ШЫҒыс халықтарының мақал-мәтелдері құрастырып, аударған Нұртас Оңдасынов



бет5/8
Дата09.06.2016
өлшемі0.81 Mb.
#124435
1   2   3   4   5   6   7   8
Нашарға екі аяқ ас берсең,

Бір аяғы басына жүк болады.


Дағдыланған дамыл таппайды.
«Кел» демек бар,

«Кет» демек жоқ.

Қазы жеген соң,

Ет жемек жоқ.


Тырналардың да бір манабы бар.
Жаман да болса, өз қозымнан қошқар саламын.
Қайратты жүрек тас жарады.
Кірерге – жер қатты,

Қиярға – жан тәтті.


Сүйінгеннен маңдай айырылмайды,

Қорықаннан жүрек жарылмайды.


Күшті болсаң, желдей бол –

Бәрін көкке көтерген.


Ауыл иттері ала болса да,

Бөріні көріп басын қосады.


Балық иірімшіл,

Халық мейірімшіл.


Айыпсыз адам болмайды.
Ақ ит, қара ит –

Бәрі ит.
Айыпты мойындаған – төлер,

Құнды көп қуған — өлер.
Көп есіктен – білгіш,

Көп керген – көргіш.


Ақ иіледі,

Қара сынады.


Ақшасы көптің қолы ойнар,

Ақшасы жоқтың көзі ойнар.


Еркең келсе, екі құлағыңды соз.
Ақыл ауысады,

Ырыс жұғысады.


Келбеті келгеннен кеңес сұра.
Алабота сорға шығады,

Қабасақал қорға шығады.


Ақыл – бастан,

Асыл – тастан.


Қарға қарғаның көзін шоқымайды.
Ажалды біріксе,

Ажанды1 бағындырады.


Ерден иман қашып құтылмайды.
Айналып ішер асыңа,

Түкірме де қақырма,

Керегі болар басыңа.
«Сабанхана өртеніпті» десе,

«Самарқанд өртеніпті» дейді.


Өтіріктің қазаны қайнамайды.
Көзің ауырса,

Қолыңды тый.



1. Ажан — ойрат әкімі.


Өнерлі өрге шабады.
Мыңды ілдіргенше,

Бірді іре.


Қайта ашатын қақпаңды қатты жаппа.
Кішкене болсаң,

Зорсынба.

Аспандағы айға қол сұнба.
Сыпайы сырын жасырмайды.
Тайы ат болғанша,

Жігіт қат болады.


Қоныс сайлағанша,

Қоңсы сайлап ал.


Сөз тапқанға қолқа жоқ.
Бас – ақылдың көйлегі,

Көз – жанның әйнегі.


Тілден бал да тамады,

Зәр де тамады.


Ұры байымайды.
Түйе қиядан өткен соң, «ош!» дегенің құрысың.
Сүзеген сиырға құдай мүйіз бермеген.
Жортуылшының басы жолда қалады.
Өз үйім — өлең төсегім.
Ұяты жоқтың қолына қасық тисе, бес ұрттайды.
Туылдың — өлдің,

Тұтандың — сөндің.


Кім көрді, кім састы,

Байқараны там басты.


Көп қорқытады,

Терең батырады.


Панасы жоқ сайдан без.
Өткен іске айла жоқ,

Өкінгенмен пайда жоқ.


Көктемгі суық сүйектен өтер.
Судан өткенше анамды берейін.
Өгей бала туралы

Өсекші әйел таратар.


Ақ иілсе де, сынбайды,

Ойыннан от шығады.


Көш қалған іске қар жауар.
Сақтансаң – сау қаларсың.
Өле жегенше,

Бөле же.
Қараңғыда қармалаған жар сүзеді.


Ерден асу бар,

Елден асу жоқ.


Ерге қылған жақсылық жерде қалмас.
Торғайдан қорыққан тары екпейді.
Кеңесшің болмаса қабырғаңмен кеңес.
Молда білгенін оқиды,

Қарға көргенін шоқиды.


Қыз – қонақ.
Оразада көшкен – ермек.

Тамақтан болмай,

Тілегі болмайды.
Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық.
Абыройлы жігітке

Ажалды киік жолығар.


Ай толғанын білмейді,

Жігіт болғанын білмейді.


Ұлы сөзде ұят жоқ.
У ішкен бір өлер,

Ант ішкен мың өлер.


Жылқышының бір көргенін – хан,

Бір көргенін ит көрмесін.


Ырыстыға – бөлтек,

Ырысы жоққа – келтек.


Ыза тозаққа апарар.
Темірді қызғанда соқ.
Қарға баласын «аппағым» дер,

Кірпі баласын «жұмсағым» дер.


Үңгір де болса, үйім бар.
Шыбын шаққан түйеге,

Ойсылқарадан не пайда?


Жүректегі сырды көз білдіреді.
Тырнадан би қойсаң,

Басыңнан қиқу кетпес.


Ұры мен қонақ құлақтандырып келмейді.
Түйеге мініп ешкінің тасасына тығылды.
Жорға мінген жолдасынан айырылады,

Көп жасаған құрдасынан айырылады.


Үй тікпес жерді сыпырма.
Ұялмаған жыршы болады.
Тура биде туған жоқ,

Туғанды биде иман жоқ.


Есекті шүйгінге айдаса,

Құрдымға қашады.


Үлкен аяғыңды ұлы атаңа атап іш.
Естігенде – қуанды,

Көргенде – қуарды.


Өгіз өзін мақтайды.
Көз – қорқақ,

Қол – батыр.


Өлмеген адам алтын аяқтан су ішер.
Тон жылуын иесі біледі.
Кепсең – тілінесің,

Толсаң – төгілесің.


Моңолдар1 – жұрттың ұйтқысы.
Қызыл кеңірдек талай жерге сойдырма.
Орақатан қашқан,

Жырақта іш босатар.


«Сіз» деген – сыпайы

«Сен» деген – сұмпайы.


Таз адыраңдаса, бөркін алады.
Сөйлеуін қара маңқа сөйледі,

Ұялуын мен ұялдым.




1. Моңол — ру аты.


Ойын барып шын болды.

Ойнас барып ер болды.


Кессірлі келген бақты кетіреді.
Саны да болсын,

Дәні де болсын.


Тоқаш – тамақ.

Жарма – ауқат.


Келіп-кетіс – туыстықтың белгісі.
Мешелге жөтел не керек.
Қызды өпсең – бал татиды.
Оңқа ойын бұзады,

Тентек жиын бұзады.


Таңдаған тазға жолығар.
Союын сойдым – тартуын қайтем?
Төрт аяқты мал да сүрінеді.
Жолаушыға ерген ит өледі.
Шақылдаған жігітке

Садақ ұстат кідіртпей.


Шапандыға қамшы исе,

Көлекшеңге сойыл тиер.


Ақылды қателессе,

Өз басын кіналайды.

Ақымақ қателессе,

Жолдасын кіналайды.


Ақылдының алдынан жүр,

Ақымақтың артынан жүр.


Қотыр – қолдан,

Жауыр – жолдан.


Алдырар –

Сол күні жазғырар.


Қарақұс өзі тауда,

Көзі бектерде.


Алма піс,

Аузыма түс.


Қотыр түйе шырғанаққа сүйкеніп қышуын қандырар.
Алуан-алуан жүйрік бар,

Әліне қарай шабады.


Жақсы келсе – құт.

Жаман келсе – жұт.


Жамандық жар жағалайды.
Ер бір өлсе,

Ез мың өледі.


Көңіл сұрау ескірмейді.
Қайдан көрдім, қара есек?

Жолдан көрдім, жауыр есек.


Құдай құлым десе,

Пайғамбардың құты қашыпты.


Мысық етке қолы жетпесе, сасық дейді.
Өгізі жоқ жер суғарғыш.
Өсімқорға борышты болма,

Ауылнаймен қонысты болма.


Бойдақ жігіт қызды үйлерге қыдырғыш.
Сиырдың мұрны сасық деп кесіп тастамайсың.
Молда жауқазын жемейді,

Жесе қабығын да қалдырмайды.

Қойға – пышақ,

Қызға – құшақ.


Қолдан намысты бергенше,

Қанжығадан басты берген артық.


Қараңғы елге кәпір де молда.
Ердің даңқын алыстан тыңда.
Көкек өз атын өзі шақырады.
Қарақұс қарынына қарайды,

Сұңқар дарынына қарайды.


Жалғыз атты – жарысқыш,

Жаман қатын – ұрысқыш.


Жаманға бас тартқанша,

Жаққа бес тарт.


Қорыққанға қос көрінеді,

Қосылуымен бес көрінеді.


Жаманға басшы болғанша,

Жақсыға қосшы бол.


Жаман бүлдіреді,

Жақсыны күйдіреді.


Қарақұсқа томаға кигізгендей.
Былшығын алам деп,

Қылшығын шығарды.


Шиқаннан өтер жаман жоқ,

Оны сұрар адам жоқ.


Қойныңнан төгілсе –

Қонышыңа.


Қонағым, үйіңді де ойлай отыр.
Көзі жоқтың –

Өзі жоқ.
Керең көзге қарамайды,

Сөзге қарайды.
Отынға кездессең – олжа,

Суға кездессең – бейнет.


Өгіз өлді,

Достық сөнді.


Бауырын бағалай алмай,

Бөтенді сағалайды.


Сөз көркі – мақал,

Жігіт көркі – сақал.


Мылтық болмай, оқ болмайды.
Сыншының сыңар етігі қисық.
Тай ат болса,

Ат арқасы босайды.


Көйлектің кірі жуса кетеді,

Көңілдің кірі айтса кетеді.


Өнерлі өлмейді.
Саңырауға сәлем берсең,

«Атаңның басы!» дейді.


Өнер алды – қызыл тіл.
Сарғая жортсаң –

Қызара бөртерсің.


Өлер ешкі қошының таяғына сүйкенеді.
Тойған, татқан –

Дауласып жатқан.


Үйіңде бір қасық қатық жоқ,

Ұлының аты — Қатықбек.

Шешен – шешен емес,

Әкім – шешен.


Жұқа жерден жыртылар,

Жіңішке жерден үзілер.


Түйені қиядан өткізіп жіберді.
Ұста алдында қолыңды тый,

Ұстаз алдында тіліңді тый.


Тұлпардың тұяғы кетілсе,

Сазға басса жетіледі.


Жаманның қатыны болғанша,

Жақсының отыны бол.


Байлығыңа сүйсінбе,

Игілігіне сүйсін.


Қой жеген қасқыр апанда,

Кербез қасқыр – қақпанда.


Жығылғанға – жұдырық.
Тышқан ініне кіре алмай жатып, құйрығына

елек байлапты.


Ұры – іліктес,

Бөрі – құлақтас.


Жортып кетсең жол өнеді.
Үйі – ақ,

Іші – қақ.


Ұят өлімнен күшті.
Тура сөз туғаныңа да жақпайды.
Жоққа амал жоқ.
Толдым деген ханның да,

Бір татымдық тұзы кем болар.


Шегірткеден қорыққан егін екпейді.
Ақылы асқан жанданар.
Боранда іші бүреді.
Екі қыршаңқы бір тоғайдан табылады.
Елді жерде елек бар.
Пешпеті жоқтың түсіне бір кез бөз кіреді.
Шақырғанаға бармаған,

Ымдағанға зар болар.


Туғаннан асам десең,

Қой бақ.


Дұшпаннан асам десең,

Ой бақ.
Байталым,

Жаның үшін жырғаларсың, сайқалым.
Дұшпан не демейді,

Түске не кірмейді.


Күрек кенді іздер,

Көң күректі іздер.


Өткен іске – салауат.
Көңіліме жағады деп,

Көрінгенмен дос болма.


Судың иірімі тартады,

Сұмның ырымы құртады.


Өгіз болғанша бұзау мінезі қалмапты.
Киіктің жайлаған тауы биік болса,

Жайнаған көзі қызыл болады.


Сақаудың тілін анасы біледі.

Алып сақтанбаса,

Апанға жығылар.
Өлгелі жатып та,

Өлең айтып жатады.


Мата даңқымен бөз өтеді,

Ата даңқымен қыз өтеді.


Тамақ қызғансаң,

Таяқ жерсің.


Құтты қонақ келсе,

Қой егіз табады.

Құтсыз қонақ келсе,

Қойға қасқыр шабады.


Кепкен,

Кепкенді бұзау тепкен.


Моңалдарды қинаса,

Ошақтан от шығады.


Қызыл ат қысыр қалмайды.
Орнынан ауған оңалмас.
Талаптанбай мұратқа жетпес.
Оқтың жарасынан

Сөздің жарасы жаман.


Дауды шын тоқтатады,

Суды шым тоқтатады.


Сөз қисынын жүйесі білер,

Ішер асты иесі білер.


Құстың алғанынан,

Салғаны қызық.


Маңқа менен қотыр дос.
Тас түскен жеріне ауыр.
Солақайдың да оң ыңғайы бар.
Ой құйыннан да жылдам.
Құлақтан кірген суық сөз,

жүрекке барып мұз болар.


Майлы талқанды ішіне жаққан жейді.
Асыққанның аузына «ләппай» түспес.
Сасқан қоян сайға сыймайды.
Өкіну бар, қайту жоқ.
Істесең – тістейсің.
Ойнас оттан ыстық.
Таулы жер қарсыз болмас.
Соқырға көрсетпе,

Саңырауға естіртпе.


Намыс жандырар –

От пен суға салдырар.


Теңін тапса, тегін бер.
Өздігінен өрт шықпайды.
Бір үйір ит болса, жолбарысқа да үреді.
Сұрап ішкен – су ішкен,

Тартып ішкен – бу ішкен.


Бай пәрменмен,

Кедей дәрменмен.


Баймын деп мақтанба

Жоқпын деп сұқтанба.


Хан үйінің тарлығы –

Қара лашығымның кеңдігі.


Шығасы шықпай,

Кіресі кірмейді.


Сыпайыға «сен» деген – сойыл.
Өлгеннің жазасы – көму.
Кісі өлгенде қиянда,

Қыз бергенде ұялма.


Өлген жолбарыстан тірі тышқан артық.
Қомағай қайнағадан сарқыт дәметпе.
Өз басын аямаған,

Өзгенің басына тас атар.


Ішердің асын ішпес қызғанады.
Ителгі салма,

Кепілге алма.


Бай мен бәйбіше ұрысса,

Құл мен күң жарасады.


Әрекеті көп,

Берекесі жоқ.


Тебен беріп, түйе алды.
Серкесіз ел болмайды.
Шегі бар сескенер

Шексіз – кеш келер.


Әрекет қылсаң –

Берекет.
Игіліктің ерте-кеші жоқ.


Жігіт үйде туады,

Соғыста өледі.


Ит мұрнына су кіргенде ғана жүзеді.
Кедейдің кекіргені де зиян.
Әпкеме сеніп, ерсіз қалдым.
Әпкем ерге тиді,

Ескісі маған тиді.


Жыртық тесікке күледі.
Ұл жақсысы – құрметті,

Келін жақсысы – келбетті.


Әпкелі қызға тон қайда,

Ешкілі қойға жем қайда?


Әлі жетпеген – міншіл,

Қолы жетпеген – күншіл.


Әпкесі кигенді,

Сіңлісі киеді.


Тілек – биік,

Ауыз – батыр,

Тіл – тәкаппар.
Жығылсаң, нардан жығыл.
Іріген ауыздан

Шіріген сөз шығады.


Шықпаған астыққа орақ өтпес.
Дос көңілді көтереді,

Мал өлімді көтереді.


Дәлелді сөзге лажсыз жауап береді.
Жігіттің құны – жүз жылқы,

Арының құны – мың жылқы.


Жылы-жылы сөйлесе,

Жылан іннен шығады.


Ырғайдан қатты істік жоқ,

Кәуаптан тәтті ет жоқ.

Тентек шоқпар жинайды.
Байтал мінсе, құлан жоқ,

Саумал ішсе, қымыз жоқ.


Ақымақ достан ақылды дұшпан артық.
Барса – базар,

Келсе – керуен.


Қарақұс бар жерде өлексе қалмайды.
Жазда жұмыс істемеген қатын,

Қыста қолын отқа қақтайды.


Дұшпан сырттан қуарады,

Іштей – қуанады.


Қорыққаннан батыр болды.
Алыстағы дұшпаннан,

Аңдып жүрген дос жаман.


Балықтың жаны суда.
Ұрыспас ұл,

Керіспес келін болмайды.


Жолдасын ойламаған жаудың қолына түседі.
Үйде жатқанға жауын өтпейді.
Ұяда нені көрсе,

Ұшқанда соны іледі.


Тегін кебін табылса, өлуге де болады.
Жауырдың жайын жалғыз атты біледі,

Жоқшылықтың жайын жалғызілікті біледі.


Қоянды – қамыс,

Ерді намыс өлтіреді.


Тесік моншақ жерде қалмайды.
Жаратқанға сенсең,

Жаяу қаласың.


Құдалықтың қызығы – күнде қатынасу.
Сауысқан сақтығынан өлмейді,

Сұғанақтығынан өледі.


Өзімдікі дегенді,

Өгіз қара күшім бар.

Өзгенікі дегенде

Анау-мынау ісім бар.


Іштен шыққан өрт жаман,

Өзіңнен шыққан жат жаман.


Ит жиналып топ болмайды.
Соғымың семіз болса,

Ішіңде сақта.


Иттің ашуы құйрығынан білінеді,

Аттың ашуы құлағынан білінеді.


Кәрілі үй ырымсыз болмайды.
Жігіт келсе, қыз дайын.
Ұйқы төсек таңдаймайды.
Тіс тазартқыш мұнша,

Сонда еті қанша?


Жылан өлтірем десе де, тас алып бермейді.
Ырысы жоқтың аты қара шабуда жүгіреді.
Шындық жерде қалмайды.
Теке – тұрағына,

Азамат – ұрығына.


Аман болса бұл басым,

Әлі-ақ шығар бұл шашым.


Үлкен үйдегілер күлсе,

Отаудағылар ыржияды.


Шотта да бар,

Сүйекте де бар.


Түлкі алған итке түк те жоқ.
Қалай санасаң да қазанның құлағы төртеу.
Кісі міні кіргенше көрінер,

Өз міні өлгенше білінбес.


Сұлуды құшқан сүйінер.
Көп бергеннен

Тез берген жақсы.


Өтіріктің куәсі — өлік.
Өрге тартса — өгіз өледі,

Ойға тартса — арба сынады.


Көйлегі күйелінің тамағы майлы.
Мысыққан – ойын,

Тышқанға өмір керек.


Аманат жанға өлім хақ.
Қосқанға жоламай,

Сүйгенге сүйкенеді.


Сөз жақсысын құлақ білер,

Қыз жақсысын сынап білер.


Құстың баласы қырымға қарайды,

Иттің баласы жырымға қарайды.


Итті сыйласаң,

Кілемді ластайды.


Анасы жоқ қыз панасыз,

Атасы жоқ ұл панасыз.


Қаптағыны қатын біледі.
Жігіттің өзіне қарама,

Сөзіне қара.


Ұрғаннан ұмытылған жаман.
Қамқорлық ерді сарғайтады,

Көрімсал жерді сарғайтады.


Жылқышының ішкенін

Бір ит те ішпейді,

Бірде хан да ішпейді.
Ырыс алды – ынтымақ.
Тентек болсаң,

Тезек боларсың.


Мақтау жігерлендіреді,

Даттау шерлендіреді.


Шығасы малға иесі басшы.
Жығылған сүрінгенге күледі.
Тышқан – иісші,

Түлкі – аушы.


Түйе көп болғанымен,

Қонаққа сойылмайды.


Үйренген әдет қала ма?

Сиырға жүген сала ма?


Ұялмаған сыншы болады.
Тураушыдан туғаның болсын.
Жоғалған пышақтың сабы – алтын.
Қандала шақса,

Бүргеге жылап көрісерсің.


Анаға баланың алалығы жоқ.
Қанденнің қартайғаны білінбейді.
Қанжығаның батқанын

Қаптал білмес, ат білер.


Бөденені сойса да,

Қасапшы сойсын.


Ат айналып қазығын табар.
Қанша тырыссаң да, аларың – бір тай.
Қалыңсыз қыз болса да,

Кәдесіз болмайды.


Қазанға жақындасаң,

Күйесі жұғады.


Сүйек мүжілмей етке тоймайды.
Күшік күйеу қонғанын да қалыңмалға санайды.
Көп жортқан түлкі аштан өледі.
Пұлың болса –

Құлыңмын.


Өтпес өмір,

Сынбас темір болмайды.


Боран болмай, жұт жетпес,

Өсек болмай, дау өтпес.


Далаға түнегенше,

Молаға түне.


Кәрі бөрінің де бір қойлық әлі бар.
Су басынан тұнады.
Өгей ана көрінде жатып та қол бұлғайды.
Кесірлі ауыздан кесапатты сөз шығады.
Арғымақты армандағанша,

Байталыңа бақ тіле.


Жақсы ниет – жарым ырыс.
Қайнаға мүләйім болмаса,

Келіні – күн-айы болар.


Есіктен кіріп, төр менікі дейді.
Есті – көпшіл,

Ессіз – текшіл.


Етігің тар болса,

Дүниенің кеңдігінен не пайда.


Етігің қисық болса,

Ізің қайдан түзу болсын.


Жақсы болып шықса – ұлға,

Жаман болып шықса – құлға.


Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көрерсің.
Ертеңгі іс есекті де есеңгіртеді.
Шоқай киген аяқ азап тартады,

Ноқайға тиген аяш азап тартады.


Біреуінің өзі сыйлы,

Біреуінің сөзі сыйлы.


«Қош-қош!» десе,

Қиқар қой да қосаққа кіреді.


Қазаны басқаның,

Қайғысы басқа.


Сүймегенге сүйкенбе.
Кісі аты – тершіл,

Кісі киімі – кіршіл.


Мастан жынды да қашыпты.
Күшті күшенсе –

Күші еселенеді.

Күшсіз күшенсе –

Белі кетеді.


Алыс жерге құда болсаң,

Тең-тең болып бөз келер.

Жақын жерге құда болсаң,

Түрлі-түрлі сөз келер.


Ойда бір сиырдың мүйізі сынса,

Тауда мың сиырдың мүйізі сырқырайды.


Тойға барсаң, тойып бар.
Өзіңе ұрынбас үшін,

Өзгеге жарық қыл.


Істемеген – ішіп-жемейді.
Алыстағы әулиеден,

Маңайдағы машайық артық.


Тасырқаған жүйрікті

Жүйткімес деп қорлама.


Соқырға көрсеткенмен, танымас.
Бөрі кәрісін талайды.
Көп жасаған білмейді.

Көп көрген біледі.


Сабасына қарай – піспегі,

Сақалына қарай – істегі.


Бөрік астында бөрі жоқ деме,

Иек астында жау жоқ деме.


Атқа бергісіз дөнен бар,

Қызға бергісіз келін бар.


Келгеннің кетпегі бар.

Атадан алтау туса да,

Жалғыздық бар әр баста.
Екі жолдың торабында

Иттің басы қаңғырар.


Көк мұз болмай,

Жұт болмайды.


Мың кісінің атын білгенше,

Бір кісінің затын біл.


Құйысқанға қыстырылған көңдей.
Сыпайы тоңбайды, қалтырайды.
Қозысында сүтке тоймаған,

Тоқтысында түрткенін қоймайды.


Қолдағы алтынның парқы жоқ.
«Болды» дегеннен,

«Болады» деген қызық.


Қымыздан екі кесе ішкен – мұңдық,

Айраннан екі кесе ішкен – сұмдық.


Сужұқпас жігітке Сумақай әйел кез келер.
Ердің құны,

Нардың пұлы емес.


Әкең мұрап болса да,

Су басына бұрын бар.


Керек тастың ауырлығы жоқ.
Жақсыны мақтасаң –

Жауды жеңеді.

Жаманды мақтасаң –

Қабаннан өледі.


Отты кеузей берсең — өшеді.

Көршіңді кеузей берсең — көшеді.


Сөз шындықтан шытынамайды.
Таз таранғанша, той тарқайды.
Әкесі басқа,

Ары – қасқа.


Әкесі өлсе – Шәкірі бар,

Ұстазы өлсе – шәкірті бар.


Сапарбайдың сансыз жылқысы көрінбейді,

Құлансарықтың жалғыз құла байталы көрінеді.


Өлім – бардың малын шашады.

Жоқтын артын ашады.


Толыбайдай сыншы бол,

Тоқтағұлдай жыршы бол.


Есегіне жолы лайық,

Көсеуіне қолы лайық.


Келінді келгенде көр,

Кемпірді өлгенде көр.


Қонақ таңдап қонады,

Ұры қорықпасын тонады.


Қонақ – құт.
Ер өлтіріп, неке бұзғаным жоқ.
Жақсы ел қамын ойлайды,

Жаман өз қамын ойлайды.


Жай жүрген бір барады,

Жүгірген жолда қалады.


Ет көрмеген еселеп асайды,

Қант көрмеген көсеп асайды.


Болмайын десе, болмайды.
Атан түйе мас болса,

Тайлақпенен дос болар.


Диқанның түбі – кеніш,

Сауданың түбі – борыш.


Болмағанға болыспа.
Балықтың күні – көлмен,

Жігіттің күні – елмен.


Әкелі ұл –

Қожалы құл.


Менің ақылым сенде емес,

Сенің ақылың менде емес.


Қыздың көзі қызылда.
Оқыған – жарық,

Оқымаған – түнек.


Аталы жетім – арсыз жетім,

Аналы жетім – ерке жетім.


Жақсы құсқа жаман құс бабымен теңелер.
Тас болмай,

Құз болмайды.


Союына сойдық –

Ішек-қарынды тазалауды кімге қойдық?


Жақсылығын алса – құт.

Жамандығын алса – жұт.


Құлша істе.

Бише же.
Мақал атасы – сөз,

Мата атасы – бөз.
Сана сарғайтады,

Қайғы қартайтады.


Насыбайшының үйі – қақырық пен түкірік.
Қонақты атқар –

Бәледен құтқар.


Ата-анаңды сыйласаң,

Өз балаңнан қайтады.


Шыбыннан жуан болса, кәдік қыл.
Жасағанға сенген,

Жауын астында қалады.


Тер көтермей жүйрік озбайды.
Сексен жылқы, сегіз нар –

Жасаулы қыздың қалыңы.


Пышақты ішіңе ұр –

Ауырмаса, кісіге ұр.


Жақын таласса – жатқа жем.
Құдайдың қарғысы тиген ағашты

диірменге кіндік жасайды.


Жақсы түйенің мұрны жырылмайды.
Епшіл екі асайды.
Ер азығы – елден,

Бөрі азығы – жолдан.


Аттан айрылсаң, айрыл,

Ер-тоқымнан айрылма.


Жаман атты жақсы бақсаң – тұлпар,

Бөктергінің бабын тапсаң – сұңқар.


Өзгенің ісін өзіне жору.
Ішпей-жемей сараң бол,

Бай болмасаң, маған кел.


Ер айласы – бір,

Қатын айласы – мың.


Дұшпанның сыртында болмай,

Ішінде бол.


Сайда ақырған есектің

Батпақ берер жазасын.


Ит итті жұмсайды,

Ит құйрығын жұмсайды.


Тәуекелшінің көңілі тоқ.
Сиыр сипағанды білмейді.

Жаман сыйлағанды білмейді.


Ит бір күн үрмесе, басы ауырады.
Жүргенімді жел біледі,

Қонғанымды сай біледі.


Түтіні бөлектің

Түндігі бөлек.


Атаңды көргеннен ақыл сұра.
Түйеге жантақ керек болса, мойнын созады.
Бұлығып аққан бұлақтан

Сасық та болса, көл жақсы.


Кебін кигеннен түңіл,

Көбенек кигеннен түңілме.


Жыршы менен жыршының

Жүрмеген жері қалмады.


Ұлың жаман болса да,

Аман болсын.


Тірліктің күші – бірлікте.
Жорға мінгенмен жолдас болма.
Үйренбеген пейішіңнен

Үйренген тозағым артық.


Ісі оңға айналғанда,

Келіннен қызы бұрын туады.


Ұялмаған бұйырмағанды ішеді.
Туғанның өзі өкпелесе де,

Бауыры өкпелемейді.


Қонағы назданса,

Қожасы қызғанады.


Жоғалған оқты,

Бораған оқ табады.


Борсық семіз болғанмен,

Қартасы болмайды.


Диқан жерге тоймас,

Мал жемге тоймас.


Ат,

Атсыз жылап жат.


Жүзге жет,

Мүрдем кет.


Түйе шайнағанын біледі,

Жұтқанын білмейді.


Тамағы майлының көйлегі күйелі.
Шымшық семіргенмен, батпан болмайды.
Тез жанында қисық ағаш жатпайды.
Шорқақтың жұдырығы түйеге де тимейді.
Ұрыстың басы – балағат.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ.


Жолдан шықсаң да,

Қолдан шықпа.


Үйге құт кіргенде,

Малға сүт кіреді.


Ұстамен дос болсаң,

Наркескенін аларсың.


Өлсек – бір көрде,

Тірі болсақ – бір төрде.


Тоңғанға жұлдыз – жалын.
Тары жеген торғайдың

Бөдене тартар жазасын.


Жолға шықсаң, жолазығың мол болсын.
Асаудың да тұсауы бар.
Жақсының өзі өлсе де,

Сөзі өлмейді.


Кең пішілген киім жыртылмайды.
Құдай құлым десе,

Пайғамбар үмбетім демеске әлі қанша!


Мойнынан байлаған ит үруге жарамайды.
Шақылдаған қатынды

Қыз бергенде көрермін.


Қызы бар үй –

Қымызы бар үй.


Жаманның рахаты – жантаюы.
Оразаны аш пайғамбар шығарыпты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет