Сөз соңы
Қазіргі қазақ баласының бойындағы бір кемшілігі – өзіне сенімсіздік, кембағалдық мінез. Баяғы Қазтуған мен Шалкиіз заманындағы қазақ мінезінен өзін «буыршынның бұта шайнар азуы» деп сезінген өрлік пен өр рухты көреміз. Сенімсіздікті қалыптастырған екі ғасырлық құлдық психология мен әміршіл жүйе болатын. Енді дәстүрлі қазақы тәрбиеміздің өміршең үрдістерін қазіргі заман ағымына үйлестіре алмай жатырмыз. Дәстүр құндылығы бір басқа да, уақыт құндылығы бір басқа. Бала санасында қазіргі қазақ азаматының рухани моделі қалыптаспағандықтан, сенімсіздікке ұшырайды.
Ал өзге тілде тәрбие алған балада ұлттық мәдениетін білмеуден туған сенімсіздік бар. Сондықтан ендігі тәрбиенің алдында тұрған зәру мәселе – қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру. Өркениет әлеміне Қазақ құбылысы болып кіретін азамат дайындау. Ол, ең әуелі, өзіне сенімді адам. Өркениет әлеміне шығуға дайын адам ғана өзіне сенімді бола алады. Біздің бағдарламамыз хал-қадарынша осы мақсатқа қызмет етеді.
Бұл бағдарлама бойынша, тәрбие ұлттық негізде жүреді. Ұлт ретінде қалыптастырған жақсы қасиеттерімізді сіңіріп, оны заманға қарай дамыту. Бірақ ұлттық шеңберден қамал соғып алу емес. Мектебіміздің оқытудағы ескі авторитарлық қалыптардан шығатын кезі келді. Ол үшін мектептің ішкі жүйесі мен мазмұны өктем қатынастарды қажет етпейтіндей болып құрылуы керек. Сонда нағыз еңбекқор мұғалімнің жұмысы жарқырай түспек.
Біздің бағдарламаның бағыты: «Мен сенің жақсы болуыңа көмектесемін».
«Мектептің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі – баланың ықыласы» деп білеміз. Шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-қатынас адамгершілікке құралады.
«Сенім» бағдарламасы бойынша мұғалімге көзқарас.
Мұғалім – тергеуші емес, үйретуші. Тәртіпке салып қоюшы емес, рухани өсіруші. Баланы қызықтыру арқылы ерте білетін адам балаға нені үйреткісі келсе, соны өзі көрсетеді. Баланың қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы екеніне, қазақ жерінде тұратындығына мақтаныш сезімін қалыптастыру – мұғалімнің абыройлы ісі.
Шәкірттің ой-өрісі мен сезімін тәрбиелеуде ертегі-аңыз, ән-күй, хаттың рөліне үлкен мән беріледі:
– ертегі-аңыздарды толассыз құлаққа ұйып отыратын арнайы сабақтар болады: «Тілашар», «Елтану», грек-рим мифологиясы, қазақ аңыздары, ұлы адамдар өмірі;
– сабақ, үзілісте ән-күй, жыр, әлемдік музыка кеңінен қолданылады;
– ұстаз бен шәкірт арасында «Үшбу хат» жазылады.
Тәрбиенің негізі үш саладан тұрады:
Достарыңызбен бөлісу: |