6. Жеке тұлғаны типологиялық зерттеу
1. Типология әдісін пайдалану ерекшеліктері.
2. Психосоциотиптер туралы түсінік.
2. Кречмер, Шелдон ұсынған типологиялар.
Антропологтар мен психиатрлар жүргізген зерттеулерде адамдардың дене құрылыстары мен мінез-құлықтарының байланысы бар сияқтылығына көңіл аудара бастады.
XIX-XX ғғ. Аралығында дене құрылысы мен темперамент көрсеткіштері арасында байланыс бар деген концепцияны Италия, Франция, Германия ғалымдарының ішінде (А. Дж. Джиованни, Л.Л.Ростан, Г.Г.Карус) орын алды. Бұл пікірлерді жүйеге келтіргендердің ішінде өз зерттеулерімен Клода Сиго көзге түсті. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары ол адамдар типологиясын жасап, адамның психозға ұшырауы ол өмір сүретін орта мен табиғи икемділігіне байланысты деген пікір айтты.
К.Сиго және басқа ғалымдардың физикалық пен психикалықтың байланыстылығы зерттеушілердің көзқарастары қазіргі кезде кең тараған конституционалдық типологияларды жасауға негіз болды.
ХІХ ғасырдың аяғынан бастап көптеген зерттеулерде адамның дене құрылысы мен оның психологиялық ерекшеліктерінің бір-бірімен байланысы бар ма, немесе ешқандай байланыс жоқ па, деген сұрақ көптеген психологтарды толғандырды. Ұлы адамдардың өмірін биографиялық зерттеу жүргізген жазушылар мен физиологиялық, антропологиялық зерттеулер жүргізген ғалымдар адамдардың интеллектуалдық қабілетіне оның дене құрылысы, ми сауытының көлемі және басқа физикалық көрсеткіштерінің әсерін анықтағысы келді. Көптеген жазушылар мен кейбір ғалымдар адамның бойы мен ойы, ерекше дарындылығы байланысты деп есептейді. Ерекше дарын адамдардың бойы кішкентай немесе өте ұзын болғанын дәлел ретінде келтіретіндер бар (Суворов, Наполеон, Чайковский, скульптор Наурызбаев – шағын денелі, ал Петр І өте биік бойлы болғанын дәлел ретінде келтіреді. Дегенмен бұл жағдай тек жеке фактілерден ары кетпейді. Өйткені ғұлама ғалымдардың және басқа бағытта ерекше дарындылық көрсетушілердің бойы амплитудасы ортадан ауқымды айырмашылықтармен сипатталады.
Дене құрылысы мен психиканың байланыстылығы бойынша жүргізілген зерттеулерді 1960 жылдары Айзенк бір жүйеге келтірген. Ол өз еңбегінде конституцаоналдық зерттеулердің ғылыми бағалы екенін атай отырып, ол байланыстың ақиқатта сирегірек болатынын атап өткен. Дегенмен жеке тұлғаның физикалық және психикалық жақтарының байланысын зерттеу жеке тұлға құпияларын ашуға өз үлесін қосты. Осыдан бастап типологиялық зерттеулер ғылыми зерттеулердің бір түрі ретінде қалыптасты.
Типология – грек тілінде typos – таңба, форма, қалып, үлгі деген мағынаны береді және логия. Психологияда типология деген ұғымды пайдаланғанда оны таным процесінің, ғылыми зерттеудің бір түрі және әдісі ретінде пайдаланады. Мұндай зерттеудің негізінде берілген бүтін жүйелерді бөліктеріне талдап, оның құрамды бөліктерін тауып, ұқсас қасиеттері бойынша қайта топтастыру арқылы жаңа моделді жасау жатады. Ол жаңа модель болмыстан алынған емес, идеалды түрде жасалған модел болып табылады.
Модель жасау – эксперименталдық зерттеудің нәтижесі. Зерттеу нәтижесінде жасалған тип – ақиқаттан алынған бір көрініс емес, ол өте күрделі ғылыми зерттеудің нәтижесі, ой қорытындысы, талдау мен топтастыру нәтижесі. Типологиялық зерттеу барысында көптеген объектілерді (жеке тұлғаларды) зерттеу нәтижесі бойынша олардың ішінен ұқсас көрсеткіштері анықталып, сол көрсеткіштер бойынша типтің мінездемесі құрылады. Ал кейінгі жүргізілген зерттеулерде осы жасалған үлгіге көптеген көрсеткіштері бойынша ұқсас объектілер, жеке тұлғалар осы типтің өкілі ретінде анықталады. Сондықтан типологиялық зерттеулер күрделі, өте көп уақытты талап ететін зерттеулерге жатады.
Осы айтиылған қағидаларды басшылыққа ала отырып психологтар типологиялық зерттеулер жүргізеді. Қазіргі кезде типологиялық зерттеулер өте көп. Олардың бастамасын жасағандар Кречмер, Юнг және Шелдон деген ғалымдар.
1921 жылы Кречмердің «Дене құрылысы және мінез» деген еңбегі жарық көрді. Ол өз еңбегінде адамдардың дене құрылысы мен психикасы байланысты деген қағиданы ұсынып, барлық адамдарды бірнеше «идеалды» типтерге бөлді. Өз зерттеуінде Блейлер деген ғалымның психозды шизойдты және маниакалды-депрессивті деп екі топқа бөлген сыныптастыруын негізге алды. Кречмер өзінің бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеуі бойынша барлық аурулардың дене құрылысы мен олардың науқасының түрі бір-бірімен байланысты деп тапты.
Шизойд психозына ұшырағандардың дене құрылысын лептосомдық – олардың бойы орта және одан ұзын, ал көлденең өлшемдері кішкентай болып келеді – немесе, олар ашаң денелі. Толықтардың ішінде шизойдтық психозға ұшырағандар өте сирек кездесетін жағдай деп көрсетеді.
Маниакалды-депрессивті психозға ұшырағандардың басым көпшілігінің дене құрылысы пикникалық – орта бойлы, толық денелі, бет пішіні дөңгелек, көкірегі кең, қарны қампиған.
Кречмер өз типологиясын конституционалдық деп атады. Аталған екі тип: лептосомдық және пикникалық – Кречмер типологиясында негізгі болып табылады. Сонымен қатар ол атлетикалық тип, денесі шымыр, тірек-қимыл аппараты өте жақсы дамыған, психозға сирек ұшырайтын тип деп көрсеткен.
Диспластикалық – дене құрылысы берілген үлгілерден ауытқулары анық байқалатын, ұзын бойлы, толық, шағын денелі толық т.с.с., анық байқалатын корреляциясы жоқтар деп топтастырған.
Көптеген зерттеулер көп жылдар бойы жүргізілді. Ол зерттеулерге шизиктер, цикликтер және эпилептиктер қатысты. Жалпы зерттеумен қамтылғандар саны 8099 аурулар тарихымен дәлелденген, дегенмен ол адамдармен зерттеу шектелген жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |