Табиғат лирикасының балалар әдебиетінен алатын орны
Әлемдік поэзияны алып қарайтын болсақ, табиғат тақырыбына соқпай өтетін поэзия өкілдерінің жоқ екендігін көреміз. Қазақ әдебиетінде табиғатты жырлауда ұлы Абай қалыптастырған өзіндік дәстүр бар. «Табиғат - бар тіршілік, бүкіл әлемнің сансыз көп формаларын қамтитын әр алуандылығымен, үйлесімділігімен, көркемдігімен ерекшеленетін жаратылыс дүниесі; адамның өмірлік және танымдық эстетикалық ғибраттану ортасы. Табиғат – адамзаттың жаратылыс игіліктерін игере отырып, табиғи ортаны меңгеру әрекеті мен жаратылыстану ғылымының объектісі. Сонымен қатар табиғат зор танымдық-ғибраттық мәнге ие, сырлы дүние. Эстетикалық-көркемдік сипаты бар құндылық. Табиғатты тек адамға өмір сүруге мүмкіндік беретін орта деп қана емес, оның дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, ғибраттануға және ғажайып сұлулық пен үйлесімді түйсініп, сүйсінуге мүмкіндік беретін кеңістік деп қарау табиғатты адамды шығармашылыққа тәрбиелейтін қасиетін айқындайтын көзқарастардың жиынтығы болып саналады» [93,158 б.]. ХХ ғасырдың басында жазылған табиғат туралы жырларға дала келбетіндегі дамылсыз өзгеріп отырған құбылыстарды психологиялық тұрғыда суреттеу тән. Онда мынадай саралануды байқауға болады. Бірінші, жылдың төрт мезгілдерін (көктем, жаз, күз, қыс) бір-біріне жалғастырып жырлау. Бұл – шығыс халықтарына да тән қалыптасқан жүйе. Яғни, жылдың басы наурыз бен жыл аяғы ақпанға дейін табиғат суреттері жүйелі түрде жырланады. Мысалы: Мағжанның «Жазғытұры», «Жазғы таң», «Жыл мезгілдері», «Жаз келеді», «Күз», «Жазғы түнде», «Жиіленді қара орман», Бейімбеттің «Жазғы қалып», «Жазғы кеш», «Жаз келді», Ілиястың «Жазғытұрым», «Күзгі гүлге», «Біздің жазда», «Жаз – құдаша», «Май», «Таң», Сәкеннің «Жазғытұры», «Жаңа жыл», Бернияздың «Жазғы дала», «Жаз», т.б өлеңдері. Жыл мезгілдерінің жеке-жеке суреттелуі – Абай мен Ыбырай қалыптастырған дәстүр. Әсіресе, нәзік жанр - лирикада жыл мезгілдері өзгеше бір нақышпен жырланады. «Қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алады. Бұлай болуы заңды да. Сахарада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жазда, күзде, тіпті жыл бойы дерлік кең далада, төңкерілген ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін елдің өзін ұдайы табиғаттың аясында, құшағында отырғандай сезінуі таңғаларлық нәрсе емес» [94,78б.], - деп теоретик З.Ахметов өмірінде табиғаттың алар орны ерекше екендігін, оны ақындардың жырламай өтуі мүмкін еместігін айтады. 20-30 жылдардағы қазақ лирикасында Абай мен Ыбырай қалыптастырған дәстүр дамытыла, жаңаша түрге еніп жырланады. Онда байқалатын бір ерекшелік – әсіресе, көктем мен жаз орын алатындығы. Оның себебі де жоқ емес. Демек, ақындар табиғатты жырлау арқылы өмірге деген құштарлығын оята білді. Тазалықты, сұлулықты бойына табиғаттан сіңіре білді. «Өзгермейтін, алдамайтын таза, қасиетті нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы» [58,420 б.] , - дейді Ж.Аймауытов Мағжанның ақындығы туралы мақаласында. Олай болса, табиғат – ақындық шабыттың қайнар көзі, қозғаушы күш. Ақындар жылдың төрт мезгілін адам өмірінің төрт сатысымен байланыстыра жарлайды. Жылдың көктемін – адамның балалық, жас өспірімдік кезеңі, жазды – есею, ер жету, күзін – егделену, қысын – қартаю кезі деп алады. ХХ ғасыр ақын-жазушыларының жыл мезгілдері туралы жазылған жырларының көпшілігінде кейіптеу мен пернелеу тәсілдерін араластыра қолданған. Қазақ поэзиясында бұл тәсіл – ежелден жоғалмаған тәсіл. Орта ғасырлық әдеби ескерткіш Махмұт Қашқаридің «Түсіндірме сөздігінде» кездесетін «Қыс пен жаздың айтысы», табиғат көріністерін суреттейтін өлең үлгілері осыған дәлел. Адам шын мәнінде табиғаттың ажырамас бөлшегі, табиғат ананың перзенті тәрізді десек те болады. Адам тұрмыс-тіршілігінде табиғат өнімдерін пайдаланумен қатар, табиғи күш-қуат көздерін де кеңінен қолданады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, мақал-мәтелдері, тыйымдар мен ырымдары ежелден қалыптасқан ұлттық дүниетанымның табиғатты киелі дүние, қастерлі жаратылыс әлемі деп санайтындығын көрсетеді. Халқымыздың табиғатты қастерлеп, киелі тұтуы бүкіл ұлттық таным-түсінігінен ғана көрінбейді, әдебиетінен де аса бедерлі, айшықты орын алған. Әдебиетімізде ХІХ ғасырда алғаш Абай мен Ыбырай әкелген табиғат лирикасын одан әрі 20-30 жылдарда тереңнен жырлаған ақындар М.Жұмабаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Күлеев, Ө.Тұрманжанов, т.б. Мәселен, М.Жұмабаевтың: «Жазғытұры», «Жазғы таң», «Туған жерім - Сасықкөл», «Күз», «Туған жер», «Орал тауы», «Жел», «Жұлдыздарға», «Жазғы түнде», «Көкшетау», «Толқын», «Қайың», «Қысқы жолда», «Жазғы жолда», «Жазғытұрым», «Жаз келді», «Жиіленді қара орман», І.Жансүгіровтің: «Күзгі гүлге», «Біздің жазда», «Жаз - құдаша», «Май», «Май айында – көп ағаш», «Түйе боздап, қой қоздап», «Таң», «Боранда», «Ағынды менің Ақсуым», «Қою қара бұлт аспан», «Бұлт», «Жанар тау», «Егінші», «Жазға - салым», «Жазғы таң», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс», «Жауында», «Мезгіл суреттері», «Жел», «Тас», «Жаз», «Жайлау», «Көктемде», «Желді күн», «Бұлақ бойында», «Көлге», «Біздің күз», «Түн», «Желді қарағай», «Жетісу суреттері», «Алатау», «Қаратеңіз», «Жауын», С.Сейфулиннің: «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Жазғы далада», «Жаз», «Жазғытұры», «Орман», «Далада», Б.Күлеевтің «Жазғы дала», «Жаз», «Әдемі түн», Ғ. Балақадырұлының "Жазғы бақша" (1925), т.б. өлеңдері табиғат сұлулығын жырлауға арналған. Осындай сырлы, суретті өлеңдерді әр ақын өзінше жырлайды, табиғат құбылыстарына жан бітіре, көркем, әрі сәнді, көз алдыңа әсем табиғаттың жарқын келбетін елестетеді.
Табиғат лирикасының жалпы қазақ поэзиясында, соның ішінде балалар әдебиетінен де алатын орны ерекше. Табиғаттың әсем көрінісі – балғындар үшін өте қызықты тақырып. Бүлдіршіндерді балғын күнінен тәрбиелеу, өмірге, табиғатқа деген құрметі мен құштарлығын арттыру – балалар әдебиетіне қойылар биік талаптардың бірі. Жасөспірімдердің ойын дамытып, қиялын шарықтатудың ең тиімді жолы – айналасындағы қоршаған ортамен таныстыру. Табиғаттағы сұлу сурет, көркемдік айшықтаулар, пейзаж бала ойлауының дамуына, тілінің көркемдік жағының қалыптасуына, эстетикалық сезіміне тигізер әсері зор. Балаларға арналған табиғат лирикаларының жарқын да, тамаша үлгілерін Ілиястың 1922-23 жылдары жазған «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдерінен анық тани аламыз. Ақынның табиғат тақырыбына арналған бұл өлеңдері – тұтас бір цикл. Көктем, жаз, күз мезгілдерін суреттейтін бұл өлеңдері «Ой, балалар, балалар!» деп балдырғандарды елең еткізе басталып, әр мезгілдің ерекше көңіл аударарлық сипаттарын алдыңа тартады. «Жазғытұрым» өлеңінде
Қаңқыл-қаңқыл қаз кепті Жер қарайды - жаз кепті.
Желкілдейді көкмайса
Желіндейді мал жайса.
Ауыл көшті қыстаудан
Әне! Апамдар қой сауған [ .98 ] , - десе,
«Жазғы шілде» өлеңінде жаздың көркем суретін былай бейнелейді:
Шілдем, шілдем-шілде айым
Шырлап торғай күн сайын,
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Құрт, ірімшік қайналды
Құлындар да байланды [64,102 б ].
Балалар поэзиясының талаптарына жауап беретін бұл өлең көркем әрі жанды. І.Жансүгіров өз өлеңдерінде жаз мезгілінде табиғат көріністерін адамзат тіршілігімен әсем қиюластырып, бір жағынан, балаларға табиғаттағы болатын өзгерістерді танытып, табиғат ананың сұлулығын насихаттаса, екінші жағынан, балаларды сол жыл мезгілінде жасалатын еңбек түрлерімен таныстырып, еңбектенуге шақырады. Ақын сондай-ақ, күз мезгілінің тамаша көрінісін:
Қоңырқай күз болыпты
Қурап жапырақ солыпты.
Ел егінін алыпты
Ақ үзіктер жауыпты [64, 102 б. ] , - деп келтіреді.
Бұл топтама өлеңдердің әрқайсысы «Ой, балалар балалар!» деп басталса, «Ой, балалар балалар!
Ойналық та күлелік»,
деген тіркестері осы үш өлеңде де қайталанып, соңғы жолдары «Қос басына мінелік!», «Үйретіп тай мінелік!» немесе «Енді оқуға кірелік!» деп аяқталады. Жазда суға шомылып, тай үйретіп мініп ойынға құмары қанғанымен, ендігі жерде ақын күзде, яғни қыркүйекте мектепке барып білім алу керектігін балаға мейіріммен баяндайды. Әрбір мезгіл тудырған жаңалықты сол мезгілге орай шаруалардың еңбегіне, тірлігіне байланыстыра жырлайды. Ілиястың осы өлеңдерін талдай отырып, филология ғылымының докторы Әбділда Тәжібаев «Жаңағы аталған өлеңдер жеті буынды егіз ұйқаспен шапшаң да шымыр жазылған. Әрбір қос жолда тұжырымды ойлар мығым айтылады да, сол қалпында суретке айналады» дейді [95, 124 б]. Бернияз Күлеевтің «Қызықты жаз», «Бұлт», «Түн», «Жаздың алды», «Жазғы дала», «Таң алдында», «Жапыраққа қарап», «Әдемі түн», «Жаз», «Күз», «Жас теректің жапырағы», «Шолпы» өлеңдері қазақ поэзиясына сан өрнекті, сырлы, сыңғыр үнді табиғат лирикасын алып келді. Бернияздың табиғат тақырыптарына арналған өлеңдері әдейілеп балаларға арнап жазылмағанымен, бұлардың ішінен балғындар талабына жауап бере алатын өлеңдері баршылық. «Жазғы дала» өлеңінде :
Жайнаған дала, Ойнаған бала, Жайылған малмен жабулы.
Керілген көкте Қаңқылдар текке Қаз, қу, тырна ағулы. Бала мен мал – жер жаны, Көктің сәні – құс әні.
Көк шыққан қырғын, Көкорай шалғын, Боз-бетеге – бәрі бар. Қызғалдақ, қына Жоңышқа-жуа Түр-түрімен табылар. Жан жайланып исінен, Кеткің келмес ішінен... [96,16 б.].
Ақындардың жаз кезеңіне арналған өлеңдерінің барлығында да жайлау келбетінің қайталанбас ғажайып суреттері жасалады. Қазақ – кең даланың ауасымен тыныстаған, үнемі кеңістікті ғана мекендеуді мұрат тұтқан халық. Жайлаудың сан түрлі шөптері мен көркем гүлдері, көкорай шалғыны, түні мен күні де, көшпелілердің мәңгілік рахатты тұрағы ауылы да – бәрі де ақындар жырларының арқауы. Мағжанның «Жазғы таң», Сәкеннің «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», Ілиястың «Жаз» , «Жайлау», «Көші-қон» және т.б ақындардың өлеңдерінде қазақ ұлтының ғана еншісіне бұйырған бақыты - жайлаудың сән-салтанаты бар болмыс-бітімімен көрінеді. Сәкеннің «Жайлауға көшу» атты лирикалық өлеңін алып қарасақ, жүк артқан түйелердің маңайында қызылды-жасылды киінген қыздар, бозбалалар, келіншектер қимылы табиғи қозғалыстармен беріледі
Өз-өзімен әлек болып кей жастар, Көшке мінген асаулары туласып. Көш артында қыз-келіншек іркіліп, Бір жүруге бір-біріне қарасып. Қатарласып жорғаларын салысар, Желектері, үкілері жарасып. Өзіне-өзі риза болып ыржыңдап , Қастарында жүрген жігіт жарасып. Тайға мініп балалар жылқы айдасар, Ақсақалдар ілгері қоныс сайласар... [63,31 б.].
Жаз суретін, жайлау көрінісін беруде осы аталған ақындардың барлығының суреттеулері Абай үлгісін еріксіз еске түсіреді. Әсіресе, «Жазғытұрым», «Жаз» өлеңі еріксіз көз алдымызға келеді. А.Құнанбаевтың «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңінің көркемдік сапасын өте жоғары бағалаған І.Жансүгіров «Абайдың сөз өрнегі» деген еңбегінде былай деп жазды: «Абайдың жыры ырғақ, музыка, дыбыс құрылысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бұл өлеңдегі бір ақындық өзгешелігі ол – өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі, қимылды, қозғалысты көрсетуге жандылығы» [94, 108 б.]. І.Жансүгірұлы ақынның осы өлеңінің көркемдік қасиетін, әсіресе, тіл ұйқасындағы өзгешелігін дәл тауып, өте орынды айтқан.
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жолы қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап.
Суда тұрып шыбыңдап, Құйрығымен шылпылдап... [ 95,74 б.].
деп басталатын өлең жолдарында ауылдың көшуін болған-біткен оқиға деп санасақ, өзенді күркіреп жатқан деп бейнелеуі толассыз тынымсыз болып жатқан қимыл-әрекетті көрсетеді. Жаздыгүні жайлаудағы қазақ ауылының өмір-тұрмысын суреттегенде Абай жаздың келуі мал бағумен күнелткен көшпелі елге көп жеңілдік, қуаныш-қызық әкелгендей көрінетінен байқалады. Ақынның әр сөзі, сипаттамасы дала жазының осындай көркем бейнесін көрсетуге лайық, орайлы алынған. Ұзарып өсіп, толған жасыл шөп, бәйшешек гүлдер де, күркіреп жатқан өзен де осы тұрғыдан бірден-бір қажетті белгілер. [98, 334 б.]. Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдер – күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу, сылқым, сырлы жырлар. Бернияздың «Жаз» өлеңі де мазмұн жағынан Абайдың «Жазғытұрым» өлеңімен үндес. Мысалы Абайдың «Жаз» өлеңінде:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Көл жағалай мамырлап қу мен қаз, Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз. Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жүрқ етіп ілінер көк дауылпаз. Құс қатарлап байлаған қанжығаға Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз [97, 160 б.].
Осы өлең жолдарын оқи отырып, көз алдымызға жазғы күннің әсем табиғат көрінісі елестейді. Ақын жазбен бірге табиғат жадырап, адамзат, тіпті жан-жануар күлімдеп, қаз-тырналар мамырлап ұшқанын әсерлі етіп бере білген. Осындай суреттеулерді біз Бернияздың «Жаз» өлеңінен де кездестіреміз. Мұнда да Бернияз өзінің суреттеу шеберлігімен жаз мезгілін керемет бейнелейді.
Су жағалай ағаштық: терек, талы, Бұтақтармен бұраңдап шайқалады. Майысқан гүл, сылдырлы су тілімен Сырласып, жапырақтар жайқалады.
Қиқулаған аспанда қаз, қу, тырна, Ойнақ салған, жайылған мал бар қырда. Мін таба алмай жалғанның кестесінен, Тілсіз болып қаласың батып сырға [ 96, 160 б.]
Ақын жаз мезгілінің мінсіз сұлулығына тамсанады. Майысқан гүл, сылдыр қаққан су, қиқулаған қаз-тырнаның іс-әрекетімен ғана бүкіл жаз мезгілін, оның қуаныш, сұлулық алып келгенін сөз етеді.
Келесі бір «Қызықты жаз» деген өлең інде ақын:
...Халінше алға жылжып жан иесі, Ой бар орын алсам деген төрден. Бірі боп осылардың сен де тырыс, Бұл күнгі қалған бала қазақ ерден. Гүлденіп шашақ атқан жазғы күнді Орын ал ізгергімен бірге өрден[ 96, 64 б.], - дейді.
Мұнда ақын табиғат сұлулығын, жадыраған жас мезгілін әдемі суреттеп келеді де, артынан ауыл жастарына мәз-мейрам боп босқа жүре бермей, алға ұмтыл, әрекет жаса деген ой тастайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ лирикасындағы суреттелген табиғат ортасы – қазақтың даласындағы жыл мезгілдері, географиялық жер-су мекендері. Мағжанның «Туған жерім - Сасықкөл», «Туған жер», «Орал тауы», «Көкшетау», «Алатау» өлеңдерінде табиғат ортасының қайталанбас сұлу өрнектері ақындық шабыттың аса әсерлі сыршыл әуендерімен бейнеленеді. Ақынның қандай географиялық мекен болса да бәрінің табиғи келбетін жасаудағы шеберлігі айырықша айқын. Ақынның «Алатау» атты өлеңінде де табиғаттың сұлу келбеті мен Алаштың атамекенін мақтаныш, медеу тұтқан лирикалық қаһарманның сыршыл да асқақ романтикалық тұлғасы тау мінезді, биік мақсатты, айбынды болып көрінеді. Алаш жерін ардақтаған бұл сарын ХХ ғасыр басындағы ақындардың табиғат туралы өлеңдерінде үнемі сабақтаса өріліп отырады. Осы «Алатау» (1924) өлеңіндегі тау келбеті жанды табиғаттың қайталанбас ғажайып суретін көз алдымызға әкеледі:
Иірілген айдаһардай ашулы асқар, Томсарған туғаннан-ақ тарғыл тастар. Құздарда мәңгі меңіреу мәңгі басқан Жауһардай жарқыраған аппақ шаштар.
Түк басып, тұла бойы толған кесте, Қарағай, арша біткен өрлей төске. Қарағаш, тал, тобылғы, жасыл шырша, Қарақат, жиде, шие, маржан түсті.
Құздарда найза қия құстар шулап, Төменде тасты сабап толқын тулар. Аланың ақ төсінен орғып түсіп, Сайларда салар ойнақ асау сулар [58, 170 б.].
Балалардың бал тілін өте жақсы түсінген, тек ұғынып қана қоймай тамылжытып жаза білген ақын І.Жансүгіров. Ақын табиғатпен адам арасындағы байланысты жете таныған. Ақын адамның ішкі жан дүниесінің табиғатпен сабақтастығын оқушы жүрегіне шымырлата жеткізіп, толғамды ойлар түйеді. Осы орайда Жансүгіровтің “Күн шыққанда” атты өлеңінен үзінді келтірсек:
Желі желпіп желегін,
Жердегі бәйшешегін
Күлдіре, сұлу күн шықты
“Шыру, шыру, шіркін!”- деп,
Көмекейі бүлкілдеп
Торғайдан «тұрлап» жыр шықты [64, 226 б.] , -
деп тебірене жыр төгеді. Балалардың сәулелі жан толқынысын барынша мөлдірете айту бұдан артық болмас. Ақынның әрбір демінде, әрбір сөзінде жарқын қуаныштың самалы есіп тұр. Бізде олармен бірге таң алдындағы торғайдың әуенін тындағымыз келеді.
І.Жансүгіровтің сөз етіп отырған осы өлеңі, тұтас алғанда, ішкі музыкалық сазымен, ішкі екпін-ырғағымен, шынайылығымен бала көңілін бірден баурап алады. Бір жағынан қарасақ, әншейін қарапайым өлең жолдары сияқты. Ал, түптеп келсек, балаларға арналған қазақ ақыны шығармашылығының алтын діңгегі деуге болады.
Ақын І.Жансүгіров бұл шығармасын тұлымы желбіреген жеткіншектерге арнағандықтан, олардың ойлауына, ұғымына жеңіл болуына көп назар аударған.
Оят, кигіз шекпенін,
Қолына алсын кетпенін,
Барсын әкем егінге
Қызылдап қымыз сабасын ,
Жыртығын үйдің жамасын ,
Айт, апатай, келінге ...
Орамалын оймыштап, Оған оқа қойғыштап,
Тәтеме айт, тіксін кестесін [64, 227 б.].
Ақын І.Жансүгіровтің осы туындысы мезгілдің нақты іс-әрекетін дәл күйінде әдемі, әсем де әсерлі жеткізе білген. Табиғат та, адам да, жан жануар да, құс та - бәрі де қарбалас тіршіліктің қамы үстінде. Әсіресе, жас балалар мәз-мейрам. Ақын табиғаттың бір ғана көрінісімен ерке тотай әрекетін салыстыра отырып екеуінің арасынан әсем жарастық табады.
Қалыпсың ұйықтап, қарағым,
Қалады-ау сенің сабағың,
Жуын, жүгір мектепке.
Ашасың көзді сабақтан
Аласың білім талаптан,
Боласың адам мектепте [64, 227 б.] , -
деп, балалардың жалқау және еркетотай, ұйқышыл мінезін көрсетеді. Айта кететін бір жайт – ақынның өлеңінде орындалу техникасы, буын, бунақ, екпін, тармақтардың өз ара үйлесімділігі жоғары деңгейде.
Ілияс Жансүгіровтің табиғат суреттерін берудегі ендігі бір өлеңдері «Жетісу суреттері»( 1925) деп аталады. Бұл топтама «Жетісуда су суреті», «Тау суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деген бірнеше сұлу, әдемі өлеңдерден тұрады. Ілияс бұл өлеңдерінде балаларға өлкетаныту мақсатымен Жетісудың өзендері мен көлдерін, тау-тасы мен жәндіктерін, ағаштары мен өсімдіктерін суреттеу арқылы балалардың табиғат тану қабілеттерін жетілдіре түседі. Мәселен, «Жер түгі» деген өлеңінде ағаш атаулының түр-түрін жіпке тізгендей төгілдіре әсем қиюластырады. Өлеңнің ішіне бөтен басқа сөз қоспай, тек ағаш атауларын атай отырып, оларды өзді-өзімен ұйқастырады. Өлеңде ағаштардан бөлек түрлі өсімдіктер мен шөптің алуан түрлері аталады.
Ағашта өзің білген қарағай тал, Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар. Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, Ақ сасық, қызыл қайың, барша шынар Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, Үйеңкі, шырғай балғын тораңғылар [64,206 б.].
Академик жазушы М.Әуезов І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты шығармасына берген бағасында: «Ілияспен 1927 жылы Асы жайлауында кездесіп, таныстым. Бұл кезде оның ақындағы әбден танылған («Жетісу суреттері» цикілінен кейінгі) кезі еді. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттерін» оқығаннан кейін. Тегінде Ілияс – қазақ поэзиясында, Абайдан кейінгі ірі тұлға. Оны қай елдің өлшеуіне салсаң да биік шоқы, үлкен сеңгір боп шыға келеді. Санасы кенже оянса да, ақыл-ойы тез қабылдағыш еді. Ол біздің арамыздан кеткен 43 жасына дейін үнемі өсу жолында болды», [1.38 б] дейді.
Ақын шеберлікпен жазған туындысында табиғатты тамаша өрнектей алған. Туған жер суреттерін әспеттеуде барлық сөз бояуларын талғай, таңдай отырып, Жетісу суретіне үйлестіре білген. Ілиястың шығармашылығында табиғат айшықтарын жан-жақты, тамаша суреттеуде пейзаж үлкен қызмет атқарады.[102, 23 б]. Иә, І.Жансүгірұлының шығармашылығындағы ең бір қызықтысы - «Туған жер» тақырыбы болды. Оның шығармаларынан халқына, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншілігі мен өшпес ыстық махаббатының бейнелі ойы аңғарылса керек .
І.Жансүгіровтің жаз, күз, қыстың графикалық кескінін сызғандай етіп берген, терең әлеуметтік мағынаны пейзаждық лирикаға сыйдырған «Мезгіл суреттері» туындысы еді. Табиғат лирикасындағы ақын ізденістері сан алуан, философиялық сипаттағы, қоршаған ортаның сесті көріністерін, табиғаттың ерекше құбылыстарын адам басындағы жағдайлармен, қоғамдық істермен сарындастыра, астастыра, символикалық сипат бере бейнелейтін «Желді күн», «Бұлақ бойында», «Көлге», «Ауылдың алды» сияқты туындылары бар.
Пейзаж суретін жасау үшін ақын сөз сылдырына, дыбыс сыңғырына, тектес, туыстас ұғымдарға, бояу жарасымына, кіріккен, басқы, ішкі, аяққы ұйқастарға, тіл мөлдірлігіне ерекше көңіл бөледі. Ассонанс, аллитерацият.б. сияқты сан алуан формасын қолданады. Осының бәрінің балалардың тілін жаттықтыруға, балаға көркем сөз қасиетін сезіндіруге, айналадағы сұлу суретті сезіне білуге тигізер ықпалы зор.
Баланың ойлау қабілетін дамытатын жырларымен қатар, қаламгер балалардың тілін, сөйлеу қабілетін де жаттықтыратын жаңылтпаш секілді жырлары да ерекше әсерлі. Мәселен, «Біздің жазда» (1916) деген өлеңінде жан-жануарлардың қалай дыбыстайтынын, өсімдіктер мен табиғат құбылыстарын дәл қалпында суреттеп береді. «Дәл сипаттау – тіл мәдениетінің негізгі кілті болумен қатар, бала ұғымына жеңіл сіңісетін, тез қабылданатын көркемдік шеберлік» [103], - дейді балалар ақыны Ө.Ақыпбеков.
Бозторғай шырлап, жаз құсын жырлап, Үйрек сытырлап, қаз пырлап. Түйе боздап, қой қоздап Жылқы азынап, жел маздап, Қарға қаңқылдап, қу саңқылдап, Жас жарқылдап, шал қарқылдап. Сай дүңгірлеп, самал гүлді үрлеп. Мал балалап, құс жұмыртқалап... ...Тайлар ойнақтап, балалар жайдақтап, Боталар маймақтап, тайлақтар тайрақтап, ...Қойлар маңырап, қозылар жамырап, Бұзау мөңіреп, енесі аңырап, Көңіл елбіреп, жүрек желбіреп, Ішің елжіреп, көзің мөлдіреп... [64, 48 б.].
Маңайын шуға бөлеп тұрған осы өлеңді оқи отырып айналаңдағы барлық дыбыстар мен қимыл-әрекет дәл сенің жаныңда болып жатқандай әсерленесің, сол шулы көріністің ішінде өзің жүргендей тебіренесің. Өлеңде танымдық, тағылымдық қасиеттермен қатар, тіл ұстартуды көздеген мақсат та байқалады. Мәселен, «Тайлар ойнақтап, балалар жайдақтап, Боталар маймақтап, тайлақтар тайрақтап» деген жолдарды нағыз іс-қимылға құрылған жаңылтпаш деуге болатындай. Бұл өлең жолдары бала зейінін жаттықтырып, ойын дамыта түседі, шапшаңдыққа тәрбиелейді. Қазіргі балалар поэзиясында әріптер туралы өлең, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер жазуға ден қоюшылық бар. Мұндағы басты шарт – жекелеген әріптен келетін сөздердің мәнін ашып, өлеңнің басқы әрпін немесе барлық қолданылатын сөздерді бір ғана әріптен бастап түзу. Ондағы мақсат – баланың жекелеген әріптер қандай сөздерден, атаудан басталатынын мәнін ашып есінде сақтауға, сөздік қорын молайтуға ұмтылдыруды көздейді. Бұндай үрдістің осы І.Жансүгіров өлеңдерінен басталғанын көреміз. Мәселен, Ілиястың «Желді қарағай» өлеңін алып қарар болсақ, бұл өлең тап-таза альфавиттік өлең деуге болады. Өлеңнің алғашқы шумағы «Ж» әрпінен, екіншісі «Қ», үшіншісі«Т», төртіншісі «Ш», бесіншісі «О» әріптерінен басталып, соңғы шумақ қайтадан «Ж» әрпімен аяқталады. Бала ұғымына сай ойнақы сөздерді іріктеп, өлеңдегі айтылар ойды айшықтауда.
Жайлауым желді қарағай,
Жайлауында елі жарасқан
Жанымда жайлау жағалай
Жанса қалай жақ ашпан.
Ол күнде біз бала едік Оздыра құнан шауып ек. Орғыта ойнақ сап едік, Ойнай қозы бағып ек. [64,192 б.].
Мәселе өлеңнің басқы сөздерін немесе бүкіл жолды бір ғана әріптен бастауда емес, бала ұғымына сай ойнақы сөздерді іріктеп, өлеңдегі айтылар ойды айшықтауда. Табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырлай білуде Абай мен І.Жансүгіровтің лирикасын жалғастырушы, сұлулықты сезінуі және соны көзге анық елестейтін құбыла кұлпырған жанды суретке айналдыру шеберлігіне тәнті ететін Сәкен Сейфуллин шығармалары. Сәкен лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң-кұсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі — ақын лирикасының басты тақырыптары. І.Жансүгіровпен иықтаса қалам тербеген Сәкен Сейфуллиннің табиғат туралы өлеңдері өз елін, оның табиғатын сүйген патриот ақынның шын сезімін ақтарады. Ол табиғатты ел өмірімен, олардың тіршілігімен, халыққа азаттық тілеген өзінің арман-қиялымен байланыстыра суреттейді. «Май айында» (1916), «Жаңа жыл» (1917) атты өлеңдерінде ақын жаздың шығуы мен жаңа жылдың тууын символды түрде өмірдің жаңаруы, жаңа заманның келуі туралы өз ойымен ұштастырады. Алғашқы өлеңдерінде көктемгі табиғат көрінісінің негізінде тіршілігіне жан кіріп, бой жаза бастаған ел, шуласып даланы кезген балалар жайы ғана сөз болып қоймай, көкірегін кере дем алып, құс әніне үн қосқан, кеудесі шаттыққа толы ақын қуанышы беріледі.
Жапырақ гүлге оранып,
Ағашқа көрік, сән кірді.
Сансыз құс жырлап, ерте-кеш,
Орманға шаттық ән кірді.
Жапырақ, балаң қызғалдақ,
Құлпырды жұтып жаңбырды.
Көбелек, ара бал іздеп
Гүлден-гүлге қаңғырды, - [63,65],
деп, Сәкен табиғат көркін оңдағы жан-жануар, жәндіктердің тіршілік әуенімен байланыстырады. Көз алдыңа гүлден-гүлге қонып бал іздеген көбелек пен ара, гүлге оранған жапырақ, орманды шаттыққа бөлеп сайраған құстардың үні, жаңбырдан кейін құлпыра түскен балаң қызғалдақ келеді. Соншалықты әдемі, балалар танымына лайықты сурет! Екінші өлең жолдары да осы мазмұндас. Мұнда да сағынған жылын қарсы алған ел қуанышы бар. Наурыздың келуі туралы жырлар осындай ел шаттығынан туған. Сәкен де «Жаңа жыл» (1917) өлеңінде наурызды осы қуаныштың айы деп суреттейді. Өлеңде жанды сурет бар. «Жаз шықты» деп жүгірген балалар, оңтүстіктен ескен жылы жел, оның лебімен еріп, сай-сайды қуып, ағып жатқан су, далада бой жазған адамдар мен қорадан шығып, көкке аузы тиген мал – бәрі де оқушының көз алдынан өтеді.
Сумаңдап су сай-сайдан Ағып жатыр сылдырлап, Жас баладай алғашқы Сөйлеген күліп былдырлап. [63,73б.].
Сылдырлап аққан суды сәбидің тәтті былдырына теңеуі, өлеңнің дыбыстық үйлесімі, сөз өрнектері оның мазмұнымен әдемі үйлескен. Сәкеннің «Жазғы далада» (1923), «Күзді күні далада»(1923), «Күз» (1925), «Май айында» (1916), «Жазғытұры» (1919) деген өлеңдерінде көркем табиғат – пейзаждың алатын орны ерекше. Себебі балалар жаратылыстың көркем көріністерін – пейзажды шебер суреттеуді ұнатады, оған сүйсінеді, көз алдына елестетіп, соны айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі пейзаж олардың байқағыштық қабілетін қалыптастырады, талғампаздық туғызады. Сонымен қатар эстетикалық тәрбиенің негізін қалап, табиғатты қорғауды борышы ретінде санауға ықпал тигізеді. «Жазғы далада» өлеңіне назар аударсақ
Құшағын жайған кең дала Төсін ашқан анадай, Қаладан келген сағынып, Бейне мен бір жас баладай [63, 166 б.].
Ақын кең даланы «құшағын жайып, төсін ашқан анаға», көк жасыл даланы «кестелі жібек көрпеге» теңейді.
Далаға келіп көк жасыл, Кестелі жібек көрпедей, Жас балаша шаттанып, Құлай кеттім еркелей
Бал іздеген аралар Қобызбен күйін күйледі, Жұптасып түрлі көбелек Қызғалдақпен биледі... [63, 166 б.].
Бал іздеген араларға қобыздан күй төккізіп, сан түрлі көбелекті гүл-қызғалдақпен билеткізуі балалардың табиғат тамашасына қызығушылығын туғызады. Бала табиғатты аялауға, сұлулықты бағалауға, одан ләззат ала білуге үйренеді. Сәкеннің балаларға туған жер табиғатын таныстырудағы енді бір топ өлеңдері «Отарба» (1925), «Міне көл» (1925), «Орман» (1925), «Далада»(Балалар) (1925), «Бозторғай» (1925) өзінше бір бөлек, оқуға да, еске сақтауға да жеңіл әрі динамикалы өзінше бір көркем стильде жазылған. Бүлдіршіндерге эстетикалық тәрбие беру, табиғат сұлулығын түсінуге баулу және қоршаған ортаны қорғауға дағдыландыру үшін ақын бала назарын табиғаттағы түрлі құбылыстарға аудартады. Бұндағы әр өлең «Міне дала...», «Орман міне, «Көлің міне» немесе «Міне торғай» деп басталып, табиғат тамашасына балдырғандарды қызықтыра жетелей жөнеледі. «Далада» (Балалар) деген өлеңінде:
Міне дала... Бір топ бала Жүгіреді айнала. Мінген таяқ, Жалаң аяқ, Табандарын көк бояп. Жұлып сасыр, Салады асыр Аунап жерге көк-жасыл, - десе[ 63,193 б.], «Бозторғай» өлеңінде
Міне, торғай Үйін қорғай Жер бауырлап зырлайды. Шырқап биік, Күнге күйіп Қалмай сайрап жырлайды, -[63,194 б.] деп құстар әлеміне саяхат жасатады. «Міне көл» өлеңіндегі «күміс судағы» «сұлу аққу» бейнесін:
Торғын буың, Күміс суың, Суда сұлу аққуың. Әсем әнің, Көркем сәнің Көңілді айна ашпай ма? - [63,190б.]деуі көңіліңе қуаныш сыйлайды. Ақын балғын оқырмандарға табиғат сұлулығын тамсана таныстыра отырып эстетикалық-этикалық тәрбие беруді көздегені анық. Эстетикалық тәрбие – балдырғандардың рухани дүниесін байытуға, көркемдік таным көкжиегін, сол арқылы ойлау өрісін кеңейтуге қажетті алғышарттардың бірі. Табиғатты суреттеу – ақын өнерінің ерекше тәсілі. Оның шығармаларынан жер мен көктің, тау мен тастың, жан мен жәндіктің, жаз бен қыстың, көктем мен күздің алуан түрлі суретін табамыз [81, 69 б.]. Сәкен бұл өлеңдерінде Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әралуан өрнегі мен өлшеуін қолданады. Мәселен «алты аяқ» және «сегіз аяқ» үлгісін өнікті тәсіл ретінде мол қолданған. Бейімбеттің “Жазғы кеш “ өлеңіне зер салып қарайтын болсақ, онда да қазақ ауылындағы жаз мезгілінің кешкі бейнесі суреттеледі. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, малдар өрістен қайтқан жанға жайлы мезгілді, кешқұрым балалардың ақсүйек ойнауға кіріскені жайында сөз еткен:
Жиналып қарттар құрды кешке кеңес,
Шығып ап ел сыртында жерге дөңес,
Ақсүйек балалар да ойнап жатыр,
Тұратын текке қарап олар емес.
Жазғы кеш, ойлап тұрсаң, жанға рахат,
Әркім де көтеріңкі көңілі шат.
Ән салды қосылып қыздар-дағы
Биікке алтыбақан құрысып-ап. [65, 68 б. ].
Бұл өлең балалардың ұғымына лай ықты, тілі жеңіл, жүрекке жақын.
Ғалым Б.Қапасова өз зерттеуінде «адам бойындағы сұлулық, жақсылық, қайырымдылық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерде табиғат ананың үлесі көп» – дейді [18,41 б.]. Табиғат лирикасы баланы, біріншіден, көркемдік- эстетикалық ләззат алуға үйретеді, екіншіден, бала санасына өзін қоршаған табиғат анаға мейрімділікпен, жанашырлықпен қарап, оны қорғау қажеттігін бала бойына сіңіреді, яғни экологиялық тәрбие береді. Ал жансыз нәрсенің өзіне мейрімділікпен қарау бала бойына ізгі қасиеттерді дарытады. Үшіншіден, табиғат - туған жердің бар әрі ерекше көрінісі, оның бөлінбес бөлшегі, ендеше табиғатты сүю – туған жерді, Отанды, өз халқыңды сүю дегенге үйретеді. Демек, пейзаж – балалар бойына отансүйгіштікті сіңіру құралы, төртіншіден, табиғатты зерттеу барысында бейнелермен сөз қолданыстары баланың танымын кеңейтіп қана қоймай, ана тілін жетік меңгеруде өз септігін тигізеді. Бесіншіден, ғалым Эйнштейн табиғат құбылыстарының мәнін меңгерген поэзия философиялық болып саналады [104, 20 б.]. Балаларға арналған өлеңдерге қойылатын талаптарды ескере отырып, табиғат лирикасының ерекшелігі айқындалады. Бұл ойлылық баланың логикалық ойлауын дамытады және өзі білмеген, терең түсіне алмаған нәрсені табиғат құбылыстарына үңіліп, олардың тереңіне бойлай, сырын ашуға, өзіндік пікір, ой, көзқарас қалыптастыруға әсер етеді. Сөзіміз жалаң болмас үшін Б.Майлиннің “Жаз келеді” өлеңінде
Шаруалар қуанышты күлімдеп:
Ертең өтті-ау алты айғы қыс, күнім,-деп,
Балалар да лек-лек болып доп қуған ,
Жалаң аяқ, жалаң басы дірілдеп.
Мал да, адам да жан иесі мәз болды,
Қатар түзеп үйрек, аққу, қаз келді.
Жердің жүзін бейне ұжмаққа теңейтін
Алақай-ау, алақай-ау, жаз келді! [65, 85 б.].
Жаз келгендегі балалардың қуанышында шек жоқ, суға шомылып, доп қуалап ойнайтын кезді асыға күтіп жүретіні бәрімізге де анық. Ақын бұл өлеңді жаз мезгілін жадыратып, өте көркем, сондай-ақ балалар түсінігіне сай, ұтымды суреттеген.
«Балалар өлеңіне қанық бояулар, ашық үндер, тілдің бейнелі қарапайымдылығы, оқиғаның табиғи өрбуі, бүкпесіз сырласқандай тартымдылық қажет» [9, 60 б.].Мағжаның «Ақ қала» өлеңінде:
Беті ойнаған оқадай, Оппа қарға опадай, Күп берісті топырлап, Топырлап шулап, соқтыға. Тоғытқан бейне тоқтыдай Жыпырласты шөпірлеп [58, 200.], - деп ақ қардан қала тұрғызған балдырғандардың шат көңіл-күйін ақын шебер жеткізген. Ойынқұмар балдырғандардың қуанышқа, шаттыққа бөленген бақытты сезімін көрсетуде, олардың істеген істеріне деген құлшынысын баяндауда теңеулерді ұтымды қолданады. Балалардың аяздан қызарған беттерін – оқаға, аппақ қарды – опаға, шуылдап топырлап жүрген балдырғандардың өзін – тоқтыға, күлкілерін - меруертке теңейді.
Достарыңызбен бөлісу: |