4-тарау. Террористік іс-әрекеттің алдын алу, анықтау және
жолын кесу
10-бап. Террористік іс-әрекеттің алдын алу
1. Қазақстан Республикасының аумағында:
1) терроризмді насихаттауға;
2) террористік ұйымдардың, сондай-ақ заңсыз әскерилендірілген құралымдардың құрылуына, тіркелуіне және жұмыс істеуіне тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының террористік іс-әрекетке қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салуға құқығы бар.
3. Алып тасталды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10-1-бап. Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл
1. Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл:
терроризмнің қауіптілігін түсіндіру;
террористер өз көзқарастары мен идеяларын насихаттауды солардың көмегімен жүзеге асыратын нысандарды, әдістерді және амалдарды әшкерелеу;
қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыру;
терроризм профилактикасында терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру;
терроризмді қолдаудың әлеуметтік базасын қысқарту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:
өз құзыреті шеңберінде терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимылды ұйымдастыруға және үйлестіруге;
осы қызметке бұқаралық ақпарат құралдары, заңды тұлғалар, азаматтық қоғам институттары, діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуын ынталандыруға;
қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыруға қатысуға міндетті.
Ескерту. 4-тарау 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10-2-бап. Террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау
Террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау үшін осы объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының және терроризм актілерінің салдарларын жоюға және (немесе) барынша азайтуға мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың дайындығының деңгейін арттыру жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық, инженерлік-техникалық, арнайы, күзеттік және өзге де шаралар жүзеге асырылады.
Ескерту. 4-тарау 10-2-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10-3-бап. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының міндеттері
1. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары террористік іс-әрекеттің алдын алу, сондай-ақ объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы және олардың қауіпсіздігінің тиісті деңгейін сақтау мақсатында:
1) тиісті өткізу режимін, объектілерге қойылатын қойылатын талаптарға сәйкес оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтауды қамтамасыз ету;
2) үлгілік паспорттың негізінде – өздеріне сеніп тапсырылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеу;
3) персоналды үй-жайларды қарап тексеру техникасына үйрету, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу;
4) жасалған терроризм актісінің салдарынан туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлескен іс-қимылдарды жоспарлау мен пысықтау;
5) объектінің ақпараттық желілерін қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға міндетті.
Терроризм актісі жасалған жағдайда меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары және (немесе) қызметкерлері жасалған терроризм актісі туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына немесе ішкі істер органдарына дереу хабарлауға және персоналды эвакуациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Тиісті іс-шараларды іске асыру мақсатында меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары қажетті қаржыландыруды көздеуге міндетті.
3. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының аталған міндеттерді орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 4-тарау 10-3-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11-бап. Террористік iс-әрекеттi анықтау
1. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары террористік iс-әрекеттi анықтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткiзедi.
2. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, террористік iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органдарға хабарлауға мiндеттi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
12-бап. Терроризм актісінің жолын кесу
1. Терроризм актісінің жолын кесу, террористерді, жарылғыш заттарды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мақсатында терроризмге қарсы операция жүргізіледі.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында террористермен келіссөз жүргізуге жол беріледі. Келіссөз жүргізу оралымды штаб басшысы осыған арнайы уәкілдік берген адамға тапсырылады.
3. Егер террористің (террористердің) терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себепті онымен (олармен) келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатер төніп тұрса, терроризмге қарсы операцияның басшысы террористі (террористерді) жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
4. Күзетілетін адамға немесе объектіге айқын қауіп-қатер төнгені анықталған немесе ондай қауіп-қатерді өзге заңды құралдармен жою мүмкін болмаған жағдайда террорист (террористер) терроризмге қарсы операция басшысының өкімімен келіссөз жүргізілмей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операцияға қатысушы бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қару мен арнаулы құралдарды қолданады.
Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
12-1-бап. Террористік ұйымдарды және террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды есепке алу
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот шешімдерінің негізінде терроризмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында террористік ұйымдарды және террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды есепке алуды жүргізеді.
2. Сот ұйымды террористік деп таныған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін ұйымды тарату арқылы оның қызметін тоқтата тұрған немесе оған тыйым салған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін адамдарды жауапқа тартқан кезде "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 56-бабының 1-тармағында көрсетілген тиісті органдар ақпараттық есепке алу құжаттарын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға дереу жолдауға міндетті.
Ескерту. Заң 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.08.28 № 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-бап. Оралымды штабтар
1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында тұрақты жұмыс істейтін республикалық және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтары құрылады.
2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органының бастығы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң бастығы «Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетiлуге жататын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операцияны өткiзу кезiнде республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысын Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың немесе олардың аумақтық органдарының өкілдері қатарынан тағайындайды.
4. Республикалық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операциялар жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операция жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
5. Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-1-бап. Терроризмге қарсы операцияға басшылық жасау
1. Терроризм актісінің қоғамдық қауіптілігінің ауқымы мен дәрежесіне, күтілетін теріс салдарларына қарай терроризмге қарсы операцияға басшылық жасауды республикалық немесе облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабының басшысы жүзеге асырады.
2. Оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операция басталғаннан бастап ол аяқталғанға дейін операция басшысы және оны жүргізуге тартылатын барлық әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарының бастығы болады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операцияға қатысуға тартылатын шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мамандарының бастығы болады.
3. Оралымды штабтың басшысы:
1) терроризмге қарсы операцияның жүргізілу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын айқындайды, берілген күштер мен құралдардың қолданылу бағыттары мен шегі туралы шешім қабылдайды;
2) бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның өкілдерімен байланыста болуға жауапты болатын оралымды штабтың өкілін айқындайды;
3) терроризмге қарсы операцияны жүргізу туралы шешім қабылдайды және әскери өкім (әскери бұйрық) шығарады.
4. Республикалық оралымды штабтың басшысы:
1) терроризм актісінің жасалғаны туралы немесе оның дайындалып жатқаны туралы, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның басталғаны туралы расталған ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне дереу хабарлайды;
2) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерін терроризм актісінің жолын кесуге тарту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді.
5. Атқаратын қызметіне қарамастан басқа лауазымды адамның терроризмге қарсы операцияның оралымды басшылығына заңсыз араласуына жол берілмейді.
Ескерту. Заң 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
14-бап. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге тартылатын күштер мен құралдар
1. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізу үшін оралымды штабтарға терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қажетті күштері мен құралдары беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, қажет болған жағдайларда терроризмге қарсы операцияға қатысу үшін шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері тартылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері осы Заңға және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге қатысу үшін тартылады.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
14-1-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін терроризм актілерінің жолын кесуге тарту
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
1) терроризм актісін жасау үшін пайдаланылатын не террористер басып алған әуе кемелері ұшуының жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының ішкі суларында және аумақтық теңізінде, Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында орналасқан теңіздегі экономикалық қызмет объектілерінде терроризм актілерінің жолын кесуге, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен терроризмге қарсы операцияның өткізілуіне қатысуға тартылады.
2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолданады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне терроризмге қарсы операцияны өткізу аймағында дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды қолдану және жауынгерлік техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.
Ескерту. 4-тарау 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
14-2-бап. Әуе кеңістігіндегі терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы әуе кеңістігіндегі терроризм актісінің қатерін жою немесе жолын кесу мақсатында қолданады.
2. Егер әуе кемесі жердегі басқару пункттерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы радиокомандаларына және (немесе) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оны жолдан ұстап қалуға көтерілген ұшу аппараттарының радиокомандалары мен көрінетін белгілеріне ден қоймаса не себебін түсіндірмей, радиокомандаларға және көрінетін белгілерге бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы осы әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады. Егер әуе кемесі қону туралы талаптарға бағынбаса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, қару мен жауынгерлік техника аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданылады.
3. Егер әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану туралы немесе әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны қондыру үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.
Ескерту. 4-тарау 14-2-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
14-3-бап. Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актісінің қатерін жою мақсатында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қару мен жауынгерлік техниканы қолданады.
2. Егер теңіз немесе өзен кемелері және корабльдер (жүзу құралдары) Қазақстан Республикасының су кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы командаларға және (немесе) белгілерге ден қоймаса не тоқтау туралы талаптарға бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы терроризм актісінің қатерін жою мақсатында жүзу құралын тоқтауға мәжбүрлеу үшін қолданылады. Егер жүзу құралы тоқтау туралы талапқа бағынбаса және (немесе) оны тоқтауға мәжбүрлеу мүмкін болмаса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны тоқтату үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не экологиялық апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы жүзу құралын жойып жіберу арқылы оның қозғалысының жолын кесу үшін қолданылады.
Ескерту. 4-тарау 14-3-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-бап. Терроризмге қарсы операция өткізілетін аймақтағы құқықтық режим
1. Терроризм актісінің жолын кесу және оны ашу, оның салдарларын барынша азайту, тізбесі «Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғау мақсатында терроризмге қарсы операция басшысының шешімі бойынша оның өткізілу шегінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі оны өткізу кезеңіне енгізілуі мүмкін.
2. Терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін енгізу туралы шешім (шегінде (соларда) осындай режим енгізілетін аймақты (объектілер тізбесін) және қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер тізбесін айқындауды қоса алғанда) және оның күшін жою туралы шешім тиісті аумақтың халқына, жергілікті атқарушы органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарының әкімшіліктеріне, объектілерінің басшыларына бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілері арқылы дереу жеткізіледі.
Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-1-бап. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер
1. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысушы тұлғалардың:
1) адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олар болмаған жағдайда - жеке басын анықтау үшін оларды ұстап, ішкі істер органдарына немесе басқа мемлекеттік органдарға жеткізуді жүзеге асыруға;
2) жеке қарап тексеруге және жеке адамның заттарын қарап тексеруге, көлік құралдарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып куәгерлердің қатысуынсыз қарап тексеруге;
3) құқық бұзушылықты немесе терроризмге қарсы операцияға қатысушы адамдардың заңды талаптарына кедергі келтіруге бағытталған өзге де әрекетті жасаған немесе жасайтын, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағына рұқсатсыз енген немесе енуге әрекет жасауға байланысты әрекеті үшін адамдарды ұстауға және ішкі істер органдарына жеткізуге;
4) жеке адамдарды жергілікті жердің жекелеген учаскелерінен және объектілерден кетіруге, көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің көлік құралдарының жол жүрісін, оларды сүйреп әкетуді қоса алғанда, шектеуге немесе тыйым салуға;
5) радиоэфир мониторингін жүргізу, телефонмен сөйлесуді және телкоммуникациялық жүйелер арналары арқылы берілетін өзге де ақпаратты бақылау үшін, сондай-ақ электрлі байланыс арналары мен почта жөнелтілімдерінде іздестіруді жүзеге асыру үшін арнайы байланыс құралдарын қоса алғанда, байланыс құралдарын қызметтік мақсатта пайдалануға;
6) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін болса, жедел медициналық жәрдемді қажет ететін адамдарды емдеу мекемелеріне жеткізу, терроризм актісі жасалған жерге бару үшін, сондай-ақ терроризм актісін жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу және оларды ұстау үшін көлік құралдарын (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің көлік құралдарынан басқа) меншік иелеріне материалдық зиян келтірілген жағдайда оны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтей отырып, пайдалануға;
7) адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қаруды және арнаулы құралдарды террористерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ескертулерсіз және шектеулерсіз қолдануға;
8) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп туғызатын болса, жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе иелігіндегі және пайдалануындағы тұрғын үйлер мен өзге де үй-жайларға және оларға жеке меншік құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскелеріне кедергісіз кіруге құқығы бар.
Оралымды штаб басшысы не ол уәкілеттік берген адам азаматтардың тұрғын үйіне кірген жағдайлар туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарлайды.
2. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында оралымды штаб басшысының шешімі бойынша мынадай уақытша шектеулер қолданылуы мүмкін:
1) қауіпті өндірістік объектілердің қызметін тоқтата тұру;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желісі мен құралдарын қолдануды шектеу;
3) қоғамдық тәртіптің, мемлекеттік күзетке жататын объектілердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін және көліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің, сондай-ақ ерекше материалдық, тарихи, ғылыми, көркем немесе мәдени құндылығы бар объектілердің күзетілуін күшейту;
4) терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта тұратын жеке адамдарды уақытша көшіру;
5) карантин енгізу, санитариялық-эпидемияға қарсы, ветеринариялық іс-шараларды және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
6) қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен, күшті әсер ететін химиялық және улы заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу, дәрілік, есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлар, этил спирті мен алкогольді өнімдер айналымының айрықша режимін орнату;
7) күзет қызметін тоқтата тұру.
3. Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың бүкіл кешені мен уақытша шектеулер сияқты жекелеген шаралар мен уақытша шектеулер де белгіленуі (енгізілуі) мүмкін.
4. Терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің болуына және олардың дыбыс жазуды, фото және бейнетүсіруді жүзеге асыруына оралымды штаб басшысының рұқсатымен ғана жол беріледі.
5. Терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысушы адамдардың операция басталған кезден бастап ол аяқталған кезге дейінгі іс-қимылы қажетті қорғаныс жағдайында немесе аса қажетті жағдайда жасалатын іс-қимыл деп есептеледі.
Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |