Жастар ұмтыл, алға бас, Жалпы елмен аралас. Ей-ей, жас қайрат, Жаңа тұрмыс нұр жайнат [73,89б.]-
Бұл кезеңдегі ақындар туындылары заман мен қоғам талабына сай жырланса да, балалар әдебиетіндегі әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт, баланың ішкі ой-сезіміне, ішкі дүниесіне бірден әсер ететін күшті де мағыналы сөздер айтылып, балаларды өмірдің жарқын болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру керек деген дәстүрлі талапқа сай жазылған. Егер суреткер толғанбаса, онда сезім ақиқаты, шынайылығы болмаса, өлеңнің эмоционалдық әсері шамалы болып, әрине, бұл талаптың бұлжымай орындалуы мүмкін болмас-ты. Мұны «Жазушының өз бейнесін көргіміз келсе, біз оның шығармаларына үңілуіміз керек. Оның арман-мүддесі, дүниеге көзқарасы, адамгершілігі сол өзі жазған шығармаларынан елес береді. Ол өзінің өмірге деген сүйіспеншілігін де, өмірдегі жексұрындыққа деген жиренішін де шығармаларында өрнектейді»[81,9б.]- деген Т.Ақшолақовтың тұжырымы дәлелдейді. Осы тұста қосымша айта кетер жайт: баланы шығармадағы кейіпкерлер тағдырына ортақтастыра оқыту шығарманың тәрбиелік маңызын арттырады.
Бала психологиясына, мінезінің қалыптасуына эстетикалық мұраттарының жетілуіне оның айналасындағы ересек адамдар, қоғамдық құбылыстар, еңбек процесі т.б. елеулі әсер ететіндігі анық. Осы әсерді көркем жеткізуде поэзияның эстетикалық қуатты күші жас адамның жан дүниесін, өмірлік көзқарасын қалыптастырудағы алар орны ерекше. Өмірлік-әлеуметтік мәселелерді көркем бейнелер арқылы шебер суреттеу жеткіншектер дүниетанымының, көркемдік қабылдауының ертерек оянуына, белсенді, алғыр азамат болып өсуіне баға жеткісіз рөл атқарады. Аталмыш жылдардағы балалар поэзиясы да өз кезінде баланы өмірге жақындата түсуге, жас оқырманды өмір құбылыстарын танып-білуге, бағыт-бағдар және өз үлесін қосуға елеулі қызмет атқарып отырды. Осы тұста Ш. Елеукеновтің «Өмір талабы – әдебиет талабы. Ол әдеби процестің ішкі даму қажеттілігімен жарасымды ұштасады» [67,102 б.] деген пікірімен келіспеуге болмайды. Сонымен қоса ғалым Бақытжан Майтановтың «Қаһарманның рухани әлемі» кітабындағы: «...әдебиет саясат пен ғылым, өнер, табиғат, қоғам және адамдар тіршілігін бақылау, топшылау, өзгерту, жаңарту ниетіне орай қанат жаятындықтан, сансыз көп салалық өзгешеліктеріне қарамастан, белгілі бір әлеуметтік топтардың арман-мұратын, мақсат сезімін білдіреді» [90, 181б]. деген тұжырымының орынды екенін мойындаймыз. Осынау кезеңдегі поэзияның тапқырлығы да – жас кейіпкер бейнесі арқылы саяси-әлеуметтік құбылыстарды көркем сомдауында. «Сәуле» (А.Тоқмағамбетов), «Маржан» (С.Сейфуллин), «Жас жалшыға» ( І.Жансүгіров ) т.б. кейіпкерлер осы пайымдаудың дәлелі. Ізгілік пен қатыгездікті, мейірбандық пен жауыздықты айқын көрсету арқылы көзқарасы қалыптасып үлгермеген балалардың адамгершілік-азаматтық белсенділігін арттыруға, өмірлік мұратын таңдауға зор ықпал етерін түсінгендігі осынау кезеңдегі балалар әдебиетінің үлкен табысы болып есептеледі. Ақынның көңіл-күй, ой-талғам болмысы да төңіректегі болып жатқан нақты құбылыстар сырын түсінуге ұмтылу, оларға қарсы шаралар іздестіру және бүкіл тіршілік салтын объективті стихиялар қысымына бейімдеу тұрғысынан анықталатындығы себебінен де болар. Іскерлік табандылық, жоғары саналылық, халық деп соққан ер жүрек кейіпкер характері осы фактордан туындап отыр.
«Досқа бедел, дұшпанға айбар» [90] деп ары мен жаны таза , есею, ер жету үстіндегі абзал азамат қасиеті Рүстемұлының бес жастағы Жанай бейнесінен де табылады. «Жаңа әдебиеттің» 1929 жылғы 1-санында жарық көрген «Шымбейленді атамыз» өлеңіндегі әлі тілі жетік шықпаған, «ойыншық мылтық қолында» жүретін Жанайға әжесі
Ертелі-кеш мылтықпен
Ойнаудан тыныштық қылмайсың...
Ішсейші мына асыңды,
Ойынның не керегі?–
десе, баланың өз тілімен берген жауабы:
Тұйа тұйшы азыйақ,
Сабый қылып азе сен...
Шымбейленді атайын
Сонда тамақ ішем мен, -
деуі шынайы айтылған. Мұндағы ақынның тапқырлығы кейіпкерді өз жасы мен ойына тән сөйлетуі арқылы кейіпкер мен оқырманды жақындастыру болса, ендігі бір ерекшелігі – бес жасар Жанайдың позициясы арқылы сол кездегі өкіметтің бала тәрбиесіне жүктеген міндетінен астарлай сыр беруінде. Педагог ғалым Р.Қоянбаев айтқандай: «балалардың адамгершілік қасиетінің дамуы олардың тәжірибесінің баюына байланысты». Ақиқатында солай: жас бала өмір құбылыстарын анықтап түсінген сайын, оның ақыл-ойы, сана-сезімі жетіліп, өзі бұрын өмірде кездеспеген жаңа құбылыстарға куә болып, тәжірибесін байытады. Ал өмірдің көлеңкелі тұстары оны кейде үрейлендіріп, кейде шошытса, Жанай сынды кейіпкердің қылықтары баланы жаманды жек көріп, жақсылықты, жарқын өмірді сүюге деген құштарлығын арттырады.
Ал Б.Мұсаевтың «Жаңа мектепте» жарияланған «Біздің ауыл ұлдары» атты өлеңі де:
Біздің ауыл өзгерді,
Бұрынғының қасында.
Оқымаған бала жоқ,
Шамалы оқу жасында,--
деп бұрынғыдан өзгерген ауылды айтумен қатар, «есеп біліп, дат жазған» «Ырыскүлдің жетімегі» Төребек арқылы кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің байда кеткен кегін қайтаруға қол жеткізген жағдайын айтады. Мұны ақын:
Төребегім жетті деп,
Ырыскүл жүр қуанып.
Байдан алам кекті деп,
Жас білегін сыбанып, -
дей отырып шебер жеткізген. Ізгілік пен қатыгездікті, мейірбандылық пен жауыздықты айқын көрсету арқылы ақын бала өміріне ересектер тигізетін ықпалды ұтымды жырлаған. Сонымен қоса болмыстағы, айналадағы құбылыстарды пайымдауда әсіресе балалар үшін идеялық-эстетикалық нысаналар айқындығының маңызы зор болғандықтан да, ізгілік пен қатыгездіктің, мейірбандылық пен жауыздықтың айқын көрсетілуі әлі өмірлік көзқарасы қалыптасып үлгермеген балалардың адамгершілік-азамматтық белсенділігін арттыруға, өмірлік, эстетикалық мұратын таңдап қалыптастыруға зор ықпал етері сөзсіз. Өлеңде нақты штрихтармен сипатталған қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің ұшқыны да баланың жан дүниесіне, дүниетанымының қалыптасуына тікелей әсер ететіні де рас. Ақын құлақпен естігенді көзбен көргендей етіп санаға құюдың тиімді жолын дүниені салыстыру, (Бұрынғының қасында. Оқымаған бала жоқ), қарама-қарсы көрсету (Ырыскүл жүр қуанып, Байдан алам кекті деп) теңестіру тәсілдерін ұтымды пайдаланған. Көркем шығармада өмірдегі жаманшылықты жырлау жеткіншек бойында қарсыласу реакциясын – наразылық сезімін туғызады. Ал өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді бала ұғымына сай жеткізіп, балаға рухани азық боларлық, қанатына су бүркіп, аспандатып отыратын, өмір сүруді үйрететін, еңбек майданына белсене араласуға жұмылдыратын құдіретке ие.
Балалар әдебиетіне, оның ішінде поэзияға қойылатын түбірлі талаптардың бірі – шығарманың мазмұны мен идеясы жас буынның белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын танытуға себепкер болуы, оларды белгілі мамандыққа, еңбек сүйгіштікке әуестендіре білуі керек деп есептеледі. Мұндай талапты жоғары дәрежеде орындаған өлең-жырлар мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі ортимистік рухта, жалынды бола біліп, өз міндетін дұрыс атқара білді. Мұндай жоғары әдеби сапаға ие шығармаларға Ілиястың «Арыным», Бейімбеттің «Оқиды ұлан», Жүсіпбектің «Еңбекшілдер ұраны», «Жас көсемдер маршы», Асқардың «Егінші», Сәкеннің «Далада», «Анаға жауап», «Көк ала кілем жасыл шөп», «Күзді күні далада» т.б. өлеңдер жатады.
Өмірдің балаға беймәлім заңы әділетсіздік пен қиянат бар жерде күрескерлік рухтың қажеттігі боп есептелсе, мұндай қайрат-жігерді жеткіншек Ілиястың «Арыным» өлеңінен үйренеді:
Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селіндей екпін, қайрат, сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау-
Жандағы ауру, жүректегі жалыным [64, 363 б.] , -
деп бастау алатын бұл өлең бала санасында жарлы-жалшыға қамқор болу тілегі «жандағы ауруға» айналған лирикалық кейіпкердің алқынған, арыны басылмай «тау селіндей» екпінге айналған бейнесі пайда болса,
«Мен» емеспін, мен де көптің бірімін,
Мендейлердің, міне, қостық бірлігін.
«Мен» құралып, «біз» боп шықпай күреске,
«Мен» тудырман бұқарама тірі күн [64, 365 б. ]. --
деген шумақ бұқараға туатын жарқыраған, жалынды күнді жеке-дара жүрген «мендер» емес, «мен құралып» пайда еткен «біз» - бірлік әкелетінін түсіндіреді.
Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,
Тазалаймыз жерді жонып жуаннан,
Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз еңбегіне қуанған [64,365 б.] , -
сияқты жолдар күрескерлік рух жігері тасыған, ой-қиялы жүгіріп, жүйіткіп тұрған, өмірге әлі тек алып-ұшқан романтикалық лепірме көңілмен қарайтын жас бала ұғымына «еңбегіне қуанған» мерекелі-берекелі, өнерлі, тату елдің бейнесін қалаптастырады.
Өнердің, әдебиетінің басты мақсаты – адамның өзін-өзі ашуы болып табылады. Ал мінез-құлқы қандай болса да, балаға тән қасиет – қиялдай білу қабілеті. Осы қабілетті терең ойлау қасиетіне жеткізуге жетелейтін жыр Бейімбет Майлиннің «Оқиды ұлан» өлеңі.
Күзгі дауыл ызғырық
Күз желінің өткірі-ай
Малдың жүні үрпиіп,
Бүрсеңдеп арық құлын, тай [65, 104 б.] , -
деп ызғырған дауылды күзгі күндегі ауыл тұрмысынан басталатын бұл жырдағы «Қолтығында кітабы, Дір-дір тоңат суыққа» деп сипатталатын кейіпкер - «Қысқы ауылда құр жүрмей» тырбыңдайтын «жас ұлан». «Келте танау, жымық көз», киімі жұқа, дірдектеумен өмірі өткен жас ұлан «Өрге ұмтылып, тырмысып, Оқитұғын нағыз кез» екенін түсініп:
Оқыды ұлан, оқыды,
Әзірледі сабағын.
Ал ызғырған жел ұланға қарсы кеп:
Меңіреу ұйқы серпіліс,
Елің қашан тұрады? –
деп салмақты сауал қояды. Сауалға ұлан саспайды:
Білім алып мен шықсам,
Тұрмыстың орнар жұмағы[65, 104б] , -
сипатта саналы түрде сеніммен жауап қатады.
Өмірлік шындықты көркемдік шындыққа ұластыру, яғни, көркемдік шешім жасау қиын да күрделі, жүйелілікті талап ететін шығармашылық процесс екенін әдеби тұрғыдағы зерттеулер дәлелдеуде. Балаларға арналған шығармаларда өмір шындығын көркем кестелеу немесе көркемдік шындыққа келтіру принципі өзіндік ерекшелікке ие. Өйткені бала қаншалықты дарынды, сезімтал келгенімен, оның өмірлік тәжірибесі аз, өмір құбылыстарын талдап, зерделеу қабілеті шектеулі. Осыған орай жас оқырман қауымы шығарманың күрделі әлемін нәзік түсініп, идеялық сырын жете пайымдауға қауқарсыз. Сол себепті мұндағы ызғарған жел, жалқау бай, еңбекқор ұлан – балалар ұғымы, көркемдік қабылдауы тұрғысынан қарағанда, жүйелі суреттелген күрделі кейіпкерлер. Алайда жас оқырманға тән түсінікті толық түсінген ақын бала ұғымына сай етіп ауыл мен ауылды, сай мен сайды қыдырған Мырқымбай мен тырбаңдаған жас ұланды, тыстағы аш қасқырдай ұлыған желден туған тарсыл-гүрсіл мен ызыңдаған дыбысқа зер салмай, жарыққа төне түсіп кітап оқыған ұланды көркем суреттеу арқылы, ел жайлы ойлы сұрақты желге айтқызу арқылы төте жолды таба білді. Сонымен қоса шығармадағы қатал өмір, қатыгез құбылыс, жалғыз адамдардан көрген әртүрлі зорлық-зомбылық пен талмай, талпынған күрескерлік рух жас баланың өмірді одан әрі тереңірек тануына жедел ықпал етеді, мойымауға үйретеді.
Өмірдің көлеңкелі, теріскей тұстарынан гөрі, оптимистік рух сыйлайтын, жеке адам мен елге деген сүйіспеншілігін арттыратын жақсы, шуақты көзқарастар басым шығармалардың бірі – Ж.Аймауытовтың «Еңбекшілдер ұраны». Балалар өзі өмір сүріп тұрған кезеңді жақсы қырынан көріп, сәулелі, шұғылалы етіп қабылдауға бейім болса, ақынның аталмыш жырдағы:
Ал егер найзағай шартылдап,
Қаптаса жауыз дүниесін.
Бізге де жарық күн жарқылдап,
Түсірер нұрлы сәулесін [66, 97 б.] , - деген
шумағы дәл осы қабілетке сай жазылған. Ал өлеңдегі:
Бостандықты бізге ешкім бермес,
Патша да, құдай да, батыр да.
Бостандық бізге көктен келмес,
Аламыз күшпен ақырда [66, 98 б.].
деп келетін шумақты баланы жауыздыққа, күш көрсетуге үйретеді деу сыңаржақ тұжырым. Себебі «көркем сөздің әлеуметтік салмағын көтерген», «халық ағарту жүйесінде ұзақ қызмет еткен Жүсіпбек жас ұрпақты жаңа рухта, адамгершілікке, жақсы қылық-мінезге тәрбиелеуге де белсене қатысқан» [91, 8 б.]. Оның түсінігінде бостандыққа «патша да, құдай да, батыр да» емес, қажымас қайрат пен елеулі еңбек арқылы алуға болады деген пікір қалыптасқан. Жас ұрпақты да осы түсінікке бейімдеуді көздеген болар, сірә. Мұнымызды ақынды зерттеуші, әдебиетші ғалым С.Қирабаевтың «Жүсіпбек – жан-жақты білімді, әрі талантты болған адам. Оның сан-салалы еңбектері өз дәуірінің талап-тілегінен туындады да, жаңа заманның жас ұрпағын өнерге, білімге, күрескерлікке, адамгершілікке тәрбиелеуге қызмет етті» [91,152 б.] деген пікірін нақтылай түседі.
Егер ақын-жазушылар көмескі, солғын бейнелер жасаса, шығарманың қисыны болмаса, тілі шұбалаңқы, орашолақ болса, ондай шығарма идеясы қаншалықты жақсы болса да толық, татымды туынды болмайтынын әдебиетші ғалымдар жан-жақты дәлелдеп келеді. Осы орайда С.Сейфуллиннің шығармашылығымен де байланысты айтуға болады.
Ақынның «Жазғы далада» өлеңіндегі:
Көк ала кілем жасыл шөп,
Тамылжып исін аңқытты.
Кеудеге толып жас иіс,
Тән мен жанды балқытты [63, 166 б.], -
деген шумақтан кейін «бал іздеген аралар», жұптасқан «қызылды, жасыл, көк ала» көбелек, «желекті жас келіндей» ұялып басын изеген «қызғалдақ пен сарғалдақ» жүйелі, көркем кестелі түрде тізбектеліп келеді де, сол тамаша табиғат төсіндегі лирикалық кейіпкер – ақынның өзі, өлеңнің өзегіне айналады:
Жібек кілем кестелі,
Көрпе үстінде жаттым мен.
Қаладан алыс елді ойлап,
Қалың ойға баттым мен [63, 167 б.], -
деп басталатын кейіпкердің «тасыған сеңдей» «қалың ойы» да жүйелі жырланған: кейіпкердің көз алдына тамылжыған ыстық күнде «әр қойды сауып идіріп» жүрген жапанда жалғыз қимылдап жүрген қойшы күйі келеді.
Кезерген ерні жарылып,
Қызыл шақа көн жара.
Көйлексіз тәні жалаңаш,
Күнге піскен қап-қара
... Айдалада кішкене от,
Жалғыз қойшы ... тас қорық.
Ұшып тұрдым жата алмай
Көзіме келіп жас толып [ 63,168 б.] , -
деп жырланған сезім пернелерінің шынайы қозғалысынан туындаған жыр жолдары жас оқырманды да тебірентіп, көзіне жас келтіріп, қойшы бейнесі жүрегінің түбіне сүңгиді. Ал ақынның:
Ұмыт қалған қу бауыр,
Меңіреу жапан далада.
Көрер ме екен сені де,
Жарық думан қалада? [63,169 б.] -
деген арман-тілегі «өнер білім бар жұрттар» мен «жарық думан қалада» дамыған озық мәдениеттен табыларын астарлау түрінде берген. Идеялық-көркемдік өзегі мәдениетті, жарқын өмір мәселелері төңірегінде өрбіген. Бұл сырды ұғынуда зерттеуші Т.Ақшолақов жасаған жасаған тұжырымы: «Өнердің барлық пернелері сөйлемеген жерде сезімді селт еткізер, сол арқылы ой-парасат түйсігіне апарар сыртқы әсерлер шамалы болады. Өнер галактикасының миллиондаған, миллиардтаған үлкен-кішілі жұлдыздары да оқушы сезіміне осылай әсер етеді, сол арқылы сен түйсік жасайсың, шығармадағы өмір ақиқатына көз жібересің, екшейсің, ақылға саласың, ондағы кейіпкердің біріне іш тартасың, бірінен жиренесің. Өзіңді толғандырған жайларға терең сүңгисің» [81,116б.] деген пайымдауы көмектеседі. Бұл түсінік жас оқырмандар психологиясына тән, әсіресе, бұл жүйелі, моншақтай тізбектелген, композициясы қисынды осындай туындыны оқығанда байқалады.
Бала дегеніміз – еліктегіш халық. Сондықтан көркем шығармалар арқылы олар жақсы мен жаманның, қоғам мен жеке адамның, еңбек пен жалқаулықтың ара-жігін ажыратып, өмірдің жалпылама көрінетін тұстарын енді нақты түсіне бастайды. Сондықтан жас балаларға арналған туындыларда адамгершілік, адалдық, ерлік сияқты асыл қасиеттерін танытатын тұстар көп. Осы тұрғыдан талдағанда, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы балаларға арналған поэзия тікелей тәлім-тәрбиелік мәселеге құрылғаны айдан анық. Көркем шығарманы жазу, қашан да идеялық-эстетикалық ізденісті, тосын пайымдауларды талап ететіндіктен, бұл кездегі балалар әдебиеті де адам бойындағы ең таза қасиеттерді негіз ете отырып, тәрбиелік мәні терең, эстетикалық мұраты биік шығармалармен толысты, адамгершілік деңгейі жоғары екендігін дәлелдейтін моральдық факторлар да өзіндік сипатта көрініс тапты және нақты өмір көріністерімен байланыстырыла суреттелген. Қоғамдық идея көркем образдар арқылы ұтымды беріліп отырды. Жас оқырман үшін лирикалық кейіпкер арқылы қабылданатын адам жанының мөлдірлігі, тазалығы, биік адамгершілік пафос, күрескерлік рух қашанда маңызды орынға ие екені ескеріліп келді. Көркем әдебиет жас буын оқырманға беретін эстетикалық әсерімен қоса тағылымдық-танымдық сапасымен де құнды болғандықтан, жас ұрпақ өмір шындығын, адамзат баласын, түрлі құбылысты әдебиеттің жасап кеткен шығармалары арқылы танитындықтан, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғам, адам, өмір тынысын осы талданған шығармалар арқылы анық аңғара алады.
Достарыңызбен бөлісу: |