Ұмай ұғымы – Майлыкент, Майтөбе, Майбұлақ
топонимикалық атаулығының негізі
Қасиетті Түлкібас топырағы қазақ еліне ғана емес, сонау көне дәуірлердегі бабаларымыз сақтар мен ғұндарға, олардан кейінгі көптеген түркі тайпаларына да құт мекен болып, қазіргі бізге мұра болғанға ұқсайды. Бұлай айтуға себеп те, дәлел де аз емес. Оның себебі аудан жеріндегі Алланың берген табиғат байлығы десек, дәлелі жер-су яғни топонимикалық атаулары.
ХХ ғ. басында бұл жерлер Патшалы Ресей отарлаушыларының көзіне бірден түсіп жергілікті қазақтарды ығыстырып орыс мұжықтарын орналастырады. Олар Түлкібасының жер, суын өз тілдеріне икемдеп, өздеріне жақын атауларды қойып, жергілікті халықтардың жадын адастыруға күш салды. Кеңес Империясы бұл саясатты үдеткені сонша, орысша атаулар қоюды сәнге айналдырды. Дәл осы кезеңде бабалар қойған кейбір жер-су атаулары отаршыларға біріншіден, мүлдем түсініксіз болып, екіншіден, бұл атаулардың тарихынан бейхабар болған басқыншылардың ата-баба мұрасымен келіспеуге ешқандай мүмкіншілігі қалмады. Сондықтан да отаршылар көне жер-су атауларын өз атауларымен қалдыруға келісімге келді. Келісімге келмей немене 70-80 жылдары аудан орталығы Ванновка қазіргі Т.Рысқұлов селосының ортасында «Майлыкент» мейрамханасы тұрды. Бұған қоса Арыс, Көктонды, Балықты, Дәубаба, Сарытөр, Састөбе т.б. топонимикалық атауларды отаршылдар тілінің заңдылықтарына қанша салып бұрамалағанымен оның түпкілікті мәнін өзгерте алмады. Міне тәуелсіздіктің арқасында осындай бабалар қалдырған асыл мұраның негізіне көзіміз жете бастады. Соның бірі көне түркілердің «Ұмай ана» ұғымының Түлкібасы жеріндегі Майлыкент, Майтөбе, Майбұлақ атауларына қатыстылығы.
Көне түркілердің Ұмай ана түсінігін төмендегіше өрбіткелі отырмыз.
Сақ тайпаларының көне түркілермен генеологиялық байланысының болғаны көмескілеу көрінгенімен, географиялық байланысының бар екені баршаға мәлім. Көне түркілерде патриархалды басқару жүйесі бекігенімен, олардың дүниетанымында әйел затына деген құрмет ерекше-тін. Түркілер әйелді күнделікті тұрмыста шаңырақтың бір уығын көтерісетін ер адамның қосағы деп ғана түсінген жоқ, әйел затын қасиетті «Ұмай ананың» сарқыты деп бағалады.
Түркілердің «Ұмай ана» түсінігінде әйел тегіне деген текті ұғым жатыр. Көне түркілердің мифиологиясында «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебейтін періште саналады. Бізге жеткен деректерде ерте дәуірде Алтай тауын мекендеген түркі жұртты құрық бойы қар жауған бір қатты қыста қырылып қалады. Осы қақаған аязда Айсұлу атты қыз бөстекке оранып аман қалыпты. Оны Алтайдың үңгірін мекен еткен Аю батыр тауып алып, Айсұлуды ес-түссіз жатқан жерінен Ұмай ананың көмегімен тірілтіп алады. Көп ұзамай Аю батырдан Айсұлу жүкті болады. Аю батыр үйде жоқта толғақ қысқан Айсұлуды Ұмай ана жебеп, бір ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Содан түркі қауымы бір рулы елге айналып, бүгінге күнге жетеді (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырған Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Ғылым баспасы. Алматы 2002). Яғни, көне дәуірлерден келе жатқан бұл аңыздан ұғатынымыз «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебеуші, мейірімді рухани күш саналады.
Кейбір батыс зерттеушілері «Ұмай ананы» Тәңірге балап, ер түріктің ұрпағын хақ сенімнен адастырғысы келеді. Алайда, «Ұмай ананы» теология және космоганиямен байланыстырудың еш реті жоқ. Бұл туралы зерттеуші Д.Қыдырәлі: «Ориенталист ғалымдар «Ұмай сөзін «тәңір ана» деп қате аударып жүр. Біздің ойымызша, Ұмай - аналарды қолдайтын періштенің аты. Қыз ұзатылғанда, неке қиылғанда, әйел босанғанда Ұмай анадан медет тілеу осыдан келіп шыққан» (Д.Қыдырәлі Атымды адам қойған соң... Таймас баспасы. Алматы 2008ж) - деп «Ұмай ана» ұғымын зерделеген.
Көне түркінің дүниетанымында «Ұмай анадан» өзге «бес ене» түсінігі де болған. Әсілі, қазақтың «бесенеден белгілі» сөз тіркесі осы «бес ене» ұғымынан шыққан. Көне түркілер пендені желеп-жебейтін Ұмай ана, Май ана, От ене, Ұмайық және Бай әжені «бес ене» деп қабылдаған (Бақыт Әбжет. Түркі халықтарындағы шамандыққа сыйынудың негізгі түрлері). «Бес ене» періште текті рухани күш саналғандықтан, адамды ауруынан емдеп, жолын ашып, алдынан жарылқай білген. Осы себептен де көне түркілер «Ұмай анамен» бірге «бес енені» де пір тұтқан.
Біздің пікірімізше түркілер «Ұмай ана» деп Адам атаның қосағы Хауа ананы айтқан секілді. Себебі, белгілі руника зерттеушісі Қ.Сартқожаұлы да Орхон-Енесей тас жазуында түркілердің «Ұмай текті ұрпақ» деген тіркестерді қолданғанын жеткізеді (С.Қаржаубай. Орхон мұралары. Күлтегін. Астана 2003). Демек, түркілер «Ұмай ананы» Тәңірге баламай, керісінше оның жатырынан жаралғанын пайымдаған. Әрине, бұл пікіріміз әлі де зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, түркілер адамзат атты алып ағаштың бір бұтағы саналғандықтан, олардың алғашқы жаратылыс иесінің жары Хауа ана туралы білмеуі де мүмкін емес деп ойлаймыз. Яғни, түркілердің дүниетанымындағы «Ұмай ана» Адам атаның қосағы Хауа ана болуы бек мүмкін.
Белгілі түркітанушы ғалым Болаттемір Алтаев: «Қазақта «бала әкесінің бауыр етінен жаралады» деген ұғым бар. Ал құйрықтың қолданылуы Ұмайға табынып, отқа құйрықты (май) салудан қалған дәстүр. Сонда қыз баласын отбасына қосқаны. Себебі от – отбасын не шаңырақ ұғымын танытқан. Нәтижесінде шеше ұғымын танытса керек. Келінге үйдің табалдырығын аттатарда «От ана! Май ана! Жарылқа!» деген сөздерді айтқызу осы Ұмайға табынудың ізі еді.
Сонымен, ежелгі түрік халқының ұғымында Тәңірі (бауыр) аспандағы ер ролінде көрініп, Ұмай-Жер-Ана болып қабылданған. «Құда» болу «Құдайдың келісімі» болып шығады» дейді. (Қазақ тарихы 1993 №3).
Бізге белгілісі көне түркілер Ұмай анаға үлкен құрмет көрсетіп, белгі қойып, суреттерін тасқа қашап салған. Қазіргі ғылыми жаңалықтардың ақпарат көздерінің айтуынша Ұмай ананың тасқа қашалған алтыншы белгісінің табылуы жоғарыдағы ойымызды нақтылай түседі.
Көшпенділер мәдениеті мұрасы және Мәдениет саясаты институтының негізінде жаңадан құрылған Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев: «Бір ай бұрын біздің инситуттың ғалымдары Алматы облысы Жамбыл ауданында тасқа қашалған мүсінді тапты. Ол сарапшылардың пайымдауынша, Ұмай анамыздың бейнесі. Бұған дейін Ұмай анамыздың бейнесі көне түркілер мекендеген жерлерде 5 рет табылған екен. Бұл алтыншысы. Ол сенсациялық ғылыми жаңалық деуге болады», - дейді. Бұл жаңалықты ашқан Көшпенділер мәдениеті инситутының жетекші ғылыми қызметкері Алексей Рогожинский бастаған археологиялық- этнографиялық ғылыми экспедиция. Алексей Рогожинскийдің айтуынша, ол ежелгі түркі кезеңінде яғни, ең кемінде біздің дәуірімізге дейінгі 7-8 ғасырларда қашалған. Қоғалы шатқалынан табылған бейнеленген суретке қатысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Түркітанушылардың кейбірі бұл Ұмай ана десе, екіншілері ежелгі Түркі және Қытай жазбаларында Ұмай ананың бейнесіне қатысты дәл, нақты мәліметтердің жоғын алға тартуда.
Тарих ғылымдарының кандидаты А.Рогожинский: «Бұл Қазақстан аумағындағы Ұмай ананың тасқа қашалған алғашқы бейнесі емес. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда табылған бейне Мемлекеттік орталық музейге қойылған болатын. 2009, 2012 жылдары Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Қоғалы шатқалында аралығы бірнеше жүз метр болатын екі жерден бірегей бейнелер табылып отыр», - дейді.
Ойымызды әрі қарай өрбітсек ф.ғ.д. Р.Әлмұханова: «Ұмай мен Елена образдарының арасында да байланыс бар. 1969 жылы Жамбыл облысы Майтөбе селосы Билікөл көлінің оң жағалауынан табылған үш мүйізді бас киім киген адамның тас қашау суреті табылған. Оны археолог С.М. Ақынжанов Х ғасырдың мұрасы деп есептейді. Мұндай суреттер Ыстықкөл жағасынан табылды. Дәл бұл суреттерде ескерткіштердегі бейненің жыныстық белгісі жоқ, бірақ Тохаристан мен Соғда өңірінен табылған осындай суреттерді салыстыру нәтижесінде оның әйел бейнесі екені дәйектелген. Үш мүйізді бас киім – өнімділік символы. Тарихта болған-болмағанын дәлелдеу қиын, бірақ мифтік санадан шыққан деп есептелетін Троя соғысына себепкер деп айтылатын Елена – архаикалық грек мифологиясында өнімділік құрайды. Оны айқындайтын белгі-басына өрілген кәрзеңке киюі» деп ой айтады. Бұл жерде Майтөбе ауылынан Ұмай Ананың бейнесінің табылуы Майтөбенің Ұмайтөбе екендігін толық дәлелдейді. Қазақ халқы бұл Ұмай ұғымы негізінде пұтқа табынған жоқ. Қайта исламды қабылдап хадистегі «Бірінші жақсылық анаға, және анаға, анаға» деген хақтың сөзін шын мәнінде ұғынып, оны әлемдік деңгейге көтерді. Халқымызда әлі күнге дейін құдалықта құйрық бауыр асатып, жас келінге отқа май салдырады. Бұл арада өзге май салмай нақты құйрық майды салудың да өзіндік себебі де жоқ емес. Орналасуы жағынан құйрық пен ұмай ұма жыныс мүшесіне жатады. Демек, ұмай, ұрық, ұрпақ сөздерінің мағынасы төркіндес оның жыныс мүшесінен басқа мағынасы анағұрлым кең. Біріншіден, отқа құйрық май салу отың өшпесін, ұрпағын жалғассын, дүниеге сәбилер келе берсін деген ұғыммен астасып жатыр. Құйрық-бауыр асату салты, біз енді бауыр болдық дегенді білдіріп, құйрық майын қосып беруі осы жерден біз шығып едік, енді осы жерден шыққан ұрпақ сендер жалғастырыңдар деген мағынаны береді.
Қазақтың классик ақыны Абай:
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
немесе
Күн-күйеу, жер-қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өңіне шырай беріп.
Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай.
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
деп аспанды әке, күнді күйеу жерді ана яғни адамзат ретінде образды түрде суреттеуі түркілік танымның Абай танымындағы көрінісі болып табылады. Абайды образды түрде сөйлеткен қазақ ұлттық танымы болса, бұл танымның бастауы түркілік кезеңде жатыр. Тіл ғылымында «Ұмай» сөзінің төркіні жөнінде мынадай жорамал бар. Ұм «желін» сөзінің “Ұ” дыбысы “Е” дыбысына өзгеруімен барып шыққан. Сондықтан ем, емшек, алтайша емеген (ана), сахаша – емше (бие) деген мағынаны көрсетсе, қырғыз тілінде ене – ана деген мағынаны береді. Ұма – ұмай, ана,ене, мама, muter, mother – сөздерінің айтылуы мен дыбысталуы кездейсоқтық емес. Күллі түркі тілді халықтар шешелерін ана немесе ене деп айтады. Мама сөзі – қазақта желіні үлкен, сүтті, үш-төрт құлындаған биені мама бие дейді. Ал С.Торайғыровтың:
Мен сәби ештеңені білмеген,
Анамның ақ мамасын аймалаған – деп жырлауында да қазақ халқында мама – сөзі емшек мағынасында қолданылып тұрғанын көреміз. Еуропа халықтары оның ішінде: герман тілді халықтар және славьян халықтарының ананы – мама деуі кеудесіне қарап атаудан шыққандығын байқатады. Олай болса, Ұма – сөзі Индияның Има – сөзінен шықты деген пікірдің қате екендігіне көз жеткіземіз. Бұл дыбысталудағы, айтылудағы ұқсастық Ұма сөзінің жалпы адамзатқа ортақтығын байқатады. Бұл сөз қысқаша айтқанда Адам ата мен Хауанадан қалған мұра сөз деп есептеуіміз керек. Оның үстіне М.Қашқаридың «Түрік сөздігінде»: «Ұмай жолдас (қатын босанғанда құрсағынан шығатын нәрсе...Сонда мақал да бар: Ұмайға табынса, оғұл, болұр – жолдасқа табынса, ұл болар; кім жолдасқа қызмет көрсетсе, ұл көреді». Қатындар мұны жақсылыққа жориды» делінген.
Қорыта айтқанда осы тұжырымдардың негізінде Майлыкент – Ұмайлы кент, Майтөбе – Ұмай төбе, Майбұлақ – Ұмай бұлақ екендігіне көз жеткізгендейміз. Себебі Ұмай - май, кент- қала деген ұғымды білдереді. Майлыкент атауы - ислам дініне дейін көктүркілер Ұмай анаға ескерткіш орнатып немесе белгі қойған кішкене қаланың Түлкібасы жерінде болғандығын айғақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |