Ә
Әдебиет сабақтары
ДЕБИЕТ САБАҚТАРЫНЫҢ МОДЕЛІ
Тіл дамыту
сабақтары
Әдебиет теориясы, тарихын меңгерту сабақтары
Көркем туындыны меңгерту сабақтары
-
Көркем шығарманы қабылдау сабақтары.
-
Көркем туындымен терең талдау жұмыстарын жүргізу сабақтары.
-
Көркемшығарма туралы жинақтау сабақтары.
-
Әдеби-теорияық ұғымдарды меңгерту сабақтары.
-
Әдебиеттану, сыни еңбектерді меңгерту сабақтары.
-
Ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармашылық қызметінмеңгерту сабақтары.
-
Тарихи-әдеби оқу материалдарымен жұмыс жасау сабақтары
-
Әдеби шығармалар бойынша шығармашылық жұмыстар сабақтары.
-
Әдеби шығармалар бойынша ауызекі сөйлеу тілін дамытусабақтары.
-
Шығарма, эссе жазуға үйрету сабақтары.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін» оқытудадәріс-сабақтың атқаратын қызметі аса тиімді болады.
Дәріс-сабақтың түрлері мен өзіндік ерекшеліктері бар.Мектепте оқылатын дәріс – өзінің қысқа уақытта толыққанды материал бере алатын мүмкіндігімен ерекшеленеді. Дәріс-сабақтарда ой желісі тұтастанып, көркем шығармалардың ортақ ерекшеліктері талданып, көркем бейнелер мен дәйекті дәлелдер, топтастырулар мен теориялық ұғымдар керекті деңгейде жүйеленіп беріледі.Дәріс-сабақты өткізудің өзіндік талаптары бар, оларды атап айтатын болсақ:
-
өтілетін оқу материалы күрделі және көлемі мол болған кезде қолданылады;
-
оқу материалы іріленген дидактикалық бірлік ретінде тұтастыра берілуі керек болғанда қолданылады;
-
белгілі бір курс пен тарау бойынша білім мазмұнын жинақтау және жүйелеу қажет болған кезде қолданылады;
-
белгілі бір күрделі тақырыпты бастарда қолданылады.
-
Мектепте қолданылатын дәріс-сабақтың түрлері бар:
-
шолу дәрісі-сабағы;
-
проблемалық дәріс-сабағы;
-
дәріс-пресс-конференция сабағы;
-
эвристикалық дәріс-сабағы;
-
ойын әдістері арқылы жүргізілетін дәріс-сабағы.
Шолу дәріс-сабағы түрінде өткзілетін«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы» тақырыбындағы дәріс-сабақтың әдістемелік сценарийі.
Сабақтың тақырыбы: «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы»
Мақсаттары:
-
прозадағы патриоттық, отаншылдық, сүйіспеншілік, нарықтық қарым-қатынастар, экология мәселелерінің терең тыныста талдануына назар аударту;
-
оқушыларға қазақ әдебиетіндегі жаңа жас буынмен таныстыру.
Сабақтың көрнекілігі: слайдтар мен бейне-фильмдер, музыка және иллюстрациялық көрнекіліктер алдын ала әзірленеді. Интерактивтік тақта арқылы оқушыларға көрсетілетін слайдтардың тақырыптары:
-
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуы – ғасыр жеңісі.
-
Елбасы Н.Назарбаев – қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған, қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкері етіп жырлаған ардақты перзенті.
-
Қазақ әдебиетінің жаңашылдық бастаулары.
-
Астана бейнесі қазақ әдебиетінде.
-
Қазақ халқының дүниежүзілік жаңа байланыстарға енуі және қазақ әдебиеті.
-
Тарихтың таразысы жаңа шындықтың болмысын танытуда.
-
Желтоқсан – жаңғырық емес, желтоқсан – қазақтың азаттық ұран үні.
-
Тәуелсіз қазақ әдебиетінің даму жолы – даңғыл.
Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: дәріс, әңгімелеу (баяндау мен талдау амалдарын араластыра отырып).
Сабақтың эпиграфы: «Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек»Нұрсұлтан Назарбаев.
Сабақтың барысы:
-
Ұйымдастыру сәті.
-
Мұғалімнің сөзі:
Дәріс-сабақ мәтіні
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
Қазақстан Республикасы дербес ел атанып, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған сәттен халқымыздың ұлттық сана-сезімі, отаншылдық рухы дүр сілкінді. Халқымыздың өзін-өзі тануы жаңаша көзқарастармен толығып, байи түсті. Қазіргі қазақ прозасында халық тарихының аса бір елеулі кезеңдері, дара тұлғалары уақыт шындығының мол деректерін негізге алып жазылды.Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлық езгіге, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге, тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін ұлттық бірегей қасиеттерін сақтап, тілін, ділін бұзбағаны халқымыздың тарихи, әдеби шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуі аса зәру мәселе екендігі айқын сезіліп келді. Осы мәселеге қатысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез басқыны біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды». ( «Ғасырлар тоғысы» 1996 ж. 1, 268-269 бб).
Қазақ халқының басынан өткен тарихи шындығы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдарында жазыла бастады. Тарихи оқиғалар, ондағы жекелеген тұлғаларды, тұтастай алғанда, халық тағдырын қарама-қайшылықты сипатымен қамту жүзеге асырылды. Аталмыш тақырыптар әдебиеттану ғылымында өзектілігімен ерекшеленеді. Роман жанрындағы күрделі шығармалардың халық тағдырын, тарихи кезеңдер шындығын бейнелеуінен уақыт тынысы, жеке адамдардың, отбасылардың, әлеуметтік ортаның даралықтары мен өзара байланыстары да айқындалады. Қазіргі қазақ романдары-қазақ сөз өнері мұраларының бұрынғы және кейінгі көркемдік дәстүрінің жалғасы. Романдарда ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттері қамтылуы, күрделі тағдырлы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әдеби үдерісті талдаудың жаңашыл әдіснамалық әдіс-тәсілдермен қарастыру-үнемі дамудағы ұлттық сөз өнері мұраларын терең тануға, бағалауға жетелейді.
XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта отырып, жалғастырды. Қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінің XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең түрде қамтылмаған ақтаңдақ беттерін толық қамтып жазу үрдісі кеңінен өрістеді. Сонымен қатар, көркем шығарманың мазмұны мен пішінінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан арылған хал-ахуал қалыптаса бастады. Тәуелсіз мемлекет тұғырымен әлемге танымал болып жаңа даму жолымен келе жатқан Қазақстанның көркем әдебиеті де өркениет кеңістігіндегі өзіндік орнымен бағалануы тиіс. Сондықтан XXI ғасырдың алғашқы онжылдығында жазылған романдарды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралап қарастыруымыз керек. Осы мақсатта төмендегідей міндеттерді орындау көзделеді:
-
Романдардағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі;
-
Тарихилықтың көркемдік шындыққа негіз болуының ерекшеліктері;
-
Реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы;
-
Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі;
-
Әдеби бейнелердің прототиптік негізділігінің мәні;
-
Кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері;
-
Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы;
-
Романдардың идеялық-композициялық желісіндегі ұлттық-этнографиялық сипат болмысы.
Қазіргі қазақ романдарының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы.Алтынсарин, т.б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы дау тудырмайды. Қазақ прозасындағы роман жанрының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы соны байыптаулар жатады. Деректі романдардың қалыптасу, даму сабақтастығы теориялық-әдіснамалық сабақтастығымен жүйеленді. Қазіргі деректі романдардағы Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» роман-толғау, Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» роман-диалог, М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, эпикалық баяндау, диалог, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттерді егіздеу, т.б. ерекшеліктері бойынша сараланады. Қазіргі жаңа романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындық сабақтасуындағы көркемдік жалғастық ықпалы айқындалды. Жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы Кенесары ханның көркем бейнесі сомдалуының тарихилығы көркем шындықпен бейнелену сипаты анықталды. Роман-хамсадағы хакім Абай мен оның шәкірттерінің (Ақылбай, Әбдірахман, Шәкәрім, Көкбай, Мағауия), Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың көркем бейнелері сомдалуындағы көркемдік ерекшеліктер (авторлық баяндау, диалог, мінездеу, портрет, т.б.) жүйеленді. Қазіргі қазақ романдарындағы Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз», С.Жұбатырұлының «Абыржы», Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны»-табиғат-адам-қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазу ерекшеліктері ғылыми байыпталды. Экологиялық зардаптарды идеялық желі еткен романдардағы қазіргі заман адамдары жан әлеміндегі отаншылды-азаматтық, пенделік-ұсақтық, қайраткерлік пен тоғышарлық т.б. қарама-қайшылықты мінез-құлық психологиясының әр алуандығы, шындығы бейнеленуі сипаты да сыншыл реалистік болмысымен дәйектелген. Қазіргі қазақ романдарындағы І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Д.Досжановтың «Алаң», С.Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы», С.Елубайдың «Ақ боз үй», Ғ.Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» деректерден туындайтын қиял қосындыларының әсерлілігі, нанымдылығы айқын берілген. Аталмыш романдарда табиғат аясындағы адам тіршілігінің шынайылығын ашу, ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді уақыт шындығымен сәйкестендіру, т.б. көркемдік шешім эстетикасы ерекшеліктері күрделі сипатымен саралана талданған. Аталған романдар қазақ тарихының кезеңдерін қамтыған алдыңғы толқын суреткерлер ізімен кесек туындылар жазған кейінгі толқын қаламгерлер шоғыры қазақ оқырмандарының ұлттық-тарихи санасын оятуға, жаңаша қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Қазіргі қазақ романы-әлем әдебиетінің классикалық үрдіс деңгейінде дамып келе жатқан жанр. Дәстүрлік және көркемдік негіздері-қазақтың фольклоры мен әдебиеті мұралары.
XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары да хакім Абай қалыптастырған, одан кейінгі толқын қаламгерлер жалғастыра дамытқан эпикалық шығармашылық дәстүрдің көркемдік жалғастығын танытады. Өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі, тарихилықтың көркем шығармаларға негіз болуы, реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы жаңа романдардың басты ерекшеліктері. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі, әдеби бейнелердің прототипті негізділігінің мәні, кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері де қазіргі романдар поэтикасының күрделі болмысын құрайды. Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» (2003 ж.) роман-диалогында желтоқсан көтерілісінен кейін «ұлтшыл», «жершіл» т.б. жалалар жабылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылған, бірақ қуғын-сүргінге ұшыраса да әділетсіздіктен ықпаған, рухын жоғалтпаған қазақ зиялысының тағдыры арқылы тоталитарлық жүйенің шаруашылық салаларында жүрген қазақ азаматтарына да тигізген зардаптарын көреміз. Романдағы автор мен кейіпкер диалогтары шығарманың поэтикалық мазмұны мен пішін тұтастығымен өрілген. Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жарық көріп жатқан көрнекті көркем туындылары-ұлттық санамыздағы көркем ойлаудың көрсеткіштері. Әдеби шығармалар мыңжылдықтар белесінде қалыптасқан қазақ өркениетін танытатын тарихи-мәдени құндылықтардың барлығын да шынайы болмысымен толық қамту аясында жазылып жатқандығын байқаймыз. Мысалы, қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Құнанбай қажы Өскенбайұлының (1804-1885) әдеби тұлғасының Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсасында жаңаша көркемдік шешіммен сомдалғанын көреміз. Қазіргі қазақ прозасындағы табиғат-адам-қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазған романдар қатарында жазушы С.Жұбатырұлының «Абыржы» романын айтамыз. Романның тақырыбы –Арал теңізі тартылуынан туындаған экологиялық –әлеуметтік дағдарыс, идеясы-табиғат құбылыстары мен тіршілік иелеріне қалыптасқан жүйенің бұзылуынан туындаған апат қаупі зардаптарын сездіру. Роман-XX ғасырдың 90 жылдарындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік жағдайын реалистікпен бейнелеген көрнекті туынды. Жазушы Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романының идеялық-композициялық желісінде XX ғасырдың соңғы онжылдықтары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ тұрмысының реалистік сипаты қамтылған. Он төрт тараудан тұратын романның композициясында бірнеше идеялық желілер саралана алынған. Арал теңізінің экологиялық апатты жағдайы, Барсакелмес аралындағы ауыр хал-ахуал, Баймырза, Салтанат оның баласы Ғафизге байланысты оқиғалар, іс сапарға барғанда көңіл қосқан келіншегі Ұмытхан мен содан туған баласы Қабыл-Қабылан тағдырлары шынайы суреттелген. С.Досановтың «Қылбұрау» романында Қазақ елінің бірнеше ғасыр бойы Ресейдің отары болған кезеңдерінің зардаптары тақырып нысанына алынған, идеясы-ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік іс-әрекеттері өрістеткен қайраткерлер тұлғаларын даралау. Романда қазақ халқының ұлттық-тәуелсіздік алуы жолындағы күрескерлер, Алаш көсемдері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Н.Бабахановтың тарихи тұлғалары әдеби-көркем бейне деңгейінде алынған. Жазушының көркемдік шешімі кейіпкерлерінің азаматтық-күрескерлік көзқарастарын таныта алған. С.Досановтың «Ұйық» (2005 ж.) атты романының құрылымдық арқауына Қазақ елінің XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалары алынған. Романның тақырыбы-XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік тұрмысы, идеясы-қазақ халқына материалдық және рухани зардаптарын тигізген апатты оқиғалардың (Қазан төңкерісі, аштықғ 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін) сипатын таныту. «Ұйық» романының идеялық бағдары да XX ғасыр басындағы қазақтың Ұлттық рух оянысын, уақыт шындығын қыран тұлғалас қайраткерлердің сілкінген іс-әрекеттері арқылы аңғарту болып табылады. С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясының үшінші кітабы «Жалған дүние» романының тақырыбы да XX ғасырдағы Кеңес заманының зардаптары, шындығы (ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, т.б.), идеясы- жаратылыс қозғалысындағы өмір мен өлім жалғастығының мәңгілігі. Романда XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы Қазақстандағы қоғамдық құрылыс кезеңі қамтылған. Кейіпкерлердің өткен өмір белестерін еске алуы, толғаныстары арқылы XX ғасырдың 30-50 жылдарындағы оқиғалары эпикалық баяндау кеңістігінде танылады. Нақтылап айтқанда, кейіпкерлердің психологиялық толғаныстары арқылы 20 жылдардағы қазақ шаруалары мал-мүліктерінің тәркіленуінің, жер аударылуының, 30 жылдардағы ашаршылықтың, жаппай қуғын-сүргіннің қазақтың халықтық-ұлттық даму бағдарын бұзған апатты қасіретін кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі еске алу толғаныстарымен бейнелеген. Он бес тараудан тұратын романның идеялық-композициялық тұтастығы желісіндегі басты кейіпкерлердің бірі-Едіге. Оның көкемдік жинақтаумен бейнеленуі осы романдағы жазушылық-қаламгерлік тағдырының шиеленісті сәті түрінде берілген. Ғ.Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романының композициясы поэтикалық бейнелеудің нақты көрсеткішіндей болып табылады. Романның тақырыптық-идеялық, сюжеттік –композициялық желісіне алынған өзекті мәселе-XX ғасырдың 90 жылдарынан басталған Қазақстанның тұрмыстық-әлеуметтік қоғамдық тіршілігі. Романның және оның бөлімдері тақырыптарының да «Көкжал» атауымен берілуінде символдық-мегзеулік мағына негіз етіліп алынған секілді. Адамгершілік пен имандылық, адалдық пен арамдық, мәрттік пен ездік, мейірімділік пен қатыгездік, жомарттық пен сараңдық және т.б. бір-біріне мүлде қарама-қайшы қасиеттер қақтығысқан жаңа кезеңдегі адам тағдыры романның идеялық-поэтикалық сипатын құрайды.
С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясында қазақтың ұлттық-этнографиялық діл болмысының ата-бабалық дәстүрлі мәдениет ерекшеліктері мол қамтылған. Роман-трилогияның басталуынан аяқталуына дейінгі идеялық-композициялық желіде қазақтың көшпелі тұрмысындағы өмірлік шындық көріністері табиғи шынайылығымен берілген. Алғашқы кітабының «Ақ боз үй» аталуы да трилогияның ортақ атауы болған. Романның басталуындағы пейзаждық суреттеу мен этнографиялық бейнелеу тұтастығы эпикалық күрделі шығарма композициясының идеялық, поэтикалық мегзеулі мағыналық бағдарын да айқындайтындай әсер береді. XX ғасырдың алғашқы ширегінің аяғына таман қазақ халқын осындай үдере көшу, ауу, босу дүрбелеңдеріне ұшыратқан Ресейдегі Ақпан, Қазан төңкерістерінің, ақ пен қызыл болып майдандасқан азамат соғысының, мал-мүлкін тәркілеудің зобалаңдарынан әбден қажыған, сүргінге ұшыраған қазақ халқының сергелдең жағдайы осындай үздіксіз жосыған көш керуендердің қозғалыстары жағдайында бейнеленген. Жазушы Смағұл Елубайдың «Мінәжат» (1993) атты романы да әңгімесін халық басына түскен нәубет төңірегінде ұйытады. «Ертеңі не болады...білмейді»; «Мінәжат» романының соңғы сөйлемі. Романның Шеге есімді бұрынғы коммунистің кеңеске сенімі жоғалғандықтан солай ойлайды. Кеңеске дүдамалы роман финалында айтылғандықтан ішкі монологының аяқтамасы көркемдік жинақтау күшіне ие болған. Астарына халқының болашағына байланысты қамкөңіл ой бүккен. «Мінәжат»-Смағұл Елубайдың 2005 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ақ боз үй» трилогиясының ортаңғы кітабы. «Ақ боз үйдің» бірінші кітабы 1985 жылы жазылған. Мұнда негізінен байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, асыра сілтеудің салдарынан ақ сүйек жұтқа ұрынған кезеңдер суреттелген. Ауыл ортасында айдыны ерекше көзге түсетін ақ боз үйдің иесі, жоғарыда аталған оң пейіл байлар типтес Пахраддин мен бәйбішесі Сырға жапан түз Құмшағылда бір үзім нан мен бір тамшы суға зарығып жан тапсырады. Ал, трилогияның 2000 жылы аяқталған «Жалған дүние» атты үшінші кітабы XX ғасырдың 60-70 жылдарындағы азды-көпті тоқ, тыныштық кезеңді суреттесе де, ел шырғалаңы таусылмағанын паш етеді. «Мінәжат» тақырыбы негізінен 37-нің лаңына арналған. Аштықтан құрып біте жаздаған ел тағы бір жұтқа ұшырайды. Жоғарыдан діңкелеткен жоспар бойынша шағын ауылдың соқталдай-соқталдай жиырма жігіті және төрінен көрі жақын бір кемпірі «халық жауы» тізіміне ілігіп ұсталады. «Ақ боз үй» трилогиясы соңғы жылдардың құнды шығармаларының қатарында аталып жүр. Құндылығы –есте қаларлықтай характерлер туғызуында. Әр характер ел басына түскен ауыртпалықпен айқас үстінде ашылады. Романның шебер өрнектелген тұлғаларынан мойны озығы-Хансұлу образы. Ақ боз үйде сыланып бой жеткен байдың мінезді қызы. Ең әуелі айттырылған жігіті Қозбағарды менсінбей сүйгеніне шығуымен елең еткізетін ол, дос түгіл, дұшпанға тілемейтін сұрапыл қиындықтарға тап болады. Әке-шешеден айырылады. Күйеуі әлсін әлі жазықсыз қамалғанда жалғыздықтың қайғы-қасіретті күндері мен түндеріне, НКВД-ның не бір итсілікпесіне шыдас беріп, айдаудағы күйеуі Шеге мен екеуінің балалары Тілеухан мен Үмітті өсіріп адам қылады. Талай әйелдің етегін ашқан сарыауыз, ауыл белсендісі Ждақайдың өзі көңілі қаншама кетсе де, рухы болаттай, мойымас характер Хансұлудың маңайына жолай алмайды. Бұл әйелдің таңдағаны тегін жігіт емес-ті. Сол жары атына лайық мықшеге мінез көрсетіп, жендеттердің тақымына қылбұрау салғандай қинағанына төтеп беріп, су түбіне жіберетін жалалы қағазға қол қоймайды. Өлім жазасына кесілуден аман қалады. Жеті жыл сталиндік лагерьде жазалы жылдарын өтеп, Хансұлуымен, балаларымен қайта қауышады. Романда әсіресе, Дәу-апа бейнесі ерекше көзге түседі. Бұл әдебиетімізде бұрын көрінбеген, мейлінше реалды, жанды характер. Дәу-апа атақты мерген, кеңеске бас имей қашқын атанып ақыры оққа ұшқан Бұлыштың шешесі. НКВД-ның қара төбеті, қаныпезер чекист Құлберген Дәу-апаны абақтыға жабады. Дәу-апа характері осы кезде жарқ етіп, эпизодтық бейне болса да, эпостық әдебиеттің монументальды формасы –эпопеяға татырлық қаһарман тұлғаға айналады. Біз білетін арғы-бергі геройлардан айырмашылығы –дұшпанын найзаның емес, тілдің ұшымен жайратып салатын батыр-ана. Қазақ даласының ерке серкесі, кеудесін ақ патшаға да, кеңеске де бастыртпаған өжет-қайсар Мәдидің өзі:
Ішіне абақтының кіріп барсаң, Көңілің су сепкендей болады екен, - деп қалмай ма. Ал, Дәу-апаң қараңғы үйге қамалдым деп жасып аласармайды, қайта биіктей береді... «Қайда әлгі Сұржекей дегендерің?! Шақыр бермен көзіме көрінсін... Енді Блыштың өзінен ала алмаған өшін, шешесінен алмақ екен ғой, құдайдан безген жендет. Шақыр бермен ЕНКВ бомақ тұрмақ, анау мұртты құдайы –Сталиннің кіндігінен салбырап түссе де... Сол мұртты көсеміңе алып баршы мені, көрейін, қайдан шыққан құдай екенін! Ит терісін басына қаптап берейін, анасынан арам сүт емген, ондай харам жендетті...» Түрменің берген тамағынан Дәу-апа бас тартады. «Әкет әрі, сендердей харамдардың қолынан нәр татпағанмын! Әкет!!!». Кейуананың кеуде бермес сөздері оқырман көңілін алуан әсерге бөлейді. Тұмар, Ақ Баян, Қыз Жібектердің сіңлісі, жерлесі Әлиядай батыр қыздың әпкесі осындай болса керек дегізеді. Дәу-апа аштық жариялайды. Ашығуды оңай жаза деп ешкім айта алмас. Ал, Дәу-апа өз еркімен ашығады! «Дәу-апа сол нәр татпаған күйі, теріс қарап алты күн жатып жан тапсырады».Романның тағы бір табысы-Сұржекей, Ждақай образы... Сұржекей- барып тұрған сталинист. Ауданның қанша адамының қаны мойнына кеткенін санап түгесу қиын. Талай байлардың шаңырағын ортасына түсірген ежовшыл Сұржекей «халық жауларын» топырлатып ұстайды. Сол Сұржекей (Жекен Қалиевич) ауыл белсендісі Ждақайдың қасында адам көрінеді. Сұржекейдің: «Ендігі жерде алғашқы қарқындағыдай топырлатып ұстамай іріктеп-іріктеп ұстамаса көп ұзамай бұл ауданда еңбекке жарар жан қалмауы ықтимао...» -деп алды-артына қарайтыны бар. Халық жауының әйелі деп, тегі кулак Хансұлуды «Алжирге» ысыра салуға болар еді...Бірақ Сұржекейдің еркектік намысы ұстайды. «Сұржекей қатындарды ұстауға кірісіпті» деген сөздің астында қалғысы келмеді». Ежовшы болғаны үшін сотталып, атылуға апара жатқан жолда қарауылды алдарқатып қасындағы Қозбағарды ажал аузынан алып қалады. Қозбағар қашып құтылады. Ал, ферма меңгерушісі Ждақай мен ауылсовет Жорға Күреңде кісіліктің жұрнағы қалмаған. Шеге деген құйыршықтың шешесі, әйелі Хансұлу екеуі Совет өкіметін күнде қарғайды деп сөз жүгіртуден қымсынбайды. Ждақайдың істемейтін қиянаты жоқ. Патшаның қысымымен осы елге жер ауған, енді аупартком болған Апанастың өзін түрік агенті деп қағаз түсіріп ұстатады. Шегедей бірге өскен құрбысын қайта-қайта түрмеге отыртқызады, бала күннен бірге өскен Рысбекті пышақтап өлтіреді. Не жексұрындылықтың бәрін бойына жинақтаған, жұрттың ақырғы малын, сақтаған бірер қапшық астығына дейін сыпырып, «жаңа ауылдағы 48 ошақтың 22-нің отын өшірген» НКВД –дан салпаңқұлақтығы үшін жалақы алып тұратын Ждақай оның бер жағында Құдайдың кәріне де ілікпейтін сужұқпас. Майданға алынғанда да ол сұмырайға неміс оғы дарымайды деген Хансұлудың айтқаны келеді. Құдайсыз қарабет соғыстан қайтқан соң мүләйімсіп діндар бола қалады. Елдің табалауынан қашып Жетісуға қоныс аударған, сол аймақта ері Шегені қара жерге тапсырған қаралы Хансұлуға Ждақай беті шімірікпей кешірім сұрауға әдейі іздеп келеді. Кешірім орнына бір құдайдың жазғанын көрерсің деген жауап алады. Бұл жерде жазушы жеңілмейтін жебір Ждақай образы арқылы жауыздық түптің түбінде жазасын табады дейтін дидактизмге, ұстаздық рухтағы әдеби шығармаларға көлденең келетіндей. Жағымды геройдың бәрі, Шеге мен Хансұлудың Түгелхан мен Үміттей балалары да жапа шегеді. Түгелхан ішімдікке салынады. Үміттің маскүнем күйеуі асылып өледі. Әкесі Бұлыш қаза тапқанда 8 жасар Едіге Қарақалпақ еліне қашып барып, сонда жасырынып мал бағып жүрген Қозбағардың көмегімен оқып адам болады. Жазушы атанады. Бірақ елулерге келгенде ол да көз жұмады. Ашаршылық шындығын жазған шығармасы жарыққа шықпай құсадан өледі. Бала кезінде Ждақай сабағанда жыламай, тістеніп дыбыс шығармаған, соншалық азаптан аман шығып, қаламгерлік өреге көтерілген, партияға өтуден саналы түрде қашқақтаған Едігенің бір шығармасының өтпеуіне бола сынып кетуі оның Дәу-ападай әженің, Бұлыштай әкенің ұрпағы екеніне қайшы келе ме қалай? Едігенің өзінің характеріндегі қайсарлық дән бала кезінен-ақ өне бастағаны байқалмап па еді. «Ақ боз үй» трилогиясы Кеңес тұсында қазақ аспанынан қара бұлт бір де айығып көрмеген деген қорытындыға келтіреді.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ романдарының ұлттық-этнографиялық сипаты сөз өнері туындыларындағы поэтикалық ерекшеліктердің танымдық тағылымын тереңдете түсуде. Ұрпақтарды қазақы ұлттық рух қуатымен тәрбиелеуде мұндай көркем туындылардың маңызы мәңгілікке жалғасады.
XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің әлем өркениетіндегі классикалық үрдістер көрсеткіштерімен деңгейлес сипатымен бағалана алады. Қазақ әдебиеті шығармаларының ұлттық негізділігін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне жетуі жаңа әлемдегі Қазақстан мәдениетінің мәңгілік тұғырын нығайта түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |