Қатын әулие, қыз әулие, Көктанды аңыздары
Қатын әулие Балықты ауылының қарт қаратау қойнауына қарай 7-8 шақырым қашықтықтағы Көктанды деген жерде. Осы жерден Қайыршақты өзенінің бір саласы Көктанды өзені басталып, Көкбұлақ өзенімен бірге Арыс өзеніне құяды. Қазіргі уақытта Көктанды өзенінің басында сырты қоршалған Қатын әулие мазары тұр. Бұл әулиеге перзент көрмеген әйел балалары, жан күйзелісіне түскен қыз –келіншектер тәу етіп, жандарына жұбаныш іздейді. Әулие туралы аңыздың баяндалуының өзі де өте қызық. Баяғыда Көктанды жерінде бір әйел айы күні жетіп, босанарда бала үстінде туа алмай қайтыс болады. Әйелді сол жерге жерлейді. Көптеген жылдар өтіп, сол жерге бір жылқысы көп атақты бай көшіп келеді. Уақыт өте келе байдың жылқысы қырыла бастайды. Қатты сасқан бай ұйқысыз түндер өткізіп, ойланады. Бір күні таңалагеуімде сыртта уайым жеп отырған бай екі бала ерткен ананы көреді. Ана екі кішкене баланы ертіп, өзеннен су ішіп, қайтып көрге кіріп кетеді. Содан бай бұл жердің әулиелі мекен екеніндігін сезініп, мазарды қоршатып, құран оқытып, құдайы береді. Аллаға құлшылығынан кейін жазмыштың құдіретімен байдың малының өлуі де тоқтапты. Ел ананың құрсағында егіз бала болғанын сонда біліпті. Міне, Қатын әулие аңызының сюжеттік желісі осылай. Аңыздың түбі ақиқат дегендей, Кеңес заманының кезінде қазір көзі тірі бірен-саран азаматтар бала ерткен ананы да көрдік деп әңгіме қылады. Енді мұның ақиқаты Аллаға аян. Аңызда Көроғлы, Көртегін, Көрқап, Қорқыт аңыздарындағы оқиға желісінің алғашқы көрінісі сөз болған. Академик Ә.Марғұлан: «Жойқын алыптарды үңгірде, көрде туғызу – салт-сананың ең ескі түрінің бірі. Өйткені, үңгір –адам баласының ежелгі тұрағы, өсіп-өніп, бірініші із қалдырған жері. Осындай ежелгі орындар заман өткен соң, кейінгі ұрпаққа ата-бабаның ежелгі қонысы, ұйық жері болып саналған. Үңгірді қасиеттеу, үңгірдегі ата-бабалардың сүлдесіне бас ию - ежелгі түркі тайпаларының байырғы ісі болған. Бергі заманда жаратылыстағы ғажайып көріністерді қадірлеу, асқар тау, қия тас, жер-суды қасиеттеу оғыз бен қыпшақтарда ерекше орын алады. Салт-сананың бұл түрін қазақтар сол ежелгі қалпында сақтап келді» - дейді[2.188-189б.]. Қазақ халқының наным - сенімде көрде туылатын баланы алып, жойқын күштің иесі, батыр санаған. Абылай хан өз заманында батырларын молаға түнетіп, олардың кейбір жастарын түнде мазарға жеке жіберіп, алдын - ала кебін кигізіп көрдің ішіне жатқызып қойған кісісі, алдынан ақырып шыққанда қорықпағандарын ғана батыр деп таныған. Жоғарыдағы ой тұжырым, Абылай ханның батырларды баулудағы іс әрекеті бүгінгі бізге Қатын әулие аңызын Түлкібасы жеріндегі ең көне аңыздардың бірі екендігін көрсетеді. Оның үстіне ежелгі түркілердегі қатын сөзі қасиетті құрметке ие болып, қазіргі ханым, бәйбіше сөздерінің баламасы іспеттес. Сібірдегі Қатын өзені, Шымкент қаласындағы Қатын көпір атаулары бұған дәлел.
Ал Қыз әулие аңызының желісі былай өрбиді. Ертеде жаугершілік заманда сол маңдағы елде өте сұлу, ақылына көркі сай бір ару қыз өмір сүріпті. Айттырылған жеріне ұзатылатын уақыт таяғанда елді жау шабады. Қатыгез жау халықты қырып, дүние-мүлікті тонап, малды айдап, қалғанын тұтқынға алады. Сол тұтқындардың ішінде ару қыз да болады. Содан Қатын әулие маңына жақындағанда қыз тәнім мен арымды сұм жауға қорлатқанша Алладан адал өлім тілеп, өзінің тасқа айналуын сұрап, сол маңдағы сайға қарай қашады. Тілегі қабыл болып, қыз сайда тасқа айналып кетеді. Артынан қуған жау сарбаздары қыздың көз алдарында тасқа айналғанын көріп, шошынып кері қайтады. Сол заманнан халық сол сайдағы тасты Қыз әулие -деп атап кеткен дейді халық аңызы.
Аңыздардың сюжеттік желісіне қарап академик Ә.Марғұлан, проф. М.Мырзахметұлы еңбектеріне сүйеніп, бұл аңыздарды түркілік дәуірдің оғыз қабатына жатқызамыз. Қыз әулие - Қырыққыз аңызының сюжеттік желісін қайталайды. Қырыққыз туралы аңыз облысымыздың Өгем тауы мен Тұрбат ауылының іргесіндегі тау бөктерінде сақталған.
Ал, енді Көктанды баба кесенесіне табылған көктастағы жазуды оқысақ: (Жандарбек ибн Бекхожа 1334ж мұсылман жыл санауындағы, қазіргі жыл санақ бойынша 1432 жылға тура келеді) Бекхожаұлы Жандарбек - деп оқыған. Оқыған ф.ғ.к., Абилхайыров Нұрмұхамед Зияудинұлы деген азамат. Осы істе бастама болып суретке түсіртіп, оқытып зерттеуге мұрындық болған Сапар Қолдасов атты азамат.
«Көктанды бұлағының суын білетін адамдар көкжөтелге қарсы ішеді. Бала күнімізде көкжөтел, іші өтіп ауырған ауыл балаларына Көктандының суын ішкізетін. Оны бала күнімізде ауыл қарияларынан естуші едік» - дейді Сапар аға.
Көктанды негізінен - Көктәнді немесе – Көктонды деген түркілік дәуірдегі адамның есімі болуы да, “О”- әріпі көп замандар өткеннен кейін тілдік заңдылыққа байланысты “А”-әріпіне айналады. Академик Ә.Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздары» еңбегіндегі «Көктонды сол кездегі қаңлы ханның есімі» дейді. Түркілер Көктонды, Тоныкөк деп өздерінің ұрпақтарына тәңірлік сенімге байланысты есімдер қойып отырған. Көктанды атауы Түркілік дәуірдің еншісінде болғандықтан ондағы Қатын әулие мазарында жерленген әйел Көктонды есімді ханның немесе Тарханның зайыбы болуы да әбден мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |