2.2 Әкімшілік, мәдени және қоғамдық құрылыстың дамуы
Соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде жалпы Одақ көлемімен қатар Оралда да қала құрылысы мен қаладағы әлеуметтік-тұрмыс жағдайға да көңіл бөліне бастады. Қала құрылысы туралы КСРО халық комиссариатының 1943 жылғы 29 қыркүйектегі №1064 қаулысы бойынша архитектура ісінің арнаулы комитеті құрылады. Бұл комитет әрбір қаланың бас архитектура мекемесін құру мәселесін алға қояды. Осыған орай Орал атқару комитетінің еңбекшілер депутаттарының қалалық кеңесінің шешімі бойынша қаланың архитектуралық мекемесі құрылды. Оның негізгі міндеті-қала құрылысына бақылау орнату, тұрғын үй салу, тұрмыстық , қоғамдық құрылыстардың жобаларын қарап, бекіту, олардың архитектуралық-сәндік сипатына, қала көшелерінің әдемілігіне, көгалдандыру ісіне көңіл бөліп отыру болды [43].
Осыған орай қаланың дамуы үшін қала құрылысының Бас жоспары талқыланып, қабылданады. Жоспар сол кезеңдегі қала құрылысының жетістіктері мен ірі орталықтарды жоспарлаудың тәжірибелерін ескере отырып жасалады. Жоспарда қала тұрғындарының тұрмысы мен демалысына жағдай жасауға, көшелерді, жасыл аймақтарды мүмкіндігінше сәнді ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аударылады. Сондай-ақ техникалық-экономикалық жағдайлар, кәсіпорындардың, ғылыми мекемелер мен оқу орындарының болашақтағы өсіп-даму мәселелері де қаралады. Соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде Орал қаласының құрылысы бір қабатты балшық үйлер шоғыры орналасқан Юбилейная алаңынан Куренияға дейін созылып жатты. Қала көріксіз қарапайы қалалардың бірі болды. 1946 жылы қалада 1280 коммунальдық үйлер болды. Сондықтан жаңа өмірге аяқ басқаннан кейін бүкіл елде көркейту, тұрмыс жағдайын түзеу мәселесі көтерілді. Бұл бағыттағы алғашқы шаралардың бірі 1946 жылы қала үйлерін жөндеуге 677,8 мың сом ақшаның бөлінуі. Оның 470,3 мың сомы –күрделі жөндеуге, 207,5 мың сомы ағымдағы жөндеуге бөлінген. Бірақ тиісті құрылыс-жөндеу мекемелері, материалдардың болмауына, жұмысшылардың жетіспеуіне орай қаржының тек күрделі жөндеу бойынша 43,8%, ағымдағы жөндеуге бөлінгеннің 75,4% ғана орындалған [44, 4 п.].
Қаланың құрылысы мен оны көріктендіруде ерекше орын алған көгалдандыру ісі болды. Қаланың кәсіпорындары мен мекемелері көгалдандыру мақсатында 1947-1948 жылдарда 85 мың ағаш отырғызған, бірақ дұрыс күтілмеудің салдарынан оның 40 мыңы өспей қалған. Ал 1950 жылы көгалдандыру ісіне 82,5 мың сом бөлінген, көктем-жаз айларында қалада 92030 шаршы метр жерге гүлзарлар мен газондар жасалған.
Осы кезеңде қаланы көркейту ісіне арнаулы 411 мың сом қаржы бөлінген. Оның 69,1 мың сомы-қаланы көгалдандыруға, 55 мыңы –жол шаруашылығына, 169,5 мың сомы –көпір салу ісіне, 117,4 мың сомы –қаланың басқа да көріктендіру істеріне бөлінген.
Бірақ бұл қаржы тиісті дәрежеде игерілмеген, оның себептері жұмысшы қолының, транспорттың, материалдың жетіспеуі, басшылықтың жеткілікті көңіл бөлмеуі болды. Қаланы көгалдандыру ісіне партияның шақыруымен сол кезеңде қала кәсіпорындары қатыса бастаған. Мысалы, 1947 жылы сәуірде Ворошилов зауыты жұмысшылары 140 түп, «Қызыл таң» кинотеатры қызметкерлері 80 түп, Орал кеме ісі жұмысшылары 700 түп ағаш отырғызған. Осындай істердің жүргізілгеніне қарамастан көркейту ісі баяу жүрді. Осыған орай КСРО Министрлер Кеңесі 22 наурызда 1948 жылы Орал қаласын көркейту мәселесі жөнінде кеңейтілген шешім қабылдайды. Бұл шешім бойынша КСРО коммунальдық шаруашылық Министрлігі Орал қаласына 60 тонна цемент, 3 тонна төбе жабатын темір, 1 тонна бояу, 1000 шаршы метр әйнек беруге тиіс болды. Бірақ шешім уақытында толық орындалмайды да қаланы көркейтуді қала тұрғындарының өзі мен қала кәсіпорындары жалғастыра берді. Мысалы, 1948 жылы халық күшімен Киров атындағы мәдениет және демалыс паркі қалпына келтіріледі. Жоғарғы жақтың көмегі болмағандықтан қала өз бюджетінен қала құрылысына қаржы бөле бастайды. Оның дәлелі қаланың бас жоспарын жүзеге асыру үшін 1948 жылы қала бюджетінен қала құрылысына мынадай мөлшерде қаржы жұмсаудың белгіленгені:
1 Қаланы көркейтуге -1622,6 мың сом.
2 Тұрғын үй қорын жөндеуге-408,5 мың сом.
3 Көшелерге-300 мың сом.
4 Басқа шараларға-914,1 мың сом.
Дегенмен қала құрылысы мен қаланы көркейту ісінің көкейтесті мәселе ретінде бірнеше дүркін Жоғарғы Кеңес алдына қойылуы 1948 жылы 5 сәуірде ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Орал қаласын көркейтудің арнаулы шараларын қарап, бекітуіне әкелді. Соның нәтижесінде көркейту ісіне 2 миллион 200 мың сом ақша бөлінеді. Бұл 1947 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп болды. Мұның өзі қала құрылысы мен көріктендіру ісін белгілі бір деңгейде жүргізуге мүмкіндік берді. Осындай қаржының бөлінуіне қарамастан қаладағы тұрғын үй салу мен оны жөндеу мәселесі өте төмен дәрежеде болған. 1948 жылы 1-шілдеде күрделі жөндеуге бөлінген қаржының тек 26,2% ғана игеріліп, Толкачев басқарған «Ремстройконтор» мекемесінің тұрғын үй қорын жөндеу ісін тиісті деңгейде жүргізбей отырғанына партия ұйымы тарапынан үлкен сын айтылған. Шын мәнінде бұл мекеме жоғарыда көрсетілген тұрғын үй қорын жөндеуге бөлінген қаржының тек 97,7 мың сомын ғана жұмсаған. Қаладағы тұрғын үй мәселесіне келсек 1947 жылы Орал қаласында жекелей өз есебінен және мемлекеттік кредит есебінен небары 34 үй ғана салынған. Мұндай мөлшердегі құрылыс ісі қала құрылысының қарқынды түрде дамуына мүмкіндік бермеген еді [45, 6 п.].
Сондықтан соғыстан кейінгі жылдарда ең қарапайым да, өткір мәселе -халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болды. Бұл кезеңде тұрғын үйлер салатын арнаулы құрылыс кәсіпорны қалада болмады, ал «Ремстойконтор» мекемесінің ауқымы мен жұмыс қарқыны баяу болды, әрі соғыстан енді бас көтеріп келе жатқан елде қаражат жағы да тапшы болды. Сөйтіп қаладағы арнаулы мекемелер жұмысының баяулығына орай бұл кезеңде қала құрылысын жүргізу ісіне әсіресе кәсіпорындар белсене қатысады. Мысалы, Ворошилов зауыты жаңа клуб, стадион, Землячка атындағы зауыт жұмысшылары 22 пәтерлік тұрғын үй мен 70 адамдық 2 жатахана салған. Қала еңбекшілерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудағы тұрғын үй мәселесі мен қала құрылысы тек 1950-жылдардан бастап мемлекеттік тұрғыдан қолдауға ие болады. Тұрғын үй мәселесін шешудің көмекші көзі ретінде қалалық кеңес жеке меншік үй салушылар ниетін қолдап, көмектесіп отырған. Бұл жылдардағы құрылыс материалдарының тапшылығына байланысты үйлер негізінен саман тастардан салынған. 1950 жылдары мемлекет тарапынан берілген кредитті пайдаланып, қала тұрғындары жер учаскелерін алып, 1,2-ші жұмысшы поселкасы аудандарында қызу үй салу ісін кеңінен жүзеге асырған.
Елуінші жылдардағы қаланың қоғамдық тұрғын үй қорының негізгі проценті коммуналды үйлер болды. Мысалы, 1953-1954 жылдарда қаланың тұрғын үй басқармасынан қала азаматтарына 172 коммуналдық пәтер берілген. Бұлар адамдардың тұруы үшін өте тығыз болды. Жалпы бұл кезеңде қалалық тұрғын үй басқармасында есепте 76546 шаршы метрлік 3575 коммунальдық пәтер болған. 106 пәтер авариялық жағдайда екені анықталған, оның 66-сы күрделі жөндеуге келмейтін, есептен шығарылуға тиісті пәтерлер болды. Бес жылдың ішінде 24-пәтерлік үй салынып, ол 1960 жылы мұғалімдер мен дәрігерлерге берілген. Сонымен қатар осы кезде пәтер алу кезегінде 1216 жанұя тұрған. Оның 863-жалпы тізімде, 109-өкпе ауруларымен ауратындар, 49-үйлері авариялық жағдайда тұрғандар, 33-өте қажеттіліктегі жанұялар, 101-денсаулық қызметкерлері, 61-мұғалімдер жанұясы болды. Сондықтан қала әкімшілігі бесінші бесжылдық жоспарда тұрғын үй салуға 116,7 миллион сом күрделі қаржы бөлген, оның 60,1 миллион сомы, яғни 56,5% ғана игерілген. Оның себебі трестердегі құрылыс техникасының төмен деңгейі, құрылысшы кадрлардың аздығы болды. Сондай-ақ бесінші бесжылдық жылдарында тұрғын үй мәселесін шешуге өз қаржыларын қосып, халықтың үймен қамтамасыз етілуінің үлес салмағын арттыруға тырысқан кәсіпорындар да болды. Олар Ворошилов атындағы зауыт, СМО зауыты, теміржол бөлімшесі болды.
Партияның ХХ сьезінің қарарларында және КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП ОК 1957 жылғы 31 шілдедегі «КСРО-дағы тұрғын үй құрылысын дамыту туралы» қаулысына сәйкес 10-12 жыл ішінде тұрғын үй мәселесін шешу туралы міндеттер қойылды. Бұл шешім қала басшылығының қолдауына ие болып, біраз оң нәтижелер берді. Оның дәлелі 5600 шаршы метрлік тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі. Негізінен бұл жылдардағы үйлер «Хрущев үйлері» деген атқа ие болған 2-3 қабатты үйлер болды. Мұндай аз қабатты үйлер құрылысы қымбат, әрі үлкен қиыншылықтармен жүрсе де оларды салу тоқталмады. Үкімет тарапынан айтылған көп қабатты үйлер салу туралы нұсқаулар аяқсыз қалып отырды.Оның үстіне бұл кезеңдегі тұрғын үй салу ісінің қарқынды дамуына кедергі келтірген ол қала құрылысының құрылыс техникасымен, құрылыс материалдарымен нашар жабдықталуы және құрылысшылардың жаңашыл тәжірибелерінің ескерусіз қалуы болды. Осындай себептерге орай көп қабатты тұрғын үй құрылысы баяу жүрді, оның есесіне қала шеттерінде жеке меншік үйлер салу, жұмысшы поселкелеріндегі құрылыс шапшаң жүрді. 1950-1966 жылдардағы қаладағы тұрғын үй құрылысының санын мына 8-кестеден көруге болады [46, б.118]:
8-кесте
Достарыңызбен бөлісу: |