Таланттар



бет24/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   151
Таланттар

Иманғалиев Б:
«Шәлгез жырау бұл ағытпа данышпандық толғауында жақсылық пен жамандықтың, достық пен батырлықтың, ерліктің, әділдіктің бағасын таразылап, ұрпаққа өсиет-нақыл ретінде айтқан».
Ысрайыл:
«Өресі биік, зерделі адамның аузынан шыққан, айтары мол өлең жолдары. Әр жол өзінше бір ой айтып тұр. Құтты бір мақал іспеттес. Сонымен бірге әр жол бір жаңа өлеңнің тақырыбындай әсер береді. Қалай десек те, аталы сөз екені анық».
Сабақ өтіп жатты. Бірақ осы тәсілімнің дұрыстығына анық сенімім болмай, «бұл өзі мектепті қайталау болып кеткен жоқ па?» – деп, екі ойлы болып жүргенде, «Останкинодағы он бес кездесу» атты кітаптан Д. Лихачевтың мына сөздерін оқыдым: «Бір кездері университетте Л.В. Щерба студенттермен баяу оқу дейтін сабақ өткізетін, оны басқа оқытушыларға да ұсыныс ететін.
Яғни бір шығарманы әр жолына түсініктемелер бере оқып, тереңдей талдайды... Осылайша біз де «Мыс салт аттыны» оқып шықтық, бір жылда бірнеше жолын ғана талдап үлгірдік. Осындай сабақтар әдебиеттің мәнін түсінуге, әдебиетті сүюге үйретеді».
Бұл пікірдің өз ойыммен қабысқаны сондай – енді күдіксіз, күмәнсіз текст оқуға мән беретін болдым. Шәлгездің бір толғауын талдауға жіберілген уақытқа өкінбеймін.


БАТА

Өмірімізге жаңадан орнай бастаған демократия заманынан бұрынғы уақыттарда студенттерге ескілікті салт-сана, мұсылманшылық туралы еркін айтуға мұғалімдердің батылы бара бермейтін. Сонда да болса ғылыммен, адамшылықпен байланысты ой тастайтын пікірлер есебін тауып жеткізіліп жатады. Әдебиеттің, тілдің тарихын оқытатын мұғалімдер ол мәселеге бармай тұра алмайды.


Тарихымыздан гөрі көз алдымыздағының оңайлығына қызығып, содан жеген арзан жемісімізге мәз болған адамшылыққа кереғар кездер еді ғой. Заманның барысын тез ұғатындарымыз пышақтың жүзіндей қылпылдаған тарих тереңінен қашқақтап, үй іргесінен ұзап шықпай, ұзасақ, көршідегі көк ауылмен дос болғанымызды, содан үйренгенімізді айтып мақтануды сіңірдік. Жастар жағы салт-дәстүр дегеннің не екенін білуден қалып бара жатты. Сөйтсе де: «Өз тарихың бар, көне дәстүрің бар», – дегенге құлағын тігіп, ұғып алуға тырысушылар да болушы еді. 60-70 жылдардағы студенттердің көңіл-санасын оятқан профессор Б. Кенжебаев, профессор Т. Қәкішев, 3. Қабдолов, X. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, Р. Нұрғалиев сияқты адал ұстаздарымыздың батырлығының арқасында біздің ұрпақ өсті, ендігі кейінгі жастардың көкірегіне рухани ұлттық сананы сіңіру сол ұрпақтың міндеті болып қалды. Репрессияны көзбен көрмегендіктен еркіндеу болған шығармыз, өз ұлтын кем тұту тәрбиесімен өскен жасқа сол халықтың даналығын ұқтыруды сабақтың мақсатына айналдыруға тырыстық. Мысалы, «Денсаулық үшін алып қояйық!» дегеннен басқа тілек айтуға шорқақ кей жастарымызға қазақтың Батасы ескіліктің қалдығындай көрінетін. Батаның астарында қаншалықты даналық, кісілік жатқанын ұқтыру қиын еді. Ал Батаның мазмұнына үңіліп қарасақ, қазақ баласы атам заманнан бір-біріне жақсы тілек айтып келген ғой. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, оның сылтаулары көп: дастарқан қайырса да, баласы атқа мінсе де, келін түсіріп, қыз берсе де, біреуі алыс сапарға шықса да, бата беріп жатады. Және ойдан құрап, қиыстырып айтуға қандай шебер! Қазақтың ақсақалының аузынан шыққан батасы өзіне лайық, өзі батасына лайық бола білген. Жазушы Б. Нұржекеевтің «Жау жағадан алғанда» романының кейіпкері Кебекбай мынандай бата береді:

Тақыр жерде тайғақ бар,


Тәңірім содан сақтасын!
Бату бар жерде бәле бар,
Машайық содан сақтасып!
Шұқыр жерде сайтан бар,
Сақтаушы содан сақтасын!
Ойнақтаған оң қолың
Ақ білекте қарыссын!
Қимылдаған екі аяқ
Табаныңда қарыссын!
Аузыңдағы отыз тіс
Таңдайыңда қарыссын!
Құдай қосқан қосағың
Біргелесіп қарыссын!
Басың жерге жетпей жамандық
көрме, жаным!
Дәулетің зияда болсын!
Дұшпаның пияда болсын!
Ұлың ұяда болсын!
Қызың қияда болсын!
Адамның жаласынан,
Бұлттың аласынан, бәлесінен
Көрінер-көрінбес мың да бір бәлесінен
Патша құдайым өзі сақтасын! Әумин!
Бұл батаның шағын түрі М.-Жүсіп Көпеевтің жазбаларында кездеседі екен. Атам қазақ жазбай, жадында сақтаса да, еш нәрсесін селкеулетпей, ұрпағына жеткізіп отырған ғой. Әлгі сөздердің неше жүз жылдық тарихы бар екенін ажырату оңай емес. Ал осындай баталар бүгінгі күні де әр үйде айтылып жатса, артық болар ма еді?
Батаның өзі айтушының кісілігін, ой-өрісін, білім-парасаттын танытатын кішігірім шығармашылықтың бір түрі деуге болады. Бата беру салты VIII ғасырларда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт бабамыздың заманында бар екен (арғы тарихы оның ар жағында жатқанына күмәніміз жоқ). Қорқыт бабаның айтқан баталары ғасырдан-ғасыр қуып бізге жетіпті. Кейінірек хатқа түсіп кеңдіктен, өз дәуірінен асып келіп, бүкіл ортағасырлық философияның адамшылық, ар-ұят өлшемдерін баяндайды. Қорқыт баба былай депті:
«Өміріңше асқар тауың құламасын! Көлеңкелі дарағын, солып, қуармасын! Ақ сақалды әкенің барар жері жұмақ болсын, ақ шашты анаңның жүрген жері саялы тау болсын! Сені құдай ұлыңнан, туғандарыңнан айырмасын! Өзіңе кең жайлау болған Қаратау күйремесін! Көлеңкелі биік дарағың көктеп, көгере берсін! Тасып аққан өзендерің шөлге айналмасын! Жаманның сөзіне ерме! Қабырғаң болса жүрерсің, шеміршек болса нығаяр. Ажал сағаты сорып, ашық көзің жұмылғанша сені құдай өз дініңнен айырмасын!» (Ә. Қоңыратбаев аударған «Қорқыт ата» кітабынан).
Сабақта Қорқыттың батасын әрі оқып-бері оқып: «бұл батаны аудиторияның бір көрнекті жеріне ірі әріппен жазып, іліп қояр ма еді!» – деген ойға келеміз. Айналамызға қарасақ, М. Горький айтқан ұлы сөздер ілулі тұр. Қорқыт сөздерін ойша қасына қойып көрсек, айырмасы жер мен көктей. Қандай-қандай заманға тап келерін Қорқыт баба қайдан білсін!
Қиял жүйрік қой, енді өзімізге бата-тілек айтудың реті келсе, не дер едік деген ой келеді. Алдымыздағы ақ қағазға өз өміріміздегі бірінші батамызды жаза бастадық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет