ТҰМАР ПАТШАЙЫМ
– Балам, Сақ елін бір заманда Тұмар деген патша әйел билеген. Өзі жауынгер болыпты. Ат үстінде қорықпай, жауға қарсы шауып, қылыштасатын. Әскерін бастап, елін қорғайтын еді.
Сол кезде сақ даласын басып алғысы келіп қызыққан талай патшалар болды. Соның бірі – Кир патша.
Кир патша мол әскерімен баса көктеп, Сырдарияның жағасына дейін келеді. Сол жерде Тұмар патшайым қарсы тұрып, соғысады.
Бір күні Тұмар патшайымның ұлы соңындағы жасағымен Кирдің қолына түсіп қалады. Тұмар Кир патшаға:
– «Баламды босат та, еліңе қайт!» – дейді.
Масаттанған Кир патша:
– Сақтарды басып алмай, қайтпаймын! – деп күш көрсетеді. Тұмардың баласы намысқа шыдамай, өзін-өзі өлтіреді.
Баласының Кир қолында қаза тапқанына қайғырып, намыстанған Тұмар патшайым:
– Сақ даласын ешкім басып ала алмайды! – деген ұран тастап, бүкіл әскерін жиып алады. Неше күн, неше түн соғыстан соң, Кирдің өзі қолға түседі.
Тұмар патшайым:
– Сенің аңсағаның ажал еді! Мен сені арманыңа жеткізейін! – депті. Кирдің басын кесіп, меске салып, дарияға ағызып жіберіпті. Сөйтіп, сақ даласын жаудан сақтап қалыпты.
ШИРАҚ БАТЫР
– Балам, Кир патша сақ даласын басып ала алмады. Оның арманын іске асырғысы келіп, тағы бір Дарий деген патша сақтарға қарсы соғыс ашады. Ел күтпеген жерден тиіскен жау әскеріне қарсы тұра алмайды. Бет-бетіне қашады. Сонда Ширақ деген бір батыр жігіт:
– Бәріміз қырылмайық. Одан да біріміз құрбан болайық. Сендер алға озыңдар. Мен жауды жалғыз қарсы аламын! – дейді. Елі-жұрты онымен жылап қоштасады.
Ширақ батыр өзінің құлақ-мұрнын қылышпен шауып тастайды. Әйтпесе оған жау сенбейтін еді. Күтіп тұрады. Сол кезде артынан жау әскері келіп жетеді. Әскербасы:
– Сен неғылған адамсың? – дейді Ширақ батырға. Ширақ батыр:
– Мен сендерді сақтарға апарамын. Оларда кегім бар, – дейді.
Жаудың әскербасы Ширақ батырдың сөзіне сеніп қалады. Ширақ жау әскерін бастап жүріп кетеді. Бір күн жүреді. Бір апта жүреді. Он күн жүреді. Ақыр аяғында, шегі жоқ қалың құмға әкеледі.
Жаздың қайнаған ыстық күні болатын. Ыстық құмның үстінен ұшқан құстың қанаты күйіп қалатын. Жаудың әскері шаршап құлайды. Астындағы аттары шөлдеп өледі. Ширақ батырдың мақсатын енді түсінген жаудың әскербасы:
– Айт шыныңды, сен кімсің ? – дейді Шираққа.
Сонда Ширақ батыр:
– Мен мақсатыма жеттім. Елімді жаудан құтқардым. Енді өзің біл! – дейді.
Ашуланған жау Ширақ батырдың басын шауып түсіреді. Бірақ өздері қырылып, еліне жете алмайды. Әскербасы қолын жайып, Жаратушыға жалбарынады:
– О, Жаратушым! Осы жолы құтқар! Енді қайтып сақ даласына келмеспін! – дейді.
Сол кезде аспаннан жаңбыр жауады. Жаудың азғантай тобы аман қалады. Еліне қашады. Енді қайтып сақ даласына аяқ баспайтын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |