Төкеев Бертай Есмаханұлы Қайырымдылық пен қатігездік



бет2/3
Дата01.07.2016
өлшемі197.5 Kb.
#171353
1   2   3

- Шіркін, жастардың жұбайлық өмірдегі жарасымы, бір-бірін алғашқы кездегідей түсінісуі, бір-біріне иіліп, наздана қиылып тұруы, сезіммен сүйіп, жанымен күйіп, өліп-өшіп, бір-бірінсіз тұра алмас күйі мәңгілік болсайшы...

Күндері күлімдеп,айлары айналып, жылдары жылжып жыландай сырғығанда, әттең кейде жарасым жабығып, түсіністік түсінбестікке айналып, иілу тыйылуға келіп, сезім сергелдеңге, күю күдікке ұрындырып жататыны өте өкінішті.

Адамзат баласы пәк сезімін қалай мәңгілік сақтай алады? Жылт еткен жылтыраққа, сырт еткен сылдыраққа әуестеніп,алтыннан қашып,қорғасынға тап боларын, сулы, нулы жайлаудан қашып, миы айналып,көзі байланып, өзім білерменге басып, шөл далада гүлдей соларын, түбі жалғыздықта жабығарын, бәрінен кеш қалып қамығарын, жүрек түкпіріндегі қамқоршы, аяулы жанын сағынарын,бойда күш, жүректе жалын, бетінде әр бар кезде білер ме, түсінер ме?

Адам жанына ең керегі- жылы сөз, мейірімділік, оң көзқарас, жанына демеу болар жанның бар екенін сезіну. Қайтпас-қайсар қасқыр мінезді, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батыр да қамқорлыққа зәру, қорғаны болар жанға құштар.

Адамның басқа жақтарда, танымайтын, білмейтін елдерде «әулие, ұлы» саналып, өз елінде, өз жерінде, ауылында көптің бірі болып, ескерілмей қалатыны тағы бар.

Басқа жақ түсініп, аялап, ардақтап жатқанмен өз ағайыны көре алмаушылық ауруымен ауырып, өз отбасында түсінбейтіні қалай???

* * *

Бекзат әкелген машинамен Марат аула жанындағы құмда алаңсыз ойынға кірісті. Әлсін-әлсін арасында сағыныса табысқан жұптарға көз тастап қояды. Екі жас бір-бірінен көзін алар емес. Орындыққа жайғасқан олар құшақтары жазылмай, ентіктері басылмай, бір-біріне тілекші, бір-біріне ынтызар да құштар. Шындығында Балзия балдай тәтті, айдай ару, күндей көркем еді. Айдында тербелген аққудай ай мүсін –елік елжіретіп, емірентіп, ессіз күйге елітіп бара жатты. Қою қара шашы толқындай, жазық ақ маңдайы жарқырап, қастары қиылып, тұңғиық сезімге толы қара көздері мөлдір тамшыдай мөлдіреп, алма беті алаулап, ай дидарына қыр мұрыны үйлесіп, бетіндегі күлген кезде пайда болар екі жақтағы белгідей көрінген шуақ ажар беріп, шиедей еріндері ентіктіріп, ақ тамағы табынтып, тартып, наздана шыққан сазды сөзі әуенімен әуеде әуелетті.



Жұмыстан шыға артынып, тартынып дүкеннен керек заттың бәрін асыға ала келген Айзат ана сіңлісі мен күйеу баласын дұрыстап күтіп аттандырайын деп ас мәзіріне кірісті.

Жастық шаққа, албырт көңілге, жалын жасқа не дерсің? Бекзат пен Балзияның көздері мөлдірей әпкелеріне бірнәрсені айта алмай қысылып тұрғаны анық еді. Үнсіздікті Бекзат бұзып, кінәлі жандай күмілжіп, кібіртіктеп:



  • Әпке, достарыммен бірге кеш ұйымдастыруға рұхсат беріңізші. Тым болмаса таң атқанша достарыммен, қайран бойдақшылықпен қоштасып қалайын. Таңертең ерте жолға шығармыз.

Айзат ана басын шайқай кеңпейілділігіне салып күліп жіберді.

  • Жарайды, жасасаңдар кешті жасаңдар. Енді достарыңмен күнде бастарың қосыла бермес.

Жастар жайнап сала берді. Қалай естігені белгісіз үйге достар лық толып, өздерімен бірге ала келген «Романтик» атты магнитафоннан әуендер төгіліп, торттармен дастархан жайнап, гүлдермен бөлме ерекше нұрланып, жастармен жарқырап кетті. Үздіге, үзіле сөйлеген жастар, қызыға, қызғана қараған қара көздер мөлдірей мөлтілдеп, дастарханның тілегі мен сәніне, әсем әніне ұласқан. Сол бір кезде әрбір тілек айтушы жан міндетті түрде өз өнерін көрсетуші еді.Жағалай отыра қалып, әртүрлі ойындар ойнап, таңның атқанын да білмей қалатын.Кешке келген әрбір қонақ қызға құрмет көрсетіліп, сақырлаған сүр бойдақтар қаланың әр жағына үйіне кіргізіп жібергенше тыным таппай, әбігер еді. Ойларында түк жоқ сырбаз да сері жігіттер қыздарға қамқор да қорған, бар өнерін ортаға салып, қыздардың жүректерін әндерімен, билерімен, өнерлерімен жаулап алуға тырысатын. Достарының қарындастарын көрсе өздерінің туған қарындастары ретінде санап, сыйлап, көкке көтеріп асқар таудай ағасы болып елжірер еді. Қалталарындағы соңғы тиындарына дейін жұмсап, қыздарды таксимен шығарып салып, өздері таң ата қаланың бір түкпірінен жаяулатып қайтатын қайран сексенінші жылдардың серілері-ай...

Көңілді де көркем кеште тағы ойындар басталды. Мәдениеттілікке, тапқырлыққа, білімділікке бастайтын бұл жарыс ойындардың тәлім тәрбиелік мәні зор еді.

Ортаға шырынның босаған бөтелкесі қойылып, «Бөтелке айналдыру» ойыны басталып та кетті. Шеңбер бойынша бір қыз бір жігіт болып отырғызылып, басқарушы жігіт ортаға бөтелкені қойып, айналдырып жіберді. Бөтелке бағытында отырған қыз бен жігіт сұрақтардың астына алынып, дұрыс жауап бере алмағандары өзгелерді күлдіру, таңқалдыру сияқты басқа да өнерлерін көрсетіп жатты.

Келесі қызық ойын «Сымсыз телефон». Қатар отырған ойыншылар құлаққа естілер естілмес сыбырлап, тез-тез айту арқылы бір-біріне хабар жеткізді. Ойын шарты ести алмай қалса қайта сұрай алмайды. Ең қызығы шала шұрпы естілген сөздер ең соңғы ойыншыға келгенде жүргізуші «Не делінді»-деп сұрағанда әр түрлі ойлардан бұрмаланып шыққан, түрленген сөздерге бәрі күлді. Қателескен жігіттер мен қыздар айыбын өнерлері арқылы өтеп жатты.

«Жүзік салу» ойыны тіптен қызық. Жүргізуші жан айнала отырған қыздар мен жігіттердің алақандарына білдірмей жүзік салғандай болып, біреуіне ғана жүзікті қалдырады. Жүргізуші «Тұр жүзігім, тұр» дегенде алақанда жүзігі бар адамды ұстап қалуы тиіс еді, жастар жүзігі жоқ басқа ойыншыны ұстап, барлығы күлкіге қарық болды. Ал келесі ойындарда жүзігімен ұсталған жандар айыбына өздерінің қолдарындағы сағаттарын немесе заттарын беріп, ойын соңында теріс қарап үкім шығарушы арқылы айыптарын әртүрлі өтеп жатты.

Түн ортасы болғанда «Аяқ басу» жұп таңдау би ойыны да басталып кетті. Жастықтың жалыны не істетпейді десеңізші. Ойларында түк жоқ жастар Бекзат пен Балзияны да ойыннан қалдырмай ортаға алған. Шеңбер бойынша билеп тұрған жастардың ортасынан бір жас шығады да қыз болса жігіттің, жігіт болса қыздың аяғының ұшын басып қалып, өзінің соңынан әуеді ырғақпен би билеу арқылы ертеді. Ойынның шарты ортада тізбектелген жастар музыка әуені тоқтатылғанда жұптарын ұстап қалу арқылы айыптан құтылады. Ұстай алмай жұпсыз қалған жан ду қол шапалақпен ортаға өзінің таңдауы бойынша жүрегіндегі сүйіктісін биге шақыра алады.

Әуенмен әрленген , бимен балбыраған жастардың ойыны қыза түскен.

Кенет айы мен күні жеткен Балзия ішінің қатты бүріп, ауырып бара жатқанын сезініп, Айзат анаға қарай ұмтылған. Өз бөлмесінде сәбиінің көрпесін қымтап, елжірей еміреніп, алаңсыз ұйықтап жатқан ұлының ай дидарын сүйіп, мейірімін төгіп отырған Айзат ана Балзия мен Бекзатты көріп атып тұрды. Тез шешім қабылдап, такси шақыртуын бұйырып, жылдам жолға шығатындықтарын ескертіп, өзі де бірге шығатынын айтты. Тез түсіне қойған жастар қонақ қыздарымен бірге тез-тез қоштасып, үйлеріне тарап жатты. Тек қана қайтып кете алмаған жан құрбысы Жұлдызай Балзияның қиналған сәтін көріп, бәйек болып, асты үстіне түсіп, жанымен қиналып, жанардан жасы жауын боп төгілген.

Айзат ана қайшы жіптерін, алғашқы көмекке керек қобдишаны бірге алып, кішкентай Маратты Бекзатқа көтерткізіп, есік алдына тоқтаған таксиге қарай Балзияны демеп, Жұлдызай екеуі тез алып жүрді.

Бар ойы: «Босанса да өз босағасында босансын, үйде қалып босанып қалса сүйегімізге таңба, Балзияның бетіне өмір бақи шіркеу болар»-деп шырылдағаны еді. Машинаны бір орнынан жылдамдата қозғаған жүргізуші жігіт жағдайды тез ұғынып, Бекзаттың тау еліне қарай тартты. Жанын шүберекке түйген жан қинала ыңырсып, жанын қоярға жер таппай, өн бойын қара тер жапқан. Жанында отырған Жұлдызай Балзияның тер сорғалаған бетін беторамалымен сүртіп, бәйек болса, еңгезердей шарасы жоқ , таксиге әрең сыйып, төбесі тиіп отырған жігіт: «Жаным, күнім»-деп әлек. Алда Маратты алдына ұйықтатып алып отырған Айзат ана не ұрса алмай, Бекзатқа не күле алмай «Әйелшілін қара мұның күйдіргі күйеу бала»-деп ішінен езу тарты. Қара түнді қақ жарып, қара жолда жүйіткіген қара мұртты қағілез қара торы жігіт ақ Волгасын ұршықша үйіріп, жылдамдығын үдете түсті. Абырой болғанда Балзия басылып, өз-өзіне келіп, мамыражай ұйқыға кетті. Жүрегі орнына келген жастар жайнап, жайдарланып, қараңғылықтың құрсауында қалып, баяғы бейқам ұйқысына көшті. Тек ұйықтамай сөйлеп келе жатқан, жылы жымиған жүргізуші жігіт пен атар таңға алаңдаулы Айзат ана қою қара түнге көз жіберіп, ой орамына оранып, кірпік ілмей келе жатты. Бірте-бірте таң алаулап, шың басынан көрінген алғашқы сәуле қараңғылықтың жібін сөгіп, жан шуағының әппақ сезімдері тарағандай, жер бетіне көркем көрініс берді.

* * *

Телефон арқылы толық хабардар Бекзаттың үй іштері мен ағайын туыстары қазандарын қайнатып, дастархандарын жайнатып, бұл үлкен қуанышқа бір кісідей ат салысып, айрандай ұйыған ынтымағын, ауызбіршілігін танытты.



«Беташар» тойға келген көпшілік қызыққа кенеліп, қуаныштың қойнауында құлпырды.

Беташар аман- есен өтіп, неке қиылып, молдекең батасын ұзағынан беріп, бетін сипай бергенде тағы да толғақ басталды.

Алдын ала дайындалып қойылған жаңа жигулиде Бекзат іс тәжірибесі бар жеңгесімен бірге Балзияны аудан орталығындағы ауруханаға ала жөнелді.

Бара сала босанатын столға шығарылған Балзия бар күш жігерін жинап, алпыс екі тамыры солқылдап, көзі шарасынан шыға жаздап, тістері қышырлап, жамбас сүйектері сықырлай шыңғыра күшенгенде жарық дүниені дүр сілкіндірген шақалақтың әсем дауысы есітіліп, ішегі шұбатыла көрінген бейкүнә тіршілік иесі медбикенің аялы алақанымен анасының кеудесіне қойылып көрсетілді. Көзі оттай жайнаған Балзия бар күш жігері сарқылғандай күйде бақыттан басы айналып, сөйлеуге шамасы келмей балқып, балбырап бара жатты.

Төменде тұрған Бекзат пен жеңгесіне медбике қыз жүгіре жетіп, алаңдаулы жандарға қуанышты хабарды жеткізді.


  • Сүйінші, ұлдарыңыз аман есен дүниеге келді. Салмағы дұрыс, денсаулығы жақсы. Қазір анасы екеуі де алаңсыз ұйықтап жатыр.

Бекзат қуаныштан аспанға секіріп, жеңгесінің бетінен сүйіп, жүргізуші досын құшақтай алып, мәз мейрам болып, қуанышы қойнына сияр емес.

* * *


- Қуаныш-ай...

Шіркін қуанғанға, жаныңдағы жабырқаулы жандарды қуантқанға не жетсін?!

Күңгірттенген көңіл көңілденуге ынтық, шаршау шаттануға құмар. Жүректегі жанды қуанту арқылы өзің қуанасың, жұбанту арқылы өзің жұбанасың, көмектесу арқылы өзің көркейесің.

Қуана білу-денсаулығыңды нығайтса, мейірлене, күле жүрекпен жұмыс істеу-әрбір істі алға апарып,қанаттандырады.

Жақсылық жасау -әр адамның парызы. Жақсылық жақсылықпен қайтса-қуаныш, ал керісінше қайтса –қасірет.

Адамды ақыл, парасат, ар, ұят, намыс жетелейді, орнықтырады, шыңдайды, барлық қайғы қасіреттен құтқарады.

Адамдар өздерінің әз бастарын қадірлеп, биік ұстап, рухани байлыққа талпынып, қадір қасиетімен қалып,жанын жарықта жандырып, күн көңілдерін көріктендіріп, өн бойларын мөлдір бұлақтай таза ұстап, адамзат баласына жақсылық пен қуаныш сыйлауға ұмтылса ғой шіркін, керемет болар еді-ау...

* * *


Қуаныштың қойнауынан қайтқан Бекзат жеңгесімен жадырай жайнап, досымен әзілдесе ойнап, жақсылық хабарды ата анасына жеткізуге асығып келеді. Машина да жай жүріп келе жатқандай көрініп, көңіл жүйрігі жигулиден де озып келе жатты. «Мен де әке болдым ба»-деп іштей қуанып, ең бақытты сәттерін бастан өткізіп еді. Ауылға келгенде байсалды болып, үйге енгенде байыпты бола қалды. Өйткені немерелер атасы мен апасының балалары екенін , өзі атасының баласы болып өскендігінен білетін. Жазылмаған дала заңын жүрекпен ұғынғандықтан өзін салмақты ұстады.

Ата енесіне , бүкіл ағайын туысқа сүйіншілеп жеткен жеңгенің қолы жүріп берді. Қонақ бөлмеде күтіліп жатқан Айзат ана: «Немерелеріңіз құтты болсын»- деп бүтін сол кездегі елу сомдықты ұсынған-ды. Ол кезде ер азаматтың бір айлығының өзі алпыс ,жетпіс, сексен сом көлемінде болғандықтан, шаттанған жеңге шарықтап, құлпырған жеңге құлайын деп қалып, әзер есін жиып, құдағидың мәрттігі мен адамгершілігі көпке дейін айтылып жүрді.

«Беташар» тойы «Шілдехана» тойына ұласып, дастархан қайта жасалып, жаңартылып бүкіл ел шат шадыман күйге көшіп, қайырымдылықтың қасиетін сезінген еді.

* * *


Қараңғы түн...

Осы бір мазасыз, алаңдаулы сәтінде Айзат ананың ойына жүрекке жүк түсірер уақиға оралды. Қатігез тағдыр тынысын тарылтқандай боп, сол бір тұрлаусыз тірлік жүрегінде түйін боп қалды. Ажарлы арудың қатал тағдырына тосқауыл бола алмадым-ау деп өзін өзі кінәлағандай күй кешті.

Айзат ана аялдамада тұр еді, сыңғырлай күлген қыздардың күлкілері елең еткізді. «Қандай уайым қайғысыз бақытты жандар»-деп қарай бергені сол еді көзіне таныс адамын көргендей тұрып қалды. Есіне сонау жылдары ауылда мұғалім болып жүргенінде ерекше оқушысы болған Балнұр оралды. Ақылды да алғыр, сұлу да сымбатты, жайдары да жеңіл мінезді қыз күндей күлімдеп, айдай алаулап, алдында алаңсыз аңқылдап, құрбысымен қуанышты күйде. Адамдардың арасымен барып, жақыннан көз жіберген Айзат ана: «Анықтап алайын»-деп асықпады.

* * *


- Адамның сырт келбеті, іс әрекеті, сөзі-ішкі рухани байлығының көрінісі. «Көркем сөз –көрікті ойдың жемісі» дегендей біреу тауып , біреу қауып айтса, біреу бағалап, біреу жаныңды жаралап жатар.

Адамның ішкі жан сұлулығы мен пайым пиғылы дидарымен үйлесіп, келбетінен көрініс табар.

Табиғат ұстаздан үйренеріміз көп.

Сулы жерде, құнарлы топырақта өскен ағаштың жайқалуы жаныңды жадыратар, сол сияқты тәрбиесі мол текті ортада өскен жан көңіліңді көктем етіп, көрік берер.

Сусыз шөлде өскен ағаш қисық, қатты болып келсе, рухани нәр ала алмаған жанның кемшілігі әйтеуір бір жерде көзге көрініп, әттеген-айлар әуендетіп, өкініш өзекті өртер.

Адамның қажымас қайсарлығы мен намысқойлығына таңқаласың. Іші жылап тұрса да сырты күліп, жаманын жасырып, жақсылығын асырып, адамдық арды аялаған, адамгершілікті бағалаған, қырандай қайсар, аққудай ажарлы жандар қаншама десеңізші... Тектілікке не жетсін сірә?!

* * *

- Айналайын, сен менің оқушым Балнұр емеспісің?!



- Ой апай, кешіріңіз, байқамай қалыппын, қалай жағдайыңыз?

Күн көрікті көркем қыз көбелектей ұшып, апайының мойынына асылып, бетінен сүйіп-сүйіп алды. Айзат ана айдай ажарланып, баяғы бойжеткен кезіндегі класс жетекшідей бойын түзеп, жадырап, жайнап сала берген. Аз ғана сәттегі әңгімелесуден үлкен қуанышқа бөленіп, рахат сезімге кенеліп еді. Ақырын ғана тоқтаған автобус араларын ажыратып, амалсыз қол бұлғасты. «Өзі студент екен, неге үйде жүре бер деп айтпадым»-деп Айзат ана терезеден елеңдей езіліп, жалтаңдай қарап, жұмысқа асығып бара жатты.

* * *

- Адамды жарықта жандыратын да, қапаста қалдыратын да, беделін биіктететін де, күйдіріп күйікті ететін де, өсіретін де, өшіретін де өскен ортасы, жақын жандары, өзінің отбасы, араласатын адамдары, құрбы құрдастары, дос жарандары, жолдастары, серіктері.

Ал өмірдің өрнектелуі, жақсылық та, жамандық та адамның өз пейілінен, өз ниетінен, талпынысынан, еңбектенуінен.

Білім-биікке, бедел төрге жетелер.

Адамды Отаны орнықтырар, қадір қасиеті қалыптастырар, аянбай еңбектенуі шыңдар, ар мен ұяты бар пәледен сақтап, жаман ойлардан аулақ етер.


* * *


Өмірдің асау толқыны Балнұрды да ауылдан жырақ әкетіп, қаладағы студент атандырған. Әпсәтте бойжеткен болып, боянып, бой түзеп, сәндене сұлу боп, шыға келген. Жатақханадан орын алған ол жоғарғы курстардың қыздарымен тұратын болды. Ауылдық ақ көңіл аңғырттықпен аңқылдап, жымия жарқылдап, бар сырын ақтарып, құшағын жая құрбы қыздарымен қауышып еді. Барлық жандар оған күліп тұрғандай көрінетін, әрбір адам қамқоршыдай болып сезілген.

Бітіруші соңғы курстағы қыздар қызықты қасқырша қармап, әр күнін ғажап етіп, әр түнін ләззат етіп өткізуге тырысып, таусылмас ойын сауыққа бойжеткен Балнұрды да ажырамастай етіп қосып алды. Албырт көңіл ақкөңілділікпен аласұрып, болмашы қызыққа құмартып, құбыла құлпырып сала берді. Қолаң шаш қырқылып, бүлінбеген мүсін тар тігілген сым ішінде бұлқынып, жас жүрегі дүрсілдей жұлқынып еді. Ауылдық түк көрмеген қыз болып көрінбейін деп, бөлмедегі жоғарғы курстас бойжеткендерден оқ бойы озық тұрғысы келген.

* * *

- Көңіл де бір асау жүйрік. Адамды қай жерде құлатарын, қай өрде жылатарын ешкім де білмейді. Күн-көңіл көкте жарқырауға асық. Алып ұшпа аңғырттық асау толқындарға айдап салар. Сабыр мен ақыл ғана көңіл жүйрікке тұсау салар.

Жалын жастық шақ алмағайып кезең... Біліп тұрып сүрініп, жығылып, ұрынып, бүгіліп барып сабасына келер. Өмір-ұстаз бәрін үйретіп, уақыт-емші бәрін де жеңер,орнына келтірер.

Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей. Қанша кешіргенмен,ұмытуға тырысқанмен жүректе жара, көңілде кірбің тұрар.

Кешірім сұрау- көңілдің ақтығында көрінсе, кешіре білу- ердің ерінің мәрттігін білдірмек.

* * *

Балнұр керемет күйге еніп, өн бойы өзгеріске ұшырап, ғашықтық ғаламатымен ғарышта жүргендей сезінген. Күндіз естен, түнде түстен кетпеген жоғарғы курстағы жігітті көруге асығып, аңсары ауып беймаза күйге көшкен.



Бөлмедегі ұйымдастырылған арнайы отырысқа ойнақтаған от басарларданқұралған қыдырымпаз қыздар мен желөкпе жігіттер жиналған. Балнұрға ерекше сезілген жігіттердің ішіндегі Еркінбек көзге көркем, көңілге қуат, өмірге шуақ болардай көрініп, топты таң қалдыра үйіріп әкеткен. Жалындап сөйлегенде жанары ұшқындап, тіке қарағанда бойжеткеннің бойын балқытып,ерітіп,елжіретіп еді.

Танысқанда салалы саусақтарынан жалын беріліп, қыз жүрегіне от түсірген. Көңілді көкке көтерген әсем әуен, сиқырлы саз жастарды желіктіріп,ортаға биге бастады. Жылдам биге алқынып, есінен айырыла, беріле түскен жастар, баяу биде бір-біріне талпынып,құпия құштарлықтың құрбаны болып, құшақтары айқасып, дөңгеленіп кете барды.

Сол бір кез шамды өшіріп билеу дәстүрге айналып, жастардың жанына жайлы тиер еді. Сырттай ғашық жанның құшағында құлпырып, ауа жетпей тұншығып, өн бойы ысып терлеп, көкірегінде қуаныш кернеп,ең бір бақытты сәтін өткізген Балнұр музыканың бітпеуін тілеген.

* * *


Тағдырға не шара?! Еркінбекке естен танып жүрген Балнұрға сырттай ғашық Манап қыз алдындағы дәрменсіздігіне ренжіп, өзіне өзі қапа. Бір курста,бір топта оқитын ол қыздың қылығына қадалып, сұлулығына сұғынып, еркелігіне еміренген. Өзге қыз көзге көрінбей, жанары жабырқап,аңсары ауып, қыз ауызынан жылы сөз күтіп-ақ келеді. Қыз жанарынан жаңылып, жанып,өртеніп,сөйлеуге тілі күрмеліп,сезімін жеткізе алмай қиналған. Балнұрдың қас қабағына қарап, елеңдеп, елпілдеп, жүрегіндегі жанға құрақ ұшып, баладай балбырап,есі шыға елжіреген. Өзі аш қалса да қызға тамақ жеткізіп,соңғы тиынын таксиге төлеп, Балнұрды баратын жеріне алып барып келіп, өзі жалдап тұратын пәтеріне жаяу қайтып жүрді. Қыз жігіт жүрегін түсінбеді. Жан тәнін салып,бүкіл өмірін арнауға бар Манапты баладай көріп,пайдаланып жүргенін бірге тұратын жоғарғы курстас құрбыларына айтып, жеке қалғанында мазақтап,күлкіге айналдырған. Ақылынан арбауы басым, салмақтылығынан самғауы көп жеңілтек құрбылары бұл ісін жөн санап, еліктіріп, желіктіріп әкеткен.

* * *


-Адам абайламаса арбауға түсер. Алдына мақсат қоймаса құрдымға кетер. Аз күндік кей ләззат мәңгілік сор әкелетінін көп адам білмес,аңғармас. Неден рахат шектен тыс көп көрсең соның бір азабы бар, қиындық көрсең түбі өмірдің ғажабы бар. Адамдық арды ақсатпай, ар намысты биік ұстап, жақсы аттай күтіп, аялап, ардақтап, ажарланғанға не жетсін шіркін?!

* * *


Студенттік өмірдің ауыл шаруашылық жұмыстары басталып, студенттер білім майданынан еңбек майданына ауысқан. Жүзімдік алқабы ерекше көрініп, таңертең шық түскен жүзімдер тамшыларымен мөлдірей қалған. Басына ақ орамал таққан арулар бір жүйекке екі жақтан түсіп, әзілдері жарасып, күлкілері сыңғырлап, жаңадан берілген қос шелектерін күн сәулесімен жарқыратып,ен даладағы әсем алқапты ерекше нұрға бөлеген. Ауылда өсіп, жұмыспен әбден шыныққан Манап күндегі әдетінше жылдам қимылдап, нормасын орындауға тырысқан. Ондағы бар ойы тез барып Балнұрға көмектесу, ару қыздың жанында болу. Қыз жаққа бір қарап алған ол қуаныштан өн бойы жадырап, еңбекке құлшына түскен. Әр жүзімге қараған сайын қыздың мөлдіреген көзін көргендей болып, әрбір сұлулықты Балнұрға ұқсатқан.

* * *


- Ғашықтық –ғаламат дүние. Жүректегі жанды сағыну, ойлау, уайымдау, көргің келу, құпия құштарлық пен тылсым тартылыс-бір ғажап құбылыс. Шектен тыс жақсы көру жанындағы жанның кемшілігін де көрсетпей жіберер. Алғашқы сезім адамды көкке ұшырып, аспанда қалықтатып, бүкіл әлемге сиғызбай, есті жиғызбай, жалынға орап, қамалда қамап, аязда тоңдырар.

Жақсы көргені үшін бәрін кешіріп,бір-бірінің мерейін өсіріп, қиындықпен күресіп, бір-біріне ілесіп, қол ұстасқан қия алмас жандар қатігез тағдырға қарсы тұрып, жалған өмірді жақсылықтарға бұрып, алға ұмтылулары жаныңды жаздай жадыратып, көңіліңді көктемдей көрікті етер...



  • Өмірде болып жатқан барлық жақсылықтар мен жамандықтарға, қуаныш пен қайғы қасіретке адамдардың өздері себепші екенін білмей,түсінбей өзгелерден көрер. «Жазмыштан озмыш жоқ»-деп түйіліп, «Тағдырдың жазғаны сол болар»-деп иіліп, тордағы торғайдай томсырая күйініп, күй кешер.

Әрбір саналы жаратылыс иесі тектілігімен, қасиеттілігімен, ар намысымен ұлы құдіретті күштің қайталанбас бір бөлігіне, имандылыққа байланар. Рухани аштық жайлағанда қарын бағу мен қара бастың қамы күйттеліп, адамдық азғындауға айналар.

* * *


Балнұр жайқалған жүзімдікке қиыла қарап, жадырай, жайнай түскен. Кешегі кештегі дала қонысындағы би алаңындағы көрініс есінен кетер емес. «Арулар биі» атты би хабарланып, есінен күн-түн кетпес сұңғақ та сымбатты көрінетін Еркінбекті топ ішінен тауып, батылы жетіп биге шақырған. Осы биге шақырылуын тағатсыздана күтіп, күні бойы көмектесіп жүрген Манаптың тағы да сағы сынып, өзіне келе жатқандай болған қызға деген үміті сөніп, есеңгіреп қалғандай еді.

Әрине мұны Балнұр сезбеді. Қуатты білектің билігінде кетіп, жалын құшақта жайнауда болатын. Бүкіл әлем құшағын жайып, бүкіл адамзат жақсы көріп тұрғандай сезімде шарықтаған. Әсем әуенмен балқып, көңілі шалқып, аспандағы жұлдыздар төбесіне жақындап келгендей көрінген. Толық ай жастардың алма беттерін алауландырып, кереметтей сұлуландырып жіберген. Құлақтың түбінен әуенмен қосылып сыбырлаған әккі жігіттің сиқырлы сөзі өн бойын балқытып, ес түсінен айыруға шақ қалған. Қимас сәтті дәл пайдаланған жоғарғы курстың жігіті ертеңгі жеке кездесуді ойлап, түнгі кезеңде студенттердің тыныштығын сақтау үшін ұйымдастырылатын кезекшілікке шақырған. Қыз жүрегінің дүрсілін көптен сезіп жүрген ол сөзінің жерде қалмасына нық сенген.

* * *

Балнұр кешті тағатсыздана күтіп, күнді батыра алмай –ақ қойды. Көлеңкесіндей болып, бір елі ажырамай көмектесіп жүрген Манапты көзіне де ілмей, сөзіне де құлақ салмады. Ойланып тұрып қалған қыз ақкөңіл момын жігіттің әлденеше қайталаған сөзінен селк етіп, не дегенін де сұрамай басын изей салған. Ол ешнәрсе де естімеді. Ал байғұс Манап: «Бір нәрсеге ұрынып қала ма»- деп сақтандырып, Еркінбектің маңына жоламауын өтінген. Қыздың басын изегенін көріп, ерекше қуанып, терген жүзімдерін жинастырып, Балнұрдың атына өткізу үшін жүгіріп кеткен.



Осы сәтті пайдаланған жүрегі алып ұшқан қыз Еркінбекті іздей, жайқалған жапырақтарға жымия, нәзік саусақтарындағы қара жүзімді әппақ тістерімен жұлқи тартып жеп,сүйіктісіне асығып, сүріне, қабына кетіп бара жатты.

* * *


Қараңғы түн ...

Топ толық ай тік көтеріліп, айналаны жап-жарық етіп, қол ұстасқан екі жастың келбетін айқындай түсті. Қыз күлкісі сыңғырлап, жігіт жүрегі сыртқа шығып кетердей тулап келеді. Күні бойы еңбек майданына айналар жүзімдік алқабы тып-тыныш мүлгуде. Тынымсыз түнгі қара шегірткенің сайрауы мен алыс ауылдағы иттің анда-санда үргені ғана есітіледі. Жамандықты шақырғандай байғыз шаңқылдап, екі жас жақындағанда басы ауған жаққа ұша жөнелді. Жүзімдік арасындағы топырақ жолда жүзім салынатын темір жәшіктер қарауытады. Күні бойы ысыған топырақ жолдың жылуы аяққа сезіліп, алдынан соққан қоңыр күздің түнгі салқын желі жастарды жақындастыра түсті. Түрі мың құбылып, қу түлкідей түрленген тілі майда жігіт жалын атып, жалған сөзбен қызды еріксіз еріткен . Жеңілтек көңіл желпініп, еріндері кезере ентігіп,жалын оттың ортасында қалғандай қыз жүрегі сыртқа шығып кетердей кеудесін ұра дүрсілдей соққан. Ыстық құшақтан тал бойы босап, тұла бойын ток ұрғандай кейде сілкініп, кейде бұлқынып, кейде ынтығып, жанды ерітер жанталас пен қарбалас басталып, жусанның жұпар иісі мұрынды жарса, ынтызарлық, құштарлық құлшыныспен ұласып, сарғайған сары ала күзде сағыныштың оты лаулап, жастар тербеле теңселіп, талықсып, талып, жерге құлап бара жатты. Есеп беруге ерінгендей , өздерін қадағалауға құлықсыз екі жас шырын сәтке сүңгіп, емірену мен елжіреуге енді. Ләззатқа батқан, көздері жұмылып бара жатқан жастар ешнәрсені елер емес. Алыстан сәулесін төккен ай бір-біріне ынтық жандарды ұялтпайын дегендей үлкен қара бұлттың арасына еніп кетті. Бұлқынған қыз бұлшық етті тарамыс жігіттің құрсауында қалып, тұншыға талықсып, ессіз елжіреуге еніп, есеңгірей ентіккен. Түннің сырлы құпиясын үнсіз ұғып, ішіне бүккен жүзімдік тұнжырай қалып, егіліп, езілген жанның жасын жасырғандай бүкіл даланы қараңғылық басып, ай бұлт астында булығып, көрінбей кетті.


* * *



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет