2.1 ХХ ғ. БҚО әкімшілік-территориялық құрылымы
Қала тарихы, оның экономикалық-әлеуметтік дамуы қаланың саяси жүйесі мен әкімшілік құрылымымен өте тығыз байланысты. Өйткені қаланың жалпы даму барысы оның әкімшілік құрылымымен басқарылып, саяси сипат алып отырады. Қаланың әкімшілік–территориялық құрылымына келсек, әкімшілік-территориялық басқару принципі бойынша 1946-1960 жылдарға дейін қала 3 әкімшілік ауданға, олар: Орталық, Приреченск және Теміржол аудандары болып саналды.
1962 жылы қазан айында «Ленгипрогор» институты Орал қаласының дамуының бас жоспарын құрастырып, әкімдігінің бекітуіне ұсынады. Онда қаланы Шаған өзенінің бойымен оңтүстік бағытына қарай созып, құрлыс нысандарын салу көрсетілген. 1972 жылы мамыр айында Зачаганск поселкасының негізі құрыла бастайды. Жаңа архитектуралық сипаттағы үйлер бой көтере бастайды. Сонымен қатар Орал қаласының солтүстік-шығыс аудандарында да жаңа «Айгүл», «Строитель» мөлтек аудандар бой көтере бастайды. Зачаганск, Желаево, Деркул поселкелерінен жеке үй салу мақсатында жер учаскілері бөліне бастады. Және де әлеуметтік-тұрмысқа қажетті объектілер бой түзеп, су, газ құбырлары жүргізілді [40].
Қаланың өсуі сөзсіз қала халқының саның көбейуіне де өз оң әсерін тигізеді. Көкалдандыру жұмыстары, инженерлік жүйелер орналастырылды. 1972 жылы жаңа аэропорт іске қосылып, саяжай аумағы кеңей түсті. Қаланың бас жоспарына сәйкес оның құрамына Желаево, Подстепной, Поймаға баратын автомобиль жолдары асфальтталып, кеңейтілді.
1983 жылы 4 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Орал қаласында екі территориялық аудан: Ленин (І хатшысы Б.Т.Исмағұлова) және өнеркәсіп (І хатшысы В.А.Кондратенко) аудандары құрылды. Деркул кенті де қалаға жақын орналасқандықтан ол елді-мекеннің де әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліне бастады. Белых казарм, Селекционной мен Уральск-2 теміржол станциясы да қаланың құрлысына сол кезде тіркелген болатын.
Қаланы басқарушы негізгі ұйым атқару комитеті болғанмен осы жыл-дар аралығында іс жүзінде партия ұйымдары өз үстемдігін одан әрі нығайту мақсатында атқару комитетінің функцияларын өз құзырына алды. Қаланың басқарылуы қалалық депутаттар Кеңесі, облыстық, қалалық және осы әкімшілік аудандардың атқару комитеттері, партия комитеттері арқылы жүзеге асырылды. Атқару комитеттерінің арнаулы бөлімдері шаруашылықтың жекелеген салаларын, мәдениет пен білім беру ісінің жағдайларын бақылап, бағыттап, басшылыққа алып отырды. Бұл жұмыстардың жауапкершілігін 1970 жылдардың аяғына дейін облыстық партия комитетінің І-ші хатшылары болған М.Шахин (1952-1954жж.), С.Тоқтамысов (1954-1956жж.), С.Б.Ниязбеков (1956- 1960жж.), Ш.Қ.Қоспанов (1961-1975жж.) және қалалық партия комитетінің І хатшылары болған Д.С.Инютина, И.Е.Гусев, З.П.Гапонов, В.Е.Курбатов, С.Е.Костаревтер атқарған. Облыспен қатар қалалық партия комитетінің жоғарғы органы облыстық, қалалық партия конференциясы мен Пленумдары болды. Партия конференциялары мен Пленумдарда қалалық атқару комитетінің, партия комитетінің, қалалық депутаттар Кеңесінің есебі, тексеру комиссиясының есебі, мандаттық комиссия есептері тыңдалды. Бұл есептер халықшаруашылығы мен мәдениетінің дамуындағы атқару комитеттерінің атқарған істерін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін анықтап, партиялық басшылықтың дәрежесін көтеруге көмектесті. Негізі соғыстан кейінгі кезеңде партия ұйымдарының алдында партия қатарын өсіру және реттеу, кадрларды идеялық-саяси жағынан тәрбиелеу мәселелері тұрды. Бұл мәселелер Қазақстан КП(б) облыстық комитетінің 1946 жылдың 1-4 желтоқсанындағы ХҮІІІ- ші Пленумында қарастырылған «облыстық партия ұйымдарының өсу жағдайы мен жас коммунистерді тәрбиелеудегі жұмыстар туралы» мәселеде, сондай-ақ Қазақстан К(б)П орталық Комитетінің ХІХ-шы пленумында қабылданған «Қазақстан партия ұйымының идеологиялық жұмыс деңгейі туралы» қаулысын жүзеге асыруға бағытталған шаралар жөніндегі облыстық комитеттің 1948 жылдың 1-3 сәуірінде өткен ІІ-Пленумында, 1950 жылдың 28-29 наурызындағы «облыстық партия ұйымдарының мамандарына большевиктік тәрбие туралы» ІҮ Пленумында, 1951жылғы наурыздағы ҮІІ Пленумда талқыланды. Пленум материалдары осы кезеңде партия қатарының өскендігін де көрсетті. Мысалы, 1946 жылғы он айда облыстық партия ұйымына 3532 адам қабылданса, 1948 жылы орал қаласының өзіндегі 168 бастауыш партия ұйымында 3753 адам, ал 1949 жылы 203 партия ұйымының қатары 3886 адамға жеткен. Бұлардың білімділік деңгейіне келсек, 275-жоғарғы білімді, 115-аяқталмаған жоғарғы білімді, 811-орта білімді, 866- аяқталмаған орта білімді, 1565-бастауыш білімі барлар, 254-білімі жоқтар болған. Ұлттық құрамына келсек, 435-қазақтар, 2812-орыстар, 186-татарлар, 318-украиндар, қалғандары басқа ұлт өкілдері болды. Осы жылдардағы коммунистік партияның негізі, оның саясатын жүргізуші, бұқараны ұйымдастырушы – бастауыш партия ұйымдары қаладағы шаруашылық пен мәдени құрылыспен қатар білім беру, халықты әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамту жұмыстарына да басшылық жасады. Ал қаланың халық шаруашылығы мен мәдени-ағарту саласы атқару комитеттерінің бөлімдері арқылы басқарылып отырды. 1950-жылдарда қалалық атқару комитетінің 8 бөлімі жұмыс жасаса, 1960-жылдарда 10 бөлім қала өмірін басқарған. Қаланы басқару ісінде ерекше орын алған қаладағы түрлі қоғамдық ұйымдар болды. Сондай ұйымдардың бірі - әйелдер Кеңестері болды. Мысалы, 1949 жылы орталық ауданда - 7, Приреченск ауданында – 28, Теміржол ауданында – 20 әйелдер Кеңесі жұмыс жасаған [41, б.85].
Соғыстан кейінгі 1946-1960 жылдарда облыстық және қалалық партия комитеттері өзінің партиялық принциптеріне сүйене отырып қоғамдық-бұқаралық ұйымдар арқылы қаланың экономикасы мен мәдени-тұрмысын қалпына келтіру мен одан әрі дамытуға бағытталған барлық шараларды жүзеге асырды. Бұл кезеңдегі партияның басшылыққа алған негізгі принциптері: ғылыми негізделген, дұрыс саясат құру және оны жүзеге асыру, саяси және шаруашылық қызметтің біртұтастығы, мемлекеттік және шаруашылық органдардың функцияларын нақты белгілеп беру және олардың жауапкершілігін арттыру; бұқараның еңбектегі белсенділігі мен творчестволық инициативасын дамыта беру; кадрларды іріктеу және тәрбиелеу; мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмысына бақылау жасау. Осы принциптерді басшылыққа ала отырып, партия өзінің ішкі жұмысында болсын, мемлекеттік аппаратты басқару ісінде немесе бұқара арасындағы тікелей қызметінде болсын ұйымдастыру жұмысына айырықша назар аударды. Қалалық басқару аппаратын құру мен оның қызметін ұйымдастырудың аса маңызды принциптерінің бірі – мемлекеттік басқару ісіне еңбекшілерді тарту болды. Бұл қалалық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі арқылы жүзеге асты. Еңбекшілерді мемлекет ісіне тарту жұмыстарымен қатар партия – кеңес органдары, жергілікті депутаттар Кеңесі мәдени–тәрбие жұмыстарын да жүзеге асырды. Негізі соғыстан кейінгі кезеңде Орал қаласындағы қоғамдық-саяси өмір партия ұйымдарының басты көңілді идеологиялық жұмыстарға, әсіресе коммунистерді саяси жағынан даярлау деңгейіне, теориялық оқытуды жақсарту мәселелеріне аударуымен байланысты болды. Қала еңбекшілерінің арасында саяси үгіт жұмыстарын жүргізуде қаланың партия комитеті 1947 жылы 25 қарашадағы вКП(б)-ның «Үгітшілер жүргізетін жұмыстардың кемшіліктері мен оларды жақсарту шаралары туралы», орталық комитеттің ХІХ, ХХ Пленумдарының қарар шешімдерін, Ленинградтықтардың ІҮ-ші бесжылдықты төрт жылда орындау үшін социалистік жарыстарды кеңейтуге шақырған үндеуін, Москваның зауыт фабрикаларының 35 директорының жоспардан тыс қор жинауға шақырған ұсыныстарын басшылыққа алған. Осы құжаттарды, бесжылдықтың міндеттерін халыққа түсіндіруде қалада өз құрамында партия тарихы, саяси экономияны оқып үйрететін үйірмелерді қамтыған партиялық оқу жүйесі жұмыс жүргізді. 1948 жылдың 1 қаңтарында оның құрылымы мынадай болды: 1. «вКП(б)-ның қысқаша курсын» оқыту жөніндегі үйірме саны - 93,ол 1962 адамды қамтыған; 2. Көсемдердің өмірбаяндарын оқыту үйірмесі –70, олар - 619 адамды; 3. Саяси мектептер - 34, 436 адамды қамтыған; 4. Кешкі марксизм-ленинизм университеті – 1,оның – 301 тыңдаушысы болды; 5. Кешкі партия мектебі - 2, оның 180 тыңдаушысы; 6.Сауатсыздар мен аз сауаттыларға арналған мектептер - 6, оның 49 тыңдаушысы болған. Бұларда штаттан тыс 180 үгітші жұмыс жасаған, оның 15 - қазақ болған. Жалпы қаладағы бұқаралық саяси үгіт жұмыстарын 25 - лектор, 163 саяси баяндамашы, 148 үгіт коллективі, тек қала кәсіпорындарының өзінде 43 үгіт коллективі жүргізген. 1958-1969 жылдарда бұқаралық-саяси жұмыстарды жүргізуші үгітшілер қатарында 850 коммунист, 130 комсомол, 210 мұғалім, 120 медицина қызметкерлері, 78 инженер-техник қызметкерлер болса, тек 35-і ғана қазақ болған. Партия ұйымдарының тапсырмасымен мәдени орталық ретіндегі орал педагогикалық институтының оқытушылары қалада 100-ден астам лекция оқыған. Қаладағы өндіріс, қызмет көрсету, мәдени салалардағы еңбекшілерді біріктірген бұқаралық-қоғамдық ұйымның бірі –кәсіподақтар болды. Кәсіподақтардың халықшаруашылық міндеттерді шешудегі ролін арттыруда БК(б)П орталық Комитеті мен ВЦСПС ХІХ Пленумының қаулылары негізінде облыста 1948 жылдың 10-қарашасында кәсіптік одақтардың облыстық Кеңестерінің құрылуыныңмаңызы жоғары болды. Осыдан соң облыста 710 фабрика-зауыт комитеттері мен жергілікті комитеттер құрылды [42, б.215]. Соғыстан кейінгі жылдарда өндірістік жоспарды орындау, еңбекшілерге тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетуді жақсартуда осы кәсіподақ ұйымдары көп игі істер атқарды. Олар социалистік жарыстарды ұйымдастырып, жаңашылдар қозғалысын қолдап, кәсіпорын әкімшіліктерімен шарттар жасап отырды. Кәсіподақтар осы кезеңдегі басты идеология бағыт еңбекшілерге коммунистік тәрбие беру ісіне де көп көңіл бөлген. Кәсіподақ мүшелері саяси оқуларға тартылып, кәсіпорындар мен мекемелерде бірнеше лекциялар мен баяндамалар оқылды. Қала өмірін ұйымдастырушы қоғамдық-ұйымдар ашылды.
Халықтық маңызы бар мәселелер мен КОКП ОК ХХ, ХХІ, ХХІІ сьездерінің қаулылары облыстық партия комитетінің 1954-жылдың қаңтарындағы ХІ-ші, 1955 жылдың желтоқсанындағы кезектен тыс ХІҮ-ші, 1961 жылдың қыркүйегіндегі ХҮІ-шы, 1964 жылдың желтоқсанындағы ХҮІІ-ші шақырылған конференцияларында талқыланып, оларды шешуге бағытталған шаралар жүйесі мен қалалық партия комитеттерінің алдына қойылған міндеттер анықталып отырған. Қайта құру барысында іске асқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына, көптеген саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың құрылуына жағдай жасады. Осы уақытта қалада республикада құрылған Социалистік партияның (1992ж.), «Азат» азаматтық қозғалысының (1991ж.), «Қазақстан Жастар одағының» (1992ж.) бөлімдері құрылды.
Қорыта келе айтатынымыз 1946-1990 жылдар аралығында қаланың әкімшілік құрылымы мен саяси жүйесі тармақтарының барлығы, қала әкімшілігінің барлық құрылымы партияға есеп беріп, оның бұйрық-жарлықтарын орындап отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |