ЕКІНШІ КӨРІНІС Электра, Эгист, Хрисотемида, Хор.
ЭГИСТ. Гәп, сол Орестің келмейтінінде боп тұр ғой?
ЭЛЕКТРА. Ә, манадан бері тыңдап тұр ма едің?
ЭГИСТ. Менің ондай да әдетім барын білесің ғой. Падишаға қол астындағылардың не көкіп жүргенін білмей бола ма? Соны сіздердің қалай тез ұмытып қала қалғандарыңа қайранмын.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, менің ойымды әбден біліп алдым десейші.
ЭГИСТ. Ауыздан абайсыз шыққан сөздің артында қандай қиянат жататынын бір кісілерден көргенім бар еді. О, бейбақтар қандай тауқымет тартқандарын саған айтып берер еді, әттең, олардың дүниеден көздері құрығалы қашан.
ЭЛЕКТРА. Абайлаңыз, жүрегімді жарып жүрмеңіз.
ЭГИСТ. Құдай сақтасын, он екіде бір гүлі ашылмаған періште бойжеткенді шошытып, күнәға батар жәйім жоқ. Хрисотемида, сен де құр бекерге үрейленбе! Бірақ, менің не ойлайтынымды Электраға жеткіз деп ешкім саған тапсырма бермеген сияқты еді. Мен қол астындағылардың қай жерде не деп көкудің жөнін білетіндерін ғана ұнатам. Сен, бірақ, менің жолымда бұдан гөрі де жан қия еңбектенуіңе болатын еді ғой.
ЭЛЕКТРА. Ол әлгі сөздерді сенің сөзіңді сөйлеп айтып тұрған жоқ.
ЭГИСТ. Қайдан білесің, апаңды сенен сыр тартсын деп әдейі жұмсаған шығармын. Оның тап адал жүрем деп, етегіне намаз оқи қоймайтыны өзіне белгілі ғой.
ЭЛЕКТРА. Оны сондай күйге жеткізген өзіңсің.
ЭГИСТ. Міне, ғажап! Бұл қалада не пәле шықса да, бәріне жауапты менмін. Жібі түзу деп жүрген әйелдеріміз қараптан-қарап суық жүріске салынса да, инабатты деп жүрген азаматтарымыз өз әкелерін өздері өлтірсе де, кінәлі мына мен. Бірақ, осы сөздерің көңіліме қонады. Көрдің ғой, екеуміздің де ойымыз бір жерден шығады екен. Егер бұл шаһардағы барлық нәрсе менен болып жатса, сол шаһар дегеніңіздің өзі де мен болып шықпаймын ба?!
ЭЛЕКТРА. Менде не шаруаң боп келдің?
ЭГИСТ. Ең алдымен Оресті күтіп бекер әуре болма демекпін.
ЭЛЕКТРА. Сенің сөзіңнің маған дарымайтынын білесің ғой?
ЭГИСТ. Жарайды, тыңда. Менің өз басымның қауіпсіздігін көзімнің қарашығындай сақтайтыныма сенетін шығарсың. Ойлашы, сонда мен үшін ең қауіпті адам кім? әрине, Агамемнонның ұлы Орест. Ендеше, оның әр адымы аңдулы ғой?
(Электра үндемейді).
Үндемей қалдың ба? Демек сөзімнің жаны бар екен. Бүгінде саған ол да бір, жай әншейін жамағайын да бір. Оның есіл-дертінің не екенінен хабарың бар ма? Жоқ болса айтайын: біріншіден – әйелдер, екіншіден – құмар ойыны, үшіншіден – ат жарысы, төртіншіден – әрине ішімдік. Оған бұлардан басқа ештеңенің де қажеті жоқ. Ондай адамның қолынан сен ойлаған нәрсе келе қоймайтынына баяғыда мектепте жүргенде-ақ көзім жеткен.
ЭЛЕКТРА. Сөзіңнің бәрі шып-шылғи өтірік.
ЭГИСТ. Рас айтасың ба? Жарайды, тыңдай түс. Қас дұшпаным екенін біле тұра, әлі күнге оны неге өлтірмей жүргенімді білесің бе? Білмесең біліп ал, менің жауым ол емес, менің жауым. Астындағы аты өліп қалса, мені қарғайтын арбакештер, егіні шықпай қалса жерден алып, жерге салатын диқандар, сыраханада жиылып ап, баяғы Агамемнон дәуренін жоқтайтын кәрі қақпастар; олар Агамемнонның тұсында әйел қасына жатуға жарайтын едік, Эгастің тұсында жарамай қалдық деп, оны да құдайдан емес, менен көреді. Осы бір сілекей ауыз сілімтіктердің кез келгені мен үшін Агамемнонның дырдуқұмар баласынан әлдеқайда қауіпті.
(Электра үндемейді).
– Е, солай ма екен, бәлем, үндемей қалдың ба?
ЭЛЕКТРА. Үндемей тұрғаным – сенің бір сөзіңе де сенбегенім.
ЭГИСТ. Сен мейлің, сенбе мейлің, босқа арамтер болма. Орест өміріне риза, мұнда қайтып оралу ойында да жоқ. Мұңсыз-қамсыз тірлікті қауіп пен қатерге айырбастайтын жаны қас пенде бұл дүниеден табыла қоймас.
ЭЛЕКТРА. Айнаға қарағанда, дүниеде сондай да адам барын өз көзіммен көргендей болам.
ЭГИСТ. Өйткені, сенің есің дұрыс емес қой. Әйтпесе, дүниеде ондай адам болмайтынын өзің де білмес пе едің?
ЭЛЕКТРА. Мен. Агамемнонның қызымын. Ағам. Агамемнонның ұлы. Әкеміз де бір, көздеген мақсатымыз да бір. Падиша, сазайыңды түбі бізден тартасың. Орест тек Электраның өзінен аумайтын ағасы ғана емес, Орест дегеніміздің өзі Электра, ал Электра дегеніміздің өзі Орест.
ЭГИСТ. Ендеше, ағаңның тап сен ойлағанды жүзеге асыруға асыға қоятын түрі көрінбейді.
ЭЛЕКТРА. Бүгін бе, ертең бе, жоқ он жылдан кейін бе, сені тірі қойып тірі жүре алмайтынын ол бәрібір ұғады. Сол кезде бәрібір оралады, оның оралған күні – сенің көзіңнің бұл дүниеден жоғалған күні.
ЭГИСТ. Сол күні өзің қайда болам деп ойлайсың, сұлуым?
ЭЛЕКТРА. Оныменен бірге болам. Сені өлердей жек көретін санасында болам. Кек кернеген жүрегінде болам. Саған қадалған қанжарының ұшында болам.
ЭГИСТ. Білмедің. Сен ол кезде Лотос найсаптың сасық құшағында боласың.
ХРИСОТЕМИДА. Мейірімді бола көріңіз, падишам.
ЭГИСТ. Мен жалба тонды деуіш емес, алтын тажды падишамын. Падиша кісіге боркемік болу жараспайды. Мен патша екенмін, көшеге тас емес, адамдардың бас сүйегін төсетсем де, үйлердің қабырғасын қанмен сылатсам да, өз шаһарымда қатаң тәртіп орнатуым керектігін түсінуге тиістімін. Қанқұмар болмасам да, қатаң тәртіпті қан төгіп қана орнатуға болатынын біле отырып, қан төкпей қарап отырар жайым жоқ.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, мен де саған есемді жіберіп, қол қусырып қарап отыра қоймаспын.
ХРИСОТЕМИДА. Ақылға кел, есуас. Өйтіп босқа басыңды жұтпа.
ЭГИСТ. Екі апта бойы аш байланған не қанын судай ағызып қарғалған адам ғана басын жұтады. Ал кім көрінгенге көз түрткі болған қорлықтан өлген адамды көрсем көзім шықсын.
ЭГИСТ. Электра өмір сүреді. Менің пәрменім осындай.
ХОР. Сен бұған кәміл сенесің ғой, падиша?
ЭГИСТ. Мен таққа отырғалы жамағат қатты риза. Сен бұның маңызын түсінесің бе? Билеушіге қол астындағы халықтың ризалығынан асқан не керек?
ЭЛЕКТРА. Батпаққа аунаған шошқалар да дәуіріне дән риза.
(Хор шошқа болып қорсылдайды).
ЭГИСТ. Менің де айтып тұрғаным сол емес пе?! Адам деген де шошқа ғой. Оның да көксейтіні шошқаның көксейтіні, қарнының тоқтығы мен жанының тыныштығы ғой.
(Хор шошқа болып қорсылдайды).
– Жұртты тыныштығынан айырып, ала бүлік салатындай сен кімсің?
ЭЛЕКТРА. Естисіңдер ме, халайық! Электра жұрттың тыныштығын бұзуға туыпты.
ЭГИСТ. Ендеше, есіңде болсын, қымбаттым: жұрт оныңды қаламайды. Жұртқа сол батар батпағына батып, рахаттана қорсылдап жатқандары ұнайды.
ЭЛЕКТРА. Мен тірі тұрғанда олар ештеңеге риза бола алмайды.
ХРИСОТЕМИДА. Бұныкі бос былшыл. Оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Жұрттың бәрі бұны есінен алжасқан деп есептейді.
ЭЛЕКТРА. Немене, шымбайыңа батып кетті ме? Рахаттана қорсылдайтын тыныштығыңнан айырғалы тұрмын ба, Хрисотемида. Шошқалардың падишасы, сен де бұдан былай жайбарақат қорсылдай алмайсың. Мен барда сендерге тыныштық жоқ. Мен тірі тұрсам, қашан адам болып екі аяқтарыңнан тік басқандарыңша, шалшыққа аунатпай, сауырларыңнан қамшы айырмаймын.
ЭГИСТ. Мен де сені адам қып алшаңдатып қоймаспын.
ЭЛЕКТРА Өлтірсең менің өлі мүрдем бәрібір саған тыныштық бермейді.
ЭГИСТ. Өлтірсем бейпілауыз саудагерді өлтірем. Өлтірсем өкпешіл қазан қайнатушыны өлтірем. Оларды да жұрт тәубаға келсін деп әдейі өлтірем. Өйткені, халықтың көңілі неден қорқып, неден сақтану керек екенін анық білгенде ғана жайланады.
ХОР. Естисіңдер ме, азаматтар. Ең әуелі неден қорқып, неден сақтану керек екенін білмек керек. Сонда ғана ың-шыңсыз тыныш өмір сүресіңдер.
ЭГИСТ. Маған жұртты зынданға салудың да қажеті жоқ. Кімнің не деп мақтайтының білсем болды, бәріне де ауыздық сала алам... Мұқалмайтын, бас имейтін пенде болмайды. Гәп тек соны немен мұқату керек екенін білуде. Мәселен, сен Электра, сенің уыз тәніңді қып-қызыл ыстық істікпен шабақтай бастаса не істер едің?
(Электра үндемейді).
– Әлде балаларыңды әкеп, көз алдыңда бауыздаса қайтер ең?
(Электра үндемейді).
– Немесе екі көзіңді бақырайтып, қойныңдағы әйеліңді зорлап жатса, не істей аласың?
(Электра үндемейді).
– Сонда да мұқалмас па едің?
ЭЛЕКТРА. Біліп тұрып несіне сұрайсың.
ЭГИСТ. Иә, мен бәрін білемін. Сондықтан да сені жендеттердің қолына бермеймін. Олар топас. Өз беттерімен ештеңе ойлап таба алмайды.
ЭЛЕКТРА. Өзіңді де сұңғыла білгіш санай берме!
ЭГИСТ. Сонша қарысудың қажеті қанша, Электра! Ертең менің таққа отырғаныма он бес жыл толады.
ЭЛЕКТРА. Агамемнонды өлтіргеніңе он бес жыл толады.
ЭГИСТ. Шынында да, осы бір екі мерзімнің дәл келуін қарашы. Жазмыш солай болса, амал қайсы.
Электра, сөз тыңда. Ертең ақиқат мейрамында шаһардан басқа жұртпен бірге сен де тақтық алдына көп, ағыңнан ақтарылып, шын сырыңды айтасың.
ЭЛЕКТРА Мен сонда бар шындықты ел алдында ақтарып салсам қайтер едің?!
ЭГИСТ. Ақиқат мейрамында жұрт ойында не бар болса, жасырмай түгел айтатынын білесің ғой? Мейрамда айтқан сөзі үшін жазаланған кімді көріп едің?
ЭЛЕКТРА. Ол мейрамда ешкім ешқашан шындық айтып көрген емес.
ХРИСОТЕМИДА. Ал сен ше, Электра? Сен неге ең болмаса шындықты айтпадың?
ЭЛЕКТРА. Мен айта бастасам, жұрт құлағын басады. Олар шындықты айтпақ түгілі, тыңдаудан қорқады.
ХРИСОТЕМИДА. Сен тек босқа мылжыңдауды білесің, Электра. Жұрт секілді сен де қорқасың. Шындап келгенде, бәріміздің ішіміздегі ең қорқағымыз сенсің. Біз, ең болмаса, өзіміздің қорқақ екендігімізді мойындаймыз ғой.
ЭЛЕКТРА. Ендігі сөз бос былшыл. Енді тек семсер керек. Қашан Орест келгенше жұмған аузымды ашпаймын. Жыл. сайын мен сендердің мейрамдарыңа қара жамылып көп қорқақ болғасын өзім ләм-мим демей, сендердің судай сапырған өтіріктеріңді тыңдап қайтатынмын.
ЭГИСТ. Адам ретінде, мен сенің неге өшігіп жүргеніңді түсінем. Оған қарсы айтар дауым жоқ. Бірақ, мен адам емес, падишамын. Сондықтан да өз патшалығымда тек тәртіп бұзбайтындарды ғана ұстаймын.
ХОР. Адам ретінде ол бәріне де түсінеді, падиша ретінде басынды алады.
ЭГИСТ. Мен саған әз пікіріңнен айны дей алмаймын. Жек көреді екенсің. көре бер. Менің жүрегімді көкірегімнен әз қолыңмен жұлып алатын күнді аңсай бер. Қартайып, дәуренің еткенше Оресті күт. Ол өз еркің. Ал менің міндетім. Қарауындағылардың тыныштығын қамтамасыз ету. Сондықтан ертеңнен бастап жыл сайынғы ақиқат мейрамында жұрт не істесе, сен де соны істейсің. Менің саған қояр бұдан басқа талабым жоқ.
ЭЛЕКТРА. Мені сонда ақымақ қой деп ойлайсың ба?
ЭГИСТ. Электра, мен сенен қорықпаймын. Мен өз басымның амандығын емес, қарауымдағы жұрттың тыныштығын ойлап тұрмын. Шаһарда жұрттың ойлағанынан ойы бөтен бір адам бар жерде халықтың тыныштығы кетеді.
ЭЛЕКТРА. Мені соншама ақымақ көресің бе?
ЭГИСТ. Өзің маған қандай қауіп төндіре алам деп ойлайсың? Қолымдағы биліктің қорғаны – көк найзалы қалың әскерім бар. Сенен не деп қорқам! Бәрібір өз дегеніме көндірмей тынбаймын. Қайткен күнде де қалада қатаң тәртіп орнатпай болмайды. Сондықтан, Электра, сен менің жолымды көп кес-кестей берме.
ЭЛЕКТРА. Қорықпайтының бар мені неге өлтіріп тастамадың?
ЭГИСТ. Мен сенен көп нәрсе қолқалап тұрғаным жоқ. Маған тек бір-ақ күн құлақ ассаң болғаны. Қалған күндері қалауыңша өмір сүре бер. Сонда саған одан артық не керек?
ЭЛЕКТРА. Сенің ойыңша, падиша, мен тек жайлы жатып, жақсы тұрып, ас ішіп, аяқ босату үшін өмір сүріп жүрген болдым ғой. Жоқ. Маған өмір сүргізіп жүрген еркін жұтқан ауа мен бойымдағы ыстық қан ғана емес. Электра өлсе де, тірілсе де, өз парызын орындаудан басқа ештеңе көксемейді. Өлсем де, дегеніме жетпей қоймаймын.
ЭГИСТ. Арманың әдемі-ақ, аяулым. Бірақ, ауа да су да, нан да, әдемі нәрселер. Бәрін айт та, бірін айт: адамның өзі өлген күні арманының да адыра қалатынын айт. Менің өлгенімді көргісі келетін адам бәрібір көксегеніне жете алмай, арманда кетеді.
ЭЛЕКТРА. Сен өйтіп батырсына берме. Менен бәрібір қорқасың. Өйткені, Электра арада қанша жыл өтсе де бетінен қайтпай, қайсарлықтан айырылса, қадірінен де айырылатынын жақсы біледі. Еркектің тегеурініне бір түсіп шыққан бойжеткеннің енді қайтып қызбын деп бұлдана алмайтыны сияқты, бір рет жалған сөйлеп қойған адам да содан былай өтірік айтпай тұра алмайды.
ХОР. Күнәдан пәк періштем-ай!
ЭЛЕКТРА. Қара жүзді қылмысыңды жұрттың есіне түсіріп, көз түрткі боп жүрген Электрадан құтылғың келмесе, қолыңнан қағатын кім бар, мені өлтір. Тек тәуекелің тұрса, өлтіріп көр. Бірақ, мен өлсем де Электра боп қалатынымды, жұрт менің өлігімді көріп тұрып та, сенің қандықол қылмысың мен өздерінің күнәһарлығын естеріне алатынын сен жақсы білесің ғой. Электраның өз дегенінен тайған жері – өлген жері. Сен менен сөйтіп құтылғың келеді ғой. Жоқ, падиша, саған ондай жақсылық жасай қояр жайым жоқ.
ЭГИСТ. Жарайды. Қайсымыз күшті екенбіз ертең көрерміз. Қайсымыз күшті екенбіз о да белгілі болар Патшаның қызы Электра шошқашының әйелі болғанда қандай болады екен, оны да бір көрейік.
ЭЛЕКТРА. Мен патшаның қызы емеспін, ең алдымен Электрамын. Лотостың да әйелі болмаймын, тек Электра боп қаламын.
ЭГИСТ. Мен сені азаптағалы тұрғаным жоқ. Сендей қиқарларға қинаған сайын күш қосыла беретінін түсінбейтіндей сонша ақымақ емеспін. Мына Хрисотемидалар күллі дүние бұттарының арасында тұрғандай көреді. Ал, мен бұлардың тіпті миына кірмейтін біраз нәрсені түсінемін. Сені кедейлік те, кір-қоқыс та, азап та, жұрттың безінгені де жасытпайтыны рас. Күйеуге шықтың-ақ, басыңдағы еріктен айырыласың. Сені бір мұқатса, тек сол мұқатады.
ХОР. Электра, сені не мұқататынын білдің бе? Сені басыңдағы еріктен айырылу ғана мұқатады.
ЭГИСТ. Бұрын жұрт саған Агамемнонның қызы болғасын ғана назар аударып жүргенін неғып аңғармағанмын десеңші. Сөйтсем, сені патшаның қызы ғой деп сарайдан кірген-шыққаныңда сақшылар ізет көрсетеді екен. Қала араласаң қара халық қақ айырылып жол береді екен. Қанша дегенмен, патшаның қызының аты, патшаның қызы емес пе!
ЭЛЕКТРА. Мен патшаның қызы емеспін, Электрамын. Жұрт қараса патшаның қызына емес, Электраға қарайды. Олардың күтетіні, ақиқат. Ал ақиқат деген, сенің көзіңнің құрығаны.
ЭГИСТ. Көрерміз. Оны сен ертең шошқашыға әйел болғанда білерміз. Бұрын сені көрсе, анадайдан бойларын жинап, тікесінен тік тұратын қала қатындары енді қастарына барын, күйеуінің сауыс-сауыс жейдесін жуып жатқан шошқашының әйеліне қандай құрмет көрсетер екен, көрерміз. Сен бала туғанда, олар бұрынғы әз-әулие тұтып жүрген Электраларының өздері секілді күн сайын күйеуінің астында жанышталып шығатын жәй әншейін төмен етек ұрғашы екенін бір-ақ білер. Лотостың қолтығында келе жатқаныңды көргенде, кеше ғана анадайдан көз тастауға қорқып, бет-бетіне зытып беретін еркектер не деп көкір екен, керең боп қалмасақ, оны да естірміз. Ешкім адам санатына қоспайтын сасық шошқашының өзі-ақ сені масқаралап береді. Электра әулие болса, сонда көрерміз.
ЭЛЕКТРА. Жарайды, падиша, көрсек көрерміз.
ЭГИСТ. Жауап қайтаруға асықпа. Мен мейірімді билеушімін. Әлі де бір түн ойлануыңа мүмкіндік беремін. Қандай тоқтамға келгенің ертеңгі Мейрамда белгілі болар.
ХОР. Патша қызы, қандай тоқтамға келгеніңді ертең Мейрамда көрерміз.