ұғу, тану болмаған жағдайда білім де, тəрбие де жоқ. Қиял ісі
деген меңзеу, яғни ойдағы нəрселерді белгілі нəрселердің
тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу – суреттеп ойлау,
болмаған жерде қиял ісі де болмайды, қиял ісі болмаған жерде
ақылмен аңдау, ақылға салып ойлау, ұғу, тану да мүмкін бол-
майды. Ақыл ісі мен қиял ісі қатар жүзеге асқанда жəне оған
көңілмен талғау, көңілге түю ісі серіктес болғанда ғана білім беру
мен тəрбие беру мақсатына жетуге жол ашылады. Осындағы
А.Байтұрсынұлы негіздеген ақыл, қиял, көңіл туралы үш үзік
ойдың əрқайсысы білу, білім беру, оқу мен оқыту ісі үшін
маңызды жəне олар өзара тығыз байланысты. Қазақ тілінің, қазақ
133
əдебиетінің, абайтанудың болашақ маманы осыны есте мықтап
ұстауы шарт.
Болашақ маман үшін қазақ тілін, қазақ əдебиетін, абай-
тануды оқытудың мазмұнын, əдістері мен ұйымдастыру жол-
дарын игерудің қажеттілігі даусыз. Сондықтан жоғары оқу
орындарында қазақ тілінің, қазақ əдебиетінің, абайтанудың
оқытушыларын даярлауда оқу үдерісінің барлық кезеңдерін
қамтитын оқыту əдістемесінің жалпы мəселелерін оқытуға
ерекше жауапкершілікпен қарауға тура келеді.
Зерттеу университетінде білім алушылардың тілін, тілдік
ойлауын дамытудың əдістемесін, олардың білімін бақылау мен
бағалаудың əдістері мен тəсілдерін арнайы зерттеу, оның
нəтижелерін өндіріске енгізу, тиімді пайдалану əрқашанда
ерекше өзекті мəселелердің қатарында тұрады. Оқытудың қазіргі
құралдарын пайдалана білу, қажетті дидактикалық құралдарды
жасаудың, іс жүзінде пайдаланудың амалдарын, тəсілдерін
меңгеру – өз алдына бір сала. Осындай əр сала бойынша
қалаптасатын білім, дағды, біліктілік негіздері аясында оқытушы
үшін оқыту əдістемесінің жалпы теориялық қағидаларын, соны
жетістіктерін озық тəжірибемен ұштастыра отырып, өзінің кəсіби
қызметін жоғары сапалық деңгейде атқаруға ұдайы ұмтылу
қажет. Оның мынадай себептері бар: белгілі бір пəнді оқыту
əдістемесі ғылыми тұрғыда қаншалықты толық зерттелгеніне
қарамастан, ол зерттеулер бүгінгі күннің даму қарқынына ұзақ
шыдас бере алмайды. Бүгін жаңа болып есептелген ғылыми-
əдістемелік үлгі ертең де сол жаңа, пайдалы болып қала алмайды.
Екіншіден, қазақ тілі, қазақ əдебиеті, абайтану пəндерін оқыту
əдістемесі ғылым пəні, оқу пəні ретінде қаншалықты маңызды
екеніне қарамастан, бұл салада осы күнге дейін іргелі ғылыми
зерттеуге немесе сапалы оқулыққа қолымызды жеткізе алмай
келе жатқанымыз рас. Қолда бар еңбектер бүгінгі күннің өскелең
талаптарына жауап бере алмайды десек, артық айтқан
болмаймыз. Мұндай жағдайда қазақ тілі, қазақ əдебиеті, абайтану
пəндері оқытушысының кəсіби білімі мен дағдысын, біліктілігін
жоғары оқу орнынан кейін өздігінше ұдайы жетілдіріп
отыруының өмірлік пайдасы үлкен. Оқыту əдістемесі пəннің адам
өміріндегі, қоғамның əлеуметтік дамуындағы маңызы, тіл мен
сана, сөз бен ойлау арақатынасы туралы қағидаларға сүйенетіні
134
белгілі. Бұл ретте оқыту əдістемесі пəннің əлеуметтік қызметі мен
мəні жайындағы теориялық қағидаларына сүйенеді. Бірақ оқыту
əдістемесін қазақ тілінің, қазақ əдебиетінің не абайтанудың
құрамдас бір саласы ретінде түсінуге болмайды. Іс жүзінде оқыту
əдістемесі пəні мен қазақ тілі немесе қазақ əдебиеті, я болмаса
абайтану пəндерін бір санап, жоғары оқу орындарының оқу
жоспарынан бірін шығарып тастауды жаңалық, инновация деп
есептеу тəжірибесі де кездеседі. Мұндай тəжірибе жалпыға
міндетті мемлекеттік стандартты (білім беру бағдарламасын)
орындаудан бас тарту ғана емес, мұндай тəжірибенің болашақ пəн
мұғаліміне, оның болашақта оқытатын оқушыларына қиянат
болатынын ескеру артық емес.
Оқыту əдістемесі педагогикалық ғылымдардың саласына
жатады. Зерттеу университеті пəндерін оқыту əдістемесі,
оқытудың мазмұны, оқытудың нормативтік негіздері – жоғары
мектеп дидактикасындағы іргелі мəселе. Онда білім алушы-
лардың дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу, бір-бірінің сөзін дұрыс түсіну,
ауызша да, жазбаша да ойын дұрыс, жүйелі жеткізе білу қабілетін
дамытып, қажетті дағдыларын, білігін, жеке тұлға ретінде
дүниеге көзқарасының, дүниетанымының негізін қалыптас-
тырудың жолдары оқу мен оқытудың теориясына, озық
тəжірибесіне негізделеді. Бұлар – оқу үдерісінің бөлектенбес
құрамдас бөліктері. Оқыту əдістемесінің, оқу, оқыту
теориясының нысаны – оқыту үдерісі.
Жоғары мектептегі Абай ілімі, абайтану пəні – білім
алушылар үшін ақылға, қиялға, көңілге бірдей əсер ететін маз-
мұн əрі таным құралы, білім, тəрбие алу құралы, ойлау жүйесін
қалыптастыру құралы. Білім алушылардың болашақ маман
ретінде дамуы, қоғамның лайықты мүшесі болып қалыптасуы
оның тілінің, ақыл-ойының, ойлауы мен сөйлеуінің, қиялы мен
қиялдауының, көңілі мен көңіл күйінің тиісті талаптарға сай
жетілуімен, кемелденуімен тікелей байланысты. Абай ілімі,
абайтану пəндерін оқу мен оқыту ісін осы тұрғыдан бағалау
лəзім.
Ахмет Байтұрсыновтың: «Сөз өнері адам санасының үш
негізіне тіреледі: 1. Ақылға. 2. Қиялға. 3. Көңілге», – деген
қағидасының ғылыми маңызын, теориялық тереңін жоғары
135
бағалай отырып, оны Абай ілімі, абайтану пəндерін оқу мен
оқытуға қатысты қолданудың да жөні бар.
Абай ілімі, абайтану пəндерін оқыту теориясы осындай
мақсаттарды көздейді. Сондықтан оқыту теориясы оқыту
үдерісін тұтас қамтиды. Сөйте тұра оқыту үдерісінде оқыту
əдістемесінің мазмұны білім алушылар үшін беймəлім болып
қала беруі мүмкін. Білім алушы пəн мазмұны аясында тиісті
білім, дағды, білік алғанмен, пəнді оқыту əдістемесінің мəніне
бойлай алмауы ғажап емес. Оқыту əдістемесі оқытушының пəн
мазмұны бойынша тиісті білімді білім алушылардың меңгеруіне
қызмет ететін құралдар мен əдістерді тиімді пайдалану
əрекетінде жүзеге асады.
Оқыту əдістемесі оқу үдерісінің барлық кезеңдерін, құрамдас
бөліктерін тұтас қамтиды дедік. Оқу үдерісінің құрамдас
бөліктері мынадай болады: а) білім мазмұны (білім, дағды, білік);
ə) оқытушы əрекеті; б) білім алушылардың əрекеті. Білім
алушылардың білімін бақылау мен бағалау əдістері де оқыту
үдерісі аясында қарастырылады. Бұл жерде мынаны ескеру
дұрыс: оқу үдерісінде білім алушының əрекеті мен оқытушының
əрекеті екі дара емес, бір-бірімен тығыз байланысты, өзара
бірлікте жүзеге асады. Сондықтан оқыту əдістемесі оқу
үдерісіндегі білім алушы мен білім берушінің əрекеттерін өзара
үйлескен, бірлескен əрекет ретінде қарастырады. Айтылған
жайлар негізінде оқыту əдістемесінің мынадай бірнеше
міндеттерін атауға болады: а) оқытудың мақсаттары мен
міндеттерін анықтау; ə) оқытудың мазмұнын анықтау: оқу
бағдарламаларын, оқу кешендерін жасау, оқулықтар жазу;
б) оқытудың əдістерін, тəсілдерін, дəріс үлгілерін, əдістемелерін,
құралдарын əзірлеу; в) оқу нəтижелерін бақылау əдістері мен
бағалау өлшемдерін анықтау. Сөйтіп, оқыту əдістемесі дидак-
тикалық мақсаттар мен міндеттерді, білім мазмұнын анықтайды,
əдістерін жасайды, бақылау мен бағалау өлшемдерін қалыптас-
тырады.
Оқу үдерісін оқулықтармен, оқу-əдістемелік құралдармен
қамтамасыз етудің маңызы жоғары. Сонымен қатар мынаны
ескеруге тура келеді: білім алушыларға қажетті білімді белгілі бір
жүйеге түсіріп, оның құрамдастарын модельдеу, сол арқылы
білім алушылардың ұзақ мерзімді есте сақтау жəне қолдану
136
қабілетін дамыту аса маңызды. Əсіресе білім беру жүйесін
ақпараттандыру кең қанат жаюы жағдайында білім мазмұнын,
білім берудегі мақсаттар мен міндеттерді, білімге деген
əлеуметтік қажеттілік пен сұранысты ескере отырып, пəннің оқу-
əдістемелік құралдарын тұтастай жаңғыртудың, ақпараттық
кеңістік шарттарына бейімдеудің өзектілігі ұдайы күшеюде.
Қалыптасқан жағдайда əр тақырыпты, əр дəрісті, жалпы пəнді
педагогикалық дизайн үлгісінде жасалған дидактикалық
құралдармен қамтамасыз етудің маңызы өлшеусіз жоғары. Осы
орайда белгілі тақырыптың мағыналық-құрылымдық болмысын
модельдеудің практикалық қажеттілігі өте жоғары.
Мұндай модель үлгісі білім алушылардың өмірлік тəжі-
рибесі мен танымына лайықты болуы – басты шарт. Осы орайда
«Абай ілімін білудің, түсінудің жəне қолданудың ғылыми
негіздері мен теориялық тетіктері» ғылыми жобасы бойынша
орындалған жұмыстардың нəтижесінде жоба жетекшісінің Абай
ілімінің мағыналық-құрылымдық жүйесі, тетіктері бойынша
жасаған модельдерінің бірін мысалға келтіргенді оң көреміз.
Модельде Абайдың бес асыл ісі шегіндегі бес категория
(талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) [4, 65] жүйесі бейне-
ленген. Бес асыл – бес категория.
Бейнеленген үлгіде аталған бес категорияның əрқайсысы бір
үшкіл түрінде көрініс тапқан.
Үшкіл жайы басқа модельде сипатталған, ол «Абай үшкілі»
деп аталады. Тақырыптың мағыналық-құрылымдық бірліктері
үш не бес болған жағдайда осы модельді қолдануға болады.
Мысалы, əдеби шығарманың тақырыбын бір үшкіл мысалында,
өзекті ойын (идеясын) бір үшкіл мысалында талдап, жинақтауға
болады. Сюжетке, композицияға, образ жасау жолдарына, т.б.
мəселелер бойынша тиісті үшкілдерді пайдалануға мүмкін-
шіліктер бар.
137
Бес асыл іс категориясының
моделі бес үшкіл
жүйесінде
ұсынылған.
Педагогикалық дизайнның тиімділігінің ең бір қарапайым
түрлерінің бір көрінісі осындай. Бұл бағытта жүргізілетін ізденіс
жұмыстарының ұшы-қиыры жоқ десек, қателеспейміз.
Оқыту əдістемесінің жалпы ұстанымдары дидактикада не-
гізделетіні түсінікті. Оқу мен оқытудың ұстанымдары жалпы
дидактикалық ұстанымдарды негізге ала отырып, пəнді оқы-
тудың өзіне тəн мақсаттары мен міндеттеріне сай анықталады.
Дидактика ұстанымдары жалпы болғанда, пəнді оқыту ұста-
нымдары жалқы ерекшеліктерімен сипатталады. Пəнді орта
мектепте оқытуда мынадай дидактикалық ұстанымдар басшы-
лыққа алынады: а) оқытуда теориялық білімге сүйене отырып,
практикалық бағытты ұстану; ə) қатынас құралы ретінде оқыту;
б) сөйлеу əрекеті ретінде оқыту. Оқыту əдістемесінің даму
кезеңдеріне байланысты аталған ұстанымдар өзгеріп отырады.
Əр кезең оқытудың жаңа ұстанымдарын ұсынады. Жалқы
дидактикалық ұстанымдар пəнді оқытудың құрамдас бөліктерін
қамтып, басты бағытты белгілейді.
Абай ілімі, абайтану пəндерін оқыту əдістемесі пəнінің
маманы өзінің кəсіби қызметінде оқытушының, əдіскердің,
педагогтың, психологтың, тілші мен əдебиетшінің ісін бірдей
атқаратыны сырттан қараған қарапайым адамның көзіне де
шалынбай қалмайды. Бұл мəселеге арнайы көңіл бөліп, ғылыми
тұрғыдан қараған жағдайда, оқу əдістемесінің арнасында
бірнеше ғылым салаларының ұштасқан қызметі аңғарылады.
Мұның өзі Абай ілімін, абайтануды оқыту əдістемесінің ғылым
ретінде бірнеше ғылым салаларымен тығыз байланыста, бірнеше
138
ғылым салаларының тоғысында тұрған, пəнаралық сипаты басым
пəн екендігін көрсетеді.
Оқу мен оқыту теориясы педагогика ғылымының бір саласы
ретінде жеке тұлғаның қалыптасуының белгілі бір қырларын
қарастыратыны белгілі. Оның басқа ғылым салаларымен байла-
нысы осыдан басталады. Бұл ретте пəнді оқыту əдістемесінің
ғылым ретінде тіл білімімен, əдебиеттанумен, педагогикамен,
психологиямен байланыстарының тамыры тереңде жəне барын-
ша анық екендігі түсінікті. Сонымен бірге бұл пəннің фило-
софиямен, мəдениеттанумен, əлеуметтанумен тығыз байланысы
бар. Пəнді оқыту əдістемесінің пəнмен байланысы мына салалар
бойынша жүзеге асады: а) оқу пəнінің ғылыми ұғымдары,
терминдері пайдаланылады; ə) пəннің даму деңгейі оны
оқытудың мазмұнын анықтайды; б) оқытудың əдістері, түрлері,
дидактикалық құралдары пəнінің мазмұнына сəйкес анықталады;
пəнді оқыту əдістемесінде жалқы-дидактикалық ұстанымдар
қолданылады.
Философия бар ғылымның əдіснамалық негізі қызметін
атқаратыны бұрыннан айтылып келеді. Қазіргі заманда да бұл
қағиданың өзектілігі жоғары. Оқыту əдістемесінің əдіснамалық
жүйесі философияға негізделеді. Оқушының жаңа тақырып
негізінде жаңа білім алуы, өзіне бұған дейін белгісіз болып келген
құбылысты қабылдауы, тануы, білуі, түсінуі, ұғуы – күрделі
үдеріс. Оқушының жаңа білімді игеру үдерісі, жалпы
сипаттағанда, сезімдік жəне ойлау сатылары арқылы өтіп,
нəтижесін тəжірибе жүзінде тексерумен аяқталады. Басқаша
айтқанда, баланың білім алуы өмірдің шындық құбылыстарымен
тығыз байланыста болады [5, 138-140]. Философияда бұл таным
үдерісіне сəйкес келеді. Оқушылардың білім алу əрекетін осы
үдеріс сатылары туралы философиялық қағидаларға сүйене
отырып тануға болады. Ал бұл үдеріс тілдік формалар түрінде
жүзеге асады. Сондықтан оқушының таным үдерісінде тілдік
бірліктер (сөз, сөз тіркесі, фразеологизм, сөйлем, мəтін) арқылы
алған білімін өзінің өмір тəжірибесінде, іс жүзінде (оқуда,
ойында, еңбекте жəне басқа салаларда) орнын тауып пайда-
лануына ерекше көңіл бөлінеді.
Тіл мен сананың, сөйлеу мен ойлаудың арасындағы байла-
ныс бары да ертеден айтылып келеді. Адамның ойы тек тіл ар-
139
қылы ғана нақтыланады, тіл арқылы ғана ұғылады. Оқушы тіл
арқылы өзінің ойын жүйеге түсіреді, нақтылайды, негіздейді,
басқаларға жеткізеді. Тілдік бірліктерсіз, тілсіз оқушының ойын,
ойлауын дамыту, танымын байыту мүмкін болмайды. Оқыту
əдістемесі ғылым ретінде өзінің əдіснамалық ұстанымдарын
философияның осы бағыттағы іргелі қағидалары негізінде
анықтайды. Оқыту – оқыту əдістемесі оқушының пəн туралы
білімді қабылдау, білу, түсіну, есте сақтау, еске түсіру жəне өзінің
өмір тəжірибесінде пайдалану, ойлау қабілетінің даму үдерістерін
бақылау мен бағалауда психология ғылымының қағидаларына
сүйенеді.
Білім беру ісінде оқушылардың білуі, түсінуі, тиісті дағ-
дылары мен біліктерінің қалыптасуы, білуге деген ынталары-
ның, талаптарының оянуы мəселелерін пайымдауда пəнді оқыту
əдістемесі психология ғылымының заңдылықтарын негізге
алады. Психология ғылымында оқушылардың ақыл-ой еңбегінің
үдерісін зерттеу саласында жинақталған білім қорын лайықты
пайдалана білу де оқыту əдістемесінің дамуына, жетілуіне игі
əсерін тигізеді. Бұл орайда оқушылардың жас мөлшеріне қарай
салыстыру, талдау мен жинақтау, жалқыдан жалпыға, жалпыдан
жалқыға көшу, белгіліден белгісізге, белгісізден белгіліге ауысу,
ой түю, пікір негіздеу секілді ойлау операциялары да ескеріледі.
Осы жəне оқыту əдістемесіндегі қызығу, талап, ынта, қабылдау,
түсіну, есте сақтау, білім, дағды, білік, қалыптасу, даму секілді
негізгі ұғымдар психологиядан енген ұғымдар қатарына жатады.
Оқушының білім алу үдерісінің сатыларын, құрылым-жүйесін
сипаттайтын ұғымдар да психологиядан алынған. Осының бəрі
оқу əдістемесінің жүйесінде оқушының білім алу үдерісін, жалпы
оқыту үдерісін ұймдастыруда, оның нəти-желілігін бақылау мен
бағалауда психология ғылымының алатын өз орны барын
көрсетеді.
Пəнді оқыту əдістемесінің дидактикамен байланысы ерекше
назар аударуды қажет етеді. Оқытудың мақсаты, оқытудың
мазмұны, оқыту үдерісі, оқыту ұстанымдары жəне басқа осылар
секілді ұғымдардың түп негізі дидактикадан шығады. Дидак-
тиканың ұстанымдары дегенде, еске оқытудың ұстанымдары келеді.
Дидактикада оқу пəндеріне ортақ оқытудың бірнеше ұстанымдары
негізделген. Олардың құрамы туралы түрліше пікірлер бар.
140
Солардың ішінде зор мағыналы ұстанымдар мынадай:
а) ғылымилық; ə) жүйелілік; б) жалғастылық; в) қолжетімділік; г)
беріктілік; д) көрнекілік; е) теория мен практиканың
байланыстылығы; ж) оқытудың жеке тұлғаға бағытталуы; з)
мақсаттың қолжетімділігі. Бұл ұстанымдар оқу пəндерінің
бəрінде, солардың ішінде қазақ тілін, қазақ əдебиетін, абайтануды
оқыту ісінде де жетекші, анықтаушы қызмет атқарады.
Көрсетілген
ұстанымдар
оқытудың
тəрбиелік
мəні,
дамытушылық мəні сияқты жалпыдидактикалық мақсаттарына
қызмет етеді.
Оқу теориясы, оқыту əдістері туралы аз айтылып жүрген жоқ.
Оқыту əдісі дегеніміздің оқу мазмұнына сай білім, құзыреттілік,
білік қалыптастыру жолында мұғалім мен оқушының өзара
бірлесе жүргізген жүйелі, мақсатты əрекетінің үдерісі екендігі
білім беру саласындағы мамандарға түсінікті. Бірақ оқыту
ісіндегі оқушы мен мұғалімнің бірлескен əрекетінің тəжірибе
жүзіндегі нақты, жаңашыл үлгілері мұғалімдер үшін қолжетімді
деп айтуға ерте. Оның үстіне оқыту əдістері туралы теориялық
қағидаларды мұғалімдердің іс жүзінде пайдалануына лайықтап,
өндіріске енгізуге дайындау ісі саласында да айтарлықтай
жетістіктерге қол жеткізе алмай отырғанымыз белгілі. Қолда бар
жетістіктерді насихаттау, мұғалімдерге ұсыну жағы да жетісіп
тұрмағаны рас. Тіпті пəн бойынша мемлекеттік стандарттың өзін
мұғалімдердің қолына ұстауына, көруіне жағдай жасалған деп
айту қиын. Мұндай жағдайда мұғалімдер корпусы оқыту əдістері
туралы азды-көпті қолда бар еңбектерді оқу үдерісінде толық
пайдаланып жүр деп айту артық. Соған қарамастан қазақ тілі,
қазақ əдебиеті, абайтану пəндерін оқыту əдістері саласында
бүгінге дейін жинақталған маңызды ойларды, негіздемелерді,
үлгілерді жетілдірудің, бүгінгі күн талаптарына сай жаңарған
əдістеме, оқыту технологияларын жасаудың əлеуметтік маңызы
жоғары.
2
Абай шығармашылығының негізін тану мектепте қалып-
тасады. Оқушының мектептен Абайды танымай, білмей
шығуына жол беруге болмайды. Абайды білу, Абайды тану –
141
мектеп бітірген жастардың өзінің адамгершілік, кісілік
қасиеттерін өмір бойы жетілдіруінің, кемел деңгейге жетуге
талпынуының бірден-бір негізі. Сондықтан Абай шығарма-
шылығын мектепте оқу да, оқыту да мемлекеттік, жалпы-
халықтық, ұлттық мəні бар игілікті іс.
Абай шығармашылығын мектепте оқу мен оқыту, білу мен
түсіну – əрқашан өзекті ғылыми мəселе. Мектеп оқушыларының
көркем шығарманы оқып-білуіне, білгенін түсінуіне қол жеткізу
– мұғалім үшін үлкен дайындықты талап ететін күрделі жұмыс.
Мектепте көркем шығарманың мəтінін оқуға, оқығанын біліп,
терең түсінуге оқушылар айтарлықтай қызығушылық, ынта
білдірмейтін жағдайлар болатыны рас. Кез келген жағдайда
пайда ойлау ыңғайында өсіп келе жатқан жас Абайды, жалпы тіл
мен əдебиетті оқу мен оқытудың бағасын тиісті деңгейде біле
бермеуі, білуге ұмтылмауы мүмкін. Оның үстіне қазір
ғаламтордан кез келген көркем шығарманың мазмұнын тауып
алуға болады. Оқушы сол дайын мазмұнды əңгімелеуге бейім,
образ жайын да сол мазмұн бойынша талдауды оңай көреді.
Мұғалім, ата-ана білім алушылардың тіл мен əдебиет
пəндеріне салғырт қарауына жол бермеуге тиіс. Адамзат баласы
үшін дүниедегі ең қымбат байлық – адамшылық, кісілік.
Адамшылығы жоқ, кісілігі жоқ жандарды адамзат баласы
қатарына қосу артық. Адамшылық, кісілік сабағының жарқын
үлгісін тіл мен əдебиет пəндерінен ғана алуға болады. Əдебиет
пəнінің өзекті желісін Абай шығармашылығын тану арқылы
табудың өмірлік маңызы жоғары. Негізгі орта білім, жалпы орта
білім беру жүйесінде Абай шығармашылығын дұрыс оқып,
дұрыс оқытпаған жағдайда əдебиет те, тіл де оқу пəні болудан
қалады.
Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқу мен оқытудың, оқыған
өлең мен қара сөздің мазмұны мен пішінінің ерекшеліктерін
анықтап білу мен түсінудің өзіндік қиындығы бар. Мұғалім осы
жағдайларды ескере отырып, Абайдың өлең сөздері мен қара
сөздерін оқытудың, талдаудың, түсіндірудің өзіндік үлгісін
пайдалануға мүдделі болуы орынды.
Өлеңді қара сөзбен мазмұндау, жаттату немесе буын санын,
ұйқасын, көркемдеуіш құралдарды тауып көрсету оқушылардың
көркем шығарманы өнер, сөз өнерінің үлгісі ретінде эстетикалық
142
қабылдауына жеткілікті негіз бола алмайды. Абайдың қара
сөздерін оқытуда пішін ерекшеліктерін айта отырып, білім
алушылардың автор ойларының маңызы мен мəнін, логикалық
қисынын, адамгершілік негізін анық, нақты, бейнелі, толық
түсінуіне қол жеткізуге күш салу қажет. Ақынның көркем
дүниетанымы, образдар жүйесі, көркем ойлауының даму
сатылары туралы ұғымдар білім алушының білу үдерісінен тыс
қалмайтын болуы шарт. Білім алушылардың Абай шығар-
машылығын меңгеру деңгейін бақылауға қажетті бақылау
құралдарын жасауының қажеттілігі зор. Мысалы, Абайдың қара
сөздері бойынша бақылау құралдарын, тест тапсырмаларын
жасауда білім алушылардың Абайдың қара сөздерінің мəтінін
өздерінше оқып білу деңгейіне баса назар аударуы дұрыс болмақ.
Тест тапсырмалары бақылау құралы ғана емес, білім алу құралы
болуын ескерудің де артықшылығы жоқ. Оның бір үлгісін осы
тарауға қосымша ретінде ұсынып отырмыз.
Өлеңді талдау барысында шын мəніндегі өнер туынды-
сында мазмұн мен форманың бірлігі ұғымы бір-бірінен ажы-
ратуға келмейтін тұтастықта түзілетінін оқушы санасында
қалыптастыру үлкен еңбекті талап етеді. Өлең мəтінінің
мазмұнын оның пішінінен бөлек қарастыруға болмайтыны
секілді пішінді де мазмұннан тыс түсіндіру оның жасырын терең
сырын білуге мүмкіндік бермейді. Оқушының эмоциялық көңіл-
күйіне, қиялына, ассоциативті ойлауына өлең мəтінінің əсерін
мұғалім өз бақылауында ұстауға тиіс. Бұл оңай емес.
Абайдың өлеңдерін оқушы мен оқытушыға да, түсінуші мен
түсіндірушіге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өлең сөзді,
поэзияны оқу мен оқыту, білу мен білдіру, түсіну мен түсіндіру
ақындық пайымды, поэтикалық сауаттылықты, поэтикалық
қызығушылықты қажет етеді. Мұндай қабілеттің негізі
дамымаған жағдайда поэзияның өзіне тəн ерекшелігін, өлеңнің
мазмұны мен пішініне тəн басты қасиеттерді білу, түсіну мүмкін
емес.
Өлең сөзді, поэзияны оқу мен оқытудың өзіндік ерекшелігі,
тіпті қиындығы бар. Бұл жерде үш актант бар деп білу керек: бірі
– поэзия; екіншісі – оқушы; үшіншісі – оқытушы. Оқу нысаны –
біреу. Оқытушы, түсіндіруші тұлға – біреу. Ал оқушы, түсінуші
тұлға – екеу. Бұл екеуінің оқитыны біреу болғанмен, олардың
143
əрқайсысының түсінуі əр басқа. Сөйте тұра бұл екеуінің
түсінулерінде қарама-қайшылық жоқ. Осы аталған үштік қарым-
қатынаста көзге көрінбей тұрған тағы бір тұлға бар. Ол – автор.
Оқытушы өзінің оқушыларымен бірлесе жүргізетін іс-əрекетінде
автор тұлғасын да ұдай есте ұстауы шарт. Поэзиялық шығарманы
оқу мен оқыту ісінде оны түсінудің деңгейі бірдей бола
алмайтыны рас. Алайда оқу нысаны болып отырған поэзиялық
шығарманы тереңге бойлап түсіну басты міндет болып қала
береді.
Өлең мəтінін оқушының оқып қабылдауы бірнеше кезеңнен
тұрады. Əр кезең мəтіннен көркемдік бейнелеу құралдарды іздеп
табуға, олардың мəтіндегі қызметін, басқа да тілдік бірліктермен
арақатынасын талдауға əкеледі.
Абай өлеңдерін оқушының эмоциялық қабылдауы қандай
жағдайда тиімді болатыны ассоциативті қабылдау теориясы
заңдылықтарына сай анықталғаны оңды. Білім алушының білім
алу үдерісінде белгілі бір құбылыстың қыры мен сырын
қабылдауы оның екі жақты, бір-біріне қарама-қарсы белгілерін
қатар, салыстыра отырып анықтау барысында барынша тиімді,
толымды болатынын ескеру дұрыс. Бұл мəселе ассоциативті
қабылдау психологиясында ғылыми тұрғыда жеткілікті негіз-
делген [6, 363-381]. Өнер туындысын, өлең сөзді эстетикалық
қабылдаудың басты психологиялық заңдылығын, əдістемелік
негізін осы арнадан іздеген дұрыс.
Абайдың өлеңдерін, шығармашылық мұрасын оқытуда адам
болам деген баланың асық болатын бес асыл ісі мен қашық
болатын бес жаман ісі есте тұруы қажет. Бұл айтылғандар
адамның адамдық қасиеттері туралы басты рухани құн-
дылықтарды танып, білуде өте маңызды. Мұны ақынның бір
өлеңі көлемінде оқып, содан кейін оған қайтып оралмау дұрыс
болмайды.
Ақын: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Əуре етеді
ішіне қулық сақтап» [4, 267], – дейді. Осы ойдың бейнелі, жарқын
мысалы – Абайдың И.А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі»
өлеңі. Мақтаудың, ішке қулық сақтап өтірік мақтаудың айрықша
үлгісі осындай. Өлеңде бір-біріне қарама-қайшы екі мінез, екі
болмыс, екі тұлға жете дараланған. Бірі – ішіне қулық сақтап
өтірік мақтаудың қас шебері. Екіншісі – мақтаншақ, өтірік
144
мақтағанға имандай сенген алаңғасар, ақымақ. Бір-біріне қарама-
қарсы осы екі мінезді, екі тұлғаны даралай түсіп, олардың
əрқайсысының эмоциялық мазмұнын жеке-дара жəне бір-біріне
қатысты терең ашуға тура келеді. Қулық, өтірік дегенде, мақтау,
мақтаншақ дегенде, оқушының ойында олардың мəнісі
ақыннның бір шығармасы ғана емес, бар шығармашылық мұрасы
көлеміндегі білім, ақпаратты тұтас жаңғыртып, нақты бейне,
нақты сурет, образ, қарама-қарсы эмоциялық күй түрінде бір-
бірімен тоғысып, бір-бірімен қайшыласып, бірін-бірі
толықтырып тұратын жағдайға қол жеткізу – оқу ісіндегі, білу
мен түсінудегі, түсінгенді күнделікті тұрмыс-тіршілікте
қолданудағы басты жетістік. Осындай жетістікке жеткеннен
кейін, ақынның қандай өлеңін оқытуда қандай тиімді ахуал
қалыптасатынын ескеру орынды.
Л.С. Выготский оқушы санасында қарама-қарсы эмоция-
лардың күресі туғызатын эмоциялық қозғалысты эстетикалық
əсер алу деп атайды. Осы заңдылықты негізге алғанда, көркем
шығарманы талдаудың кез келген түрі қарама-қарсы екі бағытты
іздеп, табудан басталады [7, 181]. Өлең мəтінінде оқушы
санасында бір-біріне қарама-қарсы эмоцияны, көңіл-күйді
тудыратын жағдайлар əртүрлі болуы мүмкін: жағымды-жағым-
сыз бейнелер, мақсат-мүдделер, іс-əрекет, табиғат көріністері,
т.б.
Оқушылардың ассоциативті ойлау қабілетіне əсер ете алатын
тақырып олардың ассоциативті эмоциясын тудырып, қиялын
қозғайды. Л.С. Выготскийдің пікірінше, көркем мəтіннен
осындай бір-біріне қарама-қарсы екі полюсті табу оны қабыл-
даумен тікелей байланысты болады. Автордың қиялы тудырған
көркем шығарманың оқырманға қатты əсерінің сырын да осы
психологиялық заң түсіндіреді [8, 13].
Ойдан шығарылған образ неғұрлым жарқын, биік болған
сайын оның эмоциялық əсері де күшейе береді, оқырман өмі-
рінің əртүрлі жағдайларының белгісі ретінде есінде қалған
түйсік-сезімдер, бейнелер өлең мəтінінде ашылатын сырлармен
тоғысып, ассоциациялар тудырады. Өлең мəтініндегі бейнелі
сөздің əсерінен туындаған елес-сезімді, ассоциацияларды
дамыту – мұғалімнен тиянақты ізденісті, терең білімді,
педагогикалық шеберлікті талап етеді. Бейнелі сөздің астарында
145
жатқан терең мағынаны ашу, оны оқушылардың білуі мен
түсінуін қамтамасыз ету жұмысы да оңай емес.
Бастауыш сыныптан басталатын қиын да күрделі əрі
жауапты жұмыс жоғары сыныптарда өзінің жүйелі жалғасын
табуы үшін мұғалім қазақ əдебиеті пəнінен сыныптан тыс оқуды
ата-анамен бірлесе отырып ұйымдастырады. Ата-аналарға
сыныптан тыс оқитын көркем əдебиет тізімін ұсынып, оны
уақытылы тексеріп отырған орынды.
Өлең мəтініне талдау жасауда оның образдық жүйесінің
құрылымына, сөздің мағынасына, мəтіндегі тірек сөздің
көпмағыналығына, бұл көпмағыналықтан туындайтын сөздің
түрлі мəн-мағыналары мен ассоциациялар тізбегін мəтіннен
түсініп табу іс-əрекеті оқушылар үшін бірнеше кезеңнен тұрады:
1) Оқушы өлең мəтінінің əрбір сөзіне мəн беріп оқиды.
2) Мағынасын түсінбеген сөздерін дəптеріне теріп жазады.
3) Ол сөздердің түсініктемесін сөздіктерден қарайды немесе
мұғалім көмектеседі.
4) Өлең мəтінінен тірек сөзді табу міндетті.
5) Тірек сөз ақын ойының дамуына байланысты əр тармақта
көріне ме келесі тармақта əлде басқа сөзбен ауысты ма деген
сұраққа жауап іздейді.
6) Өлең мəтінінде тармақтар арасындағы байланыс
тізбектеле немесе жарыспалы байланысатынына мəн береді.
7) Мұғалім оқушыларға осы байланыс түрлерін түсіндіреді,
үш-төрт шумақтан тұратын өлең мəтіндерінен мысалдар келтіріп,
байланыс түрлерін ажыратуға жаттықтырады. Мысалы:
Желсіз түнде жарық ай,
Сəулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп [4, 103].
Берілген шумақтың алғашқы екі тармағы тізбектеле бай-
ланысқан. Екі тармақты бір жай сөйлем жүйесінде ( желсіз түнде
Достарыңызбен бөлісу: |