Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты – ХХ ғасырдағы Батыс Қазақстан облысының білім беру орындарының дамуын жан - жақты зерттеу болып табылады. Алға қойған мақсатқа жетуде мынандай нақты міндеттерді шешу көзделді:
- Батыс Қазақстан облысының білім беру орындарын зерттеу;
- Батыс Қазақстан облысының ағарту ісі мекемелеріне жеке тоқталып, зерттеу;
- Ғылымның дамуына қосқан интелегенцияны зерделеу;
- Зерттелген тақырыпты өскелең ұрпаққа жеткізу және мәнін жете түсіндіру;
Зерттеу жұмысының хронологиясы. Батыс Қазақстан өңіріндегі білім беру орындарының ХХ ғасырдағы қалыптасып даму кезеңі бойынша зерттеу.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қортындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1.1. Батыс Қазақстан облысындағы білім және мәдениет орындары
Орасан зор Қазақстан территориясындағы Патшалық Ресей құрамындағы кезеңде ашылған, мектеп, оқу орындарынының саны өте көп. Дегенмен оқу-ағарту мәселесі Қазақстанға кірер қақпа-Кіші жүз жерінде ертерек басталып, өз жемісін ерте беріп, нәтижесінде, еліміздің басқа аймақтарына таралған болатын. Негізінен оқу-ағарту саясатын зерттеушілер санаты көптеп табылады. Тарихшы А.Левшин ХІХ ғасырдың басында “Ни образ жизни, ни нравы, ни религия не позволяют киргизам быт образованными. Все просвещение их состоит из несколько слабых лучей, почти невольно озаряющих человека, который хотя немного мыслит, имеет воображение и принимает впечатления окружающих его предметов, но и сии познания их обезображены суеверием” - деп қазақтың білім деңгейін мүлде жоққа шығарады [7, б.350]. Сонымен қатар “құранды түсінетін, әрине және арабша да білетін қырғыз аса ақылды саналады. Өз тілінде яғни татар тілінде оқып және жаза білетін әр қырғыз кемеңгер ретінде көрінеді. Жалпы олар хат танымайды. Хандар, сұлтандар, билер де осындай дәрежеде. Олар өз жандарында сауатты іс жүргізуші, аудармашы ретінде молдалар ұстайды“- деп зерттеуші, оқырмандарға теріс қөзқарас қалыптастырады. Ал, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы мектеп жалпы білім беру жүйесінің мақсаты, бағыт-бағдары қандай еді? Деректер мен құжаттар не дейді?
Оқу-ағарту ісі Орынбор өлкесінде ХҮІІІ ғасырдың аяғы, негізінен ХІХ ғасырдың басында (1800 жылы) басталады. 1800 жылға дейін бұнда тек үш оқу орны-1785 жылы және 1795 жылдары Уфа халықтық училищесі, Мензелин және Бузулук училищелері жұмыс істеді. Бірақ олардың қызметінің нәтижесі де, маңызы да байқалмады. Ал ғасырдың басынан бастап, оқу-ағартудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алғашқылардың бірі болып, Уфада жасөспірімдердің духовный оқу семинариясы ашылса, одан әрі 1817 жылдары азаматтық және әскери ведомствалар жанынан оқу орындары бой көрсете бастайды. Уфадағыларды қоспағанда 8 үйездік, 8 приходтық, 1 дайындық-бастауыш және 1 қыздар училищесі Орынборда ашылады. Духовный ведомстваның 7 оқу орны семинария, 3 уездік, 3 приходтық училище, 789 әскери ведомство жанынан ашылған оқу орны, Неплюев Кадет корпусы, Орал әскери училищесі, Орынбор казак әскерінің 72 мектебі және 4 әскери контондық мектеп [8, б.242]. Сонымен қатар, мемлекеттік Мүлік министрлігіне қарасты Орынбор маңы шаруаларының 51 ауылдық приходтық училищесі ашылады. Оның үстіне мұсылман дініндегілерге ауылдардан барлығында дерлік мешіт пен бірнеше оқытушы молдалар болды. Онда балалар араб жазуы, оқуы мен ислам заңының негіздерін үйренді [9, 7п].
Құжаттарды саралау барысында оқу-ағарту ісі екі бағытта діни және азаматтық бағытта дамығандығын аңғарамыз. Діни бағыттағылары жергілікті тұрғындардың қаражатымен ұсталған. Ал діни мектептер патша өкіметінің арнайы нұсқауы мен шекаралық комиссия бекіткен молдалардың ашқан мектеп немесе медреселері болатын [10, 9 п]. Оларда әрине білім берудің ешқандай жүйесі болмады. М.С.Бабажановтың айтуынша “қазақтар арасында басқаша білімді татар молдалары пайда болып, олар ислам дінін ұқтырып уағыздай бастаған [11, 16 п]. Оның себебі мынада жатыр: 1785 жылы 25 қарашада ІІ Екатерина патшайымның жарлығы шығады. Онда “...қырғыздардың әр түрлі тайпаларына молдаларды бекіту бұрын берген жарлықтарымызға сәйкес келеді және оларды іске асыруға көмектеседі. Бұлар мейлінше сенімді және бізге шын берілген болу үшін оларды Қазан таталарынан іріктеуге күш салыңдар. Қызмет орнына жіберер алдында жақсылап нұсқау беру керек. Ол нұсқауларда қырғыздарды патша сарайына берілген рухта тәрбиелеуді, шекараларда жиі-жиі болып тұратын тәртіп бұзушылардың алдын алуды естен шығармау керек. Бұл молдалардың жол шығынын төлейтін болыңдар, ерекше көзге түскендеріне сый-құрмет көрсетіңдер”- деп жазылады. Сөйтіп татар молдаларын аттандыру арқылы исламды уағыздаған болып, патшаға деген оң көзқарасты қалыптастыруды көздеген болатын. Олардың басты қызметінің бірі бала оқыту еді. Кейбір ауқатты байлар үйлерінде жеке молдалар да ұстаған. Патша үкіметінің бұл саясатты тезірек жүзеге асыруға ынтасы сондай, 1800 жылы 15 желтоқсандағы жарлық бойынша Шығыс баспаханасы Петербордан Қазанға көшіріледі. Ал, 1853-1859 жылдары бұл баспадан 82 300 дана “Құран Кәрім”, 77 500 “Иман шарт” басылып шығарылады [12, 7 п]. Алайда ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап патша үкіметі татар діндарларының қолымен қазақ жұртын мұсылмандыққа бейімдеудің болашағына күмәнданып, саясатының бағытын өзгерте бастайды [13, б.274]. Дін істері Орынбор мүфтиінің қарауынан алынып, жалпы азаматтық Ішкі істер министріне бағындырылады. Әр облыста тек бір ғана молда және ол бұрын жауапқа тартылмаған, сотпен ісі болмаған, молда деп танылған кез келген қазақтан сайланады. Молданы бекітуді және оған шен беріп, орнынан босатуды тек әскери губернатор ғана жүзеге асырады [13, б.339].
Діни оқу орындарын сынаушы Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдағы татар молдалары ұстаздық еткен ауыл мектептерінің ауыр жағдайы жөнінде: “Таң қаларлық бірбеткейлік, өлі схоластика және бірде-бір нақты ой пікірге құралмаған” оқу деп ашына жазады. Өйткені, ХІХ ғасырдың басында (1810 жылғы сенат қарарлары бойынша) Кіші жүзде бірде-бір мектеп болмаған. Сондықтан оны ашуға дайындық жүргізу керектігі алға тартылады. Ол үшін арнайы уақыт бөлініп және материалдық жетіспеушілікті толықтыру керектігі айтылады [1514, 24-25 пп.].
Патшалық Ресей Өз үстемдігіне әбден сенген шағында империяны күшейту үшін өзге халықтарды орыстандыру керек деген міндет қояды. Оның жолы орыс тілі мен мәдениетін күштеп таңу, сол арқылы христиан дініне кіргізу деп есептеледі [14, б.83].
Бұл мақсатта патшалықтың қазақ жеріндегі алғашқы мектептері азаматтық бағытта көрініс табады. Азаматтық мектептер ретінде 1786 жылы Омбы қаласында Азиаттық мектеп, 1789 жылы Орынбор қаласының айырбас сарайы жанынан үкіметтік мектептер ашылады. Онда балалар тілмаштық, песірлік мамандықты ғана игерді. Кіші жүздің империяға жақын өлке болуы отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруға, рухани отарлаудың нәтижелі жүргізілуіне өте қолайлы еді. Орысша білім алған қазақ жастары алғашқы кезде көп уақытқа дейін қазақ жерінен тыс, Ресей қалаларында оқыды.
ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында Ресейдің орталық қалаларында самодержавиелік монархияның әскери қимыл-әрекеттері елдегі конституциялық-демократиялық өзгерістерді қазақ даласында оқыған қазақ зиялылары үйретіп, олардың өз мүдделері үшін қолдау тауып жатты. Ресей білім ордаларынан сусындаған қазақ қайраткерлері, дәлірек айтқанда қазақ ауқаттыларының, сұлтандардың балалары, соның ішінде Бөкей Ордасы аумағындағы Жәңгір ұрпақтары барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, көшпелі қоғамның даму заңдылығы шеңберінде прогрессивтік дамудың саяси-құқықтық идеяларын қалыптастырды. Олар Ресей императорының сенімді өкілдері ретінде әскер қатарына алынып, жоғары әскери лауазымдарды иеленді. Қазақ тарихында әскери жоғары лауазымды иеленген Жәңгір ұрпақтарының ішінде бірнешеуін атауға болады. Бірақ жоғары әскери лауазымды иелену патшаға адал қызмет жасау дегенді білдіретін еді. Сондықтан, Кеңестік кезеңде мұндай патша сеніміне кірген монархияшылдар мен ақсүйек, ауқаттылар тобы, әсіресе әскери қызмет атқарған тұлғалар туралы зерттеуге тиым салынып, тарихшылар назарынан тыс қалып келді. Сондықтан қазақ жеріндегі, оның ішінде Жәңгір ұрпақтарының әскери лауазым атқарғандары туралы мағлұматтар өте аз кездеседі, тіпті бұл тақырып мардымды зерттелмеген деуге болады. Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстан тарихын қайта қарауға мүмкіндік туып, ел тарихы жаңаша зерттеліп, шынайы мағлұматтар жариялана бастаған кезеңде біз өз тарапымыздан туған өлке Батыс Қазақстан тарихын зерттеуге үлес қосып, ел үшін атқарған Ресей императоры қолынан жоғары әскери лауазымға ие болып, қазақ даласына жаңаша саяси-құқықтық өзгерістер әкелген Жәңгір ұрпақтары туралы зерттеумізді қолға алдық. Олардың ішінде Ғұбайдолла Жәңгіров – қазақ халқының арасынан шыққан әскери қайраткер орыс армиясының инфантерия генералы болған тұңғыш адам.
Ғұбайдолла Жәңгіров 1841 жылы Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгірдің отбасында дүниеге келген. Алғаш сауатын Ордадағы орысша-қазақша дәріс беретін мектептен ашқан ол Санкт Петербургтегі офицерлер даярлайтын Паждар корпусына оқуға түседі. 1857 жылы корпусты үздік бітіргені үшін оның есімі корпустың Алтын кітабына жазылған. Оқуын бітіріген соң Орынбор губернаторының қарамағына қызметке жіберіледі. Орынборда ол көшпелі қазақ, қалмақ, башқұрт халықтарын басқару ісімен шұғылданады. 1866 жылы ротмистр шенін алып, Дон казактары атаманы қарамағына қызметке жіберіледі. 1868 жылы полковник шені беріліп, Ресейдің солтүстік –батыс өлкесіне қызметке ауысады. 1871 флюгель-адютант болып тағайындалады. Ал, 1874 жылы патша Александр І бұйрығымен телеграф департаменттігін ерлігі үшін “Алтын сапты қылышпен» марапатталады. Сол сияқты оған генерал-майор шені беріледі. Соғыстан кейін Санкт-Петербургте ішкі істер министрлігі жанындағы қазақтарды басқару бөлімінің басшысы болып істейді. Оған 1888 жылы генерал-лейтенант, ал 1894 жылы инфантерии генералы әскери шені беріледі. Ғұбайдолла Жәңгіровты қызметтес достары “Чингис хан” деп атаған. Көпшілікке ресми құжаттарға да өзі солай қол қояды екен.
Петербургте қызмет еткен кезінде Ғұбайдолла Жәңгіров қазақ депутациясын патша қабылдауына қазақ балаларын жоғары оқу орындарына түсуіне, жазықсыз жазалы болған Ақмолала атты ақынды түрмеден босаттыру ісінде көп көмегін тигізген. Сондай-ақ Балқан соғысы кезінде Қырым татарларына түріктерге жақтасты деген айып тағылған кезде, олар күдіктілер қатарына ілігеді. Бірақ кейін Ғұбайдолла Жәңгіров мұның негізсіз екенін патша өкіметі алдында дәлелдеп береді. Оларды орыс әскерлерінің озбырлығынан аман алып қалады. Сол сияқты Жәңгір ұрпақтары ішінде Сақыпкерей Жәңгірұлы Бөкеев, Ыбырайым (Ибраһим) Жәңгірұлы Бөкеев, Жәңгір ханның інісі Әділ Бөкейхановтарды және тағы да басқаларын атауға болады. Қазақ тарихындағы Бөкей Ордасының алатын орны өте зор екендігі белгілі. Өйткені, бұл аймақ ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы орасан зор уақыт кеңістігінде талай-талай ел тарихы үшін бетбұрысты кезеңдердің басты себебі де, көнекөз куәгеріде болып келді.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Астрахань губернаторы Андреевскийдің отбасында тәрбиеленеді, ал оның сегіз ұлының үшеуі: Сақыпгерей, Ибраһим және Ғұбайдолла Санкт-Петербордағы Паждар корпусында оқып білім алған. Ал Ғұбайдолла Жәңгіров (1840-1909 жж) генерал-лейтенант атағына дейін жеткен. Оның қағаз жүзіндегі ресми аты “Чингиз хан” деп жазылған. Ол біраз уақыт Ресейдің Байланыс департаментін басқарды. Кезінде Ресей қалаларында оқу іздеп барған қазақ жастарына жәрдемдесіп жүрген.
Қазақ жеріндегі ең алғашқы орыс-қазақ мектебі дәл осы Жәңгір ханның басшылығымен 1841 жылы 6 желтоқсанда ашылған. Алғашқыда онда 14 бала оқып, кейіннен 60 -қа жуық шәкірттер білім алған. Олардың көбі ханның жақындарының балалары еді. Мектептің алғашқы оқытушылары-Әминов пен К.Ольдекон болған. Мектепті үздік бітірген 8 бала 1845 жылы Орынбордағы Неплюев Кадет корпусына оқуға түсуге жолдама алады. Жәңгір мектебі қатаң қадағаланып, 1847 жылдан бастап, оқу-ағарту министрлігінің қарамағына алынады да, оған жылына 1404 сом қаржы бөлініп отырған. Басқа діни мектептерден ерекшелігі бұл мектепте оқушылар алғаш рет қазақ топырағында дүниелік пәндер оқиды. Айталық: 1. Орыс тілі (оқулығы Востоков. Краткая руская грамматика). 2.Орыс әдебиеті (Галахов. Краткая христоматия). 3.Есеп (Буняковский. Арифметика). 4. Жағрафия (Шульгин. География часть 1-2). 5. Тарих (Устрялов Русская история. Часть 1-2). 6. Ислам діні сабағы. Бөкей ордасында сауатты жазу, орыс тілін үйрену жыл сайын өз жемісін бере бастады. Әсіресе Жәңгір ашқан 40 қазақ баласына арналған училище атауға тұрарлық Онда олар отарлаушыларыдың өз тілімен айтқанда: “Ішкі Ордадағы қырғыздардың қадағалануы, қорғалуы өкімет үшін өте маңызды болып табылады. Бұл қоныс аударушылар алғашқы болып Орыс державасына бағынудың үлгісін көрсетті және барлық қайсақ халқының ішінде азда болса бақытты адамдар. Сонымен бірге, арғы беттегі қайсақтарға үнемі бейбіт өмір мен жақсы тұрмысқа жетудің жолын көрсетіп, өз соңдарынан ертетін болады. Бөкей Ордасы қазіргі кезде мемлекеттік мүлік министрлігінің құзырына берілсе, онда олар бұл ведомствалардан қажетті нұсқаулар алады. Сондықтан, бұл қырғыздардың тұрмысы жыл сайын жақсара береді деп күтуге болады. Оның орнына, орасан зор 7 миллион десятин астық егуге қолайсыз, қажетсіз жер, империяға жылына 350 мың бас мал әкелетін 80 миллион халық; оған қоса бұл орданың айналымындағы ақша капиталы империя ішінде пайдаланылатын болады” [14, б.25].
Мектепте ислам діні мен шығыс тілдерінен басқа пәндердің бәрі орыс тілінде жүрді. Ордаға орыс ғалымдары келіп жұмыс істеген. Мысалы, 1887-1888 жылдары белгілі орыс антропологы және этнографы Алексей Харузин Ішкі Орда қазақтарының тарихын, экономикасын және тұрмысын зерттеген. Ол бірнеше қорғандарды қазып, суретке түсіріп, антронометриялық өлшемдер жүргізіп, «Киргизы Букеевской орды (антрополого-этнографический очерк). (М., 1889) деген еңбегін жариялайды.
Ішкі Орданың географиялық жағынан басқа қазақ жерлерінен алшақ орналасуы, жергілікті халықтың орыстармен тығыз байланысты болуы олардың экономикасы мен мәдениетіне өзгеріс енгізді. Бұл білім беру ісіне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазақстанның басқа аймақтарында білім беру ісі негізінен діни метептер мен медереселер арқылы жүзеге асырылса, Ордада орыс тілінде жүргізілді.
Кейін Бөкей ордасында ересектер мектептеріде құрыла бастайды. Ондағы жүргізілген сабақтар ересектерге білім беру немесе сауаттандыру бағытында емес, іс жүзінде ислам негіздеріне және тек тілмаштыққа ғана дайындайды. Және екі сыныптық курсты бітіргендер шала сауатпен мұғалім ретінде далаларға жіберілген.
Кіші жүз жерінде мектеп ашу мәселесі көтерілгенде қазақтың сұлтан, ағамандары бірден сенімсіздік білдіреді. Бұған дәлел қазақ сұлтандарының патша ағзамның атына жазған өтініш хаттары. Мысалы: Басқарушы сұлтан Баймұқамед Айшуақов Елек өзені бойында мектеп салуға рұқсат беруін сұрайды [11, 1п]. Генерал-адъютант Перовский 1833 жылы 24 қыркүйекте тек сол жерде ғана мектеп салсын деп бұйырады. Ал дәл сол жерде яғни 66 -шы форпост казак әскери отрядтарына тиесілі деген шағым айтып, Орал казак әскери полкінің басқарушысы Покатилов ол жерлерде орналасқан казак әскері мен қазақ руларының қақтығысып қалуы мүмкін деп сылтаурайды. Ал шындығында ол жер казак отряды үшін бұдан ертерек басқа құрылыс салуға берілген болатын. Сөйтіп әр түрлі желеумен Перовский Орынбор шекаралық комиссиясына жолданған нұсқауын қайта қарап, сұлтанға мектеп салуға келіспетінін хабарлайды [15, 6-7 пп.] да, ол жерді полковник Д.Покатиловтың еншісіне қалдырады. Ал қазақ балалары Орынборда, немесе бекіністерде болсын әйтеуір орыс басқарушыларының қарамағында, яғни өздерінің көз алдында болсын деп шешеді [15, 7п].
Орынбор Неплюев Кадет корпусында 4 жылдық оқу мерзімі белгіленген. Барлығы 200 вакансия, оның 40 орны штабтағы оберь-офицерлер тб. әскерилердің балалары үшін, 30 орын қазақтың сұлтан, ағаман, билерінің балалары үшін, 30 орын Орынбор офицерлері, 30 орын Орал және тағы 30-ы Башқұрт мещеряк әскерилерінің балаларына арналған [16, 3п]. Әр кадетке 100 рубль күміс төленсе, 40 Орынбор өлкесі тұрғындарынан 40 балаға әрқайсысына жылына 143 рубль күмістен төленеді [17, 364 п].
Патшалық өкімет мектепте тағы басқа да оқу орындарында оқушылар үшін арнайы киімдер кию үлгісін белгілеп берді. Оқушылардың киім киісіне қарап, айталық Казан оқу округі бойынша ақсүйек тобы өкілі мен төменгі сословиеге жататындарды ажырату қажет еді. Мысалға шенеуніктер эксординарды профессорлар, Адьюнктер мен 8 сыныптағылар әдемі кестеленген мундир кисе, 9-10 сыныптар тек жағасы ғана кестеленген, ал 12,13, 14 сыныптарда күміспен кестеленген тік жағалы мундир киді. Ал студенттер мен басқа да офицер лауазымы жоқ оқушылар мундиріне ешқандай кесте салынбады [18, 24 п]. Алайда Неплюев Кадет корпусында шығыс балаларына арналған орындар бос тұрды. Өйткені қазақ сұлтан билері орысқа өз еркімен балаларын оқытуға бермеді. Не әскери оқу орнына, не азаматтық мектептерге де. Генерал-губернатор Эссеннің нұсқауы бойынша (1823 жылы 30 шілде, 1824 жылы қарашада №612 және №970 нұсқауы) Орынбор генерал-адъютанты Сухтелин Бөкей ордасы мен Кіші жүздегі аға сұлтан, билерге Неплюев училищесіне балаларын оқуға беруін өтінген жолдау жариялайды. Ол төмендегідей жүйеде жіберіледі: Бекініс коменданттарына
Усть-үй №54 Губерниялық №66
Крутояр №55 Верхнеозерное №67
Қаракөл №56 Красногор №68
Троицк №57 Илецк қорғаны №69
Степной №58 Илецк станцасы атаманына №70
Петро-Павл №59 Орал әскери канцеляриясына №71
Жоғарғы Урал №60 жекелеген сұлтандар
Магнитное №61 Жәңгір ханға №72
Қызыл №62 Жүсіп сұлтанға №73
Ұртазым №63 Баймұхамед сұлтанға №74
Таналық №64 Жантөре сұлтанға №75
Ор №65 жолданады [14, 20п].
Жолдауға байланысты бекіністер маңынан оқуға баратын қазақ балаларын үгіттеу жұмыстары жүргізілді. Онда көрсетілгендегідей 8-ден 12 жасқа дейінгі балалар тізімі жасалды. Бірақта өз еркімен ниет білдірушілер табылмады. Мұны жолдау жіберілген бекіністердің коменданттарының жауапсыз қалғандығынан білуге болады. Істе тек Жәңгір ханның ғана 9 жасар баласы Зұлқарнайынды оқуға жіберетіндігі туралы жазған хаты ғана тіркелген. Ол “По сношению вашему в исполнения предписания его сиятельства Г.ОВГ … Я стараюсь уговорить и чувствуя благонамеренную вам правительства просил я его сиятельства покойного Павла Петровича от 9 марта сего года о принятии девятилетнего сына моего в оное училище… Прошу меня уведомить по оному мою прозьбу уделано и что теперь мне нужно сделать.” (№1183. 30 апреля 1833 г. ставка при Нарын Песках) [18, 15п] - деп бар пәрменімен нұсқауды орындауға даяр екендігін білдіреді. Балаларын оқуға беруге 2 адамның арызы тіркеледі. Бірі Меңғазы Сугарин сұлтан және Жәңгір хан.
Оған қосымша құжатта ордалықтардан бары 4 адам ағаман, 3 құрметті қырғыз сұлтандарының тізімі көрсетілген [18, 19 п].
Алайда деректер бойынша қазақ сұлтандары патшалық әкімшілікке еріп Орынбор Неплюев кадет корпусына балаларын жібергенше өз көз алдарында, өз қарамағында оқығанды қалады. Жекелеген сұлтандар өздері жеке мектептер ашуға әрекеттенді.
Сонымен бірге: “ Я имею честь … просить Вас ходотайствовать перед Высшим Военным начальством о дозволения мне открыть училище в форте №1 и о возможном своею стороны содействий в этом случае…” - деп жазады [19, 2п]. Сөйтіп діни басқару органдарының бастамасымен Кіші жүз бен Бөкей Ордасында оқу орындарын ашу мәселесі басталады. Перовский фортында ашылмақшы мектептің негізгі мақсаты форт маңындағы тұрғындардың және форттағы орналасқан әскерилердің балаларын оқыту. Ал “Ближайшие заведование школами и преподавание поручить местным священникам, с тем чтобы в программу школьного курса входило практическое обучение мальчиков… и чтобы в училище допускаемы были дети киргиз”[19, 4п].
Сөйтіп форт коменданты алдын-ала смета дайындайды. Алдын-ала жоспар бойынша мектепке 7 жасқа дейін 49 ер, 37 қыз бала; 7-ден 14 жасқа дейін 35 ер, 23 қызбала алу көзделеді. Алайда алғашқы ретте барлығы 50 бала жиналып, оны қамтамасыз ете алса жарайды деп үміттенеді. Жаңа оқуға келгендерге “будут преподаватся общеизвестная молитвы и начальная правила грамотности и писменности” [19, 8п]-деп тағы да қосып қояды.
Ал ІІ сыныпқа славян жазуы мен орыс таспасымен (русскую печать) бір-екі жол жазу білетіндер қабылданып, оларға қысқаша катахизись пен ықшамдалған қасиетті тарих оқытылады. ІІІ-IV сыныптар арифметиканың жалғасын, орыс грамматикасын, қысқа география бөлімі мен Ресей империясының тарихы оқытылды. Сонымен қатар тапсырыс берілген әдебиеттер мен оқулықтардың ішінде бірде-бір шығыс елі жөнінде, қазақты айтпағанда кітап болмады. Оқулықтардың денін діни кітаптар құрады.
Осы кезеңде мектеп салынатындығы туралы әңгіме қазақ даласына кең тарады. Мектепке әрине қазақ балаларын тарту үшін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі [20, 50п]. №1 форттың әскери ағаманы (старшина) Карамышев “көптеген қырғыздар бұл мектепке балаларын берер еді, егер өкімет (начальство) оларды қамтамасыздандыруды өз мойнына алып және татар тілін оқытса”- деген ұсыныс жасайды [18, 9п]. Бұл ұсыныс шынында да священник А.Победоносцевті ойландырып тастады. Қазақтардың балаларын мектепке бермеуінің себебі де осы деп түсінді. Тіпті бұған дәлел жоғарыда көрсетілген қазақ сұлтандарының өздері жеке мектеп ашып, сенімсіздік білдіргендей болды. Мектептер ашу арқылы орыстандырудың ашық жүргізілуі мүмкін болмайтынын түсінген. А.Победоносцев енді жоғары өкіметке жаңа ұсыныстар жасайды. Ол мектептерге қазақ балаларын тартып, сендіру үшін татар тілін оқытуды бағдарламаға енгізу керек деп шешеді. Сөйтіп мектеп қазақ-орыс мектебі деп тіркелді.
Жеделдетіліп қолға алынған мектеп жұмысы ақыры бітті. Жаңа оқу орны 1860 жылдың 21 қаңтарында №1 Перовский форты училищесі деген атпен ашылды [18, 27п].
Алғашқы жылы онда 30 шақты бала оқыды. Кейін мұндай мектептер санын арттыру мәселесін генерал-губернатор Катениннің өзі қолға алады. Мектептер әрбір бекіністе, әр фортта тұрғызылып, ол 5 бөлмеден тұруға тиіс болды. Мектеп ғимараты ерекшеленіп, көз тартатындай жеңіл кірпіштен (воздушные кирпичи) және қыш балшық пен ағаштан салынсын делінді. Мектептерді салуға әрқайсысына бірдей 575-тен 725 рубль күміске дейін, оның ішінде 350-ден 500 рубльге дейін тек қана үйді тұрғызу үшін, ал жылына мектепке жабдығымен қоса бәрі 1803 рубль 50 тиын күміске дейін ақша бөлінді.
Әр мектепке штаттан 25 тәрбиеші қазақтан, олар үшін 1 оқытушы әрі қадағалаушы штатта (смотритель) орындары белгіленсе, оқу курсы “...курс учения ограничен чтением и письмом на русском и киргизском (татар) языках, первыми четырьми правилами арифметики и переводами с киргизского на русский и обратно, при чем объясняется и грамматические формы обоих языков… Учителями в школе предполагаются определять исключительно молодых киргизов из числа окончивших полный курс вздешнем кадетском корпусе или киргизской школе при областном правлений.
Вот главнейшие основания на коих должны существуют школы пристепных укреплениях. О подробностях я буду иметь честь сообщить Вашему Превосходительству особо Генерал-адъютант Катенин. 1860 г. 11 апреля. г.Оренбург [18, 42п]”.
Ал біз көрнекті ағартушы деп таныған миссионер мырзалар: мысалы Н.П.Остроумов өз ойларын былайша білдіреді:“Наше правительство давно уже пришло к тому убеждению, что главное и самое могущественное средство обрусения инородцев есть школа, просвящение их путем образования; поэтому оно всегда и везде открывает и будет открывать двери русских школ для всех инородцев [20, б.23].
Ал шындығында ол мектептерді ашу патшалық өкіметке оңай тиген жоқ. Мектептерде қазақ балаларының саны өте аз болды. Мысалға: Перовский фортындағы училищеде 1860 жылы 30 баланың ішінде бірде-бір қазақ баласы болмады, ал 1861 жылы осы мектепте 7 ұл, 11 қыз және 1 ғана қазақ, 1862 жылы барлығы 20 бала, оның ішінде екеуі ғана қазақ, 12 жасар Мұратбай Кугербаев және 20 жасар Құл-Мұхамед Утегенов [18, 75п]; [18, 104п] дегендер оқыған.
Оның үстіне Кіші жүзден жер-жерден орыс мектептеріне қарсы қазақ рулары наразылық танытып қана қоймады, үлкен қарсылық көрсетіп, көтерілістерге шықты. Мысалға ондай мектептерді салуға қарсы Орал және Торғай облыстарында көтерілістер болған [20, 7п]. Отарлаушы өкімет өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбады. Тіпті халық наразылығы, көтерілістер де оларды тоқтата алмады. Үгіт-насихат жұмыстары одан сайын күшейтілді. Ол мынадай бағыттарда жүрді:
Біріншіден; Генерал-адъютант Катенин: “Обращаясь к детям поселенцев и вообще русских, которые пожелали бы посещать киргизскую школу, я нужным считаю сообщить Вашему Превосходительству что согласно предположении моих изучения киргизской грамоте для них необязательно, … русские воспитанники должны получать независимо школьного учения у местных священников, за что я и назначаю каждому из них (священникам - АБ) посту 100 рублей серебра в год жалования” - деп жазды [16, 43п].
Сөйтіп, барлық бекіністер мен форттардың священниктерін ақшалай марапаттау арқылы олардың белсенділігін арттырды. Айталық Александр Победоносцев губернаторға арнайы хат жолдап, 100 рубль күміспен марапатталғанын айтып рахметін жеткізеді. Ол: “После этих милостей, я право, не знаю как и благодарить, как выразить свое признательность. Теперь меня затрудняет мысль: В состояний ли я буду оправдать те доверия, которым Ваше Превосходительство изволил облеч меня…” Сол сияқты священник Малов та хатында корпус штабы басқармасының бөлген 100 рубль марапаттауын алдым яғни “Я принимаю с особенным удовольствием” - деп жазады [16, 74п]. Міне осындай хаттар легі жер-жерден ағылып жатты.
Екіншіден; Өкімет тарапынан мектептерді қаржыландыруға зор көңіл бөлінді. Көбіне қазақ балалары мектептерге бармағаннан кейін оқу орнын қаржыландыруға жергілікті қазақ ру-тайпалары, қазақ ауылдарынан алым жиналды.
Өздері сорлап отырған ауылдар сөйтіп біртіндеп жылма-жыл жиналатын алымдарды төлей алмай өкіметке қарызданып отырды. Амалсыз енді Патшалық өкіметтің қазақ балалары тегін оқиды деген ақпаратына сеніп, төлей алмаған қарызының өтеуіне балаларын мектепке оқуға береді.
Мұндай күштеулерден кейін мектеп, училищелерде оқушылар саны біртіндеп өсе түсті. Кейін екі сыныптық болыстық және бір сыныптық ауылдық мектептер ашыла бастады. Ал ХХ ғасырдың басында бір ғана Орал облысының өзінде 1673 оқушы оқитын 60 осындай шағын мектептер жұмыс жасады [19]. Үшіншіден; Қазақ балаларын мектепке тартудың бірден-бір жолы көшпенділерге ыңғайлы уақытын таңдау керек деп түсінді. Священник Андрей Малов: “В жалование мне за преподавания закона Божия, определено по распоряжению корпусного командира с 1 января 1861 года, со дня утвержденной киргизской школы, выдавать из суммы, ассигнованных на оную, по 100 рублей в год, которым я и удовлетворен только за 1861 год” - дей отырып, “ - мектепте оқушылардың келуі бейберекетсіз, олар әкелеріне ыңғайлы уақытта келіп, басқалай жағдайларда оқуды тастап жүре береді, ал бұл біздің жұмысымызға, оның нәтижесіне орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан, оқу барысы жүйелі жүріп, оқушылардың нақты санын анықтау үшін тәртібін реттеу, - определить одним известным временем которые по моему мнению я считаю самое удобнее для этого сентябрь или октябрь месяцы, так как, к этому времени съезжаются в форте все колонки, и все прибывшие сюда семейные, успеют оглядется и устроится” - деп ұсыныс жасайды [16, 102п].
1866 ж. 17 қазанында Мемлекеттік Кеңес Бөкей Ордасында қазақ балалары үшін 7 алғашқы білім беру мектебін ашуға рұқсат берді. 1868 ж. төмендегідей біркластық мектептер ашылады:
1. Қалмақ мектебі – Владимировка селосында
2. Камыш-Самар мектебі – Новая Казанка селосында
3. Нарын мектебі – Ұялы көл шатқалында
4. Таловка мектебі – Таловка селосында (Казталовка)
5. Торғын мектебі – Хан Ордасында
6. І Приморск округындағы мектеп – Кокорев кордонының маңында
7. ІІ Приморск округындағы мектеп – Бакалаевск кордонының маңында
1896 жылға қарай Бөкей Ордасында 24 орыс-қазақ мектебі болды. Оның ішінде 2 екікластық училище, 6 біркластық ауыл шаруашылық училищесі, 14 старшын мектебі, 2 жекеменшік мектеп, медреселер мен мектептердің жанында 2 орыс класы болды. Олардың бәрінде 708 оқушы білім алды. 629 қазақ, 64 орыс, 15 татар, 15 қыз балалар. Оқушылардың 167-сі мемлекет қаражатына оқыса, 541-і өз ақшаларымен оқыды. 1885 ж. қосымша 7 старшын мектебі, 1869 ж.тағы да 7 мектеп ашылды. Олар Шұнғайда, Қаракөлде, Толыбайда,Сүйінәліде, Күйгенкөлде, Есенбай хуторында және Әбі форпостында орналасты. Бұлардан басқа Ішкі Орданың әрбір бөлімінде біркластық орыс-қазақ училищелері болды. Ішкі Ордадағы старшын мектептері екіжылдық болды. Олардың білім беру жүйесі тек қана Ресейден емес, Қазақстанның басқа облыстарынан да өзгеше болды. Ордада үкіметтік мектептердің екі түрі (типі): 6 жылдық оқу мерзімімен екікластық және 4 жылдық оқу мерзімімен біркластық учаскелік орыс-қазақ мектептері. Оқу жылының аяғында оқушылар емтихан тапсыратын болды. Мектептердің негізгі мақсаты оқушыларға орыс тілін үйретілді [20, б.3-4].
ХХ ғ. басына дейін Хан Ордасында және Больше-Ганюшенде екікластық орыс-қазақ ер балалар училищесі, 7 участоктың және 1 Ордадағы қыз балалардың біркластық училищесі, 14 старшын, 2 ауылдық мектеп және мектептер мен медреселер жанынан 3 орыс тілі кластары ашылды. Сөйтіп Ішкі Орданың 300 мыңдай тұрғынына 29 оқу орны болды, олардың жағдайы өтенашар еді. Оқу орындарының ішіндегі ең жоғарысы Хан Ордасындағы училище болды. Онда төменгі буындағы қазақ оқу орындары үшін педагогтық кадрлар даярланды. Бірақ олардың да білім дәрежесі төмен болды.
Оқу орындарының тағы бір түрі участоктық біркластық мектептер болды. Олар екікластық училищелер сияқты мемлекеттің бюджетінде және өздерінің интернаттары болды. Интернаттардағы жағдай сын көтермейтін еді, қазақ балаларына тамаққа күніне 10тиын бөлінді, мұғалім жанұясымен жылына 12 сом алатын еді.
Старшын мектептері ауыл мектептерінің бір түрі болды. Оларды жергілікті қазақ қоғамдары қаржыландырды. 1903 жылға дейін олардың саны өзгерген жоқ. Тек 1904 жылы олардың саны 19-ға жетті. Бұл мектептердің тұрақты ғимараты болған жоқ, сондықтан олар көшіп-қонып жүрді. Инспекторлар кейде оларды таба алмай қалатын еді. Бұған дәлелдің бірі Көктерек мектебінінің оқытушысы Ақбаевтың баяндауы. Ол былай деп жазады: «Көктерек старшын мектебі 1896 ж. Аяққопа шатқалында ашылды, 1 жылдан кейін Жортан шатқалына ауыстырылды,енді бір жылдан соң Қошқар шатқалына көшірілді,1900 ж. Ащықұдық шатқалына ауыстырылды, ал 1904 ж. Көктерекке көшірілді. Бұндай көшудің басты себебі бір жерде мектепке оқушыларды тарта алмауы еді».
Старшын мектептерінің ішінде біреуі ерекше жағдайда болды. Бұл мектептің негізін 1904 ж. 3қарашада инспектор А.А.Воскресенский салған еді. Ол І Приморск округының 15-ші старшындығындағы Тоқсанарал шатқалында орналасты және старшын үлгілі метебі деп аталды. Бұл мектепті халық ағарту министрлігі жылына 548 соммен қаржыландырып отырды. Метепте оқу мерзімі 3-4 жыл болды, сабақ 9-дан 14-ке дейін және 19-дан 21-ге дейін өткізілді. Мектепте оқытылатын негізгі пәндер орыс тілі, арифметика және қол еңбегі болды. Оқушылар 3-4 жылдың ішінде оқу, жазу, арифметикалық қимылдар және орысша шала-пұла сөйлеуді үйренуге тиіс болды. Басқа мектептерге қарағанда бұл старшын мектебінде оқу жылы мерзімінде басталатын. Кейін олар аралас мектеп болып кеткен [20, б.5-7].
Қазақ жастарына орысша білім, тәрбие беру жөнінде Орынбор қазақ мектеп-интернатының 1850-1869 жылдарында алатын орны ерекше. Шекаралық комиссия жергілікті әкімшілік-басқару орындарына қазақ жастарынан қызметкерлер даярлау үшін 14 маусымда 1844 жылы арнаулы “Ереже” қабылдады. Бірақ, әртүрлі себептермен мектеп тек 22 тамызда 1850 жылы ашылды. Ол кезде Орынбор өлкесіне бағынатын қазақ даласы: Шығыс Орда (Торғай облысы), Орта Орда (Орал облысы), Батыс Орда (Бөкей Ордасы) деп үш аймаққа бөлінетін. Осыған орай Орынбор қазақ мектеп-интернатына Торғайдан 10 бала, Оралдан 3 бала және Бөкей Ордасынан 7 бала оқуға қабылданды. Мектептің бас тәрбиешісі (надзиратель) болып Қазан университетінің Шығыс тілдері факультетін бітірген Салықжан Кукляшев деген татар жігіті тағайындалды. Сол сияқты қазақ жерінде ашылған мектептердің бәрінде де бір-бірден бас тәрбиеші яғни “надзирательден” болды. Олар шекаралық комиссияға есеп беріп тұруға міндеттелді [18, 6 п].
Тәрбиешілер, мысалы айталық аталған С.Кукляшев өзі басқарған алты жыл ішінде қазақ шәкірттерін татар тағылымы рухында тәрбиеледі. Жатақханалардағы тәрбиешілер унтер офицерлер болды.
Орынбор қазақ мектебінде мынадай пәндер оқытылды және оның ұстаздары:
Орыс тілі (Кострамитинов, Марницкий, Лебедев)
Қазақ-татар тілі (Бекчурин, Батыршин, Биглов, Суханкулов)
Арифметика (Аршаулов, Васильев, Арцижевский)
Тарих (Борецкий, Пискунов)
Жағрапия (Орловский)
Таза жазу және сызу (Кутергин)
Дене шынықтыру (Конахов)
Іс жүргізу және тергеу (Учинов, Орынбаев)
Ислам діні оқуы (Габдусалямов, Мусин, Даутов, Габдулкаримов, т.б.).
Орынбор қазақ мектебінің қазақ тілі сабағының тағдыры жөнінде мынаны құжаттармен таныса отырып аңғардық. Мектептің оқу жоспарында көрсетілгендей пәннің аты “Қазақ-татар тілі” деп аталғанымен шын мәнісінде ол татар тілі сабағы болатын. Оны 19 жыл бойы негізінен Неплюев Кадет корпусының араб және парсы тілдері аға оқытушысы, колледж ассесоры Мірсалық Бекчурин оқытты. Ал Бекчуриннің оқулығы кадет корпусының шәкірттері үшін орыс тілінде жазылған кітап. Оның аты «Начальная руководство к изучению арабского, персидского и татарского языков с кратким объяснением существующих в Оренбургском крае наречии башкир и киргизов и с приложением к нему русско-персидско-татарских слов, разговоров и прописей, Казань, 1859 г.» Оқулықта қазақ, башқұрт тілдері грамматикасына орын берілмеген. Сөйтіп, сабақтың аты “қазақ-татар тілі” деп аталғанымен, Орынбор қазақ мектебінде қазақ жастары дербес тіл ретінде ана тілі бойынша ешқандай жүйелі мағлұмат алмады. Өкімет орындары мен татардың тіл мамандары оны дербес тіл ретінде менсінбеді. Ал, араб, парсы және татар тілдерімен қазақ жастары тек кадет корпусында оқитын орыс жастарына арналған бағдарлама көлемінде ғана танысты.
Мектеп шәкірттері алғашқыда намаз оқып, шаштарын алдырып, басына тақия киіп, дастархан мәзірі мұсылманша болғанымен негізінен орысша тәрбиеленді.
Орынбор қазақ мектебі бас-аяғы 19 жыл өмір сүрді. Оған оқушыларды әр екі жылда бір рет қабылдап отырды. 19 жыл ішінде мектепті 48 қазақ жастары бітіріп шығады. Олардың кейбіреулері шекаралық комиссияның өзіне жұмысқа қалдырылды, біразы өздерінің еліне барып жергілікті әкімшілік-басқару орындарында әртүрлі кеңсе қызметтерін атқарады.
Ал Оралда, осы мектептің алғашында 1891 жылы -2 мектеп филиалы, кейін 1914 жылға дейін 14 мектеп жүйесі жұмыс жасаған. Сонымен қатар, Орал өңірінен шыққан Нұрым Мұңсызбаев, Ырғыз бекінісіндегі мектепте Шахмұрат Құлыбеков, Торғай бекінісіндегі мектепте Ыбырай Алтынсарин оқытушылық қызметтерін бастады. Орынбор мектебін кейінірек бітірген жастардан-Байқадам Орынбаев, Ізтілеу Жақсыбаев, С.Нұрмаханбетовтар да мектепте ұстаздық етті. Ал әйтеуір алфавит танып білген бірнешеуі 1860 жылы Қазақстанда жаңадан ашылған орыс мектептерінде сабақ береді.
Достарыңызбен бөлісу: |