-
Ханзадалардың қайтарым ретіндегі іс-әрекетіне келсек, бұл олардың жеке тірлігі, қалай болса да, өздері біледі, қонақтың аты қонақ, - деді шеф Бектұр ескерген халде түсініктеме беріп.
Қатысқандардың бәрі әкімді шығарып салуға сыртқа шықты. Ол қоштасар сәтте былай деді:
-
Рахмет. Шайды іштік, сөйлестік, мен қайтуға тиіспін, сағат сегізден асып барады. – Ол сағатына көз салды. – Уақыт тез өте шықты, себебі сіздермен ақылдасу өте қызықты әрі пайдалы болды. Ал сіздің “Жолбарыс жоспарыңыз” бұл–тұтас стратегия деуге болады. Жарайды, Бектұр ақсақал, аэропортта кездескенше. Сіздерге табыс тілеймін.
Қауышып және бір–бірінің қолын қысып қоштасты. Арсен Саманчин өз жерлестерінің жадыраңқы пейілдеріне ғажайып көңіл танытты, бизнес мұнда да өз ролін ойнайды–ау деп ойлады. Өйткені, бұдан өзге де қонақтардың, мұнай алпауыттарының мырзалығына иек артқан–ды, сондықтан да, бәрі де, жергілікті әкімдіктің әкімі де өздерінің іске деген үлесін белгілеп алуды ішкі түйсіктерімен сезінді.
Бірақ бұл түптің түбінде тұрмыстық қалыпты жәйт болатын. Алайда Тастанауғанның мінез–құлқы таңдандырды. Ол соншалықты мүдделілікті, белсенділікті және ізеттілікті танытты, оның кейбір ретте “нарықтық” тірлікке ұқсас болса да, бүлікті ой-пиғылы ешкімнің де басына кіріп шықпады. Әлде оның бойында ұяты оянды ма? “Е, Құдай, бәрі де жақсылыққа бұйырсын” деп ойлады Арсен Саманчин үмітін үзбей. Әйтсе де, ол мазасыздықтан арыла алмады, оған сауалды төтесінен қойып, шынайы жауап алғысы келді, бірақ әзірше орайын таба алмады. Сонымен біргелікте Елес үшін де көңілі алаң–ды, оған қоңырау соқпақ еді, дегенмен де ең алдымен Тастанауғанмен пікірлеспекші болды. Аудан әкімімен және шеф Бектұрмен қоштасқан соң, Тастанауған өзінің аты тұрған байлаулы аттарға бет бұрды. Арсен Саманчин ол атын байлаудан шешіп, ерге секіріп мінейін деген сәтте жанына жақындады:
-
Тыңда, - деп оны тоқтатты, - сөйтіп, сенің әскери бас киіміңнің жағдайы не болды? Бөркіңді басыңа киесің бе, әлде іліп қоясың ба?
-
Алаң болма. Бәрі де сол күйінде қалады.
-
Сол күйінде қалғаны қалай?
-
Мен саған айттым емес пе: алаң болма! Болды! Асығыспын.
Тастанауған өзінің кластасын аң–таң қалдырып, өз жөніне кетті. Бұның барлығын не деуге болар еді? Өйткені, жаңа ғана ол өкінгендей болды, былайша айтқанда, тәңірге жалбарынып тізесін бүкті, өзін соншалықты рақымшыл және кішіпейіл етіп көрсетті, енді мінеки, тіпті, сөйлескісі де келмеді. Бір жағынан қарағанда, түсінуге болады: өзі аялаған жоспарынан баз кешу оған оңайлыққа соққан жоқ, одан үлкен ерік – жігер талап етті, сондықтан да аз–кем өзін-өзі жоғалтқан болуы мүмкін. Е–е, оны Құдай жарылқасын! Тек есін жисын де, мейлі одан да аңшылықта нағыз Жолбарыс – батыр атансын.
Арсен Саманчиннің өзіне де қиын соқты, шындықпен ымыраға келгенде ол өзін қолайсыз сезінді. Өйткені, осындай аңшылық бизнесі экологияға қандай шығын әкелетіндігін бірде–біреуі шет жағалап болса да айтпады. Бәрі де қаперіне алған жоқ. Және өзі де бірегей және соншалықты табыс әкелетін бизнес иесімен жақын туыстықта болғандықтан сыпайылықпен үн қатпады. Нарық экономикасы өзінің құрған торында адамдардың өзін ғана емес жанын да ұстап тұратындығын қарасаңшы. Әлігінде шеф Бектұрған оларға мынадай әңгімені айтқан–ды. Істің мән–жайына қызығып келіп жатқан көптеген ауылдастарының арасында таңғажайып ой айтқан жергілікті бір әпенділеу адам да болы. Ол қар барыстарын аулау – бұл ұсақ–түйек нәрсе деді. Одан да таудағы қарды сату жолдарын қарастырса жөн болар еді деп те айтады. Шеф Бектұр бұған таңданыс танытты, бұл не деген сандырақ деп, ол болса, өзінікін дәлелдеумен әуре: қазіргі әлемде бәрі де сатылады және сатып алынады. Біздің таудағы қар – бұл өзендердегі су секілді. Бүкіл Орталық Азия біздің мәңгілік қарларға тәуелді. Ал таулар біздің қарымыз әрі мұздақтарымыз. Шексіз жазықтардағы өнімдерді суару және суаттардағы судың барлығы да аспаннан төгілген жоқ! Бәрі бізден бастау алады! Олай болса, су үшін төлемақыны талап етейік. Неге мұнай, газ, түрлі энергия көздері сондай құтырынған бағалармен сатылады және ешкімге де ешқандай жеңілдіктер жасалынбайды, ал біздер қараптан – қарап өзіміздің суымызды су тегінге босатамыз және де ешкім, тіпті, рахмет деп айтпайды да, ал далада сусыз өмір болмайды. Олар, яғни судың аяғындағылар біздерді, таулықтарды адам деп есептемейді. Сондықтан барыстардың соңынан қуалай берудің қажеті бар ма? “Мерген” фирмасы тек қана аңшылық қызметімен шектелмей сумен де сауда жасасын, бұдан біздің бәрімізге де табыс түседі. Мінеки, осылайша нарықтық идеяны сол адам қызуқандылықпен және өршелене баян етті. Оны тыныштандыруға және сендіруге тура келді, су–құдайдың игілігі, бәрінің несібесі үшін жаратылған деп...
Осы жағдай күлкілі болмас та еді, егерде өзінің негізінде қазіргі заманның нарықтық өлшемдері болмағанда...
Арсен Саманчин дәл осылайша ойлап, рульге жайғасты және моторды қоспай, Елестің нөмірін тере бастады. Оның телефоны бос емес–ті, яғни әлі де сауда–саттық мәселелері бойынша құрбыларымен сөйлесіп жатқан–ды. Оның дауысын естігісі келді. “Жолбарыс жоспары” туралы ойлағанда, сол күні әңгімелескендер арасында барыстарды тағылықпен аулауға қарсы ой айтқан жалғыз ғана Елес екендігі көңілінде жатталып қалды. Рас, оны ауылдастарының өзі түсінбестігін жақсы білді, себебі олардың мүмкін боларлық жалақыларына Елес қатер төндіріп отыр ғой. Және де бейжай қалмаған бір адамның табылғандығының өзі тұла бойды жеңілдетті. Арсен оның дауысын есіткісі келді, оның да бұны есіткенін қалады, ол қоңырау шалумен әуре болды, бірақ сөйлесудің орайы табылмады.
Қарындасының үйіне оралар уақыт та жетті, ондағылар бұны күтуде еді. Ал ертең ертелеп шеф Бектұрғанмен аэропортқа баруы қажет, содан соң басты қонақтардың келуіне даярлық жасалынады, одан кейін тауға бет алады, алдымен көлікпен барады, одан әрі аттарға мінеді, содан кейін кілт бұрылыстармен, ойыстармен жаяу жүріп, омбы қарларды кешіп, барыстар мекен еткен жерге жетеді, сөйтіп, қолға қару ұстап, аңдардың ізіне түсіп, аңдарды аулай бастайды. Шеф Бектұр бұның бәрін жақсы білетін және Арсеннің осы істерге араласуын өте құптады. “Әрбір аудармашы тауда тырмысып жүруге жарай бермейді, ал сен нағыз бабыңдасың. Біздің тұқымымызда жігіттердің бәрі де мықты болған. Құдай жолымызды оңғара берсін...” Шынында да, оның айтқаны дұрыс еді. Арсен араб ханзадаларымен құрдас болып шықты. Олар, әділі керек, шыныққан альпинистер, бірақ ештеңе емес, көрерміз... “Жалпы алғанда, үдеріс орнынан қозғалды” деген Горбачевтің сөзін аулаға жақындаған кезде Арсен Саманчин есіне түсірді де күлді. Махаббат та – үдеріс. Өршелене басталған үдеріс Елестің қобалжыған және мазаланған көңіл күйінде жалғасын тапты.
Сауда–саттық бизнесіндегі құрбыларының өздері–ақ кете берулеріне Елес көндіре алмады. Саратовқа бару сапарын кейінге қалдыру жайы да қолдау таппады. Телефонды жанынан тастамай, оны ұдайы зарядтай берді, бейнебір телефоны қуатынан айырылып, сүйіктісімен арадағы байланысты үзетіндей қорықты, жаны да азап шекті, өйткені, күні ертең бәрібір Саратовқа жөнелуге тура келген–ді. Дүниенің төрт бұрышын ол қаншама рет кезді десеңші! Нығыздалып тығылған қаншама ауыр жүктерді арқаға салып көтергенін қараңызшы! Жолда қандай ауыртпалықтарды бастан өткермеді дерсің. Менттер табыстарының соңғы тиындарына шейін көрер көзге тартып та алды! Және де соған қарамастан, оның жаны кезекті осы жолсапарға дәл солайша ешқашан да қарсылық көрсетпеген еді. Басына, тіпті, ойға келмейтін тілектер де оралды, таудағы барыстарға барып, сол жерде аңшылар арасынан өзі ғашық болған жанды кезіктіріп, оны күткендігін және жердің түбіне болса да бірге баруға даяр екендігін айтқысы келді. Алайда, шынайы өмірде ол өз құрбылары-әріптестері алдында өзінің борышын орындауы қажет болатын. Олар барлық жаққа төртеуі бірге баратын, Зейнеп және тағы да көрші ауылдағы екі әйел, тек осы құрамда ғана олар бандиттерден сақтана алатын: жалғыз–жарым жүргендердің жоғалып кеткендері аз емес–ті. Сонымен бірге тек қана Елестің атына жазылған ресми құжат бар еді: бақылау пункттерінен өтетін рұқсат қағазы да қолында еді, ал құрбылары оның бармауын мүлдем ақылға сыймайтын жайт деп білді.
Елес сол түні үнсіз жылап, Құдайдан өзі сыйға ұсынған бақыттан айырмауы үшін жалбарына тіледі...
Және де ұзақ күткен қоңырау дауысы естілгенде, олар сезімдер толқынына қайта шомғанда, Арсен оған өз істері жайлы, ал Елес оған өзі туралы айтқанда және бір–біріне алдағы күндер ішінде жолығысуға уағдаласқан сәтте жандары жай тапты...
* * *
Сол түні тау үстінде толған ай жарығын аямай төкті. Дәл соған, ашық аспандағы сансыз жұлдызшалар қоршаған табақтай дөңгеленген айға қарап, үйірден аластатылған Жолбарыс қатты дауысымен күңірене үн қатты. Айға өзінің мұңын шақты, бірақ ай жауап қатқан жоқ. Оның өзге барыстарға жақындағаны жөн болар еді, бірақ ол дуаланғандай Үзеңгілес асуының түбінде сандалып жүре берді. Және екінші күні де шеткеріректен көрінген әлігі үш салт аттылардың пайда болуы тұнжыраған Жолбарысты абыржытқан жоқ. Мейлі, өздерінше жүре берсін, бұның не ісі бар. Алайда, бұның бәрін бекер деуге болмас–ты, оның дәл өзін, басы зор, құйрықты Жолбарысты олар өз дүрбілерінің нысанасына алып қойған–ды...
ІХ
Бектұрдың “Жолбарыс жоспары” шын мәнінде кесте бойынша үздіксіз жұмыс барысын қамтамасыз етті. Ұйымдастырушыларды атап өткен абзал, жоспар шынында да жақсы ойластырылып, есептелінген–ді, сондықтан да ешқандай қисынсыз жәйттер пайда болған жоқ. Бүкіл Тұйықжар ауылы аң аулауға даярлық жасау және оны өткізу бойынша іс-шараға жегілді деп айтуға болады. Осынау күндері ауылдың баласынан бастап ұлғайған жасына дейін қар барыстарын аулаудың салтанатты жағдайда аяқталып, ғаламат пайдаға кенелу сәтімен өмір сүрді. Ауыл қарбаласқа тола еді. Және бәрі де ханзадаларға зор табыстар тіледі. Және барыстардың өздері ғана оларды жуық арада не күтіп тұрғандығын сезінбеді.
Оның есесіне “Мерген” фирмасы үшін бәрі де сәтті болды және де қонақтармен арадағы барлық келісімдер Арсен Саманчиннің араласуымен тәулік бойы дерлік жүзеге асты. Шеф Бектұрдың өзі Арсенсіз осыншалықты толыққанды өзара түсіністік болмайтындығына көзі жетті, сондықтан да немере інісіне риза пейілін білдіріп, алғыс айтудың барлық жағдайын мүлт жібермеді: “Тағы да айтайын, біздің қымбатты Арсен, сен келгендермен сөйлескенде олар жаңбырдан кейінгі гүлдер секілді жайнап кетеді. Мен бірде–бір сөзді түсінбесем де, бірақ бұны олардың көзінен байқаймын”.
Және де шынтуайтқа келгенде, дәл солай болған да. Алғашқы сәлемдесу және одан кейін аэропорттан жол бойындағы әртүрлі тұрмыстық және басқа да байыпты тақырыптар бойынша пікірлесулер кезінде араб ханзадалары мен олардың көмекшілері ізгі ниетті әуестікпен, шынайы көңілмен өз ойларын білдірді. Өз кезегінде, Арсен Саманчин де өзіне жүктелген қаншама жұмысқа қарамастан, өйткені, ол тәулік бойы дерлік ағылшын, орыс және қырғыз тілдеріне аударумен болды, сонда да өздігінше қызық болды. Бірінші кезең–даярлық тобының келуі, ал оның ізінше ханзадалардың келуі көбінесе оның арқасында артық-ауыс айшықталмай, ұйымдасқан және өркениетті жағдайда жүзеге асты.
Қос ханзадалар да ашық мінезді жас жігіттер болып шықты, дәлірек айтқанда, құрдас екен, заманға лайық ой жүгіртетін, дене бітімдері спортшыларға тән, ал жүздерінен байыптылық аңғарылады; бірі Кембриджді бітірген, екіншісі Оксфордты тәмамдаған. Хасан ханзада қалың қара мұртты. Мысыр ханзада бетін тап–таза етіп қырынған. Айтуларына қарағанда, жыртқыш аңдарды аулау олар үшін ерлікті таныту құралы ғана емес, спорттық ерекше қабілетті талап ететін түрі секілденді.
Істің бастамасы үшін осынау мәліметтер мен бағамдаулар аса жеткілікті болатын. Өз кезегінде, Арсен қонақтарға ел туралы, осынау таулы өлке мен биік таудың ауа райы жөнінде, жергілікті тұрғындар хақында, халықтың салт–дәстүрлері мен жөн–жорықтары жайлы әңгімеледі.
Тұйықжарға автокөлік шеруімен келді, көш басында шеф Бектұрған өзінің джипімен, одан кейін жоғары мәртебелілермен біргелікте аудармашы және әрдайым жандарынан бір елі қалмайтын консультант ретінде Арсен Саманчин мінген, түр–түсі танкіні еске түсіретін “Хаммер” көлігі келе жатты, соңында күзетшілер, қызметшілер және телерепортерлер мінген машиналар тізбегі көзге шалынды.
Барлық тұйықжарлықтар көшеге тұра ұмтылды, достық пейілде қонақтарға қол бұлғады. Балалар “Хаммердің” көрінісіне естері шыға жол бойымен жарыса жүгірді, оларға бір топ иттер де қосылды. Балалар мұндай машинаны алғаш рет көрген–ді, мұндай кереметтің өз ауылдары ішінде жүріп келе жатқанына сенбегендей рай танытты. Тек олар ғана емес, үлкендер арасындағы кейбіреулері де таңданыс білдірді: олар тәж киген құрметті ханзадаларды күткен еді, оның орнына спорт киіміндегі кәдімгі жігіттерді көрді.
Күн ендігіде кешқұрымға бет алды. Қонақтар келген соң, арнайы әзірленген бөлмелерге жайғастырылды. Кішігірім демалыстан кейін кешкі ас берілді, арақ ұсынылды, бірақ ханзадалар бас тартты, оның себебін мұндай жанға рахат нәрсені тек аңшылықтан соң, Шығыста өте жоғары бағаланатын қар барыстарының терілерін олжа еткеннен кейін ғана ауызға алатынын әзілдей түсіндірді.
Сөз орайы келгенде және әңгіме барысында Арсен Саманчин араб ханзадаларына Мәңгілік қалыңдық туралы аңызды әңгімеледі. О баста жадтарына түсірейін деп ойлаған–ды, бірақ өзінің қалайша толқып кеткенін, қонақтарды да толқытқанын байқамай қалды. Адам баласының бағзы заманнан бері маңдайына жазылған қызғаныш пен жеккөрушілік салдарынан орын алған қалыңдық пен күйеудің трагедиясына олар өте қапаланды. Және де олар күйеу жігіттің даңқты аңшы болғандығы туралы жәйтті, оның ең қымбат сый ретінде қалыңдықтың ата–аналарына сол кезде оқ ататын қару болмаса да қар барыстарының терілерін әкеліп бергендігін жүректеріне жақын қабылдады. Қазірде де қар барыстарының терілерін сыйлау салты бар ма деп сұрастырды? Барыстың мамық терісі–қабылан мен жолбарыс терілері секілді жоғары сыныпты табиғат құндылықтары болғаны ма? Арсен Саманчин олардың ақ көңілмен пікір алмасуларын тек әуестік қана еместігін, сонымен бірге шынайы пейіл екендігін байқады. Жол–жөнекей ханзадалар оның араб елдерінде болған–болмағанын сұрастырды, Египеттен өзге қазірше еш жерге аяқ баспағанын біліп, өз мемлекеттеріне келуге шақырды, өздерінің визит картішкелерін беріп, бұған құрметті қабылдау көрсетілетінін, тіпті, бедуиндер мекендейтін ауылдарды аралатуға уәде берді. Әрине, Арсен шын жүректен алғыс жаудырды және олардың жат жұрттыққа тән қызығушылықтарын ескеріп, оның үстіне шеф те күні бұрын өтінгендіктен, әңгіме барысында әлеуметтік және саяси мәселелерді қозғамады, журналист ретінде, рас, көкейкесті мәселелерге байланысты олардың ой–пікірлерін білгісі келгендігі табиғи еді. Осыншалық таңдаулы адамдардың өзіндік дүниені тану жайлы тұжырымдамалары болуы әбден мүмкін–ді. Алайда, қоғамдық және саяси ойға байланысты емес, жалпығаламдық мәселелер болады емес пе. Мысалы, экологиялық. Кейде бұл мәселелер тек қана жергілікті аумақты қамтитын секілді көрінеді, атап айтқанда, бір жерде, бір нәрсе болып жатады, бірақ бұл бізге қатысты емес, соған қарамастан қандай да болмасын экологиялық өзгерістер түптің түбінде бүкіл Жердің табиғатына әсерін тигізеді. Ханзадалармен Арсен көп нәрселер жайлы әңгімелескісі келді, алайда, Бектұр ағай айтпақшы, “Біздің бизнесте ең алдымен, маңыздысы–меймандостық, ал бұл-әдептілік және сыпайылық”. Әдеп ережесін аттап өтуге болмайды. Қонаққа ұнамды, тыныш және жанға жайлы жағдай жасалғаны абзал.
Мейлі, солай–ақ болсын, бірақ Арсен Саманчиннің жадынан бір елі шықпаған, өзінен-өзі күпінген Тастанауған жанын жегідей жеді. Өзі тәубесіне келгендей, жаны жай тапқан секілді... Өзін-өзі қолына алып жүргеніне қарағанда солай секілді, бірақ...
Ұйықтар алдында қонақтар аулаға тыныстап алу үшін шықты. Түнгі зеңгір аспанға көздерін тікті, толықсыған толған ай, жамыраған жұлдыздар, шайдай ашық аспан, ал оның күмбезінің астында алып өркешті шөккен қарлы жоталар.
Оларға қарай қолын нұсқап, ханзада Хасан сұрады:
-
Арсен мырза, сонау таулар ішінде аңшы–күйеу аң аулады ма?
-
Ия, жоғары мәртебелі, ол сонда мекен етті және сол жерде аңшылық кәсіппен шұғылданды, - деп жауап берді Арсен Саманчин.
Ал ханзада Мысыр өз кезегінде:
-
Ал Мәңгілік қалыңдық сол жерде күні – түні шарлап жылады ма? – деп сұрады.
-
Ия, жоғары мәртебелі, ол тап осы күнге дейін өзінің күйеу жігіті – аңшыны іздеп шақырумен әуре.
-
Сорлы–ай! - деп ханзада Хасан мұңлы күйде тыныс алды. Ал ханзада Мысыр қызық ой тастады:
-
Мүмкін Мәңгілік қалыңдық дәл осы болмысымен әлемге қажет шығар? Егер де сонау ғарыштан телекамераға тау–тасты аралап жүгірген бойжеткенді, актрисаны түсіруге мүмкіндік болса, онда ол символдық бейнеге айналар еді.
-
Әдемі идея!-деп қостады Хасан. – Қазірде осындай романтикалық клиптер сәнге енген. Және де оны, Мәңгілік қалыңдықты бүкіл әлемге махаббат пен адалдықтың қорғаны деп жариялау қажет. Сонда ол әрбір жанның жүрегіне жақын болады. Өйткені, махаббат трагедиясы қашанда қатар жүреді. Ал сіз осы мәселе бойынша не ойлайсыз, Арсен мырза?
-
Мен ежелден–ақ “Мәңгілік қалыңдық” операсы жайлы армандаймын. Классикалық опера туралы. Егер де жүзеге асса... Сіздердің ойларыңыз мені тағы да шабыттандыра түсті. Ой-пікірлеріміздің сай келгендігіне толқып тұрмын.
-
Мінеки, осылайша кенеттен тағы да “Мәңгілік қалыңдық” идеясы пайда болды. Осы жөнінде аңшылықтан кейін жайбарақат және тыңғылықты талқылауға келісті.
Содан соң қоштасты:
-
Қайырлы түн!
-
Таң атқанша!
Қарындасының үйіне келіп, ол аула ішінде едәуір жүрді. Қонақтардың ой–пікірлері Арсен Саманчинге үлкен әсер етті. Бұлай болады деп күтпеген–ді. Еуропалық білім деңгейі бәрібір өзін танытты. Және де сонымен біргелікте таңданды, өз бойларына қалайша жоғары рух материясы мен аңшылық құмарлығын сіңіре алған деп? Оларды түсіну оңай емес, бірақ сол үшін де олар ханзадалар ғой.
Алайда, ұйықтайтын уақыт та болған еді.
* * *
Және де таудағы бүкіл тірі мақұлықтар атаулысы түнгі әлем тыныштығына оранып, сол сағаттарда–ақ ұйқы құшағына енген-ді. Тек Жолбарыс қана Үзеңгілес асуының түбінде өзіне орын таба алмады, айға қарап күркіреп ыңыранды, табанын тістеледі және өзі де түсінбей әлдебір үрейді алдын–ала сезді... Және де сол баяғы дауыс ұзақтан естілді. Мәңгілік қалыңдық та ұйықтай алмай жүрген–ді...
* * *
Ал әлдебіреу сол түні жердегі ғашығы жайлы ой дүниесін кезді. Ол жақта Елес қайтіп жүр екен? Саратовқа баратын поезға құрбыларымен бірге уақытында үлгере алды ма? Егер де үлгермесе, тағы да бір тәулік күту керек. Поездар қазірде сирек жүреді. Бәрі де ұшаққа мінетін болды. Елес таңертең телефон шалды, одан кейін хабарласа алмады. Бір минөт бос уақыты болмады. Және де сол кезде естен кетпес, екеуінің арасында қойнауда, өзен жағасында болған жәйт тағы да жадына оралды, онда оларға сондай жақсы болған еді және де бақыттың иіген сәті тағы да қайталанса деп тіледі.
Түн артта қалды. Ауа райы таңертең тұнжырай түсті. Қайдан екені белгісіз тау үстінде бұлттар топтала бастады. Саумал жел ол жақтан да, бұл жақтан да ерсілі–қарсылы соға бастады. Соңғы күндері жаз мезгілінің сондай жаймашуақ, сондай мамыражай, шуақты күндері тұнып тұрған–ды; үнемі солай бола беретіндей көрінген де болатын. Дегенмен, қазірде де мазаланудың реті жоқ еді. Жеңіл–желпі түнерген бұлт кенеттен қалай пайда болса, дәл солай жоқ болуы мүмкін болатын. Бұны жаңбырдың немесе одан да зор найзағайдың хабаршысы деп қабылдау қажет емес-ті.
Таң алакеуімнен бастап жұмыс шыркөбелек айнала бастады, тек үлгере біл, “Мерген” фирмасының ресми құжаттарында көрсетілгеніндей “жедел аң аулау шараларына” шығу қызметтерін ұйымдастыру керек болатын.
Жолға шығарда, джипте, көмекші жүк көліктерінде, қонақтардың брондалған “Хаммерінде” снайпердің, мегафон–дауыс күшейткіштердің, егер де әлдебіреуінің үлкен биіктікте демалысы қиындаса қажет болатын демалу маскаларын және басқаларды кездейсоқ естен шығарып алған жоқ па деп Арсен Саманчин қайта–қайта тексерді...
Аттардың тұрағына дейін ойдағыдай жетті, дөңгелекті көліктермен отыз шақырымдай жерді сағатына 40-50 шақырымнан асырған жоқ. Аттылы адамдар даяр күйде күтіп тұрған–ды. Барлық аттар тағаланған және ерттелген.
Осы маңда заттарды аттарға тиеуге тура келді. Шеф Бектұрғанның өзі жұмыс барысын бақылады.
Ханзадалар әжептәуір шабандоздар болып шықты. Таулы жерде атқа мініп жүру ипподромдағы жүгіру жолдары емес. Таулы жердегі салт атты әрдайым ер үстінде таразы басын тең ұстандай қалыппен еңістен бірде оң жақтан, бірде сол жақтан тастар сусып төгілгенде және топырақтар көшкен сәтте аттың әрбір қимылын жіті қадағалауы тиіс.
Олар шұбатыла жүрді. Ең алдындағы салт атты жолсерік–жергілікті шопан, оған ілесіп шеф Бектұр келе жатты, одан кейін қос ханзада, ең соңында Арсен Саманчин еді. Қазірше өзара тікелей сөйлесуге мүмкіндік бар болатын, бірақ бір–бірінен ұзақ қашықтықта байланысты үзіп алмау үшін
әрбіріне мегафон берілген–ді. Күзетшілер мен көмекшілер едәуір ұзақта бұларды ізбе–із қуалап отырды.
Таулар бірте–бірте қосылып, шыңдар тіп-тік бола түсті, еңістердің үсті ұсақ тастармен көмкеріліпті, бұл жүру қабілетін қиындата бастады, бірақ аттар қазірше жүруге әлі де икемді еді.
Сонымен бірге биік таудың жануарлар әлемі өзін көрсете бастады, бірнеше рет жан–жаққа үрке секірген тауешкілер мен текелер және мүйізді арқарлар дүркірей қашты. Қостұяқтылар, жыртқыштарды мәңгі асыраушылар өз қажеттіліктеріне орай әлдеқайда жөңкіп бара жатты. Олардың соңынан дүрбімен бақылаған ханзада Хасан өте епті және жарасымды қимыл–қозғалыстарына таңдана, атының басын тартып, болар–болмас тыныс алып былай деді:
-
Достар, мен қазір былайша ойладым, егерде осынау жануарлар топталып, басқа өлкеге жер ауып кетсе, барыстар аштықтан бірін–бірі талап, жеп қояр еді, солай ма?
-
Оған ақылдың қажеті шамалы!-деді мысқылдай ханзада Мысыр. - Әйтпесе, басқа жаққа кетер еді.
-
Мүмкін, керісінше болар, табиғаттың ақылмен жасалынғанын қарасаңшы, - деді Арсен Саманчин әңгімеге араласып.
Қос ханзадалар күлімсіреді.
-
Дұрыс! Табиғаттың даналығы алдында бас июге болады!
-
Барыстардың табысы бұл бізге де табыс! Солай емес пе?
Осынау әзілдей тіл қатысу өзара жарасымдылық хал–ахуалын орнықтырды, бұның өзі орынды болды да. Арсен Саманчиннің жаны осыны қалады, қонақтар мейілінше жайдары болғанын дұрыс деп білді, себебі, олар мұнда аң аулау үшін ғана келмеген ғой. Осындай жағдайда адами қарым–қатынастардың да маңызы аз емес.
-
Мінеки, қадірлі ханзадалар,-деді ол, - біздің фирмамыздың басшысы шеф Бектұрған сіздерге мынаны хабарлауды өтінген–ді, анау жартастың арғы жағында демалатын жай бар, ол жер палатка аялдамасы. Және де сонда біздер аттарымызды қалдырамыз, ары қарай тек қана жаяу жүреміз.
-
Біздер даярмыз.
-
Аңшылықтың аты аңшылық...
Талтүс шағы. Шеф Бектұрғанға рахмет, кішігірім тыныс алдырды, палаткада аз–кем демалды, тау қымызын ішті. Биік тау өз дегеніне көндірді, демалу қиындай түсті. Арқа қапшықтарын өздеріне шақтап, өлшей бастады, қаруларды, мегафонды, өзге де жабдықтарды асынды.
Қонақтар жолдың қиындығынан соң, демалу үшін палаткаларға орналасқаннан кейін Арсен үшін оңашалануға қолайы сәт туды. Шеф Бектұр екі көмекші қолтығынан демеген соң, аттан түсті және ауырлай тыныс алып, сақалын ұстай, ханзадалар мен олардың нөкерлерін ескертуді жөн санады, өйткені, аңдарды қуушылардан қазірше ешқандай хабар жоқ, сондықтан күте тұруға тура келді, бәлкім, жуық арада олжаның ізіне түсу кейінге шегерілуі де хақ. Ханзадалар бұған түсіністікпен қарады.
Осындай таулы биіктерде альпинистер мен геологтар атап айтқандай, әдетте, “жанның вахталық ауысымы” жүзеге асады, былайша айтқанда, бойға тың күш–қуат енеді, көңіл–күй мен қоршаған әлемді қабылдау деңгейі жаңғырады. Тауда жақсы ойларға жол ашылады, оған дәлел, медитациялық конфессияларға жататын храмдар мен монастырлардың тауда орналасуы. Тауда ой төменгі тегістіктерге қарағанда емін-еркін және көркем айтылады дейді. Биік тау айырықша аураға ие. Мінеки, көзге көрінерлік көк аспан нақ төбеңде, бұлттарға қолыңды тигізуге болады, мінеки, мәңгілік шың құздар ғасырлар бойы мізбақпай жер қабатына ажырамастай қадалған, мінеки, мөп–мөлдір шықтай таза қар мен мұздарды да қолмен ұстауға әбден мүмкін, шыныдай тұнық су өзенде жалтыраған көк түсімен сарқырап ағып жатыр, тыныс үшін тойымсыз ауа да кеудеге еніп, көкірек сарайыңды күмбірлетуде.
Достарыңызбен бөлісу: |