Лицейдің ашылғанына біраз уақыт болыпты. Лицейдің ашылуына атсалысып қиналғанда қол ұшын берген демеушілеріңіз бар шығар. Олардан нақты қандай көмек көріп отырсыздар?
Демеушілер, әрине, керек. Аудан халқының болашағын ойлаған түсінігі бар адам бізге ұшын беруі тиіс. Біз қазір жоқтан бар жасап отырғанымызда шамасы келетін адамдар көмек беріп жатса, оларға қиыншылық тудырмас деп ойлаймын. «Ақша – қолдың кірі. Бүгін барда ертең жоқ», – деп халық айтқан ғой. Қолында ақшасы бар, дәулетті кісілер болса осындайда көмектесіп, қол ұшын берсе, оларда еңбегі тегін кетпесіне кепілдік бере аламыз. Басты мақсат – көп болып, жас ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу емес пе?
Лицейдің басқаларға емес, әсіресе өз ұлтымыздың болашағына қажет екенін терең түсінген қазақтың кейбір азаматтары қолдарынан келген мүмкіндіктерін, көмектерін жасады, әлі де жасауда... «Жақсының жақсылығын айт» демекші, біздің ең бірінші демеушіміз – осы Жандосов кеңшарының директоры Б. Темірбеков лицей шаңырағына айналған үйді тегін пайдалануға беріп отыр. Егер арендаға берсе, онда жағдайымыз өте қиын болар еді. Сондай-ақ «Жалын», «Мектеп» баспалары мен «Қонаев» қоры қол ұшын беріп отыр. Сонымен бірге қазіргі мынадай қиын заманда шын пейілімен, нәтижелі ісімен көмек беріп отырған «Бөбек» қорын айтпай кетуге болмайды. Сара апамыз өзі келіп жағдайымызды біліп, жылы лебізді сөздерін айтып, әр оқушыға сыйлықтарын беріп кетті. Әлі де жанашырлық танытып, қамқорлыққа алуда. Бұл кісілерге менің және біздің мұғалімдеріміздің алғысы шексіз.
Қазіргі заманда заң өзгеріп қолма-қол ақыға көшіп бара жатқан сияқты. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиелегендеріңіз үшін ақы талап етесіздер ме, шамамен қанша?
– Бізге мемлекет еш қаражат берген жоқ. Егер қаражат бөліп, мемлекет өз қарамағына алып жатса, біздің еш қарсылығымыз жоқ. Негізгі мақсатымыз – халыққа қызмет ету. Біздің мектебімізді қарапайымдылық мектебі деуге де болады. Мұғалімдер айлығының асып тұрған ештеңесі жоқ. Мен өзім де осы еңбегім үшін айлық алмаймын. Ауылдағы ата-аналар өте кедей. Олардың қаладағыдай жоғарғы ақы немесе доллармен төлейтін шамалары жоқ. Сондықтан ата-аналардан талап ететін төлемақысыз екі шөлмек арақтың құны, яғни 300 теңге. Ата-аналарға айтарымыз: «екі шөлмек арақты ішпей-ақ, балаңды оқыт».
|