5-тарау. Терроризм актісі салдарынан зардап шеккен адамдардың залалдарын өтеу және оларды әлеуметтік жағынан оңалту
16-бап. Терроризм актісінің салдарынан немесе оның жолын кесу кезінде келтiрiлген зиянды өтеу
1. Жеке және заңды тұлғаларға терроризм актісінің салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Терроризм актісінің салдарынан келтірілген моральдық зиянның орнын толтыру оны жасаған адамдардың есебінен жүзеге асырылады.
3. Терроризм актісінің жолын кесу кезінде терроризм актісін жасаушы адамның (адамдардың) денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян, сондай-ақ осы адамның (адамдардың) өлуінен туындаған зиян өтелуге жатпайды.
4. Терроризм актісінің жолын кесу кезінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17-бап. Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту
Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тегiн қажеттi құқықтық көмектi, психологиялық және медициналық оңалтуды қамтиды.
18-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы адамдарды қорғау
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылда көмек көрсететiн адамдарға және олардың отбасы мүшелерiне өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда, олардың өтiнiштерi бойынша келбетiн, тегiн, атын және әкесiнiң атын, сондай-ақ жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн осы органдарды ұстауға бөлiнген қаражат есебiнен өзгертудi жүзеге асыруға болады.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
19-бап. Террористі келтiрiлген зиян үшiн жауаптылықтан босату
Терроризмге қарсы операция жүргізу кезiнде осы Заңда белгiленген негiзде және шектерде террористің денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ өзге де құқықпен қорғалатын мүдделерiне лажсыз зиян келтiруге жол берiледi. Бұл орайда терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы әскери қызметшiлер, мамандар және басқа адамдар терроризмге қарсы операция жүргiзу кезiнде келтiрiлген зиян үшiн немесе террористі жою туралы шешiм қабылдағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
6-тарау. Террористік іс-әрекетке қатысқаны үшін жауаптылық
20-бап. Адамдардың террористік iс-әрекетке қатысқаны үшiн жауаптылығы
1. Террористік iс-әрекетке қатысушы адамдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыстық жауапты болады.
2. Егер терроризм актісін дайындауға қатысқан адам мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертсе немесе терроризм актісін болғызбауға өзге де әдiспен жәрдемдессе және оның iс-қимылында өзге қылмыс құрамы болмаса, ол қылмыстық жауаптан босатылады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.10 № 175-IV Заңымен.
21-бап. Ұйымдардың террористік іс-әрекет үшін жауаптылығы
1. Заңда белгіленген тәртіппен сот шешімі бойынша ұйым террористік деп танылады және ол жойылуға (оның қызметі - тыйым салынуға) жатады.
2. Террористік деп танылған ұйымды жою кезінде оған тиесілі мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тіркелген шетелдік немесе халықаралық ұйымды (оның бөлімшесін, филиалын, өкілдігін) сот террористік деп таныған жағдайда, осы ұйымның (оның бөлімшесінің, филиалының, өкілдігінің) Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметіне тыйым салынады және ол (оның бөлімшесі, филиалы, өкілдігі) жойылады, ал Қазақстан Республикасы аумағындағы оған (оның бөлімшесіне, филиалына, өкілдігіне) тиесілі мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынады.
4. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот террористік деп таныған ұйымдардың, оның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдардың бірыңғай тізімін жүргізеді. Көрсетілген тізім Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ресми мерзімді басылымдарда жариялануға жатады.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
21-1-бап. Терроризм актісін жасауы салдарынан, сондай-ақ олар жасаған терроризм актісінің жолын кесу кезінде өлген адамдарды жерлеу тәртібі
Терроризм актісін жасауы салдарынан, сондай-ақ олар жасаған терроризм актісінің жолын кесу кезінде өлгендіктен, террористік іс-әрекетке қатысуына байланысты өздеріне қатысты қылмыстық қуғындау тоқтатылған адамдарды жерлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады. Аталған адамдардың мәйіттері жерлеуге берілмейді және олар жерленген орын туралы хабарланбайды.
Ескерту. 6-тарау 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-тарау. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының арнаулы мақсаттағы бөлімшелерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету
Ескерту. 7-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
22-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiкоргандарының арнаулы мақсаттағы бөлiмшелерiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын арнаулы мақсаттағы бөлiмшелерiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.04.08 № 266-IV Заңдарымен.
8-тарау. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті жүзеге асыру заңдылығын бақылау мен қадағалау
Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
23-бап. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің жүзеге асырылуын бақылау
Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің жүзеге асырылуын бақылауды терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
24-бап. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің заңдылығын жоғары дәрежеде қадағалау
Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдардың дәл және бірізді қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті
"Әділет" АҚЖ ресми жарияланым дереккөзі болып табылмайды.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |