- Шөлде екеніңізді ойлаңыз, үлкен бір асыл тас таптыңыз және өмір сүру үшін суға мұқтаждығыңыз бар... Қолыңыздағы асыл тасты бір стакан сумен алмастырар ма едіңіз?
- Бұл мысал таңдауға мәжбүр қалған кезде адамның ақылды таңдаулар жасау керек екенін түсіндіру үшін келтіріледі. Негізінде күн сайын осыған ұқсас таңдаулар жасап отырамыз. Тіс емдетуді кейінге қалдырып, бір жұп аяқ киім алуды, қатты алғымыз келіп отырса да, шоколадтың орнына нан сатып алуды таңдаймыз.
- Қашанда дұрыс шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасауымыз керек!
8) Хат тасушы: «Болашақтан хат» келіпті. 2070 жылы жазылған хат екен:
Қазір 2070 жыл. Жасым бар болғаны 50-де, бірақ сыртқы өңім мен реңім тура 85-тегі қаусаған шалдыкіндей. Жеткілікті мөлшерде су ішпейтіндігімнен қатерлі бүйрек ауруына шалдыққанмын. Бір аяғыммен көрде тұрғанымды да сеземін. 5 жасар бүлдіршін болған кезім әлі есімде. Ол кезде бәрі тіптен басқашалау еді. Саябақтарда ағаштар жайқалып өсіп, сәулетті ғимараттардың алдын көркемдей түскен гүлзарлар көздің жауын алатын, неше түрлі бұрқақтар атқылап тұрушы еді. Ол кезде жарты сағат бойына суға емін-еркін жуынушы едік. Ал қазір терімізді тазалау үшін минералды май жағылған орамалмен сүртінуге мәжбүрміз. Ертеректе әйел адамдардың шаштары әсем болатын. Қазір болса суды пайдаланбай басымыздың таза жүруі үшін шашымызды тақыр қылып алып тастауымыз керек. Бұрындары әкем көлігін шлангіден суды шашыратып жуатын. Қазір балама осыны айтсам, судың сондай жолмен рәсуа болуы мүмкін екендігіне сене алар емес. Есімде әлі, сол кездердің өзінде «СУДЫ ҮНЕМДЕҢІЗДЕР!» деген жазбасы бар көрсеткіштер болатын. Олар жер-жерде ілінулі тұратын, радио мен телеэфирден де таратылатын. Бірақ оған назар аударар адам болсайшы! Суды қалай сарқылар дейсің, ол қашанда мол болады деп ойлаушы едік. Ал енді барлық өзендер мен көлдер, тоғандар мен жерасты сулары толықтай құрғап кетті, құрғамағаны ластанып бүлінді. Адамдардың бет-әлпеті кісі шошырлықтай: бетін безеу басып кеткен, дене бітімі құр сүлде сүйек. Сусызданудың кесірі. Ғалымдар қанша зерттеу жүргізгенмен бұл кілтипанның кілтін табу мүмкін болмай отыр. Суды өндіріп шығару мүмкін емес, оттегі де ағаш пен көгерістің кеми түсуінен нашарлап барады. Бұл жаңа буын, тың ұрпақтың интеллектуалдық қарым-қабілетіне кері ықпалын тигізеді. Су – екінің бірінің қолы жете бермес асыл байлық, мәртебесі алтын мен гауһардан да жоғарылай түсті…
Менің балам өзімнің жастық шағым туралы айтып беруімді сұрағанда, ұзыннан-ұзақ көсілген жасыл желекті, хош иісті гүлдердің кереметін, жаңбырдың қызықты тырсылын, суға жүзіп, өзенде балық аулаудың қызығын, ішкің келгенше ішетін мөлдір бұлақтың суы туралы және ол кездегі адамдардың денсаулығы қаншалықты жақсы болғанын айтып беремін. Балам: «Әке, ал қазір ше, қазір су неғып жоқ?» деп жанары жасқана сұрайды. Сол кезде жігеріме құм құйылып, ащы кермек жұтқыншағымды керней түседі… Мен кезіндегі ескертпелерді құлағыма ілмегенім үшін өзімді кінәлі сезінемін.
Қайран, заман-ай, қолымнан келсе өткенге оралып, адамзатқа үн қата алсам ғой... Біздің ортақ ұямыз - Жер планетасын, әлі де болса құтқаруға уақытымыз бар екенін айтуға мүмкіндігім болсайшы…
Мұғалім: БАҒЫМЫЗҒА ОРАЙ ҚАЗІР 2014 ЖЫЛ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАСІРЕТТІ БОЛДЫРМАУ ҮШІН МҮМКІНДІКТЕР ӘЛІ ДЕ БОЛСА БАР!!! БҰЛ ӨТЕ ОҢАЙ!!! Әлемді құтқарайықшы! Себебі қартайғанда өзіміз және өзімізден кейін келетін үрім-бұтағымыздың таза ауа жұтып, таза суды қанып ішуін қалаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |