Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы


Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары



бет7/7
Дата29.02.2016
өлшемі462 Kb.
#30329
1   2   3   4   5   6   7

Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысандарына қарамастан ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.


      2. Ересектерге арналған қосымша білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар, қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалар (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) жүзеге асырады.
      3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі), «Білім туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру қызметін регламенттейтін өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Үлгілік қағидаларға және оның негізінде әзірленген білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:
      1) жұмысшылар, қызметкерлер, мамандар біліктілігін технологиялар мен өндірісте болып жатқан өзгерістерге байланысты оларға қойылатын талаптарды тұрақты арттыруды ескере отырып арттыру;
      2) бұрын алынған кәсіптік білімдер, біліктілік пен дағдыларды тереңдету және жетілдіру;
      3) еңбек нарығы құрылымының өзгеруіне байланысты қосымша біліктілікті алу арқылы кәсіптік мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады.

2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібi

      5. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Үлгілік қағидаларда және білім беру ұйымы жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, кадрларды іріктеу және орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржы-шаруашылық қызметте дербес.


      6. Білім беру ұйымының оқу және тәрбие процесінің негізі ұйым жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстарын жоспарлау және есепке алу болып табылады.
      7. Білім беру ұйымдарының оқу процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесінің оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтізбелік кестелерін ұйымдар бекітеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар оқыту кезінде олардың дара қажеттіліктерін ескере отырып жағдайлар жасалады.
      8. Ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттырудан өткен білім алушылардың білім деңгейін қорытынды бағалауды құрамын білім беру ұйымдарының басшылары бекітетін емтихан комиссиялары жүргізеді.
      9. Білім алушы оқу жоспарының талаптарын орындамаған және білім беру ұйымының жарғысын бұзған жағдайда ол білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен білім алушылар құрамынан шығарылады.
      10. Кадрлардың біліктілігін арттыру кәсіпорындармен (бірлестіктермен), ұйымдармен, жұмыспен қамту органдарымен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      11. Ересектерге арналған қосымша білімді алған тұлғаларға белгіленген үлгідегі біліктілікті беру туралы куәлік (сертификат) беріледі.
      12. Мамандардың біліктілікті арттырудан өту кезеңділігін «Білім туралы» Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші белгілейді.
      13. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын тұлғалар жатады.
      14. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      15. Ересектерге арналған қосымша білім беру жұмыс берушілер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражаттар есебінен оқу шартына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ересектерге арналған қосымша білім беру нысандарын, мазмұнын, көлемін тиісті мамандық бойынша қолданыстағы қосымша білім беру бағдарламаларының негізінде жұмыс беруші айқындайды.
      Оқуға қабылдау ұйым басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
      Білім алушыға оқу кезінде оның аталған ұйымда оқуда болу мерзімін куәландыратын анықтама беріледі.
      16. Шетел мемлекеттері азаматтарының ересектерге арналған қосымша білім алу тәртібі халықаралық келісімдермен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.
      17. Ересектерге арналған қосымша білім беру бюджет қаражаты есебінен де, ақылы негізде де жүзеге асырылуы мүмкін.
      Ақылы негіздегі оқу құнын білім беру ұйымы айқындайды.
      18. Білім беру ұйымдарының білім алушылары:
      1) білім беру бағдарламаларының мазмұнын айқындауға қатысады;
      2) қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті нормативтік және нұсқаулық құжаттарды, оқу және оқу-әдістемелік материалдарды, сондай-ақ кітапханалық және ақпараттық қорды, басқа да бөлімшелер қызметтерін пайдаланады;
      3) конференцияларға және ғылыми семинарларға қатысады, білім беру ұйымдарының басылымдарында өз рефераттарын, еңбектерін және басқа да материалдарын жариялайды.
      19. Біліктілікті арттырудан өтіп жатқан қызметкерлер Еңбек кодексінде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген кепілдіктерді пайдаланады.
      20. Жұмыс беруші Еңбек кодексінде, келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген жұмысты оқумен қоса атқару үшін біліктілікті арттырудан өтіп жатқан қызметкерлерге жағдайлар жасайды.
      21. Білім беру ұйымының қызмет етуі және дамуы үшін біліктілікті арттырудың қажеттілігін және көлемін жұмыс беруші айқындайды.
      22. Еңбек шарты қызметкердің немесе қызметкердің кінәсі салдарынан жұмыс берушінің бастамасы бойынша оқуға арналған шартты белгіленген мерзімге дейін бұзылған жағдайда, қызметкер өзін оқытуға байланысты шығындарды жұмысын өтеудің жұмыс істелмеген мерзіміне барабар мөлшерде жұмыс берушіге өтейді. Жұмыс берушінің келісімінде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында оқытуға байланысты жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері көзделуі мүмкін.
      23. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және одан босатылады.
      24. Білім беру ұйымының басшысы:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) білім беру ұйымы білім алушыларының және қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
      25. Білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
қосымша        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 желтоқсандағы № 1839 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 53, 523-құжат).


      2. «Мектептен тыс ұйымдар қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 23, 29 бет).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысына толықтыру мен өзгерiс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қарашадағы № 1208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 45, 571-құжат).
      4. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1353 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 50, 647-құжат).
      5. «Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 59 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 3, 31-құжат).
      6. «Қосымша кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 94 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 5, 47-құжат).
      7. «Арнаулы білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 100 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 6, 50-құжат).
      8. «Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 113 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж. № 6, 61-құжат).
      9. «Кәсіптік бастауыш білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 ақпандағы № 174 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 9, 95-құжат).
      10. «Жоғары кәсiптік білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 195 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 110-құжат).
      11. «Кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 наурыздағы № 208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 115-құжат).
      12. «Жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметінiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 наурыздағы № 224 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 124-құжат).
      13. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 934 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 36, 400-құжат).
      14. «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 69 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 32-құжат);
      15. «Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің республикалық оқу орындарының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1109 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 974-құжат).

"Әділет" АҚЖ ресми жарияланым дереккөзі болып табылмайды.


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет