Теке қамал, Бұғы қамал тарихы туралы аңыз
Қарт Қаратау өзінің көз алдында өткен сан алуан тарихи оқиғаларды бойында бүгіп, тып-тыныш мүлгіп жатыр. Алайда тарих ел аузында аңыз-әңгіме болып айтылып, қасиетті таудың әр бөктері мен шоқысының атауларында тұр. Білген адам сол атаулар сырына үңіліп, тау туралы аңыз-әңгімелерді зерделесе, қария тау сөйлей жөнеліп, көз алдымызға ата-бабаларымыздың ел билеудегі көрегендігі, адамгершілік ары мен мал жанын қорғаудағы ерлікке толы өнегелі істерінен рух алары хақ. Ұлы Абайдың:
Болмасаңда ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз - дегендей өсіп келе жатқан жастарымызға туған жер туралы тарихты білуге пайдасы тиер деген оймен бұл аңыз тарихын жазуды қолға алдық.
Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарының шектесер шекарасының тұсындағы Қаратау жоталарында Теке қамал, Бұғы қамал деген жан жағы құзбен қоршалған алқап жатыр. Осы алқапты қазақтар ХҮІІІ ғасырда қалмақтар мен қырғыздарға қарсы соғыста стратегиялық жағынан таңдап алып соғысып жеңген жерлері. Қырғыздың атақты Садыр, Есенқұл, Әтеке жырық, Теке батырлары ХҮІІІ ғасырдың аяғына таман қазақ халқына қайта-қайта шабуылдап, тыныштық бермейді. Мұндай іс қимыл қазақ халқы батырларының тарапынан да көрініс тауып отырған. Алма - кезек жеңіс, ұдайы соғыс екі бауырлас халықты әбден титықтатады. Қазақтың шанышқылы руының Бердіқожа батыры туралы еңбек қырғыз - қазақ соғыс туралы тың деректермен жазылған. Қазақ пен қырғыз соғысының нүктесін атақты Абылайхан Жайыл соғысында қойды. Ол соғыс туралы Ш.Уалиханов өз еңбегінде:
«Қырғыздар Абылайдан талай жеңіліске ұшыраған, бірақ Абылайдың 1770 жылғы шабылуы Алатау қырғыздарының әсіресе ұмтылмастай боп есінде қалған. Сол шабуылда қазақтардың күші анағұрлым басым екені анық көрінеді де, сол кезден бастап қырғыздар мен Үлкен орданың қазақтарының арасында жаңа қарым-қатынас, осы күнгі қарым-қатынас орнайды. Найманның көк жалды Барақ сұлтаны Алатау қырғыздарына шабуыл жасайды. Жолында ешбір қарсылық кездестірмей, бағына масайраған Барақ – бейғамдыққа салынып, күштілігіне дандайсып, Алатау қырғыздарының қасиетті Қошқар ата моласын қорлайды. Барақтың мейірімсіз, сорақы қылығына ыза болған Алатау қырғыздары астыртын келісіп, жиналады да, Барақ әскеріне түнде тұтқиылдап тап береді. Жеңімпаз Барақ ешбір қарсылық көрсетпей, бүкіл әскерінен тастап, қаша жөнелген соң қырғыздар оның қыр соңына түсіп, Ілеге дейін қуады.
Қырғыздар Барақтардың ойда жоқта қарсыласпай қашып, кетуіне өздерінің әулиесі жақ болды деп есептейді.
Барақ жеңілісінің кегін қайтару үшін Абылай, арғын, найман, үйсіндерден құрған күшті әскер қолымен Талас өзенінің жоғарғы Үш-Қошай саласынынан өтіп, Күреңбелес тауының түбінде солты мен саяқтардың шоғырлана қонған ауылдарына қирата талқандайды. Сөйтіп, мол олжаға қарық болып, көп тұтқын айдап, Шу өзеніне құйылатын Қызыл су мен Шамши арқылы қайтып келе жатқан жолында бүкіл оң мен сол қырғыздарының сансыз көп әскер қолына душар болады. Оқиға Шу бойында, Ақсу мен Қызылтуғанның сағасында алқапта өтеді. Тоқаштың қаратөбесі қазақтардың топталып, ту тіккен жеріне айналады. Қырғыздар тұтқындарды құтқармақ болып, өлімге бас байлап, жанқиярлықпен ұрысса да, қазақтар жеңіп шығады. Солтының ру басы Жайыл өзінің Үсен, Теке деген баласымен бірге ұрыс майданында қаза табады. Алатау қырғыздары жантүршігерлік қырғынға ұшырайды. Шоңбағыш руынан тек болғаны екі ауыл ана, Шоңталқан тармынан небәрі қырық кісі ғана аман қалады.
Жайылдың қызы, Атекенің әйелі Бикемжанның жоқтауын қырғыздар осы кезге дейін жырлайды және Жайыл қырғыны деп аталып кеткен бұл соғысты халық әлі де ұмытқан жоқ.\ 6.253-254б\» дейді.
ХҮІІІ ғасырда орыс барлаушыларының қазақ пен қырғыз халықтарының қарым - қатынасы туралы күнделіктерінде қырғыздың Садыр, Жайыл, Есенқұл деген манаптарының қазақ халқына жасаған жорығы, көрсеткен қиянаты туралы деректер өте мол. Осындай оқиғалар патшалы Ресейдің қырғыз манаптарына дем беріп отырған болуы да мүмкін деген ой туғызады. Қырғыздың Садыр атты манабы өзін хан санап Есенкұл, Жайыл атты ру басылармен бірігіп қазақ халқына тонаушылық соғыс жасаған. Жайылдың ұлы Теке өзіне қарасты елі мен қырғыздың бұғы тайпасынан әскер жасақтап, қазақтарға қарсы тонаушылық соғыс ашады. Алғашқы кезде көптеген қазақ ауылдарын шауып, жеңіске жеткен Теке Қаратаудың үстімен Түркістан мен Созаққа аттанады. Қалмақтар мен соғысып тосын келген жауға тойтарыс бере алмай қалжыраған ел әбігерге түседі. Сол кезде Ташкент қаласын билеушісі
Төлеби келмей жүріс жоқ,
Қойгелді келмей ұрыс жоқ - деп аты Әзиз Төлебимен қатар аталып, есімі халық мәтеліне айналған даңқты қолбасшы, шымыр Қойгелді батыр Оңтүстіктегі қазақтарға сол алқапта қырғыздарды қоршау керектігі туралы сауын айтып, Ташкент қаласынан шағын әскер жасақтап шұғыл аттанады. Қазақтың қалың қолы Теке батырдың әскерін қамауға алып, тас-талқан етеді. Жазықсыз елге жапа шектіргендер жазасын алады. Басшысы Теке батыр қоршаудан жан сауғалап, әскерін тастап шығысқа қарай өзі қашады. Қойкелді батыр он мықты жігітті жүйрік аттарымен Теке батырды қуып жетіп тірідей әкелуді тапсырады. Жігіттер Жамбыл облысындағы Күйік тауына дейін қуады. Еш жерден Теке батыр көрінбейді. Сонда онбасы: «Теке батыр мұнша ұзап кетуі мүмкін емес. Оның аты соғыста шаршаған. Ол не болса да арқамызда жасырынған болуы мүмкін, сондықтан жігіттер қайтар жолды қарайық» деп кеңес айтады. Қайтар жолда көп ұзамай жігіттердің алдынан кимешек киген, арқасында қабы бар тезек теріп жүрген әйелге кезігеді. Қуғыншы жігіттердің біреуі әйелден жөн сұрамақ болып қасына жақындағанда, кимешекті әйелдің дене тұрпаты тым ірі, әйелге ұқсамайтындығын байқайды. Жігіттің сезіктенгенін білген Теке батыр дереу қазақ сарбазына ұмтылады. Қуғыншы жігіттер де уақыт ұттырмай көмекке келіп, тонаушы Текеге бұғау тастап қол-аяғын байлап, жайдақ атқа теріс отырғызып Қойгелді батырдың алдына алып келіпті.
Сол соғыстан кейін осы алқапты «Теке батыр қамалған», «Бұғы әскері қамалған» деген тарихи сөз тіркестері бұл күнде Теке қамал, Бұғы қамал деген аңызбен ел аузында жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |