Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет10/21
Дата20.01.2023
өлшемі0.92 Mb.
#468558
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21
treatise105772

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



  1. ХІХ ға Ө.Тұрманжанов сырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жазба балалар әдебиетінің негізінің қалануы

  2. Балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы»

  3. Балалар фольклорының жиналып, зерттелу мәселесі

  4. «М.Әуезов – қазақ балалар әдебиетінің бірінші зерттеушісі» [1,225].

  5. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты

  6. Сәкеннің зерттеу еңбектерінің ішіндегі балалар фольклорына қатыстылығы

  7. Х.Досмұхамедовтің фольклортану саласындағы еңбектері

  8. М.Жұмабаевтың балалар фольклорын жинақтап жариялауға қосқан үлесі

  9. Ө.Тұрманжановтың, І.Жансүгіровтің еңбектері.



1.4.Балалар поэзиясындағы фольклорлық дәстүрлер

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы поэзия фольклор дәстүрлерін бойына жинаған, ауыз әдебиетінен алыс кетпеген, фольклорлық үлгіні жаңарта, жаңғырта жырлаған поэзия болды. Бұл кезең әлі де фольклорлық үрдістің қаймағы бұзыла қоймаған кез еді. Сол кезең ақындарының қай-қайсысы болса да жастайынан ауыз әдебиетімен сусындап, оны жаттап, құлағына құя тыңдап өскен-ді. Оның үстіне мол фольклорлық қазыналарды жазып алу, жариялау үрдісі кең етек алған болатын. Бұл кезең ақын-жазушылары І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Аймауытов тағы басқалары өздерінің балаларға арнаған шығармаларын фольклор дәстүрін үлгі-өнеге ете отырып, жаңаша мазмұнды дүниеге келтірді, өз шығармаларын халықтық шығармаларды арқау етті, жаңа түрмен толықтырады. Осы жылдарда қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі І.Жансүгіровтің балалар әдебиеті дейтін әсем әлемге қосқан үлесі аса салмақты. Оның фольклорлық үлгіде жазылған «Балаларға тарту» (1927), «Балаларға базарлық» (1929), «Өтірік» (1927), «Малта» (1929), «Шәутеннің шәркейі» (1929), «Одақ» (1930), «Жұмбақ» (1930) атты бірнеше кітаптары жарық көрді.


Балалардың тәрбиешісі жастар жанашыры Ж.Аймауытов балаларға арнап бірнеше ертегі-поэма жазды. Олар: «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз» прозалық ертегі болса, «Нұр күйі»(1929), «Жаман тымақ»(1929 ) поэзиялық туынды. Бұлардың бәрі де суретті жеке кітапша болып басылып шыққан.
Кез келген халықтың ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұралары бар. Солардың ең негізгісі – халықтың ізгі ойларынан, мақсат-мүддесі мен, асыл армандарынан туған халықтың рухани қазынасы. Бұл мұралар ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір құралы. Ұрпақ тәрбиелеу – дәстүрлі бесік жырынан бастау алады. Өмірге сәбидің келуін қуаныш санаған ата-ана ең алғаш тәтті сөзін де, тәрбиелік мәні бар жақұт жырларын да баласына арнаған. Баланы жұбату да, ойнату да, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек, мақсаттар қою өлеңмен, жырмен, көркем сөзбен айтылған. Әлемдегі бар жақсылық ананың әлдиімен басталады. Бесік жырының негізгі өзегі де – балаға деген махаббат, еркелету, айналып-толғану. Баланы қолына алған ана:

Айналайын, шырағым!


Көлге біткен құрағым!
Маңдайдағы құндызым!
Аспандағы жұлдызым!
Әлди, балам, ақ балам!
Айналайын балам-ай!
Айналсын сенен анаң-ай! –

деп барлық әлпештеу, мәпелеу сөздерін аямай үйіп, төгеді.


Бесік жырының мазмұндық-идеялық желісінде әдетте, сәбидің әке-шешесінің, ата-әжесінің баланың болашақ тағдырына арналған арман тілек мақсаттары мол қамтылады. Баланы әлдилей отырып:

Құрығыңды майырып,


Түнде жылқы қайырып
Жаудан жылқы айырып
Жігіт болар ма екенсің!
Айыр қалпақ киісіп
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің? –

деп аяулы ата-ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін жырға қосып баласының болашағының жарқын болуын ойлайды. Баласының ел үшін туған азамат болуын көксейді.


«Бесік жыры» ананың ішкі жан сыры тәріздес. Оның кім болып өсері әзірге белгісіз. Сондықтан ана алдағы күнге жүгіртіп, баласын бірде жау қуған батыр, бірде төрт-түліктің тілін білетін малшы, тағы бірде он саусағынан өнері тамған шебер, не таңдайы тақылдаған ділмар болар ма екенсің деп армандайды» [61,80 б.].
Бұл кезең ақын-жазушылары осы дәстүрлі бесік жырын өз шығармаларына арқау ете отырып, жаңаша мазмұнды дүниеге келтірді. Осы тақырыпқа А.Байтұрсыновтың «Жұбату», М.Жұмабаевтың «Бесік жыры», «Жұбату», «Сал, сал Білек, сал Білек» І.Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу», С.Сейфуллиннің «Келіншектің бесік жыры», Б.Майлиннің «Әлди», «Тәй-тәй, қаз-қаз!...» өлеңдері жазылды.
М.Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңі ең алғаш 1932 жылы өзінің «Педагогика» еңбегінде жарық көрді. Осы еңбектің «Есту сезіміне тәрбие қосу» деген бөлімінде: «Баланың есту сезіміне аса көп әсер беретін – бесік жыры. Баланы қолына алған, баланың бесігінің жанына келген ана аузына тас салғандай үндемей отырмасын. Жырлай берсін. Бала сөзін ұқпаса да күйінен әсерленеді. Жас балаға қазақтың «Әлди, әлди ақ бөпем» деп басталатын ескі бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың жырының таныс болса игі болар еді», - дейді де өзі жазған бесік жырының мәтінін ұсынады [62,131б.]. Мағжанның ғасырлар бой сақталып келе жатқан бесік жыры негізінде жазылған бұл өлеңнің маңызы зор. Балаға ең кіші сәбилік кезден сезімдік тәрбие беру міндеті көзделеді. «Бесік жыры» өлеңінде ақын балаға деген ана мейірімін, ана махаббатын асқан шеберлікпен жеткізеді:
Күнім, айым,
Еркетайым,
Бөлейін енді.
Тыста дауыл,
Жатқан ауыл,
Ұйқың да келді.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Әлди бөпем,
Әлди бөпем,
Ұйықта жұм көзің [ 58,72 б.].
Ақынның бұл бесік жыры бұрынғы дәстүрлі бесік жырларының үлгісінен өзгеше, оның буындық, ырғақтық өлшемі жаңа. Мағжанның бұл бесік жыры 4-5 буынды болып келіп, бесік жыры әлдиімен өте жеңіл айтылады. Мазмұны да халықтық бесік жырынан бөлекшелеу, «туған жеріңді, еліңді, халқыңды жаудан қорғайтын ер жігітсің», «сен солай болуға тиіссің» деген ананың баласына баса айтқан өктемдігі сезіледі.
Қайнап қаның,
Батыр жаның
Ерікке ұмтылар.
Сен еріме,
Жас бөріме
Қарсы кім тұрар?
Алмас қылыш,
Найза құрыш
Белге буарсың.
Сен сырттаным,
Арыстаным,
Жауды қуарсың [58, 74 б.].
«Сырттаным», «арыстаным», «жас бөрі», «жас жолбарыс» деген сияқты дәстүрлі теңеу сөздерді қолданып баласын қаһармандық рухымен қанаттандырады. Дәстүрлі бесік жырындағыдай шешен, ұста, момын, батыр болар ма екенсің деген жалпылама сұрақ қоймай, керісінше баланы рухтандырып, «сен батыр болуға тиіссің», «сен ер жігітсің» деген патриоттық сарын аңғарылады.
М.Жұмабаев ауыз әдебиетіндегі «Бесік жыры» деп жалпылама айтылып келген жанрды іштей екіге бөледі. Біріншісі, «Бесік жыры» - бесікте жатқан нәрестеге айтылатын ананың жан сыры болса, екіншісі – «Жұбату». Бұл бесікте жатқан балаға өлең. Сәбиді жұбатуға анасы ғана емес, оның атасы, әжесі, әкесі, ағасы, әпкесі бәрі де қатысады. Мәселен:

Айналайын Абайым,


Атқа кілем жабайын.
Сенің шешең қыдырмақ,
Қайдан іздеп табайын, -

деп отбасы мүшелерінің барлығы да айта беретіні мәлім.


Мағжанның бұл «Жұбату» деп аталатын өлеңі осы халық аузындағы жұбату өлеңдерін жинақтай айтылған өлең. Бұл А.Байтұрсыновта да бар. Оны Байтұрсынов «Бесік жыры» өлеңінің бәріне бірдей жалпы келетін жерлер деп атайды [29, 433б.].
Мағжанның «Сал, сал Білек» өлеңі де осы «Жұбату» өлеңдеріне кіреді. Халық ауыз әдебиетіндегі бесік жырында былай айтылады.
Сал-сал Білек, сал Білек,
Байдың қызын ал, Білек,
Құнан қойды сой, Білек
Құйрығына той, Білек.
Мағжан осының алғашқы жолдарын қалдырып, жаңаша жазып шыққан.
Сал-сал Білек, сал Білек
Балдан тәтті бал Білек,
Мектепке бар бір мезгіл,
Әжеңнің тілін ал, Білек.
Сал-сал Білек, сал Білек,
Сабағыңа бар, Білек.
Қыдыра берме қалтиып,
Етегіңмен қар күреп.
Сал-сал білек, сал Білек,
Сұлу талдай тал Білек,
Оқып-оқып бір асқан
Ғалым болып қал, Білек [ 58, 203 б.].
Мағжанның бұл жұбату өлеңі – заман мен уақыт талабынан туындаған тәрбиелік мәні бар жаңа өлең. Бұрынғы ескі түсінікті жаңартып, мектепке барып білім алуын, асқан бір ғалым болуын тілек еткен ата-ана балаға білімді ғибрат етеді.
С.Сейфуллиннің «Келіншектің бесік жыры» деп аталатын өлеңі халықтық бесік жырдан алыс кетпеген, тіпті кейбір жолдары сол халықтың бесік жырымен етене үндес жырланған өлең екенін көреміз. Сәкеннің бесік жыры.
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем жылама,
Жілік шағып берейін.
Көк ала иттің құйрығын,
Жіпке тағып берейін, -
деген халық аузында айтылып жүрген таныс шумақтармен басталады. Әрі қарай:
Халықтық жырда: Сәкенде:
Астына терілік салайын, Әлди-әлди, жанашым!
Үстіне тоқым жабайын. Алдыма алып шабайын.
Тойға кеткен апаңды, Тойға кеткен әкеңді,
Қайдан іздеп табайын. Қайдан іздеп табайын.

Халықтық жырда: Сәкенде:


Құрығыңды майырып, Әкең жүр ғой малменен,
Түнде жылқы қайырып, Жүрген шығар алысып.
Қызмет қылар ма екенсің? Шұнақ аяз қарменен,
Қолымыздан іс алып, Қартайғанда күтетін,
Мойыныңа күш алып, Әкесі мен шешесін.
Бақытымызға жан балам Қандай жігіт өскенде,
Бізді бағар ма екенсің? Болар екен көкешім.
Таңдайларың тақылдап, Тақылдаған таңдайы,
Сөйлегенде сөз бермей, Кере қарыс маңдайы.
Шешен болар ма екенсің?... Алмас тілді немесе,
Шешен болар ма екенсің [63,226б.].
Ақын халықтық бесік жырындағы:
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойсып,
Ұста болар ма екенсің? –
деген жолдарды өз өлеңінде былайша жетілдіріп кеңейте түседі:
Отқа темір қайнатқан,
Пұт балғаны ойнатқан,
Нанша илейтін темірді,
Ұста болар ма екенсің?
Не болмаса жұмыскер,
Не өнерлі мініскер.
Саусақтары сүйріктей,
Зергер болар ма екенсің? [63, 226 б.] –
деп фольклордағы дәстүрлі бесік жырының қалпын сақтай отырып, өзіндік жолдар қосып, жаңарта жырлайды:
Жақсы болып ержетсе
Балапаны бөбесі,
Бағы ашылып анасы
Көкке тиер төбесі.
Бақытсыз боп ер жетсе
Бар үміті – қарағы,
Мехнат шеккен сорлы ана
Ашпағаны қабағын.
Әлди-әлди, балашым!
Ұйықтатайын тербетіп...
Тілегім сен, құлыным,
Үміт атқа ер жетіп! [63, 227 б.].
Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бесік жыры негізінде жазылған І.Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу» (Ана жыры) (1929) өлеңінің маңызы өте зор Дәстүрлі бесік жырларындағыдай «бал бөбек-ау, бал бөбек» деген формулалық жолдарды өзгертіп, «бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек» деп алған Ілияс өлеңдерінде бесік жырының мәтіні де, баланы жақсы көру мақсатындағы сөздер де өзгерген, жаңа мәнге ие болған.
Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік – отауың.
Отауыңа кір бөбек [64, 210 б.].
Былдырлап сөйлей бастағанға дейін баласын бесікке бөлейтін ана сәбиіне қоятын талабын бірден айтпай, онымен ерекше ілтипатпен тілдеседі. Алдымен «төрт есікті бедерлі бесігіне – өз отауына» енуін өтінсе, сосын анасы баласының саусақтары мен қос білегін тамашалайды. Содан соң бөлегенде жөнге келіп, тіл алғыш болуын сұрайды. Бөпесінің «қос жұлдызын жұмып» тәтті ұйықыға кіруін, ұйықтағаннан кейін ерте тұру керек екенін ескертеді.
Ақын балаға деген ана мейірімін, бала тәрбиелеудегі ізгі мақсаттарды өз поэзиясы арқылы шеберлікпен жеткізе білген. Бөбек бейнесін беруде ұяң «б» өлеңге жылылық, мейірім кіргізгендей.
Бөл-бөбек, бөл бөбек.
Бөріден бөстек ки, бөбек.
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек,
Бөгелмей білім біл, бөбек.
Білмесең білім бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек [64, 211б.], -
деп баласына үлкен міндет жүктей отырып шарт қояды. Ана әлдиіне, бөбек бөлеу жырына ақын жаңа мазмұн берген.
Өлеңнің әсерлі шығуы – ұйқастарының «төгіліп» келуінде. Әр шумақтың басында «Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек» деген құлаққа жағымды тіркесті қайталай отырып, теңеулерін ойната қолданады. Мәселен:
Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек.
Бөлкеңе қонған көк өзек.
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек.
Көк өзекте көбелек.
Көбелектей күл, бөбек [64, 211б.].
Шумақтағы әр жолда бірыңғай «б» немесе «к» дыбысын келтіріп, аллитерацияны немесе бірыңғай «а» немесе «е» дыбысын келтіріп, яғни ассонансты қолданып, жырды бірыңғай ырғаққа бейімдейді.
Бейімбет Майлиннің 1923 жылы жазылған «Әлди» атты өлеңі байдың есігінде жалшылықта жүрген қазақ әйелінің ауыр, аянышты халін суреттейді.
Халықтық бесік жырының көпшілігінде бала әлі тіл ұға қоймаған шақта, тек әуен мен ырғаққа ғана ұйып ұйықтайтын кезеңде ана көбінесе өз ішіндегі күйініш-сүйінішін, тұрмыс-тауқыметін жырға қосатын болған. Бесік жырын айтушы ана, әже, әке мұңлы әуенмен сәбиін тербете отырып, өз басындағы мұң-шерін, сырын шертетін еді.
Б.Майлиннің «Әлди» жыры дәстүрлі бесік жырының нұсқасын пайдалана отырып осындай ананың ішкі ой толғанысын, ауыр тағдырын суреттеуге арналған. Кішкентай сәби яғни бесікте жатқан кезден бастап тәлім-тәрбиелі, мағыналы да мазмұнды өлеңдерді тыңдап өскен сәбидің болашақта ата-анасын сыйлайтын, адал азамат болып өсуіне күмән қалмайтыны даусыз.
Әлди, әлди!... Әуіп бөпем, әлди-ай!
Сорлы әкеңді малайлыққа салды бай.
Жарық сәуле көрсетпедің өмірге,
Қандай өшің болды бізде әй, құдай! [65, 211б.]. Б.Майлин кейіпкерлерінің басты айырмашылығы олардың бәрі де көн терісін сүйреткен жарлы-жақыбайлар. Ақын кейіпкерлерінің іс-әрекетін, психологиясын соншама жетік меңгерген. Автордың бір кейіпкері екіншісіне мүлде ұқсамайды, әрқайсысы өзінше жеке-дара құбылыс. Бейімбет Майлин әрбір кейіпкерін ағынан жарылып жырлады, олардың ішкі жан күйзелісін, ішкі қуаныш қызығын дәл де, әдемі айта білді. Ақынның «Тәй-тәй» өлеңінде ерінен қиыншылық көрген әйел бейнесін былай суреттеген:
Қайтейін бір сен үшін жүрмін көніп,
Осыдан жігіт болсаң құдай беріп,
Шырадай сорлы көзім бір ашылар
Әкеңді билеп-төстеп алсаң ерік!

Молдаға оқытармын тілің шықса,


Шығарсың білікті боп оқу жұқса
Дабылың ақырғанда жерді жарып,
Дұшпаның айбатыңнан босып ықса... [65,92 б.].
Сонымен қоса жатса да, тұрса да құдайдан сұрайтыны «балам ертерек есейіп, ержеткенде молдаға оқытамын, білімді азамат болса әкесінен көрмеген жақсылықты балам көрсетсе, көзім бір ашылып, әкесін билеп-төстап кете алса, сонда әжең қуанып мәз болмай ма» деп енді ғана тәй- тәйлап қадам басып келе жатқан жас сәби балаға үлкен сенім артып, үміт күтетінін көреміз.
Сол заман шындығын, ішер киер киімге жарымаған кедей өмірін сол күйде көз алдыңа алып келеді. «Шырылдап жылап», «жылай-жылай өкпесі өшсе» де сәбиіне қарауға мұршасы жоқ сорлы ананың бейшара халі суреттеледі.
Сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен тәрбиесін бесік жырынан бастайтын қазақ халқы, одан әрі жас шамасына қарай тұсау кесу жырын айтады. Қуырмаш, саусақ санау ойындарын ойната отырып, ойландырады.
Бала жасқа толып, аяғын апыл-тапыл басып жүре бастаған кезінде ата-ана зор қуаныш етіп тұсау кесу ырымын жасаған. Бұл бала өміріндегі ең бір елеулі оқиға екені мәлім. Тұсау кесу ырымын жасап, оны жетелеп, аяқтандырған кезде «Тәй-тәй, қаз-қаз» өлеңін айтып, жырмен сүйемелдейтін болған. Бала өміріне байланысты толып жатқан осындай ырымдардың бәрінің де қызметі – балаға тілек тілеу. Сәбиге деген сезімін, көңілін, тілегін, жүрек тебіренісін жыр тілімен жеткізу.
Б.Майлиннің «Тәй-тәй, қаз-қаз...» (1923) өлеңі халықтық тұсау кесу жыры негізінде жазылған. Балалардың бал тілін өте жақсы түсінген, тек ұғынып қана қоймай тамылжытып жаза білген ақын Б.Майлин. Б. Майлин өмірде бүлдіршіндерді қандай жақсы көрсе, өлеңіне де айрықша мейірім шуағын қосып, сүйіспеншілікпен қалам тербегендігі шығармаларынан көрініп тұрады
Тәй, тәй, тәй!... Қаз, қаз, қаз...!
Қарағым, апыл-тапыл басқанға мәз,
Қосылып балалармен ойнауыңа,
Жарқырап көкорайлы келді ғой жаз[65, 82 б. ].
Баласының алғаш басқан қадамы – ана үшін үлкен қуаныш. Сәбиінің апыл-тапыл басқан аяғымен бірге ананың лүпілдеген жүрегі бірге соғатындай. «Тәй-тәй, қаз-қаз» айтып, алға жетектеген ата-ананың бұнысына бала да мәз. Сәби болса да жүрегі жақсылықты, жақсы тілекті, жылы сөзді түсініп, соған қуанады, күледі, мәз болады.
Бөбегінің аяқ басқан кезі жарқыраған жазға келуінің өзі де ерекше бір жақсылықтың нышанындай. Басқа балалармен қосылып ойнауы көңіл қуантады.
Мә, таяқ... істеп берем жіптен ноқта,
Қамшы қыл мына талды, қалқам, тоқта.
Есейсең әкеңдей боп шаруа іздеп,
Сен дағы жарбиясың мініп атқа! [65, 96 б.].
«Талдан қамшы», «жіптен ноқта» жасап баласын алдарқатқан ана баласының болашағынан үлкен үміт күтеді. Қазіргідей сан түрлі ойыншықтар болмаса да, ана баласын өзінің тәтті әлпештеу сөздерімен жұбатып, қуанышқа бөлеп, мәз-мейрам етеді.
Халықтық балалар фольклорының ішіндегі ең көп жырланатыны – төрт түлік жырлары. Ежелден көшіп-қонып, мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқы үшін төрт түлік малдың орны бөлек. Халық шығармашылығындағы төрт түлік жырында мал шаруашылығымен таныстыру, оны құрметтеу, күтіп-баптау жырланады. Осындай мол фольклорлық мұра тұңғыш рет толығырақ топтастырылып 1926 жылы Мағжан құрастырған «Балаларға тарту» жинағына кірді. Мұнда төрт түлікке арналған өлеңдер молынан кездеседі. Малдың баласын сүюі, сиырға, ешкіге, қойға, түйеге, торпаққа қатысты, мал бағуға байланысты толып жатқан өлеңдер бар. Сондай-ақ І.Жансүгіровтің «Балаларға базарлық» (1929) кітабында да төрт түлікке қатысты халық өлеңдері жинақталған. Әр малдың мінез-құлықтарын таныстыру үшін де, күтіп-баптау үшін де бұл өлеңдердің маңызы зор. С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбегінде де малдың иелері, пірлері туралы, иесімен малдың айтысы туралы өлеңдермен бірге, малдың түрлі қасиеті, мінезі туралы жүйелі, ғылыми зерттеулер мол.
М.Жұмабаевтың «Бөбектің тілегі» өлеңі осындай халықтық төрт түлік жыры негізінде жазылған. Автор ауыз әдебиетінің әдемі үлгілерін, кейбір көне тақпақ, дайын тіркестерді қолданады. Сәби қиялынан туған іс-әрекет әдемі әзіл түрінде айтылады. Балалардың айтуына оңай, жаттауына жеңіл.
Тоқтышағым, тоғыз тап,
Саулық қойым, сегіз тап,
Сегізін де семіз тап.
Құла бием, құлын тап,
Құлын таппа құнан тап
Құнан тапсаң егіз тап [ 58, 203б.].
Малжанды бөбектің тілегі зілсіз күлкі тудырады, бір жағы сүйсіндіреді. «Бөкен жүнді бөрте ешкісінің төрт айда төрт ешкі болуын, бәрінің де өлмей-жітпей өсіп, серке болуын, әукесінің алты рет бұзаулауын» өтінеді. Ата-анасымен бірге мал басының өсіп, көбейе беруіне атсалысып, жақсы тілектер тілейді. Осы тақырыпқа жазылған Мағжанның келесі бір өлеңі – «Сұр құлын».
Жаздыгүні сұр құлын
Сұлу еді сүліктей
Құрық көрсе құлдырап
Жытушы еді еліктей [58, 205 б.].
Ақын құлынның сұлулығын, ерекше қасиеттерін шебер суреттейді. Әлжан бала жаз бойы оны сылап-сипап, қасынан бір елі шықпай қызықтайды.
Алдауға түсіп ұсталып
Тұрғанда құлын байланып,
Жүруші ед Әлжан жанында
Сылап, сипап айналып.
Қыс түсіп арада біраз уақыт өтеді. Құлыншағын көруге келген Әлжанды алдынан көңілсіз көрініс, жабырқау сурет алады.
Сұр құлын жоқ алдында
Жалбыраған жабағы:
Томпиды аузы Әлжанның,
Салбырады қабағы [58, 205 б.].
Құлыншақтың ерекшелігін ашуда баланың өзіне тән мінез-сипаттарын ала отырып, лирикалық қаһарманның жылқы төліне деген мейірімін, албырт адалдығын автор жақсы бейнелеген.
Мағжан Жұмабаевтың келесі бір өлеңі «Сылдырмақ» деп аталады.
Бүлдірген бетті бөбектің,
Қолында отыр сылдырмақ.
Өзі сақ-сақ күледі,
Сылдырмақтай сылдырлап.
Тоқтап, тыңдап бір сәтте,
Қояды сөйлеп, былдырлап [58, 202 б.].
Сылдырмақты қолына алып ұрып көріп, бір сәт тоқтап тыңдап, қайта шаттанар әрекетінен дүниені, ортаны тануды өз ойыншығынан бастаған сәби мінезін көреміз. Ақын бүлдірген бетті бөбектің балдай тәтті қылығын әдемі суреттейді. Сылдырмақ сылдырына бөбектің күлкісі, оған былдырлаған бал тілі, «шұнаңдаған құлдыр лақтың» секіруі қосылып, үй ішіне қуаныш, шуақ шашылып жатқандай әсер береді.
Секіріп-секіріп түседі,
Шұнаңдаған құлдыр лақ.
Атасы қарқ-қарқ күледі,
«Құр, құлыным құр-құрлап».
Бүлдіршін мен ойынға құмар «құлдыр лақтың» қылықтары – бірін-бірі толықтырып тұрғандай ұқсас сурет. Лақтың қимылына үн қосқан бөбегінің тәтті қылығы атасының көңіліне де шаттық сыйлайды.
Бөбектің егер қолынан,
Түсе қалса сылдырмақ.
Әлімжан аға болмысы,
Сылдырмақты сыйдырмақ.
Ең болмаса «байқаусыз»,
Басып кетіп сындырмақ. [58, 203б.].
Ақын бөбек пен «Әлімжан ағасының» мінез-бейнесін шағын өлеңге шебер сыйдыра отырып, сәби психологиясын дәл берген. Өлең әзілі жарасымды ойнақы, жеңіл юмормен аяқталады.
Төрт түліктің төлдері туралы өлеңнің бірі - Ж.Аймауытовтың «Біздің торы құлын» өлеңі.
Жағы жалақтай, Мойны садақтай, Төбесі жұлдыздай, Жүні құндыздай [66, 74 б.].
Балдырғанға құлыншақтың сүйкімділігін, ерекшелігін көрсету үшін теңеулерді ұтымды қолданады. «Өзі жұп-жұмыр, даусы шіп-шіңгір, Ерні жып-жыбыр, Басы құп-құлдыр» деген жолдарда сын есімнің күшейтпелі шырайын пайдаланып өлеңге өзгеше көрік береді.
Асырды салар ед, Айнала шабар ед. Енесін емер ед, Еркелеп тебер ед [66, 74 б.]. Құлыннның ерке шабысын «салар ед», «шабар ед», жас баладай «тентек мінезін» «емер ед», «тебер ед» деп беріп, өлеңдегі динамиканы күшейтеді. «Еді» көмекші етістігін сәтті пайдаланып қимылдың әдемілігіне жылдамдық үстемелейді. Балалар ақыны М.Әлімбаевтың «Бала өлеңінің ұйқастары бір-біріне таяу орналасқаны құлаққа жағымды. Меніңше, кішкентайлар егіз ұйқасты өлеңді тез жаттайды» деген пікірін ескерер болсақ, Жүсіпбектің бұл өлеңі осы талапқа сай келеді. Ақын шығармаларынан фольклорлық дәстүрдің ықпалын аңғаруға болады. Жан-жануарға деген бала мейірімі, жақсы көрген шынайы сезімі сәтті бейнеленген. Оқуға да жаттап алуға да жеңіл. 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Әже» деген өлеңі әжесі мен немерелері арасындағы мерейлі, нәзік, қымбат сезімдерді мадақтайтын өлең.
Көжесін татпай әженің
Жан болмайды құр шыққан.
Көжесін қойшы, кеңесін
Тыңдамай үйден құр шыққан?
Сендер де тыңда тентектер,
Тыйылып біраз шолжақтан.
Ертегі айтса, ұршығын
Ұмытып әжең кетеді... [58,178 б.].
Бар көңілі «ертекшіл» немерелеріне ауған мейірбан әже бейнесін көреміз.
Ерте-ерте, ерте екен...
Тыңда енді ал, шырақ!
...Сұр мергенде болыпты,
Сүліктей сұлу бір сұр ат...
Қоя қойды Кенжетай
Жылаған жаңа нан сұрап.
Тыңдап отыр тентектер
Алма беті албырап,
Ауыздары аңқиып,
Сілекейі салбырап.
Қалғып бірақ барады
Кенжетай тентек маужырап [58,179 б.].
Бар ынтасымен ертегі айтқан мейірбан әженің бейнесі мен ертегіге елең етіп, жылағанын қоя қойып, «ауыздары аңқиып», «беттері албырап», «сілекейі салбырап» отырған «тентектердің» қызықты суретін береді. Осы қарапайым көріністен бала мінезіндегі аңғалдықты, сенгіштікті көріп жылы езу тартамыз.
Қазақ халқының салт-дәстүрі – сарқылмайтын қазына. Осынау салт-дәстүрлеріміздің сәнін келтіріп, мәнін арттыра түсетін халықтық жыр үлгілерінің бірі – бата-тілектер. Мазмұны жағынан сан түрлі болып келетін бата-тілектер арасына кең тараған. Қазақ фольклорында «Ас қайыру батасы», «Жол батасы», «Наурыз батасы», «Рамазан батасы» сияқты үлгілері бар.
Бұл кезеңдегі балалар поэзиясында фольклордағы бата-тілек үлгісіндегі лирикалық өлеңдер де кездеседі. Мысалы: Мағжанның «Ата-бата», «Қарағым», Бейімбеттің «Наурыз тілегі» т.б.
Мағжан Жұмабаевтың бата-тілек өлеңдерінде ағартушылық мақсаттағы ойлары айтылады. Өлеңдердегі лирикалық кейіпкерлері қазақ елін мәдениеттің, жарқын тұрмыстың ең биік жетістігіне жетуін армандайды. Ақынның «Ата бата» өлеңінде мектепке барған немересі атасынан бата сұрайды. Немересі Марияшқа атасы «Оқы, құлыным, ғалым бол, атаң берді батасын» дейді. Марияшқа атасы айтқан тілек – қазақ ұлтының алға ұмтылар арманын белгілейді:
«Бата!» - десең қарт атаң,
Айналсын сендей ботадан!
Оқы, құлыным, ғалым бол,
Атаң берді батасын! [58, 125 б.].

Б.Майлиннің «Наурыз батасы» өлеңінде ақын қыс ызғары кетіп, иісінен жан жайланып, қораға толған қозы-лақтың шуы көбейгенін қуаныш қылады. Жаңа жылға үміт артып жақсы тілек тілейді.


Қатын, тұр, көжеңді ас, басыңды сал,
Келейін түске дейін мен жайып мал
Жаңа жыл – тілек күні, өмір басы,
Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!

Береке күннен-күнге тола берсін!


Кедейдің үстемдігі аса берсін.
Күш қосып, ұйымдасып, қоғам болып,
Ел өрлеп, ілгері аяқ баса берсін!... [65, 120-121бб.].
Кейіпкер атынан айтылған бұл тілектен қазақ жұртының мәдениеттің биік жетістігіне жетуін арман ететінін көреміз.
Халықтық фольклорда мектеп жасына дейінгі балалар ұғымына сай, жаттауына ыңғайлы сұрақ-жауап өлеңдері бар. Бұл өлеңдердің ерекшелігі – жаттауға оңай болумен бірге, оның әңгімелесу (диалог) түрінде келуінде. Өйткені бала табиғатының өзі сұрақ пен жауаптан тұрады. «Сұрақ-жауап түрінде айтылатын балалар өлеңдері түркі халықтарының бәрінде бар. Мұндайда баланы түлкі, қоян, мысық, күшік деп ат қойып, атау дәстүрі кең тараған», - деп жазады Б.Уахатов [61, 148 б.].
Ал сұрамақтардың өзіндік ерекшеліктері туралы ғалым К.Ісләмжанұлы былай дейді: «Сұрамақтар мазмұн, тақырып жағынан тақпақтармен үндескенмен, композициялық құрылымы, орындалу мәнері жағынан олардан ерекшеленеді. Сұрамақтар диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді, бірақ кезектесіп орындау міндетті емес, оны жеке бала да орындай береді. Сұрамақтарды тағы бір ерекшелігі табиғат құбылыстарымен, жан-жануарлармен адам ретінде тілдесу болып табылады. Бұған қарағанда сұрамақтардың шығу тегінің тым тереңде екендігін байқаймыз. Оның түп негізі адамзаттың ерте дәуіріндегі әр заттың бойында өзінше жан бар деген анимистік ұғымға қарай тартады». [50,76 б.]. Сондай-ақ ғалым сұрамақтардың айтыс түрінде өзінше қызық формасы бар екені туралы да айта кетеді. Бұған мысал «Қой мен ешкінің айтысы», «Иесі мен малдың айтысы» т.б. жатқызуға болады.
Сұрақ-жауап түрінде келген, диалогқа құрылған өлеңдерді осы 20-жылдары ақындарының өлеңдерінен де молынан кездестіруге болады. Мысалы, Мағжанның «Қызыл жалау», «Немересі мен әжесі», «Жердің жұмырлығы», Ілиястың «Малта», «Элеватор», Бейімбеттің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын».
І.Жансүгіровтің ауыз әдебиеті үлгісінде жазылған «Малта» өлеңі – балалардың оқуына жеңіл, қызықты да тартымды жыр. Өлең бала мен малтаның сұрақ-жауап түріндегі айтысынан құралған. Фольклорлық сұрамақтарда «...қайдан келесің?» деген сияқты сұрақтар қойылып, оған жауаптар беріледі.
Құлыншақтай қу шұнақ,
Құйрық-жалсыз тұр шолақ.
Осылай басталған өлең әрі қарай бала мен малтаның диалогына жалғасады.
Бала: - Жымың-жымың күлдірген
Жып-жылмағай малта ғой.
– Малта-малта, малтақай,
Қайдан шықтың, айта ғой?..

Малта: – Жайылып желін толтырған


Қоңырша қойдың сүті едім...
Қазанға құйды, пісірді,
Пісірді де түсірді.. [64, 21 б.].
Малта өзінің қалай жасалғанын баяндайды, басынан қаншама қиын процестерді кешкенін айтады. Автор еңбекті жырлаудың тиімді тәсілін ұтымды қолданады. Ақынның негізігі мақсаты – балаларға тек құрттың қалай жасалатындығын түсіндіру емес, сол құртты жасауға жұмсалатын еңбек процестерін таныту.
Көбігімді ұлы алды,
Қаймағымдықызыалды.
Қаспағымды – мысығы,
Жуынымды – күшігі [64, 22 б.]., -
деген жолдар ауыз әдебиетіндегі:
«Көбелек келіп күмп беріп,
Көбігін ішіп ол кетті, -
өлең жолдарын еске түсіреді.
Сұрамақ өлең үлгісімен жазылған бұл өлеңнің бас-аяғы жұп-жұмыр, артық ауыз сөзі жоқ, бала тіліне ыңғайлы.
М.Жұмабаевтың ең алғаш «Ақжол» газетінде жарияланған «Немере мен әжесі» (1924) өлеңі әже мен немересі арасындағы диалогқа құрылған.
Әлі мектепке бара қоймаған немересі әжесіне сан түрлі сұрақтарды жаудырады. Өлеңде бәрінің сырын білгісі келген лирикалық қаһарман сөздің мәнін түсініп, қоршаған орта, құбылыс сырын ұғуға талпынады. Бүлдіршіндердің дүниені тануы ересектерден өзгеше. Олардың күллі жаратылыс дүниесін жанына жақын тартқан көңілдері бәрінің сырын, себебін біліп, тануға, әр тіршілік көзін бірімен-бірін байланыстыра қарауы – танымның алғашқы сатысы іспеттес.
«Көк деген не?», «Жұлдыздың әжесі ай ма?», «Бұлттар неге бөрте ешкіге ұқсайды?», «Теңіз қандай болады, түбі жоқ деген шын ба екен?» деген ересек адамның ойына келе бермейтін сұрақтарға әжесі жауап таппай қиналады.
Айтшы деймін, айтшы, әжекем,
Теңіз деген сұйық па екен?
Алыста өскен тау бар дейді,
Басы көкке тиіп пе екен?
Тау жағындағы әлгі жүйрік
Қоян ба екен, киік пе екен?
Аю деген біздің мынау
Көк бұқадан биік пе екен? [58, 190 б.].
Балдырғанның сансыз сұрағына жауабын соңғы шумақта тұжырымдаған әже тығырықтан шығар жол тапқандай:
«Тек! – деп ем ғой, - тентек, тентек,
Мұны айтатын мектеп, мектеп!»
Бұның бәріне жауапты оқысаң табасың, «оқы, мектепке бар!» - дейді.
Балаларға арналған шығармаларға ең керек нәрсенің бірі – юмор. Баланы күлдіре отырып ойландыруға, жанына жақын баруға болады. Көңілді шығарманы бала тез қабылдайды. М.Жұмабаевтың «Жердің жұмырлығы» (1924) деген өлеңінде оқудан қайтқан Сапарға ақсақалдың қойған сұрағына жауабы:
Тыңдаңыз, міне, қария, Жер деген – мынау тақия Тап осындай жұп-жұмыр. Екі басы сопақ па? Қараңыз енді Күн жаққа: Лампы мынау - Күнің тұр. Домалай ма? - Домалайд! Құламай ма? - Құламайд! [58, 186 б. ]
Қарт адамға жердің домалақ екенін тыраштанып түсіндіре алмаған Сапардың да, оны түсіне алмай ашуланған ақсақалдың қылығы да күлкі шақырады.

  • «Мынаны қалай жүптейміз, Біз неге құлап кетпейміз? Домаланса мұнысы не? Сөздің қарашы қатасын!..» [58,186 б. ]

деген ашулы қартқа автордың жауабы - Құласаң құлап жатасың! Жердің онда жұмысы не? – деп [58, 186 б. ] балаларды күлдіре отырып аяқтауы өте сәтті шыққан.
М.Жұмабаевтың балаларға арнаған келесі бір өлеңі «Жылқышының үйінде» (Қысқы түнде шеше мен бала) (1926) деген өлеңі. Өлең ана мен бала арасындағы диалогпен басталады:
– Түнде түнерді, ұйықтады ауыл,
Сорлы бейбақ атаң қайда?
– Боран мынау, туды дауыл,
Апатайым, атам қайда?
Осылай оқыс басталған оқиға оқушының да тұла бойын шымырлатып елең еткізеді.
– Сорлы бейбақ атаң қайда?
Көр үңгірді боран көмді!...
– Апатайым-ау атам қайда?
Әйнек сынды, білте сөнді...
Боранды түндегі ана мен баланың беймаза аянышты халінен, тығырыққа тірелген алаң көңілдерінен денені белгісіз бір суық қарып өткендей болады.
– Көмді ме екен атаңды әлде?
Қалқам қандай күйге түстің
– Сөнді ме екен атам да әлде?
Апа-ау мұнша жасың ыстық! [58,196 б.].
Өлеңнің соңғы шумақтарында атып келе жатқан таңмен бірге желдің бәсеңдеуі, боранның баяулауы өлеңге жарқын бояу енгізеді.
– Жел де бәсең, боран баяу,
Қарашы әне, ағарды таң!
Жарқ етіп атқан таңмен баланың жарқ еткен қуанышын көріп, жаның жадырай бастайды.
– Міне атты таң! Аман атам!
Қапа болма, қорғаның мен!... [58,196 б.].
Түн қараңғылығы, ұлыған дауылмен бірге көңіліне қорқыныш, күдік ұялаған баланың жарқ еткен таңға ақ сенім артып, әкесінің амандығына күдігі қалмай шаттанады. Лирикалық қаһарман - анасының «қорғаны», таянышы, ертеңгі үміті. Бұл жылдардағы ақын-жазушылар шығармашылығында ауыз әдебиеті фабуласын, сөз қолданысын, дәстүрлі көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып жазған санамақ, қаламақ сияқты ойын өлең түрлері де кездеседі. Мәселен, І.Жансүгіровтің «Қазақ үйдің тұрмысы» деген ұлттық этнографиялық өлеңін алып қарайық. Бұл өлеңде қазақ балалар фольклорының санамақ ойын өлеңіне жатқызуға болатындай.
Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуші оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық ши, [64,53 б.], –

дей келіп қазақ үйдің барлық жабдықтарын санамалай береді.


Басқа түрлі жабдығын санай алмай,
Сыртқы үздігін көрмекке кеттім шығып, -
деп аяқталады өлең.
Өлеңнің көздеген мақсаты – осылай санамалап беру арқылы киіз үйдің жабдықтарына қатысты атауларды балаларға үйрету, күнделікті тұрмыста тұтынатын заттардың аттарын таныту. Ақын жасөспірім балалардың танымдық түйсігін арттыруды көздейді, олардың санасына әсер етіп, ұғымталдыққа, зеректікке баулиды. Осынау шағын ғана өлеңде жүзден астам тұрмыстық заттар атауы аталды. Ілияс осы заттар атауын ұйқастыра, тіркестіре атай отырып, жеткіншектерді сөз мәдениетіне үйретеді, шапшаңдыққа, алғырлыққа баулиды.
Санамақтардың негізгі мақсаты – аталған заттар немесе басқа да құбылыс атауларын қайталау арқылы оларды баланың жадына берік сақтатып, ұялату. Белгілі ғалым, фольклортанушы К.Ісләмжанұлы: «егер санамақтар мазмұнына назар аударсақ, олардан қандай да бір реттілікті тану қиын емес» [50,97б.] дей келе, санамақтардың поэтикалық белгілеріне қарай жұмбақ сөзді, сюжетті, тізбекті деп жіктейді. Біз бұл өлеңді санамақтың сюжетті түріне жатқызамыз.
І.Жансүгіровтің балаларға арналған келесі бір өлеңі «Сұрау» (1925 )деп аталады.
Жер ажалы от па екен?
От ажалы жер ме екен?
Жел ажалы от па екен?
От өлімі жел ме екен?
От ажалы су ме екен?
Су деген сөз шын ба екен?
Су ажалы жел ме екен?
Жер ажалы кім екен?
Аспан ба екен?
Күн бе екен?
Күн ажалы кім екен?
Күн деген сол шын ба екен?
Күн менен жер дүние екен?
Дүние деген ол не екен?
Қайда дүние түбі екен?
Мұны айтатын кім екен? [64, 197 б.].
Балаларға арналған бұл өлең бастан-аяқ сұрақтардан ғана түзілген. Жеткіншектерді ойлануға жетелейді, қилы сұрақтардың қатпарына тартады. Бұл өлеңдегі ақынның негізгі мақсаты – ойландыратын ойын өлеңі арқылы жеткіншектің ойын шыңдау.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет