Сөйтiп, «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу осылай басталып, ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады. Тергеушiлердiң өзiн тергеп, тұтқындауға ерiк бермедi



бет3/5
Дата04.07.2016
өлшемі388 Kb.
#178418
1   2   3   4   5

Тергеуші – Попов».

Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. Біз тергеу барысындағы психологиялық көңіл ауанын тереңірек беру үшін көрсетіндіні толық келтіреміз:



«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31–жылдың 3 қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім.Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын. 21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Уалидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмқхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.

Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Домұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі – деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек» – деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады –Т.Ж.).

Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін.Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім.

Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәргілеу науқаны туралы: Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».
Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке М.Тынышбаев сызып берді – деп сендірген. А л «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.
Тынышбаев туралы

Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:



«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте ...сотталған», – деп көрсеткен.

Демек, М.Тынышбаевқа тағылған: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.

ххх ххх ххх

М.Тынышбаев өзінің біртұтас Алаш идеясы жолындағы өмірлік күрес бағдарламасын «1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасында таңдап алып еді. Дума мүшесі ретінде ол қазақ жұртының саяси-әлеуметтік, рухани талабын империя депутаттарының алдына тұңғыш рет жастыққа тән өжеттікпен батыл әрі батыра айтты. Онда:



«Қазақ даласы ерекше мәдени, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-экономикалық жағдайларға ие, ерекше заңдар негізінде басқарылады. Сондықтан да қыр еліндегі қазіргі қозғалыстың жалпы сипатын түсіндіру үшін, одақ мүшелерін оның өкілдерімен жұмыс істеуге тура келетін және Ресейде оларды өте аз білетін халықпен таныстыру үшін қазақтар жөнінде, басқару жүйесі және саяси, әдет-ғұрып, дін жөнінде, сол сияқты қырдағы қалыптасқан жағдайдың басты себепшісі болып отырған экономикалық қысым туралы қысқаша мәлімет беру қажет деп есептеймін. Қазақтар...1897 жылғы жалпыға бірдей санақта 4.100.100 тұрғын халқымен Ресейде 6 орынға шықты...Бірақ, бұл санның дұрыс еместігі талассыз: қазақтарда соңғы кездерге дейін метркелік жазбалар болған жоқ, ал көптеген жерлерде әлі күнге дейін де енгізілмеген. Санақ кезінде қазақтар өкімет әскери міндеттілікті енгізгелі жатыр екен деп ойлап, балаларын жасырып қалған (қазақтар әскери міндеттен босатылған). Торғай облыстық басқармасының бұрынғы кеңесшісі И.Крафт оларды 6 миллион деп есептейді, қазақтар тарихы мен тұрмысын өте жақсы білетіндердің бірі Я.Я.Полферов оларды 5,5 миллион дейді, біз де шындыққа жақындау сан осы ғой деп ойлаймыз.

1730 жылға дейін қазақтар өзіндік саяси тәуелсіз өмір сүрді және 3 ордадан тұратын одақ (үнемі болмаса да) құрады. Оларды шығыс монғолдар тегінен шыққан сұлтандар биледі. Қазақтардың өзі монғолдар тегінің әріден қосылатын бір бұтағы болып табылады және бәрінен де Қазан татарларына, әсіресе, қырым татарларына жақын. Ең жоғары билік ақсақалдар жиналысының қолында. Сұлтандар соғыста қол бастады және оларға орындаушылық билік берілді.

Жан-жағынан жаулары қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар мен орыс казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан орыстың қол астына кіре бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығы аймағында көшіп жүрген ең соңғы еркін көшпенділер де бағынды.

Нақтысында ешқандай соғыс болған жоқ, өйткені қазақтар бұдан әрі өзінің тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын жақсы түсінді, сезінді. Осының нәтижесінде орыс өкіметіне тұтастай 5,5 млн. Адамды кәдімгі адамгершілік праволарынан айырып қосып алу еш қиындыққа түскен жоқ.

Қаншалықты ауыр, қаншалықты мұңды болса да қазақтар еркін өмірімен еріксіз қоштасып, қасіретті кең даланың тынысындай бостандықтарфынан бас тартуға мәжбүр болды».

Иә, өте тауып айтқан, қазақ үшін бостандық пен кең даланың тынысы егіз ұғым.

ххх ххх ххх

«Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған да жоқ. Үкімет саясаты мен қазақтардың қазіргі кездегі жай-күйі қазақтардың қаншалықты алданғанын анық көрсетеді.

Қазақ даласында түрлі Ережелер енгізудің тарихын жайына қоя тұрып, мен сіздердің алдарыңызда бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өзінің бостандығы мен саяси тәуелсіздігін көрсеткісі келген халықтың, орыс үкіметі бейнесінде әділеттілік пен заңдылықты көргісі келген халықтың шын мәнінде қандай жағдайға жеткендігін айтып бергім келеді.

Бюрократтық өкімет қазақтар жөнінде өте жабайы және ойға келмейтіндей ережелер жасады».

Иә, шындығында да ақылға сиымсыз, бірақ бүтін халықты бұтарлауға таптырмайтын қастаншықпағыр Ереже еді бұл. Өйткені: Орал, Торғай облыстары – әскери губернатор арқылы Ішкі істер министрлігіне, Ақмола мен Семей облыстары – әскер губернаторлардың үстінен қарайтын генерал-губернаторларға, Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, Амудария облыстарына әскери министрліке бағынды. Бұл, әйгілі «бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың нағыз аяр үлгісі болатын. Мұндағы басты мақсат – тұтас ұлттың ұлттық мүддесі мен экономикалық тұтастығын, тіл мен дәстүр сабақтастығын, рухани мәдениетін ыдратып, телім-телім ету еді. Тіпті бір губерниядағы азаматтық істердің өзі әр мекемеде әр қалай жүргізілді.

ххх

«Орыс соты қазақ өміріне қарай еш икемделмеген және тілді де білмейді, өзі әрекет ететін ортадағы халықтың әдет-ғұрпынан хабарсыз. Ауызша өсиеттер мен әдеттерге сүйенген және жазылған заңдары жоқ халық соты тұтастай әкімшілікке бағындырылған, ендеше, Түркістанда ол әскери министрлік мекемесіне, ал басқа жерлерде – Ішкі істер министрлігіне қарайды. Некелік және әлеуметтік істер бір жерлерде халық сотына, ал кейбіреуінде тікелей әкімшілікке, үшінші біреулерінде қазақ діни басқармасына берілген. Метрке кітаптары бір жерде казак діни басқармасында, енді біреулерінде аудан старшындарында (селолық полицейлерде)».

Мұндай қисынсз қиянпұрыс: «жоғарыдағы мысалдарды әшкерелей дәйектеген М.Тынышбаев:



«Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда өкімет неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де өкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын. Іс жүзіндегі заң бойынша, генерал-губернаторлар өздерінің басқыншылық өкілеттігімен кез-келген қазақты, дүниеге жаңа келген сәбидей күнәсіз болса да, жер аударуға құқы бар. Жоғары мәртебелінің алдында итше жорғалап, жағымпазданып үйреніп қалған чиновниктер, сонымен бірге халықты «орыс пен қазаққа бөліп қарайды», олардың ойынша: қазақтардың мүдделері, түз халқына тән нәрсенің барлығы – құрту мен аймақты орыстандыру жолында құрбандыққа шалынуға тиіс, бұл үшін ең соңғы шараларға да баруға болады. Орыс өкіметінің пікірінше, қазақтар – адам емес, олардың өмір сүруге ешқандай да құқы жоқ зиянды тіршілік иелері, сондықтан да олар қазақтарға ойына келгенін істейді.

Халыққа террор жасау әбден шегінен шыққан: адам төзгісіз заңсыздық пен қысымнан қан қақсайды... Қала түрмелері бастықтардың бұйрығы бойынша отырғызылған қазақтарға толы: бастықпен кездесіп қалғанда бас киіміңді алмасаң болды, түрмеге отырдым дей бер...», деп күйіне баяндайды.

Бұдан әрі рухани қорлықты, яғни, «қасиетті әкейлер» жүргізіп отырған шоқындыру саястын М.Тынышбаев:



«Осылайша әкімшілік бұйрықтар мен іс жүзіндегі заң бойынша, қазақтар бастықтың рұқсатынсыз аяғын қия баса алмайтын болды. Қазақтардың кәдімгі адамдық құқықтары да жоқ: халықтың өмірі мен ар-ұятын әкімшілік толық билеп алған. Мешіт, медресе және құран оқитын ғибадатханаларды жабу, діни кітаптарды кәмпескелеу мен рұхсат етпеу, қазақ тіліндегі інжілді (евангелиені ) таратып беру мен оны қабылдағысы келмегендерді Сібірге айдаймыз деп қорқыту, миссионер-мұғалімдер оқытатын орыс емлесін міндетті түрде қазақ дін училищелерінде оқытуды енгізу туралы бұйрықтар, қазақтарды мылтық оқпаны мен қылыш жүзін сүю арқылы ант бергізу жобасы, қазақ балаларын миссионерлік үйлерде ұстап, оларды православный деп жариялау, православиені қабылдаудан бас тартқаны үшін қазақ қызының басына құрсау салып қинау, өтініш пен арызды қазақ тілінде беруге шек қою мен болыстық канцелярияларда хат жазуды орыс тілінде жүргізуді енгізу және басқа да бірқатар адамдардың жеке басы мен ар-ожданын дөрекі түрде күлкіге айналдыру мен күш көрсету – мұның бәрі мырзалар, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында болып отыр және мұның бәрі күні бүгінге дейін адамдар мен құдай көзінен таса қалған алыс аймақтарда сақталып отыр. Мұның Ұлы Ресей державасының теократиялық және бюрократиялық надан өкіметінің тегі басқалар мен басқа діндегілерге қарсы крест жорығы демегенде, не дейміз?», – деп ызалана, баяндаманы оқығанның да, тыңдағанның да айызын қандыра жеткізді.

Ащы шындық өзегін өртеген жас депутат қыза келе батыл пікірден:



«Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бір де бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болсын игілікті іс, немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған жоқ», деп батыра айыптауға көшті.

Бұдан кейін халықтың жанын жаныштап, қанын сұйылтқан:



«Үкімет тарапынан қазақтар: қуғынүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқасты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіріп отыр», деп бұдан әрі әлеуметтік-экономикалық мәселеге ауысады.

«Климаттық және топырақ жағдайлары жағынан қазақ даласы мал шаруашылығына қолайлы, бірақ олар мүмкіндік бар жерде егін өсірумен де айналысып келеді. Мәселен, Орал облысында егістіктің жақсы жолға қойылғандығы сонша, жан басына шаққанда жылына 15 пұтқа жуық келеді, Торғай облысының екі уезінде (Ақтөбе және Қостанай) – 13 пұттан. Ал керісінше, Семей облысында 6 пұтқа жуық келеді, Жетісуда 4,5 пұтқа жуық, немесе одан да аз, Сырдария облысында 3-3,5 пұттан келетін сияқты. Егер де шаруа бюджеті бойынша, жан басына 18 пұт астық болуы керек екенін ескерсек, онда қазақтар жетіспейтін азық-түлік мөлшерін мал өнімдерімен толтыруға тиіс болатыны түсінікті. Есеп, шындығында да жер өндеудің топырақ жағдайларына сәйкес нашар дамыған аймақтарында малдың көптігін және керісінше екенін көрсетеді.

Бұдан жиырма жыл бұрын жергілікті әкімдер-генералдар Ян, Полферовтың айтуынша, «ұран тастасымен» қазақ даласын отарлау жөніндегі баяндамалар бірінен соң бірі түсе бастады. Губернаторлардың кепілдемесі бойынша, қоныс аударушыларға, әйтеуір, солар келіп ертегідей бай өлкені басып алуы үшін неше түрлі жеңілдіктер жасалған: осыдан соң-ақ сансыз қоныс аударушылар қоныстанатын қолайлы жер іздеп дала жолдарын шарлап жүрді. Даланың климаттық, топырақ және басқа да жағдайларына көңілі толмаған кейбір қоныс аударушылар кері қайтып жатты. Сібір темір жолын жүргізумен бірге қоныс аударушылар қозғалысы үдей түсті, дегенмен сонымен бірге кері қайтушылар саны да кей кездері 42 процентке дейін жетіп, ұлғайып отырды. Үкімет жерді бірінен соң бірін алды, түз халқы мал бағу мен жер өңдеуге жарайтын қолайлы жерлерінен іс жүзінде айрылды деуге болады. Қоныстанушылар кері қайтып жер бөліктері босап жатса да жерді қиып алу тоқтатылмайды. Қазақтар бірте-бірте ығысып көшеді, жер үшін дау туып, төбелес шығып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан жер өндеуге көшпейді деп кінәлайды, бірақ оларға берілген айтақыр далалар мен құмдарда адамды қойып аң да тұра алмайды. Қазір де мал жайылымдары күрт қысқаруына орай қазақтар енді малдың қоңын көтеру үшін жиі көшетін әдеттерінен де айрылды. Қыста мал ықтап, тебіндеп жайылатын ормандар да алып қойылуда. Қысқа шөп қорын жинайтын жер де жоқ, Даладағы қарлы борандар, көктайғақтан мал өлімі жиіледі, қазақтардың мал шаруашылығындағы өлімінің өсуі ақылға сыймайды. Жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын және бізден де бақытсыз көршілеріміз башқұрттардың тұтастай аштыққа ұшырап жойылған тарихын қайталаудың уақыты келіп тұрғаны түсінікті.

Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерлерді тартып алу мен олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!».

Бұл мәселе бүгін де сол күрделі күйінде қалып отыр. Өйткені, қымқырмаға құрылған жекшелендіру тұсында және қылмысты алпауыттар тобы үкіметтік қолдауға ие болған тұста қазақ ұлты құнарлы жерден тұтасқа жуық айырылып қалды. Ал иеленіп қалғандардың еншісіндегі жер, М.Тынышбаев тауып айтқандай, «адамды қойып аң да тұра алмайтын айтақыр дала мен құмды шөлейт, сортаң тақыр». Соның нәтижесінде, «жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын» түсіну қиын емес. «Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүбір күннен-күнге күшейіп келеді және қазірдің өзінде ашық толқу бар. Міне, ... қазақ халқының тұтасқа жуығын правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осындай, ал келешекте күтетін «сыбағасының» қандай боларын кім білсін!

Бұл ретте М.Тынышбаевтің:

«Үкімет, біріншіден, жабайы, варварлық репрессиялармен және тілді, әдеп-құрыпты, дінді, ұлтқа тән қасиеттің барлық көрінісін қуғындау арқылы, жалпы, қазақтарды жеке ұлт ретінде құртып жіберіп, аймақты орыстандыруға; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, бұйрықтар мен ережелер арқылы қазақтарды еріксіз, заңнан тыс тобырға айналдыруға: үшіншіден, оларды өздерінің қандары сіңіп, сүйектері шашылған жерлерінен айырып, жалаңаш қураған жерлерге өлім құшағына қуып шығуға ұмтылғаны анық. Міне, қазақтар бұрынғы тәуелсіздігі мен бостандығының орнына бейбіт және қантөгіссіз орыстың қол астына кіргені үшін неге ие болды десеңші!», – деген сөзі жүрекке инедей шаншылып, жаныңды жадылайды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Осыдан соң сөзбен орақ орып, іс жүзінде ештеңе істемейтін өкіметке қалай сенуге болады. Бүкілхалықтық қозғлыс кезіндегі үкіметтің іс-әрекеті мен бұйрықтары қазақтардың қандай да болсын манифестке, рестскриптерге сенбеуге толық құқы бар екенін анық көрсетті».



«1904 жылғы 12 желтоқсандағы жарлықпен ішкі істер министрінің 19-ақпандағы рестскриптімен және 17-көкектегі жарлықпен ата-баба дініне қайта оралу еркіндігін беруге, Сібірге дін мәселелері үшін айдалғандарды қайтаруға, жабылған мешіттер мен медреселерді және т.б. ашуға уәде берілді, бірақ айдаудағы молдалар қайтқан жоқ, мешіттер мен медреселер әлі де жабық, діни кітаптар тартып алынған күйі қалып отыр. Сонымен бірге өз патшаларының түрлі жарлықтары мен рестскриптеріне ешқандай мән бермейтінін көрсеткісі келгендей, қазақ балаларын ұстап алып, күшпен христиан деп жариялауда. Мен мұндай жағдайлардың басты кейіпкерлерін атайын – Орынбор губернаторы Барабаш, Торғайдағы – Ломачевский, соңғының кеңесшісі белгілі миссионер Г.Васильев және архиерей Левицкий. 18-ақпандағы рестскрипті бойынша, әркімге де өз қажеттіліктерін еркін айтып арыз жазуына құқ берілді: жергілікті әскерлер, қазақтарды қуып сьездер өткізуге мүмкіндік бермеуге тырысады, ал Петерборда Булыгин сенімді адамдары арқылы халықтан куәлендірілген еркіндікті талап етіп, бар мүмкіндіктерін жұмсап, қазақтардың ұмтылыстары мен талап-тілектеріне кедергі жасап келе жатқан губернаторлардан рұхсат күтті. Сол рестскрипте тағы да өкілеттік «лайықты және халық ризалығына бөленген» адамдардан құрылады делінген. Қазақтар өткеннің ащы дәмін әбден татып болған. Булыгин барлық губернаторлардың мәлімдемесі арқылы өздерін дауыс беру құқынан айырғысы келген, қандай да болсын өкілеттілікке сене алар ма еді; кейіннен даладағы күшті толқулардың арқасында үкімет қазақтарды да қосуға мәжбүр болды, бірақ тағы да тек бір ерекше тәртіптер негізінде. Осында адамдар мен ұлттардың қандай да бір теңдігі бар ма?»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет