ЖАС ҰРПАҚ: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ
немесе ұлттық тәрбиенің жаңаша моделі жайлы ұсыныс
Жастар арасындағы Батысқа көзсіз еліктеушілік көбелектей отқа түсіруде. Еліктеушілікке Франция, Жапония сияқты күшті елдердің өзі ұлттық сананы қарсы қойып отыр. Өтпелі кезде бәрі бола береді деген самарқаулық біз сияқты аз халыққа тіпті де келмейді. Кеңес үкіметі орнауының алғашқы жылдарындағы қазақты толғантқан мәселелер, бүгін қарасақ, тағы алдымыздан шықты. Ұлт ретінде жұтылып кету қаупі жүректің ең бір нәзік мұңы болып келген болса, бүгін де ойланарлық жайлары көп. М.Әуезов оны 1918 жылы-ақ байқап, үлгі етерлік бағытты тауып: «Жапония Еуропа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ... Жапония да әр түрлі өнерліге, әр түрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Еуропада мол. Сол себепті олар күнбатыстың профессор, өнерлілерін де шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттары: Жапонияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері керек. Мұндай мінездері байқалған болса, қызметтеріне кіргізбеді», – деген еді.
Түрік ойшылдарымен, Абаймен сабақтас, Шығыс пәлсафасы қайнарының бірі – Конфуцийден ( б.д.д. 6 - 5 ғ. ) бір шәкірті мемлекетті ұстап тұру үшін не қажет екенін сұрағанда, үш нәрсені айтқан: елді тойындыру, қару-жарақ, сенім.
– Егер ел басына күн туып, мәжбүрлік болса, қайсысын қалдырар едіңіз? – дегенде:
– Сенімнен айырылуға болмайды! – депті.
Алдымызда жүрген жастарымыз қазір қалай исек, солай кеткелі тұр. Жастардың сенімін бір тұғырдан табыстыру керек-ақ. Сондықтан балаларымыздың көңілін қобалжытпай, ата-бабамыздың соңғы он ғасыр тарихында табанын тіреп, тамырын жайған, бүкіл түрік дүниесіне ортақ ислам діні негізіндегі имандылық сеніміне ұйыту керек. Бұл – ұлттық идеологиямызды құрайтын мықты діңгектердің бірі. Діни имандылықтан бөлек баянды сенім болған емес. Сенімді аударып-төңкере беру азғындауға әкеледі. Аузына ел қараған ағалар дін жөнінде ойланып сөйлеуі парыз. Исламды оқымай-ақ, ескі ұғыммен жамандай сөйлейтін «патриоттар» бар. Мәселе – насихаттай білуде. Қазіргі өмірмен байланыстыра әдемі айта алатын, пікірталасқа түсетін насихаттаушысы болмағандықтан, дін орта ғасыр деңгейінен аса алмай отыр. Дәстүрлі сенімнен айырылу - бәрінен айырылу.
Әлемдегі 154 миллионға жуық түрік тілдес халықтардың негізгі діні – мұсылмандық. Әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты, чуваштар мен гагауыздар христиан дініне, қарайымдар мен қырымшақтар – иудаизмге, сары ұйғырлар пұтқа табынып кеткен (Б. А. Будагов). Ол – түрік халықтарының басындағы қасиет. Сенім алалығы өзара алауыздық та туғызуға себеп болуы мүмкін. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Кауфман мен Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің шоқындыру айласына көнбеген.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап әр түрлі діни ағымдар лап берді. Оларда жақсы зерттеу жүйесі қалыптасқан. Елдің бар жағдайын есептеп, адамдарын не қызықтыратынын біліп келіп отыр. Жаңа жағдайға бейімделу үрдісінің біразға созылатынын, жұмыссыздық, орнықсыздық, ақшадан қысылу - бәрі де қолға түскен торғайдың халіндей қолайлылық тудырады. Жастардың жақсы өмірге қызығушылығын доллардың құлы қылып пайдалануда.
Қазір Қазақстанда 37 дін тармақтары тіркеліп отырған көрінеді. Әрқайсысының мақсаты – өз қатарын жергілікті халықтар есебінен көбейту. Кришна дініне бір кірген адам гурудың айтқанынан шыға алмайды. Шеттен келген христиан- баптистер де қарап жатқан жоқ, тіпті Алматы маңында мектебін ашып, бүлдіршіндердің жүрегін жаулап жүргені дер кезінде білініп қалды. Бәрінен гөрі икемдірегі Йегова болып тұр. Йеговаға кірген бір қызымыз: «Мен өз халқымды өте жақсы көремін, сондықтан кірдім. Сендер түкті де түсінбейсіңдер!» – дейтін көрінеді. Йеговалық: «Біз ешқандай дінге жатпаймыз, бәрінен жоғарымыз, ізгілікті уағыздаймыз», – деп алдайды. Қолдарында – Библия. Өзге дінге кіргенің үшін алдап ұстататын күлшесі де бар. Әр жиыны 50 долларға дейін барады деп естиміз. «Йегова куәгерлерін» ылғи назарында ұстап, жәрдем береді. Жиналып құлшылық қылады. Қазір Алматыдан бастап, рухани кіндігіміз үзілмеген оңтүстік облыстарға дейін барады. Жұмыстары нәтижелі. Әсіресе хал-ахуалы нашарлаған мекендерге жетіп барады. Кентау қаласында өзге дінге ерген жастар баршылық. Тіпті Түркістан жастарын да жаулап ала бастады. Жақында: «Ясауи бабамыз тұрған жерде өзге дінге кіруіміз – ұят, намыс» деп түсінген мыңға тарта студент жастар митингіге шығып, Йегованы қалаға тіркетпей жіберіпті. Сөйтіп, «Мәңгілік өлмейтін рух астанасы – Түркістан» екенін дәлелдепті. Мұны біз қазан айының 1-2-сі аралығында өткен «Түркістан: кеше, бүгін және ертең» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция тұсында естідік. Археологтер бұл қалаға кемі 2000 жыл болғанын дәлелдейтін заттық айғақтар тапқан. Түркістан маңайындағы Шоқтас, Қосқорған деген жерлерден миллион жыл бұрынғы тас дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрағы анықталып, тас құралдары алынған. Оны барған кісілер көзімен көрді. Осындай көне мәдениеттің кіндігінен жаралған бүгінгі түркістандық жастардың әлгідей қайраты мен намысы төніп келе жатқан қауіптің бетін қайтарып отыр.
Шындығына келсек, Йегова – христиан дінінің бір тармағы. Біз өз қолымызбен ұстап, бірнеше кітабын оқып шыққанымызда осыған көзіміз жетті. Ол кітаптардың аты: «Мәңгі өмірге жетектейтін білім», «Жұмаққа жеткізетін үкімет» (Өз үкіметін құруды армандайды. – А. Қ.) «Йегова куәгерлері бірігіп, бүкіл жер бетінде құдайдың құдіретін жасайды». Бәрі де Йегова ұйымдары арқылы Германияда басылып шыққан. Негізгі христиан дінінен айырмашылығы: «Иисус Христос – құдайдың өзі емес, баласы, құдай – өзінше бөлек тұлға, оның аты – Йегова» дейді. Сүйенетін кітабы – Библия. Нұсқауларында: «Үгіттей бер, бір барғанда көнбесе, тағы бар, адамның жағдайы мен көңіл-күйі өзгеріп тұрады. Көшеге шығып үгіттесең, бір отбасындағы адамдардың бірі көнбесе, екіншісі көнеді», – деп үйретеді. Соған қарағанда үгіт күшті, аяғы не болар екен? Дүниенің көптеген елдеріне тараған. Жүзден астам бөлімшелері бар. Суреттеріне қарасаң, әзір мұсылман елдеріне аса ендеп кете қоймағаны аңғарылады. Қазақстан арқылы Орта Азияға кіргісі келеді. Орыстануға қатты іліккен қазақ халқы тағы бір қауіпті басынан кешіргелі тұр, ол – діни бөлшектену. Олардың арманы: балаң – кришнашы, қызың – йегова, немерең баптист болса, сөйтіп, өз ішінде көзқарас қайшылықтары туса, атадан балаға беріліп келе жатқан рухани байланыс үзілсе дейді. Сөйтіп, рухани құлдыққа салып қою. Осы жерде Елбасының мына сөзі ой салып, қарымды істерге жетекші болар деген үміттеміз: «Керісінше, біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек» (Н.Назарбаев «Тарих. Тағдыр. Тұлға. Сұхбат» // Егемен Қазақстан, 18.09.97.).
Кей кісілер «Қорқудың қажеті жоқ, шіріген жұмыртқа сияқты, 10-15 процентімізді тастармыз, бірақ келесі ғасырға бәрібір ұлттығымызды сақтап өтеміз», – дейді. Біз сияқты шағын халыққа сол проценттердің өзі де көп емес пе деп қауіп ойлайсың.
Әлемді таңдандырып отырған жапондар ең үлкен жетістікке өзінің ұлттық болмысын, ата дәстүрін сақтай отырып жетті. Мемлекеттік идеологиясы Конфуций іліміне негізделді. Христиан дінін (549 ж.) Франциск Ксавье атты миссионер әкелген (Бүгінгі Жапония. – Токио, 1990.) Ішкі соғыс жанжалдар кезіндегі жаңа рухани символдарға қажеттіліктен бе немесе Батыстың саудасы мен қару-жарағына қызығушылықтан ба – бұл дінге кірушілер көбейіп бара жатқан соң, унификациялық саясатты жүргізе отырып, ХVІ ғасырдың аяғында, қалыптасқан ел дәстүріне қайшы келетіндігіне байланысты, өзге дінді таратуға тыйым салды.
Сөйтіп, 300 жылдай өз дәстүрімен өмір сүруді жолға қойғандықтан, ұлттық салт-санасын бекітіп алып барып, ХІХ ғасырдың ортасында ғана айналасындағы елдерге есігін ашты. Соның нәтижесінде елдік қасиеттерін сақтап қалды.
Біздің айналамызда да ежелден қалыптасқан елдер жатыр. Дос пейілдің астарына өзін тықпалау, рухани бодандықты білдірмей насихаттау жағы болса, сақтық әбден керек. Аңғал қызыңды бауырына тартқанына қуануға ерте. Экономикалық қиыншылықтың көлеңкесінде адам факторы мен оның ішкі дүниесі ұмыт қалғандықтан, ұлттық құндылықтардың әлсіреуінен ата-ана да дәстүрлі бағытынан айырылып қалып отыр. Қызы еуропалыққа күйеуге шықса, есі кетіп қуанатыны содан. Бұл мәселеге намыс, салт-сананы былай қойғанда, рухани бодандыққа икемдей түсетін жолдардың бірі деп қараймыз. Оған ұлттық тәрбиені күшейту арқылы ғана тосқауыл қоюға болады.
Дінді мемлекеттен бөлдік дегенмен, ол қоғамдағы адам санасының негізгі өзегі, адамзат жасап келе жатқан мәдениеттің бөлінбес ұстыны, дүниетанымы ретінде аса көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл жағынан көрші елдерде де көңіл аударуға тұрарлық ізденістер бар. Қытайлар «Батысқа еліктеу» дейтін саясатты ұстанып көріп, одан кейін «қайта ойланды», енді «текке оралуға» көшті. Тегімізге оралу бізге де аса қажет екені көрінеді. Жастар бізге бұрылмас, біз оларға бұрылайық. Енді сол жөніндегі кейбір ұсыныстарымызды назарға саламыз:
Достарыңызбен бөлісу: |