ҚАЗАҚ ЛИЦЕЙІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК
Немесе жас ұрпақты тәрбиелеуді өз мойнына алып отырған Алма Қыраубайқызына кім қол ұшын береді?
(Сұхбат)
Бұрындары тек әдеби шығармалар мен шетел баспасөздерінен ғана оқитын «колледж», «лицей» терминдері қазір біздің өмірімізге де етене еніп, жер-жерлерде осындай арнаулы мектептер ашыла бастады.
Аталмыш білім ұялары халық ағарту саласында бұрынғы кеңес дәуіріндегі мектептермен салыстырғанда сапалық жағынан жаңа сатыға көтеріліп келе жатқан сияқты.
Саналы білім, сапалы тәрбие беретін білім ошақтарының игі бастамалары біздің ауданымызда да көрініс алуда. Жақында ауданымыздың Жандосов ауылындағы қазақ гуманитарлық лицейінде болып, білім ұясының тыныс-тіршілігі, оның келер ұрпаққа берері мен болашағы туралы лицейдің директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетінің доценті Қыраубаева Алма Мүтәліпқызымен әңгімелескен едік...
– Алма Қыраубайқызы, қазақ лицейі кімнің бастамасымен және қай жылы ашылды? Бұл лицейдің басқа білім ұяларынан айырмашылығы неде?
– Лицейдің ашылғанына, міне, биыл екінші оқу жылы. Лицейді құрылтайшы болып өзім аштым. Құрылтайшы болғанда, байлықтан емес, болашақ ұрпақтарымыздың қамы үшін, халқыма пайдам тисін деген оймен басқа Іле, Талғар аудандарында емес, өзім тұратын осы Жандосов ауылында аштым.
Біздің лицейдің басқа білім ұяларынан айырмашылығы – жаңа типтегі ұлттық лицей. Кеңес дәуіріндегі мектептер бүкіл одақ бағдарламасымен, орыс мектептерінің көшірмесі ретінде және империялық саясатқа қызмет істеген болса, біздің лицей ұлттық мүдденің өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып, ұлттық мүддені дамытып, соның негізінде қазіргі заманға сай бала тәрбиелейді. Лицейдің басқа білім ұяларынан бірінші ерекшелігі – баланы жасытпай оқытамыз. Оқушыны өзімізбен тең адам деп танимыз. Ал екінші ерекшелігі – 1-кластан бастап шет тілі ретінде ағылшын тілі пәні жүреді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің 1-курс студенттері оқитын сабақтар мұнда 5-класта жеңілдетіліп өтеді. Сондай-ақ жай мектептердің бағдарламасына енгізілмеген пәндер де бар. Ол ежелгі әдебиет, ислам мәдениеті, 1-2-кластарда әдеп сабағы және көне жазу (араб әліппесі), болашақта орхон жазуы мен Америка мәдениеті пәндерін оқытуды бағдарламаға енгізуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы, мұғалімдердің тәжірибелері жаман емес. Олар өз сабақтарында оқытудың жаңа әдістерін қолданып, Алматыдағы Америка мектебімен байланыс жасап, тәжірибе алмасып отырады.
– Оқушылардың сапалы білім алуы мұғалімдер қауымының біліктілігіне, тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты. Жалпы, кадр мәселесіне, олардың тұрақталуына орай ойыңызды білсек...
– Қаладан 30 шақырым жерден мектеп ашып, оны кадрмен толықтыру оңай емес. Қазір біздің шаңырағымызда көбіне өз шәкірттерім жұмыс істейді. Өте қабілетті деген шәкірттерімді осында оқушыларға дәріс беруге шақырып жатырмын. Әл-Фараби және Әлем тілдері университетінен де мамандар келіп жұмыс жасайды. Мұғалімдердің біразы осы ауылда тұрады, біразы Алматыдан қатынайды. Қалада тұратын ұстаздардың қатынауына өзімнің жекеменшік машинамды пайдаланып, арнайы жүргізуші жалдап отырмыз. Оларды машинамен апарып әкеліп жүрміз, басқа айла жоқ...
Негізінде, мұғалім Қаскелең ауданынан іздесек те табылады, келешекте сондай мұғалімдерді жинасам деген ойым бар. Осы мектепте ізденуші мұғалімдер арасында «ізденіс орталығын» ұйымдастырсақ деймін. Жүрегі сергек, көңілі ояу мамандар өздері келіп жолықса, айып болмас еді. Біз, негізінде, математика, орыс тілі, химия, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдерін қаладан әкеліп отырмыз. Егер өзіміздің жергілікті ауылдан мамандар табылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе!
Білім берудегі ең негізгі мәселе – оқулық жайы. Егеменді елдің ұлттық өз мәдениетін, тарихын, тілі мен ділін зерттеп, насихаттайтын мәні бар төл оқулықтардың болуы қажет-ақ. Кейбір білім ұяларында оқулық жайы өзекті мәселеге айналып отыр. Ал сіздерде қалай?
Бізде бірлі-жарым оқулықтар болмаса, жеткілікті, оқулықты өзіміз береміз және оны оқушылар ешқандай төлемақысыз тегін пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |