Бақылау сұрақтары:
Есім баяндауыштар мен етістік баяндауыштар және олардың мағыналық ерекшелігі қандай?
Баяндауыш қызметінде жұмсалған зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктердің тұлғалық, мағыналық ерекшеліктері туралы айтыңыз.
3.Баяндауыш қызметінде жұмсалған үстеу, еліктеу, модаль сөздердің тұлғалық, мағыналық ерекшеліктері қандай?
4.Күрделі баяндауыштар және оның түрлері мен жасалу жолдары қандай?
14-дәрістің тақырыбы: Жай сөйлем құрылысындағы тема мен рема
Дәрістің мақсаты: Синтаксистік құрылыстағы тема мен реманың берілу көрінісі туралы түсіндіру. Жай сөйлем құрылысындағы тема мен рема туралы мәлімет беру.
Қарастырылатын мәселелер:
1.Синтаксистік құрылыстағы тема мен реманың берілу көрінісі
2. Тема-рема мәселесі – сөйлем құраудың ең басты амалдары
Сөйлемнің бастауыш, баяндауыш мүшелерімен тығыз байланыстырыла қаралатын мәселе – синтаксистік құрылыстағы тема мен реманың берілу көрінісі. Өйткені бұлар да сөйлем мүшелерін ұйымдастыруда, сөйлем негізіне қазық болуда айырықша қызмет атқарады. Тема мен реманың осындай қызметі ескерілгендіктен де, бұларға соңғы жылдары тіл білімінде арнайы көңіл бөліне бастады. Ал тема мен реманың өзін қалай түсінуіміз керек, бұлардың сөйлем ішіндегі қызметі қалайша көрінеді тәріздес мәселелер төмендегі талдаулардан ашылатын болады.
Тема-рема мәселесі – сөйлем құраудың ең басты амалдары. Сөйлемде айтылатын негізгі ой, түптеп келгенде, осы екеуінің айналасына құралады. Айтушы адамның әр түрлі мақсат, тілегіне сай кейде бұлардың орны алмасып отырады.
Тіл білімінде соңғы кездерде жиі қолданыла бастаған «тема» деген ұғым хабарланған оқиғаның басталу шегін білдіреді, сондықтан да ол кейде бастауыш мүшесімен де байланысып жатады. Алайда «тема» деген ұғым әруақытта да бастауыфшпен сайма-сай келе бермейді. Ал «рема» деген ұғым бір нәрсе жайында хабарланған оқиғаны білдіреді, сондықтан да ол кейде баяндауыштың атқаратын қызметімен астарласады, алайда мұндай байланыс әруақытта да бола бермейді. Мына бір сөйлемді қараңыз: Асан кітапханада отыр. Хабарланған ойдың басталу шегі, қайнар көзі – Асан /бастауыш/ . Сондықтан да ол – сөйлемдегі ойдың түп қазығы да. Сөйлемдегі ойдың екінші бөлшегі кітапханада отыр. Асан жайында айтылған хабардың амал-әрекетін білдіреді, осыған орай да бұл екінші бөлшек «рема» деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |