Стр. 242 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 241
Стр. 243
Қазақстанның ашық кітапханасы
242
Вася мен Володя қатты қысылып барады. Айғайлары тым жиі, тым ащы шығады. Бір-
біреуі оңдармен алысып, өлім барын ұмытып кеткен сияқты. Мұндайда командирдің
қатардан шығып қалғаны ауыр әсер етеді. Дәл осы қысылшаңда жараны елей қалсам, одан
үлкенге ұшырайтынымыз да анық. Екі қолымды пулеметтің құлағына тастай қылып
жапсырып алдым да, айғай салдым:
—
Володя!.. Вася!.. Самед! Үр!..— деп өлі-тірісіне бірдей команда бердім. Бұл жерде
үшеуіміздің дауысымыз бірдей шығып тұруы — ең үлкен арқа сүйеу сол ғана еді.
Самедтің қаза болғанын Вася мен Володя көрген де жоқ-ты.
Пулеметінің оғы таусылып, Володя маған қарады. Қасымда қалған екі гранатаны оған
беріп, өзім пулеметке қайта еңкейдім.
—
Костя! Мұнда көшейік! — дейді Володя қопарылып қалған бекіністің, кесек
тастарын нұсқап.
Мен жараланғанымды білдірмейін деп, пулеметімді құйрығынан сүйрей әрең жылжып
кесек тастардың арасына бардым. Артымнан бір қызыл жылан ере келе жатқандай қан
сорғалап шұбалып етегіме оралып келеді. Сол қызыл жылан содан кейін қайда барсам да
соңымнан қалмай ере берді, ере берді... Опырылып құлаған бекіністің өркеш тастары
берік пана боларлық екен. Мен жылжып сол тастардың арасына көштім.
«Ура» жақындаған сайын, төбеге түскен гранаталар да сирей бастады. Енді қызу айқас
теңіз бен аралыққа ауды. Жаудың жаяу әскері біздің төбеден сыпырылып түсіп кеткені
байқалды. Теңіз жағасының ескек желі төбенің үстіндегі қара боранды етегімен желпіп,
ысырып әкетіп барады. Мешел баладай астымен жылжып кетіп бара жатқан
«Фердинандтар» көріне бастады. Манадан гүрілін естігеніміз болмаса өзін көре алмаған
самолеттер де көзге ілікті. Біздің төбеміздің батысы мен шығысын бөріктіре бомбылап
жүр. Аспанға ақ орамал лақтырғандай, шаңқ-шаңқ етіп зеңбіректер тұр.
Біз қауіп-қатерден құтылып қалыппыз. Енді, келе жатқан десантқа жәрдем беруді ойлап,
ракета ата бастадық. Жырым-жырым болса да ығыспай желбіреп, қызыл туымыз тұр.
Әлде қай түкпірде қалған ракеталарды тауып алып, балаша қуанып, үсті-үстіне атып, танкі
тізбектерін, зеңбірек топтарын нұсқап жатырмыз.
Вася мен Володяның көз қарастарында «Самед қайда?» деген сұрау тұр, ол сұрауды
бергізгім келмей:
—
Біз енді үшеу-ақпыз... Қазір жүздерге айналамыз... Кешке дейін мыңдарға
айналармыз,— дедім.
«Ура» толқыны етекке келіп тірелді. Аяғы саулар атып тұрып:
—
Ревякин! Ревякин... Костя, бері кел! — дейді, өздері траншеямен төмен ұмтылып
бара жатып.
Оң аяғым бөрене сияқты жансыз сезіледі. Күпшектей болып ісіп, етіктің қоншын кернеп
барады. Сау күнінде аяқтың да салмағы барын кім ескерген енді темен тартып қозғалтпай
қойыпты. Володя артына бұрылып:
—
Сен немене, жараланып қалғанбысың! —деді.
Жолдастардың алдынан қарсы жүгіре алмағаныма мен жылап жіберген екемін.
—
Вася, бері кел, Костяны көтеріп ала түсейік! — деп, Володя менің қасыма келді.
Достарыңызбен бөлісу: |