ТАҒылым мен аманат



бет2/4
Дата30.06.2016
өлшемі0.66 Mb.
#168175
1   2   3   4

«Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде ол саспастан: – Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды»,– деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: – Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?,– деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: – Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат»,– деді де маған қарап: – Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса – келместің» командировкасы»,– деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым»,– деп кеңес тұсында алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел.

Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де:



«Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді»,– деп жауап берген.

Ал өзі тергеу ісіндегі жауабында: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын»,– деп жазыпты.

Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтерінде «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының, алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовтың мұрағаттары қашан ұлы отан соғысы басталғанша сақталған. Смағұлдан қалған жалғыз ұлы Ескендір майданда қаза тапқаннан кейін, Лиза (Ләззат) Әлиханқызы жалғыздыққа шыдамай өзі де дәрігер ретінде майданға аттанады. Аттанар алдында әкесі мен Смағұлдың архивін қаттап, үйдің шатырына тығып кетеді. Оның біразы шатырға бомба түскенде шашылып кетіпті, ал қалған бөлігін отыннан қиналған солдаттар тамызыққа пайдаланса керек. Қайтып келгенде тамтығын ғана тауып алған. Өзі де соған қатты өкініп, үйіне барғандарға:

«Әкемнің қатты қайғырып, ойы ең ауырлаған күні – Смағұл қайтыс болған күн. Ол өзі барып оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты. Бойжеткен кезімде Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев қырындады. Бірақ мен Смағұлды таңдадым. Смағұл: түбінде мені не Мұхтар, не Қаныш іздеп келеді. Қағазымды соларға бер – дейтін. Соғыс жылдарында оларды шатырға тықтым. Қалғанын елуінші жылдары Мұхтарға бердім. Соның ендігі белгісі мынау ғана,– деп үйінің төріндегі Смағұл мен оның ұлы Ескендірдің суретін көрсетеді екен.

Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова көңілденген бір сәтінде өзіне тән жұмсақ жымиыспен:



«Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!»,– деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ»,– деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,– деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр»,– деп ықылас білдіріп еді.

Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы.2. Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы.3: Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы.4. Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әр түрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІҮ.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар. Мен ол романды сол кездегі ізденуші Д.Мыңбаевқа (Қамзабекұлы) бердім. Ол жарыққа шығарды. Ал Бернияздың мұрасы әлі жарыққа толық шыққан жоқ. Ғалым Ахмедов дегдар: Бернияздың қарындасы Мария Бегімбетованың Қыздар институтында дәріс беретінін, оның қолында Бернияздың жеңгесі мен қарындасының жоқтауы бар екенін айтып еді, тіршіліктің толқынында ол да ескерілмей қалды.

Тағдыр талқысында ажырасып, қимас та сырлас достарымен өмір соңында Б.Пастернактың қалай табысқаны туралы В.Огневтің естелігінде: «Бывают странные сближениия. Они связывают начала и конца», яғни, «Сондай бір нысаналы тосын жақындасулар болады. Олар өміріңнің басы мен аяғын түйіп байлайды»,– деген пікірі бар. Сол сияқты бір кезде жастық кешуін, барша тағдырлы күндерін, тіпті дәмелі махаббат сәттерін (Ләззат Әлиханқызының өзі ғалым Жақсалиевке: Смағұл, Қаныш, Мұхтар үшеуінің ішінен Смағұлды таңдадым»,–депті) бірге өткізген адамымен өмірінің соңында үзіліп қалған байланысын қайта жалғастырған. Өзі сондай пір тұтатын Әлиханның көңілін отыз төртінші жылдары Мұхтар қатты қалдырған көрінеді. Әлкей Марғұлан:

«Мұхтар кейде сондай сақтанып кететін. Отыз төртінші жылы Әлекеңмен әңгімелескенімде: – Мұхтар менің хатымды алмай, почтадан қайтарып жіберіпті»,– деп қатты өкпелеп отырды. Мұхтар да қызық. Ондай аяулы жандардың көңілін қалдыруға бола ма екен?»,– деп балаша бұртиып отыратын.

Бұл да тағдырдың талқысы сыйлаған үрей. Мысалы, осы әфсанада жиі аталатын Қаратілеуовтің үйінде Ғазиз Мұстафин «Алаштың» ұранын әндетіп айтқаны үшін партиядан шығарылып, соңынан екеуі де ұсталып кетіпті. Ал мемлекеттің почтасы қауіпсіздік мекемесінің бақылауынсыз өтпейтін. Егер ол хатты алса, онда Мұхтар Әуезов отыз жетінші жылдан аман қалмайтын еді. Ол үшін жазғыра алмайсың, әрине.

Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан көрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім»,– деп қабағын шытқан. Мағжанды: ол – ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол – большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол – коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал мен бос сөзге әбден тойғамын,– деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе, Тұрар мен Сұлтанбекті хат арқылы уақытша болса да татуластырғаны дерек арқылы дәлелденген шындық.

Тағдырдың мына мазағын қараңыз, тергеу ісімен танысып отырғанда, Ахаңды ұстап, тергеп, ату жазасына кесіп, үкім шығарып, «үкім орындалды» – деп жазған адамның ауыл-аймағын, ағайын-туысын жақсы білетін боп шықтық. Талай адамға, оның ішінде менің жан досым Жәнібек Кәрменұлына істеген жақсылығы үшін ол адамға сүйініп те жүретінмін. Тіпті сонау жетпісінші жылы маған дастан да жаздырмақ болды ғой деймін. Баласы хабарласып, оңашада жай-жапсарды біліп, үнсіз қалғаны: енді жария етесіз бе? – дегендегі сұраулы жанары біздің жүрегімізді шымырлатты. Азаматты жерге қарататын емес, өзгені қайдам, біз ол кісінің атын атамауға іштей бекіндік. Ол үшін кешірім өтінемін. Ал, куә ретінде тартылған, Ахаңның атылуына себепкер болған Ғайнижамал Қабдалиеваның өзі бізді іздеттіріп, басынан кешкенін айтып бергенде, төбе шашымыз тік тұрды (Бұл оқиға бірінші бөлімнің қорытындысы ретінде берілді. Қайталап бір көз қиығын салсаңыз, сіздің де жүрегіңізді шымырлататыны анық). Ал Ахаңның Нұржанов деген тергеуші жерлесі: «Мен Байтұрсыновтан жауап алдым. Сонда бір апта дайындалып барғанда, білімім үш сағатқа қана жететін»,– деп баспасөздерде естелік айтып жүрді. Біз оны қаперге ілмедік, өйткені, 1928-1931 және 1937 жылғы тергеу істерінде ондай есімді кездестірмедік. Мүмкін оның туыстарын тергеуге қатысқан шығар.

Рухани әкеміз санайтын Ахаңның қызы – Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновамен Бейсенбай Байғалиев марқұм архивтің оңаша бөлмесінде таныстырып еді. Әкесінің атын өзгертпей алып жүргенінің өзі сол тұста біз үшін құбылысты қасиет еді. Байыппен орашолақтау сөйлейтін мұңлы жанарына сондай бір махаббатпен сүйіне қараушы едім. Жоғары соттың алашордашыларды ақтаған шешімін (алғашында 14 адам ақталды) және оның анықтамасын көрсеткенімде көзінен мөлдірей моншақтап аққан жас тамшылар әлі де көз алдымда. Дауыс та шығармады. Үнсіз егілді. Енді жоғары жаққа олардың шыңармашылығын ақтау туралы хат жазу қажеттігін, Жазушылар Одағы тарапынан Олжастың атынан ресми хаттың жолданғандығын айттым. Ол кісі үнсіз орынынан көтеріле берді... Кейін маған сол хаттың көшірмесін ұсынды. Сөйтсем, Гүлнар Міржақыпқызымен, архивтанушы тарихшы А.Игенбаевпен, А.Ижановпен ақылдасып, әкесіне қатысты сенімді деректерді жинастырып, Осы хаттың негізінде заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға қарата барынша байыпты хат жолдапты. Содан бұрын Семей облысы Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев ағкамызға арнайы барып, Ш.Құдайбердіұлын ақтау туралы ардагерлер атынан хат ұйымдастыруды өтінген едік. Міне, тәуелсіздіктен бұрын алаш ардагердерімен табысуға мүмкіндік берген ебепке себептің бірі Шолпан апайдың осынау хатының көшірмесін ұсынуды парыз деп санаймын.



«КОКП Орталық Комитетінің саяси бюросына заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға

азаматша Байсаловадан, тегі бойынша Байтұрсынова Шолпан Ахметқызынан,

инд. 480083, Алматы қаласы Қашқар

көшесі №3, үй, 8 пәтер, тел. 39-41-43

ӨТІНІШ

30-жылдарғы жаппай қысым науқанында сүргінге ұшыраған менің әкем Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсыновтың ісін қайта қарауларыңызды өтінемін.

Менің әкем Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов – қазақтың аса ірі ғалым-лингвисі, ақын-ағартушысы және аудармашы.

Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов 1973 жылы туған, ата қонысы Торғай уезі. Менің шешем Александра, ұлты – орыс Ахмет Байтұрсыновқа тұрмысқа шыққаннан кейін мұсылман дінін қабылдап, есімін Бадрисафа деп өзгертті.

Өзінің әкесі Байтұрсын (менің атам) патша өкіметіне қарсы шыққаны үшін тұтқындалып, Сібірге қапастағы жұмысқа жер аударылған соң, 1886 жылы Ахмет Байтұрсынов Торғай қаласындағы екі сыныптық қазақ-орыс училищесіне түсті, оны тәмәмдаған соң, 1891 жылы Орынбор қаласына барып, қазақ мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы бітірді. Содан кейін ол еуропалық әдебиеттерді оқып, өзінің білімін жүйелі түрде жетілдірді.

Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық қайраткерлігі 1895 жылдан басталды. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай узедерінде ауылдық және болыстық екі сыныптық мектептерде сабақ берді.

ХХ ғасырдың басында Қарқаралыда тұрған Ахмет Байтұрсынов революциялық қозғалыстарға қатысты. Бастапқыда астыртын жұмыс істеді; ол 1907 жылы 17-қазан күнгі манифест жарияланысымен қазақ бұқарасы арасындағы қозғалыстың көрнекті қайраткері және жетекшілердің бірі болды. Реакциялық қысым науқаны басталғаннан соң, 1909 жылы 1-шілде күні тұтқанға алынды, содан кейін 2 жыл қазақ даласынан тыс жерге жер аударылуға бұйырылды.

1913 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынов 1918 жылы қазанға дейін тұңғыш «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Ол өзінің өлеңдерімен қоса «Маса» жинағын жариялады. Сонымен қатар, И.А.Кырыловтың «Қырық мысалын» аударды.

Ақпан төңкерісінен кейін Ахмет Байтұрсынов қоғамадық саяси өмірдің иіріміне араласып кетті. Ол көптеген өлкелік және облыстық құрылтайларға қатысып, жетекшілік етті. Патшалық үкімет құлаған соң Ахмет Байтұрсынов «Алаш» партиясының тізімі бойынша Торғай облысының атынан Бүкілрессейлік құрылтай мәжілісіне мүше болып сайланды. 1919 жылға дейін автономияшыл – ұлтшылдардың қатарында болды, сол жылдың наурыз айында оңшыл партияның ұлт саясатындағы бағытының қазақ еліне зиянды екенін түсініп (ол кезде солай жазбасқа амалы да жоқ еді – Т.Ж.) кеңес үкіметі жағына шықты.

1919 жылы Ахмет Байтұрсынов құрамына кіретін «Алашорданың» Шығыс бөлімі кеңес өкіметіне: кешірім жасап, өздерінің Қазақстандағы кеңес өкіметінің жұмысына қатысуға мүмкіндік беруі туралы мәлімдеді. Олардың бұл өтініші қабылданды. БОАК-нің төралқасы: «Бүкілрессейлік Орталық комитетінің 1919 жылы 4-көкек күнгі қаулысына сәйкес Қазақ және Сібір революциялық комитетері мен Челябі губаткомы БОАК-нің жоғарыдағы қаулысын тұрғындарға жеткізсін, сонымен қатар БОАК-нің төралқасы: бұрынғы «Алашорда» үкіметінің мүшелері кеңес жұмысына тартылсын және оларды бұрынғы қайраткерлігі үшін қудалауға болмайтынын түсіндірілсін», деп атап көрсетті.

Кеңес өкіметінің жоғарыдағы шешіміне сәйкес және БК(б)П Орталық комитетінің ұсынысы бойынша Коммунистік партияның қатарына өтті. Оның Коммунистік партияның қатарына өтуін осы кезде коммунистер аса ірі идеологиялық жеңіс деп бағалады. Әкемнің партияға кірердегі сөзі «Известия Киргизского края» атты газетінде басылды (құжаттар ұсынылып отыр).

Менің әкем Ахмет Байтұрсынов Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуының дайындық жұмыстарына белсене кірісті. Бірнеше рет В.И.Лениннің қабылдауында болды, оған мына құжаттар дәлел:

1919 жылы 24 шілде күні Ленин халық комиссарлары кеңесінің: С.С.Пестковскийді – төраға, ал Сейітқали Меңдешевті, Бақытжан Қаратаевті, Ахмет Байтұрсыновты, Мұхаметияр Тұнғашинді, В.Л.Лукашевті және Ә.Т.Жангелдинді қазақ өлкесін басқаратын әскери революциялық комитетінің мүшесі етіп тағайындау туралы қаулысына қол қойылды (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хранение, 7 том, 406 стр).

1919 жылы 9 желтоқсаннан кейін Ленин Кремльде қазақ өлкесін басқару туралы әскери-революциялық комитеттің төрағасы С.С.Пестковскийді және оның мүшесі А.Байтұрсыновты олардың өтініші бойынша қабылдады. Пестковскийдің өлкенің шаруашылығы мен саяси жағдайы туралы, саяси-ағарту жұмысының қиындағы туралы есебін тыңдады. Оларға: бірнеше жақсы баяндамалар дайындап, оны қазақ тіліне аударып, күйтабаққа жазып, мүмкіндігінше көп мөлшерде граммофон тауып, оларды қырдағы көшпелілерге таратып беруге кеңес берді; сондай-ақ кедейлердің пайдасына ауқатты көшпенділердің малын үлестіріп беру саясатын жүзеге асыруға асықпауды ұсынды (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хранение, 8 том, 408 стр).

1920 және 1921 жылдағы Кеңес Республикасының бірінші және екінші құрылтайында А.Байтұрсынов екі рет үкімет мүшесі – Қазақ АССР-нің Оқу-ағарту халық комиссары болып сайланды. 1925 жылдан Қазақ ағарту институтының оқытушы профессоры, Оқу-ағарту комиссариатының жанындағы Ғылым мен әдебиет жөніндегі комиссияның (Академиялық орталықтың) төрағасы және қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрғасы болды.

В.И.Лениннің жоғарыдағы ескертуімен Бүкіл Одақтық Орталық Атқару Комитетінің 1919 жылғы 4-көкектегі қаулысын аяқ асты еткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің 1928 жылдың күзінде бай-феодалдардың малы мен мүліктерін тәргілеп, кедейлерге бөліп беруі – қасіретке әкеп соқтырды, сонымен қатар ет пен астықты тақыр таза сыпырып алуы жаппай ашаршылыққа ұшырап, адамдардың жаппай өліміне жол берді.

Ф.И.Голощекин өзінің «Кіші октябрь» деп атаған осы зорлықпен жүзеге асырылған шарасының сәтсіздікке ұшырайтынын сезіп, бұл науқанға қарсы шығуы мүмкін деген желеумен алдын-ала сақтанып, революцияға дейінгі 30-дан астам қазақ зиялыларын тұтқынға алды.

Менің әкем А.Байтұрсынов Алматы қаласында тұрған кезінде 1928 жылы 2-ші маусым күні Қызылорда қаласында өтетін фиологтар мен әдебиетшілердің кеңесіне қатысуға шақырылған жерінен тұтқынға алынып, Алматының түрмесіне жөнелтілді, онда біз азық-түлік апарып тұрдық. Әкемміздің Архангельскийден жазған хатын алғанда барып оны ОГПУ-дің сонда жібергенін бір-ақ білдік. Ал, 1929 жылы қазан айында менің шешем Бадрисафаны және мені арнайы жер аударушылардың қатарында Томскі қаласына жер аударды, біз онда 1932-ші жылға дейін болдық. Себебі, менің шешемді Томскіден ары Батыс Сібірдің Нарын ауданына жер аударды.

Менің әкем А.Байтұрсынов, 1934 жылы А.М.Горькийдің әйелі Е.П.Пешковаға жазған өтінішінен кейін халықаралық Қызыл Крест қоғамының араласуымен айдаудан бостылды, сол адамның көмегінің арақасында Батыс Сібірдің Кривошеин ауданындағы әйелі Бадрисафаның қолында тұруға рұқсат етілді, сол арадан екеуі Алматыға қайтып оралды.

1938 жылы 7-қазан күні менің әкем А.Байтұрсынов Қазақ ССР-нің НКВД мекемесі тарапынан Алматы қаласында екінші рет тұтқынға алынды.

Менің өзім жер аударылудан 1933 жылы Алматыға қайтып оралдым, Байсаловқа тұрмысқа шықтым, алайда 1950 жылы әкем үшін түрмеге қамалып, Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 58 бабы бойынша 10 жылға сотталдым. Кесімді мерзімді Шамалғанда өтедім және 1953 жылы бостандыққа шықтым, содан кейін толық ақталдым. КОКП-ның Саяси Бюросының комиссиясынан екі рет қатарынан заңсыз қысымға ұшыраған менің әкем Ахмет Байтұрсыновтың Кеңес Одағының Азаматы деген адал атын қалпына келтіруді өтінемін.

Республиканың қазақ тұрғындарының барлығы да Ахмет Байтұрсынов жасап кеткен қазақ тілінің грамматикасын осы уақытқа дейін қолданып келеді, ал оның авторының есімі әлі де жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан да Ахмет Байтұрсыновтың әдеби және ғылыми еңбектеріне қойған шектеуді алып тастауларыңызды және оның авторлық құқын қалпына келтірулеріңізді өтінемін

Шолпан Ахметқызы Байсалова Байтұрсынова

Алматы қаласы 15 мамыр 1988 жыл».

Бұл хаттың жолы болып, алаш көсемдері ақталғаннан кейін Ахаң туралы бір туысқанының естелігін өз қолыммен өңдеп жазып, «Жұлдыз» журналына жариялап та ем. Сөйтсем, бауырдың бәрі мен ойлағандай тату болмайды екен. Өкініштісі, әкесінің ақталғанының қызығын алаңсыз қызықтауға, «өлсең – жоқтасатын, тірі жүрсең – күндейтін» ағайындары мүмкіндік бермеді. Кеңес өкіметі тартып ала алмаған фамилиясына ағайындары күдік келтірді. Оған арыстандай күркіреген ақын ағамыз Сырбай Мәуленов дегдар да араша түсе алмады. Құқық комиссиясының атынан кепілдік-куәлік те жазған жайымыз бар еді. Ақыры ар сотынан аман шыққан аяулы халық қызы ағайынның арсыз сотын көтере алмады. Шерлі жүрек сыр беріп, жарылып кетті.

Міржақып Дулатов – өжет пікірінен тергеу барысында да қайтпапты. Тергеуге барғанда да қырынып, киімінің қыртысын жазып, кеудесін тік ұстап барады екен. Тек Аманкелдінің қазасы тұсындағы жауаптарында албырап қалғандығы, есімде жоқ деп – кібіртектегені байқалады. Ал халық ауызында: Аманкелдінің қазасына Сейдазым Қадырбаевтың, Бақытжан Қаралдиннің қатысы барлығы айтылып қалатын. Біз танысқан тергеу ісінде ондай мағлұмат кездеспеді. Керісінше, қызыл партизандардың өз қолынан оққа ұшқанына көзіміз жете түскен сияқты. Ал Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова осы архив мұрағаттарымен танысу барысында ең жақын тілеушіміз, кеңесшіміз, сенеріміз болды. Әсіресе, адамдардың өмірбаянын анықтауда өлшеусіз көмек көрсетті. Тек, Міржақыптың бажасы Ахмет-Сафа Юсуповтың «құпия тыңшы» ретінде атылғаны жанына қатты батты. «Сондай ақ көңіл, қимас, сенімді адам еді»,– деген сәбилік сенімнен айырылу қиын да болған шығар. Біздің: Тергеу мекемесінің қандай ойы барын біліп отыру үшін, мүмкін, алаш азаматтары әдейі рұқсат берген болар,– деген уәжімізге сенді. Шындығында да, ол «тыңшылық мәлімет бермегені үшін» ату жазасына кесілген. Демек, ділі берік жан – деуге негіз бар.

«Ұраным – Алаштың!..» бірінші кітабі жарық көргеннен кейін Түркияның Малтөбе университетінде өткен халықаралық конференциядағы осы әфсананың басты тұлғасының бірінің ұрпағымен тосын кездесуім – мәңгі ұмытылмас оқиғаның бірі болды. Сол университеттегі ұйымдастырушы қарындасымыз Гүлжанат Құрманғалиқызы үзіліс арасында: «Сізбен Заки Уәлиди Тоғанның қызы Есенбике бегім танысқысы келеді»,– деді. Не дейді? Мұндай да күтпеген кездесу болады екен! Жүрегімді алақаныма уыстап тұрып Есенбике бегімнің алақанына салғандай ишара білдіріп: «Мұның ішінде сіздің әкеңіз аңсаған алаш азаттығының демі бар»,– дедім. Инабатты бегім жылап жіберді де: «Конференцияда әкемді және башқұрттарды сіз ғана есіңізге алдыңыз»,– деді. Бұл қысқа үзілістегі ұзақ әрі толқулы ұшырасу болды. Заки Уәлидидің тергеу ісі және шет елге кете алмай қалған шешесінің тағдыры туралы мағлұмат бердім. Биязы, қуыршақтай ғана сүйкімді адам екен. Көңілі толқып тұрып: «Мен әкемнің екінші ноғай әйелінен туған қызымын. Башқұртстан мен Қазақстан десе көз жасы ыршып кететін. Сіз сөйлегенде сол мінезі есіме түсті. Елде қалған әйелін өлдіге санап жүрген. Алпысыншы жылдың соңында тірі екенін, баласының да бар екенін естігенде өкісіп-өксіп жылады. Біз хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Өзім де оқытушымын»,– деді. Заки Уәлидидің тергеуі қамтылған «Ұраным – Алаш!..» атты кітабыма: «Алаш азаттығының бір тамшы көз жасы – Есенбиек бегімге!»– деп қолтаңба жазып ұсындым. Суретке түстік. Қалайда айналсоқтап шыға алмадым. Қимай қоштасып, көлікке шығарып салдым. Тіршілікте талай тағдырдың иесімен тосын кездестік қой. Бірақ дәл Есенбике бегіммен ұшырасқанымдай алабұртқан емеспін. Ол кісінің жан жылуы да осы қорытынды сөздің ішінен сезілсе екен деп тілеймін.

«Ұраным – Алаштың!..» «Жегі» атты бірінші бөлімі жарияланғаннан кейінгі ең белсенді оқырмандар – Астана қаласына шоғырлана орналасқан торғайлық зиялылар болды. Кітапты сұратып та, сұрап та, қолқалап та алды. Қаншама елеңдеп жүрсем де хабарласқан бірі болмады. Өйткені осында Аманкелдінің қазасы туралы деректер мен болжамдар туралы бір жақты пайымның жоқтығы және өте шетін де шамшыл мәселе екені маған мәлім еді. Мұнда тергеу мен жазалау саясатының негізіне сүйенген, Ахмет Байтұрсынов пен Әліби Жангелдин Мәскеуде «Алашорда» үкіметімен келісім жүргізіп жатқанда, келісімді болдырмас үшін Аманкелдіні большевиктердің өздері өлтіруі мүмкін – деген жорамал да айтылған еді. Оған дәлел ретінде: Лениннің құпия бұйрығымен бір түнде қызыл армияның солдаттарына «латыш ұлтшылдары әскерінің киімін кигізіп», қызыл әскердің бір бөлімшесін қырып салып, ертеңінде жаңағы қызыл қырғынды ұйымдастырған бөлімге «латыш атқыштары» деген ат беріп, бүкіл ұлттық зиялылар мен әскери бөлімдердің көзін жойып жібергені туралы деректі тоқсаныншы жылдары латыш тарихшылары жариялап еді. Өйткені «латыш операциясына» қанық Қазақ Әскери Революциялық кеңесінің ерекше бөлімінің бастығы Кашириннің сол «тәжірибені» Торғайда жүзеге асыруы әбден мүмкін болатын. Алайда мен күткен «жауап» келмеді. Тек алаш рухты, тарихшы академик, профессорлардың өзі пікір жарыстырудан сескеніп тұратын Сейтбек Нұрқанұлы ағамыз ғана кеңесін беріп, пікір білдірді. Сөйтіп толғана түңіліп жүргенде кітапта аты аталып, хаты жарияланған Қорған Әмірехамзин деген қарт іздеп кеп, кітапты сұрады. Екі күннен кейін келіп: «Сіз дұрыс жазбағансыз. Бірінші: Аманкелдіні өлтірген – Міржақып Дулатов. Ол ақталуға тиісті емес азамат. Мен оны дәлелдеп шығамын. Екіншіден, сіз Әліби Жанкелдинді, яғни, қыпшақтарды қорлағансыз. Мен мұнымен тоқталмаймын»,– деп зіл тастап кетті. Кейін телефон арқылы да біраз «айып» тақты. Алаш ардагерлері ақталар тұста осы адам біраз жерге хат жазып, Міржақыптың ақталуын кешіктіріп еді. Ол хаттарының көшірмесі менде бар болатын. Сонымен шындықтың түбіне жету үшін Торғайға жол тартып, ауыл адамдарымен сөйлесіп, көңілді орнықтырған жайымыз бар. Әзірше тыныш, бірақ...

Дінмұхамед (Дінше) Әділев тұтқынға түсісімен өзін «тұрақты мекені мен жұмысы жоқ», «әр топтың соңында жүрген», «жай бандит, тентек, бұзық емес», «қазақ ұлтының бостандығы үшін күрескен шыншыл саяси тұтқын» ретінде ұстаған. Соны дәлелдеу барысында қыза-қыза келіп камерада отырып саяси платформа жасап, ұйымның кестесін сызып, астыртын ұйымның «түрмедегі көсеміне» айналған. Жауаптарына және мінездеме берген адамдардың сөздеріне, біздің де жинастырған естеліктеріміздегі пікірлерге қарағанда қызба мінезді, өжет, қызықты да шытырман оқиғаға құмар, әйтеуір ұлтжанды, бауырмал, «балалық тентектігі басылмаған» (М.Дулатов, С.Қожанов) ширақ жігіт. Оның көрсетінділерінің барлығын көшіріп шығу мүмкін емес. Менің қаламыма ілікпеген бір жауабында:



«Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Кісілер кіріп-шығып, асығыс жөн сұрасып жатты. Міржақып Дулатов екеуміз сәлем беруге бірге бардық. Міржақып мені ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлесті. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетті де, әңгімелері үзіліп қалды. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов маған (Дінмұхамедке – Т.Ж.): «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім. Үлгермедім»,– деді»,– деген мағлұмат беріпті.

Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір түюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде кездеседі. Ал 1922 жылы Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқындалғанда Т.Рысқұлов пен С.Қожанов оларды түрмеден босату туралы Кремльге хат жолдаған болатын. Бұл жайдан хабары бар Д.Әділевтің соны емеуірін еткісі келді ме, кім білсін. Тергеудегі жауапта бқл жағы анықталмаған.

Сондай-ақ, Қараноғай (Әубәкіров) мен Діншеге қатысты жарияланымдардың негізділігіне қарамастан, сол зерттеушілердің «түрме әфсанасына» қатысты көзқарастарын білдіруге келгенде, ол азаматтар өз пікірлерін жалпылама айтып, ашық бояп, жадағайлатып жіберетіні де көңілге алаң кіргізеді. Шындығында да, Дінше өмірін тағдырына тапсырған күрмеулі тұлға. Бізге Діншенің немере туысы, соның ішінде Жаңаарқа ауданында шаруашылық басқарған марқұмдар Нұрғали Кенжетаев, Коңыбай Асанов деген азаматтар және әнші Игілік Омаров сол оқиғаның өткен жерін сексенінші жылы көрсетіп еді. Ол кезде Діншені тұңғыш театрдың директоры ретінде алғай жазып, алғаш баспа жүзінде атын атап ек. Көңілдің сол ыстық табын тергеу құжаттары суытып жібергенін несіне жасырайық. Соның ішінде мұқым алашордашыларды өмірде жоқ «астыртын ұйымның» мүшелері етіп көрсеткен «Дінмұхамед Әділевтің өз қолымен сызылған қазақ астыртын ұйымының шамамен алғандағы сызбасы» өзгелерді де, оның өзін де ату жазасына алып келген. Үш бетке сызылған жобаның мазмұны мынадай:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет