Стамбекова асель серкебаевна



бет1/4
Дата07.07.2016
өлшемі0.56 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4


ӘОЖ 373.1.013: 37.026.6:51 Қолжазба құқығында

СТАМБЕКОВА АСЕЛЬ СЕРКЕБАЕВНА

Бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық

қызығушылығын дамыту
13.00.02 - Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі математика)


Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Шымкент, 2010

Жұмыс І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде орындалған.




Ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Нұғысова А.




Ресми оппоненттері педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Сатыбалдиев О.

педагогика ғылымдарының кандидаты

Жетпісбаева Г.




Жетекші ұйым Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университеті

Диссертация 2010 жылдың «___»_________сағат_____М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.20.01 диссертациялық кеңесінде қорғалады. Мекен жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тауке хан даңғылы 5, 342 ауд.
Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5 үй, 2-қабат)

Автореферат 2010 жылдың «___»__________________таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы: С.А. Жолдасбекова




Кіріспе

Зерттеудің көкейкестілігі. Ғылым мен техниканың ұдайы өсуі қоғам өміріне мәнді өзгерістер әкеліп жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге жоғары талаптар қояды. Мұндай талаптар Қазақстан Республикасы жоғары білімінің мемлекеттік стандартында бекітілген. Олар «Қазақстан республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында», Қазақстан республикасының «Білім туралы» Заңында міндеттер түрінде нақтыланды. Атап айтқанда: «...жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту».

Аталған міндеттерді жүзеге асыру мектептің бастауыш сатысынан басталады. Бұл жайында «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұнының тұжырымдамасында» бастауыш мектептің қызметі оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен, оқушының тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы ерекше құнды, қайталанбайтын буын екендігімен анықталатындығы негізделген. Онда: «Бастауыш саты оқушысының жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мақсаты оқушы тұлғасын тәрбиелеуге бағдарланады... әр пән ғылыми білім элементтерін, ұғымдар жүйесін міндетті түрде қамтиды және танымдық, дамытушы рөлімен қоса пропедевтикалық та қызмет атқарады» делінген.

Оқу пәндерінің ішіндегі «математика» пәнінің алатын орны ерекше. Математика пәнінің мазмұны мазмұндық-логикалық есептер мен тапсырмалар жүйесінен тұрады, ол оқушының зейінін, қабылдауын, қиялын, есте сақтауын, логикалық ойлау элементтерін дамытуға бағытталады. Бұл пән оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін, интеллектісін қалыптастырып дамытуды, математикалық тілдің элементтерін меңгертуді, «математикалық сауаттандыруды» басты мақсат етіп қояды.

Осы мақсатқа қол жеткізуде оқушылардың математикалық дайындығының үлесі мол. Оқушыларды математикадан терең және тиянақты білім, іскерлік, дағдымен қаруландыру қоғамымыздың уақыт күттірмейтін талабы. Ондай талаптардың бірі - оқушылардың әрекеттерін есеп шығаруға бағыттау. Ал осы талаптарды орындаудың бірден бір жолы - практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту.

Көптеген ғалымдардың, зерттеушілердің, математик-әдіскерлердің, дидактардың, психологтардың, математика мұғалімдерінің еңбектері осы мәселені шешуге бағытталған.

Окушылардың таным үдерісін тиімді ұйымдастыру арқылы оқу белсенділігін арттыру және танымдық қызығуын дамыту жөнінде зерттеулер аз емес. Бұл аса маңызды мәселенің психологиялық негізін В.В. Давыдов, А.Н. Леонтьев, А.М. Лурье, С.Л. Рубинштейн, Л.В. Эльконин, Қ. Жарықбаев, С.Б. Бап-Баба, Ә. Алдамұратов, педагогикалық жақтарын Н.А. Данилов, Л.В. Занков, Т.И. Шамова, Г.И. Щукина, П.И. Пидкасистый, Ж.Б. Қоянбаев, С.Б. Бабаев, Ж.К. Оңалбек, А.М. Құдиярова және т.б. ғалымдар зерттеді. Бұл зерттеулерде танымдық әрекет пен қызығудың табиғаты мен мәні ашылды, оларды қалыптастырып жетілдірудің психологиялық-педагогикалық жағдайлары анықталды, құрамдары мен әдістері сараланды.

Математиканы оқытуда есептердің рөлі мен орнын анықтау және есептерді шешуді оқыту әдістемесін жетілдіру мәселелері Б.Б. Баймұхановтың, И. Бекбоевтың, Ю.М. Колягиннің, Л.С. Ланың, А. Нұғысованың, О. Сатыбалдиевтің, А.М. Пышкалоның, В.П. Радченконың, Н.К. Рузиннің, С.И. Сельдюкованың және тағы басқалардың еңбектерінде орын алған.

Таным әрекетін белсенділендіру мәселесін А.Е. Әбілқасымова, А.С. Акрамова, А.И. Есиков, А.М. Рысбекова, Н.А. Тарасенкова зерттесе, оқыту процесінде таным әрекеттерін психологиялық тұрғыдан зерттеуге Б.Д. Жігітбекованың, И.В. Равинның, Н.Қ.Тоқсанбаеваның, С. Рахметқызының жұмыстары арналған.

Оқушылардың оқу әрекетін, есептерді шеше алу іскерлігін қалыптастыруға З.П. Матушкинаның, математикалық іскерлік пен дағдысын қалыптастыруға Л.А.Лебедеваның, математикалық ұғымдарын қалыптастыруға Д. Рахымбектің, А.Б. Ақпаеваның, В.Е. Гергенованың, Р.К. Турсуновтың; зерттеушілік қызметін жетілдіруге М.Ө. Мұсабековтың; математикалық білімін, шығармашылық қабілетін қалыптастыруға және ойлау қабілетін дамытуға Е.Г. Балыбердинаның, М.Е. Есмұқанның, Г.Т. Жақыпбекованың, С.Б. Куанованың, С.Қ. Меңліқожаеваның, Н.Д. Щеткинаның; оқушылардың білімін, оқу әрекетін қалыптастыруға К.А. Загородныхтың, Н.Г. Калашникованың, С.Е. Цареваның, Л.Б. Шалеваның зерттеу жұмыстары арналған.

Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын қалыптастыруға С.А. Жолдасбекованың, З.Т. Көкшееваның; оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруға Р.С. Омарованың; қазақ халық ертегілеріне бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыруға А.Ж. Едігенованың; ақпараттық коммуникациялық технология құралдарын қолдану арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыруға Д.Н. Исабаеваның зерттеу жұмыстары арналған. Мектепте оқыту үдерісінде әр түрлі пәндерді оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мәселесіне З.Б. Ешімбетованың, Қ. Қабділрашидтің, В.М. Лыкованың, М.С. Маженақованың, Ю.Н. Тюфановтың, Г.И. Щукинаның зерттеулері арналған. Ол зерттеулердің математика пәнін оқытуға тікелей қатысы жоқ.

Практикалық мазмұнды есептерді қолдану арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мәселесіне қатысты А. Нұғысованың, Г.О. Жетпісбаеваның, Ш.С. Нұржанованың, Г.П. Тикинаның зерттеулері бар. А. Нұғысова 5-6 сыныптарда математиканы оқытуды өмірмен байланыстыру мақсатын көздейді, Г.О. Жетпіспаеванның зерттеу жұмысы бастауыш мектеп математика курсына практикалық мазмұнды есептер шығару әдістемесіне арналған, Ш.С. Нұржанова математикалық ұғымдар арқылы мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру проблемасын зерттеген, Г.П. Тикина мәтінді есептер арқылы 4-сынып оқушыларының математика сабағына танымдық қызығушылығын қалыптастыру мәселесін зерттеген. Бірақ ол авторлардың зерттеу жұмыстарында бастауыш сатыда оқушылардың танымдық қызығушылығын практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы дамыту проблемасы арнайы қарастырылмаған.

Бастауыш мектептің математика сабағында есептер, оның ішінде практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мәселесінің қаншалықты зерттелгендігін анықтау мақсатында жүргізілген талдау нәтижелері мыналарды көрсетті: жалпы математиканы оқытуда есептердің алатын орны, рөлі және маңыздылығы, оларды шығару әдістемесі және т.б. мәселелер әр түрлі деңгейде қарастырылғанымен, бұл зерттеулерде нақты бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мүмкіндігі арнайы көрініс таппаған.

Сонымен қатар, бастауыш мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын талдау нәтижелері бастауыш мектепте практикалық мазмұнды есептерді қолданып, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту проблемасы әдістемелік тұрғыдан жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілмегендігін көрсетті.

Сол сияқты айқындаушы эксперимент оқушылардың білім деңгейінің олардың танымдық қызығушылығын дамытуға қойылған талаптарға сәйкес емес екендігін көрсетті.

Бастауыш мектепте оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептерді қолданудың қажеттілігі және оның әдістемелік тұрғыдан толыққанды қамтамасыз етілмеуі мен оны оқыту үдерісінде жүзеге асыру мүмкіндігін пайдалану дәрежесінің арасында қарама-қайшылықтар туындап отыр. Мұндай қарама-қайшылықтарды болдырмау үшін бастауыш мектепте математиканы оқыту барысында практикалық мазмұнды есептердің атқаратын қызметі мен оларды тиімді қолдануды жүзеге асырудың бағыттарын анықтау қажет болды. Бұл біздің зерттеу жұмысымыздың көкейкестілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының көкейкестілігі, ғылыми-практикалық мәнділігі, бастауыш мектептегі математиканы оқыту үдерісінің ерекшелігі диссертациялық жұмыстың тақырыбын: «Бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту» деп атауға негіз болды.



Зерттеу проблемасы: бастауыш сыныптарда математиканы оқытуда практикалық мазмұнды есептерді қолдану арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту.

Зерттеу нысаны: бастауыш мектепте математиканы оқыту үдерісі.

Зерттеу пәні: оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға ықпал ететін практикалық мазмұнды есептерді шығару әдістемесі.

Зерттеу мақсаты: бастауыш мектепте математиканы оқытуда практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесін жасау және оны практикалық жүзеге асыру.

Зерттеудің болжамы: егер, бастауыш мектепте математиканы оқытуда практикалық мазмұнды есептерді қолданудың психологиялық-педагогикалық негіздері, оқушылардың танымдық қызығушылықты дамытуға қойылатын талаптар мен оларды жүзеге асырудың негізгі бағыттары анықталып жүйелі пайдаланылса, онда оқушылардың математикалық білім мен іскерліктілік сапасы артады, өйткені оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейі жоғарылайды.

Ғылыми болжам негізінде алынған зерттеудің жетекші идеясы - бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту - заманауи талаптарға сай жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудың құрамдас бөлігі болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен болжамына сәйкес мынадай міндеттерді шешу қажет болды:

- практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздерін айқындап, бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытуға қойылатын талаптарды анықтау;

- бастауыш мектептің математика оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарының мазмұны оқушылардың таным қызығушылығын дамытуды қамтамасыз етуін және бұл проблеманың мектеп практикасындағы нақтылы жағдайын айқындау;

- практикалық мазмұнды есептер арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі бағыттарын көрсету;

- практикалық мазмұнды есептер арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған тапсырмалар жүйесін құру, оларды қолданудың әдістемелік жүйесін жасау және жасалған әдістемелік ұсыныстардың тиімділігін эксперимент арқылы тексеру, оның нәтижелерін қорыту және бағалау.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері: дүниетанымдық іс-әрекет туралы оқушылардың оқу-танымдық қызығушылығын дамытуға арналған психологиялық–педагогикалық еңбектер. Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын практикалық мазмұнды есептер арқылы дамыту жөніндегі белгілі педагогтардың, психологтардың және әдіскерлердің еңбектері.

Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының білім беру мәселелері жөніндегі мемлекеттік нормативті құжаттар (ҚР «Білім туралы» Заң, ҚР жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты), Жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламалары (1-4 сынып), әдістемелік әдебиет, 1-4 сыныптарға арналған математика оқулықтары, педагогтар мен психологтардың еңбектері, практикалық мазмұнды есептерді оқыту үдерісінде қолданылатын бастауыш мектеп мұғалімдерінің математиканы оқыту тәжірибелері.

Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша психологиялық-педагогикалық және ғылыми әдістемелік әдебиеттерді теориялық талдау; оқу бағдарламаларын, оқулықтарды және әдістемелік құралдарды талдау; математика сабағында 1-4 сынып оқушыларының және мұғалімдердің іс-әрекетін бақылау, талдап қорыту; оқушылардың практикалық мазмұнды есептер арқылы танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған мұғалімдердің жұмыс тәжірибесін, оқушылардың жазу жұмыстарын, сауалнаманың нәтижелерін қорыту; математикада практикалық мазмұнды есептердің қолданылу жағдайын анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізу; бастауыш мектепте практикалық мазмұнды есептерді қолданып оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту нәтижелерін талдау; эксперимент жұмысын ұйымдастырып жүргізу; олардың нәтижелерін сандық, сапалық талдау және қорытындылау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңызы:

- бастауыш сыныпта математиканы оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту үшін олардың іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру қажетілігі негізделді;

- оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға қажетті білім мен іскерлікке қойылатын талаптар нақтыланды.

- практикалық мазмұнды есептер арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі бағыттары анықталды, оларға сәйкес оқулықтардағы есептер жүйесі оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуды қамтамасыз ететіндей жаттығулармен толықтырылды;

- бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептерді шығарудың әдістемелік жүйесі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

- зерттеу жұмысының нәтижелері бойынша оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған оқу-әдістемелік құрал мен әдістемелік ұсыныстар бастауыш мектепте математиканы оқыту үдерісінде қолданылды, соның нәтижесінде оқушылардың математикадан білімінің, іскерлігінің және дағдысының қалыптасу деңгейі жоғарылады;

- оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған нақты дидактикалық материалдарды бастауыш сынып мұғалімдері, педагогикалық колледждер мен мұғалім даярлайтын университеттердің әдіскерлері оқу үдерісінде пайдалана алады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

- бастауыш мектепте практикалық мазмұнды есептерді қолдану арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың қажеттілігі.

- бастауыш сынып математика курсы бойынша оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға қажетті білім, іскерлік және дағдыға қойылатын талаптар.

- практикалық мазмұнды есептер арқылы бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі бағыттары.

- 1-4 сыныптарда практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың әдістемелік жүйесі.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (2002-2003) зерттеу жұмысының теориялық негіздері анықталды. Психологиялық–педагогикалық, ғылыми-әдістемелік зерттеулер теориялық тұрғыдан тереңінен қарастырылды, сонымен қатар зерттеу проблемасының оқу-әдістемелік құралдардағы және мектептің нақты тәжірибесіндегі жайы жан-жақты талданды, талдаудың нәтижесінде зерттеудің бастапқы деңгейі анықталып, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді жүзеге асыру бағыттары белгіленді. Осыған байланысты зерттеу жұмысының тақырыбы, мақсаттары мен міндеттері, нысаны мен пәні, болжамы анықталды.

Екінші кезеңде (2003-2004) практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесін жетілдірудің жолдары көрсетілді. Эксперимент өткізуге қажетті материал жинақталды. Соған сәйкес әдістемелік жүйе құрастырылды, зерттеу жұмысы бойынша эксперимент жұмыстары жүргізілді.

Зерттеудің үшінші кезеңінде (2004-2006) - зерттеу барысында алынған эксперименттік материалды қорыту, жүйелеу, сандық және сапалық талдау арқылы қорытынды жасау, рәсімдеу жұмыстары орындалды.



Зерттеу нәтижелерінің дәйектілігі мен сенімділігі зерттеу проблемасы бойынша психологиялық-педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттер мен оқу құралдарына, бастауыш сыныптарда математиканы оқытудың жайын жан-жақты талдау және зерттеу жасалынып, олардың негізге алынуы; эксперименттік бағдарламаның педагогикалық мақсатқа сәйкестігі; педагогикалық экспериментке қатыстырылған сыныптар мен оқушылар санының жеткіліктілігі; бақылау жұмыстарының қайталанып алынуы; эксперименттік сабақтардың нәтижелерінің математикалық статистикалық тәсілдерімен өңдеу арқылы қамтамасыз етілуі.

Зерттеу базасы. Зерттеудің негізгі эксперименттік жұмыстары Талдықорған қаласының Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінде, Островский атындағы №8 орта мектебінде, Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернатында жүргізілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу: зерттеу нәтижелері жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарында оқу-әдістемелік құрал, мақалалар түрінде оқыту практикасына енгізілді.

Эксперимент барысында республикалық, халықаралык, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конферецияларда (Талдықорған 2005, 2006, 2007, 2009, Арқалық 2006, Теміртау 2006, Магнитогорск 2007, Шымкент 2008) І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің математика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының семинарларында, университеттің ғылыми-әдістемелік конференцияларында талқыланып, ғылыми есеп түрінде баяндалды; жинақтар мен журналдарда, оның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынған баспаларда: «Ізденіс» (Алматы, 2005), «Ұлағат» (Алматы, 2005), «Бастауыш мектеп» (Алматы, 2005) жарияланды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, зерттеу болжамы, зерттеу әдістері мен зерттеудің негізгі кезеңдері беріліп, диссертацияның практикалық мәнділігі, ғылыми жаңалығы және қорғауға ұсынылатын қағидалары баяндалған.

«Практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың педагогикалық аспектілері» атты бірінші бөлімде практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың психологиялық-педагогикалық негіздері, бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығының дамуына (білім, іскерлік, дағды) қойылатын талаптар анықталды, бастауыш сынып математика оқулықтарына және әдістемелік құралдарға талдау жасалып, олардың оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуда практикалық мазмұнды есептерді қолдану жағдайы, бастауыш сыныпта математиканы оқыту үдерісінде практикалық мазмұнды есептерді қолдану тәжірибесі қарастырылған.

«Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту үдерісінде практикалық мазмұнды есептерді қолдану арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту әдістемесі» атты екінші бөлімде бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі бағыттары, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептерге қойылатын талаптар, осы талаптарға сәйкес оларды іріктеу, бастауыш сыныптарда математиканы оқытуда практикалық мазмұнды есептерді қолданудың әдістемелік шарттары қарастырылып, бастауыш мектептің математика сабағында практикалық мазмұнды есептер шығару арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға нақты әдістемелік ұсыныстар берілген.

Қорытындыда зерттеу нәтижелері, ұсыныстар және осы мәселені ары қарай зерттеудің болашағы бағдарланды.

Қосымшада практикалық мазмұнды есептер жүйесі және оларды шығару әдістемесі берілді.
Негізгі бөлім
Бастауыш мектеп - бұл оқушы тұлғасы мен таным үдерісінің дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын кезеңі. Сондықтан да, бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Психологияда бастауыш мектеп оқушыларының жасы, көбінесе, білімді меңгерудің, зейінділіктің жасы деп саналса, педагогикада - бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, қалыптастыру сияқты өмірлік маңызы бар функцияларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады. Осы функцияларды табысты орындау кіші жастағы баланың танымдық қызығушылығының дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Психологтар мен дидактардың (В.В. Давыдов, Б.Д. Жігітбекова, А.Н. Леонтьев, А.М. Лурье, И.В. Равин, С.Л. Рубинштейн, Н.Қ.Тоқсанбаева, Н.А. Данилов, Л.В. Занков, Қ. Қабділрашид, В.М. Лыкова, С. Рахметқызы, Ю.Н. Тюфанов, П.И. Пидкасистый, Т.И. Шамова, Г.И. Щукина) зерттеулері танымдық әрекет пен қызығудың табиғаты мен мәнін ашты, оларды қалыптастырып жетілдірудің психологиялық-педагогикалық жағдайларын анықтап, құралдары мен әдістерін саралады. Қ. Қабділрашид, В.М. Лыкова, Ю.Н. Тюфанов, Г.И. Щукина оқушының танымдық қызығушылығы білуге әуестіліктен басталатындығын, қызығу мен танымдық қызығушылықтың үш деңгейі болатындығын айтып, олардың даму жолдарын көрсетті.

Әдістемелік жұмыстармен айналысқан педагог-әдіскерлердің (Н.Х. Виссель, Н.А. Корф, Н.В. Буранов, К.Д. Ушинский, В.Я. Сластенин, В.И. Водовозов, Д.Д. Семенов) еңбектерінде қызығушылық мәселесі пәндерді оқытудың дидактикалық негізіне сүйеніп қарастырылған. Олар әр түрлі сатыдағы міндеттерді шеше отырып, қызығушылықтың психологиялық негізін іздеді және солардың негізінде оның әдістемелік тәсілдер жүйесін жасады.

А. Нұғысова, Г.О. Жетпісбаева, Г.П. Тикина, Т.Ә. Әлдібаева және т.б әдіскерлер есептерді шешу арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру мүмкіндігін қарастырған.

Танымдық қызығушылықты дамыту мәселелері жеткілікті дәрежеде зерттеліп келе жатқанымен, бұл ұғымның бір жүйеге түсірілген анықтамалары әлі қалыптаса қойған жоқ. Оның мәнін, таным әрекетіндегі рөлін, онымен байланысты ұғымдардың мағынасын түсіндіруде әр түрлі пікірлер айтылып келеді.

Қызығу дегеніміз - ынтықтылық, алғырлық, тұрақтылық және білуге құштарлық тәрізді компоненттерден тұратын, белгілі бір нәрсеге зейін қою арқылы қызығушылық сезімін тудырып, жүзеге асырылатын жеке тұлғаға тән ерекшелік деп түсінеміз.

Оқушылардың оқу пәндерін оқу барысында қызығушылығын тудыру педагогикада «танымдық қызығушылық» деп аталады (Г.И. Щукина, Л.И. Божович, А.Н. Леонтьев және т.б.). Танымдық қызығушылық адам қызығушылығының ерекше түрі ретінде белгілі оқу пәнінің мазмұнына ғана емес, сонымен қатар бұл білімді меңгеру үдерісіне, яғни таным әрекетіне де бағытталады.

Психологияда ол оқу үдерісінің ең мәнді факторы, оқу әрекетінің маңызды мотиві, тұлғаның тұрақты көрсеткіші ретінде қарастырылады.

Танымдық қызығушылық - әрқырлы құбылыс, сондықтан оқыту, тәрбиелеу және дамыту үдерісіне өзінің әр түрлі жақтарымен әсер ете алады.

Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасып дамиды. Оқушылардың таным қызығушылығы олардың білімінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті мен әдіс-тәсілдерінің қалыптасуына байланысты.

Педагогикалық әдебиеттерде танымдық қызығушылықты қалыптастырудың үш жағдайы жиі қарастырылады.

Біріншісі - оқытудың мазмұны, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, таңдандыратын тарихи деректер, ғылыми білімнің іс жүзінде қолданылуы, бұрыннан білетін мағлұматтың жаңа қырының ашылуы.

Екіншісі - оқушылардың таным әрекетін ұйымдастыру түрлерін, құралдарын және әдістерін жетілдіру. Бұған жататындар: сабақтың инновациялық түрлерін өткізу, оларда қолданылатын техникалық және көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру; танымдық ойындар ұйымдастыру; проблемалық және интегративті ұстанымдарды жүзеге асыру; пәнаралық және пәнішілік байланыстарды тудыру; ғылымның өмірмен, өндіріспен, техника және экологиямен байланысын ашып көрсету; оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын және өздігінен білім алуын тиімді ұйымдастыру; шығармашылық және зерттеу жұмыстарын белсенді қалыптастыру; білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.

Үшіншісі - мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында сыйластық, ізеттілік қарым-қатынасын орнатып, олардың біріне-бірінің жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету. Оқушы өзі ұнатпайтын мұғалімнің пәніне ешқашан қызықпайды. Оқушылардың өзара сыйласа алмайтын, тәртіп жиі бұзылатын сабақтарға ынтасы төмен болады.

Оқушылардың танымдық қызығушылығының нысанына оқу пәндерінің мазмұнына енетін ғылым негіздері, осы мазмұнды тануға бағытталған оқушылардың оқу әрекеті жатады. Г.И. Щукина оқушылардың танымдық белсенділігін, қызығушылықтың бағыттылығын және т.б. көрсеткіштерді ескере отырып, танымдық қызығушылықтың 3 деңгейін (қарапайым, орта, жоғары) бөліп көрсетеді.

Танымдық қызығушылықтың қарапайым деңгейі нақты фактілерге, білімге, суреттеуге, нысан бойынша әрекеттерге зейін қоюдан көрінеді. Танымдық қызығушылықтың орта деңгейі тәуелділіктерге, себеп-салдар байланыстарына, оларды өзбетімен қарастыруға қызығушылығымен сипатталады. Танымдық қызығушылықтың жоғары деңгейі терең теориялық проблемаларға, білімді меңгеруде шығармашылық әрекетке қызығушылықтан көрінеді.

Біз зерттеу жұмысымызда практикалық мазмұнды есептерді оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың бір жолы ретінде қарастырамыз. Өйткені практикалық мазмұнды есептерде танымдық қызығушылықтың дамуына қажетті жағдайлардың барлығы бар. Яғни, практикалық мазмұнды есепті шығару барысында оқушылардың танымдық әрекеті белсенділендіріледі, мотивтері тұрақты сипатқа ие болады, көңіл-күйлері көтеріңкі болады, пәнге қығушылығы артып, соның нәтижесінде олардың танымдық қызығушылығы дамиды.

Практикалық мазмұнды есептерді шешу оқушылардың дүниеге дұрыс көзқарасын қалыптастырып, күнделікті тұрмыста пайда болатын мәселелерді тез шешуіне ықпал етеді, ең бастысы – олар оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін (сезінуін, қабылдауын, елестетуін, ойлауын, сөйлеуін) дамытудың таптырмайтын құралы. Өйткені, практикалық мазмұнды есептерді шығару барысында оқушылардың есеп шығару дағдылары және өз ойларын еркін жеткізу іскерлігі қалыптасады, олардың логикалық ойлау және шығармашылық қабілеті дамиды, бағдарламаға енетін кейбір материалды оқушылар терең меңгереді және алған білімдерін күнделікті тұрмыста қолдану іскерлігінің қалыптастырылуын қамтамасыз етеді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет