Т.Ә. ТӨлебаев қосалқы тарихи пәндер ІІ бөлім Оқу құралы Алматы


Палеографияның зерттеу әдістері және басқа ғылым



бет14/46
Дата17.10.2023
өлшемі1.51 Mb.
#480944
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46
annotation16475 2

Палеографияның зерттеу әдістері және басқа ғылым

салаларымен байланысы

Белгілі бір кезеңнің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының дәрежесі жазудың жағдайына әсер етеді. Оның ерекшеліктерін айқындап, палеографияның зерттеу обьекті болып есептелетін қолжазбалардың сыртқы белгілерін салыстыра анықтайды. Мәселен, ежелгі Русте құжаттар пергаменге және уставтық жазумен жазылды. Ал ХІҮ – ғ. ортасы мен ХҮ ғасырдың соңы аралығындағы экономикалық-әлеуметтік, саяси және мәдени дамудың талаптары жазуға, өолжазбалардың сыртқы белгілеріне әсер етті. Осы кезеңде баяу жазылатын уставтық жазу оның тезірек жазылатын түрі –жартылай уставпен ауыстырылды. Пергамен болса қымбат әрі қолжетімді бола бермейтіндіктен біртіндеп қағазбен ауыстырылды.


ХҮ –ХҮІІ ғасырлардағы Орыс мемлекетіндегі орталықтандырылу үрдісі, сыртқы саяси байланыстардың артуы, мәдение ықпалдар мен өндіргіш күштердің дәрежесінің жоғарылауы жазуға көп әсер еткені байқалады. Бұл кездегі жазудың жетекші түрі – тез жазу, ал негізгі материалы –қағаз болды. Сонымен қатар, қолжазбалардың сыртқы түрі, сәнделуі де өзгерістерге ұшырады. Бұл айтылғандардан әрбір тарихи кезеңге белгілі бір палеографиялық белгінің сай келетіндігін көреміз. Кейбір белгінің «өз кезеңіне» сай келмеуі қолжазбаның көшірме, тіпті жасанды, жалған екендігін байқатады. Мысалы, ХҮІІІ –ғасырдың соңындағы түпнұсқалық жазулар көгілдір сиямен және болат қаламұшпен жазылуы мүмкін емес. Тіпті жазудың түрі, қағаздың сулық белгілері де ХҮІІІ – ғасырдың соңына сай келіп тұрғанына қарамастан олар түпнұсқалық болып есептеле алмайды. ХҮІ – ғасыр деп көрсетілген қолжазбалық дерек егер ол ХҮІІІ – ғасырдағы гербтік қағазға жазылса, немесе ХІХ ғасырдың 30 жылдарында ғана Ресейде пайда болған болат қаламұшпен жазылса түпнұсқа болып есептелмейді.
Палеографиялық зерттеу әдісін игеру үшін барлық палеографиялық белгілерді ескеру қажет. Мұнымен қатар, құжаттардың уақытын анықтаудағы басты принцип кейініректегі палеографиялық белгілерді байқау, салыстыру екендігін де ескеру қажет. Мәселен, ХҮІІІ – ғасырдың соңында тез жазумен қағазға жазылған, таңбалық белгісі (штемпель) бар құжаттың уақытын анықтау барысында, кейініректегі палеографиялық белгіні – таңбалық белгінің (штемпель) жаппай қолданылуы ХІХ – ғасырдың отызыншы жылдарында басталғанын ескеру керек.
Сонымен, палеографиялық әдістің негізіне палеографиялық белгілердің барлығын дерлік – әріптің графикасын, жазу материалын, әсемделіп сәнделуін, жазу құралын және т.б. – бақылау және олардың белгілі бір уақыт кезеңіне сай келетіндігін айқындау жатады.
Деректерді палеографиялық талдау мәтінді мұқият оқу, оның мәні мен мазмұнын ажырату және басқа да ғылым салалары мен қосалқы тарихи пәндер беретін материалдар мен мәліметтермен салыстыру қажеттігін де көрсетеді.
Палеографияның тастағы таңбалар мен жазуларды зерттейтін – пиктография, құпия жазу жүйелерін зерттеп, оқытатын криптография сияқты салалары да бар. Бұлардың өзі палеографиялық зерттеулердің әдістерінің күрделі екендігін соның барысында арнайы зерттеу әдістерінің қалыптасқандығын көреміз. Олар кескіндемелік деректерге талдау жасау, палеографиялық белгілер бойынша қолжазбалардың уақытын анықтау және т.б. Палеографиялық зерттеулер барысында басқа да ғылым салаларының зерттеу әдістері пайдаланылады. Мәселен, жазу материалдарының ерекшеліктері мен сақталу дәрежесін айқындау үшін – биология мен зологияның, кейде геологияның, тілдік деректер бойынша қолжазбалардың уақыты мен жерін анықтау барысында - тілтанудың, жазулар мен құжаттардың түрлері бойынша олардың мазмұндарын, стилін, мәтін тарихын анықтау үшін – мәтінтанудың, сиялар мен жазу және сәндеу үшін қолданылған басқа да бояу заттарға талдау жасауда – химияның, органикалық материалдардың жасын анықтау үшін радиоактивті изотоптарды пайдалану барысында – физиканың зерттеу әдістерін қолданады. Бұдан біз аталған ғылым салаларының палеографиямен байланыстылығын да көреміз.
Бұлармен қатар палеография теңгелер мен ақшалардағы жазулар негізінде нумизматикамен де байланысты. Жазулардың, қолжазбалардың уақытын айқындау мәселесінде палеография хронологиямен де байланысады.



    1. Жазудың пайда болуы мен қалыптасуы

Суретшілер қолдан салған сурет болсын, фотосурет болсын, бәрібір бір нәрсені бейнелейді. Оларға қарап көп нәрсені ұғуға, түсінуге болады. Суреттерге қарай отырып, онда бейне­ленген дүниені әңгімелеп, айтуға болады екен. Суреттегі әрбір бейне, зат кітаптағы жазу сияқты. Оларға қарап әңгімелей отырып, суреттің мазмұнын түсінуге, түсіндіруге болады. Мұны суретті оқу деп те айтады.
Ежелгі адамдар үңгірлерге, жартастарға, тастарға, кейіннен құмыраларға әр түрлі суреттер салды. Суреттерді оюлап, кестелеуді білді. Ру-тайпалық қатынастардың дамуы барысында тайпалар кең аймақтарды мекендеді. Енді алыстағы туыстарына хабар беру, жағдайды жеткізу қажеттігі туды. Соның барысында жазу пайда болды.
Жазудың ең алғашқы түрі, айтпақ болған ойды суреттер арқылы бейнелеу. Мысалы, ежелгі адамдар өз көргендерін, ойында сақталған кейбір оқиғаларды сурет арқылы бейнелеуге болатынын байқады. Сөйтіп, сурет арқылы жазу пайда болды.
Этнографтар сурет жазулардың көптеген түрлерін кездестірген. Мысалы| мына сурет жеті үндіс тайпасының Америка Құрама Штаттарының президентіне жазған хаты.

Онда жеті түрлі жануар бейнеленген. Олар түйеқұсқа, сілеусінге, барысқа, китке, ал біреуі, тіпті адамға ұқсас етіп салынған. Олардың әрқайсысы әрбір тайпаның қасиетті жануарлары болса керек. Олар үлкен жолда тұр. Бұл олардың көшіп, әр жерді мекендеп жүргенін білдіреді. Ал жолдың сол жағына кететін қысқа жолдың бойында үш дөңгелек бейнеленген. Жануарлардың әрқайсысының бастары мен алдында тұрған түйе құстың басына сызықшалар тартылған. Әрқайсысының жүректері де түйеқұстың жүрегімен жалғастырылған. Түйеқұстың басынан бір сызықша алдыға қарай өрлете тартылған. Келесі бір ұзын сызық үш дөңгелекке қарай сызылған.
Суретте әрқайсысының жүректерін жалғастыруы олардың туысқандар екенін, бір-бірімен ынтымақта, бірлікте өмір сүретінін білдіреді. Ал бастарын алдыңғы түйеқұстың басымен сызық арқылы қосуы барлығының ойының бір жерден шығып отырғанын сездіреді. Ол ойларының үш көлде екенін ұзын сызық арқылы көрсеткен. Ал өрлете сызылған сызықша барлығының бір-ақ тілек, өтініші бар екенін білдіреді. Ол тілек үш көлдің айналасын мекендеуге рұқсат беруін өтіну еді.
Ал мына суретте қиыр солтүстіктегі тайпалардың аңшылық жорықтары туралы мәлімет жазылған екен. Үш аңшы таңертең ерте тұрып, аң аулауға аттанды. Бірақ ешқандай аң кездескен жоқ күн батып, ай туды. Оған да қарамай, аңшылардың біреуі алға жүре берді. Міне, күн де шықты. Аңшылар тюленьге (итбалық) кездесті. Алдыға озып кеткен аңшы қашпақ болған итбалықтың алдынан шығып, садағымен атты. Сөйтіп, олар екі күндей жол жүріп, өз баспаналарына олжамен қайтты. Міне, суреттегі жазуды осылай оқуға болады. Осылайша алғашқы жазу - сурет арқылы жазу пайда болған.

Сурет арқылы жазу өте күрделі болды. Ол, ең алдымен, сурет сала білуді талап етті. Ал кез келген адамның қолынан сурет сала білу келе бермейтін еді. Оның үстіне, сурет арқылы жазу көп уақытты алды. Сондықтан енді әрбір нәрсенің ерекшелігін көрсететін шартты белгілер ар­қылы бейнелеп жаза бастады. Ондай жазудың бір мысалын мына хаттан көреміз.
Бұл бір бөйжеткеннің өзінің ұнатқан жігітіне хаты екен.

Бойжеткен (1) өз үйінде (2) тұрады. Ол бір жігітті ұнатады (3). Бірақ оның үй-жайы (4), әйелі (5), екі баласы (6) бар. Ол жігіт бұлардың үйімен араласып тұрады (7). Бірақ екі үйді жігіттің әйелі бөліп тұр (8). Ал бойжеткеннің үйінің маңын басқа бір жігіт торуылдап жүр (9). Ол қызды жақсы көреді. Бойжет­кен өз хатында осы мәселелерді баяндаған.
Көріп отырғанымыздай, хат үшбұрыштар, сызықшалар арқылы жазылған. Олардың әрқайсысына үлкен мән беріп, ерекшелеген. Мысалы, бойжет­кен өзі мен жігіттің әйелінің басынан бұрым сияқты етіп, үзік сызықпен шаштарын бейнелеген. Ал жігіттің үйленгенін әйелі екеуінің бастары қосылған (10) төрт бұрышты белгімен көрсеткен. Ол жігіттің өз үйіне келіп жүретінін білдіретін белгіге (11) ұқсастау, бірақ өз ерекшелігі бар. Бұл - сурет арқылы жазудан мүлде басқаша - сызықтардан құралған шарт­ты белгілер арқылы жазу. Сурет арқылы жазумен салыстырғанда жазудың жаңа, жетілдірілген түрі. Бірақ бұл да шеберлікті, уакытты қажет етеді.
Адамдар шартты белгілер арқылы жазуға көше отырып, бұрынғыдан да тезірек және жеңілдеу жазу жолдарын ойластырды. Соның барысында суреттердің, бейненің негізгі, ерекше белгілері арқы­лы жазуды ойлап тапты. Ол бойынша суды ирек (~~~) сызықтармен, жұлдызды жұлдызша (*) белгісімен, тауды сүйір бұрыштармен (˄˄˄) т.б. белгілеп жаза бастады. Осылайша таңбалар пайда болды. Таңбалар арқылы жазуға көшу әріптер мен алфавиттің пай­да болуын тездетті.
Әрбір зат­тар, өсімдіктер мен жануарларды таңбалар арқылы бейнеледі. Сондықтан таңбалардың саны өте көп бо­лып кетті. Ал қимыл-әрекет кезіндегі жағдайды сөз ретінде жазу үшін бір немесе одан да көп таңба пайдаланылды. Әрине, мұндай бірнеше таңба арқылы бір сөзді жазу да қиындау еді. Оның үстіне, оларды дұрыс оқу көпшілік үшін, тіпті қиын болды.
Сондықтан жазуды қарапайымдау ету жолдары мен тәсілдері іздестірілді. Таңбалармен жаза жүріп, кейбір адамдар ол таңбалардың дыбыстық мәні бар екенін білді. Мысалы, су таңбасы енді С әрпіне ай­налды. Ал тау таңбасы Т әрпін білдірді. Осылайша әріптер пайда бола бастады. Бұл, әрине, бірден бола қойған жоқ. Адамдардың ұзақ уақыт жинақтаған тәжірибесінің негізінде ғана дүниеге келді. Әріптер жазуды жеңілдетті, әрі тезірек жазуға мүмкіндік берді. Енді оларды жүйеге келтіріп, дыбыстық ерекшеліктеріне қарай реттеді. Сөйтіп, әріптердің алфавиттік жүйесі - әліпби пайда болды.



    1. Жазудың түрлері мен құралдары



Жазудың қалыптасуы барысында оның түрлері де дүниеге келіп отырды. Жоғарыда көрсетілгеніндей жазудың алғашқы және ең көне түрі - пиктографиялық жазу болып табылады. Зерттеушілер жазудың бұл түрі неолит дәуірінде пайда болған деп есептейді. Мұнда хабарлануға тиісті оқиғаға қатысты сурет салынады. Пиктограммалық жазу суреттерге негізделген жазу бол,андықтан, оны суретті жазу деп те атайды. Пиктографиялық жазудың ескерткіштері әртүрлі суреттердің жиынтығынан құралған. Әр сурет бүтіндей бір хабар бере алады. Бұл хабар графикалық жағынан жеке сөзге бөлінбейді. Сол себепті де пиктографиялық жазу оқиғаны, айтылатын ойды тілдік негізде емес, мазмұнын бейнелеу арқылы жеткізеді. Сондықтан да пиктографиялық жазуды тілдік айырмашылықтарына қарамастан кез-келген адам оқи және түсіне алады. Пиктограммалық жазудың таңбалары петроглифтер немесе пиктограммалар деп те аталады.
Жекелеген сөздерді шартты таңбалар арқылы белгілеу арқылы жазу - идеографиялық жазу деп аталады. Идеографиялық жазуда әр сөздің тұрақты графикалық таңбасы, әр таңбаның өзіндік меншікті мағынасы болады. Идеографиялық жазуға иероглифтік жазу, цифрлар жатады. Идеографиялық жазудың таңбалары қазіргі дыбыстық жазуда да қолданылады. Мысалы, цифрлар, математикалық, физикалық, химиялық, ғылыми-техникалық шартты таңбалар және т.б.
Палеография тарихында буын жазуы да үлкен орын алады. Сөздің құрамындағы әрбір буынды жеке таңбамен белгілеу арқылы жазу жүйесі - буын жазуы деп аталды. Бұл жазу түріне ежелгі финикия мен семит, тибет, бирма, жапон, үнді жазулары жатады. Буын жазуының таңбалары бір буынды сөздерді белгілеген идеограммалар негізінде дүниеге келген.
Жазудың жетілдірілген, соңғы түрі дыбыстық жазу, кейде әріптік жазу деп аталады. Бұл дыбыстарды, фонемаларды әріптермен таңбалайтын жазу жүйесі. Дыбыстық жазулардың ең көне түрлері – шумерлік, финикиялық, арамейлік, гректік және ежелгі түркілік жазулар.
Алғашқы жазу құралдарының бірі тас болды. Бірақ тастағы жазу жақсы сақталғанымен, оған қашап жазу қиындау еді. Әрі алып жүру де ауырлық ететін.Тастағы таңбалар мен жазулар петроглифтер деп аталады. Тасты жазу материалы ретінде қолданудың озық, жетілдірілген мысалдары Дарявуш І (Дарий І) жаздырған Бехистун жартасындағы жазу мен Тоныкөк жазулары аталып кеткен көне түрік жазулары.
Ежелгі Египетте Ніл бойында өсетін камыс тектес өсімдік – папирусты жазу материалы ретінде пайдаланған. Кейбір саз - балшықты аймақтарда балшыққа жазу да болды. Ол үшін балшықтан тақтайша жасап, таяқшамен батыра отырып жазатын. Кепкеннен кейін сына сияқты таңбалар қалып отырғандықтан мұндай жазуды ғылыми әдебиетте сына жазу деп атап кеткен. Ол Қосөзеннің төменгі ағысы бойында шумерліктер дүниеге келтірген жазу еді.
Ежелгі Қытайда тас бақа қауырсынына, ағаш шыбықшаларға, жібек матаға жазу да болған. Мысқа ойыңқырап, зерлеп те жазу да болған. Металды жазу материалы ретінде пайдаланудың озық үлгісінің бірі б.з.б. Ү –ғасырға тән сақтардың Есіктіден табылған күміс табақшадағы жазуы.
Кең таралған жазу материалының бірі - тері болды. Әсіресе, бұзаудың терісін арнайы өңдеп, үстіне қалам сияқты қысқа шыбықпен бояуды пайдалана отырып жазды. Кейінірек жазу үшін арнайы қара және көк түсті сия жасау пайда болды. Әр түрлі маталарға кестелеп жазу да болған. Қағазды алғаш ойлап тапқан қытайлықтар еді. Қағаз кейіннен кең таралған негізгі жазу материалына айналды. Сияның дүниеге келуі барысында ағаш шыбықшаларды, құстардың, негізінен қаздардың қауырсынын пайдалану кең таралды. Бірте-бірте әріптер мен таңбаларды ағаш тақтайшаларға қйып белгілеу арқылы қағазға түсіру арқылы жазу дүниеге келді. Содан барып жазу станоктары пайда болып, жазу өндірістік сипат алды. Бүгінде ірі типографиялармен қатар, шағын баспаханалар әртүрлі дәрежедегі баспа техникаларын пайдалануда. Әртүрлі дәрежедегі принтерлер т.б. компютерлік электронды жазу құралдары бар. Олардың әріптері мен шрифтерінде өзгерістер де кездеседі.



    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет