НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КЕМЕСІ
– Балам, Нұх деген пайғамбарға Алла тағала бір күні кеме жасауды бұйырды. Нұх үлкен кеме жасады. Оған балаларын мінгізді. Жан-жануардан алды. Түйе, жылқы, сиыр, қойды салды.
Бір күні аспаннан найзағай ойнап, қатты шатырлады. Толассыз жаңбыр жауды. Су сел боп ақты. Судың биіктігі ағаштың басынан асып кетті. Адамдар суға кетті.
Нұхтың кемесі сумен жүзіп отырып, бір таудың басына келіп тоқтады. Ол қасиетті Қазығұрт тауы еді. Жауын тоқтап, су қайта бастады. Жер қарайды. Нұхтың жан-жануары аман-есен кемеден сыртқа шықты. Содан төрт түлік тарады.
– Әке, түлік деген не? – деді осы кезде Данабек.
– Қазақ атам малды төрт түрге бөледі. Оны «түлік» дейді. Әр түлікті қолдап, қорғайтын атасы болады.
Бірінші – түйе түлігі. Түйенің атасы – Ойсыл қара.
Екінші – жылқы. Жылқы атасы – Жылқышы ата.
Үшінші – сиыр. Сиыр атасы – Зеңгі баба.
Төртінші – қой. Қой атасы – Шопан ата.
Ойсыл қара, Қамбар ата – алғаш түйе мен жылқыны ұстап, баққан кісілер. Зеңгі баба мен Шопан ата – сиыр мен қойды алғаш баққан кісілер. Олар өте ерте заманда өмір сүрген.
Нұх пайғамбардың кемесіндегі жануарлардан тараған Ойсыл қара туралы мынадай өлең бар:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсыл қара жануар содан қалған.
Кәне, өлеңді қайталап айтайық. Айбегім мен Данабек әкесіне қосылып, қайталап айтты. Содан соң жеке-жеке айтып берді. Әкесі риза болды.
ЖЫЛАН МЕН ҚАРЛЫҒАШ
Бір күні Нұх пайғамбардың кемесін тышқан тесіп қояды. Ішіне су кіре бастайды. Нұх пайғамбар:
– Кімде-кім тесікті бітесе, қалағанын беремін! – дейді.
Мұны естіген су жыланы бірден іске кіріседі. Тесікті бекітеді. Нұх пайғамбар су жыланынан:
– Нені қалайсың? – деп сұрайды.
Жылан:
– Ненің еті тәтті болса, соны бер! – дейді.
Нұх пайғамбар ненің еті тәтті екенін білу үшін масаны жұмсайды. Ол бәрін шағып көреді. Адамның еті бәрінен тәтті екен. Соны хабарлауға кемеге қарай ұшып келе жатады.
Қарлығаш адамға дос еді. Ол өзінің ұясын адам тұратын үйдің ішіне салатын. Адам оған тимейтін. Қарлығаштың жұмыртқасын жегісі келетін жыланды жолатпайтын. Қарлығаш қай үйге ұя салса, сол үйге бақыт келеді.
Қарлығаш масаның алдынан шықты.
– Ненің еті тәтті екен, білдің бе? – деп сұрайды. Маса:
– Білдім. Адамның еті бәрінен тәтті екен, – дейді. Қарлығаш:
– Дәмі тіліңде бар шығар. Тіліңді шығаршы, мен де татып көрейін, – дейді.
Ақымақ маса тілін шығарады. Қарлығаш тұмсығымен масаның тілін жұлып алады. Ол быжылдап ештеңе айта алмай қалады. Екеуі Нұхқа келеді. Нұх:
– Ненің еті тәтті екен, білдің бе? – дейді.
Маса быж-быж етеді. Сонда қарлығаш:
– Маған айтқан. Құрбақаның еті тәтті деген! – деп алдайды.
Содан былай жылан құрбақаның етін жейтін болады. Қарлығаш адамды жыланнан құтқарып қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |