4 желтоқсан 1995 жыл
Бүгін ауылға ауданнан өкілдер келген екен. Мен жылағандай болып клуб үйінің суықтығын айттым. Кішкентай мектеп ашып отырғанымызды, ондағы мақсат ауыл баласына азғантай да болса көмегіміз тисін деген ой екенін түсіндірдік:
– Бізден екі түрлі пайда бар. Біріншісі, үкіметтің қалтасына түспей, мұғалімдерге айлықты өзім тауып, осы ауылдың баласын оқытып отырмын. Екінші, имандылық, зиялылыққа тәрбиелейміз. Бірақ бүгінгі оқып жатқан баладан да дәл бүгін қайтарым бола қоймайды. Қайтарым енді 10-15 жылда көрінеді. Бізден тәлім алған 50-60 баладан маңдайалды азаматтар шықса, сол қайтарымы емес пе? Суықта жөтеліп отырған балаларды аяп, мектебімізге жылу жіберетін осы ауданнан азамат табыла ма? – дедім.
Бір кезде:
– Мына Алма апай бізді неге қорлап тұр, а! – деген бір пенденің даусы шықты.
Өз таныстары да, стол басындағылар да бірден тыйып тастады. Теріс айналып кетті жігітіңіз. Ол жігіт өз өресін көрсетіп үлгірді. Оған ренішім жоқ. Бірақ біздің мектеп ашқанымызды өзін қорлау деп түсінетін өресіздіктің бұлтының көзінен жарқ еткен найзағайды таныдым. Ол келіп, жүрегімді күйдіріп кетті. Ол тек бір өресіздіктің найзағайы емес, оның артында талай өресіздік жатпаса не қылсын!
Достоевский Ф. кемеңгер айтыпты дейді: «Бір мақсатты көздеп үлкен жолға шыққанда саған үрген кез келген итке тұра қап кесек ата берсең, онда еш уақытта көздеген мақсатыңа жете алмайсың».
СӨЗ СОҢЫ
Мектеп жабылды. Бірақ идеясы өлген жоқ. Олай дейтінім, сол бағдарламаға сүйеніп жұмыс істеп жатқан мектептер бар. Республикалық конкурстарға қатысып кетіп жатады. Бағдарламаның ұнаған жерін жазып алып, қабырғаға іліп қойған мектептерді де көріп жүрміз. Әсіресе Маңғыстау облысындағы Тұщықұдық ауылының Сәттіғұл Жанғабылов атындағы мектебі мен Қызылорда облысы Жаңа Қазалыдағы № 226 мектеп – гимназия өздері қалап, белсене жұмыс істеуде. Бұл – осы істі уақыттың өзі қажет етіп отырғандығының көрінісі. Осы ретте көзімізбен көріп қайтқан мына бір жайды баяндай кетейік:
1999 жылдың көктемінде Маңғыстау облысының "Тұщықұдық" ауылындағы мектептің шақыруымен жол тарттық.
Өмірдің ащы-тұщысын көп көріп, жүн сабап, жіп ескен қарт ананың күстенген күтімсіз алақанындай қуаң даланың үстінен үзақ жылжып отырып, Хазар теңізінің жиегіне келіп қондық. Әбіш ағамыздың «мігірсіз» даласын оның өзінен артық суреттеу мүмкін еместей...
Терезеден көз салып, басындағы қалпағының жиегінен баса ұстап, біресе саулап артқа желбіреп, біресе жалпылдап алға ұмтылған етегіне ие бола алмай келе жатқан адамдарды көрдік. Дауыл соғып тұр. Домаланған кішкентай баланы ұшырып жіберердей аяғын әр жерден бір басады. Бас киімін артынан қуып жүріп әрең ұстап әкелді.
Барған үйінің қойы егіз тапса екен деп тілейтін сезімтал қазақпыз, даладағы дауылды ала келе жатқан қонақтың мінезіне балай салмаса неғылсын деп, ыңғайсыздана түсіп едік, қарсы алған кісілер: «Апыр-ай, адайлардың дауылы ма?» – деп келе жатқан жоқсыз ба?» – деп серпілтіп тастады. Мінездің мәрттігін таныдық.
Бұл ел, жалпы, өздерінің адай екендігін жасырмайды. Байтақ Қазақстанның бір бүйіріндегі қасиетті жердің ұлы екендігіне деген шексіз қуанышы мен махаббатын жариялай жүргенді ұнатады екен.
Жол Форт-Шевченкоға 89 шақырым қалғанда Таушыққа қарай бұрылды. Малшының жалғыз үйінен өте бере, қаусырына киінген бір ақсақал қол көтерді. Қала адамы сияқты саусағын қаздитып, қолын сілкілеп, қалай да тоқтауды талап етпейді. Дала адамына тән бекзаттықпен ишара ғана жасады. Маң далада жол бойындағы кісінің жанынан зу етіп өте шықпайды. Тоқтап, мінгізіп алдық.
– Тұщықұдыққа бара жатырмын. Алматыдан кісі келеді дейді. – Ұрпағымды қалай тәрбиелейтінін тыңдамақпын! – деді. – Атым – Аңшыбай.
Маң даладағы құндылықтар басқа. Сөздің жүйесіне, мінездің тегіне қарайды. Біз ақсақалды көбірек тыңдағанды жөн көрдік.
Алдымыздан жүгіре жөнелген қарабауыр құсты нұсқады.
– Бұл – қыр құсы, дуадақ тұқымдас. Дуадақ бірден ұшпайды, жүгіңкіреп барып ұшады. Содан соң Әбіштен (Кекілбаев) 2 гіләс бұрын оқығанын, Таушықта интернатта бірге жатқанын айтты.
– Сол кездің өзінде табиғи қабілеті бар еді. Саумалап сөйлейді. Қайдан құйылатынын білмеймін, – деп, теңізге көз тастай отырып, басын шайқады. Тағы маңызды нәрсе есіне түсті ме:
– Биыл қар болған жоқ. Құс ұшты. Сәуірде кесіртке шықты. Бұл бұрын болмаған. Теңіздің құрғауына байланысты. Теңіз кейін кеткеннен кейін тозаңданып, тұз шығады. Аралдан келіп жатыр.
– Мына ағылшындардың сөздік қоры аз екен ғой, – деді бір кезде. Мұнайдың майын да «ойл», қойдың майын да «ойл» дейді. Бұл не қылған сөзге тапшылық?
Артынан білдік, Аңшыбай ақсақал мал соңында ғана жүрген кісі емес екен. Қойны-қонышы төгілген өлең, ескілікті сөздер болып шықты. Жақында ғана теледидардан сөйлепті, шымшыма өлең оқыпты.
Аңшыбай ақсақалды көргенде, мектеп деректірі Ордалы деген жігіт қатты қуанып, қалған ақсақалдарын қайта-қайта түгендеп жатты. Бұл жерде ақсақалдарсыз ештеңе жүрмейтінін аңғардық. Ақсақал дегеніміз алпысты жаңа ғана алқымдаған, алпысыншы жылдардың басындағы Алматының зиялы студенттері болып шықты. Сол – баяғы әдебиетке адалдығын сақтап қалған, дүние қумай, руханият қуған бекзат ағалар.
Ордалы:
– Шалдарыма ұнамаса, ондай сөздің иесін май жағып берсең де қабылдамайды, қолды бір-ақ сілтейді, – деп қорқынышын ескертіп қойды. Таңғалғанымыз – бұрын ұстаз болып, бейнеттен баяғыда зейнетке шығып кеткен Жамбыл, Асқар, Оңдабай ақсақалдар 3-4 күн бойы күйкі тіршіліктің бәрін тастап, мұғалімдер әңгімесіне құлақ тосумен болды. Жастарға айтқан әңгімесінен: «толғақтың сесі», «сынықтың шерті» болатынын, «мондалақтың» – көсік екенін, «бөкірдің» қыста қауға тартқанда етіктің сыртынан киетін қаптама етік екенін осы кісілердің аузынан естідік. Мұндай ақсақалдар бар ауылда жастар бейбастыққа бара алмайды.
Мектеп шәкірттері түгелімен қолын кеудесіне қойып амандасады. Қазақи сөздің мәйегін құлағына құйып өскен, қалжыңға да жүйрік. Ордалының өзі оқытатын сынып оқушылары оның келіншегі Дәметкенді «жеңге» деп әзілдессе, Дәметкен оқытатын сыныптың балалары Ордалыға «жезде» деп қалжыңдайды. Ортаға тайсалмай шығуға, ойын еркін айтуға үйретіпті. Баланы жасытпаудың басы Асқар ағайдың үйінің төріне үлкен әріптермен жазып, іліп қойған жеңгейге арналған нұсқаудан басталса керек: «Шапалақ – тәрбие құралы емес», – деген онда.
Балалар Еуропаға кең тараған дебат ойындарына қатысып, облыста бірінші орын алған. Ана тілінде сөздің жүйесін еркін меңгерген балаға ол да қиын емес екен. Шешендік сөз сайысының қасында түк емес. Міне, ұлттық мектептің моделін жасауға дайын тұрған мектеп.
Облыстық мәслихаттың басшысы Айдарханов Тілеу айтады:
– Біздің балалар Тоқтамыстың әкесінің қай жерде жатқанын білу керек. Ол анау … жерде, Ұлы Жібек жолының тармағында. Гректермен осы жол арқылы байланысқан. Баланың елге, жерге сүйіспеншілігін тәрбиелеу қажет.
Мұны шаруашылық маманы айтып отыр. Ұрпақ тәрбиесі туралы әңгімені естігенде, ол кісі де шаруасын шөгеріп қойып, пікірлесуге уақыт тапты. Сондықтан да болар, балалары Тобанияз тарихын, Сәттіғұл мен Абылды әрқайсысы біледі. Сондай жерде туып-өскеніне мақтана сөйлейді. Құлаққа жағатын сөз есітсе, баяғы түркілердей: «Сау бол!» – дейді қуанып.
Светқали ақыны келіп, күркіреп өлең оқыды. Балалары әр сөздің астарын бағып, түсініп тыңдайды.
Бабауратпас кімді арман,
Тыңда, далам, тыңда, арман.
Мен қамшымды жоғалттым,
Айғыр нардың мойнағынан тінді алған.
Өзегінде сұр қорғасын – мір қалған,
Сабы мыспен шырмалған,
Дырау еді кездеспейтін бұл маңнан.
Қолды болған тектінің,
Ізін іздеп өтті күн.
Білгеннен соң бес қаруым жоқтығын,
Теуіп ашып есікті,
Жын ойнақ қып мешітті,
Қымыз ішіп, қызды құшып, жар таңдап,
Мендік барлық шекараны талқандап.
Қазып біліп көрдегімді,
Азық қылып төрдегімді,
Жат тектілер жерімде жүр талтаңдап,
Мен жыласам, күледі олар аң-таң ғып.
Бұл мектептің 50-жылдардағы деректірі Ғайнибай деген кісі балаларға тартқызып жүрген жыртық гармоны жоғалғанда, жылаған екен. Содан қалыптасқан аталы дәстүр бар.
Аңшыбай ақсақал әңгімені былай қорытып еді:
– Байлық ыстық па, бала ыстық па? Байлық қолға ұстаған мұз емес пе, бала арта қалған із емес пе!
Батыстың «антропология» деп жүргені – балаға Аңшыбайдың көзқарасы. Азайып кеткен мейір-шапағаттың орнын «антропологиямен» толтырғысы келеді. Ал біз оны тастай бере парагматизмге ұмтыламыз. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі бар тәрбиенің негізі болуға керек.
Біз көрген ауыл жалғыз емес. Жер-жерде жүріп жатқан тәжірбиелерді жинақтау, жүйелеу, жариялау жағы жетіспейді. Тікелей осы жұмыспен айналасуға тиісті орындар кейде өз тәкаппарлығынан аса алмайтындай. Тіпті халықтық педагогикадан кітап жазып шығарған Шәрелхан Әленов сияқты ұстаздар да бар екен. Олардың жұмысы Республика көлемінде жинақталып, таралуы тиіс. Осындай ізденістердің Ордабасындағы, Шымкенттегі, Қазалыдағы т.б. мектептерде де жүріп жатқандығын айтуға болады.
Сонымен өз халінің төмендігіне қарамастан, ауыл мектебінің ұлттық мәдениетті санаға сіңіруге деген ынта-ықыласы зор. Бірақ, ол талап қоғамдық сұранысқа ие ме? Әзірге, жоқ. Ауыл баласы, ең болмағанда, тегін оқытатын конкурстарға да қатыса алмайды. Себебі ағылшын тілінің ауылдағы жағдайы төмен. Қалталы «элита» орыс, ағылшын мектептерінде, шетелде. Тіпті Жамбылдың кім екенін білмейтіндер, Әуезовтің шығармаларын атап бере алмайтындар елге тұтқа болып жарыта ма? Алматыда 60-тай жекеменшік мектеп бар екен, соның 9-ы ғана – қазақ мектебі. Бұдан қоғамдағы ықпалды, жағдайлы топтардың қазақ мектебін оншалықты қажет етпейтіні байқалады. Түптеп келгенде, біздің болашақ элитамыз, іс басына келген шіретерлеріміз – орыс-ағылшын тілді (жанды) шетелдік оқу орындарының түлектері болмак.
Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатқан балалардың дені – орыстілділер (қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде өрістеуінен қорқатындар). «Болашақ» бағдарламасында ауыл баласының есесі кетуде. Жіберілген есесінің ішінде ұлт мүддесі де бар. Сондықтан шет тілдерін арнайы оқытатын факультеттердің жанынан ауыл мектебін жақсы бітіргендер үшін тегін дайындық курстары ашылуы тиіс. Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға 70-80 пайызға дейін ауыл мектебінен алу қажет. Ұлт қамы түбегейлі айналасуды тілейді.
Достарыңызбен бөлісу: |