Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар:
Табиғатты жырлауда қазақ өлеңін классикалық дәрежеге көтерген Абайдың дәстүр-тәлімі (кейіптеу, теңеу, суреттеу тәсілдері мен амалы)
Күнді – ана, жерді – бала етіп суреттеу үлгісін берген ақындар.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ әдебиетінің, оның ішінде балалар поэзиясының жүріп өткен жолы халық өмірімен ажырағысыз байланыста болған. Балалар поэзиясы да әдебиеттің басқа салалары сияқты қалыптасу, даму, өсу, өркендеумен қатар құлдырау кезеңдерін де бастан кешіріп отырды. Сондықтан да ұлттық әдебиетіміздің әр кезеңдері толықтырылып-түсіндіріліп отыруы заңды құбылыс, осы орайда профессор З.Қ Бисенғали жетекшілігімен XX ғасыр басындағы әдебиетіміздің проза, поэзия, драматургия тарихын нақтылаудың тың жүйелеудің мақсат-міндеттері алдымызда тұр. Біз зерттеу жұмысымызда бүгінгі күн тұрғысынан ұлттық әдебиетіміздің бір арналы саласы - ХХ ғасыр басындағы балалар поэзиясын зерделеуге, таразылап байыпты тұжырымдар жасауға ұмтылдық. Оқу құралында ХХ ғасыр басындағы балалар поэзиясы жан-жақты қарастырылып, оның қазіргі әдебиетімізді өркендетудегі орны айқындалып, әдебиетіміздің дамуына тигізген әсері терең қарастырылды. 30-жылдарға дейінгі балалар поэзиясының өзіндік ерекшелігі – әлеуметтік- эстетикалық, адамгершілік-имандылық мұраттарды боямасыз, ел тұрмысындағы оқиғалар арқылы, көркем тілмен баяндауы. 20-30 жылдардағы балаларға арналған поэзиялық шығармалар өз кезіндегі, өзінен кейінгі дәуірлердегі әдебиеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. 30-жылдарға дейінгі қазақ балалар поэзиясы бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, тақырыптық әралуандығы, идеялық нысаналардың айқындығы, адамгершілік мұраттың заман талабына, гуманистік мақсаттарға үйлесуі, көркемдік-бейнелік әлемнің санқырлылығы жағынан зер салғанда, белгілі бір дәрежеде алға басқаны сөзсіз. Дегенмен тақырыптық бірыңғайлық, идеялық нысаналардың қарайластығы мен ұқсастығы, соның салдарынан көркемдік әлемнің жүдеулігі де орын алғаны рас екенін өз жұмысымызда айтып өттік. Әйтсе де бұл кезеңдегі балалар поэзиясындағы көркемдік ізденістер кейінгі кезеңдер үшін көркемдік тәжірибеге айналып, балалар әдебиетінің, соның ішінде поэзиясының да дамуы үшін тарихи қызмет атқарды. Әрине әрбір тарихи кезеңдегі әлеуметтік қыспақ қаншама қытымыр болғанымен, рухани дамуды мүлдем тоқтатып тастауы мүмкін емес. Мұның бір мысалы ретінде осы жылдарда тың көркемдік кестелер теңеулер, метафоралар, ырғақтар, айшықтаулар, құбылтулар т.б.жасалғанын айтуға болады. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті әлі де шеберлік деңгейі өсіп, қоғамның, табиғаттың түрлі жақтарын қамтуда жаңа тақырыптармен толығып, тың ізденістерімен ерекшеленуіне 30-жылдарға дейінгі балалар поэзиясы үлгі, үйренер мектеп бола алатынына сенеміз. «Шындықты нағыз реалистік жолмен көрсете білген ақын-жазушылар заман тынысын байқауға ұмтылды, жаңа заман уағыздаған жұмысшы мен шаруаның жаңа дүние жасау жолындағы ісін, қимылын, жүрек соғысын көрсету үшін атсалысты» [99,56 б.]. «Көркем әдебиет шығармасының мазмұны пролетариат табының саясатына, түпкі мақсатына құрал болуға, не тәрбие, өнеге болуға жараса, қысқасы, пролетариаттың сансыз керегінің бәріне жарайтын болса, жарамды бағалы болғаны. Және онымен бірге ондай әдебиет шығармасы шебер жазылса, сыртқы сипаттары да оңды болса, әуезді, көрнекті, әсерлі, суретті, көркем болса – онда тіпті жақсы болғаны» деген С.Сейфуллиннің пікірін ескерсек, балалар поэзиясы ел тарихындағы қоғамдық-әлеуметтік, саяси-мәдени жағдайларға орайласа, тақырыптық-идеялық тұрғыдан да, көркемдік-бейнелік жағынан да уақыт талабынан туындаған түрліше өзгерістерді өткеріп отырады. ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі кезең поэзиясының басты тақырыптары – адамгершілік, білім, тәрбие, еңбек, негізгі идеясы өнер-білімге үндеу сипатында болды, жаңа өмірдің туғанын, кеңес үкіметінің жеткен табыстары мен жетістіктерін жырлады. Сондай-ақ, пейзаждық өлеңдердің жазылуы балалардың рухани дамуына, болмыс-әлем сырын жете сезініп, терең қабылдауына, қиялының қанаттануына әсер етуі жағынан ерекшеленеді. Қазақ балалар поэзиясының көптеген көкейкесті мәселелерін зерттеу, оларға баға беру – бір оқу құралы көлемінде тынбайды, әрі мүмкіндігі де жетпейді. Қорыта айтқанда 30-жылдарға дейінгі балалар поэзиясының ұлттық әдебиетімізден алар өзіндік орны бар. Сол кезең ақындары өз шығармаларымен кезінде балалар әдебиетінің тууына үлес қосса, қазір оның одан әрі дамуына бағыт сілтер үлгі-өнеге болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |