің нағыз дер шағында еді. Тау өзені ғасырлар бойы үйреншікті домаланған тастар арасымен жөңкіп, жүйткіп ағып жатты... Олар тез арада құрғақ бұталы ағаш шыбықтарынан кішігірім алау жақты. Елес өте ептілік танытты. Қолына алғанының бәрін тап–тұйнақтай үйірді. Сонау жағаның тап жанында жасыл тоғайлы ағаштар астына өзі әкелген одеялды төсеп, көзді ашып–жұмғанша киімдерін шешіп, бір–бірінің құшақтарына енді, бірге қауышып, мөлдір аспанға көтерілді, аспан да оларға бауырын төсеп сүйсіне түсті. Ал олар ендігіде мұнда емес, нағыз ғарыштың төрінде, бас айналдыратын шексіздікте еді, кейінірек лезде жерге оралды, мұнда бәрі де, қоршаған табиғат, әрбір шөпке дейін, әрбір жапырақ дерлік олармен біргелікте қозғалыста болды: бастарының тұсында бұтақтар бірде оларға иіліп, бірде көтерілді, төңіректегі гүлдер атаулысы өкпек желге бірде шалқалай құлап, бірде сап тыйылып, тыныш үйлесімге көндіккен қалып танытты... Табиғат олардың махаббатына бірге қатысты. Әсіресе, оған жарқыраған тастар бойымен бұралаң арналар арқылы лықси аққан тау өзенінің симфониясы үндескендей секілденді. Өзен шулай ақты, тасыды, сарқырады, арқырады, барлық ағысымен кенеттен бір сәтке толастады және де өзін-өзі ұмытып, эротикалық желікпен жағамен жымдасып жатты. Ал күн болса, көкте әлі де жарқырап тұрған–ды, жалын атқан жарығымен тау жоталарын шапағымен алаулата түсті. Құстар ұшқан күйі бір жайда қанат қақты, тіпті, жақын маңда жүгіріп жүрген сарышұнақтар тоқтай қалып, бастарын дөңгелетіп, құлақтарын тіге, жарқыраған көздерімен таңдана қарады. Ал ғашық жандар оларға жұмаққа бөленген сәтке ләззаттанып, әлсін - әлсін бір–бірінен ажырасты, бірінің қолынан бірі ұстап, өзенге жүгіре жөнелді, оның тасып аққан ағысына шомылды, бір–біріне жанды суды шашты және де олардың дене бітімдері соншалықты ғажап еді, жүздері де жанып тұрды! Содан соң ағаштардың панасындағы өздерінің жұмақ отауларына тағы да жайғасты, күн де бейнебір тау шетіне орныққандай болды...

Ал Мәңгілік қалыңдық олардың бақытын жан жүрегімен түйсініп, таудан тауға ұшып, қонып, бұларға қарай жүгірді және Елестің өз гитарасымен ән шырқағанын есіткен шақта шыңның төбесінде тоқтай қалып құлағын тосты және де көз жасына ерік беріп, өзіне-өзі сыбырлай сөйледі: “Мен де осы жайлы армандап ем... Қайдасың сен, сен қайдасың, аңшым менің? Қашан сені табамын?”



Шаршаңқы халде олар отырған күйі көп жәйттер туралы байыппен сөйлесті, осы орайда өткен өмірлерінен ешбір сыр ашпады. Олар үшін тап қазірден бастап, уақыт осы күннен, дәл осы сағаттан бастап сыртылдап соққандай. Әңгіме ауаны әзілмен көмкерілді.

  • Білесің бе, - деді Арсен, - мынау қойнау ендігіде Елес қойнауы деп аталуын қалар ем! Бұған қалай қарайсың? Мен осындай ұсынысты географиялық ведомствоға білдірмекпін.

  • Көрелік, Арсен, ұсына ғой, кімнің өтерін байқармыз, себебі мен де бұл қойнауды Арсен қойнауы деп атау жайлы ұсыныс жасағым келеді! Біздер бүгін бейнебір балалар секілдіміз. Ал мен сені Арсенбек деп шақырайын, сен болсаң, мені Елесгүл дегейсің, мені бұрын, бала кезімде осылайша атайтын.

Олар көптеген жәйттердің басын қозғады, тіпті, сезімді тербеген осы жағдайға ешбір қатысы жоқ болса да, саясатты өз жайына қалдырған жоқ. Бірақ жүрмейтін, аяқ баспайтын жері жоқ саясат бүгінде ешкімді де шет айналып кеткен жоқ және де қазір егіншілік, мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоқ деген әңгіме өзінен-өзі туындайды, сондықтан да ауылды жерлерді кедейшілік пен жұмыссыздық жайлаған, жұмыссыздық болған соң, әртүрлі сорақы көріністер пайда болады: ұрлық та, маскүнемдік те, есірткімен үйір бола бастау да. Осындай балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен шақта адамдар “Мерген” аңшылық фирмасының бизнесіне лап берді, мұнда жұмыс та, жалақы да бар. Көбісінің қолынан келеді. Жерлестері бай аңшы – шетелдіктердің келетіндігіне қуанышты. Бұған қарсы пікір айту, өздерінің адамдарын опындырып алу деді Елес; өзі киім – кешек, көр–жер тасиды, ақшалай пайда табады, ал біздерге табыс тапсақ болмас па деп айтпастарына кім кепіл? Сенің ағайың үлкен, іскер адам, қаншама адамдарға жақсылық жасады. Бірақ күні ертең не болмақ?

  • Мені шақырған соң, өзім – ақ жетіп келгеніммен жаным ауырады, Арсен, - деп жалғады ол сөзін. – Мә гитараны ұсташы, мен саған бүкіл өмірбойы ән салар ем, - деді ол Тұйықжарға қайтар жолға қамданар алдында. – Біздер экология туралы айтқанды соншама жақсы көреміз, ал өздеріміз ше...

  • Ия, сен дұрыс айтасың, Елес, сені түсінемін, өзім де алаң боламын, - деп Арсен келіскен рай танытты. – Ол жайлы жырлайтынымыз соншама, бір эпосты дүниеге келтіруге болады, ал ақшаның иісі шықса болғаны, бәрін де құрбандыққа шалуға даярмыз, содан соң экология қайдан болсын. Сен өзіңді бостан – босқа әурелеме, сенің бұған еш қатысың жоқ, сен аңшылыққа бармайсың, тек қана гитараңмен көңіл көтеруге араласасың. Ал маған тікелей осынау аңшылық іске кірісуіме тура келеді, өзіміз шеф Бектұрға сөз бердім, өйткені, бұл туыстық парызым, кейінге шегінуге болмайды.

  • Түсінемін сені, Арсен, сүйіктім. Мені құшақташы, маған сондай жақсы!

Олар және де аймаласа бастады. – Бірақ сен келіспесең де, мұнда, тауға келмесең де, бәрібір болары болатын – ды... Қазан сенсіз де қайнар еді.

  • Тоқта, тоқташы! Мейлі, “Мерген” бизнесі жайына қалсын, бірақ мен сені кездестіретінімді білген екенмін–ау, іштей сезіппін–ау! Мен сен үшін келгендеймін, Елес.

  • Ох, сенің осы сөзіңді соншама күткен ем! Мен де сен үшін мұнда келген ем, Арсен! Осындай да болады.

Шынында да, барыстарға рахмет!

Олар тағы да құшақтасып, сүйісе бастады.



  • Тыңда, Арсен, білесің бе, сен барыссың, ал мен ұрғашысымын!

  • Не болыпты? Солайы солай ғой!

Және де оны кенеттен аса қауіпті ой тұла бойын сұғып алғандай болды, ол бұдан бір сәтке тастай қатып, қорқынышты халді бастап өткерді: “Егер де біздер барыс болсақ, онда біздерді не күтіп тұр?”

Елестің әзілдей тіл қатқаны өте маңызды әңгімеге қозғау салды. Аңшылық бизнесі таулы ауылда бірден – бір күн кешудің басты тәсілі болып қалғандығы жайлы ешкіммен әңгіме–дүкен құрмаса да, соңғы күндері Елестің жаны өте беймаза күйде болатын. Жабайы аңдарды аулау сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісі тұрғындар үшін соншалықты маңызға ие емес–ті. Егерде жағдай бұдан кейін де осылайша өрбісе, бірнеше жылдарға созылған аңшылық бизнесінен соң, таудағы барлық тірі аңдардың соңғы құрына дейін бірде–бірі қалмайды. Сонда адамдар жаңа нарық жағдайында жергілікті тауар өндірісін жолға қоя алмай, бәрі де, соның ішінде бірінші кезекте қар барыстарын құртып, кімдерді ауламақ?



  • Мен өте алаңдаймын, Арсен, бірақ бұл жайлы ешкімге айта алмаймын. Тіпті, белесің бе, араб аңшылары келуі қарсаңында қолыма плакат алып: “Қолыңды тартыңдар біздің қар барыстарынан! Барыстарды жайына тыныш қойыңдар! Барыстар өз бетінше өмір сүріп жүр, біздің аңдарға тимеңдер!” деп көшеге шыққым келді. Бірақ бұл жөнінде ойлауға да болмайды, өзіміздің адамдар бүкіл ауыл болып өре түрегеледі, тас атады, мұндай табысы мол бизнестің жолын кесе алмайсың! Өйткені, шетелдіктер үшін аң аулауды ұйымдастырудан өзге оларда ешнәрсе қалған жоқ! Жоқ, олар бұны түсінбейді және аямайды. Дұрыс па, Арсен?

  • Ия, қазір дәл солай, келісемін. Бірақ келесі ретте осы іс үшін ерлік көрсетуге тура келеді. Осынау бизнес – аңшылыққа қарсы тұрарлық бір нәрсе болуға тиіс емес пе. Тіпті, Ауғанстанда ендігіде есірткі плантацияларын ысырып тастау үшін баламалы аргодақылдарды іздеуге әрекет жасалуда. Бұл жайлы қазір көптеп жазуда.

  • Арсен, сен мен үшін бақытқа апарар есікті ашып, екеуміздің жанымыз қосылған сәтте менің осындай орынсыз айтқан әңгімені бастағаныма кешіре гөр. Бірақ түсінесің бе, мен өзімнің ел–жұрт аралап, сауда–саттық тірліктерімен түрлі–түрлі жерлерде болғанымда бәрі де қандай да бір әрекет танытып нарықтық экономикаға бейімделе бастағанын көремін, бірақ біздің таудағыдай тұрпайы тірлікке мүлдем ұқсамайды. Жарайды, бүгін біз шетелдіктер есебінен өз өнімімізді қарпып алармыз, ал одан кейін ше? Тек қана аң аулаумен шұғылданып, еңбек етуді доғарсақ, жуық арада айдалада, өлі табиғат ортасында қаламыз. Кешір... Сөйлеймін деп оталып кеттім. Мен сені сүйемін... Сенесің бе?


    Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет