Тайыр Жомартбаевтың туғанына 130 жыл (1884-1937)



Дата23.02.2016
өлшемі102.5 Kb.
#8656
Слямова Зиза Мұхтарханқызы, А.С. Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханасының өлкетанушысы.

Тайыр Жомартбаевтың туғанына 130 жыл

(1884-1937)

Биыл жыл Абай төңірегіндегі өмір сүрген көптеген ададмдардың мерейтойы аталып өтпек. Солардың бірі – Абай мектебінен тәлім алған, өз заманының талапты жастардың бірі - Тайыр Жомартбаев еді. Ауыл мектебінде оқып сауатын ашқан кезінен бастап, зерделі жас шәкірт ұлы ақынның өлеңдерін қызыға оқиды. Абайдың жас ұрпақты өнер-білімге шақырып жазған өсиет өлеңдері жас шәкірттің сана-сезімін оятып, оны оқу-білім жолына құлшындырады. Тайырдың жазған мына бір өлеңін Қ. Мұхаметханов Көкбай ақынның баласы Ақыметқалидан жазып алған екен :

Кел, Тайыр, қаламыңды ал, қағазың жаз

Дүниеге келіп қайтты талай шаһбаз,

Кешегі өтіп кеткен хакім Абай,

Оның да сөзін ұғып қалғандар аз.

Қаңқылдап жаз шықпаған жерге келді,

Адасқан уақытынан болды бір қаз...- осы өлеңнен –ақ Тайырдың Абайды зер салып оқып, терең түсінгенін, оны тек данышпан ақын ғана емес, кемеңгер Хакім деп танығанын көруге болады.

Т. Жомартбаев (шын есемі –Тайлақбай) 1884 жылы Семей облысы Абай ауданы Мұқыр деген жерде дүниеге келген. (http://imena.pushkinlibrary.kz/kaznames/litzhomartbaevkz.htm) Әкесі Жомартбай ескіше сауатты, көзі ашық, жайдары мінезді, тілге шешен, ел- жұртына абыройлы адам болған. Руы Тобықты ішінде Көкше. Яғни Көкбай ақынмен ауылдас, ағайын болған. Әкесінің өмір тарихын зерделеп жазған баласы Өзбек оның Көкбай медресесінен білім алғанын айтады. Одан кейін араб, түрік, орыс тілдерін үйренуге ден қояды. Абайдың адал досы, әрі шәкірті, үлкен ақын, білімді ұстаз Көкбайдың тәлім-тәрбиесін көріп өскен Тайырдың өнер –білімге деген құлшынысы одан әрі арта түседі. Тайырдың ағасы Хасен інісін Семейге әкеліп медресеге оқуға береді. Оқуда үздік болған Тайыр ұстаздарының көзіне түседі. Қалада тұратын өз елінің ауқатты адамдарының (Жақия қажы, Қаражан сияқты байлар) үйіне жиі барып тұрады. Медреседен кейін одан әрі оқуды ойлап, сол кездің әйгілі оқуы «Медресе Ғалия» түсіп оқуды армандайды. Қолы ашық Жақия сияқты жомарт байлар Тайырдың оқуына, тұрмысына жетерлік қаржы беріп, оны Уфа қаласына оқуға аттандырады.

«Медресе Ғалия» -Еділ бойында, Орта Азия, Қазақстанда жоғарғы білімді мамандар даярлаған прогрестік бағыттағы оқу орны. Онда Шығыстану пәндері, логика, философия, математика, тарих, география, орыс тілі мен әдебиеті оқытылған. 19 ғ. аяғы мен 20 ғ.дың басында көптеген қазақтыың талантты жастары- болашақ жазушы Б. Майлин, педагог-ақын Тайыр Жомартбаев т.б. оқыды. 1911 ж медресені аяқтап, өзімен бірге оқыған татар қызы Адығияға үйленіп, Семейге қайта келеді.

1910 жылы Семейдің Заречная Слабодка деген жерінде ашылған мұсылман мектебінде Тайыр ер балаларға, Адығия қыз балаларға сабақ береді. Тайыр жаңашыл мұғалім ғана емес, мәден ағарту ісіне де белсене ат салысқан,сол кездегі белгілі мәдениет, әдебиет қайраткері қатарында болған адам. Қазақтың алдыңғы қатарлы педагог ақын жазушылары өздері мектепте сабақ бере жүріп, оқулық кітаптар жазды. С. Көбеев «Үлгілі бала», Мұстақым Малдыбаев «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912, Семей),Т. Жомартбаев «Балаларға жеміс»кітабын соның айқын дәлелі. Семейдің «Ярдам» баспасынан шыққан , «Балаларға жеміс» (1912) жинағына ақынның 20-ға тарта өлең кірген. Өлеңдерінің көбі Абай өлеңдерінің құрылысына ұқсас болып келеді. Осы кітап басылып шыққаннан бастап, Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мұсылман мектептерінің оқу құралы болған. 20 ғасырдың басында қазақ әдебиетінде көркем проза туа бастағаны белгілі.

1913 - 1914 жылдардан бастап Семей қаласында «Шығыс кеші» деген атпен ойын - сауық ұйымдастырылып отырған. Осы ойын сауықтарға мұғалімдер семинариясының студенттерімен бірге, қалалық бес класты училище оқушылары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сияқты талантты жастар қатысқан. Сол кезде мұндай рухани жұмыстарды ұйымдастырып, қазақтың белсенді жастарын өнерге тартып баулыған семинария мұғалімдерінің қатарында ақын Тайыр Жомартбаев та бар еді.

1910 жылы Қазан баспасынан шыққан тұңғыш қазақ романының авторы кім екені ойларыңызда бар ма? Иә, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» болатын. Содан екі жылдан кейін 1912 жылы Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты романы, Семейде, С.Көбеевтің «қалың мал» романы 1913 ж, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» 1914 жылы жазылғанмен 1933 ж ғана жарық көрген. «Уақыт жағынан алып қарағанда М.Дулатовтан кейін роман жазған екінші жазушы –Т. Жомартбаев» - деп көрсетеді абайтанушы Қ. Мұхамедханов. Автор өзінің роман жазуға талпынған, қолына қалам алғандағы мақсат -мұратын шығармасының басында ұзақ өлеңмен баяндаған.

»Қыз көрелік» романының титулды беті.

Шығарманың негізгі ой қазығы – оқығаны арқасында өз -басының теңдігін сақтап, бақытына қол жеткізген әдепті қыз Ғайникамал тәрізді қазақ қызын дәріптеу.

«Қыз көреліктің» басты кейіпкері- қазақ ішіне сіңген сарт Ғайсаның жалғыз қызы -Ғайникамал. Көзі ашық, заман ағымын түсінген Ғайса жалғыз қызын дұрыс тәрбиелеп, білім беруді армандайды. Қазақ жолымен келіп, қызына құда түспекші болған талай ауқатты адамдарды кері қайтарып, беттетпейді. Ғайникамал жеті жасқа толғанда Қырымнан оқып келген жаңашыл бір мұғалімді жалдап, айына 25 сом төлеп отырып қызын оқыттырады. Ол жалғаз оқымасын деп кедей балаларының оқуына да мүмкіндік жасайды.

Талабына орай қызы да ұғымтал, зейінді болып шығады. Жазушының суреттеуіне қарағанда Ғайникамал қазақ балаларының жалқаулығына қапа болып, он жасында –ақ өзі өлең жаза бастайды. Ибраһим Құнанбай өлеңдерін ғибратты хикаяларын көп оқып, қызық оқиғалар көрсе ата-анасына да айтып беріп отырған. Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін жаттап алып әкесінен «Әке, мені осы жас күнімде оқыт!» - деп өтінген. Одан әрі Уфадағы медресеге түсіп, бес ж ыл оқиды. Қайтып келген соң білімін қазақ қыздарын оқытуға жұмсайды. Жуан ата, шонжарлардың балалары қыз көруге Ғайникамалға келеді. Үшеуінің де көңілі ауып, жаушы жіберіп қыздың әкесін қыспаққа алады. Бұлардан құтылудың жолын ойлаған қыз әкесі билікті қыздың өзіне береді. Ақылды қыздың үш мырзадан құтылу үшін жасаған айла амалы романда шебер суреттелген. Ақыры Ғайникамал өзі сүйген жігітіне қосылады. Жолдасы Мұхамедғали еркек балаларды оқытып, Ғ. Қыздарды оқытып, екеуі де халыққа пайдалы болып өмір сүре бастайды.

Өлең үлгісімен жазылған «Қыз көрелік» романының бас кейіпкері Ғайникамал заман талабына, өмір шындағына сай сипатталған көркем образ. Сол кездегі қазақ оқырманының бас алмай құныға оқыған кітабы болды. Мұхамедғалидің прототипі –жазушының өзі екеніне күмән жоқ.

Көркем прозаның тұңғыш туындылары туралы М. Әуезов өз пікірін білдіре келе, «Тұңғыш романдардың бірі, әрине Т. Жомартбайұлының «Қыз көрелік» романы»- деп атап көрсетті. Жазушының басқа шығармалары өлең-мақалалары сол кездегі газет, журналдарға жарияланып тұрды. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу жолында өмір бойы еңбек еткен тәжірибелі педагог, өнегелі ұстаз, мәдени ағарту жұмыстарына да белсене араласқан. Жаңашыл педагогтің әдісі, сабақ беруі ескіше оқытып жүрген молдаларға ұнамайды. Өнер - білімді насихаттап, молдалардың қылығын әшкерелеген өлеңдері олардың ашу-ызасын туғызады. Олар Тайырды медреседен қуады, сөйтіп жүргенде 1916 жыл келеді. Зайсанның әйгілі көпесі Бидахмет Бобкин Тайырды Зайсанға шақырады. Бидахметтің көмегімен Зайсанға көшіп барып, әйелі екеуі де мұсылман медресесіне қызметке орналасады. Сабақ бере жүріп, жазу, мәдени –ағарту жұмыстарына да белсене араласады. Қазан төңкерісінен кейін бастауыш мектептер ашу, қазақ арасында сауатсыздықты жою, жетім балаларға интернат ашу т.б. жұмыстарға араласа отырып, шығармашылығын жалғастырады.

1920 жылы «Осы ма қазақ, өмірің?» атты шағын пьесасы Зайсан қаласының театр сахнасында қойылады. Ақын отбасымен 1927 жылы Семейге көшіп келеді. Қазақ педагогикалық техникумына, мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен, математикадан сабақ береді. №14 мектептің директоры болып қызмет істейді. Алла берген талантының арқасында есеп шығаруды өлеңмен түсіндіріп, оқушылардың ұғымына жеңіл жол таба білген. Үш көріністі «Сарысүйек құда», «Осы ма қазақ өмірің?» пьесалары Семей театрында қойылды. Семейдегі «Казкоммуна» аталатын мектепте Тайырдан білім алып сабақ оқыған шәкірттерінің ішінен әйгілі халық әртістері Ш. Мусин мен Ш. Айманов сияқты өнер қайраткерлері шыққан. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, өнер –білімін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған қазақ халқының адал ұлы, асыл азаматы Т. Жомартбаевтың өмірін зерттеген – Қайым Мұхамедханов. 1937 жылы Кузнецк қаласында №23 мектебінде жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындап, Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кескен. 1956 жылы ақталған. Өзінің бес баласымен қоса, ағасының екі баласын да тәрбиелеген. Балаларының барлығы жоғары білімді, халық шаруашылығының әр саласында еңбек еткен жандар: Өзбек (педагог-химик), Масғұд (МГУ түсті металдар және алтын инст.) Сағида, Хакима(педагог),кенжесі Моряк (физ-мат ғылым.кандидаты).

Биылғы жылы жаңашыл педагог, ақын, жазушы, драматург алғашқы қазақ романдарының бірінің авторы - Тайыр Жомартбаевтың туғанына 130 жыл толмақ. Саяси қуғын-сүргін алапатынан жазықсыз жазаланып, ұзақ жылдар бойы есімі еленбей келген аяулы азаматты бүгінгі ұрпақ білуге, құрметтеуге тиіс. Артында қалған мол мұрасын жинақтап, кітап шығартса нұр үстіне нұр болар еді. Оның қазақ әдебиеті мен педагогикасында алар орны ерекше.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Зұлхаров Ғ. Қазағым-қандасымды еркелеттім: (алғашқы қазақ романының бірі – “Қыз көреліктің” авторы Т.Жомарбаевтың шығармашылығы хақында)// Ертіс өңірі. – 2010. – 24 наурыз. – 12-13 б.

Зұлхаров Ғ. Қазағым -қандасымды еркелеттім: алғашқы қазақ романдарының бірі -”Қыз көреліктің” жарық көргеніне 100 жыл) // Семей таңы . – 2013. – 15 қаңтар. – Б. 6

Құлбарақов С. «Қыз көрелік» – қазақ прозасының қарлығашы // Абай.- 2002.- №1.- 472


Мұхамедханов, Қ. Тайыр Жомартбайұлы // Кітапта: Көп томдық шығармалар жинағы 4 том. –Алматы: «Алаш», 2005.-160 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет