Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу, даму жолдарын түсіндіріңіз. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзінің тарихи даму жолдары бар. Қазақ халқының тарихында баланы ана тілінде оқыту және оқыту әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннен басталды десек, бүгінгі деңгейге жету жолында басқа да бірқатар ғалымдар бұған елеулі үлес қосты. Қазақ балаларына ана тілін оқытудың жолын, принциптерін, қағидасын, маңызын, жолдарын көрсеткен ұстаз еңбегін қысқаша баяндауды мақұл көрдікА. Байтұрсынов - – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына да көп күш жұмсады. А. Байтұрсынов 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін осы күнгі суреттермен берілген Әліппе кітабын жазды. Ал бұл «Әліпбидің» 1928 жылы Қызылордада шыққан 3-басылымы қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткішінде төмендегіше бағаланды: «Жаңа құрал қазақ тұрмысына үйлесімді суреттері бар. Емлесі жаңа. Қазақстан білім ордасы мектептерде қолдануға ұйғарған... Ахметтің 7 рет басылған бұрынғы «Әліпбиі» («Оқу құралы») қазақ жұртына орасан көп пайда келтірген еді... Бірақ соңғы кездерде жаңа тәртіптер шыға бастағаннан кейін ол «Әліпби» әдіс жөнінен де, мазмұн жағынан да ескірген. Мынау жаңа «Әліпбиі» бұрынғысынан қай ретте болса да аса артық. Бұл «Әліпбидің» мазмұны қазақ жағдайына қарай, мемлекет білім кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шыққан. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық «Әліпби» көңілдегідей болып шыққан»1912 жылы мектеп балаларына қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл құралы» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Осы кітаптың морфологияға арналған 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығып, 1928 жылға дейін әлденеше рет қайта басылып пайдаланылып келді.«Тіл құралы» - қазақ мәдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін оқулықтың кіріспесінде автор арнайы атап өтеді. Ол осы оқулықты қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынады. Күні бүгінге дейін қолданып жүрген «зат есім, сан есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш» деген т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А. Байтұрсыновтікі Оқулықтың тағы бір құндылығы қазақ тілінің грамматикалық басты салалары -– фонетика -– дыбыс туралы ғылым, морфология –- сөз құрамын зерттеу, ал синтаксис сөйлем құрылысын зерттеу т. б. деп саралап тұңғыш тыңнан ғылыми жол салуында болып отыр. Ғалымның тіл үйретудегі сіңірген еңбегі мұнымен шектелмейді. Ол қолданбалы грамматиканы да жазған болатын. Бұл жұмысын «Тіл жұмсар» деген атпен екі бөлімді кітап етіп, 1928 жылы Қызылордада шығарған еді.А. Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістмесінің іргетасын қалаушы. Ол - Қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салды. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен методикалық кітапша шығарды. Мұнда автор мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді.Сөйтіп ғұлама ғалым өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойып, бұларды біртіндеп шешуге кірісті. Ол алдымен қазақша сауат аштыруды көздеп «Оқу құралды» жазды, онан соң қазақ тілінің ғылыми грамматикасы «Тіл құралын» ұсынды, тілді дұрыс жұмсай білу тәртібін көздеп «Тіл жұмсарын», төртінші -– сауат аштыру, тілді оқытудың әдістемесін жасауды алып, «Баяншыны» жазды. А. Байтұрсынов - қазақ тілінен оқулық, бағдарлама жазып қазақ тілін оқыту әдістемесінің дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым болды. А.Байтұрсынов - қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы.
Достарыңызбен бөлісу: |